Өлең, жыр, ақындар

Ештеңені өзгертуге болмайды

Мерекелік іс-шараларға байланысты өткізілетін бағдарламалардың іс-жоспарын талқылап, бекіту үшін ұжымда шағын жиналыс өтіп жатыр еді. Жиналысты басқарушы сөйлеп отырған, кенет жаңадан келген қызметкер:

- Мына бір тақырыпқа кішкене өзгеріс енгізуге болмайды ма? - деді.

- Қай тақырыпты айтасыз? - деді жиналысты басқарушы.

- Мына "Тілім - тірегім" деген тақырыпты айтамын.

- Ол тақырып сізге несімен ұнамай тұр?!

- Сәл жаттандылау естілетін секілді. Кішкене өзгеріс енгізуге болмайды ма?

- Несі бар, әп-әдемі-ақ тақырып! - деді жиналысты басқарушы. - Біз жыл сайын осы тақырыппен өткізіп жүрміз ғой.

- Тым болмаса, екі сөздің орнын ауыстырып көру де ойларыңызға келмеді ме?

Жиналысты басқарушы шошып кетті:

- Сіз сөйлем мүшелерінің орнын ауыстырып жібергеннен кейін не болатынын білесіз бе?!

- Не болады екен?!

Бірақ ешкім де не болатындығын айта алмады.

- Ал мына "Тәуелсіздігім - тұғырым" деген тақырыпты ше? - деді жаңадан келген қызметкер.

- Ол тақырыпты не деп өзгертейін деп едіңіз?!

- Тым болмаса, "Тұғыр үстіндегі тәуелсіздік" деп өзгертіп көрмедіңіздер ме?

- Құрметтім! - деді жиналысты басқарушы. - Сіз тым тереңдеп барасыз! Тәуелсіздік тұғыр үстінде тұрады ма, әлде өзі бірдеңеге тұғыр болып тұрады ма, оны шешетін сіз емес!

- Оған бола несіне абыржисыздар? - деді жаңадан келген қызметкер. - Бұл бар болғаны мерекелік іс-шаралардың тақырыбы ғой. Сіздерді түсінбей отырмын.

- Мен де сізді түсініп отырған жоқпын! - деді жиналысты басқарушы. - Ол тақырыптарға неменеге шүйліге қалдыңыз?! Біз жыл сайын осы тақырыптармен өткізіп жүрміз ғой. Әп-әдемі-ақ өтіп жүр. Үлкендер алда, жастар артта, қол шапалақтайтын жерлерінде қол шапалақтайды.

- Тым болмаса, бағдарлама жаңа әндермен байытылып отырар деп үміттенем.

- Жоқ! Өзінің тақырыптық әндері бар. Сол әндерді айтатын бекітіліп қойылған әншілері бар.

Жаңадан келген қызметкер ауа жетпегендей қарманып барып, жұтынды.

- Ең болмаса, сол әншілер үстеріндегі көйлектерін ауыстырып отыратын шығар?

- Ешқашан! Жыл сайын сол бір көйлекпен шығады.

- Тамара апайға қиындау тиіп жүр, - деді әлдекім. - Ол кісі толығып кеткен. Қыз күніндегі көйлегі тарлық етіп жүр.

- Ол кісіге жаңадан көйлек тіктіру де ойларыңызға келмеді ме?

- Одан бірдеңе шыға қояр ма екен? - деді жиналысты басқарушы. - Ол кісінің өмірдегі ең ұлы мұраты - сол үстіндегі көйлегімен зейнет демалысына шығып кету.

Жаңадан келген қызметкер басын шайқады.

- Сіз бұл жерге жаңадан келген қызметкерсіз, - деді жиналысты басқарушы. - Жаңадан келген қызметкерге кейбір нәрселер оғаш көрінуі мүмкін. Алайда бара-бара үйреніп кететін боласыз. Әлі-ақ өзіңіз де осы ырғақпен ән сала бастайсыз.

- Сонымен іс-шаралардың тақырыбын бекітеміз бе? - деді жиналысты басқарушы. - Бекітілсін дегендеріңіз қол көтеріңіздер.

Бәрі қолын көтерді. Жаңадан келген қызметкер де қолын көтерді.

- Жақсы, - деді жиналысты басқарушы. - Енді бастыққа барып бекіттіріп ала қояйын.

- Ештеңені өзгертіп жіберген жоқсыңдар ма? - деді бастық. - Бір жаңалық енгіземіз деп, бірдеңеден қателесіп кетіп жүрмейік.

- Жоқ, Сәке! Ештеңені өзгерткен жоқпыз. Бәрі де бәз-баяғысынша.

Қол қойып берді.


Пікірлер (1)

Жанар

Жақсылап күліп алдым))))

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз