Маржан өседі, пальма өнеді, адам өледі.
Таити елінің мақалы.
А Чо французша білмеуші еді. Адам толы сот залында әкімдердің алма-кезек баспалата сөйлеген сөзіне, судырлаған «р»-ға мүкі түсініксіз француз тіліне құлағын салып, зерігіп, басы қатып, мең-зең болып отыр. Ачоның ұғымында осының бәрі мағынасыз мылжың сөз. Чун Ганы өлтірген кісіні табамыз деп қаншама әбігерленіп, ұшығына шыға алмай-ақ қойған осынау есалаң француздардың ісіне ол қайран қалды. Оны А Сань өлтіргені плантацияда істеп жүрген бес жүз кулидің бәріне мәлім, ал бұлар болса А Саньді қамаған да жоқ. Бір-біріміздің үстімізден әкімдерге астыртын сөз жеткізбейік деп кулилердің өзара уәделескені рас, бірақ француздар іске шындап кірісер болса өлтірушінің А Сань екенін оп-оңай біле алар еді ғой. Япыр-ай, мынау француздарың не деген топас халық еді!
А Чо оғаш ештеңе істеген де жоқ, қорқатын да дәнеңесі жоқ. Кісі өлтіруге араласпағаны айдан анық. Рас, дүрмектің ішінде бұл да болды, Шеммер бастық баракқа кіріп келгенде ондағы өзге төрт-бес қытаймен бірге мұны да көрген. Көрсе ше? Чун Ганың денесінде екі жерде ғана жаpa бар. Бес-алты адам жабылса екі-ақ жара салмайтыны анық қой. Тіпті өлтірушінің әр қайсысы бір-бірден пышақ сілтегенде де өлтірушілер екі кісіден артық болмауға тиіс.
Судьяның сұрағына берген жауабында А Чоның өзге төрт жолдасымен бірге өтірік айтып, сөзінен жаңылып, түрлі саққа жүгірткендегі айтқан негізгі дәлелі осы болатын. Шыңғырған дауысты естісімен Шеммер сияқты бұлар да баракқа қарай жүгірген. Бірақ бұлар кісі өлген баракқа Шеммерден бұрын кірген — бар болғаны осы. Рас, Шеммер өзінің жауабында:
— Барак қасынан әлдеқалай өтіп бара жатып, біреулердің өзара азан-қазан болып керісіп жатқанын естідім де, құлағымды тосып, есік сыртында бес минуттай тұрдым, сонан кейін ішке кіріп барсам, мынау айыпкерлердің бесеуі де сонда тұр екен. Олардың менің алдымда ғана кіруі мүмкін емес, өйткені баракқа кіретін жалғыз есіктің көзінде өзім тұрдым ғой. Мен ешкімді көрген жоқпын,— деді. Көрмесе ше? А Чо да, басқа төрт айыпкер де Шеммердікі қате деп тұрып алды. Әйтеуір өздерін түбінде босататыны анық қой. Бұған ешқайсысының күмәні Жоқ. Өлген кісінің денесіне пышақ екі жерден ғана тиген болса, ол үшін бес кісіні бірдей дарға асуға болмайды. Оның үстіне Чун Ганың қалай өлтірілгенін ақ малғұндардың бірде-бірі көрген жоқ. Әй, бірақ француздар еселаң халық қой.
«Қытайда болса ғой,— деп ойлады А Чо,— судья бәрімізді азаптауға әмір етер еді де, шынын қолма-қол біле қояр еді! Жанын қинамасаң жұрт саған шындығын айта қоя ма? Бірақ француздар дүре соғу дегенді білмейді, нағыз делқұлы-ау өздері! Мейлі, өз обалы өзіне, олар бүйте берсе Чун Ганы кім өлтіргенін ешуақытта біле алмайды».
Бірақ Ачо түсінбейтін жайлар да баршылық. Плантацияның қожасы ағылшын компаниясы еді, компания Таитиға бес жүз кули әкелген, бұған қырауар қаражат жұмсалған. Акционерлер болса, қазір олжадан үлесін сұрап, өліп отыр, оларға компания әлі ештеңе төлеген жоқ, сөйткен компания өзі шартты мерзімге әрі қымбатына келіп отырған жұмысшыларының бірін-бірі өлтіре бергенін мақұл көрер ме. Оның үстіне француз әкімдері өз елінің заңы өзгенікінен мүлде артық, әрі керемет күшті екенін қытайларға аңғартуға асығып жүретін еді. Ендеше орайы келгенде ойына салып қойғанға не жетсін. Сонсоң олар Жаңа Каледонияны қай қажеті үшін ашып отыр ғой дейсіз. Оны пендешілік пен есекдәмеден өзге жазығы жоқ бақытсыз бишараларды сонда жер аударып, өлгенше азапқа салып, өмір жағын өксіту үшін әдейі әзірлеп қойған жоқ па?
А Чо мұның бәр-бәрін түсіне бермейді. Ол парықсыз судьялар үкімін шығарса екен деп сот залында күтіп отыр, оның ойы абақтыдан босап шыққасын жолдастарымен бірге плантацияға қайта оралып, шартты мерзімін өтеу. Көп ұзамай үкімін де естіртетін болар. Іс қаралып болуға жақын ғой, сірә. Тәрізі соған ұсайды. Куәлардан жауап алып болды, жын жайлаған француздардың да шүлдірі басылды. Ақыры француз екеш француздар да қалжыраған-ау, сот үкімін күтіп, тықыршып отырғанын қарашы. Осылайша телміріп отырғанда А Чоның шартқа қол қойғаны, Таитиге баратын кемеге ымырғаны есіне түсті. А Чо туып-өскен теңіз жағасындағы кішкене деревняда соңғы кезде күнкөріс тым қиын кеткен еді. Орайы келіп оңтүстік теңіздеріне шартпен бес жылға жұмысқа жалданып, онда күніне елу мексикан цент ақша табатын болғанда ол төбесі көкке жеткендей қуанған. Өз деревнясында он мексикан доллары үшін жыл бойы еңсесін көтермей ауыр мехнат шегіп жүретін сайдауыттай еркектер аз ба еді, сол соманың жарымына жыл бойы ау тоқып отыратын әйелдер аз ба еді. Бай дүкеншілер даяшы әйелдерге жылына төрт доллар ақы төлейтін. Бұл күніне елу центтен алып тұратын болады! Күніне осыншама көп ақша алып тұрмақ! Жұмысының ауырлығы оқа емес! Бес жыл өткесін еліне қайтарады ғой, шартта солай деп жазылған, қайтқасын жұмыстан қолы мүлде босайды. Еліне әбден байып қайтады. Онда өзінің үйі, әйелі, бала-шағасы болады; балалары өсіп, ер жетіп, әкесін сыйлайтын болады... Иә, айтпақшы үй сыртына шағын бау өсіреді, онда қиялға батып, демалып өзі оңаша отырады. Ішіне титтей ғана бөгет салып, суына алтын балық жіберіп, айналасына үш-төрт ағаш егеді де, әрқайсының бұтағына қоңырау іліп қояды, сәл жел тұрса болғаны қоңыраулары сыңғырлап тұрады. Ешбір алаңсыз ойға шомып, маужырап, дем алып отырғанда біреу-міреу тыныштығын бұзбас үшін бауды биік дуалмен қоршатып тастайды...
Бес жылдың үш жылын бұл өтеп те қойған. Еңбегімен тапқан ақшасына қарағанда А Чо өз елінде қазір де дәулетті адам болып есептелер еді. Енді бар-жоғы екі жылдан кейін ол Таитидегі плантациямен мүлдем қоштасады, онан әрі қалған өмірін ошағының басында ой-қиялға шомып, дем алумен өткіземін десе де өз ықтияры. Бірақ қазір ол сорына қарай сонау Чун Ганың өліміне куәға тартылып, зиян шегіп отыр. Түрмеде қараптан қарап жатқанына үш жұма болды, күн сайын елу цент ақшасы зая кетіп отыр. Жарайды, мейлі, көп ұзамай сот шешеді ғой, сонан кейін де плантация ешқайда қашпас.
А Чоның жасы жиырма екіде. Ақ көңіл, жайдары жігіт, ыржиып күледі де жүреді. Азияның барлық тұрғындары сықылды ашаңдау арық болғанымен, оның екі беті топ-толық, жүзі дөп-дөңгелек еді де, өзінен мейірімді жылы леп сезіліп тұрар еді. Оның отандастарының. арасынан мұндайлар сирек кездеседі ғой. Көркіне мінезі де сай. Осы жасына келгенше ешкімді ренжітіп, не біреумен шөлкемдесіп көрген емес. Құмар ойынды жаны жаратпайды. Ойыншы адам қатыгез қарау болады ғой. Жоқ, бұл ондай емес, нәзік жанды аямпаз адам. Өмірдің өзі берген азды-көпті қуанышы мен ермегіне алданып жүре береді. Аспан айналып жерге түскендей ыссы күндері мақта егісін баптап, әбден қалжыраса да, кешке таман қоңыр салқын түскесін тыныштық пен рахатқа кенеледі де қалады, гүлге үңіле қарап, болмыстың әлеметтері мен жұмбақ сырлары туралы терең ойға шомып, талай сағат бойы тапжылмай отыра беруге бар. Жағалаудағы құм барқында жүрген көк құтанды, ұшпа балықтардың мөлдір суда шолп еткенін немесе қойнаудың аржағына батып бара жатқан күннің інжудей қызыл-күрең шапағын көрсе болғаны — көңіліне керемет шаттық орнап, ұзақты күндері басынан кешкен ауыр бейнет, Шеммердің өткір шыбыртқысы да есінен шығып кетеді.
Шеммер! Карл Шеммер топас хайуан, мейрімсіз мал. Ол компаниядан алатын ақысының есесін артығымен қайтарып жүр. Қарауындағы бес жүз құлдың қаққанда қанын, соққанда сөлін алады. Құл демекші, кули де шартты мерзімін өтегенше құлмен бір есеп қой. Ащы тері тамшылаған жалаңаш денелерді бұрап сығып, бойындағы бүкіл қуатын экспортқа жөнелтетін үлпілдеген тайпақ мақтаға айналдыру оңайға соқпайды. Сонда да аянған Шеммер жоқ. Құлдың еңбегін ақ мақтаға айналдыруға жәрдемін тигізіп жүрген оның ұр да жық мінезі, мейрімсіз қаталдығы, өркөкіректігі. Плантацияны аралағанда қолынан тастамай алып жүретін зілдей қайыс шыбыртқысының да көмегі бұған аз тиген жоқ. Ені үш дюйм, ұзындығы бір ярдтай қайыс шыбыртқы плантацияда қаннен-қаперсіз түртініп жүрген жалаңаш жандардың арқасына шарт етіп тигенде атылған тапаның дауысындай естілер еді. Шеммер егісте жүргенде шартыл да жиі естіледі.
Қытайларды плантацияға жаңада ғана әкелген кезде Шеммер кәрі түскен бір кулиді жұдырығымен беріп жібергенде мұрттай ұшырды бір күні. Кулидің шеке сүйегі шытыр етіп, жұмыртқаның қабығындай шытынамаса да, миі ауса керек, ауруханада бір апта қиналып жатып, қайтыс болды. Бірақ қытайлар Таитиді билеп тұрған француз малғұндарға бұл туралы шағым еткен жоқ. Шеммер өздерінің үлесіне тиген бір сор ғой. Өзге жұрттың онымен жұмысы жоқ. Жай күндері шөп арасында бұғып жатып, жаңбырлы күні қыбырлап барактарға кіріп жүретін сколопендралардың ұлы тісінен сақтанғаны сықылды олар да тек Шеммердің қаһарынан ғана қаймығады. Аралдың қара сирақ, еріншек, керенау халқының сөзімен айтсақ, қытаезалар Шеммердің ашуына аса көп тие қоймайды. Басқа сөзбен айтқанда, оның бетіне келе алмай, қара терге малшынып, тырбанып тек еңбектене береді. Шеммердің зілдей жұдырығы компания пайдасын ондаған мың доллар арттырды, әрі оның өз басына ешбір бәле-жаласын тигізген жоқ.
Француздар отарлауға олақ ел ғой, аралдың байлығын өздері жөндеп пайдалана алмай, құр ағылшын коминиясының табысына мәз болып жүр. Олардың Шеммерде, Шеммердің жұдырығында жұмысы қанша? Жұмысшының өлімі дейсіз бе? Қайдағы бір қытаезаны сөз етпей-ақ қойыңыз! Түптей берсеңіз ол күн өтіп өлген — дәрігердің куәлігінде солай жазылған. Бұған дейін Таитида күн өтіп кісі өлмегені рас. Бірақ мынау қытайдың өлімі өте сирек кездесетін оқиғаның бірі-дағы. Дәрігер өзінің қорытындысында солай деген; бұл арада ол ішкімге де бұрып отырған жоқ. Қысқасы, дивиденд төлену керек, әйтпеген күнде компания Таитиде талай ұшыраған қырсыққа тағы килігеді.
Осы ақ мәлғұндарды түсініп болмайды. Сот залында сот үкімін күтіп отырып, ақ нәсілді адамдардың жұмбақ сыры жайлы А Чо коп ойланды. Бұлардың oйындағысын ешуақытта біле алмайсың. Ақ мәлғұндардың талайын-ақ кездестіріп жүр ғой — кемеде қызмет ететін офицерлер мен матростарды да, француз ұлықтарын да, плантация қызметкерлерін де, Шеммердің өзін де көpiп жүр, міне, осылардың бәрі бір-бірінен айнымайды. Бұл соғылғандардың ой жүйесін аңғару тіптен қиын. Жоқ нәрсеге долдана кететінін қайтерсің, қаһары қандай қатты десеңізші. Ашуланса тағы айуанға бір есеп. Ақ мәлғұндар не болса соған бұлан-талан болғанымен керек жерінде қытайдан да ұстамды. Қытайлар ішін жемге қанағатшыл халық қой, ал бұл мешкейлер ішсе тамаққа тоймайды, ішкілікке келгенде ынсап жоқ. Қытай ешуақытта ақ адамның көңілін табам-ау, немесе кәріне ұшыраймын-ау деп айта алмас. Сірә, олардың көңілін табуға бола ма екен? Бүгін бір ісіңді ұнатса, ертеңіне тап соған тас-талқан болатын әдеттері. Ақ мәғұндардың көзі пердесін түсіріп қойған терезе тәріздің олардың ішкі дүниесін қытайлар ешуақытта көре алмайды. Бірақ ақ мәлғұндардың бәрінен бетер таң қалдыратын қасиеті — таудан да, тастан да қайтпайтын жігері, ісмерлігі, іскерлігі, көздеген мақсатына жетіп қоймайтыны, жер дүниедегі қыбырлаған тірі жанды былай қойғанда, табиғаттың мылқау күшін де өздерін бағындырып алғандығы. Иә, ақ адамдар түсініксіз, бір ғаламат жандар! Мәлғұнның дәл өзі. Тіпті Шеммерді ақ алып қарайықшы.
А Чо сот үкімнің соншама кешеуілдеп кеткеніне таң болды. Япыр-ау, айыпкерлердің ешқайсысы сол Чун Гаға жолаған да жоқ еді. Оны өлтірген А Саньнің өзі. Ол жүгіріп барып, бір қолымен Чун Ганың айдарынан шай беріп ұстады да, басын шалқайта беріп, екінші қолындағы пышағымен қойып жіберді. Пышағын бір салды, суырып алып тағы салды. Сот залында тұнжырап отырған А Чоның қиялында сол оқиға тағы елестеді: ұрыс керіс, балағат сөздер, екі жағы да бір-бірінің ата-бабасына тіл тигізді, зәу-затынан түк қалдырған жоқ, бір кезде А Сань секіріп барып, Чун Ганың айдарына жармасты, пышақ сілтеді — бір салды, тағы бір салды, есік ашылды, күтпеген жерде ентелеп Шеммер кіріп келді жұрт есік алдында топырлап жатқанда А Сань да тайып кетіптi, шыбыртқысын шартылдатып, Шеммер қалған жұртты дүрліктіріп бір бұрышқа қуып тықты, мылтық атылды, оның даусын естіген Шеммердің көмекшілері де келіп жетті. Осының бәрі есіне түскенде А Чоның, тұла бойы қалтырады. Алас-қапаста мұның да бетіне қайыс шыбыртқы тиіп, тіліп түскен, тиген жерінің жерінің сыдырып кеткен. Куә ретінде сотқа шақырылған ІІІеммер сол жарасынан танып, А Чоны ұстаттырды. Жарасы енді-енді ғана жазылып келеді. Ұрсаң осылай ұр! Бір елі жоғары тигенде көзі ағып еді. Кісі өлімі көз алдынан осылай тізбектеліп өтіп кетті де, енді оның орнына бау елестеді, ол А Чоның өзінің бау-бағы ғой па шіркін, еліне қайтып барғасың соның ішінде қиялға шомып, тыныштық рахатына батып отырар-ау әлі-ақ.
Судья үкімін оқып тұрғанда А Чоның беті бүлк еткен жоқ. Жолдастары да мызғымады. Тіпті тілмаш: Чун Ганың өліміне сот бесеуіңді түгел айыпты деп тауып отыр, А Чоудың басын алады, А Чоны жиырма жылға, Вон Лиді — он екі жылға, А Тонды — он жылға Жаңа Каледонияға каторгаға айдайды дегенде де бұлар міз бақпады. Абыржығанмен бола ма? Тіпті А Чоуда сабыр сақтап, селт етпей отыр, тегі, сот өзге біреудің басын алуға бұйырған болар ма? Судья тағы бірдеме деп еді, тілмаш оның сөзін былайша түсіндірді: Шеммердің шыбыртқысы басқаларынан гөрі А Чоудың бетіне қаттырақ тиген екен. Бұл А Чоудың айыбын тануымызды тіпті жеңілдетіп отыр. Сол себепті және кейіпкерлердің әйтеуір біреуін өлім жазасына бұйыру керек болғандықтан, А Чоудың басы алынсын деген үкім шығарылды. Хош, ал А Чоның беті де қатты жараланыпты. Бұл оның кісі өлтірушілермен бірге болғанын және өлтірісуге өзінің сөзсіз қатысы барын тайға таңба басқандай анық дәлелдейді. Сол себепті ол жиырма жылға каторгаға айдалады. Міне әр айыпкерге, он жыл алған А Тонға дейін, не себепті және неше жылға кесілгені осылайша түсіндірілді. Судья қорытынды сөзінде: «Қытайлар мұнан ғибрат алсын, өле-өлгенше ұмытпайтын болсын һәм Таитиде заңды тәртіп сақтау үшін бізге ешкім қарсы тұра алмайтынын біліп қойсын түге»,— деді.
Бес қытайды дірдектетіп түрмеге тағы айдап әкетті. Олар болған іске қынжылған да, налыған да жоқ. Күтпеген үкімге ұшырадық-ау деп таңырқаған да жоқ, ол мәлғұндармен аралас болғалы аяқ астынан шыққан талай бәлеге ұшырап, не сұмдыққа болса да таңданбастай болған ғой. Олардан өзге қылық күтуге де болмайды Біреудің қылмысы үшін өзге біреуді аққұла ауыр жазаға тарту ақ мәлғұндардың адам түсініп болмайтын көп сорақылығының бірі де. Мұнан кейін өткен бірнеше апта бойында А Чо өз-өзінен ойға қалып, А Чоу қайтер екен деп бақылап жүрді. Гильотинаға салып, оның басын қырқады. Гильотинаны плантацияның ортасына орнатып та жатыр. Сонымен ол сорлы бұл дүниеден кәрілік дегенді, тыныштық рахатына батып, тыным алатын гүлбау дегенді көрмей-ақ өтетін болды. А Чо өмір мен өлім туралы философиялық терең ойға кетті. Өз тағдыры туралы ойланып қайтсін. Жиырма жылдың аты — жиырма жыл ғой. Көп болса бауы кешірек eгілер. А Чоның әлі басы жас, әрі барша азиялықтар сықылды көнтерілі екені де рас. Жиырма жыл күтуге төзімі жетеді, қайта, оған дейін қан қызуы басылып, бейбіт бауының қадірін жақсы білетін болар. А Чо бауына ат та қойып алды. Оны: Таң Тыныштығы дем атамақ. Әдемі ат ойлап тапқанына күні бойы қуанып жүрді. Қуанғаннан шабыты келіп, әрі-беріден кейін тіпті шыдамдылықтың пайдасы туралы ғақлия да ойлап шығарды. Оның ғақлиясы Вон Ли мен А Тонға жұбаныш болды. Бірақ А Чоуға ұнаған жоқ. Көп ұзамай басын алатын болғасын, аз уақытқа ерекше шыдамдылықтың керегі не. Ол рахаттанып темекі шегіп, сүйсініп ас ішіп, жақсылап ұйықтады, уақытым баяу өтті-ау дем ренжіген жоқ.
Крюшо жандарм еді. Отар елде қызмет еткеніне жиырма жыл, Нигерия мен Сенегамбиядан бастап оңтүстік теңіз аралдарына дейін араламаған жері жоқ; бірақ осы жиырма жыл ішінде не білігі, не ақылы артпағанға ұсайды. Баяғы жас кезінде оңтүстік Францияның бір түкпірінде жер жыртып жүрген кезіндегідей әлі ақылы таяз, топас күйінде қалулы. Тәртіпке ғана тәжім етеді, бастық десе — зәре-құты қалмайды, ол үшін тәңірі мен жандармерия сержантының арасындағы айырмашылық тек солардың алдында өзінің құлшылық ету дәрежесіне ғана байланысты. Асылы, шіркеу сопыларының қолына билік тиетін жексенбі күні ғана демесеңіз, басқа күндері Крюшо үшін сержант құдайдан анағұрлым артық. Өйткені құдайтағала тым алыста болса, сержант кердең-кердең етіп көбінесе қасында жүреді еді.
Қамауда жатқан А Чоуды дарға жеткізу үшін жандармның қолына табыс етілсін деген судьяның түрме бастығына жолдаған бұйрығын орындау осы Крюшоға жүктелді. Бірақ қырсыққанда судья бұйрық жазардан бір күн бұрын француз соғыс кемесінің капитаны мен офицерлеріне қонақасы берер ме. Қағаз жазғанда қолы қалтырап жазғанын оқып шығайын десе, көзі түйіліп, ауыра бергесін, сол күйі жібере салған-ды. Әлдеқайдағы бір қытаезаның тағдырына бола тидақси бергісі де келмеді. Сөйтсе судья А Чоудың есімін қағазға жазғанда абайламай соңғы бір әрпін қалдырып кетіпті. Сонымен «А Чо» болып жазылып кете барады. Крюшо екі қашар жегіп, келіп еді, «аталмышты» арбасына, өзінің жанына отырғызып алып жүріп кетті.
А Чо кең дүнияға, күн көзіне шыққанына қуанды. Жандармның қасында отырып, мәз болып, өз-өзінен мыржиып күліп келеді. Қашырлардың оңтүстікке, Атимаоға қарай бұрылғанын көргенде, қуанышы қойнына сыймай, көңілі жадырап сала берді. Шеммер арнайы кісі жіберген-ау, сірә. Шеммер А Чо жұмыс істесін деген ғой. Жарайды, жарайды, құба-құп. Шеммерді әбден риза қылармын.
Күн де ыссы, пассат та жоқ екен. Қашырлар да, Крюшо да, А Чо да терледі. Бірақ ыстыққа бәрінен де Л Чо төзімді екен. Бүгінгідей шыжыған ыстықта оның плантацияда жұмыс істегеніне үш жыл болған. Езуін тыймай әлі күліп келеді; оның жадыраған жайбарақат күлкісінде ешбір қалтқы жоқ. Қаншама жетесіз болғанымен, Крюшо да бұған күдіктенейін деді.
— Өзің қызық екенсің,— деді ол ақыры.
А Чо оған басын изеп, бұрынғысынан да масайрап кетті. Судьядай емес, Крюшо канака лұғатын біледі екен оны бүкіл қытайлар мен шетелдік мәлғұндар секілді А Чо да жақсы түсінуші еді.
— Сен неменеге ыржақтап келесің? — деп, ұрысты оған Крюшо.— Бүгінгідей күні күлмеу керек, жылау керек.
— Түрмеден шыққаныма қуанып келем.
— Бар қуанышың сол ғана ма? — деп жандарм иығын қақты.
— Бұл аз ба? — деді оған А Чо.
— Әйтеуір басымды алады ғой деп қуанып келе жатқан жоқпысың?
А Чо түсінбей, аң-таң болып, жандармға қарады, аздан кейін:
— Бұ қалай? Мен плантацияға, Атимаоноға, Шеммерге жұмыс істеуге келе жатырмын ғой. Сіз мені Атимаоноға әкеле жатқан жоқсыз ба? — деді.
Крюшо ұзын мұртын сипап, ойланып қалды.
— Иә, солай де,— деді ол бір кезде оң жақтағы қашырды салып қалып.— Әлі ештеңеден хабарың жоқ екен ғой.
— Немене, не туралы?—А Чоның көңіліне қорқыныш кірейін деді.— Шеммер жұмыс істеуге рұқсат етпес пе екен?
— Тегі бүгінгі болатын оқиғадан кейін рұқсат ете қоймас! —деп Крюшо өзінің қағажу сөзге тапқырлығына мәз-майрам болып күлді.— Бүгіннен бастап сен жұмыс істей алмайсың. Басы болмаса, кісі жұмыс істей ала ма? — деді де қытайды бүйіріне түртіп қалып, қарқ-қарқ күлді.
Аптапта қашырлар жортақтап тағы бір миль жүрді, А Чода әлі үн жоқ. Бір кезде ол:
— Әлде Шеммер менің басымды шабам дей ме? - деді.
Крюшо жыртақтап басын изеді.
— Қате болар,— деді А Чо байсалды пішінмен. — Басын алуға тиісті қытаеза мен емеспін. Құрметті судьяның үкімі бойынша, мен Жаңа Каледонияда жиырма жыл каторгада болып қайтуым керек.
Жандарм шек-сілесі қатып күлді. Мынау қытаеза күлмесіңе қояр емес! Мәжнүн неме кімді алдамақ екен, гильотинаны ма? А Чо тағы сөйлегенше қашырлар бұрынғыша бұлан, құйрық жортыспен кокос пальмаларының тоғайынан өтіп, күн көзінде жалтыраған сонау теңіз жағасымен кемі тағы жарты миль жүрген болар.
— Рас айтам, мен А Чоу емеспін. Құрметті судья менің басым алынсын деген жоқ-ты.
— Сен қорықпай-ақ қой,— деді Крюшо тұтқынның көңілін жұбатқысы келіп.— Өлімнің ең оңайы осы. Қиналмай тез өліп кетесің,— деді де саусағын сырт еткізіп, — чик!—деді.— Дарға асқан жаман ғой, екі аяғың ербеңдеп, бет-аузың жыбырлап, бес минуттай теңселіп тұрғаның. Шөжені қалай бауыздайтынын білемісің? Дәлдеп бір шапқанда, басы ұшып түседі. Адамды да сөйтеді. Сылқ етті — бітті! Еш жерің ауырмайды. Ауырды ау деп ойлауға да мұршаң келмейді. Тіпті ойлай алмайсың. Басың болмаса — атаңның басымен ойлайсың ба? Шіркін, жақсы өлім ғой бұл. Өзіңе де мұнан өзге өлім тілемессін. Мен де осылай кенет үзіліп кетсем деймін. Сенің таланың бар екен қайта. Алапес болып ауырдың ғой азап көресің, әрбір ағзан, бөлек-бөлек болып бұрылып, іріп кетеді: әуелі бір саусағық, онан кейін тағы бір саусағың жидіп түседі, аздан кейін башпайларын, түсе бастайды. Қайнаған суға күйіп өлген кісіні де көргенім бар. Өле алмай екі күн қиналып жатты. Шыңғырғанда дауысы бір километр жерден естіліп тұрған. Ал сен ше? Сен оп-оңай өлесің. Семсер мойныңды қиып. үссе, чик етті — болды. Мүмкін қытығың келер. Кім білген! О дүниеге осылай бір жөнелген адам қайтып оралып, қалай болатынын ешкімге айтқан емес.
Крюшо соңғы сөздерін керемет бір күлдіргі қулық сөз деп біліп, жарты минуттей өз-өзінен булығып, шегі түйілгенше күлді. Рас, оның күлкісінде аздаған жәдігөйлік те жоқ емес еді, бірақ ол қытаезаның көңілін осылай жұбатуды өзінің адамгершілігіне лайық деп түсінді.
— Мен А Чомын деп айттым ғой сізге,— деді қытай.— Мен басымды кестіре алмаймын.
Крюшо түнеріп, қабағын түйді. Қытаеза тым дандайсып бара жатқанға ұсайды. А Чо:
— Мен А Чоу емеспін...— дей беріп еді.
— Жә, жетер енді,— деп жандарм барқ етті де, сұстанып, зәресін алайын дегендей екі ұртын бұлтитты.
А Чо:
— Мен сізге айтып тұрмын ғой, мен...— дей бергенде
— Жап аузыңды! — деп Крюшо тағы жекіріп тастады.
Осыдан кейін екеуі біраз үндемей отырды. Папеэте мен Атимаононың арасы жиырма миль. А Чо тағы сөз бастағанша жарты жол өтті.
— Құрметті судья біздің ісімізді қарағанда, сізді де сотта көріп едім,— деді ол бір кезде.— Мүмкін болса, есіңізге түсіріп көріңізші, басын алуға үкім етілген А Чоу... Иә, әлбетте, есіңізде ол әбден болу Керек дегенім әлгі А Чоу ғой, ұзын бойлы кісі емес пе еді? Ал енді маған қараңызшы...
Ол орнынан ұшып тұрды, Крюшо бойы тапал екенін енді анық көрді. Сол кезде ұзын бойлы А Чоу да есіне түсе кетті. Әрине, А Чоудың мұнан бойшаң екені рас. Жандарм бүкіл қытай атаулының бет сиқында айырма жоқ, бір-бірінен айнымайды деп білетұғын. бірақ бойшаң адам мен тапал кісіні ажырата алушы еді Арбада қасында отырған қытай бөтен тұтқын екенін білді. Крюшо қашырларын шаужайлап, кілт тоқтатқаны сонша, екпінімен ілгері шығып кеткен терте қашырлардың қамытын желкесіне ысырып жіберді.
— Қате екенін көрдіңіз ғой? — деп А Чо сыпайы күлді.
Бірақ Крюшо ойланып отыр. Тіпті қашырларымды бекер-ақ тоқтатқан екенмін деп өкінді. Судьяның қалайша қателесіп жүргені құдай білсін, Крюшоның оған ақылы жетпейді. Оның жақсы білетіні: мынау қытаезаны Атимаоноға дереу жеткіз деген екен соны жеткізу; қызмет бабы солай. Мүмкін, бұл өзге біреу-ақ шығар, тіпті бекерден-бекер басын қағып та алар. Қақса мейлі, заты қытаеза ғой. Кімнің шекарасы еді ол? Айта берсең, бұл арада ешқандай қате де болмауы мүмкін. Бастықтардың не ойлап жүргенін кім біледі? Бұл олардың өз ісі, өздері білсін. Олар үшін ойлайтын бұл кім сонша? Бір рет ойлаймын деп бәлеге қалғаны бар. Сонда сержант тұрып: «Әй, Крюшо, сен нақұрыс есалаңсың! Осы айтқанымды ұмытпа! Сенің міндетің ойлау емес — орындау, ойлауды өзіңнен ақылдыларға қалдыр»,— деген еді. Осы сөз есіне түскенде Крюшо қызарып кетті. Оның үстіне, қазір ол Папеэтеге қайтып барса, Атимаонодағылар күтіп, кідіріп қалады, ал білгішсініп әдейі қайта барып жүргенде, бәрі дұрыс болып шықса, шақар сержант сазайын береді ғой. Папаэтедс сөгіс естіп қалуы тағы ықтимал ғой.
Крюшо қашырларын салып қалды да, ілгері жүрді, Сағатына қарады. Жарты сағат кешігіпті, сірә сержант кейіп жатқан болар деп қашырларын үсті-үстіне айдай түсті. А Чо бұл істе бір қателік барын қайта-қайта айтып, өзеуреп-ақ еді, Крюшо қыңырайып, жұмған аузын ашпады. Керек адамының орнына бөтен біреуді әкеле жатқанына көзі жетіп-ақ отыр, бірақ бұған мұңаймаса жұбанған жоқ. Әйтеуір өз басы кіналы емес,— ісі тым ерсі болса да, ережеге сай. Крюшо сержанттың қаһарына ұшырамас үшін ешбір жазығы жоқ оншақты қытаезаны о дүниеге жөнелтуге әзір.
А Чоның халі мүшкіл, долы жандарм үніңді өшір деп шыбыртқының сабымен басына қойып қалғасын, тым-тырыс отырды. Екеуі де үн қатпай біраз отырды. А Чо ақ мәлғұндардың түсініксіз қылығы туралы ойға қалды; бұлардың ісіне ешбір дәлел таппады. Өзіне қазір көрсетіп отырған жәбірі олардың өзге қылығынан айнымайды. Әуелі бес адамды кісі өлтірдің деп бейкүнә жауапқа тартты. Енді өздері жиырма жылға жосықсыз үкім шығарған кісісін іс-міс жоқ дарға аспақ. Кәне, дауаң болса қылып көр. Қолынан бар келері осылай томсырайып отыра беру, өмірі мен өлімінің тағдырын шешетін әміршілері не үкім айтар екен деп мөлиіп күту ғана. Анда-санда жаны түршігіп, суық қара терге түседі. Көп ұзамай ол өзін өзі билеп, көңілін жұбатты да. Неде болса, тағдырға мойынсұну керек деген оймен «Ин цэй вэньнің» («Төзімділік туралы ғақлияның») үзінділерін есіне түсіріп, ішінен оқынып отырды. Бірақ өзінің әбден аңсары ауған бағы, әлгі тәтті қиялға, тыныштық рақатына батып отырам ғой дейтін гүл-бағы көз алдында қайта-қайта елестеп, көңілін бөле берді. Ақыры ол қиялына әбден берілді де, жан саясы бағына енді. Қоңыраулардың сыңғырлаған үніне құлағын салып, сұлу бақшасында отырды. Сөйтіп отырғанда жадына «Төзімділік туралы ғақлиядан» үзінділер келіп, күбірлей берді.
Тәтті қиялда мүлгіп отырған А Чо Атимаоноға келгенін абайламай да қалыпты, арба эшафоттық дәл түбіне келіп тоқтаған кезде барып көзін ашты. Эшафоттың көлеңкесінде тықыршып сержант тұр екен. А Чоны бұлар дедектетіп баспалдақпен мінбеге алып шықты. А Чо Жоғарыда тұрып, теңіздей толқыған көп адамды көрді. Плантациядағы кулилердің бәрі жиылған екен. Кулилерге бұл сабақ болсын деп, Шеммер жұмысты тоқтатып, бәрін өлім жазасын орындайтын жерге айдатса керек. А Чоны көргенде кулилер күбірлесіп қалды. Қателік барын байқағанымен, ешқайсысы ара түскен жоқ. Сұмдығына найза бойламайтын ақ мәлғұндар өзгере салған-дағы деп ойлады, тегі, бір бейкүнә кісінің орнына екінші бір жазықсыз сорлыны жазаламақ қой. А Чо ма, жоқ А Чоу ма — оларға бәрібір! Қытайлар ақ иттердің қылығын ешуақытта түсіне алмас, ал ақ иттер де бұлардың жайын ешуақытта ұқпайды. А Чоның басын қазір қағады ғой, бірақ өздері енді қалған екі жылын өтеп, Қытайға қайтып оралашақ.
Шеммер гильотинаны өзі жасады. Бұрын ондай машинаны көрмегенімен, қолы епсекті неме ғой, француз ұлықтарынан нобайын сұрастырып білді де, іске батыл кірісті. Шеммердің ұсынысы бойынша француз әкімдері өлім жазасын Папеэтеде емес, Атимаонода орындауға тәртіп берді. Кісі өлтірген жауыз өзі қылмыс жасаған жерінде жазалануға тиіс, деген дәлел айтты Шеммер әрі өлім жазасы плантацияда істейтін бес жүз кулиге ғибрат қой деді ол. Шеммер өзі сұранып, жендетіңмін детін де атқармақшы. Қазір ол мінбенің үстіне тәптені теп өз қолымен орнатқан механизмін байқап тұр. Гильотинаның астына жуандығы адамның мойнындай банан ағашын салды. А Чо сол ағаштан көзін ала алмай кидала қарап тұр. Неміс кішкене тұтқаны бұрап еді, гильотинаның зілдей семсері жоғары көтерілді. Бір жіпті тартып қалғанда, жарқ еткен семсер төмен қарай зыр етіп, банан ағашын қақ ортасынан қиып түсті.
— Ал, қалай?—деді сержант мінберге шығып.
— Тамаша істеп тұр, қазір көрсетейін,— деді мақтанып Шеммер.
Ол тағы да семсер көтеретін тұтқаны бұрап, жібінен ұстап тартып қалып еді, семсер сырғанап барып, сылқ ете түсті. Бұл жолы жұмсақ ағашты орталап кескенімен, қиып түсе алмады.
Сержант қабағын түйді.
— Мынауыңыз жарамайды,— деді ол.
Шеммер маңдай терін сүртіп:
— Әлі де болса салмақтырақ етуім керек екен ғой,— деді де мінбердің жиегіне барып, ұстаға салмағы жиырма бес қадақтай сом темір алдыртты. Сол темірді семсердің үстіңгі жалпақ қырына орнатып жатқанда, А Чо сержантқа қарады да: тәуекелге бел байлап:
— Құрметті судья менің басым емес, А Чоудың басы алынсын деген еді ғой,— деді.
Сержант тыпыршып, тек басын изей берді. Себебі, сол күні аралдың жел жағына қарай жиырма бес миль жол жүруі керек, сонда меруерт саудагері Лафьердің қызы сұлу мулат Бертенің күтемін деген сөзі бар-ды.
— Мен А Чоу емеспін, Мен А Чомын ғой. Құрметті түрмеші бізді шатастырып отыр. А Чоу бойшаң еді ғой ал маған қараңызшы, менің бойым ап-аласа, көріп тұрсыздар.
Сержант солай екенін бір қарағанда-ақ байқады.
— Шеммер! — деді ол қатуланып.— Бері келіңіз.
Неміс күңк етті де, орнынан қозғалмады, темірін орнатып болғасын барып:
— Кәне қытаезаңыз дайын ба? — деді.
— Қараңызшы әуелі, мынау сол ма,— деді сержант..
Шеммер қапелімде сасып қалды. Өз қолымен жасаған машинасына қарап, оны қалайда байқағысы келіп, өз-өзінен кіжініп тұрды да:
— Былай,— деді ол бір кезде,— кешіктіре беруге болмайды. Менің бес жүз қытайым жұмыс істемей босқа сенделгеніне үш сағат болды. Мұнда алжасып бөтен бip кулиді жіберді екен деп тағы үш сағат күтерім жоқ. Бұл істі тындыратын мезгіл әбден жеткен. Арға тұрмайтын қытаезаға бола сергелдеңге түсіп қайтеміз.
Сержант жол азабын, меруерт саудагерінің сұлу қызын ойлап, біраз тұрды.
— Бұл іс ашыла қалған күнде де жұрт жаласын Крюшоға жабады,— деді неміс.— Бірақ ашылуы неғайбыл. Әйтеуір А Чоудың арыз етпесіне мен кепіл.
— Крюшо кінәлі емес. Түрмешілер шатастырып жүрген болар,— деді сержант.
— Ендеше кешіктіріп қайтеміз. Әйтеуір кінә бізден емес қой. Бұл қытаезалардың қайсысын ажыратып болады? Көп болса нұсқауды орындадық дей салармыз, қытаезалардың қайсысын жібергенін біз қайдан білеміз? Жоқ, қытайларымды жұмыстан босата алмаймын.
Бұлар французша сөйлесті. А Чо французша түсінбесе де, өз тағдыры сөз болып тұрғанын білді. Ақтық билікті сержант айтатынын да сезеді, сондықтан екі көзін сержанттың аузынан алмады.
— Мейлі солай-ақ болсын,— деді ақырында сержант.— Бастаңыздар! Арға тұрмайтын қытаезаға бола әуреленіп жүреміз бе.
— Тағы бір сынап жіберсек мынаны,— деді де Шеммер банан ағашын жақындатып, семсерін көтерді.
А Чо «Тыныштық туралы ғақлияның» нақыл сөздерін есіне түсірмек болды. «Жұрттың бәрімен де тату-тәтті өмір сүр» деген сөз түсті есіне. Бірақ бұл сөз лайықсыз көрінді. Себебі: ол енді өмір сүрмейді. Қазір өледі. «Кек тұтқан кісінің күнәсін кешіре біл...» Кімнің кегін кешірмек? Шеммер болсын, басқалары болсын кек алайын деп жүрген жоқ. Олар үшін бұл бір жұмыс, айталық, орманда ағаш бұтау, бөгет салу, мақта егу секілді жұмыс, жұмыс болса—орындау керек, тындыру керек. Шеммер жіптен ұстап, тартып қалғанда, «Тыныштық, туралы ғақлия» А Чоның есінен шығып-ақ кетті Семсер кірш етіп, ағашты қырқып түсті.
— Тамаша! — деді дауыстап сержант аузындағы шылымын тұтатып жатып.— Тамаша, достым.
Шеммер мақтағанға масайрап қалды.
— Бері кел, А Чоу,— деп әмір етті ол таити тілінде.
— Жоқ, мен А Чоу емеспін,— дей беріп еді.
— Үндеме! — деп Шеммер әзірейлідей ақырды. Аузыңды ашып қарашы, бас сүйегіңді омырайын!
Неміс жұдырығын түйіп еді, А Чо жым болды. Иә, керісіп-керілдескенімен бола ма? Ақ мәлғұндар бәрі-бір ойына келгенін істейді. Бұлар А Чоны кісі бойындай тақтайға таңып байлады. Шеммердің қолы қатты-ақ екен, байлаған қайысы денесін бунап, ауыртып барады. бірақ А Чо мыңқ еткен жоқ. Көп ұзамай ауырған жері басылады ғой. Тақтаймен бірге ауып бара жатқанын сезді де, көзін жұмды. Сол мезетте тәтті қиялға шомып, тыныштыққа бөленетін бауы елес берді. Өзі сол бақтың, ішінде отырғандай көрінді. Қоңыр салқып самал жел бұтақтағы күміс қоңырауларын тербеп, оның сыңғырлаған нәзік үні жүрегіне жылы тиеді. Бақта байыз тауып отырған түрлі құстар сайрайды, биік дуалдың ар жағынан өмірдің еміс-еміс дүбірі естіледі.
Бір кезде А Чо тақтайдың тақ етіп жерге тигенін және өзінің кейбір бұлшық еттері босап, кейбіреулерінің шыңдала түскеніне қарағанда, шалқасынан жатқанын сезді. Көзін ашты. Тап көз алдында биікте күнге шағылысып, жарқ еткен семсерді көрді. Шеммер кейіп орнатқан сом темірге көзі түсті, байлаған жері босап, шешіліп кеткен екен. Әлден уақытта сержанттың кенет қатты айтқан командасы естілді. А Чо жалма-жан көзін жұмды. Семсердің қыл мойнына қадалғанын көргісі келмеді. Бірақ сезді, ол әрі тез лып еткен, әрі мәңгі телмірткен бір мезгіл екен. Сол мезгілде Крюшоның бейнесі, оның айтқан сөздері қиялынан зымырап өтті. Крюшоның айтқаны бекер екен. Семсер қытықтамады. Өлер алдында оның ойына келгені осы болды.
Аударған БОРАНБАЙ ОМАРОВ
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі