Тәуелсіздік таңы ұлтымыздың өлгенін тірілтіп, өткеніне өткір сәулесін түсірді. Нәтижесінде бұрын күңгірт бұлыңғыр, даулы-дамайлы болып келген қазақ халқының тарихы қайтадан қаралып, күні кеше кеңестік күл төбесіне сырылған хан, болыс, билер, ел қорғаны болған батырлар, жетімін жылатпай, кедей-кепшігін, тентек-телісін сыртқа теуіп тентіретпей, бауырына басып , бауырмалдық танытқан, тарыққанда пана, ашыққанда ас-су болған бай-бағыландар біртіндеп тарих сахнасындағы өздерінің халыққа сіңірген еңбектеріне сай орындарын ала бастады.
Құдайдың құлы, Пайғамбардың Үмбеті екендігіне халықтың көзін жеткізіп, сауатын ашқан дін иелері молда, ишан, имам, хазірет, әулие-әмбиелер атылып, айдалып құлатылған медресе, мешіттер айқара есігін ашты. Сол кездерде ораза ұстап, намаз оқуға тыйым салынғаны белгілі. Соған қарамастан ораза ұстау, намаз оқу ада-күде тоқтаған жоқ еді.
Ал тәуелсіздік дініміз бен ділімізге өлместің күйін кешкен, тілімізге шуағын төге келді. Бір кездерде руын сұрағанда сұрлана, сұстана қарап, «қазақпын» деп жауап беретіндер енді бір-бірінен жеті атасын қазбалай сұрап, мазасы кеткен. Мұнысын олар «заманың қалай болса, бөркіңді солай ки» деп жуып- шаятын. Бірте-бірте шежіреге ден қоюшылар жаңбырдан соңғы саңырау құлақтай қаптаған. Олардың көпшілігі екі сөздің басын құрай алмайтын әр түрлі кәсіп иелері.
Басым көпшілігі кезінде ел басқарған зейнеткерлер еді. Көп ұзамай кейбірі пышақ қырындай, кейбірі қалың кірпіштей ана рудың, мына тайпаның « шежірелерін» жарыққа шығарды. Дұрысы, ата тарату кестелері қолға тие бастады.
Олардың барлығына тән бір авторлық кемшілігі – «шежіре» деген сөздің түп- төркінін жете түсіне бермейтін, сөз етіп отырған ру-тайпаларының шығу, өсіп-өніп өркендеу тарихынан бейхабар жандар еді. Олар әріге бара алмай, кейбір ел аузында, ел есінде сақталған тарихи тұлғалардың атын атаумен шектелетін. Кеңес кезеңінде туралы болмашы деректер келтіріледі.
Оның есесіне трактор айдаған, мал баққан директор болған. Тағы да басқа қызметтер атқарған адамдардың суреттері кесек-кесек мағлұматтары беріледі. Япыр-ай, екінің бірі егіздің сыңарын шежіреге кіргізу жөн бе? Ең басты қателік осы орайда кеңес кезеңінде кез келген ру-тайпалардан ғылым-білімді, өндірісті ауыл шаруашылығын, ауыр индустрияны, жеңіл өнеркәсіпті колхоздар мен совхоздарды, медицинаны дамытуға айтарлықтай үлес қосқан Республика мақтанышына айналған біртуар ерлер аз шыққан жоқ.
Отан қорғау соғыстан күйзелген өндіріс орындарын ауыл шаруашылығын қалпына келтірушілерде аз болған жоқ. Олардың көпшілігі ізденуге мойны жар бермейтін, қолына түскенді талғажу еткен шежірешілердің білімсіздігінен тасада қалып кете барды. Осында жатыр. Шежіреге әрі де алты алашқа қала берді қалың қазаққа аты мәшһүр жандар енбеуші ме еді. Шопан, тракторшы, колхоз бастығы, директор, бригадир, партком, ауыл кеңесінің төрағасы, ауылдың аудандық тіпті облыстық әртүрлі сала бастықтары, милиционер сияқты, бір сөзбен, екінің бірі біле бермейтін қатардағы қарапайым еңбек адамдарын қаздай тізу арқылы шежіренің қадырын қашырғаннан басқа табарымыз не? Ал бұл сияқты авторларға мұрағаттық құжаттар, не болмаса дәйеккөзі дейтіндей деректерді пайдаланбапты деп өкпе артудың өзі артық. Кезінде солардың кейбірінің: «Тым құрыса өз ата-тегіңді қағазға түсіріп берші, мен шежіре жазып жатыр едім»,- деп қиыла өтініш жасағандары еске түседі.
Дегенмен сол қара тасқынның арасынан да шежіре деген осындай болса керек қой дегізер дүниелерде кездесіп қалатын. Соның бірі Жеңіс Тілекеннің «Ертіс-Баян аула өңірі». Алтынбек Нұхұлы мен, Тілеукен Еңсебаевтың «Баянаула перзенттері» (2 том) атты шежіресі. Ал таяуда Сайлау Байбосынның «Қанжығалы» шежіресі қолға тиді. Сайлауды өз басым талантты журналист, аузынан ақ маржан төгілген ақын, жазушы ретінде танитын едім.
Дегенмен «аузы күйген үріп ішеді» демекші біраз шежірешілерден көңіл шіркін қалып-ақ қалған ба әйтеуір Сайлау қаламынан туған осы дүниеге біраз ойланып барып қол создым. Тек оқыған сайын жазушы шежірешінің өзіне ғана тән жазу мәнерін, алған тақырыбына деген адалдығын, жауапкершілігін айқын аңғарғандай едім. «Шежіре» немесе «Тіліміздің төркіні – түркі жұрты» деген тарауда белгілі жазушы, этнограф Ақселеу Сейдембековтің «Қазақтың ауызша тарихы» еңбегіндегі «шежіре» сөзіне байланысты талдауына көз жүгіртіп отырып, «шежіре» сөзіне арабтың қатысы жоқ деп есептейміз деген тұжырымына орай Сайлау өзінің көзқарасын ортаға салады. «Арабтың «Шәужар» сөзінен үзілді-кесілді бас тартуға болмайтын секілді»,- дейді ол, тілімізге араб-парсы тілінен кірген ондаған сөздердің күні бүгінге дейін қазақ тілінде қолданыста жүргенін көлденең тартады. Мысал келтіреді.
Сайлау өз пайымдауларымен шектеліп қалмайды. Тамырын тереңнен алатын «Қазақ және Алаш этнонимдері жайлы» тарауда оқырмандарға терең мағлұматтар береді. Зерттеуші осы жинақта белгілі түркітанушы ғалым А.Н. Аристовқа сілтеме жасай отырып, қанжығалы тайпасы XI-XII ғасырларда шығыс қыпшақ одақтастығының ішінде болған деген болжам айтады.
Зерттеушінің келтіріп отырған дәйектері, болжамы айна-қатесіз деуден әсте аулақпын. «Қыпшақ заманында болған қанжығалылар қайдан шыққан? Олардың түпкі атасы кім? Арғын бірлестігінің ішіндегі бүгінгі қанжығалылар қайдан келген? Арғынның тікелей өзінің ұрпағы ма? Бұлардың қыпшақ заманындағы және Алтын орда дәуіріндегі кейінгі қазақ хандығы тұсындағы қанжығалылар мен Орталық Азияны мекен еткен қанжығалылармен қаншалықты байланысы бар?» деген сансыз сауалдар туындайды. Сондай-ақ осы тақырыпты тереңірек қозғау керек деген ұсыныс айтады, құптарлық. Зерттеуші Сайлаудың еңбегінен келтірілген осы үзінді шежіреші тарихшыларды тың ізденіске шақырады. Терең зерттеу нәтижесінде соны деректер табылып, шаң басқан тарихымыздың тың беті ашылса, қазақ шежіресі тарихына қосылған елеулі олжа болар еді. Осы орайда зерттеушінің тамырын тереңнен алатын бастау көзімізді танып-білуге азды-көпті септігі тиетін дәйекті дәлелдері, байсалды пайымдаулары, мұрағаттық құжаттар, басқа деректі дүниелерді кеңінен пайдалануы кітап құндылығын арттыра түскен.
Мәселен, астаналық зерттеуші Қасым Тәукеновтің «Үш теңіздің аржағына барған» орыс көпесі Афанасий Никитиннің жазбаларынан орыстардың: «А Русь еръ Тангырд сахласын. Олла сакла, бу даниада Муну Қибит еръ акътур, Нечик Урус ерн бегляры акой тугиль»,- деп жазғанын келтіреді. Міне, осы шағын үзіндіден «Русьтің қай тілде құдайға мінәжат еткенін аңғаруға болады» деген зерттеуші пайымы біршама ойға қалдырады. Ал бұл сияқты пайымдаулар жинақта аз кездеспейді.
Осыған орай Лубсан Данзан, Н. Мыңжани, Ж. Байжумин, Ш.Уәлиханов, М. Көпеев, А.Сейдімбеков, Ж. Тілеке, Мурад Аджи, Ш.Куанганов, Ә.Марғұлан, А.Сатаев, т. б. Зерттеулерін зер сала зерделейді. Қан тамырдай таралып кеткен қанжығалы руын, оларға қатысты мұрағатты деректерді тауып келтіру, ел шежіресін, жер тарихын жете білетін көнекөз қариялардың тірілерін тауып тілдесу, марқұмдардың жазып қалдырған естелік еңбектеріне сүйенуі шығарма шұрайын аша түскендей.
Сәкеңнің Ерейментау, Жетісудағы, Қостанай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, өңіріндегі қанжығаларды сөз етумен қатар Қоржынкөл,Ереймен, Ақкөл, Шақшаң болыстарындағы болыс-би, қасиет иелері мен ел қорғаған батырлар, емшілер, молда-қожалар, ақын-жыраулар туралы берілген анықтамаларды, Шербина экспедициясы жазбаларын көлденең тарту көп жайды аңғартумен қатар нақтылығына көз жеткізеді. Солардың бірі Арғынның Аргүл есімді бәйбішесі туралы. Ол Арғыннан Тоты есімді бір қыз, Мейрам сопы есімді бір ұл көріп баладан тоқтап қалса керек. Бірер жылдан соң ол өзіне ұнаған ұлы жүз Бәйдібек бидің Момын деген қызына құда түсуге бел байлайды.
Аргүл Бәйдібек үйіне ат басын тірейді. Сол күні Момын түс көреді. Таңертең түсін айта түрегеледі. Бәйдібек би оның түсін бастасының бәйбішесін Аргүлге жорытады. Ол қыздың түсін өзінің келген шаруасына орайластыра «Ақиық қыран Арғын бас болар, аңсары ауса, айналып қонар. Өңдеріңде танысып, түстеріңде табысып жүрсеңдер, бір-біріңе ықыластарың ауғаны болар» дей келіп, Бәйдібекке: «Уа, Бәйдібек би, қызының бауырына береке дариын деп тұр екен, бастасыңа қи»,- деген екен. Сонда Момын: «Әке батаңызды беріп, ұямнан ұшырыңыз, мен парсы емеспін,- деген екен. Момын Арғыннан жеті ұл көреді.
Олар Орта жүз Арғынның ішінде «жеті момын» аталады. Осы аңыздағы момын Аргүл сияқты аналардың ұрпақ санының артып өркендеуіне қаншалықты мүдделі болғандығына тәнті боласың. Бұл өнеге тұтар аналар ерлігі қазақтың ертеңін ойлаған сол кездегі бойжеткендерге қаншалықты жұғысты болды десеңші. Ұлтымыздың небір қанды қасап қырғындардан, апаттардан аман қалып, бұл күнге жетуіне олардың да үлестері зор екені талассыз. Осы бір тарихи деректер мен әдемі де әсерлі аңыздардан тұратын (508-бет) еңбекті құштарлана, қызыға оқи отырып шектеле сөйлеуге мәжбүрміз. Алғашқы Қанжығалы болыстары 1833 жылы тамыз күні Петропавл бекінісінің округтік бастығы полковник Шубин Омбыдағы облыстық басқарманың бастығына қанжығалы, керей болыстарының жерінде Үшбұлақ округі ашылғанын мәлімдейді. Бұл округке қанжығалылар жағынан 6 болыс ел кіреді.
Табайсары Жақауов, Тіленші Төбетов, Жанболат Жантаев, Бапан Тұраналин, Дүкен Сыздықов, Дәнен Тоқтаровтар сол болыстардың биі тағайындалып Үшбұлақ сыртқы округының аға сұлтаны болып Нұрмұхаммбет Сыздықов кейін жеті ру Қанжығалы болысын құрайды. 1875 жылдан кейін Ереймен болысы болып өзгереді.
Осы бір деректерді Сайлаудың қаншалықты тарихи деректерге сүйенгенін көрсетеді. Біз сөз етіп отырған шежіреде (мен тіпті монография дер едім) тайпаның ел таныған тарландары, олар жайлы әдемі де әсерлі аңыздар молынан берілген. Ал бұл сияқты дәйектер мен деректер кітаптың әр бетінен молынан кездеседі.
Мұның өзі Сайлау жазған шежіренің өзге біз көріп танысқан шежірелерден шоқтығын биіктете түседі. Ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де, ордалы жаудың ойранын шығарған жаужүрек батырлар да, ғайыптан болжап сөз айтқан көріпкел әулиелер де, есімін алты алаш құрметтеген дін иелері де шежіреден лайықты өз орнын алған. «Шетте жүрген қанжығалылар өздерін Бөгенбай батырдың ұрпағымыз дейді»,- деп жазады зерттеуші.
Бөгенбай өзіміз ғой. Қазекең қашан Шәкәрім қажы түбегейлі зерттеп анықтағанша, түп тамырын арабтан таратуға тырысқан ғой. Бұған осы зерттеудегі Шәкәрім қажының:
«Қазақтың түп атасы батыр Түрік,
Арабсың деген сөздің түбі шірік.
Пәленше сахабаның затысың деп,
Алдаған дін жамылған өңкей жүлік», -деуі айғақ.
Сахабадан Шәкәрім ара-жігімізді қаншама айырса да қазекең оған мойынсұна қоймаған сыңайлы. Күні кешеге дейін кейбір жазушы ғалымдарымыз бен діндарларымыз бірі өзін Мұхаммед Пайғамбардың нәсіліміз десе, екіншісі оның өтірігін шығармақ болып, баспасөз бетінде қызыл кеңірдек болып дауласқандарын зиялы қауым естерінен шығара қоймаған болар. Соның бәрі қазақ шежіресін азды-көпті хатқа түсірген Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп шежірелерімен таныс болмауының әсері болса керек.
Мәшһүр Жүсіп демекші, осы еңбекте қанжығалы тайпасына жалпы шежіреге байланысты, оның пікіріне кең орын берілген. Мына аңыз әңгіме де назар аударарлықтай.
Мәшһүр Жүсіп пен Тоқан Хазірет араларынан қыл өтпейтін қиыспас дос, құлындағы сақау құнандағы тісеуін түк қалдырмай сөйлейтін сырлас, сыйлас болса керек. Екі білімдардың бір-бірімен соншалықты тіл табысып, тірлік кешулері төңіректеріндегі шала молда, дүмше, діндарларға ұнамаған сыңайлы. Олар араға от жағуға тырысады.
Бірде Тоқан Хазіреттен: «Сүйіндіктің Мәшһүрін сонша құрметтейсіз, не қасиеті бар оның? – деп сұрайды. Сонда Хазірет: «Мәшһүрді Алла оқытқан, мені адам оқытқан», – деп жауап береді екен. Мәшекеңнен Сүйіндіктің жақсылары Тоқан жайлы сұрағанда: «Тоқанның алты мың алты жүз алпыс алты жылқысы бар», – десе кейбіреулері түсінбей: «Опырай, не деген қисапсыз бай!» – деп таң қалады екен . Сөйтсе, Мәшекең Тоқан Хазірет жатқа білетін құран аяттарын айтады екен.
Өткендердің осы өнегелі үлгісі біздерге мирас болмағаны өкініш. Сан ғасырлар тозаңына көміліп, ұмыт бола бастаған шежіре сынды халқымыздың баға жетпес құндылығын жарғақ құлақтары жастыққа тимей, мұрагерлерімен табыстыратын Сайлау ініміз сынды білгір шежіреші-зерттеушілер саны арта берсін дегім келеді.
Сүлеймен Баязитов
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі