Ертеде бір көпес болыпты, оның байлығы сондай, ұзыннан-ұзақ бір көшені, оған қоса тағы бір шолақ көшені күміс ақшамен тұтас төсеп, көмкеріп тастауға дәулеті әбден жетеді екен. Бірақ ол мұны істеген жоқ, өз ақшасын басқадай жолмен жұмсады, егер ол бір скиллинг шығара қалса, одан тұтас бір дале пайда түсіріп отырды. Міне, ол осындай көпес еді. Сөйтіп жүргенде ол кенет қайтыс болып, әкесінің бар байлығы баласына қалды.
Баласы, шіркін, дүниенің қызығын көрді ғой: түн баласын сауық-сайранмен өткізді, қағаз ақшадан аспанға ойыншық жасап ұшырды, суға тас орнына алтын ақша атып ойнады. Сөйткен соң дүние тұрақтасын ба, саусағының арасынан судай ақты да, ақырында әке мұрасынан небары торт скиллинг, ал киім дегеннен көнетоз халат пен үйге киетін башмақ қана қалды. Достары енді одан ат-тондарын ала қашып, керек десе көшеде амандасуға ұялатын болды. Достарының ішінде тек қайырымды біреуі ғана оған бір ескі сандық беріп жіберіп: «Бар дүниеңді осының ішіне салғайсың!» – депті.
Әрине, салатын дүние-мүлкі болса салар, ол бәрінен де жұрдай боп қалған жоқ па, сол себепті сандықтың ішіне өзі жайғасты.
Ал бұл, тегін сандық емес еді: оның аузындағы кілтін басса-ақ болды, аспанға алып ұша жөнеледі. Көпес баласы жалма-жан аузының кілтін басып қап еді, сандық пештің мұржасынан сып етіп шығып, аспандай ұша жөнелді. Онысы жақсы-ау, тек түбі сытыр-сытыр етеді, сонысы жаман екен. Көпес баласының зәресі кетті, қорықпай қайтсін, сандықтың быт-шыты шықса, секіргеннің әкесін сонда көрер еді ол. Оның бетін аулақ қылсын!
Көпес баласы сол ұшқаннан ұшып отырып, Түркияға келіп жетті. Сандықты орман ішіне құрғақ жапырақпен көміп жасырып тастады да, өзі жақын жердегі шаһарға жөнелді. Түркияда оған қымсынатын дәнеме де жоқ, өйткені онда жұрттың бәрі де үстіне халат, аяғына башмак киіп жүре береді. Ұзамай ол бір балалы әйелге ұшырасып:
— Түріктің анасы, сөзге құлақ салшы! Шаһардың шетіндегі анау үлкен сарай кімдікі? Ана бір, терезесі жерден сонша биік сәнді сарай тұр ғой, әне? – деді.
— Ол сарайда ханша тұрады, – деп жауап берді балалы әйел. Балгерлерге бал аштырғанда, тиетін күйеуі оны нағыз бақытсыздыққа ұшыратады – депті. Содан бері хан мен ханым ертіп бармаса ханшаның үйіне ешкім батып кіре алмайды.
— Тәңір жарылқасын! – деді де көпес баласы орманға қайтып оралып, сандығына отырды. Сөйтіп ұшып барып, тұп-тура сарайдың шатырына қонды да, ханша жатқан бөлменің терезесінен ішке түсті.
Ханша төсекте ұйықтап жатыр еді. Оның сұлулығы соншалық, көпес баласы тағат таппай барып, сүйіп-сүйіп алды. Ханша оянып кетті, бөтен адамды көргенде, оның зәресі ұшты. Бірақ көпес баласы өзін мен құдаймын, саған жеті қат көктен түстім деген соң ханшаның жүрегі орнығып, жаны жай тапты.
Екеуі иық түйістіре қатар отырды, содан кейін көпес баласы ертегі айта бастады. Ол ханшаның екі көзін айдынында ой перілері жүзіп жүрген қап-қара тұңғиық ғажап екі көлге, ал маңдайын оның қойнауындағы салтанатты сарайларда ғажап суреттер сақталған, қар басқан тауға теңеді, адамдарға кішкентай бөбектер әкеліп беретін көкқұтан туралы айтты.
Иә, оның ертегілері ғаламат еді! Содан кейін ханшаға жүрек қалауын білдіріп еді, ол сөзге келместен келісе кетті.
— Онда сенбі күні келіңіз! – деді ханша көпес баласына. Хан мен ханымды шайға шақырдым. Алла тағаланың өзіне тұрмысқа шығатыныма олар қандай масаттанады десеңізші! Тек сіз оларға майын тамызып тұрып ертегі айтып беруге тырысып бағыңыз. Менің ата-анам ертегі құмар. Анама салиқалы әрі өнеге аларлықтай ғибратты ертегілер ұнаса, әкем күлкіге кенелетін қызықты ертегілер дегенде ішкен асын жерге қояды.
Менің ертегіден басқа тойға әкелер тартуым жоқ, – деді көпес баласы. Ал қоштасарда ханша оған алтынмен аптаған қылыш тарту етті, көпес баласына керегінің өзі де осы еді. Сонымен олар хош айтысты.
Көпес баласы ұшып бірден базарға барды, өзіне су жана халат сатып алды, содан кейін орманда отырып ойдан ертегі шығаруға кірісті, өйткені ертегі оған сенбі күні қажет. Бірақ ойдан ертегі шығару оп-оңай нәрсе емес.
Сонымен, ақыры ертегі де дайын болды, сенбі де келіп жетті. Ханымы мен бүкіл нөкерлерін ертіп хан да келді ханшаға. Әп-сәтте-ақ шай әзірлеп, көпес баласын төбелеріне тік көтеріп қарсы алысты.
— Кәне, бізге ертегі айтып жіберіңіз! – деп өтінді одан ханым. Тек байыпты әрі өнеге алатындай бірдеме болсын, әйтеуір.
— Және өзі күлдіретіндей де болсын, – деп қосты оған хан.
— Ләппай, тақсыр! – деп елпең қақты көпес баласы. Ендеше, зейін қойып тыңдаңыздар.
Сөйтіп, ол ертегісін бастап кетті:
— Ерте-ерте ертеде, бір қорап сіріңке болыпты. Ол өзінің шыққан тегінің мықтылығын мақтан етеді екен. Өйтетін себебі, сіріңке жасалған қарағай ормандағы ең дәу, әрі қарт ағаштардың бірі болатын. Ал қазір сіріңке гореде шақпақ тас пен әбден тозығы жеткен бақыраштың арасында жатып ап, өзінің жастық шағы туралы әңгіме айтудан аузы бір босамайтын-ды.
— Иә, біз өрімдей жас, жап-жасыл кезімізде (біз бір кезде, шынында да, жап-жасыл едік-ау!) жақсы-ақ өмір сүріп едік-ау, – деді ол. Күн сайын таңертеңгілік пен кешкілікте мөп-мөлдір шай, яғни шықтың суын ішетін едік, ал жадыраңқы ашық күндері күн нұрына шомылып тұратынбыз, орман құстары бізге ертегілер айтып беретін. Біз өзіміздің дәулетті тұқымға жататынымызды жақсы түсінетінбіз; жапырақты ағаштар тек жазда ғана иіндері жылтырап киім кисе, біздің қыста да жап-жасыл киімге малынып тұруға қаражатымыз әбден жететін. Сөйтіп тұрғанда, күндердің күнінде ағаш кесушілер келді де, дүниенің астан-кестеңін шығарды. Біздің семьям ыз тоз-тоз боп кете барды. Семья басы қарағайдың діңі бір ғажап кемеде үлкен діңгектің орнына ие болды. Енді оған көңілі қалаған уақытта бүкіл әлемді шарлап кете баруға мүмкіндік туды; бұтақтарымыз болса, бірі анда, бірі мұнда кетті. Ал біздің маңдайымызға халық үшін шамшырақ болу жазылыпты. Асылзада тұқымынан шыққан менің ас үйге тап болуымның мәнісі осыдан еді.
— Жоқ, менің талайыма басқа нәрсе жазылған! – деді сіріңкемен көршілес жатқан бақыраш. Шыр етіп туғаннан бастап мені тазалап, қырып, отқа қойып маза бермейді. Жалпы, мен ел үшін туғанмын. Ашып айтсам, бұл үйде бірінші орын да менікі. Менің бар рақаттанарым түскі тамақтан кейін тап-таза боп сөреде жатып алып, достарыммен жанға жайлы әңгіме-дүкен құру ғана. Анда-санда далаға шығып келетін шелекті есепке алмағанда, өзгеміздің бәріміз де шетімізден үй күшікпіз ғой. Әйтеуір, тамақ таситын себеттің базарға жиі баратыны жақсы, барлық жаңалықты соның аузынан естиміз. Бірақ та ол үкімет пен халық туралы тым шектен шыға артық айтып жібереді. Осы таяуда ғана ескі құмыра оның сөзін тыңдап тұрып-тұрып байғұстың әбден зәресі кеткені ғой, қорыққаннан қалтырап қоя берді де, сөреден ұшып түсіп, быт-шыты шықты! Иә, осы себет, мен сендерге айтайын тым жеңілтек өзі!
Бұл сөзге шыдамай кеткен шақпақ тас:
— Жетер енді, тым мылжыңдап кеттің! – деп кенет айғай салғанда, сарт ете қалғаны сондай, жарқырап жан-жаққа ұшқын ұшты. Одан да біздің ойын-сауық құрғанымыз жөн емес пе?
— Жоқ, біз ішімізде ең тектіміз қайсымыз екені жайында әңгіме айтайық! – деді сіреңке.
— Мен, өзім туралы айтқанды жек көремін, – деп сөзге араласты қыш аяқ. Жай-ақ көңіл көтерейік. Алдымен мен бастайын да, өмірдің біздің әрқайсымызға түсінікті оқиғаларының бірі туралы айтайын, ен абзалы осы болар. Сонымен: Балтық теңізінің жағасында, дат жерінде өсетін бүк ағашының саясында...
— Басталуы ғажап-ақ! – деп оның сөзін бөліп жіберді тәрелкелер. – Міне, тап осы тарих бар ғой, біздің бәріміздің де көңілімізден шығады.
— ...бір момын семьяда мен өзімнің жастық шағымды өткіздім, – деп қыш аяқ сөзін одан әрі сабақтай түсті. Ол жерде мебельді жалтырата сүртіп, еденді тап-таза қып жуатын, ал терезенің пердесін екі аптада бір ауыстырып отыратын.
— Ойпырмай, сіздің әңгімеңіз неткен қызықты еді өзі! деп аузынан суы құрыды сыпырғыштың. Бұлайша әңгіме айту тек әйелдердің ғана қолынан келеді, сіздің сөзіңізден ерекше тазалықтың лебі есіп тұр.
— Иә, иә! – деді шелек те, ол тіпті есі қалмағандықтан ішіндегі суын еденге шалп еткізе бір секіріп қойды.
Қыштан жасалған аяқ әңгімесін айта берді, ал әңгіменің тамамдалуы да басталуынан кем түскен жоқ.
Тәрелкелер сүйсінгендіктен салдыр-гүлдір етісті, ал сыпырғыш болса, ішіне құм салынған қобдидан бір шоқ көк шөп алып шықты да, онымен қыш аяқты әшекейлеп көмкеріп жатып: «Егер бүгін оған мен жақсылық жасасам, ертең ол маған жақсылық жасайды!» – деп ойлап қойды.
— Ал енді билеп жіберейік! – деді шымшуыр, сөйтті де өзі тайрақтап билей жөнелді. Япыр-ай, ол біресе бір аяғын, біресе екінші аяғын ербеңдетіп аспанға қалай-қалай көтерді дейсің кеп. Бұрышта тұрған орындықтың көнетоз қабы, бұл тамашаға есі кеткені соншалық, тұрып-тұрып өз-өзінен қақ айрылды!
— Мені де әшекейлей ме? – деп сұрады шымшуыр. Сол-ақ екен, оны да әшекейлеп тастады.
«Өңкей құнсыздарды қарашы!» – деп ойлады сіріңке тыжырынып.
Бір кезде кезек самаурынға да келді, ол ән салуға тиіс еді. Бірақ та самаурын: «Тек қайнап тұрғанда болмаса өлең айта алмаймын, қазір суып қалдым», деген сылтаумен өлең айтудан бас тартты. Анығында ол бәлсініп, қожасының үстелінің үстінде тұрмаған соң, өлең айтқысы да келмеді.
Терезенің көзінде қаздың қауырсынынан жасалған қалам жатыр еді, әдетте, онымен үй қызметкері әйел ғана жазатын: бұл қаламның сияға терең батырылғаннан басқа еш ерекшелігі болмайтын, оның мақтан көретінінің өзі де сияға терең батырылатыны болатын.
— Самаурынның өлең айтқысы келмесе, керегі де жоқ! – деді ол. Терезенің сыртында ілулі тұрған торда бұлбұл отыр, әне, өлеңді сол айтсын. Рас, ол ғалым емес, бірақ та кімнің ғалым, кімнің ғалым емесі жөнінде дәл осы жерде сөз қозғаудың жөні бола қояр ма екен?
— Меніңше, қайдағы бір келімсек, құстың әнін тыңдау барып тұрған ерсілік болады! – деп сөзге араласты ас үйдің әншісі әрі самаурынның жамағайыны үлкен мыс шәугім. Бұл патриоттыққа жата ма? Менің сөзімді теріс десеңдер ана тамақ таситын себет-ақ айтсыншы!
— Менің өзім де не болғанымды білмей тұрмын! – деп күйіне сөйледі себет. Менің жарылардай болып тұрғаныма сіздер сенбейсіздер! Сауық кешін бұлайша өткізуге бола ма екен? Одан да үйдің ішін тәртіпке келтірсек, дұрысы сол болмай ма? Сонда әркім өз орнын білер еді де, мен бәріне басшылық жасар едім. Сонда ғана жағдай мүлдем өзгерер еді ғой.
— Келіңдер, у-шу болайық! – деп тұс-тұстан айғай салды бәрі бірдей.
Кенет есік ашылып, қызметші әйел келді. Сол-ақ екен, бәрі де жым болып, үні өшті. Әйткенмен олардың әрқайсысы-ақ өзгенің бәрінен де өзінің тектілігіне, қолынан келмейтіні жоқтығына іштей күпсініп тұрды. «Әттең, тізгінді өз қолыма алғанымда, сауық кешіміз айта қалғандай болар еді-ау» – деп ойлады бәрі де.
Қызметші әйел сіріңкені алып шырағдан жақты. Құдай көрсетпесін, сіріңке тұтанған кезде қалай пысқырынды дейсің кеп!
«Осындағылардың ең тәуірі мен екенімді, міне, енді жұрттың бәрі де көрді! – деп ойлады сіріңке. Қалай жарқылдаймыз, шашқан сәулеміз қандай, шіркін!»
— Ғажап ертегі! – деп тамсанды ханым. Сіріңкемен бірге мен де ас үйде болған сияқтымын! Иә, сен біздің қызымыздың нағыз теңісің.
— Сөз жоқ! – деп оның сөзін қостады хан. – Тойды дүйсенбі күні өткіземіз.
Осыдан кейін хан мен ханым жас жігітке «сен»деп сөйлей бастады, өйткені ол енді солардың үй ішінің бір жаны болуға тиіс қой.
Сонымен, той өткізілетін күн белгіленді. Кешке бүкіл шаһар әр түсті жарық жағылып жарқырап кетті, шашу шашылып, балалар мәре-сәре боп қалды, «уралап» айғайлап, саусақтарын ауыздарына салып ысқырып та жіберісті. Не керек, құлақ естіп, көз көрмеген сән-салтанаттың өзі болды!
«Менің де бір әрекет істеуім керек қой» – деп ойлады король баласы. Сол ойымен ол ракета, торсылдақ таңы басқа ол-пұл сатып алды да, бәрін сандығына салып, аспанға бір-ақ шырқады.
Пиф, паф. Пш-шшш!.. Кенет тарсылдап гүрсілдеді дейсің кеп. Ысылдап-пышылдап та жатыр.
Түріктер естері қалмай секіргендері сонша, тіпті аяқтарындағы кебістері бастарынан аса аспанға ұшты. Олар бұдан бұрын дәл мұндай сан түспен құбылған оттардың аспаннан қарша жауғанын көрген жоқ еді. Ханшаға құдайдың өзі үйленетініне енді жұрттың көзі жетті.
Ал көпес баласы өзінің сандығымен баяғы орманға оралғаннан кейін: «Шаһарға барып, мен туралы не айтып жатқандарын тыңдау керек» деген ойға келді.
Оның өзі туралы не айтылып жатқанын білгісі келуі тегін де емес еді: шаһар халқы не айтпады. Ол кіммен сөйлессе де, әркім көргені туралы әр қилы қып айтады. Тек бір-ақ нәрсе аспандағы көріністің ғажаптығы жайында айтқандары-ақ бір жерден шықты.
— Мен Алла тағаланың өзін көрдім! – деді біреуі. – Ойпырмай, көзі жұлдыздай жарқырап тұр, ал сақалы теңіздің көбігіндей аппақ!
— Үстінде оттай жанған желеңі бар екен, оның әр жерінен жұтып қойғандай әп-әдемі, кіп-кішкентай періштелер жылтың-жылтың етіседі, – деді екінші біреу.
Иә, көпес баласы нелер ғажайыптар жайлы естімеді дейсің.
Ертеңіне оның үйлену тойы өтуге тиіс.
Сол себепті де көпес баласы сандығына отырмақ боп қайтадан орманға жөнелді. Олай қарады, бұлай қарады, ұшты-күйлі сандық жоқ. Бұл қайда ғана кетті екен? Сөйтсе, дымы қалмай жанып кетіпті. Аспанға атқан сан түрлі оттардан бір ұшқын түскен екен, содан сандық бықсып жатып-жатып, бір кезде лап ете түсіпті де, орнында тек күлі ғана қалыпты. Сонымен, айтып-айтпай не керек, көпес баласына қайтып барып қалыңдығымен қауышу бұйырмады.
Қалыңдық күні бойы шатырда тұрып, күйеуді күтті. Сол күткеннен әлі күтіп тұр. Ал көпес баласы болса, дүниені кезіп ертегі айтумен жүр, бірақ та айтқан ертегілері баяғы сіріңке жайындағы ертегідей қызықты емес.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі