Өлең, жыр, ақындар

Бастауыш мектептің ғимараты

"Бұл кекіл алыну керек пе, жоқ па?" Бұл бірінші сыныпқа баратын кезде талас тудырған мәселе осы болды. Бұл алдырмаймын деді. Осыны естіген мұны бірінші сыныпқа қабылдағалы тұрған ұстазы: "Кекілімен-ақ келіп отыра берсін. Бала бастықсын әуелі. Бұл балабақшаға бармаған бала ғой" депті. Ағайының онысы рас еді. Бірде кішкентай күнінде қолжуғышқа бойы жетпейтін болған соң, үлкен орындықты қойып алып, соның үстіне шығып, жуынып жатыр еді, ашық тұрған есіктен есік алдында апасымен сөйлесіп жатқан балабақша қызметкерінің даусын естіді. Балабақша қызметкері мұны балабақшаға барады ма деп сұрап жатыр екен. Апасы: "Шырағым, өзің сұрап көр баладан. Егер барамын десе, барсын", - деді. Жанына келген тәтей: "Балабақшаға барасың ба?" деп сұрап еді, бұл "Жоқ" деп басын шайқады. Балабақша тақырыбы осымен жабылған.

Бірақ балабақшаға бармаса да, әріп танып алуға сонша құштар болды. Хат тасушы болып істейтін апайы ауланың ішінде келі түйіп жатып, күріш бетін жапқан газетті қолына алып, аулада ойнап жүрген мұны жанына шақыратын. "Мына жазуды оқып көрші", - дейді баданадай әріптермен жазылған мақала тақырыбын көрсетіп. Бұл ішінен қосып-қосып алып, оқып береді. "Енді мынаны", - дейді апайы одан кішірек әрі ұзағырақ тақырыпты көрсетіп. "Майдасын да оқи алам". Бұл мәтіннің өзін айтқаны ғой. "Қой, оны оқымай-ақ қой, - дейді апайы. - Көзің талып жүрер. Мектепке барғасын-ақ оқырсың". Осынысы мектепке барғанда пайдасын беріп жүрді. Ағайы білегіндегі қолсағатын шешіп, қолына ұстап қарап отырып, мәтін оқытатын. Сонда ең көп сөз оқитын бала болды. Бұл кезде ішінен қосып жатпай-ақ, жүргізіп оқып кеткен. Ағайы осыған қуанатын.

Бірақ әріп үйреніп алуға сонша құштар болса да, мектепке бара қоюға да онша-мұнша зауқы жоқ еді. Бұл мектепке төрт жасында барып көрген. Жоқ, сабаққа емес, апасына еріп. Өзінің алдында тетелес өскен апайын желтоқсанның аяғында дүниеге келген екен, жасы жетіңкіремей тұр деп, бірінші сыныпқа қабылдамай қойғаны. Ал әлгі апайы болса, "оқимын да, оқимын" деп отырып алсын. Апасы осы үшін барды. Ол кездегі мектептің директоры Нағашыбаев Іскендір ағай еді. Іскендір ағай елге сыйлы кісі болған дейді. Апасы өтінішін айтып болысымен, Іскендір ағай бұған қарап: "Оқимын деп тұрған мына бала ғой", - деді. Бұл шошып кетті. Мектептің директоры қазір өзін ұстап алып, бірінші кластың партасына отырғызып қоятындай көрінді. Жалма-жан апасына жалт қараған. "Жоқ, ол бала емес, - деді апасы. - Мына қыз ғой, оқимын деп болмай тұрған". Кейін әлгі апайы болса, "Түу, өз қатарыңмен оқып кеткен деген қандай жақсы!" деп осыған кәдімгідей қуанып жүрді. Мүмкін бұған апасы да себепші болған шығар, мүмкін мектептің директорының да "Оқимын деп тұрған баланы неге бетінен қағайық. Келсін, отырсын бірінші сыныптың партасына" деген сөзі де себепші болған шығар.

Енді мұның да жасы жетіп, апасы қолынан жетелеп, мектепке алып келе жатты. Ақшаңқан мектептің жанынан өте бергенде, апасына таңдана қараған. "Мектеп деген артта қалып барады емес пе?!" Сөйтсе, бастауыш мектептің ғимараты қызыл кірпіштен қаланған бөлек үй екен. Апасы тұп-тура сонда алып келді. Бұларды екі сыныпқа бөліп, екі ағай - мұның алғашқы ұстазы Әбдіразақов Нұғыман ағай, ал ана сыныпты Жүсіпов Жанұзақ ағай қабылдап алды. Шәкірттік күндері осылай басталған.

Бірінші сыныпты бітірген жылы апасы мұның кекілін алып тастады. Сірә, кекілмен қоштасқан күні балалық шақтың тәтті бір үзігімен қоштасып, еріксіз есеюге бет бұрған тұсы болса керек. Үшінші сыныпты бітірерде ағайлары бұларды қаладан келген суретшіге буфеттің есігінің алдына біртіндеп суретке түсірді. Бұл бастауыш мектептен естелік суреттері еді. Өңірінде ортасында кішкентай бұйра бас баланың суреті бар значок таққан бұл суретінде бірінші сыныпқа кекілімен келіп отыратын бала аздап есейген. Сонан соң бұлар төртінші сыныпқа өтіп, үлкен мектепке кетті.

Мектепті бітірген жылдардың бірінде алғашқы ұстазына ұшырасып қалғаны бар. Жанында бұларға химиядан сабақ берген ағай бар. Бұл - кісілер замандас. Ұстазы бұл кезде зейнетте еді. "Осы балаға бастауышында сабақты мен берген едім, - деді ағайы. - Әкесіне балаң "5"-тік баға алды десем, сонша қуанатын кісі еді". Анығында, бұл кісілердің өздері де мұның әкесімен замандас жандар.

Мектепке мұғалім болып келген кезде, баяғы бастауыштың ғимараты кітапханаға айналған еді. Сол кітапханаға барған сайын, өткен шағы да есіне түсетін. Міне, мына жерде ағайының үстелі мен орындығы тұрған. Ал мына жерде бұлардың кішкентай-кішкентай парталары тұрды. Ал мына арада бұлардың есеп сабағында пайдаланатын үлкен есепшоттары тұрушы еді. Ал мына жерде бұлардың бойларынан сәл ғана биік кішкентай киімілгіштері болған. Бұл кезде алғашқы ұстазы дүние салып кеткен еді. Ал Жанұзақ ағайы үнемі мұны көрсе: "Сен менің де шәкіртімсің ғой", - дейтін.

Шәкірттік күндерін есіне алса, ең алдымен, осы бір бастауыш мектептің ғимараты көз алдына келеді. Бастауыш мектеп, алғашқы ұстаз. Бұлардың үлкен өмірге қадамдары осы бір ғимараттан басталған.
 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз