Өлең, жыр, ақындар

Буын сіңірінің созылғанда сылап-сипау

Сіңір созылғанда буынды құрастырып тұрған сүйектердің бір-бірінен ығысуына әкеліп соғады. Бір жағына тартылып кеткен буында тек сіңір созылып қоймай, буын қабы, шеміршек, тарамыс, айналасын қоршаған бұлшық еттер мен тамырлар, жүйке талшықтарының бәрі бүлінеді.

Буын зақымданғанда сіңір тек созылып қана қоймай, кейде тіпті сүйекке бекіген жерінен үзіліп те кетеді. Сол кезде сүйекке ақау түседі. Оның бір бөлшегі бөлініп кетеді немесе жарықшақтанып айырылып кететін кездері де болады. Осылай жарақаттанған буын ісіп, жанға батып ауырады. Әлбетте адам ол буынды, тіпті сол буынға жақын аяқты, не қолды қозғай алмайды. Буын қатты зақымданса, қабынып, тіпті қозғалмай қалуы да мүмкін.

Екінші не үшінші күннен бастап сылап-сипайды. Жарақаттанған қолды немесе аяқты жоғары ұстап таңып тастайды, одан соң буыннан жоғары массаж жасайды: алдымен сипайды, үстіртін ысқылайды, кейін бұлшық еттерді қол батыра жұмсартады. Осылай денені сылап-сипауға машықтандырған соң үш күннен кейін буынның өзін, сіңірлерін, етпен жалғасып жатқан тарамыстарын үлкен ұқыптылықпен қолдың саусақтарымен сипап шығады. Бұл кезде саусақтарды буынға терең батырып әбден сипайды. Массаж буынды бүгіп-жазатын қимылдармен аяқталады.

Үшінші-төртінші күндерден бастап ысқылау, қимылдау тәсілдерін қолданып, 5-6 күннен кейін буынның толық бүгіліп-жазылуын жүзеге асырады. Егер адам өзі аяғын не қолын қимылдата алмаса, сылап-сипаушы көмектеседі. Тек қол не аяқты бір бағытта ғана емес, барлық жағына шыр айналдырып, батылырақ уқалайды.

Буындардың ішіндегі ең қиын массаждалатыны – тізе буыны. Оның құрылысының күрделілігінен бе, немесе қоршаған сіңір-тарамыстардың жиі жарақатталуынан ба, әйтеуір, тізені сылап-сипау біраз қиындықка түседі.

Кішкене бала болсын, егде тартқан қариялар болсын, абайсызда сүрініп кетсе, тізе зақымдалады. Көбінесе тізе буынының ішінде креске ұқсаған тарамыс не екі жағындағы тарамыстар мыжылып, бөлініп кетеді. Ол кезде адам аяғын баса алмай қалады. Аяқтың өзі жылжымалы жәшік сияқты алға не артқа еріксіз кетіп қалады. Егер тарамыс үзілсе, тек хирургиялық көмек керек. Яғни, оларды біріктіріп тігу қажет. Содан соң физиотерапия, массаж, емдік гимнастиканы қолданады.

Тізені бүгу үшін ауру аяқты бір нәрсенің үстіне немесе сылап-сипаушының тізесіне не санына қояды. Осылай түзу аяқты, тізені бірнеше рет сипаған соң ептеп тізені бүгеді. Енді буынның айналасын бүгеді. Тізе тобығын жеке сипап болғаннан кейін екі жағынан тақымға дейін және керісінше қимылдар жасап, ортан жіліктің төменгі жағындағы бұдырға дейін барады. Осылай тізе тобығының айналасын сіңірлер тарамыстары бекіген жерлерін мейлінше тереңдете сипайды. Мұндағы мақсат – бұрынғы жиналған сарысуды төмен ығыстыру. Буынға сарысу көп жиналса, көмпиіп ісіп кетеді. Сондықтан саусақтардың ұшымен буындағы суды сығып алғандай бөледі. Осылайша сипайды, ысқылайды, ең ақырында сылап-сипаушының көмегімен не мүмкіндігінше өзі тізені ауыртпай қимыл жасайды.

Егер буын қатты ауырып, ісіп кетсе, онда қимыл-қозғалысты басқа буындарға жасайды. Оның өзі де үлкен пайда, өйткені, аяқтың қан айналысы жақсарады. Ал жарақаттанған буынды уақытша қозғамай таңып тастайды.

Буын зақымданған кезде, оқыста орнынан тайып кетсе, мамандар алдымен оны орнына салуы керек. Содан соң ғана белгілі бір әдіспен сылап-сипайды.

Гүлбаршын Икіманова, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз