Есіл оянысымен көзін уқалай түрегеліп, бұрыштағы бала кереуетіне қараса, түнде онымен «жақсы түс көр» айтысып ажырасқан бұйра бас сары қыздың қарасы да жоқ. Көрпе-жастық кешегі күндізгі салтанатында тап-тұйнақтай жиюлы тұр. Есіл шифоньер айнасының алдында шашын өрігі тұрған анасынан:
— Мама, Зина қайда? — деп сұрады.
— Зина балалар бақшасына кетті.
— Қашан кетті?
— Әлгінде, сен ұйықтап жатқанда тұрып кетті.
Бұл хабар Есілге тым жайсыз әсер етті. Ол әлі де ұйқы табы айықпай, құрыстаныңқырап тұрған қабағын шыта түсіп, жабырқау кейіпте отырып қалды. Осы кезде мамасы:
— Ұйқың қанса, түрегел. Киін, — деп еді. Есіл мұны естімегендей, өз уайымын айтып жауап қатты:
— Мен енді кіммен ойнаймын?
— Түрегел. Аулада сен ойнайтын бала табылады.
Есіл тұрып, киіне бастады. Ол мамасымен екеуі Алматыға кеше кешқұрым келген болатын. Мамасы бұдан бұрын да мұнда талай келіп-кетіп жүрген адам. Ал Есіл болса бірінші рет.
Зинамен ол кеше теп-тез үйірсектеніп, екеуі бүкіл кешті тату ойнап, қызықты өткізіп еді. Енді сол серігі ұзақ күнге қасында болмайтынын білген соң Есіл қалай уайымдамасын. Мұндағы балалардан ол басқа ешкімді де танымайды ғой.
Шай үстінде де Есілдің қабағы ашыла қоймады. Мамасы оның көңілім сергітпекші болып:
— Мына әжең сені көшеге алып шығып, қала аралатып көрсетеді. Трамвайға мінгізеді,— деді.
— Ал сен ше?
— Менің баратын жұмыстарым бар.
Сергімек түгіл Есілдің қабағы одан бетер түсіп кетті. Бұны тастап, анасы тағы да кетейін деп отыр. Өзі әрең қозғалып жүретін бөтен әжемен қаласың дейді.
— Meн сенімен барам.
— Менімен қалай барасың? Мен талай кеңселерді аралауым керек. Сонда сені қолыңнан жетелеп жүрем бе? Мен мұнда сейіл құрып келген жоқпын ғой. Қызмет бабымен командировкаға келдім. Жұмыс бітіруім керек.
Есіл бұның бәрін түсінбейді емес, түсінеді. Сондықтан да қасарысудың ретін таба алмайды. Ар жағы еріксізден көнгендей болады.
Әңгімеге Балбөпе әже араласты:
— Мамаң жұмысына барсын, қарағым. Ыдыс-аяқты жиып болғаннан кейін екеуміз магазин аралап қайтамыз.
— Магазинге бармаймын, — деп томсарды Есіл.
— Ендеше үйде отырып, тамаша ертегі айтып берем. Қу түлкінің қасқырды қалам алдап, құйрығын мұзға қатырғаны жөнінде естіп пе едің?
— Оны өзім де білем, — деді Есіл.
— Шық бермес Шығайбай туралы ертегі айтып берем.
— Оны да білем.
— Білгенің жақсы, — деді карт әже бипаз үнмен, — бұның бәрін менің Зинатайым да біледі. Ал мен болсам, екеуіңнен де көп білем. Әлі сендер естімеген басқа да көп-көп ертегі айтып бере аламын.
— Болды! Салбыратпа ұртыңды. Бүйтетін болсаң, ендігәрі мен сені ешқайда да алып шықпаймын, — деді мамасы,
Әңгіме осымен біткен еді.
Ыдыс-аяқты жуып болғаннан кейін Балбөпе әже Есілді көшеге ертіп шықты. Бір қолында азық-түлік сумкасы. Екінші қолымен Есілді білегінен қысып ұстап алған. Есіл босанып, еркін жүрейін десе:
— Машинаның астына түсесің, — деп босатпайды.
Есіл амалсыз көніп келе жатыр.
Екі көше өткен соң, бұлар гастрономға келіп кірді. Сапырылысқан халық екен. Балбөпе әже Есілдің қолын әлі де босатар емес. Оны жетелей жүріп, витриналарды қарап келеді. Бір жерде ол кезекке тұрды. Есіл үшін бүл ара тіпті мазасыз болды. Ары бері өткендер қағып-соғып, басып кете жаздап берекесін ұшырды. Әрі адамдардың тығыз арасы қапырық ыстық еді.
— Әже, қысылып кеттім.
— Қысылсаң, анау терезе алдына барып тұра тұр. Ешқайда кетуші болма.
— Мақұл.
Есіл кісілердің арасымен әрең суырылып шықты. Терезенің алды оңашалау еді. Есілдің бойы жазылып, сергіп қалды. Терезе тұсынан өрт сөндіретін бірнеше машина жаңғырығып етіп еді, оны көріп, көңілі көтеріле түсті,
Терезені қоршаған жұмыр белдеу темірге асылып, Есіл осылайша сыртқа кез тастап тұр еді. Сол кезде сапқа тізілген бір топ кішкентай бала тротуармең тура бұның алдынан етіп бара жатты. Есіл санай бастады. Бір, екі... Алты, жеті. Есілдің тілі таңдайына жабысып қалғандай болды. Көзі бағжаң ете қалды. «Зина! Зина!»
Қос қабат терезеден Зина бұның даусын естімеді.
Дәл қасындағы бағанадан бері жұрт дамылсыз кіріп-шығып жатқан жарма есіктен Есіл сыртқа. жүгіріп шықты да, Зинаны қуып жетіп, білегінен ұстай алды.
— Зина!
Зина жалт қарап, таңырқап, ол да қуанып қалды.
— Зина қайда барасыңдар? — деп сұрады Есіл.
— Киноға бара жатырмыз. Білесің бе, кәзір «Чапаевты» көрсетеді.
«Чапаевты» Есіл былтыр қыста өз аулында бір рет керіп, мәңгі ұмытпастай әсер алған. Сол есіне келе қалды да шексіз қуанышқа бөленіп:
— Мен де көрем,— деп Зинамен қол ұстасып кете барды.
Келесі көшенің бұрышындағы биік сары үй кинотеатр болатын. Тәрбиеші қыз бақша тәрбиеленушілерін залдың орта - тұсына бірыңғай отырғызып жатып, Зина Сапарованың қасындағы бейтаныс қара домалақ баланы байқап қалды. Бірдеңе айтайын дегенше болмай, кино басталып кетті.
Кино соңынан тәрбиеші есік алдында бақша тәрбиеленушілерін сапқа тізіп жатып, Зинамен қол ұстасып тұрған әлгі қара домалақ баланы тағы көрді.
— Сен мұнда неге тұрсың?
— Мына Зинамен тұрмын.
— Кімсің сен?
— Мен Есілмін.
Зина қосамжарланды.
— Бұл бізге колхоздап қонаққа келген. Мамасы екеуі келген.
— Мамаң қайда?
— Кеңсеге жұмысына кеткен.
— Киноға сені кім ертіп әкелді?
— Өзім... Зинамен еріп келдім.
Тәрбиеші таң-тамаша болып, иығын бір қомдады да, қазбалап сұрай бастады. Істің мән-жайы сонан соң айқындалды.
— Сен білесін бе, не істегеніңді? Әжең сенің бізбен еріп кеткеніңді білмейді. Машина басып, немесе бір жаққа адасып кетті деп ойлап, ол кәзір зар қағып, сені іздеп жүр ғой? — деді тәрбиеші.
Дұрыс істемегенін мойындап, Есіл темен қарады да, мұрнын әдемілеп бір тартып қойды.
Тәрбиеші оны балалармен бірге бақшаға ертіп әкелді. Тәрбиеленушілері тамақ ішуге қамданып, жуына бастады. Есіл де жуынды. Бұдан соң тәрбиеші әйел оған:
— Сен колхоздан келген қонақ екенсің, бері жүр, — деп Есілді оңаша бір кабинетке алып барды. Жақсылап тамақтандырды да, сол кабинеттегі диванға төсек салып беріп:
— Енді ұйықта. Демал, — деді.
Кезіне Чапаевтың ерлік қимылдарын елестетіп жатып, Есіл ұйықтап кетті.
Дабыр-дұбыр дауыспен оқыс қозғалыстан оянып кетіп, Есіл көзін ашып алып еді. Бетіне төне қарап тұрған Балбөпе әжені көрді.
— Өй, ақымақ неме! Ойында дәнеңе жоқ пырылдап ұйықтап жатыр ғой! Мен болсам, бұны машина басып кеткен екен деп... Зәрем қалмай... Уһ, жаным-ай!.. Су беріңіздерші...
Балбөпе әжей сөйлеуге халі келмей талықсып отыра кетті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі