— Ең бастысы жоқтан өзгеге ренжіп, абыржушы болмаңыз, — деді дәрігер Мейнелл өз әріптестеріне тән сабырлылықпен.
Көңілдің хошы үшін айта салған дәрігердің жаңағы сөздеріне Гартер ханым құлай сеніп, илана қалған жоқ, кайта кез келген науқастың көңілін аулау үшін айтылатын жаттанды әңгімеге жүрегі сенбей, екі ойлы болып отырып қалды.
— Сөз жоқ, жүрегіңізде ақау бар, — деді дәрігер сөзін қайта сабақтап, — бірақ соншалықты абыржитындай ештеңе жоқ. Бұған кәміл сеніңіз. Әйткенмен үйіңізге лифт қондырып алғаныңыз артық болмайды. Бұған қалай қарайсыз?
Гартер ханым дәрігерге мазасыздана қарады.
Дәрігер Мейнелл өзіне дән риза сияқты. Ол қалтасы жұқа кедейлерден гөрі ауқатты адамдарды көбірек жағалайтын. Себебі, қалтасы қалыңдар оның аузынан шыққанын екі етпей, не айтса соған көне кететін.
— Иә, лифт қондырып алыңыз, — деді ол бұдан басқа лайықты еш нәрсенің орайын келтіре алмай, — оны орнаттырып алсаңыз, шамадан тыс қимыл жасап қиналмайсыз. Күн сайын жазық жерде ғана серуендеп, ойлы-қырлы жерден аулақ болғаныңыз жөн. Бәрінен бұрын — көңіл-күйдің тыныштығы керек, алайда денсаулығыңызды көп ойлап сарыла бермеңіз.
Чарлз Риджуэйге жасы ұлғайған нағашы апасы туралы дәрігер тым мылжыңдап кеткен сияқты көрінді.
— Мені теріс түсіне көрмеңіз, — деді дәрігер Чарлзға қарап.— Нағашы апаңыз әлі жүз жасайды амандық болса. Дегенмен, аяқ асты реніш, қобалжу немесе шамадан тыс оқыс қимылдың қатты әсер етуі де ғажап емес.
Осы тұста дәрігер саусағын бір рет шырт еткізді.
— Иә, ол кісіге ашулануға, қатты шаршауға немесе артық қозғалуға мүлде болмайды. Бірақ солай екен деп, ертеден қара кешке дейін тек сырқатын ойлап сары уайымға салынып кетпеуін де қадағалаған жөн. Қолдан келгенше көңілін аулап, сейілту жағын естен шығармаған абзал.
«Көңілін аулау керек дейді», — деді ішінен Чарлз Риджуэй ойға шомып.
Чарлз көп ойланатын жігіт болатын. Сонымен катар ол ыңғайы келіп тұрса, өз көкейіндегісін іске асырудың мүмкіндігін де қалт жібермейтін.
Сол күні кешке қарай ол нағашы апасына радио қабылдағыш сатып алайық деп өтініш жасады. Гартер ханым онсыз да арзанға түспейтін лифтінің жайын ойлап басы қатып отыр еді, жиенінің мына қалауын құптай қоймады. Бірақ Чарлз үндемей қалған жоқ, кайта үгітін одан берер үдете түсті.
— Жаңа пайда болған дүниелерге көңілім онша соқпайды, оларға әуестігім де жоқ, — деді Гартер ханым жақтырыңқырамай. — Толқындарды білесің ғой, өзің, әлгі электр толқынын айтамын. Ол денсаулығыма жақпауы мүмкін.
Чарлз нағашы апасының бұл пікірінің мүлдем дұрыс емес екендігін шыдамдылықпен бипаздап түсіндіре бастады.
Ғылымның бұл саласынан бейхабар бола тұрса да, Гартер ханым өз дегенінен қайтпай, Чарлздың сөзіне бірден құлақ асып, илана қоймады.
— Электр дегенің, — деді ол қорқақтап, — сен не десең о де, Чарлз, кейбіреулердің денсаулығына шынымен жақпайды. Мысалы күн күркіреп, найзағай ойнарда басым айналады. Өзімнің сырым өзіме белгілі, — деп Гартер ханым басын маңғаздана шұлғыды.
Төзімді жігіт болғанымен, Чарлздың бірбеткейлігі де өз басына жетерлік болатын. «Қымбатты Мэри апа, мен сізге бәрін де түсіндіремін», — деп ойын қайта жалғастырды.
Чарлз радионың ұңғыл-шұңғылын жетік білетін. Осы тақырыпқа лекция оқып тұрғандай, ол өз мақсатына қалайда жету үшін, радио тетіктерін біртіндеп сипаттай бастады.
Гартер ханым ұшы-қиыры жоқ көп сөздің тасқынына көмілді де, түгіне түсінбейтін болған соң жиеніне ризашылығын беріп құтылды.
— Әрине, Чарлз, — деп міңгірледі ол, — өзің лайық деп тапсаң...
— Апатай-ау! — деді Чарлз кемпірдің шашбауын одан ары көтере түсіп, — радио деген біле-білсеңіз, мына сіз үшін таптырмайтын нәрсе ғой. Кешке дейін сары уайымға салына бергенше, бір мезгіл соны ермек қылмайсыз ба?
Көп ұзамай дәрігер айтқан лифт те орнатыла бастады. Бірақ мұның Гартер ханымға пайдасынан зияны көп болды. Үнге келген лифті қоятын бейтаныс еркектерден зәресі кетіп, жан тапсыра жаздады. Жасы ұлғайған адамның әдеті емес пе, дүниесіне көз тігіп, торып жүрген біреулер шығар деп жанын қоярға жер таппады.
Лифтің артын ала радио қабылдағыш та келіп жетті. Гартер ханым алғашында абажадай, көп тетікті бұл сандыққа күдіктене қарап, көп ойланды. Ал Чарлз болса, нағашы апасының назарын аудару үшін тағы біраз әрекет жасады. Радионы дамылсыз мақтап, тетіктерін бұрап, елпек қағып түсіндірумен болды. Мұндайда Гартер ханым арқасы биік орындығына жайғасып отырып алып, осы бертінде ғана пайда болған лифт, радио сияқты заттардың түкке тұрғысыз дүние екенін қайта-қайта айта беретін.
— Тыңдап көріңізші, Мэри апа, сөйлеп тұрған Берлин! Тамаша емес пе? Диктордың даусын естіп отырсыз ба?
— Ызың мен қиқудан басқа еш нәрсе де естіп отырған жоқпын.
Чарлз радио қабылдағыштың тетігін одан ары бұрай түсіп, бір кезде «Брюссель!» деп қуана айқайлап жіберді.
— Шын ба? — деп Гартер ханым енді расында да қызыға бастап.
Чарлз радио толқынының тетігін тағы бір қозғап жіберіп еді, үйдің іші бейне бір ит қора секілді беймаза шуға толды да кетті.
— Енді біз ит қораның толқынына тап болдық білем, — деп Гартер ханым қулана күлімсіреді.
— Ха-ха! — деді мәз болған Чарлз қуанышы қойынына сыймай, — енді сіз қалжыңдауға кірістіңіз бе, Мэри апа? Міне, мұныңыз тамаша!
Гартер ханым еріксіз езу тартты. Ол Чарлзды шынымен жақсы керетін. Көп жылдар бойы қолында Мириам Гартер дейтін жиен қызы тұрып келген. Мұрагерім сол болар деп ниет қылып жүргенде, Мириам үмітін ақтамай кетті. Шыдамы таусылды ма, әлде нағашы апасынан мезі болды ма, әйтеуір бір себеп болды. Гартер ханым іздегенде үйден табылмай, есіл-дерті сыртта болып, дала безер қызға айналды. Сөйтіп жүргенде нағашы апасының қалауынан шықпаған бір жас жігітке тап болды. Мұны білген Гартер ханым бір парақ қағаз жазды да, Мириамды анасының қолына қайтарып жіберді. Көп ұзамай-ақ Мириам жаңағы жігітке тұрмысқа шығып алды. Нағашы апасы енді оған ылғи жаңа жыл мейрамының алдында сыйлық жіберіп тұрды.
Жиен қызынан көңілі әбден қалған Гартер ханым пейілін енді жиен баласына сала бастады. Чарлз оған бірінші күннен бастап-ақ қатты ұнаған. Айтқанын екі етпей елпілдеп тұрады. Жастық кезде өз басынан өткен бірдемелерін айта бастаса құлшына тыңдайды. Бұл жағынан Мириам Чарлздың тырнағына да тұрмайтын. Мириам сондай шыдамсыз, тұйық болса, Чарлз салмақты, елгезек әрі өте көңілді жүретін. Күніне нағашы апасын жүз рет мақтап мәз қылып, іші-бауырына кіріп кететін.
Жиен баласына көңілінің ауғандығы сондай, Гартер ханым бір күні адвокатына хат жолдап, мұра жөніндегі өсиет қағаздарды Чарлздың атына аударып жазуды өтінді. Көп ұзамай ол қағаздар келіп еді, Гартер ханым қарап шықты да, құптап қолын қойып жіберді.
Енді, міне, Чарлз радиосымен де нағашы апасын тез үйіріп әкетті. Басында онша ұнатпаған Гартер ханым, келе-келе бойы үйренді ме, енді радио қабылдағыштан бір елі ажырамайтын болды. Әсіресе үйде Чарлз жоқта радиомен қатты әуестенеді Өйткені жиені үйде болса, радионың құлағынан түспей отырып алатын. Гартер ханым жұмсақ орындығына жайғасып алып, симфониялық; концерт, атақты адамдар жайлы лекция немесе тағы бірдемені қызықтап, дүниенің жан рахатына бататын. Ал Чарлз радиоға тыным таптырмайтын. Шет елдердің радио станцияларын ұстаймын деп, әбігерге түсіп, құлақтан қиқу кетірмей, әр толқынды бір ұлытып қоятын. Ол жолдастарымен бірге сыртта тамақтанып, үйге кеш оралған күндері радио қабылдағыш түгелдей Гартер ханымның еншісіне тиетін. Белгілі бір толқындағы кешкі программаны жалғыз өзі қызықтайтын.
Радио қабылдағыш сатып алғаннан үш айдан соң Гартер ханым бұрын-соңды құлақ естіп көрмеген бір сұмдыққа тап болды. Бұл күні Чарлз карта ойнауға бір жаққа кеткен болатын.
Бұл кештің программасы бойынша балладалардан концерт беріліп жатқан. Сопрано дауысты, әйгілі әнші шотландықтардың «Анни Лори» дейтін махаббат жайлы балладасын нақышына келтіре құйқылжытып тұр еді, әннің қақ ортасына келгенде радио кенеттен тына қалды. Мелодия оқыс үзілді де, іле-шала быжылдаған бір шу пайда болды. Ендігі сәтте ол шу да тыйыла қалып, сәл үзілістен кейін әлсіз ызыңдаған дауыс естілді.
Гартер ханым радионың басқа толқынға қосылып кеткенін қалайша байқамай қалдым деп таңданып қалып еді, ап-анық еркек даусы болмашы ғана ирландық акцентпен сөйлей жөнелді.
«Мэри, мені естіп тұрсың ба? Мэри, бұл Патрик қой өзіңмен тілдесіп тұрған... Көп ұзамай сені алып кетуге келемін... Дайын бол, Мэри-жан, жарай ма, қалқам?»
Артынша бөлме іші «Анни Лори» әнінің тамылжыған ырғағына қайта толды.
Гартер ханым отырған орнында мелшиіп қатып қалды. Екі қолы орындықтың жақтауына жабысып қалған.
Бұл не, түс пе? Патрик? Аумаған Патриктің даусы! Дәл осы бөлмеден өзіне тіл қатты ғой. Жоқ, бұл түс болар. Сәл ғана қалғып кеткен болуы керек. Түске де неше түрлі сұмдық кіреді екен-ау? Эфирден марқұм болып кеткен күйеуі тіл қатты ғой.
Гартер ханым шошып кетті. Не деді өзі? «Сені алып кетуге келемін. Дайын бол, Мэри қалқам» дегендей болды ғой? Бұл не, ажалдан келген хабар ма?
Жүрек ауруы есіне түсті. Иә, оның жүрегінің ауырғанына да көп уақыт болды.
— Бұл ажалдың хабары, иә, дәл соның өзі, — деді Гартер ханым орнынан әрең дегенде тұрып, салы суға кеткендей: «Лифтіге текке кеткен қайран ақша!» — деп ауыр күрсінді.
Бұл жөнінде ол тіс жарып ешкімге сыр ашқан жоқ. Бірақ екі-үш күн бойы көкейінен кетпей, тынышы кетіп алаңдаумен болды.
Көп ұзамай әлгі сұмдық екінші рет қайталанды. Бұл жолы да Гартер ханым жалғыз өзі отырған болатын. Оркестрдің орындауында таңдамалы шығармалардан беріліп жатқан концерт өткендегідей аяқ астынан үзіліп қалды да, ізінше қайдағы бір алыстан сөйлеп тұрғандай, Патриктің үні естілді. Даусы тірі кезіндегідей емес, бір түрлі ғарыштан, жер астынан шығып тұрған тәрізді.
«Патрик сөйлеп тұр саған, Мэри. Сені алып кетуге кешікпей келемін...»
Іле-шала бір нәрсе шырт ете түсіп, зың-зың етті де, оркестрдің үні қайта жалғасты.
Гартер ханым сағатқа қарады. Жоқ, бұл уақытта ол ұйықтап отырған жоқ болатын. Оп-ояу, өңінде, сап-сау отырып Патриктің үнін естіді ол. Бұл елес емес. Оған титтей де күмән жоқ. Бей-жай болып, радио толқындарының эфирде таралуы жайындағы Чарлздың айтқандарын есіне түсірмекші болды.
Шынымен-ақ Патриктің бұған тіл қатқаны ма? Даусының эфирден берілгені ме? Кейде екі толқынның ортасында аралық толқын болады деуші еді. Радио қабылдағыштың шкаласында көрсетілмеген аралық толқындар жайлы Чарзлдың айтқандары есіне түсе бастады. Мүмкін сол толқындар шығар жаңағы сұмдықты жеткізіп тұрған. Иә, бәрі де ықтимал. Патриктің тіл қатқанына қарағанда, ол ғылымның қол жеткен табысын пайдаланып тұр-ау, шамасы.
Қонырауды шылдырлатып, Гартер ханым қызметші Элизабетті шақырып алды.
Элизабет жасы алпыстарға келген, ұзын бойлы, қамыстай қатып қалған арық әйел болатын. Сырттай илікпейтін салқын адам сияқты көрінгенмен, Гартер ханымды аса құрмет тұтып, қатты қадірлейтін.
— Элизабет,—деді Гартер ханым өзіне шын берілген сенімді қызметкерін көргенде, — айтқаным есіңде ме? Сол жақтағы ең жоғарғы тартпа. Аузы кілттеулі. Ақ шүберекке түйілген ұзын кілт. Барлығы да реттеулі тұр.
— Реттеулі тұр дегеніңіз немене, ханым?
— Мені жерлеуге қажет ақирет бұйымдарын айтамын да, — деді Гартер ханым ашуланыңқырап, — қалайша есіңнен шыға қалды, Элизабет? Ол дүниелерді өзің жөндесіп едің ғой.
Элизабеттің өңі құбылып кетті.
Жыламсыраған үні қаттырақ шығып: «Ханым-ау,. мұндай нәрсеге мән бермесеңізші. Қазір әжептеуір жақсысыз ғой», — деді.
— Ерте ме, кеш пе, бұл дүниеден бәріміз де кетеміз ғой,—деді Гартер ханым ажалға мойынсұнып, — жасым болса міне, жетпіске келді, Элизабет. О несі жылағаны. Егер жылайтын болсаң, көз жасыңды маған көрсетпей аулақ барып жыла.
Элизабет өксігін баса алмай шығып кетті.
Гартер ханым іші жылып, риза болып оның артынан біраз қарап тұрды.
— Бишара-ай, енді қайтсін. Мен дегенде жанын беруге де дайын. Әуелі көрейінші, мен бұған жүз фунт қалдырдым ба, әлде елу-ақ фунт па екен? Жүзден кем болмауға тиісті,—деп екі ойлы боп қалды Гартер ханым.
Элизабеттің жайын ойлап біраз отырған соң адвокатына және бір хат жолдап, мұра жөніндегі документтерді тағы бір қарап шығатынын айтып, қағаздарды қайта жіберуді өтінді.
Дәл сол күні ас үстінде Чарлз айтқан бір әңгімеден Гартер ханымның зәресі тағы бір ұшты.
— Айтпақшы, Мэри апа, — деді Чарлз, — осы жоғарыдағы бос бөлмеде ілулі тұрған ана бір сурет кімдікі? Каминның үстіңгі жағында тұрған суретті айтамын. Тері қалпақ киген, самайға жеткізе сақал қоя берген сәнді жігіттің суреті ше?
Гартер ханым жиеніне қатулана қарады.
— Ол сенің нағашы атаң Патриктің жас кезіндегі суреті.
— Ә, солай ма, Мэри апа? Білместік жасағанымды кешіріңіз.
Гартер ханым сәл ғана бас изеді.
Чарлз күмілжіп: «Мен... жай... әншейін сізге...» — деп екі ұшты қылып кібіртіктей бастап еді, Гартер ханым жұлып алғандай: «Иә, не айтайын деп едің маған?» — деді.
— Түк те емес, — деді Чарлз, енді жеделдете сөйлеп, — адамның миына кірмейтін бір нәрсе әйтеуір.
Әзірше Гартер ханым жиеніне басқа ештеме деген жоқ. Бірақ кешке қарай екеуі оңаша қалғанда әлгі әңгімеге қайта оралды.
— Чарлз, шыныңды айтшы. Бағана нағашыңның суреті жайлы сен менен жай сұрадың ба, әлде?...
Чарлз тағы да күмілжіп қалды.
— Бағана айттым ғой, Мэри апа, түсініксіз бір нәрсе деп.
— Чарлз, — деді Гартер ханым қаһарына мініп, — мен енді бәрібір білмей тынбаймын.
— Жарайды ендеше, қымбатты апатай, айт десеңіз айтып-ақ берейін. Кеше кешке қарай үйге кайтып келе жатыр едім, ана суреттегі адам шеткі бөлменің терезесінен сыртқа үңіліп тұрған секілді болып көрінді маған. Жарықтың әсері шығар деп онша көңіл бөлмедім, бірақ Виктория заманының адамына ұқсаған бұл кім болуы мүмкін деп дал болдым. Үйге келген соң Элизабеттен сұрастырып едім, үйге қонақ та, бөтен адам да келген жоқ деді. Кешірек бос тұрған бөлмеге бас сұғып едім, каминның үстіңгі жағында ілулі тұрған әлгі сурет көзіме түсті. Дәл терезеден үңілген адамның суреті. Меніңше, бәрін де оп-оңай түсіндіруге болатын сияқты. Адам кейде өзінін не істеп не қойғанын білмейтін кездері болады ғой. Сол сияқты мен де жаңағы суретті бұрын бір рет көріп, бірақ көргенімді ұмытып қалған болуым керек. Сондықтан да менің адам көрдім дегенім жай елес болуы әбден ықтимал.
— Шеткі терезеден дейсің бе? — деді Гартер ханым жұлып алғандай.
— Иә, онда тұрған не бар?
— Жай әншейін, — деді Гартер ханым.
Солай дегенмен де ол қатты шошынған болатын. Өйткені шеткі бөлме Патриктің киінетін, қырынып-таранатын орны еді.
Жиенімен әңгімелескен түні радионы мазасы кетіп, елегізіп тыңдады. Чарлз тағы да үйде жоқ болатын. Егер бүгін әлгі сұмдық үшінші рет қайталанатын болса, оңда сөз жоқ, оның о дүниемен тілдескені.
Жүрегі дүрсілдеп, аттай тулап тұрса да, дәл өткендегі сияқты радио хабары оқыс үзіліп кетіп, ізінше ирландық күйеуінің үні саңқ ете қалғанда, Гартер ханым онша саса қоймады.
«Мэри, сен қамданып болдың... Мен саған жұма күні келемін... Жұма күні кешкі сағат тоғыз жарымда... Қорықпа, жаның қиналмайды... Дайын бол...»
Соңғы сөзі бітер-бітпестен оркестрдің қаңғырлаған даусы құлақ жара қайта жалғасты.
Гартер ханым бір-екі минуттай қимылсыз отырып қалды. Өңі қуарып, әжім-әжім болған еріндерінің төңірегі көгеріп кетті.
Сәлден соң орнынан ауыр қозғалып тұрды да, жазу столына келіп отырды. Дәрмені кетіп қалған әлсіз қолымен мына жолдарды жазды: «Бүгін кешкі сағат тоғыздан он бес минут өткенде, мен қаза болған күйеуімнің даусын ап-анық естідім. Ол маған жұма күні кешкі сағат тоғыз жарымда келетінін айтты. Егер мен сол күні сол сағатта жан тапсыратын болсам, онда о дүниемен хабар алысудың әбден мүмкін болғаны. Соның дәлелі ретінде осы жолдарды жазып, қалдырып отырмын»
Мэри Гартер.
Гартер ханым жазғанын бір қайталап оқып шықты да, конвертке салып сыртына адресін көрсетті. Содан соң қоңырауды сылдырлатып еді, кідірмей Элизабет келді. Гартер ханым жазу столынан тұрып, жаңағы хатты қызметші әйелдің қолына табыс етті.
— Элизабет,—деді, — егер мен жұма күні түнде дүние салсам, қолыңдағы хатты дәрігер Мейнеллге берерсің.
Элизабет бірдеме дейін деп еді, «жоқ менімен айтыспа», — деп бетін қайырып тастады.
— Құдіреттің күшіне сенемін деп, маған сан рет айтқаның есіңде болар, Элизабет. Міне, сол құдіреттен маған жаңа ғана хабар келді. Одан соң айтарым, мен саған 50 фунт ақша арнаған болатынмын. Енді оны және 50 фунтқа көбейтемін. О, дүниеге аттанбас бұрын банкіге барып үлгермесем, бұл шаруаны Чарлздың өзі-ақ жөндейді.
Элизабетке Гартер ханым бұрынғыша ауыз аштырмады. Өзінің қалдырған өсиетін орындауды жиеніне келесі күні таңертең айтты.
— Есіңде болсын, Чарлз, егер мен олай-бұлай боп кетсем, Элизабеттің еншісін 50 фунтқа көбейтіп бер.
— Кейінгі кезде қабағыңыз салыңқы ғой, Мэри апа, — деді Чарлз көзі күлімдеп, — сізге не болған? Дәрігер Мейнеллдың айтқаны рас болса, жиырма-отыз жылдан соң жүз жылдығыңызды тойлаймыз әлі!
Гартер ханым жиеніне риза болып жымиғанмен қайтарып еш нәрсе айтпады. Сәлден кейін: «Жұма күні кешке қарай не істейсің, Чарлз?» — деді.
Чарлз ептеп таңданып қалған тәрізді көрінді.
— Айтпақшы, Эвингтер бридж1 ойнайық деп қолқалап еді. Егер сіз қаласаңыз үйде-ақ болайын...
— Жо-жоқ, қажет емес, — деп кесіп айтты Гартер ханым, — тіпті де қажет емес. Рас айтамын, Чарлз, ол күні кеште менің оңаша қалғым келеді.
Чарлз түкке түсінбеген адамша, нағашы апасына қарап еді, Гартер ханым одан әрі еш нәрсенің шетін шығарып айтпады. Ол батыл әйел болатын. Көретін сұмдығымды жалғыз өзім көрейін деген ойда сияқты.
Жұма күні кешке қарай үйдің іші тым-тырыс болатын. Гартер ханым биік арқалы орындығын отқа таяу қойып отырған. Барлық жасау-жабдығын даярлап қойған. Сол күні банкіге барып, 50 фунт ақша алып, алмаймын деп жылап-сықтағанына қарамастан Элизабеттің қолына ұстатқан. Өз бұйымдарын реттеп, бірді-екілі асыл тастарын жолдастары мен туыстарына атап, Чарлзға қалдыратын өсиеттерін де жазып қойған. Вустершир шай сервизінің жабдығын жиен қызы Эммаға, француз құмыраларын кіші Вильямға, тағысын тағыларға жеке-жеке арнап қалдырды.
Енді ол қолына ұстаған ұзыншақ конвертке қарады да, ішінен екі бүктелген бір қағазды суырып алды. Бұл адвокат Хопкинсон мырза реттеп жіберген мұра жөніндегі документ болатын. Оны өзі бұдан бұрын зер салып бір рет оқып та шыққан. Ал қазір барлығын қайта еске түсіру үшін қағазды және бір шолып етті.
«50 фунт ақша жан тәнімен беріліп, адал қызмет еткен Элизабет Маршалға, сіңлім мен немерелес ініме 500 фунттан, қалған ақшаны түгелдей ең сүйікті жиенім Чарлз Риджуэйдің еншісіне арнаймын».
Гартер ханым басын изеп, ойға кетті. Ол ана дүниеге аттанғанда Чарлз ұлан-ғайыр мұраға ие болып қалады. Иә, ол нағашы апасын жанындай жақсы көреді. Әрқашан адал пейілі мен құрметін, көңілін аулаған жылы сөзін бір де бір аяп көрген жоқ.
Гартер ханым сағатқа қарады. Үш минуты кем төрт жарым. Йә, уақыты жетсе, ол дайын. Өңінен қорқу, мазасыздану дегеннің нышаны да байқалмайды.
«Қорықпаймын» дегенді бірнеше рет қайталап айтса да, жүрегінің дүрсілі жиілей түсіп, алқымына тығыла бастады. Мұны өзі де сезбей қалған. Бірақ жүйкелері әбден тозып, шегіне жетіп үзілуге аз қалған еді.
Мезгіл кешкі тоғыз жарым да боп қалған. Гартер ханым радионы қосып қойып, не болар екен деп күтіп отыр. Қайсысы бұрын естілер екен? Ауа-райын хабарлайтын диктордың үні ме, жоқ әлде осыдан 25 жыл бұрын қайтыс болған күйеуінің жер асты даусы ма?
Бірақ дәл Гартер ханым мөлшерлегендей болып шықпады. Керісінше, құлағына өзі күнде естіп жүрген таныс дыбыс естілді. Бірақ бұл дыбыс бүгін оның жанын алуға келген суық ажалдай боп естілді. Құлаққа жеткен сыртқы есіктің сықырлап ашылған дыбысы болатын.
Жаңағы дыбыс қайта естілді. Осы кезде үйдің ішін бір суық жел аралап өткендей болды. Гартер ханым өлшеулі уақытының жеткеніне титтей де күмәнданған жоқ. Қорқа бастады... Қорқып емес, үрейі ұшып, төбе шашы тік тұра бастаған болатын.
Кенеттен оған мынадай бір ой келді: «25 жыл деген аз уақыт емес. Патрикті танымай да қалармын».
О, сұмдық! Үрейі одан арман ұшып барады.
Есік жақтан абайлап басқан аяқтың дыбысы естілді. Тоқтап-тоқтап ақырын жылжитын сияқты. Сәл ғана кідірістен кейін ішкі есік ешбір дыбыссыз айқара ашылып кетті.
Гартер ханым құлап қала жаздап, орнынан әрең көтерілді. Шарасынан шыққан көздері үңірейген есік жақта. Дәл осы сәтте оның қалтыраған саусақтарының арасынан төмен қарай бір нәрсе сусып түсіп кетті.
Тұншыға шыққан айқайы тамағына кептеліп, бері шықпай үзіліп қалды. Ашық тұрған есіктің босағасында жирен қаба сақалды, үстінде Виктория заманының үлгісімен тігілген пальтосы бар бір тірі аруақ тұр еді.
Патрик келіп жеткен екен!
Гартер ханымның жүрегі кеудесінен шығып кете жаздап соңғы рет тулады да, тына қалды. Жансыз денесі үш бүктеліп, еденге сылқ етіп құлап түсті.
Элизабет Гартер ханымның қасына келіп жеткенде, бір сағаттай уақыт етіп кеткен еді. Дереу дәрігер Мейнеллге хабар беріп, карта ойнап отырған жерінен Чарлз Риджуэйді де шақыртып алды. Бірақ бұл кезде Гартер ханымға ара түсетін ешбір күш жоқ болатын.
Гартер ханым қалдырған хатты Элизабет екі күннен кейін ғана есіне алды. Дәрігер Мейнелл өзіне арналған хатты зер салып оқып шықты да, Чарлз Риджуэйге көрсетті.
— Кереметтей сай келуін қарашы,—деді дәрігер ойын сөзбен жалғастырып, — нағашы апаңа марқұм күйеуінің даусы елес болып естілген. Бұған дау жоқ. Пул оның жанын жегідей жеп, онсыз да нашар жүректі жетер жеріне бір-ақ жеткізген. Өзі де үзілейін деп тұрған адам қанша шыдасын, зәресі кетіп қорқып үрейден жан тапсырған.
— Өзінен-өзі дейсіз ғой, сонда? — деді Чарлз.
— Иә, солай болуы керек. Мен саған медициналық экспертизаның қорытындысын мүмкін болғанынша тездетіп хабарлармын, бірақ оның дәл мен айтқандай боларына ешбір күмәнім жоқ. Дегенмен мұндай жағдайда ресми тәртіп бойынша экспертизадан өткізіп алған жөн.
Чарлз дәрігерді мақұлдағандай басын изеді.
Өткен түні елдің көзі ұйқыға кеткен кезде, Чарлз радио қабылдағыш тұрған бөлменің сыртқы жағымен үстіңгі қабаттағы өз бөлмесіне жасырын тартылған сымды суырып алып тастады. Сол күні кешке қарай күн суытып кеткендіктен, Элизабетке айтып, бөлмесіне от жақтырып қойған болатын. Міне, сол отқа иегі мен жақтарына жапсырған жирен сақалды өртеп жіберді. Виктория заманының үлгісімен тігілген нағашы атасының киімін үйдің шатырындағы қалампыр иісі бұрқыраған сандыққа қайта апарып салып қойды.
Әзірге оның басына төнген қауіп бұлты жоқ сияқты. «Күтімі жақсы болса нағашы апаң әлі талай жыл өмір сүреді» деп дәрігер Мейнеллдың алғашқыда айтқан көріпкел сөзінен кейін-ақ көкейінен орын тепкен бұлыңғыр ойы, енді міне іске асып отыр деуге болады. Мараты апасының сүйікті еркебұланы, сүйкімді жігіт Чарлздың жүзіне масайраған күлкі үйірілді.
Дәрігер кетісімен Чарлз өз міндетіне кірісіп кетті. Енді оны марқұмды жерлеуге байланысты кезек күттірмейтін шаруалар тосып тұрған болатын. Алыстан поезбен келетін туыстарын қарсы алуы керек. Олардың бір-екеуі — бір түнеп қайтатын адамдар. Өз ойымен іштей арпалысып жүрсе де, бұл шаруаларды Чарлз тыңғылықты тындырды.
«Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» деп осыны айт! Енді міне еңсесін басқан ауыр ойдан арылып, көңілі жай тапты. Өйткені қыл көпірдің үстінде тұрған оның мүшкіл халін ешкім де, тіпті ана марқұм боп кеткен нағашы апасы да білмейтін. Жан адамға сездірмей келген өмірінің көлеңке жағы біліне бастап, енді оның мойнына абақтының тұзағы төніп тұрған еді.
Бір-екі айдың ішінде мол ақшаның көзін таппаса, оның сыры ашылып, абыройы айрандай төгілері сөзсіз еді. Міне енді әлгі қара бұлт сейіліп, жағдайы түзелген сияқты.
Чарлз мұртынан күлді. Күлмегенде қайтсін. Ол қылмысқа барған жоқ. Бар болғаны ептеп қана қалжыңдады. Соның арқасында бір күнде байып шыға келді. Бұл жерде ми қатыратын ештеңе де жоқ. Нағашы апасы өзінің мұрагері Чарлз болатынын одан жасырған жоқ қой.
Осы оймен отырғанда Элизабет есіктен бас сұғып, Хопкинсон мырзаның келгенін және оның Чарлзбен кездескісі келетінін хабарлады.
«Бұл да нағыз дер кезінде келді»,—деп Чарлз ішінен қуанып кетті. Ысқырып әндетіп жіберуге ыңғайланып қалып еді, өзін тежей қойып, қайғылы адамның кейпін киіп, кітап тұрған бөлмеге қарай беттеді. Сол арада марқұм апасының ширек ғасыр бойы ресми кеңесшісі болып келген қарт адвокатпен кездесті.
Адвокат Чарлздың өтінуімен орындыққа жайғасты да, құрғақтау бір жөтеліп алып, келген шаруасын айта бастады.
— Маған жазған хатыңызды онша түсіне алмадым, Риджуэй мырза. Хатқа қарағанда марқұм Гартер ханымның мұра жөнінде қалдырған өсиет қағазын біздің қолда деп ойлайтын сияқтысыз.
Чарлз жалт қарады.
— Нағашы апамның солай дегенін өз құлағыммен естігенмін.
— Кезінде ол документтің бізде болғаны рас.
— Болғаны қалай?
— Жаңа айттым ғой, кезінде деп. Гартер ханым маған хат жолдап, қағазды өткен сәрсенбіге жіберуді өтінген болатын.
Чарлздың дегбірі қаша бастады. Осындай бір пәленің боларын іші күні бұрын сезгендей.
— Қағаздардың бір жерінде жүрген болар, — деді адвокат сөзін қайта жалғап.
Чарлздың үні шықпай отырып қалды. Тіл қатуға дәрмені жоқ. Ол Гартер ханымның столындағы қағаздарды түгел сүзіп шыққан. Олардың арасында әлгі документтің жоқ екенін айдан-анық білетін. Мұны ол адвокатқа сәлден кейін, өзіне-өзі келген соң ғана айтты. Өз даусы өзіне жат көрініп, арқасынан суық тер бұрқ ете қалды.
— Ол кісінің заттарына басқа ешкім қол тигізіп пе еді?
Чарлз адвокатқа қызметші әйел Элизабеттің араласқанын айтты. Хопкинсон мырзаның ақылымен дереу Элизабетті шақырып алды. Қызметші әйел қабағы қатулы, қақиған күйі өзіне қойылған сауалдарға жауап беріп жатыр.
Элизабет Гартер ханымның киім-кешегі мен ұсақ-түйек заттарының бәрін де өз .қолынан өткізіп реттепті. Алайда олардың ішінен өсиет қағазға ұқсайтын ресми документ көре алмапты. Әйткенмен ол қағазды Элизабет жақсы білетін боп шықты, себебі бейшара Гартер ханым қайтыс болатын күні таңертең марқұмның әлгі қағазды ұстап тұрғанын өз көзімен көріпті.
— Бұған сеніміңіз мол ма? — деді адвокат жұлып алғандай.
— Иә, мырза, маған ханымның өзі айтқан. Содан соң ол кісі алмаймын дегеніме қоймай, қолыма 50 фунт ақша ұстатты. Ал өсиет қағазы ұзыншақтау көк конверттің ішінде болатын.
— Рас айтады, — деді Хопкинсон мырза.
— Есіме енді түсті, — деп Элизабет сөзін қайта сабақтады, — келесі күні жаңағы көк конверт мына столдың үстінде жатқан. Бірақ ішінде еш нәрсе жоқ болатын. Столға конвертті мен өзім қойғанмын.
— Столдағы конвертті мен де көргенмін,—деді Чарлз.
Ол орнынан тұрды да, жазу столының қасына барды, келесі сәтте кері бұрылып қолындағы конвертті Хопкинсон мырзаға ұсынды. Адвокат конвертке үңілді де басын изеді.
— Иә, бұл өткен сәрсенбіде мен өсиет қағазды салып жіберген конверттің дәл өзі.
Енді екі еркек те аңырайып Элизабетке қарады.
— Маған айтар басқа еш нәрселеріңіз | бар ма? — деді Элизабет.
— Әзірше, жоқ, рахмет.
Элизабет есікке қарай беттеді.
— Сәл кідіре тұрыңызшы,—деді адвокат, сол күні үйге от жағылып па еді?
— Иә, от кешке дейін маздап тұрды.
— Рахмет сізге, енді жүре беріңіз.
Элизабет шығып кетті. Чарлз еңкейген күйі дірілдеген қолдарымен столды таянып тұрып қалды.
— Хопкинсон мырза, сіз мұнымен не айтпақсыз? Неге меңзеп тұрсыз, өзіңіз?
Адвокат басын шайқады.
— Үміт үзбейік, мүмкін әлі де болса табылып қалар...
— Ал табылмаса ше?
— Он да жалғыз-ақ қорытынды жасауға болады Нағашы апаңыз мұра жөніндегі өсиет қағазды жою үшін әдейі алдырған ба деп қорқамын. Олай дейтінім Элизабет бір тиынсыз қалмасын деп 50 фунт ақшаны оған өз қолымен тапсырған.
— Қалайша? Не үшін? — деп Чарлз еңіреп қоя берді.
Хопкинсон мырза тамағын қырнап бір жөтеліп қойды. Тағы да құрғақ жөтел.
— Нағашы апаңызбен бір нәрсеге келіспей қалған немесе түс шайысқан жеріңіз жоқ па еді, Риджуэй мырза?
Чарлз жасқа булығып: «Жоқ, әрине»,—деді. Өксігін баса алмай: «Біз ең соңғы күнге дейін бір-бірімізге деген шынайы ықылыстан айырылып көрген жоқпыз», — деп иегі кемсеңдеп кетті.
— Е-е-е! — деді Хопкинсон мырза Чарлзға тура қарамай.
Адвокаттың күдіктеніп тұрғанын сезгенде, Чарлздың жүрегі зу ете қалды. Кім біледі, мына кәрі қақпастың білмейтін, естімейтін пәлесі жоқ. Бәлкім Чарлз туралы бөтен әңгіме мұның құлағына да жеткен шығар. Бірақ ондай өсек-аяңның ұшы шықса, бұл ең алдымен Гартер ханымның құлағына жетсе керек еді де, нағашы мен жиен бұл жөнінде қайтсе де жүз шайысып иә болмаса есеп айырысқан болмас па еді? Бірақ олай болған жоқ қой!
Чарлз өз өмірінің ащы сәтіне тап келді. Осы уақытқа дейін сан саққа жүгіртіп айтқан өтірігі өрге басып өте беретін. Ал қазір шын сөзі зая болып, оған сенбей отыр. Тағдырдың тәлкегі ғой, бұл! Нағашы апасының өсиет қағазды жағып жіберуі миға сыймайтын нәрсе ғой. Жоқ, мүмкін емес...
Кенет ол тығырыққа тірелді. Көз алдынан өткен әлгі сұмдық сурет қалай еді? Кемпірдің бір қолы жүрегінде... ал екінші қолынан бір нәрсе... қағаз болуы керек... сусып қып-қызыл шоқтың үстіне құлап түсіп еді ғой...
Чарлздың қаны қашып, ені күлдей боп кетті. Келесі сәтте ол өзінің «Егер ол қағаз табылмаса қайтеміз?» деген үрейлі үнін естіді.
— Бізде Гартер ханымның бұдан көп бұрынғы жазып қалдырған мұра жөніндегі өсиет қағазы сақтаулы тұр. 1920 жылдың сентябрь айында тапсырылған документ. Бұл документ бойынша, Гартер ханымның бүкіл мұрасы жиен қызы Мириам Гартерге, яғни қазіргі Мириам Робинсонға тапсырылуы тиіс.
Мына қақпас не оттап кетті? Мириамы несі? Сонда ұлан-асыр ақшаның Мириамға, оның ана адам сияғы жоқ күйеусымағы мен қыңсылаған төрт күшігіне тиетін болғаны ма? Мириамға дейді!
Дәл осы кезде Чарлздың шынтағының түбінде тұрған телефон Шар ете қалды. Ол трубканы көтеріп еді, ар жағынан дәрігердің дос көңіл даусы естілді.
— Риджуэй, сен бе тыңдап тұрған? Саған қажеті болар деп соғып тұрғаным ғой. Медициналық экспертизаның қорытындысы осы қазір ғана дайын болды. Сол баяғы мен айтқандай болып шықты, тек жүрегінің ауруы тірі кезінде мен мөлшерлегеннен әлде қайда қауіпті екені анықталды. Қандай шара қолдансақ та, ең әрі дегенде екі айдан аспағандай екен. Сен мазасызданып жатыр ма деп хабарласып тұрғаным ғой. Қөніліңе медеу ғой, қанша айтқанмен.
— Ғапу етіңіз, — деді Чарлз дәрігерге,— немене дедіңіз?
— Ары кетсе екі-ақ ай өмірі қалған екен деймін, — деді дәрігер, енді даусын сәл қаттырақ шығарып, — Сынбайтын темір, тозбайтын өмір жоқ, жігітім, мұны өзің де жақсы түсінесің ғой...
Чарлз трубканы орнына сылқ еткізіп тастай салды. Құлағына енді адвокаттың даусы шалынды.
— Ойпырмай, сырқаттанып қалғаннан саусыз ба, Риджуэй мырза?
— ...Бәрі де құрысын! Мұрнын көтерген адвокат та, ана тілі удай, кәрі есек — Мейнелл де құрып кетсін!
Қол ұшын беретін енді ешкім жоқ. Барар жер, басар тауы біреу-ақ, ол — абақты.
Чарлзға осы уақытқа дейін біреу өзімен жасырынбақ ойнап келген тәрізді болып көрінді. Шоқ-шоқ деп, мазақ қылып күліп тұрған секілді…
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі