Rotavirosis — жалпы уыттану белгілерімен қатар жүретін, асқазан-ішек жолдарын зақымдайтын, сусыздануды (дегидратация) туындататын, жас балаларға тән жедел вирусты ауру.
Қоздырғышы — ротавирустар тұқымдастығына жататын вирус. Антигенді қасиеті бойынша ротавирустар 9 серологиялық типке бөлінеді. 1-4 және 8-9 түрлері адамдарда кездессе, 5-7 түрлері жануарлардан бөлінеді. Жануарлар ротавирустары (ит, мысық, жылқы, қоян, тышқан, сиыр, кұстар) адам үшін қауіпсіз. Ротавирустар қоршаған ортаға төзімді.
Әлемнің көптеген елдерінде екі жасқа дейінгі балалар арасындағы іш өту жағдайларының жартысы осы ротавирустан туындаған. АҚШ-та 1 және 4 жас аралығындағы балалар арасында ротавирусты диареяның ауыр жағдайлары 1 миллионға дейін тіркелсе, оның 150-і өліммен аяқталады. Бестен жоғары жастағы балалардың қанынан ротавирусқа қарсы антиденелердің табылуы бұл инфекцияның кеңінен таралғанын дәлелдейді.
Ротавирусты инфекциямен 3 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады. Кей жағдайда ауру еш белгі бермей өтуі мүмкін, мысалы жаңа туған нәрестелерде. Симптомсыз ағым нәрестелерді өмірінің алғашқы 3 жылында ауыр ротавирусты гастроэнтеритке шалдығудан қорғайды, өйткені балада ауруға қарсы уақытша иммунитет қалыптасады.
Ауру көзі мен тасымалдаушысы — науқас адам. Қоздырғыш нәжіспен бірге ауру басталған соң 3 аптаға дейін бөлінеді. Фекальды-оральды жолмен жұғады. Ауа-тамшы арқылы жұғу механизмі дәлелденбеген. Адам инфекцияны алиментарлы жолмен жұқтырады. Вирустың көбеюі асқазан-ішек жолының жоғарғы бөлігінде жүреді. Ротавирусқа қарсы иммунитет тұрақсыз.
Жасырын кезең —15 сағаттан 7 күнге дейін (жиі 1-2 күн). Ауру жедел басталады. Науқастың толық сипаттамасын сырқат басталғаннан 12-24 сағат өткен соң байқауға болады. Дене қызуы 37°-39°С. Науқастың эпигастрий тұсы ауырады, жүрегі айнып, құсады. Тамағының қызаруын, ринит белгілерін, мойын лимфа бездерінің ұлғайғанын жиі көруге болады. Ірің және қан араласпаған үлкен көлемдегі су тәріздес сұйық нәжіс шығады, яғни іш қатты өтеді. Бұл көбіне екіншілей жұқпаның қосылуымен байланыстырылады. Науқастардың жартысында құсу болады. Ересек науқастарда әлсіз уыттану мен субфебрильді температура фонында құсу, жүрек айну, эпигастрий аумағында ауырсыну пайда болады. Сонымен қатар ересектерде жиі жұмсақ таңдай, тілшеде гиперемия мен кілегей қабаттардың қабынуын, склераның қызаруын көруге болады. Жалпы уыттану барлық ауырған науқастардың тек 10%-да ғана кездеседі. Барлық науқастарда үлкен көлемдегі су тәрізді, өткір иісті, кейде бұлыңғыр-ақшыл түсті тырысқақ ауруына тән нәжіс болады. Іштің қатты шұрылдауы тән. Жалған дәретке отыру болмайды. Бактериалды инфекция (шигеллез, эширихиоз, кампиллобактериоз) қосылғанда, кейбір науқастардың нәжісіне қан және ірің қосылғанын көруге болады. Бұл науқастарда қалтырау және уыттану белгілері айқын.
Қатты іш өтудін салдарынан науқаста сусыздану болуы мүмкін. Пальпацияда, эпигастрийде және кіндік тұсының ауырсынуы мен іштің қатты шұрылдауы байқалады. Бауыры мен талағы ұлғаймаған. Ректоромоноскопиялық зерттеуде көптеген науқастарда өзгеріс болмағанымен, кейбір науқастарда тік және сигма тәрізді ішектерде әлсіз гиперемия мен кілегей қабаттардың ісінуі байқалады. Асқорыту ағзаларының зақымдалу белгілері 2-6 күн бойы сақталады. Аурудың өткір кезеңінде зәр көлемі азаяды, кейбір науқастарда альбуминурия, зәрдегі лейкоцит және эритроцит, қандағы қалдық азот мөлшерінің көбеюі байқалады. Ауру басталғанда лейкоцитоз болып, қозу кезеңінде лейкопенияға өзгереді, ЭШЖ өзгермейді.
Тек екіншілік бактериалды инфекцияның қосылуы аурудың клиникалық сипатын өзгертіп, басқа емдік тәсілдерді қолдануды талап етеді. Некротикалық энтероколит және геморрагиялық гастроэнтерит болуы мүмкін.
Науқастың эпидемиологиялық және клиникалық белгілері есепке алынады. Қыс мезгілінде науқастану, топтық зарарлану және нәжістің бактериалды зерттеулерінде ішек таяқшасы бактериялары тобындағы микробтардың табылмауы үлкен маңызға ие.
Зертханалық ИФА тәсілімен нәжіс экстрактінен ротавирус антигенін табу арқылы жүзеге асады. Тырысқақ, дизентерия, эширихиоз, сальмонеллездің гастроинтестинальді түрі, ішек иерсиниозы, лямблиоз, криптоспорондоз, балантидиазбен ажырата жіктеледі.
Этиотропты емі жоқ. Науқастың сулы-электролитті тепе-теңдігін қалпына келтіру арқылы симптоматикалық ем жүргізіледі.
Емдәмнен сүт және сүт өнімдері, көмірсулар алынып тасталады. Полиферментті препараттар мен панкреатин тағайындалуы тиіс. Дисбактериоз туындауына себепші болуына байланысты антибиотик әдетте тағайындалмайды.
Ошақта ағымды және ақтық залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.
Қазіргі таңда ротавирусты инфекцияға қарсы вакцина жетілдірілуде. 82-90% жағдайда жоғары әсерлі бұл вакцина келешекте қолданысқа енгізіледі.
Б. С. Асанбаев
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі