Суық тигенде емделудің ең жақсы жолдары қандай, ауырған кезде қыша қағазын қоюдың, йодпен тамақ шайқаудың, сондай-ақ вирусқа қарсы дәрі-дәрмек сатып алудың қажеті бар ма деген сияқты сұрақтарға жауапты осы мақаладан таба аласыз.
Суық тию — диагноз емес. Бұл көбіне қыс пен күз мезгілдерінде, күннің суығында пайда болатын аурулардың тұрмыстық деңгейде тараған үйреншікті атауы.
Суық тигенін мұрынның бітелуінен, тамақтың ауырғанынан, жөтелден, бас ауруы мен әлсіздіктен білеміз. Кейде дене қызуы да көтеріледі.
Суық тиді деп айтылатын ауру суықтың себебінен пайда болмайды. Әдетте суық тию — бұл медициналық карталарда ЖРВИ аббревиатурсымен белгіленетін вирустық инфекция.
Айналамызда ұқсас ауру белгілерін тудыратын вирустардың саны өте көп. Вирустар көпшілік жиналатын орындарда (көлікте, кеңселерде, мектепте) ауа немесе қол арқылы таралады. Ағзаға микробтар енген кезде, иммунитетіміз шабуылға жауап ретінде антиденелер — вирусты өлтіретін қорғаушы ақуыздар өндіреді. Бұған бірнеше (3-10) күн кетеді, ал содан соң иммунитет микробты жояды.
Вирустар жылдың суық мезгілінде таралады және нақты не үшін солай болатындығы белгісіз. Төмен температураларда иммунитетіміз әлсіреп, оның вирустар шабуылына тойтарыс беру қабілеті нашарлайды деген теория бар. Бұл дегеніміз, суық тиюге киілмеген бас киім емес, ағзаның микробтармен күреске дайын еместігі себеп болады.
Айта кететін жайт, тұмау да ЖРВИ-ге жатады, бірақ ол әлдеқайда күрделі әрі қауіпті вирус болып табылады.
Негізінде суық тию шамамен бір апта ішінде, антиденелер пайда болу барысында өзінен-өзі қайтады. Бірақ біз ауруды жеңілдете аламыз.
Әрине, жұмыс бастан асып жатқан кезде, болмашы ғана ауруға бола еркінсініп, өз-өзімізге демалыс жариялай алмаймыз. Алайда, ағза да вирустармен күресіп, маңызды әрі күрделі іс атқаруда.
Өзін нашар сезінген адам үшін нағыз керегі — жатып демалу.
Сонымен қатар, респираторлы вирустар (тыныс алу жүйесін зақымдайтын түрлері) өте жұқпалы. Тіпті ауырғанның өзінде жұмысқа не сабаққа баруға күшіңіз жетіп тұрса да, вирустың ағзасы әлсіреген адамға жұғып кетуі мүмкін екенін ұмытпаңыз. Әрі сол адамға аурумен күресу оңай болмайды.
Бұл “күніне сегіз стақан су ішу қажет” дейтіндей кеңес емес. Суық тиген кезде адамға шын мәнінде сұйықтық қажет. Кептірілген жемістен жасалған компот немесе жылы шай аурудың белгілерімен күресуге көмектеседі. Күніне сау кезіңізде ішетін мөлшерден 3-5 шыныға артық ішкен жөн.
Ағзада сұйықтық жеткілікті болған жағдайда вирустар кесірінен ең көп зардап шегетін барлық шырыштылардың жұмыс істеуі жеңілірек болады. Адам ауырған кезінде көп сұйықтық ішсе, өкпедегі қақырық пен мұрындағы шырыш жеңіл шығады, яғни вирустық бөлшектер денеде ұзақ бөгелмейді.
Қатты қызу көтерілген кезде дене көп ылғал жоғалтады, сондықтан жоғары температура да бір шыны шай ішуге себеп болады.
Шайға шөптер (түймедақ, жөке, сәлбен) қайнатпасын қосуға болады. Олар суық тию белгілерін жеңілдетуге мүмкіндік береді, әрі шай мәзірін аз да болса түрлендіре түседі.
Мұрын аурулары әр түрлі болғандықтан, мұрынға тамызатын дәрілердің де түр-түрі кездеседі.
1. Тамызатын дәрілердің тұзды су қосылған түрі. 0,9%-дық тұз ерітіндісі — шырышты ылғалдандыратын жақсы дәрі. Ол мұрынды барынша жұмсақ жолмен жуып-шаюға әрі ішінен шырышын шығаруға көмектеседі. Кейбір өндірушілер теңіз суын ұсынады, бірақ негізі дәріxанада сатылатын кәдімгі физерітіндісін (0,9% натрий xлориді ерітіндісін) қолдануға да болады: оның бағасы арзанырақ. Тұзды суды үйде жасауға да болады. Ол үшін бір шай қасық тұзды бір литр суда еріту қажет. Мұндай суды жиі тамызып тұруға болады, әр жарты сағат сайын. Сонда сіз қарапайым емдік заттың бар күшін шын мәнінде сезіне аласыз.
2. Майлы тамызатын дәрілер. Мұрын бітелмеген жағдайда көмектеседі. Олар шырышты қабықты ылғалдандырып, тыныс алуды жеңілдетеді.
3. Тамыр тарылтқыш тамызатын дәрілер. Олар мұрындағы тыныс алуды қиындататын ісікті кетіреді. Мұндай дәрілерді пайдаланғанда абай болған жөн: дағдыланып кетпеу үшін оларды бес күннен артық қолданбау керек, әсер етуші затпен улануды болдырмау үшін инструкцияда көрсетілген мөлшерден асырмау қажет (әсіресе бұл балалар үшін маңызды).
Ауырған тамаққа жұмсақ терапия жақсы көмектеседі: жылы шайды аз-аздан ұрттап ішу, жылы сұйықтықпен шайқау, соратын дәрілер пайдалану.
Тамақты шайқағанда да өзіңізге ұнайтынын таңдаған жөн. Мысалы, аталған шөптер (түймедақ немесе қырмызыгүл) қайнатпасымен шайқауға болады.
Өзіңізді йодтан, содадан немесе керосин негізіндегі алоэдан эликсир жасауға мәжбүрлемеңіз.
Шайқаудағы мақсат — барлық тірі организмді жою емес, ауру мен жұтуды жеңілдету. Бәрібір вирусты мұндай әдіспен жуып кетіре алмайсыз.
Бас қатты ауырып, сынып бара жатса, өз-өзіңізді қинамай, ибупрофен немесе парацетамол негізіндегі дәрілерді ішіңіз.
Дене қызуы 38,5 °C-тан жоғары болғанда ғана оны түсіру үшін әрекет етіңіз. Бұл шамаға дейін температурамен күреспеген жөн, өйткені ол вирустарды жою үшін қажет. Әрине, егер сіз өзіңізді нашар сезінсеңіз, ауруды және қызуды басатын дәрі-дәрмек ішкеніңіз абзал.
Терезенің желдеткішінен кірген таза ауа мен өтпе жел жағдайыңызды нашарлатпайды. Керісінше, олардың көмегі тиеді. Желдету — бұл бөлмедегі ауаны микробтардан тазарту жолы, дезинфекциялаудың ең қарапайым әрі қолжетімді әдісі.
Таза ауада жаймен серуендеу өзіңізді жақсырақ сезінуге көмектеседі, алайда серуеннің сауда орталығында емес, саябақта немесе адам көп жүрмейтін аллеяда болғаны дұрыс.
Әрине, өзіңізді азды-көпті жайлы сезінгеніңізде немесе жазыла бастағаныңызда ғана серуендеудің пайдасы тиер.
Демек, суық тигенде ауру өзімен өзі қайтады және оны емдеудің қажеті жоқ. Бірақ, мұны қабылдау қиын, тезірек қандай да бір шара қолданып, ағзаға қалай да әсер еткің келеді — қол құсырып отыра алмайсың ғой? Алайда, нағыз керегі де сол. Суық тию аурулары үшін күтім мен режимнің өзі ем болып табылады, олардың маңыздылығын да жете бағаламауға болмас.
Дәрі қорапшасын көздегеніңізде не істемеу керектігін есіңізде сақтаңыз:
1. Антибиотик ішу. Антибиотиктер тек бактерияларға әсер етеді және вирустарды өлтірмейді. Бактерияға қарсы дәрілерді көрсеткіштерге негізделмей ішу қауіпті: небір жанама құбылыстарды жиып алып, емге де көнбейтін супербактерияны өсіріп алуыңыз мүмкін.
2. Дәріxанадан вирусқа қарсы дәрілерді және иммуномодуляторларды сатып алу. Олардың тиімділігі дәлелденбеген, тек әмияныңызды босату жағынан алғанда өз жұмысын 100%-ға атқаратыны сөзсіз. Бұл айтылғандар гомеопатияға да қатысты.
3. Қыша қағаз салу және аяқты булау. Әжелер мен ата-аналар сондай жақсы көретін бұл әдістер аса қауіпті: ыстық судан немесе қышадан күйіп қалу қатері зор. Мұндай шаралар вирустарды өлтірмейді. Медициналық колледждерде бұл процедуралар пациент өзіне деген қамқорлықты сезініп, ауру жайында мейлінше аз ойлауы үшін, яғни оның көңілін аулау мақсатында қолданылатын ем-шара ретінде оқытылады екен.
4. Көп дәрумен ішу. Әсіресе С дәруменін. Кезінде суық тиіп ауырғанда оның көмегі тиеді деп ойлаған. Шындығында олай емес, бірақ ескі сенімдер ұзақ жасайды.
Жалпы денсаулығы бірқалыпты адам үшін суық тию қауіпті емес. Бірақ, егер өз-өзіңді қинап, ағзаның сауығуына жол бермесең, ауру асқынып кетуі мүмкін. Мысалы, вирустық инфекцияға бактериалдық инфекция қосылады, ал ол ұзақ емделеді, немесе суық тию өкпенің қабынуына ұласып кетеді. Сонымен бірге, инфекция созылмалы болып кетуі мүмкін, яғни ол үнемі қайталанып тұратын болады.
Сондықтан, кез келген суық тию — өз-өзіңе көңіл бөліп, денсаулықты қалпына келтіру үшін уақыт табуға бірден-бір себеп.
Суық тию түрінде әлдеқайда ауыр дерт жасырынуы мүмкін. Егер төмендегідей жағдайлар орын алса, міндетті түрде медициналық көмекке жүгініңіз:
- Ауру белгілері үш апта ішінде қайтпаса.
- Қандай да бір аурудың белгісі күшейіп кетсе немесе ауырта бастаса.
- Тыныс алу қиындаса.
- Кеуде тұсы ауыра бастаса.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Арай
Сайттарыңыз супер, рахмет сіздерге!
Нургул
Кенеске Рахмет пайдасы оте Жаксы