Өлең, жыр, ақындар

Зейінді психологтың кішігірім құпиялары

Адамдардың сөйлеген сөздері олардың шын мәнінде ойлағаны мен сезгеніне әрдайым сәйкес келе қоймайды. Бірақ мұндай жағдайларды қалай түсініп білуге болады? Бұл сұраққа жауап беру үшін ым-ишара мен дене бітімінің тілін білу қажет, себебі, адамның ішкі  жан дүниесі, ойы, эмоциясы мен оның армандары туралы нағыз маңызды мәліметтер осы болып табылады.

Маған, мектеп психологы ретінде сабақтарға көбірек кіруге тура келеді. Сабаққа кірудің барысы баланың тәртібін бақылау, сабаққа дайындалуын қадағалауда жатыр. Мен әріптестерімнің назарына өз қадағалауларымның нәтижелерін ұсынғым келіп отыр және де бұл нәтижелер тек қана психологтарға ғана емес, әр мұғалімге, әр ата-анаға, балалармен жұмыс атқаратын барлық педагогтарға қызықты болар деп есептеймін.

Менің ойымша жеке тұлғамен танысу, мұғалімнің сыныпқа кірген-ақ сәтінен басталады. Оқушылардың сәлемдесу барысындағы жағдайы мұғалімге (есік алдында тұрса, орнынан тұрса, орнында отыра берсе), әр балаға баға беруге толық жол ашады. Баланың мінезі ашық, әлде керісінше тұйық екенін осыдан білуге болады. Оқушының қалыбы тыңдау үдерісінде баланың небір ақпаратты қабылдауға ашық немесе жоқтығын білдіреді. Егер бала алға қарай бүгіле отырса, онда ол білім нәрін сусындауда, немесе бала артқа ауытқып, орындықта теңселіп отырса, оқуға мүлдем ынтасы жоқ екенін көрсетеді. Мұғалімдерге бұл оқушының қалыбы ұнамауы бекер емес. Анда-санда оқушылар орындықтан төмен қарай ауытқиды, бұл қылығымен бала ақпараттың тасқынынан партамен «қорғанғандай» болады. Егер де бала партаға кеудесімен сүйеніп отырса (мұндай қалыпта бала бүкірейе бастайды), баланың сабаққа жауапкершілігі мол екенін көрсетеді. Сабақты жазу кезінде дәптердің партада жату жағдайы өте маңызды. Дәптер неғұрлым көлденең жатса, соғұрлым баланың сабаққа деген көңілі қиналу, наразылық білдіру ретінде болып келеді деген сөз. Кей кезде айрықша тұйық балалар өз дәптерін мұғалімнен кітаппен немесе қолымен жабуға тырысады. Құрметті қауым, естеріңізде сақтаныздар, балалар қате үшін жаза алудан қорқып, тұйықтықтан немесе өз-өзін төмен бағалағандықтан дәптерін қолымен жабуға тырысады. Егер оқушылар сабақ уақытында, әсіресе оқу барысында, кітап астына қоятын тіреуді қолданса, бұл да жазадан қашудың бір себебі. Бірақ бала мұндай жағдайда өзінің сергіп демалу үшін құқығын қорғайтыны рас. Демалу үшін бала қаламды, кітапқа арналған тіреуді бір орыннан екінші орынға жылжытады немесе сөмкесін қопара бастайды. Егер осы белгілерді көрсеңіз, үзіліс жасауға уақыт келді деген сөз. Оқушылардың көңілдерін басқа нәрсеге аударып, сергіту жаттығуын жасауға болады. Жауап қайтарып қол көтеру әрекеті өзіне деген сенімділіктің белгісі екенін білдіреді. Көп аяншақтық танытатын балалар қолдарын партадан үзе алмайды, ал жомарт жандар  керісінше өзін  жақсы жағынан көрсете біледі. Орнынан айқайлау баланың тәрбиесінен өзге, оның тұлғасына деген мұғалімнің қызығушылығына сенімсіздігі мен сыныптастарын қадірлемеу болып табылады.

Тақтаға шығу – бала үшін әрдайым стресс болып табылады. Әлсіз, тұйық балалар сыныпқа қырымен тұрып мұғалімге жауап береді; өз-өзіне сенімді бала арқасымен тақтаға қарай сүйеніп, сыныпқа қарап тұрады; ал өзімшілдер алдыңғы партаға сүйеніп тұрып алады; бір үлкен мәртебеге ие болғысы келген бала мұғалімнің орнына тұрғысы келеді, ол үшін әрекет те жасайды. Егер сыныптың көшбасшысы орнынан тұрып сөйлесе, оқушылар түгел оған бұрылып қарайды; одан кері бұрылған бала оның қарсыласы деген сөз (мүдірген кезде көмек көрсетпейді). Сыныпта орташа буында орын алған бала жауап берсе, достары әрдайым көмек беруге дайын тұрады. Нағыз шығай бала көмек емес, сыныптың күлкісіне қалады. Орнынан тұрып жауап берген бала жайында көп нәрсе айтуға болады. Ол баланың сабаққа дайындығы туралы немесе жауапқа дайын еместігі сияқты. Егер мұғалім сұрақ қойған соң бала абыржып кітаптың беттерін аша бастаса, бұл оның үйде оқымағанын айдан анық білдіреді немесе оқушы талаптанып кітап беттерінен іздесе, онда ол үйде оқып дайындалғанын айтады. Оқушылар кейде не себепті абдырап қалғанын түсінбейді: қиын сұрақ па, әлде ойлануды талап ету ме немесе сұрақты дұрыс түсінбеу ме, онысы белгісіз. Егер қойылған сұрақтан соң оқушы іздеуден бас алмаса – сұрақ қиын , егер орнында тұрып қалса сұрақ түсініксіз деген сөз. Сұрақ қою барысында бала есінесе, бала қапырықта емес, керісінше қобалжып, ойы шиеленісуде екенін білдіреді; сурет салып отырған оқушы тыныштық табуға тырысады; мұғалімнің көзіне тура қарап отырса, ол жауап бергісі келіп тұрады. Тағы оқушы жайында көп ақпарат беретін үлкен жайт, ол оның қиын сабақ үдерісіндегі мінез-құлқы (сабақ оқуға уақыт жетпейді немесе түк білмейді). Өзін ғана ойлайтын бала өзіне жеңіл тапсырмаларды сұрай бастайды және мұғалімді кінәлай береді. «Әділеттілік үшін күрес» дегеніміз – жұмыстың орындалуының нанымсыз екенін дәлелдеу; өз кінәсін мойындамаған оқушы – біреуге жала жауып, оның үстіне тапсырманың орындалмайтынын мұғалімге дәлелдейді; еңбекқор адам-сөзсіз жұмыс атқарады; өзгенің еңбегін пайдаланып қалғысы келетіндер біреуден көшіріп алғысы келеді. Оқушыларды сабақ уақытында одан да көбірек зерттеуге болады, мысалы: өте жақсы есту қабілеті бар бала көзін жай ғана жауып қойып, сабақты қайталап отырады; көру қабілеттері жақсы балалар түсініп оқып алуға тырысады; ал кейбір балалар оқығанды саусақтарымен жүргізіп отырады. Негізінде , оқу барысын зерттеу баланың ішкі жан-дүниесін біліп тануға бағыт беріп қана қоймай, сонымен қатар түрлі психологиялық диагностикалардың туындауына да себепші бола алады. 

Бедерова Меруерт Темирханкызы
Қарқаралы ауданы, Тегісшілдік ауылдық округі
ЖББ №6 орта мектебі КММ–нің педагог–психологі

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз