Нағима шошыған кісідей ұйқысынан оянғанда, қараңғы түнді тан жарығы жеңіп, терезе бозара бастап еді.
Бір нәрсесі ұмыт қалғандай асығыс тұрып беті-қолын жуып, дәрет алды. Түнгі астан аяққа салып алып қойған орта тостаған суынған бөртпе мен бір аяқ қара көжені әкеп сахара ішуге кірісті.
Таң жарығы ұлғайып, үй іші қаракөлеңке жарыққа бет түзеді. Нағима «сахарын» ішіп, жиып, кешке шейін ораза екендігіне ниет етіп бетін сипады. Бүл ниеті — патшалардың заң-законынан да қатты, өліп бара жатса да тамақ ішуге болмайтын ант аралас ниет. Өз еркі өзінде, дені сау бола тұрып, адамның өзін-өзі ауыздықтап қатыруы, жөнсіз ашығуы не үшін, кім үшін, неге ділгер?.. екенін Нағима ойына келтірмейді.
Кеше кешке жақын қарны ашып, жүрегі қарайып бара жатқанда осы ой Нағиманың басына келсе де оның себебін тереңіректен іздеуге Нағима көңіліне ерік берген жоқ, ішінен:
— Құдай бұйрығы, бенденің оны тексерерлік қақы жоқ, — деп ойлап, өзін жұбатқан болды. Бірақ, әлдене нәрсе жүректік қараңғы түкпіріне тығылып, бірдеме айтқысы келіп қыстайтын секілденеді. Нағиманың жүрегін лоблытып, мазасын ала береді.
Таң жарығы ұлғайды. Терезеден түскен сәулемен үй іші тегіс жарық бола бастады.
Нағима ойдан серпіліп, дәретінің барында таза ниетпен таң намазын оқып алмақшы болды. Байының қара бөкебайын жайнамаз ғып жайып, білген дұға-сүрелерін оқып, намазға кірісті.
Үй іші құлаққа ұрғандай тынған. Үн-дыбыс жоқ. Табиғат дәл сол минутта кірсіз көңілмен «ғибадатқа» кіріскен Нағиманы қоштап, Нағима үшін бәрі де қол көтеріп, тілек істейтін секілді...
Мына төсекте сақалы ербиіп жатқан қара кісі – осы Нағиманың ері. Кәсібі ағаш шабу. Күн ұзаққа қара балта, қашауы қолынан түскен емес. Түс әлетінде тары көжеге сығай бір тойып, кекіріп отырғаны. Ораза, намаз дегенің бұл кісіден аулақ. Ғибадатың былай тұрсын, қызулау кезінде құдайды боқтап жіберемін деп, Орман ақсақалдың таяғы мұның шекесін жарған болатын. Содан бері Орман қартпен екеуі удай өш...
Жасы елуден асса да байының ғибадат істемегеніне Нағима кейіп те алады. Бірақ, сөгіс естіп қалармын деп қорқып, бұл туралы жұмған аузын ашпайды. Жалғыз-ақ қолынан келетіні — байы үшін де тілек тілеп, соның күнәсін жеңілдетуді сұрау.
Нағима намазды бітіріп, батаға кірісті. Қолын жоғары көтерді. Бәрін де тіледі. Бәрін де сұрады... Көп тілектің ішінен «дұшпан алдында мерейімді үстем қыл!» деген тілек ұшырады. Бұл тілек аузына іліксе, Нағиманың көзіне Рақила елестейді. Рақила мұның дұшпаны. Дұшпан болғанда қаны қас...
Рақила байдың қатыны. Нағимамен замандас болса да, бұдан өзін жоғары ұстағысы келеді. Ондай-мұндай жиында, той-томалақта Нағимамен бірге отырып, табақтас болуға арланады. Араздық бір басталған соң ұлғая бермек. Екі аразды табыстыратын да, айыратын да арадағы кісі. Нағима мен Рақиланың арасындағы қатындарда туралық жоқ: Рақиланың жазғы қымызына, қысқы етіне сатылады. Рақиланың түйедей мінін жасырып, Нағиманың түймедей мінін айдай әлемге жайып болады.
Нағима мұны ойлағанда өртеніп кете жаздайды: «Құдай-ау, осы ғибадатым барабарына жұмағыңды бермейтін болсаң да, дұшпанымның алдында мәртебемді үстем қыл!» деп талай жалбарынған. Бірақ, тілегі қабыл болған емес.
Бұған қарағанда Рақиланың істеп отырған ізгілігі жоқ деуге болады. Емшек баласын сылтау қып екі жылдан бері ораза да ұстаған жоқ, «сәждеге» басын өміріне тигізіп көрген емес. Оның үстіне, Нағиманың намаз оқып, ораза ұстағанын есітсе: «Әдіра қал, оңбаған күң, жұмаққа бармақ шығар?.. Оған қайдағы жұмақ!» деп кекетеді. Сөйтіп отырса да, оның тілегі қабыл, мерейі әлі үстем, мал мен басы бірдей түгел!
Ой зымырап осы жерге келгенде Нағиманың көтерген қолы үмітсіздікке айналғандай салбырап темен түседі. Кекіректі ыза кернеп, кездіңжасын еріксіз шұбырта бастайды.
— Құдай! – деді, — құдай! Қанша құлдық қып жалбарынсам да, ішуге тамақ, киюге киім таба алмай отырғаныма қарамай ғибадатыңды істесем де, әлі бір тілегімді қабылдап көрген жоқсың. Құлдық қылмаса да, байлардың қатынының тілегі қабыл... Әділдігің қайда?!
Ұйқыда жатқан байы оянды. Керілді.
— Қатын, уа, қатын! — деді.
— Ә, — деді Нағима.
— Байғұс-ау, қой деп едім, әлі қоймап па едің? Аштан өлейін деп жүріп ораза, намаз сенің не теңің?.. Байларға-ақ берсейші, жұмаққа солар кіріп қарық болсын!
— Бердім, бердім, – деді Нағима. — Аштық, жалаңаштыққа қарамай біраз жыл азаптандым. Көрген бейнетімнен басқа дым жоқ. Мен кіретін жұмаққа Рақила да кіретін болса, бәрібір тыныштық көрсетпес. Салатын тамұғына сала берсін!
Таң тегіс атты. Қыраусыз терезеден көкжиегін күмістеп қызарған күннің сәулесі көрінді.
Үстінен ауыр жүкті алып тастағандай боп, Нағима еркін тыным алып, күндегі үйреншікті жұмысына кірісті. Тезірек ниетін бұзып, шай қойып ішпек болды.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі