Өлең, жыр, ақындар

Құрқұлақ

Құрқұлақ, цинга – организмде С витаминінің (аскорбин қышқылы) жетіспеуінен болатын ауру. Ауру көктем мен қыста көбірек байқалады. Күнделікті пайдаланатын тағам құрамында ұзақ уақыт (4-5 ай) С витамині өте аз не мүлдем болмаса адам Құрқұлаққа шалдығады. С витаминінің жетіспеуі салдарынан қан азайып, адам иммунитеті төмендейді. Ауру белгісі: адам тез шаршайды, асқа тәбеті тартпайды, әлсіреп, басы айналады. Тіс босап, түсе бастайды, тістің түбі оңай жарақатталғыш және қанталағыш келеді. Соның салдарынан адамның тамақ ішуі мүлде қиындайды. Адамның бұлшық еті мен тері астындағы клетчаткада, теріде, буындарда қан құйылуы басталады. Әсіресе, көп күш түсетіндіктен аяқтың қанталауы, жиілейді. Науқастың құлақ қалқаны, мұрнының ұшы көгереді, адам денесі ісініп, өлі тінге айналуы, иістенуі басталады, әр түрлі жұқпалы ауруларға шалдығу күшейеді. Құрқұлаққа дер кезінде ем қолданбаса, науқастың өліп кетуі де мүмкін. С-гиповитаминозының, әсіресе, жас организмге тигізетін зияны көп. Баланың бойы баяу өседі, салмақ қосуы азайып, ми қабілеті баяу дамиды. Аурудан алдын ала сақтану үшін күнделікті тағамда витамин жеткілікті, әсіресе, С витамині кездесетін қымыз, көкөніс, шие-жидектер, тұздалған капуста, не аскорбин қышқылды препараттар мен құрамында белогі бар ет, сүт, жұмыртқа, балық тағамдары қажетті мөлшерде болуы шарт. Аскорбин қышқылды препараттарды қолдану арқылы емдейді.

А. Алдашев


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер