Өлең, жыр, ақындар

Қазақ тілі - ұлтымыздың жаны

Алматы облысы, Панфилов ауданы
"Кішішыған орта мектебі мектепке дейінгі шағын орталығымен " КММ-сінің
10 «А» сынып оқушысы: Жунисханова Жансая Талғатқызы
Жетекшісі: Тарих пәнінің мұғалімі Анадуллаева Луиза Муратовна

 

Панфилов ауданы «Кішішыған орта мектебі мектепке дейінгі шағын орталығымен» коммуналдық  мемлекеттік  мекемесінің 10 «А» сынып оқушысы Жунисханова Жансая Талғатқызының «Қазақ тілі -ұлтымыздың жаны» тақырыбындағы ғылыми жұмысына

Сын пікір

Аталған ғылыми жұмыста қазақ тілінің - ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес мұрасы, елдің мәдениеті, әдебиеті өсіп–өніп, отбасындағы үй тіршілігінен бастап, қоғам, халық, ел- жұрттың, жалпы мәдениетінің арнаулы құралы – ғылымның атауы санасы екендігі, қазіргі кездегі қазақ тілінің мәртебесі туралы айтылған. Қазақ тілінің-әлем тілдерінің ішінде алатын орны, ынтымақтастықтың негізгі көзі, еліміздегі бірлік пен татулықтың  тірегі екендігін көрсете білген. Қазақ тілінің - еңсесі биік, қанатын кеңге жайған, құлашын көкке сермеген, мөлдір бұлақтай таза, тарихы тереңде жатқан, болашағы жарқын да баянды тіл екеніндігі туралы нақты мәліметтер бере  білген. XX ғасырдың басында  ғұлама-ғалым  Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады»  деп айтқандай тілдің алатын орнының өте жоғары орында туратындығы жайлы мағлумат берген.

«Кішішыған орта мектебі мектепке дейінгі шағын орталығымен» КММ-сінің тарих пәнінің мұғалімі Л.М. Анадуллаева

 

Қазақ тілі - ұлтымыздың жаны

 

«Ана тілі – халықтың өткен ұрпағын, қазіргі және келешек ұрпағын тарихи бір тұтастық, мызғымас бірлік, ажырамас туыстық, жағдайда мәңгілік біріктіретін сенімді құрал. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз, халық рухының сарқылмас бастауыда сонда жатыр. Ел-жұртымызды, туған жерімізді оның өзен-көлдерін,оның бораны мен нажағайын ана тіліміз арқылы ғана қабылдап, соларға деген перзенттік махаббатымызды ана тіліміз арқылы жеткіземіз»- деп педагог К.Д.Ушинский айтқандай тіліміз еліміздің тірегі мен жүрегі. Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқалы бері, қазақ тілі өмір сүріп келеді. Тілдің иесі – кешегі қазақ, бүгінгі қазақ және болашақтағы қазақ. Тілдің ғұмыры уақыт тәрізді мәңгілік. Тіл -  халықтың мәңгілік халық болып қалуының айғағы. Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Ата Заңда  «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп анық та айқын жазылған.

XX ғасырдың басында  ғұлама-ғалым  Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады»  деп еді. Туған тіліміз – халқымыздың кешегі жүріп өткен жолын, бүгінгі жалғасқан ғұмырының ертеңге апарар мүддесін бейнелейтін ең басты қазынамыз, әйтсе де біздер оны құрметтеп, қолдап, аялау керектігі жөнінде көп ой толғаған емеспіз.

Еліміз тәуелсіздік жолының жиырма бесінші жылына қадам басқан тарихи шақта, басқа елдермен иығын тең тіресер кезеңде мені тіліміздің қазіргі жайы толғандырады. Әсіресе, жастар, өкінішке орай, ана тіліне менсінбей қарауға әуес. Бүгін біздің ортада неге ана тілін білмейтіндер көбейді ? Көшеде жүрген екі қазақтың бірі орыс тілінде сөйлейді, дүкенде де, қоғамдық орындарда жүрсек те көретініміз - сол. Жасы да, кәрісі де тілін бұрап орыс тілінде сөйлеп жатқаны. Өз ана тілінде ойын жеткізуге не себептен үйренуге тырыспайтыны мен үшін түсініксіз. Осылай тізе берсең қазақ тілінің бүгінгі жайы, ақын тілімен айтқанда, « мың өліп, мың тірілген»  қазақ ұлтының дәл өзі сияқты.

Белгілі ғұлама Махмұд Қашқари «Тәрбие басы – тіл» деп көрсетеді. Жалпы, қай тәрбиенің де бастауы отбасынан басталатыны рас, патриоттық сезім де отбасынан қалыптасады. Тіл туралы айтылғандардың бәрі желге ұшып, қоқысқа айналмасын десе, әр қазақ өз шаңырағында ағарту ісімен айналысса нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана әр адамның санасында ұлттық намыс, патриоттық жігер оянар еді. Сөйтіп, ол да ана тілін қадірлеуге, сыйлауға, ұмытпауға, патриоттық сезімнің оянуына ат салысар еді. «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде. Тілсіз ұлт болмайды. Өз тілімізді сақтау, өз тілімізді құрметтеу отаншылдық рухты оятуға қызмет етеді. Әрі ол-  ата-баба алдындағы ұлы парызымыз да» деп  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатып, оның қолданылу аясын кеңейтуге, дамытуға ат салысу, сонымен қатар білім ордаларынан бастау алуы тиіс. Адам баласы тек қана білім арқылы дүниенің құпия сырын ашады. Білімнен тағылым алып, болашағын болжап, келешегіне бағыт белгілейді. Білім алдымен тіл арқылы игеріледі. «Тіл бесікте бекиді, үйде қалыптасады , бойға ұялайды, шаңырақта шыңдалады, мектепте дамиды, сөйлегенде жетіледі, жазғанда қалыптасады» деген Асылы Османованың сөзімен толық келісемін.

Ана тілі -  ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын майлау. Ең жақсы адам – ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Ана тілдің терең  иірімдеріне бойлай білу -  саналы адам болғысы келетін жас адамның бірінші парызы. Ол – туған жеріңді, еліңді, сүйікті Отаныңды сүйе білу деген сөз.

         Қазір Елбасымыз үш тілді білуді міндеттеп отыр. Сондықтан мен өз замандастармыды «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қадір Мырзалиев айтқандай, басқа тілді біле отырып, ең алдымен өз ана тілімізді құрметтеуге шақырамын және бәріне:

           Мейлі, сен көп тілді біл «қой» демес ем!

           Пушкин, Байрон, Шекспир, Гейнеге сен.

           Бірақ сені қазақ деп айта алмаймын

          Туған ана тіліңде  сөйлемесең, - дегім келеді.

Қазақтың салқын сахарысында « Малым - жанымның садағасы  жаным – арымның садағасы» деп елі мен жері үшін етігімен қан кешіп жүріп, туған халқының ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрі мен тілін сонау қиын-қыстау кездерде жанұшыра, қызғыштай қорыған, бастары құлдықтың ноқтасына сыймай кеткен арыстарымыз аз емес. Ресей империясына одан болған замандарда қазақтың қаймағы бұзылмаған ана тілінің саф алтындай бай құндылықтары сарқыла бастады. Ол кездерде ұлт туралы, дәстүр туралы, тіл туралы ой толғау «ескіліктің, ұлтшылдықтың» белгісіндей, өзіне –өзі қол жұмсаумен бірдей еді. Бірақ, жанын шүберекке түйіп, ұлтының баға жетпес байлығынан айырылып бара жатқанын біле, көре тұрып үндемей қалуын болашақ ұрпақтың алдында ар санаған, оны айтып қалу өзінің басты парызы екендігін сезіне отырып, бар дауысымен жар салып, шындықты жеткізген батыр, ержүрек арыстарымыз да болды. Оларды мен Алаш арыстарының рухани мұрагерлері деп білемін. Солардың бірі де бірегейі Бауыржан атамыз болатын. 1944 жылы Бауыржан батырдың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Әбдіхалықовқа жазып, жолдаған мына хатын оқып отырып, батыр баба алдындағы өзімнің парызымды өтей алмай жүргендігімнен, тек маған ғана емес барша қазақтың жастарына «Болашақ ұрпағыма аманат» деп тастап кеткен баба аманатына қиянат жасағаным үшін қиналдым. Қазақ тілінің дәл қазіргі алаңдатарлық күйін Бауыржан атамыз бұрын айтса да, Абай атамыз айтпақшы «баяғы жартас, бір жартас» күйінде қалып тұр. Батыр атамыз бұл жанайқайын Кеңес үкіметі дәуірлеп, Сталиннің қылышынан қан тамып тұрған кезде, бұқпай, жасқанбай-ақ айтып, жазып кетіпті. Егер Бауыржан атамыз дәл қазір тіріліп келіп, бүгінгі жағдайымызды көрсе не істер еді деген ойға қалады екенсің. Егеменді ел болып, өзінің Туы мен Елтаңбасы бар Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілінің өз жерінде өгейдің күйін кешіп отырғанын көрсе маңдайымыздан сипай қоймасы айдан анық.

Ежелден, атам заманнан тіл – елдің мәдениеті, әдебиеті өсіп –өніп, отбасындағы үй тіршілігінен бастап, қоғам, халық, ел-жұрттың, жалпы мәдениетінің арнаулы құралы – ғылымның атауы санасы екендігі даусыз. Сұлтанмахмұт айтқандай :

                  «Сүйемін туған тілді анам тілін,

                  Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

                  Шыр етіп жерге түскен минутімнен,

                  Құлағыма сіңірген таныс үнім.

                  Сол тілмен шешем мені әлдилеген,

                  Еркелеткен, құлыным,жаным деген.

                  Сол тілменен бірінші білгізілген,

                  «Апа» деген сүйгендік сөз һәм менен».

Біз қазақ деген ұлы халықпыз, тіліміз де, дініміз де тек қана өзімізге тән. Еліміздің іргесін шайқалтпай, босағасын берік ұстап тұрған осы біздің тіліміз бен  ұлттық салт-дәстүріміз. Менің ойымша, әрбір патриот жан елі, жері, тілі, ұлты үшін тер төксе, адал болып, құрметтесе, біздің елдігіміз баянды болмақ. Әр халықтың, ұлттың құрмет тұтар өз ана тілі бар. Әрбір адам өз тілінде, анасының ақ сүтімен дарыған туған тілінде сөйлеуі тиіс. Қазіргі таңның басты мәселелерінің бірі де, бірегейі, көңіл толғандыратыны болып отыр. Бұл осы ХXI ғасыр жастарының дерті ме, әлде әдеті ме түсінбедім. Өзі қазақ бола тұра қазақ тілінде сөйлеуге намыстанады, оған қоса тілімізді шұбарлайды. Ал бұл қазақтыққа жат нәрсе. Сонау қиын-қыстау кезеңде ата-бабаларымыз осы тілімізді сақтап қалу үшін өз жандарын құрбан еткен. Сонда біз соны бағалай алмағандығымыз ба? «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген мақал бекер айтылмаған. Қазір бәріміз бейбіт, тыныш заманда өмір сүріп жатырмыз. Бірақ қолда бар асылымыз тілімізді бағалай алмай жатырмыз. «Өз алдына ел болуға өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиістіміз» деп Ахмет Байтұрсынов атамыз айтқандай, айрандай ұйыған береке бірлігімізді сақтап, тәуелсіз Отанымыздың болашағын жарқын ету үшін, тілімізді қадірлеп, құрметтеуіміз керек. Дөңгеленген дүниеде қаншама ел бар өз ана тілінде еркін сөйлеуді аңсап жүрген, мұның қасында біздікі бекершілік.

Қазақ тілінің көркемдігі соншалық - тіпті анау мұхиттың арғы жағында мекендейтін шетел азаматтары қазақ тілін білуге ынтық. Өзге елден келіп қазақ тілін үйреніп жатса көңілің бір марқайып қалады екен. Тіліміздің осындай дәрежеге жеткені мен үшін бір бақыт. Дегенмен де, көңілімізде сайрап тұрған бір ой ешқашан маза бермейді. Ол - қазақ тілінің болашағы. Көкірегі сезімді, тілі орамды, патриот жастарымыз бен ел жанашырлары бір болып, осы мәселені шешуіміз керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей біз болып, сіз болып, ел болып тіліміз үшін аянбай еңбек етсек, тіліміздің тұғырын берік етеміз.

Мен өз елімнің патриотымын. Сол себептен елімнің гүлденіп, дамуына, тілімнің мәртебесінің сақталуына өз үлесімді қосқым келеді. Елімізде «мен, мен» деген патроит жастарымыз барда, қазақ тілі – мәңгілік ғажап тіл болып қала бермек. Мен оны нық сеніммен айта аламын.

Қазақ тілі -  ғажап тіл. Оның болашағы да ғажап. Осындай тамаша тілдің бүгіні мен ертеңі Ұлт көшбасшысы – Нұрсұлтан Әбішұлының бір сәт назарынан тыс қалған емес. Тәуелсіздік алған азат күндердің алғашқы тынысынан бастап-ақ қазақ тілінің мәртебесі мен мерейін көтеру, оның пайдаланылу және қолданылу аясын кеңейту тұрғысында Елбасымыз үнемі қамқорлық пен басшылық жасап келеді. Осы жылдар ішінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясының бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым жаңа белеске көтерілуіне Елбасының жетекшілік қызметі, адал ниеті көшбасшы болды.

Тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы, «Тіл туралы» Заңдардың қабылдануы, халықаралық «Қазақ тілі» Қоғамы және Тіл комитеттерінің құрылуы, Тілді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларының қабылданып, кезең- кезеңімен іске асырылуы- бәрі-бәрі Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей басшылығымен жүзеге асып отырған тарихи жағдаяттар. Дәстүрлі Президент Жолдауларының бірде-бірінде тіл мәселесі сөз болмай қалған емес.

«Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп ұран тастап, бұл іске ерекше мән беріп, бастама көтерген Елбасымыз «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», - деген ұстанымын ұдайы айтып келеді.

Шынында да, мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты мемлекет өз тарапынан жасалуға тиісті нәрсенің бәрін жасап жатыр. Жыл сайын дерлік тіл дамытуға миллиардтап теңге бөлініп жатыр. Бұл – қыруар қаржы. Орнымен пайдалана алса, осы қаржымен талай істі тындыруға болады.

Қазақтың қазақтығының басты белгісі – қазақша сөйлеуі. Тек осыларды жасаған адам өз ана тілін өркендетуге аз да болса үлесін қоса алады. Өз баласына қазақша сөйлемеген қазақтың «қазақ тілі» деп сарнауының ешбір реті жоқ. Өркениет өнегесі- өз тіліңмен өмір сүру.

«Мен де ауылдан шыққанмын, онжылдық мектепті қазақша бітіргенмін»,- деген Елбасы сөздерін естігенде,басқаларға не деріңді білмейсің де?! Ана тілін білмеу қазақ азаматтарына ұят саналуы тиіс. Мемлекеттік тілге, өзінің ана тіліне құрметпен қарамау өкінішті, әрине. Ана тілді білу – парыз. Перзенттік  - парыз. Адамдық қарыз. Осыны ескерсек екен.

Иә, тіл мәселесі – аса күрделі, аса жауапты мәселе. Қазақ елі барда, қазақ тілі де болады. Өседі. Өркендейді. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», -деген Елбасының ұлықты сөзін әрбір елді мекенге кірер жерде көрнекті етіп жазып, іліп қойса, шіркін!

Тіл пайдаланылып жүрген кезде өшпек емес, қоғамдық қатынастарды толымды түрде және белсене пайдаланатын тіл болып тұрған кезде ұлт өмір сүре бермек. Еліміз бен тіліміз мәңгілік жасай берсін. Ұлт болашағы жастардың қолында, ал тіл – ұлттың жаны. Сол себепті ұлтымызды сақтап қалғымыз келсе, ең алдымен, тілімізді түзетейік, шұбарлануына жол бермейік. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте. Қазір қай басылым бетіне қарасаңыз да, тіл мәселесі. Мемлекеттік тіліміз қашан бір тұғырына мінгенше, бұл тақырыпты тіл жанашырлары жалғасты жаза да, айта да берері даусыз. Елімізде «Өзге тілдің бәрін біліп», өз тілінде еркін сөйлей алмайтын қандастарымыз қаншама? Біз бұл топты Мұхтар Шахановтың тілімен айтсақ, «Шала қазақтар, жаңа қазақтар» деп «әспеттеп» жүрміз. Осы топтағы адамдардың көбісі, мемлекеттік мекемелер мен халық көп топталатын орындарында отырғаны да рас. «Соқыр тауыққа бәрі бидай» демекші, өз тілінде сөйлей алмайтын адамға ұлттық рухтың да, ұлттық сана, салт-дәстүрдің де, ұлттық тәрбиенің де керегі шамалы. Ана тілдің қамы үшін, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жанталасып жүрген ағаларымыздың  «Айғайлай-айғайлай қасқырдан да ұят болдының» кебін киіп, тамағы қарлықты, жағы қарысты.

Тәуелсіздік алғанымызға да біраз жылдың жүзі болып қалды.   

Абай, Ыбырай, Шоқан, Сұлтанмахмұт, олардың бұрынғы өткен және осы күндегі елінен, ана тілінен безбеген, қазақ халқының адал, ақ ниет алдағы ұлдары- қыздары өз ана тілімен сөйлеп, жаза білген. Олар тіл шеберлігінен кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, мысал, асыл мұра да қалдырған. Олар да орысшаны кем білген емес. Қазіргі дүмшелер сияқты ата безер, ене безер болмаған – олар Европаның атақты данышпан ақын-жазушыларын, бұлжытпай көркем түрінде, мүлтіксіз қазақ тілімен, өзінің нұсқасын артық болмаса, кем етіп аударған емес. Сол аудармаларға барлық шеберліктерімен, қазақ тілінің байлығын, икемділігін түгел пайдалана, жұмсай біліп, жеткізіп, ұрпақтан-ұрпаққа жатқа алынып, айтылып келіп біздің заманға жеткізгені, қазақ тілінің байлығы екендігі – қисық-қыңырлардың айыбын ашып, үлкен дауды шешуге де мықты құрал бола алады.

Тілдің көмегімен өнер-білімге, мәдениет-ғылымға жетіп, өткен-кеткенмен әлемді танып, өзімізді жұртқа-әлемге танытамыз, сөйлейміз, оқимыз, ел-жұртты, мемлекетті меңгереміз – сондықтан «Өнер алды -қызыл тіл» дегендейін, адам баласының байлығында тілден артық не бар

 Қазақ халқының арыстарының бірі Мағжан Жұмабаев та тіл туралы : «Тіл әрбір адамға осындай қымбат болса, әрине, ұлт үшін де қымбат. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт- тілі болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді.  Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады» деген болатын. Тіл туралы көптеген ақын-жазушыларымыз рухты да, жалынды, тереңнен түсінетін қанатты сөздер жазып қалдырған.

Қазіргі қазақ тілі – небір керемет философиялық толғаныстарды да, күрделі терең ойларды да, қылдан нәзік, жібектен биязы, аяулы сезім-тебіреністерін де емін-еркін әсерлі жеткізетін көсілмелі, кең құлашты көркем тіл, «толқынын жүрегінің хаттай танытар» ғажап тілдердің бірі. Бұған барша қазақ баласы мақтана алады.

Менің ана тілім - шексіз бай, шұрайлы, тегеуріні мықты тіл. Өйткені өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіме басты себепкер – сол ана тілім! Мынау жарық дүниеге келгеннен бастап, ананың әлдиімен бойыма сіңіріп келе жатқан тілім мен үшін ең қастерлі, ең қымбат тіл.

Ана тілім – ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көз қарашығындай  қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс. Амал не, туған тілімізді шұбарлап, басқа тілдің сөздерін араластырып сөйлейтіндерді жиі көреміз. Қазақша сөйлеуге ұялатындарды көргенде, белгілі орыс жазушысы К.Г.Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік» деген сөзі ойыма еріксіз оралады.

Тіліміз біздің бірінші байлығымыз, ырысымыз, қазынамыз.  Басқа тілді де білу керек , қанша тілді білсең де өз еркің. Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Сондықтан да өз тілімізге жауапкершілікпен қарайық. Тіліміз – елді , қоғамды біріктіруші қуатты күш.          

Сіздер мен біздер, жергілікті ұлттың өкілдері – орыс тілінде сөйлейтін халықтарды қазақ мәдениетіне және халықтың дәстүрлеріне тарта білмейміз және оған тырыса да бермейміз. Оның үстіне тілдің қоғамдық  тұрғыдан қажет етілмеуі, оның тіпті қазақтардың өздері арасындағы беделінің кемуіне әкеп соқты. Көптеген отбасылар, әсіресе қалалық жерде тұратындар орыс тілін сөйлейтін болып алды. Ана тілін тіпті тұрмыстық қарым-қатынаста да қолданудан қалды. Сөйтіп, атасы өзінің туған немересімен қазақ тілінде сөйлесе алмайтын жағдайға жеттік. Әлі де кеш емес, тілімізді сақтап қалу мына біздің, жастардың қолында. Ештен кеш жақсы. Өмір бойы тіліміздің осылай шұбарланып, қорланып, ақыр аяғында түп-тамырымен жоқ болып кетпеуін қаласақ, бүгіннен бастап әрекетке көшейік. Қазақ тілі – ұлттың жолы. Мен ұлтымды, тілімді сүйемін. Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпайық. Мен ана тіліммен мақтанамын және мемлекеттік тілімді құрметтеймін!

Елімнің жастарын, ең алдымен, өз ана тілімізді құрметтеуге шақырамын және бәріне :

Тіліміздің тағдыры өз қолымзда , тіліміздің мәртебесін көтерейік!

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.«Егеменді Қазақстан» газеті, желтоқсан  2012 жыл Қазақстан Республикасының Президенті - Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан халқына Жолдауы»

2. «Жетісу» газеті, Қазақстан Республикасының Президенті - Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан халқына Жолдауы» - 2014 жыл

3. «Тарихи тағылым» оқу-әдістемелік құрал

4. Қазақстан Республикасының «Тіл Туралы» Заңы

5.  Қазақстан Республикасының Конституциясы

6. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (7 ақпан 2001 жыл)


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Аминат

Өте керемет

ендивайп

Топен кірісе жақсы жаңалықтар ашар едіңдер.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар