I
Қозғалмай шалқамнан жатқаныма бір жетіден асып кетті. Көзімді ашып жан-жағыма қараймын. Аурухана бөлмесінің іші мұнтаздай тап-таза. Қабырғасы да, төсек орным да, терезеге ұстаған пердесі де — бәрі де аппақ. Аққудың үлпе жүнінде көзге жұмсақ. Осы айнадай таза ақ бөлменің сүреңіне сән бергісі келгендей ашық терезеден көгере бастаған жас қайыңның бұтақтары қарап тұр. Жасыл жапырақтары желмен ойнап әлсін-әлсін сылдыр қағады. Кенет бабына келтіре салған бұлбұл әні сұлу үнге ділгер жанымды кәнігі етеді...
Мен езу тартып күлімсіреймін. «Тәубе, тәубе! Өмірдегі ең қуанышты сол секундімде осынау шат дүниені қайта көре алмай өліп кетуім мүмкін екен-ау! Қуанышта да ажал бар деп кім ойлаған! Жасың келген соң, жар басында тұрған адам тақылеттес болады екенсің. Аяғыңды сәл мүлт бассаң, шыңырауға зымырай жөнелесің. Мен де сол қауіпке душар бола жаздаппын ғой». Иә, ажал деген қақпаннан бұ жолы да құтылып кеттім. Қақпан қанша тарс жабылғанмен, өткір жүзінің әлі жетпей қалды. Тағы да босатып жіберді. Енді мен көзімді жұмып сәл ойлана қаламын. Сол-ақ екен көз алдымда сол күнгі сурет елестей жөнелді.
Иә, сол күні мен жиырма бес жыл бойы мойныма таққан тұмардай жүрегімнің түбінде арман болып сақталып келген Ақбаянмен кездестім. Электр қоңырауын басып едім, есікті өзі ашты.
— Келдің бе? — деді үлкен бота кезін күлімдете. Сөйтті де, қынай белді сұңғақ денесін ырғалта, оқтаудай жұп-жұмыр, түп-түзу аяқтарын былқ-сылқ басып, қолымнан ұстап мені қонақ бөлмесіне қарай жетектей жөнелді.
Біз салтанатты қонақ бөлмесіндегі паралон бөстекті кең тахтаға қатарласа отырдық. Ұзын саусақтары аппақ, білегінен ұстап езіме қарай ақырын тарттым. Ол қарсыласқан жоқ.Менің бұным оны жиырма бес жыл өткеннен кейін ең алғашқы сүюім еді.
Үлкен қара кездері тұмандана, оймақ ауызын аузыма таяп, сәл дымқылдана қалған еріндерімен Ақбаян да құшырлана жауап қайтарды.
Жиырма бес жыл сарғая күткенім осы бір қуанышты мезет еді. Кенет бойымды бір алып күш билеп кетті. Елуге таяп қалғанда бойыма мұндай қуаттың пайда болуына таң қалдым. Ләззат адамға күш береді деген осы екен! Енді Ақбаянды бауырыма қыса құштарлана сүйдім.
— Асықпашы, көйлегімді шешейін, — деді Ақбаян дауысы дірілдей.
Ол менің құшағымнан босанып, анадай жерге барып сырт киімдерін шеше бастады. Ақбаян десе Ақбаян екен! Құмырсқа мықынды, бура сан, денесі қырық екіге шықса да, жаратқан бедеудей сұп-сұлу. Үлбіреген жібек іш көйлегінен көрініп тұр, олпы-солпы бір жері жоқ. Парижға барғанымда Роден музейінде көрген жалаңаш мадонналарындай сымбатты сомдалған. Бүкіл денесін мүсінші ақ мрамордан мүлтіксіз етіп жонғандай жұп-жұмыр, аппақ. Менің көз алдыма ол кенет аспаннан түскен хор қызыңдай болып елестеп кетті. Шыдай алмадым, құшағымды жайып қарсы жүрдім. О да маған қарай ұмтыла берді. Лезде дүние шыр көбелек айналып кетті. Ең ақырғы көргенім мөлдір су астында бұлқынған ақ сазандай жарқ ете қалған Ақбаянның аппақ денесі мен кенет оның шарасынан шыға жаздап қорыққан көздері болды.
Одан кейін не болғанымды білмеймін. Көзімді ашқанымда аңғарғаным — ақ кебін секілді түсі суық осы бөлме. Үстінде ақ киімі бар, көзілдірікті, шоқша сақал біреу бетіме қарап төніп тұр. Аздан кейін барып әлгі кісі:
— Сізге енді бір ай мызғымай жату керек. Сірә, бірдемеден қатты тебіренген секілдісіз, инфарктың ең ауыр түрінен әзер алып қалдық,— деді.— Енді амал жоқ, біраз күнді қозғалмай өткізуге тура келеді, Сабыр жолдас.
Отыз жылға таяу шахтада жұмыс істеген адамның кенет жүрегінің талмаурап кетуі ғажап дүние емес. Әйтсе де ауыр мехнаттың талайына мызғымаған асыл жүрек ләззаттың бір сәт қуанышына шыдай алмағанын түсіндім. Үндеген жоқпын. Бірақ іштей өте шаттандым. Аурудан қалған жан олжа, әлі-ақ жазылармын, аяулы Ақбаяныммен тағы кездесермін. Елуге таяғанша жер бастыртып жүрген жүрек, үнемі бүйтіп талмаусырай бермес...
Міне, осы күннен бері бір жеті өтті. Дәрігер «қимылдама» дегенімен, шыдай алатын емеспін. Үнемі шалқамнан жата беруден арқам сіресіп қалған секілді. Адам ауырған жерінен қолын алмайтын әдеті. Мен де дәрігердің айтқанына қарамай, жүрек тұсымды алақаныммен баса беремін. Бұ жолы да сөйттім. Бірақ ештеңе ұға алмаймын. Қай жері екенін ажырату қиын, әйтеуір, түйіліп ауырады. Бұнысына да тәубе, алғашқы күні біреу ине сұғып жатқандай қатты шанышқан.
Енді тамырымды ұстап, жүрегімнің соғуын тыңдаймын. Тық-тық... Бұзылған сағаттай тым баяу жүріп жатқан тәрізді. Біреу... екеу... үшеу... Кенет біреу есік қақты. Санымнан жаңылып кеттім. Ренжіп қалдым. «Тары да сол қолымның тамырына инесін сұғып, дәрісін жібереді-ау».
— Кіріңіз...— дедім селсоқ дыбыс беріп.
Бәтима екен. Бұл — талдырмаш денелі, бет-әлпеті аққұба, әдеміше келген, отызға жетпеген, әлі ерге шықпаған әйел. Бұндайды қазақ кәрі қыз дейді. Маған ресми түрде күтуші етіп берілген дәрігер қарындас. Тамырыма шанышқысы арқылы дәрі жіберетін де осы қыз. Бұл жолы оның қолында шанышқысы емес, менің жаңа ғана үтіктелген ақ бастон костюмім. Бәтима костюмімді терезе жанында тұрған арқалы орындыққа апарды. Социалистік Еңбек Ері екенімнің белгісі — Алтын медалым мен Ленин орденімді өзіме көрсете ілді. Сосын ғана маған қарап:
— Қалайсыз?—деді.
Бәтима біраздан бергі танысым. Арамызда шешілмей қалған әжептәуір құпия сыр да бар. Ауруханаға мынандай боп түскеннен бері екеуміз де бір-бірімізден қысылудамыз. Шанышқысы етіме қаттырақ батып кетсе, әдейі жанымды ауыртқысы келеді-ау деп те қаламын кейде. Өйткені, оның маған өкпесі бар-ау деп ойлаймын. Мүмкін, өкпесі жоқ та шығар, бірақ өзім осылай жоримын.
— Жақсымын,— дедім езу тартқан боп, Бәтиманың қабағының түйіліп жүргені көңіліме кенет жылы тиіп.
— Әлжекеңнің сұлуы бүгін тағы келіп кетті,— деді ол терезенің пердесін кеңірек ашпақ болып жатып.
Дауысында бір зіл бар. Ақбаянның атын ол жақсы біледі. Бірақ оның атын атамай, үнемі «Әлжекеңнің сұлуы» немесе «әлгі директор ерінен айырылған бикеш» денді.
— Михаил Кузьмич оған кіруге рұқсат етпеді.— Бәтима әлі терезеден бұрылған жоқ.— Әбден айықпай сізге жолығуға болмайды деп қайтарып жіберді.
— Бекер өйткен екен, мен сөйлеуге жарап қалдым ғой...
Бәтима енді ғана маған көзінің қиығын аударды.
— Сіздің сөйлеуге жарайтын жарамайтыныңызды өзіңізден гөрі емдеп жатқан дәрігеріңіз білетін шығар.
— Бірақ менің неден ауырғанымды дәрігерім білмейді ғой... Аурудың мың да бір емі оның себебін білуде демейсіңдер ме өздерің...
Менің бұл сөзім «Ақбаянды көргім келеді. Кеселіме сол шипа» дегенді сездіру. Қасқыр қойшыны бөркінен таниды. Бәтима менің ойыма бірден түсінді.
— Кеселіңіздің неден екені бәлендей жұмбақ емес тәрізді. Жұмбақ сол кеселден жазылу жолы. Сізге әзірге «директор ерінен айырылған бикешпен» жолығуға ерте. Асықпасаңыз, кезі келер.
Ол шығып кетті. Бәтима бұл сөздерді жайбарақат, зілсіз түрде айтты. Жүрегімнің ауру екенін есіне алған болар. Егер емдеуші адамдардың өздері жанына ауыр тиер бірдеме десе не болғаны? Бірақ мен Бәтиманың не айтқысы келгенін жақсы түсініп қалдым. «Кеселіңіздің неден екені бәлендей жұмбақ емес тәрізді. Жұмбақ сол кеселден жазылу жолы». Езу тартып күлдім. Бәтима «кесел» деп менің жүрек ауруымды айтып тұрған жоқ. Оның кеселі — Ақбаян. Ол маған деген өкпесін де, Ақбаянға деген наразылығын да, жаныма тимей, ауруымды сылтау етіп жеткізіп кетті. Әйелдің күші аз, айласы көп деген міне осы да.
Дегенмен, Бәтима сөзі көңілімді көтеріп тастады. Бақытты адам бақытсыздың қайғысына түсіне ме, маған Бәтиманың сөзі дәл осы сәтте бір күнәсыз әзіл тәрізді көрінді. Оған себебім де бар. Жүрегім ауырып қазір ауруханада ж атсам да, мен өте бақытты едім. Ажалың жетсе, жаныңды алтын сандықта да сақтай алмайсың. Мәселе менің кенет ауырып қалуымда емес, жиырма бес жылдан астам арманым болған сүйген адамыма қолымның жетуінде жатыр ғой. «Бүгін тағы келді!» Бұл сөзде маған деген қандай қымбатты сыр бар екенін кім біледі? Ешкім білмейді. Бұны тек бақыт иесі мен ғана білемін, өзім ғана түсінемін. Мен жатқалы оның осымен үшінші рет келуі! Ақбаянымның мені іздеп үшінші рет келуі. Осының өзі оның жүрегінің, жанының мен деп қандай ауырып жүргенін көрсетпей ме? Сүйген адамыңның сен үшін жаны ауырар болса, одан артық бақыт бар ма?! Жоқ, одан артық бақыт жоқ! Мен шын бақыттымын! «Ризамын, алтын құсым!» Алтын құс. Ширек ғасыр бойы аузыма түспей келген бұл ат қалай түсті? Толқи жөнелген жүрегімді әзер басып, осы алтын құс деген сөз шыққан сонау бір әдемі кешті есіме түсірдім...
Мыс қазған кен орны ол кезде кішкентай ғана қала болатын. Ағылшындар салып кеткен бес-алты ескі шахта мен жаңадан іске қосылған төрт шахта ғана бар-тын. Ен терең дегені жүз елу - екі жүз метрден аспайтын. Кен көтеретін, адам таситын клеттері де шағынды. Жалпы жұмысшы саны мыңнан аспаса керек-ті.
Кен орны ол кезде сырт қараған адамға рабайсыз-ақ еді. Қатпар тасты, үстіне сирек жусан мен қау аралас аздаған жынғыл, ошаған өскен адыр, төбелі ұшы-қиыры жоқ сұрғылт дала. Ойпаттау, сайға ұқсаған қойнауда көмірден жағылатын электростанция — ТЭЦ. Қырқаларды бойлай тастан қаланған, сопақтау келген кілең сұрғылт балшықпен сыланған бір қабат жатақ үйлер. Бұларда жұмысшы, шахта бастықтары, кен ісін меңгеретін инженер, техниктер тұрады. ТЭЦ-ке жақындау алаңда кен қоймасы — шахтылардан әкеліп үйілген сұрғылт перит пен арасы жасыл мық секілді көгеріп кеткен кен тастары — малахит.
Осы тас үйілген жерден Қасқырсай мыс заводына дейін алпыс шақырым. Ал Қасқырсай мыс заводынан (бұл заводты да бір кезде ағылшындар салған) алпыс шақырым жерге «Жайқоңыр» деп аталатын қоңырқай тас көмір шығатын жер бар. Осы арадан завод пен біздің руднигімізге көмір тасылады. Бұл үш кәсіп орны жүз жиырма шақырымдай жіңішке темір жол арқылы байланыстырылған. Кен таситын ұзын, тапал платформаларды сүйрейтін, өздері кішкентай болғанмен, шегін тартып ысқырғанда дауысы жер жаратын «Поппель», «Көкек» («Кукушка») деп аталатын паровоздар.
Осы Мысқазғанға біз сонау аумалы-төкпелі отызыншы жылдары Атбасар қаласынан келдік. Соғыс басталатын жылы жиырма бірге шыққам. Одан екі жыл бұрын тоғыз жылдық мектепті бітіргем. Әкем шахтада жүріп тас түсіп мүгедек болып қалған соң, институтқа бармай, жұмысқа түскем.
Мен жиырма бірге шыққанымда, Ақбаян он жетіге аяқ басқан еді. Тоғызыншыда оқып жүрген-ді. Көршілес едік. Оның менімен құрдас Садық деген ағасы бар. Жасы келіп қалған ажарлы шешесі болатын. Аты Бибиғайша еді. Ағасы мен тәрізді шахтада кен жарғыш от-дәрі атқызушы болып жұмыс істейтін. Екеуміз дос едік. Бұлар — Баянауыл жақтан. Мысқазғанға жиырма сегізінші жылы конфискеленіп келгенді. Мұнда келгеннен кейін екі жыл өтпей, әкелері қайтыс болған-ды. Бір ұл, бір қызбен Бибиғайша жесір қалған-ды. Басқа түскен басбақшыл, бір кезде үлде мен бүлдеге оранған бәйбіше, енді екі білегін сыбанып жіберіп шахтаға түскен. Электровоз айдаушы мамандығын тез-ақ үйреніп алған-ды. Менің мүгедек әкем мен ауру шешем бар. Шахтада жұмыс істеп, соларды асыраймын. Ал Бибиғайша мен Садық Ақбаянды асырайды. Жоқ, асырайды дегенім жай сол болар, барларын осы жалғыз ерке қызға жұмсайды. Оған күн де, жел де тигізбей, гүл секілді мәпелеп өсіріп келе жатқан-ды.
Ақбаянның шын аты Баян еді. Бірақ шешесі қызының жұмыртқадай аппағына сүйсініп, «Ақбаяным» деп атап кеткен. Біз де осы атқа үйреніп алғанбыз. Иә, ол Ақбаян десе Ақбаян еді. Көркіңе көз тоймастай әдемі болатын. Екі беті аппақ қардай. Қазақ мұндайды оймақ ауыз, күлім көз дейді. Расында да, сол оймақ ауыз, күлім көз ақ құбаның ең көріктісі. Біз қыз бен жігіт болып танысқанымызда, ол он алтыға жаңа шыққан-ды. Сондағы суреті әлі көз алдымда. Сазды жерге біткен тал шыбықтай сымбатты, сұңғақ бойлы, аш белі үзіліп кетердей жіңішке. Үлкен қара көздері қалын. қамыс арасындағы түпсіз қара судай тұңғиық, тек саған қарап күлімдесе ғана сонау і.арашықтарында күн сәулесі ойнаң жөнелгендей бір ғажайып нұр пайда болатын. Денесінің сұңғақтығына, көз тартарлықтай төсінің көтеріңкілігіне қарамай, Ақбаянның жалпы бейнесі жасыл шалғын арасынан анандайдан көрінетін ақ гүлді есіңе түсіретін. Нәзік, жұпар аңқыған ақ гүл, бірақ көктем айының аяқ кезінде толықси бастаған ақ гүл еді ол.
Осы Ақбаян екеуміз бір-бірімізді өте жақсы көрдік. Бірақ, бұл жақсы көруіміз рухани жақындықтан, үлкен сыннан өткен асыл қасиеттен туған сезім емес еді. Бұл жылдан астам арманым болған сүйген адамыма қолымның жетуінде жатыр ғой. «Бүгін тағы келді!» Бұл қыз бен жігіттің біріне бірінің үнемі көзі түсе бергенінен пайда болған, албырт, балғын екі жастың алғашқы қуанышы еді. Әйтсе де, осы ойда жоқта туған таза сезім жарты жылдың ішінде шын бақытты махаббатқа айналды. Ал бұндай ғашықтық дауылы жоқ, бұлты жоқ, жаздың ашық күні тәрізді, еш уақиғасыз бірінен соң бірі ғажайып салтанатта өте береді. Тек екі жастың арасындағы махаббат қыза жанған тәрізді күшейе түседі.
Со бір күн де бүгінгідей көктемнің тамаша күні еді-ау! Ағаштар жапырақтанып, гүлденіп, жердің түгі әбден тебіндеп қалған. Мен тағы көзімді жұмдым, қиялым мәңгі бір ескірмес гауһар тастай жалт етіп, көз алдыма сондағы таң-тамаша суретті алып келді.
Рудник шетіндегі шағын бау-бақша. Күн батып бара жатқан кез. Тапал келген жас қайыңдар арасындағы орындықта Ақбаян екеуміз қатарласа отырғанбыз. Сол бір кеште Ақбаян маған күндегісінен де гөрі сұлу көрінген. Қара көлеңкеленіп бара жатқан кеште оның ақшыл жүзі қараңғы түнде туып келе жатқан күміс ай тәрізді. Шағын бау-бақша іші ғажайып сырлы күйге толғандай еді. Жоқ, тоғай іші емес, менің қиялым, жан сезімім сырлы күйге сыймай кеткен-ді. Ол бір махаббат сыры, махаббат күйі еді. Қызды ақ білегінен ұстап өзіме қарай тарттым. Ол қымсына үлбіреп, жел үріп жантайтқан бәйшешек тәрізді, қисая сызылып басын менің иығыма салды.
— Сабыр,— деді Ақбаян дауысы сыбызғы үніндей дірілдеп шығып,— сен маған деген махаббатыңды, не ден атар едің?
Мен ойланбастан жауап бердім:
— Алтын құс дер едім.
— Алтын құс! Алтын құс болады ма?
— Болмайды.
— Онда... неге алтын құс дейсің? Менің саған деген махаббатым ақиқат қой.
— Алтын құс деуіме бөтен себеп бар еді. Бірақ мен басқа жауап бердім:
— Алтын құс болмайды. Сондықтан да ол қолға түспейді. Сенің махаббатың да маған сол қолға түспес алтын құс тәрізді.
— Менің махаббатым алтын құс болса, сол махаббаттың иесі өзім қолыңда тұрған жоқпын ба?
— Алтын құстың ұшып кетуі ғажап па?
— Ұшырма.
— Ол үшін алтын тор керек...
— Сенің алтын торың — сенің махаббатың емес не? Мықтап құр сол алтын торыңды.
Мен көзімді аштым. Жүрегім дәл сондағыдай тыпыршып қалыпты. «Жоқ, жоқ, маған толқуға болмайды. Өзімді-өзім ұстауым керек». Жүрегімді ойната жөнелген сондағы әсем суретті қиялымнан қуғым келіп, көзімді қайта жұмдым. Бірақ қиялым көзге түспес, үзілмес шынжырдай ойымды тағы сондағы сезге қайта сүйрей алып келді. Мен енді күбірлей сөйледім. «Алтын құс! Қандай тауып айтылған сөз болды. Егер құдай барына сенер болсам, аузыма сол салды дер едім! Расында да. Ақбаянның махаббаты менің қолыма түспес алтын құс. болған жоқ па? Ұзақ жылдар өткен соң, қолыма енді түсті ме деп едім, тағы да түспей ұшып кетті. Шынымен-ақ, Ақбаян, сенің махаббатың қолыма түспес алтын құс болып, аңсаған арманыма жеткізбестей, жаратқан, саған не жаздым? Әлде сол күндерде алтын торымды дұрыс құра алмадым ба? Жоқ, дұрыс құрған едім ғой, бірақ менің құрған алтын торымды Ақбаян махаббаты емес, бөтен күш быт-шытын шығарған жоқ па еді? Ол күш кім еді?»
Тағы көзімді жұмдым. Сол кештегі сурет қайтадан елестей жөнелді. Әлі есімде... лап етіп жанған таза табиғи махаббат екеумізді де шыдатпады. Бір-бірімізді құмарлана құштық. Ләззаттың дәл осы сәттегі бір мезет рақаты үшін өмір-бақи дозаққа жануға бармыз. Ақсай айқасқан білектерімізді көзге көрінбес шынжырмен байлағандай, айырылар емес. Әттең, дүние-ай, біздің құшағымызды кенет пайда болған күлкі жазды.
— Міне ғашықтар деп осыларды айт!— деді қарқылдай күлген қоңырқай еркек дауысы.
Алып ұшқан жастық тойы сап тыйыла қалды. Енді біз мөлдір бұлақтай таза сезімдерімізге біреу қара май құйып жібергендей, дауыс шыққан жаққа ренжи қарадық. Сол жақтағы аллеядан қыз бен жігіт шығып келе жатыр екен. Қызы маған таныс. Қыпша бел, талдырмаш денелі, қызыл алтын іспеттес қызғылт шашты, ақ сары жүзді жан. Еркегі — грек мүсіншілері мрамордан құйғандай сымбатты, кен, жауырын, арыс кеуделі, қара торы, қошқар мұрынды жайсаң жігіт. Қара бұйра шашы күзелмеген марқа қозының жүніндей ұйысып кеткен. Шаш емес, басына қара бұйра бөрік кигендей. Бұны да кеше көргем. Ол бізге бейтаныс жандар екен деп қымсынбай тесіле қарады.
— Қандай көрікті қыз!— деді ол қасындағы қызға орысшалап.— Ұжмақтан түскен періште тәрізді!
Өзін мақтағанға ма, әлде бұрын көрмеген осынау сымбатты жігіттің көркі тартып кетті ме, Ақбаян оған қарай қалды. Отты көздер нұры қайдағы бір сезімді жүздерінде мінажат етіп, кенет тұтандырды да, сол сәтте сөніп кетті. Мен ұстап отырған Ақбаянның саусақтары дір ете түсті.
— Екі жастық жаңа атып келе жатқан таңдай сәулелі шағын бұзбайық,— деді жанындағы қыз жігітке,— жүріңіз.
— Қайдағы таң? Қазір түн келе жатқан жоқ па?— Жігіт есеңгіреп қалған. тәрізді. Ауыр күрсіндім. «Иә, сол сәтте махаббатымның жаңа атып келе жатқан таңының қара түнге айнала бастағанын білмедім ғой?»
— Мен жаратылыс түнін емес, махаббат таңын айтамын,— деді қасындағы қыз.
— Ә... Сіз ғафу етіңіз,— деді жігіт күлген болып,— ғажайып сурет менің де поэтикалық сезімімді билеп кетті.
Олар біз отырған алаңды сырттай, кетіп бара жатты.
— Бұлар кім, сіз танисыз ба?—деген жігіттің сұрағын мен анық естідім.
— Қызды танымаймын. Осында мектепте оқып жүрген қазақтың бір сұлу қызы бар деп жүрген жігіттер. Сірә, сол болуы керек.— Орыс қызының үнінен бір жайбарақат күнәсіз саз байқалды.— Жігітті танимын. Ол біздің шахтада жарылғыш от-дәрі атушы болып жұмыс істейді.
— Менің құлағыма тағы да жігіттің жексұрын даусы жетті. Ол біздің қуанышты минуттарымызды бұзғысы келгендей, әдейі қатты сөйлеп бара жатқан тәрізді.
— От-дәрі атушы? Періштедей сұлу осындай тамаша қыздың жай бір от-дәрі атушы жігітті сүюі мүмкін бе?
Ауыздан шыққан суық сөз жүрекке жеткенше мұзға айналады. Әлі есімде, менің ыстық жүрегіме дәл сол сәтте біреу сұп-суық мұзды ұстай қойғандай болды. Бірақ бұның жауабын мен үшін жігіттің жанындағы қыз берді.
— Махаббат адамның қоғамдағы қызмет бабымен байланысты ма?— деді ол әлі де жайбарақат сөйлеп. Әйтсе де маған бұл жолы қыз жігітке ренжи жауап бергендей болды.— Екі жастың бірін-бірі ұнатуында, сүюінде тек өздеріне ғана аян терең, сыр, асыл мағына бар емес пе? Ол мағына, ол сыр жат кезге ойыншық болып көрінуі мүмкін. Ал ғашық екі жасқа — бар өмірлеріңнің тағдыры, қос жүректің ең ыстық жалыны сол сезімде сапа жатуы табиғи зат деп ұғам. Әлгі екі жастың бірін-бірі сүюін сіз өз көзіңізбен емес, олардың көзімен қарап көріңізші!.. Сонда олардың да махаббатын ұғар едіңіз.
Орыс қызы сөзінің ар жағын ести алмадым. Олар ұзай берді. Бірақ менің жүрегім сол сәтте қобалжи қалды. Жігіттің сөзі ешкінің құйрығындай шоп-шолақ, кері тартпа топас көрінгенмен, көңілімде бір қауіп тудырды. Мен бірден ойға қалдым. «Мүмкін екі жастың бірін-бірі қаяусыз сүюі — сирек кездесетін сезім шығар. Бірақ біз бір-бірімізді шын сүймейміз бе? Иә, шын сүйеміз. Бұның атын махаббат дейді. Ұйқыдағы жас баладай, біздің, қаннен-қаперсіз тыныш жатқан көкірегімізге шоқ салған осы махаббат. Ақбаян екеуміздің бар тілегімізді бір сезімге бағындырған да осы махаббат. Бүкіл әлем қуанышына бөлегендей, біздің ыстық жүрегімізді де бар шаттығымен елжіреткен де осы махаббат. Ал осы махаббатымызға мына жат жігіттің күмәндануға қандай қақысы бар?»
Мен осы кездесуден-ақ жаңағы бұйра шашты сымбатты жігітті өлердей жек көре бастадым. «Оның өзінің күмәнді ойын айтқаны айып па? Біреуді жек керуге бұл себеп пе?» Әлгі жігіттің әлдеқалай айтқан сөзінен қолма-қол терең сыр туғызудың қажет емес екендігін түсінсем де, бойымды өзім де түсінбейтін қобалжудың билей бастағанын аңғарғам. Дәл осы сәтте айдың қараңғысы мен жарығы қандай аралас болса, өмірдің қайғысы мен қуанышының да сондай аралас екенін ұқтым. Қисық ағаштың көлеңкесі де қисық. Әлі қисық сөздің иесінің де қисық ойлы жан екенін бірден сездім. Неге екенін білмеймін, әйтеуір, одан кенет сескене бастадым. Осындай жағдайда отырғанымда:
— Бұлар кім? Сен оларды білесің бе?— деген Ақбаянның дауысы еміс-еміс құлағыма жетті. Сонда ғана ұйқыдан жаңа оянған адамдай, Ақбаянға таңырқана қарағам.
— «Мен «әлгілер кім?» деп сұрап отырмын ғой,— деді жанымдағы қыз қайтадан. Оның үнінен енді бір жат дыбыс сазын шалып қалдым. Денем дірілдеп кетті. Дереу жауап қайырдым:
— Әлгілерді айтасың ба? Қыз біздің шахтаның дәрігері. Жігіт Мәскеу институтын бітіріп келген бас инженеріміз. Аты Әлжан деді ғой деймін,— дедім.
— Бас инженер дейсің бе?— Ақбаянның сөзінен кенет шаттана қалғандай бір үн естілді.— Келмей жатып па? Бірден шахтаға бас инженер бола қалуына қарағанда, сірә, ақылды болуы керек. Өзі де сымбатты-ақ екен!..
Ол кезде қазақтан бас инженер түгіл қатардағы инженерлердің езі де некен-саяқ. Ақбаянның сөзінен «инженер», «бас инженер» деген ғана таңсық көрерліктей мағына ұққым келді, бірақ жүрек деген тым сезімтал зат қой, бұл сөздердің оның ойының қай пернесін басқаның аңғарып қалдым. Кенет бойымды қызғаншақтық жалыны шарпи жөнелді. Үстінен түскелі келе жатқан бүркіттің өзін көрмегенмен, көлеңкесін аңғарып сасқан қояндай, не істеуге білмей, тыпырши бастадым. Менің халімді тусінді ме, Ақбаян сыңғырлай күлді.
— Неге тұнжырап кеттің,— деді ол маған мөлдірей қарап, ақ білегін мойныма қайтадан арта түсіп,— сен тұрғанда мен кімге қызығады дейсің? Әлгі жігіттің езге жұрттан артықшылығына сәл назарымды аударғаным ғой.
Ақбаян бұл сөзді елеусіз етіп айтты. Бірақ «әлгі жігіттің өзге жұрттан артықшылығы» деген сөзі жүрегіме қанжардай қадалды. Иә, сөйтті. Адам өзіне таяп келе жатқан жыланды көрмесе де, кейде оның ызғарын сезеді. Бұны интуиция дейді орысша, м.ені де сол интуиция биледі. Ақбаянның «өзгеден артықшылығы» деген сөзінен түбі өзіме кезенетін мылтықтың үңірейген аузын көргендей болдым. Бірақ жастық деген аңқау келеді. Жамандықтан гөрі жақсылыққа берілгіш. Құрбының сезіне сенгіш. Себебі, ол махаббатты ардақтай біледі. Махаббат оған ең пәрменді күш. Екі жастың арасында сол күш барда оған еш қауіп жоқ секілді көрінеді. Мені осындай сезімі биледі. Ақбаян екеуміздің арамыз қыл өтпестей тату-тәтті тұрғанда, қобалжуды орынсыз деп таптым. Оның сөзін енді тезірек ұмытқым келді. Аш белінен құшақтап тағы өзіме тарттым. Қыз қымсына қойныма кіре берді. Қызыл ернінен құшырлана сүйдім. Ақбаян бірақ маған жауап қайырмады. Ернінен сүйгізді, бірақ өзі сүйген жоқ. Ал бұдан он бес минут бұрын... Жоқ, жүрегім тағы секем алды. «Өзге жұрттан артықшылығы...» деген сөз қайтадан жолымды кесіп өткелі келе жатқан қара мысық болып көрінді. Бұл қара мысықты қалай өткізбеймін? Ақбаянның түріне қарасам, түрі құбылып кеткендей. Алыстағы бір әсем суретті ғажайып қиял сезіміне берілгендей, жаңа шығып келе жатқан айға жаудырай қарап күлімсірейді. Неге күлімсірейді? Әлде біздің қуанышты болашағымызды ойлап қиялы көкті кезіп кетті ме? Солай шығар. Әй, осы қызғаншақтық-ай! Күлмен көмілген шоқпен теңсің-ау! Абайламасаң, басып кетіп, күйіп қалуың оп-оңай! Байқау керек. Демек, көңілге бір дүдәмал ойдың түсуі қиын. Ондай ой түсті дегенше, тастай берік сенімің балғамен ұрғандай шытынай жөнеледі. Шіріген тақтайға, тегі, неге тұрмайды. Күмәнданған көңілге сенім аялдамайды. Аспанды бұлт торлап, күн қабағы ашылмағандай, менің көкірегімді де уайым басып, көңілім жүдей берді. Өмірде жақсы тұру үшін сұлулық емес, бақыт керек. Мен сұлу емеспін, бірақ бақытты едім ғой. Менің бақытым — махаббатым еді. Ал сол махаббатымды өзім Алтын құсым деп атадым. Әдемі болғанмен, арманды сөз. Қолыма түспейтін арманды болсын деп жаратқаным аузыма алтын құс деген сөзді әдейі салды ма? Сөйткен тәрізді. Ақбаян әлденеге күлімсіреген сайын осы сезімге сене түсемін. Сенген сайын жүрегім удай аши бастайды. Бұл неліктен? Әрине, батар күн туар айға қырын қарайды. Әзіне деген қыздың сәл өзгергенін көңіл шіркін айтпай-ақ ұға бастаған секілді. Махаббат күшінің езі осында емес пе? Ол бір нәзік гүл, болмашы соққан самал желді де сезеді. Сол желдің әуеніне қарай тербеледі.
Ақбаянның осы бір күндерде Әлжанға қандай баға бергенін білмеймін, ал маған Әлжан адал асыма тигелі тұрған ұры иттен бірде-бір кем көрінген жоқ. «Осындай сұлу қыздың жай бір от-дәрі атқызушыны сүюі мүмкін бе?» Алда әкеңнің ауызын ай? Сондағы менің жазығым жұмысшылығым ба? Менің жас өспірім албырт жанымды, жалындаған жүрегімді қайда қоясың?! Ақбаянға деген мөлдір таза махаббатымды қай қолыңмен лайламақсың? Тұра тұр бәлем, әлі көрерміз!»
Тағы ақырын күрсіндім. Өзімнің осыдан көп жыл бұрынғы оттай ыстық ойларыма енді салқын ақылмен қарадым. «Иә, о бір күннің өзі де қызық екен ғой! Жүрек күйеді, жанады. Жаның тыныш таппай бұлқынады, тулайды. Осының бәрі екен-ау! Жалаңаш адамды жүз мың ұры шешіндіре алмайды. Екі жастың арасында шын махаббат болса, еш қара мысық олардың жолын кесіп өтіп, жамандық ете алмайды. Бірақ... Тағы ойлана қалдым. Ақбаян екеуміздің арамыздағы сонда шын махаббат болып шықты ма?» Көз алдымда өткен сурет тағы елестей жөнелді...
Екеуміз үн-түнсіз бақшадан қайтып келе жатырмыз. Бар ойым: Әлжанда. «Өзі де сымбатты-ақ екен!» Шыққыр көзі Ақбаянымды қалай керіп қалды. Құбылған түр сипатына, бізге естірте айтқан сөздеріне қарағанда, түбі екеуміздің арамызға тікенек боп шыққалы тұрғаны айдан анық. Әлде мен орынсыз қызғанамын ба? Әй, білмеймін. Тек Ақбаянымнан әрі жүрсе екен, кетер жолына алтын көпір салып берер едім!» Бұл — менің сондағы ойым. Алтын көпір салу қолымнан қайдан келсін! Ақбаянды жақсы көретіндігім соншалық, одан Әлжан алыс жүрсе, бар жақсылығымды аямас едім деген далбасам ғой! Осындай ауыр ойға душар болған сорлы басым Ақбаянға қарай бердім. Ал қыз маған мойын бұрмай, әлденеге күлімсіреумен келеді. Егер бұл күлімсіреуі маған арналған болса, неге көз қырын бір аудармасқа? Жүрегім енді шын күйе бастады. Орман өртенсе көзге түседі, адам жанының өртенгені іште қалады. Әрине, сол күні менің жанымның қалай өртенгенін ешкім білген жоқ. Егер білсе «бұл сорлы былай өртенгенше, дозаққа барып біржолата неге жанып кетпейді» дер еді. Менің мұндай жағдайымды жанымда келе жатқан Ақбаян да сезер емес. Біз үйлерімізге таяп келіп, күндегімізден гөрі ертерек қоштасып, тез айырылып кеттік.
Ертеңінде шахтаға түстім. Мысқазғанның кең сарайдай жер астындағы бір зәулім биік алаңында кешегі бас инженермен кездесіп қалдым. Үстінде брезент шахтер костюмі. Біз тұрған жер электр жарығы түсе қоймайтын қара көлеңкелеу бұрыш болатын. Әлжан қолындағы карбит шамының сәулесін менің бетіме түсіріп:
— Кешегі қызбен отырған жігіт сенсің бе?— деді амандаспастан.
Иығымдағы от-дәрі брезент боқшантайымды сәл жөндедім де, бас инженердің бетіне тікелей қарадым.
— Иә, менмін.
— Қызың тым сұлу екен.
Бас инженердің бұлай тікелей сөйлеуі маған ұнамады. Ызалана қалдым. Бірақ ашуымды ақылға жеңгізіп:
— Сіз немене, о қызды маған қимай тұрсыз ба? — деп күлімсіредім.
— Неге қимайын, әбден қиямын. Ондай сұлу қызбен басқа біреу жүргенше, өзімнің қарамағымдағы жұмысшы жүргені маған да көңілді жәйт.— Әлжан әлденеге кекете күлді.—«Кілем сатсаң — ауылдасыңа сат, бір шетіне өзің де отырарсың» деген қазақта мақал бар емес пе?
Күйіп кеттім. Бұл жігітті мен бірден босқа жек көрмеген екем;. Жүрегі жаман адам екені енді маған айқын болды. Ыза бойымды билеп, бір ретте Әлжанның аузынан салып жібергім де келді. Бірақ өзімді-өзім ұстап қалдым. Менің қабағымның қатты түйіліп кеткенін аңғарған бас инженер, езінің тым ерсі сөйлегенін енді сеніп, шайып жумақшы болды.
— Қалжыңым ғой, інім,— деді ол езу тартып,— ойынға шыдай алмайтын болсаң, ондай сұлу қызда нең бар? Көтере алмайтын адам беліне шоқпар байламас болар.
Жауап қайырғанымша, тас тасып жүрген электровоз дәл ортамызға келіп қалды да, екеуміз екі жаққа бұрылып кеттік. Бірақ менің көңілімде бас инженердің сеңдей ауыр зіл қалды. «Ойынға шыдай алмайтын болсаң, ондай сұлу қызда нең бар!» Бұл не дегені? Ақбаянда несі бар? Оны жақсы көрген менімен неге ойнайды? Бізде қандай шаруасы бар? «Көтере алмайтын адам беліне шоқпар байламас болар» деген не? Не айтпақ? Ақбаян сенің маңдайыңа сыймайды демек пе? Әлде мен оқыған адаммын, сен жұмысшысың деп қорлағаны ма? Жұмысшы болу сөкет пе? Қазір жұмысшыдан ардақты кім бар? Өкіметтің өзі жұмысшының өкіметі емес пе? Ал бас инженердің мына қорлауы қай қорлау? Совет институтын бітірген жас маманға бұл тіпті келіспейтін қылық! Жоқ, Ақшаловпен сөйлесу керек болар. Аяғыңа кірген шөңге дер кезінде алып тастамасаң, ісікке айналады. Ақшалов дегенім Мысқазғанның ен алғашқы ашылған күнінен бастап шахтада жұмыс істеп келе жатқан қос орденді қарт жұмысшы болатын. Өткен сайлауда шахтаның парторгі етіліп бекітілген. Әттең, не керек, дер кезінде мен онымен сөйлесе алмадым. Үш күннен кейін Ұлы Отан соғысы басталды да, Әлжанның берген тізімі бойынша бірден солдатқа алындым. «Соғыс кезінде жұмыста қалсын» деген қағазыма да қарамады. Жоқ, мен майданға аттанғаныма өкінгенім жоқ. Отан алдында азаматтық борышымды атқаруға, Әлжан жібертпей-ақ өзім де соғыс басталған күннен бел буғам. Маған батқаны бұл емес, басқа екі жағдай: Біріншісі — Әлжанның маған деген өшпенділігі. Бұл өшпенділік қайдан туды? Егер бас инженер Ақбаянды шын ұнатып қалған болса, Ақбаянның өзімен неге тілдеспеске? Менің не кінәм бар? Жоқ, кей адам мұндай іске аш қасқырдан да жаман.
Ашыққан қасқыр қашам да болса қойшыға шаппайды, қойға шабады. Ал адамға өз керегі аз Әлжан да соның бірі. Ақбаянға жету үшін менің көзімді құрту керек. Неге? Мен Әлжанның бұл тапырық қылығына таң қалам. Адам деген ардақты атқа кір жұқтырғаны үшін одан жиіркенем. Оның қарамағынан тезірек кетуге асығам. Онымен бірге бір ауаны жұтып, бір жерді басқым келмейді. Екіншісі — жауынгерлер жиналатын Қасқырсайға аттанғалы тұрғанымда Ақбаянның жолығуға келмей қалуы еді. Кәрі әке-шешем мені жылап сықтап шығарып салды. Әлі есімде... милиционер ысқырығының даусындай ащы дауысын ұзақ созып «Поппель» паровозы кілең, жас жігіттер тиелген кішкентай қызыл вагондарды ала жөнелді. Терезе, есігінен қалғандарға қолымызды былғай-былғай кетіп барамыз. Екі кезім әлі де Ақбаян жақта. Бірақ Ақбаяным жоқ. Майданға аттанып бара жатып, жүрегім пара-пара. «Неге келмей қалды екен? Расымен-ақ... Жоқ, жоқ, өйте қоймас. Сүйген адамның ондай қылығы жау салған жарадан да ауыр ғой! Денедегі жара жазылады, жүректегі күйікті немен жазарсың!»
Осындай қапаста тұрғанымда отарба Мысқазғаннан шыға берген еді. Күн батып бара жатқан кез. Сұрғылт топырақты, қатпар тасты Мысқазғанның жайшылықтағы көріксіз түрі, майданға аттанып бара жатқан бізге осы сәтте аса бір көрікті көрінген-ді. Біз вагон есіктерінің алдынан тарамай тұрмыз. Жан-жағымыздан көзімізді алмай, өсіп-өнген өлкемізбен іштей қоштасудамыз. Жер-жердің бәрі жақсы, өскен жерің бәрінен де жақсы деген осы да! Бір топ жігіттің ішінде мен де тұрғам. Ақбаянымды көре алмай, жүрегім удай ашып ауырып барады. Жаны құрғыр ауырған жеріңде тұрады. Жүрегімді енді қолыммен бастым. Кенет селт етіп алға қарай ұмтыла түстім. Поселкеден ұзай беріс дөңнің басынан төмен түсіп екі адам келе жатыр. Тесіле қарадым. Бірден таныдым. Ақ көйлектісі — Ақбаян, жанындағы сұр костюмдісі — Әлжан. Лүпілдей жөнелген жүрегімді сол қолыммен басып, теріс бұрылып кеттім.
Міне, қазір де дәл сондағы ондай, жүрегі құрғыр лүпілдей жөнелді. Бұл жолы да оны оң қолыммен сипай, өзіме-өзім тоқтам еттім.
— Өткенге адам өкінбес болар,— дедім мен ақырын сыбырлап,— көргенің аз емес, әлі де сабыр ет...
ІІ
Жол! Жол! Адамның үміті тәрізді, өмір-бақи бітпес, ұшы-қиыры жоқ ұзақ жол!
Отарба танауы делбеңдей, жүйтки шапқан өгіз тәрізді буы бұрқырап, ырсылдап ағызып келеді. Телеграф бағаналары бірін-бірі қуа құлап, кейін қалып барады. Жан-жағымыз ұшан-теңіз кең байтақ дала. Қазақ даласы. Менің далам. Әке-шешем, ата-бабам даласы!
Қазақ даласына қарап тұрсаң, домбырадан күй тыңдап отырғандай, көңілің сан жаққа жүгіреді. Міне, мынау біз қойнауына кіріп бара жатқан, қыздардың жинаған, жүгіндей, қызылды-жасылды гүлге бөленген салтанатты жасыл тау алқабы, «келші, құлыным» деп құшағын жайып қарсы алғалы саған ұмтыла түскендей. Ал кешегі біз өткен ұшы-қиыры жоқ бозаң шепті, әр жері күн ыстығынан жарылып кеткен сортаң тақырлы құмайт дала нағыз бір қайғыдан әжімделген қарт әжеңнің түріндей. Әлденелерді есіңе түсіріп, көңіліңді босатқандай. Бір ғажабы, сол құмайт даладан кеше өтіп кетсек те, көз алдымыздан бір кетпейді. Алыстаған сайын сағына түсесің. Өйткені оның түр-келбеті бетін күн мен жел сүйген қарт әженің мүбәрәк жүзін елестетеді.
Әже! Атыңнан айналайын, «әже» деген қандай сүйкімді сөз! Менің де қарт әжем бар еді. Былтыр о дүниеге сапар салды. Егер әйелден хан туар болса, менің әжем хан болуға тиісті еді. Адамзаттың парасаттысы да, ақылдысы да сол кісі еді десем, жалған айтпаспын. Жалпылай сауаттану науқаны кезінде хат танып алған. Әйел теңдігі алғашқы туы көтерілген заманда ауылдың кеңестің төрағасы да, Қызыл отау соты да болған. Ал балалары өсе бастаған шақта үйде отырып қалған. Бірақ мен ес білгелі осы қарт әжемнің қолынан газет, журнал түскенін көрген емеспін. Сондықтан да болу керек, келіндері, қыздары оны «Газет-апа» деп атап кеткені. Бұл сөзде кекесін, яки сықақ болмайтын. Менің әжемді бүкіл ауыл жастары оқыған адам екенін көрсетіп, осылай шын көңілімен атайтын. Кемпірі бар үйде немересі әжесіне бауыр басатыны — қазақтың ескі дәстүрі, мен де әжемнің құшағында өстім. Ленин деген сөзді де алғашқы рет осы кісіден естідім.
Қарт әжемнің таңданарлық қызық, мінездері көп болатын. Соның бірі о кісінің өзге жұрт түсіне қоймайтын (әсіресе, біз секілді балалар тіпті ұға алмайтын) сөзінің мәтелдері еді. Асты былапыт жұмсайтын келіндеріне ұрысқанда: «Шырағым, адам ас істегенде Ыржымекті де ойлауы керек қой»,— деп ұрсатын. Бұл «Ыржымегі» кім деп ойлайтынбыз. Ауылда бұндай адам жоқ, сірә, жолаушылай келе жатқан біреу шығар дейтінбіз де қоятынбыз. Артынан барып білдім, бұл сөз әжем совет қызметінде жүрген кезде жиі қолданылған орыстың «режим экономии» деген сөздің қазақша қысқартылған түрі екен. Осыдан кейін түсініп көр о кісінің осы секілді басқа жұмбақ сөздерін! Мені, әсіресе, «Ленин» деген сез таң қалдыратын. Бұл сөзді айтқанда қарт әжемнің көзін былай қойғанда, бетінің тарам-тарам әжімдеріне дейін күлімдеп кететін. Сонысына қарағанда, сірә, ерте өлген ағасы ма, інісі ме екен деп ойлайтынмын. Әйтеуір бір жақсы көретін адамы екеніне шек келтірмейтінмін. Қазақтың ол кездегі балалары тек ойынға ғана емес, үлкендердің сезіне де құмар келетін әдеті, мен әжеме жататын да жабысатынмын:
— Әже, Ленин деген кім? — дейтінмін оның алдына еркелей құлап.
— Ленин — кедей табының көсемі, бүкіл адам баласының шамшырағы,—дейтін әжем, маңдайымнан күсті алақанымен сипай.
«Кедей табы» деген сөзге түсінбегенмен, шамшырақ деген сөзді ұғам. Мен әжемнен:
— Шамшырақ болғанда, кәдімгідей біздің шамдай жанып тұра ма? — деп сұрайтынмын.
— Жоқ, құлыным, ол шырақ сен аяғыңды апыл-тапыл басып жүре бастаған кезінде сөнген. Жауыздар қастандық жасады, соның зардабы тиді,— дейтін әжем жауап беріп,— бірақ оның нұры өмір-бақи бізге жарық беріп, жол көрсетіп тұрмақ...
«Сөнген шырақ қалай нұр төкпек?» Мені әжемнің сөзі таң қалдыратын. Одан:
— Әже, сенген шам қалай жарық береді? — деп қайта сұрайтынмын. Әжем:
— «Адамды өлді деме, артында өлместің ісі қалса» — деген Абай атаңның өлеңін естігенің бар ма? — дейтін менің сұрағыма жауап берудің орнына өзі маған сұрақ беріп. Жұмбақ үстіне жұмбақ. «Адам өзі өлгенде, артында өлмейтін қандай ісі қалмақ?»
— Бар, құлыным, ойнай ғой,— дейтін,— мектепке барған соң, Лениннің кім екеніне өзің де түсінерсің...
Түсінбейтін сөздерден тез жалығатын жас балдырған шағым, әжем «ойнай ғой» дегеніне қуанып кетіп, үйден ата жөнелетінмін. Сөйтіп жүріп, міне, мен бір күні мектептің де есігін аштым. Қызыл кірпіш көк шатырлы мектеп үйінің баспалдақты есігіне таянғанымда ең алдымен көзіме түскені: бізге жол көрсеткендей қолын көтеріп тұрған шоқша сақалды кісінің бүкіл денесімен салынған суреті болды. Үстінде қара тройка, баркит жағалы қара пальто, жағасына жіңішке қызыл шүберек тағып алған. Жалаң бас. Бізге қарап сөйлеп тұрған секілді, бір жеңін кимеген, пальтосының етегі жерге түсіп жатыр. Есіктің жоғарғы жағына ілінген қызыл шүберекте үлкен әріптермен жазылған ұран бар. Артынан барып білдім, бұл — Лениннің жастарға арналған «Оқы, оқы және оқы» деген әйгілі өсиеті екен.
Есік алдындағы сурет маған: «Балапаным, мен сенің қорғаныңмын, аяғыңды алшаңдай бас!» — деп жігер беріп тұрғандай. Бұдан кейін Лениннің сан суретін кездестірдім. Бірақ бірде-бірі дәл осы суреттей маған ыстық көрінген емес. Ленин атын естісем, осы сурет көз алдыма елестей жөнеледі. Бәз баяғы маған қолын көтеріп, болашағыма жол сілтеп тұрғандай.
Жоқ, бұным бекер болар. Лениннің тағы бір бейнесі мәңгі-бақи есімде қалды. Ол — оның қоладан құйылған ғажайып алып мүсіні еді. Соғыстың қызу жүріп жатқан шағы. Командиріміздің бұйрығы бойынша, үш жас жігіт П қаласына барлауға бардық. Бұл қалаға неміс басқыншылары кіргелі екі күн болған. Қайтарып алуымыз керек. Біз шептен шыққанымызда түн тастай қараңғы еді, қалаға кіре берген кезімізде ай шығып жан-жағымыз бұлдырлана селеуленіп көріне бастады. Бұрын барлауға шықпаған жасқа жау ордасына бару қандай қорқынышты! Әрбір қарайған бұтасының арасында сені қауіп-қатер күтіп тұрғандай... Аяғымызды әзер басып келе жатырмыз. Алдымыздағы ақ сары жігіт осы қаланыкі. Ол қайдағы жоқ бір тар көшелі, мас адамдай мызғымай ұйықтаған қараңғы бұрыштардың арасымен бізді ертіп келеді. Туған қаласының ықпыл-жықпылын бес саусағындай білетініне көзіміз әбден жетулі. Жүрегіміз сәл орнығайын деді. Бір мезетте бізді басқарып келе жатқан әлгі жігіт тоқтай қалды.
— Қазір қалалық бау-бақшаға жетеміз,— деді ол сыбырлай,— содан кейін алаң... Алаңда тұрған әскерлерді көреміз де, кейін қайтамыз, бұл маңайда неміс күзетшілері көбірек кездесуі мүмкін... Сақ болыңдар.
Біз демімізді әзер алып, ақырын жүріп келеміз. Бау-бақшаның аса бір ағашы қалың жағынан кіргендейміз...
Басқарып келе жатқан жігіт тағы да кілт тоқтай қалды. Біз де тоқтадық. Жан-жағымызға қарадық, бәлендей қорқынышты ештеңе көрінбейді. Тек бау-бақшаның орта шенінде прожекторлардың оттары жарқырай, машиналардың гүрілі естіледі.
— Бұлар не істеп жатыр?—деді жігіт қинала сөйлеп.— Анау алаңда Ленин ескерткіші бар еді. Қала пионерлері жылда қасына гүл қоятын еді... Бұл малғұндар сол ескерткішті...
Жігіт сөзін аяқтаған жоқ, қалың ағаштың арасымен, жемтігін аңдыған барыс секілді сыбдырсыз қимылдай, алға ұмтылды. Көп кешікпей үлкен еменнің тасасына келіп тоқтадық. Парк ішіндегі алаң жап-жарық. Осы алаңда болып жатқан суреттен бойым дірілдеп кетті. Өн бойымды бір ашу кернеп, жүрегімді жалын шарпи жөнелгені.
Алаң ортасында электр сәулесі жазық маңдайында ойнап Лениннің қола мүсіні тұр. Бірінен соң бірі жегілген екі танкетканың артына байлапты. Өн бойын білектей жуан темір арқанмен айқыш-ұйқыш етіп шандыған. Сірә, асыл мүсінді сүйретіп алып кетпек секілді немістер. Ескерткіш маңында жиырма шақты жау солдаттары мен ұзын қара капрал көрінеді.
— Алға!—деді капрал, әдейі біздің келуімізді күтіп тұрғандай.
Қос танкетка да гүрілдей алға ұмтылды. Мен Ленин бабамның құлаған мүсінін көргім келмей, жасқа толған көзімді жұмдым. Аздан кейін барып жердей басымды көтермей бастық жігітімізге:
— Жүр, кетейік!—дедім, өз үніме өзім тұншыға.
— Сәл шыда,— деді жігіт,— қара, қара, қандай ғажап көрініс! Міне мүсінді отырғызсаң, осындай етіп отырғыз.
Мен алаң жаққа қарадым. Көзімнен жастың қалай шығып кеткенін білмей қалдым. Бесжылдықтың алғашқы кезінде сом қоладан шомбалдап құйған Лениннің он тонналық мүсіні орнынан да қозғалар емес. Ұлы кесем немістерге «Маған күштерің жетпейді!» дегендей мызғымастан жайбарақат тұр. Бар күшіменен алға қарай ұмтылған қос танкетка нағыз бір мықты ашаға шынжырмен байланған қос қаншық ит тәрізді, қанша алға қарай ұмтылса да, бір адым ілгері аттай алмай, бұлқан-талқан болуда.
Ертеңіне біз қаланы алдық. Мүсін сол жерінде әлі тұр екен. Немістердің қолынан тек оны сәл қисайту ғана келіпті. Лениннің осы айбарлы қола мүсіні біздің жеңілместік бейнеміздей мәңгі есімде қалды.
Ұлы көсемнің осы екі бейнесі көз алдыма елестеген сайын, кәрі әжем де елестей жөнеледі.
Ең алғашқы мектепке барған күні, сабақтан шыға үйге жүгірдім. Есік алдында әжем күтіп отыр екен. Жерден жеті қоян тапқандай, мен аптыға сөйлеп, әжемнің мойына асылдым.
— Әже, мен бүгін Ленинді көрдім!
— Қойшы, қалқам?
Жағасына қызыл шүберек таққан, қара пальтосы бар. Қолын жоғары көрсетіп маған өсиет айтып тұр! Айтып тұрғаным сурет туралы екенін әжем де ұқты. Маңдайымнан сүйіп:
— Қандай өсиет екен, құлыным?
— Мұғалім айтты: «Оқы, оқы, оқы» деп тұр дейді.
— Олай болса, Ленин бабаңның өсиетін орындайсың ғой?
— Орындаймын! Сенбесең, ант берейін, оллахи-беллахи, орындаймын.
Әжем күлді.
— Жоқ, қалқам, сен антты ескіше емес, жаңаша бер.
— Жаңаша қалай дейтін еді? Білмеймін ғой...
Әжем тағы маңдайымнан сүйді.
— Жаңаша «Ленин бабамның атынан ант етемін» дейді.— Сөйтті де, ол мені бауырына қысып:—Бұл антты беретін кезің де келер. Пионер де боларсың, комсомолға да кірерсің... Ал сенен, құлыным, әзірге бір-ақ қана тілегім бар.
— Қандай тілек?
— Баланы қазақ жастан үйрет дейді ғой. Дұрыс айтады. «Асыл — тастан, ақыл — жастан». Тілерім, құлыным, Ленин бабаңдай сөзіңде тұрғыш, табанды болын өс. Ол жалғыз сенің ғана қорғаның емес, бүкіл халықтың көсемі. Кедей табының данышпаны. Соның жолынан таюшы болма! Егер Ленин өсиетін орындау үшін жан пида ете алар ер болып өссең — кәрі әжеңнің бар тілегін орындағаның!
Әжемнің осы сөзі талай тар жол, тайғақ кешу, ауыр кезеңде сан рет есіме түсті. «Ленин өсиетін орындау үшін жан пида ете алар ер болып өссең — кәрі әжеңнің тілегін орындағаның!» Бұл сөз мені болат қанжар майысар сын сағаттарда, Лениншіл жас атыма кір жұқтырмай берік шығуыма себепкер болды.
Қайран әжем, немересінің басына ауыр күн түсерін білгендей, мені күні бұрын қайрай бергісі келген екен! Бұл жақсылығыңды еш уақытта да ұмытпаспын!
Фашист солдаттары Ленин ескерткішін құлатпақ болған күні кәрі әжем тағы есіме түсті. Гете, Шиллерді оқып, Бетховен, Моцартты тыңдаған ұлы халықтың солдат киіміндегі ұлдарының Ленин қасиетін сауатын әзер ашқан қазақтың кәрі кемпірі құрлы ұқпағанына таң қалдым. Менің әжем: «Ленин — бүкіл адамзаттың шамшырағы»,— десе, бұлар сол шамшырақтың өзге жұртқа түсіп тұрған сәулесін сөндірмек! Қандай надандық! Қандай айуаншылық!
Отарба зырлай түседі. Мен енді адамгершілікті аяққа басып, Гитлер соңынан ерген неміс балаларының қылығын, сана-сезім тұрғысын түсінгім келді. «Бұларды осыншама қан ішерлікке жетектеген қандай күш?»— деймін өзіме өзім сұрақ қойып. С.өйтем де жауап беремін: «Күш біреу-ақ : Гитлер өзінің соңынан ерген есуастарына олардың өзге ұлттардан ерекше туғанын, басқа ұлттардың бұларға құл болуға тиісті екенін миларына қондыра білген. Ұлтшылдық өзге ұлттан өзін артық санайтын шовинистік — пасық сезім, бірақ долы сезім! . Бұл сезім адамды тек тәкаппарлыққа, ер көкіректікке, езге халықты менсінбеуге тәрбиелеумен бірге, есуас жарым естерді қаныпезерлікке, басқа адамдардың тіршілігіне қан құмарлықпен қарап, оларды аямаушылыққа баулиды».
Аң тақылеттес адам аңнан да бетер қиянатшыл, қан ішер келеді. Неміс фашистері — солар. Олардың пиғылы, қылығы, мінез-құлығы, ұстаған жолы — бәрі аризм теориясына, өзгеден артықпыз деген идеяға бағынған. Сол идеяны ақтап шығу үшін олар өзгелерге деген қандай қиянаттық, жауыздық, айуандық іске болса да барады. Оларды бұндай қиянатқа жеткізбеудің жалғыз жолы — құрту!
«Кекке — кек! Қанға — қан!» Неміс-фашист басқыншыларын аямасқа мен де белімді бекем буамын. Табансыздық көрсетпеске ант етем. Өйткені мен Ленин ұрпағымын. Ешкімге құл болуға көнем деген ойым жоқ. Өз басымның азаттығын, халқымның азаттығын қан майданда қамсыз қорғауға міндеттімін. Осындай шешімге келем де, қайтадан жол бойына қараймын. Отарба бұрынғы қалпынша зырлап келеді, телеграф бағаналары да сол бұрынғысынша бірін-бірі құшақтай құлап жатыр. Өрмек жүзі ауғандай, байқаймын, жол мөлшерінен ауып бара жатқан секілдіміз. Алғашқы күндегідей емес, қазір тоғайлы өзен, орыс поселкелері кездеседі. Күнбатыста жүріп жатқан қан майданның бұл араға әзір салқын жете қоймағаны сезіледі. Әр жерде шөп шауып жатқан орақшылар, өзен жағалай балық салып, не болмаса шуылдаса суға шомылып жүрген балалар көрінеді. Әне, ана бір көшемен бір топ поселке адамдары кетіп барады. Еркек-әйелдері аралас. Алдарында сырнайшы. Екі үш әйел топтан ілгері шығып, қолдарындағы: орамалдарын бұлғай билеп, ән салады. Бұл топ, шамасы, бір аяулысын майданға жүргізгелі жатқан топ секілді. Той-думан сол жігітті шығарып салу әрекеті екені сөзсіз. Өйткені топтың ортасындағы ұзын бойлы жігіттің арқасында таңулы қапшығы бар, билеуші қыз-келіншектер де әлсін-әлсін соның қасына үйірілісе түседі.
Отарба кей поселкені жанай өтеді. Мұндайда жол шетінде тұрған бірен-саран бойжеткен қыз балалар кездесіп қалады. Олар кездері жаудырап, қолдарын бұлғап, біздерді шығарып салады.
Осындай қыздарды кергенде, жүрегім удай ашып келеді. Ақбаян ең болмаса осынау бейтаныс қыздар құрлы қол бұлғап қалуға жарамады-ау!
Қауіп-қатерлі қанды жорыққа аттанып бара жатқанда сүйген адамыңның «тез қайт!» деп артыңнан жылап қалғанына не жетсін! Әттең, әттең, не керек, ит Әлжан, сен маған бұл күнді көп көрдің-ау! Егер майданнан аман қайтар күн туса!..
Сонда не істемексің? Оны қырасың ба, жоясың ба? Әлде Бекежан секілді сыртынан ұрланып келіп мерт етесің бе?
Амалсыз ерінімді тістеймін. Бұның бірі де менің қолымнан келмейтінін білемін. Атым сыры өзіме мәлім. Өз мінезім өзіме аян. Мен бетпе-бет келген жаудан ғана қорықпаймын. Ал қазір бетпе-бет келетін жау Әлжан емес, неміс солдаттары. Өшті содан алу керек. Әлжанға кеткен қыз намысы емес, неміс басқыншыларына кеткелі тұрған Отан, ел намысын ойлау керек. Мен Әлжанды да, Ақбаянды да тезірек қиялымнан қуамын.
Бірақ тілің ұшында күрмеліп тұрған әніңді, жүрегің түбінде жатқан ауыр қайғыңды қалай ұмытарсың! Менің көз алдыма Ақбаян қайта-қайта елестей береді. Мен оны көргім келмей, көзімді жұмамын. Ол одан әрі ап-айқын болып дәл қасыма келіп тұра қалады. Сасқанымнан маңдайымнан бұршақтап шыққан терімді сүртіп, қатты күрсіне демімді аламын.
— Жігітім, неге күрсіндің,— дейді маған, өзге жастарға айтып отырған әңгімесін тоқтатып, бұрын Халхин Гол, Хасан көлінің басында ұрыста болған, бізді әкеле жатқан орта жасқа келіп қалған старшина.
— Ғашығы есіне түсіп күрсініп тұр,— дейді мен үшін жауап беріп бір қуақы жігіт.
Өзге жастар ду күледі. Бұнда күлерліктей ештеңе жоқ болса, да мен ашуланбаймын, ақырын езу тартамын. Өзгелердің де өзімдей екенін білемін. Қайсы болса да көңілдегі уайымдарын күлкімен жасырғысы келеді.
— Жігітім, майданға аттанған адамға қайғы серік бола алмайды,— дейді старшина,— жау жігіттің қайғысынан емес ызасынан, ашуынан қорқады. Күрсінуді қой, одан да бізге қосыл. Әңгімемізді тыңда, бұл сенің алдағы айқасыңа керек болады.
Мен үн-түнсіз барып жігіттердің жанына отырамын. Әңгіме тыңдасам Ақбаянды ұмытармын деп үміттенемін.
— Иә, сосын не болды, старшина жолдас?— дейді әлгі мен үшін жауап берген қуақы жігіт үзіліп қалған әңгімелерін қайта! жалғастырғысы келіп.
Старшина кестелі дорбасынан махорка алып, газетке асықпай орады да, шылымын аузына салып, қасындағы жігітке бетін таяды. Анау қалтасынан шырпысын алып, тез оның шылымын тұтатты. Старшина көгілдір түтінді жоғары қарай будақ-будақ бұрқырата жіберді де:
— Ол кезде біз автоматты білмейтінбіз,— деді әңгімесіне кірісіп,— командирлеріміз десант әскерімен, көбінесе жапон солдатымен қоян-қолтық келіп қалғанда қолданылатын дзю-до, самбо секілді тәсілдерге үйрететін.
— Қоян-қолтық алысқан шақта кімнің күші басым болса, сол жеңеді ғой,— деді жанында отырған жас бала жігіт,— бұ жағынан, әрине, бізге ешкім де шақ келмейтін шығар...
— Ой, тіпті олай емес, балақан,— деді старшина езу тартып күлімсірей, шылымын бір сорып қойып,— қандай айқас болса да, ақыл мен айла жеңеді. Әрине, қара күштің де көмегі бар. Бірақ ол екі адам жеме-жемге келіп, қоян-қолтық алыса түскенде ғана. Ал жау сені мұндай жағдайға жеткізбеуге тырысады.
— Әрине ғой.
— Десант бөлімі бірнеше звенодан құрылады. Әр звенода үш адамнан. Жаумен қоян-қолтық алысуға тура келгенде осы үш адам сүйір жағы жауға қараған үш бұрыш тәрізденіп айқасқа шығады. Үш бұрыштың жауға қарсы маңдай алды сүйір жағында ең әлсіз, не әлі соғыста тәжірибесі жоқ жігіт болады. Ол ешкімді өлтіріп жарытпайды. Бар міндеті — өзінің қарсы алдынан, бүйірінен төніп келген жау солдатына тойтарыс беру. Өзіне шүйілген мылтықтың ұшынан, не қылыштан сау қала білу ғана. Ал үш бұрыштың артқы екі бұрышында келе жатқан екі жігіт алдындағы бала жауынгерге төніп солдаттарды қағып тастап отырады. Осылай бір адамдай қимылдаған үш жігітті қандай жау болса да ала алмайды.
— Япырмай, ә!—Мен қоян-қолтық алысып, тым-тырақай екі жақ бір-біріне тап қояды екен десем...
— Ондай да болады. Бірақ қоян-қолтық алысуда да тәртіп пен тәсіл жеңеді.
— Оған сөз бар ма! Бірақ неміс басқыншыларымен алысуда негізгі күш оқ қой.
— Әрине. Демек, қоян-қолтық алысудың да тәсілдерін біліп қойған жөн. Бұл, әсіресе, барлаушыларға өте керек-ті.— Старшина шылымын сорып, кенет ойлана қалды. Біз де оның ойын білген жоқпыз. Әлден уақытта барып:—Әңгіме жаңағы қазақтың батыр жігіті жайында еді ғой,— деді,— аты Хасен еді. Иә, Хасен Бекежанов болатын. Ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей, кең жауырынды қара торы жігіт еді. Менің звеномда Медоев деген төртбақ келген бір осетин жас солдатымен осы екеуі... Қауіп-қатерлі жерге ең алдымен Хасен барады. Бұл жолы да солай болды. Біздің звеноға жапон әскері бекінген бір кішкентай поселкенің күншығыс қорғандағы күзетін жою тапсырылған. Тапсырманы орындау ниетімен біз поселкеге тие беріс жердегі бір сайға келіп бекіндік, көріп жатырмыз, жапон күзетшісі қорғанның үстінде ерсілі-қарсылы тыным алмай селтеңдеп жүр... Міндетіміз — осы күзетшіні дыбыс шығармай көзін жою. Содан кейін өз әскерлерімізге хабар бермекпіз. Қызыл ерлер осы жолы ашылған қорғаннан ештеңеден хабарсыз жатқан поселкедегі жапон полкіне лап қоймақ.
— Иә, оны қалай жоймақ болдыңыздар?
Жоспарды Хасен айтты. Ол еңбектеп барып, қорғандағы күзетшіні құртпақ болды. Медоев менен хабар келгенше жатқан жерінен қозғалмайды. Мен Хасеннің соңынан еңбектеп отырып қорғанның төменгі жағына жетіп жатуым керек. Хасен күзетшіні жойған кезде, ол маған хабар береді. Мен Медоевке хабарлаймын. Медоев полкке жеткізеді. Біздің бұлай, үшеуміз үш жерде болуымыз қауіпсіздігіміз үшін де керек. Әлдеқалай біреуіміз жазатайым бола қалсақ, езге екеуіміз аман қаламыз. Қысқасы, осылай жоспар құрып іске кірістік. Үстімізде шөптен айыра алмастай көз байлағыш жасыл халат. Хасен елу метрдей ұзағанда мен де еңбектей жөнелдім. Көзімді өкшесінен алмаймын. Айтқан жеріне барып үн-түнсіз жатырмын. Бірақ Хасен қорғанға кіріп алып, үн-түнсіз жатқан тәрізді болып көрінді маған. Жапон солдаты сол бұрынғы қалпынша селтеңдеп әлі қорған басында ерсілі-қарсылы жүр. Уақыт етіп барады. Хасенім қозғалар емес. Қобалжиын дедім. Мен күтпеген бір зақымға ұшырамаса жарар еді деп ойлаймын. Әрі жатып, бері жатып, тәуекел деп қорғанға таяй түстім. Етегіне жеттім. Сол кезде қорған басында жүрген күзетші солдатым:
— Старшина жолдас, сізге не болған? Медоевке неге хабар бермейсіз?—деді тұншыға күбірлей.
Жапон күзетшісі дегенім Хасен екен. Одан бір секунд те көзімді алған жоқ едім, қай арада жапон солдатын құртып, өзінің тебе басына шыға келгенін осы уақытқа дейін де білмеймін. Барлаушы деп міне осыны айт. Ер де, епті де еді!
— Ғажап жігіт екен!
— Иә, сосын не болды?
— Сосын не болушы еді. Мен Медоевке хабар бердім, Медоев полкке жеткізді... Жарты сағаттан кейін жапон гарнизонының күл-талқанын шығардық.
— Ол жігіт қазір қайда?
— Халхин-Голдан кейін жаяу әскер училищесін бітіріп, лейтенант атын алды. Қазір неміс басқыншыларымен соғысып жүр. Жақында газеттен оның тағы бір ерлігін оқыдым.
— Қойыңызшы?!
— Тірі екен ғой!
— Қандай ерлік істепті?
— Барлауда жүріп қолға түсіп қалыпты. Қолға түсірген немістің алты солдаты оның бүкіл қару-жарағын алып, бұрын қазақты көрмегендіктен, орталарына қоршап таң қалысып, келеке етіп тұрғандарында, жалғыз өзі оларға тап беріпті. Жанында тұрған бір неміс солдатын іштен теуіп құлатып, біреуін тұмсығынан ұрып қан жоса етіп, үшіншісін өкпе тұстан беріп талдырып тастапты. Қарусыз адамның мұндай қимыл көрсетерін күтпеген, қаннен-қаперсіз тұрған өзге неміс солдаттары сасып қалып, Хасен талып жатқан неміс солдатының бірінің автоматын ала салып, бәрін бірдей, қойдай жусатып, өзі аман-есен тобына келіп қосылыпты.
— Жігіт-ақ екен!
Қашқан жауға қатын ер деген, немістер көп болса да, ештеңе істей алмаған ғой?
— Не істесін? Күтпеген жерден қарусыз адам өздеріне тап берген соң сасып қалған да!
— Мұндайда кім бұрын қимылдаса, жеңіс соның жағында ғой.
Мен де Хасенге іштей риза болдым. Хасеннің көзсіз ерлігі менің мәңгі жадымда қалды. Екі ай өткенде оның сол қимылын мен де пайдаландым. Сонда дәл барып, Хасеннің ерлігін біз секілді жас жауынгерлерге үлгі етіп шерткен мосқал старшинаға іштей алғысымды айттым.
Күн екінтіге айналып бара жатыр екен. Старшина әңгімесін доғарып, келесі станциядан кезекшілерге қайнаған су алуды бұйырды. Дәл осы кезде бұрышта отырған жас жігіт жанындағы сырнайын алып, безілдете жөнелді. Біз қосыла кеттік:
Аттан, жастар, қан майданға,
Қайнап бойда қанды кек!
Болмайық қорқақ біз мұндайда,
Тосылсын оққа көкірек!
Мен жан-жағыма қарадым. Жаңа ғана старшинаның әңгімесін ертегідей көріп қобалжи ұйып тыңдап отырған серіктерімнің жүзінен енді басқа бір саз көрдім. Қабақтары түйіліп, көздерінде сөнбес жалын ойнап, өлеңді айтқан сайын, жауға шабардай қаһарлана түскен.
Бұлар — Ленин ұрпақтары. Бастарына күн туса, қайсысының болса да, қолынан Хасеннің ерлігі келеді. Бұларды жеңу қиын. Кім бұларға ажал ойласа, ездері осылардың қолынан ажал табады.
Дәл осы сәтте маған тағы бір ой келді. Ол ойым — өз басым, Ақбаян жайы еді. Ауыр шешім, керекті шешім өзінен-өзі туды. Мынау отырған жастар бәрі де мен секілді емес пе? Бұлардың әрқайсысының да менің Ақбаяным тәрізді Ақбаяны бар екеніне күмәндануға бола ма? Әрине, болмайды. Соған қарамай, қайсы болса да, маған ұқсап, салы суға кетіп опық жеп отыр ма? Ал менікі не? Жоқ, бұным жігерсіздігім екен.
Осы минуттан бастап, ел басына күн туғанда, қара бастың қайғысына беріле беруімді күнә деп таптым. Ендігі бар күшімді, бар ар-намысымды Ақбаянды жоқтау емес, Отанымды қорғауға жұмсауға іштей ант еттім.
Ұлы тілек менің дертіме шипа болып, көңіліме бір асау жігер берді. Мен де өлең айтып отырған серіктеріме барып қосылдым. Өз басыңның қайғысын Отан қайғысына жеңгізу бұ да үлкен ерлік. Дәл осы сәтте мен де өзімді сол ерліктің иесімін деп таныдым.
Отарба күнбатысқа қарай асыға зырлай түсуде. Тезірек майданға жетіп жаудан кек алсақ деген арман жүрегімізді өртеп біз де асығудамыз.
Елден шыққанымызға бір жеті өткен шақта, біз де майдан жүріп жатқан солтүстік күнбатыс соғыс ауданына таяп қалдық.
III
— Жақсы жатып, жайлы тұрдыңыз ба?— деді бөлмеме кірген Бәтима, менің ояу жатқанымды көріп.— Бүгін қалай ұйықтадыңыз?
— Күндегімнен тәуірлеу. Адам жата – жата әбден жалығады екен. Дәрігер уәдесінде тұрса, маған тұруға рұқсат етпекші еді ғой.
Бәтима қолтығыма термометрін қойды. Күлімсірей бетіме қарады.
— Онысын қайдам. Әйтеуір, кеше Ақбаян жеңгейге сізге жолығуға тағы рұқсат етпей жіберді ғой. Сонысына қарағанда...
— Ақбаян келіп пе еді?
— Иә, келген. Сіз жатқалы айға таяп қалды ғой, содан бері бес-алты рет келді.
Жүрегім жылып кетті. «Қиімнің жаңасы, достың ескісі жақсы деген осы да. Қайтсын, менен бөтен оның кімі бар?»
Іштегі қуаныш сыртыма теуіп, бетіме, сірә, тым айқын шыққан болуы керек, Бәтима томсара қалды. Одан сайын қуана түстім. Бишара, «Ақбаян келді» деген сөзге менің неге ішпей-жемей тойып қалғанымды қайдан білсін! Әлі де сол баяғы арамыздағы шала біткен сөздің аяғын күтіп жүр ме екен? Жоқ, Бәтима, маған ол әңгіме сол күні-ақ біткен...»
«Ақбаян келді» дегенді естіп, осыншалық қуанғанымды ұнатпай қалған Бәтима қабағын сәл шытты.
— Әркімнің бір арманы бар,— деп күбірледі.
Әрине, бұл сөз маған арналған. Оны мен бірден түсіндім.
— Сонда менің қандай арманым бар деп ойлайсың?
— Қайдам...
— Сонда да?
Әркім өзінің қол жетпесін арман ететін тәрізді. Мысалы, бүкірдің ең үлкен арманы шалқасынан жазылып бір жату дейді ғой...
Мен мырс етіп күліп жібердім. «Жоқ, Бәтима менің арманым жайында емес, өзінің арманы жайында айтып жүр. Расымен сондағы маған айтқан сыры шын арманы болғаны ма?» Сөзді мен қайтадан Ақбаянға бұрдым.
— Доктор оны бекер маған жолығуға рұқсат етпейді...
— Себебі бар шығар.
— Қандай себеп?
— Онысын өзі біледі де...
Бәтима кенет мырс етіп күлді. Мен одан:
— Неге күлдің?— деп сұрадым.
— Жай әншейін... Бір қайғылы оқиғаға...
— Адам қайғылы оқиғаға күледі ме екен?
— Әрине, күлмейді. Мен еркектердің кейде шын махаббат пен өтірік махаббатты айыра алмайтынына күлемін...
— Сонда бұл сөзің мен жайында ма?
— Жоқ, бұл сөзім төртінші бөлімдегі жігіттің әңгіме еткен адамы жайында...
— Ол адам не істепті?
— Бәлендей қызық ештеңе де жоқ... Дегенмен тыңдағыңыз келсе, айтайын. Алматыда Ақыс деген бір қызметкер өзінің секретарь әйелін жақсы көреді екен. Жас келіншек те ол десе жанын қоярға жер таппайды мыс. Бірін-бірі жақсы көргендігі соншалық, арасындағы байланыс ұзақ жылға созылыпты. Әлгі кісі жасы келіп қалғанына қарамастан, анда-санда секретарь әйелінің үйіне оңашада барып жүреді екен,— Бәтима тағы да жымия күлді.— Әр барған сайын, бір жасарып қалатын көрінеді...
Мен аңғармай, өз ойымды айтып қалдым.
— Жасы келген еркек махаббатқа тұрақшыл келеді ғой.
— Солай ма?— Бәтима маған жалт бұрылды.— Ол бір жақсы қасиет екен. Бұрын білмейтін едім... Ал жас әйел ше? О да сондай тұрақшыл бола ма екен?
— Мұндай зат әркімнің мінез-құлқымен байланысты ғой. Кәріні сүйген жас аз ба? Бәтима томсара жауап берді.
— Рас. Біреуді ұзақ жақсы керу мінезбен байланысты. Дәл мен өзім әлгі секретарь әйелдей бола алмас едім.
— Бәтима менің сұрағымды күтпей, асыға қолтығымдағы термометрді алып қарады да:
— Бүгін ыстықтығыңыз ойдағыдай, отыз алты жарым градус,— деді де, үйден тез-ақ шығып кетті.
Кей адам не боса соны өз басына жорығыш келеді,— ондай жан емеспін. Өз басым тек жақсылыққа ғана сенемін. Өмірдің өзі де сол жақсылық үшін жаралған емес пе? Ұзақ жыл жақсы көрген Ақбаяным жайында көңілімде титтей күдік туғызуымның өзі жамандығымды көрсетпей ме? Әрине сөйтер еді.
Бәтима айтқан қайдағы жоқ әйелдің істеген жаман ісін енді ойымнан тез шығаруға тырыстым. Бұным тіпті жақсы болды. Көңілімді торлай бастаған тұман тарап, көкірегімдегі Ақбаянға деген махаббат күні қайта шықты.
Жақсы көру! Егер адам бірін-бірі жақсы кермесе, қасқырдан да артқан қан құмар болып кетер еді. Жақсы көру деген бір ұлы қасиет. Бұл қасиеттің езі де екі түрлі болады. Жалпы адам баласын жақсы көру бар да, жеке адамды жақсы көру бар. Жалпы адам баласын жақсы керіп, оның бақыты үшін күресу ол үлкен жүректі алыптардың ісі. Ондай адамдар Бруно, Галилей тәрізденіп отқа күйіп, Ленин, Дзержинский секілденіп қандай мехнатқа болса да шыдап, бар өмірлерін сол адам бақыты үшін сарп ете алады. Александр Матросов пен Сұлтан Баймағамбетов тәрізді, көкірегін оққа төсей; Гагарин мен Титов құсап, тұңғиық, қара мұхит космосқа да ұша біледі. Бұндайлар — айырықша жандар. Ал жеке біреуді жақсы көру, сол үшін барыңды аямау — бәріміздің де қолымыздан келетін ерлік. Кім өзінің ата-анасын, туған бауырларын жақсы көрмейді? Солар үшін жан аямай еңбек еткісі келмейді? Кім өзінің сүйген адамы үшін сын сағаты туса жанын құрбан етуден бас тартады? Меніңше, бұл қайсымыздың болса да қолымыздан келетін іс. Бірақ біреуді жақсы көру, ұнату бар да, не болмаса оны шын жүректен өлердей сүю, онысыз өмір сүре алмайтындай ғашық болу бар. Жан-тәнімен сүю, ғашық болу меніңше адамда бір-ақ рет кездесетін қасиет. Әлде мен сондаймын ба, әйтеуір өзім өмірде бір-ақ мәртебе ғашық болған тәріздімін. Жасы келген адамға «сүйіп едім, ғашық болып едім» деген сөзді айтудың өзі де ерсі тәрізді, бірақ бастан өткен істі айту айып па? Айып емес қой деймін. Сондықтан, оқушым, сенен сырымды жасырғым келмейді. Ғашық болғаным тек Ақбаян болса, ұнатқаным, жақсы көргенім өзімнің соғыстан кейін үйленген жұбайым Татьяна еді. Әрине жүрек дастарқан емес, көрінгенге жайыла бермейді. Әйтсе де, Ақбаян деп күйген жүрек Татьянаға ақ дастарқандай адалынан жайылған. Оның себебі де бар, соңынан айтып берермін. Ақбаянның күйігінен өртенген жүрек Татьяна деп тынышталды, ауыр кеселден шипа тапқандай саялады. Бірақ біздің қуанышымыз да мәңгілік болмады. Ажалға заң жоқ. Осыдан бір жыл бұрын Татьяна қайтыс болған. Оның өлімі маған қатты батты. Адам кейде шын ғашық болып қосылмағанмен, егер бірін-бірі ұнатып табысқан болса, бірге отасқан өмірлерінің ішінде бірін-бірі сыйлап, бірінің көңілін бірі қалдырмай өтсе, бұлардың да махаббаты шын ғашықтардың махаббатындай аяулы келеді. Біздің, Татьяна екеуміздің, арамыз да осындай жағдайға айналған еді. Сондықтан да оның өлімі қатты батты. Бірақ мәңгілік қайғы жоқ жанымның қасіреті де қарая бастаған бақырдай бірте-бірте күңгірттене түсті. Мүмкін, бұған себеп, біздің арамыздағы махаббат шын алтын емес, өз қолымыздан алтын еткен, алтын түстес мыс болды ма екен? Бұл әлде, қайғыны тез ұмытатын мінезіммен байланысты ма, әйтеуір, өткеннен гөрі, мен алдымды көбірек ойлайтын болдым. Өмір деген қай жағынан татсаң да, бірдей тәтті шақпақ қантпен тең емес пе, өзінің сұлу сәнімен, көңіліңді толқытар әсем әнімен мені қуанышты құшағына тарта берді. Міне, осы кезде Бәтимамен кездестім.
Татьяна қайтыс болғанына жарты жылдан асып кеткен. Жаздың бір әдемі күні еді. Құбыла жақтан самал жел соғып, асфальт көшелі тас қаланы жібек торғынмен жапқандай жайма-шуақ болып тұрған. Мұндай күн бұл арада өте сирек кездеседі. Орман тоғайы аз, тас өлкенің қысы қатты, жазы аңызақ ыстық, желді келеді. Және бұл бұрынғы соғыс алдындағы тайыз шахтысы бар шағын поселкелі Мысқазған емес. Бір шетінен бір шеті ат шаптырым, төрт қатар сәнді үймен әшекейленген тас кешелі, он мыңдаған жұмысшысы бар алып қала. Қыбырлаған адам, ерсілі-қарсылы аққан автомашиналар. Ыстық күндерде жаныңды қоярға жер таппайсың. Құр ғана көшеге төселген асфальт емес, қаланы қоршаған сонау жықпыл тасты бүкіл қырқа, төбелердің бәрі қызады. Бұл қызу ыстық желге қосылып, қаланың шетінен алып көрік жалыны үріп тұрғандай болады, Жұрттың мұндай күні жан сақтайтын жері — көлденеңі он шақырым, ұзындығы бес шақырым, дарияға бергісіз, қолдан жасалған көл жағасы. Мысқазғанның солтүстік жағындағы Өндір өзенін бөгеп, үкімет сол араға соғыстан кейін мыс кенін байытатын үлкен фабрика мен мыс қорытатын завод салған. Өзен бөгелген жерде шалқыған дария көл пайда болған. Көп болғанда қандай! Суы кез жасындай мөп-мөлдір. Арқаның аспаныңдай. Ойпаттау келген жағасы құмайт. Қала жұрты демалыс күні осылай қарай ағылатын. Біреулер суға шомылады, ал қайсысы көк толқынды көл бетінде желқайық, ескекті қайықтармен серуендейді. Бағзы біреулер құмды жағаға жатып күнге күйеді. Әйтеуір әркім-ақ, демалыс күндерін осы көл жағасында шамалары келгенше көңілді өткізуге тырысатын.
Татьяна барда екеуміз осы жағаға жиі баратын едік. Жұбайым қайтыс болғаннан бері әдеттегі серуендеуімді тіпті ұмытқан болатынмын.
Сол бір әдемі жайма-шуақ қоңырқай күні аңсарым ауып автобусқа мініп, жарты сағатта осы араға келдім. Бүгін де күндегісіндей быжынаған кісі. Нағыз Қара теңіздің жағасындағыдай. Көбі жағаны қуалай жүгірген бала-шаға. Мөлдір суды біріне-бірі шашып мәз-мейрам қыз бен жігіт. Әлдекімнің қуана шыққан күлкісі, серігін шақырған ерке дауысы естіледі. Жаға толған шат-шадыман. Мен сирек талды аллеямен келдің құмайт жағасын жанай келе жатырмын. Анда-санда жағадағы жұртқа қарап қоям. Суға шомылайын десем, жастардан бос жер көзіме түсе қоймай келеді. Жастар арасына баруды өзіме лайықсыз көрем. Көңілі арам кәрі өгіз жас бұзаулармен бірге жайылады. Мен ондай жан емеспін ғой. Жасың келіп қалғаннан кейін, сылаңдаған қыз-бозбаланың арасына кіру адамға бір түрлі ерсі көрінеді екен. Осылай келе жатқанымда, ортадағы аллеядан алдыма талдырмаш денелі бір әйел келіп түсті. Жүзін аңғармай қалдым. Үстінде ақ жібек көйлегі бар. Қолында кішкентай қара шамадан (мұндай шамаданды әдетте шаштараздар мен дәрігерлер ұстап жүреді). Қыпша бел, аяғы оқтаудай түзу, дене мүшелері біріне-бірі сәйкес, ұзын қол, қысқа мойын емес, Жалпы бой бітісінде, келе жатқан жүріс-тұрысында еркек адамның бірден аңғаратын гармония сұлулық бар. Мені әсіресе таң қалдырған әйелдің сыртқы дене құрылысы емес, оның шашы болды. Тоқпақтай өрген қос бұрым қолаң шашы тобығына жетеді десем, өтірікші болмаспын. Шолтита кесіп, меринос қошқарының жүніндей бұйралап, әйтпесе бәйгіге шабар аттың құйрығындай арт жағынан кекжите байлап тастаған келте шаштарға үйренген көзіме жерге шұбатылған мына қос бұрым ыстық көрінді. Өзеннің, қанша терең болса да, түбі; таудың, қанша биік болса да, төбесі бар. Қайғың, қанша ауыр болғанмен, о да шексіз емес, алдыңғы әйелдің бұлаңдай жерге түскен ұзын шашы көңілімді аудара берді. Қазақ «құс қанатымен, әйел шашымен сұлу» дейді. Бұл әйелдің жүзін көрмесем де, тек осынау шашының өзіне мәз болдым. Бұным жігіттік сезімімнің оянуы емес. Көркем заттың әрқашан да көңіліңді толқытатын әдеті. Бұл бір жан тыныштығын бұзған сұлу көріністің еріксіз билеп кеткен әсері еді. Мұндай шаш иесінің түрі де әдемі болуы керек. Кенет енді оның түрін де көргім келіп кетті. Аяғымды жылдамырақ баса түстім. Әйтсе де өзімнен-өзім қысылып тоқтай қалдым. Қыз баланың соңынан жүгірген жас жігіттей, елуге таяғанымда, бейтаныс әйелдің жүзін көремін деп бұлай ентелеуімді ерсі таптым. Бұл қылығымның өзі келіспейтін-ақ қылық екенін енді түсіндім. Дүниеде шашы ұзын әйел аз ба, менің бұным не? Осы күні қала әйелдерінің өздері де ат құйрығынан жасалған бұрымды шаштарына жалғайды дейді ғой жұрт. Мүмкін бұ да сондайдың бірі шығар. Қыз Жібектің көшіне ентелеген Төлегендей соншама оның жүзін көруге құмартқаныма жол болсын?» деп, мен өзіме-өзім тоқтам салдым. Енді аяғымды ілби бастым. Әйткенмен көңіл деген бір қызып алса, ауыздығымен алысып, ырық, бермейтін шын асау ғой, осы әйелдің жүзін көріп қалсайшы деп мазамды алып барады. Тағы да ақылға салдым. «Жақсыны көрмек үшін. Бір әйелдің жүзін көргенімде қанша айып бар?» Аяғымды қайтадан жылдамдата бастым.
Тұсынан өтіп бара жатқанымда әйел маған бұрыла қарады. Бәлендей сұлу болмағанмен, иман жүзді, бір көрерлік келбеті бар, қара торы жұқа өңді қазақ әйелі екен. Шамасы отызға жете қоймағандай. Танымайтын адаммен де амандасатын — ежелден қазақтың әдеті. Білімнің ғұрпы мұндай жақсы болар ма, жанынан өтіп бара жатып:
— Амансыз ба, қарындас?— дедім.
— Өзіңіз де амансыз ба, Сабыр ағай,— деді ол жылы шырай білдіріп.
— Ғажап! Бұл Мысқазғанның мені адамы түгіл, күшігіне дейін танитын шығар. Бұрын көрмеген мынау әйелдің бірден менің атымды атауы...
— Қалқам, мен сізді танымадым ғой?
— Сіз танымағанмен, біз танимыз ғой.
— Қалайша?..
— Мысқазғанда Сабыр Шәкіров деген Социалистік Енбек Ері әзірге біреу-ақ қой,— әйел әдеппен дауысын тақа қатты шығармай сыңғырлай күлді.— Мысқазғанда сіздің суретіңіз ілінбеген бірде-бір құрмет тақтасы жоқ шығар...
— Ә... ә!
Біздің бала кезімізде Ленин, Калинин, Буденный секілді жұртқа әйгілі халық ісінің қайраткерлерінің суретін ғана көретін едік. Ал қазір... титтей істеген жақсылығын болса, суретің далиып шыға келеді. Бұл бір жағынан біз секілді қатардағы еңбек адамын дәріптеу ғой. Жақсы ықылас. Еңбегіңді жұрт көріп, партия бағалағанға не жетсін! Ал екінші жағынан, қадірленуші тым көп болса, қадырдың да құны кетеді. Оның үстіне, жаман балықшы су лайлайды, сол қадірлеуді көтере алмай әуре болып жүргендер аз ба? Дегенмен, әйгілі болуды кім жек көреді, мына жас әйелдің мені танимын дегені жаныма жылы тиді. Бірақ оның «суретіңіз ілінбеген бірде-бір құрмет тақтасы жоқ шығар» деген сөзі ұнамады. Бұдан өз басымды жеке дәріптеуді көрдім. Жұрттан ала бөтен бар «құрмет тақтасына» суретімнің ілінуінде маған деген қолайсыз құрмет жатыр-ау деп сезіктендім. Мақталсам да, жамандалсам да, жұртпен бірге болсам екен. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адасқан артық» деп қазақ білмей айтқан ба.
— «Құрмет тақтасынсыз да» мен сіздің көп жағдайыңызға сырттай бұрыннан қанықпын,— деді әйел күле қарап, менің ойымды бөліп.
— Қалайша?
— Татьяна жеңгей біздің «Жедел жәрдем ауруханасында» жұмыс істеп келді ғой. Мен де көптен бері сондамын.
— Ә... ә? Атыңыз кім?
— Бәтима.
— Жоқ, білмедім. Татьяна маған мұндай есімді айтпаған тәрізді.
— Естімеуіңіз мүмкін емес, бірақ ықылас аудармаған боларсыз. Мен жайында бөтен де әңгімелер айтса керек еді. Біз о кісімен шын сырлас едік.
— Ондай жақын болсаңыздар, бір сәрі... Әйтсе де, маған сіздің өзара сырларыңызды айта қойды ма екен? Таня тіліне берік болатын.
— Сүйген адамынан әйел еш құпия сыр жасырмайды. Марқұм сізді өте жақсы көретін еді ғой...
— Оны қайдан білесіз?..
— Әйел жайын әйелден сұраңыз...
Татьянаның мені жақсы көретініне шек келтірмейтінмін. Бірақ қымбат сырын басқа біреуге аша қойды дегенге сенгім келмеді. Әйтсе де... жанымда келе жатқан әйел маған енді жылы ұшырай бастады. Татьянаммен сырлас болып едім деген сөзі көптен бері үн-түнсіз жатқан жүрек пернесін қозғады. Енді онымен дұрыстап сөйлескім келді. Іштегі уайым сыртқа шықпаса, кезінде емделмеген кесел тәрізді, күннен-күнге ұлғая береді. Татьяна қайтыс болғаннан бері ешкіммен сыр ашып сөйлеспей, әбден құса болып жүр едім, мынау жылы жүзді әйел маған жақсы кездескен тәрізді.
— Сонда сіз де дәрігерсіз бе?—дедім үзіліп қалған сөзді жалғағым келіп.
— Жоқ, медсестрамын. Осы көл жағасында «Жедел жәрдемнің» бөлімшесі бар. Әлдеқалай біреу-міреу апатқа ұшыраса, жәрдем көрсету керек қой... Бүгін менің кезегім еді.
— Ә... ә!
Дәл осы кезде біз көл жағасынан сәл алыстау тұрған ресторанның жанына келіп қалған екенбіз. Тағам дайындайтын жерді көргендіктен бе, кенет қарным ашып кетті. Мен:
— Егер айып көрмесеңіз, мынаған кіріп нәр жалғап шықсақ қайтер еді?— дедім. Ойым тек жанымдағы әйелмен азырақ сөйлесе тұру.
Бәтима қол сағатына қарады.
— Иә, түскі ас мезгілі болып қалған екен. Кірсек кірейік. Бірақ көп отырмалық. Мені іздеп қалып жүрулері мүмкін.
Біз қабырғасы шынылы, кафетерий тектес, жазғы маусымға арналып салынған жеңіл тағамды ресторанға кірдік. Кісі аз екен. Әр жерде екі үштен шүйіркелесіп отырған бес-алты топ қана көрінеді. Суға шомылуға келген жұрт мынандай тамаша күнде ресторанды қайтсын бәрі көл жағасында... Мен мұндағы жұртқа жөндеп қарамастан Бәтиманы ертіп, түкпір жақтағы бір столға барып отырдым. Мен қарамағанмен, жұрттың бәрі бізге қарап қалғанын сезіп келемін. Кім біледі, «әйелінің жылын өткізбей, мынау да жанына бір шүйкебасты жан торсық етіп байлап үлгірген екен!» деп жатқандар да бар шығар. Бірақ менің ойымда Бәтимаға деген арам пиғыл жоқ. Қамығып жүрген көңілдің бұл бір жай әшейін желдесінді тіршілік желпінуі. Әйелімнің сырлас досымен сырласу. Татьянамды еске түсіріп, бар ақыл-ойымды, жүрек сезімімді торлап алған шынжырды азырақ босату.
Біз столға отырысымен, қасымызға мосқал ас тасушы әйел жетіп келді.
— Не ішіп-жейсіздер?— деді менің жас әйелмен келіп отырғанымды жақтырмағандай, қасымдағы Бәтимаға түксие бір қарап қойып.
Мен менюді Бәтимаға қарай ысырдым.
— Сіз таңдаңыз. Маған қандай тағам болса да жарайды.
Бәтима қылымсып бәлсіне қалған жоқ.
— Жарайды,— деп менюге көз жүгіртіп шықты,— екі лангет... екі салат... екі стакан шай. Осы жетеді ғой деймін.
— Ішімдіктен не әкел дейсіздер?— Ас тасушы әйелдің даусы бұрынғы қалпында суық. Сірә, Бәтиманың тағамды екеуміздің атымыздан еркіндей айтқанынан бір жаман ойға келіп қалғандай.
Өз басым ішімдікке құмар жан емеспін. Бірақ мұндайда бірер шишаның тығынының алынуы әдет қой. Оның үстіне жас әйелмен әңгімелеспекпін. Ал ішімдік сақауды да сөйлететіні бәрімізге мәлім. Сондықтан мен:
— Бір шампан әкелгеніңіз жөн,— дедім.
— Жоқ, керегі жоқ,— деді Бәтима,— маған қызметте жүріп ішуге болмайды. Ал сізге бүгінгідей тамаша күнде шараппен әуреленудің қажеті жоқ.
Бәтиманың бұлай тұжыра сөйлегенінен сасып қалдым. Аузыма сез түспей:
— Мейліңіз,— дей салдым.
Ас әкелуші әйел енжар бұрылды да, кетіп қалды. Қасымдағы Бәтимаға айтар сез аузыма жаңа түсті.
— Бейтаныс адаммен шарап ішіп отырғанымды ерім керіп қалады деп қорқасыз ба?.. Қорықпай-ақ қойыңыз... Мен ондай кәдік алатын әзәзіл дәуірден әлдеқашан еткен жанмын
Бұл сөзді айтарын айтсам да, қысылып кеттім. Ауыздан шыққан сез атқан оқпен тең, ойбай салсаң да, енді оны қайтып оралта алмайсың. Бәтима бетіме күлімсірей қарады.
— Ондай ойдан өзім де аулақпын... Және мені сізден қызғанар ешкімім де жоқ.
Тағы да аңғармай сөйлеп қалдым.
— Ешкімім жоғыңыз қалай? Сіздей жап-жас адамның ерсіз болуы...
Сөзімді аяқтамай тоқтадым. Бәтима менің ойымды өзі аяқтады.
— Мүмкін емес демексіз ғой? Неге мүмкін болмасын. Бұл жалғанда тек өлген ғана қайта тірілмейді, өзгенің бәрі де мүмкін... Мен тіпті ерге шыққан емеспін...
— «Неге?» деп сұрап, үшінші рет қателесе жаздап әзер тоқтадым. Бәтиманың кім екені енді есіме түсті.
«Менің бір жақын сырлас қыз достым бар,— деген бір күні Татьяна,— қандай жігіт болса да, аузының суы құритын, түр әлпеті де келісті, мінезі жібектей жұмсақ, тірі жанның періштесі. Өзі отызды бауырлап қалды, бірақ әлі ерге шыққан жоқ». «Неге шықпай жүр, ауруы бар ма?» деген сұрағыма әйелім: «Жаны ауырады»,— деп жауап берген. «Жаны ауырғаны қалай? Дұрысырақ түсіндіруге болмай ма?» дегем мен, болса да анығын білейін деп. «Жаны ауырғанды білмейтін бе едің? Өз басыңнан өтпегендей...»— деп әйелім зілсіз күлген. Содан кейін осы Бәтиманың оқиғасын айтып берген:
«Ол медицина училищесінде оқып жүргенде өзіндей бір жас жігітті пәрменінше ұнатады. Жігіт те бұл дегенде құр шықпаған жаны, өліп-өшіп тұрады. Ақырында екеуі күз қосылмақ болады. Жігіт жазғы каникулында еліне кетеді. Күз келмей қалады. Артынан Бәтима сүйген жігіті еліне барған соң бөтен қызға үйленгенін естиді. Баладай сенгіш, шын гауһардай таза балдырған жас жақсы көрген адамының осыншалық опасыз болғанынан жаны түршігеді. Жылайды, жігітті есі кете сүйген албырт жас сол күндерде өзін-өзі өлімге де қимақшы болады. Бірақ, жақсы көрген жігітін қимайды. «Үйленгені бекер шығар. Мүмкін ол қайтып келер» деп ұзақ күтеді. Бірақ жігіт қайтып оралмайды. Бұл жас қыздың жүрегін бірте-бірте қатайтады. Еркекке деген жұмсақ сезімін енді қара тасқа айналдырады. Олардың бәрі де өзінің сүйген жаныңдай опасыз деген ұғымға бекіндіреді. Міне, сол Бәтима бізде медсестра болып қызмет істегеніне үш жылдан асып кетті. Содан бері оған қырындаған, сөз айтқан жігіттер де аз емес, бірақ ол біреуіне де қарап тұрған жоқ. «Өмір бойы осылай бойдақ өтпексің бе?»,— десем: «Сөйтетін шығармын... Сөз айтып жүрген жігіттердің бір де бірі ұнамайды. Бәрі де Әбдірахманға (бұл сондағы жақсы көрген жігіті) ұқсамайды. Ал ұқсай қалса, Әбдірахман секілді алдап кететіндей көрінеді де тұрады»,— дейді...
Сондағы қыз осы Бәтима екеніне шек келтірмедім. Аты да енді есіме түсті.Мен оның бетіне бұ жолы ойлана қарадым. Ши арасындағы қара судай тұнған кездерінен бір бітпес қайғы тұманын көрдім. «Қыз — кілті жоғалған сандық» дейді қазақ. Сол ашылмас сандық маған енді осы Бәтима болды «Бұл сандықтың кілтін кім табар? Табылар ма екен? Табылса алтын сандық ішінен жігітке деген қандай жан «мен иемін» деп қолын созар?» Отын барда от сөнбейді. Жүректегі жылулық суымай, адамның үміті өшпейді. Маған Бәтима енді күр таң қаларлық сұлу шашымен ғана емес, езінің сонау қайғылы махаббатымен де, қара судай тұңғиық ойлы көздерімен де ұнай бастады. Онымен енді шын сырласқым келді. Бірақ әңгімені неден бастауды таба алмай кібіртіктеніп отырмын. Менің ауыр міндетімді Бәтиманың өзі жеңілдетіп берді.
— Аидадан хабар бар ма, қалай оқып жүр екен?— деді.
Аида — Татьянадан туған жалғыз қызым. Он жылдықты бітіргеннен кейін, Алматыдағы шет тілі институтына түскен. Маңдайыма біткен жалғызым болғандықтан, оны өте-мөте жақсы көретінмін. Аида туралы Бәтиманың сұрағаны жаныма ыстық күнгі самал желдей жұмсақ тиді. Және Бәтиманың менің балам жайында сөз қозғағаны маған ұнап кетті.
— Жақында ғана хат алдым, дені сау, сабағын жақсы оқып жүр.
— Шешесіне тартса, ұқыпты болуға тиісті.
Бәтиманың бұл сөзі де маған ұнады. Бір орында көп тұрса — су да бұзылады. Үнемі қамыға берілсе, адам қияли болады. Татьяна қайтқалы көңілім бірде-бір сергіп көрген емес. Мұндайда адам өлім туралы көп ойлай бастайды екен. Ал өлімді көп ойлай берсең, өмірдің де қызығы кетеді. Ақылымнан адаспағанмен, соңғы кезде бойымды бір зіл басып, сыңарынан айырылған аққудай, тым жабығып кеткем. Бүйте берсем, түбі қайғы деген қара тастың астында қалатынымды сезінем. Сондықтан бүгінгі көл басына келуім де осы қайғыдан қашудың бір жолы еді. Бәтимаға кездескеннен бері азырақ серги түскен тәріздімін. Әлі де болса көңілім көтерілгенін тілеймін. Батима тағы да өзі сөз тастады:
— Татьяна жеңгей сіздердің тату-тәттіліктеріңізді үнемі әңгіме ететін еді...
— Иә, біз тағы жүз жыл өмір сүрсек те, сол тату-тәтті қалпымызда өтер едік. Өзім осылай ойлайтын едім.
— Өмірдің қызығының өзі де сонда ғой. Ерлі-зайыпты адамдардың арасындағы балдай тәтті достыққа не жетсін.
— Бірақ өмірдің қызығы тек достықтың балдай тәттілігінде ғана емес, сол балдай тәтті достықты тауысып алмауда.
Махаббат деген ұғыммен ауыстырып алғанымызды екеуміз де бірдей түсініп отырмыз. Махаббат, ләззат деген сөздерді аузыма бірінші боп алуға мен үлкендігімнен қысыламын, ал Бәтима жасы кішілігінен ыңғайсыз көреді.
— Рас айтасыз,— деді ол енді күрсініп,— достықты тауыспай сақтау екінің бірінің қолынан келмейді. Бұған менің көзім әлдеқашан жеткен...
«Әйел сырын ұнатпаған адамына ашпайды. Соңғы сөз сыр ашу емес пе? Әлде менің жасым үлкендігін бағалап жай әшейін әңгімелесуі ме? Жасы үлкен адамға сырыңнан аздап хабар берудің қандай айыбы бар? Өзі мені аға санап, ешкімге айтпай келген құпиясынан бір дерек беріп отырғанда, менің оған ақыл қоспауым дұрыс па? Дұрыс болмас еді».
— Барлық жұрттың достықты сақтай алмайтынына көзіңіз жетердей — әлі жассыз ғой, бұл түңілуіңіз тым ерте тәрізді.
— Тек жақсылықтың ғана ерте-кеші жоқ. Ал жамандық ерте келсе, адамды ерте қартайтады.
Бәтиманың «неге ерте қартайғанын» білсем де, әңгімелесе түскім келді.
— Көңіліңіз біреуден тым қатты қалған тәрізді ғой.
— Қалғаны рас.
— Оныңыз, тегі, қандай адам болды екен?
Бәтима жүдей күлді.
— Нашар адам болғаны ғой...
— Бірақ оған деген өкпеңізді жұрт біткенге артпайтын шығарсыз?
Бәтима менің бетіме ең алғашқы рет тікелей қарады.
— Жұрт біткеннің бәрі менің көңілім қалған адамдай болса, менің өкпем барлығына да ортақ.
Мен де сәл әзілдей күлдім.
— Онда бар жұртты сіздің сыныңызға салатын болдық қой.
Бәтима енді жымия күлді.
— «Мен тақия тігіп сататын болсам — адам біткеннің бәрі бассыз туғаны дұрыс дер едім» деген екен бір олақ. Егер жұрт біткен мені өзіне төреші етер болса, менен жақсы баға алуы қиын болар.
— Әйткенмен, сізді езіме төреші етуден бас тартпас едім.
Бұл сөзді айтып қалсам да, өзім де жерге кірердей ұялдым. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген осы да. Сірә, Бәтима маған ұнай бастағандай. Осы себептен де жаңа ғана ойымда пайда болған бір жақсы сезім, бойы қатып, буыны бекімей жатып, аузымнан шығып кеткен тәрізді. Демек, ұялғаным болмаса, айтқаныма өкінгем жоқ.
Бәтима менің бетіме тағы да ойлана қарады.
— Сіз мені өзіңізге әділ төреші болады деп сенесіз бе?
Көптен бері ұмытыла бастаған бір жылы сезім бойымды кенет билей жөнелді. «Сенемін» деген сөзді айтқанша, ас тасушы әйел бір поднос етіп біздің тағамымызды алып келді. Жаңа тұтанып келе жатқан от жел үрлеп өшіргендей бірден сөне қалды. Оны жандыру үшін қайтадан тұтандыру керек. Бірақ алдымызға келген тағамды былай тастап, сөзімізді жалғай беруді екеуміз де ыңғайсыз көрдік. Амал жоқ, асқа кірістік.
Жылға суы теңіздің түрін бұзбайды, ішіп отырған ас біздің ойымызды бұзған жоқ. Әрқайсымыз өз құпиямызды іштей шолудамыз. Шамасы, екеу ара шешетін бір жұмбақ пайда болған тәрізді. Ол қандай жұмбақ? Күні бұрын айту қиын. Екеуміздің сөзіміз де шын жүректен шыққаны даусыз. Ал шын жүректен шыққан сөз жан тербейді. Бәтиманың сөзі де менің жанымды тербетіп бара жатқандай. Ол маған ұнап қалғандай. Әсіресе, мінезі. Ал мінезі жақсының түрі де жақсы.
Жүрек темірше тоттанады, тотын ала білсең, темірше тазалана да алады. Бәтиманың мұңды көзі маған қарай берсе, менің жұбайым қайтыс болғаннан бері қайғыдан тоттанған жүрегімді тазартатын тәрізді. Содан ба, әйтеуір, мен онымен тағы да сөйлесе түскім келеді. Сөйлесу емес, әлденені ұғынғым келеді. Өйткені құрғақ құдық шықпен толмайды, өн бойыңды жайылған шер құр сөйлесумен шықпайды. Енді маған тіл ғана емес, жүректің өзінін де сөйлегені керек. Ал, Бәтиманың жүрегі әлі дұрыстап сөйлемеген тәрізді. Енді мен сол жүректің сөйлеуін тілеймін. Су өзіне ойпат тапса, адам өзінің тілегіне жол табады, енді сол жолды іздеп басым әңкі-тәңкі бола бастады. Бірақ Бәтима кенет:
— Ақбаян жеңгей сізден көзін алар емес,— деді.
Ақбаянның аты шыққанда, мен жалт қарадым. Әйелім өлгелі оны көрген жоқ едім. Залдың арғы бұрышында бір бұйра шашты қара торы жігітпен отыр екен. Көзім түскен сәтте-ақ жүрегім дір ете қалды. Сірә, мен оны өле-өлгенше ұмыта алмайтын шығармын. Бір уақытта батпандап кірген махаббаттың қуанышы ұзақ жылдан бері мысқылдап қайғы болып қанша шықса да, сірә, бұл жалғанда бітер емес. Жастағы жақсы көргенім жүрегіме шын алтын шөңге болып қадалған екен, мен оны алып тастағым келгенмен де, біржолата алып тастай алмаған екем. Ақбаянға деген махаббатым шынында жаныма қадалған алтын шөңге болды. Тот басып, жүрегімді шірітпейді де, не босап суырылып алынбайды да. Мәңгілік табжылмай тұрады да қояды. Сол себептен де мен оны көрген сайын қуанып қаламын. Қолыма түспес алтын құс екенін білсем де, өзімді-өзім ұстай алмаймын. Бұны Ақбаян да білетіні сезсіз. Бірақ менің қайғымды азайтқысы келетін ол жоқ. Маған қарап қойып жанындағы жігітке бірдемені айтып күлім-күлім етеді. Бөтен адамның әйелі болса да, мен оны күйеуінен, немесе жанындағы жігіттен қызғанып өліп барам. Жасы келген адамға бөтеннің әйелін қызғанудың өзі қандай келіспейтін мінез. Бірақ, амал не, «құдай қырына алса, қырқыңа келгенде де таз боласың». Оны өлгенше жақсы көріп кететінмін. Ақбаянға көзім түскеннен-ақ, Бәтимаға аздап жылына бастаған сезімім бірден суи жөнелді. Араңда шын махаббат болмаса, жүрегің қанша лаулап тұтанса да, тез сөнеді. Бәтимаға деген менің сезімім де сондай болды. Ақбаянды көріп едім, бірден басыла қалды. Көңіл күйі қашан да бетке шығады, менің халімді Бәтима жүзімнен бірден түсінді білем, маған мұңая біраз қарап отырды да:
— Гүл қайда болса, көбелек сонда,— деді Ақбаян жаққа көз тастап.,
Гүл әрине — Ақбаян, көбелегі — жанындағы жігіті болар. Қырыққа келіп қалса да, Ақбаянның бетінде әлі әжім жоқ. Қамысты көлдің ақ сазанындай аппақ. Өзін-өзі күте білгендігінен бе, денесі де көз тоярлықтай сымбатты. Еркектің көзіне ерекше ілінетін кей мүшелері қыз күніндегісінен гөрі айырықша толыға түсіп, аш белін жіп-жіңішке етіп көрсетеді.
«Қырықтағы әйел қыз кезінде сүйген адамына ғана көрікті» депті Стендаль. Сондықтан болуы керек, мен оның ажарлы түріне сырттай көз тастап:
— Рас, Ақбаян — сұлу әйел,— дедім.
Қай әйел бөтен әйелді мақтағанды жақсы көрген, Бәтима да менің сөзімді жақтырмаған тәрізді.
— Сұлу әйелдің махаббаты тұрақсыз келеді дейді ғой кейбір жұрт...
Бәтима неге бұлай дейді? Ақбаянға деген бақастығы ма? Сұлу әйелді ажарсыз әйелдің көбі жек көреді деген қауесет рас болғаны ма? Бірақ Бәтиманың өзі ондай ажарсыз жан емес қой. Және Ақбаянды жек көретіндей себебі қандай? Әлде бір кезде менің ғашық болғанымды біледі ме? Жоқ, ол мүмкін емес. Білген күнде де мен үшін Ақбаянды жек көрердей қандай себебі бар? Ондай жағдайға жету үшін Бәтима екеуміздің арамызда бірдеме болу керек қой. Ал ондай бірдеменің әзірге қисыны да жоқ екені екеумізге де мәлім емес пе? Әрине, мәлім. Өйткені, бірімізді-біріміз әлі жөндеп таныған да жоқпыз. Оның үстіне, Бәтимадай жан қызыға қоярлықтай мен жас адам емеспін. Әлде ол Татьянадан Ақбаян екеуміздің арамыздағы ескі әңгімені естіп, Татьяна үшін Ақбаянды жек көріп отыр ма?» Әйтеуір, маған Бәтиманың Ақбаянға берген мінездемесі әзірге түсініксіз...
— Сіз Ақбаянды жақсы танисыз ба?— дедім мен.— Жақсы білмесеңіз, ол туралы әлгі айтқан сөзіңіз артық тәрізді.
— Жоқ, мен о кісіні танымаймын. Тек жұрттың айтуынан ғана білемін.
— Жұрт Ақбаян туралы жаман атай ма?
— Бәлен жыл отасқан ерімен оның басына іс түскен кезде... Жақсы әйел көнекті сырттан тілемес болар еді.
Ақбаянның ері Әлжан Мысқазғандағы бір трестің бастығы болатын, жақында қызметінен алынған. Мұндай іс кімнің басына болса да туады. Бұл туралы әңгіме соңынан. Ал қазір... Ақбаянды «көнекті сырттан тілеп жүр» деген сөзге қиғым келмеді. Жақсы көрген жүрек оны ондай жамандыққа жолатпауға тырысты. Оған араша түсуді өзіме борыш санадым.
— Сіз қателесіп отырсыз ғой деймін, мен білетін Ақбаян ондай адам емес.
Бәтима тек Ақбаян жаққа мойын бұрды да қойды.
— Жанындағысының кім екенін білесіз бе?
— Білмеймін.
— Білмесеңіз...— деп Бәтима бірдемені айтпақшы болып келе жатыр еді, ресторанға жүгіре бір жас жігіт көріп келді.
— Апай, сіздің жәрдеміңіз жедел керек болып қалды,— деді ол асыға,— менің екі жолдасым жоқ жерден төбелесіп қап...
Бәтима қоштаспастан рестораннан асыға шыға жөнелді. Міне, содан бері оны көрген емеспін. Ақырында мынандай жағдайға кездестім. Әсіресе, маған Бәтиманың мені «жедел жәрдем» машинасымен барып Ақбаянның үйінен алып келгені батады. Бұл баяғы оның Ақбаян жайындағы сөзін расқа шығаруды былай қойғанда, менің өз басымның да жамандықтан алысқа кетпегенін көрсеткендей. Бәтиманың маған сәл өкпелегендей боп жүргені де осыдан ба деп ойлаймын. Бишара, менің Ақбаянға деген жүрегімде сақталған кеселдің қандай ауыр екенін, қайдан білсін! Білген болса, маған ренжімес еді ғой! Үйленіп, балам боп, бақытты өмір сүрсем де, Ақбаянды ұмыта алмағанымды Бәтима түсіне алар ма? Жоқ, түсіне алмайды. «Арқалағаны алтын болса да, түйенің тамағы — тікен» деген осы. Өмір шіркінді қуанышты етіп бара жатыр десем де, жүрегімде қалған бар қайғым — Ақбаян!
Осындай ойда жатқанымда үйге Бәтима кірді. Ол бүгін де жүдеу. Біз кешкі асымызды бағана ішкенбіз. Көп кешікпей ұйықтауымыз керек. Ұйықтар алдында Бәтима келіп термометр қойып кетеді. Және өзі кезекші болған күні түнде мен жатқан бөлмеге екі-үш рет кіріп, халімді біліп жүреді. Ол қолтығыма қойған термометрін алып қарады да:
— Ыстықтығыңыз сәл көтеріліпті,— деді,— сірә, жүрегіңіз тағы мазаңызды алып жатыр-ау...
— Бұл жүрек бір бүгін ғана ма, өмір бойы мазаны алып келеді ғой...
Бәтима бетіме үн-түнсіз қарап сәл тұрды да:
— Мысқазған шахтасында жұмыс істеген жұмысшылары мұндай жүрек ауруымен тақа көп ауыра қоймайды. Сіздің, сірә, бөтен де көрген ауыртпалықтарыңыз бар болғаны ғой...— деді.
— Мен майдан азабын да басымнан өткіздім ғой.
— Майданда болған жалғыз сіз бе?..
— Менің басымнан онда қандай өмір еткенін білмейсің ғой...
— Әрине, білмеймін... Жалпы мен сіз жайында Татьяна жеңгей айтқан бірен-саран жақсы сезден бөтен ештеңе де білмеймін.
Күндіз бір мәртебе ұйықтап алған адамға түн қандай ұзақ. Әсіресе, аурухана ішінде. Оның үстіне ішіңде жатқан сырдың өзі бір зіл емес пе, сыртқа шықпаса, мазаңды ала береді. Кенет мен басымнан өткен өмірімді Бәтимаға айтқым келіп кетті.
— Егер тыңдағыңыз келсе, басымнан өткенді сізге сыр қып айтып беруге бармын.
Ол қуанып қалды.
— Тек ауруларды бір қарап келейін,— деді,— бәрі төсектеріне жатты ма екен?
IV
— Сырттан қараған адамға соғыс та қызық. Бірақ расында олай емес. Соғыс — бұ дүниенің дозағы. Оның ауыр сынынан өткендер де бар, өте алмағандар да көп. Бәтима, мен саған аңдаусызда басталған айқасқа шыдай алмай, алғашқы кезде неміс басқыншыларынан қалай шегінгеніміз жайында жыр етпек емеспін. Бұл туралы талай кітаптарда жазылған. Талай әңгімелер де айтылған. Сан рет құр бензин құйылған шынымен неміс танктеріне қарсы жүгіргенбіз. Нұркен Әбдіров секілді ер азаматтарымыз жанған самолетімен жау шебін қиратып, немесе Сұлтан Баймағамбетов тәрізді жау жүрек жігіттеріміз пулемет оты бас көтертпеген дзот тесігін кеудесімен жауып, қаза тапты. Отан, ел үшін біз қолымыздан келген ерлігімізді аяған жоқпыз. Жоқ, Бәтима, мен соғыстың біз шегінген ауыр күндері жайында әңгіме етпек емеспін,— дедім, ол ауруларды аралап келіп, менің жаныма отырғаннан кейін.
— Не жайында айтсаңыз да, менің бар ықыласым сізде,— деді Бәтима сәл төмен қарап,— тек өзіңіз қатысқан, не басыңыздан, өткен оқиғаларыңызды айтыңыз... Сіз жайында тіпті ештеңе білмеймін, ал білуге... құмармын.
«Білуге құмармын» деген сезіне мен «неге құмарсың» деп сұрамадым. Оның бұл айтқанын. естімеген жандай; көңіл аудармастан, бірден әңгімеме кірісіп кеттім.
— Жақсы, тек өз басымнан өткенді, көзім көргенді ғана айтайын,— дедім мен,— қысқасы, қырық бірінші жылы сентябрьдің екісі күні алғашқы рет соғысқа қатыстым. Біздің соғысқа жедел дайындалған, кілең жас¬тан құрылған батальонымыз қосылған полк — шекарадан шегініп келген, бар танктерінен айырылған сексен төртінші дивизияға жататын қырық алтыншы танкі полкінің қалдығы екен. Танкі полкі деген құр аты, бір де бір танкі жоқ, кілең жаяу әскер... Осы полкке әлі күкірт дәрісінің иісі мұрнына бармаған мен секілді үш жүз жас жауынгерді алып келді. Біздің полкіміз Батыс Солтүстік майданына жататын. Старая Русь пен Новгородтың ортасындағы Лычково деген станцияға жақын жерде соғысқа дайындалып жатыр екен. Бәлендей қару-жарағы жоқ, екі-үш зеңбірегі бар. Қару күтуде. Бұларға біз келіп қосылдық. Бір-бір мылтық берді, қайдан алғандарын білмеймін, өзім секілді жастардың кейбіреулері алты атар, не болмаса кішкентай қара тапаншаларға да ие болып қалыпты. Күніне бес-алты сағат әскери ойын ойнаймыз. Мылтық атуды, гранат лақтыруды, танкіні жаратын оқ-дәрілі қобдиша «танкіге қарсы гранатты» қалай пайдалануды үйренеміз. Біздің бастықтарымыз әскери училищелерді мерзімінен бұрын бітірген кілең жастар — кіші лейтенант, старшина... «Жақында керек қару-жарақтың бәрі де келеді» деген сөзге қарар түріміз жоқ, тек майданға біз барсақ, неміс атаулысының бәрі алдымызда сұлап жатардай көреміз. Бізден бұрынғылардың бәрі қорқақтығынан шегініп келе жатқандай. Жүректі жауға деген кек, бойды «шегінбеу керек» деген намыс жайлаған. Маяның түбінде отырған күшік көлеңкем қандай үлкен деп мақтанады. Қауіпті өз көзіңмен көрмегеннен кейін батырсына береміз бе деп те кейде ойлап қоям. Әйтсе де ұсталмаған қылышы тот басады, құр кіжіне берсең, жігерің құмға айналады, айқасқа тезірек түскенді мен де ұнатам...
Қысқасы, екінші сентябрь күні мен де соғысқа қатыстым. Соғыстың қандай қияпат екенін со күні-ақ түсіндім. Бар тіршілігі мылтықтың аузында тұрған адамда қанша береке болады, алғашқы айқастың өзі-ақ маған қиынға түсті. Кейбіреулер осы күні «бәлендей қорыққан жоқпын» деп бөседі. Жоқ мен ондай сезді айта алмаймын. Қорыққаным ба, әлде соғысқа әдеттенбегенім бе, сол күні өз басым берекелі ештеңе істей алмадым. Есекке өнер көрсет десе — ол бақырып қоя беріпті дегендей, со күнгі менің көрсеткен өнерім, әйтеуір, оқты аяғам жоқ, жау осы жақта ғой деп, мылтығымды алдыңғы жағыма қарай бытырлатып ата бердім. Бұның өзі де дертке қуат, асауға оқ атып жатқаным өзіме аян, борышымды адал атқарғандаймын.
«Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» дейді қазақ, бірте-бірте соғысқа мен де үйрене бастадым. Үш-төрт күннен кейін оқты босқа шығармай, жауды дәл көздеп атуды, ұшып келе жатқан зеңбірек оғының ызыңынан бостан-босқа қорқудың қажеті жоқ екенін де біліп қалдым. Соғыстың бір күні — жай күндегі үйренудің бір жылына татиды. Он шақты күн өткеннен кейін көп жағдайды әбден түсіне бастадым. Темір — отта бабына келеді, адам — күресте шынығады. Мені де осынау әлем-тапырық соғыс көп нәрсеге үйретті, шынықтырды. Өзгені білмеймін, әйтеуір, өз басым өзімді мақтаудан жек көрерім жоқ. Демек, жаман соғысып жүрген жоқпын десем, мақтаншақтық болмас. Он шақты күннің ішінде бір-екі фашисті атып түсіргеніме күмәнім жоқ. Қаза тапты ма олар, әлде жараланды ма — онысын анық білмеймін. Бұған да шүкіршілік.
Осындай жағдайда жүргенімде, бір күні қырғын айқас болды. Сірә, жаңа күш келіп қосылды ма, жоқ жердей он алтыншы сентябрь күні неміс басқыншылары сол Лычково станциясына таяу «Сухой Лог» деген поселке тұсында үлкен шабуыл жасады. Бұл шабуылға олардан ондаған танкі, самолет қатысты. Әсіресе, минометтерінен көрмегенді көрдік. Бүкіл Германияның бар минометтерін дәл осы араға жинағандай, бір сәт тыным жоқ, гүрс-гүрс жарылған миналар... Адам керең болып қаларлықтай. Ордан бас көтерткізбейді. Осындай сұрапыл екі сағаттай созылғаннан кейін, неміс шабуылы басталды. Мен ордың барлаушыларға арналған ең алдыңғы жағындағы тұсында жалғыз болатынмын. Неміс шабуылы басталар алдындағы «Кейін шегініңдер!» деген бұйрықты ести алмай қалыппын. Ордың үстінен танктер өтіп, автоматын бытырлатып немістің солдаттары жетіп келгенде, «қоян-қолтық» алыспақ болып «Ура! Отан үшін алға!» деп секіріп шыққанымда ғана жанымда еш адам жоғын бір-ақ білдім. Немістер келіп қалған екен. Орға кейін тығылуға болмайды. «Ажалды түйе құдық басында тайраңдайды». Сірә, өліміме көрінген шығар, ор басына шыға келгенім орынсыз болған, екен, қаптап келіп қалған неміс солдаттарының бірі мылтығының дүмімен беріп өтті. Содан кейін үстімнен басып жаншып топырлай жүгірген солдаттарды ғана аңғардым. Нағыз қалың жылқы шауып өтіп жатқандай. Біреу аттап, біреу басып кетеді. Кейде өкпе тұсымнан неміс солдатының ауыр етігінің темір табанды өкшесі көп тиеді. Бар мұршам келгені екі қолыммен бетімді қорғау болды. Көп кешікпей есімнен танып кеттім.
Есімді жинағанымда ең алдымен байқағаным, әлдекімдер мені носилкаға салып әкетіп барады. Өне бойым ісіп кеткен. Қозғалуға мұршам жоқ. Топырлай жүгірген солдаттардың аяғының астында қалған адамда қандай жағдай болсын, егер біреу-міреу киімімді шешіп қарай қалса, денем көкпеңбек шығар.
— Япырмай, қалай тірі қалдыңыз,— деді көзі жасаурап кеткен Бәтима мені аяп.
— Ажалың жоқ болса, алпыс айдаһар жабылса да өлмейсің,— деп мен күлімсіредім,— тірі қалғанымды білгеннен кейін: «Мені көтеріп келе жатқандар кім екен?» деп ақырын көзімді аштым. Неміс солдаттары екен.
— Атып тастай салмай, бұл азиатты несіне көтеріп әуре боламыз?—дейді бас жағымдағы біреуі, дәл бір осыларға өзімді көтертіп қойғандай ренжіп.
Мен азырақ неміс тілін білемін. Орта мектепте оқығаным бар, оның үстіне Атбасарда тұрғанда көршіміз неміс болатын, олардың балаларымен ойнап жүріп, сөйлесуді де әжептәуір үйренгем.
— Сенің қолыңнан тек атып тастау ғана келеді,— дейді алдыңғы жағымдағы немістің қарлыққан даусы.— Бұйрықтың аты бұйрық. Біз болсақ майдандамыз. Ал ұлы Германияның завод, фабрикаларында жұмысты кім істейді? Міне, осы азиаттар.
— Мынаның жазылып, адам қатарына кіріп жұмыс істеуі екі талай болар.
— Оқасы жоқ, таяқ қандай аурудан болса да жазады.
Адамды аурудан таяқпен жазуға болады дегенді естігенім осы. Бірақ менің мұным надандығым екен, неміс солдатының сөзі шынға шықты. Жұмысқа жарамайтын көтерем тұтқындардың неміс надзирательдерінің резеңке таяғы ысылдай кеп арқасын осқанда, ауыр зембілді көтерем деп, орындарынан сүйретіле барып тұрғанын соңынан талай көрдім. Бұл не? Ауру жанның таяқтан қорқып, кеселін жеңем деген әрекеті емес пе?Менің Отан соғысына шындап қатынасуым осы тұтқын болуымнан басталды.
Қорлық азабы молая түсіп, қоректі қанша қысқанмен де, жас дене өзінің мықтылығын көрсетті, екі айдан кейін жүруге жарап қалдым. Осы кезде бізді қызыл вагондарға тиеп Шығыс Германияның Баден-Баден дейтін үлкен қаласының жанындағы бір кішірек қаласымаққа алып келді. Вагоннан түсіп жатып, шахта үстіне жасалған мұнара мен тау-тау боп үйілгем қара топырақтан (терриконнен) бұл арадан тас көмір шығатынын бірден түсіндім. Қаланың аты Куппермен екен. Бізді ұзын-ұзын барактарға елу-алпыс адамнан орналастырды. Төсек-орын жоқ, еденге тек сабан төселген. Үстіміздегі қызыл әскер киімімізді әлдеқашан сыпырып алған. Кигендеріміз жалба-жұлба бірдемелер. Тұтқынның көпшілігі неміс басқыншылары басып алған Белоруссия, Псков облыстарынан айдап әкелінген кәрі шал, әскер жасына әлі жете қоймаған бала жігіттер. Бәрінің де үстіндегілерінің құр киім деген аттары. Өзге барактар да кісіге толы. Ондағылар бізден бұрын келген тұтқын сорлылар тәрізді.
Бір мың тоғыз жүз қырық екінші жылдың басы. Қар жоқ. Жаңбыр аралас қара суық. Дымқыл лепті қатты желі өңменінен өтеді. Аш адамға суық қандай өш, жұт жылғы қыстың аяқ кезіндегі арық қойдай дір-дір етеміз. Әйтеуір, бір жақсысы, бізді алып келген тас барактардың іші жылы екен. Бәрінде де ыстық сумен жылынатын батарея... Құдайдың бұнысына да шүкіршілік. Жан ауырған жерде тұрады, біздің де бар ауырар жеріміз осы суықтық пен аштықта. Соның бірінің емі табылғанына қуанып қалдық. Тұтқындарды кешке таман әкеп түсірген. Қаланы кере алмадық. Бұл кезде біздің самолеттер де жау жеріне ұша бастаған. Шекараға жақын неміс қалаларында түнде электр шамы жағылмайды. Бізді түсірген барактар бұрын солдаттар тұрған үйлер болып шықты. Батареяның болуы да содан екен. Сығырайған электр шамдары бар. Тек ыстық су алуға ғана қораға шығасың. Онда да бар жерде күзетші. Олар нағыз бір тастан құйған мүсін тәрізді. Басында — темір қасқа, кеудесінде — автомат...
Мен сол күні ыстық су алатын бөлмеде күтпеген жердей Садыққа ұшырай қалдым. Мұндайда бір жерден, бір ұлттан шыққан адам туғаныңдай жақын болып көрінетіні мәлім ғой, екеуміз бірімізді-біріміз құшақтап құлын-тайдай шұрқырастық та қалдық. Көп сөйлесуге уақыт болмады. Жалғыз ғана білгенім: өзі теңдес серіктерінің бәрі соғысқа кеткенде, сояудай болып Мысқазғанда қалуды жөн көрмей, мен кеткеннен бір ай кейін, Әлжанның «шахтаға керексің» дегеніне көнбей, майданға өзі сұранып келіпті. Қоршауда болып, амалсыздан қолға түсіпті. Түрі жүдеу, бірақ ауру-сырқау, жарақаттанудан сау тәрізді.
— Қалай соғыстың?— деген менің сұрағыма, «қайдам» дегендей иығын көтерді де қойды. Бірақ екі жылдан кейін барып совет әскеріне келіп қосылған соң ғана мен Садықтың қалай соғысқанын есіттім. Ал о жолы оның селқос жауап беруінен тек қөңілімде бір күдік пайда болған да қойған...
Менімен бірге келген топ тегіс ыстық суды алып болып қарауыл «ал жүріңдер» деген кезде ғана Садық маған мұңая бір қарады да:
— Сабыр, естімеген шығарсың, берік бол. Сүйгенің опасыздық етті, сен майданға аттанысымен, екі жеті отпен Әлжанға ерге шықты. Менің соғысқа өзім тіленіп келуімнің де бір себебі осында. Саған араша тұра алмадым,— деді де, бетіме қарай алмай бұрылып кетті.— Опасыз қыз үшін тақа опық жеп өзіңді жасытпа!
Садық менімен түйдей құрдас болатын. Орта мектепті де бірге бітіріп, шахтаға да бірге түскенбіз және шын жолдас та секілді едік. Ақбаян екеуміздің арамыздағы жағдайды да білетін. Жолдастығы ма, әлде заманымыз бір жас болғандықтан ба, ол маған әлгі сөзді өте қиналып, шын жан ашырлықпен айтты. Бірақ табытқа салып жатқан әйелдің ернін бояғанмен не пайда?! Сүйгенінен айрылған жігітке жоғалтқанын жылап естіртсең де, одан оның жүрегі басқаша соғар ма?! Садықтың бар айтқанынан менің көкірегімде оның жаны ашыған үні емес, тек «Ақбаян опасыздық етті» деген мұздай суық сөзі ғана қалды. Бұл сөз дәл біреу қойныма жылан салып жібергендей өн бойымды дір еткізді.
Жаман сез тастан қатты тиеді. Садықтың сөзі әбден сана-сезіміме жеткенде, тәлтіректеп құлап кете жаздадым. Сірә, жанымда келе жатқан серігім мені аштықтан әлсіреп кетті деп ойлаған болуы керек, қолтығымнан сүйей берді. Бірақ менің қайғым аштықтан да күшті қайғы еді. Бас ауырса аяғыңның ауырғанын ұмытасың. Ақбаяннан айырылғанымды білгенімде, тұтқында екенімді де, аштықты да, көріп жүрген қорлығымды да ұмыттым. Бәрі есімнен шықты. Жан ауруы тән ауруынан күшті деген осы екен, жүрегім өртеніп, тұла бойымда ыза-кек, сана-сезімімді удан да ащы шер билеп, жанымды қоярға жер таппадым.
Мысқазғаннан әскерге жүріп бара жатқанда вагон алдында тұрып көрген көрінісімнен кейін және майданда жүріп бірнеше хат жазып жауап ала алмай қойғаннан бері өзім де Ақбаяннан сезіктене бастағам. Бірақ сүйген жүрек тез суына ма, оны жаман атқа өлсем де қиғым келмейтін. Сөйткен Ақбаяным енді маған бұл жалғанда қолыма түспейтін шын алтын құсқа айналды. Жақсы көргендігім соншалық, ол мені қиып кетсе де, мен оны әлі де болса, қия алмадым. Әлі де «алтын құсым» дей бергім келеді. «Қолым жетпес алтын құсым» деп көзіме жас та алдым. Опасыздығы қанша жаңыма батса да, балағаттап қарғыс айтуға аузым бармады.
— Шын махаббаттың осылай келетінін мен де түсінем,— деді ақырын күбірлей Бәтима,— опасыздығын cөге де алмайсың.
— Түні бойы жылап шықтым,— ұят болса да, мен Бәтимадан сырымды жасыра алмадым.—Дәл сол түні қайтсем де Ақбаянды бір көруім керек деген бекімге келдім.
Қайғы — қайғы да, өмір — өмір ғой. Таң атар атпастан «Тұрыңдар!» деген дабыл қағылды. Түні бойы кірпік іліндірмей шыққан басым, орнымнан әзер тұрдым. Лайлы су тәрізді, бірен-саран бұршағы бар қою қара су сорпа мен елу грамм балшық тәрізді былжыраған қара нанды беріп, бәрімізді далаға айдап шықты. Жан-жағымызды қоршаған автоматты неміс солдаттары, кейбіреулерінің жанында шынжырлаған қасқыр түстес қабаған неміс бөрібасарлары. Тек қазақ жерінің қасқырларындай емес, қызғылт қылшық түсті. Сәл саптан тыс аяқ бассаң болғаны, арс етіп тұра ұмтылады. Талап тастауға дайын. Қатты қорқыныш ауырған жеріңе де қаратпайды. Жан-жағыңнан қаптаған автоматты солдаттар, арсылдаған қасқыр алатын қанды көзді иттер аздап жүрек жарасын естен шығартқандай.
Барлық тұтқынды айдап апарып тас алаңға сапқа тұрғызды. Кілең еркек! Мыңға таяу жанбыз: тозған фуфайка, жыртық етік, жымырайған құлақшын. Сүзектен тұрғандай арық-тұрық, түрлері сарғайып кеткен жүдеу... Енді ғана түсіндім, біздер тұрған жер бұрынғы әскер ойнайтын алан екен. Төрт бұрышты алаңды қоршай салынған ұзын-ұзын сұр түсті казарма-барактар. Абақты тәрізді. Терезелерін де торлап тастаған. Аслан да сұрғылт. Бар дүние езінің табиғи түсінен айырылып, сұр кебін кигендей. Мұндайда адамның ойын тек сұрғылт шер ғана басады. Осындай түсі қашқан сұрғылт сұрқия тас алаңда тұрғанымызда, қалың тұтқындардың алдында ерсілі-қарсылы, әлденені күтіп жүрген жуан қарын жирен мұртты обер-лейтенанттың немісше «Смирио!» «Равнение направо!» деген ащы дауысы шықты. Әскерде қызмет істегеніміз бар, істемегеніміз бар, мыңға жуық адам бойымызды түзеп, мойнымызды оңға бұрдық. Оң жақтағы екі казарманың арасындағы далия ашылған кең қақпадан (жаңа ғана байқадым: күзетші тұратын екі жағында қалқаны бар осы қақпаға кіретін көшеден бөтен жердің бәрі сүйір бүртпелі сыммен қоршалған екен) екі қара машина көрінді. Бірі —«оппель-капитан», екіншісі —«мерседесс». Машиналар зырлаған бойы алаңның ортасына, дәл мен тұрған жерге келіп тоқтай қалды. Обер-лейтенант жүгіріп барып алдыңғы машинаның есігін ашты. Ішінен полковник дәрежесіндегі қара құрым пальтолы ұзын бойлы арық офицер көрінді. Екінші машинадан да майор, обер-лейтенант, лейтенант шеніндегі үш-төрт офицерлер сыртқа шықты. Обер-лейтенант «Хайль Гитлер!» деп қолын алдына соза бір көтеріп алып, полковникке әлденені айтып рапорт беріп жатыр. Сөзі естілмейді, тек қыңсылай үрген ит тәрізді үздік-үздік дауысы шығады.
Дәл осы кезде әлгі қақпадан ақ боз арғымақ жеккен енді тарантас арбалы бір әйел көрінді. Алдында — семіз келген қартаң көшір.
Арғымақты зырғытқан бойы көшір дәл полковниктің жанына келіп тоқтай қалды. Бастығы полковник болып офицер біткен тарантасқа қарай асыға таяды. Арбадан ұзын бойлы, жіңішке бел, бөкселі келген жас әйел секіріп түсті.
Соғыс алдында біздің жақта әйелдердің шалбар киюі ерсі көрінетін. Ал мынау әйелдің бұтында көгілдір тоқыма шалбар, оқтаудай түзу толық балтыры мен бура санына тырсита жабысқан. Үстінде ақ тиіннің терісінен істеген, жүнін сыртына қаратқан шолақ ішік. Басында ақ түбіт кішкентай шәлі. Қызыл алтындай шашын әзер жауып тұр. Арба бізге жақын келіп тоқтағандықтан, әйелдің түр сипатын анық көріп тұрмын. Қыр мұрын, ақ сары, үлкен көгілдір көздері нағыз бір бұлтсыз аспан тәрізді сымбатты да көрікті. Жасы әлі отыздарға жетпеген.
Еркектер таяғаннан-ақ әйел қолына киген ақ түбіт бес саусақты қолғабын шешіп алды. Офицерлер нағыз бір генералға тәжім еткендей, әлгі әйелге «Хайль Гитлер!» деп қолдарын жоғары көтеріп құрмет көрсетіп, оның аппақ қолының сыртына еріндерін тигізіп шегініп жатыр.
Еркектер амандасып болысыменен полковник обер-лейтенантқа қарап қолымен «кәне, бастайық» деп ишарат көрсетті.
Обер-лейтенант дәл біздің қарсымызда тұрған сәкі секілді төрт бұрышты ағаш мінбеге шықты. Өзгелер де онымен қатарласа тұрды. Орталарында әлгі әйел.
— Тұтқындар!—деді обер-лейтенант орыс тілін бұза сөйлеп.— Сендер бүгіннен бастап ұлы мәртебелі гестапо полковнигі Карл Винтер мырзаның көмір шахтасында жұмыс істейтін боласыңдар! Қорытып айтқанда, сендер осы мырзаның басыбайлы құлысыңдар. Сез енді полковник мырзаның өзіне беріледі,— деп кейін шегінді.
Ортаға полковник шықты. Түрін енді ғана анық көрдім. Алпыстарға таяп қалған, беті әжім-әжім, қан жоқ, сел жоқ, өте суық түсті кісі екен. Шамасы нағыз қан ішерлердің бірі болуы керек. Ол бес минуттай неміс тілінде сөз сөйледі. «Сендер төменгі дәрежелі ұлттың адамдарысыңдар»; «Ұлы Германияға жұмыс істейтін «болғандарына өздеріңді бақытты санауға тиістісіңдер», «Бүгін-ертең Мәскеуді аламыз» деген бірен-саран сөзі болмаса көбін ұға алмадым. Ол сөйлеп болғаннан кейін, кезекті әлгі әйел алды.
— Тұтқын Россия мұжықтары,— деді ол бір мүлтігі жоқ орыс тілімен, дауысы шаңқ етіп,— менің ерім граф Карл Винтер сендердің бүгіннен бастап біздің шахталарымызда жұмыс істейтіндеріңді айтты. Ал өзі қызмет бабымен байланысты ұлы Германия айбынды жауынгерлері басып алған Белоруссияға жүреді. Енді сендердің қожаларыңыз мен болам! Таныс болып қоялық: мен графиня Хауасси Винтермін. Университетті Москвада бітіргем. Сондықтан Россия мұжықтарының мінез-құлқымен таныспын. Ұлы Германия жерінде еш жалқаулыққа орын жоқ. Жұмыс екі кезекте болады. Әр кезек он екі сағаттан. Біздің шахталарымыз соғыс заводтарына электр күшін беретін ТЭЦ-ті көмірмен қамтамасыз етеді. ТЭЦ-тің бес минут тоқталып қалуы — жауға атылған бәлен мың снаряд, минамен есептеледі. Сондықтан біздің шахтамызда қатты тәртіп болуға тиісті. Кім де кім бұл тәртіпке көнгісі келмесе, өзінен көрсін! Ондай адамға жалғыз ғана үкім — өлім! Бірінші танысуымыз осымен бітсін. Өзгесін офицер өзі түсіндіреді. Ал қазір менің ат қорамды қарайтын, иттеріме мезгілімен ас-суын беретін және қора-қопсыны сыпырып тұратын үш адам алуым керек. Қайсың мұндай өнермен таныссыңдар?
Ешкім орындарынан қозғалмады. «Маған жұмыс істегілерің келмей тұр-ау!» деп әйел ашуланған жоқ. Мөлдіреген үлкен көгілдір көзін сәл күлімсіретті де, ол:
— Өз еркілеріңмен көнгілерің келмейді ғой,— деді кекете,— орыс мұжықтарының мұндай сасық тәкаппарлықтары маған таныс. Олай болса, керек адамдарды өзім таңдап аламын.
Әйел, сірә, шал күйеуіне ерке болуы керек, одан рұқсат сұрамақ түгіл, бұрылып та қараған жоқ. Мінбеден жас қызша секіріп түсіп, бүкіл денесін ырғалта қозғап, аяғын кербездене басып, біздің алдымыздан түрлерімізге жүгірте көз тастап өте берді. Қаншық иттің соңынан жүрген. көп төбеттей, офицерлер оның соңынан шоқтана жүріп келеді. Графиня Хауассидің көзі ең алдыменен Садыққа түсті. Садық өзгелеріміздей тақа жүдеу емес (оның қолға түскеніне бір айдан жаңа асыпты) және Ақбаян секілді көрікті болатын. Ұзын бойлы, екі иығына екі адам мінгендей кең жауырынды, әдемі қыр мұрындау, ақ құба, қара шашты жігіт еді. Дене шынықтыру ойынымен бала жастан көп шұғылданғандықтан, жалпы дене құрылысы көз тартарлықтай сымбатты.
— Азиаттың қайсысың?— деді оның жанына таяу келіп графиня.
— Қазақпын.
— Ә...ә! Жылқы баққан тағы ұлттан екенсің ғой. Білем. Маған атқосшылыққа лайықсың. Былай шық.
Садықтың шықпасқа амалы бар ма, маған «не істеймін» дегендей бір қарады да, ынта көрсете алға шықты.
Сірә, бірінші таңдағаны көрікті жас жігіт болғанынан қымсынды ма, әйел енді менің оң жағымда тұрған жирен сақалды бүкірейген орыстың (өзгеміз Митрей ағай деп атайтын) шалының жанына тоқтады.
— Ит ұстап көріп пе ең?—деді оған,
— Ит әр түрлі болады ғой...
— Ә... сол иттердің бірі өзің секілдісің.— Офицерлер әйел сөзіне мәз-мейрам болып күлісіп алды.— Жарайды, әз бауырластарыңның асына тақа қиянат істей қоймассың. Былай шық.
«Митрей ағай» қып-қызыл боп намыстанып қалса да, аяғын сылбыр басып амалсыз алға аттады.
Енді Хауасси қара торы келген, үлкен қара көздері ұшқын атқан, жұрттың бәрі «Мишка цыган» деп атайтын, тіпті жүдеу, тарамыс денелі, он алтылар шамасындағы жетім цыган баласының қасына келіп тоқтады.
— Цыгансың ба? Еврейсің бе?—деді.
Бала, сірә, әйелдің қорасын сыпыратын малайы болғаннан гөрі, өзінің серіктерінен айрылғысы келмеген болуы керек.
— Евреймін,— деді.
Әйел зілсіз күлді.
— Цыган екенсің. Еврей болсаң, жаныңды сақтау үшін сөзсіз цыганмын дер едің, былай шық!
Графиня өзіне керек адамдарын таңдап алды да, мінбеге қайта шықты.
— Обер-лейтенант Куппер мырза, өзге тұтқындарды екіге бөліп, әр бөлегін тиісті шахта бастықтарының қолына апарып тапсырыңыз! Бүгіннен бастап жұмысқа шығатын болсын!—деді.
...Сөйтіп біз осы күннен бастап, орыс нанын жеп, Москвада университет бітірген, орысша мүлтіксіз сөйлейтін, сұлу жас графиня Хауассидің меншікті құлы болып шыға келдік.
Сол күні шахтаға түстік. Шахта деген аты, қиямет-қайымның нағыз өзі. Бірден жиырма адам сиятын кілеті бар, алты жүз метрлік ескі шыңырау. Забойлардың үсті түсіп кетуге таяу, қисайған. Үстінен басқан салмаққа әзер шыдап шытынап кеткен, қатарласа тізілген тіреуіш ағаштарынан әр басқан қадамыңның қауіпті екені көрініп тұр. Забойлардың кей жері опырылып түсіп кеткен. Қуыстарынан иттей еңбектеп әзер өтесің. Шығатыны — күлі көп қоңыр көмір. Жұмсақ, тиіп кетсең, уатыла түседі. Және көмір желісі сондай тар, көмір опыратын врубмашиналардың жанында басыңды көтере алмайсың, бүкшиіп әзер жұмыс үстеуге болады. Көмір алынған жерді ағашпен тіреушілер жұмыстарын тізерлеп, не малдасын құрып отырып істейді. Ең дозағы суы. Төбеңнен де, жан-жағыңнан да бір тынбай сорғалап тұрғаны. Қайдан ағып жатқанын түсіну қиын. Ақ жауыннан аңның майды, сорғалайды да тұрады. Аяғың астында ойпатты қуалай сарылдаған жылғалар. Судың, бәрі ойпатқа жиналады дегендей, көлбей қазылған кей забойлардың орган беліне дейін су басып кеткен. Жан-жағың бәрі су балшық, вагонеткелерге салатының да балшықтан бірде-бір кем емес су сіңген. қорда тәрізді тас көмір.
Осындай шахтада күніне он екі сағат жұмыс істеу керек. Оның үстіне беретін тамақтары да құр тамақ деген аты. Жылан қарағы жоқ, лайлы қара су тектес бұршақты сорпа. Ішінде бірер түйір сасыған балықтың басы, не құйрығы жүзіп жүреді. Күніне үш жүз грамм балшықтан да ауыр қара нан. Кейде қара суға қайнатқан қабығы тазаланған екі-үш ботташық немесе малға беретін қызылшаның шала піскен ботқасы.
Мұндай тамақпен, шахтаның әлгідей ауыр жұмысына адам түгіл тас та шыдамас еді. Бірақ біз шыдадық. Неміс жұмысы үшін емес, қайтсек те тірі қалып, елге қайтайық деген арман үшін бір сәт жасып, әлжуаздық білдірмедік. Біріміздің титығымыз бітіп, өмірмен қош айтыcap жағдайға жетсек, өзгеміз оған араша түстік. Бір үзім нанымыздан бармақтайын жырып соған бердік. Тиісті үлесін орындай алмай штрафқа ілігетін жолдасымыз болса (штраф — норманы бұрынғысынан да асыра түсіру), оған жарты күректен өз табысымыздан үлес қосып аман сақтап қалдық. Бала әкесінен: «Әке, бұл жоқшылыққа қанша төземіз»,— деп сұрапты-мыс. «Қырық күн»,— деп жауап беріпті әкесі. Бала: «Содан соң?»— дегенде, әкесі: «Содан соң көндігіп кетеміз»,—депті. Адам қандай қиындыққа болса да көндігеді. Біз де аштыққа да, жалаңаштыққа да, ауыр жұмысқа да көндіктік. Жоқ, көндіккен жоқпыз-ау, шыдап бақтық.
Бірақ бүйтіп жүре берсек, ұзаққа бармайтынымызға көзіміз жетті. Өйткені шахта инженерлері бізді аямайды. Көкіректен жанымыз шыққанша бар күшімізді пайдалануға құмар. Біз жарамай қалсақ, орнымызға басқа тұтқындар әкелінетінін біледі. Қанша көмір шығарсаң да, қанша еңбек етсең де, сенің көрерің бір қорлық.
Жоқ, бүйтіп өмір сүруге болмайды дейміз біз. Сонда не істеу керек? Құздан тас құламай, сай тегістелмейді. Өзіміз кіріспей, ешкім де бізді бұл азаптан құтқармайды. Тағдырымыз қара құлып болса, құлыптан кілт мықты, сол тағдырдың — қара құлыптың кілтін табу керек.
Осындай жағдайды жалғыз мен емес, жұрттың бәрі де ойлайтын тәрізді. Байқаймын, құр ойлап қана қоймай, кейбіреуі жол да тапқандай. Мұның белгісі: кей жігіттердің көзінде бұрын мен көрмеген ұшқын, сенім сәулесі пайда бола бастағаны. Үмітсіз адамда мұндай түр ешуақытта да кездеспейді. Үмітсіз адам ауру жеңген кісімен тең. Оның көзін тек қайғы туманы ғана торлайды. Ал біздің кей жігіттердің түр келбетінен, шүңірейіп кеткен көздерінің тесіле қарасынан қайғы тұманынан басқа ерекше сезім аңғарамын. Үміт сәулесін байқаймын... Бірақ маған ешкім ештеңе демейді. Жұрт менен сырын жасыратын секілді. Өз бетіңмен сұрағанмен, айтпайды, сезіктенеді. Сезіктенбеске де амалдары жоқ, өмір өгей анадай тас қабағын түйіп тұрғанында, сыр жасыра білу ең керек қасиет. Қиындыққа шыдай алған адам сыр да жасыра біледі. Ал тұтқындар арасында мұндай адамдардың көп екені де сөзсіз. Айтпаса да, сол адамдардың бір тілекке келгендерін де сезінемін. Бірақ, қандай тілек? Бұл қандай ұйым? Оны кім басқарады? Маған жұмбақ.
Біздің баракта Андрей дейтін бала жігіт болатын. Соғыстың басталған кезінде әскерде жүріп Латвияның Либаво деген портында қолға түскен. Өзі шикіл сары, жұқа өңді, күлгін ерінді, көгілдір көз, талдырмаш жігіттің ақыл-есі дұрыс емес секілді көрінетін. Ат-жөні жоқ ыржыңдап күле беретін. Үстінен түйе жүріп жатса да ренжуді білмейтін. Әлдеқалай ашуланған біреулер кейде оны орынсыз төмпештеп те тастайтын. Сонда да қыңқ етпейтін. Кейбір қомағай, аштыққа шыдай алмайтын адам қолындағы бір үзім нанын тартып әкетсе, жылаудың, не таласудың орнына мазақтағандай оған құр ыржия қарап қала беретін. Орыс жолдастар Андрейдің осындай мінезіне қарай, оны «чокнутый Андрюша» дейтін. Өзімен бірге полкта болған серіктері Андрейдің мұндай мінезін «бомба түскенде, жер басып қалып, әзер қазып алдық, содан. кейін осындай күйге ұшырады» деп түсіндіретін. Қысқасы, бұл бір есі ауысқандау, кім не айтса соны істейтін, жұрттың тәлкегін де, қиянатын да көтере беретін, көзге құнсыз бала жігіт болатын. Сондықтан ба, немістер де бұны адамға санамайтын. Бұл езге адам бармайтын жерге барса, «сен неге бардың» демейтін. Бүкіл тұтқындардың ішіндегі бетінің ауған жағына тарта беретін осы Андрей. Бір барактан екінші баракты кезеді де жүреді... Өз басым бұның қай уақытта тұратынын да білмейтінмін. Егер түнде біреу қысылып су сұраса, жанына тез жететін де осы «Есуас Андрей».. Егер біреу біреуге қиянат істемек болып жатса, өзгелерге хабар беретін де осы Андрей... Әлдеқалай жанжал болып, төбелес шыға қалса да, таяқты ең алдымен жейтін осы бишара бала жігіт. Нан жетпей қалса, тек осыған жетпей қалады. Сонысына қарамай Андрейдің ауырғанын, не шаршап төсегінен тура алмай жатқанын көрген емеспін. Шап-шағын тарамыс денесі аса бір асыл заттан жаралғандай шаршауды білмейді. Бір тыным таппайды. Жұрт оны «есуас» десе де, тегі, жақсы көреді. Алғашқы кездегідей емес, бертін келе Андрейді біреу жәбірлейтін болса, ондай адамды өзге тұтқындар жеп жібере жаздайды, сазайын тартқызады.
Неге екенін білмеймін, өзімнен-өзім жүріп осы Андрейден сезіктене бастадым. Өйткені ол жуып кеткен адам, қанша ренжіп отырса да, кілт өзгере қалады. Бұл әлденені сыбырласа болғаны, ананың жүзінде басқа бір сезім пайда болады.
Бір күні осы Андрей менің де жаныма келді. Жұмыстан шаршап шыққан бетім еді.
— Бауырым, тым қажыдың ба?— деді ол өзгеге естіртпей ыржия күліп.
Қажығандығым соншалық, есуас адамның сөзі болса да жаныма майдай жұмсақ тиді. Сырымды жасыра алмадым.
— Бүйткен қорлықтан өлген жақсы ғой,— дедім.
— Өлуге асықпа,— деді ол бұрынғысынан да ыржия,— өлімнен ерте дүниеде ештеңе жоқ. Және, бәрібір, одан құтыла алмайсың. Құдай өмірді саған қарызға берген, уақыты жеткенде өзі де алады. Ал оған дейін сол өмір үшін күресу керек.
Байқаймын, сөзі жынды адамның сөзіне ұқсамайды.
— Күресу керек екенін өзім де білемін,— дедім,— бірақ қол-аяғың шынжырлаулы жағдайда қалай күресесің?
— Шынжырды кесетін болат егеу де болады...
— Ол қандай егеу?
— Ол — біздің бірлігіміз. Бәрімізге бірігу керек. Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірігіп адасқан артық.
— Ақылды сөз.
— Онда ертең шахтаға түскен соң бір сағаттан кейін, үшінші ылдиға кел. Байқа, бізді сатушы болсаң, өз жаныңмен күні бұрын қоштаса бер!
Өзім іздеп жүргенде, маған Андрейдің сенбегеніне ренжіп қалдым, бірақ сыр бергем жоқ.
Абақтыдағы совет адамдарының достығы, тұтқындардың біріне-бірі сенуі — ол екі ғашықтың арасындағы махаббаттан берік болуға тиісті. Оны бұзу—антыңды бұзудан ауыр қылмыс. Мұны мен де түсінем.
Үшінші ылди—ең сулы жер. Бұл арада көмір жоқ. Бар забойдың суы осы араға жиналады. Ылдидың сағасында суды жоғары шығаратын насос бар. Андрей осы насостың күзетшісі. Насос моторы бұзылып, не болмаса су көбейіп, насос күші жетпеуге айналса, компрессорлар бөлмесіндегі кезекші слесарьға хабар береді. Бар міндеті осы. Үшінші ылдидың жоғарғы жағында бұрын көмір қазылған қараңғы забойлар, штректер көп. Бірақ бәрі де бұзылған, қауіпті және өте сулы. Бұл жерге бір де бір неміс бақылаушы солдаттары келмейді. Қорқады.
Ертеңіне Андрейдің айтқан уақытында осы араға келдім. Қараңғы бір штректе жиырмаға таяу адам жиналдық. Мені насос жанында отырған Андрей осы араға өзі ертіп әкелді.
— Жолдастар,— деді ол «бәрін тегіс жиналдыңдар ма, арамызда жат адам жоқ па» дегендей қараңғыда қолындағы карбит шамын тұрғандардың бетіне қарай тоса бір шолып,— бар бөлімшенің уәкілдері тегіс жиналған екенбіз. Оның үстіне, біздің арамызда тағы да бір жолдас бар. Ол—қазақ. Мен өзім бұл жігітке әбден сенемін. Сенгендіктен ертіп келдім. Біз бүгіннен бастап тек орыс, украин, белорус тұтқындарын ғана емес, басқа ұлттардың да тұтқындарын өзіміздің ұйымымызға тарта бастауымыз керек. Арамызға бүгін бірінші рет келіп тұрған жігітке түркі тілінде сөйлейтін тұтқындарды ұйымдастыруды тапсырсақ деймін.
Шынын айтайын, Андрейдің сөзіне өте қуанып қалдым. Әсіресе, оның маған сенгеніне. Андрей алдымен өзгеден сұрап менің шахтер екенімді біліп алыпты. Өзі де шахтер баласы екен. Маған сенуінің себебі де осыдан ғой деймін. «Жұмысшы табы бірін-бірі сатқан емес, әсіресе оның ішінде шахтерлер»,— деді көп күн өткеннен кейін маған Андрей.
Байқап көргенімде, оның ешбір «есінен ауысқан да», «жынды да» еместігіне көзім әбден жетті. Нағыз ақ жүрек, Ленин комсомолының мүшесі екен. Тұтқындар арасына да неміс әскері басып алған жердегі жасырын партия комитетінің тапсырмасы бойынша өзі тіленіп келіпті. Міне, «есінен ауысқан, Андрейім» осындай адам болып шықты.
Сол күннен бастап біздің «БИС-1» деп аталатын жасырын ұйымымыз неміс тұтқынынан қалай қашып шығып, Совет Армиясына қосылу жолын іздеуге кірісті.
— Әйтеуір, сіздерді ешкім ұстап бермеді ме?— деді бағанадан бері табжылмай тыңдап отырған Бәтима.
— Жыланның қарасы сыртында, адамның қарасы ішінде емес пе, оның өзі бір хикая...
Дәл осы кезде кенет әлдекімнің «Қарындас!» деп айқайлаған даусы шықты.
— Нұржан ғой!—деді Бәтима ұшып түрегеліп,— бишара, тағы қысылып қалды ма!
Нұржан деген машина айдаушы, шеткі бөлмедегі жас жігіт. Арақ ішкен адам өзін-өзі сұлтанмын дейді ғой, арақ ішіп алып машина айдап, жаман аварияға ұшыраған. Тек ешкім өлмей, өзі қатты жарақаттанған. Қазір жазылуға айналса да, кейде түнде өзінен-өзі шошынып оянып, осындай айқайлайтын кеселге ұшыраған.
Бәтима дауыс шыққан бөлмеге жүгіре жөнелді. Мен оны ұзақ күттім. Сірә, Нұржан жағдайы қиын болуы керек, жуық арада келе қоймады.
Менің ойым енді Нұржанға ауды. «Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Адам сол өмірді неге бағаламайды екен? Мынау Нұржан... жап-жас жігіт. Сол жас өмірін қор етердей бұның арақта не шаруасы бар еді? Жоқ жалпы совет адамының арақта несі бар? Ішімдік, ішімдікке салыну — бәрі сонау өткен ауыр тіршіліктің, қалдым емес пе? Патша кезінде жұмысшы адам ішсе — тұрмыстың азабын бір сәт ұмытайын деп ішкен болар. Ал бүгінгі жұмысшыға не жоқ? Қандай күйігін арақпен баспақ? Жоқ, егер билік менің қолымда болса, мен арақ-шарапты шығаруды біржолата тоқтатар едім! Мемлекетке бұның пайдасынан зияны көп. Әсіресе, бұрын дағдыланбаған халықтардың арақ соры. «Қой көрмеген қуалап өлтіреді» дегендей, арақты іше алмағаннан кейін үлкен трагедияға айналуы мүмкін. Өйткені арақ ішу, әсіресе қазақ жастарының арасында көп. Ал болашағың — артыңдағы жас буының бұндай улану жолымен әуестенбей, халықтың келешегі не болмақ?»
Бәтиманы күтіп жатып қалай ұйықтап кеткенімді өзім де білмей қалдым.
Ортада біраз күн өтіп кетті. Ауруханаға кеселі қатты адамдар түсіп, менімен сөйлесуге де Бәтиманың қолы тимеді. Тек бүгін ғана азырақ тылсым тауып, жаныма келді. Бұл аурулардың жатқан кезі еді.
— Қазір жүрегіңіздің соғуы дұрысталып қалды. Енді екі-үш күнде жүре де бастайсыз,— деді ол орындығын менің жаныма қойып жатып,— құдай бұйыртса, бұл аурудан айығып кетерсіз, бірақ өзіңізді-өзіңіз күтуіңіз керек, жүрек кеселі деген аңдаусызда бас салатын жау тәрізді, ойда жоқта ұстай алуға құштар.
Бетіне қарап едім, соңғы кезде жұмысы тым ауыр болғандықтан да, көзі кіртиіп, өңі жуылған шүберектей бозаңданып қалыпты.
— Өзің жүдеусің ғой,— дедім аяп кеткенімді жасыра алмай.
— Менің жүдеу екенімді аңғарғаныңызға рахмет,— ол мұңая күлімсіреді,— жұмыс ауыр болып жүр.
— Ә... ә!— Мен енді өзімді-өзім ұстай алмадым. Көкейкесті арманымды сұрадым.— Ақбаян келген жоқ па?
Бәтима қабағын сәл шытты, сұрағымды ұнатпай қалғанын біліп жатырмын.
— Жоқ келген жоқ.
Енді мен күрсіндім. Менің жүдей қалғанымды бұл жолы Бәтима сезді. Көңілімді жұбатқысы келді ме, ол қабағын ашып, ақырын күлімсіреді.
— Асықпаңыз, көп күттірмес. Қолы босамай жатқан болар. Ақбаян желдей қазір еркін ұшқан бір аққу құс қой!
«Аққу құс Ақбаянның бейнесіне қандай табылып айтылған теңеу. Ол расында да аққу құс емес пе? Паңдығы да, сәндігі де сұлулыққа ынтық сонау құс төресінің бейнесін есіңе түсірмей ме? Оның қоңырқай үні де аққу құстың сырнайдай созылған даусындай жан сезімінде терең жатқан құмарлықты тербетеді! Кербез, сымбатты бейнесі, ақ айдында жүзген құс патшасындай, көңіліңді көк толқын қуанышына шомылдырып, жаныңды бір бітпес арманға жетектейді!»
Қөңіл құрғырда кенет бір күдік пайда бола қалды. «Бірақ сол аққу құстың қайда көктеймін, қайда жүземін десе де, еркі бар емес пе? Бәтиманың: «Ақбаян жеңгей қазір еркін ұшқан бір аққу құс қой!» дегені де соны ескертпей ме? Иә, кім болса да, арман ететін, сұлулықты сүйетін тірі жанның жүрегін қиял шыңына жетектейтін аққу құс! Оның дәл қазір басқа бір қуанышты ақ айдында шаттық нұрына шомылып жатпағанын кім білген!»
Өмірде қызғаншақтықтан күшті сезім жоқ шығар. Әсіресе сен біреуді шын жақсы көрер болсаң! Мұндай жағдайда әркім-ақ Отелло күнәсіне мойын ұсынуы ғажап емес. Қызғаншақтық кейде пәк адалдықты да аңғарттырмайды. Жазықсыз жанды кінәламас үшін тек үлкен жүрек, адал жүрек қана емес, салқын қан, сабырлы ой керек. Оның бәрі бірдей бір адамнан табыла бере ме? Жоқ, табылу керек! Мен орта ғасырдың мавры емеспін ғой, жиырмасыншы ғасырдың адамымын! Жиырмасыншы ғасырда Дездемоналар қандай сирек кездессе (бұл ойға мен Ақбаянның опасыздығын алғашқы естіген күннен бастап-ақ, бекінгем), Отеллолар да сондай сирек кездесуге тиісті. Махаббат бұрынғыдай арманға емес, біздің ғасырымызда тек өмір қызығына айналған жоқ па? Ал өмір қызығын қашан да болса ауыстыруға болмай ма? Бірі қолыңа түспесе, екіншісін іздесең, кім күнәға санайды? Бұны ешкім де күнә демейді. Сондықтан да мен Джульеттадан айырылған Ромеодай, не болмаса Баян сұлуынан айырылған Қозы Көрпештей, Ақбаянымнан айырылдым деп өзімді-өзім құрбандыққа шалған жоқпын ғой. Ақбаянда кеткен қызығымды Татьянадан іздедім емес пе? Рас, Ақбаяннан айырылғанымды естіген сағатымда, махаббат қайғысынан да күшті өмір қайғысы, халық қайғысы жанымды жегідей жеді. Мүмкін сол бір ұлы ауыртпалық менің өз басымның шерін жеңген болар, мені ажалдан алып қалған шығар. Әй білмеймін, сонда да менің замандастарымның махаббатқа деген көзқарасында жиырмасыншы ғасыр белгісі жатқан тәрізді.
Кенет Бәтиманың: «Сіздің костюміңізді Ақбаянның үйінен алдым» деген сөзі есіме түсіп кетті. «Менің өзімді сол үйден әкетсе, костюмімнің онда болуы ғажап іс пе?» Бәтимадан «Сен неге үйдейсің?» деп сұрағанымша ол:
— Сабыр ағай, сіз әнеугі әңгімеңіздің аяғын айтпадыңыз ғой. Мен әдейі соны тыңдағалы келдім,— деді ойымды бөліп кетіп,— әсіресе Садық жайында... Сіз Садықпен содан кейін кездеспедіңіз бе?
Садық! Садықтың атын естісем, осы уақытқа дейін бойым дірілдеп, көз алдымда сол күндердегі ғажайып суреттер елестеп кетеді! Кейде өзімді ұстай алмай қаламын. Көкірегімді ыза, көзімді жас билейді. Бар дүниені ұмытып кетемін. Бәтима менің жаралы жерімді дәл басты. Садықтың аты көз алдымдағы Ақбаянның суретін де, ол жайында қоймақ сұрағымды да естен бірден шығарды.
— Неге кездеспеймін? Хауасси бізден бөліп әкеткеннен кейін, он шақты күн етпей, Садықпен кездестім,— дедім мен,— бірақ оны әңгіме етпестен бұрын, әнеугі өзім айтқан жалпы жағдайға азырақ тоқтап кетейін...
— Жақсы, Сабыр аға...
— Әр бөлім бастығы өзі сенетін жігіттерден топ жинамақ боп келістік. Маған қазақ, езбек, қырғыз, түрікмен туысқандардың басын қосу тапсырылды. Әр топтың арасында саяси үгіт жұмысы жүргізіліп, ұйым мүшелерін күреске шынықтыру керек дестік. Түпкі мақсат бұл арадан қашып, өз әскерімізге қосылу. Бірақ күр ғана өз басымызды құтқару емес, жаудан кек ала кетуді міндет еттік. Жыланды басар болсаң, құйрығынан емес, басынан бас. Өш алғың келсе, жауыңның ең жанды жеріне қанжарыңды сұқ.
Көп кешікпей біздің шахталар көмір беретін ТЭЦ-тің не үшін жұмыс істейтінін білді. Жоқ, біздің ТЭЦ тек шахтадан көмір өндіру үшін ғана жұмыс істемейді екен. Осы қаланың маңындағы жер астына салынған «фауст-патрон» шығаратын құпия заводқа электр күшін береді екен. Ал бұл кез «фауст-патронның» жаңа шыға бастаған кезі еді. Алғашқы уақытта оның қандай қорқынышты күш болғаны бәрімізге де мәлім. Біз енді осы заводқа нәр беріп отырған ТЭЦ-тің күлін көкке ұшырып, жоқ етіп қашуды мақсат еттік. Ол үшін не керек? Ең алдымен аммонит не динамит секілді тас жарғыш, көптеген от-дәрі табу керек. Оны қайдан аласың? Жаңа забойлар, штрек, ылдилардағы қатты тау жынысын жарғызу жұмысын жүргізетіннің бәрі немістер. Бұндай жауапты істі тұтқындарға істеуге сенбейді. Ең алдымен біздерге осы жұмысшылармен байланыс жасау керек. Олармен тіл тапсақ, ар жағы жеңіл. Тіл таба алсақ, мысқылдап, қасықтап, бір патрондап осы оқ-дәріні бір қауіпсіз жерге жинамақпыз.
Оқ-дәріні табу қандай қиын болса, оны сым темірмен қоршалған, төрт бұрышында пулеметті, прожекторлы күзет тұрған ТЭЦ-тің ішіне кіргізу одан асқан қиын. Біздің бұл ойлағанымыздың бәрі бос қиял, орындалмайтын арман тәрізді. Бірақ қиялсыз, армансыз адам баласы өмір сүре ала ма? Біз де өмір сүре алмадық, осы бұлдыр қиялдарымызды орындауға кірістік.
Сол жиналған күні, ең алдымен бұдан былай қарай ұйым жұмысын, арамыздағы байланысты аса құпия түрге айналдыратын болдық. Бес топ бастығы бір адамға бағынады. Оны өзге топ бастықтары білмейді. Әлгі топ бастықтары бағынатын адамдардан тағы да үш бөлімше құрылып, әрқайсысы тағы да бір адамға бағынады. Оларды да өзгелеріміз білмейміз. Білетініміз — тек өз бастықтарымыз. Бұл бөлімше бастықтары жиналып штаб құрады. Ол штаб үш адамнан тұрады. Штабтың бастығын да тек осы үш адам ғана біледі. Міне, осындай тәртіп орнаттық. Бір топ әлдеқалай әшкерелене қалса, өзге топтың қауіпсіз болуын ойладық. Ал мұндай ұйымдастырудың өзгелер біле алмайтын тағы бір тетігі бар. Штаб құру, штабтан үш топ бастығына бір адам белгілеу, олардың өзінің қарамағындағы бес топ бастығын дайындау және осы бес топтың бір бастығын тағайындау — бәрі төменнен жоғары қарай сайлау ретінде емес, жоғарыдан темен қарай белгілеу ретінде етпек. Бұл әдіс бойынша кімнің қай топта, кім кіммен байланысты екенін тек ез міндетіне тиісті адамдар ғана біледі. Олар да өзгелерді білмейді. Бірақ бәріміздің де білетін бір-ақ адамымыз бар, ол — Андрей. Барлығын ұйымдастырып, бәрін байланыстырушы — Андрей. Ал штаб бастығы кім? Андрей ме? Оны тағы біз білмейміз. Қысқасы, жалпы ұйымдастыру жұмысы осылай болып бекітілді. Сонымен қатар көзге түсіп қалмас үшін бұдан былай қарай бас қосып жиналмайтын болып уәделестік. Бар байланысты Андрей арқылы ғана ұстап тұратын болдық.
Осындай уәдеден бес күн еткеннен кейін, забойда оңашада Андрей кездесіп қалды да, менімен қатарласа жүрді.
— Сабырка,— деді ол сыбырлай сөйлеп,— кісілеріңді тезірек ұйымдастыр. Үшінші ылдидан ТЭЦ астына апаратын забой қазбақпыз. Ол забойды жүргізу сендердің адамдарыңа тапсырылды. Біздердей емес, неміс күзетшілері сендердің түстеріңді дәлдеп тани алмайды. Оларға бәрің бір түстес азиатсыңдар. Және сендерден тақа қауіптене қоймайды. Ондай жер астымен жүретін құпия жол қазады деп ойламайды. Ал саған да күнде үш адамнан бөліп тұру қиынға түспейді. Өзгелері олардың тиісті нормасын орындап тұрса болғаны...
Үшінші ылдидан ТЭЦ тұрған жердің қашықтығы алты жүз метрдей. Әр сменада үш адам Жұмыс істесе (біреуі жер қазады, екеуі топырақты тасып Андрей насосы тұрған ылдидағы суға төгеді), бір тәулікте төрт метр жер қазуға болады. Сонда бір жұмысты бес айда бітіруіміз керек. Андрей маған бұл сезді айтқан күні менің тобымда жиырма кісі бар еді. Қазақ, қырғыз өзбек... Бәрі де сенімді адамдар. Соғыста қолға түскен жас жауынгерлер...
— Біз тапсырманы орындауға дайынбыз,— дедім мен. Устав бойынша әр топта қанша адам бар және олар кімдер екенін топ бастығынан бөтен ешкім білуге тиісті емес.—Ал от-дәрі табылатын түрі бар ма?
— Шошқаны орыс текке семіртпейді,— деді сырын ашпай, күлген болып Андрей,— от-дәрі табылмайтын болса, жер астына ор қаздырып не жынымыз бар? Оқ-дәріде шаруаң болмасын. Ол — басқалардың міндеті.
«Кімнің міндеті?» деп мен сұрағам жоқ. Устав бойынша өз шаруамнан бөтен іске менің қатынасуым тәртіпті бұзу болып табылады.
Әйтсе де, бұл іске маған қатынасуға тура келді.
Садық бізден бөлінгеннен кейін көзге түспей кеткен. Әркімнің өз зобалаңы өз басында болып, мен де оны іздей қоймағам. Сұрастырып көріп едім, сол Хауасси ханумның ат айдаушысы көрінеді. Өзі және сол графиняның ақ тастан қаланған әдемі үйінің астыңғы қабатында тұрады деседі. Маған көрген адамдар: «Тіпті тұтқынға ұқсамайды, түрі де, киімі де өзгерген. Сірә, графиняға ұнаған болуы керек, арғымақ жеккен тарантасының көзеліне тек соны ғана отырғызады»,— дейді. Мен аң-таң қалам. «Бұлай болуы неліктен екен?—деймін ішімнен.— Әкесі конфискеленген бай баласы екені есіме түсіп. Садық графиняға шын жүрегімен қызмет істей бастағаны ма? Әлде Мәскеуде университетте оқыған неміс әйелінің адамгершілік сезімі оянып, оған жан ашырлық істеп жүр ме? Совет университетінің тәрбиесі, қанша қас болса да, оның сезімінің оянуына себепкер болған шығар? Неміс әйелі дегенмен де, әр нәрсеге көңілшек келетін заты әйел ғой, аяды ма екен?»
Осындай ойда жүргенімде бір күні кешке таман шахтадан шаршап шығып келе жатқанымда, контордың жанына графиняның ақ боз арғымақ жеккен жеңіл тарантасы келіп тоқтай қалды. Үстіне буырыл түлкі шолақ ішік киген Винтер ханум тарантастан секіріп түсіп конторға кіріп кетті.
Мен өтіп бара жатыр едім, арғымақ жанында тұрған адам:
— Сабыр, мына телеграф бағанасы тұсына келіп дәрет сындырған адам боп сәл кідір,— деді.
Дауысынан Садық екенін тани кеттім. «Конфискеленген байдың баласы нәсіліне тартып кетті ме» деп көңіліме секем алып жүрсем де, жастай жолдас болғандықтан ба, сөзін қимадым, айтқанын істеп, бағана жанына барып тұрдым. Қара көлеңке кез еді, әйтсе де байқап қалдым, үстінде шолақ қара тоны бар. Жағасы — басындағы құлақшыны тәрізді көгілдір елтірі. Аяғында — қара құрым етік. Өзінің онысыз да сұңғақ бойына бәрі де жараса қапты. Бұрын екі ұрты суалып тұратын бозғыл беті де толықтанғандау, көзіне де нұр пайда болғандай. Мүмкін, жүдеп жүрген маған солай көрінген шығар, әйтеуір, бұл бұрынғы тұтқын Садық емес.
— Сабыр,— деді ол дауысын сәл қаттырақ шығарып, теріс бұрылып кетіп қазақшалап,— дұрыстап тыңда, біздің тілімізді ешкім түсінбейді, әйтсе де сақ бол... Осы өзің тұрған жерден он екінші бағананың тұсындағы ескі шахтаның терриконын көріп тұрсың ғой. Сол арадан күнде мен таң ата аттарды суаруға айдап өтемін. Ал ертеңнен бастап сол он екінші бағананың тұсына, терриконның төменгі етегіне, топырақтардың арасына сендерге арнап ат Дорба тығам. Ішінде шошқа майы, шұжығы, қорытқан сүт секілді тағамдар болады. Және арнаулы хат жатады. Шамаң келсе өзін, әйтпесе сенімді біреу кешкі мезгілде терриконнан шай қайнататын көмір терген болып барып алып жүріңдер. Хатта қандай жағдайда жүргенімді оқырсыңдар. Қош бол,— деді де, өзі конторға қарай жүре берді.
Сенерімді де, сенбесімді де білмей, дәрет алып болған адамдай, ұзап бара жатқан серіктерімнің, соңынан л дымдай жөнелдім.
Біз жатқан баракта үсті шойын, төрт бұрышты шағын кірпіш пеш бар. Тұтқындарға осы пешке шай қайнатып ішуге рұқсат етілген. Бірақ көмірді жол бойынан, не террикондардың өздері жинап әкелуге тиісті. Жан-жағы сым темірмен қоршаулы болғандықтан, алғашқы кездегідей емес, казарма мен шахта ортасында бізге бос жүруге рұқсат етілген. Даладан көмір теріп әкеп, ертеңгі пешті жағу менің кезегім еді. Садықтың сезіне сенерімді де, сенбесімді де білмеймін. Бірақ ат суаратын өзеннің біздің шахтаның ар жағында екені анық. Оған бару үшін тұтқындар қоршауын сырттай ету керек. Ал төте жол біздің алаң арқылы. Дегенмен Садық сөзіне нанғым келді. «Кім біледі, итке сүйек тастап алдағандай, бізге тағам беріп, сырымызды білгісі келіп жүр ме» деп те қауіптенемін. Әйтсе де «бірге ескен жолдас едік қой, өйте қоймас» дей берем. «Жоқтық не дегізбейді, аштық не жегізбейді», топырақ астында үйіліп жатқан тағам бар деген соң, ешкімге айтпай, ертеңіне беймезгіл күн батар-батпас кезде қапшығымды алып Садық меңзеген терриконға бардым. Біраз көмір жинап, ымырт үйіріле бағананың жанына келдім. Айтқан жерден сұлы салатын ат дорбаны таптым. Іші толы әр түрлі тағам. Бір жапырақ қағаз бар. Қағазды қалтама салдым да, дорбаны көмірдің арасына тығып, қапшығымды арқалап баракқа қайттым. Андрей екеуміз ақылдасып тамақты ауру, не болмаса тым жүдеп кеткен көтерем жандарға бөліп бердік. Хатын қазақша жазған екен, былай депті:
«Сабыр! Қандай күйге іліккенімді өзім де білмеймін. Тамағым тоқ киімім көк. Графиняның ойы маған. әзірге белгісіз. Демек, ол маған әйелдік тұрғыдан қарайтын тәрізді. Немістің еріккен қаншығы мен секілді «тағы» халықтың жігітіне нәпсілік оймен құмартуы да ғажап іс емес. Мүмкін, осындай ойы болуы керек, маған өте көңіл бөлуде... Өзінің жеке меншікті ат айдаушысы етіп алды. Өзгеден гөрі асханадан маған асты да молырақ бергізеді. Менің жататын жерім жеке. Графиняның ұйықтайтын бөлмесінің дәл астында... Байқаймын, төбемде қиюын тауып жымдастырып тастаған жоғарғы бөлмеге шығатын тесік бар секілді. Сірә, үстінен жабылады-ау деймін.
Бір күні сол тесікті ашып, «жоғары шық» демесін кім біледі? Ал графиняның үйіне кіретін өзге есік-терезесінің бәрі күзетте. Адам баласы оған рұқсатсыз бас сұға алмайды. Өзі де бір кесіп алсаң қан шықпайтын қатыгез әйел секілді, бірақ менімен тым сыпайы, кейде әзілдескен де болады. Түбі менен еркектік тілеп қалса, не істеуім керек? Халқыңды қырып жатқан көп жендеттердің бірінің жезөкше әйелінің төсегіне жатудың езі кешірілмес күнә емес пе? Ондай күн туатын жағдай болса, мен оны буындырып өлтірем... Мейлі, сосын немістер не істесе соны істесін. Ақылыңды айт.
Мынау тағамдар көптен бері жасырын жинағандарым. Күнде бұндай бола бермес. Әйтсе де, қолдан келгенше сендерге жәрдем беруге бармын. Мынаны оқып шық та, жыртып таста»,— депті.
Мен хаттың мазмұнын Андрейге түсіндіріп бердім де, жыртып тастадым. Ол көп ойланып отырды да:
— Сен оған сенесің бе?—деді.— Хатына қарағанда, адал жан секілді.
Мен Садықтың кім екенін түсіндірдім де, өз ойымды айттым.
— Түріне қарасам, қайғыдан азап шегіп жүдеп жүрген адам секілді емес, кеудесі көтеріңкі, ал хатына қарасам, алдамайтын тәрізді.
— Оған ондай жағдайда кеудесін көтеріңкі ұстамасқа да болмайды,— деді Андрюша, сосын тағы да ойланып отырып қалды. Біраздан кейін барып:— Қайткен күнде де бұл жігіт графиняның айтқанына көне берсін,— деді,— бұлай істеуі бізге керек. Егер жүрегі таза болса, дене кірін жуып кетіруге болады ғой. Тек жүрегі кірлі болмасын. Ал оның жүрегін сынауға әлі уақыт бар. Тек өзіне берік болсын.
Садыққа хат жазуға қорықтым. Хабарласудың басқа жолын таба алмадым. Сөйтіп жүргенде бір күні моншада кездесіп қалдық. Бар ойымызды айттым. Содан кейін арамызда байланыс үзілді. Мүмкін, Садық бірдемеден сескенген болар, мүмкін, менің ойымды білгеннен кейін, бойын аулақ ұстауды дұрыс көрген шығар. Демек, оған ашық жауап қайтарғаныма өкіндім. Садықтың шын ойын кім біледі?.. Әлденеге сескене бердім. Бірақ Садық күнде болмағанмен де күн ара, кейде екі-үш күн өткен соң сол уағдаласқан жерімізге тамақ тығып кетуін тастаған жоқ. Кейде ол аттарын түнде, кейде таң сәріден суаруға апарады. Әйтеуір амалын тауып тастап кетеді. Қолға ұстаған, не аттың мойнындағы жем дорбада не барын кім ойлайды? Кім сезіктенеді?
Осылай бір айдай уақыт өтті. Біздің жасырын қазып жатқан тар забойымыз да ТЭЦ-тің астына жақындап қалды. Артынан барып білдім. Андрюша немістің от-дәрі атушы екі жұмысшысымен танысып, көп кешікпей тіл тауыпты. Сол жұмысшылар арқылы үшінші ылдиға жақын жердегі бір адам білмейтін үңгірге біраз аммопотты тығып үлгіріпті. Бұл жұмысшылармен ол Бейлис дейтін еврей тұтқын жігіт арқылы сөйлесіпті. Бейлис неміс жұмысшыларының жарылғыш от-дәрі жинап беруге уәдесін алып бергені болмаса, одан бөтен ештеңені білмейді. Ол оқ-дәріні қайтеді, қай жерге сақтайды, бәрінен де хабарсыз болады. Бұл біздің уайымның жұмысты қалай жасырын жүргізетінін көрсетеді. Әркім тек өзінің ғана міндетінен бөтен ештеңеде жұмысы жоқ. Бейлис те соның бірі еді.
Осы күндерде жоқ жерден моншада Садықпен тағы кездесіп қалдым. Ол жеке номерде жуынып шыққан екен, мен жалпы залға кірмекші болып тұр едім, далаға шығып бара жатып, мені көріп, кілт тоқтады. Ымдап жанына шақырды. Есік алдында тұрған неміс автоматшысы адырая бір қарады да қойды. Өйткені бұл кезде Садықтың графиняның «жеңілдік берген ат қосшысы» екені бүкіл шахта комендатурасына аян болып қалған. Және жерлес екі тұтқын адамның әлдеқалай кездесіп сөйлесуінде қандай айып бар? Неміс солдаты мүмкін осылай ойлаған шығар, мүмкін «сөйлессе сөйлессін, артынан комендатқа жеткізермін» деген болар (комендантымыз баяғы обер-лейтенант. Ол бір қаныпезер қатаң кісі болып шықты), әйтеуір, бізге қайтадан адырая тағы бір қарады да, бұрылып кетті. Садықтың қасына келдім. Үстіндегі киімі тәп-тәуір, бірақ екі ұрты суалып жүдеп кетіпті. Кезінде қайғы бұлты көрінеді. Құшақтасуға солдаттардан қаймығып, біз қол алысып амандастық та қойдық. Содан кейін Садық маған бірден:
— Сабыр, шыдай алатын емеспін, қашайық,— деді.
Оның оқыс айтқан сөзі мені шошытып жіберді. Бірақ өзгеге сыр бермей:
— Неге үйдейсің?— дедім ақырын сөйлеп.— Бізге қарағанда сенің халің...
— Менің халім сендердікінен мың есе жаман.
— Не болып қалды?..
— Отыр. Айтайын.
Екеуміз барып есікке таяу қойылған орындыққа қатарласа отырдық. Садық тағы күрсінді.
— Шаруа саған жазған хатымдағыдай болып шықты,— деді ол басын төмен түсіріп,— немістің соятын қабанды семірткендей графиня мені текке күйлендіріп жүрген жоқ екен. Сенің: «Айтқанына көне беру» деген кеңесіңді алғаннан кейін, бір жегі өткен соң, бір күні түнде өзім сезіктеніп жүрген төбемдегі тесік ашылып, жерге баспалдақ түсірілді. Хауасси:
«Қорықпа, Садық жаным,— деді төмен қарап күлімсірей,— жоғары шық». Тілінің сәл күрмелуінен ішіп алғанын білдім. Бір ретте «шықпасам қайтеді» деп те ойладым. Бірақ оған құдірет бар ма? Және сенің де берген ақылың есімде болатын...
— Иә, сосын?— дедім мен «біз ақылды, сірә, дұрыс бермеген секілдіміз-ау» деген күмәнді ойға келіп.
— Амал жоқ, жоғары шықтым. Бұрын мен графиняның әр түрлі сылтаумен басқа бөлмелерінде болғанмын. Бірақ жататын жерін көрген емеспін. Әрине, ондай салтанатты бөлмені бұрын сен де, мен де көрген жоқпыз. Алтындап тастаған кең сарай. Бүкіл еденін алып жатқан, түгі екі елі парсының қызыл кілемі. Қай жаққа қарасан, да айна. Терезелері сәуле түспес етіп қалың көгілдір жібек пердемен қымтырылған. Төрде екі кісі түгіл төрт кісі жатса сиятын өрнекті ағаш кереует. Үсті ақ мамық құс төсек. Теңдей-теңдей үлбіреген құс жастықтар. Үйдің ортасында үлкен дөңгелек үстел, үстіне шашақты қызыл барқытты гүлмен әшекейленген дастарқан жабылған. Дастарқан үсті толған тағам. Құс еті дейсің бе, сиыр тілі керек пе, сорт-сортқа бөлініп фарфор ыдыстарға салып қойылған. Мойындары ұзынды-қысқалы бірнеше шарап, коньяк толған шишалар. Стол жанында екі-ақ орындық. Осындай жағдайдың үстіне кеудесі мен қара санын аппақ етіп көрсеткен, денесімен дене болып жабысқан тоқыма іш көйлек киген әйелді қос. Отыз бестен асып бара жатса да денесінің сұлулығын көрсең! Қазақ он әйелдің тоғызы киімімен сұлу көрінеді дейді ғой. Бұрын Хауассиді мен киімімен, боянуымен көрікті көрінетін, шығар дейтін едім, ал бұл жолы ол ойымнан қайттым. Жұмыртқадай аппақ мойны мен жұп-жұмыр иығын қызғылт алтын жирен көмген, ақ мрамордан құйылғандай аппақ денелі сұлу әйелді көріп, таң қалдым. Бұрын орыс ертегілерінде «Русалка» дейтін су перілері — сұлу әйелдер болады деп еститінмін. Хауассиді де соның бірі екен деп қалдым. Оның жүзі де күндізгісіндей емес, өзгеше. Бетінде адамгершілік сазы, көзінде өзгеге деген бір пәк күнәсіз айрықша сезім бар. Жоқ, дәл сол сағатта ол жүздеген совет адамдарын аш, жалаңаш шахтасына түсіріп, мехнатпен ұлы Германиясына көмір шығартып жатқан қан ішер графиня емес, мейірбан жүзді, қайғы мен қасіретті, қуаныш пен шаттықты білетін, ыстық жүректі адал сұлулардың бірі секілденді.
— Бүгінгі күн менің ғана күнім,— деді ол кенет маған қарап,— бұрын осы бүгінгі сегізінші март күні — граф Винтерге деген өшпендігімді, оған арналған мәңгі жібімес тас жүрегімнің қастығып жападан-жалғыз отырып арақ-шарап пен ғана басатын едім. Мас болып, ызадан екі көзімнен жас парлап, оған қарғыс айтатын едім. Ал бүгін сол күнімді жалғыз тойлағым келмеді. Және жылаудан да бас тарттым. Қайғым қуанышқа айналсын дедім. Граф Винтерден бұрын кегімді көзімнен аққан жаспен, сыртынан айтқан қарғыспен алатын едім. Ал бүгін кәрі көкжал қасқырдың көзіне шөп салып шаттанбақпын. Өйткені, Садық, мен сені жанымдай жақсы көремін. Сен үшін бұл дүниеден безуге бармын.— Ол енді екі рюмкаға коньяк құйып біреуін маған созды.— Кәне, екеуміздің алғашқы оңаша кездесу қуанышымыз үшін алып қоялық,— деді.
Мен аң-таңмын. Мұндай жағдайда мас әйелдің көңіліне ұнаған еркекке «сен менің ең сүйерім» деуі ғажайып іс емес. Хауассиға шын ұнайтынымды алғашқы күндерден-ақ сезе бастағам. Ал оның «бүгінгі күн менің граф Винтерден кек алатын қастандық күнім» дегеніне түсінбей тұрдым. «Бұл қай сөзі? Өз байына өзі неге қастанды болады? «Жоқ, бұнда бір сиқырлы жағдай бар. Садық, мынау әйел қанша сұлу болса да, сиқырлап сені қақпанға түсіргелі тұрған қасқыр! Байқа! Ол жауыңның әйелі. Өзі де жауың Ақ жүрегіңді аңдамай қаралап алма!»— деймін мен ішімнен.
Менің қозғалмай қатып қалғанымды көрген графиня ашуланғысы келді ме, ыза ұшқыны пайда болған көзін маған кенет қадай қалды. Бірақ сол минутта ызасы өшіп, бұрынғы күйіне қайта енді. Ол енді төмен қарап, жасқа булыққан дауысын дірілдете сөйледі.
— Байқап тұрмын, Садық, сен менің сөзіме түсінбеген секілдісің,— деді ол күнәсіз сұлулардың кейпіне көшіп,— тірі жанға айтпаған сырым еді, саған айтайын, тыңда...
Жау сырын білуге қандай совет адамы қарсы болады.
— Айтыңыз, тыңдайын,— дедім.
— Менің әкем жай шаруа еді. Москва университетін бітіріп келген жылы өзімнен отыз жас үлкен, жақында ғана жесір қалған осы граф Винтерге күйеуге берді. Совет елінде әйел бостандығын көріп келген жиырма бір жасар қызға бұдан артық зорлық болар ма, бірақ капитализмнің заңы басқа, амалсыз шықтым. Оның үстіне, басқа да себебім бар еді. Москвада жүргенде мен Иван деген жігітті жақсы көріп қалғанмын. Содан екі қабат болғанымды Германияға келген соң бір-ақ білдім. Амал жоқ, Винтерге күйеуге шығуға тура келді. Жеті айдан кейін босандым. Винтер бала өзінікі емес екенін ұқса да, граф атына кір келтірмес үшін, «менің Хауассиім шошынып, баламыз ерте туды» деп үлкен той жасады. Баланың атын Карл қойды. Бірақ оны өте жек көрді. Гитлер үкімет басына келер жылы Карл үште болатын. Граф Винтер бірден фашизм үстемдігіне бас ұрды...
— Ал сіз ше?
— Мен фашизмді өте жек көретінмін. Бірақ бүкіл Германияны басып алған долы мұхитқа қалай қарсы тұрасың? Іштей жек көрсем де, амал жоқ фашизмге көнуге тура келді,— әйел кенет тоқтай қалды да, жаңағы үзіліп қалған әңгімесіне қайта кірісті,— мәселе мен жайында емес, граф Винтерді неге жек көретінім жайында еді ғой...
— Иә, мәртебелі графиня...
— Мені оңашада графиня деме, Хауассиім де,— деді әйел күлімсірей,— маған сүйдесең ұнайды... Ту, тағы бөтен жаққа бұрылып бара жатқанымды қарашы. Жаңа айттым ғой, Гитлер үкімет басына келетін жылы Карл үште еді. «Сұмырай келсе, су құриды» дегендей, сол жылы бұл жақта егін шықпады. Онысыз да бұл арада көп көр тышқандар, саршұнақтар бұрынғысынан да көбейе түсті. Әр жерде аштықтың, жетіспестіктің белгісі көріне бастады. Біздің шахтаның жұмысшылары не қыр көрсетіп көтеріліске шықты, не болмаса Польша, Чехословакия шахталарына қашты. Осындай ауыр жағдайға қарамай, граф Винтер өзінін туған күнін тойлады. Оның туған күні осы бүгінгі жетінші март күні болатын. Үйге бірталай қонақ жиналды. Жұртқа аштық болғанмен, национал-фашист офицері, бірнеше шахта иесі граф жоқшылықты біле ме, тағам, арақ-шарап өзендей ақты. Жұрт қызып алып «Хайль Гитлер» деп жындана бастады. Қызған жұрттың желігі әсер етті ме, жайшылықта тақа үндемейтін үш жасар Карл жын ұрғандай мазасыздана қалды. Біресе үлкендерді мазақтап «Хайл Гитлер!» деп айқай салады, біресе көшеде көтерілісшілерден естіген сөзі «Жойылсын Гитлер!» деп бақырды. Қой десек, одан сайын өшіге түседі. Онда біз бөтен үйде тұратынбыз. Ызаланған граф баласының «Гитлер құрысын!» деген сөзінен қорықты ма, қолынан ұстады да, менің қарсылығыма қарамастан, ауыз бөлменің астындағы қараңғы подвалға апарып қамап қойды. Су қараңғы подвалдан бала түгіл, үлкеннің өзі қорықпай ма,«Мама! Мама!» деп құлындағы дауысы құраққа шықты. Сондағы шыңғырған үні әлі құлағымда тұр. Подвалды ашып баламды алайын десем, онысыз да Карлды жек көретін қатыгез, ішіп алған граф көнбеді. «Қараңғыда отыра тұрсын. Оған сол керек»,— дейді. Гитлердің туын көтерген мас штурмовиктер бала бақырған сайын күле түседі. «Біздің келешек солдаттарымызды әкелері осылай тәрбиелеуі керек. Сөйткенде ғана олар ер жүрек болып еседі! Онысыз бүкіл жер шарын басып ала алмаймыз!»— дейді.
Карл қараңғылыққа үйренді ме, әлде айқайлай-айқайлай шаршады ма, бір жиырма минуттен кейін әбден дауысы шықпай қалды. Мен баламды жаман аяп кеттім, енді шыдай алмадым, күйеуіме подвалдың есігін ашқызып, Карлға «Енді шығуыңа рұқсат!» дегіздім. Баладан жауап болмады. Бұл ұйықтап қалды ма деп, дереу шам әкелдіріп, қараңғы үңгірге жарық түсірдік. Карл жоқ. Тек сүйектері ғана жатыр. Жаңа айттым ғой, сол жылы онысыз да мол көр тышқан бұл араны басып кеткен еді деп. Жер астына түскен жас баланы аш көр тышқандар талап жеп қойыпты. Карлдың «Мамалап!» соншалық шыңғыруы да содан екен! Бишара нәресте көр тышқандар талап жатқанда шыңғырмағанда не етсін! Міне, менің орыстан пайда болған баламның өлген күні — осы граф Винтердің туған күні. Бұл күнді неге менің бұлай тойлайтыныма енді түсіндің бе?
Графиняның айтқан сөзіне жаным жаман түршікті. Мен енді оның еріне деген қастығын да түсіндім. Жалғыз баласы анандай болып өлген ананы аяп кеттім. Оны жұбатып, көңілін аулағым келді. Бірақ Хауассидің көзінен жас көрмедім. Ол қолындағы рюмкасын маған ұсынып:
— Бұған он. жылдан асып кетті ғой,— деді күлімсіреп,— өткеннің қайғысын ойлағанша, бүгінгінің қуанышын ойлайық. Кәне, алып қой!
Мен жаңағы шыңғырған баланың дауысынан құтылғым келгендей, ештеңені ойламастан рюмканы қағып салдым,— деді Садық.— Жоқ, рюмка емес-ау, графиняның ұсынған рюмкасын стол үстіне қайта қойып, жуан қарын шишадан қырлы стаканға коньякты толтырып алдым да бір-ақ тарттым. Өйтпесем болар емес, жаңағы баланың дауысы дәл сол мезетте шығып тұрғандай, ен бойымды дірілдетіп әкетіп барады.
Әңгімемді тоқтатып, енді бағанадан бері қатпай үндемей қалған Бәтиманың бетіне қарадым. Қарасам, ол көзінен мөлдір жасы бұршақтай ағып жылап отыр.
— Бәтеш, бұның не?—дедім сасқанымнан.
— Япырмай, әлгі графиняның қаттысын-ай,— деді ол жасын сүрткен болып,— бұл уақиғаның өткеніне бәлен жыл болса да, құр әңгімесін естіген мен шыдай алмадым. Ал ол әйел, баласы сөйтіп ажал тапқан күні еркек шақырып...
Бәтима жасқа булығып сөзін аяқтай алмай тоқтады...
— Әйелдің шын қаттылығын біз соңынан көрдік.
Бәтима жасын сүртіп, сәл өксігін басты да, маған қарады.
— Иә, сосын?..
— Сосын не болушы еді,— дедім мен,— сен Мұхамбет пайғамбардың неге мұсылманға шарап ішуге рұқсат етпейтінін дәлелдеген әңгімесін естігенің бар ма?
— Жоқ.
— Ұлы сөзде ұят жоқ, естімесең, мен айтып берейін. Мұхамбет пайғамбардың бір мүриті жолаушылап келе жатып бір сұлу жесір әйелдің үйіне қонуға рұқсат сұрайды. Әйел үш тілегімнің бірін орындасаң, қонуға рұқсат етемін,— дейді.
— Қандай тілек?—деп сұрайды мүрит.
— Не менің өзіммен түнеп шығасың, не мына жеті жасар баламды өлтіресің, не түн ортасына дейін шарап ішіп рақаттанасың,— дейді әйел.
Мүрит ойлап-ойлап ең күнәсізі шарап ішу екен деп соған көнеді. Әйел түнеуге рұқсат етеді. Уәде бойынша мүриттің алдына шарап қояды. Түн ортасына дейін шарап ішкен мүрит мас болады. Мас болған адамда ұстамдық қала ма, ол әйелдің де қойнына барады, жеті жасар баласын да өлтіреді. Міне, сол себептен күнәнің ен үлкені арақ-шарап деп Мұхамбет пайғамбар мұсылманға ішімдікке рұқсат етпеген-міс. Әйелді аяған, біздің ақылымызды есіне ұстаған Садық, бір стакан коньяк ішкеннен кейін, Хауассидің дегеніне көнеді... Сол түнін бірге өткізеді. Бір түнге бір түн жалғаса береді. Садықтың маған моншада кездескен кезі оның осындай жағдайда жүрген кезі екен.
— Хауассидің қолына қалай түсіп қалғанымды өзім де білмеймін,— деді ол сыбырлай сөйлеп, күзетші солдат бізден тағы да әрірек кеткен кезде,— мені шын жақсы көретін тәрізді. Оңашада махаббатыма бір тоймайды. Ал менің арым жанымды жегідей жеп барады. Жау адаммен дос болу — халқың алдында кешпес күнә. Ал графиняның біздің халқымызға жау екеніне шек келтіруге болмайды. Мұндай күнәні мен енді көтеріп жүре алатын емеспін. Бір күні оны бауыздап өлтіруім сөзсіз. Онда оның өшін, немістер тек қана менен алмайды, сендерден де алады. Сондықтан маған қалған жалғыз жол — қашу,— деді ол тұнжырай.
Садық маған бар сырын ашып салды. Оның бізге ақ екеніне енді әбден сендім. Және неміс графинясымен байланысын өзіне күнә санап әбден жүдеп қалған көрінді, тіпті аяп кеттім.
— Бірақ екеуден-екеумізге қашуға болмайды,— дедім,— бұнымыз құр өз басымызды дозақтан арашалау ғана... Бар тұтқын бірге қашуымыз керек.
— Өзің тұтқында жүргенде өшіңді қалай аласың?..
— Жолы бар.
— Қандай жолы бар?
— Өзің де білесің, осы арада фауст-патрон шығаратын құпия завод бар. Оған электр күшін біз шығарып жатқан көмірмен жүретін мынау ТЭЦ береді. Соны күл-талқан етіп қашуымыз керек. Мұндай әрекет совет азаматтарына лайықты.
— ТЭЦ-ті күл-талқан ететін аммонит пен динамитті қайдан аласың?
— Ганс пен Рихтер береді.
Жарылғыш от-дәрі жеткізіп жүрген неміс жұмысшыларының аттарын атауын атасам да, өзім қысылып қалдым. Менің бұным біздің жасырын ұйымның уставын бұзу еді. Қысылғанымды аңғарған Садық:
— Маған сен,— деді жалынғандай үнмен,— өзге сырыңды айтпасаң айтпа, бірақ бүкіл тұтқындар болып қашуға бел буғандарыңды түсіндім. Ал сонда мен не істеуім керек? Сендерге жәрдем берудің орнына, жауымыздың ерке әйелінің мауқын басып қара бет болып жүре беруім жөн бе?
Өз сезімнен өзім күдік алып қалсам да, Садыққа қайтадан сендім. Кенет маған бір ой келді.
— Графиня Хауассиді сенің сүймейтініңе менің еш күмәнім жоқ. Ал оның сені шын жақсы көретініне көзің жете ме?
— Әйел деген бір кесілмеген қарбыз емес пе, оның іші қандай болып шығарын қайдан білесін. Әсіресе, графиня Винтер секілді сезімі тым нәзік әйелді ұғу өте қиын. Әйтсе де, мені жақсы көретін тәрізді... Солай деп өзім ойлаймын.
— Оған көзің жетсе, Андреймен ақылдасу керек саған.
«Мынау не айтып тұр» дегендей Садық маған таңдана қарады.
— Қай Андрей? Есуас Андрей ме?
Андрейдің атын бер атағанымды енді ұқтым. Бұ да ұстапты бұзу. «Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады» деген осы да. Бірақ енді амал жоқ, шығар сөз ауыздан шығып қалды.
— Иә, сол Андрей.
Садық сенерін де, сенбесін де білмеді. Бір ретте ол «Есуас Андрейге» жұмсап, өздерінің үстінен мені адастырмақ-ау» деп те ойлаған тәрізді.
— Жақсы,— деді ол селсоқ, сөйтті де есікке қарай аяңдады. Мен оны тағы аяп кеттім, бірақ «Тоқта!»дей алмадым. Өйткені жаныма күзетші солдат келіп «Марш өзіңнің орныңа!» деп әкіреңдей бұйырды. Садықпен ұзағырақ сөйлескеніме ашуланып қалғандай. Ал үш күн өткен соң, шахта жанында Андреймен Садықтың сөйлесіп тұрғанын көрдім. Олар не сөйлесті, маған Андрей де, Садық та айтқан жоқ.
Дәл осы күндерде күтпеген бір ауыр оқиға болды: гестапо Ганс пен Рихтерді ұстады. Бізге бұны тұтқындар арасына қайта оралған цыган бала мен Митрей қарт жеткізді. Олар графиня үйін күзететін неміс солдаттарынан естіпті. Бұл хабарды естігенде тұла бойым мұздап кетті.
— Япырмай,— деді Бәтима дауысы дірілдеп,—бишараларды Садық көрсетпеді ме екен?..
Дәл осы кезде көрші бөлмеден:
— Жаным-ай,— деген қиналған дауыс естілді.
Ауыр жараға шыдай алмай жатқан, аяғына тас түсіп бүгін ауруханаға әкелінген жас шахтер еді. Бәтима көзінің жасын сүрте-сүрте дауыс шыққан бөлмеге қарай асыға жөнелді.
Мен ауруханаға түскелі Бәтима туралы осы жолы алғашқы рет ойға қалдым. «Қандай ақ жүрек жан? Біреудің ыңқылы шықса болғаны, соның жанына жетуге асығып тұрады. Дәрі жәрдем бере алмайтын ауруға майда сөзіменен, жұмсақ мінезімен шипа еткісі келеді. Ауырған адамның ең болмаса сөзімен көңілін көтеруге бар. Біреуге ренжу, не өкпелеу дегенді білмейді. Жаралы жанды жас баладай күтеді. Сол үшін де, оны өзгелер де жақсы көреді. Ал мен ше? Мен де осы Бәтиманы ұната бастаған тәріздімін... Бірақ менің ұнатуым өзгелердікіндей қарындасты жақсы көру ме? Өзге аурулардай маған оның беретін дәрі-дәрмегі жоқ. Тек тыныштық қана менің кеселімнің дәрігері. Ал сонда Бәтиманың жаныма көбірек келіп жүруін неге аңсаймын?» Өзіме-өзім қойған осы сұрақтарға жауап бере алмай жатып ұйықтап кетіппін. Түсімде Бәтиманы көрдім. Бұрын тек түсіме Ақбаян ғана кіретін. Бұл қалай?
Бүгін дәрігер маған түрегеліп отыруға рұқсат етті. Осы кезімді күткендей Мысқазғанда жиырма бес жыл қатар кен шығарысқан ескі серіктерім келді. Ең кішісі өзіммен құрдас. Ал үлкендері менен жиырма - жиырма бес жас кәрі. Соның бірі — Ақшалов. Пенсияға шыққанына он бес жылдан асып кеткен. Қаусаған шал. Бір кезде кек тасты құрыш бұрғымен қаршылдатқан балуан кісінің қазір аузы опырайған, мойны қалтақтаған қартқа айналғаны өкінішті-ақ. Бірақ, амал не, кәрілік деген осы. «Жастарға — жол, кәрілерге — құрмет» деп өлең айтады ғой. Ал кәрілік, білгіңіз келсе, әр жерінің жүні қызыл шақа болып түсіп қалған жерінен терімен тең. Қанша құрметтесең де, кәрі серке тас үстінде ойнақтар жас лақ бола алмайды. Тек қартайғанда бала-шағаң, келін-кепшігің, «әй, сен кімсің-әй» деп көзге шұқымаса жетеді, құрметтеу деген осы да. Маған сол да жетеді. Әрине, Ақшаловты көргенде, мен де осындай күйге жетеді екенмін деп зәре-құтым қашты. Жоқ, құрметтелмесең де жас болғаның жақсы. Жастық—өмірдің ең қызулы шоғы. Бұдан көрікті, бұдан қызықты, бұдан құрметті адамның кезеңі жоқ.
Серіктерімнің ішінде, әсіресе, Қайсардың келгеніне қуанып қалдым. Ол менімен түйдей құрдас. Соғыстан қайтқаннан кейін шахтаға бірге түскенбіз. Қайсар өмірі — бір қызғылықты тарих. Күлесің де жылайсың, қуанасың да ренжисің. Жас кезінде көп қиянатты өзінін мінезі арқылы көрген. Қайсар десе қайсар, өз айтқаны болмаса, жұрттың дегеніне көнбейтін бір беткей аңғал. Бұл: «Мен үшін екі шахта бастығы бірдей таласып жүр: бірі жұмыстан шығара алмай, екіншісі жұмысқа алғысы келмей»,— дейтін Қайсар. Оның ауылдан үлкен қалаға келіп жұмысқа түскендегі алғашқы кездері Қожанасыр істеріне бергісіз бір күлдіргі хикаялар. Ең алдымен ол транспорт конторында шанамен шөп тасушы жұмысына кіреді. Ауылдан келген жігіт болған соң, оған жұрт қаланың тәртібін үйретеді. «Көлігін, көшенің оң жағымен жүрсін», «шанаң бос болса, жүкті көлікке бұрылып жол беруің керек» деген секілді ережелерді әбден миына құяды. Қайсар бір қар қалың күні сырттан шанасымен шөп әкеле жатады. Өзге жолға қарағанда, үстіндегі қарын жаңа ғана аршып өткен трамвай жолы оған дұрыстау көрінеді. Қайсар осы трамвай жолына шанасын салып алып тартып береді. Қарсы алдынан бос трамвай кездеседі. «Жолдан шық» деп қоңырау қақса, Қайсар көнбейді. Трамвайын тоқтатып қасына келген кондукторға «менің көлігім жүкті. Сенің арбаң бос. Қала тәртібі бойынша сен бұрылып, маған жол беруің керек»,— дейді. Бұндай істі ол білместігінен, аңқаулығынан істемейді. Кейде күлдіргі үшін, кейде қиқарлығы ұстап істейді. Өзі шашы кірпінің жүніндей тікірейген, шомбал денелі қара жігіт. Ал жұмысқа келгенде бір піл дерсің, опырып жібереді. Өзінен дәрежесі үлкен адам бұйыра сөйлесе, қырсығып қалады. Егер тілін тапсаң, одан жомарт, одан ақ жарқын жолдас жоқ. Көңілі түссе, құр ғана қайсар емес, қуақы, тапқыр жігіт. Жұмыстан шаршап отырғаныңда ол қайдағы жоқты айтып шек-сілеңді қатырып күлдіреді. Ойдан шығаратыны да көп, әйтсе де Қайсардың жалпы мінезін білетін адам оны еш уақытта да өтірікші демейді. Осы Қайсар менің бөлмеме бір топ кеншілермен кіріп келгеннен-ақ ішін базар етіп жіберді. Бір адамдық бір бөлме алты адамның кіргеніне қарамай бұрынғысынан кеңіп кеткендей көрінді. Ескі серіктер деген осындай болады екен, көңілім май күніндей жадырап берді.
— Жарқыным,— деді аңқылдай күліп Қайсар,— бұрын қандай қатты тасқа салғанымда да егеудей жонып түсетін едің жүрек тұсыңа алтын жұлдыз таққаннан бері жүрегің ауыратынды шығарғансың ба? Өйтетін болсаң, екінші алтын жұлдызды тақпай-ақ қой, маған-ақ бер. Мен-ақ ауырайын.
Кіргендер Қайсар сөзін іліп алып қалжыңдасып жатыр. Екі аңшы кездессе — аң туралы сөйлеседі, екі балықшы кездессе — балық туралы жыр етеді, екі кенші жолығып қалса — кен жайына көшеді. Бұл жолы да солай болды. Ананы-мынаны айтып болғаннан кейін бәріміз шахта жайына көштік.
— Мен алпысқа аяқ басқанымда,—деді Қайсар ойын шынын айыра алмайтын саз беріп даусына,— айды аспанға шығарып, жұртты бір таң қалдырмақ болып жүрмін. Забойды өтудің жеңіл және жылдам жаңа әдісін таптым.
— Байқа, Қайсар, бұл әдісің былтырғы бір қап қоян мен көкжал қасқырды қалай ұстағанындай болып жүрмесін,— деді селкілдей Ақшалов.
Жұрт ду күлді. Қайсар өткен қыста аңға шығады-мыс. Қолына ештеңе түспей екі күндей қар басқам қу даланы кезіп жүреді де, бостан-бос Мысқазғанға қайтады. Бірақ «Не әкелдің?» деген жұртқа «Бір қап қоян мен бір көкжал қасқыр әкелдім» деп жауап береді.
— Қойшы, оларды қалай ұстадың?— дейді нанарын нанбасын білмеген жұрт,— атып алдың ба, әлде қақпанмен ұстадың ба?
— Екеуі де емес,— деп жауап береді,— өзім ойлап тапқан жаңа әдіспен ұстадым.
— Қандай әдіс?
— Аппақ қар басқан жазық далаға бес-алты күйген. Қызыл кірпіш апарып тастадым да, үстіне қызыл бұрыш сеуіп қойдым. Жер бетін қалың қар басып әбден ашыққан қоян бишаралар, қызыл кірпішті анандайдан көріп, бір бос жатқан ет екен деп топырлай жүгірмесін бе! Ет дегендері тастай бірдеме. «Бұ не бәле» деп кірпішті иіскей бастайды. Сол кезде қызыл бұрыш мұрнына кіріп, шетінен түшкіре жөнеледі. Қояндар түшкіріп әуре болып жатқанда, мен шетінен құйрығынан ұстай алып қабына сала бердім.
— Ал қасқырды қалай ұстадың?
— Үйеңкіден бұзаудың суретін ойып, оны бурыл түске бояп, айдалаға апарып қойдым да, өзім тасасында тығылып отырдым,— депті Қайсар.— Айдалада жайылып жүрген бұл бір маған бұйырған бұзау екен деп көзі қарайып кеткен аш қасқыр үйеңкіні бас салды. Тырнақтары ағашқа кірш-кірш кіріп шықпай қалды. Мен тек оны үйеңкі бұзауыммен бірге сүйретіп үйіме алып келдім.
— Жоқ,— деді Қайсар,— бұл жолғы қалжың емес, шыным. Жиырма бес жыл шахтада істеп, бір өнер көрсетпей кетуім ұят та.
— Талай өнер көрсеттің ғой, Қайсар,— дедім мен оның шын мағынасындағы мықты кенші екенін дәріптеп.
— Жоқ бұл жалғыз өнерім — ерекше өнер.
— Әйтеуір «Ержановтың арбасы» секілді болса жарады,— деп тағы селкілдей күлді Ақшалов.
Алматыдан Мысқазғанға Ержанов Жақып деген оқымысты келген. Ұшып-қонып тұрған пысық болатын. Ауылға келген бір татар әйелі ботаны көріп «и-и, түйә буламын дип түйә була алмай қалған икән бю бишара» деген екен. Сол секілді ғалым боламын деп бола алмай қалған біреу шығар деп ойлаған алғашқы кезде кеншілер. Сол жігіт перфораторларды үстіне орнатып алып кен тасын бұрғылайтын каретка деген «арбаны» біздің шахтаға ұсынған-ды. Өзгеміз бұл каретканың түбі шикі бірдеме екен деп бас тартқанымызда, «жаңа ой» деп осы Қайсар көнбей, каретканы жұмыста сынап көрмек болып құлшынған. Алғашқы кезде Мысқазған секілді зәулім-зәулім кен ошақтары, айқыш-ұйқыш жолсыз забойлары бар кен орындарында ол каретканы пайдалануға мүмкіндігі болмай, шахта миллиондай шығын шығарып, көп кешікпей ол бір забойдың түбінде босқа қалған. Оған жұрт артынан «Ержановтың арбасы» деп мысқылдай ат қойған. Жұрттың бәрі бұл кареткадан безсе де, тек Қайсар ғана оны сынауын қоймаған. Ақыры іске асырған. Ақшаловтың айтып тұрғаны осы жәйт.
— Ой, Темеке,— деді күліп Қайсар,— сіз де қайдағы жоқты ұмытпайды екенсіз! Жақсы істің оп-оңай істеле қалатынын қай уақытта көріп едіңіз? «Ержановтың арбасы» да солай болды ғой. Одан да менің мына жаңа ойыма көңіл бөлсеңдерші.
Қайсардың бұл жолғы ойлағаны расында терең жатыр екен. Бәріміз жабылып ойын ортаға салдық. Мен тіпті жүрегімнің ауру екенін де ұмытып кеттім. Алай тартқылап, былай тартқылап, дұрыс мақұлдасып отырғанымызда Бәтима кірді.
— Ағалар, көп отырып қалдыңыздар,— деді күлімсірей.— Сабыр ағайға демалу керек.
— Бұныңыз шығып отырыңдар дегенің ғой, қалқам, — деді күліп Қайсар,— ал уақыт болып қалған болса біз кетелік.
Бәрі орындарынан тұра бастады.
— Тез жазыл, Сабыр.
— Көп жата берме. Көп жата берген адам өзіне-өзі ауру шақырады.
Жүрек ауруының тым көп қозғалмауды керек ететінін қайдан білсін, бәрі де өздерінің қара дүрсін ақылдарын айтып жатыр. Өзгелері шығып кеткенмен, Қайсар есік алдында сәл кідірді.
— Қалқам Бәтеш,— деді ол күлімсірей,— біздің Сабырды оңдап күт... Егер тезірек жазып берсең, өзіңді осыған қосам.
Бәтима қып-қызыл болып кетті. Бәтима түгіл мен де сасып қалдым.
Қазақ әйелі қалжың көтергіш келеді. Оның үстіне «әзілің жарасса, атанмен де ойна» деген дәстүр бар. Бәтима бойын тез жинап алды:
— Қайсар аға, бұл кісіні маған қалай қосасыз,— деді қалжыңға қалжың қайтарған боп,— көңіл қалаған Ақбаян жеңгейдей аққуы бар емес пе...
— Ә!...— деді жұлып алғандай Қайсар. Сірә, ол Ақбаян екеуміздің арамыздағы жағдайдан хабарсыз тәрізді.— Қайдағы Ақбаян? Әлгі Әлжанның сұлуын айтып тұрған жоқсың ба? Ой, тәйірі, қорықпастан қорқады екенсің! Өзің тәрізді уыздай жас тұрғанда біреудің сары қарын жесіріне көз салып Сабырды құдай ұрды дейсің бе? Тек тезірек жаза гөр! Өзгесін өзіме жібер!
Ал енді ашуланып көрші сен Қайсарға! Не болмаса «мен Ақбаянды жақсы көретін ем» деп сырыңды ашып байқа! Әзіңді күлкіге айналдырады. Ол «сүйемін, күйемін» деген сөздеріңе құлақ та ілмейді. Сенің жүрек сырыңа түсініп тұрса да, өзінің ойлағанына қарай тартады. Осы мінезін білгендіктен, онымен жиырма бес жыл жолдас болсам да, мұндай мәселені талқылаудан қашып жүремін. Ыңғайына келмесең, от тісті, орақ ауызды Қайсар быж-тыжыңды шығарады. Бұл жолы да үндемей қалуды мақұл көрдім.
— Ал, қош бол!— деп Қайсар шығып кетті.
Әлгі сөздерден кейін менімен оңаша қалуды Бәтима да ыңғайсыз көруі мүмкін ғой. Ол терезені ашып сәл тұрды да, сыртта бірдемесі ұмыт қалғандай үйден асыға жөнелді.
Ақбаянды неге жақсы көретінімді Қайсар қайдан білсін! Ол үшін менің орнымда өзі болсыншы! Оған менің көзіммен қарасыншы! Сонда көрер едім: Ақбаянды жақсы көрер ме еді, көрмес пе еді! Басы ауырмағанның күнде несі бар, өзгенің ауруы айтуға жеңіл!
Көңілім кенет жүдей қалды. Ақбаян біраздан бері алғашқы күндегідей ауруханаға келіп менімен жолығуды тілеуді қойды. Бұнысы несі? Себебін артынан барып білдім. Ал ол күндерде... Мен оның келмегеніне қапалы едім. Бәтимадан «Ақбаян келмеді ме?» деп сұраудың езі де қиын. Неге екенін білмеймін, әйтеуір, оны ете көргім келеді, сөйлескім келеді. Бірақ Ақбаян жоқ. Серіктерім жолығып азырақ ашылған көңілім, қайтадан бұлттана қалды. Ойымды бір ауыр шер торлап, қиялымды қайдағы жоқ бір ауыр зіл басты.
Тойда — шарап, қайғыда — дос керек. Адам сезімі неге мұндай шым-шытырық, біріне-бірі қарсы келеді екен, енді Бәтиманың жаныма тезірек оралғанын тіледім.
Дәл осы кезде ол үйге кірді.
— Сабыр аға, ұйықтайын деп жатқан жоқсыз ба?— деді қысыла сөйлеп.
— Жоқ, Бәтешжан. Жай ма?
Бұрын мен оны «қарындас» немесе «Бәтима» дейтінмін. «Жан» деген сөзді қалай қосып қалғаныма өзім де аң-таңмын.
— Тақа жай емес. Егер ұйқыңыз келіп жатпаса, әнеугі әңгіменің аяғын айтып беріңізші. Садық жайы содан бері миымнан шақпай қойды.
— Айтып берейін, таяуырақ отыр...
Қайсардың қалжыңынан кейін екеуміздің арамызда пайда бола қалған қолайсыздықтан оңай құтылғаныма өзім де қуандым. Бәтима орындық алып кереуетіме таяу кеп отырды. Мен әңгімемді бастап та кеттім.
— Ганс пен Рихтерді гестапо алып кеткеннен кейін, немістер бұл жұмысқа бес жүз адамның ішінен мені алды. Қоймадан аммонитты да өзім әкелем, жаңа жүргізіліп жатқан забойды да өзім атқызам. Бірақ қолымнан дым келмейді. Қасымда аңдытып қойған екі автоматшы солдаты бар. Мен қайда барсам, олар сонда барады. Соңымнан бір елі қалмайды. Өстіп жүргенде тағы айға жуық өтті. Құпия забой күніне кейде он метрге дейін қазылады. ТЭЦ-тің астына таяу тәрізді. Бар тетік енді тек оқ-дәріде...
Садық маған жууын қойды. Мен Андрейге өзімнің Садықтан қауіптенетінімді айттым. Ол күлді де қойды. Расымен мен босқа сезіктеніп жүрмін бе? Ләйім солай болғай да!..
Осындай күйде уақыт өтіп жатқанда бір күні «гестапо Бейлисті ұстап әкетіпті» деп естідім. Неге ұстады? Жазығы не? Тірі жан білмейді. Бұның бәрі артынан барып анықталды: Бейлис Прибалтика немісі екен. Түбі оны тыңшы етпек ойменен фашистер, өтірік, ұлтын латыш деп, осы лагерьде қалдырады. Латыш тілін нашар білгендіктен, Бейлис тұтқындарға евреймін дейді. Соңынан фашистер Бейлистің расында да еврей қандас екенін біліп қалады. Тұтқындар ұйымын ашпақ үшін, оны құрбандыққа шалмақ болады. Ал ол күндерде Бейлистің істегені бізге тіпті мәлім емес-ті... Тек сезетінім гестапо адамдары біздің лагерьді тым көбірек торлайтын болды. Аң иісін сезген тазылар тәрізді, ана жерді, мына жерді тіміскілеп мазасызданып жүрді.
Бір күні комендатура бар тұтқынды ортадағы алаңға тағы айдап шықты. Бұл Гитлердің туған күні екен. Бізге енді Гитлер жайында баяндама істейді екен деп ойладық. Бірақ олай болмай шықты. Лагерь бастықтарының бәрі жиналған кезде баяғы қақпадан ақ боз арғымақ жеккен тарантас көрінді. Дәл баяғысындай графиня арбадан атып түсті. Кучері — Садық. О да арбадан түсіп, арғымақтың бас жағына барып тұрды.
Дәл осы сәтте қастарында жетектеген иттері бар, төрт автоматшы солдат Бейлисті айдап дәл ортамызға алып келді. Бұрын да Бейлис мұрны қоңқиған, екі жағының түгі үрпиген, болмашы денелі ғана мәрдімсіз жігіт болатын. Ал қазір бұрынғысынан да кішірейіп кеткен. Гестапоның да аямай ұрғаны көрініп тұр. Бет-аузы көкпеңбек ісік, киімі далба-дұлба. Пенжагының әр жерінде баттаса жабысқан қан. Бетіне адам қарағысыз аянышты. Аяғын әзер-әзер басады. Жел үрсе құлап кетердей. Солдаттар айдаған беті алаңның ортасына алып келді.
— Совет доңыздары!—деді обер-лейтенант, лагерь коменданты Купер.— Сендер қандай оңбаған болсаңдар, мынау тұтқын секілді жоит ұрпақтары сендерден асқан оңбағандар! Бұлар ұлы Германияны сатқан иттер! Бұлар сендерді де сатты! Жоит Бейлис арқылы сендердің араларыңда бізге қарсы жасырын ұйым бар екенін білдік. Ұйым басшыларының кімдер екені де бізге анық. Бірақ біз, ұлы Германия ұлдары, нағыз адамбыз! Жамандық пен жақсылықты түсінеміз! Жақсылық істеген адамның, пе айыбын мойындаған тұтқындардың күнәсін кеше аламыз! Бар тізім мынау Бейлис арқылы біздің қолымызда! Сонда да ақырғы рет мүмкіндік береміз: сендерді дұрыс жолдан тайдырған адамдарды өздерің атап, күнәлеріңді жуыңдар дейміз! Кім де кім мұны етпесе, өз обалы өзіне, біздерден рақым күтпеңдер! Қатесін мойындағысы келмеген адамға аяушылық етпейміз! Оны өздерің де білетін шығарсыңдар! Сендерге от-дәрі беріп жүрген солдаттар Ганс пен Рихтер неміс болса да, бүгін атылды! Оларды ашып берген Бейлиске біз рақмет айтып, босатуымыз керек еді! Бірақ біз өйте алмаймыз! Өзінін достарын — жасырын ұйым мүшесі совет тұтқындарын сатқан Бейлис, кезі келсе, бізді де сатады! Жоит атаулының бәрі сондай! Сондықтан бұл өлуге тиісті! Бірақ жаңа мен айттым ғой, ұлы Германия ұлдары жақсылық иен жамандықты қатты айырады деп! Біз де адамбыз! Жауымыз болсаңдар да сендердің намыс кек деген қасиеттеріңді де еске алдық! Міне, осы себепті өздеріңді сатқан Бейлисті орталарыңа әкеп тұрмыз! Бұны енді өз қолдарыңмен ұрып өлтіруге тиістісіңдер! Жолдастарын сатқан итке бұл ең дұрыс өлім! Бұл біздің әділеттік шешіміміз! Кәне, бастаңдар!
Жұртта үн жоқ. Тым-тырыс. Тек бір жүдеу дауыс әзер дегенде қиқылдай:
— Нені бастаймыз?— деді.
— Өздеріңе опасыздық істеген Бейлисті ұруды бастаңдар!—деді ақырып обер-лейтенант.
Тағы бір дауыс:
— Ол опасыздықты қалай істейді? Бізде ондай жасырын ұйым жоқ!—деді.
— Бар!—деді долдана обер-лейтенант.— Ол ұйымның тізімі тегіс біздің қолда!
— Онда несіне аянып жүрсіңдер! Совет адамдарын аямайтындарың бәрімізге де мәлім!—деді әлгі дауыс.
— Қайсың бұны айтып тұрған? Кәне, бері шық.
Бұл Андрейдің даусы еді. Бірақ ол орнынан қозғалған жоқ.
— Кәне, бері шық!
Тағы тым-тырыс.
— Жаңағы айқайлаған кім?
Жұртта үн жоқ.
— Ә!.. Басшыларыңның бірі екен ғой!— Обер-лейтенанттың желкесі қып-қызыл болып немістің қабаған итінің жалындай шодырайып ісініп кетті.— Бәрібір айтқызамыз!—Ол бізге долдана көз тастады.— Өз күнәлеріңді жоюға ақырғы рет мүмкіншілік береміз!
— Мүмкіншілік бермей-ақ қойыңдар!
Обер-лейтенант жалт бұрылды. Дауыс шыққан жақты аңғарып қалғандай. Ол адымдай басып Андрей тұрған саптың тұсына келді.
— Мына топты жеке алып кетіңдер!—деді обер-лейтенант жанына жүгіріп барған үш автоматшы солдатқа.— Дауыс осылардың арасынан шықты. Бәрібір табамыз!
Үш солдат бір топ тұтқынды жеке бөліп, бізден шеткерірек апарып тұрғызды.
— Ал, бастаңдар!—деді обер-лейтенант қалғанымызға.
Тағы бір дауыс:
— Нені?— деді орта шеннен.
— Сендерді сатқан мына сасық жоитты ұруды!
— Оның сатқанын біз қайдан білеміз?— деді әлгі дауыс.
— Бұл қайсың, бері шық!
Тағы тым-тырыс. Обер-лейтенант бұл жолы да дауыстың қайдан шыққанын аңғарып қалған екен. Ит ұстаған екі солдат тағы да бір топ тұтқындарды бөліп әкетті.
— Өш алуды білмейтін неткен оңбағансыңдар! Қолдарыңа өздеріңді сатқан адамды ұстап беріп тұрғанда да мал секілді тіл қатқыларың келмейді! Затсыз жандар екендіктеріңді осыдан-ақ білуге болады!—деді күйіп-піскен обер-лейтенант, енді ол ызалана айқайлады.— Ұрасыңдар ма, жоқ па?!
Тағы да бір күшті дауыс:
— Жоқ!—деді.
Обер-лейтенант дауыстың бұл жолы қайдан шыққанын анық естіді. Және кім дауыстағанын да аңғарған тәрізді. Ол соңынан ерген екі солдатқа қатар тұрған бес адамды көрсетті де, оларды да бөліп әкеттірді.
Немістер сасуға айналды. Менің қарсы алдымда тұрған графиня жыландай ысылдай ақырын ғана:
— Обер-лейтенант мырза,— деді кекете,— сіз бүйтіп бөсе берсеңіз бір де бір тұтқын қалмас! Және өзіңіздің надандығыңызды мұншама әшкерелеп, масқара болуды тоқтатыңыз. Россияда кісі сабау әлдеқашан тыйылған әдет. Мына еврейдің жазықты екеніне жүз жерден көздері жетсе де, ұрмайды. Бұл комедияны бітіріңіз. Өтірікші болмаңыз, бір шала немістен улы Германия қара жамылмайды, атып тастаңыз! Жоқ, өзіңіз емес, мына тұтқындардың бірі атсын,— ол езу тартып күлімсіреді,— ең болмаса осылай абыройыңызды сақтап қалыңыз...
«Атып тастаңыз» деген сөзді естігенде болдырған жылқыдай салы суға кетіп, көзін жұмып әзер тұрған Бейлис кенет селк етті. Оның көзінде расымен «мені атасың ба» дегендей бір сұрақ пайда болып, обер-лейтенантқа жалына қарай қалды.
— Россия да кісі сабау жоқ екен, бұны маған құрметті фрау Винтер түсіндірді,— деді обер-лейтенант,— бұндай ғадет күшсіздердің ісі! Бірақ амал жоқ, сендердің фанатикалық сезімдеріңді мен бұл арада сынамай-ақ қояйын. Бейлистің жазықты екенін көріп тұрсыңдар, кәне қайсың бұны опасыздығы үшін өз қолыңмен атқың келеді?!
Тағы да тым-тырыс.
— Бұл не қылған мақұлық халық,— деді графиняның ашулы дауысы бір мезет шаңқ етіп,— бұл азғынды енді ешкім құтқара алмайтынын білмей ме?— Кенет оның көзі ақ боз арғымақтың қасында тұрған Садыққа түсті, графиня қол сумкасынан кішкентай тапаншаны суырып алды да:
— Садық бері кел!—деді.
Садық асықпай басып жақындады. Түсі сұп-сұр. Қабағы қарс жабылған.
— Ат мынаны!—деді графиня қолындағы тапаншасын оған ұсынып.
Садық қарсы бір ауыз сөз айтпастан тапаншаны қолына алды. Бейлиске жиіркене бір қарады да, қолы қалтырамастан тапаншаны сәл көтерді де, көздеместен басып қалды. Тапанша даусы шаңқ етті. «Мама!» деп Бейлис бір-ақ рет айқайлап жіберді де, етпетінен түсті.
Менің көзімнен жас ыршып кетті. Садық өшпес кекті ежелгі бір жауын өлтіргендей, жабылған қабағын сәл ашты да, бір ауыз сөз айтпай тапаншасын графиняның өзіне берді. Сөйтті де үн-түнсіз аяғын салмақтай басып, ақ боз арғымақтың жанына қарай кете барды.
— Неткен қан ішер еді!—деді жанымда тұрған қартаң келген украиндық.
«Иә, Садық қан ішер болып шықты. Ганс пен Рихтерді сатқан да осы Садық»,— дедім мен ішімнен. Оған енді еш күмәнім қалмады. «Әттең, әттең!» — дей бердім ерінімді тістей. Байқамай сырымды Садыққа айтып қалғаныма қан жылай өкіндім. «Шіркін-ай, жанына жақын бара алар ма едім! Ақбаянның үлпе тамағындай сонау жұмыр тамағынан өңешін суырып алар едім». О заман қайда! Жан-жағыңнан қоршаған итті неміс. Аяғыңды алға қарай аттасаң болғаны, қанды көз қасқыр төбеттер бас салғалы тұр.
Өзімнің істеген аңғырттығымнан ішім оттай жанып барады. Бір Ганс пен Рихтер емес, Бейлистің де ажалының обалына қалдым. «Жалғыз бұл үшеуінің ғана өлімімен бітер ме менің опасыздығым! Мына бөліп алған топтардың да біразын ажал аңдып тұрған жоқ па? Беу,беу! Сабыр, не істедің! Сені атып тастар адам жоқ! Неге біреу атып тастауы керек! Өз күнәңді өзің білмейсің бе, өзіңді өзін жазалауға қолың бармай ма? Жоқ, баруға тиісті. Кешірілмес күнәден құтылу үшін бұл саған жалғыз жол!»
Бұл шешімге мен кенет келдім. Көңілім енді сәл басылайын деді. Бірақ өлсем де өшімді Садықтан алып өлуге бел будым.
Өзімнің істеген аңғырттығымнан жанымды қоярға жер таба алмай жүргенімде, үш күннен кейін Андрейлер қайта келіп қосылды. Немістер «Қайсың айқайладың?
«Ұйым қайда?» деп қанша ұрып-соқса да, ешқайсы аулы» ашпапты. Бәрі де «мен емеспін, ештеңе білмеймін» депті. Бұл кезде шахтада көмір беру жұмысы нашарлап кеткен-ді (тұтқындар қолынан келген қастығын аямайды). Оның үстіне жұмысшы саны да күннен-күнге азая түскен-ді. Осы себептермен немістер ұсталғандарды айыптарын мойындарына қоя алмаған соң, босатуға мәжбүр болыпты. Мен Андрейге өзімнің қандай күйде жүргенімді, егер Садық кездесіп қалса, оны ойламастан бауыздайтынымды айттым. Андрей маған күлімсірей сәл қарап тұрды да: «Өлтірмек түгіл, Садықты шертуші болма! Оған қастық істер болсаң, басыңмен жауап бересің!» — деді. Бұдан жасырын ұйым өшін Садықтан әзі алмақшы болғанын түсіндім. Оны қолымнан өлтіріп кегімді қайтара алмасыма көзім жетті. Амал жоқ Андрейдің айтқанына көнуге келді.
Сөйтіп жүргенде жоқ жерден дизентерия болып ауырып лазаретке түстім. Сол күні өзі тіленіп шахтаға от-дәрі аттырушы болып Садық келді дегенді естідім. Немістерге әбден сенімді адам болғандықтан, жанында күзетші жоқ, бәрін өзі істейді дейді жұрт! Аммонитты да езі алады, жанындағы тұтқын жәрдемшісіне тасытып забойларды да өзі атқызады». Әрине Садыққа сенбегенде немістер кімге сенеді? Және бүкіл шахтада жұмыс істейтін тұтқындарды жинап алып обер-лейтенант «Егер де Садық әлдеқалай жазым бола қалса, оның ажалы сендерден деп білеміз. Садықтың бір басы үшін сендердің жүзіңді атамыз»,— депті. Жаныңа күзетші берейін деген екен: «Қазір неміс солдаттары майданға жетпей жатқанда, оның қажеті жоқ»,— деп бас тартыпты. Қарай гөр Германияның қандай патриоты болып алғанын! Осыдан кейін «қанына тартпағанның қары сынсын» деген қазақ сөзін теріс деші! Мәскеуде университетте оқыған графиня жанына қалай тартпасын, шахтада бірге жұмыс істеген, бала жастан бір мектепте оқыған Садықтың бүлдіріп жүргені мынау! Қасқырды қанша асырасаң да орманға қарайды деген осы да! Қанша Совет жасымын десе де әкесінің конфискеленгенін ұмытпаған екен! Мен енді ғана түсіндім, Хауасси екеуінің арасындағы маған айтқан хикаясы тек көз бояу екен! Менің қырағылығымды адастырып, сырымды біліп алу екен! Әттен, әттең, аңғармай іс істесең, арты барып өкінішпен бітеді!
Бұл кезде ТЭЦ-ке баратын жасырын тесік те біткен. Лагерьден қашып шығу әдістері де тегіс ойланылған-ды. Белгі берілген сағатта (белгі ТЭЦ-тің көкке ұшуы) барлық жұрт не істейтінін біледі. Қайда қашады? Қалай қашады, жұрттың бәрі күні бұрын хабарланған. Тек сол от-дәрі жарғышы ғана жоқ. Бар кәп осында ғана. Және ол от-дәрі жарғышын табу жолы да жоқ секілді. Кейбіреулер «ТЭЦ-ті жармай-ақ қашсақ» деген күңкіл де шығара бастаған. Бірақ оған штаб қарсы деген Андрей (біз сол уақытқа дейін штабтың бастығы, мүшелері кім екенін білген емеспіз).
Біздің халіміз күннен-күнге ауырлауда. Бірақ шыдау керек. Осындай ауыр күйлерде көсеміміз Ленин де болған жоқ па? Содан біздің жанымыз артық па? Шыдау керек.
Мен кенет ауырып қалып, он шақты күн лазаретте жатып, қайта шықтым. Сол күні кешке таман немістер Бейлисті өлтірердегілеріндей бізді тағы алаңға айдап шықты. Алаңда қасқыр иттерді жетектеген, автоматтарын кеудесіне қыса ұстаған аз дегенде бір жүз неміс бар шығар. Бәрі бұрынғыдай бізді қоршап алмай, араларына екі-үш метр тастап, бізге қарама-қарсы саптаса қалған. Тұтқын біткенді біржолата жусатып салуға дайындалғандай. Обер-лейтенант пен «СС» формасындағы бір полковник сөйлесіп тур. Анықтап қарап едім, тани кеттім: граф Винтердің өзі екен. Олардан ар жағында ерсілі-қарсылы Хауасси жүр. Аяғын қобалжи басады. Бірдемеден дегбірі қашқаны айдай анық... Анандай жерде тұрған а к боз арғымағына көзім түсіп еді, атты мен танымайтын бір жирен сақал мосқал адам ұстап тұр. Қуанып қалдым. «Ә,— дедім ішімнен Садықты табалай,— бәсе, тым мардымсып кетіп едің, қуып шыққан екен!» Бірақ мен бұл ойымнан тез қайттым. Садықтың қазір от дәрі атқызушы боп шахтада жұмыс істейтіні есіме түсті. Неміс басшылары мұндай істі тек сенімді адамдарына ғана тапсырады. Садыққа деген ашу термометр сынабыңдай бүкіл денемді билеп алқымыма келіп тоқтады. Кенет обер-лейтенанттың «Солға қараңдар!» деген бұйрығы естілді. Солға қарай мойнымды бұрдым да, өз көзіме өзім сенбей қаттым да қалдым. Төрт жағында төрт автоматшы, олардың соңынан шынжырлы қасқыр ит жетектеген екі солдат Садықты айдап келеді. Үстінде бұрынғы киімдерінің бірі де жоқ. Көйлекшең, бұтында жыртық-жыртық ескі қызыл әскер галифесі. Жалаң аяқ, жалаң бас, бет-аузы кек ала қойдай күп болып ісіп кеткен. Кешегі арыс кеуде сылқым жігіттен дым да қалмаған. Әйтсе де ол айыпты, не өкінішті адамдай екі иіні түсіп, жерге қарап келе жатқан жоқ. Аяғын ілбіп басса да басы жоғары. Ешкімнен қорқып көзін жерге салар емес.
— Сендер секілді оңбағандарды бірден атып тастау і.ерек еді, — деді полковниктің өзі сөйлеп. — Ал мен болған шахтама ұстап ажалдан алып қалдым. Бірақ сендер шын мағынасындағы төменгі касса адамдары екендіктеріңді көрсеттіңдер. Ұлы Германия үшін адал еңбек істеп, біздің алғысымызды алу орнына жасырын ұйым аштыңдар. Империяға беретін көмірдің тең жартысына топырақ к.осып алдадыңдар. Өтірік ауырып жұмысқа шықпай шахтаның берекесін кетірдіңдер. Қысқасы, қолдан келген оң қастықтарыңды істеп бақтыңдар. Соның бәріне біз көніп келдік. Ал бүгін... сендер тек айуандардың ғана қолынан келетін қастыққа барып отырсыңдар.— Оның дауысы кенет шаңқылдап шықты.— Мынау тұрған азиат,— ол сұқ саусағымен Садықты меңзеді.— Кешеден бері қоймадан екі жүз килограмм аммонит алыпты. Бір де бір забойды атқызбаған. Сол екі жүз килограммға қосып, бір алыпсатардан жүз марка ақшаға асықпай атылатын минаны сатып алып, сендердің жасырын ұйымдарыңа бергені ашылды. Не істемексіңдер? Менің шахтамды жармақсыңдар ма? Онда, ең алдымен, ол шахтада өлетін гендердің жолдастарың болады. Менің бұйрығым бойынша осы алаңда тұрған тұтқындардан бөтеннің бәрі қазір шахтаға түсірілді. Олар қауіп өтпей сыртқа шығарылмайды. Ал сендерге қойылатын шарт мынау,— полковниктің түрі құп-қу боп безере қалды,— сендер аммонит пен минаны қайда тыққандарыңды айтасыңдар. Егер айтпайды екенсіңдер, көздерің ше мына жолдастарыңды атамыз.— Ол сұқ саусағымен тағы Садықты меңзеді.—Құр қайсарлықтан ештеңе де шықпайды. Бәрібір оқ-дәрінің қайда екенін табамыз. Он минуттен кейін бұл араға ұрлықты ізінен иіскеп жүріп ашатын бір топ ит келеді. Егер өздерің айтпай иттер тапса, сендерге иттерге лайық, өлім жазасы қолданылады. Қане, айтасыңдар ма?
Тұрған екі жүз адам бір дауыстан:
— Мейлің не істесеңдер де, біз ештеңе де білмейміз,— дедік.
Бұл немістің қандай сұрағы болса да, күні бұрын осылай айтамыз деп шешкен жауабымыз.
— Ә! Солай ма?!—деді көзі кенет қанталап кеткен Винтер.— Мұндай «кім берік» деген ойынды ойнауды мен де жақсы көремін! Қарайық, қайсымыз жеңер екенбіз!— Ол белгі берді. Солдаттар Садықты айдап, дәл мен тұрған тұсқа алып келді.— Енді екінші шартымды тыңдаңдар,—деді полковник айқайлап. Сөйтті де Садыққа қарады:—Қазіргі сағатқа дейін өзіңді-өзің ұстап келдің! Жігіт екенсің! Бірақ аяғына дейін жігіт бола аласың ба, көрелік! Он минуттың ішінде аммонит пен минаны кімге бердің, айтасың! Егер айтпасаң — мынау екі жүз жолдасыңды көз алдыңда атамыз! Таңдауын ал!
Неміс солдаттары ескі тәртібін бұзып, бүгін неге қарсы алдымыздан сапқа тура қалғанын енді түсіндім. Фашистер есепсіз ештеңе істемейді. Бір минут, екі минут өтті... Садық жұмған аузын ашпады. Өлік үстінде тұрғандай жұртта да үн жоқ. Мен әлі ештеңе түсіне қойғам жоқ. «Бұл не, ойын ба? Әлде Садық рас біздің жақтың адамы ма? Расымен аммонит пен минаны бізге берді ме? Берген болса, осынау қиын сағатында айтып қоймас па екен?»
Үш минут өтті. Бүкіл алаң тұншығып қалғандай тырс етпейді.
— Графиня...— деді кенет Винтер, өзгелерге естіртпей, дәл менің алдымда ерсілі-қарсылы дәйек таба алмай үн-түнсіз жүрген әйеліне,— мүмкін сіз сөйлесіп көрерсіз,— деді кекесін үнмен,— сіздің сыйлаған махаббатыңыз үшін шынын айтар?..
«Бәсе, тыңшысыз неміс жұм.ыс істер ме? Енді түсінікті. Садық ешбір жарылғыш оқ-дәріні ұрламаған. Қатының қызғанған мынау қу бастың өш алуға ойлап тапқан жаласы. Бірақ бір тұтқын қазақ үшін мұндай үлкен жаланың не керегі бар? Жалғыз оқпен шаруасын бітіре салмай ма? Кім оны жоқтап жатыр? Осыншама жұртты дүрліктіруіне қарағанда мұнда басқа сыр жатқан тәрізді... Мүмкін әйелінен де өш алғысы келетін болар. Жаңағы сөз сол үшін айтылғаны хақ. Графиня не дер екен? «Мені шын жақсы көретін тәрізді» деп еді ғой Садық. Онысы рас болса, граф әйеліне шын ауыр сынды: тапқан екен?»
— Несі бар, сөйлессем сөйлесейін,— деді графиня кенет тоқтай қалып. Ол обер-лейтенанттың қолындағы резинка қамшыны алды да, Садықтың жанына барды.— Уақытты босқа еткізіп қайтеміз,— деді,— жарылғыш оқ-дәріні кімге бердің? Қайда апарып тықтыңдар, қане айт!
Садық оған бұрылып та қараған жоқ. Резинка қамшының басы жылан тәрізді кейін қарай ирелең ете түсті де, ыс етіп жоғары бір көтеріліп, Садықтың арқасын осып өтті.
— Айтасың ба?
Садық оған жауап бермек түгіл, мойнын да бұрған жоқ. Қамшы ыс-ыс етіп Садықтың денесін орап өтеді де, қайта көтеріледі. Әйелдің қимылы да жиілене түсті. Оның бетіне қарап едім, мен көрген алғашқы бейнеден дым да қалмапты. Ашудан көгілдір көзі аппақ боп кетіпті. Тістеніп алған. Бүкіл түр-келбетінде, дене қимылында, кісіні шағуға ұмтылған улы жыланның мейірімді суық кейпі бар. «Жоқ, жақсы көрген адамда мұндай тұр болмайды. Әйелдің мына кейпі — тек шын қастың кейпі!..»
Әйел Садықты біздің көзімізше ұзақ ұрды. Адам баласы қандай мықты. Садық әлі қозғалмай тұр. Ол жалғыз рет қана бұрылып Хауассиға қарады. Оның менен «Сені де құшақтадым-ау, қандай айуан болғанмын!» дегендей бір адам айтып бере алмас, жиіркенішті ұшқын жарқ етті де сөнді. Ол сөйтіп одырая қарады да, бұрылып кетті. Енді Садық дәл қарсы алдымыздағы, сым қоршаудың ар жағындағы қалалық почта үстіндегі бірдемені күткендей үміттене көз тастады. Бір минутсіз жеті еді. Күн батып кеткен. Ымырт келіп, қараңғылана бастаған. Тек жаңа ғана тұтанған прожекторлар сәулесі жарқ-жұрқ көкті кезеді.
— Графиня, жетеді!—деп полковник Винтер, тағы да кекете күлді.— Құшағыңызды ашатын жанды таңдай білген екенсіз,— ол кенет обер-лейтенантқа бұрылды.— Мыналарды құртуға дайындалыңыз.
Мыналары, әрине, бізбіз. Дәл осы кезде келе жатқан кіші иттердің де даусы естілді. Полковниктің бұйрығын Хауасси естіді ме, естімеді ме, білмеймін, ол Садықты ұруын тоқтатқан жоқ. Көзі шыны тәрізденіп шытынай қатып, демін әзер ала қамшысын сілтей түседі.
— Мә, саған! Мә, саған!
Кенет Садық бізге кілт бұрылды.
— Жолдастар, қош болыңдар! Мен өз міндетімді ақтадым! Елге аман жетсең, баршасына сәлем де!—Атымды атамаса да білдім, соңғы сөз маған арналған еді.
Дәл осы минутта жер сілкінгендей болып кетті. Гүрсілдей от-дәрі атылды. ТЭЦ бірден көкке ұшты. Оның қол басындай түйіршік тастары, кірпіштерінің бөлшектері біздің де аланға жетті. Әлдекімдерге тиіп құлап та жатыр! Бар жарық сөніп, бүкіл дүниесі қап-қараңғы бола қалды. Бізді атпақ түгіл, неміс солдаттары өз бастарымен әуре боп алаңнан тым-тырақай қаша жөнелді. Тек осы судай қараңғыда жалғыз ғана оқ оты жарқ етті.
Артынан барып білдім, бұл Садықты тапаншасымен атып үлгірген Хауассидің оғы екен.
ТЗЦ-тің көкке ұшуы біздің қашуымызға арналған белгі еді. Әр жерден тағы да осындай гүрсілдер пайда болды. Бұл — сырттағы достардың әрекеттері екен. Бүкіл қала алай-түлей болып жатқанда, біз алдын ала құрылған жоспар бойынша он-он бестен әр көшемен қаладан шыға бастадық (электр оты жүргізілген сым қоршаудың енді еш қауіпі болмай қалды).
Уәде бойынша, Андреймен бірге кетуім керек еді. Андрей «Жүр» деп білегімнен тартқанда ғана, есіме Садық түсті. Жүгіріп Садық тұрған жерге бардым. Шалқасынан жатыр. Кеудесінде жан жоқ. Сірә, Хауасси дәл жүрек тұсынан атқан болуы керек. Еңіреп етпетімнен түсіп бетінен сүйдім. «Бауырым, сен туралы жаман ойда болғанымды кешір» дедім.
— Сабыр, тұр,— деді Андрей иығымнан ақырын тартып,— немістер естерін жинағанша қаладан шығып үлгіруіміз керек.
Қаладан дер кезінде шығып үлгірдік. Біз тұрған рудниктен үш километр жер өткен соң қалың тоғай басталатын. Оған да жетіп үлгірдік. Бірақ сонау көмусіз қалған Садық есімнен бір шықпай-ақ қойды. Ажалға қимас есіл ер туралы бір кезде жаман ойлағаным жүрегімді өртеп, алға басқан аяғым кейін кетуде. Неміс қамауынан, қорлығынан құтылудың қуанышы, Садық есіме түсіп кетсе, көтеріп жүре алмас зілдей қайғыға айналды. Біреуге орынсыз жала жапқан адам үстіне былғанышты іш киім кигенмен тең. Мен де өзімді дәл сондай сезіндім. Тула бойымды мың рет жусаң да кетпейтін кір басқандай, өзімнен-өзім жиіркеніп келемін. Бірақ адам өзінен-өзі қашып құтыла ала ма? Садыққа жапқан жаламнан еш уақытта тазара алмайтындай көрем... Әрине, ол күндерде дәл сондай халде едім.
Менің бұл азаптануым, уақиғаның қалай болғанын артынан Андрейден естігеннен кейін, тіпті үдей түсті.
— Ганс пен Рихтерді, шынында, Бейлис ұстап беріпті. Ол езін осы екі кісімен сөйлесуге мәжбүр еткен жасырын ұйым мүшесі Селивановтың да атын атапты. Бірақ Селиванов сол күні сүзектен қайтыс болып, немістер өзгелерімізді біле алмай қалады. Ганс пен Рихтерді де жаман қинайды. Бірақ олар да Селивановтан бөтен ешкімді білмейді! «Ашпыз, көлден жарылғыш оқ-дәріні атып балық алайық» деген соң Селивановқа анда-санда бір-екі аммонит патрондарын бергеніміз рас дейді. Өздері ұсталатын күні Селивановтың өлгенін естіген екі жұмысшы неміс бұл сөздерінен танбайды. Оларды әрі қинайды, бері қинайды, ақырында ештеңе ендіре алмаған соң, «айыптылар ротасына», соғысқа жібереді. Обер-лейтенанттың аттық дегені бекер болып шығады. Ал Бейлис біздің жасырын ұйымның ойлан шығарған әдісі арқасында Селивановтан бөтен ешкімді білмейді. Немістер «сен өзге мүшелерін білесің» деп оны өлтіре сабайды, бірақ білмеген соң не істесін, Бейлис ештеңе айта алмайды. Немістер сонда барып қулыққа көшеді. Жасырын ұйымның барын, Рихтер мен Гансты Бейлистің ұстап бергенін тұтқындарға айтсақ, өзіміз «үр» деп тұрғанда ызаланған тұтқындардың біреуі болмаса біреуі Бейлиске қол көтерер деп ойлайды. Сол арқылы жасырын ұйымның ізіне түспек болады. Бұның бәрін Бейлистің бұларды сатқанын Хауассидің маңында жүрген Садық әлдеқалай естіп қалады. Бәрін Андрейге айтады. Андрей оған сенеді. Өйткені Ганс пен Рихтер, Селиванов арасындағы байланысты білетін тек Бейлис қана. Одан: бөтен жанның устав бойынша ештеңеден хабарсыз екені Андрейге мәлім. Хауассидің сеніміне әбден кіру үшін жолдастарын сатқан Бейлисті Садық атуға мәжбүр болады. «Ганс пен Рихтердің атын мен Садыққа айтып едім, олардың ұсталуы соның ісі, мен оны өлтірем» дегенімде, Андрейдің маған: «Садыққа тиісуші болма, мұрны қанаса, басыңмен жауап бересің!» деуі де осыдан екен.
Ал еврей Бейлис немістердің еврейлерді жек көретінін, оларға рақымсыз екенін біле тұра, өз жолдастарын неге сатты? Бұл — тірі жан білмейтін жұмбақ. Біреулер: «Бейлистің шешесі неміс екен, гестапо тыңшылары Бейлиске осы жағынан келіп, «сен өзіміздің адамсың. Егер араларында жүріп сырларын ашып берсең, өзіміздің қатарымызға аламыз» деген соң сатты» дейді. Ал кейбір Бейлистің мінез-құлқын, ашқарақтығын, ез басының қамын көбірек ойлайтын су жүрек адам екенін білетін серіктері: «Ол гестапоның қолына әлдеқалай түсіп қалып, өзінің басын қорғау үшін басқаларды ұстап берді» дейді. Анығында солай тәрізді, өйткені кей адам өз басының қамын ұлтының намысынан жоғары санайды. Еврейлердің де арасында Бейлис сынды шіріген жұмыртқа аз дейсің бе! Немістер де еврейлер арасынан өзіне керек кісісін таба білген. Сатып та ала алған.
Бейлисті жоқ етуді жасырын ұйым өзі бұрын шешіпті. Бұдан Садық та хабардар екен. Сондықтан да оның қолы Бейлисті атқанда діріл демепті. Мен мұны қайдан білейін?
Сенім алған ат айдаушы өзінің от-дәрі жарғыш мамандығы бар екенін Хауассиға айтып, шахтаға ез еркімен түседі. Алғашқы бір жеті жұмысты ойдағыдай істейді. Немістер риза болады. Бірақ ТЭЦ-тің астына қазылған ор әлдеқашан жеткен. Жұрт қашуға дайындалған. Қашуды кешіктіре берсе, жұрттың күтпеген бірдемеге ұшырауы да мүмкін. Тағы да бір Бейлистің шықпасын кім біледі. Штаб жедел шешім қабылдайды. Оны Садық қостайды. Сыртқы қоймадан алған шахта астына түсірілетін бір жетілік аммонитті өз қолымен апарып ТЭЦ астындағы үңгірге тығады. Және бір тәуліктен кейін атылатын минаны тастайды. Бұдан кейін штаб топ бастықтары арқылы жұртты қашуға дайындайды. ТЭЦ көкке ұшысымен жер астындағы жұмысшылардың жоғарыға «аварийный баспалдақпен шығу жолы белгіленеді. Бірақ күндегі уақытында забойлардың атылмағанын аңдап қалған немістер сезіктенеді. Ал Садыққа қайткен күнде де немістерді бір тәулікке кідірту керек. Гестапо жауап алғанда, ол ең алдымен, оқ-дәріні вагонеткемен әкеле жатқанымда екінші ылдиға қарай өтетін темір жолға жаңылыс түсіп кетіп, вагонеткені суға құлатып алдым дейді. Төмен қарай зырлай жөнелген вагонеткені ұстап қалуға күшім жетпеді деп өтірік айтады. Немістер дереу су жиналатын екінші ылдидың түбін зерттейді, еш от-дәрі таба алмайды. Бір сұмдықтың болғанын біліп Садықты қысымға алады. Енді аммониттің жоғалуы тегін емес екенін сезген обер-лейтенант Баден-Бадендегі полковникке хабар береді, із иіскеп қылмысты ашатын иттер әкелуін өтінеді. Сөйткенше шахта несі полковник те жетеді. Өз өмірі үшін зәресі кеткен обер-лейтенант графиняның Садықпен жақын екенін де айтады. Садықтың соңынан арнаулы күзет қойып аңдымағанын осымен түсіндіреді. Ызаланған полковник Садықтан езі жауап алады. Аямай ұрады. Бірақ Садық жұмған аузын ашпайды, тақымына арқан салып бұрап, тырнақтарының астына сым темір сұғып қинаса да, аммониттің қайда екенін айтпайды. Сан мәртебе есінен де танады. Неміске деген кек алу әбден бойын билеп алған Садық, оларды үрейлендіре түспек боп, бір-ақ рет аузын ашады. «Құр ғана аммонит емес, мина да қойдым, енді үйің көкке ұшады»,— дейді. Винтер бар пәле менің үйім маңында екен деп кең сарай жазира үніндегі бар мүлкін сыртқа шығартады. Іздетпеген жері қалмайды. Бірақ ештеңе таба алмайды... Өзінің тағы да алданғанын біледі. Сонда барып ол ақырғы айласын қолданады. Екі жүз тұтқынды шахта алаңына апартып, Садықты ең ақырғы сынға салады. Өлімге бел буып, бұл іске өз еркімен барған жас қазақ ең ақырғы минутына дейін шыдайды, өзі білетін сырды ашпайды. Оның ар жағы өзіңе белгілі. Міне, осындай ер досыма сенімсіздік істедім, оның арына кір келтірдім,— деп мен күрсіне хикаямды бітірдім.
— Сіз білген жоқсыз ғой...— деді көзінің жасын орамалымен сүртіп Бәтима.
— Білуім керек еді. Өзгені білмегенмен де, бала жастан бірге өскен Садықты білуім керек еді,— дедім мен,— шын жолдасты айыра алмағаным — айыбым. Осы айыбым көпке дейін жанымды қоярға жер таптырмады, жегідей жеді. Ақбаянның бөтен адамға шығып кеткенін де ақтадым. Мен секілді өз жолдасына езі сенімсіздік еткен адам оның мөлдір бұлақтай таза сезімді қарындасынан үміттенуін күнәға санадым. «Ақбаяннан дұрыс айрылдың! Саған сол керек!» деп өзімді-өзім табаладым. Сонда ғана барып көңілім аздап тынышталайын деді.
— Иә, сосын?
— Сосын не болсын? Біз Андрей екеуміз көп мехнатпен Совет Армиясына келіп қосылдық. Бұл қызыл әскердің неміс басқыншыларына қарсы шабуылы күшейіп, оларды біржолата шегіндіре бастаған кезі еді. Бір жылдай осы қан төгісте болдым, үш орден алдым. Андрей де бірге болды. Сан ұрыстарда біз Ленин идеясының жауынгері екенімізді көрсеттік. Екеуміз де тек бір ғана арман болды. Ол — Винтерлерден Садықтың өшін алу еді. Оған жете алмадық. Майдан деген бір ұшы-қиыры жоқ мұхит емес пе, өштескен жандардың кездесуі екіталай. Сөйтіп жүріп бір айқаста мен қатты жараландым. Госпитальға түстім. Сонда Татьянаға кездестім. Ол мені ажалдан құтқарды.
— Ә... ә,— деді Бәтима, Татьянаға қалай үйленгеніңді енді түсіндім дегендей.
Біз екеуміз де бір мезет үндемей қалдық. Бәтиманың не ойлап отырғанын қайдан білейін, ал өз басым өткен құн оқиғаларына қайтадан шомып кеттім.
V
Өмірді аз жасайсың ба, көп жасайсың ба, маңызы онда емес. Оның мәні — сол өмірді қалай еткіздің, сонда. Мен мың жасасам да бәрібір, өмірім Садықтың жиырма екі жасына татымас деп ойлаймын. Адам өз өмірінде талай жанмен кездеседі. Жақсы мен де, жаманмен де. Бірақ соның ішінде қара жерге кіргенше ұмытылмайтын аяулылары болады. Ондай жандардың бейнесі, тот баспайтын сары алтындай, сенің есіңде сол өзіне ұнаған қалпында қалады да қояды. Оны басыңнан өткен ұзақ жылдар да, қайғы-қасірет те, қуаныш та сенің жүрегіңнен өшіре алмайды. Сондай адамның бірі маған Садық болды. Көзімді жума қалсам, қара барқыттай үлкен ойлы көзді, ақ құба пішіні дәл жас кезіндегідей қақ алдыма тұра қалады. Оның өлер алдындағы «Сабыр, аман-есен елге қайта қалсаң, барша жұртқа сәлем де!» деген сөзі әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді.
Садық, әсіресе, соңғы кезде есімнен шықпай қойды. Бұның ерекше себебі барды: Соғысқа аттанбастан бұрын оның Сақыш деген мәңгі-бақи қимас қызы болатын (толық аты Сақыпжамалды). Дәнді ерін, күлім көз, әсірелеп айтқанда, тобылғы күреңнің сұлуы еді. Садық, оны өте сүйетін-ді. Бір көрмесе тыпыршып, жанын қоярға жер таппай, жауар күндей томсара қалатын. Қыз да Садық десе жан тынысы үзіліп кетердей өліп-өшіп тұратын. Ғашық жігітінің жан жолдасы болған соң, кейде менімен сырласып та қоятын. Садықтың тек тәнінің бөлектігін айта келіп:
— Жақсы көретінім сондай,— дейтін ұзын құндыз кірпіктерімен жаннат қара көздерін жауып.— Егер ол олай-бұлай болып кетсе, бір күн тірі тұра алмас едім. Қозы Көрпешінен айрылған Баян сұлудай, сол сағатта ажал табар едім.
Садық, та маған:
— Владимир Ильич пен Надежда Константиновна үйленгенде жүріс-тұрыстары жайында еш уақытта бір-бірінен ештеңе сұрамайтын болып келісіпті. Егер көңілдері өзгере бастаса, оны бір-бірінен жасырмайтын боп уәделесіпті. Осы уәделерін өмір бақи бұзбапты. Міне, махаббат деп осыны айт,— деп сәл ойланып қалатын да, кенет шаттана күлімсіреп,— Сақыш екеуміздің арамыздағы махаббат та осындай болуға тиісті. Адал, кіршіксіз таза. Міне, сонда ғана біз бақытты жандармыз,— дейтін, сөнбейтін де кенет қабағын шытатын.— Бірақ бақыт деген не? Ол тұңғиық түбінде жатқан меруерт тас емес пе? Оны сонау түпсіз тұңғиыққа сүңгіп, қауіп-қатерді жеңіп барып алып шығу керек...— Ол кенет тағы ойлана қалатын.— Егер біздің махаббатымыз осындай сын қиындыққа түссе, екеуміз де қадірін білер едік. Ал оңай махаббат — ұшқыр жүйрік тәрізді. Қарқыны да күшті, жеңісі тез. Бірақ ұзақ сынға шыдай ал майды.
Тұтқында жүріп, монша есігінің алдында Хауасси туралы сөйлесіп отырғанымызда Садық кенет Сақышты есіне түсіріп:
— Мен соғыс сынынан, ал Сақыш халық басына, өз басына түскен ауыртпалықтан ар-намысын адал сақтап аман-есен қосылсақ, сонда біздің махаббатымыз шын бақытты махаббатқа айналар еді,— деген-ді.
Садықтың бұл сөзі ұмытылмастай боп ұзақ жылдар бойына менің есімде қалған-ды. Ол өлер алдында: «Сабыр, аман-есен елге қайтсаң, баршасына сәлем де!»— деген ақырғы сөзінде Сақышты жеке бөліп аузына алмаған.
«Неге сәлем айтпады?» деген ой маған үнемі маза бермейтін. Әлде Хауасси екеуінің арасындағы оқиғадан кейін, есіл ер Сақышқа деген мөлдір махаббатқа енді қақым жоқ деп ойлады ма? Әлде басқа себебі болды ма, кім білсін... Бірақ оның жүрегі тек Сақыш деп қана соғатыны маған аян еді. Осынау қан қақсаған арпалыста елі үшін, халқының келешегі үшін қорқақтық көрсетпей, адал соғысып, Сақышқа мақтаныш болу — оның арманы екенін мен жақсы ұғатынмын. Егер Садық майданнан тірі қайтқанда бұл тілегінің бұлжымай орындалғанын өзі де көрер еді. Әттең, әттең, не керек, жауын мұқатам деп мерт болған лашын құс, қандай биіктіктен темен самғағанын өзі біле алмай жан тапсырады.
Садық соғыстан сау қайтқанында, өмірдің ең таңғажайып қуанышына, бақытына қақы бар еді. Ал сол қуанышқа, сол бақытқа Садықтан айрылған Сақыштың қақы бар ма еді? Бар болса қандай еңбегімен, қандай адал, ерлік қасиетімен жеңіп алды?
Бұл сұрақ та менің бір бүйірімде түйіршік тастай мызғымай жататын. Мысқазғанға оралғаннан кейін он шақты күннен соң Сақыш мені іздеп келді. Садықтың қалай қаза болғанын жасырғам жоқ, бастан-аяқ бәрін оған айтып бердім. (Әрине, графиня Хауасси туралы аузымды ашқам жоқ, өйткені бұл Садықтың мінез-құлқына жатпайтын, жол-жөнекей жаумен күрес үшін пайда болған оқиға еді). Сақыш сөзімнің аяғына дейін шыдай алмай, еңірей жылап, үйден тәлтіректей басып шығып кетті. Мен оны тоқтатқам жоқ. Жүрегінің запыранын көзінің жасымен шығарсын дедім. Әйтсе де «Садық, олай-бұлай болып кетсе, онысыз мен өмір сүрмеймін» деген баяғы сөзі есіме түсе берді. Көпке дейін жау жерінде топырақ жамылып жатқан сүйгенінің күйігінен дүниенің дәмі кетіп, Сақыш өзіне-өзі зақым істемесе жарар еді деп қобалжып жүрдім. Демек, ондай жан түршігер ештеңе естіле қойған жоқ, тек бір күні Сақыш Мысқазғаннан кетіп қалыпты деген хабар маған да келіп жетті. Содан кейін бірте-бірте Сақышты мен де ұмытқам. Садықтың бағына туған бір жұлдыз еді. Садық сөнген соң, бұ да сөнген шығар дедім. Бірақ тағдыр деген қара қарға бар, қарқылдап ештеңені ұмыттырмайды.
Алдыңғы жылы Алматыға барғанымда, бір кезде мектепте бір бөлмеде оқыған Сәрсен деген жігіт ұшыраса кетті. Буырыл тартқан толқынды шашына, үстіндегі қыры сынбаған сұр костюмі келісіп тұр. Қолында крокодилдің терісінен істеген жуан портфель бар. Аяғында адамның суреті түсетіндей сүйір тұмсық қара шеблет... Қарны да, екі қабаттығы білініп қалған әйелдей, орта құрсақтана бастаған. Соғысқа бармағанын ертеде естігем. Ғылым гранитын кеміріп жүр дейтін кейбір оны танитын жолдастарым. Ол гранитке тісі батты ма? Батса қаншалық ойсыратып тастады — онысын білмейтінмін.
Сәрсен мені бірден таныды. Екеуміз шұрқырастық та қалдық. Бес минутта хал-жағдайымызды тегіс біліп те үлгерістік. Жақында докторлық диссертация қорғапты. Дүниеде бақытты екі адам болса — бірі, ал жалғыз адам болса — сол жалғыздың өзі осы Сәрсен секілді. Соғыс бітер жылы үйленіпті, екі баласы бар екен. Ал әйелі... әйеліне келгенде маған бір қуаныш әкеліп, сүйінші сұрағалы тұрған адамдай екі езуі екі құлағына жетіп мәз-мейрам болды да қалды. Сөзіне қарағанда, қазақ әйелдерінің ішіндегі көріктісі де, көңілдісі де сол көрінеді. Қысқасы, жұмсауға қимайтын, тек сандыққа салып қана сақтайтын гауһар тастан да қымбат бір асыл зат дерсің!
Гүл-гүл жанған тұрмысын, сары алтындай сақтап келген әйелін көрсетіп мақтанғысы келді ме, әлде бала жаста бірге оқыған жолдасымен дөңгелек стол қасында отырып, бір құмарын тарқата сырласқысы келді ме, әйтеуір ол қой жүніне ілінген тікенектей маған жабыса кетті.
— Ал біздің үйге барайық,— деді қолымнан ұстап,—қалай тұратынымызды көр. Кей адам бөтеннің бақытты үй басын көре алмайды. Сен ондайдан аулақ болуға тиістісің. Шын пролетариат қашан да болса капитализмнің бізге қалдырған сасық дәстүрінен жоғары тұрады. Сен шахтерсің ғой. Былайша айтқанда, нағыз пролетариатсың. Сені ондай қылыққа қимаймын.
Қолым да бостау еді, оның үстіне Сәрсен де үй ішін көрсеткісі келіп өліп-өшіп тұрған соң көңілін қимай, соңынан ере бердім. Екі-үш көше өткен соң, зәулім биік қарағай мен ақ қайыңға бөленген бес қабат үйдің жанына келдік.
— Үкімет мүшелеріне арнап салынған,— деді үйдің жайын түсіндіріп, мәз болғандай сыртынан бір көз тастап.— Министрлер Советінің ұйғаруы бойынша ғалымдардан үш-төрт адамға ғана берді...
Пәтері төрт бөлмелі екен, бөлме іштері толған қымбат гарнитур, асыл кілем, еденін мысық жалағандай етігі жылтыратып тастапты. Ас дайындайтын бөлмеден былқылдатып қайнатқан жас бағлан етінін, иісі мүңкіп, мұрныңды жарып барады. Сұңғақ бойлы, толықтау келген, бетінен қамы тамған тобылғы күрең, әйел, жайраңдай келіп күйеуінің қолындағы портфелін алды. Маған күлімсірей көз тастап:
— Жоғары шығыңыз,— деді.
— Қанат пен Жанат қайда?—деді байы.
— Далаға велосипед тебуге кетті,— деді әйелі даусын қоңыр қаздың үніндей созып. Дауысыңда еріне деген бір еркелік бар. Мұндай әсем сазды үн тек шын бақытты ерлі-зайыпты адамдардың сөздерінен ғана аңғарылады. Сәрсеннің бақытты екеніне мен енді шек келтірмедім.
Ал әйелі де бақытты ма? Мен әйелдің бетіне үңіліп қарай бердім. Қараған сайын ол маған таныс адам секілді жылы ұшырай бастады. Баяғы оймақ ерін, құмар көз, тобылғы күреңнің сұлуы Сақыштың өзі болып шықты. О да мені таныды.
— Ойбай-ау, Сабыр ағайсыз ба?—деді ол шын қуанып кетіп.
Іп-ілезде стол үстіне бес жұлдызды коньяк пен жүзім, алма салынған тәрелкелер толып кетті. Буы бұрқырап шай да келді! Сақыш бір де бір өзгермеген, сол баяғы қалпы: екі бетінен қаны тамады, көзі күлім-күлім етеді. Тек денесі ғана толыққан, азырақ көзінің алдында әжім пайда болған. Сылаңдаған жасқа қанша еліктегенмен де, уақыт өзінікін алғаны сезіліп тұр. Бірақ оған қарайтын Сақыш жоқ. Шын бақытты екенін маған аңғартқысы келгендей, әлсін-әлсін күліп, бір тұрып, бір отырып жайраң қағады. Мен келгелі Садықты аузына бір рет те алған жоқ. Шай ішкенімді де, у ішкенімді де білмеймін, жарты сағаттай әзер отырып, асығыс жұмысым бар еді деп сылтау тауып шығып кеттім.
Менің бұл қылығымнан Сақыш еш нәрсе түсінді ме екен? Әй, білмеймін, түсінбесе керек, өйткені ол маған тым бақытты көрінді. Басына бақ құсы оп-оңай қонған адамнан дүниеде топас адам жоқ. Ол өзгенің қайғысын да, қуанышын да жете түсінбейді. Сақыш та соның бірі секілді. Менің мұным Садық өлді екен деп Сақыш өмір бақи қара жамылып өтсін деген сөз емес. Жоқ, менің ойым басқада. Садық пен Сақыштың өмірден тілегені үлкен бақыт, үлкен махаббат еді, ал Сақыштың Сәрсеннен тапқаны уақ, болмашы бақыт секілді. Осыған Сақыш қалай мәз болады? Әрине дүниеге келген адамның қайсысының болса да өзінше бақытты болуға қақы бар. Бірақ жалпы алғанда бақыт деген не? Егер Сәрсен мен Сақыштың жаңағы мен көрген жиһазы дүниеге толған төрт бөлмелі пәтері, ғалым деген аты, ерлі-зайыпты екі адамның талассыз тату-тәтті өмірі ғана ма? Онда, дауам жоқ. Сақыш пен Сәрсеннен бақытты адам болмасқа тиісті. Ал Садық секілді, бақытты қолға оңай түспес терең тұңғиық астында жатқан меруерт санасаң, онда бұл екеуінде қандай бақыт бар? Бақытты болуға қандай қақы бар? Біреуінің сұлулығы, екіншісінің осындай күйге жетемін деп ебін тауып ғалым деген атаққа ие болғаны ма? Ғылым жолында ол бір жаңа заң, табиғаттың жаңа бір құбылысын ашып жатыр ма? Сәрсен деген оқымыстының атын естісем бұйырмасын! Бұл жалғанда не көп, диссертация қорғап ғалым болған көп! Бұл да соның бірі болар! Ал бақыт тұңғиықта жатқан асыл тастай зор еңбекпен, мехнатпен қолға түсуге тиісті болса, ондай бақыт тек Садық секілділердің қолынан келеді. Бұл Сәрсеннің ие болар қандай қақы бар? Жоқ, Сәрсеннің оған қақы бар. Себебі Сақыш мен ойлаған Сақыш емес екен. Шын бақытқа, Садық ойлаған ұлы бақытқа, Сақыштың қақы жоқ. Өйткені «жер үстінде жылжуға жаралған — көк бетінде самғай алмайды». Сақыштың өресі ақиық қыран Садық емес, қиялы қанатсыз Сәрсен. Бұған менің көзім сол жарты сағат отырғанда әбден жетті. Сондықтан «Әттең-ай!» деп мен Сақышты Сәрсеннен қызғанған жоқпын. Адамшылық арыма келіспесе, де, «Саған осы керек!» деп мен оны іштей табалап кеттім.
Бірақ сол күнгі көргенім мені қатты тебірентті. Әлсін-әлсін Садықты есіме сала берді. Егер ол соғыстан тірі қайтқан болса, Сақыш пен Сәрсен көріп отырған өмірдің бар қызығын да, бақытын да сен көрер едің-ау деймін. Бұған оның қақы барына ақ жүрегі де, ерлік істері де куә. Әттең, не керек, дүниеде кейде бақытқа шын ие болар адамдар мехнатпен өтеді, ал еш мехнат көрмеген жандар өмір бақи бақытты өтеді.
Бұлар менің Садық туралы қазіргі ойларым. Ал соғыстан қайтқан кезде оны есіме түсіре беретін басқа да себеп бар-ды. Ол себеп Ақбаян болатын. Өздеріңе айттым ғой, Садықтың бейнесі алғашқы кезде жадымнан бір шықпай қойды. Оның ерлігі, қайсарлығы көзімді жұмсамақ болды, көңілімді елтіп, әлде қайдағы қияға қиялымды жетектей жөнеледі. Бір беттегі екі көзге қарасаң біреуін көріп, біреуін қалай көрмей қаласың. Садық туралы ойласам, амал жоқ енді Ақбаян туралы да ойлауға мәжбүр болдым.
Ағасына деген сезімім, жүрегімнің жылылығы біртіндеп қарындасына да ауысты. Оның ерте шығуы, Садықтың Хауассимен көңіл қосуы тәрізді, бір жат жағдайдан тұран лажсыз шешім секілді көрінді де турды. Ақбаянның жүрегі сүттей ақ, күні туса Садық құтылған жат жағдайдан о да құтылады, біз әлі кездесеміз деймін. Менің бұл «кездесуім» мені бір бұлдыр үмітке апарып соғады. Сол сағым секілді қолға түспес үмітке мен өзім мәз боламын. Күні-түні Ақбаян туралы ойлаймын. «Алтын құсым, шыныменен мені ұмытып кетесің бе?»—деймін. Өздерің айтыңдаршы, майданнан жараланып келіп, төсек тартып жатқан жиырма үш жасар жігіт қыздан бөтен не ойлайды? Нені арман етеді? Менің мұным сөкет пе?
Винтер оққа ұшқан күннің ертеңіне тағы да үлкен ұрыс болды. Сол айқаста мен екі аяғымнан бірдей жараландым. Қиғаштай жауған автомат оғы екі балтырымның екеуіне бірдей тиіпті. Тек сүйектері аман. Бірақ ашық жараларыма керзі етіктің ішіндегі кір шұлғаудың жырындылары кіріп кетсе керек, үш күннен кейін екі аяғым тіземе шейін асқынып, күптей болып ісіп кетті (артынан барып білдім, бұны орысша «гангрена» дейді екен). Ісік зардабы бүкіл денеме, жүрегіме тарай бастады. Әйтеуір, ауруларды таситын поезға әкеп салғандары есімде, ар жағында не болғанымды өзім де білмеймін, талып кетіппін. Күн өтті ме, ай өтті ме, жыл өтті ме, жадымда жоқ, көзімді ашқанда көргенім дәл
осындай аппақ бөлме, алтын шашты, көгілдір көзді бір жас әйел бетіме күлімсіреп үңіліп тұр. Шырамытам, бірақ кім екенін бірден есіме түсіре алмаймын. Ой тоқтатып, анығына жетейін десем, шамам келер емес, тұла-бойым күйіп-жанып әкетіп барады. Басым өз басыма ұқсамайды, біреу әкеп мойныма кигізе салған зілдей бірдеме тәрізді...
— Сабырка, қалайсың? Түу, әбден зәремізді алдың ғой,— деп күлімсірейді әлгі әйел.
Енді таныдым.
— Таня, Танюша, Татьянажан,—дей берем.
Садық екеуміз соғысқа кететін жылы біздің шахтаның «медпунктіне» Алматы дәрігерлер институтын бітіріп, Татьяна деген қыз келген. Осы алтын шашты, ақ сары қызды жұмсақ мінезі үшін шахтерлер бірден жақсы көріп кеткен. Біреулер оны Таня, біреулер Танюша, Татьянажан деп еркелете атайтын. Көптен бері елді сағынып қалған басым, танысымен-ақ, оны бар атымен атап қуанып жатырмын...
— Мен қайдамын?—деймін ақырын күбірлеп.
— Қарағанды госпиталындасың,— дейді Татьяна күлімсірей.
Мен үндемей көзімді жұмамын. Өз жерімде, қазақ жеріндемін! Германияда жүргенімде, бір уыс топырағыңды иіскесем арманым болмас деуші едім. Сол жерім! Өзге жердің бәрі жақсы, бірақ өз жерін,. туған жерің бәрінен де артық. Қандай бақыттымын!
Жоқ, басым да бөтендікі емес, өзімдікі. Татьяна, Қарағанды деген сөздердің бәрі де миыма қонуда. Ғарыштағы дозақтан дүние деген ұжмаққа қайта оралғанымды біліп жатырмын.
— Бүгін Ақбаян мен ері келіп кетті,— деген Татьянаның даусы о дүниеден естілгендей болады. Өйткені мен қазір бұ дүниенің қызығында жатырмын. Маған қазір өз қуанышымнан бөтеннің бәрі — менің сана-сезімімнен тыс түсінік. Бірақ Ақбаянның аты менің қалғып бара жатқан сезімімді қайта оятты.
— Ол саған хат тастап кетті,— деді Татьяна тағы да даусы алыстан сөйлегендей ақырын естіліп.
Ақбаян! Хат! Бойымды өртеп жатқан бұрынғы ыстықтықтан да артық басқа бір жалын мені біржолата балқытып жібергендей. Жоқ, бас та езімдікі және ол шойын да емес, кәдімгі ет, сүйектен жаралған бас. «Ақбаян хат тастап кетіпті!» Бұны түсінген бас өзімдікі болмай кімдікі болады? Мұндай түсінгіш басы бар адам бақытты адам емес пе! Шынында да мен бақытты адаммын. Бір күннің ішінде қанша қуаныш! Татьяна, Қарағанды, Ақбаян, хат! Ақбаяннан хат! Және өзі келіпті! Жоқ, жоқ, жалғыз өзі емес... ерімен. Ері несі?.. Ах, иә...»
— Әлжан да саған сәлем деді...
«Әлжан?» Ә!. Бүгін Ақбаян ерімен бірге келіп кетті. «Ері екен ғой!», «Ері?.. Ер деп адам мінетін малдың үстіне салатын ағаш затты айтпай ма?.. Сонда Ақбаян мінетін мал болғаны ма?.. Әйелдің жұбайын ер деу қандай тұрпайы мағына береді! Қазақ та не болса соны қоя салады. Бірақ ер деген сөздің батыр жүректі деген де мағынасы бар ғой. Мүмкін бұл сөз содан алынған шығар. Онда ол сөздің Әлжанға қандай қатынасы бар?.. Жоқ, шынында да мынау бас бұрынғы менің басым емес. Әлдекім мойныма орната салған біреудің басы... Әйтпесе, бүйтіп шатаса бастамаса керек еді...»
— Хатты кішкене жөнделген соң қырсың. Саған әзірге дем алу керек. Ауруыңның беті қайтты. Бірақ әлі де болса...
Татьянаның сөзі маған тағы да алыстан естілді. Ғажап! Хатты жөнделген соң оқырсың, саған әзірге дем алу керек дейді. Ақбаянның хаты менің жөнделуіме де, дем алуыма да қандай керек екенін бишара Татьяна білмейді ғой. Білсе бүйтпес еді.
Жоқ, Татьяна Ақбаянның маған кім екенін жақсы біледі. Мысқазғанның бақшасында Ақбаян алғашқы рет Әлжанды көргенде оның жанындағы талдырмаш денелі орыстың сұлуша қызы осы Татьяна болатын. Хатты соңынан оқырсың дегеніне қарағанда, ол хатта маған деген қуаныш жоқ тәрізді. Бұны менің басым емес, жүрегім сезеді. Бас — ақыл иесі. Сөйте тұра бұл сорлы бас осы уақытқа дейін Ақбаян сенікі емес дегенге түсінбейді. Мұндай ақымақ болар ма! Сірә, бұл менің өз басым емес, бөтеннің басы шығар. Өз басым болса қандай күйге ұшырағанын неге ұқпайды!
Аурудың беті қайтқан соң, жас дене ғой, тез жетіле бастадым. Екі жетіден кейін жүруге де жарап қалдым. Ең алғашқы асханаға өзім барған күні Татьяна маған Ақбаянның тастап кеткен хатын берді. Хатында ол:
«Сабыр. Бүгін еріммен бірге (тағы да «ерім» дейді жұбайын) Қарағандыға келіп едік, осында жатқаныңды естіп, кіріп шықтық. Сенің майданнан жазған хаттарыңа жауап беруге қолым тимеді. Соның есесіне осы хатты тастап кеттім. Сұраған сұрақтарыңа жауап берейін. Тұрмысым жақсы. Мысқазғанда қазір үш трест бар. Әлжан соның бірін басқарады. Институтқа түсейін деп талпынған жоқпын. Өмірдің қызығы оқуда емес, бақытта ғой. Сол бақыттының бірі өзім секілдімін. (Тәубе, бұл да Сақыштан аусайшы!) Әлжаным тірі тұрса, қор болатын емеспін. Сенің құрбы-құрдастарыңнан мұнда бәлендей көзге түсер ешкім де жоқ. Көбі майданға кеткен. Майданға кетпегендері осында шахталарда жай жұмыста жүр. Мысқазғанға келе қалсаң, өзің де көрерсің.
Жазылып шығуыңа тілектес Ақбаян мен Әлжан!»
Бұл хатты оқыған күні түнімен тағы ұйықтамай шықтым. Кейде тіпті жылап та алдым. Майданда өліммен сан рет кездескен батыр жігіттің екі кезіне не бола алмауы ерсі-ақ, екен. Бірақ амал не, жыламау қолымнан келмеді. Ақбаянға бақыт неде екенін түсіндім. Бар арманым онымен дидарласып, бір сырласу еді. Қолдан тоқыған маржан мен меруерттей, көкірегімде оған арналған сан сырлы әдемі сөздер бар болатын. Енді ол арманымнан көктегі жұлдыз жақын екенін ұқтым. Бұл менің махаббатымның еш үміт қалдырмай күйреуі еді. Амал қанша, алтын құс дегені қызыл көрсе қызығар қара қарға болып шықты. Енді бұрынғымнан бетер күйіндім. Бүкіл хатында маған арналған бір ауыз жылы сөзі болсайшы! Әсіресе, «жазылып шығуыңа тілектеспіз» деп Әлжан екеуінің атын жазғаны батып кетті. Әлжанның маған қандай тілектес екенін білмеймін бе? Сары болып туғаным әкемнен дегендей, менің Ақбаяннан айырылуыма себеп болған осы Әлжан емес пе? Енді жазылып шығуыңа тілектеспін дейді! Бақаны кілемге отырғызсаң да, батпаққа қашады. Жаман адамды қандай дәрежеге көтерсең де, жамандығын көрсетеді. «Жазылуыңа тілектеспіз» деп атын жазғанша, жазбай-ақ қойса қайтетін еді! Ең болмаса менің жаралы жеріме тимейді ғой. Ертеңіне ауруларды аралап жүрген Татьяна менің бір түнде жүдеп қалғанымды бірден аңғарды.
— Саған не болды, Сабыр?— деді менің неге кезімнің кіртиіп қалғанын іштей сезіп тұрса да.
Мен бұл кішкентай бөлмеде жалғыз жататынмын. Татьянаның сұрағына жауап берудің орнына:
— Әлжан қандай адам?— деп өзіне қарадым.
— Оны мен қайдан білейін?
— Сіз біледі ғой деп едім...
Татьянаның есіне баяғы бақшалы кеш түсті ме, ақырын жымиып күлді.
— Бірі кеште екі адамның бірге жүргенін көруден ол екеуі бірін-бірі біліп қалған екен деп сұрау орынсыздау секілді...
— Кешіріңіз, менің сұрағым расында орынсыз екен...
— Кешірдім,— деді Татьяна күліп,— бірақ есіңде ұста: сол кеш Әлжан екеуміздің ең алғашқы және ең соңғы кездесуіміз болды.
— Тым шолақ болған екен кездесуіңіз.
— Түйені кілем жапсақ да, жасыра алмайсың демейді ме қазақ, жаман адамды бір кеште де тануға болады.
Енді мен күлдім.
— Жаңа «оны мен қайдан білейін» деген жоқ па едің?
— Сен менен «Әлжан қандай адам?» деп сұрадың ғой. Оның қандай адам екенін мен расында, да білмеймін. Біреуге ұнаған біреуге ұнамайды. Өзім де түсінбеймін. Маған салсаң, Әлжан жаман адам, ал, Ақбаянға...
— Жаңа өзіңіз айттыңыз ғой «Түйеге кілем жапсаң да жасыра алмайсың» деп. Сіз көргенді Ақбаян қалай көрмейді?
— Кім біледі, көргісі келмейтін шығар.
— Ол мүмкін емес!
— Кейде мүмкін емес нәрсе де мүмкін болады. Бұл адамның өмірге деген көзқарасымен байланысты. Өмірлік махаббатты аз күннің қызығына айырбастайтындар да аз емес. Махаббат дегенді тек әйел мен еркек арасындағы физиологиялық байланыс деп түсінетіндер де бар... Әйел атаулысының бәрі бірдей емес. Біреуі алмадай қызыл, тіске жұмсақ болса, басқа біреуі жаңғақтай қатты келеді. Оның алмадан тәтті іштегі дәнін тату оңайға түспейді.
Татьяна екеуміздің арамыздағы сондағы болған сөздерді ойға салып жатып, кенет тағы Садық есіме түсіп кетті. Жоқ, Садық емес-ау, Садықпен байланысты графиня Хауассидің бейнесі кез алдыма тұра қалды.
Соғыс біткелі он жылдай болып қалған. Мысқазғанның әйгілі бұрғышысы аталып алған кезім. Оның үстіне сырттан Алматыдағы Тау-кен институтында оқимын. Бір күні біздің парторг Ақшалов (ол пенсияға «әне шығам, міне шығам» деп жүрген-ді) алдыңғы қатарлы бірталай жұмысшыларды жинап алды. «Бүгін Германиядан келген кәсіпшілер одағының уәкілдерімен кездесеміз. Бәрің де дұрысталып киініп Мәдениет сарайына келіңдер»,— деді. Айтқан уақытына біз тегіс жиналдық. Жарты сағаттай күткеннен кейін, «қонақтар келе жатыр» деген хабар алдық. Сөйткенше болған жоқ, есік ашылып, үйге шет елдік жиырма шақты кісі кіріп келді. Қасқа бас, көкқұтан секілді серейген-серейген біреулер. Іштерінде бірен-саран бұйра шаш тапал бойлы семіздері де бар. Кәсіподақтарының уәкілдері болса болғандай-ақ, бәрі де жұпыны киімді, мойындарында фотоаппараттары бар, кеше ғана айырылысқан бауырларымыздан біздермен құшақтасып амандасып жатыр. Біздің Мысқазғанға шетелден адамдар жиі келеді. Әрине кеншілерді капиталиспен де, империалиспен де таң қалдыра алмайсың. Бірақ бұ жолы мені таң қалдырған басқа жағдай болды. Уәкілдердің ішінде үш-төрт әйел бар. Әсіресе, біреуі өзгелеріне қарағанда көріктілеу және өзін-өзі ұстау келбеті де өзгешелеу. Әр қимылында паңдық, өзгені менсінбейтіндік мінез сезіледі. Бірден тани кеттім: баяғы өзім шахтасында істеген, Садықты өз қолымен атып өлтірген графиня Хауасси Винтер. Мәскеуден ертіп келген біздің адам оны ФРГ көміршілер кәсіподағының уәкілі деп таныстырған. Алыстау тұрып атын аңғара алмай қалғам. Баяғы сылаңдаған қалпы, тек сәл қартаяйын деген. Бұрын көрген тәжірибелі көз болмаса, бетіндегі баттасқан бояудан оны айыру қиын. Қасында ұзын бойлы ат жақты жас жігіт бар. Бұнысы осы әйелдің жұбайы, журналист деген. Алдымен әйелді Винтерге ұқсас біреу ме деп ойладым. Жетпіс миллион халқы бар Германияда екі әйелдің бір-біріне ұқсас болуы ғажап па? Әрине ғажап емес. Бірақ бұл ойымнан тез қайттым. Хауассиді бірнеше рет көргем, сондағы бір байқап қалғаным: ол оң қолымен әлсін-әлсін самайын сипай беретін. Бұның да сондай әдеті бар екен. Неміс әйелдерінің бәріне самайын сипау жазылып қойып па, сөзсіз бұл Хауасси дедім. Тағы мені таң қалдырған бір жағдай—Винтердің шахталары ГДР жерінде болуы керек еді, ал мына әйел ФРГ-дан келіпті. Бұл қалай? Әлде шахталарын Германия Демократиялық Республикасы ұлт қазынасына тартып алғаннан кейін,. ФРГ-ға шығып кетті ме екен? Бірақ мен білетін Винтер жұмысшы кәсіпшілер одағында мүшелікте тұрмаса керек еді... Сонда қалай болғаны? Қайткен күнде де бұл арада мен түсінбей тұрған бір гәп бар тәрізді. Ол не гәп? Қан ішер «СС» офицерінің әйелі бізге жұмысшы одағының атынан тыңшы болып келіп жүрмесін кім білсін? Өйткен жағдайда бұны әшкерелеу керек. Бірақ қалай әшкерелейсің? Сенің сөзіңе кім сенеді? Өзің сенесің бе? Қандай дәлелің бар? Кенет Хауассидің орысша жақсы білетіні есіме түсті. Сұрақ кезегі дәл осы тұста маған келіп қалар ма, мен ойланбастан:
— Госпожа Винтер,— дедім орысшалап,— сіздің шахтаңызда қазір қанша жұмысшы бар?
Хауасси менің сөзіме елен де еткен жоқ. Мәскеу өкілі маған қарап:
— Бұл кісі орысша білмейді,— деді,— және фамилиясы Винтер емес Гунтер...
— Мен бұл кісіні жақсы танимын.
— Қалайша?
— Бұл кісі «СС» полковнигі Винтердің әйелі. Куперменде бірнеше шахтасы болған. Соғыс кезінде мен онда тұтқында жүріп жұмыс істегем.
Москва уәкілі менің сөзімді аудару керек пе, жоқ па сол ойланып қалды. Әйткенмен:
— Бұ кісі соғыс кезінде Шығыс Германияда болыпты, сізді графиня Винтерге ұқсатып отыр,— деп жеңіл түрде аударып берді. Жігіттің ойын мен өзімше түсіндім. Сірә, ананы күні бұрын шошытып алмайын деген болар дедім мен ішімнен.
Винтер-Гунтер жанындағы «күйеуіне» қарап жайбарақат күлді.
— Вик, мені танитын тағы біреу шықты, көрдің бе?— Сөйтті де Москва уәкіліне бұрылды,— бұл менің үйренген ісім, мені көп адам ақ Шығыс Германиядағы бір Винтер деген графиняға ұқсатады...
Бұдан әрі Мәскеу уәкілі маған сөз берген жоқ, әңгіме жұмысшылар жайына, кәсіподағының кезекті міндеттеріне көшіп кетті.
Тек кешке таман, мемлекет қауіпсіздігін қорғайтын мекеменің бір жігіті біздің үйге келді. Ол графиня Винтердің соғыс кезінде қандай қиянат істегені жайында ұзақ сөйлесті. Мен білгенімді айтып бердім. Садықты қалай атқанын да жасырғам жоқ.
Әңгімеміз осымен біткендей еді. Бірақ бір айдай уақыт еткен шақта, әлгі жігіт маған тағы келді. Ол бізге келген әйел Гунтер емес шын графиня Винтер болып шыққанын, совет тұтқындарына соғыс кезінде көп жәбір, айуандық істен, қазір жасырын атпен тыңшылық мақсатпен келгені анықталғанын айтты. Мен оған таң қалғам жоқ. Және одан Винтерге не істедіңдер деп сұрамадым да. Өйткені мұндай жауыз жандарға қандай жаза қолданатыны бәрімізге де мәлім ғой. Садықтың алдында өзімнің бір міндетімді атқардым деп ойладым.
Бұл әңгімені қозғағанда, мен графиня Хауассиді қалай ұстап бергенімді айтайын дегем жоқ. Жамандық ашылмай қалмайды, мен болмасам оны басқа біреу ұстап берер еді. Әңгіме Хауасси бейнесі жайында. Өз қолымен атса да, Хауассидің Садыққа құмар болғаны хақ. Садық секілді жігітке құмар болмау менің түсінігімде мүмкін емес. Түр қандай, сымбат қандай, мінез қандай! Көзсіз ер, жас баладай сенгіш жан! Бірақ Хауассидің, құмарлығы қандай құмарлық? Меніңше, Хауассидің құмарлығы әйелдік сезімнен туған еркекке деген тек тән құмарлығы! Мұнда мінез үйлесуі, мақсат бірлігі, не болмаса асқан енер, адамгершілік қасиеттерден жарасып келетін бір де бір табиғи сезім жоқ. Мұндай құмарлық адамдардан гөрі, қасқырлар арасында кездеседі! Ал қандай қасқыр болса да, бір-бірінің мауқын басқаннан кейін бөлініп кетеді. Олардың екінші рет қосылуы да екі талай. Хауасси да қаншық қасқыр, ол Садықтан мауқын басып еді, өз қолымен атып тастауға шіміріккен жоқ. Егер Садықты нағыз адамдық сезіммен сүйген болса, айырылуға тура келген күнде де, арасындағы қайта оралмас махаббат» үшін оны ажалдан алып қалар еді. Бұны істеу Хауасси секілді әйелдің қолынан келер де еді.
Демек, Хауасси өзімен кетсін. Сонда Ақбаянның Әлжанға дегені қандай махаббат? Хатына қарағанда, екеуінің арасындағы сезім Әлжанның бастықтығымен байланысты тәрізді. Бірақ мұндай да махаббат бола ма? Егер Әлжан трест бастығы қызметінен түсіп, жай жұмысшы болып қалса, Ақбаян оны бұрынғыдай сүймеуі керек пе?
Хат сөзінен мен Ақбаянның Әлжанға деген аса бір артық сезімін байқай алмадым. Мүмкін байқағым келмеген болар? Өзі ғашық адамнан мұндайда әділетті шешім шықпауы да мүмкін. Осындай ойда жатқанымда Татьяна маған қарап тағы күлімсіреді.
— Сабыр, сіздің сау қалғаныңызға өте қуанышты екенімді өзіңіз де сезетін шығарсыз,— деді,— екі рет консилиум болды, екеуінде де сізді аман алып қалудың жолы екі аяғыңызды кесу деп тапты. Бұл қорытындыны істеген белгілі хирург-дәрігер болсадағы маған оларға қарсы тұруға тура келді...
— Бекер қарсы болғансыз!— дедім Ақбаяннан мүлдем айрылған күйігімді баса алмай.— Екі аяғымды біржолата кесіп тастағандарың жақсы еді. Екі аяқтың күйігі, қазіргі менің жан күйігімнен анағұрлым жеңіл тиер еді.
Шіркін жастық! Шіркін махаббат! Бар ақылыңды үнемі сезімге жеңдіресің! Ақбаянды жақсы көргендігім соншалық тіпті маған істеген опасыздығын өзімнен көргім келді. Сөйтсем оны таза алып қалатындаймын. Егер меңін екі аяғым жоқ болса, Ақбаяннан өзім де үміттенбес едім. Екі аяғы жоқ адамды сүймегені үшін Ақбаян да айыпты болмас еді. Оған мен айыптысың дей де алмас едім. Бірақ Ақбаянға деген таза махаббатым менің жүрегімде мәңгі сақталар еді. Сол бір асыл сезім маған сан мәртебе қанат берер еді. Дәл қазіргідей күйретпес еді, Ақбаянның өзіме орынсыз қазіргі істеген опасыздығыңдай ақ жүрегіме қара күйе жақпас еді! Дәл осы сәтте, шыным, мен құдайдан ажал тіледім. Көрініп келген күйіктен, көрінбей келер өлімді артық көрдім.
Бірақ менің бұным не? Әлде мен боз екпе осал жанмын ба? Ақбаян мені қиғанда, мен оны неге қимаймын? Оның опасыздығын ақтар себеп іздеп, басымды неге жарға да, тасқа да ұрамын?
— Мен сізден мұндай «алғыс» күтпеген едім,— дейді Татьяна өкпесін жасыра алмай.
Алдымен түсінбесем де, аздан кейін барып оның сөзін ұқтым. Екі аяғыңды кестірмей, сені мәңгі мүгедектіктен сау алып қалған адамға, «сен бұл жақсылықты бекер істедің» деу қандай иттік!
Артынан барып езге дәрігерлерден анығын білдім. Менің сау қалуым тек Татьянаның арқасында екен. Госпитальдағы бас дәрігерлік қақын пайдаланып, «Аяғын кесу керек» деген консилиумның қорытындысына көнбей қойыпты. «Бұл жігітті күтіп тұрған екі аяғынан айырылудан да ауыр қайғы бар. Оның үстіне екі аяғынан айырылса не болғаны.
Жоқ, мен мұны ондай мүсәпірлікке қиюға қақым жоқ»,— деп, операция істетпепті. Бірақ өзі он күндей (менің ең қиын кезімде) жанымнан шықпапты. Пеницилин уколына дейін өзі істепті.
Әрине, Татьянаның жақсылығын артынан түсіндім. Ақбаянды былай қойғанда, мен ең алдымен шахтермін ғой. Екі аяқсыз шахтер — шахтер емес. Ондай адамға өмірдің керегі не?
Менің сөзіме өкпеледі ме, әлде бөтен шаруасы болды ма, Татьяна он шақты күндей бөлмеме кірмей қойды. Қанша қайғың болғанмен, адамгершілік деген бар ғой, жан күйігі үстінде өзіңді мәңгілік мүсәпірліктен сақтап қалған адамға айтқан ауыр сөзімнен енді өзім қысылдым. Кешірім сұрап, оған алғысымды айтуға Татьянаның келуін күттім. Мені қарауға басқа дәрігерлер келеді. «Бас дәрігер» қайда деп сұраймын, олар үнемі «бір ауыр операция істеп жатыр» әйтпесе «мәжіліс өткізуде» деп жауап береді. Өмірі бітпейтін не қылған қаптап кеткен ауыр операция мен мәжіліс деп таң қалам. Бірақ таң қалуға да болмайды, соғыс болса жүріп жатыр, совет адамының ерлігі күннен-күнге өршуде. Ерлік өршіген жерде — жан түршігерлік талай қауіпті жағдайлар болады. Адам сан ауыр жағдайларға кездеседі. Демек, кей нянялар Татьянаның кейде көрші бөлмелерге келіп кеткенін маған айтып қояды. Оның өкпелегені енді маған әбден анық болды. Татьянаны бір көрсем деймін. Бұным кәдімгідей кеселге айналды. Өз айыбыма кешірім сұрау бір үлкен тілекке айналды. Татьянаны іздеп бара алмаймын. Әлі жүруге рұқсат етілген жоқ. Менің бар қолымнан келері — төсекте жатып алып ойға шому. Осындай кезімде «Бұл неткен әйел» деп Татьяна туралы ойлайтын болдым. Кейде оның түрін, жүрісін, күлкісін көз алдыма елестеткім келеді. Елестетем де. Елестетсем, оның маған кей көз қарасы, кей бұрылысы, сәндене басқан аяқ алысы ұнай бастаған тәрізденеді. Расында солай ма деп тағы ойлаймын. «Иә, солай» деймін өзіме-өзім. «Мені аман алып қалуға соншама неге жан салды екен?» деймін тағы да. «Кісіні аман алып қалу дәрігердің міндеті емес пе» деймін өзіме-өзім жауап беріп. «О, ондай міндетті қатты ұстаған дәрігер — шын дәрігер, жақсы адам» деймін. Бұл ойым жалпы дәрігерлерді бағалаудан гөрі басқа жағдайға көшеді. Енді мен «Татьяна — жақсы қыз, алтын қыз» деген қорытындыға келемін. Қайғылы бола тұрып өзімді-өзім кекете күлемін. «Ақбаянға «алтын құс» деп ат қойып едің, енді Татьянаға «алтын қыз» деген ат қойдың осы сенің өзіңде де бір пәле бар ма деймін. Әйтсе де Татьянаға қойған атым езіме ұнайды. Оның шашы да қызғылт алтындай, мінезі де тот баспайтын сары алтын тәрізді көрінеді маған. Расында да ол маған енді шын «алтын қызға» айналды.
Біреуді ұнатып, сол ұнатқан адамың туралы көп ойлай берсең, бірте-бірте көңілің де, ойың да оған мүлде ауады. Махаббат та осындайдан туады. Ой арқылы біреуді ұнату адам сезімінің өзгеруінде үлкен орын алады. Ол сенің қиялыңның қанатына айналып, жақсы көре бастаған адамыңа тез жетуге себепкер болады. Татьяна жайында менің де ойым осы міндетті атқаруға дайын тәрізді. Қазақ көңіл жүйрік пе, кек дөнен жүйрік пе дейді. Менікі сол көк дөненнен де жүйрік көңіл әуресі секілді. Әйтпесе мен кім, Татьяна кім? Мен тек осыдан бес жыл бұрын ғана онжылдықты бітірген, жаңа ғана нағыз шахтер болуды тілек ете бастаған көп жастың бірімін. Ал Татьяна болса жүздеген ауруды емдеп шығарған әскери госпитальдың бас дәрігері. Ақбаянның махаббатқа деген таразысымен салмаққа салсаң: ол — алтын да, мен — бақырмын... Бақыр мен алтынды бірге қорытуға бола ма? Болған күнде не шығады? Алтын да шықпайды, бақыр да шықпайды. Қысқасы, мұндай өмір сатысынын төменгі жоғарғы баспалдағында тұрған екі адамның арасындағы махаббат та осы қорытылған алтын мен бақыр тәрізді болса керек. Мен алдымен осылай ойласам да, артынан барып басқа қорытындыға келдім. Жоқ, махаббаттың заңы басқа болуға керек деймін. Махаббаттың өзі алтын емес пе, сондықтан алтын мен бақыр бірге қорытылса, алтын жеңуі керек, бақыр да алтынға айналуға тиісті. Махаббаттың күшінің өзі осында. Екі адам бірін-бірі шын сүйсе (әрине, қызмет дәрежелеріне қарамай), екеуі де алтын. Алтын да — алтын, бақыр да — алтын. Махаббатта бақыр жоқ, ол тек алтынды бақырға санаған білместің көңілі.
Осындай бәтуесіз ойда жүргенімде, бір күні біздің бөлмеге Татьяна келді. Ол кіріп келе жатып менің қуанып қалғанымды бірден аңғарды, жымия күліп:
— Амансың ба, Сабыр, халің қалай?—деді.
— Хәлім жақсарып келеді. Бірақ сіз келмей кеткен соң... көңілім жүдеп қалды.
— Неге?..
— Менің адам қатарына қосылуыма сіздің істеген еңбегіңізді жақсы білемін. Алғыс айтудың орнына...
— Оқасы жоқ,— деді Татьяна күлімсірей,— мен әдейі келмей қойдым. Мұндайда адам өзімен-өзі болғаны жақсы. Сенікі сырттан келген кесел емес. Өзің тапқан жүрек кеселі. Сырт кеселіңе біздің еміміз керек еді, оны қолымыздан келгенше аяған жоқпыз. Ал жүрек кеселіңнен өзін айығуға тиістісің.
— Мені сол кеселден айығады деп ойлайсыз ба?
— Айығуыңның оңайға түспейтінін білем. Бірақ сен жассың ғой. Жас адам қандай кеселден болса да айыға алады.
Татьяна біліп айтқан екен. Қайғы — ішіңде үйіріліп жатқан сұр жылан. Ол сені жаныңды ауыртып күндіз-түні сорумен болады. Жыланның бойы өлгенінде ғана жазылса, мұндай шын қайғы да тек өлгеніңде қана ұмытылады. Бірақ адам қандай кеселге болса да үйренеді ғой, мен де бұл кеселге үйрендім. Бұдан кейін ол бірте-бірте жанымды бұрынғыдай тым қатты ауыртпайтын болды. Оған да көндіге бастадым. Байқаймын, Ақбаянға деген кеселім бұрын ашық жарадай жаныма маза бермей ауыратын болса, енді әлдеқайда жүрек түбіне барып тығылған секілді. Қай күні қайта шығады, білмеймін, ал әзірге оқта-текте ғана ен бойымды сырқыратады да қояды. Бұған да көндіктім. Енді бойымның бұл сырқырауы да азая түскендей.
Қысқасын айтқанда, Ақбаянды есімнен шығаруға тырыстым. Оның орнына енді бөтен ат аузыма жиі түсетін болды. Бұл ат Татьяна аты еді. «Сенің бұның не? Махаббат мәңгілік дейтінің қайда? Ақбаянды расымен ұмыта бастағаның ба?— деймін мен ішімнен. — Сенің де махаббатың өзгелердікінен бөтен болмағаны ма?» «Өлген артынан елу жоқ. Ақбаян енді маған өлген адам. Құр тұлыпқа мөңірегенмен не пайда? Өмірді қайта бастау керек» деймін мен енді өзіме-өзім жауап беріп.
Өмірді қайта бастау деген сөз маған махаббатты қайта бастау деген сезбен бір. Өлімнің сан мәртебе құшағында болған жас жігітке махаббаттан артық қандай арман бар?.. Әйгілі шахтер аталып, жұрт аузына іліксем деген де тілек жоқ емес. Бірақ бұл әз қолымдағы бақыт емес пе? Ал махаббат торыма оңай ілікпес баяғы бір алтын құсқа ұсайды маған.
Мен енді үй ішінде жүре бастадым. Ойым майданға қайта кету. Бірақ жақында рентген айнасына түсіп едім, өкпеңде бір қара дақ бар, сірә гангренаның әсері тиген болар, ол қара дақ тарқағанша, үш айдай тынығуың керек, майданға содан кейін барасың деді.
Госпитальдан кетуге де асығам, әбден жалықтырып болды. Ал қиғым да келмейді, өйткені мұнда Татьяна бар. Неге екенін білмеймін, оны көргім келе береді. Бұл не, махаббат па? Махаббат болса Ақбаянға ғашық болғанымдай күйіп-жануым керек қой. Татьянаға деген жүрегімді өртеп бара жатқан ондай жалын жоқ. Сонда бұл не болғаны? Мүмкін бұ да махаббат шығар. Бірақ жиырма жастағы жас бала жігіттің албырт махаббаты емес, опасыздықты көрген, тұтқында, майданда боп, басынан қиындықты өткізген солдаттың ақылға жеңдірген махаббаты болар?
Мен осындай күйде жүргенімде Татьяна бір күні тары келді. Жүзінде бу жолы аздаған қайғының туманы сезіледі. «Жұмысы көп қой, шаршаған болар» дедім мен ішімнен.
— Сабыр, бүгін сені госпитальдан шығару керек еді,— деді ақырын күрсініп,— тағы бір жетіге қалдырдым.
Жүруге жараған адамды «бір жетіге қалдырудың» бүгінгі жағдайда әжептәуір күнә екенін мен де білемін. Бөлмелерде орын жетпеген аурулар коридорларда жатыр. Санитарлық поезд күнде келеді. Госпиталда жата беруді енді өзім де дұрыс көрмеймін, әйтсе де «тағы бір жетіге қалдырдым» деген сөз көңіліме жылы тиді. Сөйтсе де, бөтен сөз таба алмай:
— Неге?—дедім.
Бұдан асқан ақымақтық сұрақ болар ма! Мен шалқамнан төсек үстінде жатыр ем, өз сұрағымнан өзім қысылдым да, керуетіме түрегеліп отырдым. Татьяна маған сәл қырын қарап тұрды да, қасыма таяу келді.
— Үйреніп қалғандығымнан ба, қимаймын,— деді, сөйдеді де тағы күрсінді,— тіпті айырылғым келмейді.
Ол бір қолымен менің бөріктей боп тұтасып есіп қалған шашымның арасына ұзын саусақтарын кіргізе ақырын уқалады.
— Шашың қандай қалың еді!
Мен оның қолын басымнан алдым да білегінен ұстап жүрек тұсыма апарып бастым.
— Естисің бе?
— Тым алабұртып соғып тұр ғой.
— Сен келместен бұрын бүйтіп тулаған жоқ еді.
— Онда... жүрегіңнің бүйтіп тулауына не себеп?
— Себеп біреу-ақ...— Мен сөзімді аяқтауға мұршам жетпеді. Сол қолыммен оның аш белінен ұстап өзіме тарттым. Ол қарсыласқан жоқ. Қызғылт алтын шашын төгілдіре, басын алдыма қарай жыға беріп, толық қызыл ернінен құшырлана сүйдім. Ол ақырын ғана жауап берді. Бірақ көзін жұмып, екі қолымен менің мойнымнан құшақтаған қалпында алдымда қозғалмай ұзақ жатты. Мен оның ернінен, тамағынан, жұмулы көзінен кезек-кезек сүйдім. Әлден уақытта барып ол басын көтерді.
— Есікті жабуды да ұмытып кетіппіз ғой,— деді шын қысыла,— біреу-міреу кіріп келсе ұят болар еді. Бас дәрігердің жаралы солдатпен...
Мен оның сезін тыңдаған жоқпын. Бауырыма қыса тағы сүйдім де:
— Мейлі!— дедім.— Менің жүрегімнің неге алабұртып соққанын енді түсіндің бе?
— Түсіндім...
Бұдан артық біз тіл қатысқан жоқпыз. Соңынан барып сонау Әлжан Ақбаянға қызыққан кеште Татьянаның жүрегі де алғашқы рет мен деп толқығанын білдім. Әлжанмен екеуінің серуені сол кеште тез бітіп, одан әрі жолықпай кетулеріне жалғыз Ақбаян ғана емес, мен де себепкер болғаныма сендім.
Бір жетіден кейін поезбен Мысқазғанға келдім. Жалғыз баласы майданнан тірі қайтқан кәрі әке-шешенің қуанышын көрсеңдер! Барларын дастарқанға төгіп, не істерлерін білмей бәйек болды да қалды. Кәрі кемпір-шалдың қуанышын бұл арада сөз етпей-ақ қоялық. Олардың шат-шадыман көңілдері онысыз да мәлім ғой. Бұл арада басқа бір жайды айтып кеткім келеді:
Біз жоқта Садықтың шешесі Биғайша қайтыс болған екен. Мысқазғанға таяғаннан-ақ жанымды ең қинаған ой Садықтың қайтыс болғанын сорлы анасына қалай естірту еді. Бұл азаптан «женіл» құтылдым. Ақбаян ағасы жайында сұраған да жоқ (сірә, мені білмейді деп ойлаған болуы керек), біздің үйге келген де жоқ. Жай бір шахтердің үйіне қайдан келсін, күйеуі трест бастығы болып тұрғанда!
Мысқазғанда қалған бірен-саран құрбы-құрдастар мені қуана қарсы алды. Бірінен соң бірі үйіне шақырып, шамалары келгенше құрмет көрсетті. Әрине оларға Садықтың жайын айтуға тура келді (графиня Винтер екеуінің арасындағы жағдайдан бөтенін). Жаман хабар жата ма, Садықтың ерлік өлімі Ақбаянға да жетіпті. Бір күні мен бір жолдасымның үйіне барғалы жатқанымда Әлжан екеуі біздің үйге келді. (Әке-шешем жұмыстарына кеткен еді: әкем бұл күндерде қойма күзетшісі, шешем мектепте үй сыпырушы болып жұмыс істейтін.) Соғыс өзге жұрттың реңін алғанымен бұл екеуіне майдай жаққан сынды. Әлжанның қара сұр бетіне сұс пайда болып, Ақбаянның онысыз да уыздай ақ жүзі бұрынғысынан да сәулеттене түскен. Белі қыналып, бөксесі толықтана, үлкен мөлдір қарақат көздерінде бір ойнақшыған сәуле пайда болған. Садықтың қайтыс болғанын естігеніне бір жетіден асып кеткендіктен болса керек, маған бәлендей ауыр қасіретті тұр көрсетпеді. Әлде бір кезде көңілдес жігітіне өзінің толып болғанын білдіргісі келгендігінен бе, әйтеуір, сәндене киініпті. Басында ақ түбіт шәлі, үстінде жағасы бар қара түлкі, белі қыналған түбіт жүнді шерсть пальто. Аяғында ақ шөшеңке. Неге екенін білмеймін, бұ жолы Ақбаян менің жүрегімді өртемеді, жай салқын қанды пішін көрсетіп сыпайы ғана сөйлестім.
Ақбаянды көргенде өліп-өшіп қалатын шығармын деп ойлаушы едім, жоқ олай болмады, Мүмкін бұл жағдай біздің әңгімеміз бірден екеумізге бірдей ауыр тиер Садық жайынан басталғандықтан шығар, әйтеуір сөзіміз салқын шықты. Бір кезде мәңгілікпіз деп анттасқан екі жастың қосыла алмай қалған өкініші, не содан бері жүрегімізде сақталып келген жүректің жылы лебізі білінбеді.
Садық ажалының жайын толық естіп болғаннан кейін ғана Ақбаян азырақ көзіне жас алды. Қайтсін, бишара, туған қарындасы емес пе! Әрине, мен оны өкіріп жылайды ғой деп едім, сірә, бір жетіден бері жылай-жылай көзінің жасын құрғатса керек, бұ жолы тек көзінен жас шықтының ырымын ғана істеді. Оным, ажалына қайғырудың орнына «Бәсе, біздің Садық сөйтсе керек еді?» деп, ағасының ерлігіне сүйінгенін көбірек аңғартты. Мен Садықтың қалай өлгенін дәл сол сағаттағысындай толқи айтып отырғанымда, ол «Көрдің бе, менің ағамның кім екенін» дегендей күйеуіне көзінің астымен бір-екі рет тәкаппарлана қарап та қойды. Садықтай ерлік өліммен қайтыс болған ағасын қандай адам болса да мақтан етуі табиғи іс. Бірақ дәл сол сәттегі Ақбаянның қылығы маған ұнаған жоқ. Мүмкін бұрынғы «ғашығыма» салқын ғана сөйлесуіме бұ да себеп болған шығар.
Менің әңгімем бітіп, Ақбаян өксігін басып болғаннан кейін, Әлжан маған:
— Мүгедектікті қанша айға берді?— деді.
— Үш айға, бірақ, жөнделіп кетсем, бір айдан кейін майданға қайта аттанам ғой деймін.
— Онша асығып не қыласың?—деді Әлжан,— қазір немістер кейін шегінуде ғой. Сен майданға барғанша соғыс та бір жайлы болып қалар. Мүмкін денсаулығың көтерсе әзірге шахтада жұмыс істей тұрарсың. Қазір тыл да майдан ғой. Кен беретін үш бізде жеткіліксіз. Өзін білесін, неміске атылып жатқан оқтың оннан тоғызы Қазақстан қорғасыны мен мысынан құйылады. Ал мыстың дені Мысқазғандікі ғой...
— Мысты менсіз де шығарарсыңдар,— дедім мен,— менің орным — майданда. Фашистерден әлі алынбаған кегім бар.
— Бұл айтып отырғанын балалық,— деді Әлжан кеудесін сәл көтеріп,— фашистерде қайсымыздың кегіміз жоқ. Жіберсе, күні бүгін майданға аттанар едім, амал не, партия: «сен Мысқазғанға керексің» дейді. Саған да сол сөзді айтам. Сен де Мысқазғанға керексін. Ен. болмағанда, мүгедектік мерзімің өткенше шахтада жұмыс істе (менің сүйегім сынған мүгедек емес екенімді алдымен өзім айтқам), егер оған дейін соғыс бір жайлы болмаса бара жатарсың. Ал алда-жалда майданға барғың келмесе, қазір бізге жұмысшыларды броньмен алып қалуға үкімет рұқсат берді, сені де алып қалармыз.
Әлжанның сөзінен жиіркене қабағымды түйдім. Маған «шахтаға қал» деп жатқаны баяғы өзінің Ақбаян үшін мені майданға жіберген айыбын шайып-жуу екенін де түсініп отырмын. Бірақ бұ жерде, Ақбаянға Садық жайында суық хабарды естіртіп отырып, күйеуіне қатты сөз айтқым келмеді.
— Жарайды, ойлап көрейін,— дей салдым.
Демек, бір жетіден кейін маған шахтаға жұмысқа түсуге тура келді. Бұған себеп Әлжанның сөзі емес, әкемнің хал-ахуалы болды. Мен бір айға да шыдай алмай, бір-екі күнде соғыс комиссариатына барып майданға аттандыруын сұраймын деп жүргенде, кәрі-құртаң бишара қатты науқастанып қалды. Дәрігерлер «өкпесіне суық тиген, титығы біткен, денсауылығы қорған бола, алмас» деген соң, жалғыз шешемді жылатып, ауру әкемді тастап кетуге қия алмадым. Мүгедектік күнім бітіп, қайтадан комиссияға көрінгенше шахтада жұмыс істеуге бел будым. Әлжан басқарып жүрген шахтаға түскім келмеп еді, Ақшалов (ол әлі парторг екен) өзіңнің бұрынғы жұмыс істеген жеріңнен айырылма деп болмады. Амал жоқ, өзіміздің шахтаға түстім. Екі айдан кейін Мемлекеттік қорғаныс комитетінің Мысқазғаннан майданға бір де бір адам алынбасын деген қаулысы шықты. Енді майданға барам десем де, бара алмайтын болдым. Бұл біздің әскердің жеңіске жете бастаған кезі еді. Енді неміс басқыншыларынан майданда алатын кегімді, оларды құртатын металды көбірек шығарып алмақшы болдым. Өстіп Отанымызға көмек бермекші боп, білегімді сыбанып шахтаға біржола түстім. Екі айдан соң Мысқазғанда жаңа госпиталь ашылып, Татьяна соған бас дәрігер болып келді.
Арада үш жеті өткеннен кейін, біздің қосылу тойымыз болды. Содан бері жиырма бес жыл отастық. Бір-бірімізге қатты сөз айтысып көргеніміз жоқ! Жеті жылдан кейін Татьянадан бір қыз бала кердім. Қазір ол Алматыда институтта оқиды.
Осы басымнан өткен өмірім, оқушым, саған ұзақ көрінгенмен, маған бір сәттей болған жоқ, зу етіп ұшқан құстай көз алдымнан ете шықты. Нәсілі мен еткен күндерге тым беріліп кеткен болуым керек, жанымда отырған Бәтиманың дауысын әзер таныдым. Ұйқыдан оянғандай, оның бетіне таңырқана қарадым.
— Бәтима, сен бірдеңе сұрамақсың ба?
Бәтима мұңая күлімсіреді.
— Сұрамақ ем, егер сізге ауыр тимесе...
— Сұра. Жаныма ауыр тиер жағдайдың бәрін мен басымнан өткіздім. Сұрағың соның бірін есіме түсіретін сұрақ болса, тақа қинала қоймаспын.
Бәтима ақырын ғана езу тартты.
— Онда сұрайын... Татьяна жеңгеймен қалай қосылғаныңыз маған аян. Менің сұрайын дегенім содан кейін Ақбаян жеңгеймен араларың қандай болды?.. Жоқ, жоқ, сіз мені теріс түсінбеңіз. Татьяна жеңгейге деген пәк сезіміңізге ешбір кір келтіретін әзәзілдікке сіздей жандардың жол бермейтінін мен білемін... Тек үйлі-баранды болғаннан кейін, Ақбаян жеңгейді тез ұмыта алдыңыз ба?.. Соны ғана білгім келгені. Егер буған жауап беру қиын тисе, жауап бермей-ақ қойыңыз. Мұндай сіздің нәзік сезіміңіздің жүрек қылын қозғайтын құпияңызды сұрауға қақымның жоқ екенін өзім де ұғам,— ол тағы күлімсіреді,— бірақ амал не, әйел деген бір қызық жаратылған жан ғой, өзгенің құпиясы оған айна секілденеді де тұрады. Бір жерден өзінің суретін көріп қалатындай қарай бергісі келеді...
Расында бұл менің ең қатты ауырар жерім еді, бұған бірдеңе жауап беру маған да қиын... Бірақ неге екенін білмеймін, Бәтимаға шынымды айтқым келіп кетті. Сондықтан:
— Жарайды, сұрағыңа жауап берейін,— дедім,— Бірақ бұл сұраққа жауап берместен бұрын маған Әлжанға тоқтап кетуге рұқсат ет. Өйткені Әлжанды танудан барып, м.енің үйленгеннен кейінгі Ақбаянға деген көзқарасымда аяушылық, жек көрушілік сезімдер туған еді.
— Жақсы.
VІ
Ақшалов шегір көз, жирен мұртты, төртпақ келген балуан кісі болатын. Жасы елуге таяп қалса да, жиырма бестегі жігіттен кем қимылдамайды. Жиырма бес килограммдық перфораторды оң жақ кеудесіне тіреп қойып, бір жарым метр болат сүмбімен қаттылығы граниттей көк тасты бұрғылағанда жан шыдатпайды. Перфоратордың селкілдей гүрілдегенінен дүниедегі өзіне ең бір жағымды музыка күйін тыңдағандай көзін сәл жұмып қатады да қалады. Бір сағат бұрғылап, он бес минут қана дем алады. Онда дағы бұрғылағанда шыққан көгілдір тастың бетіндегі шаңын сүртіп, сөмкесіндегі екі шиша сүттен бір-екі жұту үшін ғана. Оның бұрғысы тастың жарығына кіріп кетіп, тығындалып қалуды, не қатты тасқа күші жетпей мұқалуды білмейді. Кеудесіне машинасын тіреп, резинка өңештен келіп тұрған жеті атмосфералық тығыздалған ауаны іске қосатын перфоратордың тетігін басса-ақ болғаны, бұрғысы бір тыным алмай, бүкіл забойды басына көтере гүрілдейді де тұрады.
— Темеке, осы сіздің бұрғыңыз бен перфораторыңыз бір мүлтігуді білмейді ғой, қандай қулығыңыз бар?— десең, ол ыржия күліп:
— Жылқы жеммен жүреді, машина баппен жүреді. Үш күнде перфораторымды шаңнан тазалап, майламағанымды бір көргенің бар ма?— деп жауап береді.— Солдаттың досы мылтығы болса, жұмысшының досы машинасы, оны сылап-сипай білсең, о да сені жұртқа күлкі етпейді...
Темекеңнің мінезі де қызық адам. Ақ көңіл, салдырлаған. Ал біреудің мінез-құлқындағы кемшілікті керсе, бетін бар, жүзің бар демейді, тікелей айтып салады да қарап отырады. Көп адам оның бұл мінезін біледі де, қаймығып жүреді. Оның үстіне, Темекең құр ғана алдыңғы қатардағы бұрғышы емес, шахта парторгі. Ақ көңіл, салдырлақ мінезді болғанмен, Темекең жұмыс тәртібіне қатал адам. Тәкаппар, не болмаса жұмысқа сәл салқын қарайтын горизонт, сменаның анау-мынау бастықтарын партбюроны шақырып жіберіп, сілікпесін шығарады. Кейде шахта бастықтарының да сыбағасын беріп жатады. «Өндіріске командир қожа, партия ұйымы оның көмекшісі» деген сөздерді ол өзінше түсінеді. Мысқазған болғалы жұмыс істеп келе жатқандықтан, ол өзін үстем таптың уәкілі санайды. «Совет үкіметі — жұмысшылар табының үкіметі. Қандай командир бол, сен жұмысшы табына бағыныштысын. Ал партия ұйымы — сол таптың алдыңғы шебі. Мейлі тоқсан жерде академия бітірсең де,— біздің айтқанымызды істейсің. Сонда ғана біз саған көмекшіміз, сонда ғана сен өндіріс қожасысың. Ал бұны түсінбесең, жақсылық күтпе»,— дейді. Бір ғажабы, қанша өр мінезді, ісінде аздаған партизандық болғанменен, ол бас жарыл, көз шығармайды, қашан да болса, істі адал шешуге тырысады.
Осы Ақшалов мені өзіне көмекші бұрғышы етіп алды.
— Бір айдан кейін сенен табаны күректей нағыз бұрғышы шығарамын,— деді.
Он шақты күн бұрын осы бригадаға транспорт конторынан Қайсар көшкен екен. Бұ да бұрғышы көмекшісі. Ақшалов бұрынғы көмекшілерін үлкен разрядты бұрғышы етіп үйретіп, екеуін екі бригадаға бригадир етін жіберіпті. Шамасы, бізді де сөйтпек. Байқаймын, Қайсар жасы менен үлкен болмаса да бригадаға он шақты күн бұрын келгенін бауыр басты етіп, маған үстемдігін жүргізердей ойы бар сынды. Алғашқы күндері мен айтқанын істеп жүрдім. Ал дегеніне көнген сайын, ол үдетіп келеді. «Тұра тұр,—деймін мен ішімнен—өзеннің тереңдігін білмеген қайықшы қайықтың астына түседі, сен әлі менің мінезіммен танысқан жоқсын ғой!»
Қайсар ат қорада жеңіл жұмысқа үйреніп қалғандығынан ба, тақа ауыр жұмыстан қашыңқырап жүреді.
— Бала,— деді ол бір күні бөтен забойға көшкелі жатқанымызда, құрдас екенімізге қарамай, езін үлкен санайтын дағдысына салып,— забойдан забойға көшкенде бұдан былай қарай мына екі перфораторды сен алып жүр, ал резинка мен бұрғылар менікі болсын.
Бір перфоратордың салмағы ананың бар жүгінен ауыр. Мен таласудың орнына:
— Қайсар, осы сенен бұрғышы шықпайды ғой деймін,— дедім.
Аңқау бишара шошып кетті.
— Неге? — деді көзін жыпылықтатып.
— Тышқаннан: «Неге кішкентайсың?» десе, «мысықтан қорыққанымнан есе алмадым» депті. Сен де сөйтіп жұмыстан қорқып, бұрғышы бола алмай қаласың ба деймін...
Біздің бұл сөзімізді естіп қалған Ақшалов шек-сілесі қатып күліп жатыр.
— Ұрды енеңді, Қайсар, ұрды енеңді!..
Қайсар шын қысылып:
— Мен жұмысшы адаммын,— деді сасқалақтай,— мені ауыр жұмыспен қорқыту қиын болар!
Ақшалов күлкісін тыймаған қалпымен:
— Бәсе,— деді ол,— қасқырды қой терісін жамылып қорқыта алмайсың, біздің Қайсарды ауыр жұмыспен қайдан қорқытайын деп едің!
Осыдан кейін Қайсардың жеңілдік астымен жүрсем деген аздаған қулығы мүлдем қалды. Бар қайсарлығын жұмысқа салды. Тепсе темір үзетін қарулы жігіт, көп ұзамай жиырма бес килограммдық перфораторды балғаша ойнататын болды. Мен де одан қалысқан жоқпын. Бұрғышы мамандығын тез-ақ үйрендім. Ұстазың асыл болса, өнеге етіп ұстарың да аз болмайды, Ақшалов тәрізді бұрғышы үйренбеске қойған жоқ. Бір жарты жылда Қайсар да, мен де жеке бұрғышы болып кеттік! Міне, осы кезде біз Әлжанмен кездестік. Оның кім екенін таныдық.
Мысқазған кені — жаңбырдан кейін айдалада дөңгелене біткен қатқақ судай әр жерде ойдым-ойдым болып жатады. Сол ойдымның көлемі кейде кішігірім қоғалы көлдей боп кеп, қалыңдығы елу-алпыс метрге жетеді. Кен алынған жерлер орны зәулім кең сарайға айналады. Кен желісіне жетті дегенше болғаны, шетінен кеміріп, мысқа бай сұрғылт тасты ала береді. Көбіне сол тау жынысы жатқан жерге жету қияпат қиындыққа түседі. Осы байлыққа апаратын забой, штректерді қазу, оларды қазып болып оған электровоздар жүретін жол салу,— бәрі оп-оңай істеле қоймайды. Неғұрлым осы жұмыстар тез жүргізілсе, соғұрлым кеншілер алтын кен орнына тез жетеді. Өндіріс жоспары тез орындалады. Осы забой, штректерді ашу — жұмыстың шахта салудан кейінгі қиын түрінің бірі. Мысқазғанда қазылған үңгірлер ағаш тіреулермен бекітілмейді. Өйткені, кенді қоршайтын тас жыныстардың өзі де берік, ондаған жылдап мызғымастан тұра береді. Кейде төбе тастардың құлап бүкіл забойды басып қалатын кездері де болады. Оған себеп су. Мысқазған жері сулы. Қазақ білмей айтпайды «тамшы тас теседі» деп, осындай жер астының суы әлдеқалай кен, не кенді қоршап тұрған тас жыныстарының жарылған жеріне кездесер болса, айлап, жылдап оны кеңітіп, бір күні қопарып түседі. Бұндайда кейде кеншілер апатқа да ұшырайды. Бірақ ондай жағдайлар көп жылдарда бір кездеседі. Сондықтан қауіп-қатерге үйреніп алған кеншілер көбіне бұған көңіл қоймайды. Мысқазғанның адамға деген ең ерекше қаупі: ол төбедегі тастардың күтпеген жағдайда опырылып жерге құлауы. Өздерін. ойлаңдаршы, заңғар биік кең сарайдай, кені алынған бос жердің төбесіндегі өз салмағын әзер көтеріп көкке жабысып тұрған үйдей бөлігінің бір шеті әлдеқалай сөгіліп, отыз-қырық метрлік биіктіктен жерге опырылып түссе, астында жүрген кеншілердің несі қалады? Міне осыдан Мысқазғанда тебе тау жыныстарының қауіпсіз болуына ерекше көңіл бөлінеді. Егер бұл апат болмаса, бәлендей қауіп жоқ. Алаңсыз жұмыс істей беру — оңай іс.
Жаңа айттым ғой, ойдым-ойдым болып жатқан кен қоймасына жету үшін забой, ширек, ылдилар жүргізу керек деп. Осыларды неғұрлым жылдам жүргізсең, соғұрлым Отанға мыс беру міндетін жылдамырақ орындайсың. Соғыс аяқталып келе жатқанмен, мыс өндіру қажеті күннен-күнге асуда еді. Ал біз істеп жатқан он алтыншы шахтаның ең бай кен ойдымдары оңтүстік жақта болатын. Бірақ бұл жақтың төбе тау жыныстары қауіпті деп білетін инженер, маркшейдерлер мұнда көп жуи қоймайтын. Әсіресе кен ойдымдарына жеткенше ағаш тіреулерсіз забой, штрек жүргізу мамандарының ойынша көзсіз ерлікке саналатын.
Міне, осы оңтүстік кенін алу керек деп бір күні Әлжан бұйрық берді. Бұйрық берер алдында қасына бірнеше инженер, техниктерді ертіп алып, осы арадағы бұрынғы жүргізілген забойларды аралап шықты. Жалпы бұ жақтың төбе тау жыныстары осал дегенмен, не ғажабы бар екенін кім білсін (бұл артынан барып белгілі болды), бір де бір забойды тас басып қалмапты, тек суы көп демесең, бәрі де сол кезде өткен қалпында тұр. Мүмкін бұ да себеп болған шығар, әйтеуір, оңтүстіктегі жетінші белгіден ен бай кен ойдымына апаратын төтенше забой жүргізуді бұйырды.
— Бұл араның жоғарғы жағында су көп, тау жыныстары опырылып кетуі мүмкін, забой жүргізу қауіпті,— деген кей инженерлерге ол:
— Майданда жау дзотын алу қауіпсіз деп ойлайсың ба? Тәуекелсіз іс бітпейді,— деп жауап берді.— Отан тек майдандағы әскерлерінен ғана емес, бізден де ерлік тілейді. Сол ерлікті көрсетуіміз керек. Және бұл забойды біз әдеттегідей қалай болса солай жүргізбейміз. Жедел әдіспен өтеміз. Керек десеңіздер, мұндай забойды жедел етудің бүкіл одақтық рекордын қоямыз. Жұмысты өзім басқарам. Сендердің жандарың менің жанымнан артық па, күмәндануды қойыңдар! —деді арыс кеудесін сонау қорқынышқа күні бұрын қарсы қойғандай күмпите.
Әлжанның мұншалық құдіреттене қалуының себебі де бар екен. Бұдан бұрын осындай «қауіпті» деген жердей забой өткізіп, өзінін дегені болыпты. Содан дәндеген көрінеді. Бишара, шиша күнде сынбай, бір-ақ сынатынын қайдан білсін!
Жауың болса да ақылды болсын. Әрине Ақбаянымды тартып алған адамды мен досым дей алмаймын. Бірақ, расын айтайын, Отанға мыс керек кезінде Әлжанның өзге инженерлердей «анау болар, мынау болар» деп көлеңкесінен қорықпай, қауіпті деген Оңтүстік кен ордасына шабуыл салуға белсене шыққаны маған өте ұнады. Талапты жігіттің алдынан нұр жауар. Ісінің игілікті болуын шын тілейміз. Бұл тілегім әрине Әлжан үшін емес, Отаным үшін. Әйтсе де қауіпті іске, қауіпті екенін біле тура бару — бұл — шын ерлік. Мен Әлжанның ерлігіне сүйсіндім. «Бәсе, Ақбаян да керек адамын таңдай білген екен!» Тек, бұл бастамасы ғылымға қайшы болмаса екен. Ғылым деген де бір сыры терең келіншек қой, қайдан білсін оп-оңай қолыңа түсе қоярын!
— Рекорд!.. Ұнамайды маған осы жігіттің рекорд құмары,— дейді жайшылықтағы әдетінен айнып, міңгірлеп Темекең—«қырық — бір жақ, қыңыр — бір жақ...» Атақ керек пе, бақ керек пе бұған, әлі де болса оңтүстік жақты зерттей түсу жөн...
Бірақ «Отанға мыс керек», «Майданда дзотты алу қауіпсіз бе?» деген дәлелдерге Темекең. де қарсы келе алмады. Мұндайда жұрттың алдында жүретін парторг қалай артта қалсын. Бұ жолы ол кісіні өз басының күмәндануынан, жұрт алдындағы борышы жеңді. Енді забойды жедел жүргізіп, тау-кен жұмысының мұндай түрінен одақтық рекорд қоюға парторг те апыл-құпыл кірісіп кетті.
«Рекорд қойылады екен!» «Оңтүстіктегі қауіпті кен ордасына забой апарылады екен!» деген сөздерден бүкіл рудник тік тұрды. Бұл істің дем берушісі — рудник бастығы Әлжан Бекеновтың өзі екен. Өзге инженерлердің қатесін өзі тауыпты, оңтүстік кеннің алынуын қауіпсіз екенін дәлелдепті,—деп жұрт оны бұрынғы жай рудник бастығынан енді батыл қимылдайтын тәуекелшіл бастыққа айналдырды. Әтештің қанатын қаққанынан шақыратыны мәлім. Әлжанның істі басы-қасында өзі жүріп, дедек қағуына қарағанда босқа дәйек емес, үлкен абыройға ілігетіні сөзсіз тәрізді.
«Қауіпті кен ойдымы бұзылатын», «жедел забой жүргізуде рекорд қойылатын» біздің шахтаға керек техниканың бәрі де жеткізілді. Забой жүргізуші алдыңғы үш бұрғышы бон Темекең Қайсар, мен үшеуміз тағайындалдық. Өзімді осы алдыңғы үш бұрғышының ішіне қосқанына Әлжанға іштей риза болып қалдым. «Менен де жақсы бұрғышылар бар ғой, кім біледі» деп бұрын әжептеуір қауіптеніп те жүргем.
Не керек, жұмыс басталып кетті. Екі жүз метр көк тасты забойды біз бір жетіде өтуіміз керек. Алғашқы тәулікте үш кезектегі тоғыз бұрышы жиырма метр жер жүріппіз. Бұл — Мысқазғанда болмаған табыс. Ертеңіне бүкіл рудник радиосымен, бес жүз дана боп шығатынын , аз даналы «Қызыл кенші» жарнама газеті біздің аттарымызды дәріптеп у-шу болды да қалды. Мысқазғанның осы ерлік ісіне арналып рудник бастығы Әлжанның орталық газетте мақаласы да шықты деп естідім, бірақ өзім оқыған жоқпын. Газет оқу қайда, сегіз сағат тыйым алмай көк тасты бұрғылап шахтадан шыққаныңда басың айналып үйіңе әзер жетесің!
Біздің забойға Әлжан әлсін-әлсін келеді. Керек затымыздың бәрін мүлтіксіз жеткіздіріп турады. Вагонетка айдайтын жол да тез салынды. Бұрғыланған шпурлар атылғаннан кейін газды да күшті ауа сорғыштармен тез-ақ сорғызып тастады. Атылған тау жыныстары жатпайды. Тек бұрғылауды ғана біл. Белгіленген циклдің бір де бірі бұзылмайды. Егер жұмыс осы қарқынмен жүре берсе, забой жүргізудегі Бүкілодақтық рекорд дайын!
— Егер Бүкілодақтық рекорд қойсаңдар, бәріңе де Социалистік Еңбек Ері атағын беруді сұраймын,— дейді Әлжан шабыттана.
Темекең мырс етіп күледі. О кісінің мінез-құлқы маған мәлім. Мұнысы:
— Сол атқа қалай жетем деп шыдай алмай жүрсің-ау, батырым,— деп Әлжанды кекете күлгені.
Темекеңнің бұл мінезіне мен ренжіп қалам. «Алсын, Әлжан да алсын» деймін кенет кең пейілденіп. Жұмыс барысы жақсы. Біз көңілдіміз. Тек анда-санда артымызда қалған забойдың өн бойын аралап келіп Темекең:
— Су тым көп ағуда. Жоғары жақтың бір жерінде жарық пайда болған тәрізді,— дейді басын шайқап.— Әйткенмен, біздің забойдың алғашқы еткен елу метрдей бойын ағаш бағаналарымен бекіту керек болар... Ұнамайды маған сол аранын төбесі. Су жоғарғы жағынан көп тамшылай бастапты...
Жылан шыққан адам ала жіпті аттауға қорқады. Графиня Винтердің шахтасында жүріп талай қауіпті басымнан өткізгенім бар. Сондықтан мен қарт кеншінің сөзін қобалжи тыңдаймын. Ал шахтаға түсіп, әлі басынан еш қорқыныш өтпеген Қайсар бұл сөзге елең де етпейді.
— Бәлен жылдан бері тұрғанда, тағы да бір-екі айға шыдар бұл араның төбесі,— дейді ол,— оған дейін керек кенді өзіміз де алып болармыз.
— Шырағым, қауіпті көре тұра елемеу ерлік емес.
Оған қарайтын Қайсар бар ма! Болат бұрғысын кек тасқа қалшылдата қадай түседі.
Ақшалов текке қобалжи бастамаған екен, апат күтпеген жерден келді.
Біз жаңа ғана бұрғылап біткен забойды от-дәрі атқызушылар атқызып болсын деп езіміз жүргізіп жатқан штректің қалтарысында отыр едік, жанымызға Әлжан келді.
Ақшалов амандасып болғаннан кейін:
— Су тым көбейіп барады, жоғарғы жақтан бір жарық пайда болған тәрізді,— деді,— төбе тасын опырып түспесе жарар еді...
Әлжан жеделдете жауап қайырды.
— Су — жоғарғы жақтан емес, көршілес забойдан, Маркшейдерлер белгісін дұрыс жүргізбепті. Келесі забой біздікінен биіктеу, ортадағы сбойка арқылы сіздердің забойыңызға құйылып жатыр. Суды тезірек азайтуға тағы бір насос қостырдым.
— Олай болса жақсы ғой... Бірақ су жоғарғы жақтан секілді. Төменгі тұсқа ағаш тіреулер қоймаса болмас.
Дәл осы кезде біздің жанымыздан төмен қарап оқ-дәрі атқызушылар жүгіріп өтті.
— Қуыстан шықпаңдар, қазір атқызамыз,— деді біреуі бізге дауыстап етіп бара жатып.
Әлжан от-дәрі атқызушылардың соңынан кетпекші болып сәл ыңғайланды да, тоқтай қалды. Ақшаловтың сезіне жауап бермеуді ыңғайсыз кәрді білем.
— Мен сіз айтқан қауіпті байқамадым ғой,— деді ол Ақшаловқа.
— Қазір забойды атқызып болғаннан кейін барып қарайық. Менің болжауым дұрыс тәрізді.
— Жақсы.
Әлжан тағы кетпекші болып еді, Қайсар қолынан ұстай алды.
— Қайда барасыз? Қазір забой атылады.
Сөйткенше болған жоқ, гүрс етіп алғашқы шпур атылды, оған екіншісі қосылды, содан кейін іле шала үшіншісінің дауысы шықты.
— Төртінші, бесінші, алтыншы... он бірінші,— Қайсар дүрсіл шыққан сайын бармағын жұмып атылған шпурды санап жатыр,— он екіншісі қайда?
Дәл осы кезде он екінші шпур да атылды. Қайсар қуанып кетті.
— Міне, он екіншісі де атылды!—деді.
Бірақ оның қуанышы ұзаққа бармады. Кенет осы кезде забойдың үстіңгі жағы дірілдей жөнелді. Жер сілкініп, тау құлағандай, алдыңғы жақта гүрс-гүрс бірдемелер құлап жатыр. Әр гүрсілден біздің тұрған қуысшамыз селк-селк етеді. Осындай жағдай бес минуттай уақыт алды. Бүкіл электр шамы сенді. Алғашқы гүрсіл шыққанда-ақ есік жақтан соққан лептің күшіменен қолымыздағы карбит шамдары да сенген. Забой іші тастай қараңғы бола қалды. Кезге түртсе көрінгісіз. Не болып кеткенін бәріміз де іштей сезсек те, ауыз ашар жайымыз жоқ. Әлден уақытта барып әлдекімнің:
— Не боп кетті?!—деген сұрағы құлағыма жетті.
Бұны сұраған Әлжан еді. Бірақ дауысы сондай өзгеріп шықты, әзер таныдым.
— Қайсыда шырпы бар?— деді Темекең байсалды үнмен, Әлжанның сұрағына жауап бермей.
— Қап, кеше ғана шылымды тастап едім.
Даусынан таныдым, бұны айтқан Қайсар. Ол қазірдің езінде де қалжыңын қояр емес. Қалтамды ақтарып жарты қорап сіріңке таптым.
— Темеке, менде бар.
— Әкел бері.
Ақшалов шырпымен сөніп қалған карбит шамын жақты. Біз отырған қуыс еміс-еміс жарық болады. Енді менің есік жақта үрпие қалған Әлжанға кезім түсті. Қорыққаннан маған оның бойы кішірейіп кеткендей көрінді. Өз ойыма өзім езу тарттым да қойдым. «Бұл, әрине, баяғы өшпендіктің салдары, әйтпесе оның бойы неге қысқара қойсын». Темекең орнынан түрегелді.
— Сендер қозғалмай осы арада отыра тұрыңдар,— деді ол. Сөйтті де, ақырын жылжып шығып кетті. Суды шапылдатып темен қарай бара жатқанын естіп отырмыз. Әне, ол тоқтады. Әлден уақытта су тағы шалпылдай бастады. Бұл, әрине, келе жатқан Темекең. Мен ойымды аяқтап та болған жоқпын, ол біз отырған қуысқа кірді.
— Өзім де осылай болар деп ойлап едім,—деді ол баяғы бір салмақты даусымен,— забойдың алдыңғы жақ төбесі құлапты. Шамасы, қырық-елу метрдей болу керек. Құлады деймін-ау, бұным бекер болар. Төбе тұсындағы тау жынысы сол қалпымен опырылып түскен. Бізді құтқару үшін ол тау жынысын арғы жағынан бұрғылап атқызу керек. Буған кем дегенде екі күн кетеді. Ал су сағат сайын көбейеді ғой...
Біреуміз де үн жоқ. Темекеңнің хабары үстімізден қара таспен басып тұншықтырып тастағандай. Парторг қайтадан сөйледі.
— Бізге қауіп әзірге судан. Насос біткенді де құлаған тау жынысы көміп қалыпты. Егер бір он сағаттың ішінде құтқарып үлгермесе, бұл забой суға толады.
— Әлден-ақ, тола бастаған жоқ па,— деді Қайсар. Оның қалжың шынын түсіну қиын.— Менің аяқ жағым шылп-шылп етеді. Мүмкін, забойдың жоғарғы жағына барып отырғанымыз дұрыс болар. О жақ биіктеу ғой...
Жоқ, Қайсар ойнап отырған жоқ секілді.
— Әзірге баруға болмайды,— деді Темекең,— жаңағы атылған забойдың газын су сорып алғанша осы жерде болуымыз керек...
Тағы да тым-тырыс бола қалдық.
— Темеке,— деді Қайсар тыныштықты бөліп,— бұрын мұндайды көріп пе едіңіз?
— Отыз жыл шахтада жұмыс істесең не кермессің! Бұл Темірбектің басынан не өтпеді дейсің.
— Онда сол басыңыздан өткен оқиғаның біреуін айтып беріңізші,— деді Қайсар,— уақыт өтсін...
— Ту, Қайсар-ай, сенің де қалжыңың бітпейді екен.— Темекеңнің күлген дауысы естіледі,— дәл қазір сондай әңгіменің уақыты ма?
Қайсардың да тақа жетісіп отырмағанын мен білемін. Оған бірақ бұл минутта дән ризамын. Өзінің қалжыңымен аз да болса біздің қобалжи түскен көңілімізді көтергісі келеді. Біз тағы да үн-түнсіз тына қалдық. Қанша уақыт отырғанымызды білмеймін. Тағы да Қайсар тыныштықты бөлді.
— Сабыр, қазір сағат қанша болды?—деді.
— Жетіге бес минут қалды.
— Онда біз неге отырмыз? Смена бітіп қалыпты ғой.
Темекең мырс етіп күлді де қойды. Әлжан бағанадан бері аузын ашқан емес. Ол ашулана қалды.
— Күлетін жерді жаңа таптыңдар! Адам мұндай жағдайда күлмейді, жылайды.
— «Жылағанға берсе, мен күндіз-түні жылай берер едім» деген екен бір сорлы,—деді Қайсар,—жылағың келсе жыла. «Бақа сисе, көлге сеп» деген, сенін, бірер тамшы көз жасын ғана жетпей тұрған тәрізді осы араның топан суына.
Бұл жанжалдың басы еді. Бірақ Әлжан үндемеді. Әлден уақытта барып ол:
— Енді не істейміз?— деді. Оның даусынан мен бір ерекше үрей естідім.— Осылай тас қапшықта бостан бос тұншығып өлеміз бе?
Ешкім оған жауап бермеді. Жағдай, шынында да, қиынға айналғанын көріп отырмыз. Біз мұндай күйге ұшырағалы бір жарым сағаттай уақыт өтті. Содан бері су әжептәуір көтеріліп қалды. Қазып жатқан забойымыз оңтүстікке қарай жоғарылай түсетін. Менің байқауымша осы отырған қуысымызға су таяп қалған тәрізді. Әлжанға емес, өз ойымды мен Темекеңе айттым. Қазір шахта бастығы сол кісі екені айтпай-ақ мәлім емес пе...
— Газ біраз сіңіп болған шығар. Жүріңдер забой түбіне барып отырайық,— деді о кісі.
Бәріміз үн-түнсіз сығырайған жалғыз шамның соңынан еріп забойдың атылған тастарының үстіне барып отырдық. Газды су тартып бітуге айналған екен, дегенмен, аздап көзді ашытады. Парторг дереу шамын сөндірді.
— Бұл араны су алғанша әлі бес-алты сағат уақыт керек. Мүмкін, бізге жәрдем келіп те үлгірер,— деді о кісі. Ғажап! Темекеңнің дауысы әлі бір де өзгерген жоқ. Сол баяғы салмақты қалпы.— Мұндайда ауа тегін сақтай білу керек. Көп қимылдамай, тыныш отыруға тырысыңдар.
Біз тағы үн-түнсіз отырып қалдық. Қай жақтан құйылып жатқаны белгісіз, тек сарылдаған судың дауысы естіледі. Бұл — қауіп дауысы, бірақ көрдей тыныштықты бұзып, көңілді елегізітеді. Бұған да шүкіршілік, тек шіркін адам дауысына не жетсін. Үндемеген сайын өлім сұр жыландай ақырын сырғып таяй түскен секілді. Жоқ, бүйтіп үндемей отыра беруге болмайды. Бірдеме деу керек, өмір барын сездіруіміз керек. Темекең де осындай ойға келді ме, ол тыныштықты өзі бұзды.
— Қайсар, не ойлап отырсың?— деді бір кезде.
Көрмесем де сезем, Қайсар ақшыл тісін жарқ еткізіп күлімсіреді.
— Үйлену тойым жайында ойлап отырмын. Ой, айды аспаннан бір-ақ шығармақпын. Қазақтарға қойдың басын, орыстарға торайдың семіз сүбесін тартып, арақ-шарапты судай ағызбақпын.
— Үйлену тойым дейсің бе? Үйлену ер жігіттің ең асқан қызығы ғой. Қалыңдығың кім?
— Қалыңдығын, кім дейсіз бе? Қалыңдығым — өзім секілді кенші. Вагонетка айдайды. Қажуды білмейтін бір жуан бөксе. Үстінде— березент. Аяғында — дәл өзімдікіндей шобал етік.
— Жетіскен екенсің!
Мұны айтқан Әлжан. Білем, Қайсардың қалыңдығы жаңа өзі айтқандай емес, нәзік келген қара торы қыз. Шахтерлерге киім беріп тұрады. Әдейі біздің көңілімізді көтерейін деп қалыңдығына жоқ қасиетті жапсырып қалжыңдап отыр. Енді ол Әлжанға тап берді.
— Жұрттың бәрі сен секілді Ақбаяндай ақ маралды қайдан таба береді?! Мұртына қарай — іскегің, сабасына қарай — піспегін. Бізге сондай қара дүрсін де алтын қазына.
Адам мұндай жағдайда кімі туралы ойлайды екен? Ақбаянның аты аталғанда ғана күні бойы мен сол туралы ойлап отырғанымды ұқтым. Жоқ, оны бір махаббат тұрғысынан емес, Әлжан тұрғысынан. Осыдан бес-алты күн бұрын ол маған Ақбаянның таңдағанына лайық шын ақиық қыран тәрізді көрініп еді, ал бүгін суға түскен тауықтай әбігері кете қапты... Осындай адамның қазақтың ең сұлу аққуы Ақбаянды алуға қандай қақысы бар еді?!..
Дәл менің ойымнан шыққысы келгендей, осы сәтте Әлжан тағы сөйледі.
— Япырмай, осылай бостан-босқа өлеміз бе? Мұндайын білгенде, бұл қараң қалғыр оңтүстікті қозғамайтын едім ғой? Қап! Парторг жолдас, ең болмаса сіз неге тоқтау салмадыңыз?
— Мен бұл аранын қауіпті екенін айттым ғой,
— Құр ғана айту жеткіліксіз. Тәжірибеңіз бар, «тоқтат» деуіңіз керек еді!
Шахта қараңғылығы бұрынғысынан да қоюлана түскендей. Әлжан маған көрінбейді. Бірақ мен оның даусы шыққан жаққа жиіркене қараймын. Өз күнәсін бөтенге жапқысы келеді. Бұдан артық пасықтық болар ма? Әлде істеген қылмысына ақталарлық дәлел іздей ме? Олай болған күнде Әлжанның бұл далбасасы тек оның табансыздығын көрсетеді.
Мені езінен тіпті жиіркендіре түскісі келгендей ол:
— Япырмай, расымен бізге жәрдем жетіп үлгірмес не екен!— дейді.
Оның үнінен бұ жолы құр өлімнен қорыққандық қана емес, әлдекімге жалбарынғандық, қайтсем тірі қалам деп жанталасқандық естіледі. Тағы күлімсіреймін. Егер оған дәл осы минутта біреу «құдайға жалбарынып құран оқысаң тірі қаласың» десе, ол сөзсіз мойнына бұршақ салып, кезінен жасы парлап құран оқыр еді.
Әрине, жан беру оңай емес. Оны мен де түсінем. Жан берудің қиын екенін, талай рет өз басыма түскен сын сағаттардан да жақсы білемін. Бірақ жан беру де әр түрлі болады ғой. Біреулер қыран құстай жауға қарсы шауып еледі, біреулер тауық. тәрізді өлерінде де қоқымнан көзін алмай жан тапсырады. Әлжан расымен сол тауық болғаны ма? Мен тағы күлімсіреймін. Темекеңнің карбит шамы алғашқы сәуле бергендегі Әлжанның түрі көз алдыма қайта елестейді. Аумаған тауық! Салы суға кетіп сүмірейген бишара тауық!
Ақбаян осындай адамды қалай сүйген? Мүмкін, сүймеген де болар? Мен білмейтін бір жағдай кездескен шығар? Өмірде ондай жағдайлар аз ұшырай ма? Хауассиға Садық та осындай жағдайда душар болған жоқ па?
Садықтың аты аузыма түссе, жүрегім өртеніп кетеді. Жоқ, өлім деп, міне, Садықтың елімін айт! Ол жауына қарсы ұшқан ақиықтай сын сағатта арманына өмірін құрбан етті! Садықтың күйі егер Әлжанның басына түссе не болар еді? Сөзсіз Хауассидін құлына айналар еді! Отанды сатушылар осындай өмір деп жабысатын қорқақтардан шыққан! Мен Әлжанды енді бұрынғымнан да жек көре бастадым. Кім біледі қазір оған тиісер ме ем, қайтер едім, менің ойымды тағы Қайсар бөліп жіберді.
— Темеке, сіз елімнен қорқасыз ба?—деді ол.
— Өлімнен қорықпайтын адам бола ма?— деп жауап берді парторг.— Бірақ өледі екенмін деп бостан-бос күні бұрын әбігерленудің қажеті жоқ. Өзі берген жанын құдай өзі алады.
— Сізге олай деу жеңіл,— деді ашулы үнмен Әлжан.— Асарыңды асадың, жасарыңды жасадың! Ал біз ше?
Әлжанға ешкім де жауап бермейді. Тек мен ғана оның сөзіме таң қалам. «Әлжан да өмірдің қызығың көрмедім дей ме? Ақбаянның «сен менің сүйерімсің» деп бір қараған қарақат көзінің ләззат оты — бар өмірдің қызығына татымай ма?»
— Ал мен ажалдан қорықпаймын,— деді Қайсар. Мен оның сөзіне сенемін.— Тек бір-ақ қана арманым бар, сол арманымды орындасам, дәл қазір өліп кетсем, қыңқ демес едім.
— Ол қандай арман?— дедім мен. Сөйдедім де өзіме-өзім: «Қалыңдығы шығар арманы» деп ойладым.
Жоқ, Қайсардың арманы бөтен болып шықты.
— Өмір бойы бар арманым — бір жақсы дастан жазу,— деді. Мен өз құлағыма өзім сенбеймін.
— Дастан жазу?
— Неменеге таңырқай қалдың. Шахтерде тек кен шығарудан басқа арман болуға тиісті емес дейсің бе?— деді ол сәл ашулы дауыспен.—Жоқ, Сабыр, өлеңге бала жастан әуеспін, көптен бері бір дастан жазып жүрмін. Егер біз бүгін су басып өліп кетсек, дастаным бітпей қалады, бар өкінішім сол ғана!
Айналайын Қайсар, қандай жақсы жігітсің! Қалжыңың болсын, шының болсын сен бізді тағы да өлім деген құбыжықтан әрі алып кеттің! Біздің ойымызды, санамызды тіпті үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін өмірдің бір біз білмейтін қанатты сезімінен жетектей жөнелдің! Өлсең — өлерсің, бірақ арманың қандай тамаша еді! Өлең жазғым келеді дегенін тіпті жалған ақ, болсын, бірақ өмірдің тәттілігін қандай идеалға бөлегеніңді өзін білесің бе? Сен кенші емессің, ақынсың. Жоқ, ақындық сезімге көтеріле алған кеншісің! Мен сенің қалжыңыңды, кейде бізді күлдіру үшін айтатын өтірігіңді, жорта істейтін қайсарлығыңды енді ғана түсіндім. Сен өмірді тек кен шығарып, ас жеп, бала тапқызып қана өткізгің келмейді. Өмірге өзінше бояу беріп, оны сәнге бөлегің келеді. Міне сол сан бояуыңның бірі ойдан шығарып отырған сөзің «дастан жазып жүрмін» дегенін болар. Сен дастан жазбай-ақ, қой, бірақ бұл сөзің бізді қандай әсем сезімге толтырғанын, қандай биік шыңға көтергенін білесің бе?
Жоқ, Қайсар менің ойымнан да жоғары болып шықты. Ол шынында да дастан жазып жүр екен.
— Сабыр, сен менің сөзіме сенбеген дейсің ғой,— деді сәл мұңая,— мен шын дастан жазып жүрмін. Осы жаңа ғана бірнеше шумағын шығардым. Тыңдап көр, менікі құр әуре болар.— Ол менің жауабымды күтпестен өзінің жайшылықтағы қайсарлық мінезіне басып, шығарған шумағын қаттырақ күбірлей айта бастады. Мен оның дастанының осы жерін артынан әдейілеп жаттап алдым.
Сондағы Қайсардың шығарғаны мынау еді:
Өлімсіз еш өмір жоқ,
Қорықпаймын мен қалтырап.
Жаңа алсам кеше бейне шоқ,
Сөне алам бүгін жарқырап.
Арым таза жас жанмын,
Жамандықтан ұялған.
Арманым жоқ, достарым,
Өмірді шын сүйе алғам!
Серпіл, достар, қанекей!
Бақыт, ерлік адамда.
Өтейік біз қор етпей
Адам атын ажалға!
— Шынында, жақсы өлең екен,— деді Бәтима,—о кісі бұл дастанын бітірді ме?
— Жоқ, бітірген жоқ. Бұл оның өмір дастаны ғой, өмірімен бірге бітеді,— дедім мен, сөйттім де Бәтимаға қарадым,— сен жақсы өлең екен дейсің... Шынында, дәл сол сәтте бұл жақсы елең еді, біздің тұншыға бастаған жігерімізге жігер берді. Бірақ сен бұл елең жайын тыңдап болғаннан кейін, Әлжанның не айтқанын естіген болсаң...
— Иә, ол не деді?
Әлжан: «Иттің құйрығын маймен сыласаң да, түзелмейді». Сен жүз жерден өлең шығарсаң да ақын бола алмайсың»,— деді Қайсарға.
Қайсар кітап жазатын ақын боламын деген емес. Әлжан оның ақын жанды жігіт екенін түсінбеді. Мен Әлжанға бұрынғымнан да жиіркене қарадым. Осындай адамды Ақбаянның қалай жақсы кергеніне енді шын таң қала бастадым.
Қайсар Әлжанның сөзіне мән берген жоқ. Оған бұрылып та қарамады. Тек менен тағы да:
— Сағатың қанша болды?— деп сұрады.
— Түнгі он,— дедім мен. Сөйттім де, күліп жібердім.
— Неге күлдің?— деді Темекең.
— Жынданайын деген ғой,— деді мен үшін жауап беріп Әлжан.
Бірақ оның сөзіне мен де ашуланбадым. Өйткені ойым басқа жақта еді. Мен:
— Темеке,— дедім о кісінің сұрағына жауап беріп,— Осыдан он жыл бұрын Садық екеуміз осы түнгі сағат онды асыға күтуші едік. Сол есіме түсіп кетті.
— Неге күтетін едіңдер?
— Есіңізде бар ма, сіз ол кезде кешкі сменаға сағат тоғызда кететінсіз. Біз сіздің кеткеніңізді сағат онға дейін күтетінбіз. Содан кейін Садық екеуміз бақшаңызға түсіп, күніне он алмадан үзіп алатынбыз. Таңертең сіз жұмыстан қайтып келіп алма ағаштарыңыздың алмасын санайтынсыз. Күннен-күнге өзінен-өзі кеміп бара жатқан алмаларыңызды көріп таң қалатынсыз...
Менің бұл айтып отырғаным шыным еді. Мыс қазғанда ең алғашқы алма ағашын отырғызған осы Темекең болатын. Біз жетінші бөлімде оқып жүрген кезімізде Темекеңнің бақшасының алмасы бар бала біткеннің арманы болатын. Он түп алма ағашы жұдырықтай-жұдырықтай қып-қызыл шырын тәтті алмаға сыңсып тұратын. Өзге балалар сым қоршаулы бақшаға кіруге бата алмайтын. Бұны тек Садық екеуміз ғана істейтінбіз. Бірақ ұрлығымыз шығып қалмасын деп, күніне он алмадан артық алмайтынбыз. Күз шыға күнде түндегі сағат ондағы әдетіміз осы. Темекең күз әбден жетіп, алмаларын жинай бастаған кезде ғана бақшасына бір суық қолдың кіргенін сезетін. Аң-таң болатын да қоятын. Біз осы кәсіппен екі жылдай шұғылданғанбыз. Бірақ балалық шақ мұндай күнәні саған күнә дегізген бе? Менің еске түсіріп отырғаным осы оқиға еді.
— Өй, тентектерім-ай,— Темекең. қарқ-қарқ күлді.— Бәсе, сол жылдары бақшам жемісті аз беріп жүрді. Көгеріп шыға бастағанда алмалары әжептәуір секілденеді де, күз жинағанымда тіпті жоқтың қасы болып шұнтия қалатын. Бұл сорлыларды құстар шұқып жеп кете ме екен деп ағашқа жаман тымағымды кигізіп талай қарауыл да қойғам. Сөйткен құстарым сендер екенсіңдер ғой. Кеш қайтқан борыш екі есе бағалы болады дейтін еді жұрт, ертең үйге барған соң сондағы бақшамнан алған алмаларыңның құнын төлейсің!
— Осы тас қапшықтан құтылып шығамын деп ойлайсыңдар ма сендер?—деді Әлжан Темекеңнің «ертең үйге барған соң» деген сезіне ашуланып. Сөйтті де табан тұсына жетіп қалған судан шошып, бізден жоғарырақ, забойдың құрғақ жеріне барып отырды,— көп болса енді екі сағатта суға тұншығып өлеміз.
— Шырағым, жаның қандай тәтті еді?—деді парторг ананың сөзін жақтырмай қалғанын жасырмай, сәл зекіп,— қауіп-қатерде үш адамды басқара алған адам, жайшылықта үш мың адамды басқара алады дейді екен аталарымыз, қалай бізді осы уақытқа дейін басқарып келгенсің?
— Басқара алмайтынымды білсең, баяғыда алдырып тастамайсыңдар ма? Онда мұндай апатқа ұшырамас едік.
— Сасқан үйрек артымен сүңгиді. Қой, шырағым, ақымақ адам жүзге келгенде де ақымақ болады, мың жасаса да сол ақымақ қалпында өледі. Өзің істеген қатеңе өзгеден араша іздемей, жайыңа отыр!
Парторгтың зеки сөйлеген сөзінен кейін өзінің қатесін түсінді ме, әлде басқа бір себебі бар ма, Әлжан үндеген жоқ. Бір мезет менің бойым шымырлап кетті. Әлжан маған таяу отырған. Қырық градус аязда қалшылдаған адамдай, кенет менің құлағым оның қорыққанынан тісі тісіне тимей сақылдап отырғанын шалып қалды. Нағыз бір қасыма көлбақа келіп қона қалғандай жиіркеніп, одан алысырақ барып отырдым. Дүниеде талай қорқақ адамды көрдім. Ал Әлжандікі құр ғана қорқақтық емес еді. Оның бүгінгі қылығында қорқақтық та, пасықтық та, өлім аузында тұрса да, өз айыбына бөтеннен себеп іздеу де бар. Қолымен істегенді мойынмен көтере алмау — бұл адамның ең әлсіздігінің куәсі. Осындай адамды Ақбаян сүйді, жарым деп құшағына кірді. Ал Әлжан маған көлбақа болды да қалды. Ақбаян тәрізді кірсіз таза періштенің сұп-суық, қолыңа ұстасаң жымыр, осы көлбақаны жиіркенбей жарым деп құшақтап, «сүйгенім» деуі мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес. Бұл арада бір сиқырлы күш кіріскен. Жас баладай сенімпаз Ақбаянды алдаған. Алдап қолға түсірген. Оның енді көзін ашу керек. Алданғанын білдіру керек. Бұны Ақбаян үшін істемесем де, Садықтың аруағы үшін істеуге борыштымын. Жау қолында сондай ерлікпен жан тапсырған аяулы жанның туған қарындасы Әлжан тәрізді көлбақаның жары болуға тиісті емес. Әлжан оның тырнағына татымайды. Бұны біле тұра Ақбаянды одан арашаламау зор күнә. Үндемей қалуым — жан жолдасым Садықты қорлау. Адам деген атты қорлау. Өзіңнің арыңды қорлау. Ақбаянды Әлжаннан құтқару — менің адамгершілік міндетім. Адам үшін күресуден жоғары бақыт бар ма? Олай болса мен адам үшін, әсіресе адамның шын періштесінің бірі Ақбаян үшін күресуім керек. Оның мұндай күйге душар болуы, Әлжан секілді дымға татымайтын адамға ерге шығуы — бәрі біздің, Ақбаянды қоршаған қоғамның адам тағдырына немқұрайды қарауынан туған. Егер Ақбаян осы қалпында қала берсе, ол дүниедегі ең бақытсыз әйелге айналады. Ондай халге жібермеуіміз керек. Сонда мен не істемекпін? Ақбаянға барып «сенің қалағаның жаман адам, айырыл» демекпін бе? Жоқ, ондай ойдан мен аулақпын. Менің түсінігімше, Әлжанның жаман адам екенін Ақбаянның өзі де біледі, білмеуі мүмкін емес. Ақбаянды Әлжаннан құтқару деген сөз маған Ақбаянның қатесін кешіру деген мағынамен бір. Тек адасқан жанға қол ұшын берсем, бәрі өз қалпына келетін сынды...
Осы ойдың бәрін мен сол тас қапшықта отырғанда ойладым. Өзіміз тірі қаламыз ба, жоқ па — онда шаруа жоқ. Илья Эренбург айтыпты ғой: «Адам өлуіне бір күн қалған сағатында да өмірін жаңадан бастаса кеш болмайды»,— деп. Менің дәл осы сәтте бар ойым, бар тілегім езімнің тірі қалуымда емес еді, осы минуттан бастап Ақбаянға деген көзқарасымды өзгертуде, сол үшін күресуде болатын.
Ал бұл күрес қандай болу керек, неден басталуға тиісті — о да маған белгісіз. Әзірге тек Ақбаянның алданғанын түсініп, қатесін кешіре білсем, арғы жағы өзінен-өзі тез-ақ шешілетін тәрізді. Су жоғары көтеріле түскен әр минутта: «Ойпырмай, осылай өлгеніміз бе? Иттің балалары неге тезірек қимылдамайды»,— деген Әлжанның сырттағы жұртты балағаттай, үрейлене шыққан дауысын естіген сайын, өз пікіріме бекіне түсем.
— Ақбаянды Әлжаннан құтқару деген сөзді, Бәтима, сен өзімнің ескі жарамның аузын ашу деп түсінбе,— деймін жанымдағы қарындасқа.— Татьянам барында, Ақбаянды қанша жақсы керсем де, жұбайымның көзінен бір тамшы жас шығару менің қолымнан келмес еді.— Бәтима үндемеді. Сөзімді қайтадан жалғай бердім,— сол сын сағатта Әлжанды әбден танығандықтан ойымды тек адамгершілік сезім билеп әкетті. Ақбаянды дәл бір айдаһардың құшағында жатқандай көрдім. Тек оны сол айдаһардан құтқару ғана тілегім болды. Бірақ бұл тілектің қаншалық қиынға түсетінін мен ойламадым. Әсіресе Ақбаянның өз басының кім екенін, оның арманы неде екенін еске алмадым...
Біз тіл қатыспай тағы аз уақыт отырдық. Мұндайда кімнің не ойлап отырғанын білу қиын. Әсіресе, Бәтима секілді тұйық әйелдің. Ондай әйелдердің сырын ашу да бір, темір шынжырды тарату да бір. Мен шахтадағы жайға қайта көштім.
— Су көтеріле-көтеріле ақырында біздің тығылар жеріміз қалмады. Фосфор көрсеткіші бар сағатыма қарап едім, он екі екен. Әрі кетсе енді екі сағат. Содан кейін бәрі де бітеді. Өмір де, Ақбаян деген әурең де... Әйтсе де өлер алдында жақсы керген адамыңның қатесін түсініп, оны кешіру көңіліңе қандай жайлы тиеді. Бұл қуаныш сонау таяп келе жатқан ажалдың суық бейнесін сәл жылыта түскендей. Өліп кеткен күнде де жүректегі бір жараң жазылып өлгендейсің. Қайсардың «дастанымды бітіріп өлсем, екпем жоқ» деген сөзі енді санама бұрынғысынан анағүрлым анық қонды. Иә, Ақбаянның Әлжанға алданып қосылғаны менің де оған деген өкпемді кешіртті. Өлер алдында бұдан артық жеңілдік болар ма!
Бірақ біз өлмей тірі қалдық. Кенет біздің алқымымызға таяған мұздай суық су — мейірімсіз ажал, біртіндеп төмен түсе бастады. Аздан кейін оның әлдеқайда сырылдап ағып бара жатқанын естідік.
— Ура! Ура!—деп жас баладай қуанып айқай салды Әлжан.
Біз де қуанышты едік.
— Сірә, ескі штольня түбінен тескен-ау,— деді Темекең су сырылына құлағын сәл салып,— өзім де сүйтер деп ойлап едім,— жаңа ғана жаққан карбит шамының сәулесін Қайсар екеуміздің бетімізге түсірді. Өзінің көзінде де үлкен қуаныш. Бізге үн-түнсіз қарап тұрды да, ақырын күлімсіреді.
— Сабыр, ұмытпа, Садық екеуің ұрлаған алмамның ертең төлеуін әкеп бересің,— деді.
VII
Біздің Темекең осы жылы елуге келген-ді. Мысқазғанда бір де бір шахтер өзінің елу жасқа толғанын тойлап көрген жоқ екен. Той болса тек бастықтардың елу-алпысқа толғаны аталып жататын. Осыған ызаланғаны да бар шығар, әлде бір серпілуді дұрыс керді ме, Темекең елу жасқа толған мүшелімді атаусыз тастамаймын деп белін бекем буды. Не болса о болсын, айды аспанға бір шығаруды ойлады. Екі жүз адамға тағам, арақ-шарап тағайындады да, өзінің көңілі түскен адамдардың бәріне де «Құрметті бәленшеке, сентябрьдің оны күні менің елу жасқа толған салтанатты мерекеме келулеріңізді өтінемін» деп мерекеге шақыру қағазын таратты.
Бас қонақтарының бірі, әрине, Қайсар екеуміз. Біз Татьяна екеуміз келдік. Қайсар осыдан үш жыл бұрын «карбит шамын беретін бөлмедегі» Нұржамалға үйленген. О да келіншегін ерте келді. Мұндайда қазақ қандай даңғой келеді. Және соғыс біткеннен бері жұрттың көңілі көтеріңкі болатын. Елуге толғаныңның құрметі деп біреу кілем, біреу патефон әкеліп жатыр. Біз де құр қол емеспіз. Қайсар екеуміз бірігіп бір тамаша радиоқабылдағыш әкелдік. Ол кезде мұндай заттық аз кезі, байқаймын, ешкім бізден асқан сыйлық әкелмеген тәрізді.
Жұрт шахтаның қызыл бұрышына тез-ақ жиналды. Кең бөлмені айнала қойған столдың үсті соғыстың жаңа ғана біткеніне қарамастан тағамға лық толы. Арақ-шарап та жеткілікті. Артынан барып білдік, бұның бәрін жұмысшылар жабдықтау бөлімі арқылы рудник бастығы Бекенов Әлжанның өзі тағайындатыпты. Осыдан үш жыл бұрын болған жер астындағы оқиғадан кейін рудник бастығы парторгтан үнемі қысылып жүретін, ұятын осылай жуғысы келді ме, әйтеуір, Темекең тойынан ештеңені аятпапты.
Тас қапшықта Әлжанды әшкерелеуге қанша тісімді қайрағанмен, артынан қолма-қол оған ештеңе дей алмағам. Ақбаянға да жолығуға ыңғайым келмеген. Алда-жалда кездесіп қалғанда «сен жер астында қорқақтық көрсеттің» деп аты-жөні жоқ өзіңнен-өзің оған қалай тиісерсің. Сөйтіп бірте-бірте жер астындағы берік ойым пышырай бастаған. Тек Ақбаянды көрген жерде сөйлескім келіп кетеді. Бірақ өзімді-өзім күшпен тоқтатам. Менің сөзімді оның қалай қабылдайтынын қайдан білейін. «Менен айырылған соң ішің күйгеннен бұл сұмдықты ойдан шығарып жүрсің» десе, жұртқа не бетіммен қараймын? Қысқасын айтқанда, тас қапастағы Әлжанға деп түйілген ашу, күні өткен сайын, құм болуға айналған-ды.
Бірақ сол шахта астындағы оқиғадан кейін бір ұққаным: маған құр ғана бұрғышы болып қалу жеткіліксіз екен. Екінші рет мұндай халге ұшырамас үшін ең алдымен техникаға, тау ғылымына өзіңнің көзің ашық болуы керек. Сонда ғана сен «бастық айтты, мен орындаймын» деп аты-жөні жоқ көрінген іске құлшына түсе қоймайсың. Не істесең де, қандай қауіпке барсаң да, өзіңнің көзің жетіп барасың. Осыны ойлап, мен сырттан оқитын боп Алматы тау-кен институтының бірінші курсына түстім. Бұған өзім іштей әжептәуір қуанатынмын. «Бір бес жылдан кейін мен де инженер боламын» деймін кеудемді көтере. «Бекенов жолдас, асықпаңыз, оңтүстік кенін қалай алу керек екенін сонда сөйлесерміз» деймін өзімді-өзім қошаметтеп. Әрине, менің бұным ет қызулық. Әйтпесе оңтүстік кені институт бітіруімді тосып бес жыл күтіп тұрар ма?
Жұрт тегіс жиналып, Темекең әйел, бала-шағасымен ( сегіз баласы бар, алды он сегізде) үлкен столды жағалай отырып болған соң, Әлжан тойды басқаруға кірісті. Әрине, біз «сенің бұның қызмет бабын пайдалану, мереке жұмысшынікі, біз өзіміз басқаруымыз керек» деген жоқпыз. Мейлі, Темекеңнің елуге келгеніне ол біздей қуана алатын болса, тойды басқара берсін-ақ... Мен іштей оған сүйсіне де қалдым.
Самайына ақ кірген толқынды қою шашты сұсты түріне қара галстукті қардай аппақ көйлегі мен көмірдей қара тройка костюмі қалай келіскен десеңдерші! Той Темекеңдікі емес, өзінікі тәрізді. Бас столдың ең ортасынан орын алған. Оң жағында бала-шағасы мен Темекең. Сол жағында... Жоқ, бұл адам емес, перінің қызы! Ертегіде кездесетін бір көрген адам есінен айырыла ғашық болып қалатын нағыз аққу бейнесіндегі перінің қызы! Бұл — Ақбаян! Кім оны қазір Әлжанға тигеніне он жылдан асып кетті дер! Баяғы езім керген он сегізіндей. Әлде маған солай керіне ме? Жоқ, байқаймын, жұрттың бәрінің көзі Ақбаянда. Көл үстіндегі қалың қаз ішінде жеке жүзген аққуды көргендерің бар ма? Біздің арамыздағы Ақбаян — сол аққу! Өзі де аппақ. Тек екі елідей етіп тізілген мойнындағы меруерт моншағы мен осындай меруерттен өріп құлақтарына таққан кішкентай сырғасы ғана көмірдей қап-қара. Иығына жаба салған үлбіреген ақ шәлі сұңғақ келген жұп-жұмыр аппақ мойнына қандай жарасып тұр! Мен де ес жоқ, осындай су перісін өзіме ерге шығады деп жүрген. Бірақ... Жанындағы Әлжанға көзімнің қиығын аударам да, оның осыдан үш жылғы жер астындағы қылығы есіме түсіп кетіп, Ақбаянға бөтен көзбен қарай бастаймын. Әлжан секілді пасық, қорқақ адамға шыққанда, маған шықпайтын несі бар еді! Әлжанға қарағанда Қайсар екеуміз шын адам емеспіз бе? Бұл қасиетімізді сондағы тас қапшықта қалатын күнгі сында көрсеткен жоқпыз ба деймін ішімнен. Әлжанды инженер деп әлдеқандай етсе, екі-үш жылдан кейін институтты мен де бітірем. Сонда көрерміз кімнің қолынан не келгенін!
Сол оқиғадан кейін Әлжан оңтүстік кенін алуға тіпті жуымай қойған. Ал институтты бітірмей жатып менің бар ойым — сол оңтүстіктің кенін қалай алу. Дипломды да осы Мысқазғанның оңтүстік кен қоймасын пайдалану жайында қорғамақпын. «Тек инженер атын алайын. Әлжан, сенімен сосын сөйлесермін» деп ойлаймын, түбі Әлжаннан асып түсетініме күні бұрын мәз болып. Бірақ Әлжаннан асқанымнан не пайда? Ақбаян бұны көрер ме?..
— Ақбаян шынында да қандай сұлу, қарашы!—дейді мені ақырын түртіп, жанымда отырған Татьяна. Ойға шомып кеткен сорлы басым, алдыменен оның не айтып отырғанын түсінбеймін. Түсінгеннен кейін, Татьянаға Іштей ренжіп қаламын. «Қарашы дейді, Ақбаянның қандай сұлу екенін мен білмейтіндей!»
Дәл осы кезде Әлжан бокалын ұстап орнынан түрегелді.
— Қымбатты аға-інілер, апа-қарындастар!—деді ол бокалын жоғары көтеріп.— Бүгін біз Мысқазғанның көк тасына бұрғыларын алғашқы қадаған ардагерлеріміздің бірі — қадірлі Темекеңнің елу жасқа толғанын мерекелеуге жиналып отырмыз. Бұл той жалғыз Темекеңнің тойы емес, осы отырған көптің ақылшысы, шахта партия ұйымының көсемі, саяси жеңістеріміздің ұйымдастырушысы...— Әлжан Темекеңнің ұзақ жыл шахта парторгі болғандығын «шахта көсемі», «саяси жеңістеріміздің ұйымдастырушысы» деп әдейі көтеріп айтып тұр. Ол енді қатар отырған Қайсар мен маған бір қарап қойды,— мен Темекеңді күнделіктегі іс жүзіндегі ғана емес, басымызға қауіпті сағаттар туған уақыттарымыздан да білем. Бүгінгі тойда осыдан үш жыл бұрын жер астындағы апатта кездескен өлім шеңберінде болған төрт адам бармыз. Басымызға туған сол бір ауыр кезеңде біз бүгінгідей тамаша қуанышты көреміз деп ойлаған жоқ едік,— Қайсар мырс етіп күліп жіберді. Қайсардың мінезін білетін мен «бекер қозғадың-ау, Әлжан, бұл әңгімені» дедім ішімнен. Бірақ рудник бастығы Қайсардың қылығын байқап қалса да, мән бермеген түр көрсетіп, сәл кібіртіктей сөзін жалғай берді.— Расын айтсам... біз тас қамалдың ішінде абыржып не істерге білмей де қалып едік. Бірақ бізге Темекең рух берді. Ажалды қаймықпай қарсы алуға үлгі көрсетті. Соның арқасында біз әлімді де жеңдік. Өмір үшін ең ақырғы деміміз біткенше қауіп-қатерге шыдап бақтық,— осы айтып тұрған сөзіне езі сенгендей Әлжанның екі көзі жайнап, дауысы бір түрлі шабыттана шықты,— сол себепті осы тосты,— деді ол енді жұртты қырағы көзімен бір шолып,— қайтпас болат семсер, Мысқазған алып қырандарының бірі, құрметті кеншіміз Темекеңнің біздің бағымыз үшін, ел-жұртының бағы үшін елу жасына тағы елу жас қосып, жеңістен-жеңіске жете беруі үшін алып қоялық,— деді.
Жұрт ду қол шапалақтады. Біріне-бірі соқтырылған шынылар сыңғырлай ән қосып, кең бөлме құлаққа жағымды дыбыстарға толды.
Бірінші шешеннен кейін екінші шешен сөйледі. Темекеңнің тізерлес серіктері, өзінен екі жас кіші жұбайы — Қалампыр, бөтен шахтаның қонаққа шақырылған уәкілдері — бәрі де кезектесе тост көтеріп жатыр. Маған да бір-екі ауыз жылы лебіз көрсетуге тура келді. Темекең өзі де алғысын айтып, жұртқа бокал көтертті. Тек Қайсар ғана тост көтеруден бас тартты. Әлжан оған сөз бергенде де, «Мен сөзімді соңынан айтам» деп көнбей қойды.
Бұны, әрине, Қайсар босқа істеп отырған жоқ. Ішім сезеді, бір бүлік шығаруы мүмкін. Бағанағы мырс етіп күлуінде де бір гәп бар. Бірақ не істемек? Түріне қарасаң жай бір қалжыңдап біреуге тиіспесе, бәлендей бүлік шығаратын белгі жоқ. Ақ жарқын, бар ықыласымен-ақ ішіп отыр. «Темекең тойында ішпегенде қайда ішеміз? деп қояды, тісін ақсита күліп. Көп іше алмағанмен де кеу-кеулеп, «сұлу жеңеше, және көтеріп қойыңыз» деп қалжыңдай Ақбаянға да бір-екі рюмка алдыртып тастады. Ақбаянның аппақ бетіне қан жүгіріп, үлкен мөлдір көзінде ойнақшыған бір жалынды нұр да пайда болды. Әлсін-әлсін күле де бастады.
Бірақ Қайсарға сену қиын. Ол арбаға жаңа үйренген жылқы тәрізді. Кәдімгідей дұрыс жүріп келе жатып, бірдемеден секем алса, бөтен жаққа бұра тартуы оп-оңай. Оның мұндай «тентек» мінезін талай көргем. Әрине, бұнысы бір қиқарлықтан, не бұзықтықтан шықпайды, өзгенің істегені миына қонбаса, не өз жолын дұрыс деп санаса, басынан алтын жаудырып қойсаң да, өз айтқанынан қайтпайды. Көңілі нені қаласа, солай қарай бұра тартады. Бұндай әдеті маған әбден мәлім. Талай рет ашуланғанмын да, енді көрмеймін деп те кеткем. Бірақ онысыз жүрсем, бірдемем жетпейтіндей, қайта оралатынмын. Осындай істің бірі, сырттан оқитын институтқа түсетін кезімде болды. Институтқа алдымен Қайсар екеуміз бірге түсуді ұйғардық. Ол қазақша тоғыз жылдықты бітірген-ді. Емтиханға дайындайтын бір инженер жігітті мұғалімдікке алдық. Бір айдай бірге дайындалдық. Байқаймын, заты зерек Қайсар оқып кететін түрі бар. Бірақ оның көңілінде басқа бірдеме жатқан тәрізді. Күннен-күнге сабаққа салқын қарай бастады. Бір күні маған: «Сабыр, институтқа сен түс. Мен түспеймін»,— деді. «Неге?» — десем; «Сол. Жұрттың бәріне инженер болу міндет емес қой. Мен тас қопару үшін жаралған адаммын. Құдайдың сол берген жазмышында қаламын»,— деп жауап берді. Мен оған оқу керек екенін, оқу — адамның сана-сезімін көтеретінін, біздің заманымыздың техника заманы екенін, коммунизмге жету үшін де білім керек екенін түсіндіріп, әбден қызыл тер болдым. Тіпті көнбегеннен кейін, кісінің арманы құр ғана шахтерлік төңіректе қалмау керектігін айтып көріп едім, ол: «Жұрттың бәрі агроном болса, жерді кім жыртады? Жұрттың бәрі инженер болса, кенді кім қазады? Мен өз мамандығымның техникасын жақсы білсем, бүкіл дүниедегі техниканы білудің маған қажеті қанша? Оқыған адам ғана саналы болса, көрдік қой ана жылы жер астында Әлжан бастықтың қаншалық саналы екенін! Маған жай кенші болу да жетеді»,— деп, айтқаныма көнбей қойды. Ақыр сол айтқан сөзінде тұрды. Институтқа түскен жоқ. Бірақ бұрғышылық өнерін құдайдай меңгеріп алды. Және өз мамандығына байланысты техникалық жаңа бірдеме болса оны білгенше асығады. Осындай әуесқойлығының арқасында «Ержановтың арбасын да» қоярда қоймай жүріп іске асырды. Қайсардың езі білетін тағы бір «ауруы бар». Ол баяғы өлең жазу. Бірақ оны ешкімге де көрсетпейді. Жер астындағы қиындықта сырын ашып қалғанына осы уақытқа дейін опық жейтін тәрізді. Оның бұл әдеті маған ұнайды. Әркімнің жұрт үшін емес, өзі үшін бір қиялы, арманы болуы керек қой. Оны өзгеге айтудың не қажеті бар? Қамыққаныңда көңіліңді жадыратса, шаршағанда сүйенішің болса, одан артық ол арманнан, ол қиялдан саған не керек? Қайсардың осы жасырын жұбанышы өлеңі. Ал менде ондай не бар? Ақбаянға деген баяғы бір кейде жоғалып, кейде қайта пайда болып, пунктир секілді бітпейтін бір махаббатым ба? Мүмкін сол шығар, мен қайдан білейін...
Бірақ Татьянаға көзім түссе болғаны өзімнен-өзім осындай ойым үшін жерге кірердей боп ұялам. Татьянаны аяймын, оның көңілін еш уақытта да жер еткім келмейді. Және үш жасар қызымыз бар. Егер күнәлі бірдеме ойлайтын болсам, сол кішкентай сәбиіме жамандығы тие ме деп зәре-құтым қалмайды. Басым жұмыр пендемін ғой, әлдеқалай күнә істей қалсам, соның жамандығы сәбиіме емес, езіме тисін деп тілеймін.
Ал қазір Қайсардан босқа қауіптенген секілдімін. Ол бүгін тіпті айрықша көңілді. Қайдағы жоқ қулық, күлдіргі сөздерді айтып, қынабынан суырылған болат семсердей жарқ-жұрқ етеді. Әлде бұнысы сұрапыл алдындағы найзағайдың ойнауы ма?
Жұрт әрі-бері ішкеннен кейін топ-топқа бөлініп әңгіме құрып, не болмаса жиылып алып ән салуға кірісті. Кейбіреулер коридорға шығып билеп жүр. Солардың бірі Қайсар мен Ақбаян. Қайсардың сол кездегі «Париж күмбездерінің астында» атты фильмдегі Франческа Гааль айтатын «Хауду-ю-ду» әнінің ырғағымен фокстротты билеп, Ақбаянды коридорда дедектетіп жүргенін бір-екі рет көзім де шалып қалды. Әлденеге екенін білмеймін, ішім күйіп кетті. Әттен, не керек, ол кездегі мода — фокстрот, танго, вальс-бастондарды мен білмеймін, әйтпесе Ақбаянды мүмкін мен де биге шақырып қалар ма едім, қайтер едім? Ақбаян шығар ма еді, шықпас па еді? Перфоратордан бөтен қолына ештеңе алмайтын Қайсардың бұл билерді қайдан үйренгеніне таң қалам. Жалпы алғанда Қайсардың, байқаймын, мен білмейтін сыры көп. Қай жағынан қарасаң да, әсем болып көрінетін асыл тас тәрізді ол. Қайсардың заты, табиғи жаратылысы ерекше біткен жан екеніне менің көзім тағы бір жеткендей...
Бір кезде жан-жағыма кез салсам, бір столдың басына Әлжан, Темекең, Ақбаян, Татьяна, Нұржамал, Қалампыр, мен, Қайсар тағы бір-екі мосқал жұмысшы адам жиналып қалыппыз. Өзге жұрт ішкені ішіп, ал кейісі шамадан тыс қызып алып, ләйліп өз беттеріне кетіпті. Мұндай тойда жұмысшы адамға іштің деп кім кінә қояды. Мен де кінә қойғым келмейді. Біз жаңағы айтқан адамдар, өзгелерден бөлек жиналып қалыппыз. Бұның қалай болғанын білмеймін, әйтеуір, бәріміз бірге отырмыз. Міне, осы жерде мен Қайсардың тағы да бір асқан қасиетін кердім. Әлденені айтып шуылдасып жатқан топтың ішінен бір кезде қолына бір бокал шампан құйып алып Қайсар орнынан түрегелді. Жаңа ғана стол басына келер алдында, Ақбаянмен билеп жүрген кезінде қызу секілді еді, қазір тіпті ештеңе ішпеген адамдай леп-лезде салмақты түрге ене қалыпты.
— Достарым, бокалдарыңды толтыруларыңды сұраймын,— деді ол бәрімізге жайлап қарап.— Әлжекең берген бағанағы тосты мен енді көтермекпін. Және сөзім Темекең жайында емес, Әлжекең жайында болады. Сондықтан тостарыңды мөлтілдете құюларыңды өтінем. Әсіресе, сіз, сұлу қарындас Ақбаян...— Қайсардың бетінде кенет мысқыл күлкі пайда болды,— бұл жолы рюмкаңызды ақпен толтырыңыз.
— Жұрттан ала-бөтен ақ ішерлік менің не жазығың бар?—деді Ақбаян әзілдей күліп, дауысы күміс қоңыраудай сыңғырлап.
— Жазығыңыз көп, қарындасым,— деді ойын шынын араластыра күлімсірей Қайсар,— алдыменен еріңіз жайында айтылатын құрметті сөзді тыңдап алыңыз...
Ішім қып ете қалды. Қайсардың Әлжанды жалпы жек көретіні маған аян. Енді оның қандай «құрметті» сөз айтпағы белгілі. Бұны Әлжанның өзі де сезіп қалды. Оның беті қуқылданып кетті.
— Бүгін менің мерекем емес еді ғой, Қайсар,— деді ол күлген болып,— мен туралы сөйлегің келсе Темекеңнің тойынан да бөтен толып жатқан мәжіліс, жиын бар ғой.
— Жоқ, айтсын,— деді Ақбаян жарқын жүзбен. Сөйтті де сәл кідіріп,— егер одан бірдеме өзгеретін болса,— деді қабағын жоғары көтеріп, Қайсардың Әлжанға тиіскелі тұрғанын Ақбаян да сезіп отырғаны байқалып қалды. Бірақ ерімді жамандар деп Ақбаян қаймығар емес. Тіпті оны қорғап қарсы тұруға да бар тәрізді.
Бұны Қайсар да сезді білем. Ол кенет момақанси ыржия күлді. Мен оның күле сөйлеп, қатты ұратын әдетін де білем.
— Мен біреуді өзгертейін деп тұрғаным жоқ, қарындасым,— деді ол жайбарақат жылы шыраймен.— Түйенің едірейген еркешін тегістегің келсе, оны арықтат. Адамның жаман мінезін өзгертпек болсаң, оны өмір тегеуірініне сал. Менің ойым басқада еді. Мына Темекеңнің тойында құр ақмағамбетті сіміре бергенше бір күлдіргі әңгіме айтып, көңілдеріңді көтерейін деп едім. Айтпа десеңдер, айтпай-ақ қояйын.
Қайсардың айтайын деген сөзіне бөтен жол тапқанын мен бірден түсіндім.
— Айт,— дедім мен.
— Айт,— деді өзгелер де.
— Сонда ол күлдіргі әңгімеңіз Әлжан туралы болады ма?—деді Ақбаян томсара түсіп.
— Ойпырмай, қалқам-ай, алдыменен тыңдап көрсейші. Сөзімнен өзіне керегіңді тауып аларсың.
— Дұрыс,— дедім мен.
Ақбаянның ері туралы ештеңе сөйлеткісі келмегені мені таң қалдырды. Ерінің қандай адам екенін жақсы білетінін мен енді әбден түсіндім. Сөйтіп тұрып, оны қорғамақ. Ал мен болсам Ақбаянды аяп, оның көзін ашпақ боп жүрдім-ау! Қандай соқыр жанмын! Менің ойымды Қайсар бөліп жіберді. Ол сөзін бастап та кетті.
— Әңгіме бұ дүниеде емес, о дүниеде болған,— деді Қайсар кенет жымың қағып,—-осы отырған бәріміз пейіштің алдындағы алаңда тұрмыз, бұ жалғанда істеген күнәмізді ұмытып кетіп, әрқайсымыздың да ұжмаққа кіруге дәмеміз бар. Бірақ оның есігі біздің директордың кабинетінің есігінен де берік қорғалған. Қолдарына гүрзісін ұстаған Әңкір, Мәңкүрден бастап, Ғазіретәлінің өзіне дейін күзетте тұр. Тіріңде екі иығыңа отырып алып қойын дәптерлеріне істеген күнәң мен қылмысыңды жазып алған Әзірейіл мен Жәбірейіл де осы арада. Өмірде болған бар жақсылығың мен жамандығыңды таразыға салып өлшеп Мүтуәлі тұр. Кірдің бір жағы бір мысқал темен тартса болғаны, «мынаны дозаққа», «мынаны ұжмаққа апар» деп әмір береді. Тірі: жүргендерінде қылмыстары ашылып, прокурор мен сот жасаған протоколдардың о дүниеге көшірмелері жеткен талай сабаздар дозақта шырылдап күйіп жатыр.
Сол ұжмаққа кірмекші кезекте тұрған мені бір періште ұстап алды да:
— Дозақтың қызуы азайып барады. Шахтадан барып көмір әкел,— дейді.
— Жалғыз ба?—деймін.
— Жоқ, қасыңа үш кісі ал,— дейді ол.
— Кімді алайын?—деймін мен.
— Білмесең мен көмектесейін. Мына Темекеңді, жолдасың Сабырды, бастығың Әлжанды алуыңа болады. «Мен болсам бір сәрі, жайыма жүрмей өлең жазған екем. Ал мына үшеуінікі не?» деймін. Үшеуі де бұ дүниеде халқына адал еңбек еткен жандар екені баршамызға мәлім ғой. Әсіресе, Темекеңнің аты аталғанға таң қаламын. «Сірә, бірдеме істеп қойды-ау деймін ішімнен, бейшараға қартайғанда қиын болды ғой. Әсіресе, құрметті шахтер деген атағымен құдай тағаланың санаспағанына не дерімді білмеймін. Егер осындайда шипасы тимейтін болса бұл темірдің, несіне осыны береміз деп местком төрт күн қызыл өңеш боп мәжіліс өткізді». Шыдай алмай:
— Темекеңнің не жазығы бар?— деймін.
— Сен өзің мысық тектес жан екенсің ғой,— дейді періште.— Өзі парторг бола тұрып, Мұхамбет пайғамбардың өсиетін бұзып, елуге келдім деп бәрінді арақ-шарапқа лықылдата тойдырып, есірткені қайда?
Біз бәріміз Қайсардың сөзіне ду күлеміз. Ол енді маған көз тастайды.
— Ит те болса жолдас еді, дозаққа күйсем, өзім-ақ күйейін. Бұның отқа жанғанынан қандай маған пайда бар деп періштеден «Сабырдың күнәсі не» деп сұраймын.
Мүтуәлі маған түксие қарайды.
— Бұның күнәсі сенікінен де ауыр,— дейді,— Бейіштен аз уақыт жер бетіне серуендеп келсін деп жіберілген бір хор қызы туралы, қатын-баласы бола тұра, әлі күнге дейін ойлауын қойған жоқ.
Мен жерге кіріп кетердей боп ұялам. Басымды көтеріп Татьянаға, Ақбаянға қарауға бетім шыдар емес. «Ақбаянды жақсы көргені үшін» деп бетіме күнәмді былш еткізбегеніне Қайсарға іштей ризамын...
«Ал, Әлжанның не жазығы бар?» деп Мүтуәліге тағы сұрақ қойған Қайсардың даусын естимін. Амалсыз басымды көтеремін. Қайсарға ашуланарымды да, ашуланбасымды да білмеймін. Бір жағынан Ақбаянды менің әлі ұмытпағанымды естірткеніне дән риза. Ал екінші жағынан қатын-баласы бар адамға...
— Мүтуәлі маған бұл жолы ренжіп қалды,— дейді Қайсар.— Әй, сен Әлжанның күнәсін білмейтіндей, не малтаңды езіп тұрсың. Марш!
— Ар жағында не болды?— деді көзі жайнап Бәтима.— Қайсар аға әңгімесін немен тындырды?
— Ең қызығының өзі осында болды ғой,— дедім мен еріксіз езу тартып күліп, Қайсардың сол күнгі қылығы көз алдыма елестей.— Қайсар біз үшеуімізді ертіп о дүниенің шахтасына алып барды. Соның ар жағында оқиғаның бәрі дәл ана жылғы өзіміз басымыздан еткізген оқиғадан аумады. Сондағыдай біз төртеуміз дозаққа кемір шығарамыз деп жүріп тас қапшықта қалдық.
— Иә, сосын?..
— Қарасам, тойға келген жұрттың бәрі біздің столға жинала түсіпті. Қайсар о дүниедегі шахта оқиғасы деп біздің өз шахтамызда болған жағдайды бұлжытпай айтып берді. Айтқанда қандай! Өлерсің! Нағыз бір артист тәрізді әрқайсымыздың тас қапшықтағы қылығымызды мұндай айнытпай түсірсейші!
— Әсіресе, Әлжанды жетістірген болар?
— Әңгіменің бар түйіні сонда болды ғой. Қайсар Әлжан болып «енді өледі екем» деп жылағанда, оның қорыққан түрін дәл өзіндей етіп келтіргенде, ішек-сілесі қатып күлмеген бір де бір жан қалмаған шығар. Егер Әлжаннан басқа біреу болғанда, өз бейнесін өзі көріп, ұялғанынан тесік жер болса кіріп кетер еді. Ол сол сазарған қалпынан бір бүлк еткен жоқ.
— Ақбаян ше? Ақбаян не істеді? Ерінің қандай адам екенін көріп, қорланғаннан үйден шығып кеткен жоқ па?
— Жоқ. Маған сол күнгі Ақбаян бір түрлі түсініксіз болды. Бұрын мен оны аршыл, намысын жоғары ұстайтын ерекше жан деп түсінетін едім. Ал ол күнгі Ақбаян мені таң қалдырды. Қайсардың сөзіне қорланған да, шамданған да жоқ. Ері үшін қызарудың орнына, ол бір ерлік істегендей паңдана отырды да қойды. Әлде жұрттың бәрі күлкі еткенге өзінше қыр көрсеткені ме, білмеймін.
— Жұрт күйеуінің пасықтығына күліп жатқанда, паңданатын не бар? Өйткенше өлген жақсы емес пе?
— Білмеймін. Тек Қайсар жұртты қыран-күлкі етіп әңгімесін бітіргенде ғана, ол сазарып отырған еріне: «Қайсардың әңгімесі о дүниеде болатын әңгіме ғой, о дүниеге барған соң көрерсің. Тірі тірлігін істеу керек. Жүр, қайтайық»,— деп орнынан тұрды да, ерін ертіп, ешқайсымызбен қоштаспастан, үйден шықты да кетті.
— Ашуланған түрі ғой. Мүмкін, ол сендер жер астында қалғанда әңгіменің дәл осындай болғанын түсінбеген шығар.
— Жоқ, ол бәріне де түсінді. Қайсардың «о дүниеде» деп басымыздан еткен оқиғаны айтып отырғанын ол сөзсіз ұқты. Бірақ мені таң қалдырған басқа жағдай болды.
— Қандай жағдай?
— Бұрын менің түсінігімде Ақбаянның өзі қандай кіршіксіз таза аппақ гүлдей болса, оның жаны да сондай айна бұлақ, мөп-мөлдір көрінетін. Ал оның ерім деп сүйген адамының қаншалық пасық екенін Қайсар сөзінен естіп отырса да, ең болмаса Әлжанға бір мәртебе жиіркеніп, не ренжіп қарамағаны мені таң қалдырды.
— Мүмкін, езі де сол Әлжан тәрізді пасық болар. Сұлу гүлдің бәрі бірдей жұпар аңқи бермейді ғой.
— Мен де осылай ойладым. Содан кейін Ақбаянды тіпті есімнен шығаруға тырыстым. Бірақ мұным қате екен. Қатемді он жыл өткен соң барып түсіндім.
Бәтима жымия күлді. Мен оның бұл күлкісінен бір кекесін белгі сезіп қалдым.
— Он жыл еткен соң барып түсіндім дейсіз бе?— деді ол менің өз сөзімді қайталап,— сірә, мына костюміңізді сол үйге тастап кеткен күні түсінген боларсыз?
«Ғажап! Тағы менің костюмім әңгіме бола қалды! Костюмімді мен ол үйге тастап кеткем жоқ қой. Жүрегім қысылар алдында ғана шешіп столға ілген жоқпын ба едім. Ал Бәтима болса... Кенет мен бірдемеге түсінген секілдімін. «Жоқ, жоқ, ол мүмкін емес!» Бірақ Бәтимадан өзімнің күдігімді сұрауға аузым барар емес! Егер менің сезіктенгенім шынға айналса қайтем? Онда өмір бойы арманым болған «алтын құс» дегенім... «Жоқ, жоқ, ол мүмкін емес!» Ауа жетпегендей бір түрлі тынысым тарылып кетті. Менің неден мазасызданғанымды сезді ме, әлде маған айтамын деп ұмытып, жаңа ғана есіне түсті ме, Бәтима:
— Бағана Ақбаян жеңгей келіп кетті,— деді.
Біреу қапас бөлменің терезесін ашып, таза ауа кіргізіп жібергендей, тынысым кеңіп сала берді. «Бәсе! Менің алтын құсым ұмытпаса керек еді!» Бәтима мені қуантқан үстіне қуанта түскісі келгендей:
— Әнеугіден бері қолы тимепті. Қарағандыға барып қайтыпты,— деді күлімсірей,—- өзі бұрынғысынан да сұлуланып кетіпті.
— Қойшы?!
Бәтиманың көзі кенет сәл тұмандана қалды. «Ақбаянды осыншама неге жақсы көреді?» дегендей маған бір түрлі ойлана қарады.
— Сіз ол кісіні бұрынғыңызша сүйетін тәріздісіз ғой,— деді кенет қабағын сәл шытып,— Ал ол кісі ше?
«Бәсе, осы Ақбаян мені расымен жақсы көре ме?» Неге екенін білмеймін, бұл сұрақ басыма тіпті күтпеген жерден келді. Егер шын жақсы көрсе мен мұндай болып жатқанда...— Қалай-қалай,— деді Бәтима? «Келуге қолы тимепті. Қарағандыға барып қайтыпты. Өзі бұрынғысынан да сұлуланып кетіпті» деген жоқ па? «Оның сонша көңілінің көтерілетініндей қандай себеп бар? Мен болсам жатқан түрім мынау».
Ақбаян екеуміздің соңғы кездегі кездесуіміз басталғаннан бері бұл менің оған деген махаббатым жайында алғашқы рет өзіме-өзім есеп бере ойлануым еді.
Ұзақ жылдан кейін екеуміздің арамызда кенет пайда болған бұл махаббат дұрыстап ойлаған адамға расында да түсініксіз-ді. Өмірінің ең жас кезінде, ләззат жалыны жүректі шын күйдіретін албырт шағында ол мені қиып кетті. Одан бері өткен мезгілдің ішінде ең болмаса бір рет мені ең алғашқы албырт кезіндегідей жақсы көретінін сездірген жоқ. Оны ұмыта жүргенім өзіне аян бола тұрып, қиын жақсы көрген адам ел болмаса бір өкінішін білдірмес пе? Егер де екеуміз бірдей бірімізді-біріміз жақсы көріп, ұзақ жылдар бойы тағдыр әуресімен қосыла алмай келіп, түбі барып табысқан болсақ, онда ; бір сәрі. Ондай махаббат— ұзақ сақталған махаббат, екеумізге де аяулы болары сөзсіз. Ал екі адамның біреуінің ғана жақсы көруі — біздің қалған өміріміздің бақытты өтуіне тірек бола алады ма? Ал соншама жыл бойы маған тек салқын көңіл білдіріп келіп, кенет Ақбаянның шырпыдай тұтана қалар қандай себебі бар? Жас жан емеспін. Өзге қасиетімді бұрын неге көрмеген? Әлде бір кезде Әлжанға көңілі ауғандай менің атағыма, дәрежеме қызыға ма? Олай болған күнде Ақбаянның маған деген сезімі жалған сезім емес пе? Жоқ, басыма алтын құс жалған сезіммен қонар болса, мен бақытты бола алмаймын.
«Атақ, дәреже» деген сөздеріме соңынан түсінік берермін, менің дәл қазір бұлай ойлауға себебім бар...
Ғажап! Ақбаян туралы ойлай бастасам-ақ бір бүйрегімнен Бәтима да келіп шығады. Неліктен екенін білмеймін, екеуі көз алдымда қатар тұра қалады. Бірі оң көзімді, ал екіншісі сол көзімді алғандай. Әрине, көркемдік, сымбаттылық жағынан Ақбаянға кім жетсін! Мүмкін әйелге құр ғана түр жағынан емес, оның ақыл-ойы, адамгершілік жағынан да қарайтын жасқа келгендігімнен бе, әйтеуір, бұндай таласта Бәтима да қалыспайды. Ақбаян сұлу болса, Бәтима жас. Ақбаян көп жылдар бойы маған тәкаппарлық мінез көрсетіп келсе, Бәтима ең алғашқы кездескеннен-ақ әрдайым кішіпейілдік, жұмсақ мінез, ақылдылығымен көңілімді аударуда...
Мәңгі өшпес арман болып жүрек түбінде сақталып қалған сезім жағынан келгенде, мен еш уақытта Ақбаянға тірі жанды айырбастаймын деген жан емеспін. Көңілім қанша адал болғанмен де, бұ тұстан қарағанда тіпті Татьяна да оған пара-пар келе алмайтын. Менің осындай тас қамал арманымды жоқ жерден пайда болған Бәтима бұзбақ. Ол мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес тәрізді. Киімнің жаңасы жақсы, достың ескісі жақсы. Сүйген адамың:— Ол киімің емес, досың. Олай болса махаббат самалы әлі де болса Ақбаян жағынан соғатындай. Демек, солай болсын. Ал онда Бәтима неге Ақбаянмен қатар көз алдымнан кетпейді? Ақбаянмен бәсекелесер мұның қандай күші бар? Мен кезімді жұмып, ойға қалам.
«Жоқ, бұның күші шындығында, деймін ішімнен, Бәтима мені шын жақсы көретін тәрізді».
Менің осы ойымның үстінен дәл басып, оны шегелей түскісі келгендей, Бәтима кенет:
— Әлжан мен Ақбаянның жиырма жыл бірге өткізген өмірі бақытты өмір болмаған тәрізді,— дейді.
Мен елең ете қалам.
— Оны қайдан білесің?
— Мұндай жайды білудің қанша қиындығы бар? Жаман арба шиқылдақ келеді, ал жаман пиғыл өзінен-өзі хабар беріп тұрады. Егер олар бірін-бірі шын сүйіп қосылған болса...— Бәтима сөзін аяқтамай әлденені ойлап үндемей қалды.
— Иә, шын сүйіп қосылған болса?
— Ақбаян бүйтпес еді. Әз басым...— Бәтима тағы да әлденені ойланғандай тоқтай қалды. Мен енді байқадым, Бәтима бірдемені ойлағаннан емес, коридордан еміс-еміс шыққан үнді тыңдап сөзін аяқтамай тоқтай қалады екен.
Сөйткенше болған жоқ, коридордан келген дыбысты енді мен де естідім.
— Қарындас,— дейді әлсіреген дауыс әзер жетіп. Бәтима әдетінше тұра жөнелді. «Бұл кім болды екен?» деп мен сәл ойлай түстім де, Бәтиманың сөзіне ауып кеттім. Өзің аурып жатып, аурулардың қиын жағдайына көндігіп кетесің. Сондықтан да менің ойымды қайтадан Бәтиманың сөзі биледі. «Ақбаян бүйтпес еді. Өз басым...»
Әрине, Бәтимадан ондай қылық шықпайды. Ал Ақбаян бұған қалай барды? Мен қайтадан ой теңізіне шомыла жөнелдім. Қанша ойласаң да, ойдың аты ой. Ол шындықтан асып кете алмайды. Ал шындық менің ойымның бұрыс екенін көрсетеді. Ақбаянға ғашықпын деп қанша балбырай манаурасам да, ортадағы суық жиырма жылдың ызғарын қандай жылылық жоймақ? Кеш ашылған құшақ бұны істей алмайды. Сонда Ақбаян екеуміздің арамызда қалған кезге қандай қуат дәнекер бола алады? Әлі де болса тек махаббат қана! Ақбаянды менің жақсы көруім аян... Ал Ақбаян ше? Оның мені жақсы керетініне қандай дәлел бар? Әнеугі кездескендегі оқтын-оқтын соққан жүрек тынысы ма? Бірақ ол жүректің тек маған ғана солай соғатынына сенімің бар ма? Ал сенімің жоқ екен, оның сені жақсы көретініне қалай көзің жетеді? Жалпы, сенім жоқ жерде махаббат бар ма? Әрине, жоқ. Бұны біле тұра Ақбаян екеуміздің арамызда шын ләззат қуанышы жас кездегідей қайтадан пайда бола алады дейсің бе? Әй, білмеймін, білмеймін. Толып жатқан күмәнді ойлар мені тағы шырмай жөнеледі. Қайсысына жауап берерімді білмей жатып, әлден> уақытта талмаусырай барып ұйықтап кетіппін...
VIII
Мен қалада өстім. Өнеге алған жерім: соғыс, шахта, жұмысшы табының ортасы. Өмірге деген көз қарасым. да, Отаныма, еліме деген патриоттық сезімім де — бәрі осы өзім өскен араның идеалдарыменен қалыптанды.. Солардың тілегімен, солар үшін күреспен шынықтым. Ал біздің қоғамның шырқын бұзатын әрбір жат көрініс менің де жүрегімді айнытады, сезімімді жиіркентеді. Мансапқорлық, баю жолын көксеу өз басыңның қамын ойлап ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру — біздің қоғамымыздың салтанатын бұзатын жексұрын жамандықтан екені егде жұмысшы мен түгіл, жас балаға да белгілі. Бұған бұқпантайлық, жағымпаздық, қорқақтық та қосу қажет. Осы себептен болу керек, тас қапастағы қылығынан кейін мен Әлжанды көрсем дымқыл жерде пайда болатын қырық аяқ құртты көргендей жиіркенетінді шығардым. Тар қапаста отырғанда Ақбаянды аяп, егер аман құтылсам оның ерінің кім екенін айтып көзін ашуға бел буып едім. Жарыққа шыққаннан кейін бұл ойымнан қалай қайтқаным ездеріңе мәлім. Әлжаннан жиіркенгендігім соншалық тіпті Ақбаянның езіне де кенет көңілім қалғандай болды. Осындай жаман адамды көрмей жүрсе, бұның езі де одан алыс кетпеген болды деп ойладым. Әрине, бұным ағаттық екен. Сезімімді ашуға жеңгізбеуім керек еді. Бірақ ол кезде менің қолымнан ондай ақылға салу келмеді. Сондықтан да Ақбаянмен мен тас қапастан құтылғаннан кейін сөйлеспедім. Сол сөйлеспеудің арқасында бірте-бірте Әлжанның шылығы да есімнен шыға бастады. Тіпті оның бұ дүниеде бар екенін ұмытуға айналдым. Бұның бәрі, оқушым, бұрын айтылған сырларым ғой. Жәй, әшейін, кезі келіп қалған соң есіңе салып жатырмын.
Иә, уақыт нені ұмытқызбайды. Уақыт Әлжан түгіл Әлжаннан мың есе сорақы қиянат істеген адамның қылмысты ісін де ұмытқызады. Әйтпесе бүкіл Европаны қанға бояған Наполеонды осы күні қаһарманға, соғыс дарынына айналдырар ма еді бұ жұрт? Ал қан ішер Гитлерді де ақтап алғысы келетіндер аз ба Америка, Европада. Осының бәріне уақыт айыпты. Қандай қайғы, қасіретті, айуандықты есімізден шығаруға тырысатын сол уақыттың әуеніне берілгіш біз айыптымыз. Қастың істеген қастығын еш уақытта да ұмытпауымыз керек. Егер оның қылмысын ұмытар болсақ, сол қылмыстың жолына өз ұрпағының түсіп кетуі де мүмкін...
Кенет менің жүрегім удай ашып кетті. Дәл осы ойлап жатқан ойым осыдан екі жыл бұрын болған бір оқиғаны көз алдыма елестетіп жіберді.
Аидам институтқа түсер жылдың жазында мен Алматыға барғам. Ондағы ойым — қызым институтқа емтихан беретін кезінде басы-қасында болу. Және көгілдір орманды Алматының саясында азын-аулақ дем алып рақаттану. Бұл бір астананың жақсы кезі еді. Гүл біткен қауызын ашып, күлтесін күнге шомылдырған тамаша шақ — Аидам емтиханын жақсы өткізіп жатты. Көңілім көтеріңкі, жайдары. Қазақтың өсіп қалған ұл-қыздарын көріп, менің де Аидам осылардай болады деп болашақ қуанышқа алдын ала мас болып, өзімнен-өзім шаттана түсем. Кейде кешке таман киноға барам (бұл кезде театрлардың бәрі облыстарға шығып кетеді екен). Кейде кешке таман көшелерді қыдырып қайтам. Жаздың салқын кешінде, қарлы Алатау жағынан самал жел соғып тұрған шақта, жасыл киген Алматының тыныш көшелерінде серуендеудің өзі қандай ғанибет! Қандай рақат кезеңдер десеңдерші. Көше бойы толған гүлдер жұпар аңқиды, қаланың у-шуы басылып, тек тынбай аққан арықтардың күміс сылдыры ғана жас кездегі құрбы-құрдастардың күлкісін еске түсіргендей, көңіліңді қайдағы жоқ бір өткен күндерге жетектейді... Артымда тұрған орындыққа отыра кеттім. Иә, енді бәрі де белгілі!..
Міне, қазір төсекте жатып, сонда Ақбаян үшін неге күреспедім деп өзіме-өзім таң қалам. Рас, Әлжанды жек кердім, одан мәңгі жиіркеніп кеттім. Бірақ Ақбаянға мүлдем өйте алдым ба? Уақыт оған деген өкпемді қайта ұмыттырды емес пе? Ол маған жақындаған сайын, алыстай түскен түндегі от тәрізді көрінгенмін, мен одан алыстай алдым ба? Әрине, күнделік тұрмысында сен алыстап кеттің. Бірақ қиялыңда, езің де сенбейтін үмітіңде сен одан алыстай алмадың! Қашан да болса ол қолыңа түспес алтын құсың боп қақ төбеңде ұшып жүрген жоқ па?
Ол неге келмейді? Расымен, Ақбаян қайтадан алтын құсқа айналғалы тұр ма? Келмеуіне қарағанда солай тәрізді. Үйге біреу кірді. Бұл кім екен? Мен көзімді ашамын. Маған қарап күлімсіреп Бәтима тұр.
— Қалыңыз қалай? — дейді ол.
Мен жауап берудің орнына:
— Ақбаян келді ме? — деймін өзімді-өзім ұмытып кетіп.
Бәтиманың бетіндегі күлімсірегенде пайда болған нұры сөне қалады. Әйтсе де ол сырын оп-оңай бергісі келмейді.
— Жоқ,— дейді жайбарақат үнменен,— келетін шығар.
Мен енді ақырын күлемін.
— Неге күлесіз? — дейді ол.
Жоқ, Бәтима адал, таза мінезімен мені енді Ақбаяннан бұра тартады:
— Бәтеш, осы мен Ақбаянның атын атасам, сен неге ренжи қаласың?
— Күлген себебіңіз сол ма?
— Иә.
— Онда мен ренжімеймін.
— Неге?
— Сіз үшін.
— Ал өзіңіз үшін ше?
— Онда ренжимін.
— Неге?
— Маған ұнайды ғой.
Бәтима күрсінеді.
— Сізге де ұнамайды. Ол жаман әйел. Сізге ұнауы мүмкін емес. Сіз оның түріне, әдемілігіне қызығасыз. Шын махаббатқа бұл жеткіліксіз.
— Өмірде бір-ақ рет сүюге болады ғой. Қалғанының бәрі соның әр бояудағы қайталауы.
— Бірақ бояу да әр түрлі болмай ма? Оңатыны болады, оңбайтыны болады. Бірінші махаббаттың да тез оңар әсіре қызылы аз ба?
Мен үндей алмай қалам. Бәтима расын айтып тұр ғой деймін ішімнен, шынында да біздің Ақбаян екеуміздің махаббатымыз сол тез оңар әсіре қызылға ұқсады емес пе? Онда қазіргіміз не? Мен тағы өзіме-өзім күлемін. «Мүмкін бұнымыз жаңағы өзім айтқан сол алғашқы махаббаттың басқа бояудағы қайталауы болар? Ал бұл бояудың әсіре қызылдан да тез оңбасына кезің жете ме?»
Мен енді Бәтимаға ойлана қараймын. Екеуміздің арамызда дәл бүгінгідей ашық сөйлесу бұрын болған емес. Бұл не? Бір қадам жақындай түсуіміз бе? Әлде алыстауымыз ба?
— Әр бояудың оңарын, оңбасын сынап жүретін сіз де жас емессіз,— дейді кенет Бәтима менің ойымды бөліп,— шешуіңіз керек.
Сөйдейді де, өзі қызарып кетеді. «Бейшара Бәтима, нені шешу керек дейді?» Мен оған бұрынғыдан да бетер ойлана қараймын. «Маған салса мен баяғыда-ақ шешкен жоқпын ба? Ендігі шешім Ақбаянда ғой. Бәтима бұны қалай түсінбейді?»
Жоқ, Бәтима түсінетін секілді.
— Бәрібір Ақбаян сіздің теңіңіз емес,— дейді ол қайсарлана менің көңіліме қарамай.
«Онда Бәтиманың несі бар?» Мен ашуланғым келді, бірақ ашулана алмаймын. Қасымда отырған Бәтима маған өз бақытын өзі қорғай алмайтын бір қорғансыз жан секілді болып көрінеді. Мен ақырын оның қолынан ұстаймын. Бәтима қолын қайтып алмайды. Саусақтары дір-дір етеді. Жоқ, оның саусақтары емес, дірілдеген менің саусақтарым. Бұл не? Алғашқы махаббаттың, басқаша қайталауы ма? Бұ жолғы шынында да оңбайтын бояу болса қайтерсің?
Неліктен екенін білмеймін, өмір бойы Бәтимамен осылай отыра берсем екенмін деймін. Бәтима да соны тілейтін тәрізді. Бірақ біздің айтқанымыз болмады. Біреу есік қақты.
— Кіріңіз! — деді Бәтима орнынан түрегеліп кетіп.
Бұл — Қазыкен екен. Қайсардың жалғыз ұлы. Алматыда политехникалық институтта оқиды. Менің Аидамдай бұ да екінші курста. Жақында жаттығу жұмысын етуге осы Мысқазғанға келеді деген Қайсар. Баласы өзінің жолын қуғанын әкесі мақтан ететін. «Өзім тірі тұрсам, немеремді де, шөберемді де шахтаға түсірем. Көрсін сосын біздің тұқыммен сөйлесіп жұрт. Бұрынғылар бәленше байдың, түленше бидің ұрпағымыз деп даурыққан болса, менің ұрпағым «тұқымымызбен шахтерміз деп мақтан ететін болады» деп насаттанатын өзінің жұмысшы табы екеніне мәз болып. Егер Құнанбай тіріліп келіп, жер астында кен қазатын бір жұмысшының өзін мыңды айдаған байдан артық санайтынын естісе не дер еді? Міне заман өзгерісі ден осыны айт!
— Сәлеметсіз бе, Сабыр аға!— деп Қазыкен қас-қабағы қиылып жымия қолымды алды. Түр жағынан бұл шешесіне тартқан, келбетті. Тек шашы ғана Қайсардікі. Кірпі инелеріндей тіп-тік. Мінезі де әкесі тәрізді бірбеткей, бала жастан-ақ қайтпас қайсар екені белгілі болатын.
Мен оны көріп шын қуанып қалдым.
— Қазыкенсің бе? Өзің нағыз жігіт болып қалыпсың ғой, айналайын. Қашан келдің?
— Кеше?
— Жүреріңде Аиданы көрдің бе?
— Күнде көріп тұрамын. Поезға шығарып салды. Сізге сәлем деді.— Жігіт кенет қызарып кетті. Бұлар құрдас болғанмен, ағалы-қарындастай жақын өскен. Менің сұрауымда да, оның жауап беруінде де ұялатындай ештеңе жоқ еді. Дегенмен қызаруы бұлардың да ер жетіп қалғанын аңғартқандай.
— Жаттығу жұмысына келдің бе?
— Иә, ертең бесінші шахтаға түсем.
— Ә...ә! Аида қалай?
— Жақсы, оқып жүр.
Бәтима күлімсіреп сәл тыңдап тұрды да, біздің әңгімемізге ортақ болмайын дегендей, үн-түнсіз шығып кетті.
Біз енді шүйіркелесе әңгімелесе бастадық. Аиданың барлық жағдайын сұрап, қызымның жақсы оқумен қатар оңды адам болып келе жатқанына мәз болып қалдым. Қазыкен маған бала жасынан ұнайтын. Шыншыл, ұқыпты, сабаққа зерек, жұмысқа бейімді.
— Өзің қалай оқып жүрсің?
— Жақсы.
— Оқудан бөтен немен шұғылданасың?
— Кинотеатрларға барамын. Кітап оқимын. Оның үстіне, екі үйірмеге қатынасамын.
— Қандай-қандай үйірмелерге?
— Бокс пен әдебиет үйірмесіне.
— Екеуі де жақсы үйірме,— деймін мен,— бокс адамның денсаулығын шынықтыруға керек. Ал әдебиет...
Қазыкен ыржия күледі.
— Әдебиет ақыл-ойыңды кеңітеді. Лион Фейхтвангер айтқан емес ие: «Көркем әдебиет жас баланы саяси қайраткерге дейін тәрбиелейді»,— деп.
Кітап оқуды өзім де жақсы көрем. Қазыкеннің де бала жастан көп оқитынын білем. Осыған әкесінің қайсарлығы мен ақындығы да жұққан ба деп те ойлап қоятынмын. Өйткені оның кейде аузы жыбырлап өлең шығарып жүргенін де аңғарып қалатынмын. Әдебиет үйірмесіне қатынасуына қарағанда оның бұл дарыны да ояна түскендей.
Жоқ, Қазыкен мен де емес, Қайсар да емес. Бұл — біздің жаңа болашағымыз. Онда жалғыз ғана жұмысшы табының қаны ғана емес, әкесі мен шешесі Қайсар мен Нұржамалдың жүрек соғуы да бар. Ол халық деген сөзді бізден гөрі тереңірек түсінеді. «Халық — құр қазақ, Мысқазған, Қарағанды»— деп ұқпайды, оған әке-шешесінің тілін, әнін, жырын қосып, оны бір үлкен рухани түсінік деп ұғады. Ұлт экономикасын жалпы ұлттық сана-сезімнен, бар халықтың достығынан, бірлестігінен айырмайды.
Біз жұмысшы табының адамымыз. Ой, сана, сезіміміз орыс, қазақ, украиндық болып, өндірісімізді қалай өрбітіп халқымыздың тұрмысын қайтсек жөндейміз деген экономикалық мақсатқа құрылып келген. Сондықтан соңғы уақытқа дейін ұлт, ұлттық арман тәрізді мәселелер бұрын мазамды алмаған, ойыма кіріп көрмеген-ді. Чехословакия, Қытай уақиғаларымен байланысты бұл мәселелер менің де мазамды ала бастаған. Өйткені сонау Ленин бабамыз салған бауырмалдық ұлттық достық саясатының негізін бұзушылық тек ұлтшылдық сезімге құрылғанын мен де анық түсінем. Мао Цзэдун секілді демагогтердің де халық достығын бұзудағы бас құралы аңқау елдің ұлттық сезімімен ойнауда. Бұл — қауіпті ойын. Бұның арты барып, бір ұлтты бір ұлттың кемітуіне, расалық озбыршылыққа жол ашады. Бұған көнуге болмайды, Ленин бізді бұған үйреткен жоқ.
Рас, ұлттық мәселе қиын мәселе. Бұл әр қайсымыздың жүрек сезімімізбен байланысты. Бұны шешу оңай емес. Бірақ халық өзі осы мәселені тамаша шешіп келген жоқ па? Қалай шешіп келді?
Ана жылы Омбы қаласында болғанмын. Қаланың дәл қасында Қаржас деген қазақтың поселкесі бар. Онда болдым. Кәдімгі қазақтың ескі жұрты тәрізді. Анайы тілі де, ескінің әдет-ғұрпы да сақталған. Сөз әдемісі де, ән шұрайлысы да сонда тәрізді. Әттең, не керек, сол күйіне осы бүгінгі мәдениеттің, космостық жылдамдықтың әсері молынан тиер ме еді. Бір тамаша ел болар еді! Әйткенмен, мені бұл ауыл өзінің қазақ тілін, әнін, кейбір әдемі салт-ғұрпын таза сақтауымен таң қалдырды.
Неге бұлай? Мен өзімнің осы сұрауыма жауап іздедім. Жауапты тапқандаймын.
Қазақ ежелден қытай, өзбек елдерімен шектес ел. Бұл екі елдің хандарының да қазақ халқын езіне бағындырғысы келгені аян. Бірақ нәсілі азиаттық, әдет-ғұрпы жақын болғанмен де, қазақ елі оларға емес, діні де, тілі де бөлек Россия еліне қосылуды дұрыс көрді. Бұнда қандай себеп бар? Себеп біреу-ақ секілді. Қазақ халқы қайткен күнде де тілін, ғұрпын, ән-күйін сақтап қалуды арман еткен. Ағайынды елге бағынса, бұның бірі де қалмайды. Ал орыс еліне бағынса, патша қанша отаршылық саясатын жүргізгенмен, орыс халқы өзінен кіші ұлттың тілі мен әдет-ғұрпына қол сұқпайды. Қол сұғудың оған қажеті жоқ. Сондықтан да Қаржас поселкесінің қазақтары әлі күнге дейін тілін, ән-күйін, ғұрпын сақтап келді.
Бір кезде қазақ жерін Шыңғысхан шапқыншылары басты. «Әлем жүзінің әміршісінің» үлкен баласы Жошыдан тараған ұрпақ сұлтандар ғасырлар бойы өзінің үстемдігін жүргізді. Бірақ олар қазақ тілін, салт-санасын жоя алмады, қайта өздері қазақша сөйлеп, қазақ дәстүрін алды. Өйткені, олар аз еді. Бір шелек суға салынған шым-шым туздай еріп кетуге мәжбүр болды. Ал қазір қазақ жерінде он үш миллион халық бар, соның үш миллионнан сәл артығы ғана қазақ. Тілегі бір, мақсаты бір, келешек бақытты өмірді бірге құрып жатқан сол он үш миллионнан үш миллион қазақты бөліп алу мүмкін бе? Көрмес түйені де кермес. Бұл тарихи шындықты кермеу құр білместік.
Бірақ сонда езінің тілі, ұлттық дәстүрі, ән-күйі жойылған ел — ел бола ма? Жоқ, болмайды. Сонда не істе дейсіңдер? Ұлт болу ғана арман ба? Жоқ, ұлт болу емес, адам баласын шын бақытқа, тегісшілдік өмірге жеткізіп, бар ұлтты бір адамның баласындай бауырмал еткізу арман. Біз үрім-бұтағымызды осыған тәрбиелеуге тиістіміз.
Мен Қазыкен кеткеннен кейін де осы ойда көп жаттым. Ой деген кейде бір бұтақтан бір бұтаққа секірген ақ тиынға ұқсайды. Әр нәрсенің басын шалып басым ауруға айналды. Кенет ойым Аидама ауды. Қайсардың Қазыкені, сезсіз, қазақ. Ал менің Аидам кім? Мінезі де, түрі де бәрі езім. Бірақ қазақ тілін білмейді. Сонда кім болғаны? Ертең оған «қайтсең де қазақ тілін үйрен» деп хат жазбақ болдым. Қызыма қазақ тілін үйрен дегенде мен кім боламын? Мен де ұлтшылмын ба? Өзіме-өзім күлдім. Қайдағы ұлтшылдық? Балана әкеңнің тілін біл деу табиғи іс қой.
Тағы да Бәтиманы көргім келіп кетті. Онымен Қазыкен екеуміздің арамызда болған сез жайында әңгімелессем деп ойладым. Не айтар екен?
Татьянам қайтыс болған кезде жасым болса елуге таяп қалған еді, енді маған Татьянамдай адам қайдан кездеседі. Жиырма жылдан астам бірге өмір сүрген жарымның аруағын қорламаймын, үйлену деген мәселені біржолата ұмыту керек деп шешкем. Ақбаянмен соңғы кездесуімнің алдына дейін осы ойға қайта-қайта оралып, әлсін-әлсін толқығам.
Енді ғана бұл ойымның дұрыс емес екенін ұқтым. Қартайғанда, не болмаса осындай бір көңілің толқығанда ең болмаса тек жаныңда жатар жарын ғана бола алады.
Расында, ерлі-зайыпты адамды бір бастың екі көзі десек, сөз бар ма, қашан да бір көзден екі кез артық қой! Бірі көрмегенді бірі көреді. Бірі ауырса, екіншісі ауру көздің жүгін көтереді. Ал менің жалғыз қалам деуім дұрыс па? Жоқ, дұрыс емес. Жалғыздық тек құдайға лайық. Мен болсам құдай емеспін ғой.
Маған бұл ой қайдан келді? Бәтиманы көргім келгендіктен бе, әлде Қазыкеннің сөзінен кейін ақылдасар, пікір алысар адам іздегендіктен бе? Сірә, екеуі де себеп болған тәрізді. Мүмкін, менің мұным күнә болар? Татьянаны ұмытпай жатып бөтен адамға кез тігуім оның аруағын қорлау емес пе? Қорлау секілді. Егер менің орнымда Татьяна болса не істер еді? О да мен секілді әлдекімдерге көз тігіп, бөтен адам жайында ойлай бастар ма еді?
Әрине, маған бұл сұрақтарға жауап қайтару қиын. Өйткені бұндай сұрақтардың шешіміне жүрек сезімі мен ақылың ғана жауап беруге тиісті емес. Бұл сұрақтарға ең алдымен арың, ұятың жауап беруі керек! Сонда ғана өкінбейсің. Сонда ғана шешім дұрыс болады. Мен де сөйтуге тоқталдым.
IX
Дүниеде әркімнің бір қалағаны болады. Біреу үй салуды сүйсе, біреу өлең жазуды арман етсе, ал басқа біреу қыран құстай көк бетін сүйген, ұшқыш болуды мәңгілік тілегі етеді. Осының қайсысы болса да қиындықсыз, бейнетсіз емес. Бірақ қандай азапты көрсе де, адамға сүйген ісі бір поэзия. Өлеңді сүйген ақындай, сол ісіңді шын сүйе білсең, сен де өз ісіңнің ақынысың. Поэзия дегеннің өзі де осы емес пе! Суы сорғалаған шахтада күндіз-түні көк тасты бұрғылау, кейбіреулерге мехнат болып көрінуі де мүмкін. Ал сен шын шахтер болсаң, өміріңді басқаша ойламайсың. Саған дүниенің ең қызығы сол кек тасты бұрғылау болып көрінеді. Өйткені сен бұл жұмыстың өзге түсінбеген қиындығын түсінесің. Қандай қиындықпен әр текше метр көк тасты қопарып қандай жеңіске жеткеніңді өзгеден гөрі сен жақсы ұғасың. Бұнда әр текше метрді қопару — сенің арманың. Ол арман — әрқашан да адамның қанаты, шабыс поэзиясы.
Мен шахта жұмысына бірден құлап түскем жоқ. Қорқынышына, мехнатына етім үйренгеннен кейін барып оны жақсы кере бастадым. Бұл жұмыс маған әр қиындығын жеңген сайын ұнай түсті. Бу да адамның мінез-құлқымен байланысты болар. Алдымда қиындық тұрса, соны жеңгенше асығатын менің әдетім. Мүмкін, шахта жұмысын жақсы керіп кетуімнің бір себебі осында шығар. Өйткені: «Өмір үшін кім қорықпай майданға шыға алса, өмір сүруге соның қақы бар»,— деп Гете айтқандай, шахтер сол өмір үшін күнде еңбек майданына шығады, қауіп-қатермен алысады, сондықтан бұл майдандағы әр жеңісі оны еріксіз сүйсіндіреді, өз кәсібін қымбат бағалауға еріксіз мәжбүр етеді.
Мен осындай сезіммен шахтада он бес жыл кен қаздым, бұрғышы боп он бес жыл кек тасты қажадым. Бірақ әр еңбектің езінің жеңіс сатысы бар. Институтты сырттан оқып жүріп бітіргеннен кейін, мен де осы жеңіс сатысы арқылы жоғары көтерілуді тілек еттім. Енді менде құр кенді ғана бұрғылау емес, бөтен де арман туды. Осы арман еді ғой мені институтқа жетектеген, осы арман енді институтты бітіргеннен кейін құр бұрғышы болып қалуыма жол бермеді.
Баяғы тас қапшықта қалған күннен бастап, оңтүстігіндегі кенді қайтсек қауіпсіз түрде аламыз деген ой менде де туған. Бұл ойды орындаудың бір қиындығы бар-ды. Мысқазған кен алыбының оңтүстік жағы жалпы кенге бай келгенмен ете сулы, тау жыныстары ағаш бекінісінсіз забой жүргізуге қауіпті болатын. Мәселе, күр ғана біздің шахтада емес, осы оңтүстік жақтың кен қоймасын түгелдей жаңа жолмен, жаңа әдіспен алуда еді. Мен институтта оқып жүргенде де, оны бітіргеннен кейін де осы мәселені көп ойладым. Темекеңмен де, Қайсармен, тағы бөтен тәжірибелі инженер, жұмысшылармен де көп кеңестім. Ақырында, Мысқазғанның оңтүстік кен қоймасын жер астымен емес, жер үсті арқылы алу керек деген қорытындыға келдім.
Міне, осы арадан барып, Ақбаян үшін емес, кенді қалай алу мәселесі жайында Әлжан екеуміздің арамызда үлкен жанжал туды.
Әлжанның өзіме істеген қиянатын былай қоя тұрғанда, ол күні бүгінге дейін жұрт көзіне жаман көрініп келген жоқ. Жалғанда ең қауіпті адам — ішкі сырын жасыра білген адам. Бертін келген соң әбден ұқтым. Әлжан да соның бірі еді. Соғыс кезінде кен беру керек болды. Әлжан бұл міндетті мықтап орындады. Жұрт оның аяусыздығын, өзгеге қысымшылдығын, өндірістің жоспарын орындауды талап етуден туған қасиеті деп ұқты. Өзі де кит етсе «Отанға қазір сенің ауырғаның емес, шахтаға түскенің керек!» не болмаса: «Майданда өзіндей қыршын жастар қан төгіп жатқанда, сен жаумен алысудың орнына менімен алысқың келеді. Жоқ, шырағым, екеуміздің патриоттығымыз екі түрлі: мен Отаным үшін, сен өзің үшін еңбек еткің келеді!» деген секілді сөздермен жұрттың аузын аштырмады. Жұрт оған не десін? Отан соғысы секілді қан қақсаған кезеңде бұндай өз айтқандарын орындата алатын өндіріс командирлері де керек еді. Оның сан бұзық қылығын осындай жағдайлар жапты.
Соғыс біткеннен кейінгі бес жылдай Әлжанға тағы жұрт бата алмады. Өйткені ол қысыл-таяң соғыс арпалысында өндіріс жоспарын жан аямай орындаған, халқына еңбегі сіңген бастық болып шыға келді. Мұндай жанға кімнің тісі батсын? Халықтың, еңбекші жұрттың еңбегін, патриоттық, ерлігін, өз басының пайдасына жарата білетін адамдар аз ба? Соның бірі осы Әлжан еді. Демек, бықси жанған оттың түтіні қанша қалқаласаң да көрінбей қалмайды. Нашар адамның жамандығы бір білінбей кетпейді.
Осы тұрғыдан алып қарағанда, Әлжанның басына екі жамандық туды. Бірі «Қане! Қане! Кенді бер!» деп тек қана күнделік жоспарды орындаудың соңында жүргенде (әрине, кезінде бұл ете керек іс еді), ол ойлану, инженерлік білімін өндірістің келешегін көркейтуге пайдалану деген қасиеттерден айырылды.
Екіншісі: жұртты өзіне бағындырып, тек өз айтқанын ғана істетіп үйренгендіктен, морт мінезі енді озбырлыққа қарай кешті. Бір жаман жері: Әлжан өз кемшілігін өзі білмейді. Қандай іс болса да жеке басын дәріптеу тұрғысынан қарайтын болды. Рудникті «менің руднигім», жоспар орындалатын болса «мен орындаттым» дейтін күйге ұшырады. Қайда барсаң да оның «Мен! Мен! Мен!» деген сөздерін ғана еститін болдық.
Әрине, мұндай жағдай өзін-өзі бақылау, өз ісіне есен беру дегенді ұмыттырады. Қате басқан аяғыңды дұрыс бастым дегізеді.
Шахта парторгі Ақшалов Әлжанның тым құлдырап төмен құлап бара жатқанын дер кезінде-ақ сезген. Өзімен де сөйлескен. Бірақ оған не істей алады? Әлжан бұл уақытта рудник бастығы боп Ақшаловтың ықпалынан шығып та кеткен.
Міне, осындай кезде біз Әлжан екеуміз оңтүстік кен қоймасын қалай пайдалану жөнінде бетпе-бет келіп айқаса кеттік. Оған қарағанда менің бір артықшылығым: кешегі шахтер бүгін инженер болдым, Әлжан секілді еткен табыстың төңірегінде қалмай, қайтсек жаңа табыстарға жетеміз деген арманға бар ақыл-ойымды бағындыра білдім.
Техникалық мәселені айтып сіздердің уақыттарыңды алмайын. Біздің іспен шұғылданбаған адамға бұрын тақа қызықты да болмас. Қысқасы, осы айқаста біз бірімізді-біріміз аяған жоқпыз. Бірімізді-біріміз құлатамыз деп айтылмаған сөз, қолданылмаған шара қалған жоқ. Тек ол бұл мәселеге ез басынын. абыройын сақтап қалу тұрғысынан қараса, мен өндірістің пайдалы жағынан келдім. Ақырында дұрыс қойылған іс жеңіп шықты. Мысқазған оңтүстік кен қоймасы үстіндегі тау жыныстарынан аршып, жер бетінен ашық түрде пайдалануға арнаулы трест ашылды. Бұл треске мені бастық етіп бекітті. Жанымды аямай жұмыс істедім. Аз уақытта біздің трест үлкен өндіріс орнына айналды. Мысқазған кенінің алпыс процентін біз беретін болдық. Өткен жылы осы еңбегім үшін, елу жасқа толуыммен байланысты, маған Социалистік Еңбек Ері атағын берді. Бірақ мен буған мастанған жоқпын. «Аяз, әліңді, құмырсқа, жолыңды біл» дегендегі жай қатардағы шахтерден шыққанымды естен шығармадым. Осыдан шығар, бұрынғы серіктерімнің бірде бірі менен айырылып кеткен жоқ. Байқаймын өзге жұмысшылар да мені өздеріндей жұмысшы санап, бөтен бастықтарынан гөрі маған жақын жүреді. Жылы тартып тұрады. Жалпы алғанда бағым жанып, абыройым өсе түскендей. Әттең, не керек, осындай кезімде жұбайым Татьяна қайтыс болып көңілімді қайғы басты...
Біз трест болып бөлінгеннен кейін мен Әлжанмен анда-санда мәжілісте кездескенім болмаса, тіпті қарым-қатынасымды үзгем (оның руднигі де треске айналған).
Тек оқта-текте «Әлжанның ауруы бұрынғыдан да асқынып кетті. Ешкімді тыңдамайды. Өзі — би, өзі — қожа. Тек ескі қадірі мен жоспарды орындаудың арқасында ғана жүр. Және оның үстіне ішетін болыпты» деген сөздерді естіп қоятынмын. Бұл қаңқу сөздің аяғы түбі бір жамандыққа апарып соғатынын сезетінмін. Жамандық бір басталмасын, ол таудан домалаған жұмыр тас тәрізді, жетер жеріне жетпей тоқтамайды. Менің қауіптенуім бос емес екен. Бір күні «Әлжан орнынан алынып, Қарағанды маңындағы бір рудникке қатардағы инженер болып кетіпті» деген хабар естілді. Енді бір айдай өткеннен кейін, «Әлжан мен Ақбаян ажырасыпты. Жұрт көзіне «баламыз болмаған соң айырылдық» дейтін көрінеді. Ал негізгі себебі — Ақбаян оған қосылғанда тек дәрежесіне қызығып қосылған екен. Енді Әлжан жай инженер болып қалғаннан кейін, онымен тұрғысы келмепті. Әрине, ондай сұлу әйел әлі де болса бір қалталы байды табады ғой» деген суық, хабар дүңк ете қалған. Бәтиманың да: «Егер шын сүйіп қосылған болсам, мен бүйтпес едім»,— деуі де, осындай жайдан тәрізді.
Мен Әлжанды табалаған жоқпын. Ол жас жанымды бір кезде отқа қандай салса да, басына туған күн Әлжаннан да асқан қасыма бермесін дедім. Бірақ Ақбаянды жұрттың айтқан қаңқу сөзіне қимадым. Тіпті сенгім келмеді. Өйткені Ақбаян менің жүрегімде сол баяғы қолым жетпес алтын құс қалпында қалған-ды. Егер айрылысу Ақбаяннан шыққан болса, оның себебі басқада дедім мен ішімнен.
Сөйтіп жүргенде мен онымен кездестім. Өздеріңе белгілі, біз көл басындағы кафетерийде отырғанда Бәтиманы бір жігіт шақырып кетті ғой. Міне, біз содан кейін кездестік. Бәтима кеткен соң, жанындағы дудар бас жігітке Ақбаян бірдеме деп қоштасты да, менің қасыма келді. Татьяна қайтыс болған кезде, езі келіп көңіл айтып шыққан. Қайғылы адам мұндайда бөтенге көңіл бөледі ме, оның түріне де жөндеп назар аударған жоқ едім. Ал қазір... Қырыққа келіп, ерінен айрылып қайғы жүдеткен жан секілді емес, баяғы өзім көрген Ақбаяным! Тек көз алдындағы уақ әжімдері сәл көбейе түскен тәрізді. Бірақ сымбатты денесінің жұмыр жерлері толыға, белі бұрынғысынан да қыналып, үстіндегі ақ көйлегінің гүліндей, түс сипаты гүл-гүл жайнайды. Қасіреттен гөрі бақыт жеңген жандай.
«Егер жас кезінде сүйген қызың, өзінің сұлулығын сақтай білсе, оған деген махаббатың қояншық ауру секілді, көрген сайын бүкіл жан сезіміңді билеп әкетеді» деген сөзді оқығаным бар бір кітапта. Бұл сөз дәл маған арнап айтылған тәрізді. Ақбаян жүрегіме қанша ауыр жара салса да, оны көрген сайын, өзімді-өзім ұстай алмай қалам. Кенет жел соғып толқындана жөнелген тыныш жатқан көл бетіңдей жүрек түбіндегі бір сезімдер ойнай жөнеледі. Тек менің қолымнан келері — сол іштегі толқынды сыртқа шығармауға тырысу. Бұл менің қолымнан кейде келеді, кейде келмейді. Бұ жолы да осындай халге ұшырадым. Осыдан кейін әбден жауыр болса да, ұлы Пушкинше «Махаббат жасқа қарамайды» деген қанатты сөзін қалай есіңе түсірмессің!
Расында, бір сүйген адамыңды мәңгі сүюге болады ма? Болады десек, онда бүкіл әлемге тараған «Ең бірінші махаббат» деген сөз қайдан шыққан? Бұл сөздің өзі бірінші махаббаттан кейін басқа да махаббат болады деген мағынаны айтпай ма? Бұдан махаббаттың да адамның жек көру, ұнату, ұнатпау секілді өзгеріп тұратын сезім категориясына жатады деген қорытынды шықпай ма? Егер Ромео мен Джульетта, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу жас кездерінде ажал таппай, тағдыр жазып қосылған болса, олар бірін-бірі мәңгі сүйіп ете алар ма еді?
Меніңше, бір сүйген адамыңды мәңгі сүйіп өтуге болады. Бұл махаббаттың күшінен ғана емес, адамның мінез-құлқының тұрақтылығымен байланысты. Көрінген ұшқыннан жалт етіп тез тұтанатын жандар да аз кездеспейді. Бұнымен қатар, бір сүйген адамға деген сезімі бойына жазылған мәңгі жазылмас кесел тәрізді өмір-бақи өзімен бірге алып жүретін кісілер де көп. Өзі қартайса да, махаббаты қартаймайтындар. Мұндай адамдарды мен археологтарға ұқсатам. Бір кезде осындай көркем мүсіндер болғанын адамзат есіне сақтасын деп олар ешкімге керегі жоқ көне ескерткіштердің қалдығын музейлерге үнемі жинап жүреді ғой. Маған кей ғашықтар да осы археологтарға ұқсайды. Мүмкін оның бір кездегі ыстық жүрегі әлдеқашан сөнген де болар, мүмкін ол сүйген сұлу қыз да қазір көне бетін әжім басқан кемпірге айналған шығар, бірақ ол жүрегінде ең ақырғы сағатына дейін сол бір кездегі жалынды махаббаттың қызуын сақтауға тырысады. Өйткені өзі кәрі болғанмен махаббат қашан да болса жас. Ол адамзатқа сол жас қалпында мәңгі қалуы керек. Сөйткен күнде ғапа болашақ ұрпаққа да ол ұлы дінге айналады. Адамзаттың бұзылуына жол бермейді. Махаббат жоқ жерде болашақ та жоқ, адам онда идеалсыз аңға айналады.
Мен бұл жолы да өзімді-өзім ұстай алмадым. Іштегі толқу бетімнен де саз берді ме, жаныма келіп отырған Ақбаян маған күлімсірей қарады.
— Хал-жайың қалай, Сабыр?
— Шүкір. Өзің де амансың ба?— Кенет бойымды бір жалын шарпып кеткендей болды,—жаңағы жаныңдағы жігітің кім?
— Магазин директоры. Машинасымен көл жағасына келе жатыр екен, бірге келдім. Оны неге сұрадың?— Ақбаян кенет сылқ-сылқ күлді.— Мені әлі де қызғанасың ба?
— Қызғанам деп айтқан жоқ секілді едім ғой...
— Жасырмай-ақ қой, өзім де білемін. Сен жасырсаң да, мен айтайын... Мен сені әлі де қызғанам...
«Міне жаңалық! Бұл — Ақбаяннан күтпеген сөзім. Аяғы қайда апарып соғар екен?»
— Сірә, менің сөзіме сенбегендей түрің бар ғой? Жоқ, шыным, мен сені жиырма жылдай қызғанып келдім. Татьянадан да қызғандым, Темірбектен де, Қайсардан да, жаңағы жаныңдағы отырған келіншектен де қызғанам.
Әлгі жалын енді жүрегімді қаттырақ шарпып кеткендей болды. Жалғанда өз күшіне өзі сенген сұлу әйелдің бірден сырын аша сөйлеген сөзінен қиын сын жоқ екен. Мен өзімді ауға түскен балықтай сезіндім. Қалай бұлқынсам да құтыла алмайтынымды білемін. Және құтылғым да келмейді. Жанымда отырған алтын құспен бірге махаббат мені де өзінің алтын торына шырмай түсуін тілеймін. Әйтсе де, ұзақ жылғы күйіктің жан күйдірген зардабы әлі өше қоймаған екен, ұзақ жылдар бойы маған көз қырын салмай келген Ақбаянның кенет былай сөйлеуі маған бір жалған сезімді аңғартқан секілді. Көңілім кенет сес алып, енді оған сенімсіздене қарадым. Ақбаянның бірден былай тікелей сөйлеуіне не себеп? Мен білетін Ақбаян қамыс арасындағы тұнған қара су тәрізді, оп-оңай сырын сездіре қоймаса керек еді! Ол менің не ойлап отырғанымды айтпай білгендей:
— Жиырма жыл үндемей келген Ақбаянның бұнысы несі деп таңданып отырсың ба? Әлде мен Әлжанға қосылып жиырма жылымның бос өткеніне қапа жеп сенен кешірім сұрағалы келді дейсің бе? Өткен өмір өтті. Оны енді қайтып оралта алмайсың... Тек жер астында қамалған асау бұлақ тасты жарып бір күні жасыл даланы көреді. «Ой түбінде жатқан сөз, шер толқыта шығады» дегендей, жиырма жыл сақталып келген асыл сырымды ашқаныма айып етпе...
Мен Ақбаянның сөзіне бұ жолы мүлтіксіз сендім. Сенбеске себебім де жоқ еді. «Ақбаяндай өзім де, міне, Жиырма жылдан астам осы бір жүрек ауруын ешкімге білдірмей сақтап келген жоқпын ба? Бір кезде жанындай жақсы көрген сүйген жардың жиырма жыл сол сезімін сақтап жүрмеді деуге қандай күмәнім бар? иығыма қонғалы тұрған алтын құс тағы ұшып кетуі мүмкін. Ақбаян секілді жандар тек күмәнсіз, мөлдір таза махаббатты ғана бағалай алады.
Осындай ойға келсем де мен одан:
— Әлжаннан неге айырылдың?—деп сұрадым.
Сұрағымның орынсыз екенін өзім де ұқтым, бірақ соң ұқтым. Дегенмен, Ақбаян ренжіген жоқ, томсара отырып жауап берді.
— Жұрт айтып жүрген сөзді, әрине, сен де естіген боларсың... Бірақ, сен оған сенбе... Сенуге қақың жоқ. Өзге білмегенмен, мені Сабыр білуге тиісті.
Жиырма жыл жүрекке қадалған шаншу бұ жолы да ауыртпай қоймады.
— Иә, бір кезде білетін едім. Одан бері көп жыл етті ғой.
— Көп жыл емес. Маған мәңгі бітпес талай ғасыр өткен секілді. Бірақ, Сабыр, сен қате ойлама, Әлжаннан саған деген қайғым жеңіп айырылған жоқпын. Қолмен істегенді мойынмен көтеру керек, өзім ерім деп қосылғаннан кейін, оның қандай күйіне болса қарайтын едім... Тек оған еріп кете алмайтын жағдайым болды.
— Қандай жағдай?
— Құдай менің саған еткен опасыздығымның жазасын тартқызды ғой. Әлжанға мен бала тауып бере алмадым. Ал оның менен басқа әйелі мен баласы бар.
— Ақбаян, сен не айтып отырсың?!
— Өзіме ауыр тисе де, шындықты айтып отырмын. Бала таппайтыныма көзі жеткеннен кейін, Әлжан осындағы өзінің қарамағында қызмет істейтін бір қызбен көңіл қосыпты. Ол қыз Әлжаннан екі қабат болады. Қызметімнен алып тастар деп қорыққан Әлжан қызды Қарағанды жанындағы Успен руднигіне көшіреді. Онда Әлжанның туысқандары бар. Мұнда орнынан алынғаннан кейін, өзі де сол Успенге сұранды. Жас қатыны мен бес жасар баласының жанына барғысы келді. Ал мен баласыз бәйбіше болып оның соңынан еруді өзіме ар көрдім. Қалай ойласақ, олай ойла, біздің айырылу себебіміз осы...
Мен енді Ақбаянды аяп кеттім. Әлжанның нашар адам екеніне ең алғашқы кездесуден-ақ әбден көзім жеткен. Бірақ дәл мұндай жексұрын қылық шығады деп ойлаған жоқ едім. Ақбаянды алдау!.. Бұл менің тіпті миыма кіретін қылық емес. Ақбаянның сол арада бар күнәсін кешірдім. Тұрпайы сұрағыммен оның жүрек жарасының аузын тырнап ашып, онысыз да күйіп жүрген жанын ауыртқаныма өте қысылдым.
— Кешір мені, Ақбаян,— дедім сұрағымның ауыр болғанын мойындап.
— Оқасы жоқ,— деді ол,— жұрттың бәрі көрінгеннің сырын қайдан біле білсін... Сенің де көпшілік сенген өсекке сенбеуге қақың жоқ,— ол енді жүдей күлді,— арада жиырма жыл өтіп кетті ғой...
Жоқ, асау жүрек талай өртенген, арада еткен жиырма жыл енді маған жиырма күндей көрінген жоқ. Ақбаян екеуміз арамыздағы махаббат дәл сол жас қалпымыздағыдай елестеді. Тек алғашқы кездесуіміз бен осы кездесуіміздің арасы жиырма жылға созылған секілді. Ал ол жиырма жыл Ақбаян соншама ұзақ күткізіп жаңа ғана қасыма келген сынды көрінгендіктен, бір ұзақ созылған түске ұқсайды. Ақбаянымның, алтын құсымның, қайта оралуы расында да маған тек түсте ғана кездесетін бақыттан айныған жоқ. Қазіргім — түс, тек өңіме айналсын деп мен Ақбаянға әлсін-әлсін қуана қарай бердім. О да менен көзін алар емес. Өз бақытына өзі сенбей отырған тәрізді. Тек әлден уақытта барып Ақбаян:
— Жұрттың бәрі бізге қарай қалыпты,— деді екі көзі оттай жайнап,— жүрші, далаға шығып кетейік...
Біз далаға шығып кеттік. Осыдан жиырма жыл бұрынғымыздай жұпар аңқып жасыл төккен жас бақшаның арасына барып отырдық. Дәл сонау бір жиырма жыл бұрын соққан самал жел қайтадан баяу есіп бетімізден сүйді. Дәл сондағыдай біз біріміздің-біріміз қолымыздан ұстадық. Бәрі дәл сол кештегідей: жүректің соғуы да, қара көздердің күлімдеуі де... Бүгінгі бақытымыз да сол күнгі бақытымыз сынды. Тек біздің қуанышымызды бұзар Әлжан ғана жоқ.
Осылай бір ай кездесіп жүріп, енді біржолата қосылмақ болдық. Ақбаян алғашқы рет маған үйіне келуге рұқсат етті.
Ал сол үйіне келген күннің нәтижесі, міне, мынау — мен ауруханада жатырмын.
Бәтима: «Мен өйтпес едім!» дейді. Айтуға жеңіл. Егер Ақбаянның орнында Бәтима болса қайтер еді? Жұрт, әрине, Ақбаянды Әлжанның басынан бағы тайған соң айырылды дейді. Бұ сөзге жұрттың бәрі де сенді. Тек мен ғана сенбедім. Ақбаянды жақсы көрген жүрегім, «олай болуы мүмкін емес» деп бірден кесіп айтты. Кезінде дұрыс күмәнданған екен. Бірақ бұны Бәтима ұғар ма? Тағы Бәтима? Ақбаянмен аузыма қатар түседі де отырады. Бұл неліктен?
Бір жауабын осыдан білер ме екенмін дегендей, қолымды жүрек тұсына қоямын. Жоқ, еш хабар жоқ тәрізді. Жүрек, шіркін, сол әлі айықпаған қалпында баяу соғады. Үйге ақ халат киген Қайсар кірді. Оны көріп қуанып қалдым. Бірдемені шеше алмай қиналғаныңда, не болмаса жол таба алмай сасқаныңда Қайсардан артық, ақылшы жоқ. Ол қандай мәселені болса да, бетің бар, жүзің бар демейді, түп тамырынан қопара шешеді. «Пышақтан қорыққан ауруынан жазыла алмайды, шындықтан қорыққан жүрек кеселінен құтыла алмайды» дейді ол. Жайшылықта Қайсар ақ жарқын, қайдағы жоқ қулықты, кейде тіпті ұйқаспайтын өтірік болса да айтып, адамның көңілін аша келеді. Бұ жолы олай болмай шықты. Есіктен кірген бетінен-ақ бірдемеге ашуланып келгенін аңғардым. Жүзі күреңденіп, қабағы түксиіп кетіпті.
Хал-жайымды сәл селқостау сұрап болған соң, ол маған тікелей қарап, келген шаруасына кірісті.
— Сабыр,— деді ол,— екеуіміз көптен бері жолдасыңыз. Егер бірдеме сұрасам, айтасың ба?
— Екеуміздің арамызда айтылмаған бірдеме қалып па еді? Сұра айтайын.
— Сұрасам, осы Әлжанның қатыны Ақбаянда сенің не шаруаң бар? Жиырма жыл отасқан еріне опа бермегенде, саған опа береді деп жүрсің бе?— Ақбаянның сырын бұл қайдан білсін. Мен сезін тыңдап болайын деп үндегем жоқ. Ол ойын аяғына дейін жасырғысы келмей,— бұрын жұрт сені сол әйелмен көрдік деп жүргендерінде, ұшы-қиыры жоқ көк аспанда ұшып жүрген құстар да кездеседі, адам мен адам тау емес, жай әшейін кездесіп қалатын шығар деуші едім,— деді,— ал бүгін, сені сол әйелдің есігінің алдындағы алаңда көйлекшең талып жатқан жеріңнен балалар көріп «жедел жәрдемге» телефон соғыпты дегенді естігенімде...
Жүрегім су ете қалды.
— Қай жерде дейсің?—дедім дауысым Дірілдей шығып.
— Қай жерден не? Арақ ішпейтін едің ғой... Әлде ұмытып қалдың ба? Ақбаян сұлудың есігінің алдыңдағы алаңда құлапсың ғой. Тіпті пәтерінің қоңырауын соғуға да үлгермегендейсің. Әлде соққан да шығарсың, бірақ ол үйде болмаған көрінеді. Сені Бәтима «жеңіл жәрдем» машинасымен алып кетпекші болып жатқанда ғана Ақбаян дүкеннен келіпті...
«Дүкеннен келгені қалай? Бұлардың мені есік алдындағы алаңнан тауып алдық дегендері не сұмдық? Сол күндегі тамаша мезет менің көз алдымда әлі тұрған жоқ па? Кенет Бәтиманың: «Пенжегіңізді Ақбаян жеңгейдің үйінен алдым» деген сөзі, ләззат үстінде қайтыс болып кеткен қызметкердің денесін, қорыққан әйелдің есік алдына шығарып тастағаны жайында айтқанын енді түсіндім. Жүрегім ойнай жөнелді. «Расымен, тастағаны ма? Онысы несі? Өліп кетсем қайтеді? Бұл неткен сұмдық? Қорықса да, дәрігерге телефон соқпай ма? Ең болмаса ескі достығы үшін сөйтпей ме?»
Қайсар маған бұрылмастан, сол терезеге қараған күйінде:
— Егер ол әйелде көңілің болатын болса, мен ондай бозбалалығыңды кешпеймін. Жас емессің, саған өзіңді күтетін, сыйлайтын Бәтима секілді адам керек. Ал Ақбаян тәрізді қырыққа келсе де, көңілінің желі басылмаған сұлу сенің теңің емес. Ол ана универмаг директоры Мағазұмовтарға лайық. Оңбаған, бүлдіршіндей әйелі мен екі баласына қарамай, он күндей Ақбаянмен жоғалып кетіп, кеше ғана келіпті!
Жүрегім бұрынғыдан бетер аласұра бастады. Әнеугүнгіден бері қолы тимегені де сол екен ғой! Мені есік алдындағы алаңға шығарып тастауының да себебін енді түсіндім. Үйінен универмаг директоры бөтен еркекті алып кеткенін білмесін деген ғой.
— Егер мен десең...— Қайсардың үні бір түрлі алыстан естілді. Кенет ол бұрылып маған қараған болуы керек, менің түрімді көріп шошып кетті ғой деймін,— ойбай-ау, сен өзің кетіп бара жатырсың ғой,— деген қобалжыған дауысын естідім.
Ар жағында не болғанымды өзім де білмеймін. Есім кіріп, көзімді ашқанда көргенім, қолында денеге дәрі жіберетін шанышқысы бар, бетіме үңіле қараған Бәтима мен аяқ жағымда ақ орамалмен маңдай терін сүртіп тұрған Қайсар болды.
— Ойпырмай, батырым-ай... Зәремізді алдың ғой...— Ол бұршақтап шыққан маңдай терін орамалымен тағы сүртті.— Мұндайыңды білгенде...
«Япырмау, бұл сонау тас қапшықта алатын ажалдай су алқымымызға таяғанда да қалжыңын тастамаған Қайсар ма?..» Екі ерні кезеріп, боп-боз боп кетіпті. Жолдас болсаң, осындай бол!
Мен Қайсарды аяп кеттім, оның көңілін жұбатқым келіп:
— Бәріне де өзім айыптымын,— дедім қысыла күлімсіреген ишарат көрсетіп.
— Сабыр ағай, көп сөйлей бермеңіз,— деді Бәтима маған күлімсірей қарап,— азырақ талмаусырап кеттіңіз. Қазір бәлендей қорқыныш жоқ...
— Жақсы, қарындасым...
X
Он шақты күннен кейін шын айыға бастадым. Қайтадан консилиум шақырылып, жүрек ауруымның дәл емін тапқан-ды. Мүмкін содан да болар. Дегенмен, менің бұлай кенет көтеріле түсуіме бөтен де себеп барды. Жиырма жыл ақыл-ойыма, жан сезіміме маза бермеген алтын құс кеселінен мүлдем айырылғандаймын. Алтын құс арманының орнына қанша жыласаң да қайта оралмас бір күйіктің өкініші ғана қалғандай. Үміт емес, бұл — өкініш. Тез жазылуыма бұ да себеп тәрізді.
Демек, өз жүрегіме өзім күмән келтіргендей де боламын. «Бітпейтін қуаныш, өшпейтін қайғы жоқ» деген осы екен-ау деймін. Енді Ақбаяннан гөрі, Бәтима жайын көбірек ойлағым келеді. Көбірек ойлаймын да, бірақ ой құрғыр алысқа бара алмайды. Нағыз бір өрісі тар тұсаулы жылқы тәріздімін. Секең-секең етемін де, әрі-беріден соң тоқтай қаламын. Қиялым тайызданып, жай әшейін малтуға кірісем. Ақбаян дегенде алып-ұшып, теңіздей толқитын шіркін көңіл енді тіпті лепірмейді. Осындай мәре-сәре болып жүргенімде бір күні Қайсар тағы келді. Ол бұл жолы да жай келген жоқ екен, жанымның жарасының аузын тырнай келіпті.
Шахта жайында әрі-бері әңгіме шертіп отырды да, кенет:
— Бүгін Ақбаянды көрдім,—- деді. Етімді біреу шымшып алғандай дір ете қалдым, бірақ үндемедім. Қуанарымды да, ашуланарымды да білмедім. Ақбаянның анандай қылығынан кейін, мың жерден ғашық болсаң да, оған деген жүрек жылыр ма? Жоқ, жылуға тиісті емес. Жылымайды да. Ол маған енді мәңгі біткен адам. Әйтсе де... Жиырма жылдан астам атын көкірегіме тұмар етіп таққандығымнан ба, Ақбаян деген сөз құлағыма құбыжық болып естілмеді.
— Өзі де әбден жүдеп бітіпті... Түрін көргенімде шошып кеттім,— деді менің үндемесімді білгеннен кейін, Қайсар сөзді тағы да өзі бастап,— ұзақ әңгімелестім... Сонау сенен айырылған күннен бастап қапа шегумен болыпты. Сені шын жақсы көреді екен, мен оған енді әбден сендім.
Қайсардың мінезі өзіме мәлім. Біреуді кекетсе де, осылай аяғансып сөйлейтін әдеті бар. Бұ жолы да сол мінезіне салып отыр. Бірақ қазіргі менің жағдайым ойнайтын жағдай ма, бетіне ренжи қарадым.
— Әйтеуір, қалжыңың қалмайды.
— Қайдағы қалжың? Шынын айтып отырмын...
— Шыны — егер адам ажал үстінде жатқанында далаға шығарып тастау болса, ондай шындықтан мен аулақ.
— Оның да жанын жегідей жеп жүрген сол қылығы екені сөзсіз... «Махаббаттан күйіп-жанып бара жатырмын» деп отырған Ақбаян жоқ. Күйіп-жанып бара жатса, бар пәле ішінде шығар. Ал сыртына шығып тұрған қайғы — сол қылығынан туған... «Сасып қалдым, не істегенімді өзім соңынан барып бір-ақ білдім. Қолымнан келген жәрдемімді жасап, дәрігер шақырайын деп жүгіріп үйге келсем, «жедел жәрдем» де жетіп қалған екен» деп «Ах!» ұрады. Мұндай жағдай болуы мүмкін ғой... Сасқан үйрек артымен сүңгиді, үйінде дырдай директорды өлтіріп алу әр кімге де жеңіл тимесе керек-ті...
— Сонда Ақбаянның қылығын ақтап отырсың ба өзің?
— Болған жағдайды түсіндіру — қылмысты ақтау емес! Әрине, Ақбаянның қылығы — адам кешірерлік қылық емес.
— Бәсе!
— Бірақ сол қылығынан өзінің жер болып жүргенін айтамын. Оның бұл қиналуының түбінде сені жас кезінен жақсы көру бар. Сондықтан да ол өз күнәсінен өзі күйінеді. Қылмысы жанын бір жесе, сенің бетіңе қарарға ұяты жібермей жанын екі жейді. Мұндай қиналу Ақбаянның, әрине, мүлдем құрып кеткен адам емес екенін көрсетеді. Адамның айыбы адасқаны емес, адасқанын мойындамау. Ақбаян адасқанын мойнына алып отыр ғой. Мен соны айтам...
— Сонда... Маған Ақбаянмен қайтадан тіл тап демексің бе? Мұндай сөзге қалай аузың барады?!
Қайсар кенет ыржия күлді.
— Біздің елде Жаубасар деген түйеші болған. Жаубасардың інісі Көпжасар деген еді. Көпжасар қырыққа жеткенше үйлене алмай келіпті. Жаратылғалы кім көрінгеннің есігінде жүрген малайға қандай адам қызын берсін. Сол Көпжасарға байы өлген бір жесір әйелдің көзі түсіпті. Той жасап қосылмақшы болыпты. Жесір әйелдің төркіні, сірә, белгілі тұқым болуы керек, тойға дайындалып жатқанда, күндіз-түні түйе бағып, кілең құмайтты, бозды сусыз жерде жүріп, екі қолы бірдей күстеніп, тарам-тарам боп жарылып кеткен Жаубасарға әйелі: «Ертең құдаларың келеді. Жалғыз інің үйленгелі жатыр, мә, қолдарыңды әдемілеп тұрып жу!»—дейді қара сабынды беріп. Жаубасар жуына бастапты. Өмір бойы сабын көрмеген, күстеніп, жарылып кеткен қолдары қара сабын тигенде шыдатсын ба, жанын қоярға жер таппаған Жаубасар қолына су құйып тұрған қатынына: «Көпжасар емес, нағыз бір мен үйленетіндей, қолымды сабындатып жуғызатындай, менде не әкеңнің құны бар еді!» деген екен. Сол айтқандай, Ақбаянды ұнатқан өзің, үйленетін мен емес, тағы сенсін, араларыңды қалай шешсең солай шеш.
Қайсарға ашуланарымды да, ашуланбасымды да білмедім. Тек, Ақбаянды неге мұнша аяй қалғанына тан қалдым. Қайсарды қанша жақсы кергенмен, Ақбаянға деп қатқан жүрек тіпті жібір емес. Біз енді бұл әңгімені доғарып, қайтадан шахта жайына көштік. Әрі-бері сөйлескеннен кейін Қайсар үйіне кетті. Жалғыз қалғасын ойы құрғыр қайтадан Ақбаянға көшті.
Қайсардың айтқандарын таразыға салып көрдім, бірақ жезді қанша алтын болса екен дегенмен, алтын болады ма? Ақбаян да маған енді сол құнсыз жездің бірі тәріздене берді. Тек Садық есіме түсіп кетсе ғана осындай опасыз жан есіл ердің қарындасы болып жаратылғанына ішім күйеді. Садыққа енді Ақбаян емес, Бәтима секілді жанды қарындастыққа лайық деген ойға келем...
Мен қайтадан көзімді жұмам. Ондағым—тағы да ой теңізіне шому. Егер қайғылы жаныма ойым серік бол¬маса не істер едім? Жападан-жалғыз отырып, жанымды қоярға жер таппас едім. Ойшыл етіп жаратқаныңа құдайға шүкір. Ой — менің еткен өмірімнің айнасы, болашақ өмірімнің қанаты. Оған қанша берілсем де, жалықпаймын. Тіпті берілген сайын шабыттана түсем. Өткен-кеткенді таразыға сап, оз қылығыма, өз істеріме үкім айтамын. Болашақта ондай қателер істемеуге ант етемін.
Ойлай берсең, өткен күннің өзі бір ертегі емес пе? Сол ертегі мені тағы өзінің таңғажайып қызығына еріте жөнелді. Тағы да өткен күндер көз алдымнан дәл жас кезімдегідей елестей берді...
Біздің буынның басынан қандай қиындық өтпеді! Ауыр өндірісті өркендетудегі жоқшылық та, ауыл шаруашылығын колхоздастырудағы қиындық пен түсінбеушілік те. Көз алдымнан әлі кетпейді. Мысқазғанға қарай сонау Торғай, Есіл, Батпандала бойынан аш-жалаңаш шұбырған ел. Қаңырап бос қалған қыстау, ауыл. Ал Отан соғысы халыққа қандай қиындыққа түсті! Әйтсе де, сол қиындықпен жасаған ауыр өндіріс пен аш-жалаңаш жүріп ұйымдастырылған, жалпылай бірлестірілген ауыл шаруашылығының күші арқылы біз қан майданда жеңіп шықтық қой. Бұл — партиямыздың түпкі саясатының дұрыс екенін көрсетпей ме? Әрине, көрсетеді. Бірақ мен кейде егер Ленин бір жиырма жыл тірі тұрса қайтер едік деп ойлаймын? Жоқ, Ленин әлі бір жиырма жыл тірі болғанда, әрине, бұл жеңістің бәріне де біз жетер едік. Оған мен титтей де шек келтірмеймін, бірақ бұл жеңістердің бәрі де бізге сәл жеңілдеу түсер еді. Әттең, әттең, ұлы көсем, ерте кеттің!.. Лениннің аты аузыма түссе, маған тағы бір ой келеді. Ол ой: Лениннің буыны Ұлы Октябрь революциясын орнатса, Ұлы Отан соғысының ауыртпалығын негізінде арқалап шыққан біздің буын — Ұлы Октябрь шұғыласында туған жастар буыны. Ленин әке болса, біз баласымыз. Бірақ біздің арамызда, әке мен бала арасында, еш қайшылық болған емес. Біздің бар арманымыз халқын ұлы жеңіске жеткізген сол әкелеріміздің жолын адал ұстап, солардың өсиетін жан-тәнімізбен адал орындау болатын. Соның арқасында ғана Ұлы Отан соғысында жеңіп шықтық. Әке жолы біздің патриоттық сезімімізді шынықтыра түсті. Отан, халық деген ұғымдарды көкірегімізге тұмар етіп тағуға болар жәрдем берді. Ал қазір ше? Жалпы жастар әке жолын мықты ұстағанмен, шығып жатқан кейбір кино, көркем әдебиет туындыларына қарағанда, әке мен бала, ұрпақтар арасында қайшылықтар сезілетін тәрізді. Жас буын біздің ісімізге қанағаттанбайтындай қандай себебі бар? Заманымыздың бар ауыртпалығын біз арқалаған жоқпыз ба? Ажалға кеудемізді қарсы ашып, қан құмар Гитлер басқыншыларын жеңіп, жас ұрпағымыздың келешегін, Отанымыздың тәуелсіздігін біз сақтап қалған жоқпыз ба? Онда бізге қояр қандай айыбы бар? Әлде жеке адамға бағынушылық әрекетінен шыға алмай, өздеріңнің рухани, сана-сезім байлықтарыңды кеңінен пайдалана алмадыңдар дегенді айтпақ па? Ой-пікірлеріңді ашық жайып, сана-сезімдеріңді еркін өрбітудің орнына, жеке адамға бағынудан туған саясаттың арқасында, кейде тар түсінікте ғана қалыптастыңдар демек пе? Әрине, мұндай жағдай да болды. Бірақ сол жеке адамға бағынудың қате екенін ашқан біз өзіміз емеспіз бе? Қатесін жоя білген әкеге айып тағуға бола ма? Әлде әке мен бала арасындағы қайшылықтар — өсу қайшылықтары ма? Солай тәрізді. Әке мен бала, ұрпақтар мен ұрпақтар арасында өсу қайшылықтары кездеспеген жерде, қандай қоғамды алсақ та, алға баса алмас еді. Тек бұл қайшылықтар бірін-бірі жоятын қарама-қарсы шығар қайшылықтар емес. Бірін-бірі толықтыратын, әке жолын болашақ ұрпақтар көркейте түсуіне мүмкіншілік беретін өсу қайшылықтары. Бұл — коммунизмнің табиғи қасиеті.
Демек, жас ұрпақты тәрбиелеуде соғыстан кейінгі жылдарда бізден аздаған қателік кеткен тәрізді. Соғыстан күйзелген шаруашылығымызды жөндейміз деп жүріп, жастардың патриоттық сезімін тәрбиелеуді аз уақыт естен шығарған тәріздіміз. Оның үстіне, кейбір көк езулер жеке адамға табынудан туған қателіктерді жалпы совет қоғамының қателіктеріне айналдырып, өткен күн жемістерінен жас ұрпақты басқа жолға салуға тырысқан тәрізді. Осыдан барып жастардың батыс мәдениетінің кейбір сасық дәстүрлерін мәдениеттің жақсы түрі деп түсініп, оған еліктеу әке жолынан шалыс болуда туғандай. Бірақ әке балаға сыншыл, олардың қатесін біз дер кезінде кердік. Жөнге салуымыз сөзсіз.
Ал бірақ Ақбаян секілділерді жөнге салуға болады ма? Оның қылығы да социализм әлдеқашан жеңген капитализмнің құбыжық дәстүрінің қалдығы емес пе? Иә, қалдығы. Сонда не болғаны? Капитализмнің өзін жеңгенде, оның совет адамының мінез-құлқына, сана-сезіміне суық әсері тиер жаман қалдығын жеңе алмағанымыз ба? Онда капитализмді құртқанымыз қайда? Жоқ, бізге қазір капитализмді тап тартысында, шаруашылықта құрту аз. Біз капитализмнің қалдығын бүкіл совет адамының сана сезімінде де жоюымыз керек. Бұл — тартыстың жаңа арнасы, бұл — капитализммен ең соңғы айқасымыз.
Ал Ақбаянға не болды? Жан шошынарлық қасиет оған қайдан келеді? Әлі есімде екеуміздің алғашқы танысқан күніміз! Онда да көктем болатын. Сонау оңтүстіктен Арқаның көк шалғын, шалқар көліне қайтқан қаз-үйрек рудник үстінде етіп бара жатқан. Қиқуы аралас сыңсыған құс үні бүкіл Мысқазғанның сұрғылт даласын бір әсем дүниеге бөлегендей еді. Жоқ, Мысқазғанның да жайшылықтағы сұрғылт даласы қазір сұрғылт емес-ті. Жас ағаштары жасыл жапыраққа оранын, жыңғыл, баялыш, жусандары көгілдір тартып, әр жерде ойдым-ойдым боп көк шығып, бүкіл дала үстіне бір сәнді түкті кілем жабылғандайтын. Қызылды-жасылды сарғалдақ, бәйшешек әр жерден қылтиып көрініп, көктемгі далаға ерекше көрік беріп тұрған-ды.
Демалыс күні еді. Жайшылықтағы серігім Садық бір шаруамен Қасқырсай заводына жүріп кеткен. Күні бойы үйде жалғыз кітап оқып отырып, зерігіп кетіп, азырақ поселке шетіне шығып серуендеп қайтпақ болғам.
Екпінді кез еді. Мысқазғанның күншығыс жағындағы адыр, төбені аралап келе жаттым. Аспан көкпеңбек. Әр жерден бөдене, торғай, бытпылдық дауысы естіледі. Ауа көгілдір аспандай таза. Жұтқан сайын көкірегің кеңіп, жұта түскің келеді. Осындай тамаша дүниеде адам қайғысыз болса қандай рақат! Мен қайғысыз едім. Жан-тәнімді, бар қиялымды тек көмескі болашақ қуанышы ғана билеген. Бұл қуаныш не? Жалыны қол тигізбес албырт жастықтың дүйім жұрттан өзін армансыз санататын тулаған ыстық қанының ойнауы ма? Әлде дүниеде махаббат секілді тағы да бір әсем сезім бар екенін сезінген жас жігіттің қиял шабыты ма? Өзім де білмеймін. Әйтеуір бар әлем құшағыма сыйғандай, ақыл-ой, жан сезімімді билеп кеткен бір шаттық! Дәл осындай таза ауаға, шат қиялға мас болғандай, жападан-жалғыз қыдырып келе жатқанымда, дәл қарсы алдымнан, сұрғылт тасты адырдың тұмсығынан төрт-бес қыз шыға келді. Гүл теріп қайтып келе жатыр екен. Іштерінде Ақбаян да бар. Ол бір топ қызғалдақты құшақтап алған. Жоқ, қызғалдақ емес, Ақбаянның құшағында дәл осы сәтте маған бір топ шоқ тәрізденіп көрінді. Көршілес болғандықтан, күнде кездесіп жүрсем де, қыздың өзі де маған бұ жолы басқаша көрінді. Жұмырлана бастаған құлын мүшесі ерекше көзіме түсті. Жүрегім дір ете қалды. Бойымды көмескі сезім текке билемеген екен. Осы қуанышқа көрінгенін енді ұқтым.
— Жападан-жалғыз қайда бара жатырсың, Сабыр аға,— деді қыз тостағандай көзін жалт еткізіп.
Жүрегім құйын соққан су бетінде ойнап кетті.
— Жалғызбын ба?!
— Көлеңкеңнен бөтен ешкімді көріп тұрғам жоқ.
— Бекер үйдейсің. Мынау көгілдір аспан, жасыл жамылған адыр-бұдырды қайда қоясың?
— Ә-ә!— Қыз күлді. Дауысы күміс қоңыраудай сыңғырлай шықты,— Онда, анау құмырсқаларды да өзіңе серік көретін шығарсың?
Бұл ағалы-қарындастай болып жүрген қыз бен жігіттің алғашқы әзілі еді. Ақбаянның қасындағы қыздар жымия күлісіп бізді тастап ұзай берді...
— Өзің қайдан келесің?— дедім мен.
— Көріп тұрған жоқсың ба, гүл теріп келемін.
— Гүлді кімге арнап теріп келесің? Маған арнап па?
Су домалатып әбден жұмырланбаған қайрақ тастай кедір-бұдыры көп қайран жастық! Қалжыңымның дөрекі шыққанын өзім де білдім. Қыз сәл қызарып төмен қарады.
— Гүлді апама, Садыққа арнап тердім,— деді Ақбаян. Сөйдеді де, сәл кідірді,— ал мына біреуін саған арнап жұлдым.
— Онда өзіме берсейші.
Ақбаян қызғалдақтың аса бір қызылын алып ұсынды. Мен алып иіскедім де, көйлегінің омырауына тақтым.
— Қандай әдемі гүл еді! Дәл езің секілді екен.
Ақбаян тағы екі беті оттай жанып қып-қызыл боп төмен қарап кетті. «Жас сезімі мөлдір бұлақтай таза Ақбаян, міне бүгін жез екше әйелдің қылығын істеп отыр. Себебі қайда? Бұған кім айыпты? Қателік қай жерде пайда болды?»
Сол күнгі Ақбаян есіме түссе, жүрегім пара-пара боп жыртыла жөнеледі. Құр өкінуден бөтен қолымнан не келеді? Кезімді қайта жұмып едім, ой тізбегі әрі қарай жалғаса берді...
Ақбаян сәл қысылып тұрды да, маған қайта қарады. Бірақ бұл жолғы көз қарасында бөтен бір сезім пайда болғаны хақ.
— Сабыр аға, расымен сізге осы қызғалдақ секілді сұлу көрінем бе?..
— Қызғалдақтан да сұлу көрінесің.
— Онда...
Ақбаян тоқтай қалды. Қызарып тағы төмен қарады. Қыздың не айтайын дегенін білмесем де, оның өзіме деген бір асыл сезімін ақылыммен емес, жүрегіммен түсіндім.
— Мен сенің жалғыз қызғалдақ қана емес, әлемнің бар гүлінен әдемі болғаныңды тілер едім.
— Неге?
— Айтайын ба?—дегем өзімді-өзім ұстай алмай қалып, әжемнің бір айтқан аңызы есіме түсіп кетіп.
— Айт,— деген Ақбаян жаудырай қарап.
— Менің қарт әжем болатын. Ол немересін яғни мені өте жақсы көретін. Он төртке жеткенімде жанына отырғызып алып, өзінің білетін ертегі, аңыз, өсиетін айтып ермек ететін. Бір күні сол әжем маған:
— Баяғыда Ер Кіндік деген бір бала батыр болыпты,— деген күсті қолымен басымнан сипап,— қан майданда үлкен ерлік көрсетіп, ел-жұртын қорғағаны үшін Баба Түкті шашты Әзиз пайғамбар оған риза болып: «Шырағым, дүниедегі бір тілегіңді берейін,— депті,— не тілейсің: көрік пе, ақыл ма, бақ па?» Сонда Ер Кіндік батыр: «Бұл үшеуінен бөтен басқа тілек тілесем, бересіз бе?»—депті. «Берем,— депті Баба Түкті шашты Әзиз пайғамбар,— тек мәңгі өлместікті сұрама». «Неге?» депті бала батыр. «Дүниеде алла тағала ғана мәңгі өмір сүруге тиісті. Өзгемізге мәңгі өлместік сұрау—күнә»,— депті пайғамбар. Сонда бала батыр: «Өзімдей адам біткеннің бәрі өліп жатқанда, көзге шыққан сүйелдей, мәңгі тірі жүруді мен де ұнатпаймын. Жалғыз ғана тілегім бар, соны берсеңіз болады»,— депті. «Айт! Берем»,— депті Баба Әзиз пайғамбар. «Онда...—" депті бала батыр,— жаңағы үш қасиеті бойына бірдей біткен, маған адал жар берсеңіз болғаны». «Жалғыз тілегіңді берем» деген пайғамбар сөзден жеңіліп, көркі, ақылы, бағы бар Ер Кіндікке адал жар беріпті. Сол адал жар арқасында бала батыр өле-өлгенше дүниедегі ен бақытты адам боп өтіпті.
Осы әңгімені Ақбаянға айтып бердім де:
— Адал адам өзіне қимас қасиетті сүйгеніне қияды деген, мен де сені сүйгендігімнен, бар гүлден әдемі болуыңды қидым.
Бұрын махаббат дүниесіне машықтанбаған, әлі күнәсіз нәресте пәк мінезден арылмаған бала қыз «сүйдім» деген сөзді тікелей мағынасында ұғынып:
— Қалай үйдей аласыз?—деген ұялғанынан екі беті маздап жанған от алдында тұрғандай балбырап.— Сіз мені сүйіп көрген жоқсыз ғой.
Мен де қыз сөзін өзімше түсінгем. Жайбарақат өз бетіне тұрған Ақбаянды кенет құшақтай беріп, томпиған қызыл ернінен құшырлана сүйіп алғам. Қыз ыршып түскен. Ұялғанынан екі бетін қолымен басып солқылдап жылап жіберген.
Күнәсіз ернінен жігіттің алғашқы рет сүйгеніне сонша қысылған кешегі албырт Ақбаянның бүгінгі қылығы мынау. Көңіл шіркін тағы да алғашқы рет құрық көрген асау жылқыдай тулай жөнелді. «Қате қай жерде болды? Кім айыпты? Әлде Ақбаянның мұндай қылмысына жаратылысынан бойына біткен қасиеті себепкер ме?»
Арқама Ақбаян қылығы аяздай батты. Жанымның бұл ауруы өзімнің қор болған махаббатымнан туған жоқ. Махаббаттың опасыздығына жиырма жасында шыдай алған жас жігіт елуге келгенінде өлердей боп күйінбеске тиісті. Адам қандай ауруға, қиянатқа болса да көндіге біледі, шыдамдыққа үйренеді. Мен де соған үйренген екем, жаным аз уақыт жаман ауырып жүрді де, ауыр кесел бірте-бірте өше бастады. Ал ендігі менің жанымды жеген басқа кесел. Ол Ақбаянның бақытсыздығы еді. Қырықтан асып бара жатқанда оның мұндай күйге ұшырауы бақытсыздық емей немене? Әрине бақытсыздық. Түр сипатың хор қызында әдемі болса да, қырықтан асқанда әйел он жетісіндегідей бақытты бола алмайды. Бақытты болса да жас күніндегісіндей шаттана алмайды. Көне жүрек пен жас жүректің соғуы екеуі екі түрлі. Шаттыққа біреуі аса жүйріктей лепіріп тыпыршыса, біреуі әлі де болса бір шабуға жарар жылқыдай құр елегізе мазасызданады. Ар жағында алып-ұшып бара жатқан күш жоқ. Ақбаянның да махаббаттағы қалған күні осы қызуы басыла бастаған жылқының қарқыны секілді. Сан бәйгіде жол бермеген ерке жүйрікке бұның өзі бақытсыздық. Бірақ осы бақытсыздыққа кім айыпты? Бірі Әлжан болса, екіншісі Ақбаянның өзі.
Әлжан он жетіге жаңа жеткен сұлу қызға үйленді. Ар жағында не істеді? Тек қас-қабағына қарап еркелетті де қойды. Ал Ақбаян күйеуінің бұл қылығын өзінше түсінді. Не оқымады, не жұмыс істемеді. Қарайтын жылап жатқан бала жоқ, тек қыздай сылаңдап, өзінің үсті-басын қараумен күні өтті. Ең қызық дәурені өтті.
Маймылды адам еткен еңбек. Адамды адам етер де енбек. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын»,— деп, атамыз Абай айтқандай, күндіз-түні ойлағаны уақытын қалай қызықты өткізу болған Ақбаянның бұрыс жолға түсуі қиын ба еді? Әрине, қиын емес. Мұндай жағдай түбі Әлжанды да, Ақбаянды да үлкен трагедияға әкеп соғатынын оларға ешкім айтпады. Аузынан жалыны шыққан директордың семья мәселесіне кірісуге кімнің батылы барсын!
Жас емен өседі. Оны жаңбыр да, жел де, дауыл да, боран да құлата алмайды. Тамырын жер астына терең жіберген алып емен қандай дүлей күш болса да қарсы тұра алады. Бірақ күндердің күнінде әлдеқалай ұрып кеткен желден опырылып құлайды. Қаһарлы аязға, қарлы боранға, найзағайлы долы дауылға қарсыласа білген осынау мызғымас ағашқа әлсіз желден құлайтындай не болды?
Жоқ, емен әлсіздігінен құлаған жоқ. Бір кезде, жас кезінде, ішіне түскен құрт, оны ұзақ жыл қуалай жеп әбден әлсіреткен. Алып ағаштың ажалы өзі асыраған, өз ішіне сақтап пана болған өз құртынан келді. Ақбаянның да күйреуі сонау жас кезінен жүрегіне жегі болып ұялаған аурудан еді. Оның өмірге деген бар пәлсапасы «сен еріңе өзіңнің сұлулығыңды бер, ал ол саған өмірдің бар қызығын орнатсын» деген кесел ұғымнан туған. Бұл шын өмір сүргісі келген адамға жеңіл пәлсапа. Өмір деген бір үлкен дария, ол кейде тыныш, кейде долы толқынды келеді. Одан өзің күшті болсаң ғана өте аласың, ал құр қайықшыңа сенсең алдыңда толып жатқан қатер бар. Мен енді түсіндім, Ақбаян құр қайықшысына сенген. Әлжан оны өмірбақи өмір дарияның айнадай ашық көгілдір үстінде желкен қайықпен серуендеп жүре береді деп ұққан. Ал қайықшысы —Әлжаны күйреп еді, өмір дарияның кенет соққан асау толқынына Ақбаян қарсыласа алмады. Басына туған қатерден аман-есен алып шығар бөтен қайықшыны іздеді (әрине ондай қайықшы мен болуға тиісті едім). Қайықшы табылмап еді, оп-оңай көк толқынға бата жөнелді. Міне, бір кезде әмірдің есігін жас нәрестедей мөлдір таза ниетпен ашқан жас сұлу, лаулаған жалын қуанышын, бағын өз қолымен сөндіріп, ақырында қаралы күйге ілікті. Қайтадан ол адал жолға түсе ала ма, әлде түсе алмай ма білмеймін. Тек ол маған енді мәңгі өлген адам.
Мен Ақбаян, өмір туралы ұзақ ойладым. Ойлаған сайын, өн бойымды өкініш билей берді. Бұл қиналудан құтылар қандай жол бар? Жол біреу-ақ. Ол — өткеніңді ұмытып, келешегіңді дұрыс таңдай білуде.
Келешек? Ол сенің бағың. Ол өзің құрған қақпаның. Не түседі ол қақпанға? Қандай аңға арнап құрдың ол қақпанды? Бәрі өзіңмен байланысты. Өз келешегіңнің аңшысы сен өзіңсің. Түлкі соғасың ба? Әлде өмір — қызыл түлкі сені соға ма, бәрі де тағы сенің ез күшіңмен, дүниеге деген көзқарасыңмен шиеленіскен. Сол шиеленіскен түйінді қалай шешесің, міне гәп қайда!
Маған ең қиын түйіннің бірі—Ақбаян еді, бұны шештім. Екінші қиын түйін — Бәтима болатын. Әрине, бұны шешу оңайға түспейді. Бірақ түбі шешу керек. Өйткені мен оны шын жақсы көре бастаған тәріздімін.
Ал сонда өмірдің ойлаған шиеленіскен түйінін шешу үшін тек бір адамды жақсы керуің жеткілікті күш пе? Меніңше жеткілікті күш. Өйткені өмірдің қызығының өзі де адам баласының бірін-бірі жақсы көруінде емес пе? Олай болса, мен Бәтиманы жақсы көремін. Жақсы көрген жерде өмір бар. Ал өмір бар жерде шешім де болады. Тек жылдамырақ жазылайын...
Міне, мен енді жазылып та шықтым. Ауруханада жатқанда «бәлен істесем, түген істесем» деген көптеген ойым да болатын. Соның бірі бала жастан бері көрмей кеткен сонау туған жеріме — көгілдір толқыны көбік атқан көк Есілдің жағасына бір барып қайту болатын. Бұрын туған жер, ағайын-туыс дегендер біреуі де есіме келмейтін. Қартая бастағанның белгісі ме, енді балдырған балалық күнім еткен сонау алысты бір көруді арман ететінмін. Мұндай арман әркімдерде-ақ — құс жануарларда да болатын көрінеді. Маған бір аңшының «аққу қай жерден ұясынан қанат қағып шықса, өлерде басым со жаққа салып жан береді» дегені бар. Кей адамдарда с ондай туған жеріне деген ыстық сезім өмір бойы есінен шықпайды ма, қалай, әсіресе қартайған кезінде соя сезім лапылдап жалын болып жанатын тәрізді. Ескі кезде қазақтың кейбір атақты, не дәулетті адамдарының өлгенімде бәленше жерден, не .ата-бабалары жатқан зираттарға апарып көміңдер деулері де осындай: сезімнен шыққан болар. Әйтеуір мені де осындай бір сезімдер билей бастады. Жалғыз бұл ой емес, ауруханада жатқанда басқа да таңғажайып ойларым бар-ды.: Біресе сонау Садықтың зиратына іздеп барып тауып алып, басына ақ мрамордан ескерткіш орнатпақ болдым, біресе майдандас достарымның, тұтқында бірге болған жан серіктерімнің басын қосып әңгіме-дүкен құрып шер таратуға, олардың тұрған жерлерін сұрап газеттерге хаттар жазуға да бел будым. Қысқасы көп нәрсе істемек болдым. Бірақ бұнымның бәрі төсекте ұзақтан-ұзақ сарылып жатқан адамның бос қиялы болып шықты. Өмір өзінің асау ағысымен алып кетті. Ауруханадан шыққан күннің ертеңіне-ақ өндірістің мәңгі-бақи бітпес қызығына түстім де кеттім.
Жоғарыда айттым ғой, Мысқазған кені бізден бұрын «камералық система» атты әдіспен алынып келген деп. Ол әдіспен әлі де көптеген шахталар істейді. Ал бұл әдістің бір нашар жері — кен алынып жатқанда сонау биік-биік заңғар бітеу алаңдарды ұстап тұру үшін көптеген қалың-қалың тіреулер-целиктер қалдырылады. Соңынан кен алынып болғасын, алаңдардың үстіндегі үйінді топырақты шұңқырларды бітеу үшін құлатқанда әлі кені бар тіреулер тау жыныстарының астында қалады. Сөйтіп бостан-бос қаншама кен байлығы шығынға ұшырайды. Біздің бұнымыз әрине жаратылыстың өзінің берген байлығын орынсыз далаға тастау. Егер өне бойы жер астының кен байлығын осылай жан ашымастық әдіспен ала берсек, қаншама қымбатты кен жер астында текке қалады? Мұндай жаратылыстың өзі берген дәулетін талан-тараж ете берсек, кенге қанша бай болғанмен, Мысқазғанның өмірі қаншаға созылмақ, әсіресе кен алу әдісі дәл бүгінгідей қарқынды жолмен келе жатқанда (бүгін жер астында электровоз, самосвалдар жүрсе, ертең кен жер бетіне конвейер — темір астау арқылы шығарылатыны даусыз), Мысқазғанның кені де бір елу-алпыс жылда, әрі кетсе, жүз жылда тамам болмақ. Жоқ бүйтуге болмайды. Жер астында бір мысқал текке кен қалдыруға болмайды, жаратылыс байлығын ысырап ету зор қылмыс.
Мен соңғы кезде жер бетін аршып алудан алыс жатқан кен байлықтарын қалай ысырапсыз алудың жолын көн ойлайтын болғанмын. Әрине, кейбіреулерге Мысқазғанның жүз жылдан кейінгі тағдырын ойлауым өрескел де көрінер. Ондай адамдар маған: «Алдағы жүз жылда нең бар, сен өз міндетіңді атқарып, графигіңді жүз процент орындап, Отаныңа керекті мысыңды беріп өтсек— саған содан артық, не керек. Жүз жылдан кейін келген ұрпақ сенің тастап кеткен кендеріңді жер бетіне қалай шығаруды өзі де тауып алмай ма?» деуі мүмкін.
Әрине, мен елімнің, Отанымның алдында өз борышымды орындап кем үстіне кен беріп өтсем, маған сен жамансың деп ешкім де айтпайды. Бірақ мен үйте алмаймын, бүгінгіміз де келешегіміздің барын мен жақсы ұғынамын. Жүз жылдан кейінгі ұрпақ алдында «о кезде өнер-ғылымның сатысы осылай болған» деген ақтау естігім келмейді. Болашақ ұрпақ алдында «Мен өзімдікін істедім, сен өзіңдікін істе. Менің қолымнан келгені осы ғана» деген дәлелге мойын ұсынғым келмейді. Сондықтан ізденуде болатынмын. Ізденбеске де амалым жоқ еді. Өйткені мен Мысқазғанды өте жақсы көретінмін. Жақсы көретінім де соншалық оның бүгінгі гүлденуі маған улы келешек уақытта да осылай гүлдене беруі маған ұлы арман-тын.
Өткен жылы Алматыға барғанымда маған бір профессор: «Егер Амудария мен Сырдарияны біз су электр станциясы үшін осылай бөгей берсек. Арал теңізі мен Каспий теңізінің тереңдігі он-он бес метр төмендеп кетеді, ал бір жиырма-жиырма бес жылда мүлдем құрғап қалуы мүмкін. Сонда мал шаруашылығына, балық шаруашылығына қанша зиян келетінін білесіз бе?» деген-ді. Әрине, жалпы халық шаруашылығы үшін су электр станцияларының сонау алып бөгеттердің пайдалылығы зор (қаншама құрғақ жер суарылады, қаншама кәсіп орындары электр қуатымен жүргізіледі), бірақ сонау Арал, Каспий алаптарындағы бықыған мал санының азаюы жан күйінерлік іс емес пе, оның үстіне жарқыраған, ақ шағаладай сан кеме жүзген көгілдір теңіздердің жоқ болып кетуінің өзі адамға қандай бір ауыр көрініс. Сондай-ақ мынау гүлденіп тұрған Мысқазғанның біздің жер астындағы байлығын қалай болса солай алуымыздан, ысырап етуімізден, бір елу-алпыс, әрі кетсе жүз жылдан кейін, кені бітіп мылжа-мылжа боп үйлері қирап «кешегі Мысқазғанға» айналуынан қандай пайда бар? Мен езіме қанша ұзақ өмір сүруді тілесем, Мысқазғанға да соншалық ұзақ өмір сүруді тілеймін. Менің өмірімді ұзартуға дәрігерлер қаншама жәрдем көрсеткілері келсе, мен де Мысқазғанның соншалық ұзақ өмір сүруіне қолымнан келген жәрдемімді аямақ емеспін. Міне осы себептен күндіз-түні ойлауда болатынмын. Әрине Мысқазғанның кен байлығы әзір таусылмақшы емес. Кен зерттеушілер жыл сайын жаңа кен желістерін, ошақтарын тауып, бұрынғы қорын көбейте түсуде еді. Бірақ бұл менің ізденуіме қайшы келіп жатқан жоқ. Ей дәулетті үнемдей жұмсағанға не жетсін.
Бүгін де өз ойымды тағы бір қорытып шығайын деп қағазыма үңіліп отыр едім, біреу есік қақты.
— Кіріңіз,—дедім.
Үйге өзіме таныс кен зерттеуші жас жігіт кірді. Бұл жігіт Мысқазғаннан қырық шақырым жердегі Бозшатас деген жердегі топта болатын. Амандасып болғаннан кейін ол:
— Бозшатаста бұдан бірнеше ғасырлар бұрын кен алынған орындарын таптық және ол арада мыс та қорытылған тәрізді, міне қараңызшы, мынау соның белгісі емес пе?— деп өзінің қолында ұстап тұрған кенеп қоржынынан бірдемені алып шықты.
— Бұл не?
— Құс. Мыстан құйған. Бірақ сыртын алтынмен жалатқан.
— Сонда бұл... Алтын құс па?—дедім мен кенет абыржи, бала кезімде әжемнің айтқан бір ғажайып аңызы есіме түсіп кетіп.
Бір күні менің қарт әжем алтын құс жайында аңыз шертті.
— Ерте заманда бір алтын құс болыпты,— деді ол мені жанына алып жатып,— құдай оған көрікті де, ерікті де беріпті.
— Әже, ол шын алтын болып па?
— Жоқ, құлыным. Оны құдай жез етіп жаратыпты. Бірақ сырт бейнесі алтыннан айнымайды екен. Күндердің күнінде депті оған алла тағала, сен шын алтын құсқа айналасың, егер де саған қоятын екі шартымның бірін орындасаң.
— Құдай оған қандай шарт қойыпты?
— Бірі: өзге жұрт сені алтын екен деп ұқса да, сен өзіңнің жезден жаралғаныңды өмір-бақи ұмытпа. Шын алтынға айналуды арман ет депті.
— Екіншісі?
— Екіншісі: сені жұрт алтын көрсе де, сен оларға жез екеніңді жасырма. Адам баласы жаратылысынан ақ көңіл, сенің шыныңды білсе, тезірек алтын құсқа айналуыңа өзіңмен бірге тілейді. Көп тілегін біз де еске аламыз,— депті.
— Иә, сосын, әже?
— Жезден жаралған құс бұл екі шарттың екеуін де орындамапты. Алтын құсқа айналғанда да бар табарым осы адамзат қой деп ойлапты ол, егер адамзаттың өзі жезді алтын санаса, алтын болуды арман етіп несіне сау басыма сақина тілеймін! Және жездігімнен зиян көрмесем, несіне өзімді жезбін деп әшкерелеймін,— деген тұжырымға келіпті ол.
— Сосын не бопты, әже?
— Алтын құстың екі шарттың біреуін де орындағысы келмейтініне көзі жеткен алла тағала бір күні оны жұртқа жез екенін көрсетіпті.
— Қалай көрсетіпті?
— Сыртқы алтын секілді алдамшы түрінен айырып жез қалпына түсіріпті. Кешегі алтын құс боп жалт-жұлт етіп жүрген сорлының енді үстін тот баса бастапты. Жұрт алтын құс деп жүргендері құр ғана мыс екенін көріп одан бірден безіпті. Жезге айналған алтын құс үсті-басын әбден тот басып, бір күні қорадағы қоқым-соқымның арасынан бір-ақ шығыпты. Міне, қалқам, егер алтын басынды қор еткің келмесе, шыншыл бол, өз кемшілігіңді жұрттан жасырма, жақсы болуға тырыс,— деп әжем әңгімесін бітіретін. Осы «Алтын құс» аңызы сан рет есіме түскен жас кезімде.
Махаббатым — Ақбаянды мен де алтын құсқа теңегем, бірақ та шын алтын құс болып шықпаған. Сөйтіп арманым орындалмаған.
Мен өзіме қорытынды еткем: «Егер махаббатты — тот баспайтын шын алтын болсын десең, жалған сезімнен аулақ бол, шындықты арман ет» дейтінмін. Алтын құс хикаясы есіме түскен сайын, осы жалған алтын құсқа ұқсаған Ақбаян есіме түсетін.
Ал мынау кен зерттеуші әкеліп тұрған алтын құсты көргенімде маған кенет басқа ой келді. Бірі әжем айтқан алтын құс хикаясының түбінде негізі бар екен-ау дедім. Сол аңыздың шығуына дәл осы алтын құстың негіз болмағанын кім біледі? Бірақ сонда қалай болғаны? Сыртын алтындатқаны болмаса мынау құс жан жезден құйылған емес пе? Жезден құйыла тұрып осынша ұзақ жасауына қандай себеп бар? Жалған махаббат та сондай ма? Көз бояр сыртқы бояуы болса, ұзақ жыл өмір сүре беруі ықтимал емес пе? Осылай өмір сүріп жүргендер аз ба?
Менің ойымды кенет кенші жігіт бөліп жіберді.
— Бұл алтын құсты қандай халық құйды екен?..
Мен өз ойымнан әзер босандым.
— Қара теңіз маңайындағы сақтардың қолөнеріне ұқсайды. Мүмкін, бұл арада құйылмаған шығар, бөтен елдерден әкелінуі де ғажап емес. Демек, мамандар айырар анығын. Ал кен алу әрекеті жүргізілген жерлері де қандай кен жынысы кездесті?
— Малахит. Малахит болғанда қандай, мысқа өте бай!..
Мен тағы ойға шомдым. Кен зерттеуші менің ойымды бұзғысы келмеді ме, көп кешікпей кетіп қалды. Ой түбіне адам жеткен бе, «Алтын құс» аңызы басымды қайта шырмай бастаған соң, қағаздарымды алдыма таяп, өз шаруама кірісуге ыңғайландым. Күн де батып қалған екен. Шам жақпай біраз отырдым. Осы кезде біреу есікті тағы қақты.
— Кіріңіз,— дедім.
Үйге Қайсар кірді. Қара көлеңкеде оның үсті маған әдеттегісінен гөрі бозғылт көрінді.
— Неге шам жақпай отырсың?
— Жай, бір ой шумағына беріліп кетіл едім...
— Қандай ой?— Қайсар өзі барып үйге жарық берді.
— Ойы құрғыр аз ба... Бір жетіден кейін комбинаттың техникалық кеңесінде Мысқазғанның шахталарынан кенді түгелдеп алу жайындағы менің ұсынысым қаралмақшы еді. Сол туралы өзіммен-өзім ақылдасып отырмын.
— Ә... Солай ма еді. Мен Ақбаян жайында қайғырып отыр ма деп едім... Оның жайын менен бұрын естіген шығар деп қалып едім.
Жүрегім су ете қалды.
— Қандай жағдай? Оған не болды.
— У ішіпті. Жаңа ғана ауруханадан келдім.
— У ішіпті?! Тірі ме өзі?
— Хал үстінде жатыр. Тірі қалары, қалмасы неғайбыл... Саған арнап хат жазып кетіпті.
— Маған арнап? Хаты қайда? Не жазыпты?
Қайсар үн-түнсіз маған бір жапырақ қағазды берді.
— Өзіңді-өзің ұста... Тағы жүрегің қысылып қалып жүрмесін. Әйткенменен әлгі жүрек дәріңді ішіп алғаның жөн болар. Әне біреуің сол ма?
Мен Қайсардың сөзіне қарағам жоқ көзім қарауытып хатты әзер оқып шықтым. Қара сиямен ақ қағазға қинала отырып жазған Ақбаянның қисық-қисық жазуларынан ұққаным кейбір жолдары ғана болды. Олар мыналар еді:
«...Есіңде ме, мен бір топ қызбен келе жатып екеуміздің алғашқы рет Мысқазғанның сыртында кездескеніміз? Жадыңда бар ма сондағы сөзіміз? Бұл менің дүниедегі ең бақытты күнім еді... Тағы сенің есіңде ме, әжеңнің «Алтын құс» туралы айтқан аңызы? Мен саған алтын құс бола алмадым... Бірақ жез болсам да, құр сыртым алтындатқан, ұзақ жыл Әлжанға алтын құс болып келдім... Өмірде мұндай да жағдайлар болады екен. Тағы бір арманым, сенің басыңа қауіпті күн туып, сонда ажалдан алып қалып, саған істеген қиянатымды шыбын жанымды құрбан етіп жусам ба деуші едім... Бұл арманымды орындаудың орнына, сенің басыңа қауіп туғанда, өз борышымды атқара алмадым. Қорқақтығым ба, сасқандығым ба, әлде өз абыройымды өзім жалған қадірлегендігімнен бе, әйтеуір тағы қара бет болдым. Бір адамға осынша күнә аз ба? Қолмен істегенді мойынмен көтеру керек. Маған қалған жалғыз жол — ажал... Менің өліміме сенің қуанбайтыныңды да, табаламайтыныңды да білемін. Әлдім деп өкінбеймін. Егер тіршілігің өлімнен қаралы болса, өлу керек. Тек жалғыз тілегім: күнәмді кеше алмасаң да, қабырымның басына келіп, сонау алғашқы күнгі кездескеніміздей Мысқазғанның даласынан жұлып алып бір шоқ сарғалдақ, қызғалдақ гүлдерін басыма қойсаң, мен риза. Бұл менің ең жарық күнімнің белгісі болсын... Қош бол! Ақбаян».
Мен хатты оқып шығып үн-түнсіз ұзақ отырдым. Хат сөздеріне ешбір күмәнсіз сендім. Кенет біздер шахта астындағы тас қапшықта қалған күніміздегі парторг Ақшаловтың жұбайы Қалампыр кемпірдің сөзі есіме түсті. Ол: «Қарағым Сабыр, сендер жер астындағы апатқа ұшырап, жұрт не істерін білмей, сырттарыңнан забой қазып жатқанда, шахта бастығының әйелі Ақбаян ештеңеден қорықпай, шахта астынан шықпай қойды. Күйеуі емес, сенің тірі қалуыңды құдайдан сыбырлап тілеп тұрғанын өз құлағыммен естідім. Қиын сағатта әйел адамның аузына ең қымбатты адамы түседі. Ақбаян сені әлі де ұмытқан жоқ екен» деген. Мен сеніп те қалған едім. Сөйткен Ақбаян Темекеңнің тойында қандай мінез көрсетті? Жоқ, Ақбаянды түсіну оңай емес-ті.
Мына улануы да, мына хаты да сол түсінуге қиын мінезін көрсетеді... Бірақ мына сөздері шын жүректен шыққан сөздер. Бұған сенуге де, оның күнәсін кешіруге де болады. Сен кешірмесең де, ажал өзі кешіреді.
Мен басымды көтердім. Қайсар кетіп қалған екен. Алдымда тұрған Қайсар дайындаған жүрек дәрісі мен суға көзім түсті. Қайғым қандай ауыр болғанымен де, бұл жолы жүрегім қысылмады. Сөйтсе де дәріні іштім.
Ақбаян бу жолы ажалдан аман қалды. Қабырының басына қоюға тура келмеген бір шоқ қызғалдақ гүлін алып бір жеті өткеннен кейін ауруханаға бардым.
Мен бөлмесіне кіргенімде төсегінде көзі жұмулы, боп-боз болып сұлық жатыр екен. Жанына келгенімді сезді ме, ақырын көзін ашты. Жайшылықта ойнақшып тұратын үлкен бота көздері бұ жолы маған бір тұңғиық қайғылы қара су тәрізді болып көрінді. Ол ләм-мим деп тіл қатқан жоқ, тек менің қолымдағы шоқ қызғалдаққа көзі бір мезет түсіп кетіп еді, әлгі қайғылы қара суда бір болмашы қуаныш жарығы пайда бола қалды да, қайтадан сөніп кетті. Ақбаян көзін қайта жұмды. Мен кеткенше ол кезін қайтадан ашпады.
Сол күні мен техникалық кеңесте өзімнің зерттеуімді қорғадым. Қошаметтеп сөйлегендер де көп болды. Өзім де аз сөйлеген жоқпын. Бірақ көз алдымнан Ақбаянның тұңғиық қара судай қайғылы көзінде менің қолымдағы шоқ қызғалдақты кергендегі болымсыз пайда болған қуаныш сәулесі кетпей-ақ қойды.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі