Созылмалы буын ауруының (артроздың) біріншілік және екіншілік түрі болады. Біріншілік артроз бірнеше себептерден туындайды. Жылдардың өтуімен адам баласы қартаяды. Буындары өмір бойы сан мың мәрте козғалысқа түсіп, қозғалыс саны көбейген сайын шеміршек қасаңданып, созылғыштығын жоғалтады. Сонымен қатар мүжілу үдерісі басталады. Буын шеміршегі де тозады. Жылдар өткен сайын артроз белгілерін рентгеннен айқын байқауға болады. 40 не 50 жастан кейін дерлік кез келген адам қандай да бір дәрежеде осы ауруға шалдығады. Көбінесе, мәселен, мұндай тозу үдерісі омыртқаның белгілі бір буындарында ертерек байқалады.
Ал тозу үдерістерін артық салмақ салдарынан мынадай екі себеп жеделдетеді: буынға шектен тыс салмақ түседі және де май алмасудың бұзылуы (гиперхолестеринемия) нәтижесінде буынның қоректенуі нашарлайды.
Артрозға алып келетін келесі себептерге қалқанша без және аналық без қызметінің бұзылуы, бүйрек аурулары, көктамырдың кеңеюі сияқты эндокриндік факторлар жатады. Әйелдерде етеккірдің тоқтауы (климакс) артроздың жедел дамуына алып келеді. Оның үстіне генетикалық бейімділік те белгілі рөл атқарады. Екіншілік артроздар буынға табиғи емес немесе өте жоғары салмақ түсіретін қимылдарды шақырады. Олар буынның қалыпты қызметін бұзатын жергілікті себепке ие. Туа біткен дисплазия (теріс даму) салдарынан буынның үнемі зорлыққа ұшырауы артрозға алып келеді.
Шеміршек қабатын зақымдаған патологиялық үдерістер не болмаса жарақаттар да екіншілік артроздың негізгі себебі болып табылады.
Тозу үдерісі, әдетте, шеміршек қабатынан басталады. Шеміршек қабаты болса, сыбайлас сүйектер буындарының бетін жауып тұрады. Олар сынғыш, құрғақ және кедір-бұдыр келеді, созылғыштығын жоғалтады.
Буындардың кедір-бұдыр беттерінің бір-біріне қажалуы күшейе түседі де шеміршек біртіндеп жұқарып, жоғалып кетеді. Сыбайлас сүйектер буындарының екі беті қорғалмаған, бір бірімен байланысқа түседі. Сүйек тіні тығыздалып, қатты және мәрмәр тас сияқты тегіс күйге енеді. Көбінесе бұл сүйек тінінде шашақ (өлі тіндерге толы қуыстықтар) пайда болады. Тұтасып тұрған буындардың жиектерінде сүйектердің ұлғаю үдерісі жүреді: кедір-бұдыр төмпешіктер пайда болады. Мұның бәрі остеофиттер деп аталады. Уақыттың өтуімен науқас тек қимылдағанда ғана емес, қимылсыз күйде де күшті ауырсынуды сезінеді. Буындардағы патологиялық өзгерістер одан әрі дамып, қимылдап қозғалу қиындай түседі, кейін мүлде қимылдай алмай қалады.
Артроздың белгілері зақымданған буындарға тікелей қатысты әрі науқастың жалпы жағдайына ешқандай әсер етпейді. Олар зақымданған буындар қимылының шектелуі және ауырсыну белгілері арқылы көрініс табады. Артроздан туындайтын ауырсынуға тән нәрсе — егер буынға салмақ түспесе, ауырсыну сезімі бәсеңдеп, тыныш жағдайда мүлдем азаяды.
Буын қозғалысы шектелуінің нақты механикалық себептері бар. Қажалу күшейеді, өйткені сыбайлас сүйектердің беттерінің кедір-бұдыры көбейе түседі. Пошымы бұзылып, әрі ұлғайған сүйектер бірін бірі қысып, қозғалысқа күшті кедергі жасайды. Артроз — бұл үздіксіз үдей түсетін созылмалы ауру. Жарақат алу, ауыр жүк көтеру, суық, бұлшық еттердің босаңсуы мен дене салмағының артуы аталмыш ауруды асқындырып жібереді.
Артроз келтірген зақымды ешқандай дәрі-дәрмек арқылы да, физикалық кұрал арқылы да емдеу мүмкін емес. Буындардың дегенеративтік өзгерістері қайтымсыз. Кейбір әдістер ғана дегенеративтік үдерісті бәсеңдетуге бағытталған. Сол әдістер арқылы көбінесе ұзағырақ уақыт ауырсынуды болдырмауға қол жеткізіледі. Бұл аурудан толық емделу мүмкін еместігін мойындаған ғалымдар емдеудің профилактикалық дәрі-дәрмектік, жалпы және жергілікті хирургиялық әдістерін қолданысқа енгізіп отыр. Ал енді аурудың алдын алу үшін әрбір адам семіздікке жол бермеуі, көбірек қимылдауы, шектен тыс ауыр жүк көтермеуі тиіс. Жасы қырықтан асқан әрбір адам үнемі спортпен айналысуы: велосипед айдауы, жаяу серуендеуді үрдіске айналдыруы, жұмыстан қолы бос кездері жаттығу жасап, суда жүзуі керек. Бұл шаралар өмірдің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.
Т. Садақбаева, терапевт-дәрігері
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Аделя
Мағұлматқа толы мақала екен, жарайсыз!