Жасыл балдырлар (Chlorophyta) — төменгі сатыдағы өсімдіктердің бір тобы. Табиғатта кең тараған. Негізінен, тұщы суларды мекендейді. Тұзды және теңіз суларында, топырақта тіршілік ететін түрлері де кездеседі. Жасыл балдырлардың 5 класы:
1. вольвокс жасыл балдырлары (Vоlvосорһусеае);
2. хлорококк (протококк) жасыл балдырлары (Сlоrососсорһусеае, Рrоtососсоһусеае);
3. улотрикс жасыл балдырлары (Ulоtrісһорһусеае);
4. сифонды жасыл балдырлары (Sірһоnорһусеае);
5. конъюгаттар (Соnjugоtорһусеае), 400 туысы 13 — 20 мыңдай түрі белгілі.
Қазақстанда 178 туысы, 700-дей түрі анықталған. Бұлар бір клеткалы, көп клеткалы болып келеді және шоғыр құрып тіршілік етеді. Клеткалары бір не көп ядролы, кейде жалаңаш, көбінесе, целлюлозалы және пиктинді қабықшамен қапталған. Кейбір түрлері ірілігіне әрі тарамдалғанына қарамастан клеткаларға бөлінбеген (сифонды жасыл балдырлар). Клеткаларында хлорофилл басым болғандықтан түсі жасыл және жоғары сатыдағы өсімдіктердегідей каротин, ксантофил пигменттері болады. Қор заты — крахмал, кейде май. Жыныссыз (зооспораларымен, жылжымайтын спораларымен), жыныстық (изогамия, гетерогамия, оогамия, коньюгация) және вегетативтік (бір клеткалы түрлері — екіге бөліну арқылы, көп клеткалы түрлері — жіпшелерінің бөліктерімен) жолдармен көбейеді. Кейде бір клеткалы және шоғырлы түрлері (вольвокс жасыл балдырлары) шамадан тыс көбейіп кетсе, су "гүлдеп" түрғандай көрінеді. Жасыл балдырлардың теңіз салаты (Ulvа), монострома (Моnоstrоmа) түрлері Шығыс Азия елдерінде тағам ретінде пайдаланылады. Бір клеткалы жасыл балдырларды (хлорелла, сценедесмус, т.б.) тағамға, малға жем ретінде, лас суды, ауаны (ғарыш кемелерінде, сүңгуір қайықта) тазарту үшін қолдан өсіреді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Санжар
Тамаша