Диспут жоғары сыныптардың арасында өткелі жатыр еді. Кенет ағайлары сыныптағы екі ұлды осы өткелі жатқан диспутқа дайындай бастады. Мұны және сыныптың тағы бір ұлын. Бұларға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін осы ағайлары бұлардың 5"А" сыныбына жылдың басында жетекші болып тағайындалған еді. Енді өзінің сыныбының екі ұлын жоғары сыныптар арасында өткелі жатқан диспутқа қатыстырып көрмек.
Мәдениет Үйінде өткелі жатқан диспуттың жалпы тақырыбы "Достық дегеніміз не?" деп аталатын. Іс-шараны мектептің аға пионер вожатыйы ұйымдастырып, өткізгелі жатыр еді. Мектептегі осы аға пионер вожатыйға үлкен баға берілетін.
Аға пионер вожатыйдың дружина жиындарындағы орны да оқушылар үшін елеулі еді. Мұндай дружина жиындары отряд советі председательдерінің рапорт тапсыруымен басталады. Рапорт дружина советінің председателіне тапсырылады. Ал дружина советінің председателі - жоғары сыныптың оқушы қызы. Өз рапортының мәтіні төмендегіше болып келетін:
Жолдас дружина советінің председателі.
№3 Мәншүк Мәметова атындағы отряд пионерлері дружина жиынына галстук, значоктерімен дайын.
Рапорт берілді сүйікті галстукке.
Осы сәт дружина советінің председателі "Рапорт қабылданды" дер еді.
Барлық отряд советі председательдерінен рапорт қабылдап алғаннан кейін, дружина советінің председателі жиынға әмірлі үн қатады: "Дружина, түзеліңдер!"
Сонан соң дружина советінің председателі аға пионер вожатыйға өзінің рапортын тапсырады:
Жолдас аға пионер вожатый.
Юрий Алексеевич Гагарин атындағы дружина пионерлері дружина жиынына галстук, значоктерімен дайын.
Рапорт берілді сүйікті галстукке.
Алаңды жаңғырықтырған кернейдің үні, оған қосарлана ілескен барабанның даусы, сонымен бірге алаңға тудың әкелінуі жиынның салтанатты ажарын кіргізе түсер еді.
Диспутқа өзімен бірге дайындалып жүрген ұл бұларға бастауыш сыныпта келіп қосылған. Өздері өзге жақтан көшіп келген еді. Кейін қайта көшіп кетті. Бұлармен бірге мектеп бітірген жоқ. Қағілез, пысық, көзінде оты бар, сабаққа да зейінсіз емес. Осы бала былтыр бұлар 4-сынып оқып жүргендерінде мектептегі сыйлы ұстаз, өздерінің сол кездегі сынып жетекшілерімен 1 сәуір күніне орай, қалжыңдасқаны бар. Басқа балалардың бұған батылы бара қоймас еді. 1 сәуірді балалар алдау күні деп атайтын. Мұны үлкендер де біледі.
Әлгі бала да сыныпқа кешігіңкіреп келді де, сыныпқа жаңа ғана кіріп, математика сабағын бастағалы жатқан апайға: "Апай, сізді директор ағай шақырып жатыр", - деді. Апай сыныптан шығып кетті де, сонан соң сыныпқа қайта кіргенінде өзінің оқушысына қарап күлімсіреп "Бүгін 1 сәуір күні екен ғой" деп күлді. Апай бірақ бұл үшін өзінің шәкіртіне ренжіген жоқ.
Осы 4-сыныпта сынып жетекші болатын апайлары мен 5-сыныптағы сынып жетекші болатын ағайлары - екеуі де осы мектептің таңдаулы ұстаздары еді. Апайлары 5-сыныпта бұларға: "Мен сендердің сынып жетекшіліктеріңді енді ағайларыңа беріп жатырмын. Бірақ бұл мен сендерге сынып жетекші емес деген сөз емес. Мен сендерге екінші сынып жетекшілерің де бола беремін" деген еді. Расында да, бұл ұстаз сыныпқа үнемі жақын болып, өзінің ұстаздық ақыл-кеңесін беріп отырды.
Сынып жетекші ағайлары өзінің шәкірті екі ұлды алда болғалы тұрған диспутқа біршама күндер бойы тиянақты түрде дайындаған еді. Ал бір күні бұлар мәдениет Үйінің ауласында отырып, басталғалы жатқан диспутқа ұстаздарымен бірге дайындықтарын тағы да бір пысықтап отырды.
Ағайларының ойы әу бастан солай болды ма, әлде жеме-жемге келгенде шешімін өзгертіп жіберді ме, әйтеуір, мәдениет Үйінің ауласында отырғанда бұларға: "Екеуіңнің біреуің сөйлейсіңдер", - деді. Сонан соң бұған қарап: "Сен сөйлейсің", - деді. Осы кезде 5-сыныптың оқушысы 5-сыныптың оқушысын арқадан қағып дем бергені қызық болды: "Жақсылап сөйлеп шық!"
Мінбер сахна үстіне қойылған еді. Ал сахнаның алдында аға пионер вожатый осы диспутты жүргізіп тұрды. Ағайы бұған айтқан: "Қандай нәрсеге болмасын, алдын ала әзірлік жұмыстары жүргізілмей болмайды. Бірақ сен ешбір әзірліксіз, тосыннан шығып сөйлеп жатырған адамдай сөйле. Әр сөзің табиғи шығатын болсын".
Мінберде тұрған адамға залдағы көпшіліктің тигізер әсері көп болады. Бірақ 5-сыныптықтардың да арқа тұсында тұрған күш бар еді. Ол - сыныптың жетекшісі.
Орнына отырғаннан кейін 5-сыныптың оқушысы 5-сыныптың оқушысының қолын қысты: "Жақсы сөйледің!"
Осы бір жоғары сыныптар арасындағы диспутқа ағайлары 5-сыныпта оқитын бұларды әкеп қатыстырып жүруі оқушыларым сөйлеп үйрене берсін деген ұстаздық мақсатынан туған ойы еді.
Кейін мұғалімдік жұмысты бастағанда өзі де жоғары сыныптықтарға "Жастар және мәдениет" деген тақырыпта диспут ұйымдастырды. Себебі мектептегі мұндай жиындардың оқушының көпшілік алдында ойын жеткізіп, пікір айта білуі үшін де маңыздылығы аса зор еді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі