Қаладан кеш түсе шыққан "Жигули" бірқалыпты жүріспен баяу жүріп келе жатты. Көлікте үш адам бар еді: алдыңғы орындықта отырған көкесі, рульде отырған апасының нағашы жағынан туыстас інісі болып келетін Бидағұл ағасы және бірінші сыныпқа енді барғалы жүрген - бұл. Бір кезде көкесі алға қарай ұмсынып қалды да:
- Бидағұл, мынау кімнің көлігі? - деді алдыда кетіп бара жатқан көлікті көрсетіп.
- "Москвич" қой, - деді Бидағұл. - Сонан соң көліктің иесін айтты. Бұл кісі де елге сыйлы, азамат болып жүрген қызметкер жандардың бірі еді.
- Әй, Бидағұл! - деді енді көкесі Бидағұлға қарап. - Осы "Жигули" жүйрік пе, әлде "Москвич" жүйрік пе?
Бидағұл өзінің дағдылы күлкісіне салып хы-хы-хы-лап күліп алды. Сонан соң:
- "Жигулиге" не жетсін, Қолеке. "Жигули" жүйрік қой, - деді.
- Онда... - деді көкесі әлденені жұмбақтағандай етіп.
Бидағұл ағасы түсіне қойды:
- Қуайын ба, Қолеке?
- Енді! - деді көкесі өзі жүгіргелі жатқандай алға бір ұмсынып қойып.
Сол-ақ екен, қаладан шыққалы бірқалыпты жүріспен келе жатырған "Жигули" бейне бір ұйқысынан оянғандай шапшаңдығын арттырып ала жөнелді. Осыны "Москвичтің" иесі де байқаған болу керек, ол да жылдамдығын үдете түсті. Көкесі мұны көріп мәз-мейрам болды да қалды:
- Өй, мынау тазы көрген қояндай зымырады ғой!
"Жигули" көп ұзамай "Москвичті" қуып жетіп, жанынан зу етіп өте шыққанда, көлігінің озғанына көкесінің көңілі бір көтерілді де қалды. Бірақ көкесі ерте қуанған екен. "Москвичтің" иесі де осы кезде "ә, Қолеке, менімен жарысқың келеді екен ғой, мен де ел алдында азамат болып жүрген жігіттердің бірі емеспін бе, сені алдыма шығара қояр дейсің бе?" деген болу керек, енді "Москвич" "Жигулидің" жанынан зу ете түсті. Осы кезде Бидағұл ағасы көлікті асфальтқа келіп оң жақтан қосылатын қара жолға қарай бұрып жібергені.
- Ау, қайда кеттің, Бидағұл?!
Бидағұл ағасы, сірә, екі оттың ортасында қалып қоймады ма екен деп ойлайды. Өйткені "Москвичтің" рулінде отырған кісі де бет көрсе, жүз ұяларлықтай елге сыйлы, абыройлы азаматтардың бірі еді. Егер "Жигулиді" "Москвичтен" оздырып жіберсе, сол кісінің көңіліне келіп қалар еді де, ал егер "Жигулиді" "Москвичтен" оздырмай қойса, бағана ауылдан шығарда көліктің әр жерін сипақтатып тексеріп тұрып: "Көлік бабында тұр екен, Қолеке. Мынау - су жаңа "Жигули" жүріс тілеп тұрған көлік қой" деп көкесінің көлігін бір көтеріп тастағаны бар, онда мына отырған көкесінің көңіліне келер еді.
"Жигули" енді кейін қарай шегінді. Сонан соң маңдайын қайтадан асфальт жолға қарай бағыттап, асфальт жолдың үстіне шықты да, жүрісін түзеді.
- Көпір, Қолеке, - деді Бидағұл манағыдай емес, күмілжіңкі дауыспен. - Көпір. Абайлап өтуім керек. Күрішке су алып жатқан кез ғой, Қолеке. Көпір түсіп кеткен. "Жигули" "Москвичтей" емес, бауырын ұрып алуым мүмкін.
Алда Сырдария өзеніне салынған қалқымалы көпір - "Қарлаң" өткелі жатыр еді. "Жигули" енді маңдай шамдарын жарқыратып жаққан күйі дарияның табанында жатқан көпірге қарай құлдилап түсіп келе жатты. Сәлден кейін көпір үстіне төрт доңғалағын тіреді де, көпір үстімен дік-дік етіп жүріп келе жатып, көпір аяқтала бере, қарсы жағалауға тырмыса ұмтылды. Бейне бір кейін қарай сырғып кететін секілді. Алдыңғы доңғалақтары асфальт жолға іліне берісімен, "Жигули" асфальт жолдың үстіне лып етіп шыға келді. Алдан жарқырай "Бірлік" ауылының шамдары көрінді. Көкесі бұрын осы жерден өткенде, "Бірліктің" өткеніне тоқталып, ол ауылға бір мақтау айтып тастар еді. Көлігі қалып келе жатқасын ба, бұл жолы тырс етіп үндеген жоқ. "Бірліктің" шамдары да "Қолеке, бүгін біз жайлы айтпадыңыз ғой, мейлі, енді жолыңыз болсын" дегендей, жымың-жымың етіп кейін қала берді. Көп ұзамай "Москвичтің" артқы шамдары тағы да жылт ете қалды. Бидағұлдың осы жолы қамданғанын көрсеңіз. Әй, осы техниканың тілін білетін автомеханик Бидағұл деген атым бар, Қолекеңнің көлігін неге бір оздырып тастамаймын деген болу керек, өзі мол денелі кісінің аяғының астындағы темірлерді кезек-кезек басып, оң қолы ортадағы сорайып тұрған темірге барғыштап құнжыңдай түскені қызық еді. Сол-ақ екен, "Жигулидің" бауыры жазылып сала берді. Көп ұзамай "Москвичтің" адымын аштырмаған күйі жанынан зу етіп өте шықты да, "Энгельс атындағы совхоз" деген жазуы бар тақтайшаға маңдай шамдарын жарқ еткізіп бір түсіргенде барып, жылдамдығын бір-ақ бәсеңдеткен еді. Енді "Жигули" ауыл орталығына қарай бастай беретін ұзын көшеге түсіп алып, ақырын жүріп келе жатты. Бұл артына бұрылып қараған еді, "Москвичтің" жарығы едәуір жерде қалып қойған екен.
***
Көкесінен кейін де талай жігіт көліктің небір сүлейін тақымына басты, көкесінен кейін де талай жігіт баспананың небір зәулімін тұрғызды. Бірақ "көлікті де бірінші болып мінген, тамды да бірінші болып салған Қолғанат еді ғой" деген сөз оның кіндігінен тараған өз балаларының аузында емес, елдің өз аузында айтылып қалып қойды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі