Өлең, жыр, ақындар

Қызығы мол сол жылдар

СЕН-МИШЕЛЬ АЛАҢЫНДАҒЫ ӘЙГІЛІ ДӘМХАНА

Ал сосын ауа райы бұзылды. Ол өзі бір-ақ күнде өзгеріп, күз өте шықты. Жаңбыр жауғасын терезені жауып қойғанбыз, суық жел Контрэскарп алаңындағы ағаштардың жапырағын ұшырумен болды. Жаңбыр тиген жапырақтар жерде су-су боп жатты. Әрі ұйтқыған жел соңғы аялдамадағы үлкен көк автобусты жаңбырмен сабалап тұрды. Ал "әуесқойлар" дәмханасы адамға лық толы екен, іштегі жылы бу мен темекі түтінінен терезе шынылары тершіп кетіпті. Бұл маңайдың өңкей ішкіштері жиналатын, жаман атаққа іліккен көңілсіз дәмхана болатын. Сондықтан мен оған бармайтынмын. Өйткені онда көңірсіген шарап пен тер иісі мүңкиді де тұрады. Дәмханаға күн құрғатпай келетін әйел-еркектер қашан көрсең де қалталары қағылғанша ішіп, әбден қызара бөртіп мас боп отырғандары, ал ішетіндері көбіне өздері бір жартыдан немесе бір литрден сатып алатын шарап. Дәмханада аттары қызық алуан түрлі ішімдік мен мұндалап-ақ тұрады, бірақ тек салған жерден мас болғысы келген біреу болмаса, олардың бәрін бірдей татып жатқан адам кемде-кем. Осындайға құныққан әйелдерді әдетте "ішкіш бикелер" деп атайды.

"Әуесқойлар" дәмханасы Контрэскарп алаңына шығатын халқы көп сауда-саттығы мол, енсіз Муфтар көшесінің бір бұлыңы сияқтанып жататын еді. Осындағы ескі тұрғын үйлердің әр қабатындағы басқыштың жанында аяқ қоятын цементтен құйылған сәл көтеріңкі екі тиянағы және екі жағында қос шұңқыры бар әжетханалар орналасқан. Бұл әжетханалар қазылған шұңқырлармен жалғасып, оның ішіндегісі түнде ассенизациялық бөшкелерге сорғымен айдалады. Жазда ашық терезеден жұмыс істеген сорғының шуылы естіліп, ауаға тараған жаман иіс мүңкіп қоя беретін. Осы қоңыр-сарғыш бөшкелерді аттар Лемуан Кардинал көшесімен әкетіп бара жатқанда олар ай сәулесіне шағылысып, Брактың суреттерін көз алдыңа елестететін еді. Сонда да алда-жалда ешкім "әуесқойлар" дәмханасының қоқсығын сорғымен шығарып көрген емес. Тұла бойынан шарап иісі мүңкіген, күн құрғатпай келушілердің еленбейтіні сияқты, қоғамдық орындарда мас болғаны үшін заңда көрсетілген жазалау шаралары жөніндегі қабырғадағы шыбын қонып сарғайып кеткен құлақтандыруларға да назар аударып жатқан ешкім жоқ.

Алғашқы қар аралас жаңбырмен бірге қалаға қыстың уайымы қоса келді, зәулім ақ үйлердің жоғарғы биік қабаттары енді көзге шалынбады. Тек қаңыраған сұрғылт көшелер мен дүкендердің, дәріханалардың, қағаз пен газет дүңгіршектерінің жабық есіктері, арзанқол акушерканың маңдайшадағы жазулары, бір кезде Верлен қайтыс болған және ең үстінде өзім жұмыс істейтін нөмірім бар мейманхана ғана көрінеді. Мейманхананың жоғарғы қабатына алты немесе сегіз айналымды басқышпен көтеріледі, ол жер қақаған суық, бөлмеге от жағып жылыту үшін бір құшақ дымқыл отын мен үлкендігі қарындаштың жартысындай ғана сыммен оралған үш бума қараған тамыздығына қанша қаражат төлейтінімді де білемін. Сол себепті мен жаңбырдың астымен көшенің қарсы жақ бетіне өттім де, әлдебір мұржадан түтін шығып жатқан жоқ па екен және ол қалай шығып жатыр екен деп, соны байқағым келді. Бірақ түтін көрінбеді, мен мұржалар сірә жел тартпай суықтан қатып қалған, сондықтан бөлменің ішінде түтін бықсып, отын босқа рәсуә болады және тиын да тектен-текке кетеді-ау деген оймен жаңбырдан бұғып, ілгері қарай жүре бердім. Генрих Төртіншінің лицейінің жанымен, сосын Сент-Этьен-дю-Монның көне шіркеуінің жанымен өтіп, жан-жағынан жел гулеген Пантеон алаңын қиыстап барып, паналайтын орын іздеп, оңға бұрылып Сен-Мишель саяжолының ығына шықтым, одан әрі Клюни мен Сен-Жермен саяжолдарын жанамалап, Сен-Мишель алаңындағы әйгілі дәмханаға келіп кірдім.

Бұл бір күтімді дәмхана еді, іші жайлы, тап-тұйнақтай әрі жылы. Мен өзімнің көнетоз плащымды кеуіп тұрсын деп ілгішке іліп, орындық үстіндегі ілмекке әбден тозығы жеткен қалпағымды лақтырып тастай сап, даяшыға сүт қатқан кофеге тапсырыс бердім. Даяшы кофе әкелгенше пенжагімнің қалтасынан қойын дәптерім мен қарындашымды алып, жазуға кірістім. Мен өзіміздің Мичиганда болған жайларды жаздым, бүгінгі күн өте суық, желең әрі қолайсыз болғандықтан, оның өзі әңгімемде де солай боп шықты. Мен кеш түскен созалаңқы күзді бала кезімде, жасөспірім шағымда және есейген жігіт болған кезімде де көрдім. Әрі бұл жөнінде, бір жерін ширықтырып, екінші жерін босаңдау етіп әр түрлі жазуға болады.

Орын алмастыру деп, міне, осыны айтса керек деп ойладым мен. Мұның өзі өсімдік түгіл пендеге де қажет екен. Әңгімемде аңшылар ішіп отырған болатын, сосын мен де шөлдегенімді сезіп, "сент-джеймс" ромына тапсырыс бердім. Ром осы бір салқын күні маған кереметтей дәмді көрінді, сондықтан жазып отырған мен осы бір тамаша мартиники ромының тұла бойымды қыздырып, жаныма да жылу бергенін сездім.

Осы сәтте дәмханаға бір қыз кіріп, әйнектің алдыңдағы үстелге келіп отырды. Көрер көзге сүйкімді осы қыздың балғын жүзі қақтаған ақ күмістей жарқырайды, әттең шіркін, мұндай күмісті жаңбырдан нұр жайнағандай үлбіреген денеден жасау мүмкін болса; ал төгілген қолаң шашы ақша бетін қиялай жауып тұр.

Қызға көзім түскен кезде тұла бойымды толқынды сезім биледі. Құмартқаным сонша, мен оның көркін осы не өзге бір әңгімемде сипаттап жазғым келді, бірақ қыз өз ыңғайымен көшені және дәмхананың кіре берісін қадағалай отырды да, осы кезде мен оның біреуді күткен әлпетін ұқтым. Мен жазуыма қайта кірістім.

Әңгіме желісі өз-өзінен өрбіп, мен оны әрең-әрең жазып үлгеріп жаттым. Тағы да ром алдырып, қағаздан басымды көтерген сайын немесе қарындашымды ұштап, одан ширатылып шыққан ағаш қиқымдары ромның жанындағы табақшаға түсіп жатқан кездерде қызға көзімнің қиығын сала отырдым.

"Менің көз алдымда періштем сен отырсың, сондықтан сен енді мендіксің, кімді күтсең оны күт, тіпті алда-жалда осыдан соң көрмесем де мейлі" деп ойладым. Сен мендіксің және осынау бүкіл шулы Париж мендік, ал мен өзім осы бір қойын дәптер мен қарындашқа тәнтімін.

Сосын мен жазуға қайтадан ден қоя кірісіп, беріліп кеткендігім сонша, тіпті дүниенің бәрін ұмытып кетіппін. Енді әңгіме желісі өзінен-өзі құйылып отырмады, қазір оны бас алмастан уақытты ұмытып, қайда екенімді де ойламастан мен жазып отырдым, әрі бұл кезде "сент- джеймс" ромы да естен шығып кетті. Ром мені, тіпті ол жайында ойламасам да мезі қылды. Ақыры әңгіме тәмам болып, осы сәтте мен өзімнің қатты шаршағанымды сездім. Мен оның соңғы сөйлемін қайта бір оқып шығып, қағаздан басымды көтеріп, көзіммен әлгі періштені іздегенімде, ол бұл кезде кетіп қалған екен. Сірә бір жақсы жігітпен кеткен боларсың-ау деп ойладым. Бірақ сөйткенмен көңілім құлазып сала берді.

Әңгіменің соңғы нүктесін қойғаннан кейін мен қойын дәптерімді жауып, қалтама салдым да даяшыдан біраз устрица және жарты графин шарап әкеліп беруін өтіндім. Әңгімені жазып болғанымда әрқашанда көңіл жайлауым қаңырап бос қалғандай сезінуші едім, мұндайда мен әйелмен қауышқаннан соңғы сәттегідей әрі қапалы, әрі қуанышты күй кешетінмін. Осындайда мен әңгімем өте жақсы боп шықты деп кәміл сенуші едім, бірақ оның қаншалықты жақсы екенін келесі күні қайта оқығаннан кейін ғана біле алатынмын.

Теңіз суының иісі аңқыған устрицаны жеп едім, салқын ақ шарап аузымның кермек татыған дәмін жойып жіберді де, сол кезде тек қана теңіз дәмі мен аузымдағы бал татыған тағамды ғана сезіндім. Устрицаның әрбір сауытынан салқын шырынды жұтып, онан кейін ащы шарапты ішкенімде кеудемдегі манағы құлазыған сезім сап боп, бойды шаттық сезім билеп, ойша келер күні істейтін істерімді бағдарлай бастадым.

Қазір жаңбыр төпелеп тұрғанда біз уақытша Парижден жаңбыры жоқ жерлерге кетуімізге болады, онда қарағайлардың арасынан жапалақтап жауған қар жолдың үсті мен тау беткейлерінде ақ мамықтай үлпілдеп кешке үйге қайтқанда аяқ астында сықыр-сықыр етіп жатады.

Лев-Авананың етек жағында мейманхана бар, ондағы жақсы қонақасыны жеп біз екеуміз жанымыздағы ала шыққан кітаптарымызбен бірге түн баласында жып-жылы төсекте жұптасып қона жатуымыз жайлы-ақ болар еді, сондағы ашық терезеден көк жұлдыздарының жымыңдағанын айтсаңшы! Міне, біз осындай жерге барамыз. Егер үшінші класты орынның билетін алсақ, бүл қымбат та болмайды. Ал Пансион үшін Парижде жұмсайтынымыздан сәл қымбатырақ төлеуімізге тура келеді.

Мен мейманханадағы жазу жазып отырған нөмірімді енді алғым келмейді, сонда Кардинал Лемуан көшесіндегі 74-үйдің пәтеріне ғана азын-аулақ тиын-тебен төлейміз. Торонтоға материал жібергенмін, соның қаламақысы да келіп қалуға тиісті. Мақаланы мен кез келген жерде күй таңдамай-ақ жаза беремін, ал жол қаражатымыз жетерлік болатын.

Парижде отырып Мичиган жөнінде қалам тербегенімдей, Парижден алыста отырып та Париж туралы ой толғауым мүмкін ғой. Өйтуге әлі мезгілдің ерте екенін, Парижді әлі өзімнің жете білмейтінімді мен ол кезде ұқпаған едім. Сайып келгенде тап осылай болды да шықты. Бір кетуге біз кетеміз, тек жұбайым құп алсын де.

Мен устрица мен шараптың ақшасын төлеп, қасиетті Женевьева жотасын бойлай өтетін төте жолмен жаңбырлатып үйіме қайттым. Жаңбыр ауа райын бұзғанымен өмірдің шырқын бұзған жоқ еді.

— Менімше, бұл тамаша-ақ болады, Тэти, - деді жұбайым. Оның бет-пішіні үлбіреген нәзік еді. Екеуіміз қайсыбірде бәтуаға кеп келіскен сәттерімізде бейне алдына қымбат сый тартылғандай екі көзі күлімдеп, жүзі гүл-гүл жайнап қоя беретін.

— Сөйтіп қашан жолға шығамыз?

— Өзіңнің ықтиярың білсін.

— О, менің қазір жүріп кеткім келеді. Сен өзің білесің ғой.

— Бәлкім, біз қайтып оралғанымызда күн шайдай ашылар. Мұнда суытқан кезде ашық, жарық күндер өте тамаша болады.

— Сірә, тап солай болатын шығар, - деді жұбайым. - Осы сапарды ойлап тапқан өзің неткен тамаша жігітсің.

СТАЙН БИКЕНІҢ ТӘЛІМІ

Парижге қайтып оралғанымызда күн ашық, салқын, тамаша боп тұрды. Қала қысқа қамданып жатты. Біздің үйдің қарсысындағы отын мен көмір қоймасында құп-құрғақ отын сатылды және көптеген жақсы дәмханалардың сәкісінде темір пештер тұрды. Пәтеріміз жылы әрі жайлы еді. Жалындаған отынның үстіне көмір ұнтақтарының жұмыртқа тәріздес тығыздалған брикеттерін тастап отырдық, ал далада қыстыгүнгіден жап-жарық еді. Аспан өріндегі ағаштары сидиған Люксембург бағының жаңбыр шайған жолымен ызғырық желдің өтінде серуендеу үйреншікті құбылысқа айналды. Жапырағынан айырылған ағаштар сидаң тартып, қысқы жел тоғандардағы су бетін бір түрлі шұбарландырып, бұрқақтардан атқылаған тамшылар күн сәулесінде күмістей жарқырайды. Таудың ішін аралап қайтқаннан бері бізді ешқандай жол қашықтығы шошындырмайтын еді. Қиын-қиын тау асуларына көтеріліп әбден әккі болғаннан кейін көшенің әр-қиясымен жүріп мейманхананың өзім жұмыс істейтін нөмірі орналасқан жоғарғы қабатына өрмелеп шығу мен үшін жатқан бір ғанибет еді. Ол жерден төбе беткейлеріндегі үйлердің шатыры мен мұржалары көрініп тұратын-ды.

Пештің мұржасы желді жақсы тартып тұрғанда жылы бөлмеде отырып ой толғағанға не жетсін! Мен нөмірге мандарин сияқтанған кішірек апельсин және қағаз қалталарға салынған қуырған жаңғақ әкеліп, қарным ашқанда осыларды алма-кезек жеп, олардың қабығы мен дәнін отқа түкіріп тастап отыратынмын. Сейіл-серуен, тұп-тұнық салқын ауа, әрі шаршап істеген жұмыс әрқашанда менің тәбетімді аша түсетін. Нөмірімде таудан әкелген шие шарабының бір бөтелкесі сақтаулы болатын, сөйтіп күндізгі жұмысты аяқтағанымда мен шие шарабының бір рюмкесін ішіп алатынмын. Жұмысты бітіргеннен кейін қойын дәптерімді және қағаздарымды үстелге жиыстырып, қалған апельсиндерді қалтама салып қоямын, егер оларды бөлмеде қалдырсам түнде үсіп кетеді.

Жұмысты өндірте істегенімді сезген кезде ұзақ сонар басқышпен төмен түсу қуанышты-ақ болатын. Мен әрқашанда жұмысты бір нәтиже шығарудың сәті түскенге дейін істейтінмін, сосын одан әрі не болып, не қоятыны анық белгілі кезде тоқтататынмын. Осыдан кейін мен ертең де жазатыныма сенімді болатынмын. Бірақ кейде, бір жаңа әңгімеге кірісерде тіпті неден бастарымды білмей мен пештің алдыңа отырып, ұсақ апельсин қабықтарының шырынын оттың үстіне сығымдап, сол кездегі оның жарқ-жұрқ ете қалатын көгілдір жалынына телміре қарайтын сәттерім де болады. Немесе тереземнің алдыңда Париж үйлерінің өркештенген шатырларына қарап тұрып, өзіме-өзім ойша дем беріп қоятынмын: "Абыржыма, сен бұған дейін жазып едің ғой, әлде де жазасың. Тек нағыз бір шынайы сөйлемнен бастасаң-ақ болғаны. Нағыз бір шынайы өзіңе мәлім сөйлемді жазсаң болды". Сөйтіп отырғанда ақыры мен нағыз шынайы деген сол бір сөйлемді жазатынмын да, одан соң қалған жағы өз-өзінен туындап кете беретін. Бұл жеңіл болатын, өйткені әрқашанда бір шынайы сөйлем табыла кететін, бұл сөйлем өзім білетін немесе бір жерден оқып алған, немесе біреуден естіген дүнием болып шығады. Егер де мен кейбір авторларша, әр сөзді жамап-жасқап, нақыштап, түсіндіріп, ежіктей бастасам, онда осы әшекейлердің бәрін қиналмай-ақ жыртып тастап, баяндауды қайтадан, нағыз қарапайым сөйлемнен бастап кете алатыныма көзім әбден жететін, оны мен дәл осы кезде жазып та жіберетінмін. Жоғарыдағы нөмірімде отырып мен өзім бастан кешкен, қанық болған жай-күйдің бәрінен бір-бір әңгіме жазып тастауға бел будым. Жазу үстінде мен әрқашанда осы әдетімді берік ұстануға тырысатынмын, әрі бұл мені қатаң тәртіпке үйрететін еді.

Сол бөлмемде мен, оның үстіне, жазуды тоқтатқан сол бір сәттен бастап, келесі күні қашан қайта жаза бастаған сәтке дейін, өзімнің не жазып отырғанымды ойға алмауды үйреніп кеттім. Сөйтіп менің ішкі сана-сезімім әңгімені еріктен тыс өз-өзінен жалғастырып, бейтаныс жандармен сұхбаттасамын, мән-жайға қанып, тыңнан табылған жаңа бір нәрсені сезіп-білуден үміттенемін, оның үстіне істеп отырған жұмысымды ұмыту үшін әрі оған деген қабілет-қарымымды кемітпейін деп бөтен бірдеңелерді оқимын. Жұмысты өндіртіп істегеніңе риза болған көңілмен - ал бұл үшін шабыт әрі сондай-ақ тәртіп керек, баспалдақпен төмен қарай түсу жатқан бір ғанибет еді; енді мен Париждің қай түкпіріне кете берсем де ерік өзімде.

Мен жұмыстан соң көше-көшені бойлап Люксембург бағына соғамын да, біраз серуендегеннен кейін осындағы мұражайға кіретінмін. Мұнда не бір көздің жауын алғандай суреттер самсап тұрады, оның көбі қазір Луврда, Тюильри павильонында сақталған. Мұнда мен күн сайын Сезаннаның, Мане мен Моненің, сондай-ақ, Чикаго өнер институтында өзім алғаш рет танысқан басқа да суретшілердің туындыларын көруге баратынмын. Сезан-суреттері менің өзім көздегендей жазған әңгімем терең мағыналы, тартымды болып шығуы үшін тек бірыңғай шынайы қарапайым сөйлемдердің аздық ететінін үйретті. Ол суреттерден мен көп тағылым алдым, нақты ме үйретіп, не қойғанын сөзбен жеткізіп айтып бере алмас едім. Оның үстіне бүл құпия нәрсе. Күн бұлыңғырланып, мұражайдың ішіне жарық аз түсіп күңгірттеніп тұратын кездері мен бақтың ішімен өтіп, Флерюс көшесі 27-үйдегі Гертруда Стайнның пәтер-студиясына баратынмын. Стайн бике құрбысымен екеуі бірге тұратын еді де, мен жұбайыммен барғанымда бізді достық жылы шыраймен қарсы алады, көз тартарлық тамаша суреттері бар үлкен студия бізге аса ұнайтын, үйдің іші бейне әйгілі мұражайлардың кең залы сияқты еді. Студиясында үлкен камин бар, іші жып-жылы, әрі кірсе шыққысыз, оның үстіне Стайн бике тәтті тағаммен, шаймен және шараппен сыйлайды. Шарапты хрусталь графиндермен әкеліп бармақтай рюмкелерге құйып береді. Бұл ішімдіктер қалай аталса да олардан өрік пен бүлдіргеннің хош иісі аңқып тұрады, қышқылтым дәмі тіл үйіреді, ішіп жібергеніңде денеңді қыздырып көңілдендіріп, сөйлеуге деген әуестігіңді арттыра түсетін.

Стайн бике шаруа адамына ұқсас орта бойлы, дембелше, сүйегі ірі әйел болатын. Екі көзі жәудіреп тұрған, қажырлы бет-пішіні неміс еврейінің әлпетіне келеді. Киім киісі, ойлы, қунақы жүзі, әдемі қолаң шашы, оны өзі сірә, колледжде оқып жүргеннен-ақ өріп, төбесіне түйіп қоятын болуы керек, жалпы осы сын-сипатының бәрі Италияның терістігіндегі әйелдерді көз алдыма елестететін еді. Оның өзі тынымсыз сөйлеп, әсіресе тағдыры әр алуан адамдар мен ел-жұрттар жөнінде ауыз жаппайтын.

Ал жанындағы серігі бойы кішкентай, Бутэ де Монвеланың суреттеріндегі Жанна д'Аркке ұқсас шашын қысқа етіп қойған, шоң мұрын, даусы сыңғырлап тұрған қара торы әйел болатын. Ол біз кіріп келгенде кесте тігіп отыр екен. Сол ісімен айналыса жүріп бізге сый-сыяпат көрсете бастады да, оның үстіне менің жұбайыммен шүйіркелесе сөйлесті. Сөйлесе жүріп, біздің әңгімемізге де құлақ түріп жиі араласып кетіп отырды. Келген қонақтың жұбайымен сөйлесу өзінің әдеті екенін ол маған кейінірек түсіндірді. Шынында жұбайларға тек осында ғана жақсы қошемет көрсетіледі екен. Хэдли екеуміз осының куәсі болдық. Бірақ бізге осы екі әйелдің екеуі де ұнады, тек құрбысы сәл өңсіздеу екен. Көздің жауын алғандай суреттер, тәтті тағам, ішімдіктер - осының бәрі де шын мәнінде тамаша-ақ еді. Біз де бұларға ұнайтын сияқтымыз, өйткені екеуі бізді бейне жақсы тәрбие көрген, үміт күтерлік балаларша әлпештеп, жандары қалмады. Сонысына қарағанда олардың тіпті біздің ерлі-зайыпты боп бір-бірімізді сүйетінімізді де кешіретінін сездім - ар жағын уақыт көрсете жатар - сөйтіп, кетерде менің жұбайым сыпайылықпен үйден шәй-су ішіңдер деп шақырғанда екеуі мұны құптап қабыл алды. Екеуі үйге келгенде біз оларға бұрынғыдан да бетер ұнаған сияқтымыз, бұл бір-бірімізге сығылыса отырған пәтеріміздің тарлығынан да болар. Стайн бике төсегімізге отырып менен әңгімелерімді көрсетуімді өтінді. Сосын ол: "Әңгімелердің "Біздің Мичиганда" дегеннен өзгесінің бәрі де ұнайды", - деді.

— Әңгімең жақсы, - деді бике. - Бірақ гәп мұнда емес, бір кілтипаны бар. Мұның өзі суретшінің салуын салса да, суретін көрмеге де қоя алмай, ешкім сатып та алмайтын, үйде ілейін десе оның да ретін таппай сарсылатын бір кездері болады, мынау соған ұқсас.

Ал әңгіме әбден жарамды болып, тек айыбы онда жұрт ілуде бір қолданатын некен-саяқ сөздер ұшырасса ше? Және егер де тек осы сөздер ғана әңгімені шынайы етіп, онсыз тұздығы татымаса ше? Міне, әлгідей сөздерді қолдануыма тура келетіні сондықтан.

— Сіз ештеңені түсінген жоқсыз, - деді бике. - Мен түкке арзымайтын дүниенің қажетсіз екенін айтамын. Мұнда ешқандай мән-мағына жоқ. Бұл келіссіз, әрі қисынсыз.

Бике өз жазғандарын "Антлантик Манслиде" қалайда бастырғысы келетінін және сөйтпей қоймайтынын айтты.

— Бірақ мен әлі бұл журналда немесе "Сатердей Ивнинг постыға" шығармамды жариялайтындай жақсы жазушы емеспін, әйтсе де өз қолтаңбасы бар жаңа тұрпаттағы қаламгер шығармын, сондықтан мен түкке арзымайтын дүниені жазуға болмайтынын есімнен шығармауым керек,–деді.

Менің онымен таласқым келмеді, әрі өзімнің сөз құрау тәсілімді де тәптіштеп жатпадым. Бұл менің өз ісім болатын. Бірақ бикенің әңгімесін тыңдаудың өзі бір қызық. Осы кеште бике бұған қоса бізге суреттерді қалай сатып алудың жөн-жосығын түсіндірді.

— Не киім, не сурет, осы екеуінің біреуін ғана алу керек,–деді бике. - Көрдіңіз бе, бұның оп-оңайын. Тап бір бай адамдар болмаса, мұның екеуін бірдей алу қиын. Тегінде киімге көп көңіл аудармағанның өзі абзал, ал ең негізгісі сәнқойлыққа салынбаңыз. Алған киіміңіз киіс беретіндей, әрі бойыңызға шақ болсын, сонда суретке де ақша артылады.

— Бірақ тіпті енді ешқашанда киім сатып алмасам да, - деп наразылық білдірдім мен, -бәрібір Пикассоның өзіме ұнайтын сол бір суреттерін сатып алуға ақшам жетпес еді.

— Иә, сіз үшін ол бір қол жетпес шынар. Сізге өзіңіздей әскер жасындағы қатар-құрбыңыздың суреттерін сатып алуға тура келеді, сіз танысып алыңыз, ондай суретшілер ез маңайыңыздан да табылады. Жаңа талап жас суретшілер қашан да кездеседі. Бірақ киім хақында сөз қылғанда мен сіздің өзіңізден де гөрі жұбайыңыз жөнінде ойлаймын. Әсіресе, әйел жұртының киімі қымбатқа түседі.

Мен осы жолы жұбайымның Стайн бикенің арзан матадан тігілген көйлегіне қарағысы келмей және онысы өзіне жарасып тұрғанын сезіп қалдым. Екеуі кеткен соң себебі осы екеуіне әлі де ұнайды екенбіз ғой деген ойда болдым, өйткені олар бізді қонаққа келіңіздер деп тағы шақырып кетті.

Бұдан кейінірек Стайн бике қыстыгүні мені өзінің студиясына кешкі бестен кейінгі қалаған уақытымда келіп тұруға шақырды. Мен онымен Люксембург бағында кездескен едім. Сол серуендеп жүрді де, оның жетегінде итінің бар-жоғы, жалпы ит ұстайтын, ұстамайтындығы есімде қалмапты. Әйтеуір өзім жалғыз едім, ит былай тұрсын, ол кезде менің мысық асырауға да шамам жоқ-ты, әдемі ірі мысықтарды тек мейрамханалар мен дәмханадан, қақпашы әйелдердің терезесінен ғана көретінмін. Кейінірек Стайн бикенің Люксембург бағында ит жетелеп жүргенін жиі көретін болдым, бірақ меніңше оның асыранды иті жоқ сияқты еді.

Тоқ етерін айтқанда, Стайн бикенің иті болсын, болмасын әңгіме онда емес, әйтеуір мен шақыруын хош алып студиясына жиі барып жүрдім. Сонда ол әрдайым мені нағыз таза арақпен сыйлайтын және оны менің рюмкеме шүпілдете құйып қойған кезде мен суреттерге қарағаныммен екеуміз әңгіме шертуден жалықпайтынбыз. Суреттер тамаша, ал әңгіме де қызғылықты еді. Көбінесе Стайн бике сөйлейтін, ол сол заманғы суреттерді, оны салған суретшілердің шын мәніндегі адам болғаны жайлы сыр шертіп, кейінгі қыл қалам иелері және өз жұмысы жөнінде айтатын. Стайн бике енді бірде маған жанындағы құрбысы машинкаға басқан өзінің көлемді қолжазбасын көрсетті. Сөйтті де ол күнде жазатынын, осыдан өзінің бақыт табатынын мақтан еткендей болды. Жақынырақ білісе келе мен көлем жағы өзінің күш-жігеріне байланысты сол күнде жазып жүрген дүниесі жарық көріп, өзі елге танылғанда ғана шын бақытты болатын шығар деп ойладым. Мен танысқанда Стайн бикенің нағыз даңқ биігіне көтерілген кезі еді, өйткені ол жұрт назарын аударатындай үш әңгіме жариялаған екен. Соның "Меланкта" деп аталатын біреуі тіптен тамаша көрінеді. Стайн өнерпаздығының алғашқы озық үлгілері жеке кітап болып та басылды. Үйінде болып жүретін, тіпті көшеде бас иіп сәлемдесетін сыншылар бұл әңгімелерін жоғары бағалады. Стайн бикенің жеке басының сүйкімділігі сонша, өз жағына қаратқысы келгенде адамның оған ілеспей шыдап қалуы мүмкін емес еді. Онымен әлгідей таныс және үйдегі ілулі суреттерін көрген сыншылар анық түсініп білмей жатып-ақ оның шығармаларын, Стайнның өзін көкке көтере отырып, оның ешқашан мүлт кетпейтіндігіне кәміл сенетін. Оның үстіне өз сөз саптасындағы төкпе ырғақ үйлесімі жөнінен көптеген ақиқат шындықты ашқан, әрі осы тақырыптағы айтқан әңгімелері өте қызықты.

Сөйте тұрса да Стайн бике қолжазбаны түзетіп, оның тілге жеңіл болу жағын ойлап өңдеп-қырнауды жақтырмайтын, сөйтіп жұрттың жылы сөзін естуді де көздемейтін, есіл-дерті жазғанын тез жариялау ғана болатын. Әсіресе "Американдықтардың қалыптасуы" дейтін өте ұзақ жазылған еңбегі жайында ол дәл осылай істеген-ді.

Кітап тәуір боп басталып, одан арғы ондаған беттері, тіпті көп жері сәтті болып қиюласады, сонсын ұзақ-сонар қайталаулардан аяқ алып жүре алмайсыз. Өз шығармасына жаны ашитын ұқыпты қаламгер мұндай жерлерді қиналмай-ақ қоқысқа тастар еді. Мен бұл шығармамен жақсылап танысып, оны "Трансатлантик ревьюға" бөліп-бөліп бас деп Форд Мэдокс Фордты үгіттедім, дәлірек айтқанда зорладым, журналдың мұны ақырына дейін жариялап үлгермей жатып-ақ жабылып қалатынын біле тұрсам-дағы. Сөйтіп мен бұл шығарманың журналдық гранкелерін Стайн бике үшін өне бойы оқып жүрдім, өйткені мұндай машақат іске бикенің мойны жар бермейтін.

Аязды күні қақпашы әйелдің кішкентай бөлмесінің жанымен суық аула арқылы өтіп жылы студияға барғанға дейін пәлендей ештеңе бола қойған жоқ. Сол күні Стайн жыныс мәселелері жөнінен менің көзімді ашты. Бұған дейін біз бір-бірімізді өте ұнатқан едік, өзім білмеген нәрсенің бәрі бір түрлі қызық боп көрінетінін мен осы жолы байқадым. Ал Стайн бике мені жыныс мәселесі жөнінде ештеңе түсінбейді деп ойлады; шынымды айтсам, өз басым зинақорлықты белгілі дәрежеде жақтырмайтынмын, себебі маған тек тұрпайы түрдегі шет жағасы ғана белгілі болатын. Жас жігіттердің қойынға кездік тығып жүріп, кейде оны бикештермен ым-жымы бір еркектер "көкжал" деген атақ алмай тұрған кезінде солар бас қосқан жерде не себепті оңды-солды сілтейтінін білетін едім. Сонау бір жылдары содыр-сотқарларға лайық сөздерді, мақамдарды көп үйрендім, мен оны Канзас-Ситиде тұрғанымда есіткенмін, осы қаланың әрқилы ауданында, сондай-ақ Чикагода және көлдегі кемелерде мұндай бұзақы сөздер салтқа айналып кеткен болатын. Мен Стайн бикенің сауалына ер адамдардың ортасында өскен бала жігіт өзіне жұрт тиісе бермес үшін әр кезде де адам өлтіруге даяр тұру керек және мұны әуестікпен орындайтынына кәміл сенімді болуы керек деп жауап беруге тырысып бақтым. Бұл қалыпты жай еді. Егер сен дұшпаныңды өлтіре алатыныңды білсең, өзгелер де осыны сезіп саған тиіспейді. Адам күшпен не қулықпен өзін тұзаққа түсіруге ешбір жағдайда жол бермеуге тиісті. Мен ойымды теңіз кемелерінің "көкжалдары" айтатын бір ғана сөзбен неғұрлым әдемі жеткізуіме болар еді. Бірақ Стайн бикемен әңгімелескенде мен әрқашан әлдебір жайды бір-ақ ауыз сөзбен жеткізуге бола тұра сөзді саралап сөйлейтінмін.

— Бұл солай ғой, Хемингуэй, - деді бике. - Бірақ сіз ыңғай бұзақылар мен қылмыскерлердің құжынаған ортасында өмір сүрдіңіз емес пе?

Мен бикемен сөз таластырып жатпадым, бірақ ішімнен былай ойладым: мен нағыз шынайы өмірдің ортасында тұрдым, онда әрқилы адамдар болды, мен олардың құлқын түсінуге тырысып бақтым, қайсыбірі маған ұнамайтын, ал кейбіреулерін әлі күнге дейін жек көремін.

— Ал мына бір шал жөнінде не айтар едіңіз, өзінің мінезі сыпайы, есімі дағарадай, италиян госпиталында жатқанымда ол маған "марсалы" ма, "кампари" ма бір бөтелке шарап әкеліп өзін кереметтей әдепті ұстады, ал одан кейін бір күні медбикеден бұл адамды "палатама енді қайтып жібермеңіз" деп өтіндім.

— Бұл ауруға шалдыққан жандар, өз еркін өздері билей алмайды, сондықтан сіз оларға аяушылық білдіруге тиістісіз.

— Мен мына бір адамды да аяуға тиіспін бе? - деп сұрадым да, біреудің аты-жөнін атадым, тіпті ол өзін-өзі әшкере етіп жүретіндіктен оны сол үшін қайталап айтудың қажеті жоқ бола тұрса да.

— Жо-жоқ. Ол жаман адам, жүргіштік жолға түскен нағыздың өзі.

— Дей тұрғанмен жақсы жазушылар санатында жүрген жоқ па?

— Ол - жаман жазушы, - деді бике. - Жұртты жүргіштік жолға салады, өйткені бар көксейтіні сол Оның үстіне ол елді жамандыққа да жетелейді. Мәселен, нашақұмарлыққа еліктіреді.

— Ал анау Миланнан келген адам ше, әлгі өзім есіркеуге тиісті болып жүрген, сонда ол мені жүргіштікке итермелемеп пе екен?

— Болмаған әңгімені айтпаңыз. Қайтып ол сізді бұза алушы еді? Сонда сіз сияқты таза спирт ішетін адамды "марсалы" шарабымен бұзуға болар ма еді? Бұл жай әншейін не істеп, не қойып жүргенін білмейтін сорлы шал емес пе? Өз еркін билей алмайтын ауруға шалдыққан адам, сондықтан сіз аяушылық етуге тиістісіз.

— Мен оны сол бір кезде есіркеген едім, - дедім мен. - Бірақ кейін қатты түңілдім. Өйткені тым жылпос еді ол.

Мен арақтан тағы бір жұтып жіберіп, әлгі шалды аяған қалпым, қолына бір себет гүл ұстаған Пикассоның жап-жалаңаш қызынан көз айырмадым. Бұл әңгімені ә дегенде мен бастамасам да енді осының арты жаманға соғады-ау деп ойладым. Стайн бикемен арадағы біздің әңгімеміз әсте үзілмейтін еді, ал қазір үн-түнсіз қаппыз, мен бикенің өзіме бірдеңе айтқысы келгенін рюмкелерді шүпілдете толтыра бастағанынан сездім.

— Хемингуэй, ақиқатында сіз бұл жайлы ештеңе ұғынбайсыз, - деді бике.

— Әлде қылмыскер, әлде ауру, небір теріс пиғылды адамдармен кездескенсіз. Ең бастысы - зинақорлық жиіркенішті қылық, әлгіндей адамдар өзіне-өзі жексұрын көрінеді. Олар сол қылығын жуып-шайып ұмыту үшін наша ішеді, бірақ бәрібір олар өз істеген ісінен жеріп көңілдестерін жиі ауыстырса да шын мәнінде бақытты бола алмайды.

— Түсінемін.

Сол кезде өзім көп нәрсені білуге әуес болғандықтан әңгіме желісінің өзгергеніне іштей разы болдым. Бақ жабық тұр еді, сондықтан мен қоршаудың бойымен жүріп отырып Вожирар көшесіне келдім де, оны айналып өтуге тиісті болдым. Бақтың жабылып, қақпаларының бекітулі тұрғаны көңілсіз-ақ болды, көңілсіздіктің тағы бір себебі, өзім бақтың ішімен емес, қоршаудың сыртымен Лемуан Кардинал көшесіндегі үйіме тура беттеп келе жатқандығым еді. Ал күн сондай тамаша боп басталып еді ғой, ертең менің бас алмай жұмыс істеуіме тура келеді. Бар пәле-қырсықтың емі еңбек екеніне мен сонда сендім. Бұған мен қазір де сенемін. Сосын өзім Стайн бикенің менің небары жастық желігімді басып, әйеліме деген ынтызарлық көңілімді өзіне аударып әкеткісі келетінін сездім. Сондықтан мен Лемуан Кардинал көшесіндегі үйіме келіп, танып-білген дүниелерімді әйеліме айтып берген осы бір кезде көңілсіздік бірден сап болды. Ал түнде біз жұбайымыз екеуіміз бұрыннан бойымыз үйренген және тауға барғанда жадымызға түйген сол бір жай-күйлерімізден ләззат алдық.

СЕНДЕР — AЗFAH ҰРПАҚСЫҢДАР

Біраздан бері әр қош сайын-ақ Флерюс көшесіндегі 27 — үйге бару, жылы бөлмеде демалып, суреттерді көру, әңгімешіл әйелмен сұхбаттасу - менің үйреншікті әдетіме айналды. Стайн бике көбіне-көп жалғыз өзі отырады, қашан келсем де мені ілтипатпен қабылдап, ұнататынын сездіріп жүрді. Көптегем саяси конференцияларға қатысып, Таяу Шығысқа, әлде Германияға канадалық газеттердің тапсырмасымен барған сапарымнан оралған сәттерімде ол маған көрген-білген күлкілі жайларыңды айтшы деп қолқа салатын. Болмағанды болғандай етіп қапысыз сықпыртқанымда, ол Стайн бикеге немістерше айтқанда өлген адамды тірілткендей қатты әсер етуші еді. Бике дүниеде болып жатқан оқиғалардың ішінен шындықты, не сүреңсіздікті емес, тек көңілді жақтарын ғана білгісі кеп тұратын.

Мен жас болатынмын, әрі қайғы-мұңға пәлендей беріле қоймайтынмын, тіпті бір қиын-қыстау кездерде де аяқ астынан қызықты жайттар ұшыраса кетеді. Стайн бикенің, міне, осындайларға құлағы түрік. Ал қалған жайларды айтпай іркіп қалатынмын, өйткені мен оларды өзімнің жазған-сызғандарыма арқау ететін едім.

Бірақ Флерюс көшесіне жол-сапардан оралғанда емес, жұмыстан кейін соққан сәттерімде мен ешқашанда Стайн бикемен әңгімелескенде кітап жайын ауызға алмайтынмын. Жұмыстан соң менің кітап оқуым өзінен-өзі қажет болатын. Неге десеңіз өнебойы жазуыңа шұқшия берсең, ертеңгі күні үстеліңе отырмай жатып-ақ оған деген ынта-ықыласыңды жоғалтып алуың да ғажап емес.

Аяқ-қолдың сіңірін созып, дененің құрыс-тырысын жазып шаршауың қажет, әсіресе сүйікті бикеңді жақсылап тұрып аймалап құшуың қажет. Бәрінен де сол абзал. Бірақ кейін кеудең қаңырап бос қалған сәттерде, әйтеуір, бір нәрсе оқуың керек, бұл жазуға қашан қайта кіріскенше ол жөнінде ойлап қобалжымау үшін керек. Мен әсте өнерпаздық ойдың тұнығын сарқып тауыспайтынмын, әрі әманда түбінде бір нәрсе әлі де қалды-ау дегенде тоқтатып қойып, түнде бұлақ-бастаулардың оны нәрлендіріп қайтадан қалыбына түсуіне мүмкіндік беретінмін.

Кейде жұмыстан кейін өзім жазып жүрген жайлардан серпілу үшін мен жазушылардың кітаптарын оқитынмын, олар сол жылдардағы белгілі қаламгерлер, мысалы, Олдоса Хаксли, Д.Г.Лоуренс сияқтылар, немесе Сильвия Бич кітапханасынан, жағалаудағы кезбе букинистерден өзім тапқан кез келген авторлардың шығармалары еді.

— Хаксли марқұм болған, - деді Стайн бике, - марқұм болған кісінің кітабын оқып қайтесіз, оның өлгенін сіз шынымен-ақ көрмей-білмей отырсыз ба?

— Жоқ, ондайын көрмедім, мені оның кітаптары қызықтырып, көңілімді сергітетін.

— Сіз шын мәнісіндегі жақсы немесе түкке тұрмайтын дүниелерді ғана оқуға тиістісіз.

— Мен осы қыс бойы және өткен қыс бойына шын мәнісіндегі кіл жақсы кітаптарды оқыдым, әрі келер қыста да сондай кітаптарды оқимын, ал жамандарын суқаным сүймейді.

— Ал сонда сіз мына шірікті несіне оқисыз? Бұл барып тұрған нақұрыс қой. Хемингуэй-ау, және марқұм болған адамның жазған дүниесі.

— Мен елдің не жайында жазып жүргенін білгім келеді, - дедім мен. - Бұл маған бұрын жазылған дүниелерді қайталамауға көмектеседі.

— Тағы кімдерді оқисыз?

— Д.Г.Лоуренсті, - деп жауап бердім мен. - Бірнеше өте жақсы әңгімесі бар, әсіресе "Прусс офицері".

– Мен оның романдарын оқып көріп едім. Мүмкін емес екен, бейшаралықпен жазылған бәлду-батпақ бірдеңелер. Әрі өзі әңгүдік ауру адамдарша жазады.

— "Ұлдар мен көңілдестері" және "Ақтотысы" маған ұнады, - дедім мен. Соңғысы азырақ ұнаса керек. Ал "Ғашық бикештер" дегенін ақырына дейін оқуға дәтім шыдамады.

— Егер сіз нашар кітапты оқуға құлықсыз болып, одан қызығырағына, өзіңізше тамашасына құмартсаңыз, онда Мари Беллок Лаундсты оқыңыз.

Менің бұл есімді алғаш естуім еді, Стайн бике маған Джек Потрошитель жайында жазылған "Пәтерші" деген тамаша повесті, Париж деген бір жерде болған кісі өлімі жайындағы Энгиен-ле-Бэнді еске түсіретін тағы бір романды оқы деп берді. Екеуі де жазудан жалыққан кезде оқитын тамаша кітаптар болып шықты. Қаһармандары кәдімгідей-ақ өмірдің ыстық-суығын көрген, ал іс-қарекеттері мен масқарашылықтары әбден нанымды боп келеді, жазудан жалыққанда оқитын бұдан артық еш нәрсені ойлап табудың өзі де қиын. Бұған дейін мен көптеген кітап оқыдым, бірақ оның ешқайсысы да алғашқы екеуінің ұшығына да келмейді. Сименонның тамаша туындылары жарық көргенге дейін маған күндізгі бос және түнгі сағаттарда оқу үшін бұларға тең келетін еш нәрсені өзім таба алған емеспін. Мен Стайн бикеге Сименонның жақсы дүниелері ұнар еді деп ойлаймын (менің алғаш оқығаным әлде "Нөмір бірінші шлюз", әлде "Канал бойындағы үй", әйтеуір есімде жоқ), өйткені Стайн бикемен танысқан кезімде ол французша сөйлеуді машық еткенімен, бірақ француз тіліндегі дүниелерді оқуды жақтырмайтын. Сименонның өзім оқыған алғашқы екі кітабын маған Дженет Флэннер берді. Дженет бике француз кітаптарын оқуды ұнататындықтан Сименонды оқитын еді, Сименон ол кезде әлі полиция репортері болып жүрген еді.

Өзіміз достасқан үш-төрт жылдың ішінде Гертруда Стайнның әлдебір жазушыға деген жылы лебізін естіген емен, тек өз шығармасын мақтап-мадақтаған немесе өзінің мансабы үшін пайдалы бір нәрсе істеген біреулерді қошеметтегені болмаса. Әлде бірде Рональд Фэрбенкті, кейінірек Скотт Фицджеральдты ауызға алғаны ғана есімде. Мен бикемен танысқан кезде өзі Шервуд Андерсонды жазушылығынан да гөрі оның адамшылығын, әсіресе итальяндыққа тән тамаша көзін және биязылығын жер-көкке сыйғызбай мақтады. Мені оның итальяндарға ұқсас алақандай тамаша жылы тартып тұратын көздері қызықтырмады, маған оның әңгімелері қатты ұнаған еді. Ол әңгімелер қарапайым тілмен, кейде тіпті тамаша жазылған, әрі өзі жазатын адамдарын тани біліп, оларды тым-ақ қатты сүйеді. Стайн бике оның әңгімелерін ауызға да алмайтын, бикенің бар айтары тек қана оның адамгершілігі хақында еді.

— Ал оның романдары жайында сіз не айтасыз? - деп сұрадым мен бикеден.

Джойстың атын атағысы келмегені сияқты, бике Андерсонның өнерпаздығын да ауызға алуды қаламады. Джойстың есімін екі мәрте атасаңыз-ақ болды сіз енді қайтып бұл үйге шақырылмайсыз. Мұның өзі бір генералмен сөйлесіп тұрып, өзге генерал жайында жылы лебіз білдіргенің сияқты сөкеттік болар еді. Осындай оғаш істі қапияда жіберіп алсаң, оны екінші рет қайталамас едіңіз. Оның есесіне сіз бір генералмен әңгімеде бір заманда өзінен жеңілген өзге генерал жайында айтсаңыз, онда мұның жөні бір басқа. Сізбен әңгімелесіп отырған генерал өзінен жеңілген өзге генералды мадақтайды, сөйте тұра оны жеңген кездегі жағдайды бүге-шігесіне дейін рақаттана еске алады.

Сүйкімді әңгіменің арқауы болуға Андерсонның жазғандары аса қолайлы еді. Meн Стайн бикеге Андерсонның романдарын нашарлығы жағынан таптырмайтын дүние дер едім, бірақ бұлай етуге болмайды, өйткені менің мұным Стайнға шын берілген жақтастарының бірін сынай бастағаным боп шығар еді. Ақыры Андерсон "Қаралы күлкі" деген роман жазды. Мұның соншалықты құнарсыз жасандылығына төзе алмай мен оған пародия1 шығарғанымда Стайн бике шынымен-ақ бұлқан-талқан болды. Сөйтіп оның төңірегіндегі топтың бір адамына мен осылайша тиіскенмін. Бұрын Стайн ренжімейтін. Шервудтың жазушылық атағы бүтіндей күйрегенде Стайн бике оған деген мақтау сөздерін аяп қалған жоқ.

Ол бір кішкентай, күлдіреп әзер тұрған, сірә, мейлінше ыңғайсыз (әлде ол отырсын деп әдейілеп қойылған да болар) орындыққа тым асығыс отыра кеткен Эзра Паундқа да ашуланды. Орындық сытыр етті де, күлпаршасы шығып сынды. Ал оның әйгілі ақын, сыпайы мінезді, асыл адам екені және дұрыс орындыққа да отыра алатындығы ешкімнің назарына ілікпеді. Аса зор ызақорлықпен көзге түскен оның Эзраға деген қастығының себеп-салдары бірнеше жылдан кейін барып қана ойдан шығарылған еді.

Біз Канададан оралып, Нотр-Дам-де-Шан көшесіне келіп тұрғанда Стайн бике екеуміз әлі қадірменді дос кезімізде ол үмітсіз ұрпақ жайлы өз пікірін айтты. Стайн бике "Т" модельді ескі "форд" автомобиліне мініп жүретін, бірде сол машинасының от алдырғышы жұмыс істемей қалды. Майданда бір-ақ жыл болып қайтқан, өзі гаражда жұмыс істейтін жас механик оны жөндей алмады. Мүмкін, ол сол "фордты" кезектен тыс жөндегісі келмеген де шығар. Қалай дегенмен де механик әйтеуір іскерлік көрсете алмады. Стайн бике шағым айтқаннан кейін барып гараждың қожайыны механикке қатаң сөгіс берді. Қожайын сонда оны: "Сендердің бәрің де азған ұрпақсыңдар", - деп сөкті.

— Міне, сендердің кім екендерің. Шеттеріңнен осындайсыңдар! Майданда болып қайтқан жастардың бәрі осындай. Сендер азған ұрпақсыңдар, - деді Стайн бике.

— Сіз солай ойлайсыз ба? - деп сұрадым.

— Иә, иә, - деді ол әлгі сөзінен танбай. - Сендерде ешқандай сыйлау деген жоқ. Бәрің де маскүнемдікке салынасыңдар.

— Әлгі механик мас па еді?

— Әрине, жоқ.

— Ал мына мені алда-жалда мас күйде көрдіңіз бе?

— Жоқ, бірақ дос-жарандарыңның бәрі маскүнем.

— Тойғанымша ішіп жүрген кездерім болды, - дедім мен. - Сонда да сіз мас күйде келгенімді көрген жоқсыз.

— Әрине, жоқ. Мен олай деп тұрған жоқпын.

— Әлгі механиктің қожайыны, сірә, сәскеге дейін мас болып үлгерген, - дедім мен. - Неге десеңіз, ол сондай тамаша нақыл сөздерді заулатты-ай кеп.

— Менімен дауласпаңыз, Хемингуэй. Одан ештеңе шықпайды. Гараж бастығының айтқаны ып-рас, сендердің бәрің де азған ұрпақсыңдар.

Кейінірек өзімнің түңғыш романымды жазып бітіргенде мен Стайн бикенің гаражда естіген нақылдарын Экклезиастың сөздерімен салыстырып көруге талаптанғаным бар. Сол кеште үйге келе жатып гараждағы әлгі жас жігіт туралы, мүмкін, оның өзін де санитарлық машинаға айналдырып жабдықтаған "фордта" әкеле жатқам шығар деп ойладым. Жаралыларға толы осындай автомобильдер бірінші жылдамдықта тау жолымен төмен зырғып түскенде тежегіштері жанып кетіп, кейде артқы от алдырғыштың іске қосылатыны, қорабы мен тежегіш берік, үлкен "фиаттар" бос зулаған соңғы "фордтарды" алмастырғанда олардың ылдиға қарай қалай құлдилайтыны менің есімде еді. Мен Стайн бике мен Шервуд Андерсон жайлы, өзімшілдік деген пәле жөнінде мұнымен бірге рухани жалқаулық па, әлде тәртіп пе қайсысы жақсы дегенді де оймен шолдым. Сосын барып, ғажап-ай, осы біздің қайсымыз азған ұрпаққа жатады екенбіз дегенді ойлап кеттім. Сөйтіп міне, "Клозери де Лилаға" да келіп жетіппін: жарық менің ескі досым маршал Нейдің ескерткішіне түсіп тұр, ағаштардың көлеңкесі оның қынаптан суырылған қылышын жапқан, ескерткіш сорайып жападан-жалғыз қалған, жанында тірі пенде жоқ. Ой, бейшара-ай, Ватерлоо күні қиын-ақ болды ғой саған. Қай ұрпақ болса да бір есептен өшіп бара жатқаны рас-ау, солай болып келді және солай бола да бермекші ғой деп ойладым да, байғұс маршал жалғызсырамасын деген ниетпен тақтай тілетін зауыттың ар жағындағы үйіме қайтпас бұрын "Лилаға" кіріп, салқын сыра іштім. Сыра ішіп отырып, Нейдің бейнесінен көз алмадым, Наполеон мен Коленкур екеуі күймелі арбамен кетіп қалғанда Мәскеуден шегінген армияның соңында келе жатып оның қанша күн соғысқанын ойға түсірдім. Сосын Стайн бикенің мейірімді және қамқоршы дос екенін, Аполлинердің 1918 жылғы келісім жасаған күнгі өлімін тамаша айтып бергенін есіме алдым. Жиналған халық "Жойылсын Вильгельм!" деп шулағанда сандырақтап алас ұрып жатқан Аполлинерге көптің айқайы өзіне айтылған сияқты боп көрінген. Мен Стайнға жәрдемдесу ретінде бар мүмкіндікті жасаймын, өзіме қол ұшын берген қайырымдылығы үшін өзіне тиістінің бәрін бергізуге күш саламын, бұған бір құдайдың өзі мен мына Майк Ней куә деп ойладым. Ал азған ұрпақ жайлы және кері пиғылды тиын-тебен терген жарнамашылар жайында мейлі айта берсін. Үйімнің қақпасын ашып кіріп басқышпен жоғары көтерілгенімде оты маздап жанған пеш алдыңда көңілденіп бейжай отырған жұбайымды, ұлымды және оның мысығы Ф. Кисті көрдім. Кірген бойда жұбайыма:

— Біле білсең, Гертруда қайткенмен де өте сүйкімді бике-ау, - дедім.

— Әрине, Тэти.

— Эй, дегенмен, кей-кейде бос сөйлеп кететіні де бар.

— Оның не айтатынын өз басым есіткен жоқпын, - деді жұбайым. - Мен сенің әйеліңмін ғой. Менімен оның досы сөйлесіп тұрса сөйтпегенде қайтеді.

"ШЕКСПИР ЖӘНЕ КОМПАНИЯ"

Сол күндерде менің кітап сатып алуға қаржым болмады. Өзім оқитын кітапты Оден көшесі 12 - үйдегі Сильвия Бичтің "Шекспир және компания" дейтін дүкен кітапханасынан (мұнда дүкенмен қоса кітапхана да бар еді) алып жүрдім. Суық жел азынап тұрған көшеден кеп кіргеніңде үлкен пеші бар, үстелдері мен кітап сөрелері мол, жаймаларына жаңа кітаптар қойылған және белгілі жазушылардың бәрінің суреттері ілінген кітапхана іші жылы да жайлы еді. Суреттердің бәрі шұғыл жасалған сияқты боп тұрғандықтан, тіпті марқұм болған қаламгерлердің өзі де әлі тірі күнгісіндей боп көрінетін. Сильвия бет-ажары келісті, ашық жүзді әйел, қара көздері кішкене аңның көзіндей ойнақы, жас қыздың жанарындай нұрлы еді, жазық маңдайдан артқа қайырылған толқынды ақсары шашын құлақтан төменірек етіп қоңыр мақпал қамзолдың жағасына жеткізе қидырып жүретін. Аяғының бітімі, балтыры әдемі, өзі ақкөңіл, жайдары, әр нәрсені білуге құштарлығымен қоса әзіл-оспаққа икемді, еңгімешіл жан еді.

Оның дүкеніне алғаш келгенімде кітапханаға тіркелуге ақшам жетпегендіктен өзім жасқанып едім. Сонда Сильвия тиын-тебенді кейін бір қолайлы кезде әкеле жатарсың дегенді айтып, маған арнап парақша толтырды, кітапты қалағаныңша, қанша керек етсең сонша ала бер деді.

Оның өзіме мұншама сенім артқанына мен таңғалдым. Ол мені білмейтін, Кардинал Лемуан көшесі, 74-үй деп көрсеткен адресім оған менің кедей екенімді ғана паш еткендей еді. Сөйтсе де Сильвия сүйкімді, жайдары мінезді бике, оның ту сыртында үй төбесіне дейін тірелген, көрші бөлмені де алып жатқан, терезелері қақпа ішіне қарайтын өз кітапханасының бүкіл байлығы - ұшы-қиыры жоқ самсаған кітап сөрелері сіресіп тұр еді.

Мен бісміллә дегеннен Тургеневтен бастап, "Аңшының әңгімелерінің" екі томын, егер жаңылмасам Д.Г. Лоуренстің алғашқы романдарының бірі - "Ұрпақтар мен ашыналарды" алдым, сонда Сильвия маған тағы бірнеше кітап алыңыз деді. Мен Констанс Гарнетт аударған Толстойдың "Соғыс пен бейбітшілік", Достоевскийдің "Ойыншы" деген өзге әңгімелерін таңдап алдым.

— Егер осының бәрін оқимын десеңіз, бізге қайтып тез орала алмайсыз ғой, - деді Сильвия.

— Мен қарызымды төлеуге келемін ғой, - дедім. - Үйімде ақша бар.

— Мен оны айтып тұрғаным жоқ, - деді ол, - жағдайыңыз келгенде әкеліп төлерсіз.

— Джойс сізде қашан болар екен? - деп сұрадым мен.

— Үнемі, кешке қарай келеді, - деп жауап берді. - Сіз ол кісіні ешқашан көрмеген бе едіңіз?

— Біз Джойстың Мишо мейрамханасында отбасымен түскі ас ішіп отырғанын көрдік, -дедім. - Бірақ тамақ ішіп отырған адамға тесіле қарау әдепсіздік, оның үстіне отырғаны бекзадаларға арналған мейрамхана ғой.

— Сіз түскі асты үйден ішесіз бе?

— Көбіне солай істеймін, - дедім. - Біздің аспазымыз тамақты жақсы дайындайды.

— Сіздің үйге жақын ешқандай мейрамхана жоқ-ау деймін?

— Иә, жоқ. Мұны қайдан білдіңіз?

— Сол жақта Ларбо тұрған, - деді ол. - Тек мейрамхананың жоқтығы болмаса өзгесінің бәрі оған ұнаған еді.

— Бізге ең жақыны Пантеонның жанындағы бағасы арзан кішкене мейрамхана ғана.

— Мен сіз тұрған жақты білмеймін. Өзіміз түскі асты үйде ішеміз. Мүмкін болғанда біздікіне жұбайыңызбен бірге келіңіз.

— Шақыруға асықпаңыз, мен сізбен әлі есеп айырысқан да жоқпын ғой. Сөйтсе де сізге көп-көп рахмет.

— Асықпай оқи беріңіз, - деді ол

Кардинал Лемуан көшесіндегі біздің үй сымағымыз екі бөлмелі, ыстық суы жоқ, канализация ретінде бір бак қойылған, мұның өзі қора ішіндегі мичигандық дәретханаға үйренгендерге пәлендей ыңғайсыздық туғызбайтын. Оның есесіне терезесінен қарағанда табиғат көрінісі кереметтей тамаша еді. Едендегі серіппелі матрацты ыңғайлы төсек орнына пайдаланатынбыз, қабырғада суреттер ілінген, шүкір, үйіміз өзімізге жарық та жайлы еді.

Үйге кітаптарды құшақтап кеп тұрып, жұбайыма өзімнің тамаша орын тапқанымды айтым бердім.

— Тэти, олай болса, бүгін сонда барып қайта ақшасын төлеп кел, - деді жұбайым.

— Әрине, сөйтейін, - дедім мен. - Тіпті екеуміз бірге баралық. Одан шыққасын төмен түсеміз де өзен жағалауына барып серуендейміз.

— Кәне, онда Сена көшесімен барайық, жолшыбай сурет сататындардың дүкендеріне кіре жүреміз, дүкендердің жаймаларын қарап көреміз.

— Табылған ақыл. Өзімізге ұнаған жерде қыдырамыз да, сосын бізді білмейтін, өзіміз де онда ешкімді танымайтын жаңа дәмхананың біреуіне кіріп, бір-бір рюмкеден ішеміз.

— Екеуден ішуге де болар еді.

— Сонан кейін бір жерге кешкі асқа барамыз.

— Жоқ, міне, мұның болмайды. Кітапханаға қарыз екенімізді ұмытпауың керек.

— Олай болса қайтып кеп, үйден тамақтанамыз. Өзіміз үйренген "бонды" ішіп, әжің-гүжің қып отырамыз, қарсыдағы дүкеннен жаймасында бағасы жазылған "бонның" бөтелкесін көрдім. Оның артынан кітап оқимыз да, біраз оқығасын барып құшақтасып, сүйісіп төсекке аунай кетеміз.

— Біз әр уақытта да екеуміз бір-бірімізді ғана сүйетін болайық, өзге ешкімді де емес.

— Иә, солай, ешкімді де емес.

— Бүгін күн не деген тамаша, мынау кеші де керемет. Қазір бір жерден тамақтанған жөн болар еді.

— Өлердей қарным ашты, - дедім мен. - Дәмханада жұмыс істегенде қаймақ қатқан кофеден өзге дәнеме татқаным жоқ.

— Онда жұмысты қалай істедің, Тэти?

— Өзімше жақсы істеген сияқтымын. Әйтеуір маған солай көрінді. Ішетін, жейтін не бар, бізде?

— Жаңа шалқан, картоп салып қуырған бауыр, салат, алмамен пісірген пирог бар.

— Енді бізде өзіміз ұнатқан, оқығымыз келетін кітаптар әрқашанда болады, бір жаққа барғанымызда өзімізбен бірге ала кетуге де табылады.

— Осы айтып тұрғаның рас па?

— Әрине, рас.

— Онда Генри Джеймс те бар ма екен?

— Әрине.

— Өте тамаша! - деді жұбайым. - Маңдайың жарқырағыр, жолың болғыр, мұндай орынды іздеп тапқаның керемет болды ғой.

— Біздің үнемі жолымыз болады, - дедім мен. Соны айтарын айтсам да ақымақ боп, тіл-көзден аман сақтай гөр, о, Құдай тағала деп тәңірге жалбарынуды, не ескі ырыммен ағашты ұрғылай беруді ұмытып кетіппін. Ал тұрған үйіміздің қай жерінде болсын, ұрғылай беруге ағаш атаулы жетерліктей еді.

СЕНАНЫҢ АДАМДАРЫ

Кардинал Лемуан көшесінің қиыр шетінен төмендегі өзенге әр түрлі жолмен баруға болатын-ды. Ең жақыны көшемен төмен тура кететініне түсу, бірақ бұл жол ойлы- қырлы, тік жарлау боп келеді. Сіз тегіс көшемен барып, халық көп жүретін Сен-Жермен саяжолының шетін кесе-көлденең қиып өткеніңізде шарап базарының сол жағындағы ызғыған жел соғып тұратын өзеннің көңілсіздеу жағалауынан барып шығасыз. Әлгі шарап базары Париждегі өзге базарларға тіпті де ұқсамайды, көбіне-көп ол кеденнің қоймаларын еске түсіреді, әкелінген шарап зат-мүлік салығын төлегенше қоймаларда қозғалмастан жатады да қалады. Ал базар құрылысының өзінің де көңіл жұбатарлықтай сиқы шамалы, ол әлде солдат казармаларын, әлде абақты дуалдары секілді бірдеңелерді көз алдыңа елестетуші еді.

Сена қолтығының арғы бетінде жатқан Сен-Луи аралының тар көшелерінде ескі биік үйлер самсап тұр. Осы арадан бірден сонда баруға да, немесе солға бұрылып, қашан Сен-Луи аралы артта қалғанша өзенді бойлап жүре берсеңіз, Нотр-Дам мен Ситэ аралының қарсы жағалауынан барып шығасыз.

Жағалаудағы кітап сататындардан баспадан жаңа ғана шыққан америкалық арзан кітаптарды, тіпті, тегін сатып алуға болады. Сонау бір кезде "Күміс мұнара" мейрам-ханасының үстіндегі бірнеше бөлме жалға берілетін еді де, бөлмені жалдап алушылар мейрамхананың жеңілдік нарқымен пайдаланатын, ал егер олар кейбір өз кітаптарын керексіз деп тастаған күнде әлгі жалға берілетін бөлменің қызметкерлері ол кітапты жағалаудағы букинистік дүкенге өткізеді, тап келсеңіз сіз оны бар болғаны бірнеше франкке ғана сатып аласыз. Дүкендегі сатушы ағылшын тіліндегі кітаптарға онша мән бермейді, сол себепті азын-аулақ ақша төлеген адамның өзіне ең аз пайда тауып тезірек сатып жіберуге асығады.

Менімен жақсы таныс боп кеткен әлгі сатушы бір күні:

— Ал, бұлардың ішінде ауызға алар тәуір кітап табыла ма? - деп сұрады менен.

— Кейде ұшырасып қалады.

— Ал оны қалай білуге болады?

— Өзім кітаптың жақсы-жаманын оқығаннан соң барып білемін.

— Дегенмен де мұның өзі тайғанақтау іс қой. Осы шынында да ағылшынша оқитын адамдар көп пе?

— Олай десеңіз, ағылшын тіліндегі кітаптарды оқшау қойыңыз да маған көрсетіңіз.

— Бұлай істей алмаймын. Сіз мұнда күн сайын келіп жүрген жоқсыз ғой. Кейде ұзақ уақыт көрінбей қоясыз. Жо-жоқ, мен ол кітаптарды қолайы келгенде тез-ақ сатып жіберуім керек. Не дегенмен әйтеуір құнсыз емес, құны бар нәрсе ғой. Ал егер ешқандай құнсыз, өтімсіз болған күнде мен ешқашан сатпаған да болар едім.

— Ал француз тіліндегі бағалы кітапты қалай анықтай аласыз?

— Мен алдымен кітаптың суреттері бар ма, соны қараймын. Сосын суреттердің сапасын анықтаймын. Кітаптың түптелуінің де үлкен мәні бар. Егер кітап құнды болса, иесі оны міндетті түрде жақсылап қайта түптетіп алады. Ағылшын тіліндегі кітаптар да түу баста түптелген, бірақ түптеу сапасы тым нашар. Сол себепті кітаптың жақсы-жаманын ажырату қиын.

"Күміс мұнара" жанындағы кітап сататын арбашадан бастап Ұлы августшылар жағалауына дейінгі аралықтағы бүкіл букинистердің ағылшындық не американдық кітаппен сауда жасағанын өзім көрген емеспін. Ал оның орнына әріректегі Вольтер жағалауындағы бірнеше букинистердің Сенаның сол жағалауындағы қонақ үйлерден, әсіресе бай адамдар тоқтайтын "Вольтер" қонақ үйінен түскен кітаптарды сатып жүргенін көрдім. Бір ретте мен өзіме жақсы таныс букинист әйелден осы кітаптарды сізге кітап иелерінің өздері тікелей сата ма деп сұрадым .

— Жоқ, - деп жауап берді ол. - Бұлардың бәрі иелері тастап кеткен кітаптар. Сол себептен бұлардың мүлдем құны жоқ дүние екеніне тіпті де күмәнданбаймыз.

— Бұл кітаптар сіздерге келушілерге кемеде көңілсіз болмас үшін достарының жол болсын айтып тартқан сыйы ғой.

— Мүмкін, солай болса солай шығар, - деді ол. - Ендеше мұндай кітаптар сол кемелерде де аз қалмайтын шығар.

— Иә, - дедім мен. - Кемедегі жұрт біледі, кітапты беталды лақтырмайды, алып барып түптеуге береді, сосын ол кітаптардан кемелердің шағын кітапханаларын ұйымдастырады.

— Бұл ақылға қонатын іс екен, - деді ол - Әйтеуір, ең ақыры кітап жақсы түптеліп шығатын болады ғой. Ал ондай кітап бағалы деп саналады.

Жазуымды бітірген соң ойланып-толғануым керек болғанда мен серуендеп өзен жағасына кетіп қалатынмын. Серуендеп жүргенімде тек бір іспен, ой ойлаумен ғана шұғылдану немесе басқа біреулердің өздері жақсы білетін ісімен айналысқанын сырттай байқап-бақылау маған анағұрлым оңайға түсуші еді.

Ситэ аралының төменгі мүйісі Төртінші Генрихтың мүсіні тұрған жаңа көпірдің жанымен өтіп, кеменің сүйір тұмсығы секілденіп барып арты жіңішке сызыққа айналып кетеді. Сенаның ағысы баяулап иірім жасайтын осы арада жаға суды жиектеп кең жайылып ауқымды боп өскен тамаша каштан ағаштары самсаған шағын саябақ бар. Оның маңы отырып судан балық аулауға өте қолайлы орын деп есептеледі. Басқыш арқылы осы саябақтың ішіне шығып, әлгі үлкен көпірдің астында жайғасқан балықшыларды көріп тамашалауға болады. Балықтың көп не аз болуы өзен суының деңгейіне байланысты, мұндағы балықшылар бамбукке бекітілген жиналмалы қармақ салады, қармақтың жібі өте жіңішке, жабдықтары жеңіл, қалтқылары қаз қауырсынынан істелген. Балықшылар қармақ салатын жерде балыққа әлдеқалай жем тастаған сияқты боп, өз кәсібіне беріле үңіліп отырады да, қай кезде болмасын, әйтеуір балықтың бір түрін ұстайды, қармаққа әсіресе шабақ балықтар көп ілінеді. Міне, осылай ауланған балық ұстап алынып, үйге әкелініп тұтастай қуырылғанда дәмді еді, өзім оның бір табақшасын түгел жеп қоятынмын. Әлгідей балықтың еті тіпті жаңа ұсталған сардиннен де сүйкімдірек еді және аса майлы болмағандықтан оны сүйегімен де жеуге бола беретін. Бұл балықты Төменгі Медондағы үсті ашық кішкене мейрамханада бәрінен де жақсы дайындаушы еді. Қолға ақша түскенде өзімізше желпінісіп сонда баратынбыз. Мейрамхананы "Тамаша балық ұстаушы" деп атайтын, келгендерге "мюскадеге" ұқсас жақсы ақ шарабы дайын тұрады. Мұндағының бәрі кәдімгі Мопассанның әңгімелеріндегідей ғажап, ал өзен жағасындағы көрініс дәл Сислейдің картиналарындағыдай еді. Әрине, әлгідей шабақ балықты осыншама тым алысқа барып жеудің қажеті де шамалы еді, өйткені Сен-Луи аралында да қайнап тұрған майға қуырылған балық беретін.

Сен-Луи аралы мен Верт Галант алаңы аралығындағы Сенаның балықты жерлерінде қармақ салушылардың кейбіреуін мен білетінмін. Кейде ауа райы ашық күндері бір литр шарап, нан мен шұжық алып күншуаққа жайғасып, жаңа ғана сатып алған кітабымды оқып, қармақшылардан көз жазбай отыратын кездерім көп болатын.

Жол-жөнекей очерктердің авторлары Париждің балықшыларын қармақтарын қаппайтын ұстамалы ауруы бар жынды етіп бейнелегенді ұнатады. Ал шынында балық аулау қызықтылығымен бірге пайдалы кәсіп екені белгілі. Балықшылардың көбі шағын ғана зейнетақыларымен күнелтеді, ақшаның құнсыздануы олардың былай да аз қаражаттарын бұрығыдан да қушитып кететіні жөнінде ешкім ештеңе ойламайды. Әрине, балық аулаушылардың ішінде бүкіл бос уақытын өзен жағасында өткізетін кәнігі әуесқойлар да жоқ емес. Марнаның Сенаға кеп құятын тұсындағы Шарантонда, сосын қала сыртында балық аулау тамаша. Ал Париждің өзінде де білген адамға бұл жаман құмарлық емес-ті. Қажетті жабдығым жетіспегендіктен мен қармақ салмаушы едім, одан да бұл іспен Испанияға барып айналысқаным жақсы болар деп, тапқан-таянған ақшамды соған жинап жүретінмін. Мұның үстіне жұмысымды бітіріп, қашан жолға шығатынымды өзім дәл білмегендіктен, уақыттың аздығы және себепші боп балық аулаумен қолымды байлағым келмеді. Сөйтсе де балықшыларды жиі қадағалап жүрдім, балық ұстаудың жай-күйін бүге-шігесіне дейін білетініме едәуір мақтанатынмын. Тіпті Париж сияқты үлкен қалада адамдардың балықты ермек үшін ғана емес, үйге тамақ үшін алып келетіні де маған бір есептен қуанышты еді.

Қатар-қатар отырған балықшылар, толқынды өзен, оның үстінде әдемі баржалар, көпір астынан өткенде соғылмайтын буксирлер және тізіліп келе жатқан баржаларды сүйреген кемелер, өзеннің тас қалаған жағалауларындағы әйдік боп өскен шегіршін, терек ағаштарын көргенде өзіңді өзен бойында ешқашан жалғызбын деп сезінбейтінсің. Қаладағы осындай самсаған ағаштарды көргенде осы қазір бүгінгідей тамаша таңда көктем келіп қалатындай, оны ескен түнгі самал алып келе жатқандай боп көрінетін.

Кей-кейде өңменіңнен өтетін нөсер жаңбыр көктемді кеудесінен итеріп, кейін шегіндіруге мәжбүр етіп, содан көктем енді қайтып келмейтіндей, өз өміріңнен жылдың осы бір маусымы көшіп кететіндей әсер билейді. Бұл күндер Париждегі бірден-бір мұңды күндер болатын да және бәр-бәрі бастан-аяқ жалған дүние сияқты боп көрінетін. Күзді де амал жоқ, осындай мұңлы күйде қарсы аласың. Жыл өтіп, ағаш жапырағы сарғайып түскен сайын сидиған бұтақтары қысқы ауада желмен дәрменсіз қозғалып тұрғанда да өз өміріңнен бір нәрсе өшіп, келмеске кетіп бара жатқан сияқты болады. Әйтсе де мезгіл жеткенде өзеннің мұз құрсаудан қайта босанатыны сияқты көктемнің де қалайда келетіні ойыңнан бірде-бір кетпейді. Сонда да болса суық жаңбыр тездетіп келе жатқан көктемнің жолын кес-кестегенде, маған ол жас өмірді босқа қыршынынан қиып жатқан сияқты боп көрінеді. Сол күндерде көктем ескен желдей екпіндеп келе жатады, бірақ көктем келмей қалмаса жарар еді дегенді ойлағанда он бойыңды үрей билеп жүре беретін.

АЛДАМШЫ КӨКТЕМ

Нағыз көктем емес-ау, тіпті алдамшы көктемнің өзі келе жатқанда да қалайда өзіңе бір жайлы орын табудың қамын көздейсің. Осындай өзің ойлаған қолайлы деген күніңнің жоспарын бөгде адамдардың кенеттен араласып бұзып кететіні де болады. Егер бір шақырған жерге барудан бас тартсаң, бұл күн өзің үшін ұшы-қиырсыз болар еді. Көктемнің өзі әкелетін аз ғана өткінші қуанышы ғана болмаса адамдардың ризығы әрдайым өлшеулі екені де белгілі.

Көктемде, жұбайым әлі ұйқыда жатқанда, мен таңсәріден тұрып жұмыс істеймін. Терезе айқара ашулы тұрады, көшенің адам жүретін жолындағы жаңбырдың ылғалы кеуіп келе жатады. Бізге қарсыдағы үйлердің қабырғалары да күн сәулесі түсіп кебе бастайды. Бұл кезде тек дүкендердің терезелері ғана әлі жабық тұрады.

Бақташы ысқырығымен ысқырып, бір топ ешкіні көшемен қақпайлап қуып жүреді, осы кезде жоғары қабатта тұратын әйел үлкен құмырасын алып, лып етіп көше жиегіне шыға келеді. Ал әлгі бақташы желіні торсиған қара ешкіні шап беріп ұстап ап, қолындағы құмыраға сауа бастағанда, оның игі өзге ешкілерді көше шетіне шашыратпай қайырмалап тұрады. Ешкілер бейне туристер сияқтанып жан-жақтарына қарап бастарын шайқайды. Бақташы әлгі құмыралы әйелдің ақшасын алып рахмет айтады да, ысқырығын ойнатып әрі кете барады, ит қуған ешкілер мүйіздерін шошаңдатып, көздерін ойнақшытып, көше ортасымен бүлкілдеп жорта жөнеледі.

Мен жазуыма қайта кіріскенімде, әлгі әйел сүтін алып баспалдақпен жоғары көтеріледі. Аяғында киіз табанды шәркейі бар еді, біздің басқыш алаңында тоқтағанда маған оның қатты дем алғаны естіледі, содан кейін тарс еткізіп жапқан есігінің дыбысын бір-ақ есітемін. Біз тұрған үйде осы әйелден өзге ешкі сүтін ішетін ешкім жоқ-ты.

Көшеге шығып мен ат бәйгесінің ертеңгі бағдарламасын сатып алғым келді. Тіпті жұпыны деген кварталдың өзінен ең болмағанда бағдарламаның бір данасын табуға болатын еді, ал мұндай күні оны ертерек сатып алған дұрыс. Бағдарламаны Декарт көшесі мен Контрэскарп алаңының түйіскен жерінен таптым. Ешкіні Декарт көшесімен төмен айдап бара жатыр екен, мен ертеңгі ауаны кеуде кере жұтып, қалған жұмысымды бітіру үшін тезірек бөлмеме жетуге асықтым. Мен үйге оралудың орнына ертеңгі ауада көшемен жөңкіп бара жатқан ешкінің соңынан ілесіп кетіп қала жаздап барып, өзімді-өзім әзер ғана тоқтаттым, әйтеуір. Сөйтсе де жазуға кіріспес бұрын алдымен бағдарламаны қарап шықтым. Бүгінгі бәйге ешкім онша көп қызықпайтын кішкене, бірақ тәртіпсіздігі көп Энгиен атшабарында өткізіледі деп хабарланыпты.

Сонымен жұмысымды бітіргеннен кейін біз ат бәйгесіне кететін болдық. Өзім мақала жазған Торонтоның газеті аз-маз қаламақы жіберген екен, қомақты ұтыс алып қаламыз ба деген үмітпен осы ақшадан жарысқа үлкен бәйге тіккіміз келді. Менің жұбайым Отейльде Алтын Ешкі дейтін арғымаққа бәйге тігіп, біреуіне жүз жиырма франк төлемек болды. Алтын Ешкі жиырма ат бойы алда келе жатты да, соңғы кедергіні ала бергенде мұрттай ұшып түсті. Сөйтіп біз жарым жыл күнкөрісімізге жететін жиған-тергенімізден табан астында жұрдай болдық. Біз әдетте бұл сәтсіздікті ойға алмауға тырысатынбыз. Сол жылы осы жағдайға дейін Алтын Ешкіге бәйге тіккенде біз ұдайы ұтып жүретінбіз.

— Бізде осы шындап ойнауға жетерлік ақша бар ма, Тэти? - деп сұрады жұбайым.

— Жоқ. Қанша ақша жұмсап, қаншасын өзімізбен алуымыз керектігін есептеу керек. Мүмкін, оны сенің өзге бір нәрсеге жұмсағың келетін шығар?

— Саған қалай десем екен? - деді ол

— Түсінемін. - Осы уақытта біздің тұрмысымыз өте қиын болды, сол себепті өзім де онша мырза емес едім.

— Жоқ, - деді ол - Сонда да...

Ақша жұмсауда қатаң болғанымды, бәрі біздің ойымызша құрала қоймайтынын өзім де білуші едім. Еңбек ететін және сол еңбегінен өзіне рақат табатын адамды мұқтаждық онша көп қажыта қоймайды. Ванна, су себелейтін шүмек, жылы дәретхана - осының бәрі адамға ыңғайлылық деп есептеуші едім мен өзім, солай бола тұра әлгі айтқандар бізден барлық жағынан төмен адамдардың қолында еді. Мұндай ыңғайлылық бізге тек саяхаттар кезінде ғана рақат әкеледі. Ал біз саяхатқа шығып тұратынбыз. Өзге уақытта көшенің таусылар жеріндегі өзенге иек артып тұрған моншаға баратынбыз. Тілегін тілеп отырған Алтын Ешкі құлап түскенде жыламағаны сияқты, жұбайым осымың ешқайсысына да қынжылып, қайғырмайтын. Жылағанын білемін, бірақ ұттырған ақшаға бола емес, құлаған арғымақты аяп жылаған. Оған сүр елтіріден тігілген қамзол қажет болғанда мен ақымақтық мінез көрсеткенім бар, бірақ сатып алған қамзолы маған өтe ұнады. Басқа жағдайларда да ұнамсыз қылық көрсеткен кездерім болды. Ал осының бәрі кедейшілікпен күресудің, егер ешқандай ақша жұмсалмаса оны жеңуге болады деп түсінудің салдары еді, әсіресе, киім орнына сурет сатып алғанда осы күрес анығырақ байқалады. Солай болса да, біз өзімізді әнебір сіңірі шыққан кедейміз деп есептеген жоқпыз. Біздің осыны қалайда мойындағымыз келмеді, өзімізді қайта таңдаулылардың қатарына қойып жүрдік. Ал біздің басынан аяғына дейін қарайтындарымыз, яғни оларға сенбеуге толық негізіміз барлардың бәрі бай адамдар еді. Мен өзім жылылық үшін көйлек орнына жүннен тоқылған көкірекше киіп жүргенді ыңғайлы деп есептейтінмін. Ал бай адамдарға бұл оғаш болып көрінетін. Біз арзан тамақ ішкенмен жақсы тамақтанатынбыз, ішімдік те ішіп жүрдік, екеуміздің ұйқымыз да жарасымды жақсы еді, бір-бірімізді сүйетінбіз.

— Меніңше, жүруіміз керек, - деді жұбайым, - ат бәйгесіне бармағанымызға көп болды. Өзімізбен бірге тамақ, аздап шарап ала кетеміз, май жағып нан аламыз.

— Пойызбен барсақ қайтеді, арзанға түседі ғой. Егер сен пойызға мінбеймін десең, онда бармай-ақ қоялық. Бүгін біз не істемейік - бәрі де тамаша боп тұр. Күнді көрдің бе, күн екеш күн де тамаша.

— Меніңше, баруымыз керек.

— Мүмкін, сен ақшаны өзге бір керек-жараққа жұмсағың келетін шығар?

— Жоқ, – деп ол тәкаппарлана үн қатты. Оның биіктеу бет сүйегі тек тәкаппарлық үшін жаратылған сияқты еді.

— Біз кімбіз сондай-ақ?

Біз Солтүстік вокзалдан пойызға отырып, қаланың сондай бір лас әрі көңілсіз ауданының үстімен жүріп өттік. Пойыздан түскен соң платформадан көкжасыл шөп өскен атшабарға дейін жаяу жүріп бардық. Біз ерте келген екенбіз, беті жаңа ғана жұқалай шабылған көк шөп үстінде менің жауынға киетін плащымды төсеп жіберіп отыра кеттік те, әкелген тамағымызды жей бастадық. Шарапты тура бөтелкенің аузынан жұтып қойып ескі трибуналарға, ұтыс ойындарының қоңыр түсті тақтай үйшіктеріне, атшабардың жасыл шөбі мен көкшіл түске боялған дуалдарына қарап отырдық. Орларға жиылған су қоңырқай тартып жылтырайды, әктелген тас қабырғалар, ақ бағандар мен таяныштар, көгеріп көктей бастаған ағаш жапырақтары, бәйге алаңына шығарылған алғашқы сәйгүліктер көрінді. Екеуміз тағы аздап шарап іштік те бәйге бағдарламасына зейін қоя үңілдік. Жұбайым төселген плащтың үстіне көз іліндіріп алғысы келіп бетін күнге беріп қисая кетті. Мен трибунаға қарай беттеп едім, Миланда жүргеннен білетін танысымды кездестірдім. Ол маған осында керемет екі сәйгүлік бар екенін айтты.

— Бұл екеуі, әрине, көп қарық қыла қоймас. Әйткенмен бас тігуге күдіктенбеңіз.

Екі сәйгүліктің әуелгісіне жұмсаймыз деген ақшамыздың тең жарымын тігіп едік, одан біз бірге он екі мөлшерінде ұтыс алдық. Ол қойған бөгеттерден тамаша өтіп, соңғы айналыста басқа сәйгүліктерді басып озып, қарақшыға өзгелерден төрт ат бойы бұрын келіп жетті. Енді біз ұтысымыздың тең жарымын өзімізге қалдырдық та, өзгесін әлгі екінші сәйгүлікке тіктік. Бұл ат бірден алға жұлқына жөнелді, барлық бөгеттерді шауып өтіп, тікке шабыста қалып қоюға аз-ақ қалды, оң жағындағы жүйрік барған сайын бастырмалатып төне түсті, екі шабандоздың екеуі де сәйгүліктерін оңды-солды қамшылай бастады. Біз трибунаның астындағы барға түсіп, бір-бір бокалдан шампан іштік те ұтыс нәтижесінің жариялануын күттік.

— Дегенмен ат бәйгесі адамның жүйке-жүйкесін Құртады-ау, - деді жұбайым. - Көрдің бе, ана бір жүйрік бірінші боп келуге аз-ақ қалды ғой?

— Менің әліге дейін тұла бойым қалшылдап тұр.

— Қанша төлер екен?

— Бағасы бірге есептегенде он сегіз мөлшерінде еді.

— Бірақ соңғы минуттарда оған бәс тіккендер көп болды.

Жанымыздан сәйгүліктерді жетектеп өтіп бара жатты. Біз бәйге тіккен аттың үсті-басы ақ көбік болып ағып тұр екен, танауы делдиіп кеткен, шабандоз оның кекілінен сипап барады.

— Қайран жануар-ай, - деді жұбайым. - Біз ғой, тек бәйге тігуді ғана білеміз.

Бәйге аттары өтіп болғанша қарап тұрдық та, тағы бір-бір бокал шампан іштік. Осы сәт бәйгені жариялады. Сексен бес екен. Бұл осы ат үшін тігілген Құны 10 франк әр билетке 85 франк ұтыс төленеді деген сөз.

— Сірә, ақырғы минуттарда бұл атқа өте көп бәйге тіккен болды ғой, - дедім мен.

Сөйтіп көп ақша ұттық, біздейлерге бұл, әрине көп қаржы еді. Енді міне, алда көктем құшағын жайып тұр, қалтамыз толы ақша. Бізге бұдан өзге ештеңенің қажеті шамалы деп ойладым мен. Егер әрқайсысымыз жұмсауға керекті ақша үшін ұтыстың төрттен бірін бөлгенде де қалған жарымын ат бәйгесіне деп бөлек сақтап қоюға болар еді. Ат бәйгесіне арналған ақшаны мен көрсетпей өзге ақшадан бөлек сақтайтынмын.

Со жылы бір саяхаттан оралғанда біз тағы да ат бәйгесінен олжалы болып қайттық. Үйге келе жатқан бетімізде тауарлардың бағалары көрсетілген дүкен жаймаларының бүкіл кереметтерімен таныстық та, аз-маз отыру үшін Прюньедегі барға кеп кірдік. Устрица мен мексикандықтарша дайындалған краб алып, бірнеше құты "сансерра" іштік. Қайтқанда қараңғы Тюильри арқылы жүріп ек, Карусель қақпасы тұсынан бақты көру үшін сәл кідірдік. Бақтың қою қараңғылығын кесіп өткенімізде Ынтымақ алаңының шамдары көрінді, шамның ұзын тізбектері Триумф қақпасын бойлап жоғары қарай созылған екен. Сосын мен Луврдың қара көлеңке жеріне көз жібердім де былай дедім:

— Сен шынымен-ақ үш қақпаның үшеуі де бір түзу сызықтың бойына орналасқан деп ойлайсың ба? Мына екеуін және Миландағы Сермион қақпасын айтып тұрмын.

— Ол жағын білмеймін, Тэти. Солай деп жүр ғой, әйтеуір, текке айтпайтын шығар. Есіңде ме, күні бойы қалың қарды омбылап жүріп отырып, Сен-Бернардың италиялық жағында бірден көктем құшағына еніп жүре бергеніміз, сосын сен, мен, Чинк үшеуміздің күні бойы көк ауасымен рақаттанып Лостаға барып жеткеніміз.

— Чинк сонда мұны "Сен-Бернарды башмақпен аралап өту" деп атаған еді. Сол башмақты ұмытқан жоқсың ба?

— Пәрше-пәршесі шыққан қайран сол башмақтарым-ай! "Галереядағы" Биффид жемістен жасалған салат пен "капри" ішкеніміз, мұз салынған биік шыны вазадан бүлдірген жегеніміз есіңде ме?

— Міне, осыларды еске аламын деп, содан барып үш қақпа жайында ойлап едім.

— Сермион қақпасын мен ұмытқаным жоқ. Оның осыларға ұқсас екені ұқсас.

— Mен балық аулап, Чинк екеуің күні бойы бақта отырып кітап оқыған Эгльдегі шағын шарапхана есіңде ме?

— Есімде, есімде, Тэти. Қар суымен молығып екі жағаға ұрып жатқан енсіз сұрғылт Рона өзені, сосын суында форель өсетін Стокальпер өзегі мен Рона каналы есіме түсті. Сол кезде Стокальпердің суы мөлдір, таза еді де, ал Рона каналынікі әлі де лай, қоймалжың боп жатыр еді.

— Тағы да есіңе алшы, талшынның қалай шешек атып, қалай гүлдегенін, жаңылмасам Джем Гэмбл әңгімелеп берген глициния жайлы оқиғаны қаншама ойыма түсіргім келгенімен түсіре алмай қойғанмын мен сонда.

— Иә, иә, Тэти. Чинк екеуің сонда бірдеңе жазғанда шындықты қалайша дұрыс көрсетуге болады, жай сипаттаумен емес бейнелеп суреттеудің сырлары жайлы ұзақ сөйлестіңдер. Бәрі есімде. Кейде оныкі, кейде сенікі дұрыс боп жататын еді. Сендердің тақырып, мазмұн мен түр жөнінде қалай таласқандарың есімде.

Енді бірде біз Луврдың қақпасынан шығып көшені кесіп өттік те көпір үстіне кеп тұрдық, көпірдің жақтау ағаштарына шынтағымызды сүйеп өзенге көз жібердік.

— Біз үшеуміз дүниедегі барлық нәрсе жайында және үнемі нақтылы істер туралы таласып бір-бірімізбен қалжыңдасатынбыз. Не істеп, не қойғанымыз, сол саяхат кезінде не айтқанымыз бәрі де есімде, - деді Хэдли. - Иә, иә. Бәрі, бәрі есімде. Чинк екеуің әңгімелескенде мен шет қалмайтынмын. Стайн бике өз үйінде маған сенің зайыбың деп қана қараушы еді ғой.

— Қап, әлгі глициния туралы оқиғаны ойыма түсіре алмай келе жатқанымды қарашы.

— Оқасы жоқ. Ең бастысы глицинияның өзі ғой, Тэти. Эгльден шарап алып келгенім есіңде ме? Бізге оны қонақ үйдің өзінде сатып еді. Сатушы сонда осы шарапты форельмен ішкен жақсы деп еді. Шарапты "Газетт де Пюцерннің" бірнеше нөміріне орап әкелгенбіз.

— Сион шарабы одан да жақсы еді. Біз қайтып оралғанымызда Гангесвиш ханым көгілдір форельден тамақ дайындаған. Кереметтей дәмді дайындалған форель еді сол, Гэги. Верандада тамақтандық, сион шарабын іштік, сөйтіп, көлге биік жар қабақтан қарап тұрдық. Әлі қары кетіп болмаған ақбас Дан-дю-Мидиге, Ронаның көлге құяр сағасындағы ағаштарға тамашалай қарадық.

— Қыста да, көктемде де бізге Чинктің жоғы сезіліп тұрады.

— Иә, солай. Міне, қазірде де әлгінің бәрі өткен дүние болса да оның қасымызда жоқтығы сезіліп тұр.

Чинк тұрақты әскери қызметкер еді. Сандхерестегі әскери мектепті бітірісімен Монс түбіндегі 1914 жылғы 25 тамыздағы ұрысқа бірден қатысқан. Мен онымен Италияда таныстым, әуелгіде ұзақ уақыт менің жеке басымның, кейін біздің үйдің ең сүйікті досы боп кетті. Ол кезде Чинк демалысын ылғи бізбен бірге өткізетін еді.

— Ол демалысын көктем шыға алатын көрінеді. Бұл жайлы ол өткен аптада Кельннен жазып жіберіпті.

— Білемін. Әзірше бүгінгі күннің тірлігін ойлап, соның әр минутын жақсы қып өткізуге тырысайық.

— Қазір екеуміз көпір үстінде тұрып өзен суының ақ көбіктеніп толқыған толқынын көрдік. Енді өзеннің жоғары жағына көз жіберейікші, не көрінер екен.

Біз өзімізше өзенді де, қаланы да, қаланың аралын да - бәр-бәрін көріп білдік.

— Әйтеуір екеуміздің жолымыз бола кетеді, - деді ол - Чинктің келетініне мен сенемін. Сол үнемі бізге қамқоршы боп жүреді.

— Оның өзі бұлай деп ойламайды.

— Әрине.

— Ол біз оны екеулеп іздеп жүр деп ойлайды.

— Шынында да солай. Бәрі де нені іздеуге, кімді іздеуге байланысты ғой.

Біз көпірден өтіп, өзеннің өзіміз тұратын жағына шықтық.

— Тамақ ішкің келген жоқ па? - деп сұрадым мен. Біз бүгін көп жүріппіз, көп әңгімелесіппіз.

— Әрине, Тэти. Ал сен ше?

— Онда бір жақсы мейрамханаға барайық та, байпатшаларша шалқайып отырып тамақтанып алайық.

— Қайда барамыз?

— Мишоға барамыз.

— Өте тамаша, ол мына арадан тиіп тұр ғой.

Әулие әкелер көшесімен жүріп отырып Жакоб көшесінің бұрышына жеткенше біз жолшыбай арагідік тоқтап, картиналар мен жиһаздар қойылған дүкендердің жаймаларына көз жіберумен болдық. Ең алдымен мейрамхананың есігі алдыңа тоқтап, есікке жапсырылған мәзірді оқыдық. Мейрамханада бос орын жоқ екен, біреу-міреу шыққанша күте тұруға тура келді, үстел басындағылардың кофелерін ішіп жатқанын байқап тұрдық.

Көп жүргендіктен қалжырап қарнымыз ашып қапты, ал бүл мейрамхана қолжетпес армандай болып көрінгенмен, несін айтасыз, біз үшін қымбаттау еді. Осында Джойс үй-ішімен тамақ ішіп отыр екен. Жұбайымен екеуі қабырғаға таяу отыр, Джойстың өзі қалың шынылы көзілдірігімен мәзірді көзіне таяу әкеліп оқиды, жанындағы Норасы, тамақты аз-аздап, бірақ тәбеті тартып жеп отырған секілді. Ал жүдеулеу, сәнқой, желке шашын жатқыза тараған, маңдай жақ шашы дудыраған әлі жасөспірім қыз Лючия екеуінің қарсы алдыңда отыр. Отбасы мүшелерінің бәрі итальян тілінде сөйлейді.

Осылай күтіп тұрғанымызда мен біздің көпір үстіндегі тұрысымызды жай ашығу деп айтуға болар ма екен деп ойладым. Осыны жұбайымнан сұрағанымда ол былай деді:

— Білмеймін, Тэти. Ашығудың көптеген түрлері болады. Мәселен, көктемде ол өзге кездегіден басымырақ сезіледі. Ал енді ол өткен дүние. Өткенді еске түсіру ол да ашығудың бір түрі деймін.

Мен енді ештеңе ойламай мейрамхананың терезесіне қарап едім, қолында тәрелкеге салған сиыр етінен істелген рулеті бар даяшыны көргенде менің күні бойы мазамды кетіріп тұрған әдеттегі ашығу екенін ұқтым.

— Сен бүгін асылында біздің жолымыз болғыш дегенсің. Шынында да солай. Бірақ қай атқа бәйге тігу керектігін бізге біреу айтты ғой.

Жұбайым күліп жіберді.

— Ат бәйгесін айтпаймын. Сен сөзді бұлтарыссыз, сол күйінде қабылдайсың-ау. Мен жолболғыштықты өзге мағынада айтып тұрмын.

— Чинк меніңше ат бәйгесін жаратпайды, - дедім мен өзімнің білместігімді дәлелдегендей боп.

— Иә. Егер өзі атқа шаба білген күнде ат бәйгесі оны қызықтырған болар еді.

— Бұдан былай сенің ат бәйгесіне барғың келмей ме?

— Неге, барғым келеді. Енді біз онда қалаған уақытымызда барып тұрамыз.

— Жоқ, шынымен барғың келе ме?

— Әрине. Сенің де барғың келеді ғой, ә?

Әзер-әзер деп Мишоға енгеннен соң біз жақсылап тамақтандық. Тамаққа тойып алсақ та, манағы көпір үстіндегі өзіміз аштықтан деп есептеген сезіміміз автобусқа отырын үйге қайтқанда да тарқамай бізбен бірге болды. Ол сезім біз үйге кіріп төсекке жатқасын да, түн қараңғылығын жамылып жұптасып ләззаттасқанның өзінде де бізден кетпей қойды. Түнде мен оянып, ашық терезеден биік үйлердің төбесіне түскен ай сәулесін көрген сәтте де кетпеді. Бетіме айдың сәулесі түспесін деп ашық терезеден кейін шегіндім, бірақ енді ұйқым келмеді, көзімді ашып осы сөзім туралы ойлап жаттым. Осы түні әрқайсымыз екі реттен ояндық. Мен қанша түсінгім келсе де түсіне алмадым, топас боп шықтым. Кеше ертеңгісін мен алдамшы көктемді көрдім, ешкі айдаған бақташының ысқырығын есітіп, ат бәйгесінің бағдарламасын барып сатып алдым, сонда өмір жай қарапайым сияқты көрінген маған. Париж ғой ертеден келе жатқан қала, біз болсақ жаспыз, Парижде бәр-бәрі де - кедейлік те, кенеттен пайда болатын байлық та, жарық айдың сәулесі де, әділдік пен зұлымдық та, әлгі ай жарығында өзіңмен қатар жатқан сүйген жарыңның ыстық лебі де әсерлі екен деп ұқтым.

БІP ӘУЕСҚОЙЛЫҚТЫҢ АҚЫРЫ

Сол жылы және одан бірнеше жыл кейін де мен ертеңгі жұмысымды бітірген соң екеу боп талай-талай ат бәйгесіне бардық. Хэдлиге бұл ұнады, кейде оның қызығына түсіп кеткенде, үйде отыра алмайтын. Бірақ бұл қалың орманның ар жағындағы биік тау шалғындарына көтерілу немесе біздің ең жақсы досымыз Чинкті ертіп биік асудан асып, әлі жан баспаған жерлерге барудан гөрі әлдеқайда басқаша еді. Біз ат бәйгесінің өзінен гөрі ондағы ойын көбірек қызықтыратын. Ал біз мұны ат бәйгесімен әуестенушілік деп атадық.

Ат бәйгесі бізді ешқашан бір-бірімізден ажыратып көрген емес, - бұл тек адамдардың ғана қолынан келетін еді; бәйгелер ұзақ уақыт біздің айрылмас жақын, сонымен бірге қатал досымыз сияқты болды. Осылай деп ойлау шынында да үйлесімді еді. Ал бәрін күйретіп бұзуға қабілетті адамдарға шынымен ызаланатын мен, нағыз пәтуәсіз, кереметтей қызықтыратын сұлу, бір жағынан кесапаты да жетерліктей осы өзім әуестенген шаруама келгенде мейірімді едім. Неге десеңіз одан олжа табуға болатын еді. Ат бәйгесін табыс көзі деп қарайтын болсақ оған бүкіл уақытыңды бөлуің керек, ал менде уақыт дегеніңіз аз еді. Бірақ ат бәйгесімен әуестігімді ол жайында жазғандарыммен ғана аяқтаушы едім. Ақыры менің сол жазғандарымның бәрі жоғалып кетті, тек бір әңгімем ғана сақталып қалды. Өйткені өзгелері жоғалғанда редакциядан өзіме қайтарылған бұл әңгіме әлі поштада келе жатқан болатын.

Кейінірек мен ат бәйгесіне жалғыз өзім ғана барып жүрдім, бәйге мені бұрынғыдан да бетер еліктіре түсетін. Мүмкіндік болған сәттерде ретін тауып екі атшабардың екеуіне де -Отейлге де, Энгиенге де баратын едім. Бәйгені жаңылыспай дұрыс тігу үшін ат бәйгелеріне барлық уақытыңды арнау керек болды, ал бұлай өмір сүру маған жақпайтын еді. Қағаздағы есеп қағаз жүзінде қалып қояды ғой. Оның нәтижесін кез келген газеттен оқып білуге болады.

Мәселен, Отейльде жоғарғы трибунадан бәйге жолын өзге орындардан гөрі жақсырақ байқауға болатын еді. Бұл үшін баспалдақпен жоғары жүгіріп шығып бәйгеге қосылған әр сәйгүліктің жай-күйін, қалай шауып келе жатқанын білуге, қай атқа бәйге тіккенде ұту мүмкікдігін, егер ат ұнаған күнде қалайша ұтпағаныңды, осылардың барлық себебінің неде екенін егжей-тегжейлі білуге тура келетін. Тіккен бәйгелерді бақылауға, өзің сенген аттың шабысы кезіндегі оған берілген бағаның өзгерістерін түгел қадағалап отыру қажет. Кәнігі атбегілер бәйге тігер кездегі аттың шабыс қарқынын бағалап, дұрыс біледі. Бұл жағдайдың өзінде де ұтыстан айрылып қалу әбден мүмкін, бірақ аттың шабыс қабілетіне қаншалықты екені саған аян болуға тиіс. Бұл қиынның қиыны еді, бірақ сәті түсіп бара қалғандай жағдайда Отейльдегі ат бәйгесіне күн сайын тамашалап қарап отыру және белгілі жүйріктердің шын мәніндегі жарысына қатысу тіптен ғажап еді. Бұл кезге дейін сен атшабарды бес саусағыңдай біліп аласың. Содан барып шабандоздардың, ат жаратушылардың, ат иелерінің ішінде етене таныстарың көбейеді, сәйгүліктердің жай-күйін жақсы біліп аласың, бұдан өзге де көптеген сырларға қанығасың.

Әдетте бәйгені мен өзім білетін сыры мәлім аттарға тігіп жүрдім, бірақ кейде ат жаратушылар мен шабандоздардан өзге ешкім білмейтін және өзгелер сенімсіздікпен қарайтын аттар да маған белгілі еді, дегенмен бірнеше айналыстарда барып озып шығатын осы аттарға да бәйге тігетінмін. Сөйтіп жүріп ат бәйгесіне баруды доғардым, өйткені бұл менің көп уақытымды алды және барған сайын өзіне тарта берді. Мұның үстіне мен Энгиенде және жаппай бәйгелер өткізілетін өзге де атшабарда не боп жатқаны жөнінде тым көп нәрсені біліп алдым.

Ат бәйгесіне баруды тоқтатқаныма өте қуандым, бірақ маған үнемі бір нәрсе жетіспейтіндей болды да тұрды. Ол кезде өмірде жақсы болсын, жаман болсын бір нәрсені бітіргенде оның орнына адамды енжарлық басатынын білетіндей халге жеткен едім мен. Бірақ жаманшылықтан кейінгі енжарлықтың орны өзінен-өзі толысып кететін еді. Ал жақсылықтан кейінгі енжарлықтың орны бұрынғыдан да зop жақсылықты іздеп тапқанда ғана барып толатын. Ат бәйгесіне арнаған қаражатымды мен жалпы табысқа қосып жіберіп едім, бәрі де жақсы боп жүре берді.

Ат бәйгесіне баруды тоқтатуға бел байлаған күні мен Сенаның арғы бетіндегі "Гаранти траст" компаниясының саяхаттар бюросына кеттім. Компания ол кезде Италия көшесі мен Италия саяжолының түйіскен жеріне орналасқан еді. Онда өзімнің досым Майк Уордты кездестірдім. Бұл жаққа мен ат бәйгесіне арнаған ақшамды банкке салу үшін келгенмін, бірақ оны ешкімге айтқан жоқ едім. Ақшаны чек кітапшасына тіркеген жоқпын, санды жай өзімнің қаперімде сақтап қана жүрдім.

— Түскі тамақ ішейік, - дедім мен Майкке ұсыныс жасап.

— Қарсы емеспін, кеттік, балақай. Не боп қалды? Сен атшабарға бармаушы ма едің?

— Жоқ.

Біз Лувуа алаңындағы тамаша шарабы бар өте жақсы асханадан тамақтандық. Асхананың қарсы алдыңдағы алаңның арғы бетінде Ұлттық кітапхана бар еді.

— Майк, сен ат бәйгесіне жиі бармайсың ғой, сірә? - деп сұрадым мен.

— Жоқ. Мен атшабарға көптен бері барған жоқпын.

— Баруды неге доғардың?

— Білмеймін,- деп жауап берді Майк. Артынан,- жоқ білемін,- деді.

— Егер бәйге сені тек ақшаға бола қызықтырса оны көрудің де қажеті шамалы.

— Сөйтіп бұдан былай атшабарға бармайсың ба?

— Кейде барамын. Жүйрік аттар қатысатын үлкен бәйгелерге ғана барамын.

Асханада наша паштет жағып жеп, ақ шарап ішіп отырдық.

— Майк, бұрын ат бәйгесі сені еліктіруші ме еді?

— Иә, әрине.

— Сеніңше бәрінен де қызығы не?

— Велосипед жарысы.

— Шыныңмен айтып тұрсың ба?

— Онда бәс тігу шарт емес. Көресің ғой өзің.

— Ат бәйгесі уақытты тым көп алады.

— Тым көп уақыт алады. Ол бүкіл уақытыңды алады деп айтуға болады. Онда келген халық та маған ұнамайды.

— Мен осы ат бәйгесімен көп әуестендім.

— Білемін. Ұттырған жоқпысың, әйтеуір!

— Жоқ.

— Онда қоятын уақытың жеткен екен, - деді Майк. - Мен өзім де қойып кеттім.

— Бұл оңай емес. Онда тыңда, балақай, реті келгенде мен сені велосипед жарысына ертіп апарайын.

Велосипед жарысы маған мүлде бейтаныс дүние еді. Бірақ біз оған бірден елігіп кете қоймадық. Әуестенушілік кейінірек пайда болды. Парижде болуымыздың алғашқы кезеңі аяқталуға жақындаған мезгілде велосипед жарысы біздің өмірімізден үлкен орын алды.

Париждің атшабардан алыс біз жақ бөлігінде ұзақ уақыт тұру өзімізге қолайлы болды. Мұнда құмарлық атаулыдан күн көріс үшін табатын ақшаны басқаша атауға тура келеді, енді өзімізге, өз жұмысымызға, өзіміз білетін суретшілерге бәйге тігетін болдық. Велосипед жарысы жайында жазғым келіп, мен коп әңгіме бастадым, бірақ бастауын бастағанмен, велосипедтің ашық немесе жабық жолдарында, не тас жолдарда өтетін нағыз жарыстың өзімен теңесерліктей бірде-бір әңгімені аяғына дейін жазып бітіре алмадым. Бірақ қайткенде де күн батып бара жатқан кешкі мезгілдегі қысқы велодромды, велосипед дөңгелектерінің жол бетін зу етіп сызып өткенін, велосипедтеріне жабысып алған жарысушылардың осы ойлы-қырлы жолмен зуылдап жоғары көтеріліп, сосын төмен құлдырауын суреттеп жазармын деген ойдамын. Велосипедшіні өкшелеп келе жатқан жарысшыларды, оның артындағы кішкене дөңгелекшелері гүрілдеген мотоцикл мінгендерді және басына сақтық үшін ауыр дулыға, қолдарына тері қолғап киген осы мотоцикл мінгендердің жетекшілерін көрдім. Олар иықтарын кере ұстап, арттағы жарысушыларды алдан соққан желдің күшті қарсылығынан қорғап келе жатады. Ал жеңіл бас киім киген жарысушылар велосипедтерінің тұтқаларына еңкейе жабысып алып, дөңгелектерді аяқтарының бар күшін сала айналдыруға тырысады. Мотордың дыр-дыр дырылдаған дауысына, бір-бірімен шынтақтаса, велосипедтерінің дөңгелектерін қатарластыра келе жатқан жарысушылардың зәрені ұшырарлықтай жекпе-жектеріне және олардың жанға қатерлі ұйтқыған жылдамдықта жоғары өрлеп не төмен құлдырауларына төзу, әрине, оңай емес. Мұндайда жылдамдықты сәл ғана баяулатқан жарысушылар өзінің алдыңдағы сақтаушы қалқаннан айырылады да ауаның мықты кедергісіне тап боп өзінің жетекшісінен қашықтап қалады.

Велосипед жарыстарының түр-түрі көп еді. Мәселен, жақын қашықтыққа жарысу бір басқа да, матчтық жарыстарға қатысу екінші басқа. Кейде жарысушы екі велосипедші ұзақ секундтар бойы өз машиналарында қатарласа теңесе келіп жүйткиді. Әрқайсысы қарсыласушыны жетектеп кетуге мәжбүр ететін күйге тап болады. Бұдан кейін баяу жүрісін дереу өзгертіп бірден тартып кететін таза жылдамдыққа көшу мақсатында кілт қимыл жасайды. Бұл үшін күндіз қашықтыққа бір айналыс жасап, кейде екі сағат бойы командалық жарыстар өткізеді. Ал нағыз шын жылдамдықты анықтау үшін, кейде жарысушы бір сағат бойы секунд өлшемінің тілімен жарысатыны да болады. Мәселен, жарысшылар ауыр мотоциклдердің артынан ілесіп еріп отыратын Монружаның ашық стадионындағы "Буффалоның" бес жүз метрлік тік жарқабақ жолы арқылы өтетін жүз шақырымдық жарыс қауіп-қатерлі болғанымен, көруге өте қызық еді. Жарысшылар түс-тұрпатына қарап Сиу2 деп атап кеткен Бельгияның атақты чемпионы Линардың қарақшыға таянғанда онсыз да адам айтқысыз жылдамдықты одан бетер үдетіп, басын велосипед тұтқасына жақындау еңкейтіп жіберіп, ішкі көйлегінің астына құтымен жалғас-тырылған резеңке түтікпен коньяк сорғанын да көріп едік. Бірде Францияның чемпионаты кезінде Отейльдің маңындағы Принц саябағында ұзындығы алты жүз алпыс метр нағыз қауіпті бетон жолда ұлы Ганэнің мұрттай ұшқанын өз көзімізбен көрдік, кәдімгі дәстүрлі той-думанда біреудің жұмыртқаны сырт еткізіп тасқа соққаны секілді, әлгі бейшараның басы да тасқа соғылып, дәл сондай жарылғанын көрдік. Мен сондай-ақ алты күнге созылған қызықты велосипед жарысы мен биік таудың тас жолындағы дәл сондай қайталанбас жарыстарды да суреттеп жазар едім. Мұны тек француз тілімен ғана суреттеп жазуыма болар еді, өйткені велосипед жөніндегі терминнің бәрі французша боп келеді. Бұл жайында жазудың қиындығы да, міне, осында жатыр. Майктің айтқаны дұрыс. Сөйтіп, велосипед жарысы ат бәйгесіне бас тіккеннен де гөрі қызығырақ еді. Бірақ бұл енді Парижде өткізген өмірімнің басқа бір кезеңіне қатысты болатын.

АШТЫҚТАН АЛҒАН САБАҒЫМ

Парижде тек аштан өлместей ғана ауқатпен тұрсаң тіпті кереметтей тамақ ішкің келер еді, өйткені, нан-тоқаш сататын дүкендердің жаймаларына жұрттың көруі үшін әдейі дәмді-тәтті тағамдарды қояды. Көше бойындағы кішігірім үстелдерде жұрт неше түрлі тағамдарды жеп жатады, ал оған қарасаңыз тамақ иісі мұрныңды жарып кете жаздайды. Егер сен журналистік қызметтен қол үзіп, Америкада ешкім сатып алмайтын бірдеңелерді жазып жүрсең, ал үйден кетеріңде біреу түскі тамаққа шақырып еді деп айтып қойған болсаң, онда Люксембург бағына барудан артық жақсы нәрсе жоқ. Обсерватория алаңынан Вожирар көшесіне дейінгі жолда ешқандай тамақтың түрі де, иісі де сенің мазаңды алмайды. Сөйтіп Люксембург мұражайына кіргеніңде, егер ішіңе бұрау түспей аштықтан қарның қабыса бастаса, суреттер бұрынғыдан да көкейге қонымды, әрі түсініктірек, әрі әдемірек болып көрінеді.

Әсіресе аш жүрген кездерімде мен Сезанн салған суреттерді анағұрлым жақсырақ түсініп жүрдім және оның табиғат көріністері жайлы картиналарын қалай жасағанын шынымен-ақ тереңірек ұғындым. Осы суретші жұмыс істеген сәттерінде ашыққан жоқ па екен деген сауалды да өзіме-өзім жиі қоятынмын. Сонда ол тамақ ішуді, сірә, ұмытып кеткен болар деген қорытындыға келетінмін.

Осындай ақылға қонымды, адамға қанат бітіретін ойлар ұйықтай алмайтын немесе тоя тамақ ішпеген сәттерде басқа келетін шығар-ау деп ойлайтынмын. Кейінірек Сезаннды дегенмен аштық қыспаққа алған екен, бірақ ол өзімдегіден гөрі өзгеше аштық болса керек деп түйдім мен.

Люксембург мұражайынан енсіз Феру көшесі арқылы Сен-Сюльпис алаңына шықсаңыз бұл аралықта мейрамхана дегеніңіз атымен жоқ, ұзын орындықтары мен ағаштары ғана бар тыныш сквер арқылы өтер едіңіз. Алаңда арыстанның суреті бейнеленген бұрқақтар бар, көше ортасымен көгершіндер уілдеп шұбырып, қайсыбірі епископтардың мүсіндеріне барып қонақтап отырады. Ал алаңның терістік жағында шіркеу және әр түрлі шіркеу мүліктерімен сауда жасайтын дүкендер орналасқан.

Ал осыдан әрі тура жүріп өзенге қарай беттесеңіз, нан мен кондитер бұйымдарын, жеміс, көкөніс және шарап сататын дүкендер алдыңыздан самсап шыға келеді. Дейтұрғанмен, қай жолмен жүруді мұқият ойластырып алғаннан кейін, оң жаққа қарай бұрылсаңыз, ақсұр шіркеуді айналып өтіп, Одеон көшесіне шығуға болады, сосын тағы оңға бұрылып, Сильвия Бичтің кітап дүкеніне шығатын жолға бет түзесеңіз, бұл арада азық-түлік дүкендері онша көп емес. Содан үш мейрамхана қатар орналасқан алаңның өзіне жеткенше Одеон көшесінің бойында бірде-бір дәмхана, не басқадай жеңіл тамақ іше қоятын орын дегеніңіз атымен жоқ.

Сонымен Одеон көшесіндегі 12-үйге жеткенше қарныңыздың ашқаны біраз басылғандай болады да, ал оның есесіне сезіну-аңғару қасиетіңіз бұрынғыдан да арта түседі. Сөйтіп алдыңызда тұрған фотосуреттер өзгеше боп көрінеді, бұрын ешқашан байқалмаған кітаптарыңыз енді көзге бірден шалына кетеді.

— Хемингуэй, сіз немене, жүдеп кеткенсіз бе? - деді Сильвия. - Қалай, жақсы тамақтанасыз ба?

— Әрине.

— Түскі тамаққа не жедіңіз?

Өзімді аштық қысып бара жатқанына қарамастан былай дедім:

— Мен түскі тамаққа енді ғана келе жатырмын.

— Мәссаған, сағат үш болғанда ма?

— Уақыттың өткенін, түскі астың мезгілі боп қалғанын байқамаппын.

— Жуырда Андриеннаны көріп едім, ол Хэдли екеуіңізді қонаққа шақырғысы келетінін айтты. Біз Фаргты шақырар едік. Ол сізге ұнайды деп ойлаймыз. Немесе Ларбоны шақырамыз. Ол сізге сөзсіз ұнайды. Мен оның ұнайтынын білемін. Немесе сіздің көңіліңіз қалайтын өзге біреулерді шақырар едік, Хэдлимен ақылдасыңыз, жарай ма?

— Хэдлидің бұл шақыруды қош алатынына мен сенемін.

— Мен тез баратын пошта арқылы хат жазып жіберейін. Тамақты анда-санда бір ішетін болсаңыз, онда аса көп жұмыс істеп қайтесіз.

— Істемеймін.

— Ал енді үйіңізге қайтыңыз, әйтпесе түскі тамаққа кешігіп қаларсыз.

— Оқасы жоқ, өз сыбағамды қалдырады ғой.

— Суып қалған асты ішпеңіз. Сізге қажеті жақсы дайындалған ыстық тамақ қой.

— Маған хат келмеді ме?

— Жоқ қой деймін. Қарап көрейінші. Ол қарады да, бір кішкене хатты тауып алып, маған көңілділікпен күлімсіреді, сөйтті де бөлмесіндегі кішкене жәшікті ашты.

— Мұны мен жоқта әкеліпті, - деді Сильвия.

Мен конвертті қолыма алып едім, ішінде ақша бар екені сезіліп тұрды.

— Веддеркоптан ғой шамасы, - деді Сильвия.

— "Квершниттен" болуы мүмкін. Сіз Веддеркоппен көрісіп пе едіңіз?

— Жоқ, көріскен жоқпыз. Ол осында Джордж екеуі келген. Қам жемеңіз, ол сізбен көрісуге тиіс. Бәлки, ол әуелі сізбен есептесіп алғысы келген шығар.

— Алты жүз франк жіберген екен. Қалғанын тағы жіберемін деп жазыпты.

— Сіздің менен хат бар ма деп сұрағаныңыз қандай жақсы болды. Ол өзі бір өте сүйкімді адам. Шынында да өте сүйкімді мырза!

— Жазғандарымды тек Германияда ғана сатып алатынына мен таңғаламын. "Франкфуртер цейтунгта" солай істейді, ол да қабылдайды.

— Шынында да қызық екен. Ренжуге болмайды, - деді Сильвия мені қағытқан сияқты боп.

— Әр бетіне отыз франктан төлеймін деген. Айталық "Трансатлантикке" үш айда бір әңгіме жіберіп тұрсам ғой. Сонда тоқсан сайын жіберген бес беттік әңгімеге жүз елу франк төлейді, былайша айтқанда, жылына алты жүз франк келіп тұрады деген сөз.

— Хемингуэй, тыңдаңызшы, әңгімелеріңізге қазір қанша төлейтіні жөнінде ойлап қиналмаңыз. Гәп сол әңгімелерді жазып бітіріп ұсынуда ғой.

— Білемін, білемін. Мен әңгімені жазудай-ақ жазамын. Амал не, сол жазғандарыңды алушы жоқ. Өзім журналистік қызметті қойғалы бері бір тиын да табыс тапқаным жоқ.

— Ренжімеңіз, сатып алушы әлі-ақ табыла жатар. Сіз мына бір әңгімеңіздің өзіне ғана соншама қаламақы алдыңыз.

— Кешірім етіңіз, Сильвия. Бұл жайында әңгіме қозғағаным сөкеттеу боп бара жатыр-ау, кешірерсіз.

— Неменеге кешірім сұрайсыз? Мейлі бұл жөнінде, мейлі басқа жөнінде болсын қанша сөйлесеңіз де еркіңізде. Сіз жазушы деген халықтың тек өз қайғысы жайында айтатынын білмеуші ме едіңіз. Сол себептен қапаланбаңыз, дұрыстап тамақтанып жүремін деп уәде беріңіз маған.

— Иә, солай, уәде беремін.

— Онда үйіңізге қайтыңыз да, тамақтаныңыз.

Одеон көшесіне шыққанымда әлгі шағым айтқаным үшін өзімді-өзім бір түрлі жек көріп кеттім. Нені айтсам да бәрі өз ықтиярыммен, өз еркіммен болды, бірақ өзімді-өзім ақымақ қылып көрсетуім сөлекет-ау дедім ішімнен. Аш жүргенше нан сатып алып, соны жей беру керек екен. Тіпті осы қазір қызара піскен нанның қытырлаған қабығының дәмін сезе бастағандаймын. Бірақ қатты қабықты тамақтан әрі өткізу үшін бірдеңе ішу керек қой. "Ей, сарыуайымшыл жазған-ай, өзіңнен-өзің қасиетті азап шегуші". Әулиені көрсетемін деп не болды саған, - дедім өзіме-өзім. Журналистік жұмысты өз ықтиярыңмен тастадың ғой.

Өзіңнің де қаражатың бар, ал Сильвия, сұрай қалсаң, саған қашан да болса қарызға тиын-тебен берер еді. Қатарынан бірнеше рет осылай болды ғой. Бұған күдіктенбей-ақ қой. Бірақ - сенің үнемі ақталуға тырысатының жаман. Ашығу денсаулыққа пайдалы дегенді айтады, шынында да суреттердің аш адамға жақсырақ боп көрінетіні рас. Бірақ "Ac -адамның арқауы" деген бар, қазір түскі тамақты қайдан ішкеніңді білесің бе өзің?

Асылы Липптің асханасынан тамақтанатын шығарсың, ішетініңді де содан ішесің.

Ол асхана қашық емес еді, жолдағының бәрін құлақ пен көз секілденіп менің қарным да тез байқап тұрған секілденеді, сол себепті бұл жолмен жүрудің өзі тамаша сияқты көрінді. Сырахана, айтқандай, бос екен. Айнаға сыртымды беріп, қабырға жанындағы кішкене үстелге отырып едім, даяшы менен сыра әкелейін бе деп сұрады. Мен бір литрлік шыны кружканы толтырып сыра беріңіз және картоп қосылған салат әкеліңіз дедім.

Сырасы мұп-мұздай екен, рақаттанып іштім, картоп езілмей жақсы боп піскен, сірке суын тамызып, аз-маз қызыл бұрыш қосып, үстінен өсімдік майын құйыпты. Салатқа тағы қара бұрыш сеуіп, нанды майына батырып жедім. Сыраны әуелгіде жұтыңқырап жібергеннен кейін тамақты асықпай жеп, сыраны ақырындап ұрттап ішіп отырдым. Салатты жеп бітіргесін тағы біреуін ұзына бойына қақ жара тіліп, тамаша тұздықпен бапталған үлкен шұжық әкелуін сұрадым. Май мен тұздыққа нанымды батырып жеп алдым да, қалған сыраны ақырындап ішіп тауыстым. Ішіп болғасын жарты литрлік кружкамен сыра әкеліңіз дедім де, әлгі кружкаға сыраның қалай толтырылғанын көріп отырдым. Сыра маған бұрынғысынан да салқындау боп көрінді, сондықтан мен оның жартысын ғана іштім.

Мен ешбір қапаланбаймын деп ойладым өзімнен-өзім. Жазған әңгімелерімнің жақсы екенін, ерте ме, кеш пе, әйтеуір, біреудің өз отанымда оны жариялайтынын білетінмін. Газет жұмысынан бас тартқаныммен жазған әңгімелерімнің жарияланатынына күдіктенген жоқпын. Бірақ жіберген әңгімелерім бірінен соң бірі өзіме қайтып орала берді. Менің сенімімді арттырған бір жай Эдвард О'Брайеннің "Менің шалым" дейтін әңгімемді "Бір жыл ішіндегі ең жақсы әңгімелер" деп аталатын жинаққа енгізіп, ол жинақты түгелдей маған арнағандығы еді. Осы сәтте менің күлкім келді де, сыраны ұрттап жұтып жібердім. Әлгі әңгіме ешбір журналда басылмаған еді, О'Брайен өзінің ұстаған ережелеріне қайшы келе тұрса да оны жинаққа тигізіп басып шығарды. Мен күлкім келгесін тағы да күліп едім, даяшы таңғалғандай маған қарап қойды. Күлкінің мәнісі мынау еді, О'Брайен жақсылық істей тұра менің ата-тегімді қате жазыпты. Бұл менің барлық қолжазбаларым салынған чемоданды Хэдли жақсылық істегісі кеп, біздің таудағы демалысымыз кезінде мені осы әңгімелермен жұмыс істесін деп, Лозаннаға әкеле жатқанда, Лион вокзалында оның бәрін ұрлатып алғаннан кейін өзімде қалған екі әңгіменің біреуі еді. Ол қағаз папкаларға түпнұсқаларды және машинаға басылған даналарының барлық көшірмелерін түгел салған екен. Сөз болып отырған әңгіменің ұрланбай қалу жайы былай еді, оны Линкольн Стеффенс әлде бір редакторға жіберіп қойған, ал ол редактор әңгімені оның өзіне кері қайтарып жіберген. Сөйтіп, өзге әңгімелер ұрланғанда бұл поштада жатыпты. Ал ұрланбай қалған "Біздің Мичиганда" дейтін екінші әңгіме бұрынырақ, Стайн бике біздің үйімізде болғанға дейін жазылған еді. Стайн осы әңгімеге талантсыз жазылған дүние деп баға берген соң, мен оны машинкаға қайта бастырған жоқ едім. Ол үстел жәшіктерінің бірінде сол жатқан күйінде жата беріпті.

Біздің Лозаннадан Италияға аттанар кезімізде мен ат бәйгелері туралы жазған әңгімемді О'Брайенге көрсеттім. Ол бір биязы мінезді, ұп-ұяң, қуқыл жүзді, ашық көк көзді, өзі сәндеп қидырып жүретін тікірейген шашты адам. Осы кезде өзі Рапаллоның жоғары жағындағы тау ішінде шіркеуде тұратын. Бұл өзі бір жаман уақыт еді. Енді қайтып ешқашан жаза алмаймын-ау, сірә деген сенім билеп, оған осы әңгімені мұражайға қоятын бір зат есебінде ғана көрсеткенмін. Мұны бір кезде өзің жүзген, кейін белгісіз себептермен жоқ болып күйреген кеменің құбылнамасын немқұрайды қалыпта пайымдағанмен, немесе апатқа ұшыраудан барып кесілген шұлық киген аяғыңды көрсетіп қалжыңдағанмен ғана салыстыруға болар еді. О'Брайен әңгімені оқып шықты да, оған менің өзімнен гөрі де көбірек қайғырғандай болды. Хэдлиді көргенімше, ол менің барлық қолжазбаларымның жоғалғанын маған айтып үлгергенше мұндай қайғыру тек өліммен немесе бір жан шыдамас қиын азаптан болуы мүмкін деп ойладым. Әуелгіде Хэдли ештеңе айтуға батылы бармай тек егіліп жылай берді. Душар болған жағдай қаншама қайғылы, дегенмен ол сонша қорқынышты болмауға тиіс. Оған қамығып-қайғырудың керегі жоқ, бәрі орнына келе жатар деп сендіріп бақтым мен оны. Сосын ақыр аяғында ол бәрін бастан-аяқ маған өзі айтып берді. Хэдлидің қолжазбаның екінші даналарын да алдым дегеніне мен сенбедім, өзімнің тілшілік қызметімді уақытша міндетіне алатын адамды іздеп таптым да, пойызға отырып бірден Парижге жүріп кеттім, ол кезде журналистік қызметтен алатын жалақым тым тәуір еді. Хэдлидің айтқаны рас болып шықты, сол түні мен не істегенімді ұмытқан жоқпын, өзіміздің пәтерге кіргенімде болған істің шын екеніне көзім жетті. Ал енді мұның бәрі - өтіп кеткен дүние. Чинк жоғалған нәрсе туралы ештеңе айтпауға үйретті мені, сол себепті мен О' Брайенге бұл жөнінде қатты қайғырмауыңыз керек дедім. Бәлки, ертеректегі әңгімелерімнің жоғалып кеткені дұрыс та болған шығар, осыны айтып, ұрыстан кейін жауынгерлерді әлен де пәлен деп жұбататыны сияқты, О'Брайенді мен де жұбатып жуасыта бастадым. Оны жалған сөйлеп алдарқатқым кеп, мен жақында қайтадан әңгіме жаза бастаймын деп айтарын айтсам да, сол сәтінде жалған емес шынымды айтып қойғанымды бірден түсіндім.

Енді, міне, Липп сыраханасында тамақтанып отырып, барлық әңгімелерімнен айрылғаннан кейін өзімнің тұңғыш әңгімемді қашан жазғанымды еске түсіре бастадым. Осы жағдай менің газеттің тапсырмасы бойынша Рейн облысы мен Рурға барғым кеп, көктемгі шаңғы тебуді уақытша тоқтатып, Хэдлиге оралған шағымда Кортинад'Ампеццода болған еді. Бұл өзі пәлендей мықты деп айтуға да болмайтын "Маусымды шақ емес" дейтін, шалдың асылып өлетін соңғы жағы әдейілеп жазылмай қалған әңгіме еді. Әңгіменің бұл жерін өзімнің кейбір жаңа қағидаларыма сүйеніп жазбап едім; ол бойынша өзіңнің нені жазбай кететініңді білгендей жағдайда нені де болса жазбауға болатын. Бұл тек сюжетті қоюландырып қана қоймай, оқушыға жазылғанның арғы жағында әлі ашылмаған сырлар бар екенін сездіріп тұрады.

Жарайды, мен енді оқушыны ойландырып-толғандыратын әңгіме жазуды үйреніп келеді екенмін деп ойладым. Бұл ақиқат еді. Ал енді ондай әңгімелердің бірден өтіп кете қоймайтыны да айдан анық белгілі болатын. Бірақ жұрттың картиналарды барып-барып түсінетіні сияқты, оны да түсінетін кезі болады. Ол үшін тек уақыт және өзіңе деген берік сенім керек.

Тамаққа деген қаржыны үнемдегенде аш қарын туралы көп ойламас үшін өзіңді-өзің ұстай білуің керек. Меніңше ашығу адамды тәртіпті болуға және басқа да көп нәрсеге үйретеді. Оқушы мұны әлі түсініп болмаған кезде сен олардан көш бойы алда жүресің. Дәл қазір бар ғой, менің олардан алға кеткенім соншалық, тіпті түскі тамақты да күн сайын іше алмай жүрмін ғой деп ойладым. Егер солар осы алыстап кеткен аралықты аздап қысқарта түссе, әрине жаман болмас еді.

Ерте болсын, кеш болсын мен түбінде роман жазуға тиіс екенімді білдім. Бірақ қомақты роман жазу түгіл бар болғаны оның тек қана сығындысы бола аларлықтай бір абзацтың өзін ойлап табу маған соншалықты қиындыққа түсіп тұрғанда бұл қолдан келмейтін іс сияқты болып көрінді. Сондықтан үлкен қашықтыққа жүгіруге жаттыққандағы сияқты, өзіңді ұзағырақ әңгімелер жазып байқап көру керек болды. Лион вокзалында чемоданмен бірге ұрланған сол бір романымды жазғанда мен жас шақтың өзі сияқты баянсыз өткінші жастығымның албырт кезінен әлі арылып болған жоқ едім. Мүмкін, сол романның жоғалғаны дұрыс болған шығар деп ойладым да, сонымен бірге жаңа роман жазуым керек екенін де жақсы түсіндім. Бірақ романды одан әрі кейінге қалдыруға мүмкін болмағанда ғана бастаймын. Егер күн сайынғы түскі тамақ ішуге бола роман жазатын болсам, онда мені қарғыс атсын деп ойладым. Өзге еш нәрсемен шұғылдана алмайтындай және өзге басқа алаңым қалмағанда ғана романды бастаймын.

Мейлі, романды қажет ету талабы барған сайын өсе түссін, ал бұл уақыт ішінде мен өзім жақсы білетін оқиғаларым жайында ұзақ әңгіме жазамын.

Осы шешімге келгенше, мен даяшымен есеп айырысып сыртқа шықтым, оңға сәл бұрылдым да, "Де Магодан" кофе ішуге қызығып кетермін деп сақтанып, одан аулақ болу үшін Ренн көшесін кесіп өттім де, Бонапарт көшесін бойлай ең төте жолмен үйіме қайттым.

Әлі жазбағандарым мен жоғалтқан дүниелерімнің ішінде мен нені өзгелерден жақсырақ білуші едім? Нені өзгелерден анығырақ білемін және нені бәрінен көп ұнатамын? Мен таңдай қоятындай оншалықты ештеңе жоқ еді. Дәл қазір менің тек жұмыс үстеліме тезірек жеткізетін көшелерді таңдап алу ғана қолымнан келетін. Сөйтіп Бонапарт көшесімен жүріп отырып Гинемэ көшесіне, онан соң Асса көшесіне жеттім де, одан әрі Нотр-Дам-де-Шаннның бойындағы "Клозери де Лила" дәмханасына қарам аяңдадым.

Кешкі күннің сәулесі сырт жағымнан түсіп тұрсын деп мен бір бұрышқа кеп отырдым да, қойын дәптерімді алып жаза бастадым. Даяшы қаймақ қатқан кофе әкелді, жартысын ішіп едім, суып кеткен екен, сосын ыдысты ысырып қойдым да, жазуымды жалғастыра бердім. Жазып бітіргенімде, кішкене иірімдерінде форельдері ойнақ салған, суы ақ көбіктеніп жоғары шапшып жатқан өзенді қиып кеткім келмеді. Бұл соғыстан оралған адам жайындағы әңгіме болатын, бірақ онда соғыс жайында дәнеме де жоқ еді.

Өзен ертең келсем де осы орнында ағып жатады ғой, оны және бүкіл осы өлкені, не оқиға болды осы маңда, соның бәрін-бәрін менің суреттеп жазуым керек. Күн сайын, тіпті күн сайын емес-ау, көп күндерімді мен осыған арнауға тиіспін. Ал бұдан өзгенің бәрі де түкке тұрмайды. Менің қалтамда Германиядан келген қаражат бар, маған енді ештемені де ойламауға болады. Ал ол таусылғанда тағы бір жерден басқасы келеді.

Меніңше, қазір бір-ақ нәрсе ойлау керек сияқты. Ол - ертеңге дейін ой тұнықтығын сақтап, азанда тұрып, жазуға қайтадан кірісіп кету.

ФОРД МЭДОКС ФОРД ЖӘНЕ ШАЙТАННЫҢ ШӘКІРТІ

Нотр-Дам-де-Шан көшесіндегі 113-үйде, тақтай тілетін зауыттың жоғарғы жағында тұрғанымызда, бізге ең жақын "Клозери де Лила" дәмханасы еді, ол Париждегі ең жақсы дәмханалардың бірі деп есептелетін. Қыста оның іші жылы еді, ал көктем мен күзде маршал Нейдің ескерткіші орнатылған биіктеу жағындағы ағаштардың көлеңкесінде жағалай дөңгелек үстелдер тұратын. Ал кәдімгі төрт бұрышты үстелдер кенептен керілген қолшатырдай үлкен күнқағардың астына қойылатын, онда отырып тамақтану сондай жайлы да сүйкімді еді. Даяшылардың бір-екеуі біздің жақсы достарымыз болатын. Ал "Купола" мен "Ротондаға" күн құрғатпай келетіндер "Лилаға" бас сұқпайтын. Ондайлар мұнда ешкімді де танымайтын, егер келе қалған күннің өзінде де оларға келді деп ешкім назар аудармайтын. Сол күндерде жұрттың көбі-ақ Монпарнас пен Распай саяжолдарының қиылысқан жеріндегі дәмханаға елдің көзіне түсу үшін баратын, газеттің бір шетіне орналасқан хабарлары сияқты бұл дәмхана да өз келушілеріне біраз уақыт болса да өшпес қуаныш, шаттық сыйға тартатындай еді.

Бір кездерде "Клозери де Лилаға" ақындар жан-жақтан үнемі жиналып тұратын, олардың ішіндегі мен өлеңдерін оқымасам да ең соңғы белгілісі Поль Фор болды. Бірақ менің онда көрген бірден-бір ақыным боксшының бетіндей бет-пішінінің ұсқыны кетіп қалған, бір қолының салбыраған бос жеңін иығына қыстырып қойған Блэз Сандрар еді. Ол майданда аман қалған сау қолымен сигаретін ұстаған күйі ішімдікке әлі сылқия тойып алмай тұрғанда әңгімені өте әсерлі айтатын, оның өтірігінің өзі өзгелердің шын әңгімесінен әлдеқайда нанымды боп шығушы еді. Ол сол кезде "Лилаға" барып жүргендердің ішіндегі жалғыз-ақ ақын болатын, мен оны дәмханадан бір рет қана көрдім. Келушілердің көбі ескі костюм киген, жастары егде тартқан, сақалы өсіп кеткен адамдар болатын, олар өз жұбайлары немесе ашыналарымен келіп жүрді, кейбіреуі костюмі жағасына Құрмет легионы орденінің жіңішке қызыл лентасын таққан, ал кейбіреулерінде ол жоқ. Біз оларды, өзімізше кең пейілмен, ғалымдар деп есептейтінбіз, бұлар да костюмдері өздерінікінен де гөрі тозыңқыраған жұбайларын немесе ашыналарын ертіп келген әлгі өзге келушілер сияқты қаймақ қатқан кофе ішіп ұзақ отыратын. Костюмдерінің жағасына академиялық ақшыл көк дөңгелек белгі таққандарын біз Француз академиясына ешбір қатысы жоқ жандар-ау шамасы деп есептеп, әлгі белгілері барларын не оқытушы, не мектеп бақылаушылары болар деп ойлайтынбыз.

Дәмханаға келушілердің бар ынта-ықыласы тек бір-біріне ғана қатысты болғандықтан, олар өздерінің шарабын не кофесін ғана ішіп, оған қоса ағаш таяқшаларға ілінген газеттер мен журналдарға ғана әуестенгендіктен, дәмхананың іші сырт көзге бір түрлі сүйкімді болып көрінуші еді. Мұнда біреумен біреудің ісі болмайтын. Латин кварталының тұрғындары да "Лилаға " келетін, олардың кейбіреуінің костюмінің жағасында әскери крестің лентасы, ал кейбіреулерінде әскери медальдің сары-көкшіл ленталары тағулы жүретін. Мен олардың аяқ-қолсыз-ақ шебер қимыл жасауға үйреніп алғандарына таңданып, көз орнына салынған жасанды көздерінің өзімен жаралы болған беттерінің шеберлікпен қалай қалпына келтірілгенін байқап көрдім. Теріні сылып тастап қайта қалпына келтіретін ауыр операциядан кейін терінің сол жері бейне кемпірқосақ сияқты түрленіп шаңғышылардың таптауырын қып тастаған шаңғы жолы сияқтанып жылтырап тұратын. Дәмханаға келуші осындай адамдарды біз ғалымдардан немесе мұғалімдерден гөрі де артығырақ бағалайтынбыз, өйткені әлгі айтқан ғалымдар мен мұғалімдер майданға аттануға жағдай бола тұрса да, олар, әрине, мүгедек болып келуден қашқақтап, апатты соғысқа бармай қалғандары ақиқат қой.

Сол бір күндерде майданда болмадым деген адамдарға сенбеуші едік, біз тіпті де ешкімге сенбейтінбіз, жұрттың көбі Сандрарға қолының жоқтығын ылғи көрсете бермесе болмай ма екен деп ойлайтын. Сонда мен Сандрардың "Лилаға" халық ағылып көп келмей тұрған кезде күндіз кіргеніне әжептәуір қуанып қалдым.

Сол күні кеште мен "Лиланың" алдыңдағы кішкене үстелге жайғасып, ағаштар мен үйлерге түскен жарық сәуленің жалт-жұлт өзгергеніне, саяжолдың арғы бетінде жегінді аттардың ауыр арбаны тарта алмай ақырын сүйреп бара жатқанына көз қиығын жіберіп отырдым.

Оң қол жағымнан, менің ту сыртымнан дәмхананың есігі ашылды да бір адам менің үстеліме таяу келіп:

— Е, сіз мында екенсіз ғой, - деді.

Бұл Форд Мэдокс Фордтың өзі екен, сол кезде ол есімін осылай деп атайтын. Форд боялған қою мұртын қимылдатып қойып, бейне сәнді костюм кигізген жылжымалы сыра бөшкесі сияқты жұп-жуан бойын тік ұстап, иығынан дем алып тұрды.

— Жаныңызға отыруға бола ма? - деді ол, қуқыл тартқан қабағы мен бозарған кірпіктерінің астындағы жасаураған көкшіл көздерімен саяжол жаққа қараған қалпы орындыққа отырып жатып.

— Мен мына тыртиған мәстектерді адамгершілік жолмен жерлеу керектігін айтам деп, соған өз өмірімнің ең жақсы кезеңін арнадым, - деді ол.

— Сіз маған мұны бір рет айтқансыз, - дедім мен.

— Олай емес шығар.

— Иә, солай, айтқансыз.

— Ғажап екен. Мен бұл жайында ешқашан ешкімге айтқан жоқ едім.

— Ішкіңіз келе ме?

Даяшы қасымызда тұр еді, Форд "шамбери касси" шарабын әкеліңіз деді. Ұзын бойлы, сидиған арық, төбесіндегі жалтыры шашымен жасырылған, қою мұрты баяғы атты әскер жауынгерлерінің мұртындай селтиген даяшы заказды қайталап еді.

— Жоқ, ол емес, маған су қосылған коньяк әкеліңіз, - деді Форд.

— Мырзаға су қосылған коньяк әкелемін, - деп қайталады даяшы.

Менің әдетте Фордқа қарағым келмейтін және онымен бір бөлмеде отырғанда демімді жиі алуға тырысатынмын. Ал қазір сыртта отырмыз, түскен ағаш жапырақтарын жел көшенің шетімен оған қарай айдап жатыр, сондықтан мен Фордқа анықтап қараған едім, бірақ мұныма өкіндім де, лезде көз жанарымды саяжолға қарай бұрып әкеттім. Манағы түсіп тұрған сәуле басқа боп өзгеріп кеткен екен, мен оны байқай алмай қалдым. Фордтың келуі коньяктің дәмін бұзған жоқ па екен, байқайыншы деп мен коньяктан ұрттап едім, шіркіннің дәмі бұрынғысынша тамаша екен.

— Сізде бүгін бір көңілсіздік бар ғой, неден? - деді өзі.

— Жоқ, ештеме де емес.

— Меніңше көңілсіз отырсыз. Сіз жиі серуендеп тұруыңыз керек. Мен мұнда сізді Контрэскарп алаңына таяу Кардинал Лемуан көшесіндегі көңілді би залында өзіміз ұйымдастырып жүрген шағын сауық кешіне шақыру үшін келдім.

— Сіздің Парижге келуіңізден аз-ақ бұрын мен осы би залының үстінде екі жыл тұрдым.

— Міне, ғажап. Шын солай ма?

— Иә, шын, - дедім мен. - Солай. Би залы қожайынының таксиі бар еді, ұшаққа асыққан сәттерімде мені ол әуежайға апарып салатын. Біз сонда жүрер алдыңда би залының ішіндегі мырыш қаңылтырмен қапталған биік үстелдің жанында тұрып, қараңғыда бір-бір стақаннан шарап ішіп алатынбыз.

— Ұшақтарды ұнатпаймын, - деді Форд. - Сенбі күні кешкісін би залына жұбайыңызбен екеуіңіз келіңіз. Өте көңілді болады. Сіз оңай табуыңыз үшін мен сізге кеш өтетін жердің жоспарын сызып берейін. Бұл орынды мен өзім де ойда жоқта таптым.

— Кардинал Лемуан көшесіндегі жетпіс төртінші үйдің астыңғы қабаты, - дедім мен. -Мен төртінші қабатында тұрғанмын.

— Онда жеке бөлме жоқ еді ғой, - деді Форд. - Бірақ, Контрэскарп алаңын білсеңіз, бұл орынды да оңай табуға болады.

Мен коньяктан мол етіп тағы бір ұрттадым. Даяшы Фордтың заказын әкеліп еді, Форд оған ұрсып тастады:

— Мен содалы су қосылған коньяк әкел деген жоқпын, - деді ол маңғаздана, бірақ қатқыл үнмен, - мен "шамбери касси" шарабын сұрадым.

— Жарайды, Жан, - дедім мен. - Мұны мен-ақ алайын. Ал мына мырзаға өзінің заказын әкеліңіз.

— Мен әуелде не айттым, соны әкел, - деп Форд түзетіп қойды.

Осы кезде екеуміздің жанымыздан, көшенің шетімен үстіне плащ жамылған бір тыртиған арық адам өтіп бара жатты. Ұзын бойлы әйелмен бірге келе жатқан ол бір сәт біздің үстелімізге көз жүгірткендей болды да, қайтадан басқа жаққа қарап, одан әрі жүріп кетті.

— Менің әлгінің сәлемін алмағанымды сіз байқадыңыз ба?- деп сұрады Форд.- Жоқ, сіз байқамадыңыз, мен сәлемдеспедім.

— Жоқ, Сіз кіммен сәлемдеспедіңіз?

— Жаңағы Беллокты айтамын, - деді Форд. - Менің онымен сәлемдеспегенім өте жақсы болды.

— Оны мен аңғармадым. Сіз неліктен олай істедіңіз?

— Бұл үшін менде мың сан себеп бар, - деді Форд. - Менің онымен сәлемдеспеуім орынды-ақ болды-ау, ә?

Ол өзінше бақытты адам еді. Менің Беллокты байқамағаным рас еді, сондай-ақ ол да бізді байқамады ғой деп ойлаймын. Ол ойға шомған қалпында келе жатып, біздің үстелімізге тек көз жүгіртіп қана өтті. Фордтың әлгі Беллокпен тосыннан пайда болған дөрекілігі маған ұнамады. Мен әлі жаңа ғана қалам ұстай бастаған жас жазушы болғандықтан аға буын жазушылардың легіндегі Беллокты құрметтейтінмін. Қазір мұны түсіну қиын, бірақ сол бір күндерде мұндай жағдай жиі кездесетін.

Беллоктың біздің үстелдің жанына тоқтағаны жақсы-ақ болар еді-ау деп ойладым мен. Осы кештегі Фордпен кездесіп бұзылған менің көңіл күйім Беллокпен әңгімелессем түзеліп кетуі мүмкін еді-ау деген ойға берілдім.

— Сіз не үшін коньяк ішесіз? - деп сұрады Форд. - Жас жазушыларды коньяк құртатынын сіз білмеуші ме едіңіз?

— Коньякты тым сирек ішемін, - дедім мен.

Осы кезде мен Эзра Паундтың маған Форд жайлы айтқанын ойша есіме түсіргім келді. Паунд: Фордқа томырық мінез көрсетуші болма, ол тек шамадан тыс шаршағанда ғана жалған сөйлейді, соны қаперіңде ұста, ал шынында жақсы жазушы, тек отбасында ғана үлкен сәтсіздік жағдай болған деген еді. Мен осының бәрін есіме түсіргім келді, еске түсіру өте қиын болды, өйткені менің жанымда жұп-жуан боп ырсылдаған сүйкімсіз сол Фордтың өзі отыр. Сонда да болса мен ойша ойланып-толғана бердім.

— Айтыңызшы, адамдар қандай жағдайда бір-бірімен сәлемдеспеуге тиіс? – дем сұрадым мен.

Осыған дейін мен мұндай жағдай тек Уйданың романдарында ғана кездесетін шығар деп ойлайтынмын. Оның романдарын өзім ешқашан оқымаған едім, тіпті оңтүстіктен жылы жел соғып тұрған Швейцариядағы шаңғы маусымы кезіндегі өзіммен бірге алған кітаптың бәрін оқып тауысып, тек пансионға ұмытып қалдырып кеткен соғысқа дейін басылған Таухництың жазғандарынан өзге ештеңе қалмағанда да мен оны оқымағанмын. Сөйтсе де оның романдарында адамдардың бір-бірімен сәлемдеспейтінін менің әйтеуір бір сезімім әлдеқайдан ойыма әкеп салып еді.

— Көргенді, мәдениетті адам, - деп түсіндірді Форд, - оңбаған, сатқындармен ешқашан сәлемдеспейді.

Мен осы сәт қалған коньягімді тез ішіп салдым да:

— Ал, әдепсіз бұзақылармен ше? - деп сұрадым.

— Айттым ғой, көргенді адам бұзақылармен жақындаспайды.

— Сонымен тек сізбен бір топтағы адамдармен сәлемдеспейді ғой?

— Әрине, солай, өзінен-өзі түсінікті.

— Ал, сонда бұзақылармен қалайша табысады?

— Бұзақының бұзақы екенін білу де оңай емес, ал білем деп жүргенде оның өзінің де соған айналып кететіні болады.

— Ал, бұзақы дегеннің өзі кім? - деп сұрадым мен. - Ол әлгі домалатып кез келген жерінен ұрып жататын адам ба?

— Ұрып жататынның бәрі ол емес, - деді Форд.

— Осы өзара Паунд мәдениетті адам ба? - деп сұрадым мен.

— Әрине, жоқ, - деп жауап берді Форд. - Ол америкалық қой.

— Ал немене, сонда америкалықтың мәдениетті адам болуы мүмкін емес пе?

— Олардан тек Джон Куинды ғана солай деп айтуға болады, - деді Форд. - Немесе сіздердің елшілеріңіздің ішінде де ондайлар бар.

— Майрон Т. Геррик пе?

— Мүмкін, болса болар.

— Ал Генри Джеймс мәдениетті адам ба еді?

— Иә, солай.

— Ал, сіз өзіңіз кімсіз, мәдениеттісіз бе?

— Сөз жоқ. Мен Корольдің мәртебелі қызметінде болған адаммын.

— Тауқыметті іс екен, - дедім мен. - Ал осы мен мәдениеттімін бе?

— Сізге мәдениеттілік қайда, - деді Форд.

— Ендеше, сіз менімен бірге неге ішімдік ішесіз?

— Мен сізбен тек қаламдас жолдас әрі болашағынан үміт күтетін жас жазушы ретінде ғана ішіп отырмын.

— Бұл, сіздің тарапыңыздан айтылған бір жылы сөз екен, - дедім мен.

— Италияда, әрине, сізді мәдениетті адам деп есептеген шығар, - деді Форд ақжарқынданып.

— Бірақ, мен сіз айтқандай жауыз емеспін.

—  Әрине, жауыз емессіз, сүйкімді адамсыз, мен олай деп айттым ба сізді?

— Бірақ түбі бұзақы боп шығуым мүмкін ғой, - дедім мен мұңайған кейіппен. - Ішкенім коньяк, жалпы...

Троллопта Гарри Хотспер тап осындай жағдайға душар болды ғой. Айтыңызшы, Троллоп мәдениетті адам болды ма?

— Әрине, жоқ.

— Сіз анық сенесіз бе?

— Бұл арада түрліше пікір ашылуы мүмкін. Меніңше мәдениетті дей алмаймын.

— Ал Филдинг ше? Ол судья болған жоқ па?

— Сырттай қарағанда солай болуы мүмкін.

— Марло ше?

— Әрине, жоқ.

— Джон Донн жөнінде не айтасыз?

— Ол дінбасы еді ғой.

— Сөзіңіз өте қызық, - дедім мен.

— Сізге мұның қызық болғанына менің таңым бар, - деді Форд. - Кетер кезде мен сізбен коньяк ішемін.

Форд кеткенде қараңғы түскен еді, мен дүңгіршекке барып, "Париспорттың " Отейльдегі бүгінгі ат бәйгесінің нәтижесін және келесі күнгі Энгиенде өтетін жарысты жариялаған нөмірін сатып алдым.

Әлгідегі Жанды алмастырған даяшы эмиль Отейльдегі соңғы айналымның қалай өткенін білу үшін менің үстеліме келді. Сосын "Лилаға" сирек келетін жақын досым менің үстеліме кеп отырып, эмильге коньяк әкел деп заказ беріп жатқанда біздің жанымыздан көшенің шетімен манағы плащ жамылған, қасында ұзын бойлы әйел бар тыртиған арық адам тағы өтіп бара жатты. Ол біздің үстелімізге жай көз жүгіртті де өтті.

— Мынау Илэр Беллок, - дедім мен өзімнің досыма. - Осыдан аз-ақ бұрын осы жерде Форд отырған еді, ол шіркін, тіпті Беллокпен сәлемдеспеді.

— Ақымақтық сөзді айтпашы, - деді досым. - Әлгі Алистер Кроули ғой, жын-шайтан мен періні уағыздаушының өзі. Оны жұрт дүниедегі ең оңбаған адам деп есептейді.

— Онда кешірерсіз, - дедім мен.

ЖАҢА МЕКТЕПТІҢ ТУУЫ

Көк мұқабалы қойын дәптер мен екі қарындаш және қарындаш ұштағыш (бәкі қарындаштың ұшын жеп қояды екен, мәрмәр үстел, бойды сергітетін таңғы таза ауа, ісіңнің сәттілігі - маған жұмыс істеуге қажетті жағдайдың бар болғаны, міне, осы еді. Оның үстіне оң қалтаңа талшын мен үй қоянының қаз табаны салулы жүрсе тіпті тамаша, істің сәті түседі дей бер. Қоян табанының жүні әлдеқашан түсіп бітсе де, сүйегі мен тарамыстарының жылтырап, ал тырнағы қалтаңның астарын тескілеп тұрса ғой, ісіңнің оңға бастағанын өзің де анығырақ сезетінсің.

Қайсыбір күндері бәрі ойдағыдай болып жақсы жазып кетесің, өзің осы өлкені көрдің, білесің де, қарағайлы орманмен өтіп, ондағы сүрлеумен жүріп отырып, биік жар қабаққа шығасың да, көлдің арғы бетіндегі төбелерге көз тастағандағы әсердей боп, кәдімгідей жазып тастайсың. Ал енді бірде қарындаштың ұшы ұштағыштың ішінде сынып қалады, ондайда бәкінің кішкене өткір басын ашып ұштағышты тазартасың немесе қарындашты оның өзімен ұштайсың. Содан соң асынған қапшығыңның тер сіңіп ақ жағалданған белбеу-бауына бір қолыңды сұғып көтеріп, сосын екінші қолыңды басқасына іліп аласың да, көлге қарай аяңдайсың. Түкті теріден тігілген етігіңмен қарағайдың аяқ астындағы қылқандарын шытырлата басып, арқаңдағы аспалы қапшықтың ауырлығын сезініп кетіп бара жатасың.

Сол кезде біреудің "ей-хей" деген даусы естіледі.

— Амансың ба, Хем? Не істеп жүрсің? Әлі сол баяғы дәмханада жазуыңды жазып отырмысың? - дейді.

Мен сәтсіздікке ұшырағанымды білемін де қойын дәптерімді жаба қоямын. Өзге не болса, о болсын, дәл осындайға душар қылмағай деп ойлап отырғанда, міне, көрдің бе. Мұндайда сабырлылық еткен жақсы, бірақ ол кезде менде сол сабырлылық дегеніңіз жетіспейтін еді, сондықтан әлгіге былай дедім:

— Сені осында қай сайтан айдап келді, сұмырай?

— Сенің елден ерекше болғың келетін шығар, бірақ адамды балағаттауға құқың жоқ екенін біліп қой.

— Ал сен бар ғой, тіліңді сумаңдатпай бұл арадан тез тайып тұр.

— Бұл - дәмхана. Мұнда отыруға сенің қандай құқың болса, менің де сондай құқым бар.

— Тайып тұр, өзіңнің "Лашығыңа". Бұл сендейлерге арналған орын емес.

— О, жасаған-ай! Ақымақтануыңды қойшы.

Енді оның мұнда ешбір бөтен бөгде ойсыз кіргенін, соңында бұған ілескен шұбырынды топтың жоқ екенін білгенсін барып, турасын айту керек болды. Жұмысты өзге дәмханаларда да істер едім, бірақ олар алыс, ал бұл дәмхана маған үйім секілді болып кеткен. Сондықтан мен "Клозери де Лиладан" өзімді айдап шыққанды, әрине, қаламайтынмын. Енді не, бұдан әрі қарсыласа беру, не көне кету керек болды. Ақылға келсек көну дұрыс еді, бірақ мен одан әрі ашу шақырдым.

— Әй, сұмырай, тыңда. Сен секілді азғынға қайда сандалса да бәрібір емес пе? Дәл осында келуге және тым тәуір дәмхананы былапыт сөйлеп былғауға сенің қандай қақың бар?

— Мен мұнда ішейін деп кірдім. Оның не оғаштығы бар?

— Мәселен, біздің үйде саған ішкізер еді де, сосын сенің ішкен ыдысыңды лақтырып тастар еді.

— Біздің үй дегенің қайда ол? Сірә, бір ғажайып жер шығар.

Ол өзі ұзын бойлы, жұп-жуан, көз әйнек киген жас жігіт еді, маған көрші үстелде отырған. Сол сәтінде ол сыраға заказ беріп те үлгірді. Енді оған назар аударғым келмей, жазуыма қайта кіріспекші болдым. Сөйтіп отырып, бар-жоғы екі сөйлем ғана жаздым.

— Мен саған әншейін айта салдым ғой.

Жауап бермеген қалпыммен тағы бір сөйлем жаздым. Әңгіме өз желісімен өрбіп бара жатқанда, сен оған беріліп отырғаныңда, одан айырылып қалу дегенің оңай іс емес.

— Немене, соншама бір ұлы жазушы болып кеткендей, сенімен сөйлесуге де болмай ма?

Бір орамды толық жазып бітіріп, оны қайталап оқып шықтым. Бәрі әзірше оңынан келіп тұрған секілді, сөйтіп келесі орам сөздің алғашқы сөйлемін де жаздым.

— Сен еш уақытта өзгелердің өмірін ойламайсың, ал олардың да өзінше қайғы-қасіреті болуы мүмкін ғой.

Маған өмір бойы арыз-арман тыңдауға тура келген-ді. Енді жұмысымды тоқтатпау қолымнан келетінін сездім, әлгінің сөзі маған осында естіліп тұрған өзге абыр-дабыр, у-шу сияқты ғана әсер етті де қойды. Оның сөзі өзгесін былай қойғанда, Эзраның фаготада ойнап үйренгендегі тарсыл-тұрсылынан әлдеқайда бәсең еді.

— Мәселен, сенің жазушы болғың келеді делік, оны бүкіл жан-тәніңмен сезінесің де, сөйте тұрса да оныңнан ештеңе шықпайды.

Жазуымды қайта жалғастырдым, ісім қайтадан сәтті боп бара жатқан секілденді.

— Бір кезде сені тоқтата алмас тасқындай зор шабыт биледі де, содан бері сен ештемені сезбес мылқаудай, немесе ештемені естімес кереңдей мелшиіп өзіңмен-өзің боп шұқшидың да қалдың.

Менің мұным керең немесе көк мылжың болғаннан жақсы ғой деп ойладым да жазуымды жаза бердім. Әлгі даукес енді барынша өршеленді, ақылға қонбас сөздер айтып, ызың-ызың қақсаған даусы тақтай тілетін зауыттағы араның зырылдаған гу-гу шуылы сияқты болып естілді.

— Бізді Грецияға қарай ықтырып алып бара жатты.

Мен оның сөздерін қайтадан аңдап, аңғара бастадым. Едәуір уақыт бойы сөздері түк мағынасыз жай шуыл сияқты боп көрініп еді. Мен жазуымда белгілі бір межеге жеткенмін, енді қалғанын ертең жалғастыруыма да болатын еді.

— Кешіре гөр, сіз тым тереңге кетіп барасыз.

— Сұрқиялық сөзді айтпа, - деді ол. - Одан әрі не болғанын айтып берсем, сен оны шынымен-ақ тыңдағың келмей ме?

— Жоқ, - дедім мен.

Мен ашық жатқан қойын дәптерімді жаптым да, қалтама тыға салдым.

— Әлгінің ақырының немен тынғанын сенің білгің келмейді ғой шамасы.

— Жоқ.

— Сенің өзге жұрттың өмірі мен азабы жөнінде де ештеңе білгің келмей ме?

— Тек, сен сияқтылардың өмірін білгім келмес еді.

— Сен айуансың.

— Иә, солай ма?

— Хем, сені өзіме жәрдемдеседі деп ойлап едім.

— Мен жәрдемдеспек түгілі сені айызым қанып тұрып атып тастаған болар едім.

— Шын айтасың ба?

— Әттең, тек заңда олай деп жазылмаған.

— Ал мен өзім сен үшін не қажеттің бәрін істер едім.

— Шының ба?

— Әрине, шыным.

— Олай десең бұл дәмханадан аулақ жүр. Қазірден бастап солай ет.

Мен орнымнан тұрдым да, жақындап келген даяшымен есеп айырыстым.

— Хем, рұқсат етсең, мен сені тақтай тілетін зауытқа дейін шығарып салайын.

— Жоқ. Рұқсат етпеймін.

— Олай десең басқа бір жолы кездесерміз.

— Тек бұл дәмханада емес.

— Әрине, ол жағы түсінікті,- деді ол.- Уәде бердім ғой.

— Сен осы не жазып жүрсің? — деп сұрадым мен, бірақ мұнымның оғаштық болғанын кейін сездім.

— Жақсырақ бір нәрсе жазуды ойлаймын. Мен де сен сияқты болып жүрмін. Ал жақсы нәрсе жазу екінің бірінің қолынан келе бермейді.

— Жаза білмесең жазуды қойғаның абзал. Не үшін ыңырсып отырсың. Үйіңе бар да жұмыс тауып ал. Қысқасы, асылып өлсең де осында келіп дау салуыңды қой. Сен мына кейпіңмен еш уақытта да жаза алмайсың.

— Сен неге бұлай дейсің?

— Қалай сөйлейтініңді өзің бұдан бұрын естіп көрдің бе?

— Немене, екеуміз қалай жазу керектігі жайында сөйлесіп отырған жоқпыз ба?

— Олай болса сөйлесуді тоқтатамыз.

— Сен мүлде қаныпезер екенсің, - деді ол,- Жұрт айтушы еді, қатал, мейірімсіз, өзімшіл деп, сол рас екен. Мен сені әрдайым қорғап жүретінмін, енді олай етпеймін.

— Онда тіпті жақсы.

— Осы қаныпезер, қаталдығыңмен сен жұртпен қалай сөйлесесің?

— Білмеймін, - дедім мен. - Әй, бері қара, жаза алмайтын болсаң, сен әдебиет сынымен неге айналыспайсың?

— Сеніңше, бұл тәуір іс дейсің бе?

— Бұл тіптен тамаша болар еді, - дедім мен оған. - Көңілің соққанда бір жазып қойып отыра бересің. Ойыма бір нәрсе келді, соны жазуым керек деп қиналмайсың, әрі дым сезбейтін мылқау, әрі ештеңе естімейтін керең боп сол қалғаның қала бересің. Жұрт жазғандарыңды оқиды әрі өзіңді құрметтейтін болады.

— Сеніңше, менен тәуір сыншы шығады деп ойлайсың ба?

— Кім біледі, жақсы ма, жаман ба, ол жағын айта алмаймын, әйтеуір бір сыншы болуын боласың. Саған қол ұшын беретіндер әр кезде де табылады, ал сен өз адамдарыңа көмектесе аласың.

— Өз адамдарым болғанда - кімдерге?

— Өзіңмен аралас-құралас жүргендерге-дағы.

— Е, менің пәтуаластарыма ма? Олардың өз сыншылары бар.

— Кітапты мінеп-сынаудың тіпті де қажеті жоқ, - дедім мен. - Суреттер, пьесалар, балет, кино... дегендер жетіп жатыр емес пе?

— Мына сөздерің мені қызықтырып барады, Хем. Бұл үшін саған ризамын. Бұл өзі сондай қызғылықты іс екен. Сосын, тіпті осының өзі де шығармашылық емес пе?

— Шығармашылық жағы, сірә, артығырақ бағаланып тұрса керек. Ал, шынына келгенде Құдай мынау дүниені небары алты-ақ күнде жаратыпты, жетінші күні дем алған екен деседі.

— Сын жазумен бірге менің шығармашылық жұмыспен айналысуыма да ешкім бөгет жасамайды ғой.

— Әрине, бөгет жасамайды. Өзіңнің сын мақалаларыңда өзгелерге қойған талабың өзің үшін тек аса көбірек болып шығып жүрмесе.

— Талап қою деген жетеді. Оған күдіктенбесең де болады.

— Мен күдіктеніп не қылайын.

Менің алдымда енді аяқ астынан сыншы пайда бола қалғанын көрдім де, одан сіз бір нәрсе ішпейсіз бе деп сұрап едім, ол ішсем ішейін деді.

— Хем! - деді ол бір сәтте. Сөз сыңайынан менімен сыншы сөйлесіп отыр деп ұқтым. Өйткені олар әдетте әңгіме кезінде өздерімен сөйлесушінің есімін сөйлемнің ақырында емес басында келтіреді.

— Сенің әңгімелеріңде жылылық, сыпайыгершілік жетпей жатады, меніңше солай.

— Әттеген-ай, ә?

— Тағы айтамын, Хем, әңгімелерің тым нәрсіздеу, киімсіз адам сияқты жалаңаштау болып келеді.

— Япыр-ай, онда қолайсыз екен.

— Хем, әңгімелерің тартымсыз, қан-сөлінен айырылғандай сұрықсыз, әрі тарамыстай қатты.

Мен кінәлі адамша мұңайып, қалтамдағы баяғы қоянның қаз табанын ұстап, сипай бастадым.

— Мен ендеше оларға аз-маз ас ішкізіп, тоғайтып көрейін.

— Бірақ байқа, оларың әбден майланып семіріп кетіп жүрмесін.

— Хем, - дедім мен, сыншылармен сөйлескендей боп әдеп сақтап, - мен сіз айтқандай семіртпеуге тырысып бағайын.

— Екеуіміздің пікіріміздің бір жерден шыққанына ризамын, - деді ол кеңпейілденіп.

— Ал, сен мен жұмыс істеп отырғанда мұнда келмейтініңді ұмытпайсың ба?

— Әрине, Хем. Meн енді өзге дәмханаға баратын боламын.

— Өзің сыпайы болын барасың.

— Тырысып көрейін, - деді ол

Егер осы жас жігіт белгілі сыншы болып шыққан күнде әрі жақсы, әрі үлгі аларлық іс істеді деп айтуға болар еді. Бірақ мен коп уақыт бойы сенім артып жүргеніммен, ол жігіттен ештеңе шықпады.

Ол келесі күні тағы келер деп ойлаған жоқпын, дегенмен тәуекел ете алмадым да, "Клозериге" бір күн бармадым. Сонымен келесі күні таңертең ерте оянып, емізіктер мен кішкене бөтелкелерді ыстық су қайнатып тазаладым да, сүт араластырған жарма ботқасын жасап, оны әлгі бөтелкелерге құйдым. Біреуін Бамби мырзаға, ал екіншісін мысығым Ф. Кисаға бердім де, жазу үшін тамақ ішетін үстелге келіп отырдым. Үйде ояу әлгі үшеуіміз ғана едік, өзгелер әлі ұйықтап жатқан болатын. Менен өзге әлгі екеуі тып-тыныш, олармен бірге отыру маған тіпті сүйкімді сияқты көрінді, жазуымды бұрынғыдан да өндіртіп жазып тастадым. Сол бір күндері ненің бар, ненің жоғына да қарамай, тіпті қоянның сирағынсыз да көніп, жұмыс істей беретінсің, бірақ әлгі қоян табанының өз қалтаңда тұрғанын сезініп отыру, әрине, саған біртүрлі күш қосқандай болатын.

"КУПОЛ" ДӘМХАНАСЫНДА ПАСХИНМЕН КЕЗДЕСУ

Осы кеш бір әдемі еді. Мен күні бойы тапжылмай отырып жұмыс істедім де, сосын тақтай тілетін зауыттың жоғарғы жағындағы өзіміздің бөлмеден далаға шықтым.

Қораның ішіндегі үюлі тақтайлар мен бөренелердің жанымен жүріп, алдағы көшені тура кесіп өттім де, піскен нанның тамаша иісі шығып тұрған нан дүкенінің сыртқы есігі жағымен бірден Монпарнас саяжолынан барып шықтым. Ымырт жабыла бастаған шақ еді, көшеге нан дүкенінен шам жарығы түсіп тұр, қараңғылана бастаған көшемен келе жатып "Тулуздық негр" мейрамханасының ашық террасына сәл-пәл тоқтап едім, қызыл және ақ түсті ағаш шығыршықтарға ілінген біздікі сияқты қол орамалдар әдейі арнап қойылған кішкене үстелдердің үстінде жатыр екен. Мен ақ қағазға басылған дастарқан мәзірін оқығанымда, кәдімгі күн сайынғы тамақтың ішінде бұршақ араластырып құс етінен істелген қуырдақ бар екенін көрдім. Осыны оқығанның өзінде-ақ менің бұрынғыдан бетер тамақ ішкім келіп кетті.

Мейрамхананың қожасы Лавинь мырза қалай жұмыс істедіңіз деп сұрады, мен жақсы, ісім әзірше сәтті деп қана жауап бердім. Ол "Клозери де Лиланың" террасында ертеңгісін ертемен менің жазу жазып отырғанымды көріпті, жазудың қызығына тым беріліп кеткенімді байқаған соң менімен тіл қатысып сөйлеспегенін айтты.

— Сіздің түріңіз бейне тропикалық орманда адасқан адамның кейпіндей еді, - деді ол.

— Жұмыс істегенде менің соқыр қабанға ұқсас кездерім болады.

— Мырза, сіз тропикалық орманда болып көрмеп пе едіңіз?

— Орманның өзінде емес, тек қалың бұта өскен жағында ғана, - деп жауап бердім.

Дүкендердің жаймаларына көз жіберіп, тамаша көктем кешінде кеуде кере дем алып, қарсы келе жатқан адамдардың жүздеріне үңіліп көше бойлап әрі қарай жүре бердім. Ең үлкен деген үш дәмхананың үшеуінде де жүздері таныс немесе жай ғана өзім білетін адамдарым отырды. Ал кешке қарай шам жағылып, төңіректегінің бәрі анағұрлым сүйкімді боп кеткен шақта әлгі дәмханалардың маңында өзім білмейтін бейтаныс адамдар көбейе түседі, олар екеу-екеу болып аз-маз отырып, бір-бірінен көз алмай шүйіркелесіп бірдеңе ішетін немесе тамақтанатын орын іздеп, қасыңнан асыға басып өтіп бара жатады. Мүмкін, әлгі үлкен дәмханадағылар да осыны істейтін шығар, мүмкін, олар тек өздерін басқаларға дұшпан көз ғып көрсету үшін ішіп-жеп, көптен-көп сөйлесіп, әдейі шүйіркелесіп ұзақ отыратын шығар. Маған ұнайтын адамдар және көптеген маған бейтаныс жандар да үлкен дәмханаларға барып, сапырылысқан көп жұртпен араласып кететін, өйткені оларға ешкім қарамайды, сондықтан да олар өзді-өзі бір-біріне ғана қарап, екеуден-екеу ішіп отыратын. Сол кезде үлкен дәмханалардағы тамақтың құны арзан еді, жақсы сыра мен шарап та онша қымбат емес, сыра мен шараптың бағасы әр үстелдегі қалақшада ап-анық жазулы тұратын.

Сол күнгі кеште менің басыма тап онша әнебір керемет болмаса да, бір түрлі миға қонарлық жап-жақсы тың ойлар келе берді. Ат бәйгесіне баруға соншама аңсарым ауа тұрса да, күні бойы жақсы және көп жұмыс істегендіктен, өзімді айрықша ізгі жанмын деп есептедім. Талаптанған адамға қалайда бір нәрсе ұтуға мүмкіндік табуға шамам келе тұрса да, мен дәл сол кезде ат бәйгесіне бара алмаған болар едім. Сол кезде және бәйгеге қосатын аттардың сілекейін тексеріп, қолдан әдейі желіктірілген аттарды өзге сау аттардан ажыратып алу және басқа осы сияқты әдістер әлі жүзеге аспаған еді, ал бірақ есірткіш барынша кеңінен қолданылатын. Бірақ есірткіш дәрі берілген аттарға озады деп үміт арту, ол аттардың бәйге кезіндегі жай-күйін анықтау және өз жүрегінің сезініп білуіне сүйеніп, оған ең соңғы тиыныңды тігу тым қатерлі іс. Жұбайы мен бал асы бар және әдебиетпен айналысып, барлық күш-жігерін, уақытын соған арнап жүрген жас жігітті бүл әуесқойлық онша өрге бастыра қоймас еді.

Тұрмыс құру жағынан алғанда жұбайыммен екеуіміз бұрынғыша әлі жұпыны өмір сүруші едік. Өзім әлі де аз-кем қаражат үнемдемекші боп түскі асқа шақырған жерге барып жүрдім де, содан кейін екі сағат бойы Люксембург бағында серуендеп үйге келгенімде жұбайыма түскі астың тамаша болғанын әңгімелеп беретінмін. Егер жасың жиырма бесте, өзің жұп-жуан, балуан денелі болып, оның үстіне түскі ас ішпей жүрсең, ашыққанның көкесін міне сонда көрер едің. Ал аштық адамның қабылдау сезімін күшейтеді деп ойладым. Мұны мен өзім жазған әңгімелердегі адам біткеннің бәрі ыңғай араны ашылған, тамақсау, қомағайлар болғанынан және олар тамақты тоя ішумен бірге оған қоса ішкілікті де жек көрмейтінінен аңғарған едім.

"Тулуздық негр" мейрамханасынан біз тәп-тәуір кагор ішіп жүрдік, бөтелкенің төрттен бірін, жартысын, кейде графинмен тұтастай алатынбыз да әдетте оған шараптың үштен біріндей мөлшерде су қосатынбыз. Ал тақтай тілетін зауыттың жоғарғы жағындағы үйімізде бағасы арзан болғанмен күштілігі басым корейка шарабы бар болатын. Міне, шынында да мұны атына сай корсика шарабы деп айтуға болады, оған жартысындай мөлшерде су қосқанның өзінде де шараптық қасиетін жоймайды. Кейде түскі асты ішпей, жаңа киім сатып алмай тұрып-ақ Парижде аз ғана ақшаның өзімен де тым-тәуір өмір сүріп, кей-кейде аздап еркінірек жүріп-тұруға да болатын.

Гарольд Стирнсті көргенімде мен "Селектен" сол бойда-ақ кетім отырдым, өйткені оның ат туралы әңгіме қозғауы ықтимал еді. Ал мен болсам ат атаулымен ар ұятым таза, жүрегім адал тұрғанда мәңгі-бақи қош айтысайын деп ойлағанмын. Сол бір кеште мен өзімнің әділдіктен таймадым деген берік сана-сезіміммен "Ротонданың" топтанып тұрған күн сайынғы келімсектерінің ұяттан безген соқыр сезіміне жеккөрінішті ниетпен қарап жандарымен өттім де, "Купол" дәмханасы орналасқан саяжолдың екінші бетіне шықтым. Бұл дәмхана да адамға лық толы екен, бірақ ақшаны күреп табатындардың отырғаны бірден белгілі болды.

Онда ертеңнен қара кешке дейін еңбек етіп іс тындырған суретшілер мен өз денелерін суретке түсіртіп жүрген қыз-келіншектер және бағына ма, әлде сорына ма, әйтеуір өздерінің күні бойғы жазуын тәмамдаған жазушылар, әрине маскүнемдер де, бұдан өзге қызық қылықты адамдар да - бәрі-бәрі отыр екен. Бір қатарын мен білетінмін, ал қайсы-біреулері кездейсоқ тосыннан келгендер.

Мен залды ұзына бойға жүріп өттім де, жанында суретшілерге жанды модель болған апалы-сіңлілі екі қызы бар Пасхинның қасына кеп отырдым. Мен осыдан сәл бұрынырақ Деламбр көшесінің шетінде ішуге кірсем бе, жоқ па екен дегендей оймен тұрғанымның өзінде ол мені қолын бұлғап шақырған. Пасхин өзі барынша мықты суретші, әбден үйреніп, машықтанып алғандықтан үнемі дерлік ішіп ап бұлғақтап жүретін, бірақ соның өзінде де ой айқындығын жоғалтпайтын. Әлгі модельші қыздардың екеуі де жап-жас, әрі барынша сүйкімді екен. Оның біреуі - ақша бет, шашы қара, бойы шағындау болғанымен денесі сұлу, өзі тым нәзік, бірақ сол нәзіктігі жасандылау көрінеді. Ал екіншісі - бала мінезді аңғалдау, көрер көзге өте әдемі бола тұрса да, сол әдемілігі баянды емес құбыл-малы, өткінші дәурен екені байқалып тұр. Ол дене бітімі жөнінен ана отырған апасынан сәл-пәл бәсеңдеу көрінгенмен, сол бір көктемдегі өзге қыздардай мұның да сәл-пәл жүдеулігі қынжылтады.

— Біреуі моп-момын, біреуі тарпаң, апалы-сіңлілі екі қыз міне, - деді Пасхин. - Қалтамда ақшам бар. Не ішкің келеді?

— Жарты кружка сыра беріңіз, - дедім мен даяшыға.

— Арақ ішсеңші. Менде ақша бар.

— Мен сыра ішейін.

— Егер сыраны шын ұнататын болсаң, онда Липптің сыраханасында отырар едің ғой. Сен, сірә, жұмыс істеп келген шығарсың.

— Ие,солай.

— Жазу өніп жатыр ма?

— Әйтеуір, ептеп-септеп.

— Тамаша, ризамын. Әйтеуір, сені әлі жазу тойғызып жібермесе болды.

— Жоқ.

— Жасың нешеде осы сенің?

— Жиырма бестемін.

— Мынау отырғанмен бірге түнеп шығуға қалайсың? - Ол әлгі екі бойжеткеннің қара шаштысына көз қиығын жіберіп күлімсіреген болды. Қыздарға одан келетін залал жоқ.

— Бұл перизатқа бүгін сіздің жаныңызда жүргеннің өзі де жетіп жатқан шығар.

Қыз маған қарап аппақ тісін көрсетіп жымиып күлді.

— Мынаны айтасыз ба? Бұл бұзық, - деді қыз, - әрине, сүйкімді жағы да бар.

— Сен мұны студияға алып баруыңа болады.

— Айуандыққа салынбай тек отыршы өзің, - деді әлгі қыздың сары шашты сіңлісі.

— Сенен осыны кім сұрап отыр? - деп Пасхин оған зекіп тастады.

— Ешкім сұрамаса да айтқым келді, айтамын.

— Жастардан шыққан дарынды жазушы және жұрттың бәріне де игі-жақсыны тілеуші көпті көрген қартаң суретші, он екіде бір гүлі ашылмаған екі сұлу қыз - бәріміз де бөгде сөзді қойып тамаша отыралық, - деді Пасхин.

Біз сөйтіп сөйлесе бердік, екі қыз қиылып рюмкаларынан ұрттап қойып отырды, Пасхин содалы су қосқан тағы бір коньякты тастап алды, сыра ішкен тек мен ғана едім, Пасхиннен өзгемізге әрине, ештеңе онша тамаша бола қойған жоқ. Әлгі ақша бет қыз өзін әлдебір көрсетейін дегендей анда-санда әдемі денесімен қозғалақтап қойып отырды, бірде ол шамның жарығы аққұба жүзіне түссін деді ме, оған қарай бұрылып қырынан отырса, енді бірде қара жүн көйлек киген көкірегін көрсетіп тура маған қарап, біртүрлі масаттанғандай болды. Өзінің қысқа қиылған және жатқызыла тараған мөлдір қара шашы бейне шығыстың әйелдеріне ұқсайтын еді.

— Суретіңді сен күн ұзаққа көрсетудесің ғой, - деді оған Пасхин. - Енді мына тамаша жүн көйлегіңді сен осы дәмханада қайткенде де жұртқа көрсетпесең болмайды.

— Осы, сурет түсіру дегеніңіз маған ұнайды, - деді қыз.

— Енді ше, сен яваның қуыршағысың ғой, - деді Пасхин.

— Әрине көзге солай көрінуі, - деді аққұба қыз. - Бірақ бұл оңай іс емес.

— Ендеше, сен жаман-жұман, жүн-жұрқа қуыршаққа ұқсассың.

— Мүмкін, - деді қыз. - Әрине, тек тірі қуыршаққа. Ал өзің жөнінде ешкім де олай демес еді.

— Ие, оны өмір көрсете жатады.

— Онда өте тамаша, - деді әлгі қыз. - Мен сөзді дәлелдегенді ұнатамын.

— Дәлелдеу бүгін саған аз боп тұр ма?

— Ой, сен ананы айтасың ба? - деді ол бетін кешкі күннің ақырғы жарығының терезеден түсіп тұрған сәулесіне қарай бұрып. Сенің тек болғаны жұмыс қана кетпейді есіңнен. -Мынау тек кенепке салған өз суреттеріне ғана ғашық адам, - деді қыз маған қарап. -Мәңгі-бақи бір пасықтықты шығарып отырады.

— Менің миым жақсы жұмыс істеп және өзіңе ғашық болуым үшін сенің суретіңді салуым керек, ақша төлеуім керек, ұзақ түнді сенімен бірге өткізуім керек, міне, сол ғой сенің тілейтінің, сорлы қуыршақ, - деді Пасхин.

— Мен онда сізге ұнайтын шығармын, мырза, шын ба, өтірік пе, айтшы? - деп сұрады қыз.

— Өте-мөте ұнайсыз.

— Бірақ сіз бар ғой, сіз өте кәрісіз, - деді қыз ренішті түрде.

— Төсек бой теңестіреді деген бар емес пе?

— Жалған сөйлеп отырсыз, - деді әлгі шашы қара, өңі аққұба қыздың сіңлісі. - Мені осы әңгімеңіз тойдырып бітті.

— Ендеше, бері қара, - деді Пасхин. - Егер кенеп суретке әуес жан деп есептесең, ертең-ақ өзіңді акварельмен қатырып салайын.

— Ойпырмай, кешкі асты қай жерде қашан ішер екенбіз? - деп сұрады әлгі қыздың сіңлісі.

— Сіз бізбен бірге кешкі асты ішесіз бе? - деп сұрады шашы қара қыз менен.

— Жоқ. Кешкі асты мен өзімнің құдай қосқан қосағыммен барып бірге ішемін. Жұрт жұбайларын ол кезде солай атаушы еді. Ал қазір менің басыбайлы қатыным дейді.

— Қалайда сіз қосағыңызбен болуыңыз керек пе?

— Әрине солай, мен солай істеймін де.

— Олай болса жүре бер, - деді Пасхин. - Бірақ, байқа, жазу машинкасына ғашық боп кетіп жүрме.

— Олай болған жағдайда мен қарындашпен-ақ жазамын.

— Ертеңгі жұмысым акварель болады, - деді Пасхин.

— Жә, жетеді, қыздар, мен коньяктың тағы бір рюмкесін жұтып алайын, сосын қайда барғыларың келсе сонда барып кешкі тамақ ішеміз.

— "Викингке" баралық, - деді аққұба қыз.

— Ие, сонда, - деп оны қостай кетті сіңлісі.

— Барсақ баралық, - деп келісті Пасхин. - Қайырлы кеште болыңыз, жас жігіт. Жақсы жатып жайлы тұрыңыз.

— Өздеріңе де соны тілеймін.

— Жақсы ұйықта дейсіз-ау, мыналар маған ұйқы беретін бе еді, - деді Пасхин. - Мен тіпті еш уақытта ұйықтамаймын.

— Немене, бүгін ұйықтаңыз.

— "Викингке" барғаннан кейін бе? - Ол қалпағын желкесіне қарай жылжытып қойып, жымиып күлді. Осы сәтте көрнекті суретшіден гөрі ол тоқсаныншы жылдардағы Бродвейдің қыдырымпаздарына ұқсап кетіп еді.

Кейінірек өзі асылып өлгенде сол бір кеште "Куполда" отырғанымызда қандай болса мен Пасхинды дәл сол күйінде есіме түсіруші едім.

Біз не істеп, не қойсақ та, соның бір құпиясы өзіміздің тереңімізде жасырын сақтаулы жатады деседі жұрт. Ал ісімде-кім өмірін жеңіл-желпі өткізуге құштарланса соның да бір құпиясы жақсы, қамашау жерде көрінбей, адамға маза бермей жататын шығар деп ойлаушы едім өзім.

ЭЗРА ПАУНД ЖӘНЕ "ДАРЫН ИЕСІ"

Эзра Паунд әрқашанда жақсы дос болатын және әрдайым біреуге қол ұшын беруге әзір тұратын. Оның Дороти деген жұбайымен екеуі тұрған Нотр-Дам-де-Шандағы студиясы қандай жұпыны болса, ал Гертруда Стайнның студиясы оған керісінше кереметтей бай еді. Бірақ студиясына жарық мол түсетін, пеші де бар, қабырғаларында Эзраның өзіне таныс жапон суретшілерінің картиналары самсап тұрады. Жапон суретшілерінің бәрі де өз елінде ақсүйектер деп есептелініп, шаштарын қимай салпылдатып тұлым өсіріп жүретін. Сөйтіп олар біреуге иіліп сәлемдескенде әлгі жылтыраған қара тұлымдары салпылдап алдарына түсіп тұрады. Олардың сонысы маған әсер еткенімен, салған суреттері ұнай бермейтін.

Ешбір құпия сыры болмағанымен де, ол суреттер менің көкейіме қонбайды, ал кейде оларға мүлде салғырт қараймын. Қайтейін, өте қынжыларлық болғанмен, бұдан артыққа өзімді зорлай алмайтынмын.

Ал Доротидің картиналары маған ұнайтын, меніңше, оның суреттері өте нәзік, дене пішіні де тамаша боп шығады деп есептейтінмін. Годье-Бржески салған Эзраның басы, осы мүсіншінің маған Эзраның өзі көрсеткен суреттері және өз кітабындағы ол жөнінде жазғандары да ұнайтын. Ал Эзраның өзі Пикабианың суреттерін тәуір көреді, бірақ мен ол кезде Пикабианы суретші деп мойындамаушы едім. Уиндхем Льюистің суреттері де Эзраға ұнағанымен маған ұнамайды. Ол әдетте өз дос-жарандарының еңбектерін ғана тәуір көреді, бұл олардың достығының беріктігін паш еткенімен, Эзраның жеке басының талғамын кемітпесе күшейтпейтін. Сол себепті біз суреттер жайында ешбір дауласпайтынбыз, өйткені мен өзім ұнатпаған нәрсе туралы әдетте сөз қозғамайтын едім. Суреттерге немесе әдеби шығармаларға жақындығың, оны ұнатуың өз жанұяңа деген сүйіспеншіліктен айырмасы жоқ деп есептеп, сол себепті өзім ондайды сынап-мінеуді әдепсіздік деп түсінетінмін. Кейде өз жақындарың немесе әйеліңнің туыстары жөнінде сынап пікір айтқанға дейін көп нәрсеге төзімділік жасауға тура келеді, ал дарынсыз суретшілер жөнінде жағдай басқаша; олардың өз ағайындарыңнан бір өзгешелігі - саған қиянат жасау, не жүрегіңе жара салу қолдарынан келмейді. Тек өзіңізбен-өзіңіз боп дарынсыз суретшілер салған картиналарға көңіл аудармасаңыз болғаны. Ал қарамай, сөздеріне құлақ аспай, хаттарына жауап бермей жүргеннің өзінде де әлдеқалай жамандық жасау ағайындарыңның қолынан әбден келеді. Эзраның маған қарағанда көңілшектігімен қоса христиандық қайырымдылығы бар еді. Оның сәтті деген шығармалары тым тәуір жақсы болатын, өзінің қателігін мойындауға келгенде де ол адал еді, сол адамға қайырым-дылығы үшін мен оны әрқашанда қасиетті жан деп есептейтінмін. Бірақ шектен тыс күйгелектігіне қарап шынында да қасиетті адамдардың көбі-ақ, сірә, осылай істейтін шығар деп ойлайтынмын.

Эзра менен өзін боксқа үйретуді сұрады. Бір күні кешке қарай, бокс сабағы үстінде мен оның студиясында Уиндхем Льюиспен таныстым. Эзра боксқа жаңадан үйрене бастаса да, өз танысының көзінше үйрету маған ыңғайсыз болды, сондықтан оны сабақ кезінде тек жақсы жағынан көрсетуіне тырысып бақтым. Бірақ бұл ойым бірден іске аса қоймады, Эзра тәуір семсерші еді, ең алдымен оған сол аяғын ілгері қойып, сол қолымен қимыл жасауды, сосын барып, оған қоса оң аяғын да дұрыс қоя білуді үйретуім керек болды. Бұл, әрине, бокстың қарапайым тәсілдері ғана. Сөйте тұрса да, қайтсем де оған сол аяғын ілгері қоюды әйтеуір үйрете алмадым, ал оң аяқпен жұмыс істеу одан кейінгі шаруа еді.

Уиндхем Льюис Латын кварталының тұрғындары сияқтанып күн қағары қалқиған қара қалпақ, өзге киімді де кәдімгі "Богеманың" кейіпкерлерінікіндей ғып киіп жүруші еді. Ал бет-пішіні көлбақаға ұқсап, көлбақа болғанда оның үлкені емес, бейне Парижді өздеріне шалшық су қылып алған жай көлбақаның бетіне ұқсап тұратын. Сол бір кезде біз кез келген жазушы, кез келген суретші өз қалауынша киіне алады, өнер адамы үшін ресми түрде белгілі киімнің түрі жоқ деп есептейтінбіз; Льюис соғысқа дейінгі суретшілердің вицмундирін киіп жүретін. Оның сонысы ыңғайсыз еді, ал Льюистің өзі болса менің Эзраның сол қолынан бұлт етіп қалай бұрылып кеткенімді немесе оның сілтеген қолын ашық тұрған оң қолдағы қолғабыммен қалай қабылдағанымды жеккөрінішті ниетпен бақылап тұрды.

Мен сабақты тоқтатқым келіп еді, бірақ ол біздің одан әрі жалғастыра беруімізді қалады, сондықтан мен жаттығу мәнісінен оның ештеңе ұқпайтынын сездім де, Эзраның қалай жұдырықталғанын көргісі кеп, соны күтіп тұр-ау деп ұқтым. Бірақ олай болмады. Мен шабуыл жасамадым, тек Эзраның сол қолын алға созған күйі соңымнан ере түсіп, анда-санда оң қолымен соққылауға мәжбүр еттім, сонан кейін бітті дедім де, құмырадағы сумен жуынып, сүлгімен сүртініп болғасын жүн көйлегімді киіп алдым.

Біз бір нәрсе іштік, сосын мен Эзра, Льюис екеуінің Париж бен Лондондағы таныстары жайлы айтқан әңгімесін тыңдадым. Мен осы кезде боксшының қарсыласын аңдығаны сияқты білдірмей Льюиске қараумен болдым, сонда байқағаным бұған дейін де, бұдан кейін де мен мұндай пасық адамды кездестірген емеспін. Жүлдеге түскен жүйрік аттың қай тұқымнан екені сияқты, кейбір адамдардың да оғаш жері бірден көзге ұрып тұрады. Ондай адамда жанға қатты батқан сөз ауруының кесапаты сияқты бір нәрсе болады. Ал Льюистің бет-жүзінде менмін деп баттиып тұрған ештеңе көрінбегенімен, пасық адам екенін айтпай-ақ тануға болатын еді.

Үйге қайтып келе жатып, мен ол нені есіме түсірді десем, ол көп нәрсені ойыма түсірген екен. Бірақ мұның бәрі көптің көзінше айтуға болмайтын, тек "Құсық" дегеннен өзгесі түгелдей медицина саласына жататын сөздер боп шықты. Мен оның кескін-келбетін бөліп-бөліп әрқайсысын жеке-жеке сипаттауға әрекет жасап көріп едім, бірақ бұл әдіспен сипаттауға тек көздері ғана келеді екен. Мен оның қалқиған қара қалпағының күн қағары астынан қараған көздерін тұңғыш рет көргенімде, бұл жолдан тайған нағыз қарақшының көздері екен деп ойлағанмын.

— Бүгін біреумен таныстым, ал одан бетер жексұрын адамды өмірімде көрмеген шығармын, - дедім жұбайыма.

— Ондайлар жайлы маған айтпашы, Тэти. Алда риза болсын, айтпай-ақ қойшы. Қазір біз түскі ас ішкелі отырмыз ғой, - деді ол

Бір жетіден кейін мен Стайн бикені кездестіргенімде оған өзімнің Уиндхем Льюиспен танысқанымды айтып, сіз ондай адамды білетін бе едіңіз деп сұрадым.

— Meн оны қырықбуын құрт деп атаймын, - деді Стайн. Ол осында Лондоннан келеді де жақсы суреттерді іздейді. Іздегені көзіне түссе, қалтасынан қарындашын алып суретті олай-бұлай қарындашымен және бас бармағымен өлшей бастайды. Тесіле қарап олай-бұлай өлшеп, оның қалай салынып, қалай қойғанын дәл анықтайды. Сосын Лондонға қайтып кетеді де, суретті дәл сондай етіп салғысы келеді, бірақ онысынан жөнді ештеңе шықпайды. Өйткені ең бастысы - суреттің мазмұнын ол түсінбейді.

Міне, содан бері ол жөнінде ойлағанымда менің есіме қырықбуын құрт түсетін болды. Өзім ойлап тапқан атқа қарағанда бұл әлдеқайда сыпайылау, әлдеқайда қарапайымдау ат еді, әрине. Кейін Эзра маған өзінің достары жайында айтқаннан соң, оның сол достарымен жақындасып кеткенім сияқты Эзраның өзіне де сүйкімділікпен қарап, жақын болуға тырысып бақтым. Бірақ ол Эзраның студиясында алғашқыда ғана маған солай көрінген еді.

Эзра мен білетін жазушылардың ішінде ең бір көңілшек, қайырымды, не дегенмен өз пайдасына тартпайтын нағыз адам сияқты еді. Ол өзі сенетін ақындарға, суретшілерге, мүсіншілерге, прозашыларға - бәріне де, сондай-ақ өзі оларға сенсін, сенбесін бақытсыздыққа душар болғандарға да қол ұшын беруге әзір тұратын. Ол жұрттың бәрі жөнінде де мазасызданатын. Мен танысқан кезде ол Т. С. Элиот жөнінде жұрттың бәрінен де көп абыржыған болатын, Эзраның айтуына қарағанда, Элиот Лондонның бір банкісінде қызмет істеуге мәжбүр болып, ал ақын ретінде өлең жазуға өте аз уақыт бөлген және ең қолайсыз сағаттарда жұмыс істеген. Ал Эзра американдық бай әйел және қамқоршы Натали Барни бикенің көмегімен "Дарын иесі" деп аталатын ұйым құрған. Барни кезінде Реми де Гурмонмен дос болыпты, бірақ мен оны көрген емеспін, сол Барнидің белгілі бір күндерде адамдар жиналатын салоны болған, ал бағының ішінде гректің кішкене шіркеуі тұрады екен. Ақшалары мол көптеген француз және американ әйелдерінің салоны болған, өзім бұл сияқты тамаша орындардан ертеден-ақ қашық жүретінмін, меніңше бақ ішіндегі грек шіркеуі тек жалғыз Барни бикеде ғана болатын.

Эзра маған "Дарын иесі" туралы шыққан кітапшаны көрсетті, Барни бике кітапшаның сыртына өзінің грек шіркеуінің суретін беруге рұқсат еткен. "Дарын иесі" ұйымын ашудың мақсаты - әркім өз тапқан табысының біраз бөлігін Элиот мырзаның қорына берді, сөйтіп оны банктегі қызметтен босатып, ақша жайлы ойламай, бірыңғай поэзиямен айналысуына жағдай жасайды деп көрсетілген. Ұйымның бұл мақсаты менің өзіме ұнады. Біз Элиот мырзаны банктен босатып алғаннан кейін де, осындай адамдардың бәрі тиісті жұмысын тапқанша осы істі бұдан әрі жалғастыра бермекпіз дегенді айтты Эзра.

Элиотты "майор Элиот" деп атап, мен аз-маз жаңсақтық істедім, бұл оны идеялары Эзраны таңғалдырған экономист майор Дугласпен шатыстыру сияқты болды. Бірақ Эзра менің ниетімнің адал, өзімнің "Дарын иесіне" шын берілгенімді білетін еді. Мен достарымнан майор Элиотты банктен құтқарып алуға деп ақша сұрағанымда олардың біреуі майор банкте не істейді, ал егер шынында оны әскерден босатса, зейнетақы немесе біржолғы ақшалай жәрдемді неліктен ала алмай жүр дегенде, бұл сөз Эзраға шаншудай қадалған-ды.

Мұндай жағдайда осының бәрінің іске ешбір қатысы жоқ дедім мен достарыма. Сіздерде "Дарын иесі" бар ма, жоқ па, бәрібір. Егер майорды банктен құтқаруға ақшаңыз болса, төлеңіз. Жоқ болса, өкінішті-ақ. Сендер шынымен шағын грек шіркеудің мәнін әлі күнге түсінген жоқсыңдар ма? Солай боларын білгенмін. Оқасы жоқ, достым. Олай болса ақшаларың өздеріңде қалсын. Оның бізге қажеті жоқ.

"Дарын иесінің" мүшесі ретінде мен бұл шараны жүзеге асыруға белсене кіріскен едім, тек аңсаған арманым - майордың бостандық алып, банктен қайраттана басып шығып келе жатқанын көру еді. Сөйтіп жүргенде ақыры "Дарын иесінің" қалайша таратылғаны есімде қалмапты. Сірә, ол Элиоттың "Қаңыраған жер атты" поэмасының жарыққа шығуымен байланысты болды ғой деймін. Бұл поэма үшін майор "Дайл" журналының сыйлығын алды, оның артынша-ақ атақты әйелдердің бірі Элиоттың "Критерион" журналына қаражат беруге келіскеннен кейін біз Эзра екеуміз Элиотқа қамқоршы болудан босандық. Сол кішкене грек шіркеуі бақ ішінде әлі тұр ғой деймін. Тек "Дарын иесінің" көмегімен майорды банктен құтқару біздің қолымыздан келмегеніне мен әрқашанда өкінетінмін. Оның шағын грек шіркеуіне орналасуға келгенін мен қиялымда ғана көріп жүрдім, мүмкін, Эзра мені өзімен ертіп апарып, екеуіміз оның даңқын дәріптеуге қатыссақ шіркін, деп те ойлайтынмын. Тамаша гүл өсетін хош иісті ағашты қайдан табуды мен білетінмін, гүл теруге мен өз велосипедіммен де барған болар едім. Мен ол қайғыланған кезде де, яки, Эзра "Қаңыраған жер" сияқты тағы бір үлкен поэманың қолжазбасын немесе гранкасын оқып бітіргенде әр жолы-ақ біз оның мойнына хош иісті гүл шоғын ілуге барған болар едік-ау деп те ойлайтынмын. Адамгершілік жағынан алғанда осының бәрі мені жаманшылыққа әкеп ұрындырды, өйткені майорды банктен құтқаруға деп арнаған ақшаны өзіммен бірге Энгиенге ала кеткен едім, соны апарып есірткіш дәрі ішкізілген аттарға бәйгеге тіктім. Ол аттар екі жарыста есірткіш ішкізілмеген және есірткіш дәрі аз берілген аттардан озып келді, тек бір айналымда ғана бір сәтсіз жағдай болды. Үміт күтіп, бәйге тіккен атымыз есірткіш дәрі тым көп берілгендіктен, шабысқа деп басты босата бергенде, секіріп үстіндегі шабандозды жығып кетті. Босанған ат бәйге алаңында толық айналым жасап шықты. Оның шабандоздың басқаруынсыз жасаған тамаша секірулерін тек түсте ғана болмаса шын өмірде айтып жеткізу қиын еді. Ақыры атты ұстап, шабандозды ерге қайта отырғызғанмен, француз атшабарларындағыдай ол шабуын жақсы шапты, бірақ бәйге тимеді.

Осында ат бәйгесіне тектен-текке ұттырған ақшам әлдеқашан тарап кеткен "Дарын иесіне" түскен болса ғой, бұдан анағұрлым тәуір болар еді деп ойладым мен. Бірақ өзге тіккен бәйгелерім сәтті шыққасын "Дарын иесіне" әуелі бермекші болғанымнан гөрі анағұрлым көбірек берген болар едім-ау деген ой келіп, өзімді-өзім жұбаттым.

КӨҢІЛ СУЫНҒАН ДОСТЫҚ

Біздің Гертруда Стайнмен дос-жарандығымыз біртүрлі бір оғаш жағдайда үзілді. Ол екеуміз жақсы дос боп кеткен едік, өзім оған көп қолқабыс тигіздім, мәселен, оның қалың кітабын Фордтың журналына бастырып шығаруға себепкер болған мен едім, қолжазбаларын қайта бастырып, гранкаларын оқып беріп жүрдім, сөйтіп екеуміз өте жақын дос боп кеткенбіз. Ер адам мен атағы зор әйелдің достығы келешекте немен тынуға тиіс, оның арты бір үлкен немесе кіші оқиғаға апарып соқтырғанша бек сүйкімді болуы да мүмкін. Ал даңққұмар жазушы әйелмен арадағы достықтан күтер дәме бұдан да гөрі аз. Бір жолы Флерюс көшесіндегі 27-үйге көптен көрінбедіңіз ғой деп кінәлағанда, мен сізді үйде кездестіре аламын ба, жоқ па деп ақтала бастап едім, сонда Стайн бике маған былай деді:

— Ау, Хемингуэй, сізге менің студиямның есігі қашанда ашық, мұны қалайша білмей жүрсіз? Қалжыңсыз, шыны сол қай уақытта болса да келе беріңіз, ал үй күтуші әйел (оның есімін айтып еді, ұмытып қалыппын) сізге керектің бәрін істейді, ал сіз үйіңіздегідей жайласып отырыңыз да мені күтіңіз.

Мен Стайнның бұл шын пейілін қайтармай, кей-кейде оның үйіне барып тұрдым, үй күтуші маған ішімдік береді, ал мен суреттерге қараумен боламын, егер Стайн бике келмеген күнде үй күтушіге рахметімді айтып, бикеге хат жазып кетіп қалып жүрдім. Стайн бике құрбысы екеуі оңтүстікке өз автомобилімен жүруге дайындалып жатты. Кететін күні ол менің өзіне жолығып шығуымды қалап, қоштасып қалуымды өтінді. Стайн бике Хэдли екеумізді өзінің тұрған жеріне келуге, сөйтіп қонақ үйдегі мекен-жайға орналасуға да шақырды. Бірақ Хэдли екеуміздің өзімізше жоспарымыз бар еді, сондықтан біз өзге жаққа кеткіміз келді. Келуге сондай құштар екенімізді білдіруге болады, сосын кесе-көлденең бірдеңе бөгет болса қайтер едік, бүл жөнінде, әрине, ештеңе деген жоқпыз. Бірақ мен шақырудан бастартудың кейбір әдістерін білетін едім. Маған мұны өмірдің өзі үйретті. Бұдан көп кейінірек Пикассо маған ауқатты адамдардың шақыруын үнемі құп алғанын, бұған олардың соншама риза екенін, ал кейін бір нәрселерге душар болып бара алмай қалатынын айтып берді. Бірақ мұның Стайн бикеге ешбір қатысы жоқ еді. Пикассо әңгімесі басқалар жөнінде болатын.

Көктемнің тамаша күндерінің бірінде мен Обсерватория алаңынан кіші Люксембург бағы арқылы жаяу өттім. Каштандар гүлдеген, құм төгілген кішкене жолдарда балалар ойнап жүр, ал ұзын отырғыштарда бала қараушы әйелдер отыр. Ағаштарға жабайы көгершіндер қонып алған, кейбір көрінбей отырған көгершіндердің уілдеген дауысы естіледі.

Үй күтуші мен қоңырауды баспас бұрын-ақ есікті ашып тұр екен, ол кіруге рұқсат етті де, Стайн бике төменге түскенше сәл-пәл кідіре тұрыңызшы деді. Түскі тамақтың уақыты әлі болған жоқ еді, күтуші жалма-жан стақанға арақ құйып, маған ұсынды да, жұтып жіберіңіз дегендей ымдап қойды. Мөлдіреген спирт тілді күйдіріп жүре берді, бірақ оны жұтып жібермей тұрғанда Стайн бикенің біреумен күбір-күбір сөйлескен даусы естілді.

Өзім бұрын адамдардың бір-бірімен дәл осылайша тым беріліп исініп сөйлескенін тіпті ешқашан, еш уақытта, еш жерде де естіген емен!

Содан кейін барып Стайн бикенің өле-өлгенше жалбарынған жалынышты даусы естілді:

— Қоя көрші, күнім-ай, қоя көрші. Өтінемін, жетер енді. Не дегеніңе де көндім ғой.

Мен арақты қылқ еткіздім де рюмкені үстелге қоя сап, есікке қарай жүрдім. Үй күтуші маған саусағымен сес көрсеткендей боп сыбыр етті де:

— Кетпесеңізші, қазір төмен түседі, - деді.

— Кетуім керек, - дедім де, бөлмеден шыққанша ештеңе тыңдамауға тырыстым, бірақ әлгі дыбыс сол күйінше басылмай жалғаса берді, оны естімеу үшін маған шығып кетуден өзге дәнеңе қалмаған еді.

Айтылып жатқан сөз жексұрын, ал оған қайтарылған жауап одан да бетер сорақы еді.

Тысқа шыққасын үй күтушіге былай дедім:

Менің сізді албарда кездестіргенімді бикеге айтыңызшы, өтінемін. Мен күте алмадым, өйткені бір досым ауырып қалып еді. Оң сапар тілейтінімді айтыңыз. Кейін өзім хат жазармын.

— Міндетті түрде, мырза. Әттеген-ай, сіз күте алмадыңыз-ау.

— Иә, - дедім мен. - Өте өкінішті.

Міне, бұл жай мен үшін осылайша тәмам болды, және ақымақтықпен бітті, сөйтсе де мен ұсақ-түйек тапсырмаларды әлі де орындай бердім, келіп-кетіп жүрдім, қажет болған жағдайда сұраған адамдарын ертіп те келетін едім, көптеген дос, көңілдес еркектері сияқты мен де Стайн бикеге қызмет ету міндетімнен босадым, сөйтіп жаңа кезең туып біздің орнымызды жаңа достар басты. Тамаша суреттерді көрген адамға түкке тұрғысыз жаңа суреттерді көру, әрине, көңілсіз еді, бірақ енді мұның ешқандай мәні қалмады. Оның ішінде мен үшін солай еді. Стайн өзіне үйір болғандардың бәрімен араздасты, тек Хуан Гриспен ғана араздаса алмады, өйткені ол қайтыс болған еді. Осы бір есептен Хуан Гриске де бәрібір шығар деп ойладым, өйткені мұны оның суреттері айтып тұр.

Ақырында Стайн өзінің жаңа достарымен де араздасып тынды. Не қылса, о қылсын мұның біздер үшін маңызы шамалы еді. Стайн Римнің императорына ұқсады, егер саған Рим императорларына ұқсаған әйел ұнаса, тіпті де жаман болмас еді. Бірақ Пикассо оның суретін салды, мен Стайнды Фриулидің шаруа әйелдеріне ұқсайтын со бір күндерде көрген күйімде есте сақтадым.

Кейін жұрттың бәрі де мүлде өкпешіл немесе мүлде жолдан таймастай адам болып көрінгісі келмей, онымен татуласып кетті. Мен де солай істедім. Бірақ онымен еш уақыт бар ынты-шынтыммен, жүрегіммен кәдімгі нағыз ішек-қарны араласқан достардай болып кете алмадым. Оның үстіне, бәрінен де жаманы - сол адаммен енді жақсылап дос бола алмайтыныңды ақылыңмен сезінуің екен. Ал шынында жағдай тіпті бұдан да гөрі қиынырақ еді.

БЕТІ ӘРІ ҚАРАҒАН АДАМ

Мен Эзраның үйінде ақын Эрнест Уолшпен танысқан сол бір кеште оның қасында бұлғын ішік киген екі қыз болды, үйдің алдыңда "Кларидж" қонақ үйінің жалтыраған тамаша жеңіл машинасы тұрды. Шопыры оқалы киімді біреу екен. Екі қыздың екеуі де аққұба, әдемі, олар Уолшпен бір кемеде Америкадан келген. Кеме алдыңғы күні ғана келіп, сосын Уолш оларды Эзраға ертіп әкелген.

Эрнест Уолш кинофильмдердің кейіпкеріне ұқсайтын, ажал төніп тұрған, сырт пішіні ақындар сияқты қызбалау, шашы қара, нағыз ирландиялықтың өзі екен. Ол Эзрамен сөйлесіп отырғанда мен қыздармен әңгімелесіп едім, олар менен Уолш мырзаның өлеңдерін оқып па едің деп сұрады. Мен оқымаған едім, қыздардың біреуі Гарриэт Монро шығарған жасыл мұқабалы "Поэзия" журналын ашып жіберіп, маған Уолштың өлеңдерін көрсетті.

— Осы журналдың әр данасы үшін оған мың екі жүз доллар төлейді, - деді қыз.

— Әрбір өлеңіне сондай төлейді, - деді екінші қыз. Осы журналдың ең жақсы дегенде маған әр бетке он екі доллардан ғана төлегенін есіме түсірдім.

— Олай болса ол шынында да ұлы ақын болды ғой, - дедім мен.

— Оған мәселен Эдди Гестан көбірек төлейді, - деді қыздардың әуелгісі. - Оған тіпті әнебіреуден де, қалай еді есімі... артық төлейді. Сіз оны білуге тиіссіз.

— Киплингті айтады, - деді екінші қыз.

— Оған жұрттың бәрінен көп асырып төлейді, - деді әуелгі сөйлегені.

— Сіздер Парижде көп боласыздар ма? - деп сұрадым мен.

— Сізге қалай деуге болады. Онша көп болмаспыз. Біз мұнда достарымызбен біргеміз.

— Біз Уолш мырза мінген кемеде онымен бірге келдік. Сіз білуге тиіссіз, әрине, онда Уолш мырзадан бөтен ешкім болған жоқ.

— Ол меніңше карта ойнайды ғой деймін? - деп сұрадым.

Қыз түңілгендей, бір жағынан түсінген адамдай менің бетіме қарады.

— Жоқ. Оған ойнаудың қажеті жоқ. Әлгідей өлең жазатын ақынға карта ойнаудың қажеті қанша.

— Сіздер кері қарай қай кемемен қайтасыздар?

— Білмейміз. Бұл кеменің жүру уақытына байланысты және басқа да көптеген мәселелер бар. Сіз де қайтайын деп пе едіңіз?

— Жоқ, маған бұл жерде жаман емес.

— Бұл барынша кедей квартал дейді ғой, сол рас па?

— Иә. Бірақ мұнда тамаша. Мен өз жұмысымды дәмханада отырып істеймін, содан кейін ара-тұра атшабарға барып тұрамын.

— Сіз атшабарға осы киіміңізбен барасыз ба?

— Жоқ. Мұны тек дәмханаға келгенде ғана киемін.

— Ғажап екен, - деді қыздардың бірі. - Менің Париждегі дәмхананың осындай өмірімен танысқым келер еді. Саған ше, сүйіктім?

— Маған да солай, - деді екінші қыз. Мен қыздардың аты-жөнін қойын кітапшама жазып алдым да, "Клариджге" телефон соғуға уәде бердім. Қыздар сондай сүйкімді екен, мен ол екеуімен қош айтысып және Уолш пен Эзраға да cay болыңыздар деп бас изедім. Уолш әлі де Эзраға қызулана бірдемелерді айтып жатты.

— Сөйтіп ұмытпайсыз ғой? - деді қыздардың алғаш сөз бастағаны.

— Өйтуге бола ма екен! - деп жауап бердім де, қайтадан екі қыздың екеуінің де қолын қыстым.

Кешікпей-ақ Эзрадан ажал төніп тұрған жас ақындар мен поэзияны пір тұтушы кейбір әйелдердің, Уолштың "Кларидж" мейманханасына берешегінің бәрін төлеп, одан шығарып алғанын, кейін өзге бір жолмен қаражат көзін тауып, енді Уолштың тоқсан сайын бір рет шығатын жаңа журналдың редакторларының бірі болмақ ойы бар екенін есіттім.

Сол кезде Скофилд Тэйер шығаратын америкалық "Дайл" атты әдеби журнал жыл сайын талантты шығармалар жазғаны үшін өз авторларына бір мың доллардай сыйлық беріп тұратын. Ол кезде тек әдебиетті ғана кәсіп ететін жазушыға, беделді былай қойғанның өзінде бұл едәуір мол қаражат еді. Ол сыйлықты әрине, шын еңбектерімен ғана осындай дәрежеге лайық бірнеше жазушы алды. Ол уақытта Еуропада бес доллар екі адамға тым тәуір өмір сүруге, тіпті саяхат жасауға да жететін-ді.

Редакторларының бірі Уолш болады деп жобаланған әлгі журнал шығармалары алғашқы төрт нөмірінде жарияланып, ең жақсы деп бағаланған авторларға едәуір мөлшерде сыйлық тағайындауға ниеттенді деген уағыз тарады. Осының бәрі аңыз, не біреудің жалған лақабы, не бір адамның екінші біреуге сеніп айтқан құпия сыры екенін немесе аңдаусызда ауыздан шығып кеткен жел сөз екенін айыру, әрине, қиын еді. Сонда да болса осының артында қасақана қастық ой жоқ екеніне сенуге болатын-ды. Қалай болғанда да Уолшпен бірге істейтін редактор бүкіл күдіктен тыс өзінше қала береді.

Бір кезде әлгі сыйлық жайлы лақап маған жеткен мезгілде, Уолш мені өзімен бірге Сен-Мишель саяжолы ауданындағы ең жақсы және қымбат мейрамханаға түскі тамақ ішуге шақырды. Әдетте өзіміз күнде көріп жүрген арзан устрицадан мүлде өзгеше дәмді, қымбат устрицаны жеп, ең жақсы "пуйи фюизе" шарабын ішіп алғаннан кейін Уолш әңгіменің бетін осы мәселеге бұрды. Ол кемедегі шулер бандаларының сыбайласы болған ана қыз-дарды (егер олар шулер бандаларының сыбайласы болып бұл қыздарды көндіруге тырысқан ниетте болса) ырқына көндіруге өзіне қаратып алғаны сияқты мені де өз жағына үгіттеп бақты, сосын әлгі устрицалардың тағы да бірнешеуін жеуге қалайсың деп сұрағанда мен оған бас изеп келісе кеттім. Менің көзімше ол өзіне ажал төніп тұрғанын сездірмеуге тырысып бақты, мұнысынан мен де өзімше жеңілейіп қалдым. Өзінің өкпе ауруымен ауырып жүргенінің маған аян екенін ол білетін. Оның өкпе ауруы жеңіл-желпі емес, нағыз бойға сіңген сырқат еді, бұдан ол кезде адамдар көп өлетін. Ауруының қаншалықты асқынғаны маған белгісіз, бірақ ол үстел басында бірге отырғанымызда ешқандай жөтелмеді, мұнысына өзім риза болдым. Өлім мен өкпе ауруының таңбасы басылған Канзас-Ситидегі жезөкшелердің әр түрлі жиіркенішті нәрселерді талғамай қылғыта беретіні сияқты, бұл да осы устрицаларды соларға ұқсап жұтып отырған жоқ па екен деген ой келді маған, бірақ оның өзінен бұл жайында сұрауға бата алмадым. Мен өзім устрицаларды бірінен соң бірін жей бастадым; оны күміс табақшаларға уатылған мұздың үстіне салып береді, жеп отырып өте нәзік устрицалардың үстіне лимон шырынын тамызғанда жыбыр етіп жиырыла қалатынына таңданып, сосын оларды қабыршағынан бөліп асықпай аузыма салып, мұқият шайнап уатып жеп отырдым.

— Эзра - кереметтей ұлы ақын, - деді Уолш маған өзінің қоңыр көздерімен қадала қарап.

— Иә, - дедім мен. - Оның үстіне тамаша адам.

— Мархабатты, - деді Уолш. - Шын мейірбан жан. Біраз уақыт біз үндемей тамағымызды ішіп, Эзраның мейірбандығына риза болып отырдық.

Енді мен Эзраның осы арада жоқтығын сезініп, оған қынжылғандай болдым. Мен сияқты оның да әлгідей устрицаларды сатып алуға шамасы келмес еді.

— Джойс - ұлы жазушы, - деді Уолш, - кереметтей ұлы.

— Иә, ұлы, - дедім мен. - Және жақсы жолдас.

Біз онымен өмірінің тамаша бір кезеңінде, "Улиссаны" бітірген жылы және көп уақыттар бойы "Даму кезеңіндегі жұмыс" деп аталып келген еңбегін әлі қолға алмаған кезде достасқанбыз. Мен Джойс туралы ойладым және көп нәрсені есіме түсірдім.

— Оның көзінің көру қабілеті нашарлай бастағаны қандай өкінішті, - деді Уолш.

— Өзі де сондай өкінеді, - дедім мен.

— Бұл біздің заманымыздың қасіреті, - деді Уолш.

— Кімді алсаң да әйтеуір бойынан бір пәле табылады, - дедім мен үстел басындағы әңгімемізді жандандыруға тырысып.

— Тек сізде ғана емес бұл жағдай, - деп ол маған өзінің бүкіл жарқындығынан айырылып қалғандай болды, осы кезде оның бет-ажарынан ажал қаупі төнген адамның кейпі аңғарылғандай еді.

— Сіз маған өлім таңбасы басылмаған дегенді айтқыңыз келе ме? - деп сұрадым мен шыдамсызданып кетіп.

— Жоқ, сіз өміршең адамсыз. - Өмір деген сөзді ол ерекше мән беріп салмақпен айтты.

— Маған тек уақыт берсеңіз болғаны, - дедім мен.

Оның жас ет жегісі келді, мен жақсы тұздықпен бапталған сиыр етін - екі бифштекс әкелсін дедім. Майлы ет оған пайдалы болатын шығар деп ойладым.

— Қызыл шарап ішсек қайтеді? - деп сұрады ол.

Осы кезде қасымызға шарапшы жетіп келді, мен оған "шатонеф дю пап" шарабын әкеліңіз дедім. Сосын өзен жағалауымен серуендеймін, сонда ішкіліктің қызуы тарап кетеді. Ал ол ұйықтап алсын немесе ойына не келсе сонысын істесін. Мен қайда баратынымды өзім білемін деп ойладым.

Қуырылған картоп салынған бифштексті жеп болып, күндіз ешкім ішпейтін әлгі "шатонеф дю пап" бөтелкесінің үштен екісін ішіп алғанымызда жағдайым тәуір бола бастады.

— Ананы-мынаны айтып жалтарудың керегі не, - деді ол - Сіз біздің сыйлығымызды алатыныңызды білесіз ғой.

— Шын айтып отырсыз ба? - деп сұрадым мен. - Сонда не үшін?

— Сыйлықты сізден басқа ешкім алмайды, — деді де ол менің не жазып жүргенім жайлы айта бастады, ал мен тыңдауды қойдым.

Қашанда мені көзіме мақтағанда ол маған жақпайтын. Мен оның өзіне, ажал төніп тұрған бет-жүзіне қарағанымда маған мынадай ой келді. "Өзіңнің өкпе ауруыңмен тұрмай, сен ғой мені ақымаққа айналдырғың келеді-ау, алаяқ. Мен шаңы шыққан жол үстіндегі батальонды көрдім. Ондағы әрбір үшінші адамға өлім, тіпті одан да қорқынышты бір нәрсе төніп тұратын, ал сонда да олардың бет-жүзінен жолдың шаңы ғана болмаса одан өзге ешбір ажалдың қауіп-қатері білінбеуші еді. Басыңа ажал төнген алаяқ, өз өліміңнен байығың келген екен сенің, естимісің, осыны. Сөйтіп отырып мені ақымақ қылғың келеді. Өзгелерді ақымақ қылам деп ойламасаң өзің де ақымақ болмас едің". Тек ажал ғана оны ақымақ қылғысы келмеп еді. Оның ажалы шынында да таяп қалған болатын.

— Меніңше, мен ондай сыйлық алуға лайық емес шығармын, Эрнест, - дедім мен, оны жек көретін өз есіміммен атай отырып. - Мұның үстіне, Эрнест, бұл лайықсыз болар еді.

— Осы сіз екеуіміздің аттас болуымыз шынында да қызық емес пе?

— Иә солай, Эрнест, - дедім мен. - Екеуіміз де осы есімге лайық адамдар болуымыз керек.

— Менің не айтпақ болып тұрғаным, Эрнест, сізге түсінікті болар деп ойлаймын, солай емес пе?

— Иә солай, Эрнест3, - деп ол ирландықтың көңілсіздікке саятын қулығымен мені қанағаттандырғандай болды.

Осыдан біраз кейін оның өзімен де, шығаратын журналымен де жақсы қатынаста болдым, ал қан қақыруға тап боп, ауруы асқынғанда ол Парижден кетіп қалды, кетерінде маған ағылшынша ешкім оқи білмейтін баспаханада теріліп жатқан журналдың алғашқы гранкаларының дұрыс терілуін бақылауды тапсырды, мен оның бүл өтінішін орындадым да. Мен қан қақырған бір ретінде оның жанында болып едім, ауру меңдеген екен, сірә, күнің санаулы-ақ қалған шығар деп жобаладым, өз өмірімнің де сол бір қиын-қыстау шағында онымен ерекше тату-тәтті болу, өзін Эрнест деп атағанымда оның аса риза болып қалатыны сияқты бұл маған да айрықша рақат әкелетіндей еді. Мұнымен бірге мен онымен қызметтес болған редактор әйелге де таң-тамаша қалып оны құрметтеп жүрдім. Ол маған ешқандай сыйлық жөнінде уәде берген жоқ. Ол әйелдің мақсаты - шама келгенше жақсы журнал шығарып өз авторларына тиісінше дұрыс қаламақы төлеу ғана еді.

Осыдан көп кейін мен бір күні күндізгі спектакльден шығып, Сен-Жермен саяжолымен жалғыз өзі келе жатқан Джойсты көрдім. Ол актерлерді көрмесе де оларды тыңдауға құмар болатын. Ол мені өзімен бірге жүріп бірдеме ішуге шақырды, екеуміз "Де Магоға" кірдік те, Джойс туралы жазып жүргендер оны швейцариялық мөлдір шараптан өзгені ішпеуші еді деп сендірмек болса да херес шарабын алдырдық.

— Уолштан не хабар бар? - деп сұрады Джойс.

— Ол өзі қандай оңбаған болса, сонысымен қаладыдағы, - дедім мен.

— Айтпақшы, ол әлгі сыйлығын сізге берем деп уәде ғып жүрген жоқ па? - деп сұрады Джойс.

— Иә, солай деуін деген.

— Ай, ештеңе шықпас деп ойлап едім-ау, - деді Джойс.

— Ол сыйлықты сізге де берем деп пе еді?

— Иә, - деді Джойс. Сосын ол: - Ал сіздіңше қалай, ол сыйлықты Паундқа да берем деген бе? - деп сұрады.

— Онысын білмеймін.

— Енді ол жөнінде ештеңе сұрамағанның өзі жақсы, - деді Джойс.

Екеуміз енді бұл жөніндегі әңгімені доғардық. Мен Джойсқа қасында ұзын бұлғын ішік киген екі қызы бар оны Эзраның студиясында тұңғыш рет қалай көргенімді айттым, бұл әңгімені ол сүйсіне тыңдаған еді.

ИВЕН ШИПМЕН "ЛИЛА" ДӘМХАНАСЫНДА

Сильвия Бичтің кітапханасымен танысқаннан бері мен Тургеневтің шығармаларын түгел, ал Гогольдің ағылшын тіліне аударылып шыққандарының бәрін оқыдым. Сондай-ақ Констанс Гарнетт аударған Толстой шығармаларын, Чеховтың ағылшын тілінде басылғандарын да құмарта оқыдым. Торонтода біз Парижге әлі кетпей тұрғанда Кэтрин Мэнсфилд тартымды, тіпті өте жақсы әңгімелер жазады деп маған біреулер айтқан еді, бірақ әрі ақылды, әрі білікті, оған қоса тамаша етіп, түсінікті ғып жазатын қарапайым жазушы Чеховтан кейін оның әңгімелерін оқу әлі онша егде тарта қоймаған кәрі қыздың өз ойынан шығарған бәлду-батпақ жайттарын тыңдаумен пара-пар болар еді. Мэнсфилдтің әңгімелері су қосқан сыра сияқты болатын.Ондай сырадан гөрі судың өзін ішкен артық қой. Ал Чеховтың әңгімелерінде судың мөлдірлігіне ұқсас бір нәрсе бар еді. Кейбір әңгімелері күнделікті хроника хабарлары сияқтанып кетеді, ал кейбіреулері шынында да ғажайып дүниелер. Достоевскийде шындыққа келетін де, келмейтін де жайттар бар, сонысымен бірге сондай нанымды нәрселерді де жазады, оларды оқып отырып өзіңнің де өзгере бастағаныңды сезбей қаласың. Бейшаралық пен ақымақтық, кертартпалық пен әулиелік, құмарпаздықтың тежеуге болмайтын шындығы, Тургенев шығармаларындағы табиғат көріністері мен жолдардың, Толстойдағы ұрыс әрекеттерінің ауқымы, әскердегі офицерлер мен солдаттардың қимыл-әрекеттерінің нанымды шындығы сияқты боп көрінеді. Толстойдың мұнысымен салыстырғанда Стивен Крейннің біздегі азамат соғысын жазғаны, бір кездегі атамның үйіндегі маған ұқсап, еш уақытта соғысты көрмеген, тек бар болғаны ұрыс пен ерлікті кітаптардан ғана оқыған, Брэдидің фотосуреттерін ғана көрген нақұрыс баланың қолдан ойлап шығарған өтірігі сияқты еді. Стендальдың "Парм шіркеуін" оқығанға дейін мен Толстойдан өзге соғысты осыншама тамаша бейнелеген ешкімнің шығармасын оқыған емеспін, айтпақшы, Стендальдің әлгі айтқан соншалықты әсерсіз романындағы Ватерлоо шайқасын суреттеуі жат көрініс сияқты боп кетеді. Бүкіл осы жаңа кітаптар дүниесімен танысу, қандай кедей дегенмен де жақсы тұрып, тым тәуір жақсы жұмыс істейтін Париж сияқты қалада оқуға уақыт табудың өзі баға жетпес қазына табумен бірдей еді. Осы қазынаны өзіңмен бірге саяхатқа алып кетуге де болады, біз барған Швейцария мен Италияның қалаларында; Австриядағы Форарльбергтің биік таулы аңғарларының бірінде әлі Шрунсті ашпай тұрғанымызда кітаптар өзімізбен бірге болды, сөйтіп сен өзің тапқан жаңа дүниенің қақ ортасында жүрдің; күндіз айналаң қар, қыс жұмбақтарын бойына сақтап мүлгіп тұрған ормандар мен мұздақтар, биік таудағы қыстақтың "Таубе" мейманханасындағы өзің түнеп шығатын орның, ал түнде орыс жазушылары өзіңе сыйға тартқан өзге керемет дүние - міне, ғажап десеңізші! Мен ең алдымен орыс жазушыларына жүгінетінмін, содан кейін барып өзге жазушыларды оқисың. Не дегенмен ұзақ уақыт бойы орыс жазушылары менің миымнан кетпей қойды.

Бірде Араго саяжолындағы теннистен келе жатқанымызда Эзра мені бірдеме ішіп шықпайсың ба деп өзіне шақырды, мен сонда одан сіз Достоевскийге қалай қарайсыз деп сұрағаным бар.

— Шынымды айтсам, Хем, - деді Эзра, - мен сол орыс жазушыларының бірде-біреуін оқымаған адаммын.

Бұл оның шын жауабы еді, жалпы Эзра менімен әңгімелескенде үнемі осындай болатын. Менің ұнататын адамымның мұнысы маған ыңғайсыздау көрінді, сыншы ретінде оның кейбір пікіріне мен шын сенетінмін, мені бірден-бір дұрыс сөзге үйреткен де осы адам еді. Кейінірек мен кейбір жағдайларда адамдарға сене бермеу керек екенін үйрендім, сосын барлық уақытта дерлік дұрыс сөз табуға ыждағаттанбайтын, әйтсе де кейде өзінің кейіп-керлерін өзгелерден көш артық, соншалықты нанымды етіп шығаратын бір адам туралы оның пікірін білгім келді.

— Француздарды көзден таса қылма, - деді Эзра. - Олардан сіз көп нәрсе үйренесіз.

— Білемін, - дедім мен. - Мен кімнен болса да коп нәрсе үйрене аламын.

Аздан соң мен Эзрадан шығып тақтай тілетін зауытқа беттедім, алға көз жібергенімде көшенің сонау аяғындағы биік үйлердің арасынан Сен-Мишель саяжолының жапырағынан айырылған жалаңаш ағаштары, Бюлье би залының есік жақ қақпасы көрініп тұрады. Мен үйіме жетіп қақпаның есігін аштым да, жаңа ғана тілінген тақтайлар арасымен өтіп, қолымдағы нәрселерімді үйдің жоғарғы қабатына көтерілетін баспалдақтың шетіне қоя салдым. Дауыстап едім, үйде ешкім жоқ екен.

— Жұбайыңыз, бала күтуші әйел өз баласымен бірге бәрі де бір жаққа кетті, - деді тақтай тілетін зауыттың қожайынының әйелі. Ол өзі томырық мінезділеу, ірі денелі, жирен шашты әйел еді. Мен оған рахмет айттым.

— Сізді бір жас жігіт сұрады, - деді ол, келген адамды "мырза" деудің орнына "жас жігіт " деп сөйлеп. - Ол "Лилада" боламын деді.

— Көп рахмет, - дедім мен. - Өтінемін сізден, жұбайым келгенде оған менің "Лилада" болатынымды айтыңызшы.

— Жұбайыңыз бір таныстарымен кетті, - деді әлгі әйел. Осыны айтты да қоңыр халатын қаусырына түсіп, биік өкшелі аяқ киімінің өкшесін тықылдатып өз үйіне қарай беттеді, артындағы есік ашық қалды.

Мен сорғалаған жаңбырдың жолақ-жолақ іздері мен дақтары бар биік ақ үйлердің арасымен жүріп отырып, күн сәулесі мол түскен көшенің қиылысқан жеріне жеткенде оңға бұрылдым да іші ала көлеңкеленіп тұрған "Лилаға" келіп кірдім.

Күнде көріп жүрген таныстарым жоқ екен, сәкісіне шығып едім, мені күтіп тұрған Ивен Шипменді көрдім. Ол жақсы ақын еді, оның үстіне ат бәйгесін, әдебиет пен сурет өнерінің мән-жайын жақсы түсініп ұнататын. Ол орнынан тұрып еді, мен ұзын бойлы, қуқыл жүзді жүдеу, үстінде жағасын кір шалған жейдесі, тозып ұйпалақтанған костюмі бар, тырнағы өсіп кеткен, саусақтары шашынан да қап-қара адамды көрдім. Жүзі жарқынданып тістерінің ақауын көрсеткісі келмегендей аузын ашпай жасқаншақтай күлімсіреп тұр екен.

— Сізді көргеніме қуаныштымын, Хем, - деді ол.

— Хал-ахуалыңыз жақсы ма, Ивен? - деп сұрадым мен.

— Ақырын, шүкіршілік, - деді ол. - Шынын айтсам, "Мазепаны" бітірген сияқтымын. Ал өзіңіз қалайсыз, бәрі жақсы ма?

— Меніңше солай секілді, - дедім мен. - Сіз келіп кіргенде мен Эзрамен теннис ойнап жатыр едім.

— Эзраның жағдайы жақсы ма?

— Өте жақсы.

— Мен оған қуаныштымын. Сіз білесіз бе, Хем, мен сіздің қожайыныңыздың әйеліне ұнамадым-ау деймін. Ол кісі маған сізді жоғарыда күте тұруға рұқсат етпеді.

— Жақсы, онымен сөйлесейін, - дедім мен.

— Қапа болмаңыз. Мен әрдайым сізді осы арада да күтіп аламын. Мұндай күн шуақта өте жайлы ғой, солай емес не?

— Қазір күз ғой, - дедім мен. - Меніңше сіз тым жеңіл киінгенсіз.

— Тек кешке қарай ғана салқын, - деді Ивен. - Онда мен пальто киемін.

— Пальтоның қайда екенін сіз білесіз бе?

— Жоқ. Бірақ ол сенімді жерде шығар.

— Сіз оны қайдан білесіз?

— Мен онда поэмамды да қалдырдым. - Ол аузын ашпауға тырысып көңілдене күлді. -Өтінемін, менімен бірге виски ішіңізші, Хем.

— Жақсы, ішейін.

— Жан! - Ивен орнынан тұрып даяшы шақырды. - Өтінемін, екі виски әкеліңізші.

Жан бір бөтелке арақ пен рюмкелерді және әрқайсысы он франк тұратын екі табақша әкелді. Ол өлшемей-ақ рюмкелерге толтырып виски құйды. Жан Ивенді жақсы көретін, өйткені Жан өзінің қолы бос күндері Ивеннің Орлеан заставасының ар жағындағы Монруже бағында қолқабыс етіп жиі-жиі жұмыс істейтін.

— Көп беріліп кетпеңіз, - деді Ивен егде тартқан ұзын бойлы даяшыға.

— Бұл тек екі адамға арналған виски ғой, дұрыс емес ие? - деді даяшы.

Біз вискиге су қосқан едік, Ивен былай деді:

— Ең әуелі бастап ұрттау ғой, Хем. Егер дұрыстап ішсек, бұл бізге біразға жетеді.

— Сіз осы өзіңіз туралы аз-маз ойлайсыз ба? - деп сұрадым мен.

— Әрине, ойлаймын, Хем. Өзге мәселе жайында әңгімелесейікші, жақсы ма?

Сәкіде бізден басқа бөтен ешкім жоқ еді. Арақ екеуіміздің де бойымызды жылытты, Ивеннен гөрі мен үстіме киім киген едім, іш көйлектің орнына жүн кеудеше, сыртынан жейде, оның сыртында француз теңізшілерінің көк түсті жеңсіз бешпеті бар-ды.

— Достоевский туралы көп ойлаймын, - дедім мен. - Бұл жазушы соншалықты жаман, шектен тыс нашар жаза тура, адамға қалайша өте қатты әсер ете алады?

— Бұл арада әңгіме аудармада емес шығар, - деді Ивен, - мәселен, Констанс Гарнеттің аударуында Толстой тамаша жазатын көрінеді ғой.

— Мен оны білемін. Констанс Гарнеттің аудармасы қолыма түскенге дейін мен "Соғыс және бейбітшілікті" талай рет оқып шығам деп ақырына дейін оқи алмай қойғанымды әлі ұмытқан жоқпын.

— Оның аудармасын бұдан да гөрі жақсырақ шығаруға болады десіп жүр ғой, - деді Ивен. - Орыс тілін білмесем де мен де осылай деп ойлаймын. Бірақ аударманың жайын сіз екеуіміз білеміз ғой. Қайткенде де бұл өте күшті шыққан роман, меніңше дүниедегі ең ұлы шығарма осы. Оны неше рет болса да қайталап оқи бергің келеді.

— Дұрыс айтасыз, - дедім. - Ал Достоевскийді бірнеше рет оқу қайда. Бір кезде Шрунста кітапсыз қалғанымда оның "Қылмыс пен жаза" романы бар еді. Мен оны, оқитын өзге еш нәрсе болмағанның өзінде де аяғына дейін оқи алмадым. Таухниц басып шығарған Троллоптың романдарының біреуі қолыма түскенше, мен Австрияның газеттерін оқыдым, неміс тілімен шұғылдандым.

— Таухницке Құдай рахым етсін, - деді Ивен.

Арақ енді тілімізді күйдірмеді. Біз оған тағы су қосып іштік, ол бұрынғысынан да күштірек сияқты боп көрінді.

— Онда Достоевский нағылет болған ғой, Хем, - деп Ивен сөзін онан әрі жалғастырды. -Оның жазғандарында осы айтқан нағылеттер мен әулиелер жақсы боп шыққан, әсіресе оның әулие-әмбиелері тамаша әсерлі бейнеленген. Біздің оны қайталап оқи алмайтынымыз, әрине, жақсылық емес.

— Менің "Ағайынды Карамазовтарды" тағы қайталап оқығым келіп жүр. Мүмкін, гәп оның жазғандарында емес, менің оны оқи алмай жүргенімде шығар.

— Алғашқыда бәрі жақсы боп келе жатады. Едәуір осылай болады. Сосын бұл ұлы кітап болса да жының келеді.

— Мүмкін, мұны алғаш рет оқығанымыз тәуір болған шығар, мүмкін, бұдан гөрі де жақсырақ аудармасы табылып қалар.

— Қызыққа көп берілмеңізші, Хем.

— Берілмеймін. Осының бәрі өз-өзінен болып жатса ғой, шіркін, онда неғұрлым көп оқыған сайын соғұрлым жақсы болар еді.

— Олай десеңіз, сізге Жанның арағы көмектессін, - деді Ивен.

— Осы арақ үшін оған талай қырсық кездеседі әлі, - дедім мен.

— Ол қырсық басталды емес пе.

— Қалайша?

Осы дәмхана өзгелердің меншігіне көшетін көрінеді, деді Ивен. - Дәмхананың жаңа қожалары ауқаттырақ біреулердің келуін тілейді, және мұны американдық дәмхана жасамақ ниеттері бар көрінеді. Сонда олар даяшыларға ақ бешпет кигізіп, олардың мұрттарын алдырып тастамақшы.

— Андре мен Жанға ма? Мүмкін емес.

— Мүмкін емес-ау, бірақ солай болары анық.

— Жан өмір бойы мұрт қойып жүр емес пе. Оның мұрты драгундердің мұртындай ғой. Өзі атты әскер полкында қызмет еткен адам.

— Қандай болса да ол мұртын енді алдырады. Мен арағымды ішіп тауыстым.

— Енді арақ керек пе, мырза? - деп сұрады Жан. - Арақ ішесіз бе, Шипмен мырза?

Оның ширатылған ұзын мұрты, өзінің жүдеу бет-пішініне лайықты-ақ екен. Жатқызыла тараған шашының арасынан жалтырап төбесі көрініп тұр.

— Керегі жоқ, Жан, - дедім мен. - Осы да жетер.

— Оларыңыз не, - деді ол бізге даусын бәсеңдете сөйлеп, - жетсе жетеді, мырза, - деп даусын сәл көтере түсті де дәмханаға кетіп, тағы бір бөтелке арақ, екі стақан, әрқайсысы он франктық екі табақша және бір бөтелке шипалы су алып қайтып оралды.

— Керегі жоқ, Жан, - дедім мен.

Ол стақандарды табақшаларға қойып, екеуіне де толтыра арақ құйды да, шишадағы қалған арақты қайта дәмханаға алып кетті. Біз Ивен екеуіміз стақандарға минеральды судан аздап құйдық.

— Достоевскийдің Жанмен таныс болмағаны мұндай жақсы болар ма, - деді Ивен. -Әйтпесе, ол маскүнем боп кетер еді.

— Ал біз не істейміз?

— Ішеміз, - деді Ивен, ішпеуге болмайды, қалайда ішесіз.

Дүйсенбі күні таңертең мен "Лилаға" келгенімде Андре маған сиыр етінің сорпасын әкеліп берді. Ол мығым денелі, аққұбаша адам еді, бұрын селтиген мұрты болатын, жоғарғы ерні дінді уағыздаушының ерніндей жып-жылмағай бола қалыпты. Үстіне американдық ішімдікханаларда киетін ақ күрте киіп алған.

— Жан қайда?

— Ол ертең істейді.

— Хәлі қалай?

— Ол бұған көндіге алмай жүр. Соғыста бастан-аяқ драгундар полкында болды. Оның әскери крест және әскери медальі бар.

— Мен оның ауыр жаралы болғанын білмейтін едім.

— Олай емес. Оның жараланғаны рас. Бірақ оған әскери медаль көрсеткен ерлігі үшін берілген.

— Оған менің өзін сұрағанымды айтыңызшы.

— Сөзсіз айтамын, - деді Андре. - Әйтседе, ол бұл жағдайға көндігер деп ойлаймын.

— Өтінемін, оған Шипмен мырзадан да сәлем дегейсіз.

— Шипмен мырза қазір Жанның үйінде, — деді Андре, - екеуі бірге бақта жұмыс істеп жатыр.

ДЕРТІ БАР АДАМ

Нотр-Дам-де-Шан көшесінен Раполлоға кетердің алдыңда соңғы рет Эзра маған:

— Хем, мына апиыны бар құтыны өзіңде сақта. Өте лажсыз жағдайда болмаса оны Даннингке ешқашан бермегейсің, - деген еді.

Бүл опа-далап салынған үлкен банкі екен, қақпағын бұрап ашып қарағанымда қоңыр түсті жабысқақ бір нәрсеге көзім түсті және шала тазартылған апиынның иісі мұрынымды жарып кете жаздады. Эзраның сөзіне қарағанда, ол мұны Италия саяжолы жанындағы Опера көшесінде тұратын үндістердің көсемінен қымбат бағаға сатып алыпты. Бұл апиынды ол, сірә, бірінші дүниежүзілік соғыста, мүмкін, одан кейін қашқындар мен есірткіш дүниелерімен сауда-саттық жасаушылар паналайтын "Жардағы қуыс" деп аталатын ескі ішімдікханадан сатып алған шығар деген тұжырымға келдім. Сыртқы есігі Италия көшесіне шығатын "Жардағы қуыс" ішімдікханасының іші өте тар, кәдімгі дәлізден аз-ақ қана кеңдеу болатын. Бір кезде оның ішінде Париждегі лас суларды ағызатын каналға апаратын жасырын есік бартын. Ол арқылы жер асты үңгіріне де баруға болады десетін жұрт. Ал Даннинг деп отырғанымыз - тамақты ұмытып, үнемі апиын тартатын ақын Ральф Чивер Даннинг еді. Апиынды көп тартқан сәттерінде ол тек қана сүт ішіп, үш жолдық рубаяттар ғана жазатын, Эзра осынысы үшін ғана жақсы көріп, оның поэзиясының құндылығын жоғары бағалайтын. Ол Эзрамен екеуі бір үйде тұрды, Парижден кетуіне бірнеше жеті қалғанда Эзра маған адам жіберіпті, бақсам Даннинг есіріп, өлім халінде жатыр екен.

"Даннинг дүниеден өткелі жатыр. Өтінемін, тезірек келе көр", - деп жазыпты ол маған жіберген хатында.

Әбден жүдеп құр сүлдесі ғана қалған Даннинг төсекте жатыр екен, оның аштықтан өлуі де күдіксіз еді, бірақ осындай хал үстінде жатқандардың тек санаулысы ғана әдемі сөйлей алады деп мен Эзраны сендіре түстім. Бұлай өлетіндер үш жолдық рубаяттар айтып барып өледі дегенді әрине, естіген жоқпын. Бұл атақты Дантенің өзінің де қолынан келген-келмегені белгісіз еді. Эзра Даннингтің рубаяттарды мүлде айтпағанын сездірді, ал мен мүмкін, маған рубаяттар елестеген шығар, өйткені хат әкелгенде мен ұйықтап жатқан едім дедім Эзраға. Ақыры өледі деп отырған Даннингті төсегі жанында біз бір түн күзеттік, содан соң онымен дәрігер айналысты да, апиынмен уланудан емдеу үшін оны біреудің жеке меншік клиникасына алып кетті, Эзра емдеу ақысын төлеуге кепілдік берді, поэзияны сүюшілердің қайсысын Даннингке көмек береді деп сендіргенін мен біле алмадым. Ал өзім болсам құтыдағы апиынды оған тек мүлде лажсыз болған жағдайда ғана берер едім. Эзраның әрбір тапсырмасының өзі мен үшін қадірлі еді, бұл жолы да мен сеніміне лайық бола алармын және лажсыз жағдай болғанда оны түсінетін шығармын деп ойладым. Осы лажсыз жағдай жексенбінің бір ертеңгілігінде кездесе кеткені. Тақтай тілетін зауытқа Эзраның үйіндегі қақпашы әйел келді де, ашық терезенің алдыңда ат бәйгесінің бағдарламасын оқып отырған маған: "Даннинг мырза үйдің шатырына шығып кетті, одан түспеймін де, түспеймін деп жатыр", - деп айқайлады.

Даннингтің студияның шатырына шығып кетіп, одан түсуден мүлде бас тартқаны маған әлгі лажсыз жағдайдың жеткен сәті сияқты болып көрінді. Мен апиыны бар құтыны іздеп тауып алдым да, кездескен жағдайдан қатты абыржыған, өзі аласа бойлы мазасыз әлгі күзетші әйелмен бірге көшеге шығып, онымен қатарласа жүріп кеттім.

— Мырза, сізде әлгі қажетті нәрсе бар ма? - деп сұрады әйел менен.

— Әрине, бар, - деп жауап бердім мен. - Бәрі де орнына келеді.

— Паунд мырза әрқашан жұрттың бәріне қамқоршы боп жүреді, - деді ол, - оның тұла бойы тұрған қайырымдылық еді ғой.

— Әбден дұрыс айтасыз, - дедім мен. - Өз басым оны күн сайын еске алып отырамын.

— Даннинг мырза өзін есті адамдар сияқты көрсете алады деп сенуімізге болатын шығар.

— Менің қолымда дәл осыған қажетті нәрсе бар, - деп әйелді сендіре түстім мен.

— Біз қақпадан кіре бергенімізде-ақ қақпашы әйел:

— Ол шатырдан жерге түсті, - деді.

— Олай болса менің келе жатқанымды аңғарған болды ғой, - дедім мен.

Мен Даннингтің бөлмесіне апаратын сыртқы баспалдақпен көтеріліп, есікті қақтым. Ол есікті ашты. Шамадан тыс жүдеп кеткендіктен ол маған сырықтай ұзын көрінді.

— Эзра мына бір нәрсені сізге бер деп тапсырып еді, - дедім мен құтыны ұсынып жатып. -Сіз мұның не екенін біледі деген еді ол.

Даннинг құтыны қолына ап, біраз қарап тұрды да, сосын оны маған қарай лақтырып кеп жіберді. Құты көкірегіме ме, иығыма ма, әйтеуір бір жеріме тиді де, баспалдақтан төмен қарай домалап кетті.

— Нағылет, - деді ол. - Оңбаған неме.

— Эзра мұның сізге алда-жалда қажет болуы мүмкін деген еді, - деп қарсылық білдірген болдым мен.

Жауап қатудың орнына ол маған енді сүт бөтелкесін лақтырды.

— Мұның сізге керек болмасына шынымен-ақ сенесіз бе? - деп сұрадым мен.

Ол екінші бір бөтелкені лақтырды. Мен кетуге ыңғайланып сырт айналғанымда, лақтырған тағы бір бөтелкесі менің ту сыртымнан кеп тиді. Сосын ол есікті жауып алды. Мен азғана шытынап сынған құтыны жерден көтеріп алдым да, қалтама сала салдым.

— Меніңше, Паунд мырзаның сыйлығы оған зәру емес шығар, - дедім мен қақпашы әйелге.

— Енді ол тынышталатын шығар, - деді қақпашы әйел.

— Мүмкін, бұл дәрі оның өзінде де бар шығар, - дедім мен.

— Бейшара Даннинг мырза-ай, - деді әйел

Эзра бастарын қосқан поэзияны шын сүюшілер ақыры Даннингке көмекке келген. Сөйтіп, біз қақпашы әйел екеуіміз еш нәрсе істей алмадық. Апиыны бар деген сәл-пәл шытынап сынған құтыны мен су өткізбейтін қағазға орап, салт атқа мінгенде киетін ескі етігімнің қонышына тыға салдым.

Кейін бірнеше жыл өткесін Ивен Шипмен екеуміз менің заттарымды бұрынғы тұрған үйімнен өзге пәтерге тасып жүргенімізде етіктің ішіне салған әлгі құты ұшты-күйлі жоқ боп шықты. Сонда Даннингтің маған неліктен сүт бөтелкесін лақтырғанын мен түсіне алмай-ақ қойдым, мүмкін, ол өзі өлгелі жатқан сол бір түндегі менің шүбәланғанымды есіне түсірген шығар, әлде бұл оның мені жек көргендігі ме? Бірақ Ивен Шипменнің "Даннинг мырза үйдің шатырына шығып кетті, одан түсетін түрі жоқ" деген сөзді естігенде таң-тамаша қалғаны есімде сақталыпты. Бәлкім Ивен бұған тәуір әрекет ретінде қараған шығар, ол жағы маған мәлімсіз еді. Мүмкін, Даннинг мені кесапат таратушы немесе полицияның тыңшысы деп ойлады ма екен. Менің жалғыз-ақ білетінім, өзге адамдарға істеген қайырымдылығы сияқты Эзра Даннингке де жақсылық істегісі келді-ау деп түйдім, ал Эзраның өзі Даннингті шынында да жақсы ақын деп бағалағанына мен шын сенетінмін. Бірақ ақын үшін сүт бөтелкесін соншама дәлме-дәл лақтыру таңданарлықтай еді. Ал соншама мықты ақын болған Эзраның өзі де теннисте жақсы ойнайтын. Немесе өлеңдерінің басылу-басылмауына барынша салқын қандылықпен қарайтын өте тамаша ақын Ивен Шипменнің өзі мұндай құпия істің шешуін іздеп мазалаудың қажеті жоқ деп есептейтін.

— Біздің өмірімізде шынында да нағыз құпиялық көбірек керек болар еді, Хем, - деді ол бірде маған. - Қазір бәрінен бұрын бізде не жетіспейді дейсіз ғой, ол атаққұмарлықтан мүлде ада жазушы және әлі жарық көріп үлгермеген жақсы өлеңдер - осы екеуі ғана. Ал одан өзге күнкөріс қамына керекті тамақ дегеніңіз тағы бар.

СКОТТ ФИЦДЖЕРАЛЬД

Көбелек қанаттарындағы ғажайып өрнек-кестелер өзінің табиғилығымен қандай көз тартса, оның дарыны да дәл сондай еді. Бір кездерде ол көбелек секілденіп мұны түсінбеді, сөйтіп жүріп әлгі тамаша түр-түстің лезде өшіп-жоғалғанын да сезбей қалды.

Кейінірек қанаттары зақымданып оны не құпия ұстап тұрғанын түсінгеннен кейін ол ой ойлауға бейімделе бастады. Бірақ не пайда, енді қайтып ұша алмады, өйткені ұшуға деген сүйіспеншілігінен ада боп қалды, ал жадыңда сақталғаны - тек бір кезде осы ұшудың оп-оңай болғандығы ғана еді.

Мен бір кезде Скотт Фицджеральдпен танысқанымда таңданарлық бір жайдың куәсі болдым. Оның басында оғаш қылықтар көп болушы еді, бірақ сол бір оқиға менің жадымда күні бүгінге дейін сақталып қалыпты. Деламбр көшесіндегі "Динго" ішімдікханасында өзіме онша лайықты емес біреулермен отырғанымда барға Скотт келіп кірді, ол сол бойда-ақ өзін және қасындағы ұзын бойлы, сүйкімді келген әйгілі бейсболшы Данк Чаплинді бізге таныстырды. Мен Принстон бейсболын онша қадағалап жүрмейтінмін, сондықтан ешқашан Данк Чаплин жөнінде естіген жоқ едім. Бірақ ол өзін сабырлы ұстаған қалпы жылы жүзді, кішіпейілдігімен маған Скоттан да гөрі көбірек ұнады. Ол кезде Скотт әдемі дегеннен гөрі, кәдуілгі жас жігіт қандай болса сондай әсер қалдырушы еді. Ол толқынды сары шашты, маңдайы жазық, көзі оттай жанған, аузы ирландықтарға тән, сұлу әйелдің ерніндей жұқа ерінді, иегі жұп-жұмыр, құлағы әдемі, қыр мұрынды келген адам екен. Егер бет пішінінің өңділігі, тым сарғыш шашы, аузының келістілігі демесең, әлгідей мұрынды адамды сүйкімді деуге болмас та еді. Мен Скотты тым жақын білгенге дейін оның бейпіл ауыздылығы маған мазасыздық туғызып жүрді, ал жақын танысқаннан соң әлгі мазасыздық бұрынғыдан да күшейе түспесе кеміген жоқ.

Менің онымен әлдеқашан-ақ танысқым келді.

Осы бір күні мен көп жұмыс істеген едім, дәмханада Скотт Фицджеральд пен бұрын тіпті естімеген, енді менің досым, кемеңгер Данк Чаплиннің пайда болуы маған кереметтей көрінді. Скотт толассыз сөйлей берді, менің шығармаларымды баға жеткісіз деп мақтап ала жөнелді, одан қатты қысылғаным сонша, мен оны тыңдаудың орнына өзін басынан аяғына дейін бажайлап қарауда болдым. Ол кездегі тәртіп бойынша адамды көзінше мақтау барып тұрған жәбірлеумен бірдей боп есептелетін. Скотт шампан алғызып еді, оны Данк Чаплин және мен үшеуіміз әлгі онша лайықты емес адамдардың біреуімен бірге іштік.

Данк те, сірә, мен де Скоттың сөзіне онша мән бермедік-ау деймін, ол шешенсіп сөйледі, мен қос жанарымды одан алмай, өзін зерттеумен болдым. Өңі сүлесоқ, бойында мін жоқ, ал беті сәл-пәл домбылау ма деп қалдым. Ағайынды Брукстердің әмбебап дүкенінен сатып алған костюмі өзіне қона қалған, қатырма жағалы ақ көйлек киіп, түсі ашық, гвардиялық әдемі галстук тағыпты. Мен галстук туралы айтқым келді, өйткені Парижде тұратын ағылшындар баршылық, олардың да осы "Дингоға" келуі мүмкін, тіпті солардың бір-екеуі қазір де осында отыр, сосын барып: "Мейлі, құрысыншы, сол галстук", - деп ойладым. Кейін білсек, ол әлгі галстукті Римде сатып алған екен.

Осы көргендерімнен оның қолдарының үлкен де, кіші де емес, бірақ қарауға тұрарлық екенін байқадым, ол биік үстел жанындағы орындыққа отыра кеткенде аяғының тізеден төменгі жағы сиықсыз екен. Егер аяқтары тым қысқа демесең, бой бітімі бұл қалпынан да сұңғақ болар еді. Біз шампанның алғашқы бөтелкесін іштік те, екіншісін бастадық, сол кезде Скоттың шешендігі бәсеңсиін деді.

Данк екеуіміз өзімізді шампан ішкенге дейінгіден де жақсырақ сезіндік, әңгіменің аяқталуға таяғаны, әрине, өте тамаша болды. Осыған дейін менің қандай данышпан жазушы екенім жайлы құпия сыр тек менің өзіме, жұбайыма, қала берді біздің жақын таныстарымызға ғана белгілі шығар деп ойлайтынмын. Ал менің данышпандығым жайлы Скоттың осындай пікірге келгеніне мен, әрине, қуандым, мұнымен бірге оның шешендігінің бәсеңси бастағанына да қоса қуанған едім. Бірақ сөздің соңын ала сұрақтар қойыла бастады. Сөзді оны зерттей отырып та тыңдамауға болатын еді, сұрақтардан қашып құтылатын түрім болмады. Менің мынаған көзім жетті: Скотт роман жазу үшін романист өзіне керектің бәрін достары мен таныстарынан біле алады деп ойлапты. Сондықтан ол сұрақты төтесінен қойып отырды.

— Эрнест, - деді ол, - егер мен сізді Эрнест деп атасам көңіліңізге алмайсыз ба?

— Оны Данктен сұраңыз, - дедім мен.

— Қалжыңға саймаңыз. Шын сөзім бұл Айтыңызшы, некелескенге дейін сіз жұбайыңызбен бірге түнедіңіз бе?

— Білмеймін.

— Қалайша білмейсіз?

— Есімде қалмапты.

— Сондай маңызды жайттар сіздің есіңізде қалайша сақталмайды?

— Білмеймін, - дедім мен. - Оғаш сөйлейсіз, рас солай.

— Бұл оғаштықтан да гөрі сөлекеттеу, - деді Скотт. - Мұны қалайда еске түсіруіңіз керек.

— Кешіріңіз, есіме түсіре алатын емеспін. Өкінішті емес пе, ә?

— Осы бір ағылшынша сөйлеу мәнерін тастаңызшы, - деді ол - Мәселеге байыппен қарап, еске түсіруге тырысып бағыңыз.

— Ештеңе шықпайды, - дедім мен. - Үміт артпай-ақ қойыңыз.

— Тым болмаса байқап көрсеңізші.

Мұның мақтап-мадақтағаны қымбатқа түсетін болды-ау деп ойладым мен. Бұл әрбір адаммен танысқан сайын дәл осылайша сөйлейтін шығар деп ойладым да, сосын оның терлеп-тепшігенін көріп бұл ойымнан тыйыла қалдым. Алдымен оның ирландықтардікіндей ұзынша келген жоғарғы ернінің үсті тершіп қоя берді, сосын мен бетіне қарауды қойдым да, биік үстелдің жанындағы орындықтың астына жиып алған аяғының ұзындығына таңырқай қарадым. Енді оның бетіне қайта көз қиығын жібергенімде мен әуел баста өзім айтқан әлгі таңғаларлық жайды байқап қалдым.

Биік үстелдің жанында шампан бокалын қолына ұстап отырғанда алдымен бір сәт бет терісі керіліп-созылып жыбырлап кеткендей болды, әлгі ісініп тұрғаны да жоғалды, бұдан кейін бетінің терісі қайтадан тартылып, бет ажары адамның бас сүйегіне ұқсай қалды. Көздері үңірейіп жансызданып, еріндері тартылып, бет-ажары қуқылданып сұп-сұр боп кетті. Бұл менің қиялымда туған жоқ, көз алдымда дәл осылай бола қалды. Оның бет-жүзі, шынында да, бас сүйекке немесе жан тәсілім біреуден сыдырылып алынған бетпердеге ұқсап кетті.

— Ау, Скотт, - дедім мен, - сізге не болды? Ол жауап қатпады, бұрынғыдан да өңі қашып, сазарып-бозарып бара жатты.

— Мынаны алғаш жәрдем көрсетілетін жерге апару керек, - дедім Данк Чаплинге.

— Керегі жоқ. Ол мүлде сап-сау адам.

— Қайдағы сап-сау, ол өліп бара жатқан жоқ па?!

— Жоқ. Ішімдік дәрменін алған ғой.

Біз оны таксиге отырғызғанда мен тым мазасыздандым, бірақ Данк бәрі де орнында, абыржитын дәнеңе жоқ деп басу айтты.

— Ол, сірә, үйіне жеткенше мүлде айығып кетеді, - деді ол.

Сірә, солай болуы керек, неге десеңіз бірнеше күннен кейін оны "Клозери де Лилада" кездестіргенімде, оған шампанның соншама әсер еткеніне өте қысылдым, мүмкін, әңгімелесе отырып уақытпен есептеспей тым тез ішкен шығармыз дегенімде ол маған былай деді:

— Дәнеңе түсініп тұрғаным жоқ. Қайдағы шампан? Ол маған әсер етіп пе еді? Эрнест, осы сіз не туралы айтып тұрсыз?

— "Дингодағы" анау бір күнгі кешті айтамын-дағы.

— "Дингода" маған дәнеңе де болған жоқ. Онда әлгі сізбен бірге отырған жексұрын ағылшындарды мен ұнатпадым, сондықтан үйіме қайтып кеттім.

— Онда ішімдікхананың қызметшісінен өзге бірде-бір ағылшын болған жоқ.

— Сіз неге мұны құпияға айналдырғыңыз келеді? Менің кім жайында айтып тұрғанымды білесіз ғой.

— Е, - дедім де, "Дингоға" ол бұдан кейінірек немесе келесі күні барған екен ғой деп ойладым. Сол кеште екі ағылшынның шынында да болғанын ойға түсірдім. Ол дұрыс айтады. Есіме енді түсті. Ие, ағылшындар онда болды. - Ие, - дедім мен, - олардың болғаны рас.

— Әнебіреуі, әйел есімдісі - дөрекі, ал оның қасындағысы - есірген ақымақ. Екеуі де сіздің достарыңызбыз, - деді.

— Онысы рас. Әйел заты, әсілі кейде әдепсіздік көрсетіп қалатыны бар.

— Міне, көрдіңіз бе? Біреудің бірнеше бокал шарап ішкенінен құпиялық іс жасаудың реті жоқ. Мұның сізге керегі қанша? Мен сізден мұны күтпеп едім.

— Білмеймін. - Әңгіменің бетін басқаға бұрғым келді. Осы арада есіме түсе кеткені:

— Олар сіздің галстугіңізге бола дөрекі сөздер айтты емес пе?

— Неліктен олар галстугіме байланысты маған дөрекі сөздер айтады? Үстіме спортшының жейдесін киіп, кәдімгі тоқыма қара галстук таққанмын.

Мен жеңілгенімді мойындадым, ол бұл дәмхана саған несімен ұнайды деп сұрады. Мен дәмхананың байырғы қалпын айттым, ол да келісім ишаратын байқатты. Біз осылайша сұхбат құрдық; мен өзіме ұнағасын отырдым, ол оз ойларын саралады. Ол жазушылар мен кітап шығарушылар, әдеби агенттер мен сыншылар және Джордж Горация Лоример туралы әңгіме етті, жел сөзділікті де назардан тыс қалдырмады. Ал кейбір жазушының өміріндегі тұрмыстық жайды айтқанда ол ұятсыз, ал бірде тапқыр немесе ақкөңіл һәм сүйкімді болып нұрланып кетеді. Сондықтан оның айтқандарына қарсыласуға лаж жоқ. Ол енді бірде ешбір күйінішсіз, тіпті жеккөрушілікпен өз жазғандары жайлы айтты, алдыңғы кітаптарының кемшілігін ешбір бүкпесіз ашуына қарағанда ендігі кітабы ғажап болар деп ойладым. Біреуге оқуға берген "Ұлы Гэтеби" деген кітабының жалғыз данасын алғаннан кейін менің оқуыма ықылас білдірді. Әңгімесіне қарағанда жаңа кітаптың тартымдылығына күмән келтіруге болмас, сондықтан тезірек оқып шығуым үшін Скоттың оны маған қазір беруін қаладым.

— Максуэлл Перкине кітап тартымды басыла тұрса да өтуі нашар деп жазады, - деді ол маған. Сол күні ме, кейінірек пе, Гилберт Селдестің барынша жақсы рецен- зиясын қашан көрсеткені менің есімде қалмапты. Гилберт Селдестің алдымен өзі жақсы болса, әрине, оның рецензиясы да әсерлі болар еді ғой. Кітап нашар өтеді деп ол қынжылып, мазасы кетті, бірақ оның сөзінен қайғырудың нышаны сезілмеді, қайта кітаптың сәтті шыққанына қуанғандық бар еді.

Сол бір күні біз "Лиланың" ашық сәкісінде отырып, ымырт үйіріле бастағанын, көше бойымен жұрттың ағылып өткенін, кешкі алакөлеңкеде жарықтың құбылып тұратынын байқап отырдық. Өзіміз ішкен содалы су қосқан екі шиша арақ Скоттқа тіпті ешқандай әсер етпеді. Мен мұның арты немен тынар екен деп едім, әйтеуір ештеңе бола қойған жоқ. Скотт әдепсіз сұрақтар да қоймады, ешкімді ыңғайсыз жағдайға да қалдырмады, көп сөйлемеді де, ақылды адамдарша ұстады өзін.

Ол ауа райының қолайсыздығынан жұбайы Зельда екеуінің кішкене "рено" машинасын Лионда қалдырып кеткені жайында айтып, сол машинаны алып келу үшін Лионға өзімен бірге пойызбен барып, машинамен жер көріп қайтып оралғыңыз келмей ме деп сұрады менен. Фицджеральдтар Жұлдыз алаңына таяу жердегі Тильзит көшесі 14-үйде өз төсек-орны, жиһазы бар дайын пәтер жалдап тұрды. Мезгіл көктемнің ақыры еді, бұл Франция-дағы жыл мерзімінің ең жақсы кезеңі болатын. Сондықтан осы кезде жол жүрудің өзі де тамаша болатын шығар деп ойладым. Осы сәт Скотт маған әрі сүйкімді, әрі ақылды боп көрінді. Ол арақтың екі үлкен рюмкесін менің көзімше ішсе де, ештеңе болмағандай өзін сондай мейірімді және есті адамша ұстады, сөйтіп "Дингодағы" осы кеш бір түрлі мазасыз түс сияқты болып көрінді маған. Сосын мен өзіне серік боп Лионға қуана-қуана баратынымды айттым.

Біз келесі күні көрісуге уәделесіп, Лионға таңертең жүретін экспресспен кетуге келістік. Бұл пойыз-экспресс қолайлы уақытта және өте тез жүреді. Мен ұмытпасам, ол жалғыз-ақ жерге - Дижонға ғана тоқтайтын еді. Біз Лионға келгесін машинаны тексеріп жолға әзірлейміз де, кешкі тамаққа тойып ап, ертеңгісін таң сәріден Парижге қайта кетіп қалу ниетінде болдық.

Осы сапарымыз туралы ой мені бір түрлі шат көңілге бөледі. Мен аға буынның өкілі, белгілі жазушының қасында боламын, машинадағы әңгімеден, әрине, өзіме пайдалы көп нәрсені ұға аламын деп түйдім. Менің Скотты аға буын жазушы деп айтуым да қызық еді, өйткені ол кезде оның «Ұлы Гэтсби» романын әлі оқыған жоқ едім, сондықтан он маған анағұрлым үлкен адам сияқты көрінді. Бұдан үш жыл бұрын оның жұрт көп оқитын "Сэтердей ивнинг пост" журналына әңгімелер жазып тұратынын білетінмін, бірақ aш уақытта да оны байыпты жазушы деп есептеген жоқ едім. "Клозери де Лилада" ол маған жақсы әңгімелерін қалай жазатынын, "Сэтердей ивнинг пост" үшін онысының шынында да тәп-тәуір дүниелер екенін, оны қандай әдістермен журналдың өтімді шығармасына айналдыруға болатынын дәл біле отырып, редакцияға жіберер алдыңда қайта өңдегенін айтып берді. Бұл менің жыныма тиді де, мұныңыз меніңше жезөкшелікке ұқсайды екен дедім. Айтқаныңа келісемін, осылай істеуге амалсыз мәжбүр боламын, өйткені, деді ол, журнал маған үлкен кітап жазу үшін ақша төлейді.

— Меніңше, жақсы жазатын жазушы қолынан келе тұра өтімсіз дүниелер жазса, ол өз дарынын өзі құртып алады емес пе? - дедім мен оған. Скотт жазғаны алдымен жақсы боп шығатынын, сосын оны өзгертіп әдейілеп бұзатынын, мұның дарынға ешбір зияны жоқ екенін айтты. Мен бұған сене қоймадым, бірақ оның айтып отырған пікіріне қарсы шығып, өз жағымнан дұрыс көзқарас білдіру үшін ең болмаса жазған бір романым болуы керек екен, ал мен әлі бірде-бір роман жазған жоқ едім. Мен өзімнің жазу әдісімді өзгерткелі бері тігісін жатқызамын деп әдемілей беруден құтылайын дедім, құр баяндай беруден гөрі кесек дүниелер жасауға бет бұрған сияқты едім, сондықтан жазу-сызу менің қуанышыма айналды. Бірақ бұл шамадан қиын іс екен. Роман сияқты көлемі зор нәрсені жазу қолымнан келе қояр ма екен деп қауіптендім. Кейде тіпті бір сөйлем жазу үшін бүкіл таңертеңгілік уақытым түгел соған кеткен күндер болды.

Жұбайым Хэдли өзі оқыған Скоттың шығармаларына жөнді мән бере қоймаса да, біздің жол жүретінімізді естіп, қуанып қоя берді. Оның жақсы жазушы деп табынып жүргені -Генри Джеймс еді. Хэдли маған жұмыстан қажып-қалжырап жүргенімде жол жүріп сергіп қайтқан жаман болмайды деді, бірақ автомобиль сатып алып бірге қыдырып қайтуымызға жағдайдың жоқ екеніне екеуміз де қынжылып қалдық. Автомобиль сатып алуымызға бір кездерде қол жетеді деген ой сол жылдары менің ойыма да кіріп шықпайтын. Америкада күзде шығуға тиісті әңгімелерімнің тұңғыш кітабы үшін "Бони және Ливрайттан" екі жүз доллар алдым, сондай-ақ "Франкфуртер цейтунгке", Берлиндегі "Квершнитт" журналына, Парижде шығатын "Куортер" мен "Трансатлантик ревьюге" өз әңгімелерімді саттым, сөйтіп біз тек аса қажетті нәрсені ғана сатып алғанымыз болмаса, ақшаны өте үнемдеп жұмсайтын едік. Ондағы мақсатымыз ақша жинап, шілдеде Памплонудағы жәрмеңкеге, содан соң Мадридке, Валенсияға баруға дайындық жасап жүрдік.

Біз Лион вокзалында кездесеміз деп уәделескен сол бір күні мен азанда вокзалға ерте келіп, перронға кіре берісте Скотты күтіп тұрдым. Ол билет алып келуге тиіс еді. Пойыз жүретін уақыт таяп қалды, ал Скотт әлі көрінбейді. Мен перрон билетін сатып алдым да, оны көрермін деген үмітпен пойызды жағалай жүріп өттім. Оны көре алмадым, ал экспресс болса орнынан қозғалғалы тұр еді, мен вагонға секіріп міндім де, осында шығар деп бүкіл пойызды аралап шықтым. Состав ұзын екен, бірақ мен Скотты таба алмадым. Кондукторға мән-жайды түсіндіріп, үшінші кластық билетке ақша төледім де кондуктордан Лиондағы қонақ үйдің ең жақсысы қайсы деп сұрадым. Менде басқа амал болмай, Лиондағы қонақ үйдің адресін айтып, өзім сонда күтемін деп Дижоннан Скоттқа жеделхат бердім. Жүріп кеткенше ол менің жеделхатымды алып үлгермейтінін түсіне тұрсам да, жұбайы оған жеделхатты жіберетін шығар деп сендім. Мен өзім бұрын ересек адамдардың пойызға кешіккенін еш уақытта да естіген жоқ едім, бірақ осы сапарда менің көп жайды біліп-түюіме тура келді.

Ол кезде мінезім нашар, өте ашуланшақ едім, Монтеродан өткеннен кейін аздап тынышталайын дедім, бойдағы ашу-ыза вагон терезесінен табиғат көрінісін тамашалауға бөгет бола алмады, түсте вагон-мейрамханадан жақсылап тамақтанып бір бөтелке "сент-эмильон" шарабын іштім. Жол шығынын біреу төлеуге тиіс болған сапарға бірге шығамын деп уәделесіп ақымақ боп, соның кесірінен өзімізге Испанияға саяхат жасауға деп жинаған қаражатымызды жұмсап келе жатсам да, осы жол маған едәуір сабақ болатын шығар деп ойладым. Мен өмірі бұрын бір жаққа біреудің есебінен барған жан емеспін, әр уақыт өзім үшін өзім төлейтінмін, бұл жолы да тамақ пен қонақ үй шығынын екеуіміз бөле-жара төлейік деп келіскенбіз. Мен енді тіпті сол Фицджеральдтың келер-келмесін білмедім. Ызаланғаннан мен оны Скотт деп айтпай Фицджеральдқа түсіріп тастадым. Кейінірек басында ашу шақырғаныма өзіме-өзім іштей риза болдым. Бұл сапар оңай ызалана қоятын адам үшін емес екенін және түсіндім.

Лионға келгесін мен Скоттың Парижден Лионға жүріп кеткенін есіттім, бірақ қайда тоқтайтынын айтпапты. Мен Лиондағы өзімнің адресімді қайталап айттым, үй күтуші әйел егер біреу телефон соқса, адресіңізді беремін деді. Мен барлық үлкен қонақ үйлерге телефон соғып адресімді айттым, бірақ ешқайсысынан да Скотты іздеп таппадым, сосын мен шарап іштім, газет оқуға дәмханаға кірдім. Дәмханада мен от жұту арқылы және тістері жоқ қызыл иектерінің арасына қысулы металл ақшаны бас бармағымен майыстырып күн көріс ақша тауып жүрген адаммен таныстым. Ол маған өзінің ісіп-қабынып кеткен, бірақ әлі қуатты тіссіз қызыл иегін көрсетіп менің мұным онша-мұнша жаман кәсіп емес дегенді айтты. Мен оны өзіммен бірге отырып бірдеңе ішуге шақырып едім, ол қуанып бірден келісе кетті. Оның нәзік те қоңырқай беті от жұтқанда жарқ-жұрқ етіп құлпырып тұрады екен. Ол Лионда от жұту және саусақпен қызыл иектің көмегі арқылы күштің кереметін көрсету айтарлықтай табыс бермейді деді. Жасанды, жалған от жұтушылар осы кәсіптің мәнін жойып жіберді, егер жұрт алдыңа шығуға рұқсат берілсе, олар барлық жерде де мұның құнын түсірер еді, деді. Өзі бүкіл кеш бойы үнемі от жұтып жүрсе де, одан тәуірірек бір нәрсе жұтуға ақшасы жоқ екенін айтты. От жұтқаннан кейін ауызда қалатын бензиннің дәмін кетіру үшін оған мен тағы бір рюмке ішкіздім, сосын егер бағасы арзан жақсы бір орынды білетін болсаңыз, екеуміз сонда барып бірге кешкі тамақ ішер едік, дедім. Ол бір тамаша орынды білетінін айтты.

Екеуміз алжир мейрамханасына барып бағасы арзан тамақ іштік, маған ондағы тамақ та, алжир шарабы да өте-мөте ұнады. От жұтушы сондай бір сүйкімді адам екен, жегенін байқаудың өзі де қызғылықты; өзінің қызыл иектерімен тамақты тісі барлардан кем шайнамайды. Ол менен не кәсіппен күн көресіз деп сұрады. Мен жазушы болуға талаптанып жүрмін дедім. Ол не жазасың деп сұрағанда мен әңгіме жазамын дедім. Ол өзінің бұған дейін жазылғандардан әлдеқайда артық жантүршігерлік, адам естімеген көп хикаяларды білетінін айтты. Менің жазып алуым үшін ол алдымен өзінше әңгімелеп бермекші болды, пер бір нәрсе төлейтін болса мен оған барынша адалдықпен өз үлесін беруге уәде еттім. Оның ойынша, ең жақсысы, өзімен бірге Солтүстік Африкаға бару, онда ол мені Көгілдір сұлтанның еліне алып барады, сөйтіп мен онда қолыма дүниеде ешбір жан естіп көрмеген тарихи деректер түсіре аламын.

Осы айтып отырғаныңыз нендей жайттар деп сұрағанымда ол маған былай деді: бұл ма, бұл - ұрыстар, дарға асу, азаппен қорлау, зорлық-зомбылық, жан-түршігерлік әдеттер мен салттар, түрліше бұзақылық істер - жалпы бұлардың ішінен менің әңгімелеріме арқау боларлықтай жайттар табылады, - деді. Қонақ үйге қайтатын уақыт таянды, Скотты қайтадан іздестіріп көру керек болды, сонсоң мен кешкі астың ақшасын төледім де, мүмкін, реті келсе тағы кездесіп қалармыз дедім. Ол өзінің Марсельге жетіп қалғысы келетін ойы бар екенін сездірді. Ал мен ерте ме, кеш пе әйтеуір бір кездесеміз ғой, сіздей адаммен бірге отырып тамақ ішу маған тым тамаша болды дедім. Ол майыстырылған күміс теңгелерді түзетіп үстел үстіне бірінен соң бірін текшелеп қоя бастады, ал мен орнымнан тұрып қонақ үйге бет алдым.

Лион кешқұрым онша көңілді қала емес. Бұл өте үлкен, бір қарағанда тамаша сияқты, бірақ сауда-саттығы бір қалыпты жүріп жататын, егер сізге ондай қала ұнайтын болса, қалталары қалыңдардың қаласы екен. Лион мейрамханаларында тамаша құс етін пісіретінін мен әлдеқашан естігенмін, бірақ біз құс еті емес, қой етін жедік. Оның өзі де тамаша екен.

Скоттан ешбір хабар болмады, қонақ үйдің көзге ерсілеу көрінетін сән-салтанаты мол төсекке жаттым да, Сильвия Бичтің кітапханасынан алған Тургеневтің "Аңшының әңгімесі" кітабының бірінші томын оқи бастадым. Үш жылда бір үлкен қонақ үйдің салтанатына бөленгенім осы-ақ шығар, терезелерді айқара ашып тастап басыма, шынтағымның астына жастық қойып, кітапты қолыма ұстаған күйім ұйқыға кеткен ше, Тургеневпен бірге Ресейді аралап, бақыт құшағына енгендей боп жаттым. Таңертеңгісін ертеңгі ас алдыңда сақал-мұртымды қырынып жатыр едім, қонақ үйдің күтушісі телефон соғып, төменде сізді бір мырза күтіп тұр деді.

— Өтінемін сізден, айтыңызшы, ол кісі менің нөміріме көтерілсін, - дедім де, әлдеқашан баяу ояна бастаған қаланың шуылына құлақ түріп, бұрынғыша қырына бердім.

Скотт нөміріме келмеді, сосын төменге түстім де, өзім бардым оған.

— Осындай түсінбеушілік болғаны маған өте ыңғайсыз, - деді ол. - Егер сіздің қандай қонақ үйге орналасқыңыз келетінін білсем ғой, бәрі басқаша болар еді.

— Түк те етпейді, - дедім мен: біз алда әлі ұзақ уақыт бірге сапар шегеміз, сондықтан тату қарым-қатынасты жоймауды жөн көрдім. - Қай пойызбен келдіңіз?

— Сіз мінген пойыздың ішіне мен де жеттім. Өте бір жайлы пойыз екен, екеуміз бірге келгенімізде тамаша болады екен.

— Сіз тамақтандыңыз ба?

— Жоқ әлі. Мен сізді іздеп бүкіл қаланы кезумен болдым.

— Өте өкінішті, - дедім мен. - Менің осында болатынымды сізге үйіңізде айтпады ма?

— Айтқан жоқ. Зельданың аздаған ыңқыл-сыңқылы бар, менің тіпті жолға шықпағаным дұрыс еді. Әзірше бұл саяхаттың өзі барынша сәтсіз болып тұр ғой.

— Ал тамаққа баралық, сонан соң машина тауып алалық та, жолға шығайық, - дедім мен.

— Өте тамаша. Осында тамақтанып алалық.

— Дәмханада тезірек ішпейміз бе?

— Дегенмен, мұның тамағы тәуір ғой.

— Жарайды он да.

Алдымызға америкалықтарша мол етіп дайындаған піскен жұмыртқа мен сиыр еті келді. Біз айтып үлгіргенше болған жоқ, тамақ та келіп қалды, оны тауысқасын тағы тапсырыс беріп, тағы күттік, сосын есеп айырысқанша бір сағаттай ғана уақыт кетті. Даяшы ішкен тамағымыздың есебін әкелгенде Скотт оған біздің жолымызға арнап себетке тамақ салып беріңіз деді. Мен мұныңыз не деп онысын ерсі көрдім, өйткені Макконнан бір бөтелке "Макон" шарабын, жолшыбай ет дүкендерінің бірінен нанмен жейтін піскен ет сатып алуымызға болатын-ды. Ал дүкендердің бәрі жабық болғандай күнде жолшыбай мейрамханалар көп-ақ, солардан тамақтануымызға да болатын еді. Менің айтуым бойынша ол Лионда құс етін өте жақсы дайындайтынын, сондықтан біз қайткенде де өзімізбен бірге құс етін алуымыз керектігін сөз етті. Сөйтіп жүргенімізде қонақ үй біздің жолымызға қажетті тамақ тауып берді, оны егер өзіміз сатып алатын болсақ, бұдан, әрине, төрт-бес есе арзанға түсер еді, бірақ амал бар ма?

Скотт маған келгенше, жолшыбай жұтып алған көрінеді, оның түріне қарап тағы ішкісі кеп тұрғанын сездім де, мен жолға шығар алдыңда сыраханаға кіріп шыққыңыз келмей ме деп сұрадым. Ол өзінің азанда ішпейтінін айтты да, сен ішесің бе? - деп сұрады менен.

Ішу-ішпеу менің көңіл-күйіме және алда нендей жұмыс істейтініме байланысты деп едім, ол егер көңіл-күйің тәуір болса, сен жалғызсырамас үшін мен де сенімен серік боп ішер едім деді. Сөйтіп, тамақ салынған себет дайын болғанша, бір-бір рюмкеден минералды су қосқан арақ ішіп едік, екеуміздің де көңіліміз жадырап сала берді.

Скотт бәрі үшін төлегісі келгенімен, қонақ үй мен арақтың құнын өзім төледім. Осы жолға алғаш шыққалы бері менің көңілімнің хошы болмай-ақ қойды, егер бәріне де ақшаны өзім төлегендей жағдайда бір түрлі жақсы сезінетіндігіме көзім жетті. Мен Испанияға баруға деп жинаған қаражатымды жұмсадым, бірақ Сильвия Бичтің маған әрқашанда қарызға ақша беретінін, қазір жұмсап отырғанымның орнын содан алып толтыруға болатынын іштей жақсы біліп отырдым.

Скотт машинасын қалдырып кеткен гаражға келіп, оның кішкене "реносының" төбесі жоқтығын көргенімде мен қайран қалдым. Машинаның төбесін Марсельде кемеден түсіргенде және тағы бір жерде майыстырып алған көрінеді. Сосын Зельда оны біржола алып тастауға бұйырған да, ал жаңасын салуға рұқсат етпеген. Скотт өзінің жұбайының жабық машинамен жүруге жалпы жаны төзбейтінін, олар ашық машинамен осы күйінде Лионға дейін жеткенде нөсер жауын бөгет боп кідіргендерін айтты. Машинаның төбесінен өзгесі жақсы күйде екен, Скотт төлем қағаз бойынша ақша төлер алдыңда жуу мен майлаудың, құйылған екі литр бензиннің нарқы жөнінде дауласқысы келіп тұрды. Гараждың механигі маған поршень сақиналарын алмастыру қажет екенін, автомобильге су мен майдың жеткіліксіз құйылғанын айтты. Ол маған мотордың тез қызып кететінін, сыртқы бояуының күнге күйіп кеткендіктен түскенін көрсетті. Механик бұған қоса маған мынаны айтты, егер мен Парижде мырзаны поршень сақиналарын алмастыруға көндіре алсам, онда пул кішкене тамаша машина әлі де көп жүреді, өздеріңе жақсы қызмет ете алады деді.

— Мырза маған машинаның жаңа төбесін қоюға рұқсат етпеді, - деді механик.

— Е, солай ма?

— Машинаға күтім керек.

— Әрине.

— Сіз плащ алуды ұмытқан жоқсыз ба?

— Плащ алмадым, - дедім мен. - Мен машинаның төбесі жоқ екенін білмедім.

— Мырзаны байсалды адам болуға көндіріңізші, - деді механик жалынышты түрде. Ең болмаса машинаға дұрыс көзбен қараса екен-ау.

— М... М... - дедім мен.

Лионның солтүстік бағытына шыққанымызда, арада шамамен бір сағаттай уақыт өткенде, біз қалың жаңбырға тап болдық.

Сол күні біз жаңбырдың әлегінен жолда он шақты рет тоқтадық. Аяқ астынан құйып кеткен нөсер жаңбырдың арты кейде ұзақ уақыт толастамай қойды. Егер біздерде плащ болғанда ғой көктемнің осы ақ жаңбыры астында жүру өзінше бір қызық болатын еді. Сөйтіп біз ағаштың астында, жол бойындағы дәмханаларға кіріп паналадық. Бізде өзімізбен бірге Лион қонақ үйінен алып шыққан жақсы тамақ бар еді, себетімізге тамаша қуырылған құс еті, картоп, нан, маконның ақ шарабы салыныпты. Әрбір жерге тоқтаған сайын Скотт әлгі шарапты рақаттана ішіп отырды. Маконнан мен және төрт бөтелке жақсы шарап сатып алған едім, қажет болған жағдайда соның аузынан ішіп отырдым.

Сірә, Скотт шарапты алғаш рет бөтелкенің аузынан ішкен болу керек, өйткені ол бұзақылар үйінің өмірімен танысқан адам сияқтанып, әлде суға шомылу костюмінсіз түсуге тұңғыш батылдық істеген қыз сияқтанып жүзінде қуаныш реңі білініп қоя берді. Бірақ түс ауғасын-ақ өзінің денсаулығы жайлы мазасыздана бастады. Өкпе қабынуы дертінен жуырда келген екі адам туралы айтты ол маған, оның екеуі де Италияда өлген екен, бұл Скоттың өзіне қатты әсер еткен көрінеді.

Мен өкпе қабынуы дертінің пневмонияның жай ғана ескіше аты деп айтып едім, ол бұл мәселеде сен ештеңе түсінбейсің, қателесіп отырсың деді. Ол өкпе қабынуы деген Еуропаға ғана тән ауру, ал Америкаға ғана тән аурулар сипатталған әкеңнің медициналық кітаптарын оқығанның өзінде де сен бұл ауру жайлы ештеңе білмейсің дегенді айтты.

— Менің әкем Еуропада да оқыған адам еді,— дедім мен оған. Өкпе қабынуы Еуропада тек таяуда ғана пайда болды, сенің әкең ол жөнінде ештеңе біліп үлгерген жоқ деп мәлімдеді ол мұның үстіне ол Американың әр бөлігінде аурулар әр түрлі боп келеді, мәселен, сенің әкең Орталық Батыста емес, Нью-Йоркте жұмыс істеген болса, онда өзгеше түрлі аурулардың жайын білуге тиіс, - деді. Ол, кәдімгі өзгеше аурулар "тізбегі" деп солайша айтты.

Мен оған былай дедім: - Құрама Штаттардың бір бөлігінде кездесетін ауру өзге жерінде жоқ екені рас, мәселен, алапес ауруы Жаңа Орлеанда өте көп тарағанымен Чикагода оның аз екенін көріп жүрміз. Бірақ, - дедім мен, - дәрігерлерде білім мен жаңалық хабарлар алмасатын әдет бар, енді оның өзі бұл туралы сірә да әңгіме қозғағаннан кейін "Американың медицина ассоциациясы журналынан" Еуропадағы өкпе қабынуы ауруы жайлы беделді бір мақала оқығанымды, бұл аурудың тарихы Гиппократқа дейін жеткізіле баяндалғанын есіме түсірдім.

Осыдан кейін ол үндемей отырып қалды, осы сәтте мен оған тағы да "макон" ішіңіз, -дедім. Спирті аз осы секілді мөлдір шарап бұл ауруға қарсы күресудің сыннан өткен құралы екенін айтып дәлелдемекші болдым.

Скотт сәл-пәл көңілденді, бірақ көп кешікпей қайтадан мұңайып отырды, сөйтті де денемді күйдіріп жандыратын ыстық басталды, содан барып бас айналатын ауруым ұстағанша үлкен қалаға жетіп үлгереміз бе, жоқ па деп сұрады менен.

Аурудың әлгі айтқан белгілері нағыз еуропалық өкпе қабынуының белгілері екенін оған менің өзім айтқан едім. Нейидегі америкалық госпитальда ингаляцияға кезек күтіп отырғанымда осы ауру жайында француз журналынан оқыған тағы бір мақаланың мазмұнын да әңгімелеп бергенмін. "Ингаляция" деген сөзді естігенде Скотт біраз тынышталған сияқтанды да, сосын біз қалаға қашан жетер екенбіз деп қайта сұрады. Егер тоқтамай жүріп отырсақ, жиырма бес минуттан кейін немесе әрісі бір сағат шамасында қалада болатын шығармыз дедім мен.

Сосын Скотт менен сіз осы өлімнен қорқасыз ба, жоқ па деп сұрады, мен оған өлім кейде қорқынышты, ал кейде тіпті бүлк етпеймін деп жауап бердім.

Осы кезде қатты нөсер құйып кетті де, біз таяу жердегі деревняның дәмханасына келіп паналадық. Сол күнгі кеште не істеп, не қойғанымыздың бәрі менің есімде қалмапты, ұмытпасам әзер дегенде Шалоне-на-Сонедегі қонақ үйге түнделетіп кеп жеткенімізде дәріханалардың бәрі жабылып қалған екен. Қонақ үйге кіргеніміз сол еді, Скотт шешініп төсекке жата кетті. Ол осы өкпе ауруынан өлсем өкінбей-ақ кетер едім дегенді айтты. Оның жалғыз-ақ қобалжитыны Зельда мен кішкене Скоттиге қамқоршы кім болады деп қана қиналады. Оларға қайтіп қамқоршы бола аламын деп ойладым мен өзімнен-өзім, өйткені маған жұбайым Хэдли мен кішкене ұлым Бамбиге қамқоршы болу да жетіп жатыр емес пе. Соған қарамастан мен олар үшін қолымнан келгеннің бәрін істеймін ғой деп едім, Скотт ол ниетіңізге рахмет деді. Менің Зельданың ішкілікке салынбауын және Скоттидің тәрбиешісі ағылшын болуын қадағалауым керек болды.

Біз сырт киімдерімізді кептіруге беріп, әзірше жеңіл іш киіммен ғана қалған едік. Аурумен күресу үшін күш жинамақшы болып Скотт тынығып төсекте жатқан. Мен оның тамырын ұстап көріп едім, жүрек соғысы минутына жетпіс екі екен, ал маңдайы лезде сап-салқын боп кетті. Мен оны тағы да тыңдап, кеуде кере дем алыңызшы деп едім, бірақ бөтен, өзге дыбыс естілмеді.

— Скотт, білесіз бе? - дедім мен, - сіздің хал-ахуалыңыз жақсы, дегенмен, салқын тимес үшін біраз жатыңыз, мен лимон шырыны мен арақ алдырайын, сосын аспирин ішіңіз, осының бәрінен кейін тіпті тамаша боп кетесіз, тұмау-сымаудан да аулақ боласыз.

— Осы айтып отырғаныңыздың бәрі балгердің емі ғой, - деді Скотт.

— Сізде ешқандай қызу жоқ. Ал өкпе қабынуы дегеніңіз жын соғып кеткір қызусыз болмайды.

— Ашуланбаңыз, - деді Скотт. - Менде қызу жоқ екенін қайдан білдіңіз?

— Тамыр соғысы бір қалыпты екен, маңдайыңыз салқын көрінеді.

— Қалайша салқын, - деді Скотт күйінген кейіпте. - Егер маған шын дос болсаңыз термометр табыңыз.

— Мен жеңіл киіммен отырмын ғой.

— Онда біреуді жіберіңіз.

Meн дәліз күтушіге телефон соқтым. Ол келе қоймады, қайта телефон шалдым, жауап болмады, сосын оны іздейін деп өзім шықтым. Скотт көзін жұмған қалпы ақырын, бір қалыпты демалып жатты, құп-қу өңі мен келісті бет-әлпеті өліп қалған кішкентай кресшілерге ұқсап кеткен екен. Мені осы әдеби өмір тәмам зеріктіріп жібергендей еді, егер оны әдеби өмір деп айтар болсақ, менің бүгін жұмыс істеп қиналғаным шамалы еді, сондықтан текке кеткен күннің ақырында мені ауыр зіл, батпан қайғы басып бара жатты. Мені Скоттың өзі де және осы бір ақымақшылық өмір де шын зеріктіріп жіберген еді, мен дәліз күтушіні іздеп таптым да термометр мен аспиринге ақша бердім, екі лимон шырынын және екі адамға деп екі-екіден арақ әкелуін өтіндім. Мен арақтың тұтас бір бөтелкесін алғым келіп еді, бірақ оны мұнда рюмкелеп құйып сатады екен.

Мен нөмірге қайтып оралғанымда Скотт әлі өз қабірінің үстіндегі тастан соққан мүсін сияқтанып, көзі жұмулы, қаннен-қаперсіз баяу тыныс алып жатыр екен. Менің нөмірге кіргенімді сезген ол: - Термометр таптыңыз ба? - деп сұрады.

Мен қасына келіп қолыммен маңдайын ұстап едім, қысылған адамның кейпі білінді, тек қана құрғақ бір салқындық сезілгендей болды.

— Жоқ, таба алмадым, - дедім мен.

— Мен сіз термометр әкеледі ғой деп ойлап едім.

— Әкеледі, кісі жібердім.

— Кім әкелсе де бәрібір емес пе?

— Иә деңіз, бәрі бір емес пе?

Ақылынан алжасқан адамға ренжімейтіні сияқты Скоттқа да бірдеңе деп ашулануға болмайтын еді, осы бір берекесіз жайтқа араласқаным үшін мен өзіме-өзім ренжідім. Дегенмен, оның неліктен өзін осылай ұстайтынын мен түсінейін дедім. Ол күндерде қазір мүлде қауіпсіз боп кеткен пневмония сияқты сырқаттан маскүнемдердің көбі өліп кетуші еді. Бірақ Скотты маскүнем деуге болмас еді, өткені ішкіліктің аз мөлшерінің өзі оны әлсіретіп жүре беретін.

Ол күндерде Еуропада тамақ сияқты сондай пайдалы және табиғи нәрсе шарап, ол адамға бақыт, қуаныш, бір түрлі жайлылық әкеледі деп есептелінетін. Шарапты желігіп еліктеу немесе өзін көрсету үшін ішпейтін, ол тіпті біреудің алдыңда табынушылық та емес еді, тамақ ішкен сияқты ол да үйреншікті әдетке айналып кеткен жай еді. Мәселен, менің өзім үшін ол сондай қажет нәрсе сияқты еді, мен шарапсыз немесе сырасыз түскі тамақ ішпейтінмін. Өзім тәтті, тым тәттірек немесе ауыз қуыратындай ащыларынан өзге шараптың бәрін ұнататынмын, ал қазір өзіміз ішкен бірнеше шиша жеңіл-желпі ақ "маконның" Скотты бас айналдырарлықтай күйге душар етеді деген менің ойыма да келген емес. Рас, ертеңгісін минералды су қосқан арақ іштік, бірақ ол кезде мен маскүнемдер жайлы ештеңе білмегендіктен бір рюмке арақ төпеген жаңбырдың астында ашық машинамен келе жатқан адамға мұншалықты күшті әсер етеді деп ойлағаным жоқ, тек ашық ауада ғана арақтың уыты тез тарап кететінін білуші едім.

Дәліз күтушіні тосып, газет оқып отырып, өзіміз соңғы тоқтаған аялдамада ашқан "маконның" шишасын ішіп тауысуға айналдым. Француз газеттерінен әшкереленіп, артының немен тынарын күн сайын бақылап отыратын жан түршігерлік бір қылмысты істі әр кезде-ақ табуға болатын еді. Қылмысты ашу ісінің барысын романдар сияқты қызығып оқуға болады, бірақ тәуір ләззат алу үшін алдыңғы тараулардың мазмұнын білуің қажет, өйткені француз газеттерінің америка газеттерінен бір өзгешелігі, бұрынғы оқиғалардың қысқаша мазмұнын беріп отырмайды, ең бастысы алғаш тарауда не жайлы айтылғанын білмей тұрып америка романдарының жалғасын оқудың өзі де онша қызық емес. Францияда саяхатта жүргеніңде газеттер көп жағдайда өзінің құндылығын жойып алады, сөйтіп түрлі қылмыстық істердің, алаяқтықтың, дау-жанжалдардың баяндау тәсілін ойламаған жерден үзіп тастайды, ақыры сен ол жөнінде дәмханада отырып оқыған алғашқы әсеріңнен айрылып қаласың. Мен қазір дәмханада отырып, Париж газеттерінің күндізгі шыққандарын оқып, өтіп жатқан адамдарға қарап қойып, кешкі тамақ алдыңда "маконнан" да күштірек бірдеңені ішер ме еді деп ойладым. Бірақ қасымда өзі мынандай күйдегі Скотт отырғандықтан, амал не, жағдайға көнуге тура келеді.

Осы кезде мұз салынған екі стақан лимон шырыны мен арақ және "перье" минералды суын алып дәлізші де жетті, ол маған дәріхананың жабылып қалып, термометр ала алмағанын айтты. Бірақ ол аспиринді біреуден сұрап алыпты. Мен термометрді де біреуден сұрап ала тұруға болмады ма деп өтініш еттім. Скотт осы сәт көзін ашып, дәліз күтушіге ирландықтарша ызалы көзқараспен қарады.

— Сырқаттың жайын сіз оған түсіндірдіңіз бе?

— Меніңше, оның өзі де түсінетін сияқты.

— Өтінемін, жақсылап түсіндіріңізші.

— Мен түсіндіріп едім, дәліз күтуші маған былай деді.

— Бір нәрсе істеп көрейін, - деді.

— Өзіне тиын-тебен бердіңіз бе? Олар тек сонымен ғана күнелтеді.

— Мұнысын білмедім, - дедім мен. - Мен қонақ үй оларға бірдеңе төлейтін шығар деп ойладым.

— Көңілін табарлықтай тиын-тебен бермесеңіз, олар сіз үшін еш нәрсе де істемейді. Олардың бәрі де барып тұрған сұмпайылар ғой.

Мен Ивен Шипменді және "Клозериде" америкалық бар ашқанда "Клозери де Лиладағы" даяшыны мұртын алдыруға мәжбүр еткенін еске алдым, менің Скоттпен танысуымнан көп бұрын осы даяшының Монруждегі бағында Ивеннің қалай жұмыс істегені, біздің бәріміздің "Лилада" жақсы достасып, онда қандай өзгерістер болғаны және солардың біздерге еткен әсері жайлы ойладым. Мен "Лилада" не болып жатқанын Скоттқа осы қазір де әңгімелеп берер едім, әйтсе де сірә, бұрын бұл жайында оған айтқан шығармын, бірақ даяшылар да, олардың мұң-қайғысы да, қайырымдылығы мен адамға үйірлігі де Скоттқа ешқандай әсер етпейтінін мен білетінмін. Сколол кезде француздарды жек көретін, көбінесе даяшылармен, таксистермен, гараж қызметкерлерімен және пәтер иелерімен араласып тұруға тура келгендіктен сөздерін түсінбей, ол әрқашан ренжіп қала беретін.

Ол итальяндықтарды француздардан бетер жек көретін еді, тіпті басы cay кездің өзінде де олар туралы сөйлегенде бірден қызбаланып, ашуланып кететін. Скотт тіпті ағылшындарды да ұнатпады, бірақ кейде төзімділік жасап, оларға мейірімділікпен қарайтын, сүйсінетін де кездері болатын. Ал оның немістер мен австралиялықтарға қалай қарағанын мен білмеймін. Бәлкім, ол кезде швейцарлықтармен ұшыраспағаны сияқты олармен де араласпауы мүмкін.

Сол кеште қонақ үйде оның тып-тыныш отырғанына мен қуанып қалдым. Арақ дайындап, ішсін деп аспириннің екі таблеткасын бердім, ол таблеткаларды баяу ғана, ешбір қарсылықсыз қылғытып жұтты да, сосын лимонад қосқан арақты ептеп ұрттап іше бастады. Көздерін алдыңдағы бір нүктеге қадаған күйі тапжылмастан отырды. Ал мен газеттің ішкі бетіндегі қылмыс туралы жазылған мақаланы оқып өзімше рақаттандым.

— Сіз осы қайрымсыз емессіз бе? - деді Скотт.

Мен оның жүзіне қарағанымда ауруының анықтамасы жөнінен қателеспеген екенмін деген ойға келдім. Қалай болғанда да, мен оған керек дәріні бермеппін, арақ оны бұрынғыдан да есірте түскен сияқты.

— Неге олай дейсіз, Скотт?

— Сіз отырып алып француздың түкке тұрғысыз газетсымағын оқисыз, ал мына менің өлгелі жатқаныммен шаруаңыз жоқ.

— Дәрігер шақырсам қарсылық етпейсіз бе?

— Шақырмаңыз, алыс бір түпкірде жатқан француздың әліпті таяқ деп білмейтін дәрігерінің қажеті қанша?

— Ал енді сонда не тілейсіз?

— Ыстығымды өлшегім келеді, киімімді кептіріп берсеңіз екен. Сосын біз экспресспен Парижге кетіп қалар едік, онда жеткесін американың Нейядағы госпиталіне барар едім.

— Киіміміз таң атқанша кеппейді, ал экспресс мұнда тоқтамайды екен, - дедім мен. -Жатып демалыңыз, сосын кешкі тамақты төсекте жатып-ақ ішесіз.

— Мен ыстығымды өлшегім келеді. Оның мұнысы едәуір ұзаққа - дәліз күтуші термометр әкелгенге дейін созылды.

— Бұдан өзгесі табылмады ма? - деп сұрадым мен.

Дәліз күтуші келіп кіргенде, Скотт көздерін жұмып кәдімгі өлгелі жатқан Камилаға ұқсап кеткен еді. Адам өңінің, бұлайша сәтте-ақ қуарып кеткенін мен ешқашан көрген жоқ едім, сонда денедегі қанның қайда жоғалып кететінін мен түсінбедім.

— Қонақ үйде өзге термометр жоқ, - деді де, дәліз күтуші маған термометрді ұстата салды. Бұл ванна суының ыстығын өлшейтін термометр болып шықты. Мен арақты ұрттап жіберіп, терезені аштым да жауып тұрған жаңбырға сәл-пәл көз жібердім. Қайта бұрылғанымда, Скоттың кірпік қақпай маған қадала қарап отырғанын сездім.

Мен білетін адамдарша термометрді сілкіп-сілкіп жібердім де:

— Бағыңызға қарай, бұл әйтеуір анальды термометр емес екен, - дедім.

— Мұны сонда қайда қояды?

— Қолтыққа, әрине, - дедім де мен термометрді өзімнің қолтығыма тықтым.

— Керегі жоқ, әлі ол теріс көрсетіп жүрер, - деді Скотт.

Мен термометрді мықтап қайта бір сілкіп, Скоттың пижамасының ілгегін ағытып, оны қолтығына қойдым, сосын оның мұп-мұздай маңдайын ұстап көрдім де, қайтадан тамыр соғысын тексердім. Ол тура алдыңа қарап отырды, тамыр соғуы жетпіс екі екен. Мен оны термометрді төрт минуттай ұстап отыруға көндірдім.

— Мен бір-ақ минут ұстайтын шығар деп ойлап едім, - деді Скотт.

— Бұл үлкен термометр, - дедім мен. - Шығатын жылуды термометрдің бүкіл көлемінің шаршысына көбейту керек. Бұл Цельсий термометрі ғой.

Уақыт біткесін мен термометрді үстел үстіндегі шамға таяу әкеп көрдім.

— Қанша?

— Отыз жеті де алты.

— Ал адамның қалыпты ыстығы қанша еді?

— Міне, осы қалыпты ыстығыңыз.

— Сіз осыған сенесіз бе?

— Секемін.

— Өзіңізге салып көріңізші. Мен анығын білуім керек қой.

Мен термометрді сілкіп пижамамның ілгегін ағыттым да қолтығым астына қойдым: уақытты белгіледім. Уақыт өтті, термометрді алдым.

— Қанша?

Мен термометрге үңіле қарадым.

— Дәл манағыдай екен.

— Ал сіз өзіңізді қалай сезінесіз?

— Тамаша, - дедім мен.

Отыз жеті де алтының қалыпты қызу екенін есіме түсіруге тырысып бақтым. Бірақ мұның ешбір мән-маңызы жоқ еді, өйткені термометр осы сәт үнемі отызды көрсете берді.

Скотт бір нәрсеге күдіктенгендей болып еді, мен оған термометрді тағы салып көріңізші дедім.

— Керегі жоқ, - деді ол. - Менің осынша тез сауыққаныма қуануымыз керек. Менде әрдайым осылай болады.

— Сіз азаматсыз, - дедім мен. - Бірақ әлі төсекте жата тұрып, жеңіл-желпі кешкі тамақ ішуіңіз керек сияқты, сосын ертеңгісін ертемен жолға шығып кетер едік.

Менің екеуімізге де плащ сатып алу ниетім бар еді, бұл үшін Скоттан қарызға ақша алуым керек, бірақ осы дәл қазір бұл жөнінде онымен сөз таластырғым келмеді.

Сөйтіп Скотт төсекте жатқысы келмеді. Ол тұрып киініп, төменге түсіп, өзінің денсаулығы жақсы екенін, ештеме де болмағанын Зельдаға телефонмен хабарлағысы келді.

— Ол кісі не ойлайды, сізбен жол-жөнекей не болуға тиіс еді?

— Біз некелескеннен бергі уақыт ішінде жұбайымнан қашық жерде бөлек ұйықтайын деп тұрған бұл бірінші түнім еді, сондықтан Зельдамен қалайда сөйлесуім керек.

Біз екеуімізге мұның соншалықты маңызды екенін сіз неліктен түсінбейсіз?

Мен мұны түсіне алар едім, бірақ Зельда екеуінің өткен түнді қалайша бірге өткізуге айла-шарғы тапқанын түсінбедім. Дегенмен ол жөнінде сұрау ыңғайсыз еді. Лимон шырыны Құйылған арақты Скотт дем алмай жұтып салды да, маған тағы арақ алғыз деді.

Мен дәліз күтушіні тауып алып термометрін қайтарып бердім де, біздің киіміміз кепті ме екен деп сұрадым. Шамамен бір сағаттан кейін кебеді деді ол.

— Үтіктеуді ұмытпаңызшы, аздап дымқыл болса да ештеңе етпейді.

Дәліз күтуші осы сәтте суық тигенге қарсы ішетін екі рюмке сусын әкелді. Өз рюмкемнен ұрттап ішіп отырып, мен Скоттқа аз-аздап ұрттап ішіңіз дедім. Мен енді оған салқын тиюі мүмкін деп ойлап, шынымен мазам кете бастады. Егер салқын тисе оны, сірә, ауруханаға апару керек болады. Сусынды ішкесін ол өзін сәл-пәл жақсы сезінді, Зельда екеуінің үйлену тойынан кейін түңғыш рет түнді бөлек өткізгенінің қайғысынан аман қалғанына бақытты адамдай болып көрінді. Сөйтіп ол қалай болғанда да, Зельдаға телефон соққысы келді, жалма-жан халат киіп, телефонмен сөйлесуге тапсырыс беру үшін төменге түсіп кетті.

Парижді тез бере қоймапты. Сосын Скотт нөмірге қайтып оралысымен дәліз күтуші кіріп келді, қолында лимон шырыны қосылған екі рюмке арағы бар екен. Менің бірінші рет көруім еді, Скотт арақты соншама көп ішті, бірақ ешбір әсер ете қоймады, ол қайта қуақыланып, әңгімешіл болып кетті, өзінің Зельдамен екеуінің қалай қосылғандарын айта бастады. Ол Зельдамен соғыс кезінде қалайша танысып, кейін қалайша жоғалтып алғанын, сосын бір-бірін қайтадан сүйіп екеуінің некелескенін, ал осыдан бір жылдай бұрын Сан-Рафаэльде Зельдамен екеуі душар болған адам төзбестей бір жиіркенішті жайт жөнінде де айтты. Бұл Зельда мен француздық теңіз ұшқышының бір-біріне қалай ғашық болғаны жайындағы әңгімесінің осы бірінші нұсқасы шынында да қайғылы екен, бұл шындықтан алынған шығар деп ойладым мен. Романға осының қайсысы лайықты боларын білгісі келгендей, кейінірек ол әлгі әңгімесінің өзге нұсқасын да әңгімелеп берді маған, бірақ олардың ешқайсысы да әуелгісіндей қайғылы емес еді, өзге нұсқаларының қай-қайсысы да шындықтан алынған болуы мүмкін, бірақ мен өзім тек әлгі бірінші нұсқасына ғана ақырына дейін сендім. Қай-қайсысын да ол асқан шеберлікпен әңгімелеп берді, бірақ ешқайсысы да алғашқысы сияқты мені тебірентпеген еді.

Скотт әңгімені өте жақсы жазатын. Ол емле ережесіне сай жазуды, немесе тыныс белгілерін қоюды қадағаламаушы еді, үстінен түзетілмеген хаттарымен салыстырғанда, оған бұл әңгімелерді сауатсыздықпен жазды-ау деген күдік тумайтын. Ақырында менің ата-тегімді дұрыс жаза алатын болғанда екеуіміздің танысқанымызға екі жыл болған еді, әрине, ата-тегімнің ұзын екені рас, мүмкін оны әр кез сайын жазу қиынырақ болатын шығар, әйтеуір осындай ата-текті дұрыс жаза білуге үйренгендігі оған әп-әжептәуір абырой әперді. Ол бұдан әлдеқайда маңызды жайттарды дұрыс жазуға әдеттенді, көп нәрсені логикалық жағынан ойлап-пішуге тырысып бақты.

Сол бір кеште менің Сан-Рафаэльде не болғанын ойша біліп түсінуім және оған тиісті баға беруім керек болды, сондықтан мен әлгі айтқанының бәрін анық та, ашық көре бастадым. Суға секіретін кішкене көпірлердің үстінен құлдилап төмен ұшып бара жатқан бір орынды гидроплан, оның қалтқыларының бейнесі, суға түсірген көлеңкесі, теңіз суымың түсі, күнге тотыққан Зельда мен Скотт, екеуінің де қоңырқай сары және ақ сары түсті шаштары, сонда Зельдаға ғашық болған жас жігіттің күнге күйген бет-ажары. Мен оған ойымнан кетпей қойған бір сұрақты бере алмай-ақ қойдым, ол: егер оның әңгімесі шындықтан алынса, және осының бәрі өмірде болса, Скотт Зельдамен күн сайын бір төсекте қалайша ұйықтап жүр деген сауал еді. Дегенмен, мүмкін, осы оқиға өмірімде естіген әңгімелерімнің ішіндегі ең қайғылысы шығар бәлкім, ол өткен түнді ұмытып кеткені сияқты, мұны да есінен шығарып алған болар, мүмкін. Біздің кепкен киімімізді Париж жауап беріп үлгергенше әкелген еді, екеуміз киіндік те кешкі тамақ ішуге - төменге түстік. Скотт аяғын нық баса алмай тәлтіректеп төңірегіндегілерге көзін аларта қарап отырды. Алдымен бізге бір-бір ұлу мен графин толы "флери" шарабын әкелді, бірақ біз тамақты ауызға ала бастағанда-ақ Скотты телефонға шақырып әкетті. Ол бір сағаттай сөйлесті, ал мен нанды маймен, сарымсақ пен ақжелкеннен жасалған тұздыққа батырып, Скоттың ұлуымен қосып жеп алдым, графиндегі "флериді" де өзім ішіп тауыстым, Скотт қайтып оралғанда мен қайтадан ұлу алдырамын деп едім, ол жегісі келмейтінін айтты. Скоттың жеңіл тамақ жегісі келді. Бифштекс те, бауыр да, төс еті де, қуырылған жұмыртқа да көңіліне жақпады, тек балапан етіне ғана көңілі соқты. Күндіз біз тоңазыған балапан етін жеп едік, бұл жерде тауық етін тамаша дайындайды екен, енді біз сол тауық етіне және осы жердің "монтанье" деп аталатын жеңіл, ақ шарабына пейіл білдірдік. Скотт тамақты сәл-пәл ғана жеді, ал бір бокал шараптың өзін ішіп тауыса алмады. Сосын ол басын қолының үстіне қойды да, төңіректе не болып, не қойып жатқанымен ісі болмады. Бұл қулық жасайын деген адамның түрі емес еді, ол қайта еш нәрсені төкпеуге, сындырмауға сонша тырысып отырған сияқты болып көрінді. Біз дәліздегі кезекші екеуіміз оны жоғарыдағы нөмірге алып келдік те, іш киімінен басқасының бәрін шешіп төсекке жатқыздық, шешкен киімдерін іліп, астындағы төсек жапқышпен өзім қымтап орап тастадым. Сосын терезені ашсам жаңбыр толастаған екен, оны сол күйі ашық қалдырдым.

Өзім қайта төменге түсіп кешкі тамағымды ішіп тауыстым, сосын Скотт туралы ойлаумен болдым. Оған ішудің керегі жоқ еді әрине, ал мен болсам онысына қарсы тұра алмадым. Аз ғана ішімдіктің өзі оның жүйкесін қоздырып, денесін улайтыны көрініп тұрды, осыны ойлаған мен, ертең ішпеуіміз керек екен деген тұжырымға келдім. Мен оған біз тездетіп Парижге барамыз, жазуға кірісіп кетуім үшін менің ішпей, біраз бас тынықтыруым керек болар еді деп айтқым келді. Бұл, әрине, менің шын сөзім болмас еді. Маған түскі астан кейін жұмысқа кірісерде, немесе жұмыс үстінде ішпесем болды, өзге кезде ішкеннің залалы жоқ еді. Мен енді жоғары көтеріліп, терезелердің бәрін айқара аштым да, шешініп төсекке жатып ем, сол бойда бірден ұйықтап кеттім.

Келесі күні ауа райы жақсы болды, біз Парижге Кот д'Ор арқылы жаңбырдан кейінгі тамаша ауамен жүріп кеттік, айналадағы әп-әдемі төбелер, егіс даласы мен жүзімдіктер зымырап артымызда қалып жатты. Өзін өте көңілді сезінген Скотт Майкл Арленнің жазған барлық кітаптары жайлы әңгімелеп берді маған. Майкл Арлен өте жақсы адам, одан біз екеуіміз де көп нәрсе үйрене аламыз деді ол. Мен Арленнің кітаптарын оқи алмайтынымды айтып едім, оның кітаптарын маған оқудың қажеті жоқ деді ол, сөйтті де өзі маған Арлен кітаптарының мазмұнын әңгімелеп, ал кейіпкерлерін сипаттап беретін болды. Мұны Майкл Арленнің шығармашылығы жөніндегі ауызша диссертация деп атауға да болатын еді.

Екеуіміз оның үйінің жанынан айырылыстық та, мен таксиге отырып, өзім тұратын тақтай тілетін зауытқа келіп жеттім, жұбайыммен кездесуім де тамаша болды. Осы кездесу қуанышына екеуіміз аз-маз ішу үшін "Клозери де Лилаға" бардық. Біз ұзақ уақыт бойы бір-бірін көрмей сағынысып, қайта ұшырасып бірге отырған балалар сияқты бақыт құшағына бөлендік, мен келіншегіме өзіміздің сапарымыз жайынан баяндап бердім.

— Өзіңе де сондай көңілсіз болғасын қызғылықты еш нәрсені көріп, біле алмадың ба, Тэти? - деді жұбайым.

— Егер мен дұрыс тыңдаған болсам, Майкл Арлен жайлы көп нәрсені білген болар едім. Сосын мен өзім әлі түсінбейтін нәрселерді білдім.

— Скотт сондай бақытсыз ба еді?

— Мүмкін, солай шығар.

— Ой, бейшара-ай.

— Бірақ қайткенде де мен бір нәрсені білдім.

— Нені?

— Саяхатқа шықсаң тек өзіңе ұнайтын адамдармен бірге жүруің керек екен.

— Мұның өзі көп нәрсеге үйретеді емес пе?

— Иә, солай. Біз енді Испанияға аттануымыз керек.

— Иә. Жүруге ай жарымнан аз ғана уақыт қалды ғой. Ал бұл жылы біз ойға алған ісімізді бұзуға ешкімге жол бермейміз, солай емес пе?

— Сөз бар ма. Памплонадан біз Мадридке барамыз, одан соң Валенсияға кетеміз.

— М-м-м, - деп келіншегім мысықша пырылдай бастады.

— Бейшара Скотт-ай, - дедім мен.

— Барлық бейшаралар қалтасында көк тиыны болмаса да сәуегей келеді, - деді Хэдли.

— Біздің жолымыз болғыш-ақ.

— Мүмкіндіктен айырылып қалмас үшін біз өзімізді жақсы ұстай білуіміз керек.

Тіл-көз тимесін деп біз дағды бойынша үстелімізді ұра бастап ек, бізге не керек екенін білмекке даяшы жетіп келді. Бірақ бізге не керек екенін даяшы да, өзге біреу де, ағашқа немесе мәрмәрге (отырған үстеліміз мәрмәр еді) ұрғанымыз да, тіпті ешкім де айтып бере алмас еді. Дегенмен сол бір кеште біз мұны білген жоқпыз және өзімізше бақытты едік.

Сапардан қайтып оралғаннан кейін бір-екі күннен соң Скотт маған өзінің кітабын әкеліп берді. Кітаптың сыртқы мұқабасы ала-құлалау екен, оның сондай тым жылтырақ, тым сиықсыз боп жасалғанына менің ыңғайсызданғаным есімде қалыпты. Ол нашар жазылған ғылыми-фантастикалық романның мұқабасына ұқсап кеткен екен. Скотт маған мұнысына назар аудармаңыз деді. Бұл кітаптың мазмұнында баяндалған Лонг-Айленд тас жолындағы жарнама тақтасы бойынша ойлап табылғанын айтты. Бұрын осы мұқаба өзіне ұнағанымен, қазір ұнамайды деді. Оқымас бұрын мен кітаптың сыртқы жылтыр мұқабасын бөлек алып қойдым.

Кітапты оқып болғанымда, Скотт өзін қалай ұстаса олай ұстасын, не жасап, не қойсын оның сырқат адам екенін, сөйтіп менің оған көмектесіп, тіпті жақсы досы болуға тырысуым керек екенін сезіндім. Оның жақсы деген достары тіптен көп еді, менің таныстарымның ішінен мұншама досы коп адамды табудың өзі қиын болатын. Қажетпін бе, жоқпын ба, оған қарамай мен өзімді де Скоттың достарының санатына қостым. Егер "Ұлы Гетсби" сияқты тамаша кітапты жазу қолынан келген ол, бұдан да тәуірірек өзге бір жақсы дүниені де жаза алатынына күдіктенбедім. Ол кезде Зельданы танымайтынмын, сондықтан оған қарсы төнген бүкіл қауіпті де мен білген жоқпын. Осыған біздің білгіміз келгеннен де гөрі, ертерек көзіміз жетті.

ҚАРШЫҒАЛАР ЖЕМТІК БӨЛІСПЕЙДІ

Скотт Фицджеральд Тильзит көшесінің 14-үйіндегі жалдап тұрған жиһазы мол пәтеріне өзі, жұбайы Зельда және кішкене қызымен бірге бізді түскі тамақ ішуге шақырды. Мен бұл пәтерді тіпті ұмытып қаппын, тек оның іші қараңғы, қапырық екені, онда алтынмен әшекейленіп жазылған, ашық көгілдір былғарымен түптелген Скоттың тұңғыш кітаптарынан өзге екеуіне тиесілі ештеңенің жоқ екені ғана есімде қалыпты. Бұдан басқа Скотт бізге бір тіркеу кітабын да көрсетті, онда өзінің жарияланған бүкіл шығармаларының аттары және олар үшін алған қаламақысы ұқыптылықпен жазылған екен, оған қоса кинода жариялау құқы үшін алған қаржысы, сатылған кітаптарына берілген пайыздар да көрсетілген. Кемедегі тіркеу журналы сияқты, бәрі соншалықты ұқыптылықпен тізілген екен. Скотт соны бізге бір мұражай иесінің мақтанышындай тәкаппарлықпен көрсетті. Өзі күйгелектеп қонақжай болуға тырысып бақты, тапқан-таянған ақшаларын жазып жүреді екен, оны ең бастысы, міне, осы емес пе деп көрсеткісі келді. Бірақ онда қарай қоятындай мәнді ештеңе жоқ еді.

Ішуден басы ауырған Зельданың күйі болмады. Алдыңғы күні кеште олар Монмартрда болыпты да, Скотт арақты көп ішпеймін дегесін екеуі шатақтасып қалыпты. Скотт маған өзінің енді дұрыстап жұмыс істегісі кеп ішпеуге бел байлағанын, ал Зельданың оны сары уайымшылдар санатына қосып, өзінің рақатын әдейілеп бұзушы деп ойлағанын әңгімеледі. Зельданың дәл солай дегені рас екен, әрине, бұдан кейін екеуі бірін-бірі кінәлай бастады, жұбайы өзінің әдетінше мұның бәрін бекерге шығарды. "Мен бұлай деген жоқпын. Мен еш нәрсе айтқан емеспін. Скотт, сен жалған айтасың", - деді ол Сосын Зельда бір нәрсені есіне түсіргендей боп көңілденіп күле бастады.

Сол күні Зельданың реңі шамалы еді. Тамаша ақсары шашын бояу бүлдіріпті, машинамен саяхаттап жүргендерінде жаңбырға бола саяхаттарын тоқтатқанда ол Лионда шашын боятқан екен. Беті омсырайып кетіпті. Көзінде шаршағандықтың белгісі бар екен.

Зельда Хэдлимен де, менімен де ресми түрде сыпайы сөйлесті, ал ойша бүгін таңертең ғана өзі оралған кешегі думанды кеште отырған адам сияқты боп көрінді. Скотт та, Зельда да шамасы біздің Скоттпен екеуіміздің сапарымыз өте көңілді өтті деп есептейтін секілді.

— Сіздер сондай жақсы қыдырып қайтқаннан кейін мен де Париждегі достарыммен көңіл көтеріп қуануым керек қой, - деді Зельда Скоттқа.

Скотт өзінше қонақжай болғысы келді, біз шамалылау түскі ас іштік, оның кем-кетігін аздап та болса шарап толтырғандай еді. Скоттың ақ шашты әп-әсем, топ-толық болып томпиған қызының сөзінде Лондонның шет жағын мекендеушілердің сөз саптасы байқалып тұрды. Скотт қызының күтушісі ағылшын әйелі екенін, ол өскенде Диана Мэннерс бәйбіше секілденіп сөйлеуге әдеттенетінін айтты.

Зельданың көздері тұйғынның көзіндей өткір, жұқа, нәзік ерін, сөзі мен әдет-ғұрпы Оңтүстік тұрғындарына ұқсайтын еді. Оның өлі де онша кешегі күнгі кешкі сауыққа барып-қайтып отырғаны, ал жүзінен құр босқа мағынасыз мысық көзқарас байқалып тұр еді. Содан кейін бір сәт оның көзінде қанағаттанғандық сезім пайда бола қалды да, ол сезім сол сәтінде-ақ көзді ашып-жұмғанша жоқ болды. Скотт сол баяғысынша қамқоршы, қонақжай үй иесі болғысы келіп отыр еді. Зельда оған көз қиығын жібергенде жанары мен ернінде Скоттың шарап ішкеніне тоқмейілсу нышаны сезіліп тұрды. Мұны мен кейін жақсы біліп алдым. Бұл Скоттың тағы да жаза алмайтынын Зельданың өзі білетінін танытқаны сияқты еді.

Зельда Скотты оның істейтін жұмысынан қызғанатын, біз жақынырақ білген сайын мұның мәнісі түсінікті бола бастады. Скотт түнгі ішкілікке бармауға, күн сайын гимнастика жасаумен шұғылданып, тапжылмай отырып жұмыс істеуге бекем бел буған-ды. Ол өз жұмысына кірісіп енді ғана қызығына беріле бастағанда, Зельда өзіне көңілсіз екенін айтып, оны кезекті ішкілікке қоярда-қоймай ілестіріп кетіп жүрді. Екеуі бірде жанжалдасып, бірде татуласып қалатын. Скотт ішкіліктің бойына жайылған уынан айығу үшін менімен бірге алысқа серуенге шығатын болды, енді жұмыс істеймін-ақ деп құлшынып жүрді. Жұмысы бірқалыпты жүріп те жатты. Бірақ кейін бәрі ойда жоқта қайталанып қоя беретін.

Скотт Зельданы шын сүйетін және орынсыз көп қызғанатын. Біз серуендеп жүргенімізде, Зельданың теңіз ұшқышына қалайша ғашық болғанын қайта-қайта айта бергені бар. Бірақ содан былай Зельда Скоттың оны еркектерден қызғануына себеп боларлықтай оспадарсыз мінез көрсетпеген көрінеді: осы көктемнен бері Скотт Зельданы әйелдерден қызғанатынды шығарды. Монмартрда болған кештерде өзі есінен айрылғанша мас болудан қатты сескенетін еді, сондай-ақ Зельда да қатты мас болып қала ма деп сақтанатын. Дегенмен, қас қағым сәтке ғана мас болу оларды көп қолайсыздықтан сақтап қап жүрді. Екеуі де ішкілікке үйір адамға ешбір әсер етпейтін болмашы ғана спирттен немесе шампаннан қалғып-мүлгіп ұйықтап кететін және сәби секілді болып қаннен-қаперсіз ұйықтайтын. Мен өзім шарап емес, есірткіш дәрі қабылдаған адам сияқты екеуінің де естерінен танып қалғанын сан мәрте көрдім, сондайда достары немесе таксидің шопыры әкеліп төсекке жатқызып кетіп жүретін, екеуі де оянғаннан кейін өздерін өте тамаша сезінетін, өйткені олар ағзаға зиян келтірерліктей мөлшерде онша көп ішпейтін.

Бірақ кейін олар әлгідей сақтаушы қасиеттерінен айырылып қалды. Енді Зельда Скоттан да гөрі көбірек ішетін болды, сондықтан Скотт екеуі баратын қайсыбір орындарда немесе сол көктемде өздері араласқан адамдар арасында Зельда көп ішіп масқара боп қалмаса жарар еді деп, көбірек қауіптеніп жүрді. Скоттқа аралас-құралас адамдар да, өздері баратын орындар да ұнамайтын, оған енді өзін-өзі бақылай алмайтындай шамаға дейін ішуге тура келді, сондықтан ол әлгі орындарға да, ондағы ұнатпайтын кісілеріне де төзіп бақты. Бұрын ол ішкіліктен әлдеқашан-ақ ес жоқ, түс жоқ құлап жүрсе, енді тек ұйықтамау үшін ғана ішетін болды. Бара-бара ол дұрыстап жұмыс істей алмады, онысын бірте-бірте сирете берді.

Бірақ ол қайткенмен де жұмыс істеуге тырысып бақты. Өзінше күн сайын-ақ жұмыс істемекші болды, бірақ онысынан түк шықпады. Ол енді жазушылар үшін өзге қалалардың бәрінен артық тамаша Парижді кінәлауға дейін барды, дүниеде Зельда екеуіне қазіргіден мүлде өзгеше тұрмыс құруға болатын өзге бір орын бар шығар деген сенімнен айрылмады. Ол ешқандай құрылыс салынбаған кездегі Ривьераның қандай болғанын көз алдыңа елестетті, ұшы-қиырсыз теңіздің көгілдір айдыны, жағалаудағы сап-сарғыш алтын құм, теңізге мүйістен кем сұғына енген қарағайлы орман мен Эстерель таулары - бәр-бәрі жайнап сала берді. Сол кездегі Зельда екеуі тұңғыш рет барғандағы Ривьера-ай, шіркін!

Скотт маған сол Ривьера жайлы әңгімеледі, біз жұбайымыз екеуіміз қайткенде де келесі жазда сонда баруымыз керек екенін, онда қалай тұратынымыз, өзінің бізге арзан пансионат іздеп тауып беретінін, сосын өзімен екеуіміздің күн сайын қалай жұмыс істейтініміз, теңізге шомылып, құмға аунап, күнге қыздырынып жатып және түскі ас пен кешкі ас алдыңда аз-аздап бір рюмкеден ғана шарап ішетініміз жайлы айтты. Онда барсақ Зельда өзін бақытты сезінеді деді ол. Зельда суға жүзіп сүңгігенді тәуір көреді - оған бұл өмір ұнайды екен, ол ерінің жұмыс істегенін қалайды, сонда бәрі де өзінің қалпына келеді деп ойлайды. Олар - Зельда, қызы үшеуі - жазда қалайда сол Ривьераға барады.

Мен оның айтқанындай, ешқандай дайын үлгіге еліктемей-ақ бар күшті жұмсап әңгіме жазғаныңыз дұрыс қой дедім және өзін осыған сендіруге тырыстым.

— Сіз тамаша роман жаздыңыз, - дедім мен оған, - сондықтан жоқтан өзге бірдеңені жазуға хақыңыз жоқ.

— Бірақ сол романды сатып алушы жоқ, - деп жауап берді ол, - сондықтан мен өтімді әңгіме жазуға мәжбүр боламын.

— Қабілетіңіздің жеткенінше ең жақсы әңгіме жазыңыз, бірақ оныңыз шын жүректен, тебіреністен шыққан дүние болсын.

— Мен дәл осылай істеймін, - деді ол.

Дегенмен, оның әлі жұмыс істей алатыны жаратылыстың оған сыйлаған жақсылығы еді. Зельданың өзінен дәмегөй адамдарға жаны қас болатын. Бұл Зельданың біраз көңілін көтергенімен, Скотт оны әлде де болса қызғанып, қайда барса да қасынан қалмай еріп жүретін. Осының өзі Скоттың жұмысына қырсығын тигізбей қоймады, ал Зельда болса жұмысқа көбірек көңілі ауып кетеді деп Скотты бұл да қызғанатын.

Көктемнің бүкіл соңғы күндерінде және жаздың басын ала Скотт тапжылмай жұмыс істеуге қам-қарекет жасап-ақ бақты, бірақ үзіп-үзіп болмаса, өндіріп жұмыс істей алмады. Мен ұшыратып қалған кездерімде ол әрқашанда көңілді, кейде тіпті шамадан тыс қылжақбас боп жүрді, ол жалпы әңгімешіл, әзілқой адам еді. Өзіне ерекше көңілсіз болған күндерде ғана мен оның арыз-мұңын тыңдайтынмын, тек өзіңізді жақсылап қолға ала білсеңіз, қайтадан баяғыша көсілтіп жазып кете аласыз, ажалдан өзгенің бәрін түзетуге болады дейтінмін мен оған. Ол кейде өзін-өзі келеке еткендей боп жүретін, сонда мен төніп тұрған ешбір қатер жоқ деп ойлайтынмын. Осы уақытта он "Бай болған бала" атты жақсы бір әңгіме жазды, мен оның бұдан да жақсы жаза алатынына сеніп жүрдім, кейін шынында да солай болды.

Жазда біз Испанияда болғанымызда мен романның алғашқы нұсқасын жаза бастағанмын, ал қыркүйекте Парижге келгенімізде оны біржола бітірдім. Скотт пен Зельда ол кезде Антиб мүйісінде тұратын, күзде біз Парижде кездескенімізде Скоттың тым өзгеріп кеткенін байқадым. Ол Ривьерада тұрғанымызда да ішкілікті қоймаған болатын, ал енді кешкілікте ішу түгіл күндіз де мас жүретінді шығарды. Енді ол жұрттың жұмыс уақытымен санаспады, мас болғанда Нотр-Дам-де-Шан көшесіндегі біздікіне тіпті күндіз де, кешке де ат құрғатпай келіп тұратын болды. Ол өзінен төменгілердің, тіпті кімдерді өзі төмен деп есептейтін адамдарының бәрінің алдыңда дөрекі мінез көрсететінді шығарды.

Бір күні бала қараушы ағылшын әйелдің демалысы екен, қызын Скоттың өзі қарап қалған болуы керек, ол қызын ертіп тақтай тілетін зауыттағы біздікіне келіпті, баспалдақпен көтеріле бергенде қызы дәретханаға барғысы келетінін айтыпты. Скотт сол жерде қызын жалма-жан шешіндіре бастаған, осы кезде бізден төменде тұратын үй иесі шыға кеп, оған:

— Мырза, дәретхана сіздің қарсы алдыңызда, баспалдақтың сол жағында, - депті. Сонда Скотт оған:

— Егер осы арадан тез қараңды үзбесең, басыңды төмен қаратып, өзіңді сол дәретханаға сүңгітіп жіберемін, - деп жауап беріпті.

Бүкіл күз бойы ол осылай қиналып жүрді, бірақ сау кезінде романына кірісіп кететін. Бірақ мен оның сау кезін сирек көретінмін, сау кезінде тіпті сүйкімді еді, бұрынғысынша әзілдеп, кейде өзін-өзі сықақтап қойып отыратын. Мас боп алғаннан кейін Зельда өзінің жұмыс жасауына кедергі жасағанда қандай рақаттанса, ол да менің жұмыс істеуіме солдай кедергі жасап жүрді. Осының өзі бірнеше жылға созылды, бірақ осы жылдарда ішкіліктен сау кезіндегі Скотттан артық менің де өңге сенімді досым болған жоқ еді.

1925 жылдың сонау бір күзінде "Күн де шығады" атты романымның алғашқы нұсқасының қолжазбасын көрсетпегенім үшін ол маған өкпелеп жүрді. Мен әуелі бәрін бастан-аяқ өзім оқып шығып, қайта жазуым керек екенін, оған дейін романды талқылауға да, біреуге көрсетуге де құлқым жоқ екенін айттым. Біз Австралиядағы Форарльбергтің жанындағы Шрунсқа, онда алғашқы қар жауысымен-ақ кетіп қалуға жиналып жаттық. Онда барғасын мен романның бірінші бөлігін қайта жазып шықтым, сосын ұмытпасам, оны қаңтар айында тәмамдадым. Мен қолжазбаны Нью-Йоркке апарып Скрибнерстің баспасындағы Макс Перкипске көрсеттім де, сосын Шрунсқа қайтып оралып, кітаптың қалған бөлігін біржола бітірдім. Скотт бұл романды толықтай өңделіп болып әбден кесіліп-пішіліп, Скрибнерске жіберілгеннен кейін барып, сәуірдің аяқ шенінде ғана көрді. Біздің бұл жайында әңгімелескеніміз және әр кездегідей жұмыс біткенде оның абыржып, маған барынша көмектескісі келгені есімде. Бірақ мен кітапты үстінен қайта өңдеп жатқанымда, әрине, оның көмегінің қажеті жоқ еді.

Біз Форарльбергте тұрып, мен романды қайта жазып жатқан кезімде Скотт жұбайы, қызы үшеуі Парижден төменгі Пиренейдегі минералды суларға кетіп қалыпты. Зельда шампанды көп ішіп асқынғаннан пайда болатын, сол кезде колит деп аталатын өте кеңінен тараған ішек ауруына душар бопты. Ал Скоттың өзі ішуді доғарып, біржола жұмысқа берілуге тырысып бақты, сөйтіп бізді маусымда Жуан-де-Пэнге келуге шақырды. Олар бізге тұруға бағасы арзан үй тауып бермекші болды, бұл жолы ол ішпеуге уәде де берді, бәрі де баяғы кездегідей болады деп сендірді, біз болсақ суға шомыламыз, денсаулықты мықтап, күнге күйеміз, тек түскі ас пен кешкі ас алдыңда ғана бір-бір рюмкеден жеңіл шарап ішетін боламыз. Зельда осы күнде сауыққан, екеуінің де көңіл күйлері жақсы, Скоттың романы да айтарлықтай болып келеді. Ол өзі жұртқа ұнаған "Ұлы Гэтсбиді" инсценировка жасаған және экранда көрсету құқы үшін ақша алуға тиіс, сондықтан да оған еш нәрседен қам жеудің қажеті жоқ. Зельда тіпті гамаша, бәрі де үйлесімді болады депті.

Мамыр айында мен Мадридте жалғыз тұрып жұмыс істеген едім. Жуан-де-Пэнге бару үшін Байоннадан пойыздың үшінші класты вагонына отырып, жолшыбай ашығып, осында әрең дегенде жеттім, өзімнің аңдамастығымнан ақшасыз қалып, соңғы рет Франция мен Испания шекарасындағы Андаста ғана тамақтандым. Жалға алған үйлері тәуір екен, олардың өздері де оған таяу тамаша бір үйде тұрды, мен шаруашылықпен айналысып жүрген келіншегімді және өз достарымды көріп тіптен қуанып кеттім, түскі астың алдыңдағы шарап та тамаша болды, біз оны бірнеше мәрте қайталап іштік. Кешкісін біздің келу құрметімізге "Казинода" біраз адам: Маклиши, Мэрфи, Фицджеральдтар және жалданған үйде тұратын Хэдли екеуіміз де - бәріміз жиналдық. Ешкім шампаннан өзге артық ештеңе ішпеді, мен мұнда неткен көңілді, жазуға не деген қолайлы орын деп ойладым. Мұнда тек жазып отырған сәттегі өзіңнің жалғыздығың ғана болмаса, жазу үшін не керектің бәрі бар еді.

Зельда өте әдемі еді, күн қаққан жүзі мен сары алтындай жарқыраған шашы өңіне тамаша көрік беріп тұрды. Оның қырғи көзі салмақты жайдарылықты сездіреді. Бәрі де жақсы, дүние өз қалпынша өтіп жатыр деп ойладым мен. Сөйткенше болған жоқ, Зельда маған қарай еңкейіп өзінің үлкен бір құпия сырын ашқандай болды: "Эрнест, сізге Христ Эла Джолсонға жете алмайтындай болып көрінбей ме?"- деді.

Ол кезде бұған ешкім көңіл аудармайтын. Бұл Зельданың оз сыры еді, қаршығаның адаммен бір нәрсені бөлісетіні сияқты, оның да менімен бөліскен құпиясы еді. Бірақ нағыз қаршыға жемтік бөліспейді ғой. Сөйтіп Зельданың ақылынан алжасқанын әбден түсініп болғанша, Скотт жөндемді еш нәрсе жаза алмай-ақ қойды.

МҮСІН МӘСЕЛЕСІ

Бұдан көп кейінірек Зельда жүйке ауруымен ауырып жазылғаннан кейін, біз бәріміз бір уақытта Парижде кездесіп қалдық. Скотт мені өзімен бірге Жакоб көшесі мен Әулие әкелер көшесінің түйіскен жеріндегі Мишо мейрамханасына түскі ас ішуге шақырды. Ол менен өте маңызды, дүниеде өзі үшін өте басты мәселе жайлы сұрағысы келетінін және оған адал жауап беруім керек екені жайлы айтты. Мен солай етуге тырысып бағайын дедім. Ол менен бір нәрсені адалдықпен айт деп сұрағанда және бұлай істеу онша оңай болмағанның өзінде де мен өтінішін орындауға тырысатынмын,- менің айтқаныма ол ренжитін, көбінесе сөздерімді сараптап ойлап, толғанғаннан кейін барып сөйтетін. Ол сонда бұл сөздерді жоқ қып жіберуге, оған қоса менің өзімді де құртуға дайын тұрғандай кейіп білдіретін.

Түскі ас үстінде ол шарап ішті, бірақ оған дейін ештеңе ішпегесін бе шараптың әсері шамалы болды. Біз өзіміздің жұмысымыз жайлы, әр түрлі адамдар туралы сөз қозғадық, ол менен өзіміздің көптен кездестірмеген адамдарымыз жайында сұрады. Мен оның бір жақсы нәрсе жазып жатқанын, бірақ көптеген себептермен онысының қисыны келмей жүргенін білетін едім. Скотт бұл жөнінде әңгіме қозғағысы келмеді. Ол менің өзіне не жөнінде шындықты айтуым керектігі жөніндегі әңгімеге қашан көшер екен деп күтумен болдым, бірақ ол жұмыс бабындағы түскі ас үстінде отырғанымыз секілді әңгіменің түйінін тек кейінірек қана шешті.

Ақыры екеуіміз шиеден жасалған тортты жеп, шараптың ең соңғы графинін ішіп тауысқанымызда ғана ол маған:

— Сен білесің бе, мен Зельдадан өзге ұрғашыға жақындасқан емен, - деді.

— Жоқ, мен оныңызды білмеуші едім.

— Мен саған айттым ғой деп жүр едім.

— Жоқ, сіз маған көп нәрсені айттыңыз, бірақ бұл жайында естіген емеспін.

— Міне, менің сенен осы жөнінде сұрағым келіп еді.

— Жарайды. Құлағым сенде.

— Зельда: - Сенің мына дене бітімің келіспеген, бұдан ешбір әйел ләззат ала алмайды, менің қазіргі сырқатымның шын себебі де осы, - деді маған. Ол маған осыны айтқаннан бері мен жер-көкке сыймай кеттім, - сенен осының шынын білгім келеді.

— Жүріңіз кабинетке баралық, - дедім мен.

— Қайда дейсің?

— Дәретханаға жүріңіз, - дедім мен. Біз залға қайтып оралып, үстелімізге келіп отырдық.

— Сенің дене бітімің дұп-дұрыс, - дедім мен. - Шыны сол. Абыржи қоятындай дәнеңе жоқ. Тек өзің жоғары тұрып қарағанда төмендегінің бәрі кішірейіп көрінетін әдеті. Әйтпесе Луврға бар да, ондағы мүсіндерді жақсылап көріп ал, сосын үйіңе келіп, айнаның алдыңа тұра қап, өзіңе-өзің қара.

— Ол мүсіндердің үйлесімді болмауы мүмкін ғой.

— Олардың бәрі де үйлесімді. Ондағы дене бітімі көп адамдарды қанағаттандырған болар еді.

— Онда әлгі Зельда неге олай дейді?

— Сені ақылыңнан алжастырайын деп жүрген шығар.

Бұл — адамды ақылдан алжастырудың дүниедегі ең көне әдістерінің бірі. Скотт, шындықты айт деп сұрадың, менің саған бұдан көбірек айтуыма болар еді, адал шыным осы, ал қалғанының еш мәні жоқ. Сенбесең, дәрігерге барып көрін.

— Бармаймын. Сен маған адал шындықты айтады ғой деп едім.

— Енді сен маған сенесің бе?

— Білмеймін, - деді ол.

— Жүр онда Луврға барайық, - дедім мен. - Тиіп тұр емес пе, тек көпірден өтсек болғаны.

Біз Луврға бардық, ол мүсіндерге жағалай қарап шықты, бірақ әлі де күдіктенумен болды.

— Бір бойжеткен, - деді ол, - маған аса ғашықтықпен көз салған еді. Зельданың әлгі сөзінен кейін оған не бетіммен...

— Зельданың айтқанын құлаққа да ілме, - деп ақыл бердім мен. - Ол ақымақ адам. Ал сенің ақыл-есің дұп-дұрыс. Өзіңе-өзің сен де, әлгі бойжеткеннің көңілінен шық, айтқанын екі етпей орында. Зельдаға ерсең, ол сені құртады.

— Сен Зельда жайлы ештеңе естіген жоқсың ба?

— Жақсы, жарайды, - дедім мен. - Сөзімізді осымен бітірелік. Сен түскі асқа менен осыны сұрау үшін келдің, мен шамамның келгенінше адал жауап беруге тырысып бақтым.

Ол әлі де күдіктеніп отыр еді.

— Суреттерді көргің келе ме, жүр көрелік, - деп ұсыныс жасадым мен.— Сен осында Мона Лизадан өзге ештеңені көрдің бе?

— Менің сурет көруге көңілім соқпай тұр, - деді ол.

— "Ритц" сыраханасында біреулермен кездесуге уәделескен едім.

Осыдан көп жыл өткесін, екінші дүниежүзілік соғыс әлдеқашан аяқталғаннан кейін Скотт Парижде тұрған кезде "Ритц" сыраханасының қызметкері болған, ал қазір дәрежесі едәуір өскен Жорж менен былай деп сұрады:

— Осы жұрттың бәрі менен көп сұрайтын Фицджеральд мырза кім болған еді?

— Сіз оны білмейтін бе едіңіз?

— Білмеймін. Сол кездегі келіп-кетушілердің бәрі есімде. Бірақ қазір менен тек Фицджеральд жөнінде ғана сұрайды.

— Сіз оларға не деп жауап бересіз?

— Олар білгісі келетін қызғылықты нәрселерді айтамын. Әйткенмен, әлгі кісі кім болған еді, айтыңызшы?

— Ол - жиырмасыншы жылдардың басында және одан едәуір кейініректе жазған, біраз жылдар Парижде тұрған, басқа шет елдерде де болған американ жазушысы.

— Неге ол менің есімде жоқ? Ол жақсы жазушы ма еді?

— Ол тамаша екі кітап жазды, бір кітапты аяқтай алмай кетті, бірақ оның шығармашылық өмірін жақсы білетіндер үшіншісі де өте жақсы болатын еді дегенді айтады. Бұдан өзге бірнеше жақсы әңгімелері және бар.

— Біздің сыраханада ол жиі болып па еді?

— Иә, жиі болатын.

— Жиырмасыншы жылдардың бас кезінде сіз біздің сыраханада болмадыңыз-ау деймін. Сол бір жылдарда сіздің кедей болып, басқа кварталда тұрғаныңызды ғана білемін.

— Қолыма ақша түскен кездерде "Крийонға" барып жүретінмін.

— Мен мұны да білемін. Біздің қалайша танысқанымыз менің есімде жақсы сақталыпты.

— Менің де есімде сақталыпты.

— Фицджеральдты қалайша есімде сақтамағаныма мен таң қаламын, - деді Жорж.

— Ол адамдардың бәрі де қайтыс болған.

— Дегенмен, өмірден өткен адамдар да ұмытылмайды. Олар жөнінде жұрт менен үнемі сұрайды. Менің жазып жүрген естеліктерім үшін сіз ол жөнінде маған бірдеңе айтуға тиіссіз.

— Жақсы, айтайын.

— Сіздің барон фон Бликсенмен бірде түнделетіп осында келгеніңіз есімде қалыпты... Бұл қай жылы еді?

— Ол күлімсіреді.

— Ол да дүниеден өтті.

— Иә. Бірақ оны ұмытуға болмайды. Менің не жөнінде айтып отырғанымды түсінесіз бе?

— Оның бірінші әйелі тамаша жазатын еді, - дедім мен. - Сірә, менің өзім оқыған кітаптардың ішінде Африка жайлы ең жақсы жазғаны сол. Абиссиниядағы Нілдің сала-тармақтары жөнінде Сэмюэль Бейкер мырзаның кітабынан өзгесі оған тең келмейді. Осыны да өзіңіздің естеліктеріңізге енгізіңіз. Егер сіз жазушылар жайлы жазып жүрген болсаңыз.

— Жарайды, - деді Жорж. - Баронды ұмытуға болмайды, жақсы адам еді ғой. Әлгі кітаптың аты қалай еді?

— "Африкадан аулақта", - дедім мен. - Бликсен өзінің бірінші әйелінің жақсы жазатынын мақтан тұтушы еді. Бірақ біз оның әйелі әлгі кітапты жазбастан көп бұрын танысқанбыз.

— Ал менен жұрт көп сұрайтын Фицджеральд мырза ше?

— Ол осында Фрэнктің кезінде болып жүрді.

— Мен ол кезде жай қызметкер едім, жай қызметкердің не істейтінін сіз білесіз ғой.

— Парижде болған өмірімнің алғашқы жылдары туралы жазбақшы кітабымда Фицджеральд жайлы да жазу ойымда бар. Осы кітапты қалайда жазамын деп өзіме-өзім ант бердім.

— Тамаша, - деді Жорж.

— Алғаш рет көргенімдегідей етіп сипаттаймын оны.

— Тамаша, - деді Жорж. - Егер оның осында келгені рас болса, мен оны есіме түсіремін. Адамдар ұмытылмайды ғой.

— Ал туристер ше?

— Олар да солай. Сіз ол мұнда жиі келіп жүрді деп отырсыз ғой.

— Ол үшін жиі еді, әрине.

— Есіңізде қалай сақталса, сіз оны солайша суреттеп жазасыз ғой, егер мұнда келгені рас болса, мен де есіме түсіріп көрейін.

— Көрерміз, - дедім мен.

ПАРИЖ, СЕНІҢ ТАУСЫЛМАС ТОЙ-ДУМАНЫҢ

Біз енді екеуден-екеу ғана емес, үшеу болған кезімізде, әрі суық, әрі жаңбыр, ақыры бізді қыстың көзі қырауда Парижден қуып шықты. Егер салт басты болсақ, суық пен жаңбырдың саған ешбір бөгеті жоқ. Мәселен, мен әрдайым-ақ дәмханаға барып, даяшылар дәмхананы сыпырып, жиыстырып үлгергенше, тек қаймақ қатқан кофе ішіп қана таңертеңгілікте ұзақ отырып жұмыс істейтін едім. Сонда дәмхананың іші бірте-бірте жылына бастайды. Ал менің жұбайым азынап тұрған үйде жылыну үшін бірнеше жүн көйлекті қабаттап киіп алып, рояльда ойнай беретін. Қысты күндері ешқашан жыламай айналадағының бәріне қызыға қарайтын, еркіндікке үйренген баланы да дәмханаға апаруға болмайды, жұбайым үйге тек Бамбиге тамақ беру үшін ғана оралатын. Ол кезде баланы қарауға адам жалдап алу дейтін жоқ еді. Бамби үйдегі өзінің торлы биік төсегінде Ф. Кис атты үлкен мысығымызбен бірге жататын. Біреулер сәбиді мысықпен екеуін оңаша қалдыру қауіпті, мысық баланың үстіне секіріп шығып, оны буындырып өлтіруі мүмкін дегенді айтты. Ал ырымшылдары мысық баланың үстіне жатып ап, ауыр салмағымен сәбиді езіп тастайды деп те жүрді. Ф.Кис торлы биік төсектегі Бамбидің жанында жатып, үлкен сары көздерімен есікке телміре қараумен болады. Өзіміз үйде жоқта, қызметшіміз Мари бір жаққа шығып кеткенде баланың жанына ешкімді жуытпайды. Бамбиді бағып-күтуге ешкімді шақырмайтынбыз, ол міндетті Ф. Кис өзгеден кем атқармайтын.

Ол кезде мен жай жұпыны емес, нағыз сіңірі шыққан кедейдің өзі едім, Канададан оралғанымызда мен журналистік қызметтен қол үзіп, бірде-бір әңгімемді ешқайда өткізе алмай қалған сәттерімде, жас баламен қыста Парижде тұру, әрине, өте қиынға соқты. Үш айлығының өзінде Бамби мырза Нью-Йорктен қаңтарда шығып, жолшыбай Галифакске соққан "Кюнарды" компаниясының кішкене кемесінде Солтүстік Атлантика арқылы он екі күндей жүзіп жүрді. Бүкіл осы саяхатымыз бойында ол қыңқ етіп бірде-бір рет жылаған жоқ, желемік ауа райы кезінде еденге домалап кетпес үшін төсегін айналдыра түрлі нәрселермен қоршап қойғанымызда тек жымиып қана күлетін. Бірақ біз көрген Париж оған тым суығырақ болды.

Біз сосын Австриядағы Форарльбергтің Шрунс деген жеріне кетіп қалдық. Швейцария арқылы жүріп отырып, Австриямен шекарадағы Фельдкирхке жеттік. Пойыз Лихтенштейн арқылы өтіп, жолшыбай Блуденецке тоқтады, одан тас қайрақ суында форель өсетін кішкене өзені бар орманды ауылдың жанымен өтіп, күн сәулесі мол түсетін, тақтай тілетін зауыты, шағын дүкендері, қонақ үйлері және "Таубе" деп аталатын өзіміз орналасқан қысқы мейманханасы бар кішкене қала Шрунске жол бөлініп кететін еді.

"Таубенің" үлкен пеш салынған бөлмелері кең де жайлы, терезелері мен төсектері жақсы, көрпелері жылы, жастықтарына құс мамығы толтырылған еді. Оның тамағы да тамаша болатын, асхана мен сыраханасының іші тақтаймен көмкерілген сәнді де жылы, сол жердегі кең жазықты аңғарға күн нұры мол түсіп тұратын. Біздің үшеуімізге пансионда күнделікті тұру ақысы екі доллар еді, бірақ ақшаның құнсыздануына байланысты Австрия шиллингісінің құны төмендеткендіктен, тамақ пен бөлме бізге едәуір арзанға түсті. Дегенмен Германиядағы сияқты адам айтқысыз инфляция мен қайыршылық мұнда жоқ еді. Шиллингтің құны бірде жоғарылап, бірде төмендеп тұрды да, ақырында осылай құнсызданып кетті.

Шрунсте шаңғышыларға арналған тауға көтерілетін жеделсаты не фуникулер болған жоқ, бірақ ағаш кесушілердің, бақташылардың жалғыз аяқ соқпағымен ғана тауға көтерілуге болатын еді. Тауға көтерілгенде шаңғыға тайып кетпес үшін итбалық терісінің таспалары байланатын. Тауда жаз кезінде өрмелеушілерге арналған альпілік клубтың кішкене үйшіктері тұратын. Онда отынның құнын төлеген адамға түнеп шығуға да болатын. Кейде отынды өзіңмен бірге алып жүретінсің, егер биік таудағы мұздарға көп күндік серуенге шыға қалсаң, онда отын мен тамақты көтеріп шығаруға біреулерді жалдауға тура келетін. Сол кездегі биік таудағы базалардың ішіндегі ең әйгілі болғандары Линдауэр-Хютте, Мадленер-Хаус және Висбаденер-Хютте еді.

"Таубенің" сырт жағында, бақтар мен егістік алқабына шығатын жерде жаттығу жасауға арналған сырғанақ сияқты бір нәрсе бар еді. Ал өзге бір ыңғайлы сырғанақ аңғардың арғы бетіндегі Чаггунстан әрмен болатын, мұнда сыраханасының қабырғаларына жайран мүйіздерінің тамаша коллекциясы ілініп қойылған сүйкімді кішкене мейманхана бар-ды. Аңғардың қиыр шетінде орналасқан ағаш кесушілердің деревнясы мен Чаггунстың арғы жағында тамаша шаңғы жолдары бар, ол жолдар биік асуға барып тіреледі, сол асудан Сильвретта арқылы төмен түсіп, Клостерс маңынан барып шығуға болады.

Шрунсқа келгеніміз баламыз Бамбиге жақсы болды, өзі сүйкімді, қара шашты күтуші әйел оны шанаға отырғызып, далаға алып шығатын. Біз Хэдли екеуіміз жаңа өлкені, төңіректегі мекендерді тамашалап қайтқанымызша, күтуші әйел оны жақсы қарайтын. Шрунстың тұрғындары бізге өте қайырымды болды. Ұлы Арльберг шаңғышысы Ганнес Шнейдердің бір уақытта серігі болған, тау шаңғысы спортымен алғаш айналысушылардың бірі герр Вальтер Лент тауға көтерілетін шаңғышылар үшін түрліше температураларға жарамды шаңғы майын дайындап жүрген, енді ол тау шаңғысы спортының мектебін ашпақшы екен, біз әйелімізбен екеуіміз соған жазылып қойдық. Вальтер Ленттің үйрету жүйесі жаттығу құламаларындағы сабақты неғұрлым тезірек аяқтап, шәкірттердің өздерін тауға шығаруға негізделген. Ол уақыттағы шаңғы спорты қазіргіге мүлде ұқсамайтын, қауіп-қатер сирек еді, ешкім де аяғын зақымдамайтын. Шаңғышыларға күзет деген жоқ болатын. Таудан төмен сырғанау үшін алдымен тауға көтерілу керек еді.

Бұл әдістің аяқты қатты шынықтыратыны соншалық, төменге сырғанау тіпті жеңіл боп кететін.

Вальтер Лент шаңғы спортындағы ең рақат нәрсе - шаңғы ізі түспеген, ешкім жоқ биік тауға көтеріліп, сосын Альпі клубының бір базасынан екіншісіне мұз таулар мен асулардан төмен қарай құлдырау деп есептейтін. Жығылғанда аяқтың сынуы мүмкін жағдайда шаңғы бекітпелерін пайдалануға болмайды, құлаған сәтте шаңғы аяқтан өзінен-өзі сыпырылып кетуі керек.

Мұздақтардан арқансыз құлдилауды Вальтер Лент бәрінен де жақсы көретін, бірақ бұл үшін жарық-шақтардың тығыз болып жабылатын кезеңі — көктемді күту қажет еді.

Біз Хэдли екеуіміз шаңғы спортымен Швейцарияда тұңғыш рет айналысқаннан кейін, сонан соң Доломитті Альпідегі Кортинад' Ампеццода жүргенімізде Бамби тууға тиіс кезде әуестенгенбіз. Миланның дәрігері Хэдлидің құламайтынына көзіңіз жетсе, шаңғы тебе беруіне болады деп өзі рұқсат берген. Бұл үшін сырғанайтын орындарды, шаңғының іздерін жақсы таңдап алып, үнемі сақтанып отыруымыз керек болды. Әйтеуір Хэдлидің аяғы өте әдемі және тамаша қайратты еді, шаңғыны жақсы игеріп алғандықтан еш уақыт құлаған жоқ. Қай жерде қандай болатынын жақсы біліп, көбіне-көп үлпілдек терең қармен жүруге әуестеніп алдық.

Форарльбергте де, Шрунста да өте жақсы болды, бұл жерлер бізге өте ұнады. Біз қарашаның аяғында кететінбіз де, онда жаңа жыл мейрамына дейін болатынбыз. Үнемі шаңғымен айналысу үшін Шрунс тым төменде орналасқан еді, оның маңында қар - қары ең көп түсетін қыстарда ғана болады. Дегенмен тауға көтерілу рақат дүние еді, оған ешкім қуанбаса қынжылмайтын. Өз мүмкіндігіңе сай қалыпты жағдайды таңдап алған соң биікке көтерілу әлдеқайда жеңіл, жүрек бірқалыпты соғады, оның үстіне арқаңда асынбалы ауыр қапшық бар екеніне өзің де риза боласың. Мәселен, Мадленер-Хаустағы көтерілетін биіктік тік жарлы боп келетін еді. Бірақ екінші рет көтерілу жеңіл болатын, үйрене жаттыға келе екі есе ауыр жүкпен де оп-оңай-ақ көтеріліп кететінсің.

Біз онда әрқашан-ақ ашығып жүретінбіз, әрбір түскі тамақ біз үшін той сияқты еді. Өзімізбен бірге мөлдір сыра, жаңадан шыққан шарап ала шығып, кейде өткен жылғы жүзім шарабын ішетінбіз. Бәрінен жақсысы мөлдір ақ шарап еді. Аңғардағы елдің таза шиеден жасайтын шарабын, сондай-ақ анзе арағын да ішіп жүрдік. Кейде түскі тамаққа қоянның піскен етін қою тұздығымен баптап, оған қызыл шарап беретін, ал кейде бұғы етін жейтінбіз. Мұндайда біз ақ шараптан гөрі қымбатырақ қызыл шарап ішетінбіз, бірақ оның ең қымбатының бір литрі жиырма центтей болатын. Қарапайым қызыл шарап бұдан көп арзан еді, сондықтан біз Мадленер-Хаусқа оны кеспекшелерге құйып апаратынбыз.

Біздің өзімізбен бірге Сильвия Бич қыс бойы оқуға рұқсат еткен кітаптар болатын, ал қонақ үйдің жазғы бағына шығатын алаңда біз қала тұрғындарымен карта ойнайтынбыз. Ал асханада аптасына екі рет покер ойнаған кезімізде, терезелердің қақпағын жауып, есікті құлыптап қоятынбыз. Ол уақытта Австрияда мұндай құмарлық ойындарға тыйым салынған еді, мен қонақ үйдің қожайыны Нельс мырзамен, тау шаңғысы спорты мектебінің директоры Лент мырзамен, қаланың банкирімен, прокурормен және жандармерия капитанымен ойнап жүрдім. Баппен, байсалды ойнайтынбыз, ойыншылардың бәрі де жақсы еді, тек Лент мырза ғана тым қызбаланып көп салып жіберетін, оған тау шаңғысы спортының мектебі ешқандай мардымды табыс бермейтін.

Бір сәт есіктің алдыңа күзетте жүрген екі жандарм келіп тоқтады да, капитаны саусағын құлағына тақап тұра қалды, біз олар кете-кеткенше үн-түнсіз отыра бердік.

Таң атып келе жатқанда, күн әлі суық кезде бөлмеге қызметші әйел келіп кіретін еді де, терезелерді жауып, үлкен әшекейлі пешті жаға бастайтын. Сонда бөлме іші жылынып қоя беретін, таңертеңгі асқа жаңа піскен нан, немесе консервіленген жидегі бар бауырсақ, үлкен ыдысқа құйып кофе, жұмыртқа, егер біз тілесек, қуырылған ет әкелетін. Аяқ жағымда менімен бірге шаңғы серуеніне барғанда таудан құлдилағанда, шоқиып иығыма отырып алатын Шнаутс деп аталатын ит бізбен бірге түнеп жүрді. Ол Бамби мырзамен де достасып кетті, күтуші әйел Бамбиді серуенге алып шыққанда Шнаутс оның шанасының жанында жүгіріп отыратын.

Шрунсте жұмыс істеу бір ғанибет еді. Олай дейтін себебім мен онда өз өмірімдегі ең бір қиын жұмысты атқарып шыққан едім, яғни 1925-26 жылдың қысында "Күн де шығады" атты шығармамның алғашқы нұсқасын ай жарымдай уақыттың ішінде романға айналдырдым. Онда менің нендей әңгіме жазғаным дәл есімде жоқ, әйтеуір кейбіреуі жақсы боп шыққанын ғана білемін.

Аязды кеште шаңғы мен таяқты иыққа салып ап үйге қайтып келе жатқанымызда аяғымыз астындағы қардың сықыр-сықыр еткені, қала шамдарының жылтылдап қоя бергені, содан кейін барып үйлерді көре бастағанымыз, ал алдан қарсы ұшырасқан адамдардың "О, тәңірім, жарылқай көр" деп Құдайға жалбарынғандары есімде қалыпты. "Вайнштубте" әрқашанда біз табанды аяқ киім киген таулық шаруалар сырт киімдерін шешпестен отыра кететін, үй ішінде темекі түтіні будақтап, ал үйдің ағаш еденінде аяқ киімдерінің әлгі біз өкшелерінің іздері айғыз-айғыз боп қалып қоятын. Ондағы жастардың көбі-ақ Австрияның альпілік полктарында қызмет атқаратын, ал тақтай тілетін зауытта жұмыс істейтін Ганс есімді бір жігіт атақты аңшы екен. Ол екеуіміз Италия тауларында майданда бірге болыппыз, сол себепті дос болып кеттік. Екеуіміз шарап ішіп отырып, қосылып таулықтардың әнін айтушы едік.

Қаланың жоғарғы жағындағы жалғыз аяқ жол бақтар мен егіс алқаптары арқылы биікке өрлеп кететін, дәу пештері және қар үстінде отындары үюлі тұратын іші жып-жылы фермаларды да ұмытпаймын. Ac үйлерінде әйелдер жүн түтіп, одан қара, сүр түсті жіп иіретін. Жіп иіретін ұршықтың тұтқасын аяқпен басып жүргізеді, бірақ жіпті мұнда боямаушы еді. Әлгі қара жіпті қара қойдың жүнінен иіретін. Қой жүнінің майын жумай сол күйінде пайдаланушы еді, одан Хэдли тоқыған телпектер мен жүн көйлектер, бөкебайлар қыстыгүні қақаған аязда жүрсек те суық өткізбейтін.

Бір күні жаңа жыл мейрамы алдыңда мектеп директорының жетекшілік етуімен Ганс Сакстың пьесасы қойылғаны бар, мұның өзі әп-әжептәуір пьеса екен, жергілікті газетке мен ол жөнінде рецензия жазып едім, қонақ үйдің қожасы оны аударып берді. Келесі жылы осында қызметтен босап отставкаға шыққан, шашын тақырлап алдырып тастаған, бетінің оқ тимеген сау жері жоқ немістің бір теңіз офицері Ютланд шайқасы жайлы лекция оқуға келді. Ол екі флоттың соғысын бейнелейтін диапозитивтерді көрсетіп, Джеликоның жүрексіздігін айтты, бильярдтың таяғын көрсеткіш орнына пайдаланып, кейде ызаланғанда даусы оқыстан қатты шығып кетіп отырды. Мектеп директоры әлгі таяқпен экранды тесіп жіберер ме екен деп қорықты. Теңіз офицері онымен де тынышталмады. "Вайнштубтағылардың" бәрі ыңғайсыздана бастады. Онымен бірге арақ ішкендер тек прокурор мен банкир ғана еді, үшеуі бөлек үстелде отырған. Лент мырзаның туған жері Рейн бола тұрса да ол лекцияға келмеді. Ал тағы бір шетте шаңғы тебуге Венадан келген ерлі-зайыптылар отырған, екеуі тауға көтерілгісі келмей кейін Цурсқа кетіп қалып еді, олар сонда қар көшкініне тап болыпты деген қауесет есіттім. Сол екеудің ішіндегі еркегі өзін лектормын деп таныстырған, ол бір кезде Германияны құртқан доңыз-дардың бірімін, жиырма жылдан кейін қайтадан тағы құртамын дегенді айтты. Әйелі еріне французшалап үндемей отырсаңшы, мұндай шалғай жатқан шағын орында сені кім тыңдайды деді.

Сол бір жылдары көп адамды қар көшкіні басып қалғаны рас еді. Ең бір үлкен апат Арльбергтегі Леха деген жерде, таудың ар жағында болып еді. Біздегі немістердің бір тобы жаңа жыл мейрамы кезінде Лент мырзамен қосылып шаңғы теппекші болған. Бұл жылы қар кеш жауған еді, ең алғашқы қар мол жауар алдыңда беткейлерді күн қыздырып тұрды. Үлпілдек қар қатпай бос болып жатты, сондықтан шаңғы тебу өте қауіпті еді, сонда Лент мырза Берлиндегілердің келмеуі керектігін айтып жеделхат берді. Ал демалыстары басталып кеткен, шаңғы спортынан ешбір хабары жоқ олар қар көшкінінен де қорықпады. Сөйтіп көбі Лехаға келіп те қалған еді, бірақ Лент мырза олармен бірге барудан бас тартты. Келген немістердің біреуі Лентті "қоян жүрек" деп атап, шаңғы тебуге онсыз да бара алатындарын айтты. Ақырында болмағасын, Лент оларды өзі қауіпсіз деп тапқан бір беткейге алып келді. Ленттің өзі таудан алдымен сырғанап түсті, артынан өзге келгендер де біртіндеп сырғанай бастаған. Сол кезде жарқабақтағы қар кереметтей зор көшкінмен құлап, әлгілерді бірден көміп кеткен. Он үш адамды әрең деп қазып тауып алғанда, олардың тоғызы өліп қалған болып шықты. Тау шаңғысы спортының мектебі бұған дейін де ештеме тындырмаған екен, осыдан кейін оның бірден-бір шәкірттері ретінде тек біз ғана қалдық. Біз шамамыздың келгенінше қар көшкінінің жайын зерттеп білуге тырыстық, оны қалай ажыратуға, қалай сақ жүруге болатынын, егер қар көшкіні басып қалғандай сәтте не істеу керектігі жайлы үйрендік. Сол жылы мен не жазсам да, сол жазғандарымның бәрі қар көшкіні кезінде жазылған екен.

Осы қыста қардан қазып алған бір адаммен байланысты менің есімде ең қорқынышты жайлар сақталыпты. Ол адам бізді жаттығуларда үйреткені сияқты, жүрелеп отыра кетіпті де жоғарыдан қар құлап басқан сәтте ауа кеңістігін сақтау үшін қолын басынан асырып, айқастыра ұстаған екен. Сол жылғы көшкін кереметтей апат әкелді, көміліп қалған жұрттың бәрін қазып алу үшін көп уақыт керек болған, ал әлгі адамды ең соңынан барып аршып алған. Оның өзі осының сәл алдыңда ғана жан тәсілім еткен екен, мойнының сіңірлері мен сүйектерінің кей жерін көшкін мұз соғып көгерткен. Ол бейшара алас ұрып, жан-жағына басын қимылдата берсе керек, қатты кесек қар зақымдап, мойын еттерін тіліп кете берген. Сірә, қар көшкіні жаңа жауған қармен бірге бұрыннан қатып қалған қарды да өзімен бірге ілестіріп әкеп сомдап соқса керек. Өлген адамның әлгіні әдейі істегенін, немесе есі шығып кетіп алжасқаннан осылай еткенін біле алмай дал болдық. Бірақ жергілікті поп бәрібір оны қасиетті жерге жерлеуден бас тартқан, өйткені ол католик пе, не өзге ме, онысы белгісіз еді.

Біз Шрунста тұрған кезімде аңғарды бойлап, жоғары қарай қонақ үйге дейін жүріп ұзақ серуендеп, содан Чадленер-Хаусқа өрмелеп шығар алдыңда осы қонақ үйге кеп түнейтінбіз. Бұл өте әдемі, ертеден келе жатқан қонақ үй еді, өзіміз жатып үйренген бөлмелердің ағаш қабырғалары ұзақ жылдар ішінде айнадай жып-жылтыр боп кеткен. Үстелдері мен орындықтары да дәл осындай жып-жылтыр еді. Біз ерлі-зайыпты екеуіміз құшақтасып, үлкен мамық төсекте көрпемізді жамылып жатқанымызда, ашық тұрған терезеден аспандағы жұлдыздар жымың-жымың етіп, жап-жақын кеп төніп тұратындай еді.

Таң сәріден асымызды ішіп, жүгімізді арқаға таңып алып, әлі қараңғы болса да биіктікке көтеріле бастағанымызда жұлдыздар жап-жақын жерде жымыңдап тұрады, біз шаңғыны иыққа салып алып, кетіп бара жатамыз. Жүк көтерушілердің шаңғылары қысқа еді, ең ауыр жүкті солар көтеріп жүрді. Кім ең ауыр жүкті көтеріп жүре алады деп біз өзара бәсекелескен едік, бірақ байырғы жүк көтерушілермен ешкім теңесе алмады. Мығым денелі, көп сөйлемейтін бұл шаруалар тек монтафондықтардың жергілікті тілінде ғана өзара сөйлесіп, қоржын тиеген аттардың қайтпас қайраты сияқты асықпай санап басып, көтеріліп бара жатады. Ал биіктегі қар басқан мұздақтың шетіне жеткен соң арқалаған жүктерін альпілік клубтың тас қабырғасының жанына сүйей сап, ақшаны әуелгі келіскендегіден де гөрі көбірек сұрайтын. Сұраған ақшаларына қолдары жеткен соң, өздерінің қысқа шаңғыларын аяқтарына жақсылап бекітіп ап төмен қарай құйғыта жөнеледі, сөйтіп іңірдегі періштелер сияқты әп-сәтте-ақ көзден ғайып болады.

Біз өзімізбен бірге шаңғыға барып жүрген немістің жас келіншегімен достасқан едік. Ол тамаша шаңғышы екен, бойы дембелше келген, дене бітімі де сұлу, жол қапшығының ауырлығы дәл менікіндей бола тұрса да, оны қиналмай ұзақ уақыт көтеріп жүре береді.

— Әлгі жүк тасушылар біздерге өлімтігімізді биіктен төмен қарай алып түсу шамамен

қаншаға түседі деп соны ойлайтын адамдарша қарайды, - деді ол — Мен олардың әуелі тағайындаған бағасын ұмытып, тауға көтерілгесін оған қосымша құн сұрамаған кездерін еш уақыт көрген емеспін.

Қыста біз Шрунста жүргенімізде таудағы қармен шағылысып, бетті күйдіретін өткір күн сәулесінен қорғаныш болсын деп, мен сақал қоятынмын және оны алдырып әуреленбейтінмін. Бір күні кешқұрым кешігіңкіреп, балташылардың соқпағымен төмен түсіп келе жатқанымызда, Лент мырза Шрунстың етегіндегі жолда кездескен шаруалардың мені Қара Христос деп атап кеткенін айтты. Ал олардың "Вайнштубке" келіп жүретіндері мені шие арағын ішуші Қара Христос дейді екен. Ал Монтафонның шет аймағында тұратын, өзіміз Мадленер-Хаусқа көтерілу үшін жүк тасушылар жалдаған шаруалар біздің бәрімізді де баруға болмайтын кезде тауға кетіп қалатын жатжерлік албастылар деп есептеп жүрді. Біз қар құлайды-ау деген орындардан күн қыздырып, аса қауіптірек болмай тұрғанда өтіп кету үшін тауға жарық түспей ерте-ақ көтерілетінбіз, мұны да олар түрліше қып жорыды. Бұл жатжерлік албастылар бола тұра біздің айлакерлігімізді де дәлелдей түсетін еді.

Қарағай орманның мұрынды жарып бара жататын иісі, жөке ағашының жапырағымен толтырылған орманшының үйіндегі матрац-төсектер, түлкі мен қоянның ізіне түсіп шаңғымен серуендегеніміз менің есімде қалыпты. Сол секілді таудың биігіндегі орман белдеуінен жоғарыда қаншық түлкінің ізімен жосылтып жүріп отырып, оның өзін көргенше менің ізінен қалмағаным, қуып жеткенімде түлкінің тоқтай қап, алдыңғы оң аяғын көтергені, сосын мелшиіп тұрып-тұрып барып ытқи жөнелгені, қардан быр етіп көтеріліп, құздың сыртына қарай ұшып кетіп жоқ болған тау кекілігінің серпінді қанаттарының ақтығы да менің есімде.

Жел үрлеп бір жерге жиып кететін қардың барлық түрі және оның шаңғышыларға құрып қоятын тұзағын да білуші едім. Біз альпілік клубтың кішкене үйшігінде отырғанымызда ұйтқып соққан қарлы боран қайтадан дүниенің бәрін өзгертіп жым-жылас қып кететін. Сонда өзімізге бейтаныс осы дүниеде ешқашан ештеңе көрмеген сияқты боп бізге ерекше сақтықпен қайтадан жол салып алуға тура келетін. Шынында да біз мұнда бұрын болып көрмеген сияқты төңіректің бәрі мүлде өзгеріп кетеді. Ақырында, көктемге таянған сайын мұздақпен сырғанап, ылдиға түсетін уақыт та келіп жетеді, сонда мұздың беті жып-жылтыр, түп-түзу боп жатады, тек аяқтарың денеңді ұстай білсін, біз еңкейіп ап, екі аяқты қосып, төмен қарай құлдырай жөнелетінбіз. Сонда қардың тек дыбыссыз ысылы ғана естіледі, құлдилаған кезде жылдамдықтың ырқына берілетінің сонша, тіпті өзгенің бәрін ұмытып кететінсің. Бұл тіпті аспанға ұшудан да гөрі артығырақ әрекет, дүниенің ең жақсысы осы еді, ал шынығу керек болса оны біз асынбалы ауыр қапшықтарды көтеріп алып, тауға өрмелеп шығу кезінде-ақ меңгеріп алғанбыз. Әйтпеген күнде біз ешқашан жоғарыға көтеріле алмаған болар едік, оған деп билет сатылмайтын. Осы үшін біз бүкіл қыс бойы жаттығатын едік. Қыстың мазасыз әбігершілік сабағы бізге осы мақсатқа жетуімізге мүмкіндік берді.

Біз өзіміздің осы таудағы соңғы жылымызды өткізген сәтте өмірімізде із қалдырғандай жаңа адамдар пайда болды, сөйтіп бәрі де өзгеріп кетті. Қар көшкіні көп болған сол бір қыс келесі қыспен салыстырғанда балалықтың бақытты бір шағындай қызғылықты еді. Көңілді өткен қыс жан түршігерлікгей беймаза жазбен алмасты. Бұл осында дәулетті адамдардың келген жылы болды. Олардың жолды барлап-бағдарлап беріп отыратын бағыт сілтеуші лоцман-балық дегендері болды, олар кейде естімейді, кейде көрмейді, бірақ әрдайым-ақ көнбіс келеді және шамадан тыс әдепті адамдарды тіміскілеп жүріп, тауып алады. Сол лоцман-балық былай дейді: "Жоқ білмеймін. Бірақ екеуі де маған өте ұнайды. Олар маған, Хем, шынында ұнайды. Сіздің нені айтпақшы екеніңізді түсінемін, бірақ оларды мен шынында да ұнатамын, әйелінде де бір жақсылық нышаны бар (ол әйелдің есімін рақаттана айтып қояды). Иә, Хем, назданбаңыз да қасармаңыз. Олар маған ұнайтыны ақиқат. Адал шыным, екеуі де ұнайды. Оның өзі де (күйеуінің бүркеніш атын айтады) сізге жақынырақ танысқаннан кейін ұнайтыны даусыз. Шынымды айтсам, екеуін де мен ұнатамын".

Бұдан кейін әлгі ауқаттылар пайда болады, бәрі де қайта өзгереді. Әлгі лоцман-балық осы сәт зым-зия жоғалып кетеді. Бұл адам әрдайым бір жаққа жол жүріп бара жатады, немесе бір сапардан қайтып оралғанын көресіз, әйтеуір еш жерде байыздап тұрақтамайды. Саясатта және театрда да ол дәл солайша көрінеді де, жоғалады. Ол әр түрлі елдердегі әлі жас адамдардың өмірінде де дәл осылай, көріне сап ғайып болады.

Оны ұстау мүмкін емес, әлгі ауқаттылардың өздері де оны қолға түсіре алмай әуре-сарсаң күйге түседі. Оны ешкім қолға түсіріп көрген емес, ал қолға түсіргендердің бәрі оған сенген адамдар боп шыға келеді де, сосын өздері де құрып кетеді. Бұл сұмырайлардың қулыққа жақсы әдеттеніп алғанын ешкіммен салыстыруға болмайды, тек қана ол ақша деп қана зар қағады, бірақ бара-бара одан да зардап шегеді. Сосын бір кезде өзі ауқатты боп шыға келеді, тапқан әрбір доллардан бүйірі қампиып өсе береді, өсе береді.

Ауқаттылар мұны ұнатып, оған сенеді, өйткені ол әрі ұялшақ, әрі қылықты, ұстатпайтын бола тұра, өз ісіне әбден айлакер боп алған. Мұның үстіне ауқаттылар оны ешбір қателеспейтін, сезімі күшті жол көрсетуші балық болғаны үшін ұнататын. Әдетте ерлі-зайыпты екі адам бір-бірін сүйіп, тату-тәтті, бақытты өмір сүрсе, біреуі немесе екеуі бірігіп бір жақсы іс тындырса, олар өзге жұртты түнде ұшып келе жатқан құстарды жарқыраған шамшырақтардың шақырып тұратыны сияқты еріксіз өздеріне тартып әкетер еді. Егер қосарланған осы екеуінің достығы тастай берік болса, онда тек құстар ғана залал шегер еді. Ал осындай бақытты әрі тамаша жұмыс істеп, өзгелерді қызықтыратын адамдар әдетте көргені аз, аңқау боп келеді. Олар қысылтаяң жағдайда онша-мұнша төзімділік көрсетпейді және қажет кезінде жоғалып кете алмайды. Сөйтіп қайырымды, сүйкімді, сезімтал боп көрінетін әлгіндей бай-шонжарлардан кез келген жағдайда қорғана алмайды. Өздерін қате-кемшіліктен адамыз деп есептейтін әлгідей ауқаттылар лезде-ақ олардың сүйіспеншілігіне ие болады да әр күнін той қылып өткізеді, сөйтіп осының бәрі тойғызғанда ғана барып Аттила аттарының тұяғы түк қалдырмаған құлазыған шөлді артқа тастағандай әрмен зытып отырады.

Сосын жол көрсетуші балықтың ізінше-ақ әлгіндей жыртқыштар пайда бола кетеді. Егер бұдан бір жыл бұрын олар келмеген де болар еді, ол кезде оларда сенім деген де жоқ еді, жұмыс жақсы жүріп жатқан, сәттілік ғұмыр дегеніңіз асып төгілерліктей еді, бірақ роман әлі жазылмаған, сол себепті олардың сенімі де мүлде жоқ-ты. Уақытты сарп етіп олар қалайда өз дегендеріне жетеді. Олай болмағанда ше? Жалпы сурет өнері бар екенін естігенге дейін, Пикассо олардың қолындағы мықты көзірі секілді еді. Өзге бір суретшіге де сенімі зор болатын. Сөйте-сөйте, оларда да көл-көсір сенімділік туа бастады. Әлгі балық жол көрсетті оларға. Сөйтіп, оларды бөтен адамдардай қарсыламас үшін, алдымен әлгі балықтың өзі кеп жетті бізге. Өйткені балықтың ол кезде бізбен дос-жарандығы бар-тын.

Ол күндерде мен өзім "Гидрографиялық басқарманың Жерорта теңізіне арналған кемемен жүзу ережелерінің түзетілген басылымына" не "Браунның кемемен жүзу альманағының" ережелеріне қалайша сенсем, әлгі балыққа да сонша сенетінмін. Осы жыртқыштардың айтқанына көніп, айдағанына жүргенім соншалық, тіпті мылтық ұстаған кез келген адамға ілесе жөнелетін аңшының қайғылы иті сияқты, немесе өзі үшін ғана ұнатып, өзі үшін ғана бағалайтын адамды жұрт арасынан табатын цирктегі қолға үйретілген шошқа сияқты сенгіш әрі әумесер боп кеттім. Әр күнді бір қызыққа арнау мен үшін тамаша жаңалық сияқты көрінді. Мен тіпті жазып жатқан романымның үзінділерін дауыстап оқып беруге дейін бардым, жазушының мұндай деңгейге дейін құлдырауы, әрине, мүмкін емес еді. Ал нағыз жазушы үшін бүл барлық жарылған тесік-саңылауларын қардың қалың қабаты бүрісеп үлгергенге дейін мұз бетінде шаңғымен тоқтаусыз сырғанағаннан да гөрі қауіптірек еді.

"Мынауың данышпандық, Эрнест, шынымен данышпандық. Мұның не екенін өзіңіз түсінбейсіз", - дейтін олар маған. Осыны естігенде қуана тұра, өмір деген бір өтіп жатқан қызық екен ғой деген ой келетін. "Мына малғұндарға, шамасы, роман ұнап тұр-ау, ал мұның нашар жері қайсы екен?" Егер мен өзімді нағыз жазушыдай ұстай білсем, осылай ойлаған да болар едім, өзімді нағыз жазушыдай ұстай білсем, мен оларға еш уақытта да романды оқымас едім.

Осы шонжарлар келгенге дейін бізге етене боп үлгерген мұның алдыңдағы дөкейлер атам заманғыдан да көне айла-шарғыға көшті.

Ол мынадай еді. Бойдақ жас келіншек байы бар жас бикештің тату-тәтті жанашыр досы бола кетеді. Сөйтіп күйеуімен екеуіне қонаққа кеп тұрады да, сездірмей, білдірмей жүріп, әлгі дос құрбысының ерін бүтіндей өзіне қаратуға әрекет жасайды. Оның үстіне әлгі құрбысының ері жазушылықпен айналысып, мехнатты ауыр еңбек кешсе, титтей де бос уақыт таппай ұзақты күннің басым бөлігінде сүйген жарымен әңгімелесіп, оны серік етуге мұршасы болмаса, әлгідей дос келіншектің ойда жоқта пайда болуының - шынтуайтында ақырының немен тынарына қарамастан, әрине, өзіндік қызығы мен шыжығы болары хақ. Ері азапты жұмысын бітіргенде, оның қасында көруге көз керек керемет екі келіншек отырады. Оның біреуі әлі үйреніспеген жұмбақ жан, егер әлгі ері жолы болмағандай күнде осы екі келіншектің екеуін де сүйіп еркелетер ме еді, қайтер еді.

Әлгі екеуіне баласын қосса олар үшеу боп шыға келеді. Алғашында бұл бойды сергітіп, қуаныш әкеледі, күндер осылайша өтіп жатады. Өстіп жүргенде бар жамандық бір титтей күнәсіз істен басталады. Ал сен осы бір күндік өмірмен тұрасың, қолыңда барға рақаттанып, ештеңе ойламайсың. Сосын барып жалғандыққа саясың, алдайсың, бұл өзіңе жексұрындық боп көрінеді, бұл сені жегідей жейді, күн сайын қауіп-қатер төне түседі, бірақ соғыстағы сияқты бір күнмен ғана өмір сүре бересің.

Маған кітап шығарушымен мәселенің басын ашып алу үшін Шрунстан Нью-Йоркке аттануға тура келді. Сөйтіп мен Нью-Йорктегі қам-қарекетімді бітіріп, Парижге оралғанымда, сол бойда-ақ Күншығыс вокзалдан Австрияға кететін бірінші пойызға отыруға тиіс едім. Өзімнің жан-тәніммен сүйетін бикешім сол кезде осы Парижде еді, ал мен пойыздың біріншісіне де, екіншісіне де, тіпті үшіншісіне де отырған жоқпын.

Станса қасындағы үюлі бөренелердің жанымен өтіп бара жатып пойыз жүрісін сәл бәсеңдеткенде, мен темір жолға таяу тұрған өзімнің нақсүйер жұбайымды қайта көріп қалдым. Сонда мен өзімнен-өзім бұдан өзге біреуді сүйгенімше өлгенім жақсы еді деп ойладым. Ол жымиып, күліп тұр екен, күн қағып қоңырайған сүйкімді жүзі мен сұлу мүсінін күн нұры бұрынғыдан да ажарландырып көрсетеді. Сары шашы алтындай жарқырайды, қасында топ-толық, екі бетін аяз сорып алабұртқан Форарльбергтің нағыз шын тұрғынының өзі Бамби мырза тұр.

— Эх, Тэти, - деді жұбайым, мен өзін қаусыра құшақтай алғанымда, - оралдың ба, әйтеуір, ат-көлігің аман ба? Сүйіктім, көріндің бе көзіме, сенсіз бізге өмір жоқ екен.

Мен тек осыны ғана, оның өзін ғана сүйетін едім, бөтен-бөгде ешкімнің керегі жоқ еді маған, екеуіміз оңаша қалған сәтте өмір қайтадан ғажап боп жүре беретінін қайтерсің. Мен айтарлықтай жұмыс істедім, екеуіміз ұзақ серуенге шығып тұрдық, бізді ештеңе ажырата алмайды деп ойладым мен. Ал көктемнің ақырында біз таудан Парижге қайтып оралғанымызда дағдылы күйбең тіршілік өмір қайта басталып еді.

Өз өмірімнің Париждегі алғашқы кезеңі, міне, осылайша аяқталды. Париж әрқашанда сол баяғы керемет Париж бола тұрса да, онымен қоса өзің де өзгеріп өскеніңмен, ол енді еш уақытта да сонау бұрынғы сен көрген Париж емес. Біз енді қайтып Форарльбергке сапар шекпедік, өзге ауқатты адамдар да солай істеді.

Париждің қызығына әсте тоймайсың, әрі онда өмір кешкен әрбір адам қаланы өзінше жадыңда тұтары хақ. Өзіміз кім болсақ ол болайық және қаланың өзі қалай өзгерсе де мейлі, оған жету қиын ба, әлде оңай ма, бәрібір біз Парижге әйтеуір қайта бір соқпай қоймайтынбыз. Париж соған лайық, сондықтан сен оған қосқан үлесіңнің есесін әманда артығымен қайтарып алатынсың. Біздің өте бір жарлы, әрі өте бір бақытты сонау бір шағымыздағы Париж, міне, осындай болатын.

Аударған Н. Әбуталиев


Пікірлер (1)

Марат

Керемет жазушы

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз