Өлең, жыр, ақындар

Үмітім – ҰБТ-2018

(Қарапайым ата-ананың сыры)


— Бала өз бетімен грантқа оқуға түсіп кете алады деп біреу айтса, сенбес едім, сенбес едім! Өзімнің қызым арнаулы орта оқу орнының грантына түсіп кеткенде ғана барып сендім. Бұл да – маңызды мамандық, бұл да – болашағы бар мамандық. Оның үстіне осындай оқуларға баласын түсіріп отырған өзіме таныс бір-екі ата-ананың «сен қызыңды оқуға қалай түсіріп отырсың? Біз кісі салып сөйлесіп едік, соның өзінде де ақылы бөлімге ғана сала алып отырмыз» дегенін естігенде, біреудің баласына жамандық ойлап қайтейін, өз қызымның өзінің күшімен грантқа оқуға түсіп кете алғандығына тағы да мың да бір шүкіршілік дедім!

Уақыт деген бір орында тұрмайды. Ер-азаматсыз бала тәрбиелеу оңай емес. Осы екі баланы ауылға тастап кетіп, өзімнің қаладан жұмыс іздеп кеткенім күні кеше ғана секілді еді. Сонда үлкені – ұл, оның өзі бірінші сыныпқа әлі бара қоймаған кезі, кішісі – осы қыз. Осы қыз ауылға әр барған сайын шарылдап мені де ала кет деп жылап қалатын. Сонда шешем: «Құдайдың сол жұмысы бар болғыр ауылдан да табылмай ма? Әр келген сайын қызыңды шарылдатып жылатасың да кетесің», – дейтін. Өзім де автобуста келе жатып екі көзім жасқа толып жылап келе жататынмын қызымның жанары боталап қалған кейпі көз алдыма келіп. Менің бар ойым, бар арманым – өзім қаладан пәтер жалдап жүрсем де, қайтсем, осы екі баланы қалаға қарай тартып аламын, қайтсем, осы екі баланы қаланың мектебіне әкеліп оқытамын деген ой еді. Ақыры сол арманым бір күні жартылай орындалғандай болды-ау. Қызым бірінші сыныпқа барар кезде, оны қаланың мектебіне әкеліп оқыттым. Су жаңа сыңғырлаған мектепке бардық. Сол күнгі қызымыз екеуміздің қуанышымызда шек жоқ еді!

Осы қыз 7-сыныпқа келгенде төбемнен бір жай түсіргендей етті. Бір күні мектептің психологтары шақырып алып: «Сіздің қызыңыз суицид жасауға бейімделіп тұр», – дегенде, шошып кеттім. Ау, бұл бала неге суицид жасайды деймін? Осы қыздан басқа кімім бар? Осы қызбен күні-түні әңгімелесіп отырған жоқпын ба? Сабағына бірге отырып дайындаламыз. «Толық емес отбасында өскендіктің де әсері болуы мүмкін ғой, – дейді психологтар. – Қыз баланың тәрбиесінде де әкенің рөлі өте жоғары болады. Бала деген іштей іздейді, салыстырады: «менің неге папам жоқ, ананың неге папасы бар?» Содан бір ер адам, бір әйел адам – екі психолог қызыммен екі жыл бойы қатарынан кезек-кезек жұмыс жүргізді. Өздері қаланың көрікті жерлеріне апарып қыдыртты, өздері әңгімелесті, арасында сауалнама алып отырды, оған мені де қатыстырды. Жоғары оқу орнының психологтары деген психологтар болады екен, солармен барып жұмыс жүргізілді. Корей орталығының психологтары деген психологтар болады екен, олар өте мықты психологтар дейді өздері, солармен барып жұмыс жүргізілді. Медицина саласының психологтары деген психологтар болады екен, солармен барып жұмыс жүргізілді. «Жұмыс мамандармен жан-жақты үйлесімді жүруі тиіс, – дейді өздері. – Біз енді мектеп психологтарымыз ғой. Баланың санасынан ондай ойды шығарып жіберу керек». Бұл бала енді сабағына өзі дайындалып, оқуына өзі түсіп отыр ғой. Біреулер айтады, интернет дегені болады, сол интернеттің ішінде түрлі ойындар болады екен, бала сол ойындарға кіріп кетіп, содан суицид жасайды екен деп. Жоқ қой интернет, ненің интернеті? Компьютерге енді ғана қолымыз жетіп жатыр. Жалғыз айлыққа ғана ілініп тұр ғой. Сондықтан бұл бала интернетке толық қолжетімді бола алмай өскен бала ғой. Мектебінде біледі ғой енді интернетті, мектебінде мұғалімі оқытады ғой. Мектебінде өзі ағылшын тіліне жақын болды, ағылшын тілінен сабақ беретін ұстазы осыны ағылшын тілінен болатын түрлі жарыстарға қосып жүретін. Осы қызға интернетке кіретін телефонның тәуірін тек қыркүйек басталғаннан-ақ, студент болғаннан кейін ғана сатып алып бере алып отырмын. Енді өзі еңбек қылып оқуына түсіп отыр ғой, қызыма сыйлық болсын деп. Ондай телефон 11-класта оқитын ұлымда да жоқ әлі. «Мама, маған да осындай бір телефон алу керек еді», – дейді. «Әй, қоя тұр, – дедім. – Сосын аларсың. Ертең сенің мектеп бітіру кешің келе жатыр. Оған да қыруар ақша керек. Қолқ еткізіп ақшаны уақытында қайдан тауып бере қоямыз. Соған осы бастан тірнектеп жинай берейік» деймін. «Мақұл» деді.

Осы бала бастауышты ауылдан оқып бітірді. Қалаға алып келуге тек кейін ғана жағдайым келді. Сонда ауылымның мектебінің мұғалімдеріне де іштей мың мәртебе рақметімді айттым ғой. Өйткені бұл бала сыныбының оқу озаты болып тұрды. Баламды мұғалімдері мақтады. Баласын мұғалім мақтап жатқанды қай ата-ана жек көреді дейсің? Қаланың мектебінің мұғалімі болсын, ауылдың мектебінің мұғалімі болсын, істеп жатқан еңбектері адал ғой. Балаңды оқытып беріп, тәрбиесіне үлес қосып жатқаннан басқа мұғалімнің не жазығы бар дейсің? Бұл баланың сабағы қарындасына қарағанда да ілкімділеу болды. Қызыма үй тапсырмасын орындатқанда көбірек күш жұмсауыма тура келетін. Кеш батса жанында бірге отырып сабағын бірге дайындаспасам болмайды. Енді кішкене еркелігі де бар ғой. Мына бала маған салмақ сала қоймады. Өзі алып кетіп отырды. Бұл бала кішкентайынан ауылда әжесінің бауырында өскен бала ғой. Жұбайымның анасының қолында болды. Ата-әжесінің баласы. Қазақтың дәстүрінде бар ғой енді, қазақтың өзінің дәстүрінде бар дүние, баланың үлкені атасы мен әжесінің баласы болады деген. Қазақта кемпір-шалдың баласы деп айтады. Бұл да енді соқталдай жігіт болып тұр ғой. Бірақ әжемді сағынып кеттім дейді өзі, әжемді түсімде көріп жүрмін, ол да мені сағынып жүр-ау деймін, барып қайтпасам болмас. Ол кісі де қазір осы қалада тұрады ғой, қызының қолында тұрады. Баланың атасы ауылда тұрғанда қайтыс болған. Өзі әжесінің жанына барып, әңгімелесіп, қонып келеді. Намаз оқиды. «Намазға жығыламын, мама», – деді. Енді мұсылманның баласы ғой. Ата-бабамыз – неше ғасырдан бері мұсылманның дінін ұстанып келе жатқан халық. Жаратқан Иенің алдындағы парызын орындау – өзінің міндеті. Оған қарсы болып қайтейін. Содан бері намазын үзбей оқып келеді. Бұл бала 7-сыныпқа келгенде: «Спортпен айналысамын, мама», – деді. «Ол спорт сабағыңа кесірін тигізбей ме?» – деп едім, «Жоқ, тимейді», – деді. «Онда тимесе, айналыссаң, айналыса ғой», – дедім. Өзінің қалағаны шығыс жекпе-жегімен айналысқысы келеді екен. Үлкен спортқа шығып кете қоймас дедім. Бірақ ұл бала ғой, алдағы өмірде өзіне бір пайдасы тиер, өзін-өзі қорғай алатындай ұл болсын дедім. Кезекті жаттығудың бірінде-ақ баланың қолы сынды. Бала жаттығудың үстінде жарақат алып қалды. Сол кезде ол да анасына уайым болып тұрды ғой. Содан баланың қолы гипске түсті. «Енді болды ма осымен, жекпе-жегіңді қоясың ба?» – десем, «Жоқ, қоймаймын, – дейді. – Қатыса берем». Содан қолы жазылғасын қайтадан қатысты. Енді ағайы осыны да жарыстарға қосатын болды. Бұл бала өткен жылдардың бірінде, 2014 жылы қаламыздағы, Қызылорда қаласындағы, №1 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінің Құрбан айт мейрамына байланысты өткен ашық біріншілігінде 40 кг салмақта I орынды жеңіп алды. Ал дәл сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысында өткен таэквондодан жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы ашық чемпионатта II орын және сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысында өткізілген спорт мектептері мен спорт интернаттары арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатынан III орын алды. Бұл баланың спорты таэквондо ғой. 2015 жылы Қызылорда қаласында мамыр айында өткізілген Ұлы Отан соғысының батыры Ж.Қизатовты еске алуға арналған облыстық ашық біріншілікте 1999-2001 жылы туған балалардың арасында 48 келі салмақта III орынмен марапатталды. 2016 жылы Шиеліде өткізілген өнер адамы, еңбек ардагері, сазгердің 80 жылдығына байланысты өткен облыстық турнирден II орын және дәл сол жылы Арал қаласында өткізілген Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысын еске алуға арналған қалааралық турнирден III орын алды. Соңғысына Жалағаш командасымен қатысты. Жалағаш енді өзінің туған жері ғой. Жалағаш – баланың өзінің туған топырағы. Жалағаш – өзімнің де туған жерім. Біздің Жалағаш та – талай ақын мен жыршыны түлетіп ұшырған киелі топырақ. Бұл бала өткен жылы, 2017 жылы Жамбыл облысында өткен қазақтың атақты таэквондошысы Мұстафа Өзтүріктің шәкірті, белгілі суретші, таэквондошы, Қазақстан Республикасы Таэквондо федерациясының тұңғыш президенті болған Бексейіт Түлкиевті еске алуға арналған республикалық ашық турнирден 14-17 жас аралығында 51 келі салмақта III орынмен марапатталып келді. Өткен жылы, 2017 жылы 2000-2002 жылғы туған жастар арасындағы облыстық біріншілікте 55 келі салмақта I орынды жеңіп алды. Өзі уәде еткеніндей, сабағын да әлсіреткен жоқ. Қызылорда қаласындағы Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы атындағы спортта дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатында оқыды. Осы мектептің мамандарының тәрбиесінен өткен. Енді 11-сыныпқа келгенде басқа еш нәрсеге мойын бұруға мұрша болған жоқ. Өйткені барлық күш ҰБТ-ға жұмылдырылды.

ҰБТ дегенді бұрын естіп жүргеніміз болмаса, кім көрген дейсің. Әр нәрсемен де адам тікелей өзі істес болғанда ғана барып назар аударады ғой. ҰБТ-ның не екенін, оның қандай маңызы барын қыркүйек басталғаннан-ақ мектебіне мұғалімдері шақырып алып түсіндіріп жатыр ғой, енді осындай кезде балаға ықтиятты болыңыздар, оларды алда жауапты сынақ күтіп тұр деп. Мынау бала 11-сыныпқа келгенде, оның болашағы, мамандық таңдауы жөніндегі әңгімелер өрби береді екен. Анасының арманы баласының әскери қызметкер болғанын қалады, болашақта Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қызмет етсе деді. Сынып жетекші апайының ойы бұдан өзгешелеу шықты. Ол баланың математиканы аса қажет ететін мамандықтардың бірін таңдағанына ұсыныс жасады. Өйткені ол – математик мұғалім. «Ұлыңыз математикадан өте мықты ғой, – дейді сынып жетекші апайы. – Ендеше, неге осы пәнді қажет ететін салалардың бірін таңдап алмасқа?» Ал баланың өзінің арманы – спорт маманы болу. Оның жан-дүниесін спорт жаулап алған. Ол болашақта балаларды спортқа баулитын жаттықтырушы болсам дейді. Ұлымның болашақ мамандығы туралы алдын ала кесіп-пішіп ештеңе демеймін. Ал қызым 1-курсында да сабағын жақсы үлгеріп оқып кетті. Әр түрлі іс-шараларда байқап жүрмін, тобына жақсы балалар жиналған екен, өте бір ұйымшыл ұл-қыздар жиналыпты. «Студенттік өмірлеріңді мәнді, мағыналы етіп өткізу үшін, тәлім-тәрбиелік жұмыстарда бар күш-жігерімді саламын, тырысамын, әр уақытта жандарыңнан табыламын», – депті куратор апайы. Ендігі үмітім ҰБТ-да болып тұр. ҰБТ болса жақын қалды. Осы екі баланы ауылға тастап кетіп, өзімнің қаладан жұмыс іздеп кеткенім күні кеше ғана секілді еді.


Пікірлер (3)

Айнара

Үмітім-ҰБТ-2018.мақаласы өте жақсы жазылган.Ауыл кызынын,кейінги қаладағы қарапайым өмири жазылған.Канша киын саттерди бастан откизген жалгыз басты келиншек.

Айнара

Осындай киыншылыкка тотеп бере алмай,бир кедергилерди колдан жасап алатында адамдар баршылык гой казирги заманда.Бул макаланы сол адамнын омирин айкындай ашып жазган авторга,каламаыныз уштала берсин деген тилегимди жеткизгим келеди.

Аянп

Керемет жазылған тебірентерлік

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер