Билер айтысының қазірде барлық түрлері жиналып болмағандықтан, екінші бұл түрдегі айтыстар ерекше көп болғандықтан, бұл күнде түгел жіктеп, бөліп қоюға болмайды. Сондықтан, қазірде қандай түрлері кездесетінін айтамыз. Бірақ бұл жіктеу уақытша ғана жіктеу және ылғи ішкі мағынасына ғана қарап жасалған жіктеу болады. Осы бетпен қарастырғанда билік айтыстары: бірінші, дау мен билікті қоса айтып, ру жігінің бетімен сөйлейтіндері болады. Мысалы, Бұқар жыраудың Керейге айтқан тақпағы:
Керей, қайда барасың,
Сырдың бойын көбелеп.
Сен қашсаң да, мен қойман,
Арғымағым жебелеп.
Енді алдыңнан шығайын,
Жауған күндей себелеп.
Ақ мырзамды өлтірдің,
Ақ сойылмен төбелеп.
Мен арғын деген арыспын,
Азуы кере қарыспын.
Сен – бұзау терісі шөншіксің,
Мен – өгіз терісі талыспын.
Абылай алдында бітіссең,
Құдандалы таныспын.
Абылай алдында бітпесең,
Атасын білмес алыспын.
Көшің кетер бір жаққа,
Малың кетер бір жаққа,
Көш соңынан жете алмай,
Есің шығар сол шақта.
Жар басына қонарсың,
Жарты лашық тігерсің,
Ауызыңнан ас кетер,
Қара көзден жас кетер,
Бұл қылығың қоймасаң,
Сонау кеудедегі дулығадай бас кетер.
Екінші, екі бидің әділ билікке таласып айтқан талас сөздері. Мысалы, Ақтайлақ, Солтабай билігі.
Ақтайлақ:
Бай қонысын сұрасаң,
Батпақ сулы даласы.
Қой қонысын сұрасаң,
Кекірелі Жантық шорашы.
Құйса-дағы таусылмас,
Қыдырлы байдың сабасы.
Сірә да ұшпақ көрер-ау,
Осындай тапқан анасы, –
деп өзінің кеудесін түртіп:
Сен төрт кісі күмән ұстатсаң,
Мен тоқсан түйе құн кестім,
Сөзімнің болса расы.
Бүгін керей өлгенде,
Ертең найман өлмей ме,
Өлімді жанның мұрасы, – дейді.
Бұл сөзді Солтабай ұнатпағанда, тағы Ақтайлақ:
Әуелі бағыра ашылса,
Аққу шомар көлдерге.
Туысқаны кімнің көп болса,
Үлкен медеу белдерге.
Қырық кез торғын жатыр ғой,
Ақ сандықтың түбінде.
Бәрін айт та, бірін айт,
Сұлтанжан-ау, cap қасқа ат тұр ғой белдеуде, –
дейді.
Үшінші, арбасып, ырғасып жұмбақпен, тұспалмен айтысатын талас билік, мысалы Қараменде мен Кеңгірбай билігі. Дадан руы Боқты деген кісінің бір ағайынынан, Тобықтының мырза деген руы бес қысырақ ұрлап, қырып алыпты. Қуғыншы келгенде, мырза танып, әлде неше жерде сөз болып, аяғы Қабекең мен Қарамендеге барып, екеуі біріне-бірі сөзін айтып, арасына қайта-қайта кісі жүріпті. Нағыз жарыққа түсетін екі куә болмай, ішек-қарын аршыған қатыннан шыққан сөз деп, Жұмағұл болып жабыла танған соң, күмәнға салайық десе, Боқты көнбей, әбден ысқаяқ дауға айналған. Сол тақырыпты Қабекең Байғара Кенбайды Қарамендеге жұмсардың алдында, сендер Қарамендеге: "Шын болса, желдеген тайы шығар. Өтірік болса, қазақтың баяғы жала жапқан жайы шығар. Батыр айғақ, бай шүгелі болмаған даудың жайы қалай болатынын Қараменде өзі айтсын", – деп айтыңдар. Сонда Қараменде айтар: "Бұл Қарекеңнің күмән ал дегені ме, не басқа жүзден келген дау емес. Тым болмаса өзге Орта жүз дауы емес. Қараменде мен Кеңгірбай Тобықтының бес тайын қағып таба алмай, күмәнға салыпты дегенге жанның бөрі күлмей ме. Онан да Қабекем өзі қақында, не бар, не жоқ қылсын, мен сөзімді сол кісіге билеттім" дер. Сонда сен ойланғансып отыр да: "Япыр-ай, бұрын да шатасқан антұрған дау еді. Енді екеуіңнің аранда жүріп, осы бес тай үшін өміріміз өте ме?". Бұл сөзіңізді айтқанда, Қабекең: "Қараменденің мұнысына рахмет, берді деп жұта салғаным лайық емес қой, мен өзіне бергенім берген десе, тағы қайта келем бе? Бітімін айтып жіберсеңіз болмай ма? Қабекең сізге берді ғой" дендер. Сонда Қараменде айтар: "Кеңгірбай бұл сөзді маған біржолата беріп отырған жоқ, онысын сөз қосып, құйрығынан ұстай беріп отырғанынан білмеймісің, оның қасында көп жүріп, сырлас болып едің ғой:
"Құйрығын ұстап мал берсе,
Қолыма тиді демеңіз,
Алақанын жаймай ас берсе,
Асатты ғой демеңіз", –
деп, Құттыбай би айтқан жоқ па. Бұл сөзді мені қыстамай-ақ өзі айтсын, бірақ:
"Қоңырды қағу кімге жөн,
Өмірді қағу кімге жөн
Осынымды айт", –
дер. Сонда сен: "Бұл соңғы сөзіңді Қабекеңе айтып бармаймын. Мұныңыз Қабекеңнің өзін күмәнға ұстаған болмай ма? – де, ол сөз айтқанша: "Айтқандайын, баяғыда Қазыбек би Әнет бабаңнан шариғатпен ескі қазақ жолын үйренемін деп, көшіп келіп, бір жаз үйреніп, күз қайта көшерінде: "Табан ақынды айт, бата бер", дегенде, бабаң не деп еді. Соны ұмытып қалыппын, сұрай кел, осы сөзге не айтса да ұмытпай кел деп еді-ау" деп айт", – дейді.
Кенбай Қарамендеге келіп, Қабекең сөзін айтса, дәл Қабекемнің айтады дегенін айтыпты. Үйретінді сөздерге дәл айтқандай шығыпты да: "Соңғы сөзіңді айтпаймын, бабаң Қазыбекке не деп еді?" – дегенде, Қараменде: "Ә" деп тұра қалып: "Мен адасып отыр екенмін ғой. Бұл сөз Кенбайшаның сөзі емес, Кеңгірбайшаның сөзі екен ғой, жауласқан жатқа айтатын бітімсіз сөзін маған айтқаны екен ғой:
– Көбік ауыз боқты көнбес,
Көк ауру мырза бермес,
Кеңгірбай сөзі бұл болса,
Бұл ара қоныс болмас.
Кеңгірбайға сәлем де, бұл сөзді маған берсе, мен бес тайды салауат қылдым. Ол үлкен болып қоныс алсын, мен отау болып өріс алайын.
Күндердің күнінде
Көрісерге күн жақсы болсын.
Алыстан іздемесін,
Кезең астындағы кең қақтан табар, –
депті Әнет бабаң.
Қазақ жолы қанағат,
О да жолдан адаспас,
Қасаңдау емі шариғат,
Оған ешкім таласпас, –
деген екен.
Төртінші, дау мен билік тұсында, не жамандап, не мақтап айтатын сөздер. Мысалы, Сабырбайдың Солтабай төреге айтқан өлеңі:
Алдияр, біздің ауыл Берікқарада,
Белге соққан жыландай екі арада
Тобықты күнде тиіп жылқы алады,
Иесіз иен елде ерік бола ма.
Шұбарым, арғымағым, арыстаным,
Сөзге бай ауыздыққа алысқаным,
Жасықты жанып-жанып тасқа салған,
Болаттың суын тапқан, данышпаным.
Шұбарым, арғымағым, кермаралым,
Өз заңынша полковник, жандаралым.
Кәпір қаулан болғанда, мұсылман аз,
Қайраңдап қазы құрттай жан қаларым.
Шұбарым, арғымағым, жүлде алғаным,
Арқауылдың жонындай күн шалғаным.
Асусыз тау, өткелсіз су келгенде,
Құйқылжып құладындай жол салғаным.
Шұбарым, арғымағым, сары жілік,
Арғын, найман арасы болды бүлік,
Ежел, тышқан қыстайды Құндыздының
Иен түр бабаң қонған қызыл шілік.
Солтеке, сеніменен қай төре тең,
Төрені ақыл, қараны қайратпен жең.
Жалды жылқы, құйрықты қой жемеген,
Хан ием-ай, сол мінезің Жайықтан кең.
Солтекем бесбайыстың қарағындай,
Әлібек, Айтақ қыстайды қара құмды-ай,
Қолына отты шала ұстап туған,
Жат бауыр қыла көрме Барағымды-ай.
Бұл айтыстарда екі жақтың бірдей айтуы шарт емес, затында дау мен талас, тартыс үстінде шыққан сөздер болғандықтан, жалғыз бір-ақ жақтың сөздері өлеңмен айтылған болса да, билер айтысының мысалына аламыз.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі