Қазіргі таңда елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру деңгейіне жетуге жұмыс жасалынуда. Бүгінгі мемлекет алдындағы басты міндет білім беру жүйесін жаңарту болып отыр. Ал бұл міндет, ең алдымен, мектептегі оқыту саласына тікелей қатысты әрі маңызды. Сондықтан да, бүгінгі мектеп оқушылары болашақта бәсекеге қабілетті, өз жолында кездескен қиыншылықтарды жеңуге, өз мәселелерін өздері шешуге, саналы шешім қабылдай алуға, алған сапалы білімімен мемлекет жолында еңбек сіңіруге дайын болуы керек.
Ғылымның қай саласын алсақ та, теориялық және қолданбалы тәжірибелік мәнде болады деп есептесек, физика сабағында оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру әрі теориялық, әрі қолданбалы жүйесін біріге қарастыру өзекті мәселелердің бірі екендігін де ескергеніміз абзал. Өйткені, игерілуге тиісті ұғым, түсіндірілу қажет білім, айтылмақ болған ой-түсінік оқушыға әсер ететіндей болса, ол тиісті деңгейде оқушы көңіліне қонымды болады, тереңірек ойландырады, есте ұзақ сақталады.
Сонымен қатар, әсер санаға ерекше ықпал етеді. Әсердің нәтижесі тұлғаны әрекетке итермелейді. Оқу әрекеті оқушылардың негізгі іс-әрекеті болып табылғандықтан, ол өте күрделі құбылыс. Оқу әрекетінде оқу міндеттері шешіліп, мақсаткерлік, мотив, танымдық процесс ақпаратты қабылдаудан бастап, күрделі шығармашылық процестің қалыптасуымен аяқталатын түрлі сезімдік көріністермен және т.б. сипатталады. Екінші, жағынан танымдық түсінікті қалыптастырады. Үшіншіден, танымды жүзеге асырып, оны өмірде қолдана білуге жол ашады.
Бұл үрдіске педагогикалық тұрғыдан қарасақ, алға қойылған мақсатқа жетудегі мазмұн, оны жүзеге асырудың формалары мен әдістері және тиісті нәтижеге жетудегі оқушы мүмкіндігі бірлікте шешілуге тиісті. Осыған орай, бұл ғылыми зерттеу жүйесінде ұстанған әдіснамалық, тәсілдік бағдарға уақыт мәресінен, мезгіл деңгейінен қарауды басты мақсат болып табылады.
ХХІ ғасырдағы білім берудің жүйелік саласындағы басты ұстаным – сапалы түрде іске кірісіп, тиімді әрекеттену, құндылықтарды тұтына отырып нәтижелі табысқа жету болатын. Бұл қағиданы ұстана білген тұлға сөзсіз табысқа жетеді, көздеген мақсаты орындалады. Оқушылардың табысты оқу әрекетінің мазмұны оның негізгі мақсаты мен нәтижесі болып табылады және оған мыналар жатады:
Ғылыми білімді түсіну және практикалық міндеттерді шешуге бағытталған ойлаудың жалпы амал-тәсілдерін меңгеру;
Ғылыми білімді және дағдыларды меңгеруі
Ал, мақсат – оқушының оқу іс-әрекетіне кіретін жекелеген әрекеттерді орындаудағы бағыттылығы. Сол себепті, кейде мақсатты оқу әрекетінің аралық нәтижесі деп те атайды.
Соңғы жылдарға дейін бұрыннан қолданылып келген ескі әдістермен шектелдік, одан қазірде де сол дәстүрлі әдістер қолданыста. Ол дәстүрлі әдіс бойынша басты қағида – мұғалім «түсіндіреді», ал оқушы «тыңдайды» және қайталап айтып береді. Шындығында, ұстаздың айтқанын, көрсеткенін, берген теориялық түсініктемелерін оқушы естіп, ұғынды, білді деген күннің өзінде де оқушының бәрі бірдей тиісті дәрежеде білімді меңгеріп, өз бетінше есеп шығару секілді әрекеттерге көше алмайды. Әрекеттер орындалу немесе іске асу барысында негізгі үш қызметті: бағдарлау, орындау, бақылау – түзету қызметтерін атқарады.
Осындай дәстүрлі әдістердің нәтижесінен оқушылар жаттампаздыққа бейім болып қалыптасып қалады. Бейімдеушілік шеңберінен шыға алмайды. Осыдан барып, өзіндік білім-танымы нашар, түсінігі таяз білімділер көбейеді. Ал өте қабілетті, білім алуға бейім, жақсы оқиды деген санаулы оқушылар ғана салыстырмалы түрде айтқанда талап деңгейінде үлгереді де, қалған көпшілік оқушы таным деңгейі әлсіз, білім дәрежесі төмен, қызығушылығы нашар үлгермеушілер қатарын көбейте түседі. Мұның көрінісін кез келген орта мектептен байқауға болады. Оның ішінде физика сабағын өту барысында көптеп кездестіреміз. Себебі, физика сабағы күрделі ғылым саласы, сонымен қатар бір тақырыпты өтуге уақыттың тапшылығы болып табылады. Бұл олқылықты жоюға ықпал ететін және оған қозғау салатын әсерлі жолдың бірі физика сабағында танымдық қызығушылықты қалыптастыру арқылы оқытудың технологиясын жетілдірумен байланысты. Өйткені, белгілі мазмұнды дұрыс ұғынып, түсіну – сөздің мәнін, термин немесе анықтаманың сын-сипатын нақты тани білуге тәуелді. Шындығында, оқушының білуге деген қызығушылығы ғана олардың белсенділігін, өздігінен ізденуге деген ынтасын демейтін ықпалды күш болып табылады.
Әрекеттерді қалыптастыруға қажетті ең маңызды бөлік – ынта болып есептелінеді. Себебі, оқушының ынтасы болмаса, онда әрекеттің орындалуының және оны қалыптастыру нәтижесінің жоғарғы деңгейде болмайтыны сөзсіз. Білім – табысқа жетудің, яғни, нәтиже алудың кілті. Тұлғаның шын мәнінде ынта-ықыласы ғана білім мен әдіс-тәсілді бойға дарытып, ойға қондыра алады.
Сондықтан, ынта – кез келген білімнің басты негізі деуімізге болады. Студенттердің оқуға деген ынтасын, көбінесе, олардың проблемалық жағдай тудыратын сұрақтар, тапсырмалар, қызықтыратын программалар және т.б. әдістерді пайдалануға болады.
Білім беру және оқыту теориясының әдіснамалық негізі – таным теориясы, оқушы тұлғасын жан-жақты және үйлесімді қалыптастыру туралы ілім болып табылады. Бұл теория білім беру және оқытуды арнайы ұйымдастырылатын іс-әрекет ретінде қарастырады. Білім беру және оқыту теориясының оқушыларды оқыту мәселесіндегі талаптарының бірі – танымдық белсенділік пен танымдық қызығушылық. Бұл талаптың орындалуы оқушылардың оқу материалын түсінуге, өткенді жаңамен байланыстыруға, негізгі мен қосымшасын анықтауға, алған білімдерін тәжірибеде пайдалануға, өз пікірлерінде оларға сүйенуге ұмтылысынан көрінеді. Білімді саналы меңгеру өз бетімен жаңа білім алуға мүмкінді беретін ақыл-ой еңбегінің өзіндік тәсілдерін игермейінше іске аспайды. Оқушылардың танымдық іс-әрекетінің көздейтін мүддесі – білімнің қоғамдық мәнін ұғыну, қоғамға қызмет ету қарқынын үдету қажеттігі негізінде дамиды. Белсенділіктің ең жоғарғы көрінісі оқушылардың алған білімдерін, тәжірибеде нәтижелі пайдалана білуі болып табылады. Оқушы ақпаратты, іс-әрекет тәсілдері мен бағалау өлшемдерін қамтитын қоғамдық және жеке адам игерген ұжымдық тәжірибе тағылымдары жөнінде оқушының беретін біліммен шектеліп қана қоймай, оны әрі қарай өз бетінше белсенді, танымдық іс-әрекетті нәтижесінде игеруі тиіс. Осыдан келіп, оқыту барысында оқушының іс-әрекетінде танымдық белсенділікті қалыптастыру талабы туындайды.
Оқушылар өмірінде қызығушылықтың әр түрлі көрініс табады. Өскелең ұрпақ үшін танымдық қызығушылықтың қай түрінде болмасын танымдық компонент бар. Әйтсе де, танымдық деп қызығушылықтың ерекше түрін – оқуға, ғылымға, білімді жинақтауға қызығушылықты айтады. Ол адамның әр нәрсеге әуестенуінен байқалады. Болмыстың қандай да бір саласын терең меңгеру үшін, оған танымдық қызығушылықты көрсету қажет.
Танымдық қызығушылық тұлғаны қозғаушы күш екенін естен шығармаған жөн. Физика сабағында танымдық қызығушылықты қалыптастыру өз алдына бөлек жатқан мәселе емес, оның әдістемелік жолы басқа ғылымдармен біріге шешіледі.
Философиялық тұрғыдан келгенде әдістеме – теориялық және тәжірибелік іс-әрекетті құру мен ұйымдастырудың тәсілдері, принциптік жүйесі болуымен қатар таным мен ұғымның ғылыми әдістері туралы ілім. Педагогикалық зерттеудің әдістемесі ғылыми танымдық іс-әрекеттердің тәсілдерін, формасын, оның құрылымдық принциптерін біріге қарастырады.
Педагогикалық ғылыми-зерттеу әдістемесінің принциптері философиялық таным теориясынан бастау алатын және онымен тамырластығы тұлғаға берілетін білім, тәрбие, оқыту және даму мәселесін бір-бірінен бөлмей тұтастықта қарастырады. Сондықтан да, тұлғаның мәдениеттануы мен әлеуметтену барысындағы танымдық қызығушылығы саласындағы аксиологиялық құндылықтарды меңгеру технологиясы, шығармашылық жолдарды жетілдірудегі адами даму мен өзіндік «Меннің» өркендеуіндегі тұтастыққа бүгінде ерекше назар аударылып отырған антропологиялық, этнопедагогикалық танымдармен бірлікте қарау уақыт талабынан туып отырған заңдылық. Әсіресе, физика ішіндегі геометриялық оптика оқыту барысында атқарылатын іс-әрекет арқылы оқушылардың өзіндік ізденісін, қызығушылығын қолдау – табысқа жетудің кілті.
Оқушының білім алу саласындағы іс-әрекет танымдық қызығушылығының білім алу саласындағы іс-әрекет танымдық қызығушылығының өркендеуі тұлғаның көзқарасын қалыптастырып, уақыт деңгейіне үйлесімді табыстарға жетуіне жол ашатындығы белгілі. Ал мұның нәтижесі олардың ертеңгі еңбекқор, қоғамды өркендететін тұлға болуына ықпал етеді.
Сонда, танымдық қызығушылық тұлғаның іс-әрекеті мен көзқарасындағы саналылықты жетілдіретін қозғаушы күш деп таныған жөн. Осы орайда тұлғаның өзін-өзі жаңалыққа қарай өзгеруге бағыттаудағы ғылыми әдістердің танымдық жолдары арқылы геометриялық оптиканы оқытуға қызықтыру тұрғысынан қарастырамыз.
Әлеуметтанушылар адам биологиялық тіршілік иесі болып туғанымен белгілі бір ортада жетіліп, сол ортаның заңдылықтарына байланысты әлеуметтенеді дейді. Адам неғұрлым ортамен қарым-қатынас жасаған сайын, оның биологиялық негізінің кей жақтары өзгеріске ұшырайды. Адамның ұлт өкілі болу көрсеткіштері де соған байланысты болмақ.
Адамның әлеуметтенуі – өмір бойы үздіксіз жүріп отыратын процесс. Әлеуметтену деңгейі еңбекке дейін, еңбек ету қарсаңында және еңбектен босау уақыты тәрізді үш кезеңнің барысында қалыптасады. Бұл үш кезеңнің қайсысында болмасын адамның танымдық, эмоционалдық және еріктік компоненттері дамиды. Адам әлеуметтену барысында белгілі рөлдер атқарады. Әлеуметтену процесінің мазмұны жалпы қоғамдық, ұжымдық, халықтық және ұлттық мазмұнға ие болады. Себебі, бұл қоғамдық категориялар өзінің болмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына байланысты өзіндік талаптарын, жүріс-тұрыс нормаларын адам бойына дамытуға талпынады. Сөйтіп, тәрбие және оқыту жеке адамның әлеуметтену негізі бола алады. Сол себепті, белгілі ортада жеке адамның жүріс-тұрысының белсенділігі осы жағдайлардың әсер етуіне байланысты болады. Жеке адамның қалыптасуына әсер ететін факторлар дегеніміз – адамның әлеуметтену процесіне себепші болатын жағдайлар. Педагог А.В.Мудрик оны негізгі үш топқа бөледі:
Макрофакторлар (космос, планета, дүние, мемлекет, қоғам) – жер шарының қай жеріндегі болмасын адамдарға әсер ететін факторлар;
Мезафакторлар – ұлттық белгілерге байланысты әсер ететін факторлар (аймақ, ауыл, қала, кино, теледидар, ойындар, т.б.);
Микрофакторлар – адамға тікелей әсер ететін факторлар (отбас, құрбы-құрдас, микроәлеуметтік орта, оқу орны, жұмыс орны, т.б.).
«Тұлға» - ертеден келе жатқан ұғым. Тұлға – дербес әрекет ететін субъект, адамның қоғамдық өмірінің дара нысанасы. Ол әлеуметтік тіршілік ету әдісі жағынан дара болады, оның мәні индивидтің өзіндік ерекшелігінде, оның өзіндік дүниесі ерекше өмір жолын белгілейді.
Тұлға – әлеуметтік қатынастар мен саналы іс-әрекетті жүзеге асырушы, нақты қоғам мүшесі, өзін басқалардан ажырата білетін, өзінің кім екенін түсінетін, есі кірген ересек кісі деген сипаттамаға лайық деп есептейді академик Т.Тәжібаев.
А.Н.Леонтьев тұлғаны қоғамдағы адамның даму дәрежесіне байланысты оның психикасында болатын жаңа сапа екендігін айтады.
Тұлға – өзінің ұстанымы, өмірге деген өз көзқарасы, саналы еңбек нәтижесінде қалыптасқан дүниетанымы бар адам. Мұндай адам өз ортасынан оқ бойы озық тұрады. Оның өзіндік ойлауы, сезімдері, ерік-жігері, жинақтылық пен ішкі құмарлығы жоғары болады. Тұлғаның тереңдігі оның басқа адамдармен, ортамен байланысының тереңдігін қамтамасыз етеді. Сонымен, тұлға – жай ғана адам емес, даралық сапалары, нышандары, қабілеттері дамыған, ізденгіш, ойлап табу үшін белсенді ізденуші адам. С.Л.Рубинштейн тек ұзақ уақытқа созылған өзін-өзі дамыту арқылы қалыптасқан жеке адам ғана осылайша аталуға құқық алатындығын атап өтеді.
Тұлға – белгілі бір қоғамның мүшесі, ол қандай болмасын бір іспен айналысады, оның азды-көпті тәжірибесі, білімі, өзіне тән өзгешеліктері болады. Осы айтылғандардың жиынтығы оны «жеке тұлға» етеді. Жеке тұлға – тарихи-әлеуметтік жағдайлардың жемісі. Ол әлеуметтік ортада ғана қалыптасады. Жеке тұлғаның психикалық қасиеттерінің қалыптасуында оқу-тәрбие процесі шешуші роль атқарады. Ал, жеке тұлғаның психикалық дамуы – оның іс-әрекеті мен мінез-құлқындағы саналығының өсіп жетілуі.
Осыған орай, физика пәнінің геометриялық оптика бөлімін оқытуда оқушылардың танымдық қызығушылық тудыру арқылы танымдық қабілеттерін қалыптастыру мұғалімнің қолында.
Әрбір мұғалім оқушыларының өз пәнін жақсы оқып, сабағында асқан қызығушылықпен шұғылданғанын қалайды. Кейде мұғалімдер де, ата-аналар да: «оқығысы келмейді», «оқуға арналмаған адам», «оқиын деген ниеті жоқ, әйтпесе жақсы оқыр еді» деп ойлайды. Дегенмен, оқушылардың білімге деген қызығушылығы ойдағыдай қалыптаспағандығын жиі байқауға болады.
Бұл сөздердің астарында үлкен мәселе бар, ол оқушылардың пәндерге деген қызығушылығының жоқтығы. Әсіресе, физика пәніне деген қызығушылықтары көптеп байқала бермейді. Физика – ғылыми салаға жататын болғандықтан, сәйкесінше білім сапасы да төмендейді.
Осындай мәселелердің алдын-алудың маңызды жолдарының бірі – физика сабағын оқыту барысында оқушылардың танымдық қызығушылықтарын тудыра отырып танымдық қабілеттерін қалыптастыру болып табылады. Осыған орай, ең алдымен, «таным», «танымдық қызығушылық», «танымдық қабілеттілік» ұғымдарына түсінік береміз.
Философиялық сөздікте: «Таным – іс-әрекетінің адам мақсаттары ұмтылыстарының негізі болатын білімін қалыптастырушы, шығармашылық қызметінің қоғамдық-тарихи процесі. Ой еңбегі мен дене еңбегі барысында қарама-қарсылық бар жерде, шығармашылық, жаңалық ашушы және тудырушы іс-әрекет орындаушылық пен жаттандылыққа әлеуметтік тұрғыдан қарама-қарсы қойылған жерде, таным, көбінесе рухани өндірістің түрлі салаларындағы кәсіби мамандардың ерекше функциясы ретінде көрінеді – деген анықтама берілген.
Таным – философиялық ұғым, ол айналадағы материалдық шындықты адам санасында бейнеленуі. Қоршаған дүние объективті түрде өмір сүретін болғандықтан, оның заттары мен құбылыстары санада бейнеленеді. Көру, сезіну, түйсіну арқылы сезім мүшелерімізге материалдық заттар әсер етеді де, біз оларды қабылдаймыз. Қабылданған дүниені танып білеміз. Сезім арқылы таныған дүниені ғылыми біліммен байланыстырғанда ғана білім қалыптасады. Қабылдау барысында сыртқы сезімдер мен ішкі сезімдер біріге отырып, танымды нақтылай түседі.
Адам баласы таным арқылы білмеуден білуге көшіп отырады. Ол затты, құбылысты танығаннан кейін, енді таныс еместерін білуге ұмтылады, ізденеді. Сөйтіп, толық емес, жетілмеген білім, толық білімге қарай дамиды.
Тану үшін адам дүниеге белсенді әсер етеді, оған ықпал жасап, өзгертеді, екінші қат өндіреді, соның нәтижесінде өзі де өзгереді. Шынымен де, оқу танымы – оқыту үрдісінің маңызды сипаттамасының бір бөлігі болып табылады. Егер оқытуды психологиялық тұрғыдан қарастырсақ, яғни, негізінен оқушының материалды қалай меңгеріп, игеруіне көңіл бөлсек, ол басты мәнді қатынас болып саналады. Бірақ, оқытуды әлеуметтік тәжірибені беретін мақсатты әрекет жағынан қарастырсақ, онда бұл қызметке басты және ерекшелік ретінде: екі әрекет арасындағы қатынас – оқу және оқыту болып бөлінеді. Оқыту – оқытатын адамның қызметі, ал оқу – оқитын адамның қызметі.
Таным оқудан тыс та іске асуы мүмкін, ал өзара байланысқан оқыту мен оқу әрекеті тек оқыту үрдісінде ғана болады. Олар бірігіп, барлық дидактикалық қатынас жүйесін, әсіресе танымдық жүйені анықтап, ұйымдастырады. Осылайша, дидактика пәні сипатталады. Оқыту құбылысын зерттеу кезінде, шындығында үш объект арасындағы, мұғалім, оқушы және оқу материалы арасындағы тәуелділікті есептеу керек.
Қорыта келгенде, таным арқылы заттар мен құбылыстардың басты белгілері, ұқсастықтары мен айырмашылықтары жайындағы бейнелі қабылдау нәтижесінде ұғым туады. Сонымен қатар, таным – практикалық қызмет барысында іске асады.
Саду Жазира Даулетқызы
Алматы қаласы Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің 2 курс магистранты
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі