Қызылорда қаласы
«Мұрагер» мектебінің психологы
Даниярова Мереке Султанбекқызы
Зерттеудің мақсаты: студенттердің мамандығы және оның әлеуметтік талаптарға сәйкестігімен қанағаттануын анықтау.
Зерттеудің міндеттері:
- болашақ маман иесінің мамандықты дұрыс таңдап алуы және кәсіби бағдарды игеру жолдарын анықтау;
- болашақ мамандардың кәсіпке бейімделудегі құндылықтық және құзыреттілік бағдарларды қалыптастыру;
- таңдаған мамандығының әлеуметтік талаптарға сәйкестігімен қанағаттануын анықтау.
Зерттеудің болжамы:
- егер, студенттердің таңдаған мамандығына деген мотивациясы мен олардың өз-өзінің психологиялық қасиеттерін бағалау барысында құндылықтық бағдарын дамытар болсақ, онда студенттердің таңдаған мамандығының әлеуметтік талаптарға сәйкестігімен қанағаттануы шешімін табар еді.
Біздің зерттеулеріміздің негізгі бағыты студенттердің таңдаған мамандығының әлеуметтік талаптарға сәйкестігімен қанағаттануын анықтау болды. Бүгінгі таңдағы өскелең ұрпақтың мамандық таңдауын анықтаушы бірнеше факторларды атап өтуге болады. Олар: әлеуметтік фактор, психологиялық фактор. Әлеуметтік фактор мамандыққа деген қоғамның сұранысынан туындайтын жағдай. Мұнда тұлға жұмыссыз қалудан қашқақтау негізінде таңдау алға шығады. Себебі, қоғам сұранысы тұлғаның кәсіби хабардарлығына ықпал етеді. Ал, психологиялық фактор тұлға көзқарастарының, қызығушылықтарының негізінде мамандық таңдау. Бұл жағдайда тұлға өз қабілетін ұғынуы өмірлік мәнді кәсіби құндылықтар қалыптасудың басты шарттарының бірі болып табылады.
Тұлғаның кәсіби құндылықтары жалпы даму сатыларының негізгі аспектілерін құрайды. Сондай-ақ, тұлға болып қалыптасуда кәсіби құндылықтар мамандық туралы жағымды қатынастардың туындауының қайнар көзі болып табылады. Құндылық бағдарлар жан-жақты, үйлесімді тұлға ретінде дамуына үлкен ықпал етеді. Сондықтан, әртүрлі даму сатысында тұлғаның кәсіби құндылықтарының дамуын зерттеу болашақ мамандардың белгілі салада өзінің әлеуетін жүзеге асыру үшін маңызды мәселелердің бірі болып табылады.
Студенттердің кәсіби құндылықтары болашақ мамандардың үйлесімді тұлғалық дамуын анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу нысанында біз Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Педагогика және психология» мамандығының студенттерін таңдадық. Себебі, қазіргі таңдағы педагог-психолог мамандығына деген сұраныс артып отыр. Тұлғаның ішкі әлемін, олардың психологиялық ерекшеліктерін, өмірлік бағыттарының анықталуына көмек көрсететін мамандардың өзінің мамандығына деген қатынасын білу маңызды жағдайлардың бірі болып табылатыны анық.
Тұлғаның дамуындағы болатын өзгерістердің психологиялық механизмдерін табуға кәсіби құндылықтарды әртүрлі іс-әрекетте зерттеу оң ықпалын тигізеді. Көптеген зерттеулерде кәсіби құндылықтардың ерекшеліктері тек іс-әрекетпен байланысты қарастырылған. Бұл зерттеулер көрсеткендей кәсіби құндылықтар тұлғаны шеберлікті меңгеруге итермелейді, сонымен қатар, оны реттеудің басты шарты болып табылады және тұлғаның толыққанды дамуына негіз болады.
Тұлғаның кәсіби құндылықтарының дамуындағы даралық ерешелік мәселесінің психология ғылымы үшін маңызы зор. Шетел және кеңес психологиясындағы зерттеулер бұл мәселені әртүрлі тұрғыда түсіндіреді.
Эксперименттің негізгі бағыты студенттердің таңдаған мамандығының әлеуметтік талаптарға сәйкестігімен қанағаттануын негіздеу болып табылады.
Зерттеуде біз жоғарыда атап өткен мамандықтың бірінші және төртінші курс студенттерінің мамандық таңдау мотивіне, кәсіби құндылықтарының дамуына, өз-өзінің психологиялық қасиеттерін бағалауына баса назар аудардық. Себебі, бірінші курста студенттер негізгі базалық пәндерді меңгеріп, кәсіби көзқарастар, пікірлер туындай бастаған кезең болса, төртінші курста тұрақты кәсіби қабілеттері мен әлеуметтік қоғам талабына сай дамуы көрініс бере бастайды.
Ғылыми зерттеу әдістері – бұл ғылыми теориялар мен практикалық нұсқаулар құру үшін пайдаланылатын сенімді мәліметтер алуға мүмкіндік беретін тәсілдер мен амалдар болып табылады.
Кез-келген ғылыми болжам ғылыми зерттеу әдістері арқылы дәлелденеді. Қандай ғылымда болмасын, ғылыми болжам зерттеу әдістері арқылы нақтыланбаса, онда зерттеу шындыққа жанаспайды. Психологиялық зерттеулер принципі фактілік материалдарды жинақтау үшін пайдаланылатын әдістер арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да, қандай да бір әдістерді таңдау әрдайым нақты зерттеудің пәнімен және міндеттерімен айқындалады.
Зерттеу проблемасын анықтауда студенттердің таңдаған мамандығының әлеуметтік талаптарға сәйкестігімен қанағаттануының дамуын зерттеу үшін жеке болжамдар, міндеттер, әдістемелер белгіленді. Студенттердің таңдаған мамандығының әлеуметтік талаптарға сәйкестігімен қанағаттануының дамуын өлшейтін жарамды әдістемелер дайындалды. Әдістемелер студенттердің психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, адаптацияланды.
Біздің зерттеулеріміздегі экспериментте қолданылатын әдістерді таңдау ең алдымен студенттерді, олардың даралық психологиялық ерекшеліктерін зерттеуден бастау алды. Зерттеу жұмысында таңдап алынған әдістемелердің ерекшелігі, олардың тұлғаның сипаттамаларын жан-жақты ашуға мүмкіндігі бар екендігінде болып табылады. Зерттеу жұмысында басшылыққа алынған әдістемелерге сипаттама береміз.
Таңдалған зерттеу әдістемелері төмендегідей:
1. «Мамандыққа қатынас» сауалнамасы;
2. «Мамандық таңдау мотиві» әдісі;
3. М. Рокичтің «Құндылық бағдарлар» әдістемесі;
4. Л.Д.Столяренконың «Өзінің психологиялық қасиеттерін бағалау» әдістемесі;
Әдістеме: «Мамандыққа қатынас» сауалнамасы мамандыққа деген жағымды эмоциялық қатынастарын байқауға арналған.
Мамандану- маман қалыптасу кезеңінің тұтастай үздіксіз процесі болып табылады. Бұл мамандық таңдау сәтінен басталып, адамзаттың барлық өмір ағымында жүзеге асады және іс-әрекет тоқтауымен аяқталады. Бұл процесс тұлғаның өз қызығушылықтарын, мүмкіндіктерін және қабілеттерін ескере отырып, мамандық таңдауын; мамандық ережелері мен нормаларын игеру; маман ретінде өзін сезіну және қалыптасуын; тәжірибе жинақтау және мамандық амалдары арқылы тұлғасын дамытуын енгізеді.
Тұтастай алғанда мамандану - бұл әлемуеттену процесінің бір жағы болып табылады. Маман ретінде қалыптасу тұлға дамуының аспектілерінің бірі. Тұлғаның мамандану жағдайына байланысты сыртқы әсерлер мен тұлғаның қызығушылығында тұлға белсенділігі жатыр.
«М.Рокич бойынша құндылық бағдарларды зерттеу» әдістемесінің сипаттамасы.
Құндылық бағдарлар жүйесі жеке тұлғаның мазмұнды жағын анықтайды және оның қоршаған әлеммен, басқа адамдармен, өзімен қатынасының негізін құрайды, дүниетанымының негіздерін және жеке тұлғаның өмірлік белсенділігінің негізін құрайды. Қазіргі кезде құндылықтар тізімін тікелей ранжирлеуге негізделген және кең тараған М.Рокичтің құндылық бағдарлардың өзгеруі әдістемесі болып саналады. М.Рокич құндылықтардың екі класын бөліп көрсетеді:
- терминальды, дара өмір сүрудің соңғы мақсаты ұмтылуға тұрады деген сенім;
- инструменталды, белгілі бір әрекеттің бейнесі немесе жеке тұлғаның қасиеті кез келген ситуацияда қолдауға ие болады. Бұлай бөлу құндылықтар-мақсаттар және құндылықтар-құралдар деп дәстүрлі бөлуге сәйкес келеді.
Респондентке қағаз бетінде алфавиттік тәртіпте жазылған құндылықтар тізімінің екеуі беріледі (әрқайсысында 18). Тізімдерде сыналушы әрбір құндылыққа рангілік нөмір береді, ал карточкаларды мәні бойынша орналастырады.
Материалды берудің соңғы формасы ең сенімді нәтижелер береді. Алдымен терминальды, содан кейін инструменталды құндылықтар жиынтығы ұсынылады. 18 құндылық-мақсаттар тізімін оқып болғаннан соң, оқушыларға алдымен олардың өміріндегі ең басты болып саналатын үш құндылықты таңдау ұсынылады, оларға 1,2,3-орындар беру керек, содан кейін қалған құндылық-мақсаттар тізімінен ұмтылуға тұрмайтын екі құндылықты таңдау ұсынылады, оларға ең соңғы екі орынды – 17,18-орынды белгілеу керек. Содан кейін қалған құндылықтардың орнын белгілеу қажет. Зерттеу бланкілерді қолдану арқылы және анонимді түрде жүргізілді.
Сонымен қатар психодиагностикалық жұмыс жасалынады, олармен өзіндік психологиялық қасиеттерін бағалау деңгейін арттырып, тұлғаның қарым-қатынастағы потенциалын арттыруға бағытталған тренингтер жүргізілді. Тренингтің бірнеше міндеттері болады, олар: ең бірінші және ең маңыздысы – қарым-қатынастағы серіктестің жан дүниесіне ене алу, екіншіден – тұлғаның өзіндік бағалауын арттыру, адамның коммуникативті дағдыларын дамыту және қалыптастыру, үшінші міндеті – ағартушылық міндет болып саналады.
1-жаттығу. Топта жұмыс істеудің негізгі принциптерін талқылау.
Мақсаты: Топта жұмыс істеудің ережелері мен әдістері жайлы пікір қалыптастыру.
Тренингке қатысушылар шеңбер бойымен орналасады. Кеңістікте шеңбер бойына орнасқан қатысушылардың барлығына бір-бірін жақсы естіп, көруіне және вербальды емес көріністердің кең спектрін қабылдауға мүмкіндік береді. Тренингті жүргізуші топта қарым-қатынас жасаудың негізгі принцип-ережелерімен таныстырады. Бұдан кейін топ жұмыс істеу ережелерін талқылайды.
1. Өзара әрекеттестікті диалогизациялау принципі.
Топтық жаттығуларда тең құқылы, толыққанды қарым-қатынастың орын алуын қамтамасыз етеді, қатысушылардың өзара құрметі мен бір-біріне деген толық сеніміне негізделеді. Қатысушылардың біреуі немесе бірнешеуібасымдылық көрсеткен жағдайда, қарым-қатынас толығымен диалог сипатынан айырылып, монолог түріне ауысады, ал бұл тренингтің табиғатына қарама-қайшы келеді. Сенімді қарым-қатынас ахуалы өзара әрекеттестіктің нәтижелі болуын қамтамасыз етеді. Сенім ахуалын құрудың ең қарапайым және алғашқы қадамы ретінде тренингті жүргізуші бір-біріне «сен» деп қарым-қатынас жасауды ұсынады, бұл өз кезегінде психологиялық тепе-теңдік орнатады.
2. Конфиденциалдылық принципі.
Тренингке қатысушыларға оның барысында дамитын қарым-қатынас мазмұнын топ шеңберінен шығармау ұсынылады. Конфиденциалдылық принципі өзара сенімді әрекеттестіктің орнауына көмектеседі: қатысушылар сенімді, ашық, шынайы байланысқа оңай түседі және топтық пікірталас потенциалын сақтайды.
3. «Қазір және осында» принципі.
Берілген принцип топтағы әрбір қатысушыға оның айналасында орын алған нақты психологиялық шындықтың жайын, оның жан-жақты және терең зерттелуіне мүмкіндік беретін көлемді айнаған айналдыруға мүмкіндік береді.
4. Белсенділік принципі.
Өзіне, серіктесіне, топқа белсенді ену мақсатында топтың әрбір мүшесінің топтық өзара әрекеттестікке жедел қатысуын қамтамасыз ету тұрғысынан қарастырылады.
5. Сезім тіліне акцент жасау принципі.
Эмоционалды күйлер мен көріністерге ерекше зейін бөліп, оларды тілді қолдану арқылы бекітуді қамтамасыз етеді. Сезім тілінің жанамаланған түрін тренингте вербальды және вербальды емес деңгейлерде кең қолданылатын метафора, ассоциация мен бейнелер тілі құрайды. Кері байланыс – тренингтің басты элементі болып саналады.
6. Интеллектуалды және эмоционалды ауқымның үйлесімділігі принципі.
Тренингтің жоғары эмоционалды тұрғысында қызу кезінде, интеллектуалды және талдау үдерістерінің жандануы топ мүшелерінің бір-біріне ашық қатынасына, сенімділік пен адамгершілікке тәрбиелейді. Трениг жағдайында қолданылатын интеллектуалды әрекетті басты формасы – топтық пікірталас болып саналады.
7. Топ құрамының өзгермеу принципі.
Тұрақты құрамы бар тренингтік топ қатысушылардың өздерінің ашылуына көмек беретін ерекше процестер туындап, нтәижелі жұмыс істейді. Пікірталас кезінде тренингті жүргізуші әрбір қатысушыға өз пікірін айтуға мүмкіндік береді.
2-жаттығу. «Мен кіммін?»
Мақсаты: топқа қатысушылардың бір-бірімен танысуы, олардың бір-бірінен ұялмай, қысылмауын қамтамасыз ету.
Процедурасы: топтың әрбір мүшесіне қағазға 1-ден 10-ға дейін сандарды жазып, 10 рет «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап беру ұсынылады. Жауап беру кезінде мінез-құлық белгілері, қызығушылықтар, сезімдер т.б. қолданылады, ең бастысы, сөйлемдер «Мен» сөзінен басталуы керек. Тізім құрылған соң, қатысушылар жазған жазуларын көрініп тұрған жерге қыстырып, бөлмеде бейтарап түрде жүре бастайды, басқа қатысушылардың жазған тізімдерімен танысады. Енжар танысудан кейін, олар кезекпен өз тізімдерін оқып, туындаған сұрақтарға жауап береді.
3-жаттығу. «Бақылаушы».
Мақсаты: коммуникативтік өзара әрекеттестіктің табиғи жағдайындағы әлеуметтік сензитивтілік дағдыларын қалыптастыру.
Процедурасы: қатысушылар 8-10 минут бойынша бөлме ішінде жүріп, еркін тақырыпта әңгіме құрайды. Әрбір қатысушы бір адамды таңдап бақылайды, іштеу оның қайғырғандағы, ренжігендегі, ойланғандағы келбетін, күлкісін, таң қалғанын елестетуге тырысады. Еге де қатысушылардың біреуі жоғарыда айтылғандарды елестете алмаса, ол адам «беттен» оқи алмайды, әңгімелесушілердің сезімдері мен ниеттерінің ауысуын қиындықпен түсінеді. Предикативті эмпатияның болмауы, оның коммуникативті және әлеуметтік-перцептивті мүмкіндіктерін шектейді. Қатысушылардың бақылауын қызығушылық тудырған объект сезбеу керек. Егер қатысушы өзінен біреу көзін алмай қарап тұрғанын сезсе, және сол мезетте көзіне қарап үлгерсе, бақылаушы ойыннан жеңілуші ретінде шығарылады. Ал көзқарасты байқап қойған қатысушы, жоғары әлеуметтік сензитивтілікке ие болады. Жеңілуші үшін ойыннан шығарылу фактісі күнделікті өзін басқаларға кедергі жасамай, бақылауды үйренуге түрткі болуы тиіс.
4-жатығу. «Айна».
Мақсаты: шығармашалық қозғалысты дамыту, психологиялық байланыс пен тұлғааралық эмпатияны дамыту, басқа адамды басқару тәжірибесін меңгеру.
Процедурасы: Барлық топ мүшелері жұптарға бөлінеді. Әр жұптың біреуі – бастаушы, екіншісі - қостаушы болады. Қатысушылар бір-біріне қарап тұрады. Жұп бастаушысы қандай да бір баяу қозғалыстар жасай бастайды. Қозғалыс кезінде қатысушылар денесі мен сезімдерін саналуға ұмтылуы тиіс. Жаттығу барысында қатысушылар бір-бірінің көздеріне қарап тұрады. Қостаушы өз серіктесінің қозғалыстарын айнадағы бейнесі сияқты қайталайды 5 минуттан соң, серіктестер орындарын ауыстырады. Тапсырма аяқталғаннан кейін, қатысушылар өз сезімдерімен бөліседі. Ойын барысында қатысушылар серіктестін денесін сезінуді тез үйреніп, қозғалыс логикасын түсіне бастайды. Уақыт өткен сайын, қозғалысты алдын ала біліп алуды меңгереді.
5-жаттығу. «Сезіну».
Мақсаты: тұлғааралық эмпатияны дамыту.
Процедурасы: қатысушылар бір-біріне жақын шеңбер құрып тұрады. Көздерін жұмады. Әрқайсысы оң қолымен көршісінің қолын ұстайды. Көздерін жұмып тұрып, оң жағындағы қатысушының алақанына зейінін шоғырландырады, өзінің субъективті түйсінуерін бағалайды. Қатысушылар көздерін ашып, өздерінің әсерлерін айтады. Қалған қатысушылар өздерінің серіктестерінің жұмысын 5-баллдық жүйе бойынша бағалайды. Ең дәл деген жауаптар анықталады.
6-жаттығу. «Тыңдау».
Мақсаты: эмпатиялық тыңдау білігін меңгеру, қатысушылар арасындағы берік қатынасты дамыту.
Процедурасы: қатысушылар жарты шеңбер бойына орналасады. Біреу бірінші болып, шеңбер ортасына шығып, 10 минут бойына өзін толғандыратын тақырыпта сөйлеуге мүмкіндік алады. Топ мүшелері толық зейінмен оны тыңдап, пікір таластырмай, сөйлеушіні бөлмей отыруы тиіс. Қатысушы 10 минутқа сөздерін жеткізе алмаса, қалған уақытты жай өткізеді. Уақыт өте келе, қатысушылар өздерінің жасырын сезімдерін ашып, басқалармен бөлісе бастайды.
7-жаттығу. «Кикілжің».
Мақсаты: жаттығу «қарама-қайшылықтар» түсінігне кіріспе болып саналады, тұлғаның кикілжіңді жақтарын саналап, басқа адамдармен белсенді күресу тәжірибесін меңгеруге көмек береді.
Процедурасы: қатысушылар жұптарға бөлінеді. Серіктестер бір-біріне қарама-қарсы отырып, өздерінің рөлдерін анықтайды: «қорғанушы» және «шабуылшы». Бір минут шамасында «шабуылшының» қарсылықтары ойластырылады. Мұнан кейін диалог жүргізіледі. «Шабуылшы» өзінің позициясынад берік тұруы тиіс. «Шабуылшы» өзінің серіктесіне өзін қалай ұстауы керек және не істеуі керектігі туралы айтады. Айқын басымдылық пен өзіне деген сенімділік позицияларынан оны сынайды. «Қорғанушы» үздіксіз кешірім сұраумен болады. Серіктесіне қатты тырысып жүргенін, бірақ бір себептер оған оның талаптарын орындауға кедергі болғанын айтады. Позициялар ауысады: қатысушыларға «шабуылшының» билігі мен мәртебесін немесе «қорғанушының» манипуляцияланған енжарлығын толық сезінуі қажет. Содан кейін қатысушылар өз әсерлері мен бастан кешірулерін бөліседі. Рөлдердің өмірде қаншалықты көмек беретіндігін салыстырады. Алынған әсерлерді талдау тұлғаның жеке жақтары туралы ақпарат береді
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі