Өлең, жыр, ақындар

Мүсіндер

- Ол кезде университеттің бірінші курсында оқып жүрген кезім, - дейді ол. - Қаладағы мектепті бітіре салып, осы оқуға түскенмін.

Топта старостаның көмекшісі едім. Староста - бір топта оқитын қыз. Кураторымыз бар. Кураторымыз - апай. Әлі тәжірибесі көп емес жас маман. Солардың тапсырмасымен арлы-берлі жүгіремін де жүремін.

Бір күні солай жүгіріп келе жатыр едім, алдымнан кураторым шыға келді. "Топты жина, - деді кураторым. - Қаламызға мүсін жасайтын шеберлердің көрмесі келіпті. Соған барамыз".

Бірінші курстықтарға бәрі қызық. Жиналып алдық та, әлгі мүсіндер қойылған ғимаратқа тартып бердік.

Ғимараттың есігінің аузына келгенде-ақ, күлкіге кенелдік те қалдық. Дәл есіктің аузында билет тексеруші адам тұр екен деп ойлағанбыз. Сөйтсек, мүсін қойып қойыпты.

Таңданысымыз ішке барған соң ұлғая түсті. Мүсіндер тірі адам секілді.

Бұл жерге тамашалауға келген жалғыз біз емес екен. Басқа мамандықтардың да студенттері жүр.

Кішкентайымнан бір әдетім бір нәрсені көзбен көріп, қолмен ұстап көрмесем, тыншымайтын едім. Мына мүсіндерді де бұл не заттан жасалған нәрсе деп ұстап көргім келіп жүр. Бірақ мүсіндердің бер жағына жіп керіп қойыпты. Қолмен ұстауға болмайды дейді.

Жолым болғыш қой бірақ. Негізі, жолым болғыш жігітпін! Бір мүсін жіптің бер жағына шығып қалыпты. Өздері де байқамай қалған-ау деймін. Әлде әдейі қойып қойды ма?

Мүсін ер адамның бейнесінде жасалған екен. Аяғын аяғының үстіне салып, шынтағын орындықтың арқалығына қойған күйі отырған ер адам. Құдды тірі адам дерсің!

Елден бұрын ұстап қалайын дедім де, мүсіннің жанына жетіп келдім.

Бұл не заттан жасалған нәрсе деп костюмінің жеңінен ұстай бергенім сол еді, айналам жаңғырыққан күлкіге толсын да кетсін. Оған қоса мүсінім де қозғалып кетті.

Сөйтсем, бұл отырған біздегі бір факультеттің замдекан ағайы екен ғой. Ол да студенттерін алып келген. Шаршаған соң отыра тұрайын деп шешкен. Мен оны мүсін екен деп... Өзі де мүсін құсап қозғалмаған күйі отыра қалған екен... Аяғында тірі адамы қайсысы, мүсіні қайсысы, ажыратудан қалдық қой...
 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз