(Жергілікті колледжіде өткен «Бес нәрседен қашық бол...» атты тәлім-тәрбиелік маңызы бар іс-шараға байланысты Абай ата өлеңіндегі ойды негізге ала отырып жазылған).
Өте ерте замандарда Тәңірі Адамды жаратыпты, жер бетіне түсіріпті. Адамнан тараған ұрпақ ол заманда шағын бір ауыл болып қана өмір сүрген деседі. Олардың тынысты тіршілігі мен татулық бірлігіне рақымы мол, құдіреті күшті Құдай мейірленеді.
Құдай адамнан бөлек Ібілісті де жаратады. Бірақ Ібіліс өзінің тәкаппарлығымен Құдайдың мейіріміне бөлене алмапты. Бірде Құдай қаһарланып Ібіліске де жер бетіне түсуге бұйырады.
Жер бетіне түскен сайтан таулар мен өзендерді, көлдер мен шөлдерді басып өтіп Адам ұрпағы мекен ететін шағын ауылға да жетеді. Тыныштық пен бейбітшілік, татулық пен келісім орнаған осынау мекен сайтанға ұнамапты. Сайтан адамзат баласының сыпайылығы мен тату-тәтті өміріне қызыға да, қызғана қарайды. Ішін қызғаныш билеген ол адам баласын осы жолдан тайдырмақ болып қаншама әуреленеді, азғырып та бағады. Бірақ онысынан түк шықпайды. Татулық, бірлігі тасыған ауыл адамдары қайта сайтанды келеке етіп, өзін мазақ қылады. Қамшымен сабап, сайтанды шөл далаға қуып тығады.
Өз әрекетінен түк шықпай ыза буған сайтан шөл далада ұзақ сенделеді. Осылай сенделіп келе жатырған сайтанның көзі айдалада от жағып отырған бір топ жан иесіне түсіпті. Бұлар ағайынды бесеу – өсек, өтірік, мақтаншақтық, жалқаулық және ысырапшылдық еді. Бұл бесеудің бойына біткен жаманшылықтары жетіп артылатын да, бірақ оны жұмсайтындай шөл далада тірі жан иесін кездестіре алмай әрі екі қолдары алдарына сыймай зерігіп жүрген кездері екен.
Сайтан бұлардың арман-мақсаттарын әбден тыңдап, біліп алады да, өз мақсатын жүзеге асырып, адам баласын азғындату үшін ағайынды бесеуді өзіне жолдас етуді ойлайды. Ол кезде ағайынды бесеу туралы адамзат баласының хабары жоқ екен де, адамзат баласы туралы ағайынды бесеу де білмейді екен. Сайтан оларға адамзат иесінің тіршілік етіп жатқан жерін көрсетпекке уәде береді.
Осылай сайтан бастаған ағайынды бесеу жолға шығады. Күн артынан күн, түн артынан түн жүрген олар бір тап-таза айна бұлаққа кез болады. Бұлақтың суының мөлдірлігі сондай, оның түбіне түсіп кеткен кішкене иненің өзі ап-анық көрініп жатады екен. Бұл адамзат су ішер айна бұлақ еді. Ол бұлақтың суы адам баласының тәнін де, жанын да сұлулыққа бөлейді екен. Ыстықтап қажыған сайтан бастаған ағайынды бесеу бұлақ суына шомылып алмақ болып суға түседі. Сол сол-ақ екен, тап-таза бұлақ суы қарақошқылданып өзгеше түске енеді.
Бұл істен бейхабар адам баласы бастауы лайланған бұлақ суын бұрынғыдай пайдалана беріпті. Осыдан кейін-ақ ауыл жұртының мінезі өзгере бастайды. Адамдар арасында өсек сөз желдей гулейді, өтірікке құмар болады, бос мақтанға, жалқаулыққа салынады, адам өзінің жиған аз дүниесін бос мақтан, жалған намыс үшін көрінген нәрсеге ысырап ететін болыпты. Ауыл жұртын бейберекетсіздік жайлайды. Мұны сырттай бақылаған сайтан бастаған ағайынды бесеу сандарын шапаттап, рақат күйге бөленеді. Ал бұлақ суын ішкен адамдар арасында жамандық бұрынғыдан да көбейе түседі.
Тәңірінің жанында сүттей аппақ қауырсыны бар бір періште өмір сүрсе керек. Бір күні Тәңірі адамзатқа сол періштесін жібереді. Жеті қат көкті көктей өткен періште адамзат ауылының үстін айнала ұшады. Сұмдық көріністерді көреді. Осы көріністерге жаны ауырған періштенің көзінен бір тамшы жас үзіліп түсіпті. Осы періштенің көз жасынан өз құлдарына жаны ашыған Тәңірінің қалауымен лезде бес бірдей жақсылық иесі пайда болады. Олар рақымшылдық, қанағатшылдық, талапкерлік, еңбекқорлық және ойшылдық болса керек. Осы бес жақсылық иесі сайтан бастаған ағайынды бесеумен алыса түседі. Ұрыс ұзаққа созылыпты. Бес жақсылық иесі біршама басымдыққа ие болады, бірақ өздері де әбден әлсірейді. Оларға ұрыс даласында періште қанатымен желпіп дем беріп жүреді. Оның есесіне, адамзат ауылының үстіндегі жамандықтың түтіні сейіле бастайды, жақсылық рухы қайта қанат жаяды. Адам санасына ой түседі, жүректерінде рақымшылық пен қанағат сезімі орнай бастайды. Жастары талаптанып, өз нанын адал еңбекпен тауып жеп, айналаны білмекке ұмтылады. Жақсылық жаңбыры ластықты шаяды. Дегенмен осыдан кейін адам жанында жақсылық пен жамандықтың рухы қатар ұя салатын болған деседі.
Ал әлгі сайтанға жолдас болған бес жамандық иесі мен періште көз жасынан жаралған бес жақсылық иесі жердің әлдебір нүктесінде күні бүгінге дейін әлі де шайқасып жатырған көрінеді. Олардың бір тобына сайтан жамандық отымен дем берсе, енді бір тобына періште жақсылық рухымен қанат бітіреді екен. Олардың қайсысының басым түспегі ендігі жерде адамның өзінің пейілінен, өзінің ниетінен болса керек.
Жақсылық пен жамандық рухы қатар ұя салған жер бетінде адамзат ұрпағы өсіп-өніп, көбейе беріпті. Ал әлгі бұлақ суын адамзат әлі де пайдаланады екен. Адам ішетін шарап суының құрамында сол бұлақ суының қоспасы да бар деседі. Осы оқиғадан кейін адамға пенде деген ат тағылыпты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі