Өлең, жыр, ақындар

Акромегалия

Қаңқа сүйектерінің, тәннің жұмсақ бөліктері, қан тамырлары мен ағзалардың қалыптан тыс өсуі «акромегалия» деп  аталады. Бұл ауру көбінесе аяқ-қол және бас сүйегі аймағына таралады. Сырқаттың клиникалық көріністері, әсіресе адамның саусақтары мен табандарынан, сондай  ақ бет сүйектері мен шеміршектерінен байқалады.

Белгілері

Аурудың бірден анықтауға болатын  айқын белгісі - аяқ, қол, табан, мұрын сияқты мүшелер мен ағзалардың қалыптан тыс ұлғаюы. Білезіктер мен табандар орасан үлкен, ұзын башпайдың соңғы білезігі жалпайып күрекке ұқсап кетеді. Мұрын, кұлақ, жақ  сүйектері мен қас үсті сүйегі, сондай-ақ төменгі жақ сүйегінің алға шығып тұруы науқастың бет-әлпетін ұсқынсыздандырып жібереді. Оған қос бет терісі де қалындап, адам көркін одан бетер қашырады. Бет бірінші кезекте оның төменгі бөлігі мен төменгі жақ, төменгі ерін есебінен ұзын болып көрінеді. Бұл бет-әлпет үйлесімсіз. Төменгі жақтың алға шығып тұруы тән. Жақ сүйегінің жылдам өсуі тістер аралығының кеңеюіне себепші болады. Осы белгілердің бәрі жиналып, бет-әлпетін өзгертіп жібереді.

Алайда алғашында өзгерістер баяу жүріп, біраз уақытқа дейін байқалмайды. Бірақ науқастың өзі организміндегі өзгерістерді сезіне бастайды: ылғи саусағына салып жүрген сақинасы сыймай қалады, қолғабы не болмаса аяқ киімі не бас киімі тарлық етеді.

Акромегалияға шалдыққан науқастар сырқаттың даму кезеңінде нақтама қойғанға дейін өздерінің қатты әлсіреп, басы, буындары, әсіресе жақ және маңдай сүйектерінің қақсап ауырғандығын айтады. Мұндайда тек сүйектер ғана емес, сонымен бірге тәннің жұмсақ бөліктері де: ерін, әсіресе төменгісі қалыңдап, жыныс ағзалары да ұлғаяды. Кейін біртіндеп қаңқадағы өзгерістер анық байқала бастайды: бұғана жуандап едәуір үлкен болып көрінеді, қабырғалар алға шығып, төс сүйек бірте-бірте ұлғайып, дөңестене түседі, қол мен аяқтың үлкен сүйектері одан да үлкейіп жуандайды. Буындар, әсіресе саусақ буындарының бүгілуі қиындайды. Бұл - саусақ сүйектері ұлғаюының салдары. Көмейден қатаң дыбыстың шығуы акромегалияға тән және бұл көмейдің ұлғаюы, дауыс желбезегінің ұзаруы салдарынан. Дәнекер тіннің қалыптан тыс үлкеюі салдарынан тері қалыңдайды. Кейде, әсіресе әйелдердің бетінде түктер көбейіп, ажарсыздандырады және ондай әйелдер еркектерге ұқсап кетеді, ішкі ағзалары да бұзылады. Аурудың көбінесе жыныс ағзалары қызметінің бұзылуы етеккірдің өте ауыр келуі, не болмаса оның келмей қоюы сияқты белгілері пайда болады.

Жүректің шектен тыс үлғаюы қан қысымын тұрақсыздандырып, гипертензияға, ал кейде гипотензияға алып келеді. Ерте артеросклероз жиі байқалады. Жүйке жүйесі де зақымданады. Есте сақтау қабілеті нашарлап, интеллектуалдық қабілет әлсірейді. Науқасқа өз ауруына немқұрайлы қарау тән. Кездейсоқ пайда болатын ашулану белгілері көңіл-күйдің қалыпсыздығын көрсетеді. Ерте ме, кеш пе сырқаттың мұндай белгілеріне қоса, гипофиз ісігіне тән бас сүйегі ішінің қысымы (бас ауру, жылдам шаршау, тамыр соғуының бәсеңдеуі), ал соңында мидағы көру жүйкелерінің түйіскен жеріндегі қысым салдарынан көздің жарым-жартылай көрмей қалуы сияқты симптомдар туындайды.

Ағымы

Бұл аурудың ағымы жанама факторларға байланысты әркімде әртүрлі. Ең ауыр жағдайларда гипофиз ісігі дамып, көру жүйкелері зақымданады. Нәтижеде көз мүлдем көрмей қалады; сонымен бірге бас ауырып, дене салмағы азайып, бұлшық еттер әлсірейді, кейбір жағдайларда ауру едәуір жеңіл өтеді, белгілі бір кезеңде тоқтап, одан әрі дамымайды. Жалпы гипофиздің эозинофилдік ісігі баяу ұлғаяды.

Асқынуы

Акромегалияға көбінесе омыртқаның ревматикалық зақымдануы қабаттасып жүреді. Оның пошымының өзгеруі ентікпеге және жүрек қан-тамыры жүйесі қызметінің бұзылуына алып келеді. Жүрек қан тамыры асқынулары өте ауыр өтеді. Кардиомегалия (жүректің ұлғаюы) спанхиомегалия шеңберінде басқа да жүрек ауруларын айғақтайды. Бұл аурулар көбінесе артериялық гипертензия мен жүрек қан тамырлары шамасыздығы салдарынан пайда болады. Мұндай жағдайда оның беті қайтпайды, тіпті гипофизді сылып тастау да нәтиже бермейді.

Акромегалияға шалдыққан науқастардың 22-40 пайызы ацидозсыз диабетке ұшырайды. Мұндай жағдайда әдеттегі емді қолдануға болмайды. Акромегалия жағдайында диабеттің пайда болуы аурудың өршіп бара жатқандығының және сайма-сай ем қолдану қажеттігін білдіреді.

Нақтама

Ауруды анықтауда компьютерлік томография арқылы әсіресе ісіктерді зерттеу өте маңызды. Гипофизарлық гормондар деңгейін анықтау үшін қанды талдау қажет. Қанды аш қарынға алып, сомототропиннің құрамын зерттейді. Егер оның деңгейі шектен тыс артса, онда нақтама расталады. Сонымен қатар диабет қаупін анықтау үшін глюкозаға төзімділігіне тест өткізу де ұсынылады. Көміртегі қос тотығы құрамының бұзылуын да анықтау маңызды - бұл да аталмыш аурудың жиі кездесетін симптомы.

Емі

Радиологиялық, терапевтік, хирургиялық жолдармен емделеді. Егер осы ауру салдарынан көздің көру қабілеті нашарласа, көпшілік жағдайда ота жасалады. Мұндайда аурудың ауыр-жеңілдігін ескеру қажет.

Эндокриндік синдромы бар ісік болса, онда ісікті алып тастау немесе гипофиз-эктомия жасау қажет. Әрине, отаны қажетті аппараттары бар тәжірибелі нейрохирург жасауы тиіс. Өйткені ота кезінде ісік жасушалары қалып қойса, ол қайта өсуі мүмкін. Білікті, сенімді мамандар жасаған ота жақсы нәтижелерге алып келеді.

Сомотропин бөліп шығаратын ісіктердін радиологиялық емін дәстүрлі рентгенотерапия көмегімен жүргізуге болады.

Дәрі-дәрмекпен емдеу өсіп бара жатқан ісіктің таралуын тоқтату мақсатында қолданылса, ол ешқандай нәтиже бермейді. Эстрогендер немесе андрогендермен емдеу әдісі бүгінде ескіріп қалды. Қазір айтарлықтай әсер етіп аурудың жағдайын жақсартатын бір препарат бар - ол бромкрептин. Оны әдетте тиімділігін күшейту үшін радиотерапиямен бірге қолданады.

С.ИЗГАЛИЕВА, терапевт-дәрігер


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз