"Тисса" зиратының кәрі директоры бәрі дайын болды ма, жоқ па, көрейін деп, ақырын аяңдап үйден шықты.
Ол өзінің қарауындағы осынау қаралы жердің қойнына талай мәйітті шығарып салған, олардың көпшілігін танымайтын да; бірақ танысын-танымасын, алдынан өткен кімге де болса бас иіп, тағзым етіп тұратын әдетінен бір жаңылған емес. Директор үшін өлім жөнелту күнделікті, үйреншікті жағдай еді, солай бола тұра әрбір жерлеу рәсімі оған мына жалғанның тұрақсыз да тұрлаусыздығын еске салып, неге екені белгісіз, қатты толқытатыны бар.
Оның ең жақын досы дәрігер Септимус Годвиннің дүние салғанына жиырма жылдай уақыт өткен, ол өзі тірлігінде арсыздау, сонымен қатар арманшыл, желөкпелеу адам болатын, оның ақылы нақылға айналғаны, адамды бірден баурап әкететін ерекше қасиеті туралы да әңгіме көп-тұғын. Енді міне, оның баласын жерлегелі жатыр.
Дәрігер Годвин өлгеннен бері директор оның жесірін бірде-бір рет көрмеген, өйткені ол әйел бұл қаладан бірден кетіп қалған, бірақ қою қара шашты, ұшқын атып тұратын қоңыр көзді, ұзын бойлы сол әйел бұның есінде жақсы қалып еді. Ол Септимус Годвин өлерден бір жарым жыл бұрын ғана оған тұрмысқа шыққан, күйеуінен біршама жастау болатын. Күйеуін жерлеп жатқанда, оның бейіт басында қалай тұрғаны, сондағы бет-әлпетінің көрінісі бұны қатты таңғалдырған. Сол көрініс, сондағы бет-әлпет талай сырды... иә, ол бір таңғаларлық көрініс еді ғой.
Директор жалғыз аяқ соқпақпен ескі досының қабіріне кетіп бара жатып, қазір де соны ойлаған. Үйінен сырық сілтем жердегі осы бір дөң үсті зират төңірегіндегі ең әдемі жер еді, сонау тұстағы жотаның ақшылдау баурайы да, төмендегі мөлдір бұлақ та осы жерден жарқырап көрінеді. Ол қалың бейіт арасындағы жаңа ғана сырланған темір қашамен қоршалған тоқымдай жердің жанына келіп тоқтады. Көз алдында — құшақ-құшақ гүл. Қақпаға сүйеп қойған қара таспалы шеңбер-гүлдер жаңа мәйітті күтіп тұр. Бәрі де дайын!
Кәрі директор өз кілтімен сағананы ашты. Қалыңдау етіп төсеген шыны еденнің астынан әке Годвиннің табыты көрінеді. Оның жанында енді баласы жататын болады.
— Кешіріңіз, сэр, менің баяғы дәрігерімнің қабірін не істегелі жатырсыздар? — деп сұрады оның желке тұсынан бір биязы дауыс.
Кәрі директор арт жағына бұрылғанда егделеу бір әйелді көрді. Бұрын көрмеген адамы... бірақ түрі имандылау екен: бетінің өңі сола бастаған райхан гүлінің жапырақшасын еске түсіреді. Кең жиекті қалпағының астынан бурыл шашы күмістей жылтырайды.
— Бүгін бұл жерде біреуді жерлейді, мадам.
— Солай ма еді! Шынымен-ақ оның әйелі ме?
— Баласы, мадам. Жиырма жастағы жігіт.
— Баласы? Жерлеу сағат нешеде?
— Түстен кейін, сағат екіде.
— Рақмет сізге. Пейіліңізге ризамын!
Директор қалпағын көтере түсіп, әйелдің соңынан қарады. Оны мазалаған нәрсе — бұл жерден танымайтын адамды кезіктіргені еді.
Жерлеу рәсімі өте салтанатты өтті және... сол күні кешкісін ол өзінің ескі танысы, дәрігер досының үйінде отырып:
— Сіз бүгін осы жерде жүрген бір бурыл шашты әйелді байқай алдыңыз ба? — деп сұрады.
Ұзын бойлы, жирен сақалды дәрігер қонағына орындықты отқа таман жылжытып қойып:
— Иә, көрдім, — деді.
— Ал сіз оның көзқарасына назар аудара алдыңыз ба? Өте қызық қарас. Бейнебір... қалай десем екен? Қалай десем де өте қызық! Кім ол? Мен оны бейіт басынан тіпті таңертең көргем.
Дәрігер басын шайқады.
— Меніңше, оның көзқарасында бәлендей қызық ештеңе жоқ.
— Бұнымен не айтқыңыз келеді? Түсіндіріп беріңізші соны.
Дәрігер әуелі екі ойлы болып тұрғандай көрінді. Сосын шыны құтыны қолына алып, қонағының бокалына шарап құйды да:
— Жақсы. Сіз Годвинге өте жақын адам болдыңыз ғой сэр, сондықтан ол өлер алдындағы бір жайды сізге айтып-ақ берейін. Сіз ол кезде сапарда болғаныңыз есіңізде шығар.
— Айта беріңіз, бәрі де осы жерде қалады.
— Септимус Годвин, — деп жалғады әңгімесін дәрігер асықпай, — бейсенбі күні сағат төртте көз жұмды, ал мені оған екіде шақырған. Мен келген кезде, ол өте ауырлап қалған екен, бірақ кей сәтте есі кіріп жатты. Оның үйінде... Жарайды, сізге бәрі де жақсы таныс қой, сондықтан олар туралы тағы ежіктеп жатпаймын. Бөлмеде менен басқа оның әйелі болды, аурудың аяқ жағында оның сүйікті терьері жатты. Сіз білетін шығарсыз, ол бір таза қанды, текті ит еді ғой. Менің келгеніме он минуттай болғанда, күтуші қыз кірді де, Годвиннің әйеліне әлденені сыбырлап айта бастады. Миссис Годвин:
— Оны көргісі келеді? Барыңыз да айтыңыз, мұндай сәтте оның келуінің мүлде жөні жоқ, — деп, ашулана тіл қатты.
Күтуші қыз шығып кетті де, сәлден соң қайта оралды: сыртта тұрған әйел болмағанда бір минутқа миссис Годвинді көргісі келеді екен. Бірақ миссис Годвин күйеуін тастап ешқайда шыға алмайтынын айтты. Күтуші қыз не істерін білмей абдырап қалғандай болды да, шығып кетті, алайда бірер минуттан кейін тағы да қайтып келген.
— Бикеш қандай жағдайда да дәрігер Годвинді көруім керек. Бұл — мәселенің не өмір, не өлімге тірелген жері деп тұр.
— Өлім дейді? Қандай арсыздық! — деді миссис Годвин тістеніп. — Айтыңыз оған, егер бұл жерден ол дереу жоғалмаса, мен қазір полиция шақырамын.
Бейшара қыз жаутаңдап маған қараған. Мен келген адаммен өзім сөйлесейін деп төменге түстім. Ол асханада отыр екен, көрген жерден бірден таныдым. Атын атамай-ақ қояйын, тек айтарым: ол осы арадан жүз мильдей жерде тұратын белгілі әулеттен шыққан әйел еді. Келісті, сұлу әйел болатын. Бірақ сол күні қатты абыржып тұрғандықтан ба, өңі сәл сынықтау көрінген.
— Құдай үшін, дәрігер, айтыңызшы, әлдеқандай бір үміт бар ма? — деді ол.
Мен ешқандай үміт жоқ екенін айтуға мәжбүр болдым.
— Ондай жағдайда мен оны өлсем де көруім керек, — деп, ол алға ұмсына түсті.
Мен оған райыңыздан қайтыңыз, ойланыңыз деп жалына өтініш жасадым. Алайда ол күтпеген жерден маған бедерлі жалпақ сақинаны жарқ еткізіп, қолыма ұстата қойды. Байқаған шығарсыз, Годвиндік тәсіл емес пе бұл? Қандай Байронизм десеңші!
— Ол маған бұл сақинаны бір сағат бұрын ғана беріп жіберіпті, — деді әйел — Біздің баяғыда-ақ келіскен мынадай шартымыз бар еді: егер ол бұны маған жіберсе, мен оған міндетті түрде келуім керек. О, егер мәселе тек жалғыз маған тіреліп тұрса, мен ештеңе деместен кете берер едім. Әйел адам не демейді, не істегісі келмейді. Бірақ ол өліп бара жатып: "Мені көргісі келмеді, оған бәрібір екен" деп кетеді ғой бұл өмірден. Жоқ, мен ол үшін өз өмірімде беруге дайынмын..!
Ал, өзіңіз білесіз, мақшар алдындағы өтініш — қасиетті нәрсе. Мен оған:
— Көресіз оны. Қалайда көрсетемін, — дедім. Сосын оның соңымнан еруін, бірақ Годвин есін жинағанша есік сыртында күте тұруын өтіндім. Өмірімде ешкім маған дәл сол әйелдей алғысын жаудырмаған шығар. Мен демалыс бөлмесіне кірдім. Годвин әлі ессіз жатыр екен. Аяқ жағындағы терьер ақырын ғана қыңсылап қояды. Көрші бөлмеден баланың жылағаны естіледі, анау әлгі, бүгін біз жерлеген жігіт... Миссис Годвин өлгелі жатқан күйеуінің төсегі жанында әлі де мелшиіп тұр.
— Сіз одан бөлмеден шыға тұруын өтіндіңіз бе?
— Жоқ, мен оған: "Годвин ол әйелді шынында көргісі келген екен" дедім. Бірақ миссис Годвин: "Жо-жоқ, ол салдақыны бұл жерден көргім келмейді!" деп айқайлап жіберді. Мен оның сабырға келуін жалына сұрадым, күйеуі өлгелі жатқанда бұнысы әбестік болатынын да ескерткен болдым.
— Алайда оның әйелі мына мен едім ғой! — деп ол тұлан тұтып, бөлмеден шыға берді.
Дәрігер отқа ойлана қарап отырып, бір сәт үнсіз қалды. Сосын иығын бір қозғап қойып, әңгімесін қайта жалғап еді.
— Егер реті келсе, мен оның ашуын басатын да едім, бірақ өлер адаммен кім дауласады! Қайғы-қасірет деген — тіпті мына сізге де, дәрігерлерге де қасиетті болып табылады. Есік сыртынан екі әйелдің даусы шығып жатты. Олардың бір-біріне қандай кесек лақтыра бастағанын бір құдайдың өзі біледі. Ал мұнда қозғалыссыз, қыбырсыз, сұлық түсіп Годвин жатыр, қашанғыдай әдемі, оның қара көмір шашы бозарған өңін тіпті айқындай түскен. Біраздан соң аздап ес жиғаны сезілді. Осы мезетте әйелдердің дауысы тағы естіле бастап еді, алдымен оның әйелінікі — ащы, ашулы; сосын басқа дауыс — ақырын, үзік-үзік. Годвин қолын көтеріп, есік жақты нұсқады. Мен сыртқа шығып, әйелдерге: "Дәрігер Годвин сіздерді көргісі келеді. Өтінем, өздеріңізді ұстаңыздар", — дедім.
Біз бөлмеге кірдік. Әйелі жанымызда. Бірақ Годвин тағы да есінен айырылып қалды. Екі әйел тізе бүгіп отырды.
Сондағы көрініс дәл қазіргідей көз алдымда: олар беттерін қолдарымен жауып, төсектің екі жағында отыр. Екеуі де үнсіз. Сол үнсіз қалпы олар күндестіктің отына күйе отырып, әрқайсысы өз махаббатын ақырына дейін қорғап қалғысы келетіндей. Ой, дүние-ай, сол сәттегі олардың күйзелістерін ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар тегі. Ал қабырғаның арғы жағында шыр-шыр жылап бала жатыр — бұлардың біреуінікі. Ол тіпті басқа бір әйелден тууы да мүмкін еді ғой.
Дәрігер үнсіз қалды. Кәрі директор құдды тас қараңғыда сипалап жол іздегендей кейіппен өзінің ақ сақалды, қызыл шырайлы жүзін оған бұрды.
— Дәл осы уақытта, — деп, дәрігер әңгімесін әрі жалғады. Таяу жердегі шіркеу қоңырауы некелесу рәсімінің аяқталғанын білдіріп, күмбірлеп қоя берді. Осы оқыс дауыс Годвиннің есін қайта жиғызып еді. Жүрек тебіренткендей аянышты да қызық бір жымиыспен ол екі әйелге алма-кезек көз тастады. Ал екі әйелдің көзі жалғыз еркекте — Годвинде. Әйелінің жүзі — бейшара-ай десеңші! — ызғарлы, бейне бір тастан қашап жасалғандай суық көрінеді, өзі де тастай қатып, қыбырсыз отыр. Ал екіншісіне келер болсақ... оның бетіне қарауға менің дәтім жетпеген.
Годвин маған ымдап, бірдеңе деп сыбырлаған болды. Бірақ оның сөзін қайта соғылған қоңырау үні құмықтырып жіберген. Арада бір минуттай өткенде... Ол мәңгілікке көз жұмып еді.
Өмір деген — осы! Таңертең екі аяғыңды нық басып тұрасың, сосын — күтпеген жерде сілкініс, бұтың көктен бір-ақ келеді. Шырақ қалай сөнсе, адам өмірі де солай сөнеді. Егер сіздің сол өміріңіз тек бір әйелдің өмірімен бірге сөнсе — бақыт деген сол ғой...
Әйелдер жылаған жоқ. Миссис Годвин мәйіт жанында қалды да, екіншісін экипажға дейін шығарып салдым. Бүгінгі жерлеу кезінде осында болған әйел — сол әйел.. Оның көзіндегі жұмбақ сыр сізге енді түсінікті болды-ау деп ойлаймын.
Дәрігер ойлана отырып қалды. Директор үнсіз бас изеп қойды. Иә, енді оған бейтаныс әйелдің терең сырлы, жұмбақ та қызық көзқарасы түсінікті болған еді. Сондай-ақ енді оған жиырма жыл бұрын Годвинді жерлеген кездегі оның әйелінің де көзқарасы түсінікті болған! Отқа мұңая қарап отырып ол:
— Олардың екеуі де құдды салтанат құрғандай еді, — деді. Деді де кәрі адамдардың әдеті бойынша суи бастаған тізесін қолдарымен ақырын сипалай берді.
Орыс тілінен аударған Д. Әшімханұлы
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі