Жүрек әр соққан сайын оның бөліктері біртіндеп, яғни алдымен жүрекше, содан кейін қарынша жиырылады. Әрбір жиырылу арасындағы уақыт аралығы бірдей болады. Жүрек ауруларының және өлім-жітімнің санағы бойынша, жүрек ырғағының бұзылуынан қаза болу жағдайлары барлық жүрек ауруларының 10-15%-ға жуығын құрайды.
Дені сау адамдарда жүрек ырғағының бұзылуы адамның тойып тамақтануынан, іш қатудан, киімнің тар болуынан, жәндіктердің шағуынан, кейбір дәрілік препараттардың әсерінен, күйзелістен болады. Сусамырға шалдыққан адамдарда, әсіресе оған семіздік және артериялық қан қысымының жоғарылауы қоса қабаттасса, аритмияның даму қаупі жоғарылайды. Әйелдерде етеккіралды синдромы кезінде кейде аритмия, жүректің ауыруы, тыныстың тарылуы сияқты құбылыстар байқалады.
Аритмияға бейімділік тұқым қуалауы мүмкін, немесе жүрекке хирургиялық ота жасағаннан кейінгі асқынудан да пайда болуы ықтимал. Бұдан басқа, аритмия мына аурулардың белгілері де болуы мүмкін:
• гипертония, яғни қан қысымының жоғарылауы;
• жүрек кемістігі, жүрек қызметінің жеткіліксіздігі, жүректің ишемиялық ауруы;
• митральды қақпақша проллапсы;
• қалқанша без аурулары және бірқатар гормоналдың бұзылыстар.
Жүрек жұмысының үйлесімді болуы жүректің арнайы өткізгіштік жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл жүрек бұлшық еттерінің үйлесімді жиырылуын басқаратын электрлі импульстарды жасайтын және өткізетін арнайы жасушалар.
Жүректі жиыратын импульс оң жақ жүрекшеде, яғни синустың түйінде (ырғақты жеткізуші) жасалады. Жүректің минутына 60-90 рет соғу жиілігіне нақ осы түйін жауапты. Содан кейін белгі жүрекшенің қалған бөлігіне таралып, оларды жиырады да, ол қарыншаға ауысады. Осы жүйедегі бұзылулар жүрек ырғағының бұзылысына әкеп соғады.
Бұзылулардың қай жерде пайда болуына байланысты, барлық аритмияларды жүрекшелік және қарыншалық деп екіге бөледі.
Егер жүректің соғу ырғағының жиілігі минутына 90 реттен асып кетсе, онда ол тахикардияның белгісі. Жүректің жиырылу жиілігі денеге немесе көңіл-күйге салмақ түскен кезде артып кетуі мүмкін. Бұл, негізінен, дені сау адамдардағы құбылыс. Дене қызуының жоғарылауы да тахикардияны туындатады. Дене қызуының 1 бағанға артуы жүректің жиырылу жиілігін 10 ретке арттырады. Тахикардия көптеген аурулардың белгісі болуы мүмкін, бірақ қалыпты жағдайда да байқалуы ықтимал.
Егер жүректің соғу ырғағының жиілігі минутына 60 реттен аз болса, онда брадикардия деп шамалауға болады. Брадикардия кейде дені сау адамдарда да кездесе береді. Ол әсіресе спортшыларда байқалады. Орташа брадикардия жүрек бұлшық еттерінін қанмен ңамтамасыз етілуіне жағымды жағдай жасайды, өйткені ол босаңсыған кезде, яғни жиырылулар арасында ғана оған қан келуі мүмкін.
Брадикардиядан брадисфигмияны айыра білген жөн. Соңғысында жүрек жиырылуының қалыпты жиілігінде жүректің соғуы сирек болады. Бардисфигмия жүректің жиырылуында ырғақтың толқындар сезілмеген кезде білінеді.
Егер жүректің дұрыс ырғақпен жиырылуы мезгілінен бұрын жиырылуымен қоса өрілсе, экстрасистолия деп айтады. Экстрасистолияның пайда болуына өте жиі себепкерлер – миокардты басынан кешкен вегетативтік тамыр дистониясы, өт қалтасының аурулары, шылым шегу немесе стресс.
Жыпылық аритмиясы кезінде жүректің соғу сатысының біреуі, атап айтқанда, жүрекшелердің жиырылуы білінбей кетеді. Олардың бұлшық ет талшықтары үндес жұмыс жасау қабілетін жоғалтып алады. Соның нәтижесінде жүрекше бейберекет жыбырлайды. Осыдан келіп қарынша да ырғақсыз жиырыла бастайды.
Ырғақтың пароксизмальды бұзылулары да болады. Пароксизм дегеніміз – ұстама, яғни кенеттен пайда болатын жағдай. Сырттай дені сау сияқты адамдарда кейде жүрек соғуы ырғақты немесе ырғақсыз болып, оны есептеу қиынға түсуі мүмкін, оның жиілігі кейде минутына 150-200 ретке артып кетеді. Егер мұндай ұстама бір сағаттан астам, не бір жарым сағатқа созылса, ентігу және жүрек тұсында ауыру пайда болады. Көбіне жүрек лүпілінің ұстамасы кенеттен басталып, кенеттен аяқталады. Жүрек лүпілі тоқтайды, адам тездетіп қуығын босатуы керек. Мұндайда несеп көбірек бөлініп шығады. Егер аритмия қауіпті деп есептелсе, онда ең ауыр бұзылыс пароксизмальды бұзылыс болып табылады.
Қорыл кезінде және ұйқының обструкциялық апноэ синдромында жүрек ырғағының бұзылуы өте ерекше сипатқа ие. Тыныс тоқтаған кезде брадикардия дамиды, яғни жүректің ырғағы баяулайды. Ал апноэдан кейін желдетілетін кезеңде тахикардия байқалады, яғни жүректің соғу ырғағы жылдамдайды. Кейде өзгеру аралығы минутына 30-40 рет соғуды құрайды, әрі бұл әрбір минут сайын, кейде одан да жиі қайталануы мүмкін.
Жүрек ырғағының жиілігі мен реттілігінің тез алмасуы немесе оның кенеттен баяулауы тән аритмияларда жүректің бүкіл жұмысының нашарлайтыны соншалық, қолқаға келіп құйылатын қан көлемі азаяды. Қанның жеткіліксіздігіне алдымен ми өте сезімтал болғандықтан, адамның кенеттен басы айналуы немесе есінен тануы мүмкін.
Аритмия – жеке ауру емес, ол аурулардың белгісі. Ол өздігінен пайда болып, өздігінен жоғалуы мүмкін. Егер ол бірнеше сағат бойы сақталса, онда асқынулар пайда болады. Мұндайда шұғыл медициналық жәрдем қажет. Тіпті аритмия белгісі жоғалса да, кардиологқа барып қаралған жөн. Оның қайталануы ауыр жағдайларға апарып соқтыруы мүмкін.
Аритмияның себептерін анықтау үшін дәрігер ЭКГ – атропинді сынама жүргізеді. Бұл зерттеу кезінде жүрек ырғағын жиілету үшін көктамырға атропин енгізгеннен кейін кардиограммаға түсіретінді. Фонокардиография арқылы да жүректегі шуылды тексереді. Ультрадыбысты зерттеу – эхокардиография жасалады.
Жүрек ырғағын қалпына келтіру үшін аритмологтың немесе кардиологтың жолдамасы бойынша өңеш арқылы электростимуляция жасалады. Бұл аритмияны анықтау үшін де қолданылады. Егер аритмия аурудың тұрақты белгісі болса және дәрілермен емдегенде жазылмаса, онда адамға кардиостимулятор, яғни ырғақтың жасанды әдісін қолданады.
Егер аритмия ұстамасын бастан кешсеңіз, келесі жолы оның алдын алуға әрекет жасаңыз. Дәрігер айтқандай, күн сәулесінде ұзақ болмауға тырысу, магнитті күндері тағайындалған дәріні науқас өзімен бірге алып жүруі керек және дәрігердің басқа да кеңестерін бұлжытпай орындаған жөн.
С. Сакупова
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі