Бәкеннің кейде өтірік айта салатын да мінезі бар еді. Бірақ Бәкеннің бұл мінезінен зиян көріп жүрмін деген пенде жоқ. Оның үстіне Бәкеннің бұл сөздерінің өзі де қиюласпайтын, жобасы келмейтін сөздер еді. Онысын іле-шала Бәкеннің өзі де мойындап, "айта саламыз ғой біз деген" деп өзі де күліп отыратыны бар. Бәкен бұл сөздерді біреуге зардап шектірейінші, содан пайда көрейінші деген оймен айтпайды. Өзінің мінезі сол. Дегенмен Бәкеннің осындай аңдаусыз айтып қалған сөзінен бірде Бәкең зардап шегіп қалыпты. Бәкең деген Бәкендерге қарағанда жасы үлкен кісі ғой. Бірде Бәкең аяғына ауланың ішіне іле шыққан сүйретпесін киіп алып, үйінің көше жақ беткейіндегі отырғышта демалып отырады. Дәл осы сәтте көше бойымен таза киімін киіп алған, екі қолын қалтасына салған күйі Бәкен келе жатады. Бәкен жасы үлкен Бәкеңді көріп сәлем беру үшін бұрылады. Бәкеңнің өзі балықты жақсы көретін кісі ме, әлде жұрттың бәрі де балықтан жасалған тағамға кет әрі емес пе, Бәкең дәл осы тұрғанда балық туралы ойлап отырса керек. Бәкенге сұрақты беріп кеп қалады:
- Бәкен, балық шығып жатқан жерді білмейсің бе?
Осы жерде Бәкен өзінің кәнігі мінезіне көшеді.
- Каналда су тартылып қалыпты ғой, - дейді Бәкен. - Жұрт деген балықты шанышқымен алып жатыр.
Мынаны естігенде Бәкеңнің көзі жайнап кетеді:
- Онда барайық та сол каналға! Шанышқымды алып шығайын!
Бәкен іс осылай насырға шауып кетер деп ойламаған еді. Енді жай ғана айта салып едім деп айта алмайды. Сол жерде Бәкеңнің жанынан кеткенше асығады.
- Мен онда үйге барып киімімді ауыстырып келейін де, - дейді Бәкен. - Мына таза киімім бүлініп қалып жүрер.
- Бар онда, тез барып кел! - дейді Бәкең Бәкенді асықтырып. - Мен шанышқымды дайындап күтіп отыра берейін.
Бәкен сол кеткеннен мол кетеді. Бәкең оны әрі күтіп, бері күтіп, ақыры келмеген соң, шанышқысын алып, ауыл сыртындағы каналға аяғындағы сүйретпесімен-ақ тартып отырады. Канал басына келсе, балық аулап жүрген адам жоқ. Канал деген иектен келіп суға толып тұр. Дәл сол уақытта қас қылғандай жаңбыр жауып кетеді. Ал жаңбыр жауса, каналдың басы аяққа желімдей жабысатын саз батпаққа айналады. Бәкеңнің аяғындағы сүйретпесі саз батпақта қайта-қайта түсіп қалып, үйіне әрең жетіпті. Келгенше Бәкенді түк қалдырмай сыбап келеді. Енді Бәкең Бәкенге ренжіп жүреді. Бәкең Бәкенге ренжіп жүрсе, Бәкен: "Әңгіме болсын деп айта салған сөзге сене қалғаны несі? Балық шығып жатса, менің өзім сол жерде отыратын ба едім?" - деп, керісінше Бәкеңе ренжіп жүрген көрінеді. Бәкеннің сөзінің де қисыны бар. Бәкеннің өзі де балық десе, жанын беретін жандардың бірі ғой.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі