Сары ауру – вирусты гепатит, әсіресе В және С түрі қатар жүргенде – өте қауіпті және өкінішке орай, кең тараған сырқат. Созылмалы науқасқа шалдығу қаупі өте жоғары. В гепатитімен ауырғандардың 20 пайызында, С гепатитімен ауырғандардың 20 пайызында, С гепатитімен ауырғандардың 80 пайыздан көбінде сырқат созылмалы түрге ауысады, ал осыдан бауырдың беріштенуі және бауыр обыры тууы ықтимал. Бірақ бұл сырқаттардың алдын алу өз қолыңызда.
Белгілі бір іс-әрекет әдісін әдетке айналдырыңыз. Сіздің мақсатыңыз – бауырға зиян келтіретін нәрселерге жол бермеу.
• мүмкіндігінше, әсіресе алғашқы айларда, көбірек жатуға тырысыңыз: бауыр үшін бұл ең ыңғайлы, “сүйікті” қалып;
• шамадан артық қозғалмаңыз. Ауруханадан шыққан соң алғашқы 2-3 айда дене еңбегімен, дене шынықтырумен айналыспаңыз, әсіресе кеудені еңкейту зиянды;
• сізге күн мен ыстықтан гөрі салқын, көлеңке жер жайлы;
• 1-2 килограмнан артық салмақ көтермеңіз;
• қалыпқа келу кезеңінде өзіңізді түрлі инфекциялардан қорғауға тырысыңыз, әйтпесе инфекция қоздырғыштары бөлетін токсиндерді бейтараптандыруға мәжбүр болған бауырға қосымша салмақ түседі.
• дәрігер тағайындаған аса қажетті дәрілерді ғана ішіңіз. Дәрі-дәрмектің көбі бауыр арқылы шығады, бұл болса бауыр үшін қосымша және айтарлықтай салмақ. Тіпті дәрілік гепатит деген сырқат бар – ол дәріні шамадан артық ішуден туады.
• ауруханадан шыққан соң кемінде бір жыл кез келген түрдегі ішімдіктен, соның ішінде сырадан да бас тартыңыз;
• міндетті түрде дәрілік шөптер жиынтығын ішіңіз – олар ағзаны тазартады, улануды жояды. Кез келген дәріханада сізге бірнеше шөп түрлерін ұсынады – 20-ға жуық қабынуға қарсы, зәр айдағыш, өт айдағыш, тыныштандыратын шөптер. Бүлардың 3-4 түрін алыңыз, мәселен, жалбыз, аққайың жапырағын, өгейшөпті бірдей мөлшерде алыңыз, орама сыртында көрсетілгендей қайнаған суға тұндырып, араластырыңыз және термосқа құйыңыз. Шай секілді ішіңіз, балмен ішкен жақсы. Бір аптадан соң басқа шөптер пайдаланыңыз;
• бауырға салмақ салмау үшін белгілі уақытта күніне 5-6 рет аз-аздап тамақтаныңыз.
Енді сіз күнделікті дәміңізді таңдаулы мейрамханада секілді өте мұқият құруға тиіссіз. Тек аздаған өзгешелік бар: мейрамханада сіз дәмді тағам алсаңыз, бауыр үшін пайдалы тағам таңдау керек. Бұл екі талап сәйкес келсе, тіптен жақсы. Майсыз, қайнатылған немесе буға пісірілген ет пен балық, макарон мен жармадан дайындалған тағамдар, сары май мен өсімдік майлары, көкөністер, қышқыл емес жеміс-жидектер пайдалы. Бауыр әсіресе түрлі сүзбелерді (күніне 200-300 г) және табиғи балды (күніне 100 г) ұнатады, тек бұл кезде күнделікті дәміңізге басқа тәттілерді қоспаңыз. Бауыр инжир, курага, мейіз, бананды, қара өрікті де жақсы көреді. Ал қызыл және сары көкөністерді – қызанақты, сәбізді, асқабақты, қызыл болгар бұрышын шектеулі мөлшерде жеңіз, өйткені оларда каротин бар. Ал бауыр каротиннен А витаминін синтездейді, бұл болса – ауру ағзаға қосымша салмақ салады. Бұл витаминдердің қажетті мөлшерін дәріхана витаминдерімен қабылдаңыз.
Барлық қуырылған, майлы, қақталған, тұздалған, маринадталған тағамдар, саңырауқұлақтар, суық тағамдар мен сусындар, дәмдеуіштер, пияз, сарымсақ, қыша, желкек, қалбырланған тағамдар, соның ішінде фабрика дайындаған компоттар, ыстық тоқаштар, шоколад, сусындардан кофе, газдалған су, су қосылмаған шырындар зиянды.
Бұл ережелерді кемінде бір жыл сақтаңыз. Ал кейде ащы немесе тұздалған тағам жегіңіз келсе, аз-аздап қана және 1-2 аптада бір рет, мысалы, бір түйір тұздалған балық жеуге болады.
Күн тәртібі қатаң, бірақ сары аурумен ауырған адам үшін өте пайдалы. Тек осы күн тәртібі ғана вируспен күресіп, әлсіреген бауыр қызметін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Жақындарыңызға зиян келтірмеуге, оларға сары ауру жұқтырмауға мынадай қарапайым екі кеңес жәрдемдеседі:
* сіздің жеке заттарыңызды – мәуітіңізді, ұстараңызды, маникюрге арналған құралдарыңызды үйдегі адамдардың ешқайсысы пайдаланбасын;
* жыныстық қатынас кезінде презерватив қолданыңыз.
Алайда В гепатитінен ең сенімді қорғайтын нәрсе – егу. Сырқат немесе вирусы бар адамның отбасы мүшелерінің барлығын егу қажет. Бұл үшін емханаға барып, оны қайда жасатуға болатынын біліңіз. Қазір дәрігерлерде тіпті балалардың өзі жақсы көтеретін сенімді және мұқият тазартылған вакциналар бар.
Денсаулығыңызды күтіңіз!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі