Әбдіғаппардың қандай көлікпен жолаушы жүрсе де, жанында жолаушы болып келе жатқан сәнді киініп алған, тәлім көргендіктері білініп-ақ тұратын жандардың өзге сөз, өзге әңгіме құрып қалғандай-ақ, таныстық-білістіктен кейін Әбдіғаппардан: "Бастауыш класта нешінші атаман болып едіңіз?" - деп сұрайтындары бар. Осындайда қымбат киініп, сәнді бұйымдарын тағынып алған келіншектердің өздері де Әбдіғаппарға жалт етіп қарай қалады.
Анығында Әбдіғаппарларда кластың үш атаманы болғаны рас. Сол үшеуден өзге баланың бірде-бірінің атаман деген сөзді иемденуге құқысы жоқ болатын. Әбдіғаппар да сол көптің ішінде болған бала ғой. Әбдіғаппар әлгі үшеуден әлі де сескене ме, әлде ыңғайсыздана ма, өзін қайтсе де солардан төменірек қойып, күмілжіңкіреп барып: "Сол төрттің маңайы еді", - дейді. Әйелі, еркегі аралас отырған сәнді киінген топ Әбдіғаппардың жауабынан кейін ду ете түсіп: "Ау, төрттің маңайы болса, жақсы ғой. Төрттің маңайы болса, жақсы ғой. "Үштіктен" кейінгі орынды ұстап қала алған екенсіз ғой", - деп қаумаласып кетер еді.
Бұл да ештеңе емес қой. Бұлар жолшыбай кездескен жолаушылар ғой. Өмірде Әбдіғаппар да жайнатып қыз өсіріп отырған, қайратты ұл өсіріп отырған әке емес пе.
Кейде сол гүл жайнап отырған қыздары алыс бір жерлерге ұзатылып кетіп, көзі жайнаған ұлдары өзге бір жердің қызын келін етіп түсіріп жататындары да бар. Сондайда Әбдіғаппар да әлгі үйлердің төрінде құда болып талай отырған. Осындайда ас мәзірінен майысып тұрған дастарқанның басына келіп жайғасқан сол үйдегі құдасы, құдая тоба, өзге сөз, өзге әңгіме құрып қалғандай-ақ, Әбдіғаппарға қарап отырып:
"Құда, мектепте нешінші атаман болып едіңіз?" - дейді. Осы кезде құдалар жағының адамдарының бәрі Әбдіғаппардың аузын баға қалады. Тіпті құдалар жағынан шай құйып отырған келіншектің өзі де бір қолына кесесін ұстаған күйі, бір қолымен аққұманның құлағын ұстаған қалпы маңызды әңгіме тыңдағалы отырғандай, Әбдіғаппардың аузына қарап аңтарылады. Әбдіғаппар күмілжіңкіреп отырып: "Сол төрттің маңайы еді", - дейді. Дастарханның басында отырғандар осы кезде біркісідей-ақ ду ете қалып: "Ау, төрттің маңайы болса, жақсы ғой. Төрттің маңайы болса, жақсы ғой. "Үштіктен" кейінгі орынды ұстап қала алған екенсіз ғой", - дейді. Әбдіғаппар енді бұлардың "үштікті" алуға ұмтылып көрмедіңіз бе деген сұрағының алдын алып: "Үшеуі де қаланың мектебінен келіп оқыған балалар еді. Қалада жүріп бокспен айналысқан", - деп әлгі үш жүгірмекті біраз жерге апарып тастайтыны бар.
Құдалар осы кезде ұлардай шуласып: "Бокспен айналысса, жоламаңыз, Әбеке!" - деп Әбдіғаппар құдаларын тұтанғалы тұрған жанжалдан өздері ажыратып алып қалады. Бірақ әңгіме мұнымен де бітпейді. Енді әлгі үйдегі құдасы Әбдіғаппарға қарап отырып: "Әлгі балалар қаладан келіп оқыды дедіңіз бе, Әбеке? Сонда олар келемін дегенше, ауылдың балдарын сіз бастап тұрғансыз ғой, шамасы. Ауылда неше бала бар еді?" - деп сұрайды. Әбдіғаппар құдасына қарап: "Жиырма шақты еді", - дейді. Дастарқан басындағылар осы кезде гу ете түседі:
"Ау, жиырма шақты балаға ие болып тұрсаңыз, жақсы ғой. Жиырма шақты балаға ие болып тұра алсаңыз, жақсы ғой. Жиырма балаға ие болып тұрды деген сөз бір ауылды ұстап тұрды дегенмен бірдей ғой", - деп бас изесіп, жамырасып кетеді.
Енді шарап толы ыдыстар сыңғыр-сыңғыр етіп бір-бірімен соқтығыса бастайды. Осы кезде осы әңгіменің бәріне құлақ түріп тұрған асаба жігіт те өзінің жұмысына кірісе кетіп, саңқ ете қалар еді:
Әбекеңнен қыз алдық - біздің айып,
Арулар көп әдебі қызға лайық!
Әбекеңдей құданың құрметіне,
Қане, ағайын, ортаны қыздырайық!
Махаббаттың тойменен тұрағы бар,
Құда жаны қашаннан құданы ұғар.
Шақырайық ортаға әншімізді,
Арналған Әбекеңе бір әні бар!
- дей келіп, алыстан келіп отырған қадірлі құдамыз Әбдіғаппар ағамыздың құрметіне арналған әнді қабыл алыңыздар, ағайын!
Қане, халайық, ортаға шығып билейік! Қошемет, ағайын, қошемет!
Сол жердің бүкіл қыз-қырқыны, келін-кепшігі ортаға шығып алып, Әбдіғаппарды орталарына алып, биді қыздырып-ақ береді. Құдаға құрмет деген осы да.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі