Жаз. Біріншіні бітіріп, демалысқа шыққанбыз. Ауданнан жарлық кепті: колхозаралық пионер лагері ашылады. Соған сабақты жақсы оқитын үш бала жібересіңдер. Әрқайсысы өзімен бірге бір пұт үн, бір серке (немесе қой) ала келуі керек. Бұл оның бір aй бойына ішіп-жейтін азығы болады дейді.
Аудан айтты — ауыл үшін заң. Колхоз басшылары мен бізді оқытатын мұғаліміміз абыр-сабыр қам істей бастайды. Қазіргідей емес, артельдің сіңіріне сүрінген кезі. Лагерьге баратын үш бала оңай табылғанмен үш пұт үн, үш серке оңай табыла қоймайды.
Осы барсын, осы барсын деп, арқадан басып таңдаған үш оқушының біреуі мен екем. Қалғаны Ахмет, Садық деген балалар. Жастарымыз шамалас.
Қазіргідей дыр еткізіп жөнелетін машина ол кезде жоқ. Колхозда ат арбаның өзі жетіспейді. Дегенмен колхоз бізді лагерьге жеткізіп салуға бір арбасын береді. Арба айдаушы Базарбай дейтін мінезі күйгелектеу, өзіміздің жамағайын.
Сонымен, аудан айтқан жағдайларды түгел жасап алып, лагерь қайдасың деп жолға шықтық.
Лагерьге бала жіберу ол кезде ел салтына енбеген. Лагерь ол не зат? Онда барған балалар не істейді? Бұны біз түгілі, ата - аналарымыз да жөнді білмейді. Әйтеуір сабақты жақсы оқитын балалар барады деген сөзге қарап, жаман болмаса керек деп топшылайды.
Лагерьдің қандай болатынын кезбен көріп білгенше, біз асығудамыз.
Лагерьдің ашылған жері Құмтекей деп аталатын жазық дала. Бұл арадан елу шақырым шамасы. Арбаға жегілген арық ат бір күнде алып бара алмайды. Ара қонып, ертең жетеміз деген жоспармен шығып келеміз.
Арық ат жарға салдырлап, дөңгелектері жүргенде қисалаң - қисалаң еткен арба сай. Арбаға аттардың қырық құрақ қамыт - саймандары сай. Бұл өлкенің қазақтары колхоздасуға дейін арба кәсіп етіп көрмеген. Сондықтан да бұл істің егжей-тегжейін мұқият сақтап жатпайды. Атқа арбаны тіркеп алып, құлай бергенді ғана біледі. Бізді әкеле жатқан Базекең міне нағыз осы сорттың адамы. Колхоз оған осындай бір сапарға барасың деді. Ол мақұл деді. Сонымен келе жатырмыз. Лагерьге дейінгі жол қандай? Арбаның хал - күйі қандай? Оны ойлап бас қатырған Базекең болмаса керек.
Базекең арбаның алдыңғы жағында біз қап ұнның үстінде отыр. Көн етік киген қысқа аяқтарын салбырата созып жіберген. Басында құлын терісінен істелген ескі малақай, бір құлағын жымқыра қаттап қайырып қойған, екінші құлағы қайыруға көнбей желбең -желбең етеді,
Базекеңнің қолында ұзын ақ сапты қайыс қамшы. Онысы екі аттың арқа тұсында әуеде бұлғалаңдаумен келеді, бір төмен түспейді. Ұруынан да ұрам деп қорқыуы көп.
Ұрсын - ұрмасын, аттар бүлкең - бүлкең желкенді ғана біледі. Арбаға жұмсағырақ, жайлырақ болу үшін шөп төселген. Сол шөптің үстінде Базекеңнің арт жағында ұялас балапандар тәрізденіп бастарымыз қылқиып лагерьге жолдама үшеуміз келе жатырмыз. Біздің арт жағымызда алдыңғы аяқтарын буып, біріне бірін сығыстыра салып қойған үш серке Сақалдары селтиген, мүйіздері қауқиған, тек болайын деп бола алмай қалған кәдімгі бақырауық серкелер, Біз лагерьге демалып сергу үшін бара жатсақ серкелер бізге тамақ болуға бара жатыр. Соны сезгендей, бірер күндік қана өмірлері қалғанын түйсінгендей серкелер оқтын - оқтын бақырып, дауыс салып қояды.
Сонымен, салдырлақ құрсау арбаның үстінен жетеу болып кетіп барамыз: төрт адам, үш ешкі.
Төрт адамның жол азығы бір мес аз толмаған қатық Ол арбаның астына көлеңкеге, арбаның оқ ағашының дәл ортасына салбырата байлаған. Ап-ауыр салмағымен созалаңдап жeрге тиер - тимес болып келеді. Қарнымыз ашқан жерде осы қатықты суға езіп ішпекшіміз.
Ауыл артта қалды. Күн ашық, жол ұзақ. Жолдың oң жақ үстіңгі қапталы көкпеңбек егін. Астық әлі бас тартпаған. Көктемде бол, бол деген қарбалас айқай шумен егілген егін еді. Қазір енді табиғаттың өз дегенін ғана бағынып, өсуі де толысуы да тым-тырыс мүлгіп тұр.
Бақырған серкелерді қоса бақырып келеке етеміз.
Сарыжазға аман-есен жеттік. Жол ортасы. Осында қонбақшымыз.
Қазақта не көп — жекжат көп. Базекең бір жекжатын есіне оп-оңай түсіреді де, дөңгелектері қисалаң - қисалаң еткен арбаны сол бір үйдің есігінің алдына тақап алып келді. Аттар пысқырып, дөңгелектер шиқылын салып, хабар беріп тоқтады.
Қонған үйден шай ішпей қонақ атқа қонбайды. Ол кездің негізгі асы ақсу мен талқан.
Тағы да көгал дала, қара жол. Құлаққа үйір болған арба шиқылы. Арба үстінде қалқиған жеті бас: төрт адам басы, үш ешкі басы.
Төрт бас ойлай алады, үш бас ойлай алмайды.
Алдымыз көлбеп жатқан қырат. Қазақтар Жолдыболаттың жотасы деп атайды екен. Орыстар Марусяның тауы деп атайды. Маруся кім? Бұл турасында айтылатын тұрпайы аңыз әңгіме бар екенін мен кейін есейгенде естідім.
Арық аттар жыбырлап қырқаның үстіне шығып келеді. Базекең бүкіл денесімен қомпаң -қомпаң етіп, шу, шулеп, аттарға болысқандай болады.
Кезеңнің үсті. Ар жақ құлди еңіс. Арба тоқтап тұр. Аттардың бүйірлері солқ - солқ.
Мына еңістен қалай түсер екенбіз? — деп, Базекең алға қарай мойнын барынша созып қарайды. Қара жол тікше қаптал бетті қиялап сонау сай табанға қарай қасқайып жатыр.
Базекеңнің көңілінде сескеніс бар. Heгe сескенетінін біз онша түсінбейміз.
Базекең мойнын артына бұрып:
— Балалар, түсіп, жаяу жүрсеңдер қайтеді? — деді.
Біз тапжылмаймыз. Сай табаны талай жер, жаяу жүргіміз келмейді. Жылы орындарымызды суытқымыз келмейді.
— Мейлі, отыра беріңдер. Тәуекел.
Біз сергіп қуанып қалдық. Еңістен зыр ете қалмақшымыз. Маңдайымыздан жел еседі. Құйындатып қатты жүргенді кім жек көреді.
Аттар тарта жөнелді.
Міне еңіс басталды. Арба аттарды тықсырып, ілгері қарай лықсып барады. Аттар қамшы салдырмай-ақ желе жөнелетіндей. Бірақ Базекең желдірмеуге тырысып, делбені шіреп тартады.
Аттар бұған көнгенмен арба көнер емес. Аттарды басып озғысы келгендей бір бүйірлеп жапырып жөнеп барады. Ат байғұстар тырмысып тежемек болғанмен тежей алар емес. Арбаның терте ағашы аттардың қамыттарын желбіретіп көтеріп әкетті. Арба өзі аттарды тілерсектен түйгіштеуге айналды. Базекең арбадан өзі құлап қалмас үшін тр – р - р, тр - р-р деп, құйрығымен кейін қарай сырғанақтап, жанталасып жатыр.
Осынын. бәрі бас-аяғы жарты минутта болған уақиғалар.
Аяғы немен тынары енді кімге болса айқын еді. Әлгінде Базекеңнің мына еңістен қалай түсер екенбіз деп, сескенуі бізге жаңа түсінікті болды.
Бірақ кеш еді.
Аттар бір шаққа, арба бір жаққа лағып барады.
Арбаның түйгіштеуімен аттар жолда еріксіз қиялап шығып кетті. Міне енді арба да бұлаң етіп қия бетке ілікті. Төмен қарай аударылып құлап барады...
— Ойбай!
Арба құлап қалды. Өзі сүйегі ауыр арба, үсті толған жүк, кәдімгі жар омырылып құлағандай болды.
Мен бәрінің астында қалдым. Арба да, оның үстіндегі жүктері де мені көміп қалды. Аса бір ауыр нәрсе қапталымды күтірлетіп сындырып езіп кеткендей болды. Ойбайлайын десем, ойбайлай алмаймын. Тынысым бітіп өліп барам.
Арбаның алдыңғы жағында отырған Базекең бірден оқшау құласа керек, Қаршығадай жеңіл адам орнынан тез қарғып тұрып, безілдеп жүр. Бізді қырып алдым білем деп, есі шығып кеткен. Әрқайсымызды Базекең арбаның астынан суырып алып жүр.
Мен оқ тиген құсша тыпырлап орнымнан тұра алмаймын. Оң аяғымның басы бұралып теріс қарап кеткен. Сол жақ иығым шодырайып және шығып кеткен. Қозғалуға халім жоқ.
Менен басқа балалардың төрт мүшелері сынған, щыққаннан сау тәрізді. Бірақ олар да жарақаттанған. Ахметтің бетін бір нәрсе оңдырмай жырып кеткен. Саулап қан ағып тұр. Садықтың сан терісін сыдырып сүріп кеткен.
Ерекше зақымданған мен ғанамын.
Үш серке үш жерде бақырып жатыр. Қаптағы ұн жарқырап жарылып жатыр. Местегі қатық аман.
Базекең шыжкебек болып әлдекімдерді сыбап боқтап жүр. Осының бәріне кінәлі бір өзі екенін ескермейді. Жеті ата, жеті ныспыдан тартып, колхоздың басшы адамдарын араластырып боқтайды.
Апаттың неден болу себебін біз, балалар, соңынан түсіндік. Сөйтсек, арбаның әбзел -саймандарының ішінде шлея дейтін зат болады екен. Шлея арбаны еңіс жерде Ілгері жібермей де, тежеп ұстап тұрады.
Шлеясыз арбаға ат жегуге болмайды.
Ал мына екі аттың бір де біреуінде сол шлея жоқ.
Жаманның ақылы түстен кейін кіреді. Еңістен шлеясыз қалай түсудің амалын Базекең енді тапқан. Арбаның артқы дөңгелегінің біреуін айналмастай етіп шандып байлап тастады. Аттарды өзі сулығынан жаяу жетелеп келеді. Бір дөңгелегі айналудан қалған арбаны аттар мықшиып әзер тартады. Ахмет, Садық жаяу. Арбада бебеулеген мен ғанамын. Мертіккен аяқ, қолым қозғалуға келмейді, Тілім қатқақсудан аузыма сыймайды.
Сай табанында тұрмыз. Қауіп-катерден құтылған тәріздіміз.
Базекең мертігуден аман болғанымен қатты қалжыраған. Малақайдың астынан самай тері кір-кір боп, тарам-тарам ағады. Сүртуге өрі мұрша жоқ, ері орамал жоқ.
Мен шөлдеп өліп бара жатқанымды айтам.
— Аз шыда. Алдымыздан су кезіксе, қатық езіп берем, — дейді Базекең.
Келе жатырмыз. Қара жолды кезіп ағып жатқан сарғыштау бұлақ суына кез болдық. Ура, су! Су!
Шөлдеген адам судың сарғыштығын байқағысы келмейді.
Арба судан етіп барып тоқтады. Базекең жерге түсті. Месті арбаның артынан шешіп алды. Қатық бұрынғысынан ортайыңқырап қалған. Кеше бір-екі езіп ішкенбіз.
Қалған қатықты Базекең бір-ақ езбек. Ішкенін ішіп, ішпегенін байлап аламыз. Шайқалақтап езіліп, даяр шалап болын тұрады.
Ағаш тыстағанмен Базекең меске суды құйып жатыр. Местің түбін тізесіне тіреп, жақсылап шайқап алды. Шалап жасады. Бозқасқа шалаптан тостағанға толтыра құйып, әуелі өзі ішкелі жатыр.
Содан соңғы кезек менікі. Мертіккен аурумын ғой.
Шалапты обырлана жұтып кеп қалған Базекеңнің бақ еткен дауысы қоса шығып кетті. Шалап емес, ерніне қызған темip басып алған тәрізді. Онсыз да қатпар-қатпар беттері тыжырайып бірдеңе боп барады.
— Қап, әпкеңнің... тұзды су екен ғой.
Бұлақ суы ішуге келмейтін, ап - ащы тұзды су болып шықты. Бар көрген азабымыздан қатықты бүлдіріп алған азабымыз кетті.
Базекең тағы да өзін кіналамай, бізге тиісіп жүр:
— Жүгермектер, су, су деп шүр ете қалдыңдар. Не су екенін мен қайдан ішейін. Бірің өліп барам, бірін үздігіп арам деп, дәмін татып көруге мұрша келтірмедіңдер.
* * *
Шөбі белуардан келетін көгал жазық. Тізіліп жаңа қонған төрт-бес киіз үй, төрт-бес шатыр, Қызыл жалау. Біз іздеген пионер лагері осы «кен. Әр тараптан келіп, біреуіне біреуі әлі үйір болмаған, жаңа жер, жаңа мекенді жерсінбей үдірейісе қарасқан топ-топ балалар.
Арба қызыл жалау қадаған үйдің алдына келіп тоқтады.
Мен өлетін адам тәрізді ыңқ-ыңқ етем. Ахметтің беті қан - қан, жара. Садық бір жамбастап ол да ыңыранып қояды. Арба толы кіл қираған, мертіккендер.
Лагерьдің бастығы шашақты жібек белбеу байлаған балаң жігіт екен. Арба толы ауруды көргенде шошын кетті.
— Мыналарға не болған?
Базекең не болғанын айтып жатыр.
— Енді бұларды мұнда неге әкелдіңіз? Қайтадан Сары» жазға алып барыңыз. Онда бөлініс бар? врач бар. Біз жарақат, ауру балаларды қабылдамаймыз. Дені-қарны сау балалар қабылдаймыз. Бұл бөлініс емес қой, лагерь. Teк қайтыңыз да, бұларды дәрігерге жеткізіңіз.
Лагерьдің бастығы дап-дардай адамсыз, кісі шлеясыз арба» мен алыс жолға сапарға шыға ма деп, Базекеңді сөгіп те жатыр.
Лагерь бізді қабылдамайтын болды.
Сусындап ес жинадық. Местегі тұзды су құйылған қатықты төгіп тастап, тұщы су құйып алдық. Серкелерді де суғардық, Екі күн жайылмаған бейшаралар аш. Тұмсықтарына ілігер шөп болса жалмап өліп барады.
Лагерьдің бастығы қалжың - шыны аралас етіп:
— Ұныңыз бен серкелеріңізді тастап кетіңіз. Жүк етіп қайтесіз. Бәрібір бұл үш баланың орнына ауылыңыздан және үш бала келер, — дейді.
Базекең өлмей тастасын ба.
— Жотадан ары асарда тағы қирайсыңдар ғой. Еңістен қалай түспексіз?
— Әлгінде арбаның бір дөңгелегін байлап түскем. Тары да сөйтіп амалдармын.
— Байқаңыз, басқа да еңіс жерлер бар. Мертіккенмен қоймай мыналарды қырып алып жүрмеңіз.
— Қырылмаса әкесінің... күл болсын. Мен кінәлі емеспін, — деп, боқтап - боқтап алды да Базекең арбаны келген ізімізбен қайтадан кейін айдап жөнелді.
Жанағы қираған тұстан аман өттік. Жотаға аман шықтық, Енді еңіс. Бірақ бұл беттің еңісі ана беттікіндей тік, құлди емес, көлбеу. Және ұзақ.
Арбаның бір дөңгелегі. шандылып байланды, Бәріміздің де жүректеріміз шайлығып қалған.
Бір дөңгелегі сыр-сыр етіп жер сойған тормозды арбаның арық аттар әрең тартып келеді.
Тарта алмауға айналды.
Тоқтап қалды.
Сай табаны алыс. Аттар тартып жеге алмайды. Не істеу керек. Базекең қиналуда.
Базекең жерге түсті. Ахмет пен Садыққа!
— Аяқ-қолдарың сау ғой. Түсіп жаяу жүріңдер, атқа жеңіл болсын, — деді.
Арбада мен ғана қалдым.
Базекең аттарға қамшы басты. Аздап та болса жеңілдеген арбаны аттар ышқынып сүйрей жөнелді.
Кенет арба дөңгелегін шандып байлаған шыжым жіп қажалудан бырт етіп үзілсін де кетсін. Тормыздан құтылған ауыр арба алып кеп жөнелсін. Ат бейшаралар тағы да тежеп, ұстап қалмақ болады. Бірақ шлея болмағандықтан ұстай алмайды. Терте ағаш қамыттарды тағы да желбіретіп көтеріп әкетті. Енді болмаса аттардың бастарынан біржолата шығарып әкететіндей.
Тағы да аттар бір жаққа, арба бір жаққа лағып барады.
Базекең аттарды шаужайлап, қалмай келеді. Тыр – р - р, тыр – р – р - дейді. Кімге айтады? Аттарға ма, арбаға ма?
Арба жолдан шығып кетті.
Арба аударылып құлап барады.
Мен осынын бәрінің тірі куәсі ғанамын. Ештеңе істей алмаймын. Алдын ала секіріп түсіп қалуға шарасызбын.
Құлаған арбаның тағы да астында қалдым.
Белімді күтірлетіп жаншып өткенін білем, Бақырған серкелердің дауысы. Енді өлген шығармын деп ойладым. Босап қалған екем. Тірімін бе, жоқпын ба, білу үшін домалап барам. Сергек тәріздімін. Ұшып түрегелдім. Секіріп жүрмін. Аяғым да, қолым да бәрі орын-орнында.
Базекең үрейлене қарап: — Өй, мынау өледі! Өлмесе неғылсын. Жанталасып жүргенін қара! — деді.
Мен өлуден кеткен екем. Арба өзі шығарған аяқ қолымды орнына өзі салып беріпті. Сап-саумын енді. Тіпті еш жерім ауырмайды да.
Балалар да, Базекең де ғажап қалуда.
Сарыжазға бір қонып, ертесінде ауылға қайта қайтып келдік. Өзім өз боп ғұмырымда бір рет пионер лагеріне барған екем. Оның өзі әлгідей боп тынды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі