ҚР Білім және ғылым министрлігі «КТК» телеарнасының эфирінде көрсетілген Алматыда өтіп жатқан ағылшын тілі курстарына ел аймақтарынан келген 500 ұстазға тиесілі шәкіртақылардың төленбеуіне қатысты сюжетке пікір білдірді.
Министрліктен мәлім еткендей, олар 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік білім саласын дамыту бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, өткізіліп жатқан курстардың тыңдаушылары - педагогикалық ЖОО мұғалімдері. 2021 жылдан бастап қазақстандық ЖОО-лар ағылшын тілін жетік білетін мамандарды даярлауды бастамақ. Жоғары оқу орындарына келетін абитуриенттердің ағылшын тілін меңгеріп, ЖОО бағдарламаларына жеңіл кірігуі үшін 2019 жылдан бастап 10-11-інші сынып оқушылары 4 пәннің арасынан (химия, физика, биология, информатика) екеуін таңдап, ағылшынша оқиды.
Осы мақсатта Білім және ғылым министрлігі мектептердің пән мұғалімдері мен педагогикалық ЖОО ұстаздарына арналған ағылшын тілі курстарын ұйымдастырып отыр.
«Қазір тіл оқыту курстарынан педагогикалық ЖОО-ның 1500 ұстазы өтіп жатыр. Курстар пәндер мен білім бағдарламаларын ағылшын тілінде оқытуды 2008 жылдан бері жүргізіп келе жатқан 4 ЖОО-да - Абай атындағы ҚазҰПУ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТ және Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ базаларында өткізілуде. Курстардың басты бағыты - ағылшын тілі мен пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік біліктілікті жоғарылату. Бұл іс коммуникативтік методикаға сүйеніп, Content and Language Integrated Learning (CLIL) контенттік оқытудың халықаралық практикасына сай жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, ұстаздар өз пәндері аясындағы ағылшын тілі білімдерін, ең аз дегенде, бір деңгейге көтеретіндігіне сенімдіміз», - дейді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Дархан Ахмед-Зәки.
Мәлім етілгендей, курстарға қатысатын ұстаздардың ЖОО-лардағы еңбекақылары сақталып, шәкіртақылар төленетін болады.
«Сол стипендиялар бүгінгі күні төленбей тұрғаны анықталды. Елімізде тіл үйрету курстарын ұйымдастыру жаңадан игеріліп жатқан іс болғандықтан, оны ұйымдастыру барысында барлық жағдаяттарды ескеруге тырыстық. Дегенмен, іс жүзінде кейбір олқылықтардың орын алғанын көріп отырмыз. Қазір курс тыңдаушыларына тиесілі стипендиялардың төленуі үшін барлық қажетті шаралар қолға алынып, мұғалімдердің алдындағы берешек осы аптаның соңына дейін толықтай өтеледі. Бұл мәселе министрліктің қадағалауына алынып отыр», - делінген министрлік хабарламасында.
Еске салайық, Алматыға өз білімдерін жетілдіруге келген ағылшын тілінің ұстаздары шәкіртақыларының төленбеуінен пәтер жалдауға және тамақтануға ақшалары жоқтығын айтып, шу шығарған болатын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі