Мұғалім! Осы сөзді айтқанда, естігенде жүрегіңе жылулық сезімі ұялайды. Иә, мұғалім – мақтан тұтар мамандық. Өмірдегі көп мамадықтардың ішіндегі жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, мейірімділікті қажет ететін де осы ұстаздық мамандығы.
«Ұстаз» сөзінің екі түрлі сипаты бар. Бірі – белгілі бір пәннен сабақ беретін оқытушы да, екіншісі – жоғары, беделді адамдарға ықпал етуші дана адам. Мектептегі ұстаз – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның бойындағы білім мен ақылы, ойының қуаты талай «тентекті» жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп , ержеткізеді. Сондықтан әрбір шәкірт өзіне үлгі-өнеге болған сүйікті мұғалімін ұстазым деп атайды. «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді, болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деп Бауыржан Момышұлы айтқан екен. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбиелілік көбіне ұстазға келіп тіреледі. Ескендір Зұлқарнайын: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель», десе, Жамбыл Сүйінбайды, Шәкәрім ұлы ақын Абайды ұстазым деп шексіз құрметеп өткен. Бұрынғы қазақ даласындағы ағартушылық білім балаға жазу-сызуды, оқуды үйретсе, бүгінгі мұғалім оқушыларына ғылым негізінен мәлімет беріп қана қоймайды, оны дүние жүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелейді. Бұл нағыз – ұстаздың ғана қолынан келеді.
Ұстаздық ету тек сабақ өткізумен шектелмесі анық. Білім мен тәрбиені тығыз ұштастыра отырып, кәсіби қызметіңді семинар, конкурс сынды түрлі деңгейдегі іс-шараларға қатысумен кеңейтер болсаң, нұр үстіне нұр. Жас жеткіншектің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның одан әрі дамуына бағыт-бағдар бере білу – ерекше қиын іс. Алайда әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу – ұстаз парызы. Мен өзім 2009 жылдан бастап қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарып келемін. Осы пән оқытушысы болғандықтан, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін біріншіден жекелеген әдеби шығармаларды оқытып-талдату барысында шәкірттерімді шығармашылықпен жұмыс істеуге назар аудартсам, екіншіден оқушының логикалық ойлау дәрежесін арттыру мәселесіне ерекше назар аударта отырып, дәстүрден тыс шығарма, өлең жазу дағдыларын қалыптастырдым. Осы орайда оқушылармен көптеген жұмыстар атқарып, аймақтық, аудандық, аумақтық оқуларда біршама жетістіктерге қол жеткіздік. Атап айтар болсақ аймақтық «Иса оқулары» бойынша соңғы жылдарды алсақ: 2012-2013 ж.ж. сахналық көрініс ІІ-орын; 2013-2014 ж.ж. өз шығармашылығы бойынша 8-сынып оқушысы Ақтас Айдана І-орын; 2014-2015 ж.ж. сахналық көрініс ІІ-орын, өлеңін жатқа айту бойынша 5-сынып оқушысы Еркін Әсел ІІІ-орын. Аудандық «Абай оқулары» өз шығармашылығы бойынша 2014-2015 ж.ж 8-сынып оқушысы Ақтас Айдана ІІ-орын.Аудандық «Махамбет оқулары» 2014-2015 ж.ж 8-сынып оқушысы Ғалы Малика өлеңін жатқа айту ІІІ орын. Аумақтық «Аманжол оқуларында» 2014-2015 ж.ж «ән қанатында» номинациясы бойынша көріністен І орын; өз шығармашылығы бойынша 8-сынып оқушысы Ақтас айдана ІІ орын; өлеңін жатқа айту бойынша 9-сынып оқушысы Зикенов Жарқын ІІІ орындарға ие болды. Конкурстардың шығармашыл балалар үшін алар орны бөлек, себебі жеңімпаз атанған жанның абыройы артады, ол өзінің ғана емес, мектебінің де мерейін асырады. Ынта-жігері, құлшынысы өсіп, жаңа белестерді бағындыруға ынтығады. Шәкірттерім білім мен білік додасында алға деген ұмтылыстарымен, жаңа белестерді бағындырумен әрленіп, салмақтана түседі.
Қазіргі жас буын – еліміздің келешегі, келбеті. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру» деген тұжырым жасады. Ол үшін бүгінгі оқу үдерісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. Педагогтік шеберлік – дарынды талант емес, үйрену, ізденудің нәтижесі. Мұғалім шеберлігі жайлы жазылған дайын қағида жоқ, болуы да мүмкін емес. Барлығы да өз қолыңда деген екен бір дана кезінде. «Басқаларды оқытып үйретуі нәтижелі болсын десе, ең әуелі мұғалімнің өзі оқуы керек. Оқығанда да әбден қартайғанша оқуы тиіс» (Платон) Сол секілді мен де өмір бойы оқып, үйренумен келемін.
Ұстаз үшін бақыт – алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәті. Ендеше, бүгінгі білім мен білік, бәсекелес заманында ұландардың биіктен көрінуіне күнделікті істегі жаңашылдық пен жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткізейік. Оны мүлтіксіз атқаратын да өз кәсібіне шын берілген, өз мамандығының шебері – мұғалім.
Павлодар облысы, Ертіс ауданы
Ынтымақ ауылы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Айтмаганбетова Айнагуль Торшановна
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Кәусәр
Керемет маған ұнады