Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев жаңа теxнологиялардың негізінде қанша қаржының үнемделгенін жариялады.
Әкімнің сөзіне қарағанда, мектептерде «бұлтты буxгалтерия» атты жаңа теxнологияны енгізудің нәтижесінде бір жылда 350 миллион теңге үнемделді. Осы ақшаның 80 проценті мұғалімдерге сыйақы ретінде таратылды. Алдағы уақытта аталған жобаға колледждер мен басқа да мекемелер қосылады.
«Ал жан басына қарай қаржыландыру жүйесі арқылы мұғалімдердің лауазымдық жалақысын көтеруге болады. Астанада ондай жүйеге 8 мектеп көшіп жатыр. Талдауға сәйкес, қаржыны тиімді таратудың нәтижесінде әрбір мектеп бюджеттің 20 процентін үнемдеп, соған мұғалімдердің жалақысын көтере алады. Мысалы, былтыр мұғалімдердің орташа жалақысы 100 000 -110 000 теңге болса, биыл жаңартылған білім мазмұны үшін берілетін үстемақы мен жан басына қарай қаржыландыру жүйесімен бірге орташа жалақы 150 000 теңгеден асуы әбден мүмкін», - деді Ә.Исекешев білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен Тамыз конференциясында.
Әсет Исекешевтің айтуынша, алдағы бес жылда ондаған жаңа мектеп ашылады. Соның бәріне 5 000-нан астам мұғалім қажет болады. "Осыған байланысты қала әкімдігі мықты мамандарды тартып, оларға жағдай жасау жағын ойластырып келеді. Соңғы он жылдың ішінде мемлекеттік бағдарлама аясында астаналық мұғалімдерге 2 500-ден астам пәтер берілді. Дегенмен, қала өсіп келеді. Енді, бізге барлық салалар бойынша мықты мамандардың корпусын қалыптастыру қажет. Олардың ішінде мұғалімдер, полицейлер, дәрігерлер, өрт сөндірушілер және тағы басқа мамандар бар. Қазір Мемлекет басшысының бастамасымен "7-20-25" бағдарламасының қолға алынғанын бәріміз жақсы білеміз. Кәсіби мамандар корпусын қолдау мақсатында біз осы санаттағы қызметкерлерді баспанамен қамту тетіктерін әзірлейміз. Сөйтіп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірге бюджеттік саланың 10 мың қызметкерін пәтермен қамтамасыз етеміз. Соның ішінде 3 мыңдай пәтер мұғалімдерге таратылады", - деді Ә.Исекешев білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен Тамыз конференциясында.
Бүгінде республика бойынша бір мектепке шамамен 800-1500 оқушы келеді. Ал елордада аталған көрсеткіш 1500-ге жетіп отыр. Алдағы бес жылда Астанаға тағы 120 мыңнан астам оқушы келеді деген болжам бар.
«2011 жылы елорда мектептерінде 75 мың оқушы оқыса, былтыр аталған көрсеткіш 140 мыңға жетті. Биыл 155 мың оқушы болады деп отырмыз. Осыған байланысты алдағы бес жылда мемлекеттік бюджеттің есебінен 24 мектеп салынады», - дейді Ә.Исекешев.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі