«Аутизм» термині (гректің autos - өзі) «ассоциациялардың тәжірибе мәліметтерінен алшақтығы, шынайы қарым-қатынасты елемеу» дегенді білдіреді. Бастапқы кезде аутизм шизофрениямен сырқаттанатын науқастардың ерекшелігі, шынайы өмірден қашу және өз-өзімен бұйығы күйде болу деп қарастырылды.
Аутизм себептері. Ғалымдар резидуалды-органикалық фактордың (патологиялық жүктілік, босану, бассүйек-ми жарақатының, жұқпалардың салдары) әсерін негізгі деп есептейді. Аутизм мидың туа біткен дисфункциясы, сезімдердің тұқым қуалайтын жеткілікті дамымауы нәтижесінде пайда болады немесе ақпаратты өңдеуге қажетті нейронды құрылымдардың дамымай қалуының салдары деген пікір де бар.
Мүмкін, туа біткен эмоциялық нәзіктік, фрустрацияларды көтере алмау, үрейдің туындауының төмен сатысы да маңызды. Бұл жағдайда қандай да бір сыртқы жағымсыз факторлардың нәтижесінде, соның ішінде анасымен эмоциялык қатынастың жеткіліксіздігінен (анасының депрессиясы, қатты қамығуы) сәби сыртқы ортадан қашып, бұйығыланады. Сыртқы орта оның жанын жарақаттайтын қорқынышты әлем болып көрінеді. «Бақалшығына» жасырынған бала өзін жайлы, қауіпсіз сезінеді. Нәтижесінде туған кезден бастап жаппай қорғануға, аутизмге негізделген жеке бас құрылымы қалыптасады, бұл жайт бұдан кейінгі психологиялық, интеллектуалдық, эмоциялық даму үдерісін қандай да бір дәрежеде бұзады.
Балалардың ерте аутизмі 10 000 тұрғынға шаққанда 2-4 жағдайда кездеседі, ал аутизмнің ақыл-ес кемістігімен үйлесуі - 10 000 тұрғынға шаққанда 20. Бұл бұзылыс ер балаларда басым - 3-4:1.
Бала аутизмі деген нақтама қою негізгі үш сапалық бұзылысқа негізделеді: әлеуметтік өзара қатынастың, өзара коммуникацияның жеткіліксіздігі, сондай-ақ іс-әрекеттің стереотипті түрлерінің болуы. Бұлар жеке дамудың жалпы белгілері болып табылады және барлық жағдайда байқалады, бірақ айқындылығы әр түрлі болуы мүмкін. Көбіне бала аутизмімен қатар жүретін ақыл-ой кемістігінің, эпилепсия ұстамаларының, туа біткен қызамықтың, туберозды склероздың, церебральды липидоздың, фрагильді Х-хромосоманың бар-жоқтығына қарамастан, бұл бұзылыс тек қана ақыл-ой дамуына сәйкес келмейтін іс-әрекет ерекшеліктерінің болуына қарай анықталады.
Әдетте бұл ерекшеліктер бала бір жасқа толмай-ақ байқалады және үш жасқа қарай айқын түрде болады.
Ерте бала аутизмінің белгілері. Емшектегі баланың іс-әрекет және әсерлесу ерекшеліктерін ата-ана байқай алады. Бұған емізудегі қиындықтарды жатқызуға болады. Атап айтқанда, нәресте емшектен бас тартады немесе тым сылбыр емеді, немесе тым қомағайланып емеді, тойына алмайды. Бөтелкемен емізуге қатты қарсылық білдіреді немесе, керісінше, емшектен бас тартып бөтелкені қуана емеді. Тәбеті нашар болуы мүмкін, кейде ол тамақты талғап жейді, кейбір өнімдерден, мысалы сүттен, еттен, балықтан, мүлде бас тартады. Науқас балалардың көпшілігінің асқазан-ішек жолы дұрыс жұмыс жасамайды: іші жиі қатады, құсады. Ұйқы бұзылыстары болуы мүмкін: бала не күндіз, не түнде ұйықтамайды, үнемі айқайлайды немесе күндізгі уақыт пен түнгі уақытты ауыстырып алады, кейде, керісінше, төсекте еш мазасызданбай, көзін бақырайтып бірнеше сағат жата береді. Сыртқы қоздырғыштарға жауап беру түрлері де әр түрлі: тым қорқақтықтан бастап реакцияның мүлде болмауына дейін. Және де бала соқыр не керең секілді көрінеді. Жайсыздыққа реакциясы әр түрлі болуы мүмкін: аз ғана қолайсыздыққа тым қатты қозудан бастап қарнының ашқанына, тоңғанына, астының ылғалдануына ешқандай реакцияның болмауына дейін. Кейде бұндай сәбиді ата-анасы «қолайлы», сабырлы, ешқандай қиындық тудырмайтын бала деп санайды. Бұған қоса, аллергиялық көріністерге бейімділік байқалады.
Әлеуметтік өзара қарым-қатынастың бұзылуы қоршаған адамдармен, ортамен қатынастың болмауынан немесе айқын шектелуінен көрінеді. Сәби әлемнен оқшау, өз әлемінде өмір сүреді. Сырт көзге ол қоршаған адамдарды көрмейтін секілді, ол үшін тек өз қызығушылықтары мен қажеттіліктері маңызды секілді көрінеді. Баска адамдардың оның әлеміне «кіру», қарым-қатынаска шакыру әрекеттеріне үрейленіп, агрессиямен жауап береді, өз-өзіне деген агрессия туындауы мүмкін. Көбіне ата-ана балаға жақындағанда олардың даусына жауап қайтармайды, жауап беріп жымимайды, жауап бергеннің өзінде ешкімге бағыттамай, кеңістікке қарап күледі. Баланың көзін, назарын өзіңе аударту қиын. Одан әрі қарай да онымен көзқарасты түйістіру қиынға соғады. Баланың көзқарасы адамды жанап өтетіндей, бейтарап, сонымен бірге ақылды, саналы көзқарасқа ұқсайды. Оның қызығушылығын көбіне адамдар емес, заттар туындатады: ол бірнеше сағат бойы күн сәулесіндегі шаң-тозаңның қозғалысына, өз саусақтарына қарап отыра береді, анасының шақырғанына мән бермейді. Оның жақын адамдарымен қарым-қатынасы да ерекше, мысалы, ол анасына басқалардан ерекше жан ретінде қарамайды. Көтер демейді, қолға алсаңыз, енжар және сылбыр. Көбіне олар басқа адамдармен тәндік қарым-қатынасты ұнатпайды, одан қашқақтайды. Жақын адамдарға немқұрайлы, бірақ уақыт өте келе оларды, көбіне анасын, тым қатты жакын тартып, аз уақыт жалғыз қалса қатты үрейленуі мүмкін.
Баланың бұдан өзге де көптеген өзгешеліктері болады. Мысалы, ол бірнәрсе жасау немесе бір затты алу үшін ересек адамның қолын пайдалануы, бейтаныс адаммен оңай тіл табысуы немесе ұнамайтын, танымайтын адамнан қашқақтап, корқуы мүмкін. Оның басқа балаларға деген көзқарасы да ерекше. Көбіне оларға жансыз зат ретінде қарайды, бақылайды, қосылып ойнамайды, өйткені ойын ережесін меңгере алмайды. Кейде ол басқа балаларға қатты куанып, айқайлауы, тіпті тұншықтыра қысып құшақтауы мүмкін. Сондықтан үрейленген балалар одан аулақ жүруге тырысады. Кейде өзге балаларды ұрса, кейде қорқып қашады. Бұндай бала басқа адамның эмоциялық күйін түсіне алмайды, сондықтан оның реакциясы сайма-сай емес. Мысалы, анасы жыласа, ол күлуі мүмкін. Бірақ кейде ол ата-анасының көңіл-күйін жаксы сезеді, оларды аяйды. Оның қоғамдык орындардағы іс-әрекеті де оғаш. Баланың айқайлап, сөрелердегі заттарға бас салуы мүмкін, ал өзге кісі өзіне көңіл аударса, мазасызданады. Балабақшада ол күн тәртібін сақтамайды, тәрбиешілерге құлақ аспайды, сабаққа қатыспайды, шкафтың ішіне кіріп алуы да мүмкін.
Сырқат баланың қарым-қатынас жасай алмауы көбіне сөйлеу бұзылысына байланысты. Емшек жасындағы бала анасының даусына, сөзіне көңіл аудармайды. Кейін ақыл-ой қабілетінің сақталуына қарай, ол сөзді жақсы түсінуі мүмкін. Басты мәселе — баланың сөйлеуінің коммуникативтік қызметінің болмауы немесе айкын жеткіліксіздігі. Нәресте уілдемейді немесе бұл кеш пайда болады, ол естіген сөздерін, дыбыстарын қайталамайды. Кейбір балалар мүлде сөйлемейді немесе ол өзіне ғана түсінікті «құс» тілін пайдаланады. Егер сөздерді үйренетін болса, оларды әдеттегі мезгілден ерте не кеш меңгереді. Бұл өте сирек, күрделі сөздер болуы мүмкін, және де бала оларды анық айтады. Кейбір сөздер пайда болып, одан соң оның сөздік қорынан біраз уакытқа жоғалып кетуі мүмкін. Оның сөйлеу мәнері бірсарынды, тез немесе баяу болуы мүмкін. Немесе сөздер буын-буынға бөлініп айтылады, жестикуляция болмайды. Оның сөздік қоры мол болғанымен, сөздер өзара байланыспауы ықтимал. Сөздерді өзі ойлап табуы мүмкін: көк - аспан сиякты; қызыл - жеміс, алма түсті. Бала көп уакытқа дейін «мен» деген сөзді қолданбайды, өзі туралы екінші не үшінші жақта айтады: «Қанат далаға шығады», «Үйге баражатырсың», «Отыр». Ол бұрын естіген сөздерін (мультфильмнен, жарнамадан) жақсы жаттап алып, дәл қайталай алады. Оған «иә» деген сөзді меңгеру киын, егер одан: «далаға шығамыз ба?» деп сұраса, «иә» деудің орнына: «далаға шығамыз ба» деп сұрақты кайталауы мүмкін. Кейде ол жақсы сөйлейтін секілді көрінеді, өйткені тамаша есте сақтау қабілетінің арқасында ол сөйлемдерді, тақпақтарды, кітаптың біраз бетін жаттап алып, дәлме-дәл қайталай алады.
Шектеулі, қайталанып отыратын және стереотипті іс-әрекет, қызығушылық пен белсенділік ерте жастан байқалады. Ол өміріндегі өзгерістерді қинала қабылдайды: жаңа тағамнан, күн тәртібінен, киімнен, арбадан, ваннадан қатты шошиды. Жиһаздың орнын алмастыру, күнделікті жүретін бағытты ауыстыру оны ашуландырып, қоркытады.
Ол өз өміріне көптеген салттарды енгізеді және оларды бұлжытпай орындауды талап етеді. Мысалы, ұйықтар алдында ол белгілі бір бірнеше кітаптан, белгілі бір ретпен әңгіме оқып беруді талап етуі мүмкін. Немесе үнемі бір пижамамен ұйықтайды, тәпішкесін шешкізбейді. Оған қозғалыс стереотиптері тән: тербелу, басты шайкау, қолды көтеру, айналу, шеңбер бойынша жүгіру. Ойнағанда да стереотиптер басым: олар бірнеше сағат қатарынан кітаптарды, кубиктерді, машиналарды бір катарға тізіп, оларды пішініне, түсіне, өлшеміне қарай бөле алады. Егер бірнәрсе қолынан келмесе, қатты ашуланады, қозады, бәрін жөнге келтіруге тырысады. Заттың иісіне, түсіне, беткейінің белгілі қасиетіне қызығушылық танытады. Көбіне оның тастамай өзімен бірге алып жүретін сүйікті заттары болады: жіптер, таяқтар. Көбі ересектердің кітап оқып бергенін ұнатады. Кей балалар белгілер мен символдарға қатты қызығушылық танытады, сөздерді таяқшалармен, сандарды әйнекке жазады. Оның музыкалық қабілеті жоғары болады.
Бала аутизмінің басқа да ерекшеліктері бар. Мысалы, қорқыныштар. Көбіне олар қатты шудан, тұрмыстық әлектр құралдардан, желден, жануарлардан, үлкен машиналардан, пианинодан қорқуы мүмкін. Аяқасты пайда болатын үрейлер де болады: бала еш себепсіз кенеттен шошынып, жылайды, айқайлайды, қасына ешкімді жақындатпайды. Керісінше болуы да мүмкін: ол қараңғылықтан, биіктіктен еш қорықпайды: үстел шетімен жүреді, жүзе алмаса да суға сүңгиді.
Аутизмі бар балалардың интеллекті төмен. Ақыл-ойы дамуының коэффициенті (ІQ) мынадай: жартысында 50-ден кем, төрттен бірінде - 50-ден 70- ке дейін, қалғандарында - 70-тен жоғары.
Бала аутизмінің таза түрінде дене дамуы, әдетте, қалыпты болады. Ол көбіне эпилепсия ұстамаларымен, кереңдікпен, соқырлықпен, Аспергер синдромымен қатар жүреді.
Ерте бала аутизмі бар балалардың болашағы. Бала біртіндеп ата-анасымен, аға-інілерімен және әпке-сіңлілерімен терең және мықты карым-қатынас орнатуы мүмкін. Мектепке дейінгі кезеңде балалардың көбі айтарлықтай өзгереді, олардың әлеуметтік бейімделуі жақсарады, олардың сырт келбеттерінен ауыр бұзылысының бар екені байқалмайды. Ол өзіне айтылған сөздерді бұрынғыдан гөрі жақсы түсінеді, басқалармен қарым-қатынас орнатады, бірақ қарым-қатынаста өзара әрекеттестік болмайды.
Жасөспірім шақта және ересек кезде кейбір балалардың әлеуметтік дамуы жақсарады. Олардың аздаған бөлігі жасөспірім шақта алға қарай біршама қадам жасайды және кішкентай кезімен салыстырғанда функциялары айтарлықтай жақсарады. Аутизмі бар балалардың көбі бұл шақты онша қиындықсыз, әлеуметтік салада айтарлықтай жетістіктерге жетпей өткереді. Алайда жасөспірімдік шақта 40 пайызының жағдайы нашарлайды, кейде бұйығылана түседі, басқа адамдарды өзіне жолатпайтын болады.
Емдеу-түзету көмегінсіз аутизмі бар балалардың 70 пайызының мүгедекке айналатындығы және өзге адамдардың көмегін үнемі қажет ететіндігі белгілі. Емдеу-түзету шараларын ерте бастау аурудың болжамын айтарлықтай жақсартады.
Аутизмнің емі. Дәрі-дәрмектермен емдеу синдромдық принцип бойынша тағайындалады және ауру белгілерін азайтуға бағытталады. Эпилепсия ұстамалары болған жағдайда оған қарсы дәрілер тағайындалады. Сырқат баланың ауруханада жатып емделуі ұзақ болмауы тиіс. Бұнда ескеретін жайт, ауруханаға баланы ата-анасыз жатқызады, сондықтан бала үшін бұл үлкен психологиялық жарақат.
Түзеу жұмыстары интеллектуалдық дамуы төмен балаларға қажет, ол сырқат баланың эмоциялық, қарым-қатынас аясын, қоршаған әлемді қабылдау ерекшелігін ескеретін арнайы әдістеме бойынша жүргізілуі тиіс. Ең дұрысы – педагогикалық әсерді, музыкалық, би және басқа сабақтарды, міндетті түрде психотерапияны қамтитын кешенді жұмыс.
Аутизм кезіндегі психотерапия. Ерте бала аутизмі кезінде, әсіресе сөйлеу және инттелектуалдық бұзылысы бар балаларда, психотерапия кешенді терапиялық емнің құрамдас бөлігі болуы тиіс.
Интеллектуалдық, сөйлеу дамуында кемістігі жоқ балалар үшін психотерапия ең маңызды терапиялық құрал болып табылады. Ол баланың эмоциялық мәселелеріне әсер етеді, айналадағы адамдармен толыққанды қарым-қатынас орнатуға, терең психологиялық бөгетті, қорқыныштарды жеңуге көмектеседі. Аутизмі бар балалардың бәрінде, олар бұл туралы айтпаса және шағымданбаса да, қорқыныш болады. Бұл – әлемді қауіпті нәрсе деп қабылдауға, баланың өз-өзін қабылдауына байланысты қорқыныштар. Аутизм – жаппай қорғанудың бір түрі, ол баланың бүкіл эмоциялық-психологиялық дамуына теріс әсер етеді. Осыған байланысты психотерапия – ұзақ үдеріс. Ең дұрысы – бір жыл бойы аптасына 3-4 сеанс жүргізу. Сонда жұмсалған күш-жігер өз нәтижесін береді.
Н. Есенғазы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Арайлым
Емдеуге болама? Жазылып кете ма?