Демодекоз — шартты-патогенді безеу кенелерінің паразиттенуі салдарынан туындайтын сырқат. 0,2-0,5 мм көлеміндегі кенелер адам мен сүт қоректілердің май бездерінің және мейбомий бездерінің, шаш фолликулдарының түкпірінде өмір сүреді.
Кенелердің негізгі тіршілік ететін жерлері — қабақтар, бет терісі, қас үстіндегі аумақ, маңдай, мұрын-ерін қатпарлары, иек, сыртқы есту жолы. Кененің тіршілік өнімдері тәннің аллергияға шалдығуына, бетте Асnе rosacea, себореяның пайда болуына алып келеді; сондай-ақ көздің спецификалық зақымдануын — демодекозды блефарит және блефароконъюнктивит тудырады. Ауру созылмалы сипатта болады және көктем мен күзде асқынады.
Демодекоздың клиникалық сипаты көбіне иммунитеті төмендеген, зат алмасуы бұзылған, аметропиясы бар кісілерде, егде адамдарда байқалады. Асқазан-ішек жолының, өкпенің созылмалы аурулары, емделмеген алыстан көргіштігі бар балаларда кездеседі.
Демодекозды сырқат адамды сырттай қарағанның өзінде анықтауға болады. Науқастың көзі тез шаршайды, қышиды, қабақ шеттері қызарады, кірпік түбірлерінде қабыршақтар пайда болады. Ауру жұққыш келеді. Зертханалық зерттеу қарапайым, арнайы дайындықты қажет етпейді. Әр көзден 8 кірпік — төртеу үстінен, төртеуі астынан — алынады. Олар арнайы ерітіндіге салынып, микроскоп арқылы тексеріледі.
Сырқаттың емі ұзақ және жеке бас тазалығын қатаң сақтағанда ғана тиімді болады. Қабақ пен кірпік календуланың немесе эвкалиптінің спирт қосылған тұнбаларымен алдын-ала тазартылған соң (әр 15 минут сайын) қабақ шетіне «демалан» жақпамайын жағады (тәулігіне 2 рет немесе түнге қарай 1 рет). Дәл осыны терінің қышыған жерлеріне, қастарға, сыртқы есту жолына да жасайды.
Кененің тіршілік өнімдері аллергия тудырады, сондықтан жергілікті уытты-аллергиялық реакцияларды жою үшін «пренацид» жақпамайын қолдануға болады. Егер іріңді блефароконъюнктивит болса, «колбиоцин» жақпамайы немесе «зубетал-антибиотик» күніне 4 рет 10 күнге тағайындалады. Қабыршақты блефарит кезінде қабақ шеттері күніне 2-3 рет тазартылады. Қабақты сылап-сипау, магниттік ем жасау, озондық ем де жақсы нәтиже береді.
Сонымен қатар дисбактериозды емдеу, зат алмасу бұзылысын қалпына келтіру, асқазан-ішек, өкпе ауруларын т.б. емдеу маңызды. Иммуниттеті де көтеру шарт.
Емді аяғына дейін алмаған жағдайда ауру қайталануы мүмкін. Сондықтан сырқат белгілері байқалған бойда дәрігерге қаралып, оның тағайындаған емдік шараларын қатаң орындау керек. Демодекоздан сонда ғана біржолата құтыласыз.
Л. Хаматай, көз дәрігері
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Айман
Жалпы таза жүру керек