(Мектеп бітіруші шәкірттер үшін өтінішпен жазылған).
Халқымыздың тілінде азамат, азаматтық ұғымы екі түрлі мағынада қолданылатындығы бар. Екеуі де – қастерлі, екеуі де – қасиетті ұғым. Бірі – адамның өз мемлекетіне деген саяси-құқықтық тұрғыдағы қарым-қатынасын айшықтайтын заңдық мәні бар ұғым болса, екіншісі – адамның ішкі қадір-қасиетінің өлшемін бағалайтын киесі бай ұғым. Осы екі ұғым мағыналық тұрғыдан алуан түрлі болып көрінетін болса да, ішкі ой, таным тұрғысынан алғанда бір-біріне тіпті жақындай түсетін секілді. Себебі белгілі, бірінші ұғымда Отан деген қасиетті сөзді еске алып тұрсақ, ал екінші ұғымда адамның ар-ожданы, ұят-иманы, сана мен жан-дүниесінің асқақтығы тілге оралады. Айтылған қастерлі сөздердің бәрі, айналып келгенде, біз үшін рухани тұрғыдан нәр аларлық мағынасы бар дүниелер екендігі даусыз.
Әйтсе де осы азаматтық деген ұғымның өзі айтар сөзге келгенде ғана оңай, соншалықты жеңіл көрінгенімен, мұны бойға сіңіру, дарыту оп-оңай шаруа емес. Себебі бұл ұғымның арғы жағында табиғи мөлдір бастау болып саналатын тек пен тәрбие дейтін қастерлі ұғымдардың жататындығы да анық.
Қазақ халқы – ежелден-ақ бала тәрбиесіне аса ден қойған халық. Тіпті ұлттың табиғи қадір-қасиет, болмыс-бітіміне көз жүгіртіп отырсақ, халқымыз болашақ перзенттің ана құрсағында жатып-ақ сол ананың жан-дүниесінің тазалығымен тыныстай алуы мүмкін екендігіне сенгендей. Перзент дүниеге келместен-ақ оның болашақ тәрбиесіне мән беріп қараған тәрізді. Қазақ халқының тәлім-тәрбиесінде ұстанған ең басты нысанасы – ар, ұят, ождан мәселелері, бір сөзбен айтқанда, жанның тазалығы болды. “Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы” деген сөздерді өзінің ұрпағының бойына сіңіріп өсірген халық. Сондықтан да осы айтылған қасиеттер ұлдың да, қыздың да бойынан табылатындай етіп тәлім беруді басты қағида етті. Оған “ананың ақ сүті” деген қасиетті ұғымды қосыңыз. Осының барлығы перзент келешегінің табиғи тұрғыдағы мөлдір бастауы, бұлағы емес дей аласыз ба? Бала бойындағы асыл текті қалыптастырудағы алғашқы мектеп, алғашқы тәлім осында жатыр. Соны етене ұғынған халықтың өзі философиялық астары үлкен, зор мәнге ие болып келетін “Үйдің жақсы болмағы – ағашынан, жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан”, “Алып анадан туады” секілді қастерлі сөз-ұғымдарды бекерден-бекер айтқан жоқ. Енді осынау қасиеттерге әке қанын қосыңыз. Жеті атаға жетпестен қыз алыспаған, қан тазалығына қатты мән берген қазақ халқы тек деген ұғымға аса көрегенділікпен назар аударады. Себебі біз сөз етіп отырған азамат болу, азаматтық таныту сияқты ұғымдардың ар жағында да осы тек ұғымы кейде бірінші болып көлденеңдеп тұратындығы да бар. Қазақта кейде қоғамда биік азаматтық танытып жүрген жандар туралы “бұл бір жақсының ұлы еді, бұл бір жақсының қызы еді, айналып келіп өзінің негізіне тартып тұр ғой” деп сөйлейді. Енді осыған “Атаның баласы болма, адамның баласы бол” деген тәлім мен тәрбие мәселесін үстей түссек, әлгі қасиетті түсініктердің ұғым-аясы бұрынғыдан да кеңейіп, бұрынғыдан да айшықтана, бұрынғыдан да ажарлана түспес пе?!
Жақсы тәрбие – жан азығы. Өсіп келе жатқан бала жас шыбық секілді, қалай исе, солай икемделеді. Осыны сергек көңілмен ұғынған халық бала тәрбиесіне бесігінен мән беріп қарады. Табиғи-философиялық әуенге, сазға толы бесік жырының бойында астарлы, мол қасиет жатты. Бұл тегіннен-тегін емес. Қасиетті саздың бүкіл болмыс-бітімінде даралықпен өрілген адамгершілік, имандылық бастауы, даналықпен телінген сананың асқақтай түсуі, жаңғырығуы, сергектікке ие болуы – бәрі-бәрі осынау табиғи мөлдір, кіршіксіз бастау-бұлақтардың нәтижесі екендігі даусыз. Ендеше, қасиетті азамат, азаматтық таныту ұғымдары ересек адамның бойынан өз-өзінен көрініс таба қоймайды екен. Бұл қалай десек те, оның тегі мен өзі өскен отбасындағы ата мен ананың тәлім-тәрбиесінің жемісі екендігі анық.
Міне, біз қаншама жылдар тәлім алған алтын ұя – аяулы мектебімізден ұшқалы отырмыз. Армандарымыз – асқақ, мақсаттарымыз – биік, сапарымыз – айқын, жолымыз – ақ болсын деп тіледік. Ендігі сәтте аяулы ата-аналарымыз бен ардақты ұстаздарымыз дарытқан тек пен тәлімді өмірдің өз тәжірибесінде сынап көретін сәт туды. Иә, біз ертеңгі маманбыз. Жақсы маман болуға да талпыныс жасайтындығымыз анық. Бірақ әңгіме осымен ғана шектелер ме екен? Біз ең алдымен адамдық ар-ұяттың, адалдық пен жақсылықтардың, әділдік пен қайырымның, Отанға деген перзенттік қызметтің, елге, туған жерге деген шынайы махаббаттың өлшемінде өмір сүре аларлық маман болуымыз керек. Біздің жан-дүниемізге білім ғана емес – биіктік, таным ғана емес – тереңдік ұя салғанда ғана, біз азаматтық қалпымыздан ауытқымай өмір сүре алмақпыз. Бұл жол оңай емес. Бірақ өмірдің шынайы да мәртебелі, адастырмас айқындығы бар жалғыз соқпағы осы ғана. Өмір енді басталды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі