I
Қожаның үйіне бір күні шәкірттері жиылып келіп байқаса, қораның ішінде бір семіз тоқты тұр екен. Қожаның сойғалы семіртіп отырған тоқтысы болады. Шәкірттері Қожаның аңқаулығына сеніп, оны алдап, тоқтыны сойғызбақ болып, қасына жиылады да:
— Қожеке-ай, мына тоқтыға көп еңбекті босқа сарп қылғаныңыз-ай! Енді қызығын көрмей қаласыз-ау! — деседі.
Қожа:
— Е, неге, неге қызығын көрмеймін? — дейді.
Шәкірттер:
— Ойбай, қайдан көресіз, ертең ақыр заман болатын бопты, - дейді.
Қожа:
— Ендеше, тоқты далаға бос қалмасын, мұны бірдеме қылайық, соның ақылын табындар, — дейді.
Шәкірттері:
— Ендеше, мұны дарияның жағасына апарып сояйықта, сонда асып жейік, сөйтіп, қызығын көріп өлейік, — деседі.
Қожа: "құп" — дейді.
Сонымен, дария жағасына барысып, тоқтыны сойып, етін қазанға асады да, шәкірттер Қожаға:
— Сіз қазанға от жағып отыра тұрыңыз, біз мына суға түсіп қайтайық! — деп тегіс кетіп қалады. Қожа отырып қалады.
Бір уақытта шәкірттер әбден шешініп, киімдерін жағада тастап, өздері тегіс суға түсіп кетеді.
Олар сөйтіп, шомылып жатқанда Қожа барып, бәрінің жағадағы киімін жиып әкеледі де, қазанның астындағы отқа жағып, етті пісіріп отыра береді. Бір мезгілде шәкірттер судан шығады. Киімнен бәрі жұрдай болған. Қожаға жалаңаш келісіл:
— Киім көрдіңіз бе? — дейді.
Қожа:
— Көрдім, мен бәрін әкеп, отқа жағып жібердім, — дейді.
Шәкірттері безек қағып:
— Ойбай-ау, не дейсіз? Ойбай, мұныңыз не? — дескенде, Қожа:
— Е, өздерің ертең ақыр заман болады дегендерің қайда? Олай болса, киім неге керек? Онан да мына жеп өлетін ет піссін деп, мен әдейі отын қып жақтым. Керегімізге жараттым, — депті.
ІІ
Қожа бір күні біреумен даулы боп, қазыға жүгініске барады. Қазы бұл екеуінен жауап ала бастайды. Сонда Қожа жауап бере отырып, қойнынан бір жұдырықтай тастың шетін шығарып көрсетіп қойып, қазыға ым жасайды. Қазы содан кейін, тергеуді Қожа жаққа бейімдете келіп, ақырғы билікті Қожаның пайдасына шешеді. Сонымен, Қожа дегені болып, енді кете бергенде, қазы мұны тоқтатып қалады. Ана кісі кетеді. Үй оңашаланған соң, қазы:
— Кәні, әлгің қайда, бер сондай алтыныңды, — дейді. Сүйтсе, тасты көрсеткенде қазы: "Мынау осындай алтын берем деп түр екен ғой" деп ойлап, Қожаның дегенін істеген екен. Осынысын айтқанда Қожа:
— Жоқ, тақсыр, менің белгімді сіз ұқпапсыз, менде ондай алтын болушы ма еді, тәйір! Менің айтқаным: "Билікті дұрыс айт, әйтпесе мына таспен ұрамын дегенім еді!" — депті.
III
Бір күні Қожа ұйықтап жатса, үйіне ұры кіреді. Ұры көп екен, үйдің ішіндегі нәрселердің көбін әкетіп, тысқа шығарып жатады. Қожа оянып, мұны көріп жатады да, бір кезде өзі де өзге қалған нәрселерін шығарыса бастайды. Тоқталмастан апарып, ұрылардың арбасына салып жатады. Ұрылар бұған аң-таң болып:
— Е, мұның не? — дегенде, Қожа:
— Е, біздің үй көшіп жатқан жоқ па, көмек етпей, жалғыз сендерге тасытқаным, обал емес пе? — депті.
Қожа бір күні базарға барғалы жатса, қатыны бір кесе беріп: "Осыған еріткен май құйғызып әкел!" - деп тапсырады. Қожа май сатушыға кеп, бір қыдыру майды таразыға өлшетіп алып, енді кесесіне құйғызады. Май кеседен асып қалады. Сатушы:
— Сыймайды ғой, енді қайда құямыз? - дегенде, Қожа жалма-жан кесені төңкеріп жіберіп:
— Е, қалғанын мына жағына құй! — деп кесенің сыртқы түбін тосады. Осыған қалғанын құйғызып ап, сол бойында ұстап, үйіне келеді. Мұны қатыны керіп:
— Сығыр-ау, мұнша аз алғаның не? Мұны не деп алдың? - дегенде, Қожа:
— Жоқ, жалғыз бұл емес, мына жағында да бар, - деп, кесені енді шалқасынан көтеріп қалады. Сүйтіп, бар майды төгіп тауысады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі