Жуықта ғана Швецияда қоқыс таусылып қалып, билік қоқысты басқа елдерден тасымалдауға дайын отырғаны туралы жаңалық әлемді дүр сілкіндірді. Басқасы басқа, өзге елден қоқыс тасудың қандай пайдасы бар дерсіз?.. Осы ретте біз Стокгольмда қоқысты қайта өңдеу жүйесі қаншалықты тиімді іске асып жатқанын нақты мысалдармен айтып бермекпіз.
Швецияда бұл күнде қоқыстарды сұрыптау жалпыға ортақ ауқымды деңгейге жеткен. Осының арқасында елде үйінділердің мүлде көзі жойылып, олардың қалдықтары отынға айналып немесе қайта қолданысқа жарай бастады. Қысқасы, биліктің әрдайым түсіндірме жұмыстарын жүргізуі халықтың түсінігіне әсер етіп, өз жемісін бере бастады.
Елдегі тұрғындардың басым көпшілігі лақтырылған пластиктің әлі жеті рет қолдануға болатынын жақсы түсінеді. Содан кейін ғана ол электростанцияға өртеуге жіберіледі. Осылайша, жетінші рет қолданылған пластик ақыры электр тоғы ретінде пайдаға асады.
Стокгольмдағы әрбір отбасының үйінде қоқыстарды сұрыптауға арналған 6-7 шелек бар. Атап айтқанда, қоқыс шелектері пластик, қағаз, шыны, картон, металдарды жеке-жеке салуға арналған. Тіпті, Стокгольмдағы жас бала да кәмпит қағазын басқа контейнерге сала қоймайды. Қоқысты сұрыптай салуды ол елде балабақша мен мектептен бастап үйретеді, ал қате сұрыптап салған жағдайда айыппұл төлету қарастырылған.
«Қоқысты жеңген» елде теледидарлар, дивандар және құрылыс материалдары секілді ірі заттар арнайы станцияларға жеткізіледі. Сол жерде олардың құнды құрамдық бөліктері ажыратылып, оны тауар өндірушілер сатып алады. Осылайша, тауар өндірушілер өндірістің жаңа циклы үшін қолданылатын шикізатқа қол жеткізеді. Дәл сол жерде заттардың бояулары мен қышқыл құрамдарын, тағы басқа қауіпті құрылымдары бөлініп алынып, олар кейін тұрмыстық химияны қайта өңдеу бойынша арнайы зауыттарға жіберіледі. Швецияда мұндай станциялар толығымен тегін қызмет көрсететінін де айта кету керек.
Швецияда жуықта ғана «деконструкция» деп аталатын ғимараттарды сүрудің жаңа процедурасы енгізілді. Мәселен, ескі ғимараттарды сүру кезінде көліктер қабырғаның бір бөлігін бұзбай бөліп алып, арнайы станцияға апарады. Ол жерде қабырғаның бөлігі қайтадан құрылыс материалдарына айналып шыға келеді. Осылайша, ескі ғимаратыңыз жаңа үй болып қайта бой көтереді.
Қаңылтыр және пластик бөтелкелер үшін ол жақта кәдімгідей ақша алуға болады. Ол үшін оларды арнайы қабылдау пунктеріне өткізгеңіз болды. Еуропаның өзге елдеріндей Швецияда да бөтелкені арнайы аппаратқа өткізіп, «алғыс» үшін ақша аласыз. Сондай-ақ, мерзімі өткен дәрі-дәрмектер де Швецияда лақтырылып тасталмай, дәріханаларға өткізіледі. Қолданылған шприцтер мен инелерді де сонда өткізу қарастырылған.
Елде қоқысты тасымалдау жұмысы 1961 жылдан бері қолданылып келе жатқан жер асты ауа өткізгіштердің көмегімен жүзеге асырылады. Мұндай қоқыс құбырларының басым бөлігі жер астында орналасқан, ал тұрғындар оның жоғарғы бөлігін ғана байқайды.
Швециядағы қалдықтарға байланысты қоқыстың жетіспеушілігі – қазіргі таңда елдегі жалғыз мәселе десе де болады. Қоқыстың 7 пайызы ғана үйіндіге жөнелтіліп, ал қалғанының бәрі не өртеледі, не қайта өңделеді. Осылайша, Стокгольм электр тоғының 45 пайызын бір ғана қалдықтардың көмегімен өндіріп отыр. Қоқыс қалдықтарының жетіспеушілігі тұрғындар үшін алдағы уақытта өзекті мәселеге айналуы мүмкін, себебі шведтер қайта өңдеудің арқасында электр тоғын алып, үйлерін жылытады. Бірақ, көршілес Норвегия елі Швецияға бұл бағытта көмек қолын созып, жылына 800 мың тонна қоқыс тасымалдап тұруға дайын екенін білдірген.
Шведтер бүгінгі күні қоқыс мөлшерін азайтуды ғана емес, сонымен бірге қайта өңдеу кезінде зиянды заттардың атмосфераны ластау деңгейін барынша төмендетуге де қол жеткізген бірдін бір ел. Қоқысты өртеу зауыттарында қайта өңдеу үшін қолданылатын жаңа технологиялардың арқасында атмосфераға бөлінетін зиянды заттардың шығарылымы бар-жоғы 1 пайызды құрайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Бәйбек
Алматыға керек нәрсе екен! Тұншығып біттік қой
Алма
Бұларда да ө- нің үстінде нүкте бар екен )
Есмахан Бағила
Дамыған елдер өзінің халқын, елінің тазалығын ойлайды. Міне керемет!
SM
Қандай керемет! Біздің елде де осындай үрдісті қолға алуға не кедергі? Болашақта жастар істейді деп үміттенейік.