Өлең, жыр, ақындар

Әлемдегі ең қауіпті тағамдар

Адамның тамақ ішу кезінде (егер ол ерекше дәмді болып көрінсе) алатын ләззатын миға әсер ету тұрғысынан махаббат сезімі мен есіркіден алатын ләззатпен салыстыруға болады екен. 

Бірақ адамдардың тұтынып жүрген тағамдарының бәрі бірдей пайдалы емес. Біріншіден, кейбір үйреншікті тағамдардың өзінен «артық мөлшерлеу» болып кетуі мүмкін. Екіншіден, жер бетінде егер байқап тұтынбаса денсаулыққа үлкен зиян келтіретін, тіпті өлімге апарып соғатын тағамдар да бар. Бұл мақала ең қауіпті бес тағамға арналған.

Фугу балығы

Фугу — сашими стилінде шикі күйінде тартылатын, туралмаған балықтан жасалған жапондық, корейлік және сингапурлық жеңсік ас. Фугу балығының еті ешқандай қауіпті болмаса да, кейбір тағам талғампаздары ең дәмді жері деп есептейтін бауырында өте күшті тетродотоксин нейтротоксин бар. Ол адамның басын айналдырып, бүкіл денесін инемен сұққылағандай әсер қалдырып, бұлшықет әлсіздігін тудырады. Фугудан дәм татудың арты кейбір кездері тыныс алуды ауырлатып, қан айналымын бұзып, тіпті өлімге әкеп соғуы мүмкін. Бақытымызға орай Жапонияны қоса алғанда барлық жерде фугудың бауырын тағам ретінде пайдалануға ресми түрде тиым салынған. Алайда, гастрономия талғампаздары оны ас мәзіріне кіргізуге әлі де талпынып жүр.

Кoi pla салаты

Koi pla — құрамына жаңа ауланған балықтың бауыры (тағы да!), дәмді тұздық, лайм шырыны және...бір шымшым тірі қызыл құмырсқалар кіретін, Таиландтың солтүстік-шығысында жасалатын салат. Құрамы қызық бұл салаттың ерекше рецептімен қатар, бауырдың қатерлі ісігі қаупін тудырады деген күдік те бар. Таиландтың осы салатты көп тұтынатын аудандарында бауырдың қатерлі ісігі ер адамдарда анықталған барлық обыр ауруларының 50 пайызын құрайды. Бұл жаһандық көлемде 10 пайыздық көрсеткішке тең. Бұған себеп балықтың ішінде тіршілік ететін жалпақ паразит құрттар. Олар термиялық өңдеуден өтпегендіктен тірі күйінде қалады.

“Пагпаг”

Негізі, “пагпаг” — тағамның атауы емес, көше тамағын сипаттайтын термин деуге де болады. Ол тіпті, біз күнделікті жеп жүрген көше тамағы да емес, мүлдем басқа нәрсе. Қоқыстың ішінен алынған азық-түлікті мұқият (олай болмауы да мүмкін) жуып, тазалап, ыстық майға қайта қуырады. Бір қызығы, тагаль тілінен аударғанда «пагпаг» «шаң мен кірді сілкіп тастау» дегенді білдіреді. Мұндай тамақпен бірге тырысқақ, А гепатиті және іш сүзегі сияқты жұқпалы сырқаттардың қатар жүретінін айтудың өзі артық. Алайда, оны алмастыратын басқа тамақ болмағандықтан, пагпагты әлемнің ең кедей елдерінде әлі тұтынудан бас тартпайды. 

Маниока

Маниока (немесе кассава) — Солтүстік және Оңтүстік Америкада өсетін, бірақ Кариб алабы, Африка және Азия елдерінде де кеңінен тұтынатын, жеуге жарамды крахмалды өсімдік. IFL Science-тың мәлімдеуінше, бұл әлемдегі 500 миллионнан аса адамның негізгі калория көзі болып табылады. Мұндай танымалдылығына қарамастан, маниоканың жапырақтары мен тамырында тамақтану кезінде цианид жасайтын зат бар. Мұндай өте қауіпті құрамды жою үшін маниоканы суға салып, жақсылап жуып және салқындатып, ұзақ кезеңнен тұратын кептіру арқылы ғана тамаққа пайдалануға болады. Бірақ өңделмеген маниоканы жегеннен кейін емханаға түскен адамдар саны азаяр емес.

Карамбола

“Жұлдызды жеміс” карамбола — тағы бір кең тараған, бірақ қауіпті тәтті жеміс. Бұл жолы оның құпиясы нейротоксинді карамбоксинде жатыр. Егер сіздің денсаулығыңыз жақсы болса, онда денеңіз карамбоксиннің біраз мөлшерін жойып жібере алады да, ол ағзаңызға ешқандай қауіп төндірмейді. Ал егер бүйрегіңіз ауыратын болса, онда карамболаның бір стақан шырыны қатты уланып қалуға жеткілікті. Оның белгілері: құсу, аяқтардың жансыздануы, бұлшықеттің босаңсуы, сананың тұмандануы және дененің құрысуы.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Мақсат

Адамдар неліктен әрбәлені жей береді?

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз