ЖЫР БАСЫ
Тың жерлерді игерудің
20 жылдығына
Бұлыңғыр күнде тынбай себелеген ақ жауын. Жер қара, дүние бозғылтым. Балдағын тас еденге тақылдатып Атымтай перронға тағы шықты. Жел тұрып, суық жаңбыр енді бетінен қарсылай шапалақтады. Мойнына сорғалаған жаңбыр суын елемей, ол поезд келетін батыс жаққа тесіле қарады. Келетін мезгілінен кешіккеніне үш сағаттан асып барады. Семафорға дейін ештеңе көрінбеді. Атымтай ақырын күрсінді де вокзалға қайта кірді. Әйелі Бибіғайша поездың жоғын ерінің томсарған қатыңқы реңінен байқады да, теріс бұрылып кетті. Жанында тұрған анасына таңдана, үрке қараған балдырған бөбегі Хасенді көтеріп алып, бауырына қыса, қайта-қайта бетінен, маңдайынан, тамағынан құшырлана сүйе бастады. Еріне қарағанда әйелдің бетінде қаншалық қайғы көрінсе, баласын сүйгенде оның жүзінен соншалық шаттық аңғарылады. Қайғысы, қуанышы аралас ұлан-асыр шаттық! Атымтай әйелінің мұндай түрін көруге шыдай алмай, далаға қайта шығып кетті. Әйелін, баласын осы шулы облыстық қаладан тез-ақ алып кетуге бар, әттең, поезд келмей-ақ қойды.
Рота командирі Атымтай Батыс-Теріскей майданында төрт жыл өмірін өткізді. Жеңіс күнінен бір жеті ғана бұрын аяғынан қатты жарақаттанып, ауруханаға түскен. Содан сентябрь айында ғана жазылып шықты. Кеудесі орден мен медальға толған жаралы ер соғыстан бұрын өзінің кен бұрғышысы болып жұмыс істеген руднигіне бармай, осы облыстық қалаға бірден тартқан. Оған себеп: өзі әскерге кетісімен туған бөбегін алып әйелі осы қалаға көшкен-тін. Атымтайдың бұл сапары — сол әйелі мен баласын іздеп келген беті.
Майданда ол төрт жыл өмірін өткізді. Рас, екі беті аршадай аппақ, оймақ ауыз, бота көз Бибіғайша алғашқы кезде үзбей хат жазып тұрды. Хатында ол тұрмыстың ауырлығын, бұларға деген жазмыштың қиын-қыспақты екенін айтып, кейде ренжитін де. Бірақ мұндай хат қанша жабырқаңқы болғанмен де, әйтеуір ел-жұрттан, сүйген жардан келген лебіз ғой, Атымтай бір қуанып қалатын. «Тегеурінді жазмыш салған тұрмыс қанша ауыр болғанмен де, барлық жұртқа бірдей келген ұлы опат қой, оқасы жоқ шыдар, көндігер» дейтін ол ішінен. Әттең не керек, осы хаттарды тілге тиек етіп жүргенінде соңғы екі жыл бойы одан еш хабар-ошар келмей қойды. Енді ол Бибіғайша орнына хатты ағайын-туыс, дос-жарандар жазуды шығарды. Олар Бибіғайшаның есепші боп облыстық бір кеңседе қызмет етіп жүргенін хабарлады. Және: «Енді әйелің мен балаң жайында қам жеме, жауынгер үй-іші деп кеңсе бастығының өзі қамқорлық етуде», — деп бір сұрқия сырдың да шетін аша жазды. Кейбіреулер Алшынбек Айдынғалиев деп бұл қамқоршы кісінің аты-жөнін де атады.
Атымтай мұндай хаттарды қобалжи оқыды. Жүрегі бір сұмдық сезгендей: «Менің үй-ішіме сол бір үлкен дәрежедегі адамның қамқорлық істемегені жөн-ақ болар еді!» деді ол күйіне ішінен. Ол енді мұндай хаттарға не .айтарын білмей, уқалап-уқалап лақтырып тастайтын болды. Содан кейін барып қынжыла, қалың ойға шомып ұзақ отыруды шығарды. Бірақ Атымтай мұндай күйге шыдай алмайтын, ішін жалап бара жатқан күйікті тезірек ұмытқысы кеп, автоматын қыса ұстап шабуылға қайта шығатын! Әйтсе де, жүректегі жара бар қиялын — сонау әйелі мен баласы қалған туған жеріне әлсін-әлсін қайта самғататын, ал неміс басқыншыларына деген кек жау шебіне қарсы қайтадан алға шақыратын. Осылай майдандағы ақырғы екі жылы өтті. Арпалыста жүріп, Бибіғайшаны ұмытуға тырысты, бірақ ұмыта алмады. Жүрекке қан боп ұйыған кесел оңай тарамады. Өзі майданға кеткеннен он күн өткен соң дүниеге тұңғышы — Хасен келген. Баланың атын өзі қойған. Сол нәресте көзі көрмесе де, көңілін бөле берді...
Міне, енді балдағын сүйретіп Бибіғайшаны іздеп тапты. Үйге кіріп келе жатқан ақсақ Атымтайды көргенде шошып кеткен Бибіғайша даусының қалай қатты шығып кеткенін өзі де байқамай қалды. Бір жаққа бармақ боп үстіне жаңа қара панбарқыт көйлегін киіп, жаңа ғана жуған ұзын қолаң шашын тарап отырған. Көл шетіне шығып сыланған аққу тәрізді, сұлу көркінде бір орасан шаттық сәулесі тұрған-ды... Аққұба бетінің ұшы балбырап, үлкен бота көздері жаудырай, сымбатты денесі сиқырлана қозғалады. Атымтайға әйелі бұрынғысынан да сұлу көрінді. «Азырақ толығайын деген бе, қалай» деді ол ішінен, сөйтті де, сұқтана қараған көзін аударып жіберді.
Ол рұқсат сұрамастан есікке таяу тұрған орындыққа отырды да, ешбір ашу-ажуасыз, парасатты үнмен:
— Аман-есенсің бе, Бибіғайша?—деді,— міне, мен де келдім. Ауыр жарақаттанып, әзер айықтым. Бір аяғым ғана шала-жансар. Бұның оқасы жоқ, көп ер-азаматтар сол жақта мәңгі қалды ғой.
— Иә,— деді Бибіғайша, ерінің бетіне қарай алмай, көзін жерге қадап.
— Маған ештеңе айтпай-ақ қой. Сені қандай жақсы көретінім өзіңе аян. Бір кезде сен де жақсы көргенсің. Әңгіме қазір сезім жайында емес. Мен баламмен екеуіңді алып кеткелі келдім... Өзі қайда?
— Балалар бақшасынан қазір келеді.
— Ә... ә... солай екен ғой. Сөйтіп, мен сендерді алып кеткелі келдім. Егер еремін десең ертең өзіміздің рудникке жүріп кетеміз. Ал ергің келмесе, ұлымды өзіме бер...
Атымтайдың өзін жан-тәнімен сүйетінін Бибіғайша жақсы білетін. Оның бұл сөздерді қалай қинала айтып тұрғанын түсініп отыр. Ерінің ізгілігі мен сабырлылығына таң қалды. Кенет бойын бір ғажайып сезімнің ыстық толқыны балқыта жөнелді. Бұрынғысындай Атымтайдың мойнына асылып, құшағына кіргісі де келіп кетті. Бірақ әп-сәтте қайта томсара қалды. Қараңғыдан пайда болғандай, кенет көз алдына бөтен адамның бейнесі елестей жөнелді. Әйел бойын тез жинап алды, даусы сәл қырылдай:
— Жарайды, Атымтай. Жауабын ертең аласың, — деді.
— Жақсы.
Сол сәтте есік ашылды. Үйге қара домалақ бала жүгіре кірді.
— Апа! Апа!—Балдырған шаттана айқайлап келеді, бірақ үйде тұрған жат адамды көріп кілт тоқтады, не істерін білмей сасып қалды.
— Неге шошыдың, Хасенжан? Бар, бара ғой, бұл — сенің әкең...
Менің әкем?— Бала таң қалғандай жат адамға абайлап қарады. Әкесінің кеудесіндегі толып жатқан ордендер мен медальдарды көріп, бір мезет көзіне қуаныш сәулесі жарқ етті. Енді ол жатырқамай, үлкен адамдай аспай-саспай келіп, әкесіне қолын берді:
— Ассалаумағалайкүм!
— Уағалайкумассалам.
Атымтай баланы көтеріп алды. Екі бетінен кезек-кезек сүйіп бауырына қысты. Бибіғайшаны тағы бір ыстық сезім билей жөнелді. Көзіне келіп қалған жасты жасырғалы теріс бұрылып кетті.
Әйткенмен, бала біржолата беріліп кете қоймады. Әлі де жатырқана, әкесінің құшағынан босанайын дегендей қимыл істеді. Атымтай баланы жерге түсірді. Бірақ Хасен қаша жөнелген жоқ. Осы бір түсініксіз адамның шынында кім екенін білгісі келгендей, бетіне бейкүнә қарай берді.
— Сенің балдағың бар, ал Алшынбек ағада ол жоқ, — деді, Атымтайды сен ақсақсың деп мұқатқысы келгендей.
Атымтай ол кісінің кім екенін білетін. Бетінен қаны қашып, сұрлана қалды.
— Оның бойы сенен биік,— деді бала сөзін жалғап. — Және кигені ескі шинель емес, жаңа қара шұға пальто. Бірақ, — деді бала кенет шаттана дауыстап, — сенің кеудеңдегі ордендер екі есе, тіпті үш есе көп. Мұндай ордендер ешкімде де жоқ! Сен нағыз батырсың ғой ия?
Атымдайдың өн бойы дірілдеп кетті. «Менің әкем батыр» деп баланың пәк көңілімен шаттанып тұрғанын ұқты. Бірақ, Алшынбекті «аға» дегені жүрегін өртеп әкетіп барады. Жанына осыншама қатты батқан ауыр сөзге бұдан әрі шыдай алмай, Атымтай:
— Жарайды,— деді ол Бибіғайшаға,— ертең мен осы уақытта келемін. Ақырғы жауабыңды сонда айтарсың. Мәселені қалай шешсең де, бала менде болады.
Сөйдеді де, ешкіммен қоштаспай, балдағымен тақтай еденді тарсылдатып, үйден шығып кетті. Келесі күні Бибіғайша ерімен бірге жүруге бар екенін айтты. Атымтайды да енді бір орасан қуаныш билей жөнелгендей. Бибіғайшаны құшақтап, бауырына қысып сүймекші де болды. Әйтсе де, құшақтаған да жоқ, сүйген де жоқ. Әйеліне деген көптен бері жүрек түбінде жатқан бір өгей сезім ондай оқыс қимылға жібермеді.
Атымтайдың қандай жағдайда тұрғанын сезген Бибіғайша сәл езу тартып күлімсіреді. Бірақ бұл күлімсіреуінен Атымтай оның кеудесіндегі ұшы-қиыры жоқ қайғыны аңғарды.
Қасірет қанды шеңгелін аямай салып, жүрегін тағы тырнай жөнелді.
Міне, енді қазір олар поезд күтіп вокзалда отыр. Әйелі мен баласы өзімен бірге жүргелі тұрса да, әлгі жан-тәнін билеп алған қасірет тарар емес. Перронға шығып келгенде, өзіне ғажайып қайғылы көзімен қараған Бибіғайшаның баласына бұрылып, оны құшырлана сүйгенін көрген сайын көңілін басқан қара түнек бұрынғысынан да қоюлана түскенін сезінді. Құшағына сұп-суық жылан кіріп келе жатқандай өн бойы тітіркеніп, қатты қобалжи бастады.
Осы қаладан әйелі мен баласын тезірек әкеткісі келіп Атымтай өліп барады! Шыдай алар емес. Өйткені көп кешікпей бір жамандық болуын сезгендей, жүрегі құрғыр тыпыршып, жанын қоярға жер тапқызбай, аласұруда...
Ақыры, ысқыра-гүрсілдей, күткен поезд да келді. Үшеуі енді вагондарға қарай жүрді. Бибіғайша Хасенді көтеріп алған. Атымтайдың бір қолтығында — балдағы, бос қолында — үлкен шамадан. Бибіғайша Хасенді бауырына қысып әзер жүріп келеді. Көзінен ағыл-тегіл аққан жас. Атымтай кейін бұрылып қарамаса да, әйелінің жылап келе жатқанын білді. «Одан осылай жылап айрылғанда, екеуміздің арамызда қандай бақыт болмақ?» деп ойлады Атымтай ішінен. Бір мезет ол тоқтай қалып, Бибіғайшаға «осында қал!» деп бұйырмақшы да болды. Бірақ дәл осы сәтте қоңырау екінші рет соғылып, бұлар вагонға кірді.
Атымтай шамаданды төменгі сөренің біреуіне қойып, шинелін шешіп, терезе жанындағы ілмешекке ілді. Хасенді бауырына қысып көзінен ыстық жасы парлаған Бибіғайша купеге кірмей, босағада тұр. Аяғын аттаса, жар қабақтан құлайтындай.
— Мына жерге отыр,— деді Атымтай даусы кенет қарлыға шығып,— бұл ара біздің орнымыз.
— Қазір!..— Бибіғайша баласының бетінен кезек-кезек еңірей сүйді де, Атымтайға берді,— ұстай тұр. Бізге бірдеңе әкеледі-ау деймін. Қазір қайта орал...— Бибіғайша сөзін бітірместен, Хасенге бұрылып қарамастан, сыртқа қарай жүгіре жөнелді.
Атымтай Хасенді қолына алып, тізесіне отырғызды. Бала кешегідей емес, әкесін тіпті жатырқаған жоқ. Қызыққандай, өзінің кішкентай алақанымен оның кеудесіндегі ордендерді сипап, ойнай бастады.
Атымтайдың көңілі орнықпады. Сол қобалжыған қалпында терезеден көзін алмай перронға қарап отыр. Кенет ол сәл қозғала түсті. Вагонға таяу вокзал бұрышына кеп қара «эмка» машинасы тоқтай қалды. Ішінде машина айдаушыдан бөтен жан жоқ. Бибіғайша асыға барып машинаның ішіне кірді. Аздан кейін бетін сүрте бастады. Сірә, жылап отырған тәрізді. Есігі әлі жабылған жоқ. Поездің жүруіне үшінші мәртебе қоңырау соғылды. Демін алмай, Бибіғайшаны машинадан қашан шығар екен деп Атымтай күтіп отыр. Бір сұмдықты сезгендей жүрегі алқына соғып, удай ашып әкетіп барады. Кенет поезд қозғала бастады. Ал машина сол есігі ашық қалпында. Бибіғайша қайта шығар емес. Бір сәт бұрылып қарады да, поездің тездете жүре бастағанын көріп, қоштасқандай ақ орамалын бір-екі бұлғады да, бар күшімен есікті тарс жапты. Сол сәтте машина да қалаға қарай сырғи жөнелді.
Поездің жүрісі жылдамдаған сайын көз алдындағы ағаш, бағаналардың жерге сұлап құлай бастағанын жерге сұлап құлай бастағанын қызық көріп көзін алмай отырған Хасен бір кезде қасында жоғын аңғарып қалды.
— Апа, апа ол шешесін шақырып, бақырып қоя берді.
— Құлыным, енді апаң да, әкең де жалғыз өзім боламын, — деді бауырына қыса түсіп Атымтай. Өзі де кенет жылап жібере жаздады.
Бибіғайшаға баласынан айырылу қиын екенін, сол себептен де ол осындай жолменен, өзінің аналық махаббатын пен кескендей біржолата кеткенін бұ да түсінді. Ал поезд болса, Бибіғайшадан баласын әдейі алып қашқандай дөңгелектерін үсті-үстіне безек қаққызып жүйтки түсті.
БІРІНШІ ТАРАУ
1
Көк Есіл жаралғандай көз жасынан,
Ежелден ел-жұртына қымбат болған.
Көк майса өшпесе де жағасынан
Көңілі ел-жұртының шерге толған.
Сонау бір өмір өгей анадай түксиген заманда халық өзінің Есілі жайында осылай жырлаған. Иә, жағасын көк балауса, жасыл шалғын көмкерген бұл — Арқаның ардақты өзені. Ол алыстан қарағанда, қиыр шетіне көз жетпес кең далада, әлдекім ұмытып тастап кеткен көгілдір белбеуге ұқсап, жіп-жіңішке боп иіле, көсіліп жатыр.
Халық тағдыры қандай ауыр болғанмен, табиғат әр уақытта да адам баласын қуанышқа шақырған.
Әсіресе, Есіл өңірі көктемде қандай тамаша! Жал-жал боп кең даланы басып жатқан қалың қар кетісімен-ақ тасыған суы қайтар-қайтпастан, қара қошқыл жер бетінде көк өркен ду ете қалады. Көктем күні қыза бастағаннан-ақ жағасында қаулап көк балауса, боз, бетеге өссе, суы көз жасындай мөлдір көлдері мен өзендерінің, бетінде қаз, үйрек сыңси қонып, жасыл әлемді таңғажайып сәнге бөлейді. Бүкіл жер шарының бар құсы осы араға ұшып келгендей, күндіз-түні құс базарының шуынан құлақ тұнады. Ал жасыл даланы қызылды-жасылды қызғалдақтар, сарғалдақтар бөлеп, көздің жауын алады.
Жоқ, Есіл көктемі — тамаша көктем!
Ал, бүгінгі Есіл бойының суреті бір басқа. Көз жетер жердің бәрін қопарып, жыртып тастаған. Кел, өзен беттерін қаптаған жем құсы. Атар таң, батар күн демей, күндіз-түні мотордың арынды гүрілі күллі аймақты жаңғырықтырады.
Жоқ, қазір Есіл де бөтен, оның көктемі де бөтен!
Әсіресе биылғы көктем өзгеше.
Биыл көктем ерте келді. Күн де ерте қыздыра бастаған. Апрель бітпей жердің дені жыртылып болған. Енді кей егіс даласында көк егіннің басы қылтиып көріне бастаған жол бойларында жусан мен қазоты пайда болып, өзен жағасындағы қайың мен талдардың бұтақтары бүрленіп, жер беті көгілдір тартуға айналған.
Сол-ақ екен, көп кешікпей егіс пен шабындық қаулай көтеріле жөнелген.
Бұл жағдай егін жайларының көбі жазды күнгі аңызақ өтінде тұрған «Алтын арай» тың совхозының бір жағынан қуантса, екінші жағынан қорқыта түскен.
Ерте келген, әсіресе, жазық даладағы егіске қауіпті.
Осы совхозға жататын Ақсеңгір деген жерде егістің ең ақырғы гектарлары жыртылып жатқан. Соңына қатарласа соқа тіркеген алпамсадай зор Қ-700 тракторы ұшы қиыры жоқ даланы жосылта жыртып жүр. Соқа өткен жердің топырағы бұйра толқын құсап төңкеріліп түсіп жатыр.
Сымбатты, денелі жаз шықпай күнге күйіп үлгірген, үндіс тәрізді қара торы, әдемі жас жігіт трактордың алдында астындағы қара көк бестісін шыр көбелек айналдыра жүр. Бұл — совхоздың жаңа агрономы Хасен Атымтайұлы еді. Ол қынжылған дауыспен:
— Қараке-ау, бұныңыз не? деді трактор гүрілін жеңгісі келгендей дауыстап — сізге бұл араны жаңа әдіспен жырт жер қыртысын қопарып жатырсыз!
Шүңірек қапсағай денелі Қарабай селсоқ жауап қайтарады.
— Маған бәрібір! — Ол тракторын жүргізе түсті.
— Қараке... соңғы рет айтамын.
— Былай кет! Қарабайдың шүңірек көзінде кенет бір ашулы ұшқын пайда болды.— Сендердің жер қыртысын айырмай жырту әдістеріңмен дым табатын түрім жоқ. Ол енді тракторын тікелей Хасенге қарсы жүргізді, кет, жан керек болса!..
Солай деңіз!—Хасен атының басын бұрып алып, қамшымен тартып жіберді.— Онда сізбен Угрюмов жолдастың өзі сөйлессін!—Билеп тұрған ұшқыр қара көк үстімен бауырлай ұшқан құстай, поселкеге қарай көсіліп сала берді. Қарабай агрономның соңынан ашулана бір қарады да, тоқтап қалған жұмысын қайта бастап кетті. Болат тісті соқалар қақ айырған қара топырақты жер қыртысы төңкеріліп түсе берді.
Механизаторлар жаңа ғана кешкі астарын ішіп болған. Түскі тамақтан бері трактор үстінен түспеген жігіттер ай туғанша дем алуды ұйғарған. Қазір біреуі шалқасынан түсіп, пысылдап ұйықтап жатыр. Екіншісі әлденені ойлап шылым тартып отыр. Көп кешікпей бұлар тракторларына қайта мінеді. Түн тыныштығын үркітіп, өлі де үш-төрт сағат жер жыртады. Содан кейін барын жатады. Ал таң саз беріп келе жатқанда қайтадан тұрады. Қайтадан әлем бетін мотор гүріліне бөлейді.
Бір топ жас механизаторлар, трактор жүргізушілердің көмекшілері, соқа тіркеушілер лаулап жанған тобылғы отын қоршай, қосылып ән салып отыр. Трактор бригадир! — мосқал жастағы, төртбақ келген Порфирий Михайлович Губанов жұрттың ең соңынан тамақтанып, от басына жігіттердің қасына келді. Аналар сығылыса қастарынан орын берді. Губанов отқа екі қолын қақтап сәл отырды да, қалтасынан кішкентай дорбасын алып, шылым орады. Жас механизатордың біреуі бас жағы қызыл шоқтанған тобылғыны алып, оның шылымын тұтатты. Губанов жаны жай таба, темекіні бір сорды да, жерге созыла жатты.
— Қалай, жігіттер, шаршаған жоқсыңдар ма?— деді, сәл есінеп алып. Ол жұлдыздар жаңа туа бастаған мақпал қара аспанға қиялдана көз жіберді.
— Әркім әр жағдайда,— деді бәрінің атынан жауап беріп, ақ сары белорус жігіті.— Міне, Рамазан шаршағаннан қимылдай алар емес. Ал, Микола енесінің пісірген құймағын жеуге поселкеге барып қайтпақшы.
— Нормасын қалай орындап еді?
— Бір жарым есе.
— Онда... Барып қайтуыңа болады.
— Уай, өтірік айтпасаң ішің жарылып кете ме?— деді Микола, басындағы қап-қара шашы беріктей, ұйысқан, еңгезердей украин жігіті анаған ренжи қарап, — ешкім де қазір енесіне құймақ жегелі барғалы тұрған жоқ! Қазір құймақ жейтін мезгіл ме? Жер дымқыл кезінде егісті бітіру керек! Бітіру керек!
— Ж\өн айтасың,— деді Порфирий Михайлович,— ененің үйіне баратын мезгіл болар әлі. Қазір қимылдап қалған дұрыс. Көктемнің бір күні —жаздың он күніне татиды.
— Бұл араның жерін айтсаңдаршы, жерін!—деді шашы сабан түстес сап-сары эстон жігіті Юхань.— Қолыңа алсаң, майға былғаған қамыр тәрізді, жұп-жұмсақ езіліп тұрады және ұшан-теңіз шеті көрінбейді. Бір бүйірінен тракторды қой да жырта бер. Осы совхоз жерінің жартысын біздің бір деревняға берсе, қандай өнім алар еді! Осыншама байтақ далаға қазақ халқының қалай күші жетіп келген? Губанов езу тартты.
— Күші жеткен ғой. Бұрын олар көбіне мал шаруашылығымен шұғылданған. Малға қанша жайылым керек екенін білесің бе? Мен бұл араға елу төртінші жылы келдім. Ол кезде осы жердің бәрі тың жатқан. Бірде-бір соқа жүрмеген кезі. Шөбі белуардан келетін. Ал, анау сайда қазақ аулы тұратын. Малына сан жетпейтін. Әсіресе, жылқысы көп еді. Анау көлден күніне таңертең құрығанда бес жүз құлын суарылатын шығар... Бәрі бір түстен мақпал қара.
Япырм-ай... Тамаша болған екен-ау!—Эстон жігіті әлденеге өкінгендей ақырын күрсінді.— Қайда қазір ол ауыл? Көп жылқы? Біз үркітіп алдық па?
Губанов ойлана жауап берді.
Үркітіп алдық десек те болады. Атам заманнан тыныш жатқан қазақтың кең даласына кенет он мыңдаған трактор келді. Ол оңай ма? Оның гүріліне бесікте жатқан баладай. ұйқылы-ояу маужыраған қазақ ауылы түгіл жер сілкінгендей болған жоқ па?
— Осының бәрін қазақ әлі қалай қабылдады?
— Адам қашан болса өз бақытын қуана қабылдайды, — дейді Губанов тағы ойлана.— Расын айтсақ, тың көтеру — қазақ даласына келген екінші төңкеріс еді. Халық бұның қандай жақсылығы барын бірден түсінді. Сөйтсе де.
— Ия, сөйтсе де?
— ...Бірен-саран «енді біз құрыдық» дегендер де табылды. Ежелден бауырына басқан ата-мекен, қонысына қаншама халықтың бірден келуі кімнің болса да көңілін қобалжытуы мүмкін ғой. Оның үстіне, қаншама машина, құрылыс заттары. Әрине, мұндай жағдайда кейбір санасы төмен адамдардың сары уайымын түсінуге болады.
— Біз болашағымызды санасы төмен адамдардың сары уайымына құрмаймыз ғой. Олар түсінбегенмен, біз түсінеміз ғой, осы істеліп жатқанның бәрі совет халқының бақыты үшін емес пе?..
Бақыт біткеннің бәрі бірден қабыл бола бермейді. Оған уақыт керек. Оның үстіне, әр ұлттың өзіне тән ұлттық қасиетімен де санасқан дұрыс. Мысалға қазақтарды алайық. Олар әлімсақтан бері осы арада тұрады екен. Тіпті, Ұлы Россия тұрған сонау Днепрдің тарауы Рось өзеніне біздің келуімізден де бұрын бұлар осы даланы жайлап кепті. Және осы ата мекен жерін қорғап бұл қазақ елі қандай жауларымен шайқаспаған! Қанша қанын төккен!
Өйткені бұл оның жері. Ата-бабасының жері! Әлі есімде... Есіл жағасындағы бабасының жеке тұрған мазарын біз бульдозермен қиратып жатқанда, жас баладай, әжім басқан кәрі бетін ыстық жасымен айғыз-айғыз етіп жылаған қазақ шалын мен өз көзіммен кердім. Ол шалдың дәл осы арадан көпір салынатынында не шаруасы бар? Сенің бүкіл даланы күл-талқан етіп қопарып, жаңа дүние құрып жатқаныңда қандай жұмысы бар? Оның сана-сезіміне бұл дүниеге деген бала жастан өз түсінігі, өз пәлсапасы ұялаған. Ол сонау жұма сайын келіп құран оқитын бабасының зиратының сау тұруын тілейді. Ал біз болсақ, кәрі шалдың сол бір өзіне деген әдемі әлемін көз алдында талқандап жаттық. Шал бізбен тілектес бола ала ма? Бол деуге қақымыз бар ма?..
— Шалға ол зират соншалық қымбат екен, тимей-ақ қоюларың керек еді,— деді эстон жігіті тағы да ақырын күрсініп,— көпірді де басқа жерден өткізуге болатын еді ғой.
— Жоқ, болмайтын еді,— Губанов қатулана сөйледі,— өзге жерден салынған көпір халыққа үш есе қымбатқа түсетін еді. Бұны шал да ұғып тұрған-ды. Сол себептен де ол қарсыласпай, балаша құр жылай берген. Мәселе бір зират, бір көпір, бір шалдың жылауы жайында емес. Ұлы іс жеке адамға тән, тіпті кейде ана сүтімен қанына сіңген түсінікті де бұзумен келеді. Әрбір жаңа дүние ескі өмірді құртудан басталады. Онсыз адам баласын бақытты ете алмайсың. Қазақ жеріне де тың көтеру осылай келді. Ол қазақ аулының кей мағынада ескі дәстүрін, тұрмысын, тіпті шаруашылығын жүргізу негізін де бұзды. Олар ежелден мал бағуды, жылқы, қой өсіруді негізгі кәсібі етсе, енді жалпылай егін егумен шұғылдануға мәжбүр болды. Бұрын қазақ ауылдары орыс поселкелерімен аралас-құралас мол жерде отырса, енді бұл араға миллиондап көшіп келген ұлттарға қоныс берді. Әрине, мұндай жағдайда «Біздің жеріміз — біздің бағымыз да, сорымыз да» дейтіндер табылды.
— Әрине, бұл түсініктің бәрі тыңды алғашқы игеру кезінде туған шығар,— деді жас молдаван жігіті,— ал соңынан қалай болды?
— Соңынан дейсің бе?— Губанов сөніп қалған шылымын тобылғы шоғымен қайта тұтатты.— Соңынан тың өзінің күшін көрсетті. Алғашқы жылдары-ақ Қазақстан миллиард пұт астық берді. Қазақ даласында, тек қазақ жұртына ғана емес, барлық совет халқына деген қанша байлық жатқанын енді ең қыңыр деген адам да түсінді.
— Әрине, адам дегеннің көңілі тек нанмен ғана көншімейді ғой,— деді қайтадан эстон жігіті,— кешегі өздеріне поэзия саналған көкорай, жасыл шалғынды жері бүгін егінжайға, жыртылған қара топыраққа айналғанын көріп, өкінетіндер әлі бар шығар?..
— Қазір ондайлар бар деп ойламаймын. Алтын дән мұхиты көкорайдан кем поэзия емес. Дүниеде ең асыл поэзия — ол адам баласының еңбегімен жасалған сұлулық. Самал желмен шайқалған ұшы-қиыры жоқ алтын дарияны кім сұлу емес дер? Осы сұлулықты қазір біз өзіміз жасап жатырмыз. Әттең не керек, кейде өз қолымызбен жасаған сұлулықты өзіміз бүлдіреміз.— Губанов сәл көтеріліп, шынтақтап жатты.— Бұны істейтін, шын айтқанда өзіміз емеспіз, біздің жауларымыз.
Қайдағы жау?—белорус жігіт таңдана сөйледі, — қазір біздің қоғамымыз тапсыз қоғам емес пе?
— Тапсыз қоғам Тап жауымыз құртылған. Оның дұрыс. — Губанов беларусқа қарады, — бірақ сол бір кездегі таптық қоғам тудырған, ескінің қалдығы, жеңіл пайда табуға әуес толып жатқан уақ ұрылар, қылмыс құмарлар бар. Бұлардың әлі тәртіпке түспеген сана-сезімдері бізге әлі талай қиындық тудырады. Әсіресе, бұлар тың көтерудің алғашқы кезінде біраз зиян келтірді. Мұндайлар өз пайдалары үшін бір адамды бір адамға қарсы қойып, біздің үлкен ісімізге сенімсіздік тудыруды да ойлады. Дәл осындай жағдай осы совхоздың өзінде де болды.
— Бірақ олар өздері қазған орға өздері түсе жаздапты ғой, — деді алыста жатқан бір жас жігіт.
— Ия, егер Качан болмағанда, о жолғы іс біздің совхозды жаманатқа қалдыратын еді. Жуса кетпейтін таңба бізге мықтап жабысатын еді.
— Ол Качан деген кім?—деді тағы әлгі алыстағы дауыс.
— Шошқа фермасын меңгеретін әлгі, анау жуан қарын, - деді басқа бір дауыс.
— Япырм-ай... Оның қолынан жақсылық келеді деп еш уақытта ойламас едім!—деді алғашқы дауыс күліп.
— Ойла, ойлама,— деді Губанов,— Качан совхозды жаманаттан бір құтқарған. Оқиға былай болған-ды...
Жақында ғана ұйымдастырылған шошқа фермасының меңгерушісі Качан әлі ұйықтаған жоқ-ты. Шотқа ақырғы күндердің кіріс-шығысын қағып отырған. Әйелі егіс басында болатын. Балқаш көлінің тағы доңызы тәрізді жуан, күшті, жұмыр денелі, қазан бас, кішкентай торай көзді, қырық бестер шамасындағы Игнат Фролович Качан шоттағы жұмысын бітіріп, есінеп алды да, енді тұра берем дегенде, біреу есік қақты.
Түн ортасы ауып кеткен кез еді. Мезгілсіз уақытта жүрген бұл кім екен деп, үй қожасы күдіктене есік алдына барған.
— Бұл кім?— деді сәл сескене.
— Өзіммін,— деді ар жақтағы бейтаныс дауыс.
— Өзімің кім? Аты-жөнің бар ма?—Сезіктенген Игнат Фролович қолына босағада сүйеулі тұрған балтаны алды.
— Қорықпаңыз. Мен — анада, күздігүні базарда қабандарыңыздың етін сатысқан жігітпін ғой. Өзіңіз кел дегенсіз...
— Ә! — Качанның есіне жігіт бірден түсті. Өткен жылғы күзде облыстық қала базарына алып барған бұқадай екі шошқасының етін сатуына бұл жігіт жәрдем берген. Түріне, киіміне, сөйлеген сөзіне қарағанда, оқыған адамға ұқсаған. Арақ ішкіш адамдай тек бет-аузы ісіңкі көрінген. Істеген қызметіне риза болған Качан ақысына жиырма бес сом ақша беріп, егер тың жаққа бет алар ойың болса біздің совхозға кел, сен секілді ш бер қолды жанға жұмыс табылады деген. «Алтын арайдың» адресін де айтқан. қазір, міне, сол жігіт келіп тұр. Өзінің шақырғаны да есінде. Сөйтсе де:
— Түн ортасында неғып жүрсің?—деді есікті ашар-ашпасын білмей,— күндіз келуің керек еді. Кеңсеге баруға қауіптенсең, шошқа фермасы алыс емес қой.
— Машина жолай тоқтап қалды. Жаңа ғана жеттім.
— Онда, жарайды,— Качан қолын сермей салды. «Жалғыз адам маған не істей алады? Мені біреу тонамақ түгіл, өзім біреуді тонауға бармын». Качанға сол сәтте тағы бір ой келді. «Егер жұмыс істер болса, шошқа фермасына алармын. Маған мұндай қолының ебі бар адам ете қажет қой». Ол есіктің ілмешегін төмен түсіріп жіберді.— Кір!
Бірақ үйге жалғыз әлгі бала жігіт енген жоқ, сау етіп, бірінің соңынан бірі, бес қолақпандай жігіт кіріп келді. Бәрінің үстінде жұмысшы комбинезоны бар. Ағаш шеберлері аспаптарын салатын әрқайсысының қолында бір бір кішкентай қобдиша. Іштерінде не бар екенін құдайдың өзі білсін. Бірінен соң бірі кіріп келе жатқан алпамсадай жігіттерді көргенде Качанның бойы дірілдеп, зәре-құты қаша бастады.
— Қорықпа және балтаңды орнына қой, — деді қызғылт сары әлгі таныс бала жігіт. Оның дауысында енді бір бұйра сөйлегендей әуен бар.— Ең алдымен, бізді тойындыр, бар болса ішімізді де жылыт. Шаруаны сосын сөйлесерміз. Жол ауыр болды, аш қасқырмен теңбіз.— Качанның әбігері кетіп тұрғанын енді аңғарып, кекете күлді.— Күні бұрын зәре-құтың қашпасын. Біз де жұмысшы жандармыз, тек өз тарапымыздан жүргендей жайларымыз бар. Ағаш шеберлерінің бригадасымыз. Совхоз, колхозбен де, қала берді жеке меншікті шаруамен де келісіп, ағаш жұмысын істеу — кәсібіміз. Тек ақшасын қолма-қол төлесе болғаны.
Тың көтерудің алғашқы кезінде мұндай өз беттерімен жұмыс іздеген бригадалар кездесе беретін. Көңілінде күдік тұрса да, Качан соның бірі шығар деп өзін-өзі жұбатты. Қатты сескенген жүрек, әйтседе мүлдем орныға қойған жоқ. «Егер адал еңбек істеуге келсе, жаңа неге тек өзін ғана атады? Жоқ, дегенмен бұл арада бір сұмдық бар. Үстерінде жұмысшы комбинезоны болғанмен, түрлері, жүріс-тұрыстары жұмысшыларға ұқсамайды. Жұмысшы адамға комбинезондары жарасып тұрады. Ал мыналарға сиырға жабу жапқандай... олпы-солпы...»
— Ешқайда шықпайсың!—деді жігіт бұйыра,— үйіңде не бар соны дайында.
Бұлар қандай ағаш шебері екеніне Качан енді шек келтірген жоқ. Ұрлана қарап, қайсысының бастық екенін білгісі келді. «Жоқ, бұл емес, анау — әлі үндемей тұрған қара сұры. Соған жағына білу керек».
Качан пеш үстіндегі кастрольді алып столдың үстіне қойды. Тола тары ботқасы. Шкафтан нан, жуа, шошқа шұжығын, сүбе майын алып, турап тарелкеге салды. Кереуетінің астынан қара шамаданды сүйреп шығарды. Аузын ашып бірнеше шыныны жерге қойды. Көздің жасындай мөлдіреген арақты көргенде бала жігіттің қабағы ашылып, беті күлім-күлім етті.
— Міне, бұл өзімізге ұқсайтыныңды көрсетеді! Аш қасқырларымды сенің үйіңе текке әкелмеген екем. Бықыған бай, бізді құрметтейтін бірдеме табар деп ойлап едім.
«Бықыған бай» деген сөзден Качан іштей үрпие қалды. Бірақ сыр бермей, қырлы стакандарды толтыра арақты құйып болды да:
— Отырыңдар, қадірлі қонақтар!—деп стол басына шақырды. Аналар отырып болған кезде, жайбарақат сөйлеген боп,— бықыған бай дейсің бе,— деді күлімсірей,— не қылған байлық? Қазынаның шошқасын асырап қанша байи аласың? Бай деп ана Қарабайды айт, ақшасын қап-қап етіп сандығында сақтайды.— Ол стаканын жоғары көтерді.— Қане, азаматтар, бір-бірден қағып жіберелік. Сендердің денсаулықтарың үшін!— Бәрі стакандарын соғыстыра жұта бастады. Арақтарын ішіп болып, қолдарына айыршаларын ұстап, алдарындағы туралған тамақтарын күрсілдете жеуге кірісті.
Качан стакандарға арақты қайта құйып, тағы орнынан түрегелді.
— Сенің денсаулығың үшін, Микита!—деді бала жігітке қарап,— жақсылығыңды ұмытпаспын. Сен со жолы совхоз шошқаларының етін тез сатуға мықты жәрдем бердің. Әкелген ақшамды кассаға тапсырғанымда, директордың өзі «бағасына сатқан екенсің» деп маған алғыс айтты.
— Алдама, мұжық,— деді бала жігіт кесе сөйлеп, — шошқаларымды өз қолыммен семірттім дегенің қайда маған? Биыл сен жәрмеңкеге келгенде мен қалада емес едім. Бұ жолы да біраз ақша тапқан шығарсың?
Аңның соңынан түскен тазыдай, бала жігіттің ақша исін сезіп, бар жеріне дәл келе жатқанын енді Качан да анық түсінді.
Бұның аяғы немен тынатынын да ол ұғып отыр. Қайткенмен де, өзіне төнген қауіптен құтылу керек.
Өзім шошқа фермасын басқарып отырып, солай демегенде мен қалай деуім керек еді?—Ол енді мас адамдай былдырлай сөйледі.— Ақшам болса, құдай ұрсын! Міне, нан! Міне, крест! Шошқаның етін сатып, қанша байи аласың. Ақша — Қарабайда.
Әңгімеге енді қара сұр жігіт кірісті.
— Қарабай дегенің кім?—деді ол Качанға қарап.
— Алдыңғы қатардағы трактор жүргізуші.— Мас адамдай ықылық ата сөйледі Качан,— үйі поселкенің шетінде, желдің өтінде, жеке тұр... Жас балалары мен қатыны ғана бар. Қабаған иті де жоқ. Тыңға келгеннен ақша жинаумен жүр... Екі «Волга» машинасын бірден сатып аламын дейтін көрінеді. Бірі — өзіне, бірі — қатынына. Бит терісінен биялай тігетін сараң. Бір тиын босқа шығармайды. Жұрт көзіне түспесін деп жинақ кассасына да салмайды. Қат-қат етіп терезе алдында тұрған сандығына тығады. Менде не бар?.. Арақ ішетін адамда ақша бола ма? Бары бөтелкеден аспайды... Рас, айдың аяғында дүкенге өткізгенде бір байып қаламын.
— Үйі қай жерде дейсің?— Қара сұр қанталаған көзімен үй қожасына тікелей қарады.
— Поселкеге кіре берісте. Ең шеткі үй. Жалғыз үй. Ол ешкіммен де қатынаспайды. Сандығы төргі бөлме терезесінің алдында...
— Қабаған иті жоқ дедің ғой?
— Иті жоқ. Ит ұстауды шығын кереді. Ит орнына мияулаған мысығы бар...
— Қатын мен балаларынан бөтен кісі бар ма?..
— Ешкісі, қойы... он шақты тауық пен әтеш...
— Мүмкін, үйіне ағайын-туыстары келіп жатқан шығар?
— Кешке таман барып шыққам. Ешкім келмеген. Келмейді де. Ондай сараңның үйіне кім келетін еді,— Басын столға қойды да, Качан кенет қорылдап ұйықтап кетті.
Қара сүр жігіт түрегелді. Пышақпен кескендей қысқа бұйырды.
— Кеттік!
— Жәшіктерімізді ала жүреміз бе?—деп сұрады жирен жігіт.
— Мүмкін «қоқыстарға» іздеп табуларына куә етіп тастап кетерсің? Алып жүріңдер. Тек пышақтарыңды қолдарыңа ұстаңдар.
— Мынаны не істейміз? Әлде... екпе тұсынан бір сұғып алайын ба?
— Керегі жоқ. Бұл оянған уақытта біз поселке маңайында болмаймыз. Хабар беруге өзі де қорқады.
Шамды өшіріп, бұлар үйден асыға шығып кетті. Сол сәтте-ақ Качан атып тұрды. Аяғын ұшынан басып үйден шықты да, поселкенің екінші жағына қарай ұрлана жүгіре жөнелді. Өзінің үйінен үшінші үйде Губанов бригадасымен түннен бері шөп шабуға дайындалып жатқаны оған аян еді. Түн көзге түртсе көрінгісіз қараңғы. Таңның қою қараңғысы. Качан аяғын абайлай баса Губанов үйіне қарай келе жатыр.
Ол Қарабайдың балалары үшін емес, өз басы жайында қауіптенген. «Біреу-міреу бандиттердің менің үйіме кіргенін әлдеқалай көріп қалған болса, қанды оқиғадан кейін бәрібір мені табады. Прокурор кімнің айыпты екенін қолма-қол ашады. Онда бұл дүниемен қоштаса бер».
Осылай ойлаған Качан Губановтың үйіне жетті. Бірақ ол бандиттер Қарабайдың ісін бітірді-ау деген кезде ғана келді. Губановтар бұл келген кезде жаңа ғана тракторларын жүргізгелі жатыр еді.
— Менің үйіме бір бейтаныс адамдар келіп кетті,—деді ол,— қанішер ұрылар тәрізді. Қарабайдың үйіне қарай бара жатыр. Қорқытып арақ ішті. Енді бірдеме істеп жүрмесе жарар еді Қарабайға.
— Кім өздері?
— Білмеймін. Тек түстері суық... Қолдарында пышақтары бар. Біреуінде қысқа мылтық та бар тәрізді. Сірә, Қарабайға өшіккен қанішерлер ғой деймін.
— Қашан кетті?
— Жаңа ғана.
Бұдан артық Губанов ештеңе сұраған жоқ. Қолдарына түскен қару-саймандарды алды да, бригадасы боп Қарабай үйі жағына қарай жүгіре жөнелді.
Бұлар келіп Қарабайдың үйін қоршағанда, үй маңы тып-тыныш еді. Сезікті ештеңе көрінбеді. Есік, терезенің бәрі жабық. Губанов жолдастарымен ақылдасып, Қарабайды оятпақ боп, енді терезеге таяй бергенде, келе жатқан адамдардың сыбдырын естіді. Губановтар тығыла қалды. Түн әлі тастай қараңғы. Келе жатқан бандиттер екен. Көп кешіккендіктен, олар адасып кетіп, Қарабайдың үйінің тұсына жаңа жеткен. Ентіге шыққан үндеріне қарағанда, бұлар да асығуда тәрізді. Сыбдыр таяп қалғанда Губанов қолындағы шалғысын басына көтере:
— Кім бұл? Жан керек болса қимылдама!—деді қатты дауыстап.
Сол сәтте ақ ұшы кесілген қысқа мылтықтың даусы шаңқ етті. Губановтың дәл құлақ түбінен зу етіп, үй қабырғасына барып тиді. Механизаторлар шалғыларын, айырларын сермей алға ұмтылды. Аналар қаша жөнелді. Тастай қараңғы түнде кімді ұстай алады, қуғыншылар сәл жүгіре түсті де, мылтықтан сескеніп, кейін қайтты.
— Жігіттер, қуып әуре болмаңдар, зақым етіп жүрер, бәрібір еш жаққа қашып құтыла алмайды, таң да жақын деді Губанов.
Мылтық дауысын естіп поселке адамдары оянды. Қараңғы түнде үрейлене шыққан дауыстар естілді.
— Кім атты?
— Күзетшілерге мылтық ұстатпаңдар деп бекер айтпаған екем. Кәрі бишаралар, өз көлеңкелерінен өздері қорқып, берданкаларын тарсылдатқан ғой.
— Жоқ, мылтықты күзетшілер емес, бандиттер атты.
— Қайдағы бандиттер? Түн ортасында бұл араға олар қайдан келеді?
Сөйткенше төменгі сайдан кетіп бара жатқан машинаның гүрілі естілді.
Көп кешікпей, құлан иектеніп сарғая таң да атты. Сонда ғана бандиттер поселкеге машинамен келгені анықталды. Әшкереленіп қалғандарын біліп, сол машиналарымен зытып отырыпты.
Бұларды қуып табу қиын еді. Кімдер? Қай жақтан келді? Қай жаққа кетті?— жан білмейді. Ертеңіне келген бөлім милиционері «түнгі қонақтар» жайында рапортын ауданға жіберді. Аудан облыстық милиция басқармасына хабарлады. Қысқасы, бандиттерді іздей бастағанша, олардың бұл маңда ізі де қалмады. Бұл кезде бандиттер өздерінің қанды жорығын көрші облыста ұйымдастырып жатқан-ды.
Бұл оқиға осылай болған-ды. Қазір оны есіне түсіріп Губанов:
— Әрине, бандит оғына кім маңдайын тосқысы келеді дейсің,— деді.— Бірақ сол түні бөтен жол қалмаған-ды. Егер сол түні Қарабайды үй-ішімен бандиттер қырып кеткен болса, Тыңға қара бояу жағылар еді! Оны оп-оңай жуып кетіре алмас едік! Жаман пиғылды жандар бізге барып тұрған сұмырай пәлелерді де жабар еді! Келгендер тыңда жұртты қырып жатыр деуден де тайынбасы хақ!
— Ол бандиттердің бізге қандай қатынасы бар?— деп орнынан ұшып түрегелді Гриша деген жас бала жігіт,— қайдағы бір сұрқия, сұмырайлар қылмыс істейді, оған мен жауап беруім керек пе? Сөз емес!
— Сез емесіне сөз емес. Демек мынаны ойла... Қылмысты халық біткеннің ең жаманы істейді. Пәлеқорларға со да жетеді. Бір күнәкәр істеген жамандықты барлығына жабуға бар. Қара бояуды қоюлата түсуге шебер... Ал мұндай нәрсені қас адамдар көпірте түседі. Осындайды пайдаланып, бір халықты бір халыққа айдап салуды да ойлайды. Ұлт наразылығын тудыруға далбасалайды. Әрине, біздің заманымызда мұндайлар ойлағандарына жете алмайды. Бірақ осындай пасық әңгімелердің пайда болуының өзі біздің адал ойымызға нұқсан келтіреді.
— Сөйтіп ол бандиттер ұсталды ма?
— Ұсталды. Тиісті жазаларын да алды. Бірақ оған дейін қаншама істі бүлдірді.
— Ал сонда... Неге олар Качанға келді? Осыны ешкім сұрамады ма?—деді бағанағы Игнат Фроловичті жек көретін бала жігіт.
— Сұрау керек еді.— Губанов әлденені ойлана жауап берді.— Бірақ ол күндерде мұндай күдік ешкімнің ойына да келген жоқ. Бәріміз де бандиттердің келгенін хабарлағанына алғыс айттық. Жолдасымызды ажалдан құтқарғанға қуандық.
— Құтқармай-ақ қоюларың керек еді!—деді бағанадан бері үн-түнсіз шетте отырған Қарабай ашулы дауыспен.
— О не деген сөзін, Қарабай?— деді Губанов таңырқай.— Ақылыңнан адасайын дегенсің бе?..
— Табысымыздың көп кезінде қыңқ деп көрген жоқпыз. Порфирий Михайлович, өзің білесің! Ал қазір ше? Жерді қыртысын айырмай жыртуды шығарды бұлар... Соқа орнына плоскорез — жалпақ тіс бірдеме, арам шөптің құр тамырын ғана кес дейді... Ал ол жалпақ тісінің жұмыс істеуінен бұзылуы көп... Мұндай жағдайда қайдағы табыс.
— Әй, Қарабай, Қарабай!—деді Губанов ренжи.—Тынық суды лайлауға жаның құмар! Жалпақ тіспен жұмыс істеп жүрген жалғыз сенсін. бе? Сол үшін әдейі осы экспериментальды жерге біздің бригаданы салып отырған жоқ па? Оны неге түсінбейсің, Қарабай? Ал сен болсаң, жалпақ тістің орнына соқаңды байлап алып, жерді тағы төңкере жыртуға қайта кірістің! Агроном қой десе онымен керісе түсесің! Ал табысқа келсек, бәріміздікі де бірдей. Тіпті, тарифқа, нормаға қарасақ жаңа әдіспен жер жырту анағұрлым тиімді. Тек, жалпақ тісті бүлдірмей жырта біл. Жер әрқашан ақылды қолда ғана өнім берген. Оны енді ақылмен пайдаланудың кезі жетті. Ал сен болсаң, барлығын тек өз қалтаңа түскен табыспен ғана өлшегің келеді...
— Қалай ақылды болу керек екенін, Порфирий Михайлович, маған үйретпей-ақ қой. Өзім де білемін!—Қарабай кенет қызулана қалды,— жерді қайтіп жыртам— ол менің шаруам!
Мен сені ақылға үйретіп тұрғам жоқ, жерді қалай пайдалануды ғылымның өзі үйретеді.— Губанов қызынбай, байсалды үнмен жауап қайтарып тұр.— Егер жерді жаңа әдіспен жыртып, кейде шөп өсіріп тыңайтып, егіске пайдалануды қолданбасақ, көп кешікпей бұл арада біздер істейтін жұмыс та қалмауы мүмкін. Жер құнарын аспанға ұшырып жатқан қара дауылдар әне-міне дегенше оны істен шығарады... Жер құнары құриды.
— Құриды? Неге онда жүздеген, мыңдаған жылдан бұл жердің құнары құрымай келді? Біздер жоқта құрымай, біздер келген соң құриды ма? Онда неге бұл араға қаптай қалдық? Несіне тыңды көтереміз деп осыншама ел боп шұбырдық?
Губанов орнынан түрегеліп, шылымының қалдығын отқа лақтырып жіберді. Жұрттың бәрі ол Қарабайға не айтар екен деп күтіп отыр. Бұны Губанов та аңғарып тұр. Әрине, оның Қарабайға айтары көп, бірақ оған анау түсіне қояр ма екен?
Осынау тұншыққан мылқау тылсым ұзаққа созылды. Тек бықсып жанған жас тобылғының шытыры мен әлдеқайдан ұшып келген белгісіз бір құстың шиқылдағаны ғана естіледі. Түн кенет суына түскендей. Бірақ ешкім орнынан қозғалған жоқ. Қарабайдың сөзі иықтарынан қара тастай басып, тапжылтпай тастағандай. Жоқ, қара тастай емес, мойындарына әлдекім бір батпандаған қара май, әлде иісі жаман сасық балшық құйып жібергендей. Бұрын өздері жолдас, өзіміздей жұмысшы, тілегіміз бір деп жүрген адамдарының кенет мынандай болып шыққанына таң қалғандай, не айтуға білмей абыржып отырған тәрізді бұлар...
— Мұндай сөзді естіп тұрып, тракторға отыруға да көңілің соқпас,— деді Микола қынжыла.
Сол-ақ екен, өзгелері де сөйлей бастады.
— Жұрт қаптап кетіп, бұған өмір сүру қиынға айналыпты!
— Жоқ, нағыз пайдақор, топас!— деді Рамазан. Қарабайдың сөзі өзгелерден гөрі бұған батқан тәрізді. Жанындағы серіктері«Қарабайдың сөзі — Рамазанның да сөзі» деп ойлай ма деп қысылып барады. Жайшылықта сабырлы жас трактор айдаушы ойын дәл түсіндірер сөз таба алмай, күйіп-пісіп асыға сөйледі,— Пайдақор, топас! Бұған жер емес, тек ақша, пайда керек!
— Білмеймін,— деді кенет жүдей сөйлеп Губанов, қолындағы тобылғы шоғымен Рамазанның шылымын тұтатып.— Бәріміз де жер басып, бір аспанның астында жүрміз ғой... Кім жерді сүйсе, күтсе, пайдаланса — ол соныкі. Россия, Украина, Қазақстан, Молдаван, тағы басқа Совет өкіметінің жері осы отырған орыс, қазақ, белорус, украин, молдаван, эстон адамдарына бірдей үлес. Қазақтарды мен жақсы білемін! Олардың құшақтары кең, жүректері де үлкен, ойлары да биік! Олардың алдарына қойған мақсаттары да үлкен, ал сенікі — кішкентай, қара басыңның қамы ғана. Бірақ сен еңбек жөні» йен біздің жолдасымызсың! Қане, жігіттер,— деді,—жұмысымызға барайық.
Алыстағы белестен үлкен шара табақтай боп қызара ай да көрінді.
Механизаторлар үстерінен бір ауыр жүкті әзер аударып түсіргендей, созалаңдай орындарынан тұрды. Олар үн-түнсіз топтарын жазбай тракторларына қарай аяңдады.
Лаулап жанып жатқан тобылғы қасында жалғыз Қарабай ғана қалды.
2
Көкжиектен қып-қызыл нарттай жайнап күн көтеріле берді.
Алтын сәулеге бөленген «Алтын арай» совхозының бас поселкесі жарқырай көрінеді. Оның шығыс жақ шетінде көгілдір толқынын баяу тербей Есіл өзені ағып жатыр. Төңірек маужырап тұнып тұр.
Поселке кең алқапқа орналасқан. Дәл осы кезде ол таңғы ұйқысынан оянбаған қайғысыз, тыныштық әлдилеген күйде. Қазір «Алтын арай» совхозының егін жұмысы негізінде біткен. Бұл сәт — таңсәріден тұратын тың көтерушілердің мойындары жұмыстан босап, аз уақыт тыным алатын шағы. Көшеде жан көрінбейді, тіпті ит те үрмейді, сиыр да мөңіремейді. Дүние шіркін жым-жырт.
Жоқ, әйткенмен, жұрт біткеннің бәрі ұйықтап жатқан жоқ. Поселкенің сырт жағындағы төбеде көкжиекке көз тіге қараған бір адам тұр. Шығып келе жатқан күн сәулесінде бір алып секілді көрінеді. Расында да, денелі кісі. Елулерден асып кеткен. Желмен тотыққан қара қошқыл бетін әжім басқан. Әйтсе де, әлі жастық оты сенбеген жіті көзінен бір үлкен ойдың, қажымас жігердің сәулесі ұшқын шашқандай.
Бұл «Алтын арай» совхозының парторгі. Бұл араға келгеніне бірнеше ай ғана болған.
— Көктем!—деді ол өзіне-өзі,— әрбір көктем адам баласын жаңа бақытқа, жаңа қуанышқа бөлейді. Биыл бұл бізге не әкелер екен?— Ол жүресінен отыра қап, бір шөкім топырақ алды. Дихандардың дағдылы әдетінше күсті саусақтарымен үгіте бастады. Саусақтарының арасынан топырақ үгіндісі сусылдап жерге құйылды.— Қандайсың сен, Жер-ана!?— деді ол тағы да дауыстап. Осы кезде егіс даласының шетінен бір салт атты адам көрінді. Ұзын тұра, ашаң жүз, арық. Бұл — осы совхоздың директоры Қазыбай Тілеуқабақов еді. Шаршағандықтан ат үстінде құр сүлдері келеді. Ұйқы ұялаған екі көзі бірдей білеуленіп, қызарып кеткен, әзер ашылады. Жеткен бетінде созыла атынан түсті. Угрюмов түрегелді.
— Федор Иванович, бізді де құттықтауыңа болады,— деп ол жарылып кеткен қара қайыс қолын ұсынды,— шалғайдағы бөлімшелерде де соң егілетін егісті дәл мерзімінде аяқтаттық.
— Құтты болсын!— Угрюмов кенет оған ренжи қарады.— Саған не болған?.. Өзің тіпті бітіпсің ғой.
— Соңғы бір-екі күнде көз ілгем жоқ, соның салдары шығар...
— Трактористтерің қалай екен? Губанов бригадасына соққан шығарсың...
— Таң ата әзер жеттім. Егісті дер кезінде бітіру оңай ма,— Қазыбай қолын сілтеді,— оқасы жоқ. Енді ұйқылары қанар.
— Әрине, солай ғой, о жаққа несіне бардың? Әлде Губановқа сенбейсің бе?..
— Неге сенбейін, сенемін. Бірақ бармауға дәтім шыдар ма. Егіс даласына бармасам, жұрт не ойламайды.
Көкжиектен көтеріле түскен күн қызуы бусандырған кең жазира жердің бетін дымқыл тұман қаптай бастады. Күн нұрына шомылған Жер-ана өзінше бір рахаттанып жатқандай.
— Қарашы, қандай керемет сұлулық,— деді Угрюмов күншығысты меңзей,— тамаша!
Угрюмов — біраз жасқа келіп қалған кісі. Бетіндегі әжімге қарасаң, тіпті шал деуге де болады. Ал қазіргі ыржия қуанған бейнесі жас баладан аусайшы.
Тілеуқабақов көрсеткен жаққа қарап тұр. Табиғаттың мұндай көрінісіне жаны әбден етене болып үйреніп кеткендіктен бе, әлде ұйқы көрмей шаршағандығынан ба, оның көзінде ешбір таңғажайып масаттанатындықтай ештеңе көрінбеді. Ол жайбарақат, селсоқ қана көз тастауда.
— Ұшы-қиыры жоқ дария демін алып жатқандай, — деді Угрюмов шабыттана,— көктемде жер осылай бусанатынын білесін бе, Қазыбай Тілеуқабақович?
— Сіз өзіңіз романтик екенсіз ғой, Федор Иванович. Ондайды ұмытқалы қашан. Мен жыртқан жерді, не бітік шыққан егінді көрген шақта ғана романтик бола аламын.
Угрюмов жауап қайырған жоқ.
Федор Иванович «Алтын арай» совхозына осыдан төрт ай бұрын жаңа жылдың басында келген-ді. Аудандық партия комитетінде болып, партия, ұйымдастыру жұмысы жайында сөйлескеннен кейін, совхозбен танысуды АТФ-дан бастаған. Оған іші-сырты аппақ болып сыланған сиыр қорасы да, әлемге таңдана қараған жаудыр көз жас бұзаулар тұратын жарық, кең, жылы сарай да бірден ұнаған. Қатарласа салынған, лабораториялар тәрізді, малға жем-шөп салатын, құстар тұратын сұрғылт үйлерде, алпамсадай шошқа фермасы да ойдағыдай көрінген. Барлық жерде тәртіп пен тазалық көзге түседі. Ал трактор паркін, шеберханаларын, ұста цехын аралап шыққаннан кейін ол бұрынғысынан да көңілденген. Бұның бәрі совхоздың ісі жөнге қойылған, алдыңғы қатарлы озат шаруашылық екенін аңғартқан. Парторг енді өткен жылдың өндіріс — ақша жоспарымен танысқан. Бұнда да, реттеп қалаған кірпіш тәрізді, барлық сандар орны-орнында тұр. Жұмсалған еңбек, оған шығарылған қаражат, егіс және басқа қосымша жұмыстардың мезгілдері, әрбір дәнді дақылдың технологиялық картасы — бәрі қағазға түсірілген. Бұл сандар, графиктер әр бригадаға, звеноға, жеке совхоз жұмысшысына жеткізілген.
Дегенмен, совхоздың жалпы жағдайына Федор Ивановичтің көңілі толмады. Өйткені бұл үлкен шаруашылық өзінің бас міндеті — бидай өсіруде бәлендей табысқа жете алмапты. Ол ол ма, тіпті жыл сайын әрбір гектардан алынатын өнімі төмендей түскен. Бұның әр түрлі себептері бар еді. Ең басты кедергі — бұл аранын табиғи жағдайы. Совхоз отыз мың гектардан астам тың көтергенімен, егінжайдың дені желдің өтіндегі ашық далада жатқан-ды. Сарыарқаның жаз бойы аңырай соққан қатал желі жер бетінің құнарлы топырағын өзімен бірге аспанға көтеріп, оның орнына әлдеқайдағы құм, құмдауық жер жыныстарын әкеп, жер құнарын әбден азайтуға айналған. Бұнымен қатар, жаңбыры саябыр жылдары егісті ерте егу, жер жаңартқыш заттарды пайдаланбау, жер қыртысын аудара жырту тәсілі егіс өнімін төмендетіп жіберген. Кей жылдары осындай жер эрозиясына іліккен егінжайлар тіпті өнім де бермей қоятын. Апрель айынын аяғы мен майдың алғашқы он күнінде еккен бидай июль айының аңызағына ұрынып, қарамық басып кететін. Егер жер құнарын сақтайтын әдістерді қолданып, егісті дер кезінде өткізсе, егін өнімінің мол болатынына ешкім дұрыстап көңіл қоймаған-сынды...
Бұл жағдайлар Угрюмовты қатты қынжылтты. Жер құнарын жоғалту қаншалық жеңіл болса, ал оны қайтадан өңдеу үлкен қиындыққа түсетінін ол өте жақсы білетін. Сондықтан Угрюмов бастауыш партия ұйымының жұмысымен танысып болысымен, бірден жер мәселесіне кірісті. Совхоздың бас агрономы Хасен Атымтаевты қасына ертіп алып, бар егістік даланы аралап шықты. Қай жерге қар қанша түскенін, қай жерге пар қанша, зябь қанша жыртылғанын өз көзімен көрді. Содан кейін Қазыбай, Хасен үшеуі бірнеше күн кабинеттен шықпай қойды. Олар жас агрономның өз қолымен жасаған жер қыртысы картасымен, қойын дәптеріндегі түрлі ойларымен танысты. Карта бойынша дәнді дақылдардың өніміне негіз болып саналатын — азот, калий, фосфор — химиялық заттардың қай егістікке қанша керек екені әбден тексерілді. Содан кейін бұлар жер құнарын сақтау шабуылын Ақсеңгірден бастамақшы болды. Өйткені, Ақсеңгірде өзге жерден гөрі қар көп түскен екен. Онымен қатар бұл арада басқа егістікке қарағанда топырақ бетінің сорлануы өзге жерден анағұрлым төмен болып шықты. Биыл осы алқап жаңа агротехникалық тәсілмен үлкен тәжірибе даласына айналуға тиісті. Бұл әдістің негізі арам шөптің тамыры қырқылып, егін сабағының түбірі аман сақталуға құрылған-ды. Әдейі арнап жасалған жалпақ тіс соқамен тереңдігін жиырма сантиметрден етіп, жер қыртысы аударылмай жыртылады. Бұндай жағдайда егістік бүлінбейді, егін түбірлері жер қыртысын үрген желден қозғалтпай сақтап, дәнді дақылдардың өнімді өсуіне жағдай туғызады. Бұл — үлкен істің басы. Әрине, қиындықсыз болмайды. Бірақ Угрюмов қиындықтан қорқатын адам емес. Өмірдің қара судай тұнған тыныштығынан гөрі асау толқынды ағысына жаны құмар. Оның қазір айналаға қобалжи қарап тұрған кейпінен осы сұраққа жауап іздеген мазасыз күй аңдалғандай...
Ал Қазыбай Тілеуқабақов болса, о да сан өткелден өткен, сан қиындықты жеңген адам. Бұл да қазір қалың ойда. Кенет оның есіне сонау елу төртінші жылдың боран-шашынды бір күні түсіп кетті. Күн ызғырық желді, өте суық болатын. Сол февральдың аязды күні алғашқы тың көтерушілердің бірі болып, Отан соғысының солдаты, отыз бес жасар коммунист, соғыс алдында ғана ауыл шаруашылық техникумын бітірген Қазыбай Тілеуқабақов Сарыарқаның қар басқан осы алып даласына келген.
Елсіз даланы жаңғырықтырған ауыр «ЧТЗ» тракторларының гүрілі басылмастан, үлкен-үлкен шаналарға орнатылған ағаш үйшіктерден бір топ қыз бен жігіт секіріп түсе қалған. Бәрінің де үстерінде қысқа тон, аяқтарында кигіз байпақ, құлақшынның құлағын түріп алған. Ысқырған үскірікке қарамастан, олар қатып қалған қара жерді қардан аршуға кіріскен-ді. Соның бірі осы Қазыбай еді. Бір сағаттан кейін қардан аршылған алаңда алғашқы қазық қағылған. Ол бірінші қазықты осы «Алтын арай» совхозының болашақ директоры Қазыбай Тілеуқабақов қаққан. Міне, сол алғашқы шатырлар құрылған жерде қазір «Достық», «Коммунистік», «Бейбітшілік секілді көше аттары бар «Алтын арай» поселкасы тұр... Әрине, оның қуануға да, мақтануға да қақысы мол! Ол сол бір тың игерушілерден ерлік, жігер тілеген қаһарлы күндерде жан тәнін аяған жоқ. Ауру-сырқаулығына қарамай, күрестің алдыңғы шебінде болды. Өзін де аямады, жұртты да аямады.
Ал «Алтын арай» секілді үлкен шаруашылықтың бастығы Тілеуқабақов совхоз жұмысын жаңа көзқараспен басқаруға күші жете ме, соны қатты ойламады. Толып жатқан химикаттар, препараттар, культивациялар, бұршақ, жүгері, тағы сол секілді жаңа дақылдарды егу секілді жаңа істерге білімі, қажыры жете ме, жетпей ме, соны есепке алмады. Жетпейтін болса, не істеу керек, бұған да жауап іздемеді.
Қазыбай сол баяғы Қазыбай қалпында қалды. Ал Жер ана толып жатқан жаңа тілектерді тудырды. Бұрын жұмысты тек ақ білектің күшімен, айқайлап шапқан ісімен алып жүрген Тілеуқабақов енді шын сасайын деді. Сасумен бірге әбігерлену келді. Енді оның екі ұрты суалып, көзі шүңірейіп, жүдей бастады. Бұның арты апарып Қазыбайды баяғы еті үйренген жұмыс әдісіне қайта оралтты.
«Алтын арай» өткен жылы әжептәуір өнім бергенмен, тыңды алғашқы көтерген жылдағыдай емес, төмендей түсті. Қазыбайдың енді көңілінде қобалжу туды. Ол бұрынғыдай емес, әлсін-әлсін егінжайға шығатын болды, «неге құнарың қашты?» дегендей қара топырақты уатып, саусақтарының арасынан сусылдатып жерге төкті. Ақыры ол «Алтын арай» жеріне жамандықтың таяп қалғанын түсінді. Директор осындай жағдайда жүргенінде совхозға Алматы ауыл шаруашылық институтын биыл ғана бітірген жаңа агроном келді. Уылжыған жас. Үш ай өткен жоқ, орталық жаңа парторг жіберді. Бұрынғы ауру және жасы келіп қалған парторг Қажымұратовты совхоз боп пенсияға шығарып салды. Угрюмов пен Хасен әке мен баладай, тез-ақ тіл табысып кетті. Неге екені белгісіз, Қазыбай бұған қуанбады. Іштей жиырыла түсті. Сөйтіп жүргенде егіс басталды. Содан бір айдан бері Угрюмовпен кездесіп тұрғаны осы.
Олар тары да сәл тұрды. Парторг пен директор біріне-бірі маңызы жоқ бірдемелерді айтты да, тағы сөйлеуге сөз таба алмағандай тоқтап қалды. Жайшылықта кездессе-ақ болғаны сөз де, тақырып та табылатын. Ал бұл жолы олай болмады. Федор Иванович кенет өзін Тілеуқабақовтың алдында айыпты санағандай қысыла түсті. Тілеуқабақов ат үстінен мызғымай екі күннен бері ұйқы көрмей шаршап жүргенінде, өзінің жас баладай табиғат суретіне масайрай қалғанын ол енді ерсі көрді. Және Қазыбайдың қатыңқы қабағынан оның әлденеге ренжігенін Угрюмов байқап тұр. Мұндайда ол Тілеуқабақовтан ештеңе сұрамайтын. Артынан өзі айтар деп, сөзді басқаға бұратын. Бұ жолы да сол әдетіне салды.
Тағы да сәл тұрып, соңыра басқармада кездесетін боп уәделесіп, Қазыбай атына мінді. Поселкеге қарай жүріп бара жатып, кенет, сонау қазіргі мектеп тұрған алаңды қардан бірге аршыған Губанов тағы есіне түсті...
Порфирий Михайлович Губанов тыңға Саратов облысынан келген-ді. «Үлкен айдындар» деп аталатын деревняда ежелден көп балалы Губановтардың үй-іші тұратын. Бұл деревняны неге «Үлкен айдындар» деп атағанын құдай өзі білсін, дәл жақын жерде айдын түгіл шалшымақ көлшік не жыли аққан өзенсымақ та болмайтын.
Порфирийдің әкесі Михаил Губанов соғыстың бірінші күнінен бастап майданға кетті. Қырық үшінші жылы Сталинград түбінде сержант Губанов Отаны үшін үлкен ерлікпен қаза тапты деген «қара қағаз» келді. Сол күннен, аяғын сылтып басатын почта тасушы Дуня көзін жерден алмай «қара қағазды» ұсынған сағаттан бастап, ауру анасы мен кішкентай екі қарындасының қамы он бес жасар Порфишканың мойнына артылды.
Соғыс кезіндегі колхозда кәрі-құртаң мен әйелдерге қарағанда, мұндай жасөспірімдер ер-азаматтардың орнына жүретін. Порфирийдің ең алғашқы мінгені төрт доңғалақты ескі Харьков» тракторы болды. Ол сол трактормен соғыстың аяғына дейін жұмыс істеді. Одан кейін шынжыр табанды тракторға ауысты. Көп кешікпей комбайнды жүргізуді де үйренді. Сөйтіп Порфирий Губанов мәңгі бақи механизаторлар қатарында қалды.
Губанов бала жасынан-ақ нанның не екенін, оның қолға қандай қиындықпен түсетінін біліп өсті. «Үлкен айдындар» қарайтын аудан қуаңшылыққа жиі ұрынып тұратын көрші ауданда аңызақ жел соғар болса, бұл арада егістік біткен ыстықтан күйіп, жер беті қара қошқылданып, бірден құрғақшылыққа ұрынатын. Ал егер қыс қарлы, жаз жаңбырлы болса, «Үлкен айдындар» өңірінде бітік шыққан егіннен көз тұнатын. Демек, жеңіл-желпі қуаңшылық жылдары да, егер қысы қарлы келсе бұл өңір әжептәуір астық беретін. Өйткені, колхоздың егін даласы әрбір төрт жүз, бес жүз метр өткеннен кейін ағаш шебімен қоршалған-ды. Осы ағаштар желдің екпінін азайтып, қар дымқылының жер құшағынан тез кеуіп кетпеуіне себеп болатын. Ал егер қысы қарсыз, жазы жаңбырсыз жылдары бұл арадағы егінжай өрт шалғандай тақырланып, егін жаз ортасы жетпей-ақ күйіп кететін. Мұндай жылдары, әрине, өкімет колхозшыларға астықпен де, тұқыммен де жәрдем беретін. Бірақ өзінде егін шықпағандықтан «Үлкен айдындардың» сиқы күні бұрын қашатын. Сөйтіп Губанов «астық, проблеманың» не екеніне кітаптардан, ақылды жазылған мақалаларынан емес, өзі өскен колхозы тәжірибесінен мықты қанық-тын. Сол себептен де ол тыңға аттанарында бұл жақта оп-оңай жұмақ орнай қояды деп ойлаған жоқ. Екі кішкентай егіз баласы мен әйелін ертіп, осы «Алтын арайға» жолдама алғанда отыз жасар Порфирий қандай қиындық болса да шыдаймын деп бел буған. Бұған ерген бірнеше колхозшылар да осындай ойда-тын.
Жоқ, Губанов тыңнан жеңіл тұрмыс, не бос жатқан ақшаны күткен жоқ. Он қолынан өнер тамған механизатор өзіне керек пайданы бөтен жерден де табатын еді. Оны тың, миллиондаған адамды тартқандай, өзінің жаңалығымен, алдына қойған ғажайып міндеттерімен тартты. Бүкіл Совет Одағын дүбірлеткен ұран, бұны да үйінде тыныш жатқызбады. Ал тыңға келгеннен кейін, ғасырлар бойы мүлгіп тыныш жатқан, бір шеті мен бір шетіне көз жетпейтін қазақтың ұланасыр ұлы даласын көргенде: «Расымен осыншама дала игеруге көне ме?» деп таң қалды. Соңынан, ең алғашқы соқаны жүргізгеннен кейін, осынау ұшы-қиыры жоқ бос даланың ғажайып астық беретініне күмән келтірген жоқ. Кенет өзінің өмір бойы іздегені, бар қуатын жұмсайтын арманы осы жер екенін ұқты. Бұдан былай қарай басқа арман көксемейтініне қуанды!
Әйткенмен, өмірдің аты — өмір. Қуанышы мен сәтсіздігі қатар жүреді. Ең алғашқы астықты ору, жаңа егістен пісірген ең алғашқы таба нанның дәмін кім ұмытқан? Ал тыңның алғашқы миллиард пұт табысы ше? Губанов бұл табыстарды есінен шығарған емес, осы табысты өз қолдарымен жасаған өзіндей тың игерушілермен бірге жас баладай шаттанған! Ат қиын болған жылдары шамаданын тарс жауып тыңнан қашқан жоқ... «Қайда барам? Қай жаққа бет бұрам?» деп ойлаған жоқ. Өз жерінен, өз елінен қашып қайда барып көгереді? Ал бұл жер өз жері, өз еліңдікі екеніне ол шәк келтірмеген. Осы жер үшін, осы елдің бағы үшін өзінің әкесі Михаил Сталинград түбінде қаза тапқан жоқ па? Осы жер, осы елдің бағы үшін өзі де маңдай терін сорғалатып күзі, көктемі демей еңбек етпеді ме?
Бұл өлкені жат жер екен деп Порфирий еш уақытта ойлаған емес. Сол себептен де, Қарабайдың сөзі оның жүрегіне шаншудай қадалды. Әрине, Қарабайға ол ұлттық, достық, жерді кім бақса, күтсе соныкі екені жайында лекция оқығандай болды. Бірақ бір ақымақтың сұрағына мың ақылды жауап таба алмайды дегендей, ананың миға кірмейтін сандырақ сөзі есінен кетпей-ақ қойды.
Ауыр ойдағы Губанов таң ата ең соңғы боразданы бітіруге айналған кезде бригадаға Тілеуқабақов келген.
Әй, бір тыныштықты білмейтін жан,— деді Губанов ананың қылығына сүйсініп. Сөйтті де, тракторын тоқтатып, директордың жанына барды. Анау да аттан түсті. Тілеуқабақов көңілді екен. Губанов бригада жұмының барысын баяндағаннан кейін бұрынғысынан да көңілденді.
Мен саған былай дер едім, Порфирий Михайлович деді Қазыбай аздан соң,— мен орыс, не украин солдатымен жау шебіне қарсы аттанысқа шыққанымда қатарымда келе жатқан орыс па, қазақ па, әлде белорус па деп қараған жоқпын. Өйткені, бізге керегі — тек жауды жеңу ғана еді. Ал біріміздің жауымыз — бәрімізге бірдей бір-ақ жау болатын. Түсіндің бе? Ал қазір... бәріміздің де істен жатқанымыз бір-ақ шаруа: тыңды игеру.
Бұған да бәріміз бір сапта аттанысқа шықтық. Мен не айтқалы тұрғанымды түсінесің бе? Егер түсінсең, өзің айт.— Тілеуқабақов Губановтың бетіне күдіктене қарады.— Жоқ, ең алдымен маған мұндай сұрақты неге бердің, соны айт.
— Жай, әшейін. Тек сенің ойыңды білгім келіп еді.— Сөйдеді де әңгіме бітті дегендей, Губанов теріс бұрылып кеткен.
Бірақ сәл кешікпей, директордың келгенін біліп, жанына Рамазанның барғанын көрді. Ол қолын ерсілі-қарсылы сермеп, Қарабайдың тракторы жүрген жақты нұсқап, қызулана бірдемені айта бастады.
Губанов ашулана қалды.
— Саған біреу айт деді ме, Рамазан,— деді ол күбірлей ренжіп,— кім сенен сұрады?..
Қазыбайдың мінезі оған таныс еді. Ашу үстінде, істің байыбына жете коймай, кейде ол мәселені күрт кесетін, Губанов қателескен жоқ.
Трактор біткеннің тоқтауын күтіп тұрып, Тілеуқабақов бар бригаданы өзіне шақыртты. Бұл жолы ол жас кезіндегідей қызулық білдірген жоқ. Бұны Губанов бірден аңғарды. Қарабайды шақырып қасына отырғызғанда да ашу көрсеткен жоқ. Сөзін әдеттегісінен көрі аспай-саспай, салмақты бастады.
— Сен менің ағам да, інім де емессің, Қарабай,— деді ол беті ашудан сәл күреңденіп,— балам да, күйеу балам да емессің. Тіпті жамағайыным да емессің. Ал бірақ сен үшін мен неге жерге кірердей бон ұялып тұрмын, Қарабай? Мына адамдардың бетіне қарауға неге бүгін менің жүзім шыдамай тұр? Өйткені, мен ұялып тұрмын. Юханьға да, Миколаға да, осы тұрғанның бәріне де қарауға менде бет жоқ. Ал Порфирий Михайловичқа мен қалай қарай алам? Мен соншама неге ұялып тұрмын, Қарабай? Ұялатын ештеңе істеген жоқпын ғой. Неге үндемейсің? Қандай жауап қайтаруды білмей тұрсың ба? Онда мен айтайын саған, Қарабай. Сен секілділерге біздің совхозда орын жоқ. Ондайларға менің айтарым...— Қазыбай тек осы ақырғы сөзін кенет қатты дауыстап айтты. Оның үні бұ жолы тамағына бірдеме тірелгендей, қырылдап шықты:— Қош бол!..
3
Амал қанша, Хасен өстіп, әкесі мен шешесінен тірідей айрылып, жетім қалды. Бірақ осының бәрінің есесіне, ол әрі абзал, әрі ақылды нағашы атасының қолына көшті. Ол табиғаттың да, адамның да назарынан тыс қалған осынау байтақ даланын жүйрік Желдей ілгері қарай зымырап бара жатқан өміріне үңіле түсті. Керек десеңіз, дала қаздары мен үйректерінің қандай шөптің қандай қопаның арасына ұя салатынына дейін, қыр жуа мен ой жуаның қандай жерде өсетініне дейін жақсы білетін... Қысқасы, абзал атасының ерекше тәрбиесінің арқасында Хасен қаршадай күнінен бастап-ақ табиғаттың сырын да, тілін де жетік түсініп ер жетті... Жетіге жетпей тұрып, атасы берген асау құнанды үйретіп мініп, cap далада сағым қуып, желдей есті.
Ауыл балалары да Хасенді жанындай жақсы көрді. Хасен де, олармен кездесе қалса-ақ шүйіркелесе кетіп, білегін түріп, ойынға қызу кірісуді әдет етті.
Бірақ Хасен анасын ұмыта алмады. Анасы да оның көз алдында анда-санда елес беріп, өзін-өзі ұмыттырмады. Сондықтан да баланың қиялында қадірлі ана кеткен сапарынан бір күні қайтып оралатын сияқты болды да тұрды. Анасының тірі екенін жақсы білетін бала оның, бұған қайтып бір соғатынына күдіктенбеді.
Тағы бір керемет қасиет: ескі ертектер мен хикаяларды атасы мен жиеніне әрдайым аңыратып айтып отырудан бір талмаушы еді, Бүкіл халық даналығын бойына түгелдей сіңіре алған қария ескі ертектегі өмірді суреттегенде жиені оны ұйып тыңдайтын.
Бір күні Оңдасын қарт жиенінен:
Сенің бидай туралы аңызды естігенін бар ма? — деп қалды.
— Жоқ!— деді, жұлып алғандай бала.
— Тыңдағын. келе ме, айтып берейін...
Баланың көздері жанарынан от шашып, жайнай түсті..,
Айтшы, ата, тыңдайын...
Қария әлуетті қолымен күмістей аппақ сақалым бір сипап қойып әңгімеге кірісті...
Адам баласы дон егуді ғаламды топан су баспастан бұрын білетін,— деп бастады қарт хикаясын,— егіншілікпен, әсіресе, қазақтар тым ерте шұғылданған көрінеді...
Қазақ елі сол кездің өзінде осы қазіргі біздің жерімізде тұрады екен. Және құрғақшылыққа төзімді дәнді өсіруді біледі екен. Дүние жүзін топан басардың алдында Нұх пайғамбар бір диқан қазақты шақырып алады да, оған таяуда дүниені топан суы қаптайтынын айтады.
Сонда қазақ пайғамбарға:
— Ақылыңызға дән ризамын. Қара бастың қамы қашпас. Айтатын тағы қандай өсиетіңіз бар?—деп сұрайды.
Сонда Нұх:
Топан суы толастағаннан кейін жаңа тіршілік басталады. Бірақ ұзақ уақытқа дейін жапырақ шығып гүлденіп, бұтақ көктеп бүрленіп кете қоймайды. Хайуандар да болмайды. Оларды бірден-бір мен өз кемемде ұстаймын. Ал сен марқұм болып кетпес үшін құрғақшылыққа төзімді мына бидайдың дәнін сақтауға тырыс... Түбінде игілікті осыдан көресіңдер,— дейді.
Қарт әйелі мен жалғыз баласын ертіп, бір қапты таба нанға толтырып алады да, Ұлытаудың ең биік шыңына көтеріледі. Ол кезде бүкіл жер шарында Ұлытаудан биік тау тіпті де жоқ болса керек...
Бір күні топан басталып жүре берді,— деді Оңдасын қарт.— Жер бетіндегі мал да, жан да, аң да — бәрі түгел суға батып, дүние қараң қалады... Тек Ұлытаудың үстіне шығып үлгерген шал, оның әйелі мен жалғыз баласы ғана суға кетпейді. Қайда екені белгісіз, әйтеуір, бір биік таудың қиясын паналап, өзінің алып кемесінің үстінде Нұх пайғамбар тірі қалыпты. Бірақ ол жарықтық жалғыз емес, кеменің үстіне бүкіл аң мен хайуанның түрлерінен салып алған көрінеді.
Топанның неше күнге, неше айға, тіпті, неше жылға созылғанын осы күнге дейін ешкім білмейді. Әйтеуір аңыздың айтуынша, Ұлытаудың қиясындағы үш адам үш күн сайын нанның бір үзімін ғана бөліп жеп, көптеген күндерді өткізеді. Ақыры нан да бітуге таялады...
Соңғы таба нан қалған күні қарт баласын шақырып алады да:
Біз, шешең екеуміз, енді көпке бармаспыз, аранын ашқан ажалдан құтылу бізге оңай болмас, өйткені мынау аштық мүлдем меңзеп барады... Бірақ біз өлгеннен сен өлме, сен жассың, әлі көрешегің көп... Мына соңғы таба нанды сен ал да, аз-аздап қана жеп, көктемге дейін жеткіз!—дейді. Сөйтеді де, шал қойнынан бір кіп-кішкентай былғары дорбаны суырып алып баласына ұсынады.
Мынау дорбада,— дейді ол балаға,— бір уыс қана құрғақшылыққа төзімді қызыл бидай бар... Бұл бидайды сен аштан өліп бара жатсаң да жеме!.. Көктем шығысымен-ақ оны жерге сеп... Сонда ғана өзің тірі қаласың. Және сенен тарайтын болашақ адамзатқа өмір бересің...
Кешікпей-ақ шал мен кемпір аштан еледі. Зырлап күдер өтіп жатады. Бала бәтерінің жартысы ғана қалады. Бірақ Ұлытаудың қиясына жете алмаған қиян су жаз шыға төмендеп, азая бастайды. Судан құтылған тау жотасына бала баяғы бидайды егеді. Қалған жарты бәтер біткенше, қаулап бидай да шығып үлгереді... Міне, топаннан соңғы адамзаттың өмірі кәрі әкенің жүрегіне сақтап баласына берген бір уыс бидайынан басталған екен,— деп қария сөзін аяқтады.
Осы аңызды Хасен соңынан сан рет есіне түсірді.! Есіне түскен сайын аңыз Хасенге халық даналығының жаңа бір сырын, жаңа бір маңызын аша түсті.
Жылдар жылжып өтіп жатты. Баласы он жасқа шыққанда, Атымтай минералды жер тыңайтқышын жасайтын фосфорит кенін шығаратын Қаратауда жұмыс істеді. Ол әлі бойдақ болатын. Атасымен екеуі елден көшіп келіп, қыс бойы әкесімен бірге тұрды. Хасен орыс мектебіне түсті. Бала көп кешікпей қала өміріне көндігіп кетті. Тек барлық өмірі керме иық cap далада өткен қария қала тұрмысына шыдай алмай-ақ қойды. Іші пысты. Атымтайдың ыстық-суық суы бар, бумен жылытатын үлкем үш бөлмелі тамаша кең пәтері оған абақтыдай болды да тұрды. «Шіркін, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім»,— деген сияқты, оның әрдайым пеш жағып жылынатын жаман саман үйі көз алдына елестей берді. Сөйтіп, ол тіпті бұл өмірге еш үйрене алмады. Үй ішіндегі әжетханаға бару үшін де басына тымағын, үстіне киімін қымтанып киініп алатын. Егер жиені атасының осы жағдайын мазақ етіп күле бастаса, ол оған:
— Әй, Хасенжан-ай, жетпіс жас аз жас емес, қартайғанда бойға сіңген әдеттен қалай айрылайын,— деп күлетін.
Осы үйге кім кірсе де, қария қуанып кетіп, одан:
— Әй, сен біздің елден емессің бе?— деп сұрай бастайтын.— Қалай, биыл ел жайлы ма? Қыс қатты емес пе? Біздің Божбандар мен Жантастар қалай?
Кірген кісімен осылай деп танысатын да, егер ол өз елінен болмаса, әңгіменің бағытын мүлдем басқа жаққа бұрып жіберетін:
— Ә, сен басқа екенсің ғой!.. Мен ол жақта болған емеспін, бірақ естуім бар, о жақта қойыртпақты онша жақсы көрмейтін көрінеді. Оларың дұрыс емес, қойыртпақ әлгі борыш деуші ме еді, немене, одан жақсы. ғой.
Содан соң қарт өзімен әңгімелесіп отырған адамға Атымтайдың өздеріне асханадан әкеп беретін там ақтарының аттарын бұрмалай атап, әзіл-сықаққа айналдыра бастайтын. Ондағысы өзінің елді сағынған, ішіне сыймай жүрген мұңын басқаға ашып, шерін тарқатуы еді.
Қарт даланың домбырасы мен әнін, ертектері мен дастандарын, жалпы айтқанда, қазақ жанын әсемдікпен әлдилейтін құбылыстарының бәрін де елжірей сүйетін. Жаздың жібек желін, қыстың қатты боранын да ол қамығып қатты сағынатын. Әділетсіздікті, ақындық жан сезімдеріне нұқсан келтіретін өмірдегі сорақылықтарды ол мейлінше жек көретін.
Американдықтар айға барып қонған күні ол түнеріп, қайғыға енді. Бірақ оның есесіне, қарттың немересі Хасен шексіз қуанды.
— Ата, адам айға қонды! Бұл керемет тамаша емес не!—деп қарияның жанынан шықпай қойды...
Қария түнерген күйінде:
— Жақсы-ақ, бірақ...— одан әрі тілі күрмелгендей, үндемей қалды.
— Бірағың не? Космонавттардың айға қонғанына риза емессің бе?
— Жоқ; ризамын. Неге риза болмайын... Бірақ...
— Тағы «бірақ»? Ата, сенің осы «бірағыңа» мен түсінбей отырмын?— деп немересі ашулана бастады.
Шал сәл басын көтерді де, немересіне үңіле қарап, байсалды түрде жауап берді.
— Сен айдың не екенін білесің бе, өзің? Ол тек сұлулықтың ғана емес, сонымен бірге асқан қасиеттіліктің, парасаттылықтың да бейнесі. Ақындар мәңгі-бақи айды өзінің жырына қосып келе жатыр, қара түнді қақ жарған аппақ ай шапағы табиғат құбылысындағы әсемдіктің ең бір орасан көрінісі. Ол нәзіктіктің және сызылған шынайылықтың да бейнесі... Айды ардақтамайтын қазақ жоқ. Қазақ үшін ай алыстағы арманға тең. Айға қарап адам дәрет алмайды, бейбастақтық істемейді. Өйту, біздің түсінігімізше, кешірілмейтін күнә. Енді сен маған сол қасиетті айдың, ақындық әсемдікпен безенген айдың үстіне барып адамның қонғанын айтып қуанасың... Адам — адам емес пе, ол онда барғаннан соң әсем бетін былықтырып, ойына келгенін істемей ме?.. Сонда сұлулық түсініктен не қалады?
Жас жігіт атасының әсемдікке толы түсініктерінің тас-талқан болып күйреп жатқанын енді ұқты. Ол осылай бес минут бұрын космонавттардың ерлігіне шаттанса, енді атасының айды ойлап, шерге шомғанын көріп, жұбатудың жолдарын іздестірді...
Адам қармағына іліккен айды ойлап қарт ұзақ қамықса да, біраздан соң оның қиялы өзінің күнде көріп жүрген жер тіршілігіне ауысты. Ол кеше осы маңдағы жартылай мал шаруашылығына бейімделген совхоздың түгелдей астық совхозына айналғандығын естіген. Енді соны әңгіме етті.
— Жер бетінің гүлін де, шөбін де жоқ қылып, әсемдігінен айырудың қанша қажеттігі бар?— деді шал түнере түсіп.
— О не деген сөзіңіз, ата, қандай сұлулықты айтып отырсыз сіз?— деді жігіт.— Бидайды неғұрлым көп сенсе, солғұрлым астық молшылығы болмай ма?— Бұл сөздер Хасеннің жүрегін жарып шыққан сөздер емес, кеше ғана газеттен оқып, жаттап алған сөздері.— Мұның бәрі халық игілігі, Отан игілігі үшін...
— Игілік, игілік!..— деп күбірледі қарт.— Қариялар бұрын «байлықтың басы — денсаулық, содан кейін — бес саулық...» деп босқа айтпаса керек-ті. Мал — ел ырысы ғапа емес, жер ырысы... Біздің бала кезімізде малы көп өнердің шалғыны да бітік келетін. Өйткені қыс бойы шіріген шөппенен, қалың малдың жайылымдағы қиыменен жер құнарланып отырады. Мұндай жағдайда жер еш уақытта да ескірмейді. Керісінше, жайнай түседі, жаңара түседі. Ал тебінге деген саланы әрдайым өзгертіп тұруға тырысатын. Жылқы тұяғы ескі қаумен бірге жаңа шығып келе жатқан бетегені де қырқып кетеді. Біздің жігіт шағымызда үлкендер осының бәрін үлкен ұқыптылықпен, есеппен, тәсілмен жүргізетін. Ал совхозды бүтіндей астық совхозына айналдырып жіберсе, жер біткенге жұрт тек егін егуге ғана мәжбүр болады. Ондайда бидай қара топырақтың бар құнарлы нәрін түгелдей сорып алады. Содан жердің азып-тозуы, ескіруі басталады. Мұндай жер жыл сайын мол жауын болып тұрмаса, өнім беруден мүлдем қалады. Құнарлы жер ғана жыл сайын енім береді. Өнім беруге тиіс. Бірақ табиғат бізге ана болғанымен, тым қатал, тым талғампаз ана... Ол өз бағытынан еш уақытта бұлтара баспайды. Егерде жерге біраз жыл демалдырмай, тыңайтпай, ұдайы бидай себе берсек, онда ол өзінің табиғи қасиетін, болмыстағы күшін түгелдей жоғалтады. Мысалы аңызақта соққан жел, сырғыма боранның құйыны да жер бетіндегі бос топырақты аспанға көтеріп алып кететіні сөзсіз. Біздің далада мұндай желдер.мен құйындар, құдайға шүкір, тым жеткілікті. — Шал өзінің сөздерін дәлелдеу үшін немересінің басындағы бөрігін алды да, оның қырылған басын бес саусағымен үздіксіз қаси бастады — Егерде сенің басыңды өстіп мәңгі-бақи қаси берсе, саған шаш шығар ма еді, жоқ па? Жер де сол осы сенің басың сияқты. Оған анда-санда шөп шығарып отырмасаң, ол өзінің бар жерлік қасиетінен жұрдай боп айрылады да қалады.
Қарияның осы сөздерінің бәрі де Хасеннің миына қатты сіңіп қалды. Содан болар, өсе келе ол жерге елжіреп, үлкен махаббатпенен қарайтын болды. Хасен енді тамақсыз, қорексіз өмір сүре алмайтын жерді бойында тіршілігі бар, үлкен бір жанды тұлғаға теңеді.
Кейіннен Хасен атақты профессорлар мен ғылыми-зерттеушілер арқылы жерді өңдеу, тыңайту, жаңарту және оның құнарлылығы мен көп өнім беру үшін не керектігін үйренген кездерінде де, баяғы қарт атасының айтқан уағыздарын есінен шығармайтын. Жер туралы халық ойының даналығы оны сан мәрте қайран қалдырған.
Қария өзінің жиенін табиғатты, жер бетіндегі барлық сұлулықты — аңды, малды, құсты, көлді, ну орманды қалай сүю керек екендігін ғана үйретіп қоймай, адамды да сүйе білу керектігін, жақсы менен жаманды да айыра білуін қадағалайтын-ды.
Қария жиенін тәрбиелеуде жан аяған жоқ. Барлық білімін де, барлық өзінің дұрыс түсінігін де оның санасына құйғысы келді. Бірақ ол жиенінің жүрегінің ең түпкі бұрышында жатқан бір тылсым сырды білмейтін. Ол — жиенінің анасы туралы қиялдары еді. Баланың анасына деген махаббаты барған сайын іштей лаулап, күшейе түскен. Кішкентай күніндегі анасымен еткізген тәтті шақтары есінен ешқашан да шыға қоймаған-ды. Анасын қаншама көп ойласа, Алшынбек Айдынғалиевқа деген ыза мен кек оның көкірегін керней жөнелетін. Бірақ ол Алшынбектің бет-бейнесін, түр-сипатын көз алдына дәл өз қалпында дұрыстап келтіре де алмайтын: оның алдында тек тұманды түс пен мұнарлы сағым тұратын да қоятын. Дегенмен, ол бір нәрсені есінде қатты сақтайтын. Ол — Алшынбектің Хасенді сүйікті анасының жылы құшағынан айырғандығы. Балаға деген ана мейірімі, оның оттан да ыстық махаббаты қандай күшті болса, анасына деген баласынын, сүйіспеншілігі одан да күшті еді. Хасен дүниеде ананы сүюден артық бақыт жоқ шығар деп ойлаудан бір талмаған. Хасен әрдайым Алшынбектен кек алуды ойлайтын. Әзіне, әкесіне, қақпанға түскен орман түлкісіндей шешесіне істеген қорлығы Хасенді Алшынбекке өршелендіре түсетін.
Алшынбек Айдынғалиевтың семья ісінде азғындыққа салынғаны үшін үлкен қызметтен алдақашан босатылғанын Хасен білетін. Қазір Алматыда ауыл шаруашылық ғылым саласындағы елеулі профессордың бірі екенінен де хабардар еді. Өзі онжылдықты бітірісімен Алматыға барып, институтқа түсуді қатты қиялдайтын. Онда ол, әрине, анасын көреді, көреді де оған өкпесін айтып, егіле бір жылап, мауқын басады. Содан кейін Алшынбекпен кездесудің жолын қарастырады. Мұнда, әрине, Хасен Алшынбекпен ерлерше кездесуге тиісті. Сонда Алшынбек бұл кездесуді мәңгі есінде сақтайтын болады!
Ақыры Хасен Алшынбекпен кездесті. Бірақ Алматыда емес, «Алтын арайда». Бұл кездесу Алшынбектің есінде мәңгі қалды. «Алтын арайдың» алқабы Атымтайдың ата-мекен туған жері болатын. Онда оның аға-інілері және қарындастары тұратын. Оңдасын қарт Хасен онжылдықты бітірер жылы қысқы каникулда оны әкесінің туыстарына апарып таныстыруды ойлаған.
— Мен болсам қартайдым, балам, ал сен болсаң жігіт болып қалдың — енді ұяңнан ұшып, өзіңе бақыт іздеп, қияға қанат қағатын шағың таяу. Сондықтан да, өзімнің тірі кезімде сені әкеңнің туған, өскен жеріне апарып келсем бе деп отырмын. Әр адам тек өзінің жақсы әкесінің атымен ғана мақтанып қоймай, оның туған, ескен жақсы жерімен де мақтануға тиісті.
Оңдасын, сөйтіп, жиенін қысқы каникул кезінде Есіл өңіріндегі әкесінің туған жеріне алып келген.
«Алтын арай» бір кезде екі қазақ колхозынан құрастырылған-ды. Сол күннен бері бұл совхоз астықпен қатар, жартылай мал шаруашылығымен де шұғылданып келген-ді: жайылып жатқан бір табын жылқысы мен бірнеше отар қойлары өңірге көрік беретін де еді. Бұрын бұл екі қазақ колхозы өзінің сауын биелері мен арғымақ, жорғаларын мақтан ететін. Ол кезде жылқыны қазақтың ескі салты бойынша қыс бойы далада, тебінде ұстап, тек қар мейлінше қалың түскен кезде ғана қораға қамайтын.
Совхозда жылқы мол кезі және кейбіреулердің қазақтың даласында машина көбейіп, жылқы малын мейлінше азайту керек деген ұшқалақ пікірлерін әлі әйгілемеген шағы еді. Сондықтан да бұл төңіректегі қазақ даласында әлі де жылқы басы сол қалпында сақталған-ды.
Жиенімен келген Оңдасынды «Алтын арай» совхозының директоры, Атымтайдың жамағайын туысы Қазыбай Тілеуқабақов құшағын айқара ашып, қарсы алды.
Қазыбай сол күні-ақ жас қонағына тарту тартты. Қаз мойын қара жорға тайды ноқталап, Хасеннің алдынан өткізгенде, қазақ топырағында туып-өскен албырт ұланның көкірегін кернеген қуаныштың шегі болмады.
— Ендерің қандай еді?— деп сұрады Қазыбай Хасенмен, қалтасынан өткір бәкісін алып жатып.
— Ен дейсіз бе?—деп сасып қалған Хасен атасына бір, директорға бір қарады.
Жұрт ду күліп жіберді..
— Хасен жас қой,— деді Оңдасын,— ол енді қайдан білсін. Бұлардың ені — малдың сол құлағының ұшынан бір тілу болатын.
Күн бата сойылған бағланның еті де үлкен табақтың ішінде буы бұрқырап дастарқанға қойылды.
Ас ішіп, жайласқаннан соң жұрт әңгімеге ойысты. Қазыбай да өзінің қонақтарына совхозды құру жолындағы бастан кешкендерін ағыта бастады.
— Сол бір кезде,— деп бастады әңгімесін Қазыбай,— біздің кішкентай екі колхозға отыз мың гектар тың көтеру керектігін хабарлағанда, біздің қауымның көздері шарасынан шығып, шаштары үрпиіп кетті. Бірақ бұл саннан мен онша қорқа қойған жоқпын. Өйткені, маған шабыт берген адамдар бар еді. Мен Орталық Комитеттің қабылдауында болдым. Онда маған қазақтың тың жерін игерудің үлкен маңызы бар екенін, мұның өзі астық мәселесін шешуде бүкіл совет халқының алдында тұрған аса бір күрделі іс екендігін талдап түсіндірді. Айтылған сөздерден мен көп нәрселерді ұқтым, кейбір көмескілеу жағдайлардың байыбына бардым, алдымызда телегей-теңіз жауапкершіліктің тұрғанына енді әбден көзім жетті. Ойлап бақсам, республикамыз аздаған жылдың ішінде ғана жиырма миллион гектар тың жерді игеруі керек екен! Адамды мұндай орасан ерлікке меңзейтін ұлы істен тыс қалуды, әрине, біз үлкен ағаттық санар едік!
Араға сәл уақыт салып мен Асылбек Ахметжановтың қабылдауында да болдым. Ол кезде оның қырықтан жаңа ғана асып келе жатқан шағы. Өзі әрі қарапайым, әрі кішіпейіл, ақ жарқын кісі екен. Менімен ықыласын аудара сөйлесіп, шаруашылығымды, кем-кетіктің бәрін сұрап біліп алды. Содан соң өзінің қол астында істейтін әкімдерге менің барлық тілегімді орындау жөнінде жедел нұсқау берді. Сонымен бірге, Асекең тың жерді көтеруде қазақ халқының алатын орны басқалардан анағұрлым басым екенін нақыштап аңғартты. Тек сол сәтте ғана мен тың жерді игеру мен өнеркәсіпті өркендету саласында халқымыздың алдында тұрған орасан зор міндетті анық түсіндім. Асылбек Ахметжановтың айтуына қарағанда, екі мыңыншы жылдары тек Орталық Қазақстанның өнеркәсібінің өзіне ғана төрт миллиард текшеметр су керек көрінеді. Ал біздің пайдаланып отырған суымыз осы аймақтың сегізден бір бөлшегіне ғана жетеді екен. Ертістің суын Қарағанды мен Жезқазғанға қарай бұру шаралары да осы тілектен туғанға ұқсайды.
Тың жердегі совхоздардан басқа, қазақтың бөтен жерлерінде де ірі-ірі жаңа шаруашылықтар құру керек екендігін мен сол күні естідім. Тек Бақанастағы Қараой жазығының өзіне ғана күріш өндіретін он шақты совхоз ашу керек көрінеді. Бірнеше жаңа қалалар мен жаңа жолдардың, толып жатқан жаңа өнеркәсіп орындарының салынатынын естігенде мен республикамыздың болашағын көз алдыма елестетіп, қайран қалдым. Маған өлкеміздің өмірі туралы сыр шеті, басшымыздың толып жатқан сандарды өлеңдей ағытып отырғанына таң қалдым, риза болдым. Осы әңгімелерден кейін біздің совхозға жүктелген баяғы отыз мың гектар жерді игеру жөніндегі үрейім түк емес, жәй бір оп-оңай іс сияқты болды да қалды.
Енді іштей езімді өзім сөге бастадым: «Япыр-ай, алдарына осындай орасан ірі міндеттер қоятын адамдар да бар екен ғой. Ал менікі не? Бір совхозды ұйымдастырудан қорқып, зәрем кетті. Кешегі Ұлы Отан соғысында командир болып, жауға қарсы солдаттарды қалай басқарғанмын мен осы?»
Әрине, сол күні мен совхоз құру жөнінде Ахметжанов жолдасқа сөз бердім. Айтпақшы, ұмытып кетіппін ғой, Асылбек Ахметжанов өз республикасының жағрафиясын өте жақсы біледі екен, дәл міне осы жерден «Алтын арай» совхозын ашуға кеңес берген сол.
— Япырай-а, ә! Ол кісінің тіпті, білмейтіні жоқ екен ғой!—деді қайран қалған Оңдасын.
— Менің ойымша, Асекеңнің өз өлкесінде бармаған жері де жоқ шығар дейім!—деп жауап берді директор.
— Онда ол кісі қандай жерді мал жайылымына қалдыру керек екендігін де жақсы білетін шығар?
Қазыбай жауап беруге үлгірген жоқ. Есік ашылып, үйге екі кісі кіріп келді. Екеуі де ірі денелі. Үстерінде шолақ тон, аяқтарында кигіз байпақ, бастарында түлкі тымақ. Белдерін буған оқты белбеулері мен қолтықтарындағы құндақталған мылтықтарын көргенде, бұлардың аңшылар екенін үйдегілер айтпай-ақ аңғарды,
— Ассалаумағалайкүм!—деді олар үйге кіре.
— Уағалайкүмассалам!—деп жауап қатты үйдегілер,— шешініңіздер, төрге шығыңыздар, тамаққа отырыңыздар!..
Кіргендер шешіне бастады. Үй иесі түрегеліп, олардың тымақтары мен қысқа тондарын алып, киім ілгішке ілді. Ал мылтықтарын бұрышқа сүйей салды.
Келгендердің біреуі бетінде секпілі бар, еңгезердей қара, аудандық милицияның бастығы екен. Отырғандардың көздері екінші кісіге жебедей қадалуда. Бұл — сұңғақ бойлы, кең иықты, қара торы, бет бейнесі ажарлы келген, арасына аздап қана ақ кірген толқынданған ұзын қара шашты, қырықтан асып бара жатқан адам. Үлкен, әдемі көздері ойнай түсіп, о да дастарқанға таяу келіп отырды.
— Иә, сапарыңыз оң болсын, Алшеке!— деді үй иесі сәл зілді үнмен.— Осы сізді көрмегелі де көп болды-ау?..
«Алшеке» деген сөзді естігенде Хасеннің жүрегі дір етті. Оңдасын қарт та отырған орнында қатты да қалды. Беті бүлк етер емес.
— Қыс түскен соң сонарға шығып жүрген бетіміз ғой. Тракторлар келгеннен бері қасқырлар да біздің өлкеден жоғалуға айналды. Тек осы «Алтын арайдың» маңында ғана бір топ ұялы қасқыр жасырынып жүр деген қауесет хабар естідік...
— Япыр-ай, ә! Сонау Алматыдан осында қасқыр іздеп келгеніңіз қызық екен!..— Үй несі көңілсіздеу тіл қатты. Оның қара көз, дөңгелек жүзді әдемі әйелі шай толтырылған кеселерді меймандардың алдына қойды.— Естіп жатырмыз, үлкен ғалым болып кеткен көрінесіз...
— Үлкен болсын, болмасын, әйтеуір, ғалым деген атқа ие екеніміз рас...
— Жөн екен...— деді дауысын бәсеңдетіп Қазыбай,— Алматыңыз қалай? Үй-ішіңіз түгел есен-сау ма?— деп, қазақтың әдет-ғұрпынша сұрақтарды жаудыра бастады.— Біздің Бибіғайшаның халі қандай?
Хасен селк ете түсті де, сұп-сұр болып кетті. Оның көз алдында мына ажарлы кісінің жарқын жүзі кенет бұлдырланып кетті. Ол Хасенге енді нағыз бір зұлым жендет сияқты боп көрінді. Бірақ бала бұны дәл қайда көргенін есіне түсіре алмады! Әлде түсінде көрді ме екен?
Оңдасын қатып қалған күйі, «Алшекеңе» өткір көздерін қадаған қалпынан қозғалар емес.
— Менің осында келуіме де себепкер болған — сол марқұм Бибіғайша... Қазалымыз...— деді Алшынбек ақырын ғана - Таяуда баладан қайтыс болды.
Хасен жүрегіме біреу қанжар сұғып алғандай сезінді. Ол айқайлап жібере жаздады. Қолындағы кесе жерге түсім кетті. Отыруға шыдай алмай, ауыз үйге ата жөнелді. Жүрегі дүрсілдеп, көзіне мөлтілдеп жас келді. Ол сұп-суық босағаға жабысып қалды. Кенет бойын әлгі үйде отырған кісіге деген ашу биледі, үйге қайта кіріп, ойы өлтіргісі де келді. Ол осылай ұзақ тұрды. Сонда ғана барым өксіп-өксіп жылап қоя берді. Жылаған сайын жан жарасы ұлғая түсті. Кеудесінің ар жағында бір арыстан аласұрып жатқандай, жанын қоярға жер таппады. Дегенмен, біраздан кейін жасын тыйды. Өзіне-өзі қайрат беріп, қайтадан үйге кірді. Босағаны аттай беріп Алшынбектің соңғы сөздерін естіді.
— Бибіғайша ақырғы минутіне дейін Хасенді аузынан тастамай кетті.— деді ол ақырын. Бірақ кіріп келе жатқан Хасен жаққа қарай алмады.
Сөйтіп, менің қызымды ажалдан арашалап қала алмағам екенсің ғой!?—деді Оңдасын сұп-суық үнмен.
Қарттың бұл сөздері отқа құйған майдай Хасеннің жарасын тырнай түсті. Оған қайрат бергендей болды. Хасен енді қайтпас шешімге келді: «Шешемнің де, әкемнің де кегін алуым керек!»
— Иә, сақтап қала алмадым.— деді Алшынбек тағы да ақырын сөйлеп.
Хасен шешімге келсе де, Алшынбек сияқты атақты адамды қалай құртып жіберудің амалын ойлап таба алмады. Оның жаутаңдаған көздері бұрыштағы мылтыққа түсті.
Дәл осы бір сәтте совхоздың радисі қолына бір парақ қағаз ұстап, асып-сасып үйге кіріп келді.
— Жап-жаңа рация арқылы хабар алдық: Таймырдан циклон келе жатыр екен. Екпіні тоғыз балл көрінеді. Совхозтрест дереу шара қолданып, малды аман алып қалыңдар деген бұйрық-радиограмма жіберді.— Ол радиограмманы директордың қолына ұстата берді.
— Япырм-ай, ә!—деді Қазыбай қолындағы қағазға төне түсіп.— Таймырдан келуін қарашы тағы. Бұл — Қаражалдың барлық қыраттарына қауіп төнді деген сөз ғой. Орасан дауыл осы алқаптың ойран-ботқасын шығарады енді. Біздің бүкіл жылқыларымыз да со жақта. Дауыл ұзаққа созылса жылқының бірде-бірі қалмай қырылады, жылқыны, әрине, Қарасуға қуып тығады.
Жилым, терең тұңғиық иірім, үш жүз жылқының бірін қалдырмай жұта салуы ғажап емес.
— Қарасуға дейін жүз шақырым емес пе? — деді милиция бастығы.
— Иә,— бұрылып жауап берді Қазыбай,— бірақ Таймырдың дауылы үш күн соқса, не қалады? Жер үстіндегі тіршілік түгел тоқтар. Тоғыз баллды жел гулегенде бір жылқы да оған шыдап тұра алмай ықтай береді. Ақыры Қарасуға барып құлайды.
— Рас, Қарасуға дейін шатқалсыз, сайсыз, кілең жазық үстін тек қар басқан бұтарсыз жалпақ дала.
— Малшыларға тез хабарлау керек!—деп Қазыбай атып тұрды,— Кім біледі, циклонға дейін оларға жетіп те қалармын. Егер жете қалсам, жылқыны Есілдің шытырманды тоғайларына айдап паналатуға болады ғой.— Ол шапшаң киіне бастады да, радиске:— Барлық бригадирлер мен ферма меңгерушілеріне циклон келе жатыр деп тез хабарла!— деп бұйырды.
— Мен де барамын!—деп, милиция бастығы да киіне бастады.
— Онда мен де барайын!—деді Алшынбек, орнынан атып тұрып.— Жылқы айдауға кісі керек болар.
Алшынбек, асылы, қайын атасымен жекпе-жек қалып, оған істеген қылмыстары жөнінде есеп беруден қашқысы келгендей. Оңдасын қарттың ызғарлы кескінінен ол іштей үрейлене бастаған-ды.
— Ата, мен де бұлармен бірге барамын!— деді кенеттен Хасен.
Қарт жиенінің бетіне үңіле қарады да, баланың қайғыдан қашар жол іздеп тұрғанын түсінді.
— Бара ғой!—деді шал.— Қасіретті тек қажырлы жеңеді. Жүрегіңдегі жараңды көріп тұрмын, қарашығым. Қиын сапар, мүмкін жан азабыңды жеңілдетер, бара ғой! Бірақ жылы киін. Менің тор бедеуіме мін. Қандай сұрапыл соқса да тор бедеу сені далада қалдырмас. Мә, мынаны да ал.— Шал балаға бір уыс құрт берді. Қария мұндай жағдайда құрттан құнарлы тамақ болмайтынын жақсы білетін. Құртқа қосып қағазға оралған аспирин де ұсынды ол жиеніне.
Қария дәріні жаны жек керетін. Оған тек аспириннің адамнан тер шығаратын қасиеті ерекше ұнайтын. Өйткені, қазақтың түсінігі бойынша, тер жүрген жерде ауру жүрмейді. Осыған орай Оңдасын қашан болса да қалтасына аспиринді толтырып салып жүретін. Егер өзі сырқаттана қалса аспирин ішіп жазылып кететін. Ол осыным дұрыс па өзі?»—деп ойлады бала. Бір сәт ол жауынын, шылбырын тастай салып, долы боранын үдетіп жатқан дүлей далаға қарай шаба жөнелгісі де келді.
Бала өстіп жүз ойланып, мың толғанды. Жалынды жаны көкірегінде аласұрып, түпкілікті бір шешімге де келе алмады. «Мұндай жағдайда атам қандай кеңес берер еді?»
Кенет Хасеннің есіне атасының ертеде айтқан бір нақыл сөзі түсе қалды. Ол бірде: «Егер сен езіңнің жек көретін адамыңды ажалдан арашалап алып қалсаң, — ол сенің ерлігіңнің сипаты. Егер өзіңді жек көретін адамды қорғап қалсаң, ол — жаныңның жайсаңдығының белгісі. Ал егерде бір-біріңді иттің етіндей жек көт ретін қас жауыңды ажалдан құтқарсаң, ол да сенің асқан абзалдығыңның белгісі» деген-ді.
Асылы, Хасеннің атасы кісі өлтіруді қолдамайтын. «Күнәһарды түзететін ең үлкен жаза — оның айыбын бетіне басып айту,— деп түсіндіретін.— Қасына өлім ойлағаның, оны мұқатқаның емес, керісінше, тіршілікте кездесетін барлық қайғы қасіреттен, азап-мехнаттан құтқарғанын. Тек тікелей өміріңе, не халқыңның бостандығына қауіп төндірген адамды ғана өлімге қиюға болады».
Хасен атасының осы пікірлерін есіне түсіргенде, тағы да бір шешуі қиын жұмбаққа тап болғандай еді. Ол өзіне, не халқының бостандығына Алшынбек қауіп тудырады деп тұжыра алмады. Ал тек жек көргені үшін ауру жамның шылбырын тастай салып, қаша жөнелуді дұрыс көрмеді. Сөйтіп, Хасен дел-сал қалпында, дүниедегі ең жек көретін адамының шылбырынан ұстап, атын жетектеп келе жатты.
...Жел долданып, боран құтыра түсті. Аспан мен жер қабысып дүние жүзі астан-кестең боп аласұрып, мыңдаған қасқыр ұлып жатқан сияқты. Көк те, жер де, бүкіл әлем біткен аппақ. Желі жыландай ысқырған осы аппақ мұхитта жеңімпаз адамдардың қоршауында тобын жазбай кетіп бара жатқан топ жылқы бір кішкентай нүктеге ұқсайды. Үстерін қалың қар басқан салт аттылар аппақ алып батырлар сияқты. Кейде жылқылар тұра қалып шөп іздеп қарды тебе бастайды. Бір жақсысы, бұл араның қары онша қалың емес, сондықтан да тебін малы қар астындағы қаулы бетегемен қоректене алады, Сөйтіп, азын-аулақ тебіндеп тойынып, жылқы шіркін қайтадан алға қарай ентелей түседі. Өйтпеске амалдары жоқ — жынды жел үдей түсіп, артынан қуып келеді.
Күнсіз, айсыз боранды далада Хасен мезгілдің қай уақыт екенінен де адасты. Әйтсе де, әлсін-әлсін барып Алшынбекке екі аспирин беруді ұмытпады. Енді төртеуі ғана қалды. Екі рет ішуге ғана жетеді. «Одан әрі не істеу керек? Әлде осы күйінде бұл профессор ол дүниеге аттанып кетер ме екен? Жоқ, өлмеуге тиіс! Мұндай адамдар оңай өле қоймайды. Ондайлар өзгелерді көрге кіргізбей, өздері көрге кірмейді. Бұлар — жылы ұяда шалқып ескендер. Сондықтан да суық қара жердің қойнына кіре қоймау үшін қатты күреседі».
...Хасен соңғы аспиринін Алшынбекке беріп жатқанда, оның беті быршып терлеп тұрғанын байқап қалды. Мұндай жағдайда атасы көңілденіп: «Аурудың беті қайтты!»—дейтіні бар-тын. Атасының осы сөзі баланың есіне түсіп кетті. «Енді бұл өлмейтін болды!»— деді ол өзіне-өзі.
Хасен дүлей боранмен арпалысып жүріп, қыстың қысқа түнінің қалай өтіп кеткенін байқамай қалған. Таң сібірлеп атып келе жатқан. Ал боран біресе бәсеңдеп, біресе күшейіп, қырық құбылып тұрған.
Ол арпалыста жүріп, қарны ашқанын да ұмытып кеткен екен. Әбден шаршап-қалжыраған кезінде ғана Мүлдем ашыққанын сезді. Дәл осы бір мезетте атасының берген құрты ойына сап ете түсті. Қалтасынан біреуін алды да, аузына салды. Қойдың майын алмаған сүтінен жасаған жұмсақ, дәмді құрт ауызға түсісімен-ақ еріп жүре берді. Енді ол құртты бірінен соң бірін, құштарлана жеп бақты. Міне, осы бір сәтте көреген атасы тағы есіне түсті. Қызының өлімін естіп отырғанына қарамай, боранға аттанып бара жатқан жиенінің қамын ойлап, құрт беруін көрсейші!
Сол мерзімде анасы есіне тағы түсіп кетті, жүрегі тағы күйіне жөнелді. Ол жалт бұрылып Алшынбекке қарады: «Неге мен осының шылбырын ұстап келем?» Бірақ атасының «Жаныңда аш адам тұрса, қолда барыңды бөліп же. Жалғыз жесең тоясың, бірақ адамгершілігіңді жоясың. Ал бөле жесең, мерейің үстем болады! «Өле жегенше, бөле же» деп атаң қазақ босқа айтпаған!»—деген сездерін біреу мұның құлағына сыбырлап тұрғандай болды.
Бала «атамнан алған өнегемді тағы ұмытып кеткен екенмін-ау» деп асыға, қалтасынан бір үлкен құртты алып, аурудың аузына салды. Ауру ұртын бұлтыңдата құртты жей бастады. Жүзінде тіршіліктің бір белгісі пайда болғандай. Ыққалы Алшынбектің қасына серіктері екі-ақ рет келді. Бірінде — Қазыбай, екіншісінде — милиция бастығы. Екеуі де Алшынбектің есен-сау екеніне көздері жетісімен, қайтадан өз орындарына барды...
Хасен табын жылқының соңында екенін жақсы түсініп келеді. Ауыл баласы үшін мұндай жүрістің ешбір таңсықтығы жоқ. Алдарында — үш жүз жылқы. Олар ықтай сығылысып, бір-біріне тығыла жіті басып келеді. Кейде тоқтай қалып, қар тебе бастайды. Арттарындағы Хасендерге бұл тіпті қолайлы — күртік қармен емес, жылқылар салған тебін жол жүруге жеңіл. Дегенмен, екеуінің де аттары болдыруға айналған.
Таң да атты. Үздіксіз ұлуынан талған қасқырдай, борап да сәл бәсеңдей түсті. Бірақ көп кешікпей тағы құтыра жөнелді.
Баланы ұйқы да буа бастады. Көздері бір ашылып, бір жұмылып, мүлдем қажиын деді. Бір сәт ол қалғып кетіп, атынан құлап кете жаздады. Көздерін әрең ашты. Дәл осы кезде алыстан қасқырдың ұлығаны естілді. Жалғыз қасқыр тал май, ұзақ ұлыды: тегі серіктерін «олжаға» шақырып тұрған тәрізді.
Бала құлақшынының құлағын көтеріп анықтап тыңдады. «Сен әзір жалғызсың,— деді Хасен,— серіктеріңді түгел жиып алмай, бізге шаппайсың!»
Ұлып тұрған жалғыз қасқырдың Хасен арлан екенін де бірден ұқты. Арлан қасқыр әр уақытта ішін тарта, дауысын созып, баяу ұлиды. Көп кешікпей-ақ бұған екінші қасқыр қосылды. Ол хабарыңды естідік дегендей қысқа-қысқа қайырып, асыға ұлыды. Бұл қасқырдың қаншығы еді.
Осы ұлулардың бәрін милиция бастығы да есіткен еді. Ол Хасенге таяу келді де, аттан түсті. Сонан соң қосауыз мылтықты құндағынан алып, ердің қасына ілді де, балаға:
— Боран бәсеңдей бастағанға ұқсайды... Бірақ қасқырлар жиылып жатыр. Егер олар жақындай бастаса-ақ, маған хабарла!—деп ілгері жүріп кетті.
Бала да боранның әлсізденіп, күннің сәл жыли бастағанын сезген. Енді ол жан-жағына тесіле қарады. Алайда, төрт аяқты жыртқыштар әзірше алыста сияқты.
Қасқырлар ұлуын ттатты. Бірақ оның есесіне, жер бетінде гуілдеген жел қуған сырғыма боран пайда болды. «Қасқырлар ұлуын неге ттатты?» Ауыл баласы боп дала сырын көп білгенімен, әлі тым жас қой ұлуын тоқтатқан қасқырлар бір жерге жиналатынын білмейтін. Ал қасқырлар топтанып, шабуылға дайындалып жатыр еді.
Кенеттен Хасеннің астындағы аты қос құлағын қайшылай, бірдемеден үріккендей, осқыра тыпырши бастады. Осы бір сәтте боран да қайтадан күшейе түскендей болды. Орай да борай гулеген қардан Хасен түк көре алмай қалды. Осыдан кейін әзер жүріп келе жатқан Алшынбектің аты кенет тартынып қап, қалт бұрылды. Хасен шылбырын босатып жіберді. Көзді ашып-жұмғанша Алшынбек ат-матымен көрінбей кетті.
Жылқы малы мұндайда қауіпті адамнан гөрі сезгіш келеді. Боранда қасқырлар адамға шаппас бұрын жел жағынан шығып алып, төрт аяқтап қар лақтырады дегенді Хасен бұрын сан естіген. Сөйтіп боранды қасырлар күшейте түседі. Бұ жолы да олар дәл сөйтіп жатпағанын кім біледі? Алшынбектің мінгені жас жылқы. Қасқырлар семіз малды исінен таныған тәрізді. Хасен атына қамшыны басып жіберіп, Алшынбектің соңынан қуа түсті.
Сасып жүріп ер басындағы қос ауызды Хасен ұмытып кетті. Тек Алшынбекті қуып жеткенде ғана есіне келді. Сонда ғана ол қосауызды қолына алып, желге қарсы басып қалды. Мылтық дауысы гүрс етті. Бірінен соң бірі атылған екі оқ боранды далаға қарай отын жарқ еткізіп жоқ болды. Бұрын мылтық атып көрмеген баланын иығын қосауыз дүмбісі таспен ұрғандай қатты ауыртып кетті. Мылтық атқан жағынан әлденелер қара көлеңкеленіп собалаң-собалаң етіп секіргендей болып елестеп кетті де, жоқ болды. Иә, бұлар қасқырлар еді! Олар біржолата қашып кетпеген тәрізді. Қайтадан шабуылға шықпақшы боп, жиылып, «ақылдасып» жатқандай... Хасеннің жанына милиция бастығы келді. Иығындағы бесатарын алып, қасқырлар тұр-ау деген жаққа екі-үш рет мылтық атты. Бесатар үні гүрс-гүрс етіп айбынды шықты. Сірә, қаңқу оқ әлдеқалай қасқырдың біреуіне тиген тәрізді, кенет қомағай арландардың жаралысын талағанда шығатын әдеттегі ырылдары, гүрілдері естілді.
Содан кейін ешбір үн шыққан жоқ. Сірә, қасқырлар мылтықтан қорқып кеткен болулары керек.
Кешке қарай жел мүлдем бәсеңси түсті. Таңертең аяздан қып-қызыл боп шатынап күн шыққанда, Қарасу маңындағы колхозшылар жылымы мол, қанды көлдің биік жағасының түбіне кеп тоқтаған қалың жылқыны көрді.
Боранда жиенінің өзін қалай ұстағанын естіп, қарт Оңдасын ұзын ақ сақалының ұшын саусақтарымен шиыршықтап ұзақ отырды.
— Алшынбек ол түнді енді мәңгі-бақи ұмытпас,— деді,— өзің де ұмытпа. Адамгершілік деген осылай туады...
Әрине, Хасен бұл түнді еш уақытта да ұмытпайды. Бірнеше жыл өткеннен кейін, институт бітіріп, дипломымен «Алтын арайға» агроном боп келгенінде, бұл араның адамдары оны өздерінің баласындай құшақтарын жайып қарсы алды. Сонау боранды сұрапылда оның ыққан жылқыны құтқаруға қатынасқаны да көбінің есінде қалыпты, Ол күнді Қазыбай да ұмытпаған-ды. Тек қазір Угрюмовтың демеуімен өзіне Хасенді қарсы деп ойлаған Тілеуқабақов іштей оған ренжулі еді.
ЕКІНШІ ТАРАУ
1
Поселке сыртында Угрюмовпен кездескеннен кейін Тілеуқабақов үйіне кеп, аз уақыт демалды да, қайтадан шықты. Совхоз кеңесіне бармастан бұрын фермаларды бір аралап қайту ежелгі әдеті еді. Күнделіктегі мазасыз міндеттеріне кіріспей тұрып, у-шу боп жатқан құс фермасына кіріп, одан кейін шошқа фермасындағы әйелдермен бірер сөз қағысып, МТФ-дағы сауыншылармен қалжың-әзілдері аралас сәл әңгіме құрып мауқын баспай, көңілі көншімейтін. Әсіресе сауын сиырларының қамын көп ойлайтын ойнақы, әзілқой сауыншылармен кездесу оған бір ғанибет іс.
Шошқа фермасын басқаратын Качан оған торайларға арналып жақында ғана салынған қосымша сарайды көрсетіп шықты.
Бұнда сырлы бояу мен қарағай ағаштың иісі аңқып, тұтас шынылы үлкен әйнектерден қиғаштай түскен күн сәулесі құйылып тұр.
— Жарайсың, Игнат,— деді Качанды мақтап Тілеуқабақов.— Астау ағаштарын да таптың ба?
— Бас жұмыс істесе ағаш қайда кетеді дейсіз...— Игнат Фролович май басып кеткен кішкентай көздерін сығырайта қулана күлімсіреді.
Неге екенін Қазыбай өзі де білмейді, Качанды суқаны сүймейтін. Бірақ Игнат Фролович жұмысын білетін, табанды адам. Директор, амал жоқ, оның бұл қасиетімен санасуға мәжбүр-тін...
— Әрине, әрине,— Тілеуқабақов басын изеді,— сөз бар ма, сенің басың істейді.
— Онда да сіздің жәрдеміңіздің арқасында... Сіздің жәрдеміңізсіз ештеңе де істелген емес... Есіңізде бар ма, біз жұмысты неден бастағанымыз? Иә, осынын бәрін бірге бастадық, байқаймын, енді бірге бітіретін тәріздіміз ғой, Қазеке.
Тілеуқабақов түсінбей қалған тәрізді.
— «Бірге бітіремізің» қалай? О не деген сөзіңіз, Игнат Фролович?
— Ел құлағы елу, әр түрлі сөз шығып жүр ғой. Бізге Угрюмовты босқа жіберіп отырған жоқ дейді жұрт. Ал жаңа адамға бұрынғы істелген істің анасының, мынасының ұнамайтыны белгілі... О кісімен біз әр түрлі жандармыз, Қазеке. Жүрегім сезеді...
Тілеуқабақовтың есіне таңертеңгі Угрюмовпен кездескені түсті.
— Әр түрлі жандар екеніміз рас та болар. Соның өзі дұрыс па деймін.
— Олай демеңіз, Қазеке, олай демеңіз.— Игнат Фролович күрсіне демін алды,— әр түрлі жандар болғанмен, істейтін шаруамыз біреу-ақ қой. Мұндайда кім-кімді жеңеді, іс аяғы әрқашан да солай бітеді.
Качанның жаны ашығандай боп күрсінгені, өзіне аяй қарағаны, алдымен Қазыбайды қысылдыра бастады да, кенет ашуына тиді. Тілеуқабақовтың ашуланғаны соншалық ол не дерге бірден жауап та таба алмай қалды. Директорат жағдайын дер кезінде ұққан Качан дәл осы сәтте Қазыбайға торайлардың жемі жайындағы бір қағазды ұсына қойды. Тілеуқабақов қол қойып, қағазды Качанның өзіне қайтарды. Әңгіме енді өзінен-өзі бітіп қалды.
Қазыбай МТФ-ға таянғанда күн әжептәуір жоғары көтеріле түскен. Сиыр қорасы. Әрбір бөлшекте үштен-бестен тұрған дорба желінді, шаңырақ мүйізді көп сиыр.
— Глаша, сен шұбар тайыншадан сақтанып жүр,— деді ферма бастығы Айжан, елулерге таяп қалған қазақ әйелі,— мінезі шәлкес, сүзіп тастап жүрмесін...
— Сүздіртермін!—деді күліп, бөкселі келген, кеудесі тырсиған, ақсары әдемі сауыншы,— екеуіміздің мінезіміз ұқсас екенін шұбар тайыншаның өзі де сезеді...— Іле-шала дауыстап жіберді.— Ой, директор келе жатыр.
— Қайда?.. Ол егіс басында емес пе еді? — Айжан бұрыла қарады. Әйелдердің бәрі енді шошқа фермасынан бері қарай аяңдаған Қазыбайды көрді.— Келіп қалған екен ғой... Айжан директорды құрметтеп сыйлайтындығын білдіргісі келгендей,— бір тамаша адам...— деді. Не шаршауды, не шалдығуды білмейді... Келмей жатып көрдіңдер ме, фермаларды аралап жүргенін...
Өйтпесе, кім бізді тәртіпке шақырады!—деді екі бетінен қан тамған, дөңгелек жүзді жас әйел күліп,— әйтсе де... бұл жолы...— Жас сауыншы көзінің қиығымен үсті-басын жөндеп жатқан Глашаны көрсетті.— Тақа жай келе жатқан жоқ қой деймін.
— Түсінікті,— деді әйелдер жымыңдай күліп.
— Ешбір «түсініктілігі» жоқ.— Глаша қызарып кетті.— Алқам-салқам болып жүруді жақсы көрмеймін.
Жетеді, қыздар... Глашаның ойы бізге белгілі ғой.
Қойыңдаршы! Глаша ашуланып теріс бұрылып кетті.
Осыдан үш жыл бұрын Тілеуқабақовтың әйелі Маржан автомобиль апатында қайтыс болған. Содан бері ол бойдақ-тын. Ер жеткен екі баласының біреуі қалада заводта жұмыс істейтін, екіншісі Алматыда оқуда-тын. Қазыбайдың Глашада көңілі бар деген поселкеде тараған өсек-аяң сөз бар-тын. Бұлардың қалжыңының төркіні осында еді.
Әйелдер сөзін аяқтағанша, Қазыбай да келіп жетті. Ол бастық, екенін әдейі сездіргісі келгендей сауыншылармен ресми түрде ғана қол алысып амандаса бастады. Әйелдердің қалжыңынан қаймықты ма, әлде бөтен себебі болды ма, тек Глаша ғана жақындаған жоқ, шетте тұрып қалды.
— Жұмыстарың қалай? — деді директор Глаша тұрған жаққа қарауға бата алмағандай, Айжанға бұрылып.
— Жұмысымыз жаман емес,— деді Айжан, Қазыбайды Глаша жаққа қарасын дегендей директордың арт жағына шығып,— тек біздің қыздар биыл сиырымызға балауса, жүгері, бұршақ қосылған жемшөп болар ма екен деп жанымды шығарып жүр.
Тілеуқабақов Айжанға тағы бұрылды.
— Немене, сиырларың жоңышқа араласқан көк майса шөптен жеріп қалды ма?—деді ол қабағын шытып. Осы кезде Глашаның күлімсіреп тұрған көзіне көзі түсіп кетті. Шытынаған қабағы жадырап сала берді, даусы да өзгеріп кетті.— Биыл біраз жерді жүгері мен бұршаққа арнадық қой... Тек шықсын деңдер...
— Иә, тек шықса екен... Өзіңіз де түсінесіз ғой, байлаудағы малға құр боз, кекіре салом...— деп келе жатыр еді Айжан, Қазыбай сөзін бөліп жіберді.
— Со да сөз болып па! — Директор қайтадан қабағын шытты.— Алдымен ең негізгі астық мәселесін шешіп алмай...— оның көзі қайтадан Глашаның көзімен кездесті. Тағы жүзі өзгере бастады. Бірақ бұл жолы Глаша «сен не айтып тұрсың?» дегендей жақтырмай қарады. Тілеуқабақов сасып қалды, не қыларын білмей Айжанға дүрсе қоя берді.— Алдымен өзің сиырларыңды көрсетші... Дұрыс күтіп жатырсыңдар ма, әлде...— Ол кілт бұрылып сиыр қораға қарай аяңдады.— Егер кемшілік тапсам маған өкпелемеңдер...— Қазыбай сауыншы әйелдермен бірге қораға кіріп кетті.
Қақпа алдында тек Глаша мен жаңағы қызыл шырайлы жас әйел Настя қалды.
— Глаша,— деді Настя,— мен түсінбеймін...— Ол Глашаны ренжітіп алмайын дегендей сәл күмілжіді.— Осы ғой сенің қолыңды бір бұлғағаныңнан жаныңа келмей қалатын жігіт жоқ. Сырғауылға несіне қызығасың?
— Түсінбейсің, сен Настенька,— деді Глаша.— Сырғауыл дейсің... Көрмейсің бе қандай жүдеу екенін. Жұмыстан қолы босамайды. Ал көйлегін жуып беретін де адамы жоқ...— Глаша ақырын күрсінді.— Және қандай еңбекқор... өте ұстамды кісі... Бір әйелдің ері бола алады.
— Онда созатын несі бар? Күйеуге шық та ал.
— Саған бәрі оңай, Настенька,— Глаша айыпты адамдай ақырын күрсінді.— Егер жазмыш болмаса қайтесің?! Мейлің сен, мейлің сенбе, Настенька, менің оған шығуым, шықпауым маған байланысты емес...
2
Тілеуқабақов өзінің кабинетіне кірместен бұрын, порткомға қарай беттеді.
Партком терезелері күншығыс пен күнбатысқа бірдей шыққан, кең бөлме. «Т» әрпі Секілденіп столдар қойылған. Төр жағына Маркс, Энгельс, Ленин суреттері ілінген. Өзге парткомдардан айырмасы: қабырғаларына жер қыртыстарының диаграммалары, түрлі дәнді дақылдардың суреттері жапсырылған. Терезе алдында, еденде өткен жылғы бидайдың, жүгерінің, бұршақтың, арпалардың шумақтандыра байланған дәнді сабақтары жатыр. Зілдей стол үстінен бәрінен парторгтың ауыл шаруашылығымен шұғылданатын маман адам екені көрініп тұр. Есік жақта бұрышта, қабырғаға қағып қойған қолжуғыш. Жанында, шегеде кірсіз таза сұр кенеп орамал ілулі.
Тілеуқабақов кешігіп қалған екен. Угрюмов бұл келгенше Қарабаймен сөйлесіп қойған-ды. Парторг Губановтың бригадасындағы болған әңгімеден бейхабар еді. Тек Хасен мен Қарабайдың арасында болған жанжалды агрономнан естіп, трактористі дереу өзіне шақырған-ды.
Бұл екеуінің де әңгімесі ойдағыдай шықпады.
— Бөгет істеме, жолымда тұрма дедім ғой мен оған бар болғаны,— деді Қарабай Угрюмов отырғызған орындықтан әлсін-әлсін атып тұрып,— жұмыс істеп жатқанда Қарабайды тоқтатудың керегі жоқ! Қарабайға жұмысты қалай істеуді үйретудің де қажеті жоқ! Қарабай өзі біледі! Қарабай өзгені өзі үйрете алады! Бір агроном былай десе, жаңадан келгені далой дейді! Сонда Қарабай не істеуі керек? Кімді тыңдауға тиісті?
Көршілерге түсінбейтін адамдай боп, момақансыма, Қарабай! Жер қыртысын аудармай жыртудың неге керек екені саған түсіндірілген.
Жарайды, солай-ақ жыртайық. Ал сонда егін шықпай қалса не істейсіңдер?
— Жаңа жолдарын, жаңа тәсілдерін іздейміз. Бәрібір жаңа жолын табамыз!
— Химияға сенесіңдер ғой! — Қарабай кекете сықылықтай күлді,— жел химия-мимияңмен бірге жеріңді көкке ұшырып әкетсе қайтесіңдер?
— Химиядан бөтен де әдісін табамыз. Бәрібір жерді бүліндірмейміз.
— Бүліндіртпейсіңдер ғой, ә? Сонда қалай, мына агротехника деген пәлелеріңмен жерді тоқпақтай-тоқпақтай біржолата топыраққа айналдырмақсыңдар ма? Он бес жылдан бері жер жыртып келемін. Жер бұрын қандай еді, қазір қандай!
— Сіз немене, біздің ісімізге сенгіңіз келмей ме, Қарабай? Он бес жыл сеніп келіп, бүгін...
— Сенбеймін! — Угрюмовтың бетінің алдынан Қарабай қалқанына мазут тамған жаман кепкесін сілтеп қалды,— жерді енді жөнделеді дегенге сенбеймін! Әбден бүлдіріп болдыңдар.
— Солай де... Сырыңды жаңа аштың ғой, Қарабай!— Угрюмов ерсілі-қарсылы жүре бастады,— мен сізді тек жаңа әдіске ғана қарсы екен десем... Сонда, осындай ойда жүріп, бізбен қалай бірге жұмыс істемексің!
— Жұмыс істейді деп кім айтты? Өздерің істеңдер. Қарабайға басқа жақтан да бірдеңе табылады...
Угрюмов жауап бергенше, Қарабай есікті тарс жауып сыртқа ата жөнелді. Жел екпіні шегеде ілулі тұрған орамалды жұлып еденге түсірді. Угрюмов орамалды орнына ілді де, ойланып, үй ортасында тұрып қалды. Қазір ол Қарабайдан гөрі өзіне ренжулі еді... Екі қолын артына ұстап, қозғалмай, ол осы қалпында ұзақ тұрды. Көңілі қазір өте жабыңқы...
Угрюмов басынан талай қиындық өткен адам. Бұл дүниеде мұратқа жеттім демесе де, өзін еш уақытта да бақытсыз жанмын ден санаған емес. Содан да болу керек, ол қазір сонау басынан өткен тар жол, тайғақ кешулі киын өмірін есіне түсіріп тұр. Кешегі батырақ селоны советтендіру уақытында белгілі белсенді Федор Иванович Угрюмов басынан қандай тартыс, қандай қиындық өткізбеді? Азамат соғысына қатысуға жас болғанмен, осынау тап тартысы шиеленіскен айқастарда, бұ да есесін алды. Иығынан тиген жау оғын соңғы кезге дейін сақтап келді. Сонан соң әрбір минуттың өзіндік тағдыры болған, сонау бір қарқынды кезеңдерде Днепрогэс, Магнитка салынатын қарқынды жылдарда бұл Тимирязев ауылшаруашылық академиясын бітірді. Кәп кешікпей төменнен жоғарылап округтік партия комитетінің бірінші секретары болып сайланды. Содан кейін не болды? Иә, үйінің төбесі құлап жерге түсті. Өзімен жерлес тамаша бір дарынды жас ғалымды нақақ жаладан қорғаймын деп орнынан алынды, партиядан шығарылды. Сосын... Күн көру үшін бір шаруашылық трестін экспедиторлық қызметіне кірді. «Көң құрысса қалпына тартады» деп бұны табалағандар да болды. Аяғандар да табылды. Угрюмов ауыр күрсінді. Ие, осы кезде Ұлы Отан соғысы басталған жоқ па еді? Кешегі округтік партия комитетінің секретарі өзі тіленіп, солдат деген атпен ғана майданға кетті. Адам тағдыры мылтық аузында шешілген осы бір ұлы сында, ол өз партиясын қайта таппады ма? Майданнан коммунист Угрюмов «Даңқ» орденінің үш дәрежесінің бірдей иегері болып оралды. Енді «уһ» деп демін алғандай болып еді, көп кешікпей басына қара тұман қайта қаптады. Бір кездегі партиядан шыққаны, саяси сенімсіздігі еске алынды. Қайтадан өзінің «мамандығы» экспедитор қызметіне оралды. Ие, ие, сөйтті ғой. Тек бірнеше жыл өткен соң барып, елуге таянған кезінде ғана бақыт құсы қайта оралмады ма? Он тоғызыншы, жиырмасыншы, жиырма бірінші партия съездері өтті.
Угрюмов Ауылшаруашылық министрлігіне жауапты қызметке алынды. Көп кешікпей әйелі Варвара Михайловна күрт ауырып, «Тың» совхозына ауысуға тура келді... Угрюмов ой түбіне сүңги түсті... Ие, ие, көп адамнан әділетсіздік көрді... Сан рет жазылмастай болып жаны жараланды. Енді сол Угрюмов өзіне жұрт не істесе, жұртқа бу да соны істейтін қатал адамға айналғалы тұр ма? Угрюмов тағы күрсінді. Жоқ ондай адам болуға тиісті емес. Бұл жұрттың қуанышы мен мұңына ортақ жан ғой, олай болған күнде жаңағы Қарабайды неге шаужайдан алды?
Оған түсіндірудің, көндірудің орнына «қалай бізбен бірге жұмыс істейсің?» деді ғой. Сосын барып Қарабай есікті тарс жауып кеткен жоқ па? Сөйтті ғой. Демек, шындық Қарабай жағында емес, Угрюмов жағында. Бірақ терең қарар болсаң, оның сөзінде де ақиқаттық бар. Әрине, үлкен шындық, үлкен ақиқаттық емес. Олардың жөні бөлек қой, оп-оңай шеше алмайсың! Сол себептен до Қарабайға түсіндіру, ұғындыру керек еді. Өйткені тыңның болашағына сенгісі келмейтіндер бұл совхозда жалғыз Қарабай ғана ма? Тағы бар секілді... Угрюмов сәл сергіп алғысы кеп, үстіндегі көйлегін шешіп тастап, қолжуғыштың қасына келді, мұздай суық сумен кеудесіне дейін жуынуға кірісті. Иіс сабынды көбіктете бұрқыратып, әндете, басып, мойнын аямай ысқылай бастады... Дәл осы кезде есік ашылды. Угрюмов көбіктенген бетін бұрып қарады. Үйге кірген совхоз директоры екен.
— Жаңа сенен, Федор Иванович, Қарабайдың шығып бара жатқанын көріп қалдым. Ол саған совхоздан кет дегенім үшін, үстімнен арыз айтқалы келді ме?— Тілеуқабақов ашулы, ентіге сөйлеп тұр,— барсын! Көзімізге көрінбесін! Оған бұл арада істейтін жұмыс жоқ.
Бет-аузын, құлағына шейін сабындаған Угрюмовтың үн-түнсіз тоқтай қалғанынан Қазыбай оның Қарабай жайында ештеңе білмейтінін жаңа ғана ұқты. Бастан-аяқ болған оқиғаны айтып берді.
Угрюмов бет-аузындағы сабынды жуып, аспай-саспай сүртіп болды да, көйлегіне басын сұғып, етегін арыс кеудесіне қарай тарта бастады.
Киініп болып столының қасына кеп, орнына отырды. Тартпасынан қарындашын алып, сынып қалмады ма екен дегендей, сүйір ұшын саусағымен сипап өтті... Ол Қарабайды тағы есіне түсірді. Жоқ Угрюмовтың көз алдына, трактористің кішкентай ызалы, шүңірек көзді, ашулы бейнесі түспеді, оның орнына Қарабайдың қалқанына мазут тамған, тозығы жеткен жұмысшы кепкесі кетпей-ақ қойды...
— Қарабайды жұмыстан шығаруға болмайды, Қазеке,—деді ол әлден уақытта, сөйтті де қолындағы қарындашын стол үстіне тастай берді. Қарындаштың ұшы парторгтің сөзіне нүкте қойғандай, стол үстіне тарс тиді.
— Сен солай дейсің бе, парторг?
— Иә, мен, парторг солай деймін.
Угрюмовтың сөзін тыңдап, Тілеуқабақов ұзақ үн-түнсіз тұрды. Қарабай ескі тың көтеруші екенін де, оның басынан көрі қолы ақылды екенін де, Қазыбай парторгтан кем біле ме? Кем білмейді... Сонда бүгін таңертең бүкіл бригада алдында Қарабайға айтқан сөзі қайда қалады? Жанына батқан Қарабайдың қылығына шыдай алмай, ол оған «қош бол!» деді ғой. Ал бұл сөзді қазақ қандай жағдайда айтатыны да белгілі...
Бұл сөзден кейін, Қарабайды жұмыстан шығармаса бригада директор туралы қандай пікірге келеді? Әсіресе, Рамазан, Гриша секілді үлкендерге табынып келген жастар...
— Жұмысқа кісі алып кісі шығару директордың шаруасы,— деді ол қабағы қарс жабылып.
— Ол партия ұйымының да шаруасы.
— Қарабайсыз совхоз өмір сүре алмай ма?
— Сүре алады. Бірақ совхозсыз Қарабай өмір сүре алмайды.
— Ал жұрт көзіне мен қалай қараймын?
— Жұрт бұндайға түсіне біледі. О жағын мен өз міндетіме алайын. Ал жұрт көзіне қалай қарау керек екенін сен емес, Қарабай ойласын.
Қазымбай ерсілі-қарсылы жүре бастады. Парторгпен әлі де болса айқаса кетуге бар. Бірақ бұнысы жай, әншейін айтқанының болмағанына өкпелеген түрі... Дәл осы сәтте, аяғында темір тағалы үлкен етігі бар, егін бригадирлерінің бірі Омельченко, үйге кірді. Аласа бойлы, көлденеңі мен ұзындығы бірдей төртпақ Есіктен әзер сыйды. Жолай қолжуғышты иығымен қаға, бос тұрған бір орындықты құлата,үй ішін шуға толтыра кірді. Үнемі кең далада жүріп, кеңдікке үйренгендіктен бе, парторгтың кабинетіне әзер сыйып тұр. Даусы да жұп-жуан. Жұртты шошытып алмайын дегендей ақырын сөйлейді.
Ой, зәре-құтымызды қашырмай, сәл дауысыңды бәсеңдете тұршы, Петрович,— деді Угрюмов сүйсіне күліп.
Өйтуге болады...— Орындықты жаншып жібермейін дегендей бригадир абайлай, оның шетіне отырды,— бұрынырақ айтсаңдар қайтетін еді, енді міне біресе жүгерінің, біресе бұршақтың тұқымы жетпей жатыр...
Қайдағы тұқым? Тілеуқабақов кенет таңдана қалпы Жүгері? Бұршақ?.. Сендердің бригадаларың тек бидай ғана егетіп еді ғой.
Кешігіп қалыпсың, Қазеке, кешігіп қалыпсың... Совхозда не болып жатқанын білмесең сен де қартаяйын деген екенсің. Кенет директорының ашулы түріне көзі түсіп кетіп, қалжыңын тыя қойды,— біз жыртып жатқан жерге де бастауыш партия ұйымының шешімімен жем-шөп дақылдары егілсін деген.
Тілеуқабақов парторгке күрт бұрылды. Бірдеме айтайын деп келе жатты да, өзін-өзі әзер ұстап Омельченкоға:
Петрович, бізді оңаша қалдыра тұршы,— деді.
Өйтуге болады...— Омельченко біресе директорға, біресе парторгке таңдана көз тастады да, темір тағалы ауыр етіктерінің дауысын шығармауға тырысып, абайлап басып, үйден шығып кетті.
— Осы совхозға директор сізсіз бе, әлде менмін бе?—деді Тілеуқабақов сыздана сыбырлай сөйлеп.
— Сізсіз,— деді Угрюмов. Оның даусы тату-тәтті, тіпті кешірім сұрағандай жылы шықты,— бірақ совхозда сіз болмадыңыз, Қазеке, облысқа кеткен едіңіз. Уақыт күтпейтін еді. Осында ойға салдық, кеңестік... Сіз коллективтің пікіріне қарсы болмас деп шештік...
— Жоспарды кім беретін еді, сіз бе, облыс па?
— Облыс берсе қайтейік? Жеріміздің мүмкіншілігіне қарай өзгерттік.
— Сіздің бұл «өзгертуіңіз» үкіметке қаншалық қымбатқа түскелі тұрғанын байқадыңыз ба? Бидайға деген егінжайдың көлемі бірден үш мың гектарға кеміді. Мөлшерден тыс қимылдап кеткен жоқсыз ба, Угрюмов жолдас!
— Тым мөлшерден тыс емес. Келесі жылы егінжайды кем дегенде бес мың гектарға кемітуге тура келеді, — Угрюмов айылын да жимай, еркін сөйлеп тұр,— босаған жерге шөп егу керек.
— Солай деңіз!—Тілеуқабақов парторгке тесіле қарады,— сонда сіз орталықтың нұсқауын еске алғыңыз келмей ме? Әлде ол сізге жатпай ма?
— Неге жатпасын, әбден жатады. Бірақ орталықтың нұсқауы табжылмай, қатып қалған зат емес. Оны орындау үшін творчестволық көзқарас керек. Әр гектарды өзінің мүмкіншілігіне қарай пайдаланған жөн,— Угрюмов шамасы келгенше сабырлы үнмен сөйлеуге тырысты. Директормен екеуінің әңгімесі кенет кикілжің сөзбен басталса да, парторг оған өкіне қоймаған. Әңгіменің осылай қозғалғанын да ол жөн керген. Жаман айтпай жақсы жоқ: Тілеуқабақов қазір ренжулі, өз айтқандары болмай, намыстанып та қалған түрі бар.— Өзіңіз де білесіз,— деді Угрюмов ойын жалғап,— жел эрозиясы күшті болса, жер бетінің екі-үш сантиметрлі құнарлы құйқасын жоқ етуге үш-төрт жыл жетеді. Ал оған шөп егіп, қайтадан егіске жаратқанша, ондаған жыл, тіпті, кейде жүздеген жыл керек болады. Біздің егіс даламызда жел эрозиясы күшті. Сол себептен оған өзгеше қарауымыз керек. Көнгіміз келе ме, келмей ме, бәрібір, дәнді егіс көлемін азайтуға мәжбүр боламыз. Бүліне бастаған жерге шөп егіп, істен біржолата шығарып тастамауды ойлау керек. Көңілімізді бұдан былай қарай, әр гектардан алатын егін өніміне аударуымыз шарт...
— Сізді қалай түсіну керектігі, маған оңайға тиіп тұрған жоқ,— Тілеуқабақов орнынан түрегелді,— мен партия солдатымын. Жоғарғы орындарға сеніп дағдыланғанмын. Олардың нұсқауларын мүлтіксіз орындап үйренгенмін. Өз бетіммен, ойыма не келсе соны істеп әдеттенген адам емеспін. Ал сіз болсаңыз... Угрюмов жолдас, келмей жатып, бүлдіріп барасыз... Қалай атауға да білмеймін... коллективке бас ию ме, парткомге бас ию ме, әйтеуір бір жаңа культ орнатып келесіз...
— Коллективке бас ию, парткомге бас ию секілді культ болса, оның зияны бола қоймас. «Көппен кеңесіп пішкен тон келте болмас» демей ме қазақ? Сіз одан да маған, Қазеке, мынаны айтыңызшы...— Угрюмов кенет күле сөйледі, біз облыстық жоспарлау мекемесіне табыну культінен қалай құтыламыз? Жақында олардан тағы бір бұйрық алдық: Сарыбелдің өңірінде елу гектар бидай егіңдер депті. Ол араға бидай егу де бір, тұқымды желге лақтырған да бір. «Сарыбелге» бидай шықпайды.
— Сірә, ол бұйрықты орындамаған тәріздісіз ғой?
— Орындаған жоқпыз, директор жолдас, орындаған жоқпыз! Сөйтсе де Хасен екеуміз ақылдасып ол араға елу гектар емес, екі гектар тары ектік... Ең алдымен сынап көрейік дедік.
— Мөлшерден тыс еркіндеп кеткен екенсіз, Угрюмов жолдас, тым мөлшерден тыс...
— Ал менің бар ойым — жер халықтың қазынасы екенін түсіндіру. Бар халықтың! Ұқтыңыз ба?
— Мен де солай деймін! Сондықтан да сол халық үшін жердің бар беретімін алуымыз керек!
— Сенің бұл сөзің жер қожасының сөзі емес, тек оны пайдаланушының сөзі!
— Бүгінгі әңгімеден кейін менің түсінгенім бір-ақ, нәрсе, деді Тілеуқабақов,— бір жаққа жол жүретін болсам, сізді ешуақытта да өз орныма қалдырып кетуге болмайды екен!
Угрюмов «мейліңіз» дегендей қолын жайды. Тілеуқабақов әлденені ойлап бір сәт тұрып қалды. Мүмкін, оның есіне Качанның «кімді кім жеңеді!» деген сөзі түскен болар, ол сәл қабағын шытты. Содан кейін Угрюмовке еш тіл қатпай үйден шығып кетті.
— Түсінсем бұйырмасын,— деді өзіне-өзі, жалғыз қалған Угрюмов,— тағы баяғы, жұрттың бәрін мезі қылған, көркем шығармаларда кездесетін директор мен парторг арасындағы конфликт тәрізді бірдемелер басталғалы тұр ма, қалай! Онсыз өмір сүруге болмай ма? Дүниеге көзқарасы өзгеше адамның арасындағы саяси санаға құрылған конфликт болса түсінікті. Ал бізге не жетпейді?..
Екі-үш күн өткеннен кейін Тілеуқабақовты райком шақырып алып, бір айлық семинарға жолдама берді.
Өзінің орнына Қазыбай Угрюмовты қалдырды.
ҮШІНШІ ТАРАУ
1
Угрюмов директор болып қалғаннан бері «өзінің» кабинетіне сирек кіретін. Уақытының көбін егіс даласында, не толып жатқан ферма, шеберханаларда өткізетін. Бір күні ол сол «өзінің» кабинетіне кеп, қағаздарын қарап отырғанында, сүт фермасының меңгерушісі Айжан, ұзын бойлы, бетін әжім басқан шалмен үйге кірді.
Қағаздарға тез қол қойып, шаруашылықтарға барғалы асығып отырған Угрюмов «не айтасың?» дегендей Айжанға қарады.
— Біз жанжалдасып келдік,— деді Айжан.
— Қандай жанжал?— Угрюмов шалға бұрылды...
— Мына кісі.— Айжан қабағымен Зікірияны көрсетті.— «Буденный» мал совхозынан келген қойларды алғысы келмейді...
— Не істеймін ол қойлармен!—деді Зікірия ашуын әзер басып.— Қой деуге аузың бармайды, көздері бақырайған, құлақтары едірейген, ор қоян секілді бірдемелер... Не күз, не жазғытұрым жайылымға айдауға жарамайды. Шал дауыстап жіберді.— Алмаймын! Айтарым осы!
Дұрыс істейсіз, қария,— деді Угрюмов күліп.— Біз Еділбай қойларын өсіреміз дегеніміз қайда?
— Сіз келместен бұрын партбюро осындай қойларды өсіруге ұйғарған болатын,— деді Айжан түсіндірмекші болып, Жайылымға тақа жарамағанмен, қорада жем-шөпке байлауға қолайлы көргенбіз...
— Бізге жайылым қойлары керек. Сондықтан партбюро өзінің шешімін өзгертуге тиісті. Керек болса, мен бұл жайында аудандық партия комитетімен де сөйлейін...
— Ал әзірге партбюроның шешімі өзгермегендіктен...— деп келе жатқан Айжанның сөзін бөліп:
— Міне, бұл жолдастың қимылы ылғи осылай келеді деп Зікірия киіп кетті.— Қит етсе «партбюро, партбюро!» деп шыға келеді. Нағыз әлгі...— Шал сөз таба алмай сасып қалды.
— Формалистика,— деді Угрюмов күліп. Шал қуанып кетті.
— Дәл өзі! Сол бармалайдың дәл өзі!
Угрюмов тағы күлді.
— Тапты жолын!— деді Айжан не күлерін, не ренжірін білмей. Ол шалға ала көзімен қарап, әлі де ашуын баса алмай трұ
Шалдың сөзіне Угрюмов тағы жымиды.
— Жақсы, «Буденный» совхозының қойларын алып қалыңдар,— деді ол, — Басқа біреу қарар. Ал Еділбай қойы жайында соңынан келісерміз...
Айжан шалға «ә, жеңілдің бе» дегендей мысқылдай шекесінен қарады. Қарт жеңілгенін мойындағандай бетін басқа жаққа бұрды.
Бұл шал Айжанның күйеуі еді. Аты Зікірия. Жалғыз қызы биыл Алматы мал шаруашылық институтын бітірген. Жақын арада осы «Алтын арайға» зоотехник боп келген,..
Зікірия жеті атасынан бері қойшы болатын. Өз әкесі, әкесінің әкесі де бай малының соңынан жүріп, боранға үсіп өлді. Ал өзі он жасынан бастап байлардың қозы-лағын бақты. Есейе келе ең алдымен ауыл, онан соң колхоз шопаны боп жұмыс істеді.
Жапан түзде қой соңында жалғыз жүріп үйренген. Сөзге сараң, іске берік. Бүгінгідей көңіліне ұнамайтын бір жағдайлар сөйлетпесе, жайшылықта қара тас қозғалмаса, қозғалмайтын ұстамды адам. Үстіне киюге тері тоны, аяғына сірі етігі, жеуіне құрт, ірімшігі жетіп тұрса, Зікірия жалықпай қысы-жазы қой соңыда жүре береді. Оның есесіне өз ісінің нағыз барып тұрған шебері болып алды. Қай уақытта малға қандай шөп жағымды, қандай шөп зиян, шытыр қай мезгілде көбейеді, қойды жайылымда ыстық, кезде қанша, салқын түсе бастағанда қанша уақыт ұстау керек, бәріне Зікірия жетік. Ешкім осы уақытқа дейін Зікірияның отары не бір апаттан қырылып қалыпты деген сөзді естіген емес. Тек кейбіреулер оның адамға тіс жарып көп сөйлемейтін ұстамды мінезін өздерінше жорып, қойдан бөтен ешнәрсені білмейтін бір сорлы көретін. Бірақ Зікірия ондай адам емес. Өз дегені болмаса бөтеннің дегеніне көнбейтін табанды, қиқар кісі.
Зікірия өзі өмірде есте қаларлықтай үш өзгерісім болды деп санайтын. Бірі — жиырма жеті жасында өзі секілді бір кедей шал қойшының он жеті жасар қызы Айжанға үйленгені. Екіншісі — сол Айжаннан он жыл отасқаннан кейін «көзінің қарашығы», жалғыз қызы Меруертті көргені. Үшіншісі — Меруерт ер жетіп зоотехник болып, әке-шешесіне кіндік кескен туған жерін тастатып, осы «Алтын арай» тың совхозына көшіріп әкелгені.
Зікірияға алғашқы екі өзгеріс сондай қуанышты болғанымен, үшіншісі туралы оны айту қиын еді. Бірақ, амал не, туып өскен жерін қанша қимаса да, бір Меруерт үшін бәріне де көнді, тыңға көшіп келді.
Зікірияның Айжанға үйленген шағы — ауылда мәдениет күресінің лаулай бастаған кезі еді. Қосшы, Қызыл отау, сауатсыздықпен күресу — бүкіл Есіл бойын сілкіндіріп, қазақтың жалшы-кедейін тап майданына шақырған кезі болатын. Зікірия осы істеліп жатқан істің бәрі өзі секілді әлсіздер үшін екенін іштей сезе тұрса да, сол майданның тулаған толқынына қойып кетпеді. Бұған себеп, қойдан қолы босамаса, екіншіден өзінің ежелден тұйық, тез қыза түспейтін мінезі еді. Сондықтан да Айжан сауатын ашуға ересектер мектебіне түскенде бұл бас тартты. Онымен бір партада отыруды ерсі көрді. Ақырында әйелі хат танып шықты да, Зікірия өмір бойы сауатсыз қалды. Айжан белсенділер қатарына ілігіп, партияға кіргенде, бұл тағы қозғалмады. Әйелінің соңынан аңдып жүргендей, толып жатқан жиналыс, үйірмелерге шапқылауды өзіне лайық көрмеді. Ақырында Айжан коммунист атанып, ал өзі «коммунист әйелдің күйеуі» деген атқа ғана ие болып қалды. Бірақ Айжан екеуі қыл өтпес тату-тәтті болды. Бұл тату-тәттілік, әсіресе Меруерт туғаннан кейін бұрынғыдан да күшейе түсті...
Дегенмен жылдар өткен сайын «сауатты, коммунист әйелі мен сауатсыз, партияда жоқ күйеуінің» арасында кейде колхоз, кейде біреулер жайлы пікірлері ұштаспай, қайшы кеп те жүрді. Бірақ ақылды жандар бұл «қайшылықты жоя білді. Көпшілік алдында Айжандікі дұрыс саналып, ал үйде Айжан шалының дегенін бұлжытпай, орындауға тырысты. Бірақ өзі хат танымаған соң Зікірия әйелінің жылда газет, журнал жаздырып алып, қойшы күйеуі мен жас Меруерт ұйықтап кеткен заматта шамды жағып қойып, түн ортасына дейін оқитынына кәдімгідей іштей күйінетін де қызығатын. Ал мен де тыңдайын деуге намыстанатын. Сөйтіп жүргенде Меруерті ер жетті. Енді шешесінің газет, журналын әкесіне қызы оқитын болды. Шал оны бар ықыласын салып тыңдайтын. Кітапта сан алуан қызық барын біліп таң қалатын. Қиялға шоматын.
Әсіресе Зікірия қызының көркем әдебиет кітаптарын оқып беруін тілейтін. Абайдың терең мағыналы сөздері оны талай тебіренткен. Түн ұйқысын төрт бөлген. Зікірияға осы бір ұлы ақын туралы жазылған кітап өте ұнаған. Мұхтар Әуезовтің тіл шеберлігі, сонау ұмытылып бара жатқан өткен заманның суреттерін көз алдында тұрғандай етіп суреттеп беруі, көпті көрген қойшыны таң қалдырған. Халқым, елім деген Абайдың істерін, сездерін құмарта жүрегіне сақтайтын. Ал Абайдың Семейге келіп, Бес Жатақтағы жоқшылықта отырған Дәмежанның үйін көргенде ешбір жәрдем бермегенін өзінше сөкет санаған болатын. «Неге ғана елінен бірер сауын айдатып бермеді екен?» деп қынжылатын.
— Одан Абайдың табары не? Көп болса жоқтықтан бір-екі үйді ғана құтқарар еді. Ал Затонда, қала берді бүкіл қазақ даласында, барлық қазақ кедейлері ауыр тұрмыста отырған жоқ па еді? Абай солардың барлығының қамын ойлап зар қаққан жоқ па?—деген баласының жауабына Зікірия көнбейтін, қарсы тұратын.
— Ұлы іс өз алдына,— дейтін ол.— Ұлы адамның ұлылығы уақ істе де көрініп тұруға тиісті. Өзің маған оқыған жоқ па едің... Ленин...— деп Меруерттің өзіне оқыған әңгімелерінен Лениннің кішкентай адамдарға істеген жақсылықтарын, ұсақ істегі үлкен адамгершіліктерін қайтарып айтып беретін. Мысалға ол Сібір аңшыларының Ленинге құс атып әкелгенін есіне салатын.
Ол сөзінің аяғында:
— Көрдің бе, Ленин өзіне әкелген құстарды тегіс жетім балаларды бағатын үйге бергізген. Ең болмаса өзіне бір қанатты да алып қалмаған. Ленин де үлкен істер жайында ойлап келді ғой. Бірақ сол үлкен істің өзі де уақ, кішкентай істерден құрылатынын білетін,— деп қалың кітаптарда жазылған ақылды сөздерге, өзінің өмірдегі, тәжірибесінен туған кішкентай ойларын қосып, қызына деген өсиетін бітіретін.
Зікірия қызын жас күнінен осылай тәрбиелеген. Ал Меруерт институтын бітіруге айналғанда ол бұрынғыдай ақыл үйретуді қойған. Енді одан әр нәрсені өзі сұрап, өзі білгісі келетін.
— Коммунизм орнағанда, қалай, қазақ тілі, оның әні, күйі болмай ма?—деп қызына, көптен бері көкірегінде жүрген құпия сырып ашып сұрақ беретін.
Әкесінің мұндай аңғал, тайыз сұрақтарына Меруерт ренжімейтін де, күлмейтін де. Ол сауатсыз қарт әкесінің көкірегінде бүгінгі күннің тұрмыс-тіршілігі ғана емес, келешектің қамы да жүретінін білген.
Коммунизм барлық ұлттардың мәдениеттерінің ең шыңға шыққан биік сатысындағы нәтижеден құрылады,— деп Меруерт түсіндіре бастайтын. Әкесі ұғатын бұлардан жеңіл, қарапайым сөз таба алмағанына ол іштей ренжіп те қалатын. Сөйтсе де шамасы келгенше түсіндіруге тырысатын.— Басқа ұлттардың да, қазақтың да әдет-ғұрпындағы, мәдениетіндегі ең қасиеттілері, жақсылары коммунизмге барады. Ал шірік, ешкімге керегі жоқ дәстүрлер, құнсыз әдет-ғұрыптар өзінен-өзі құрып бітеді...
Зікірия ойлана:
— Онда... Замана, уақыттың өзі керегі мен керек емесін таңдайды екен ғой. Өзі мынау жақсы, мынау жаман деп көрсетеді екен-ау,— деп өзінше анықтап алатын да, қайтадан:— Солай болуы керек қон... Бірақ бір үлкен бастық домбыра мен ет ескіліктің қалдығы деп айтыпты ғой. Ол неге үйдеді? Біреу домбыраға қосылып ән айтқысы, не безілдетіп күй тартқысы келеді... Ал етке келсек... Біреу палауды, біреу тары ботқаны сүйеді. Бес саусағыңды салып жіберіп асайтын балбырап піскен қазақы еттің қандай айыбы бар?..
— Ондай сөзді о кісі қандай оймен айтқанын білмеймін,— дейтін Меруерт әкесіне жауап беріп,— коммунизм кезінде жұрт қалай тұрады, үлкен оқымыстылардың өздеріне де әлі айқын емес. Ал жаңағы өзіңіз айтқан бастық та сол оқымыстылардай білгір көрінгісі келген болуы керек. Не болмаса,— Меруерт жымия күлетін,— о кісінің асқазаны ауыратын шығар. Дәрігерлер ондай жағдайда от жеуге болмайды дейді ғой...
Әке-шешесін өзі жұмыс істейтін «Алтын арай» тың совхозына Меруерт шақырғанында Зікірия барар-бармасын білмей көп толқыды.
Қазір, бұрымы жайлауда тек Зікірияның үйі ғана қалған. Өзге жұрт көшіп кеткен. Ал Зікірия болса, колхозға барып қосылуын не жалғыз қызы шақырған тың совхозына көшуін білмей, жер шұқылап қала берген.
...Демек үй де жығылған. Азды-көпті мүлкі де, жалғыз кер шолағы жегілген ырдуан арбаға әлдеқашан тиелген. Атының басын қай жаққа қарай бұрарын білмей, ескі жұртында тек Зікірия жүр. Жұртында қалған ескі-құсқыларын жинаған боп далбасалауда. Қалын қабағын түкситіп, қырау басқан ұзын мұртының ұшын қолымен шиырып, анда-санда әйелі Айжанға ашулана қарап қояды. Басына ақ жаулық, үстіне қара мақпал камзол киген Айжан арбаға тиелген жүктің ен үстіне арқаңмен мықтап шандылған, қызыл-жасыл қаңылтырмен көмкерілгем үлкен сандықтың үстінде отыр. Бұның да түрінде үлкен кейістік сезіледі.
— Колхозыңның соңынан ерем десең ере бер, мен сені ұстап тұрған жоқпын,— дейді Айжан,— ал мен жалғыз қызымнан айрылар халім жоқ, сонымен бірге боламын.
— Сорлы-ау, түсінсейші,— дейді Зікірия тына сөйлеп,—жастардың өз жолы, өз өмірі бар... Ал біздікі тіпті басқа...
— Менің жалғызымнан бөлек өмірім жоқ.
— Сонда немене, қартайғанда екеуміз екі айрылуымыз керек пе?
— Айрылса несі бар? Айрыламыз! Қартайғанда екеуміздің жолымыз екі бөлінді дейміз.
— Сен кәпірден оны да күтуге болады.— Зікірия қатты ашуланса жерге түкіреді. Бұ жолы да сөйтті. Сәл тұрып ол әңгімені қайта бастады. Бұл жолы басқа тәсілге көшті,— бишара-ау, жаратылғалы ағайын-туыстардың арасында үй тігіп, түтін түтетіп келеміз. «Тәйт, әрі!» деп көрген жоқ ешқайсысы. Ал менің қолымнан бар келері қой бағу. Одан бөтен қай өнерім бар? Енді сен жылы ошағыңды сендіріп басқа жұртқа барып жаңадан от жақ дейсің... Қартайғанда осымыз жөн бе?..
— Меруертжанмен бірге болам,— деді Айжан шалының сұрағына жауап бермей, өзінің сөзін сөйлеп,— немере сүйгім келеді...
— Солай де... немере сүйгім келеді де... Ал Меруертжан орысқа шықса қайтесің?—«бәлем, жеңілдің бе» дегендей Зікірия әйеліне мардымси қарады. Оның бұл дәлеліне әйелі еш жауап қайыра алмайтындай көрінді шалға.
— Орысқа шықса, орысқа шықсын. Тек жақсы адам болғай да,— деді Айжан қайсарлана,— ал жиенімді бәрібір өзім тәрбиелеймін, өзім қазақша сөйлетіп үйретемін. Ен, алдымен «ата», сосын «әже» деп.
— Сен бе сен... жиенің түгіл шайтанды да өз дегеніңе үйретерсің...— деді Зікірия міңгірлеп. Бұ жолы «жиен» деген сөзден кейін қабағы сол ашылайын деді. Сонда да берілгісі келмеді,— жарайды, орысқа-ақ шықсын. Ал ол орыс құдаларың екеумізді қонаққа шақырсын. Сосын алдымызға торайдың етін қойсын. Сонда не істейсің?..
— Не істейсінің қалай? Жегің келмейді екен, жеме!
— Сөз-ақ! Құдалар өкпелемей ме? Күйеу — жүз жылдық құда — мың жылдық деген.
— Несіне өкпелейді?.. Мүмкін о құдалар бізден гөрі ақылдырақ болар? Әр елдің өзінің дәстүрі, ғұрпы бар екенін екеумізден артық ұғар...
Айжанды жеңе алмайтынына көзі жеткен Зікірия, тағы жерге түкірді.
— Япырм-ау, түсінсейші, - деді ол тағы да не деуге білмей, түтіге,— мынау сақара даласыз, жайлаусыз қалай тұра аламыз?.. Анадан шыр етіп түскеннен бері көргеніміз осы... Және қой бағудан бөтен қолымнан ештеңе келмейді. Ал совхозда тек егін ғана дейді. Қой дегенің атымен жоқ көрінеді.
— Үйренесің.
— Жасым болса келіп қалды, неменені үйренемін?
— Шошқа бағуды...
Зікірия кілт тоқтай қалды.
— Не дейсің?
Зікірия тобылғы сапты қамшысын білеп, таяй берді. Айжан артық сөйлеп қалғанын білсе де, ұрады екен деп қымсынған жоқ. Шалының ондай әдеті жоғы өзіне мәлім. Сондықтан да ол айылын жимаған қалпында:
— Қамшыны қайтесің. Әне, аяғыңның астында көсеу жатыр... деді жайбарақат.
Зікірия тағы кілт тоқтады. Жерге қарады. Расында да көсеу дәл аяғының астында жатыр екен. Қолына алды.
Бұл үйдің заттарының жатпайтын жері болсайшы!—деді кенет ашуы тарай міңгірлеп. Бірақ әйелімен ұрсысып тұрғаны қайтадан есіне түсіп кетті де:—Тұра тұр, бұл көсеудің де кезі келер,— деді,— егер айтқаныма көнбейтін болсаң.
Дәл осы кезде белестен, астындағы судай көк жорғаны көсілдіріп келе жатқан Меруерт көрінді.
— Амансыңдар ма, әке, апа?—деді ол атынан жас жігіттерше ықшам түсіп.
— Жүрміз ғой әйтеуір...— деді Айжан күмілжіп.
— Не боп қалды?..
— Мына әкең, қартайғанымда мені сенен айырмақшы,— деді ол көзінен жасы парлап.— Совхозға барғысы келмейді. Енді мен бұнымен бірге тұрмаймын.
— Қойшы?— Ол еркелей шешесінің жанына барды,— кезіңнің жасын сүрт... Өзім де сені еш жаққа жібермеймін.. көкемді де.— Сөйдеді де әкесіне қарады:—Жетеді ғой, көке... Қаққан қазықтай өмір бойы айдаланы күзетіп жүруден мезі болған жоқсың ба?
Қаққан қазықтай жол болсын! — Кенет ренжи қалды Зікірия деген сөзің? Айдаланы емес, қой бағып жүрген жоқпын ба мен онда? Жеті атасынан бері қойшының қызы сен бүй дегенде, өзге не демейді.
Көке, сөзімді дұрыс түсінбей қалдың ғой.— Меруерт еркелей енді әкесінің жанына барды,— көп рақмет, сіздер бізді, жастарды көп нәрсеге үйреттіңдер. Сіздердің істеріңізді біз жалғай түсуге тиістіміз. Бірақ өзімізше, жаңа жолмен. Ал мал бағуда да біздің жаңалығымыз мол. Сіздер қысы-жазы малды жайылымға айдап үйрендіңдер. Тек қыстың суық кезінде ғана қораға ұстадыңдар. Ал біз жаз айларында жемшөп дайындап, сол малдарды жарық, жылы мал қораларында бақпақшымыз. Малды желдің өтінен, боранның қаһарлы ызғарынан сақтаймыз. Байлаулы мал даладан тентіреп жайылған малдан анағұрлым күйлі, етті келеді. Әсіресе қой, ешкі...— Меруерт сәл тоқтады да қайтадан сөйледі,— қартайғанда айдалада қой соңында жүріп қайтесің. Егер мал бақпай отыра алмайтын болсаң, совхоздың байлаулы мал бағатын фермасында жұмыс істе...
— Сенің сиыр қораңда менің істейтін шаруам жоқ. Нәжісінің исінен-ақ тұншығып өліп кетермін.— Шал тәкаппарлана қалды,— әкең өмір бойы қой баққан! Бұны ұмытпа! Құдай маған ұл бермеген соң...
Меруерт әкесінің бұл қасіретіне жастайынан-ақ қанық-тын. Қазақ бұрын қыз баланы әке-шешесіне қонақ деп санайтын. Күйеуге берді болғаны,— қыз жат жердің адамы саналып кете барады. Ал ұл, ол шаңырақ иесі, мұрагер... Сол себептен де ескі ғұрып бойынша қыз бен ұл — екеуі де бір анадан, бір әкеден туғанмен ұлдың жолы өзгеше боп саналатын. Әкесінің сөзі Меруертті де ренжітіп тастады. Ол ашуланбақшы да болды, бірақ ашуын ақылға тоқтатып:
— Байлаулы мал шаруашылығын айтсам, біздің совхозда тек мал өсірудің сондай түрі ғана болған соң айттым,— деді Меруерт әкесінің көңілін тапқысы келгендей.— Ал сол малды бағатындар кілең жастар. Көбі бұрын мал өсіріп көрмеген, сіз болсаңыз әйгілі, тәжірибелі малшысыз. Сол жастарға тәжірибесін берсін, өнегесін үйретсін дегенім ғой.
— Үйренсін, тәлім-тәжірибемді алсын, мен оны аядым ба?— Зікірия сәл езу тартты,— тек өз басым сол бұрынғы әдетімше қой бағамын!
— Қайдағы қой? Бізде қой жоқ дедім ғой... Егер өзіңнің жеке меншікті қойыңды бақпасаң...
— Тіпті болмаса соларды бағам. Маған әйтеуір қой бақсам болғаны!
Бұл айтқаны — оның адал сыры еді. Қой бағу оған мақсат, өмір тірегі. Ал тың совхозына барса — Зікірия бұл арманынан айрылады. Қой бағудан мүлдем айрылғаны. Сол себептен де ол бармаймын деп байбалам салып тұр. Әйтсе де жалғыз қыздың көңілін қалдыру қиын. Оның үстіне «құдай ұл бермеген соң...» деген қайдағы жоқ ауыр сөз аузына түсіп кетіп, «көзінің қарашығын» өкпелетіп алғандай жайы бар. Өзінің айыпты екенін мойындаған Зікірия, «совхозға көшсем көшейін» деп қолын бір-ақ сілтеді. Ұнамаса колхозыма қайтып келуім қиын болмас, деді ол ішінен.
Шал «Алтын арайға» көшіп келгенмен де жаңа қонысқа қуана қойғанын білдірмеді. Тіпті жарық, кең үш бөлмелі жаңа үйге кіргенде тіс жарып бәлен демеді. Тек өзі бұрын көрмеген жаңа пәтердің күні бойы «анасы қалай жағылады, мынасы қалай жағылады» деп ішіндегі тамаша қитұрқылармен танысуда болды. Ал бірақ көшіп келген бірінші күннен-ақ Зікірия жүдей бастады. Бұрынғысынан да бетер көп сөйлеспейтін болды.
Бір күні Зікірия терезенің алдындағы сандықтың үстіне барып отырды. Терезеден далаға қарады. Июнь айының орта шені еді. Бұл кезде дала қандай тамаша. Кенет Зікірияның көз алдына сонау алыстағы ауылдың бір тамаша суреті елестеп кетті. Белуардан келген жасыл шөп, қалың қой Есілдің қойнауында жусап жатыр. Алыста, көз ұшында, әлде қара құс па, әлде бүркіт пе, кереге қанат бір құс қалықтайды. Кенет даусын мың құбылтып бұлбұл тамылжыта сайрай жөнелді. Оған бозды қуалай қонған бір топ қара торғайдың шырылдай салған үндері қосылды. Зікірия ауыр күрсінді. Оған өмірдегі бар қызық, бар қуаныш сонау кең далада қалғандай боп кетті. Ал өзі болса, осындай жаздың тамаша күнінде төрт қабырғаның ішінде отыр. Көк аспан мен жасыл белеске үйренген қоңыр қаз енді жәшікті торға қамалған секілді. Бұдан оған құтылу жоқ, тек сол сағымдай алыс өмірді сағынып қынжылу, өкіну ғана қалғандай.
Зікірия жақсы түсінеді: осынау әдемі, таза, жарық төрт қабырғалы үйге кіргені — қос қанатының кесілгені. Денесі рахаттанғанмен, көңілі жабырқануда. Бұл тек жаны сүйген, өмір бойы ермегі болған қойшы қызметінен айрылуы ғана емес, бұл ең алдымен кәріліктің жеткені, енді кәрі қойдай күнің қалды деген сөз. Бірақ Зікірия оған көнгісі келмейді, бір күн болса да кең дала құшағында жасыл белесті жағалата қойын өргізіп, өзі үйренген рахат өмірде өткісі келеді. Зікірия екі қолын бірдей жылы суға малдырған, тыңдағы жаңа өмірден неге қашады? Әлде оның көңілі, жүрегі бөтен жақта жатыр ма?
Жоқ. Ол тыңға қарсы емес. Ол іштей халықтың, Меруертінің, Айжанының қуаныштарына бірдей ортақ. Қазақ даласының, тыңның гүлдене түсуін тілейді. Бірақ кішкентайынан бауыр басқан өмірі оған мейлінше қымбат, ыстық, бағалы. Сонау қойшылық еңбегінен айрылғанына қынжылады.
Зікірия сол күні түнде жаман ұйықтады. Нелер шым-шытырық түс көрді. Үйренбегендіктен бе, тынысы тарылып, қара терге малынды. Таң ата далаға шықты. Таңғы салқын самал жел әжептәуір сергітіп тастады.. Қайтадан үйге кіргісі келмеді. Кенет оған ой түсті. Ол аспай-саспай басып үйдің жанында анадай жерде тұрған кішкентай сарайға қарай беттеді.
Ал таңертең Меруерт пен Айжан төсектерінен тұрып, далаға шыққандарында, қораларының түкпірінде тігулі тұрған өздерінің ескі киіз үйін керді. Меруерт күлімсірей барып есігін ашты: киіз үйдің төрінде, ұйпаланған көк шөптің үстінде әкесі ұйықтап жатыр...
Осындай халде жүрген Зікірия, бір күні Тілеуқабақовтың орнына қалған парторгпен сөйлеспекші болды. Совхозда қой өсірудің керек екенін түсіндіріп, оны өзіне. жәрдемдесуін сұрасам деді... Сөйтіп, қарт Зікірия мен парторг алғашқы рет кездесті...
Угрюмов өзінің кеңсесінде отырған. Алды толған қағаз, мұқабалы істер, кітаптар. Парторг біресе қағазына қарап, біресе телефонмен сөйлесіп, не болмаса үйге дамылсыз кіріп-шығып жатқан жұмысшылардың біреуіне—егіс даласына баруын, басқа біреуіне машина жөндеуін тапсырып, қызу істен қолы босамай жұмыс істеп жатқан-ды. Бастықтың жұмысының осыншама көп екенін көріп, Зікірия, маған уақыты болмайды екен деп, не істерге білмей тыпырши бастады. Сөйтсе де, Угрюмовтың алдындағы орындықтың шетіне барып отырды. Әйтеуір маған бір қарарсың дегендей, парторгке ілтифат көрсетіп басындағы пұшпақ бөркін алып, үн-түнсіз қатты да қалды.
Әлден уақытта Угрюмов қағаздан басын көтеріп, қарсы алдындағы Зікіриядан:
— Сөйтіп, сіз бұрын шопан болдыңыз ғой?— деп сұрады.
Зікірия жауап бергенше, тағы бір әйел кіріп, бұлардың сөзін бөліп кетті.
— Иә, сіз колхозда шопан болып істедім дедіңіз ғой?— деді Угрюмов, үй іші тағы бір тынышталған кезде.
— Өмір бойы қой бағып келдім...
— Бетпе-бет қасқырмен де кездескен кезіңіз болған шығар,— деді Федор Иванович шалдың тас мүсіндей көз тоярлық дене құрылысына сүйсіне қарап.
— Ондай да кездер болған.
— Енді егіншілікке көшпексіз ғой...
— Жоқ, сол қойшы қалпымда қалмақпын. Солай деп едім ғой бұрын да...
— Иә, иә, солай деп едіңіз, есімде.— Угрюмов алдындағы календарға бірдемені жазды да, күлімсірей Зікірияға қарады.— Сіз қой баққыңыз келеді, ал бізде қой жоқ. Астық совхозымыз ғой. Сиыр мен аздаған шошқа бар...
— Шошқа қазір қай жерде болса да көп,— Зікірия қабағын шытып, ренжи сөйледі,— адамның қарауысыз-ақ бықып өсіп келеді...
Угрюмов шалды жақсылап көргісі келгендей, орындығына шалқая, қарқылдап күлді. Алғашқы кезде шал оған жәй әшейін қарапайым адам боп көрінген. Қарапайымына — қарапайым-ақ, бірақ «жуастан жуан шығады» дегендей, ар жағында шағып алатын арасы бардай...
— Менің қолымнан келмейтін міндетті қойып отырсыз ғой, ақсақал, — деді Угрюмов.— Мүмкін колхозыңызға қайтып барғаныңыз жөн болар ма еді, қайтер еді? Біздің совхоз...
— Совхозыңның қандай совхоз екенін білдік қой,— деді Зікірия,— біз секілділерге орын жоқ екенін де білемін. Өз колхозыма қуана-қуана барар едім, әйелі құрғыр көнер емес.—Даусы кенет жұмсай түсті. Көзінде де бір жылылық пайда болды.— Оны ренжіткім де келмейді. Үйіндегі жалғыз баласын, қазақ «көзімнің қарашығы» дейді. Қарашықсыз көз көре ала ма, біз Айжан екеуміз де сол жалғыз қызымыз Меруертсіз колхозға барып, өмір сүре алатын емеспіз.
— Сонда сіз біздің зоотехниктің әкесі болдыңыз ба?
— Иә, Меруерттің...
— Екеуінің де баламасы бір. Ол сізге Меруерт болса, бізге оның үстіне зоотехник,— Федор Иванович күлімсіреп, қызыңыз болайын деп тұр. Кей қыздар тәрізді ұшып-қонып тұрған жоқ, салмақты, ұқыпты.
— Қызым маған тартқан. Меруерт үшін қам жемеймін. Өз жолын өзі табады,— кенет ол тағы тұнжырай қалды,— мені қинайтын басқа іс. Совхозда неге Еділбай қойын өсіргіңіз келмейді?
«Алтын арай» көрші совхоздан үш жүз сарық қой сатып алмақшы болғанын шал бұрын естіген. Угрюмовке келуіне де сол себеп болған. Парторгке қорада тек жем-шөп жеп өсетін сарық қойдың орнына қар түскенше далада жаюға болатын, алыс жайылымға айдауға жарайтын, етті де, жүнді де Еділбай қойын ал демекші! Бұл қойларға бәлендей баптың да керегі жоқ, тек баға білсең болғаны. Зікірия, осындай қойды алсаңдар, мен оған қойшы болуға бармын деп Угрюмовке ұсынысын айта келген.
Сонда жайылымды қайдан табасың?—деді Угрюмов, шалдың дегеніне көне бастап.— Біздің совхоздың маңы тегіс айдалған жер...
Шалдың бұған да жауабы дайын еді. Есіл қойнауы ше? Сарыбелдің үстірт жағын қайда қоясың? Шал осындай жайылымға жарайтын, совхоз кейбір себептермен шөптерін шаппайтын, ондаған жерді атаған.
Зікірия «Алтын арайға» келгеннен бері бұл маңның бәрін шарлап шыққан. Жайылымға жарайтын жердің бәрін қырағы көзі шалып қалған. Енді тек бар өтініші, әзірге жүз-жүз елу Еділбай қойын алдына. салып берсе болғаны ар жағында бірді екі ету өз міндетім деп санаған.
Жоқ, шалдың ұсынысы ақылды ұсыныс. Угрюмов бұл мәселені өзгелермен кеңесін, жуырда шешіп бермек боп уәдесін берді.
Парторг уәдесінде тұрды.
Өмір бойы баққан Еділбай қойының орнына, әдеті, жайылуы, жатуы бейтаныс сарық секілді бөтен тұқымды әкеп жүрмесе жарар еді деген шалда жалғыз ғана күдік болатын. Сол күдігі ақиқатқа айналып, Еділбай қойының орнына «Буденный» совхозынан қоян санды, құйрықтары иттің тіліндей салақтаған сарық қойларды алып келгенде, шал тас-талқан боп ашуланған. Сонда барып оны Айжан Угрюмовке алып келген.
Бірнеше күн өткен соң, «Алтын арайға» жүзден астам Еділбай қойлары да әкелінді. Зікірияның енді қабағы ашыла тусті. Осы қойларды әз күшіммен алдырдым деп ойлаған Зікірия мақтануын жасыра алмай қойларын қызына көрсеткен. Бұл қойлардың өзінің, зоотехниктің жәрдемінсіз келмегенін біле тұрса да, әкесі үшін қуанып, сырын сыртқа шығармай, тек жымиып күлген де қойған.
2
Меруерт «Алтын арайға» келгенінде, Хасен совхозда жоқ еді. Ол кезде қатты суықта күзгі егілген тұқымы үсіп кеткен алыстағы егінжайда жүрген. Күн жылына бастасымен бұл араны қайта жыртып, жаңа тұқым себуге тура келген.
Хасен совхозға оралған шақта, көктем өз күшіне әбден еніп, жер бетінде көгал шөп қаптай бастаған. Жел сорып, күн күйдіріп екі беті күреңденіп кеткен Хасен «Алтын арай» поселкесіне жақындап келе жатты. Жем жейтін үйреншікті қорасына таянғанына қарамай, болдыруға айналған астындағы аты аяғын ілби басып әзер жүріп келеді. Осылай ілби басқан кертөбел поселкеге кіре берген кезде, кенет қуанғандай құлағын қайшылап, кісінеп жіберді. Хасен де бойын жиып алып, жан-жағына қаранды. Поселкеден құлын-тайы аралас бір үйір жылқы шығып келеді екен. Бұл бір кезде осы араның көркі болған кілең мақпал қараның қалдығы. Жылқының соңында, басында сырты қызыл барқыт түлкі бөрігі бар уылжыған бала жігіт. Қарына ұзын қайың құрық іліп алған. Жігіттің отырысы өзгеше сәнді. Астындағы қылаң басын шұлғып тастап, төрт аяғы шалыс түскен аяң жорғасына салып, теңселе қозғалады. Жылқышы Хасенмен қатарласа берді...
— Сау-сәлематсыз ба!.. Алыстағы егістерден келе жатырсыз ба?
Жігіттің даусы бала қаздың үніндей әдемі екен. Бірақ шаршап келе жатқан Хасен оған бәлендей мән бермеді. Амандасып, алыстағы егінжайдан келе жатқанын айтып өтіп кетті. Тек жігіттің қара торы шырайлы жүзін аңғарып қалды...
Ал жігіт қасынан он бес-жиырма құлаштай жер өтіп кеткенде ғана бұрылып артына қарады. Сонда ғана ол жорғаның ырғағына қарай теңселіп бара жатқан жылқышының арқасында білектей жуан, ұзын қос бұрымын көрді...
Хасеннің есіне өзі егіске жүрер алдында, совхоз бастықтарының зоотехник қыздың келетінін күтіп отырғаны түсті. Өткен жылы, дипломдық жұмысын осында жазған деп естіген. Жұрттың айтуынша ілтифатты, ақылды, тіпті барып тұрған сұлу көрінеді. Мал фермасынан, шошқа мен бұзаулардың арасынан көрі, оны кинода Қыз Жібек боп ойнауға лайықты дегендер де болған!..
Дәу до болса осы қыз — сол қыз деп ойлады Хасен ішінен. Әйтсе де дәл осы жолы қыздың өзгелерден асып бара жатқан бәлендей ерекшелігін байқаған жоқ. Мүмкін, белін әскери белбеумен қынаған, үстіне киген жұмысшы комбинезоны оның көркін көлегейлеп тұрған болар... Тек есінде қалғаны: қыздың ат үстінде мықынын таяна, ерекше бір сәнді отырғаны. Былай қыз балаға атқа отыру қазақ даласының өзінде тек жылқылы ауылдың жастарында ғана кездеседі...
Егісте жүріп Хасеннің шаршағаны соншалық, жастығына басы тиісімен, бір тәулікке таяу тырп етпей ұйықтады. Оянғаннан кейін жуынып-таранып болған соң, үйінде жиналып қалған газет-журналдарды, өзімен институтты бірге бітірген жігіттердің хаттарын оқып, төсегінде аунап қунап тағы ұзақ жатты. Кей жолдастарының хаттарын екі үш реттен оқыды. Тек кешке таман ғана қаншадан қырының үстіне өзі итектеген қара костюмін киім, бір-екі партия шахмат ойнау үшін, Мәдениет сарайына қарай беттеді. Мұнда келгеннен кейін, шахмат ойнайтын таныс жігіттерін іздеп, көркемөнер үйірмесінің репетициясы жүріп жатқан залға кірді. Кіруі-ақ мұң екен, шахматты да, басқаны да ұмытып, аңырып тұрып қалды.
Сахнада бір қыз өлең айтып тұр. Орта бойлы. Бірақ сонау далиған үлкен сахнада Хасенге қыз бір түрлі нәзік, қуыршақтай кішкентай, өнбойы тым талдырмаш көрінді. Хасен бос орын іздеп залдың алдыңғы жағына қарай жүре түсті. Алдынғы қатардың бәрінде де жастар самсап отыр. Бәрінің көзі сахнада. Қызға Хасен енді анықтап қарады. Қыз шынында да орта бойлы екен. Сүйір ұшты қос анары көйлегінің кеуде тұсын көтере түсіп, қыпша белі үзіліп кетердей қыналып, етжеңділеу балтыры оқтаудай түп-түзу аяқтарымен сол ойыса тұтасып, бір түрлі жарасып тұр. Ал көзі, көзі ше? Тұнып тұрған қара су тәрізді. Қазір өзіне тартып әкетсе, батын біржола құрып кетуге барсың! Жоқ бұл тұнып жатқан қара су емес, қазақ бұңдай көзді ботакөз дейді. Жас ботаның көзіндей үп-үлкен, қос танадай жаудыраған таза, күнәсіз пәк сезімге толы... Ал шашы, шашы ше? Кеше алғашқы көргенінде таң қалдырған қос бұрым, тобығына жетер-жетпес боп, иығынан төмен қарай шұбатылып жатыр. Жігіт өзінен-өзі мәз болып күлім қақты. Әрине, бұл өлең айтып тұрған жаңа зоотехник қыз. Хасеннің «Алтын арайға» келгеніне бәлендей көп мезгіл өтпегенімен де бұл араның қыздары оған теп-тегіс таныс. Олардың ішінде мұндай періштесі жоқ...
Сахнадағы қыз:
Жүрекпен көргенді, көзіңмен көре алмайсың,
Жүрекпен ұққанды, ақылмен ұға алмайсың.
Даусы қара мақпал барқыт тәрізді, қою, жұмсақ... Эдита Пьеханың даусына ұқсас екен деді Хасен ішінен, жоқ, Пьеха да мұндай айта алмайды!
Мәселе Пьехадан артық па, кем бе онда емес, мәселе әнді Меруерттің бабына келтіріп, жан-тәнімен беріле айтуында еді. Ол айтып тұрған өлең біреу шығарған, біреу сөзін жазған өлең тәрізді емес, Меруерттің өзі жазған, өзінің жүрегінің түбінен шыққан арман, наз сияқты... Ол осы арманын, осы әнін ұзақ жылдар жүрегінің түкпірінде сақтап келіп, тек бүгін ғана өзгелерге ашып тұрғанға ұқсайды. Оның үнінде бір жалған нота, не бір жұрттың қөңілін аударайын деген ерекше әсіре қызыл үн естілмейді. Отырған адамдарға өздеріне сене айтқан, қуанышы мен қобалжуы мол, үміті мен қаупі аралас, тас арнаны жарып шыққан мұз бұлақтай қыз жүрегінің түкпірінен атқан терең сыр қоңырқай үнге бөленіп, төгілін жатқандай сезіледі. Жалғыз Хасен емес, жұрттың бәрі Меруерттің өлеңінің әр сөзіне, әр дыбысына дейін құмарлана, тапжылмай құлақ қойған. Ал Хасен болса Меруерттің өлеңі бітсе, өзінің өмірі үзіліп кетердей үрейлене, әннің мәңгі-бақи бітпеуін тілеп ынтықтана тыңдауда еді.
Меруерт Хасенді көріп сәл езу тартып күлімсіреді. Сосын өлеңін бітіріп, сахнадан түсті. Жұртқа бір қарады да, барып Хасенмен қатар отырды. Екеуі енді өзгелердің әндерін тыңдады. Бұның бәрі Хасенге түс көрігі отырғандай боп елестеді.
Репетиция біткеннен кейін екеуі далаға бірге шықты. Көптен бері таныс қыз бен жігіттей, жатырқап тұрмай, екеуі бірден шүйіркелесіп сөйлесіп кетті.
— Сіздің де Алматыда оқығаныңызды естідім,— деді Меруерт,—екі институттың да жатақханасы бір көшеде тұрғанменен, кездеспеппіз... қызық ә?
— Айтпаңыз.— Қыз сөзін Хасен де қоштады. Бір қалада бес жыл жүріп, бір көшеде тұрған Меруертті көрмеуі —«көрмес түйені де көрместің» кебі екені Хасеннің ойына енді келді.
— Жазмыш деген, міне, осындай!— деп Меруерт күлді. Бір көшеде бес жыл жүріп кездеспей, ақырында ұшы-қиыры жоқ тыңда кездестік... Бірақ мен сіздердің кей мұғалімдеріңізді танимын.
— Кімдерді?
— Көбі бізде де сабақ берді ғой. Мысалы профессор Айдынғалиев... Ол бізде өсімдіктану пәнін жүргізді. Біз мал шаруашылығының маманы болғанымызбен де, өсімдіктану, дәнді астық пәндерінен де емтихан береміз ғой...
Қыз сөзінің ар жағы Хасеннің құлағына кірген де жоқ. Тағы, Алшынбек Айдынғалиев! Тағы алдынан шықты! Бұл атты Меруерттен естимін деп ойлаған ба Хасен!
Хасен ауыл шаруашылық институтына түскеннен кейін, Алшынбекпен бетпе-бет бір-ақ мәрте кездесті. Кабинетіне кірген Хасенді профессор құшағын жая қарсы алды. Жұмсақ орындыққа отырғызып, хал-жайын сұрай бастады. Қандай жәрдем сұраса да көмектесуге бар екенін білдірді. Ал Хасеннің бар сұрағаны шешесінің табытының қай зиратта, қай жерде жатқаны ғана болды...
Айдынғалиев маманы болып саналатын арнаулы пәнді Хасен бөтен профессордан тыңдады. Ал Алшынбекпен кейде институт дәлізінде, ие вестибюлінде ғана кездесіп қалып жүрді. Онда да Хасен басын иіп қана амандасып, тезірек көзіне көрінбей жоқ болуға тырысып тұратын. Әрине, профессор да Хасенмен кездесе беруге бәлендей құлық көрсете қоймайтын.
Хасен институтты бітірер жылдары болуы керек, Айдынғалиев туралы аздаған өсек-аяң сөздер де естігені бар. Мал дәрігерлік институтының бір жас қызына профессор сөз айтып жүрген көрінеді-міс. Бірақ өсектің аяғы әртүрлі жорамалдарға айналып кеткен. Біреулері өзінен екі есе үлкен профессорға қыздың қарағысы да келмейтін көрінеді десе, ал басқа біреулері мұндай әйгілі профессорға қандай қыз қарсы тұра алады, түр десең түр бар, жасы келіп қартайып отырған жоқ, бір қызға бай болуға қуаты да жетеді деп лепірген. Дегенмен, бұл қыз берік қыз, отқа қызығып, қанатын жалынға шалдырып, өртеніп өлетін жынды көбелек тәрізді кейбір шошақай қыздарға ұқсамайды деушілер басымырақ болды.
Қазір Хасеннің ойына осы өсек-аяң сөздер түсіп тұр. Кезінде ол бұл сөздерге мән бермеген. Расында да бұның Айдынғалиевте не шаруасы бар? Онымен шатысып жүрген, мал дәрігерлік институтының бір шөп желке, ақымақ қызының бұған керегі қанша? Ал кәзір... Сондағы сөз болған қыз осы Меруерт екенін енді оның жүрегі құрғыры сезіп қалғандай, соны солай екен деп ұққан сайын қапалана бастады.
— Сіз ғой оның лекцияларын тыңдадыңыз,— деді Хасен, өзін-өзі осы сезге зорлап көндіріп,— қалай оқиды екен?
— Кімді айтасыз? Алшынбек Айдынғалиевті ме? Оны біз мұғалімдердің ең тәуірі деп санайтынбыз. Ағып тұрған шешен. Және білмейтіні жоқ. Жалпы, ол сондай көрнекті адам... Бірге оқып жүрген қыз біткеннің бәрі оған ғашық болған
— Сіз де ме?
— Мен де!—Меруерт күлді,— бірақ, шынын айтсам, азғантай, болмашы ғана...
— Рас, болмашы ғана ғашық болдыңыз ба? Өзіңіз соған сенесіз бе?.. Ол сондай көрікті адам ғой... Ең бас қасиеті — жастығы...
— Тіліңіз тікенектей ғой!— Меруерт кенет ренжи қалды.— Жақында о кісі «Алтын арайға» келеді,— қыздың даусы бір түрлі селсоқ шықты. Хасен әлдеқалай сөз бастап, әзі әлі шешпеген мәселеге қайта оралып жүрмесе жарар еді дегендей қаупі бар тәрізді.
— Біздің совхозда оған не керек?
— Осы арада, құрғақшылыққа төзімді бидай өсіретін тәжірибе бөлімшесін айтпақшы деп естігем... Сіз агрономсыз ғой. Мұны менен гөрі өзіңіз жақсы білуге тиістісіз...
— Құрметті профессордың ондай ойы болса, менің білетінім, ол қазір кешігіп қалды...
— Солай ма?.. Бірақ бәрібір ол келеді.
— Басқа тілегіне кешігіп қалмас үшін бе?
Меруерт Хасеннің бетіне тесіле қарады. Жігіттің сөзіне шын ашуланғысы келгендей қабағын шытты. Жігіт те тым артық кеткенін ұғып, тына қалды.
Хасен Меруертті үйіне апарып сап, кейін қайтты. Үйіне барғысы келмеді. Поселканың орталық көшесімен аяңдап шетіне шықты да, ар жағындағы далаға беттеді. Меруерт, Алшынбек, өзі жайында сан түрлі ойға шомып, ол түн ортасы ауғанша айдалада жалғыз жүрді...
Ал Меруерт ше? О да түн бойы кірпік ілген жоқ.
...Алшынбек Айдынғалиевті Меруерт алғашқы рет соңғы курста оқып жүргенінде көрді. Жиырма екі жасқа толған күні еді. Лекцияға Меруерт ең жақсы, жағасын ақ жібек торламамен көмкерген, қара шерсть көйлегін киіп келген. Бірге оқып жүрген жолдастары оның мұншама неге сәнденіп киініп келгенін естіп, дереу гүл әкелуге жүгірген. Меруертті кафедраның дәл түбіне, бірінші партаға отырғызып, алдына шыныға салған қызғалдақтың бір шоқ гүлін қойған. Жайшылықтағы қалжыңсыз да болған жоқ, банкет істемесе де, Меруерттен кешке таман бөлмесіне өздерін шақыруды тілеген. Әрине, онда сенің туған күніңнің құрметіне тост көтеретін жағдайлар болсын деп бір дауыстан шулаған. Сырғауылдай сидиған, ұзынтұра, класс старостасы Жаппар, кешке асханаға бармай, қариын бос ұстап, бір қойды жалғыз өзі жеп қоятынын сездірген.
Осылай қалжың-әзіл аралас, Меруертті құттықтап, студенттер мәз болып шуласып жатып, лекция оқуға профессор Айдынғалиевтің аудиторияға кіргенін білмей қалған.
Студенттер у-шуын басып орындарына отырғанша, қою қара шашына сәл қырау кірген, әлі де болса жасы келіп қалғаны түр әлпетінен бәлендей байқала қоймаған, сымбатты, денелі профессор кафедрада үн-түнсіз күтіп тұрған. Студенттердің аудиторияны басына көтерген у-шуына да, орындарына тез отыра қоймаған қылықтарына да көңіл бөлмеген. Ештеңені көрмеген адамдай тура берген. Тек оның ойнақы көзі Меруерттің алдында тұрған шоқ қызғалдаққа сәл кідірген...
Атақты профессор лекциясында алдыңа гүл қойып, неге тәртіпсіздік туғызып отырсың деп айтады екен деп, Меруерт кенет қауіптене қалған. Бірақ профессор ондай қылық көрсеткен жоқ. Шоқ қызғалдақтарға қарап тек күлімсіреді де қойды. Өзіне де күлімсірегендей боп көрінді Меруертке.
Айдынғалиев сол күні өзінің арнаулы пәнін бастады.
Өсімдіктану... Бұны, тарих, не көркем әдебиет тәрізді, қызықты пән деуге болмайды! Бірақ Айдынғалиевтің оқуында студенттерге ол пән тым қызық көрінді. Әсіресе оларды елтітіп әкеткені профессордың өз лекциясын оқу мәнері. Қоңырқай, қою даусы біресе, желсіз күнгі өзендей сусылдап акты. Біресе, шабыттана буырқанып қаттырақ шықса, кенет, ең жоғарғы нүктесінде тына қалады. Әр сөйлемнің ретіне қарай қолын сермеп, әрқилылығымен сөз мағынасын тереңдете түскендей ишарат көрсетеді. Жер-ананың қасиетін, көркемдігін, алуан-алуан табиғи сырларын, жұпар аңқыған гүл бәйшешегін, көк орай жасыл шалғындарын сөз еткенде Тютчев, Абай, Феттердің өлеңдерінен үзінді келтіріп, лекциясын құлпырта түсті. Аудиторияда отырған студенттерді өзінің көрермендері санағандай, керек кезінде артистерше тоқтай қалып, сөзін қайтадан сыбырлай бастап, үй ішіндегілерді тырп еткізбей, өзінің аузына қаратып алды.
Меруерттің екі құлағы профессордың сөзінде болғанымен, ойы әлдеқайда шарықтауда еді. Бұл оның көптен бергі әдеті. Қандай қызықты лекцияны тыңдап отырғанның өзінде де, ол кенет бір тәтті қиялдарға шомып, әлденелерді ойлап кететін. Не туралы ойлайды? Оған дәлдеп өзі де жауап бере алмаса керек-ті. Жүрегіне от, сезіміне қанат беретін қиялдардың бәрі де оған аса қызықты көрінетін. Бұл қиялдар орындала ма, орындалмай ма, онда шаруасы жоқ-тын...
Айдынғалиевке студент біткеннің бәрі оның лекциясын шын ықыласпен тыңдап отырғандай көрінді. Тек қарсы алдындағы әдемі қыздың ғана ойы басқа жақта шарықтап жүрген тәрізденді. Қыздың бұл қылығы оның намысына тигендей болды. Сөйлеп келе жатты да, кенет тоқтай қалды. Сәл үн-түнсіз тұрды да, Меруертке қарады.
— Мен жаңа кімнің дастанына тоқтадым?—деді.— Иә, иә, қызғалдақты қырмызы қыз, сізден сұрап тұрмын.
Меруерт кенет сасып қалды. Дәл осы мезетте оның беті алдында тұрған қызғалдақтай, қып-қызыл боп кетті. Бұл толқу оның қоңырқай әдемі даусына жігер, өзіне қуат берді.
— Сіз Олжас Сүлейменовтің «Жер, адамға бас и!» дастанынан үзінді оқыдыңыз,— деді профессорға тайсалмай қарап. Қыз профессордың айтқан сөйлемін бұлжытпай айтып берді,— бұдан әрі сіз қазір, Жер-ананың сұлулығын былай қойып енді өсімдіктану пәнінің негізгі. салаларына көшуіңіз мүмкін.
Қыз соққысы қатты тигенін профессордың өзі де сезді. Иә, шынында да ол қазір арнаулы пәнінің негізгі салаларына көшпекші еді. Профессорды күмілжіткен бұ да емес, қыз сөзінің астарында жатқан сықақ. Қыз даусынан мазақ еткендей, ол бір күлдіргі саз естігендей болды. Студенттер біріне-бірі қарап, жымың қақты. Бұлар Меруерттің институттың тек сұлу қызы ғана емес екенін білетін. Білім жағынан ол ең жақсы оқитын жігіттерден кем түспейтін. Мінезі жібектей жұмсақ, езі қиял қанатты болғанымен, жағдайға қарай тастай берік, тайсалмайтын қайсар бола алатыны да бұларға мәлім-тін. Көшеде өтіп бара жатқанында бұған бұрылып көз салмайтын жігіт жоқ екендігіне, ал институт клубында би болғанда бүкіл институт боп бұнымен билегісі келетініне қарамай, Меруерт әрдайым өзін кішіпейіл ұстайтын, кекірейіп тәкаппарлануды білмейтін. Табиғаттың өзі дарын берген адамдарға тән мұнда да сан қасиет бар-тын, Өзгелерді де, өзін де сынай қарайтын, жеңіл жатқан табыстан көрі, қиындықпен, ізденумен келетін жеңістерге жаны құмарды. Меруерт өлең де айта, сурет те сала білетін. Бұның өнерін көргендер, тамаша суретші болғалы тұр, тек көркемдік училищеге түсуі керек деген. Ал бұл жұрттың берген ақылына қарамай мал дәрігерлік институтына түсті. Қыздың бұл таңдауын әкесінен бөтен ешкім ұнатқан жоқ. Шу дегенде Алшынбай Айдынғалиев те Меруерттің қандай қыз екенін білген жоқ. Әйел жүрегінің қалай соғатынына жетікпін деген Алшынбек, алғашқы уақытта Меруертті ауылдың аңқау қыздарының бірі деді. Қойдан жуас, түбіттен жұмсақ, өмірден ештеңе көрмеген, дүниенің бәрін қуаныш санаған жас қызды өзіне қарсы тұрады деп ойлаған ба ол?
Неғұрлым Меруерт Алшынбектен қаша түскен сайын, соғұрлым профессор дегеніне жетемін деп құлшына түсті. Ежелден келе жатқан шығыс дәстүрі бойынша Меруертті ол ақ бөкен десе, өзін арыстан санады. Ал арыстан қанша жүйрік болғанымен, сол ақ бөкен оның тырнағынан жалт бұрылып, құтылып кете берді. Профессордың телміре қараған көзіне, Меруерт күлімсіреп қана жауап берді де қойды. Күлімсіреуден әрі бір қадым аспады.
Айдынғалиевтің бұдан әрі күтуге шыдамы жетпеді, Ол тікелей шабуылға шықты. Енді қолына қоса жүрегін де ұсынды, маған ерге шық деді. Ал Меруерт қандай жауап қайтарды? Шынын айтсақ, не дерін білмей қалды, Профессордың бар сырын ол бұл кезде біліп алған. Өткен өмірі де, қазір бойдақ екенін де, жасы елуге келіп қалса да баласының жоғы да, ғалымдар арасында қадірлі екенін де, қысқасын айтқанда оның жай-жағдайы Меруертке тегіс аян болған.
Әрине, оған ерге шықса — келешегіне қам жемейді, қолы жылы суға малынады. Малынғанда қандай! Төрт қыз жататын студент жатақханасынан, кең сарайдай төрт бөлмелі профессордың далиған пәтеріне шығады. Бірге оқыған қыздар институтты бітіріп совхоздарға, сонау түкпір-түкпір қазақтың ауылдарына жұмысқа кетеді, ал бұл жасыл төккен Алматыда қалады! Театр, дүкен, ойын-сауық күнде таңертең күтіп тұрған қара көк меншікті «Волга» машинасы. Мода ательесі, шаштараз — бәрі жанында! Жаңа үлгілі қандай киім кием десең де қолыңда! Соңғы үлгілермен тігілген әдемі киімдерге қандай қыз қызықпаған! Даланы, бақшаны сағынсаң — тау ішіндегі сыңсыған алма бағының арасындағы дачаңа бар! Ал егер өзіңнің ұстаған жолыңнан, ғылым жолынан тайғың келмесе,— тайма! Профессор Айдынғалиевтің әйелін кім аспирантураға алмайды? Кандидаттықты да қорғауы мүмкін. Сосын бір күні болмаса бір күні Меруерт туған аулына барады. Ауыл адамдары бір кезде жалаңаяқ жүгіріп жүрген жалбыр шашты қыздың қандай бақытқа жеткенін өз көздерімен көрсін!
Меруерт мүмкін, болашағын дәл біз жасап отырған әсіре қызыл бояулармен безеп, ойламаған да болар, бірақ әйтеуір болашағы туралы ойға қалғаны хақ.
Бірақ Меруерттің арман еткені осындай өмір ме еді? Өзін қандай өмірге дайындамақ болған еді? Осынау сараң сөйлемді оқу кітаптарына үңіліп отырғанда оның көзіне қазақтың кең даласы көрінбейтін бе еді? Тоқтап қалған көгілдір толқындай, бірімен-бірі тіркесіп жатқан көгілдір белестер көз алдына елестемейтін бе еді? Ал жазғытұрым дариядай жайылған көк Есілдің көгілдір тасқынын қалай көрмей кете алады?
Бар арманы, бар қиялы туған жерге қайтып келіп, ата-бабасының, қала берді өз әкесінің салған жолын, жеті атадан бері мал баққан дәстүрін өркендете тусу емес пе еді? Иә, солай. Тек бұл өркендеудің сатысы жоғары болмақ. Институттен алған білімі оның алдағы армандарына жәрдем бермек. Ал енді не болып қалды? Жастар жиналыстарында, түн ортасы ауғанша болатын кейбір өзара айтыс, таластарда, «қазақ жері», «қазақ даласы», «халық», «халық алдындағы борыш», «халықтың тілегін тілеу керек» деген сөздер ауыздарынан түйдек-түйдегімен шығатын. Соның бәрі енді бос сөз болғаны ма? Халық алдындағы борышы қайда?
Меруерттің ойлары тек осылармен ғана біткен жоқ. Оған Айдынғалиев деген кім? Қыз болып қылтия бастағаннан-ақ «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Ромео мен Джульетталарды» оқып менің де махаббатым осылардікіндей таза, үлкен болса екен деген жоқ па еді? Сонда қалай, Қозыны сүйген Баяндай, не Ромеоны сүйген Джульеттадай бұ да Алшынбекті сүйе ала ма? Иә, Меруерт менің де махаббатым көкте ұшқан аққу құстай биік, жұлдызды түндегі домбыраның жұмсақ үніндей жүрекке жайлы нәзік, жауға салған алдаспандай берік болсын деп тілеген... Жасыратын несі бар, профессор Алшынбектің ұсынысы бұны үркіткен жоқ. Тіпті жанына жылы да тигендей болды. Ол әлі де көрікті, бір қызға ер бола алатындай күйде еді. Бетінде пайда болған аздаған әжім тек оның қажырлы адам екенін аңғартқандай. Хасенге «бірге оқыған қыз біткеннің бәрі де Алшынбекке ғашық болған» дегенде Меруерт жалған айтпаған. Бірақ профессор қарағанда, не бірдеме сұрағанда қызара сасып қалып, артынан дос қыздарына «ол маған былай деді, көзін алмай тесіле қарады» деп мақтануы бір сәрі де, өзімен-өзі болған, ондай ойдан аулақ профессорға ерге шығу тіпті басқа мәселе.
Иә, Меруерт қандай шешім аларын білмеген. Жүрегі албырт, алып ұшқан, қандай ыстық, ойлы қыз болса да, жиырма екі жасқа келгенде, өзінің келешегімен байланысты істі ақылға сала алады. Меруерт профессорға жауап қайтаруға асықпады. Алшынбек ұсыныс берген кезде бұл дипломын жазып жүрген. Махаббат күте алатын, ал дипломда — ондай кеңдік жоқ-тын. Уақытында бітіру керек-ті. Меруерт таң атқаннан кітапханаға кіріп, ол жабылғанша кітаптарды қарап қолы босамайтын. Осылай үш ай өткен. Ақыры дипломын өте жоғары бағамен қорғап шықты. Енді Алшынбекке жауап қайыруға болатын еді, бірақ Меруерт өз сезімін өзі ажырата алмады. Профессорға кесіп «жарайды» не болмаса «жарамайды» дей алмады. Тек оған «әлі де болса ойланайын, елге барайын, әке-шешемді керейін, қабырғаммен кеңесейін. Ал сіз, асығыс шешер басқа ойыңыз болмаса, күте тұрыңыз...» деді.
Не істеу керек? Айдынғалиев кенді. Тек, астыртын қолқабысын тигізіп, Меруертті «Алтын арай» совхозына жіберткізді. Өйткені осы совхоздың жерінде биыл өзі жаңа бидай егетін тәжірибе бөлімшесін ашпақшы еді... Сөйтіп, Айдынғалиевтің ойынша, бұл іс те ыңғайлана бастағандай еді.
Бірақ профессор Меруертті «Алтын арайға» жіберуге жәрдемдесіп жүргенінде ол онда Хасенмен кездесетінін білмеді. Тек соңынан барып, бірнеше ай өткен соң ғана, «Шығасыға иесі басшы» деген қазақтың ескі мақалы есіне түсті.
3
Хасен мен Меруерт кішкентай темір жол станциясының алдында тұр. Жігіт қызбен танысқанына бір жетіден асып кетсе де, осынау қызыл гүлдей құлпырған, үстінде жаңа үлгімен тігілген жұқа нейлон көйлегі бар жас сұлуды жаңа ғана көргендей, таңдана қарайды. Шынында да Меруерт бүгін ерекше әдемі еді, қолына ұстап тұрған жаңа шыққан бәйшешектер гүл-гүл жайнайды, үстіндегі жеңіл нейлондай үлбіреп тұр. Дәл қазір көкке ұшып кететін хор қызы тәрізді...
Рас, бұл хор қызы қолына шоқ гүл ұстап, үстіне ең соңғы үлгімен тігілген көйлегін киіп, осы кішкентай станцияға өзі үшін келмегенін білетін Хасен, іштей Меруертке сәл ашулы еді. Жоқ «сәл ашулы» болса бір сәрі ғой, қыздың осыншама сәнденіп келгенінен оның өзегі өртеніп, іші күйіп бара жатқан. Сонда... Меруертті осыншама қызғанатын оның қандай қақы бар? Мейлі, күтетін профессорын күте берсін, бұл оның шаруасы, Хасенге тіпті алты аласы, бес бересісі жоқ дүние ғой...
Бұл тұрыстарының бір қолайсыз жағдайы — екеуі! бірдей: Меруерт те, Хасен де, сол Алшынбек Айдынғалиевті күтуге келгендері. Профессор совхозға «келе жатырмын» деп телеграмма берген. Астанадан шыққан әйгілі оқымыстыны тың даласында қарсы алуды Угрюмов Хасенге тапсырған.
Ал Меруерт болса, Хасеннің бұл араға неге келгенінен хабардар, тек өзінің неге келгенін анау біліп қалмаса екен деп тыпыршып тұр. Кімге болса да сұлу көрінуді ұмытпаған әйелдік мінезге салынып, өзінің осыншама сәндене қалғанына Меруерт енді іштей ренжуде. Бірақ өзінің осы жағдайын жасырмақ боп ол өзін еркін ұстап, қалай болса солай сөйлеуге тырысады. Қыздың мұндай мінезін көрген Хасен, неге екені белгісіз, қысыла түседі.
— Сурет салуды да жақсы көремін,— деді қыз әңгімелерін соза түсіп, бота көздерін Хасенге жаудырата қадап,— егер қалаған болсам, Суриков училищесіне түсетін едім.
— Бекер түспегенсіз,— дейді Хасен қыздың сөзін қуаттай.— Суретшілер біз секілді қарапайым жандар емес қой...
— Ал сурет салатын қыздар ше?
— Оларға тіпті дау жоқ қой... Егер суретші қыз болсаңыз, мен осы айдаладағы кішкентай станцияның алдында дәл бүгінгідей тұрар едім де, ал сіз менің жанымнан экспресспен Москва, Дрезден, Париждың біреуіне дербес көрмеңізді ашуға өтіп бара жатар едіңіз...
— Ах, дербес көрме емес қой дүниенің ең қызығы. Москва, Париждарға барар болсам, мен ең алдымен балмұздақ сатып алуға жүгірер едім... Совхозға келгелі балмұздақты әбден сағындым...
— Келмей жатып па?
Екеуі де күліп жіберді.
— Суретті тегі сіз қарындашпен саласыз ба, әлде бояумен бе?
— Екеуімен де.
— Сол екен ғой, өткен жолы дәл қасыңыздың түйісер жерінде қап-қара бояу жабысып тұр еді. Совхоз қыздарының арасында үнді мәдениетін таратып жүр екен деп ойлап едім мен сізді...
Меруерт кенет жүдей күрсінді.
— Қайбір суретші дейсің. Жай әншейін үй бояушы малярмыз ғой.
— Жоқ, оныңыз өте жақсы.
— Немене жақсы? Маляр болу ма?
— Сурет сала білу. Қазір не салып жүрсіз?
— Әйтеуір...
— Сонда да?
— Дала. Далада трактор. Трактор айдаушы.
— Қалай, шығатын түрі бар ма?
— Шығар еді, егер салып жатқаның сені қызықтырса...
— Сізді трактор жүргізушілер қызықтырмай ма?.. Бұныңыз маған өте ұнайды... Біздің трактор жүргізушілеріміздің бірде-бірі қызықтырмауы ақыл... Ал дала қызықтыруға тиісті ғой?..
— Қызықтырмай қойғанның өзі сол дала ғой...
— Қалайша?..
— Шыным. Мен салған даланың, біздің суретшілер айтқандай, жаны жоқ... Жыртылған қара жер. Өліктей жансыз...
— Жыртылған қара жер?.. Мүмкін үстіне бір-екі тарғақтың суретін саларсыз. Суретшілер осындай бір болмашы қосымшалармен суреттеріне жан кіргізеді ғой.
— Бұл араға тарғақтардың қатынасы жоқ,— қыз жігіттің қалжыңына түсінбегендей, жүдей сөйледі,— себебі басқада... Жер өзгеріп кеткен. Қай жаққа қарасан. да жыртылған дала. Мен әкеммен үнемі таласам, оны көндіргім келеді. Ал әзім үйрене алмай-ақ қойдым. Біреу кенет қиялымды ұрлап әкеткендей.
— Қиялыңызды?
— Иә. Мен үнемі бір шетінен бір шетіне көз жетпес жайқалып жатқан жасыл шалғынды көргім келетін. Ал сол далада жойылып жатқан қотан-қотан қой, құлын-тайы шапқылаған үйір-үйір жылқы, шаңырақ мүйіз, әукелері салбыраған қалың қара мал... Менің сөзіме күлкіңіз келіп тұр ма? Күлмеңіз. Мен қойшының қызымын ғой, жасымнан малмен бірге өскем.
— Жоқ, күлгелі тұрғам жоқ. Тек, жасыл шалғын мен қалың қойдың орнына, сіз бұл арада жайқалған алтын дәнді көрсеңіз жаман болар ма еді?..
— Әрине, о да әдемі. Таласпаймын. Бірақ адам деген түсініксіз, аққу құс тәрізді ғой. Бұрынғы әупілдекті, қамысты көлдерге қонып жүрген аққулар, қазір адам қолымен жаратылған шалқар дарияларға қонбайтын болды дейді менің әкем. Былай қарағанда қандай айдын шалқар теңіздер! Ал аққулар қонбайды. Ұшы-қиыры жоқ бидай даласын біз қандай құрметтесек те, осы далада кішкентайыңнан өскендіктен бе, жүрегіңнің түбінде «шіркін-ай, баяғы көкорай шалғын кең алқап қайда» де¬гендей бір болмашы өкінішті сезесің. Әлде олай емес пе?
— Біздің балаларымызда ондай өкініш болмайды. Оларға бөтен көріністер көркем көрінуі хақ. Қолымызбен біз жасаған көріністер...
— Сіз, агрономдық тұрғыңыздан солай деп тұрсыз, Хасен. Бидайыңыздан бөтен ештеңені де кергіңіз келмейді. Осалдығыңыздың бірі осында.
— Жоқ менің күшім осында ғой деймін. Қайтып оралмас өткенге өкінуден көрі, алдағы күнге шындық көзқараспен қараған анағұрлым келісімді. Сіз бұнымды осалдық деп ұғасыз ба?
— Сіздің айтып тұрғаныңыз дұрыс секілді. Әрине, дұрыс қой... Бұрын маған, ескі мен жаңаның арасындағы күрес, аға буын әкелеріміз бен біз жастар — олардың балалары арасындағы қайшылық секілді көрінетін. Ал ойлап келсем, тіпті олай емес екен. Жас болсын, кәрі болсын, күрес адымы әр кімнің өз жүрегінен басталады екен. Ана сүтімен кірген әдет, дәстүр, ұғым оп-оңай жойыла қоймаса керек-ті...
— Не айтқың келіп тұрғанын түсінем, Меруерт. Қазақ елі атам заманнан мал баққан ел, оның ішінде ен даласын бұрынғы қалпында көргісі келетіндер де аз емес. Бірақ олар да бір жерде тапжылмай тұрып қалуға болмайтынын, уақыт бәрін де өзгертетінін, сол уақытпен бірге өздерінің де бір орында тұра алмайтындарын біледі. Ал бұдай болса... Жоқ бидай жайында қарт атамнан естіген аңызымды басқа бір күні өзіңе айтып берермін.— Хасен сәл үндемей қалды,— Менің тамаша қарт атам болған, Меруерт. Мен көп нәрсені со кісіден үйренгем...
Хасенге Меруерт ойлана көз тастады. Кең маңдай, ат жақ, қыр мұрын, көз қарасы да ойлы, салмақты. Алғашқы күндері тек қызу қанды албырт жас көрінген осы агроном енді Меруертке ұнай бастады. Содан ба, әйтеуір) Меруерттің профессорды қалай кездестіргенін Хасеннің көрмегенін ұнатты.
Профессор мен Меруерт екеуін қосар қандай бір тілек, бір арман бар? Меруерт неге бұл араға келді? Осы уақытқа дейін оған «болмайды» деп жауабын бермеуі неден? Несіне созып жүр? Өткен аптада Айдынғалиевтен көрі Хасен туралы көбірек ойлған жоқ па еді? Ал бүгін? Сонда Хасеннің ойы қандай? Бұған, Меруертке, қалай қарайды? Оны әлі тексеру керек. Ал қазір, амал жоқ, Алшекеңді қарсы алу жөн. Тіпті сыпайыгершілік жолымен қарасаң да... Тек Хасеннен қалай құтылады?..
Алыстан келе жатқан отарбаның гүрсілі естілді.
— Хасен, менің бір өтінішім бар, — деді Меруерт кенет күмілжи,— орындай алар ма екенсің?..
— Бұйыр. Қандай өтінішің болса да орындаймын, — Хасен әскери адамша аяғын сарт еткізіп, қолын маңдайына апарды,— күн қимылын тоқтат десең—-тоқтатайын! Шөлмек ішіне сиқырлап тыққан дәуді әкел десең — әкелейін!
Меруерт күліп жіберді.
— Менің өтінішімнің дәл үстінен түстің десем де болады. Хасен, маған бірнеше шөлмектің керек екені рас. Бірақ ішінде сиқырланған дәу емес, шапшып атар шампан болса екен. Әкем бірлі-жарым ағайындарың қонаққа шақырмақ. Иә, тағы бір-екі коробка Мәскеу конфетін алсаң... Бұны маған деп.
— Айтқаныңыз орындалады,— деді күліп Хасен,—- бірақ қонағымды қайтем?
— Ештеңесі де кетпейді ғой, күте тұрар.
— О да дұрыс.
Көп кешікпей буын бұрқыратып станцияға экспресс те жетті, тормоздарын шиқылдата, жүрісін сәл азайтып кілт тоқтады. Хасен вагон-ресторанға қарай жүгірді. Меруерт телеграммада көрсеткен вагон тоқтаған тұсқа қарай беттеді.
Меруерт Айдынғалиевті көргенінде, ол станция алдындағы шөбі жапырылған кішкентай алаңда тұрған, Спортшыларға ұқсаған жіп-жітік, ұзын бойлы, сымбатты. Үстінде қыры сынбаған әдемі сұрғылт костюм. Жанында, екі адымдай жерде, талай елдің аэропортының қағаздары жапсырылған, толып жатқан қалталы, сырғыма темірлі сары былғары шамадан. Алшынбек шамаданын тіпті ұмытып кеткен. Даланың жұпары аңқыған ауасымен жұтына демін алып, жолдың арғы бетіне қарай қалған. Ол жерде үстін қар басқандай, аппақ гүлді шашаққа бөленген, мойыл ағашының жас бұтағы көрінеді. Алшынбектің екі көзі сонда. Кенет ол «Есенин!» деді, сөйтті де Есениннің мойыл жайындағы бір шумақ өлеңін күбірлей айта бастады:
Көңілдене құлпырып тұр,
Қызыл мойыл жұпар төккен.
Аппақ гүлі жайнайды бір
Күннің нұры өртеп көктен.
Мойыл бұтағынан көзін алмай рахаттанып тұрған егде профессор кенет Меруертке бір аяулы адамындай сүйкімді көрініп кетті. Меруерт жанына жақындай кеп қолын берді.
— Сәлеметсіз бе, Алшеке?.. Аман-сау келуіңізбен құттықтаймын.
Алшынбек кілт бұрылып, Меруертті көрді де жайнап кетті.
— Меруерт?.. Алдымнан шыққаныңа рахмет. Көңілімді бір көтеріп тастадың ғой.
Меруерт не дерін білмей, қызарып кетті.
— Мен тіпті үміт үзе бастап едім, бір ретте...
Профессор сөзінің аяғын айтқан жоқ.
— Жолыңыз қалай болды?—Меруерт оның сөзін бөліп жіберді, — әйтеуір...
— Жолым жаман болған жоқ. Бір тәуір серіктер кездесіп... Әлде, қобалжып па едіңіз... менің сапарымды ойлап?..
— Әрине ғой...— деді қыз тікелей жауап бермей,— жол дегеннің жөні бөлек қой... Әлдеқалай,— қыз кенет тақпақтай:
Отарба енді білмеді,
Домалаудан басқаны.
Жас мысық күліп жіберді,
Құйрығын жалай бастады, —
дейтін балалардың өлеңіндегідей бірдеме болып қалмасын кім біледі?— деді.
Екеуі бірдей күліп жіберді.
— Қалай орналастыңыз совхозда?—деп сұрады Алшынбек, жан-жағына қарана,— кімдер бар екен бұл арада? Тың шабыткерлері ме, әлде оңай табыс іздеген уақытша тұрғындар ма?..
Меруерт жауап беріп үлгіргенше Алшынбек:
— Әрине қай жерде болса да адам дегеннің бәрі бірдей ғой,— деді өз сұрағына жауап қайтарып,— мейлі,. тек Отан-ана алдындағы борыштарын ұмытпаса болғаны...
Меруерт сәл қабағын шытты. Орынды болсын-болмасын, ол көрінген жерде осындай бос патриоттық сөзді айтуды ұнатпайтын. Отан, борыш... — деген сөздер оған тым қасиетті еді.
Мұндай сөздерді жүректе сақтау керек, ескі уақытта құдайдың атын қалай атаса, бұлардың атын сондай тиісті жерлерінде ғана атау керек...
Осы кезде бұлардың жанына сатып алған заттарын екі қолымен кеудесіне қыса, Хасен де жетті.
— Аман-есенсіз бе, Алшынбек Айдынғалиевич...
Профессор бұны көріп қуанып қалғандай болды.
— Ау, Хасенсің бе? Сен де осында ма едің?
Меруерт ештеңеге түсінбей Хасенге қарады.
— Хасен маған сізбен таныс емеспін деді ғой?..
Профессор өкпелеп қалған адамдай, иығын көтерді.
— Өз басым олай демес едім. Хасенге мен өзімді жат адам санамаймын...
Алшынбек Хасеннің сымбатты дене бітісіне ұрлана көз қиығын аударды. Қоңырқай жүзінде, аса бір айта қаларлықтай көрік болмағанмен қайраттың, жігердің белгісі бар. Тіпті қатаңдықты да сездіреді. Меруерттің оған әлсін-әлсін көз тастауынан профессор бір күдік алғандай «солай... солай...» деді өзін-өзі күбірлей... Осының бәрі неден екенін ол әзір түсінген жоқ, бірақ жүрегіне бір суық ызғардың лебімен қобалжу кіргенін ұқты.
Үшеуінің ішінен тек Хасен ғана міз бақпай, жайбарақат тұр.
— Угрюмов жолдастың бүгін қолы босамай қалды,— деді ол,— машинасымен станцияға мені жіберді. Сізді біздің зоотехник те қарсы алатынын мен білгем жоқ.
Хасеннің соңғы сөзі өзіне тиіп жатса да Меруерт жауап қатпады.
— Әкең қайда?—деді кенет профессор Хасенге қарап.— Ол да осы «Алтын арайда» ма?
— Жоқ,— деді Хасен,— ол Қаратаудағы фосфорит руднигінде. Пенсияға шықпай маған келмейтін шығар: Пенсияға шықса бір сәрі, жалғыз өзі о жақта не істейді...
Алшынбек кенет екі иінінен су кетіп, болбырай қалды.
— Иә, иә, есімде бар,— деді ол міңгірлей,— ұмытпасам, біз екеуміз сол маңда бір жерде кездескендей едік қой...
Профессор жалған айтып тұрған жоқ. Ол Қаратау руднигінде Атымтаймен кездескен. Тек өтірігі басқада еді. Сондағы өзіне ауыр тиген кездесудің егжей-тегжейіне дейін әлі күнге көз алдынан кеткен емес-ті. Ал қазір ұмытқан адам секілденуі бекершілік еді.
4
Тянь-Шань тауының солтүстік-батыс етегін Қаратау дейді жұрт. Бұл арада, осыдан жүз жыл бұрын осы ауданға генерал Черняевтің отаршылдық әскерінің алғашқы тобыменен келген, бүкіл Россия Жағрафиялық қоғамының мүшесі, белгілі жаратылыс зерттеуші Н. А. Северцев, фосфордың ғажайып кен байлығын ашқан. Содан бері әр кезеңде, әр уақытта тынбай кен зерттеу жұмысы жүргізіліп тұрған. Төңкеріске дейін анда-санда ғана болса, одан кейін Қаратау кенін анықтау, зерттеу жұмысы жоспарланып кең түрде қамтылды, Қаратау қойнауында табылған фосфордың осы ен байлығы бұл жерді, Совет Одағының мөлшерінде Хибин апатитынан кейінгі екінші орынға қойды. Отан соғысы кезінде осы Қаратауда жер тыңайтқыш заттарының үлкен комбинаты ашылған. Сол кезде-ақ бұл комбинатқа негізгі кен жеткізуші Шолақтау руднигі салынған. Ана жолы кішкентай ұлын атасының қолында қалдырып, жаяу әскер рота командирі, аға лейтенант Атымтай, жұмыс істеуге осы рудникке келген. Ол осындағы кен зерттеуші партиясына өзінің соғыстан бұрынғы ескі мамандығы буровой (жер тесетін машинаның) шебері боп жұмысқа кірген. Бұл партия жаңадан салынған тау-кен жұмысшыларының қаласы Қаратаудан отыз километрдей жерде тұратын Жамантас дейтін жерде зерттеу жүргізіп жатқан.
Демек, осы уақытқа дейін Атымтайды екі жара қинап келген. Біреуі соғыста алған жарасы. Госпиталь дәрігерлері айтқандай, бұл жара тез-ақ жазылған. Қыр, ойпатты Қаратау жерінде енді ол балдақсыз жүруге жараған. Тек оң аяғының аздаған сылтуы өмірлік боп қалған. Ал екінші жарасы жазылмады. Жазылудың орнына қайта-қайта аузы ашылып жанын қоярға жер тапқызбай солқылдатты.
— Қартайып отырған жоқсың,— дейтін оған кей жанашыр жолдастары,— еркек емессің бе... Еркектігіңді көрсетіп өзіңді-өзің қолыңа ал, өз тағдырыңа қожа бол! Дүниеде әйел құрып қалып па? Жаның сүйер адамыңды табасың. Саған көңілі ауып жүрген әйелдердің ішінде Бибіғайшаның көкесіндейлер бар! Қайсын қалайсың? Ал Бибіғайшаны ұмыт. Ол бір шіріген жұмыртқа. Күйеуін, баласын қиып тастап кеткен әйел үшін қапаланбақ түгіл, тіпті оны еске түсірудің өзі күнә.
Бұл сөздерден кейін Атымтай Бибіғайшаны ұмытқысы да келді. Есіне түсірмеуге де тырысты. Былай істеу кейде оның қолынан да келіп жүрді. Әсіресе, жолдас-жораларымен ашына кеңесіп, аздаған шарап ішіп отырған шақтарында... кейде тіпті өзіне ұнаған бірен-саран әйелдермен жақындасуды да ойлады, өйткені Атымтайдың дер кезі, оған көз тігіп жүрген әйелдер аз емес-тін. Бірақ осының бәрі ұзаққа бармай тез бітетін. Тағы да Атымтай жападан-жалғыз қалатын. Тағы да жан серігі тек қасіреті ғана болатын. Ал тіпті сары уайым басып көңілі шын жетім бола бастаса, ол бірнеше күнге босанып, Хасеніне келетін. Дегенмен оны осы жүрегін өртеген азаптан жұмысы құтқаратын. Тек жұмыста ғана Атымтай бәрін ұмытатын, қайғысын да, қасіретін де. Сол себептен де ол уақытының көбін буровой станогінің қасында өткізетін.
Сөйтіп жүрін Жамантас партиясы ұлғая келіп рудникке айналды. Буровой шебері Атымтайды енді сол кен шығаратын рудниктің бір бөлігінің бастығы етті. Осы күннен бастап Атымтайдың өзі туралы ойлайтын да уақыты қалмады. Толып жатқан жиналыс, мәжіліс, фосфор өнімін өсіре түсу жайындағы кеңестер Атымтайдың бар уақытын алын кетті...
Рудник бастықтары да Атымтайды сыйлайтын, ал өзінің ескі жолдастары сол ескі жолдастық сезімдерін өзгертпеген, жақсы көретін, оның бастық, болғанына қарамай әлі де «ақсақ бұрғышы» деп атайтын...
Сол Жамантас кені пайдалануға берілген жылы, осында Алшынбек Айдынғалиев келген. Бұл кез бұның да «тасының жоғары өрмелеп» тұрған шағы. Оған Қазақстан ауыл шаруашылығына жер тыңайтқышты молынан пайдалану жайында республикалық Министрлер Советіне толық баяндама қағаз түсіру тапсырылған-ды.
Айдынғалиев Қаратауға келіп жер тыңайтқышының болашақ мезгілде өнетін мөлшеріменен қазір қанша бере алатын мүмкіншілігімен танысты, пікір қорытты. Ал істеген қорытындысы ойлаған ойынан анағұрлым асып түсті. Он-он бес жыл өткен кезде Қаратау фосфориты бүкіл Совет Одағы егіс даласының қырық процентін тыңайта алатын болып шықты. Әрине бұл үшін кен өнімін ойдағыдай өсіру керек. Егер Қазақстан егіс даласын отыз миллион гектардай деп санар болсақ, Қаратау комбинатынан өнетін жер тыңайтқыш бүкіл Қазақстан егіс даласына молынан жететіні анықталды.
Алшынбек осы ақпарларды жинап жүргенінде, өзінің болашақта қандай ұлы іске қатынасы боларын сезді. Бұл «Жер тыңайтқышын пайдалану жөніндегі» баяндамасын республиканың беделді адамдарының алдында жасайды. Баяндамаған күнде де бұның жуан, сан ережелерге толы «баяндау қағазы» сол кісілердің алдына барып түседі. Алшынбектің осы «қағазы» арқылы үкіметтің қаулы, қарарлары шығады. Әрине осының бәрі тек Қаратау жер тыңайтқыш комбинатының ғана маңызын көтеріп қоймайды, осы мәселеге маңыз берген профессор Айдынғалиевтің де дәрежесін жоғары көтеруі мүмкін...
Алдында қандай жауапкершілік тұрғанын түсінген Айдынғалиев Алматыға жүрер алдында, қайтадан рудниктерді аралап, қайтадан ақпарларын бір тексеріп шықпақ болды. Ол бұл сапарын ең алыс Жамантас руднигінен бастаған. Екі-үш күнде ондағы шаруасын бітіріп қайтып келе жатқан. Жеңіл «виллис» машинасының артқы орындығында Алшынбек пен комбинаттың бас инженерінің орынбасары отырған. Машинаны жүргізіп келе жатқан рудник бастықтарының бірі Атымтай еді. Ол алдыңғы шыны үстіндегі кішкентай айнадан артында отырған мардымсыған, өзіне-өзінің көңілі тойған профессордың қызыл шырайлы бетін көріп келе жатты. Алшынбектің бетіне көзі түскен сайын, Атымтайдың тамағын, қыл арқан буындырып бара жатқандай қызарып, ашу-ыза өн-бойын билеп, машинаның рулін қыса түсті. Артында кім отырғанын Атымтай білетін.
Ал Алшынбек машинаны жүргізіп келе жатқан адамның кім екеніне мән бермеген. Қазақта Атымтай деген аз ба, өзі бұрын көрмегендіктен Бибіғайшаның бұрынғы күйеуінің аты Атымтай еді-ау деген ой есіне де кірмеген...
Машина ойлы-қырлы, кедір-бұдыры көп жолмен зытып келеді. Машинаны жүргізуде Атымтай бар өнерін аяған жоқ. Жолдың жамандығынан артында отырған адамдардың ұшып кете жаздап, біріне-бірі соқтығып мазалары кеткенінен бұның жаны жай тапқандай, өлеріне қарамай машинасын айдай түседі. Жолдың екі жағынан баялыш пен жыңғылдың сирек бұталары бірінен соң бірі жантая құлайды. Жолдың солтүстік жағы көз жетпес қияға дейін созылған жалпақ, сұр дала. Оңтүстігінде көгілдір тартқан Кіші Қаратаудың қыр, белестері... Күн батуға айналды. Комбинатқа дейін үстінде бірде-бір ауыл жоқ, елу километрдей құлазыған қу дала қалды.
Қазақ үш күннен кейін көрге де үйренесің дейді. Сол айтқандай-ақ, артта отырғандар машинаның жаман жүрісіне көндіккен болулары керек, тынбай әлденені әңгіме етігі келеді. Комбинат бас инженерінің орынбасары, жалпақ бет, жуан, аңқылдаған қарапайым кісі, астанадан келген әйгілі ғалымның бұны өзіне тең көріп, сыр ашып келе жатқанына мәз болып, әлсін-әлсін ананың сөзін «солай деңіз!», «Иә, иә!» деп қоштап қояды.
Атымтай бұлардың сөзін тыңдай қалды.
— ...Сонда барып мен оған балаңды күйеуіңе қалдыр дедім.— Атымтайға профессордың сөзі еміс-еміс естілді. Ол енді демін ішіне ала, құлағын түре түсті,— құдай өзіңе бермеген соң, біреудің баласы бала бола ма...
— Бірақ баланың жазығы жоқ қой...— бас инженердің жуан орынбасары не дерге білмей сасып қалған адамдай кібіртіктей сөйледі,— анасыз бала бақытсыз бала ғой. Өмір бойы бақытсыз болып қалуы мүмкін емес пе...
— Өгей шеше, не өгей әкенің қолында тәрбиеленген бала, сіздің ойыңызша бақытты бала болып өседі дейсіз бе?.. Жоқ, мұндай жағдайда, түйінді бір-ақ кесу керек!
Атымтай машинасын оң жағындағы жартасқа соғып ала жаздады, әйтеуір дер кезінде бұрып әкетті.
— Ақырынырақ жүруге болмай ма!?—деді оған жуан, сөйдеді де Айдынғалиевке:
— Анасы қайтты? Қарсылық білдірген жоқ па?
— Кім өз бақытына өзі қарсы келеді...
— Дегенмен...
— Қымбаттым, сіз әйелдерді жақсы білмейді екенсіз... Олар...
Атымтай профессор сөзінің ар жағын ести алмай қалды.
Жүрегі бар күшімен жұмыс істеп жатқан бұрғышының қол машинасындай, алқындырып, дүрсілдеп әкетіп барады.
— Әкесі... баласы қайда?.. Содан кейін сіз оларды кездестірмедіңіз бе?
— Жоқ,— Айдынғалиев селсоқ жауап қайырды.— Баланы бір рет көргенім бар... Ал әкесін жолықтырғам жоқ.
«Ә!.. Әкесін жолықтырғың келген екен ғой. Асықпа, қазір жолығасың!» Атымтай машинасының тормозын ашулана басты. Машина сәл сырғып барып кілт тоқтады.
— Машинадан түсулеріңді сұраймын. Мына жаққа!— деді Атымтай.
Атымтай көрсеткен жақтың шетінде Алшынбек отырған.
— Неге?—деді ол.
— Тезірек... сөйту керек-ті.
— Жарайды.
Ешнәрсеге түсінбеген Алшынбек, созыла машинадан түсті. Жуан орынбасар да түсуге ыңғайлана бергенде, Атымтай машинасының газын басып қалды. «Виллис» зыр етіп ата жөнелді. Жуан орынбасар орындық үстіне құлап түсті. Бір қолымен машинаның ернеуінен ұстап тұрған Алшынбек те жерге етпетінен құлады. Осының бәрі көзді ашып-жұмғандай уақытта болды. Айдалада қалып бара жатқанын енді түсінген Алшынбек, тұра сала Тоқта! Тоқта!» деп машинаның соңынан жүгірді. Атымтай бірақ оған қараған жоқ.
— Тоқта! Тта деймін!—деді жуан орынбасар әлі жөнді ештеңе түсінбей,— осындай да ойын бола ма екен?!
Атымтай оның сөзіне құлақ та қойған жоқ. Тістеніп ап машинасын айдай түсті. Бар жылдамдығымен аққан машина, жолдың шұңқыр-бұдырына соғып, жуан орынбасарды екі жақ ернеуіне кезек-кезек ұрды.
— Ау, сені жын соқты ма?—Жуан орынбасар Атымдайдың иығынан ұстай алды.— Тоқтат деп тұрған жоқпын ба саған..
Жайыңызға отырыңыз!—Атымтай тістене жауап берді.
— Тоқтат! Тоқтатшы құдай үшін! Өтінем! Жалынам! Қараңғы түсіп келеді. Не істеді саған ол соншама? Жалғыз адамды айдалада жалғыз қалдырып кетуге болмайды ғой?
— Оған сол керек!
— Ойбай-ау, өліп қалады ғой!
— Өлсе өлсін!
— Бүйтуге болмайды! Бұның кісі өлтіру ғой!
— Жаның ашыса, өзің бірге қал! Машинаны тоқтатайын ба?
— Не? Осы қара түнде қайда қалам?—Жуан орынбасар енді өзі сасайын деді,— қолымнан келгенінің бәрін істедім, құдай да, профессор да риза шығар. Мына дүлей көнбесе қайтейін.— Ол енді «мынаның түрі жаман екен, менің езімді де тастап кетер» дегендей машинаның бұрышына тығыла түсті. Машина жұлдыздай аға берді.
Алшынбек сол күні түнде өмірде көрмегенін керді, зәре-құты қалмай, өлерден боп қорықты.
Ол ауылдық жерде өскен. Әкесі алғашқы кезде — ауылдық мұғалім, соңынан мектеп директоры болған, Алшынбек мектепте алдыңғы қатардағы оқушы балалардың қатарында саналатын. Бірақ ол алғырлығымен, ақылымен емес, кітапқа көп үңілуімен, жаттауымен сабақты жақсы оқыды. Әсіресе оқығанда тез жатталатын пәндер оған жеңіл тиді. Қай оқиға қай уақытта болғанын баяндайтын тарих, тау мен судың аттары тізбектелген жағрафия, толып жатқан өсімдіктердің, адам мүшелерінің аттары бар ботаника, анатомия секілді сабақтарда алдына жан салмады. Әке балаға қырағы дегендей, Алшынбектің әкесі ұлынан астроном шықпаған күнде де, агроном шығатынына шек келтірмеді. Бала да әке ойын дұрыс деді. Бірақ, жерге деген бұның ынтасы, әуестігі диқан мен малшының балаларынікіндей, табиғатпен тікелей қатынасып, ата-бабаларынан келе жатқан дәстүр, тәжірибесінен емес, мұғалім үй ішінде тәрбиеленгендіктен, тегі кітаптан алған әсерлер арқылы туған. Бірақ Алшынбек әйтеуір ауылшаруашылық институтына түскен. Мектепте алдыңғы қатарда саналып үйренген бала жігіт, жоғары дәрежелі оқу орнында да ең тәуір оқушылардың бірі болды. Жолдастарымен тең баға алып, олармен қатар тұруды Алшынбек өзіне мін көретін. Қайткен күнде де ол жолдастарынан жоғары тұруға тиісті... Сол себептен де қолынан кітабы түспеді, сол себептен де «тырысқан» оқушыны жақсы керетін мұғалімдерге де жақындай білді. Алшынбектің бір курста оқитын жігіттерді айтпасақ, шын мағынасындағы жолдастары болмайтын... Өйткені ол өзге жігіттердей бірі мен бірі әкей-үкей боп қатынаспайтын, әрқашан да жеке жүретін...
Ақыры аспирантураны бітіріп Алшынбек туған еліне қайтқан. Ол өз мақсатына берік, іскер, жігерлі еді. Осы қасиеттердің арқасында бастықтардың көзіне тез түсті. Егер ол мінбеге шығып біреуді әшкерелер болса, оның лаулаған жастық оты, адал ниеті тыңдаушыларды еріксіз өзіне қаратып әкететін. Алшынбек жұмыс істеп жүрген ауданда, сол жылы уақытынан бұрын жер жыртылып, бидай себіліп күз егін де мол шыққан. Бұл табыстарға Алшынбек өзінің қызыл тілімен қанша үлес қосты, онымен ешкім шұғылданған жоқ, тек, әйтеуір, әр жерде көзге көрініп жүрген жас агрономның көптеген үлесі барына тірі жан күмәнданбаған. Жас агрономның көкке шарықтаған қырандай, қызмет басында өсу жолы осыдан басталған. Жұрт құлап жатқан тайғақтан бұл өте білді. Жұрт беттей алмаған дауылдарда, бұл құлап қалмақ түгіл алға қарай аттай да алды. Қандай жағдайда болса да, Алшынбектің бағы жана түсті. Бағының бұлай жануын ол өзін партия қай орынға қойса да Отан үшін, халық үшін жанын аямай, адал қызмет істейтін абзал қасиеттерімнен деп ұғындырды. Сырт қараған адамға осылай да көрінетін.
Сөйтіп жүргенінде соғыс басталды. Бұл кезде ол облыстық ауыл шаруашылық басқармасына бастық етіп бекітілген. Салтанатты кабинетке де, ауыз үйде отырған хатшы қызға да, «бұл керек адам, соғысқа алынбасын» деген мықты қағаз броньға да ие болып үлгірген... Ол окопта жатып тоңған жоқ, үстін түтін басқан екі дүниенің тағдыры шешіліп жатқан қанды айқаста міндетімді атқаруға тиістімін деп, батыс жаққа барамын деп жұлқынған жоқ, тіпті колхоз даласына да анда-санда шықты. Онда да қашауаға қос-қостап ат жегіп, қасына прокурор мен милиция бастығын ертіп... Бірақ Алшынбек мұнда да күшін аямайтын: «Барлығы жеңіс үшін» деп тайлы-таяғына қарамай боқыраудың қара суығында масақ теруге шақыратын. Ол сөз арасында «Тыл да майдан! Жеңіс тек майданда ғана емес, тылда да дайындалады деген ұрандарды жиі айтатын. Осылай, «жеңісті дайындар жүрген Алшынбек Айдынғалиев Бибіғайшамен кездескен.
Алшынбек әйелдерге ұнай білетін және өзі де оларды тым тез ұната кететін. Әйел жүрегін өзіне қарату оған бәлендей қиынға түспейтін. Ал Бибіғайша оған оңайға түскен жоқ, түсті деген күнінде де ол Бибіғайшаға деген сезіміне жеңіл қарамады. Ақырында Алшынбек әйелі мен екі баласын тастады. Бұл оған Бибіғайшаға, сен де балаңды таста деуге жол берді. Әйел көнді...
Бірақ осы күннен бастап әлеуметтік қызмет жағынан Алшынбектің басынан бақ құсы тайды. Тастаған әйелі жоғары партиялық орындарға арыз берді. Өз семьясын, бөтеннің семьясын бұзғаны үшін Алшынбекті басшылық қызметтен босатты. Бос қалды. Ыңғайлы жұмыстың реті келмеді. Бірақ бұл қиындық ұзаққа созылған жоқ. Интуициясы, тәжірибесі және толып жатқан жолдастары енді өмір-бақи сүрінбей жүретін жол тауып берді. Ол жол — ғылым деп аталатын...
Табиғи қасиеттері, алғырлығы, табандылығы, біраз жыл ауыл шаруашылығында істегені, тіпті бір кезде аспирантураны бітіргендігі, барлығы-барлығы енді Алшынбекке қызмет істей білді, бұларды және Алшынбек пайдалана да алды! Бұдан басқа оның тағы бір қасиеті бар-тын. Ол қасиет — Алшынбек ең керекті істі уақ, келешегі болмашы істерден ажырата білетін. Бірталай жыл ауыл шаруашылығында басшылық жұмыста болғаны, тәжірибесі, оған осы саладағы ең құнды проблеманы таңдай білуді және осы проблемаға жабыса қалуға жәрдем берді. Жабысқанда қандай! Осы «проблеманы» өзі көтермей, ал ол «проблема» мұны көтермей, отыз екі тісі бірдей түспей айырылмайтын боп жабысты. Сондай проблеманың бірі жер тыңайтқыш проблемасы еді. Жер тыңайтқышының неге керек екені ежелден ап-айқын болса да, Алшынбекке бұл тақырып Қаратау фосфор байлығын пайдаланумен байланысты толып жатқан баяндамалар, мақалалар жазып, радиоларда арнаулы сөздер сөйлеуге мүмкіндік берді. Ғалымдардың көбі соғыс кезінде және соғыстың соңғы жылдары басқа проблемалармен байланысты болып, жер тыңайтқыш мәселесіне бәлендей көңіл бөле қоймағандықтан, халық алдында бұл проблеманы көтерген Алшынбек боп шықты. Жұрт оны уақытпен аяғын тең басқан, халықтың керегін беретін прогресшіл ғалым деп түсінді. Ғылым кандидаты Айдынғалиев көп жыл өтпей-ақ доктор, содан кейін профессор атағын алды... Бірақ Алшынбек бұнымен қанағаттанып қоймады. Ғылым құр ғана кафедра, декан, профессор, доктор дәрежелері ғана емес, ол — атақ, болашақ, ұрпақтардың есінде қалу!.. Оған жету үшін баяндамалар жұрттың бәріне айқын — жер тыңайтқыш секілді заттарды дәріптеу аз. Оған ең алдыменен үлкен ғылыми жаңалық ашу керек... Ғылыми жаңалық оңай дүние ме? Алшынбек енді бар ойын, бар дарынын Қазақстанның тың жеріне лайық жаңа бидай түрін шығаруға жұмсады. Ауа райы ауыр тың жерінің қиын табиғи жағдайына шыдай алатын құрғақшылыққа төзімді болуы керек бұл бидай!.. Ондай бидай өсіру оңай ма?.. Бұндай дәннің негізіне ол, соңғы жылдары құрып кеткен, бір кезде Арқаға аты шулы, Тоқырауынның ақ бидайын алды. Бұл дәннің тамыры терең кететін, өзге бидайлар қуаңшылыққа шыдай алмай, июльдің бас кезінде-ақ қурап қалатын болса, бұл бидай, төменгі жер сызынан қорек алып, шын құрғақшылыққа ұрынғанша шыдап бағатын. Алшынбек осы дәнді жел эрозиясынан тез бүлінер топырағы жұмсақ Қазақстан тың жерінің солтүстік аудандарына пайдалану үшін оны өңдеуге кірісті. Ол жер тыңайтқышының арнаулы түрі мен агротехникалық қолайлы әдісті пайдалана отырып осы бидайды құрғақшылық жылдары да өнім беретін етпек болды.
Алшынбек ойлағанының орындалатынына сенген-ді. Тоқырауын бидайының жұртқа бұрыннан белгілі екендігі, оны өз атынан өзінің тәжірибе даласына көшіру ыңғайсыз болар-ау деген қауіптерді еске де алмады. Шынында, ондай қауіп заңды ма? Егер жел эрозиясына қарсы тұрар осындай бидайды Алшынбек шығара алса, кім оның өткен тарихын қопарып жатады, кім Алшынбекке сен бар нәрсені өзіңе тақтың деп айыптайды? Тек шықсын де бидайдың бұл жаңа түрі!
Алшынбек бір мезет машина ішінде не болғанын есіне түсіргісі келді. Бас инженердің орынбасарымен сөйлесіп отырды ғой. Қап, неткен оңбаған адам боп шықты әлгі жуан неменің өзі! Ең болмаса машинаны тоқтатайын демеді ау әлгі есалаңмен тартты да отырды... Әлде екеуінің менімен ойнаған түрі ме? Көп кешікпей қайта оралар? Ой, білмеймін, ойынға ұқсамайды...
Алшынбек машина кеткен жаққа аяндай түсті де, кенет тоқтай қалды. Машинаның ішінде әлгі жуанмен не сөйлескені есіне түсті. Алшынбекке бұрын біреу Бибіғайшаның күйеуі Қаратауда жұмыс істейді деп айтқаны бар, ол тіпті профессордың ойынан шығып кетіпті. Ойына ұстайтын Атымтай тағдырының буған қанша керегі бар? Сөйткен Атымтай, өзінің күнәсінің жазасы тәрізді айдалада, құлазыған қу далада бетпе-бет кездесті?
Қас қарая бастады, тау жақтан суық жел соқты. Аспанды торлай бастаған шытырман жарық жұлдыздар, бұның әлсіздігі мен жалғыздығын айқындай түскендей күлім қақты...
Палеозой дәуірінің соңғы кездерінде осы арада динозавр мен ихтиозаврлардың алып түрлері өмір сүрген, ал Қаратау тауларының қойнауларында ғажайып үлкен айдаһарлар мен әпжыландар жүрген деген сөзді Алшынбектің әлдеқалай бір оқығаны бар-ды. Тіпті төңкерістен бұрын, сонау Қаратау қойнауынан ордалы жыландардың осы арадағы Билікөл, Ақкөл, Қызылкөлдерге суға барғандарын кеше ғана ауыл ақсақалдарынан естіген. Бұл адам қорқар улы, қара шұбар, ақбас жыландар, қатты есілген қыл арқандай жұп-жұмыр денелерімен бірін-бірі орап, үйдей боп шумақталып, асу-асудан өтіп, сұрғылт топырақты көкке көтере көлдерге қарай құлайды екен...
Түн қараңғысы қоюлана түсті. Қараңғылық. Алшынбекті орталарына алып, сығып өлтіргісі келген алып таулардай жан-жағынан таяп берді. Жолдан адасып кетпейін деп, аяғын ептеп басып ол ақырын жүріп келеді. Мыңдаған жылан буынсыз, жіңішке мойындарынан бастарын қылқитып, Алшынбекті шаққалы қараңғыдан шығып келе жатқандай. Аяғын аттаса болғаны, осы жыландардың біреуін басып кетердей көрінді оған. Бірақ олар Алшынбекке жол беріп, өздері оның артынан, екі жағынан, қараңғы түнде суық денелері сусылдап келе жатқан тәрізді. Ол бұның бәрі үрейленген сезімінің тудырған суреті екенін білсе де, қорыққандығы соншалық, айқай салып қаша жөнелуге таяу келе жатыр.
Көп кешікпей ауыл иттерінің ел жатардағы ұлуына ұқсас, созылған, ішін тартып әлсін-әлсін тына қалған жексұрын үн естілді. Бұл қорқау қасқырлардың қыңсылағандай, тістерін шақылдатып шығарған дауыстары енді біресе оң жағынан, біресе сол жағынан шықты. Ғажап, бұл дыбыстар Алшынбекті шошытқан жоқ, жалғыздығынан құтқарғандай, көңіліне демеу болды. Бірақ адамға шабуға жүректері дауаламаған қорқау қасқырлар қыңсылап, шаршай ұлысып, өз беттерімен кетті...
Алшынбектің ойына енді Бибіғайша түсті. «Сен мені дүниедегі ең үлкен қуанышым, қызығым — жалғызымнан айырдың! Енді сенің де қуанышың, қызығың болмайды, мен саған бала тауып бермеймін!» деген Бибіғайшаның біраз жыл өтіп ақыры екіқабат болғанындағы айқайы дәл сондағысындай естіледі. Бұған Бибіғайшаның бұл сөзі семіздіктен әбден көкіген ақымақ әйелдің сандырағы секілді көрінген. Алшынбек оған: «Тапқың келмесе— таппа! Тек қорқытуыңды қой... Бәрібір сен менің қуанышымды тартып ала алмайсың, менің екі балам бар!» деген. Бибіғайша ызадан тіпті көгеріп кеткен: «Сен екі балам деп, қазір шешелерінің әкесінің атын алған балаларыңды айтасың ба?» деп мысқылдай қараған.
Алшынбек өзін-өзі ұстап үндемей қалған. Аздан кейін далаға шығып кеткен. Алматының адам аз жүретін маужыраған тыныш көшелерімен ұзақ қыдырған. Қайғы жүрегіне шаншудай қадалып, бірінші рет Алшынбек балаларынан байланысын үзіп кеткеніне опық жеген. Алшынбек қазір олардың қандай екенін де білмейді, түрлері де өзгерген, әкелерінің аттары да басқаша... Оған әсіресе батқаны өзінің Бибіғайшасы, бір сол деп дүниенің бар қызығынан айрылған Бибіғайшасы — Алшынбек өзі осылай ойлайтын— бұдан бала көргісі келмейтіні еді. Рас, Бибіғайшаның сол күнгі қылығын ол әйелінің әдеттегі ұстамасының бірі деп ұққан.
Таңертеңгі шай үстінде түнде көрген түсін беру оған әдетке айналды. Ол түсте үнемі Хасен болады. «Құлыным мені сағынып жүр-ау деймін... «Апа! Апа!» деп түсімде екі қолын маған созып жүгіріп келе жатыр екен!», не болмаса: «Хасенжан ауырып қалды ғой деймін, кәрі атасының алдында сұп-сұр боп жатыр... күрсініп-күрсініп қояды!..» Тіпті кейде: «Маған өкпелеп жүр-ау, шақырам-шақырам, келмейді, теріс бұрылып кетеді, кешіретін түрі жоқ!» дейді де Бибіғайша «Қалай кешірсін, тастап кеттім ғой, өзім қидым ғой» деп ауыр күрсінеді. Бұның арты Бибіғайшаның жылауыменен бітетін. Әйелдің көз жасын жек көретін Алшынбек астан-кестен боп ашуланатын. Расымен Бибіғайша күнде осындай түс көретін бе еді, әлде ойынан шығарып жүр ме, онысы неғайбыл. Сірә, осының бәрін Алшынбек мені аяр, Хасенімді қолыма алуға рұқсат етер деген оймен айтатын тәрізді. Бірақ Алшынбек оны аяған жоқ! Бибіғайшаның көз жасы мен «баламды алдыр» деген жобалап айтқан тілегіне жауап ретінде, ештеңеге түсінбеген мінез көрсетті.
Ал Бибіғайша болса жылдар өткен сайын Хасен туралы көп ойлап, оны сағынатын болды... Бала таппау үшін ол өзіне не істеді, Алшынбекке құпия қалпында қалды. Мұны тек Бибіғайша өлгеннен кейін денесін жарған дәрігерлер ғана білді. Ол ішіндегі баласы тоғыз айға таяғанда, ауруханада қайтты...
Бұл оқиға соңынан болды, ал қазір Алшынбектің есіне, өзі Қаратауға жүрерде Бибіғайшаның айтқан сөздері ғана түсті. Бибіғайша Алшынбектен бала тапқысы келмейді, өйткені бұл оны баласы Хасеннен айырыпты. Әйтсе де, Бибіғайшаға Хасенді алуға бұл иеге рұқсат етпеді? Бибіғайшаның бұрын күйеуде болғаны, онда баласы қалғаны жұрттың бәріне де аян еді ғой, әлде Хасенді қолына алса осы жағдайды бала күнде есіне салып тұрады деп қорықты ма?.. Осыным обал болды ма, қалай деген Алшынбектің көңілінде көп жылдан бері алғашқы рет бір күмәнді сезім туды...
Бұл түні Алшынбек ұзақ жүрді ме, қай жаққа қанша жүрді қазір есінде жоқ. Тек есінде қалғаны Үлкен Қаратаудың асуынан шар табақтай боп ай туғаны. Ай қып-қызыл шоққа толған үлкен доп тәрізді Қаратаудың асуынан жоғары көтеріле берген.
Таң сарғайып келе жатқан кезде оны мотордың гүрілі оятқан. Бұны іздеп сол жуан орынбасардың өзі келген екен. Тек «виллис» машинасы да басқа, оны айдаушы да бөтен адам. Жуан орынбасар бұдан да ерте келеді екен, тек Атымтай көнбепті. Қаратауға қарай ол машинасын мейлінше ақырын жүргізіпті. Семіздің тезірек жүрсейші деген өтінішіне: «білемін, қазір қайтып келесің... Ең болмаса бір түн айдалада жалғыз болсын, мүмкін ешкім оның мазасын алмаса, өткен-кеткенін есіне түсірер, ойланар» деп те қойыпты.
Шынында, Алшынбек айдалада жалғыз қалып, әр нәрсені ойына алған-ды. Бірақ бұл рудникке келгеннен кейін оған Атымтай туралы шу көтеруге бөгет болған жоқ. Бұның көтерген шуы соншалық күшті шықты, комбинат басшылығы мен бастауыш партия ұйымы Атымтайдың дербес ісін қарауға көнген.
Осы кезде Қаратауда Асылбек Ахметжанов жатқан. Ол өткен кезде Қаратау фосфорит байлығын зерттеуде көп жәрдем берген, қазір комбинаттың құрылысының қалай жүріп жатқанын бақылау үшін жиі келіп тұратын. Бұл арада Асылбек Ахметжановты жұмысшы жұрт жақсы білетін, о да мұндағылардың көбін танитын, кейбіреулерінің тағдырына да, ісіне да қанық-тын.
Ахметжанов бүкіл рудникті шулатқан жанжалды оқиғаны естіп, өзімен жер бұрғылау жұмысшысы кезінен таныс Атымтайды шақыртты. Не істеу керек? Амал жоқ осы түнгі оқиғаның қайдан шыққан себептерін тегіс жасырмай Атымтай айтып беруге мәжбүр болды.
Асылбек Ахметжанов тыңдап шықты, бірақ ештеңе деген жоқ, ойланып отырып қалды. Атымтай кеткеннен кейін ол Айдынғалиевті шақыртты.
— Дымға тұрмайтын мұндай уақ әңгімеңізді тезірек тоқтатыңыз. Бұл менің сізге берер ақылым,— деді Асылбек оған.— Сіз бұдан да ауыр жаза тартуға тиісті едіңіз, ал сіз... бар болғаны айдалада жалғыз қалып бір-ақ рет қорықтыңыз... Бұған тәубе етіңіз.
Ахметжановқа көп сырдың аян екенін Алшынбек түсінді. Сол түні-ақ ол Алматыға жүріп кетті.
Атымтаймен осы жалғыз рет кездескені профессордың мәңгі есінде қалды. Бұған тағы бір себеп, сол күннен бастап Асылбек Ахметжанов Алшынбекке бұрынғыдай емес, салқын қарай бастаған. Ал Айдынғалиевке Атымтайды жазалай ма, жазаламай ма деген мәселеден гөрі, өз басына Ахметжановтың қалай қарауы анағұрлым қымбат еді...
Ол көз қиығын ұрлана, енді Меруерт пен Хасенге кезек-кезек аударды. Біріне-бірі лайықты әдемі қыз бен жігіт — ештеңе дей алмайсың! Алшынбек амалсыз осындай қорытындыға келді. Кенет профессордың жүрегі шаншып кетті. Өмір бойы осы баланы бекер жек көрмеген екен. Тек құр ғана жек көру ме, бұл екеуінің бір-біріне аянбас жау екенін Алшынбек қазір ғана ұқты.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
1
«Алтын арайда» егіс жұмысының аяқталуы Бірінші май мейрамымен жалғасқан үлкен жиын-тойға ұласты. Поселкенің еңбектеген баладан, еңкейген қартына дейін үлкен алаңға жиналды. Аудандық партия комитетінің алғысы оқылған, тарту-таралғы, сыйлық тапсырумен аяқталған жиынды Угрюмов ашты. Кешке қарай бақ ішінде сауық-сайран басталды. Бақта ерте гүл жарған сирень ағашы көп болатын. Бұралаң жолдар мен кең аллеялар үстіне төне, қалың жапырақты қарағаштар желмен ойнап сыбдыр қағады. Жайнаған жасыл ағаш арасынан қылтылдап қызыл жалаулар тізбегі мен ұран жазылған маталар көрінеді. Клумбаларда көгілдір басын көкке созып, нәзік сарғалдақтар тұр...
Солярка мен бензин иісі сіңген күнделікті киімдерін тастаған жастар үлде мен бүлдеге оранып, бак, ішінде серуендеп жүр. Қай түкпірге барсаң да күлкі-қалжың, гитара үні естіледі. Бояуы әлі кеуіп үлгермеген эстрада сахнасына духовой оркестр келіп орналасты. Бұл қыс бойы дайындағандарын көрсету үшін ,сахнаға шыққан клуб үйірмесі-тін. Оркестрді басқарушы — Губанов бригадасының тракторисі, ақ көйлекті, тамағына қара «көбелек қанат» таққан, ұзын бойлы, сары шашты эстон жігіті Юхан. Рамазан жез табақтарды алдына айналдыра қойын алын, нағыз дауылпазшыдай, қолындағы таяқшаларын қақпайлай қағын, солқылдата соққылап отыр. Би алаңының шетінде Айжан мен Глаша сауыншы қыздармен бірдемені айтысып күлісіп тұр.
Жасы үлкендер Мәдениет үйінің жанындағы, салқын, таза ауаға шығарылып қойылған столдар қасында отыр. Бұл жерге бүкіл семьясымен келгендер де бар: печеньені қытырлатып жеп, конфет сорып, крюшон мен лимонадтың тәттілігіне қызыққан балалар түк шыдатар емес. Үлкендері — ауданнан алдырған «Жигули» сырасын аспай-саспай іше отырып өзара әңгімеге кіріскен. Әсіресе Губанов столының басында адам көп. Саратовтағы досы мейрам алдында, Порфирий Михайловичке — тың игерушілер үшін таңсық саналатын, кептірілген торта шабақты жіберген еді. Қазір Губанов, дарқан көңілмен сол шабақтарды серіктерінің алдарына жайып салын отыр. Қызғылт түсті табақтағы қабығы тазартылған балық көздің жауын алғандай. Табақ түбі тақырлана бастаса-ақ болғаны, Губанов сиқыршыдай көзін қысып қалың табақты қайтадан балыққа толтыра қояды.
Жеке стол басында, кенет ақынға ұқсас Зікірия ақсақал жан-жағына ойлы көзін тастап, жалғыз отыр. Ол анда-санда ғана айналасындағыларға тіл қатып, әлденеге риза болғандай басын изеп қояды. Кейде тіпті сөздерін тыңдап отырғандай басын шұлғиды. Оған таяу столда, алдында аузы ашық құмырасы, әлден-ақ «қызып алған» Качан. Түрі — моншаға түсіп, қайың сыпырғышпен шабынғандай қызара бөртіп, күреңітіп кеткен. Қатып-семіп қалған, инеліктей ілмиген дәрменсіз Качанның әйелі, күйеуіне үрейлене қарайды. Айнала толған көңілді күй, әуезді әуен. Тек Игнат Фроловичтің әйелінің жанары ғана жасық, жалтақ, мұңға толған... Адам аяғы саябырлау аллеяда профессор Айдынғалиев пен қарт мұғалімге ұқсас, үстіне ықшам тігілген қара көк костюм киген, бурыл шашын ықтияттап тараған әйелін қолтықтап, Угрюмов ерсілі-қарсылы жүр.
— Былайша айтқанда жер эрозиясының не екенін мен сонда білдім,— деді Угрюмов,— соғыстан бірнеше жыл бұрын мамандар тобымен Канадада болғаным бар... Қара Дауыл соққанда жердің асты мен үстін ажырату киын, күн көзін көріп болмайды, әлем беті жатқан бір сүреңсіз сұрқия дүние. Жел үрлеп құм мен шаң араласып кеткен. Мыңдаған гектар егіс даласының топырағы кек жүзінде ұшып жүр. Сол бір сұрапыл біздің жерімізге де тап болмасын деңіз, оған жол бермеуіміз керек. Биылғы көктемге Ақсеңгір алқабында тәжірибе жұмыстарын бастадық... Сіз сол егіс даласын көруіңіз керек...
Мәдениет үйінің жанынан,Угрюмов жанындағы кісілерімен Зікірияға қарай жүрді.
Бұлар келген беттен-ақ бос стол табылып, орындықтар қойылды. Ақ алжапқышты даяшы қыз жүгіре басып парторгтің қасына келіп еді, бірақ Угрюмов бізге әзір ешнәрсенің қажеті жоқ дегендей сыңай көрсетті. Қыз екінші столға қарай бұрылды... Угрюмовтың әйелі Варвара Михайловна, еркектерді оңаша қалдырып, өзі бақша ішіне қарай беттеді.
— Сонымен, ақсақал, бұл совхозда да қой есіреміз ғой?— деді Айдынғалиев Зікірияға амандасып болғаннан кейін.
— Әлбетте, әлбетте,— деп шал қозғалақтай бастады. Өзінің қасына астаналық қонақтың келіп отырғанына көңілі көтеріліп қалған сияқты.— Қой өсіруге бұл жердің қолайлы, әрі жеткілікті екеніне біздің парторгтың көзі жеткен тәрізді...— деп ол Угрюмовке қарады.
— Алғашқы қар түскенше бұл арада қойды жайылымда ұстауға мүмкіндік бар,— деп Угрюмов шалды қоштап қойды.
— Ал сонда ол қойларды кім бағады?— деді Айдынғалиев.— Менің байқауымша совхоздың негізі орыс жастары. Оларға қойдан гөрі машина жақын. Ал қой бағуға жарайтын шалдарды да мен көріп отырғам жоқ...
— Оны кезінде көрерміз,— деді Угрюмов,—тек істі бастау шарт...
Зікірия құптағандай басын изеді. Оған біраздан бері парторг сөзінің бәрі дұрыс, бәрі жөн көрінетін болған.
— Ие, бір ыңғайы бола жатар,—деп ол Угрюмовтың сөзін қоштады да:—Сізді Мәскеуде үлкен адам болыпты деп жүр ғой осы жұрт, рас па?— деді.
— Адамның үлкен-кішілігі қызметінде емес, қария, — деп күлді Угрюмов.— Менің қызметім Мәскеуде, жауапты қызмет болғаны рас. Бірақ маған қызмет емес, Мәскеу қымбат. Мен Мәскеуді жақсы көрем...—деп күрсінді ол.— Иә, қолдан келер шара жоқ, ол жерден кетуге тура келді. Адамның жүйке тамыры шаршайды деген ауру бар... Міне, сондай аурумен сырқаттанған әйелімді дәрігерлер қаланың қарбалас өмірінен аулақ, уақытша болса да тыныш өмір ортасына апар деді...
Мұндай ауруды Зікірия бұрын естімеген де еді, оның жайын қайталап сұрауға, Угрюмовтың жарасының аузына тиіп кетем бе деп қорықты. Ол тек ойлана, сақалын сипай:
— Демек, әйеліңді өте жақсы көреді екенсің ғой? — деп қалжыңдай күлді.
— Жақсы көрем,— деді байсалды түрде.— Алайда Мәскеуді де жиі еске алам. Сөйтсем де сіздердің мына кең далаларыңыз да маған өте ұнайды.
Шалдың жанары жайнай түсті.
— Оның жақсы екен... Адамның даланы ұнатуы — қиялына қанат біткені. Ондай адам қиялға шарықтай алады.
Профессор бірдеңе айтқысы келіп күлімсірей беріп еді, бірақ Качан бөліп жіберді: әңгімеге араласқысы келіп отырғаны көрініп тұр:
— Қызық адам,— деп ол Зікірияны қолымен нұсқады,— мен шошқа шұжығын ұсынсам, алмайды... Жеркенеді ә?..
Оның мастықтан бұлдырап кеткен көзі Угрюмовке қадала қалды.
— Жеркенбейді, тек бұларда сондай әдет-ғұрып бар,— деп Угрюмов байсалды жауап берді оған,—Мезгілі жеткенде ол әдет-ғұрып та өзгереді.
Качан парторгтың сөзіне сенбегендей түнеріп, үндемей ойлана қалды да, қолындағы шанышқысын шошқаның туралған шұжығы салған табаққа қарай апара берді.
— Онда бұны басқа әдет-ғұрыпқа... өзім-ақ үйретем...
— Керегі жоқ... Угрюмов Качанның иығынан ақырын тартты. Зікірия сіздің үйретуіңізсіз-ақ күн көре алады...
Качан қолындағы шанышқысын тастай салды, бірақ көзі қанталап, тамырлары ісініп шыға келді.
— Сізге, демек, бөтен жаққа бара жатқаныңызда өзіңізді қалай ұстау жайында ақыл айтқан болар... Тек сіз оны ұмытып қалған сияқтысыз...— деді Угрюмов сөзін аяқтап.
— Бөтен жақ?.. деп Качан іліп әкетті.— Қайдағы бөтен жақ? Ол ыржиып езу тартты.— Мұның бәрі менің жерім!
— Сенікі, сенікі деп Зікірия асыға келісе кетті. Ол әсіресе, өзін осы адам әлсін-әлсін шақырып жүрген жанжалдан қатты қорқатын.
— Жер менікі де, сенікі де емес,— деді қатулы үнмен Угрюмов ызадан өзін-өзі әзер ұстап.— Бұл біздің, бәріміздің, Совет елінің жері... Осы жерде әр елдің дәстүрін, салтын құрметтей білетін совет адамдары тұрады. Мұны сізге біреу болмаса, біреу ертелі-кеш айтып па еді?
Айтқан, айтқан...— деп Качан аяқ астында жүні жығылып, сескенгендей Зікіриядан шегіншектей берді. - Егер орынсыз сөз аузымнан шығып кеткен болса, кешіре көріңіздер... Көбірек ішіп жіберіппін. Бұным өшпенділіктен емес, шын адал пейілімнен...
Угрюмов оған ләм деместен, ыңғайсызданып, шалға қарай бұрылды. Качанның арсыз қылығы үшін кешірім сұрағандай сыңай көрсетті. Зікірия парторгке риза болғанын білдіріп: күлімсірей қарады. Қарт шопан, қонақ пен Угрюмов үшеуі қайтадан әңгімеге кіріскен кезде, Качанның әйелі оны жеңінен тартқылап:
— Сен тамақ жей отырсайшы, аузына бірдемелерді салсайшы, Игнат,— деді сыбырлай сөйлеп.— Білетінің тек үсті-үстіне іше беру... Елден ұят қой...
— Өшір үніңді, кемпірім!..— Качан тістене сөйледі.— Мезгілі келсе, өзімді әлі танытармын!.. Әлі-ақ танытармын!
Соңғы сөзін ол тек әйелі ғана еститіндей етіп ақырын ғана айтты. Қорыққанынан жан-жағына әйелі абайлап қарап, үн-түнсіз отырып қалды.
Осы жерде Зікірия, парторг, Айдынғалиевтер отырған стол қасына Глаша мен Варвара Михайловна келді. Глаша профессормен бұдан бұрын танысқан-ды. Әйелдер бақ ішінде таныстарымен кездесіп әңгімеге айналып қалған-ды. Варвара Михайловна қыдырып жүріп Глашаға Мәскеуді сөз етті. Онда болып көрмеген Глаша, осы бір ғажайып қаланы көргісі келіп кетті. Кремль куранттарының даусын естіп, адамы кеп Горький көшесімен жүріп, өзі кітап пен кинофильмдерден ғана білетін музей, театр, көрмелерде болуды арман етті. Жүзі бал-бұл жанып, құлпыра түсіп, әңгімені бар ынтасымен, елти тыңдады... Профессор Айдынғалиев стол астынан оның кішкене ыстық алақанын қыса ұстап отырды да, әрең дегенде босатып жіберді... Бірақ дәл осы жерде сылтау тауып, орнынан тұрып Глашаның қасына барып отырды...
Эстрададағы духовой оркестр жігіттері аспаптарын орындықтарына қойып, демалуға түрегелді. Енді киномеханик жігіт радиолды жүргізді. Жеңіл, шапшаң, ырғақты музыка шалқи жөнелді.
Хасен Меруерттің қасына келді.
— Рұқсат па?..— деді қол созып.
— Сіз твисті билей білуші ме едіңіз!..— Қыз таңырқағандай сыңай көрсетті
— Мен тіпті оқып, жаза да білемін, — Хасен шымши сөйледі.
— О, онда көп нәрсеге жетіп қалған екенсіз!—Меруерт күліп жіберді.
Олар би алаңының ортасына шықты. Бірнеше минут би алаңына ешкім шықпады. Жұрт соншалық еркін, әдемі билеп жүрген қыз бен жігітке сүйсіне қарап тұрып қалды.
— Неге екені белгісіз, бүгін көңілім бір түрлі жабыңқы,— деді Хасен би арасында қызға.
— Жабыңқы? Әлде күлгіңіз келіп пе еді?..
— Күлмесем де күлімсірей қарасам деп едім.
— Кімге.
Беу, Меруерт, Меруерт... Хасен кімнің бетіне қарап күлімсірегісі келуші еді?.. Тек сенің бетіңе ғана емес не... Әлде сен оны сезбейсің бе?.. Әлде оның махаббатын түсінбейсің бе?..
Ғажайып сезім — махаббат деген! Қара тасты қақ жарып шығып, өзіне жол салған мұз бұлақтай, махаббат жаныңның белгісіз бір түкпірінде пайда болады да, жолында тұрған сан бөгетке қарамастан бір жүректен екінші жүрекке жол табады. Кенет көп адамның ішінен саған біреу ұнайды. Бұны кім, қалай түсіндіре алады? Бар болғаны сен оны сүйесің!.- Бұл сұраққа адам баласы жаралғалы әлі ешкім жауап беріп көрген жоқ, сондықтан да мұндай сұрақты қоюдың да қажеті аз. Оған жүрек қана жауап бере алар еді, ол тілсіз ғой. Сөз ақыл-ойға берілген, бірақ оның да айтары жоқ... Алайда, ақыл-ой, жүрек, сезім — бәрі бір тұтас. Әсіресе Хасен үшін... Міне, сол себептен де осы бір алғашқы махаббат оған мазасыз, жүрегі өртеніп бара жатқандай азапты...
Меруертті сүйетін жан жалғыз езі емес екені оған айдан-анық... Профессор Айдынғалиев те бұл арада босқа шырмалып жүрген жоқ. Оның да өз жоспары бар, әрине. Мәселе бірақ мұнда емес. Қыз жүрегінің қандай аласұрған арпалысқа толы екенін Хасен сезеді. Ал егер Осы бір қауіпті адамның қандай айлакер, зұлым екенін ескерсек...
Хасен шешесін, оның қайтыс болар алдында өзіне жазған хатын есінен шығармайтын. Ол хаттың әрбір сөзі, әрбір жолын жатқа білетін. Міне, қазір де Меруертпен билеп жүрген кезінде де, ол сол хаттағы Алшынбек жайындағы ойлардан арыла алмай қойды. Оның көз алдына әбден умаждалып, түте-түтесі шыққан, қалай болса солай асығыс шимаймен жазылған бір парақ қағаз көлбеңдеп тұрып алды. Хаттың шешесінің көз жасы тамған жерлерінде, сиясы жайылып, ашық жолдары күлгін дақтармен бұлдырап кеткен-ді.
«Жаным менің, күнім менің!— деп бастаған хатын анасы,— Мүмкін сен, мұны жазып отырған, өзіңнің сәби кезіңде, көз жасыңа қарамай тастап кеткен анаң екенін білсең, оқымассың, умаждап, ортасынан екі бөліп лақтырып тастарсың... Оған ренжімеймін, маған сол керек, өз обалым өзіме... Сенің мені жек көруге де, менен жиіркенуге де қақың бар. Бірақ өтінерім, сөзімді алдымен тыңдап ал... Мүмкін сонда ғана сен мені жек көрудің орнына аярсың, жаның ашыр. Өз қатесін мойындамай, тек өзінің арам пейілінің құлы болып өмір сүріп өткендерді ғана жек көруге болады. Сен бұл сөзіме. Ал ана, мейлі ол кім болса ол болсын, ерте ме, кеш пе, не істегенін түсінеді. Сонда барып оның өкініші өмір бойы басылмас өксікке айналады...
Қарғама мені, аяй кер, есіркей кер, сенен бұдан басқа тілегім жоқ. Жаның ашыса, осы хатымды аяғына шейін оқып шық. Бұл менің өзіммен бірге молама алып кетер ақтық қуанышым. Сен бұл хатты қолыңа алған кезде, мен о дүниеде болам. Өз кінәм үшін өзімді-өзім жек көрдім, енді бұл жалғанда жүре алатын емеспін. Сол үшін, бар жазығым үшін, өзімді-өзім қидым.
Иә, маған сені қалдырып, Алшынбекпен кету, не Алшынбектен айырылып, сенімен қалу оңайға түскен жоқ... Екі жағының біріне шығуды Алшынбек менен талап етті. Амал жоқ, осылай шештім. Сенің бақытың емес, өз бақытым туралы ойладым, тек Алшынбекпен ғана бақытты боламын ден ойладым. Бірақ олай болмай шықты. Әйел махаббатынан гөрі, ана махаббаты күштірек екен... Түрлі себептермен жан-тәнімен сүйген балаларынан, семьясынан айрылған көптеген әйелдер артынан жаңа ошақтан, басқа адамнан бақыт, махаббат тапқандар бар... Бірақ ана ше? Өзі тастап кеткен баласын қалай ұмытады? Орнын немен жабады? Ал мен сені сондай сағындым, құлыным!.. Сол сағыныш ақыры Алшынбекке деген махаббатымды сөндірді: Ол менің көз жасымның, өзегімді өртеген өрттің құныкері болды. Сені сол үшін тастадым, оны енді сен үшін, қаракөз құлыным, мәңгі қидым... Өзімді-өзім жазаладым, менің оған деген соқыр махаббатымды пайдаланып сенен айыртқан қылмысын кеше алмадым. Оны жек көріп кеттім, одан ешқашан бала көтермеске ант еттім. Кек алу үшін мен сияқты әлжуаз әйелдің қолынан басқа не келеді?..
Иә, саған деген сағынышым ұлғая берді, бір көріп, бауырыма қысып, маңдайыңнан иіскеп, бұлтиған бетіңнен бір сүйсем бар арманым бітердей көрінді маған... Бірақ үйтуге менің қақым жоқ-тын. Сонда да жүрегі құрғыр алып-ұшып ең болмаса ұлыңды алыстан болса да бір көр деп болмады. Өзіңді көрмей, тіпті көлеңкеңді бір көрсем, со да маған жеңілдік болар еді деп ойладым. Осы ой енді менің минут сайын мазамды алды. Ақыры азабыма айналды. Бір күні ешкімге білдірмей, мен өзіміздің ауылға келдім. Сен ол кезде тоғыз жасар болатынсың...
Ол Октябрь революциясының мейрамы күні еді. Ерекше киініп сені көшеде күттім. Қасымнан жұрт өтіп жатты, бәрі колхоз алаңында болатын жиынға асығып барады. Кенет сендер көріндіңдер — қасыңда менің әкем. Екеуің. Сенің басыңда қызыл барқытпен тыстаған түлкі тымақ. Үстіңде-қара ши барқыт шапан, беліңде жалпақ солдат белбеу, шамасы оны саған әкең сыйлаған ғой... Атаң қолыңнан жетектеп алыпты, сен оған бірдеңелерді айтып келесің... Құлыным, сені жақынырақ барып анықтап көргім келіп кетті. Сендер таяп қалдыңдар. Әкем көрмесін деп бұға бастадым... Өзімді-өзім әзер ұстадым. Тіпті айқай салып, саған қарай тұра жүгіруге аз-аз қалдым... Осыдан бес жыл бұрын сен, торсық шеке, кең маңдай, қара торы жас бала едің, құлыным, қазір де сондай екенсің... Тек үлкен сәби көздеріңнен бір орасан мұңды аңғардым. Ондай қайғыны үлкен адамдардың жанарынан да көрмеген едім. Буыным босап, әрең тұрдым, құлап кетпес үшін қабырғаға сүйендім... Осы сәтте, бір көрсем, қайғымнан арылармын деген басым, енді бұрынғымнан да ауыр азапқа бата түскенімді сездім! Сонда ғана өз кінәмді толық мойындадым. Сенің көзіңнің мұндай мұңлы болуына тек мен ғана кінәлімін. Бұрын, екеуміз бірге тұрған кезде, сен өзге балалардай көңілді, өткір, әрі тентек, ерке едің... Көз жасым көл болды. Қасымнан өтіп кеттіңдер. Атаң мені таныған сияқты көрінді, бірақ аялдаған жоқ. Тек мен жаққа жалт қарады да, теріс айналып, сені маған көрсетпей қалқалай берді. Бұл қылығы оның, ешқашан кешірім дегенді білмейтін, қатыгез, әділетті мінезіне лайық... Мен оның өзегінен шыққан жалғыз қызы болсам да, ол мені сәбиін тастап кеткен, бұзылған ана деп ұғады... Оған жалынып-жалпайып, өтініш етудің де қажеті аз. Өйткені әкеме мен әлдеқашан шіріген жұмыртқамен теңмін. Сені сол көргенімнен кейін мен әкеме жолықпадым... Менімен жүздесу оған да оңай тимес еді. Ал егер де бишара шалмен көшеде, көпшіліктің көзінше тілдескен болсам, ол ұялғаннан жерге кіріп кете жаздар еді... Қатыгез, дала заңын қадірлейтін шалдардың бәрі осындай. Оған да жаным ашып, сені де аймалап бетіңнен бір сүйе алмай, қайтып кеттім. Үндеместен кеттім, сен үшін өз тағдырыма көндім, саған деген жүрегімдегі бар сезіміме бұғау салдым, өйткені әкем сені менен гөрі жақсы тәрбиелей алатынына күмәнсізбін. Рас, сен ананың аялы алақанын сезбей ер жетесің, бірақ нағыз адал азамат боласың. Ол өзінің қызын олай тәрбиелей алмады, бұл шыным... Бірақ қазақ шаңырағына әке қыз балаға бой жеткенше, жас нәрестедей қарайды. Ал өскен кезінде оларға ақыл айтуға аузы бармайды, тіпті зекуге батылы жетпейді. Әдет-ғұрып бойынша қыз тәрбиесі шешенікі. Шешесіз жетім өстім, қатал әке де тәрбиесін бере алмады. Мүмкін мінезімдегі көңілшектік, жасықтық, табансыздық содан шығар. Бірақ мұның бәрін айтқаным күнәмді ақтап, істегенімді жуып-шаю емес...
Мен үйіме қайтып келдім, бірақ сенің жаудыраған көзің жадымнан кетпей қойды. Қайда қарасам да қайғы-мұңға толы, үлкендердің көзіндей ақылды, сенің жаудыраған қара көздерін, маған қадалады да тұрады. Мені жақтырмай жазғыра қадалады. Сол сенің көздеріңнен қашып құтылар жер таба алмадым! Кейде өзімді жынданып бара жатқандай сезіндім. Сол кезде Алшынбектен, сені қолыма алайын деп өтіндім. Ол келіспеді. Неге өйтті? Қандай ойы барым ұқпадым. Осыдан кейін бұл адамға деген, әлдеқашан ізі-түзі өшкен махаббат түгіл, жай сезімнен айрылдым. Көз алдымда құны түсті. Рас, бір кезде мен жүрек толқынына қарсы тұра алмайтын осал, сенгіш, тайыз жан едім. Алшынбектің өзімшіл, өр көкірек, өз дегенін істететін ішмерез екенін дер кезінде сезе алмадым. Ол ақыры өзін менің махаббатыма емес өзінің өзімшілдік мінезіне құрбан етті... Мен мұның бәрін ешнәрсені түзетуге, айыбымды шайып-жууға болмайтын, кеш қалған уақытымда ғана түсіндім...
Бұл хатымды, қарашығым, мен о дүниеге аттанып кеткен соң оқисың. Менің ажалым сағам үлкен қайғы-қасіретке айналмасын білемін, сондықтан да өз өлімім туралы салқын қанмен жазып отырмын. Сенің маған деген балалық махаббатың сөніп, өшкен де шығар. Өшпеген күнде де ол сенің сәби кездегі махаббатыңдай бәрібір ыстық бола алмайды. Ол түсінікті. Ана үшін бала жасы есеп емес. Олар қартайса да ана үшін бала болып қала береді. Ал балаға ана жаста керек-ті. Көбі қабырғалары қатып, буындары бекіп алған соң, ана өліміне аса қайғыра да қоймайды. Айырылып кетпесек, менің өліміме сен де осылай қарар ма едің, қайтер едің. Ал қазір, осы бір өткен істерден соң, сен қайғырып қан жұта қоймассың.
Бірақ сен менің өліміме тек Алшынбек қана кінәлі деп ойлама. Жоқ. мен өзім шатыстым, табандылық көрсете алмадым, ақырында өз өмірімді өзім өшірдім.
Енді сенің әкең жайында бір-екі ауыз сөз айтқым келеді. Ол — әділ, ары таза, жақсы адам. Мен оны, ойымнан шықпады, алдандым деп тастап кеткен жоқпын! Мен тек басқа адамды сүйдім, ақыл-ойымды, адамгершілік борышымды сол сезім билеп әкетті. Ондай жағдай болады. Иә, мен Алшынбекті жақсы көрдім... Бұл сезімді өзің де бір кезде басыңнан кешірерсің, сонда түсінерсің... Түсінерсің — егер сонда кешірмесең.кешір деп өтінбеймін, тым болмаса мені аярсың...
Тағы бір сөз. Өзіңнің атаң қолында тәрбиеленгенің жақсы болды. Ол сені тек адалдық пен азаматтыққа ғана баулып қоймайды, ол сені басқа адамдарды, олардың қуанышы мен қайғысын түсінуге үйрететініне сенімдімін... Ал егер сені Алшынбек тәрбиелесе не болар еді! Мүмкін бір кезде сен өзі сияқты оқымысты болып шығарсың... Бірақ қандай адам боласың? Егер Алшынбек сияқты тек өз басын ғана ойлайтын кісі болып өссең, одан не пайда?.. Ал бұл адам өліп жатса да өз бақыты үшін күресуге бар және оны қорғап шыға алады...»
Хасеннің есіне хаттың соңғы сөйлемі қайта түсті. Кенет жүзі қуқылданып, өзгеріп кетті. Мұны сезіп қалған Меруерт:
— Сізге не болды? деп таңырқай сұрады да би екпінін баяулата қойды.
Хасен күтпеген жерден хат сөзін қайталады:
— «Бұл адам өліп жатса да өз бақыты үшін күресуге бар және оны қорғап шыға алады...» Шынымен-ақ солай ма? Тек соның дегені ғана бола бере ме?
— Сен не айтып тұрсың, Хасен?
Меруерт оған таңырқай, қияқтай қасын кере қарады. Бірақ Хасен бұның кім туралы, не жайында айтып тұрғанын қыздың біле қойғанын, оның кірпік астынан өзіне жалт қараған пішінінен байқап қалды.
— Жай, әшейін... Қайдағы жоқ сандырақ сөздер... Кейде менің осылай сөйлейтін әдетім бар..— Хасен енді қайғысыз жандай күлімсіреді.
Меруерт Хасеннің қолтығынан алды да:
— Қайталық,— деді—Сіз мені шығарып саласыз ба?
— Әрине!
...Шіркін-ай, қыздың үйі мұндай жап-жақын болмағанда... Онымен қатарласа нәп-нәзік салқын шынтағын аялай ұстап,шетсіз-шексіз,алыс сапар болса да жүре берер еді.
Үйінің алдына келген соң кенеттен қыз:
— Хасен, өзің сүйіп, ал ол ұнатпаса да тек тұрмысқа шығудың жөні осы екен деп, саған ниет білдірсе сен сондай қызға үйленер ме едің? - деді. — Және оның бұл қылығын білген болсаң... Қайтер едің?
— Мен үйленбес едім!
— Неге? Сен оны сүйесің ғой?
— Сүйсе ше? Егер ол менімен бақытты бола алмайтын болса, мен өз махаббатымды сөндіре алар едім.
— Бұны сен... намыстанғаныңнан істер ме едің?
— Намыстанғаныңнан дегенің қалай?
— Мысалы қыз сені сүймейді... Махаббатыңа махаббатымен жауап бермейді. Бұл қорлық жағдай ғой. Бұл сенің өзімшілдігіңе тиеді, намыстандырады... Сонсоң сен қызға теріс қарап кетесің...
— Жоқ, мәселе намыста емес. Қыз сүймесе мен өзімді бақытты санай алмас едім. Менің бақытым — оның бақытсыздығындай көрінер еді. Сонда бұл қандай бақыт болмақ?.. Екеуінің жүрегі ортақ тіл тапқанда ғана екеуі бірдей бақытты бола алады. Ал өйте алмаса екеуі де бірдей бақытсыз...
— Дұрыс айтасың... Әттең не керек, жұрттың көбісі басқаша ойлайды,— деп Меруерт төмен қарады.
2
Хасеннің өміріндегі ең ауыр көктемі — осы «Алтын арайдағы» алғашқы көктем болды. Бұған себеп тек осы арада Меруертпен кездескендігі ғана емес... Биылғы көктем бұрынғы жылдарға қарағанда анағұрлым ерте шықты. Жер қыртысын қар суы еркінше сусындата алмады. Егіс аяқталып, жыртылған жерде егіп басы қылтия бастағаннан бері, «Алтын арайға» бір тамшы жаңбыр тамбай қойды. Қалай болса солай түсе қалған бояу шатпағындай, акшабыр селдір бұлттар тым алыста, көз тұндырар көгілдір көк төрінде пайда болып тез-ақ тарап жатты. Олар мүмкін қиялшыл ақындарды тебірентіп, қыл қалам нелері — суретшілерді шабыттандыратын да шығар, ал Хасен сынды егіншіні қобалжыта түсті. Көк аспанға қараған сайын жүзінде ренжу пайда болды. Оған, оның жеріне, ауыр ылғалға бөккен, егін даласының төсіне шөге түскен аласа қара-көк бұлттар, күмбірлей күркіреген көктемгі күн керек еді!... Бірақ олар болмады.
Жер кеуіп кетті. Кепкен тастай түбіршікті қолыңа алып саусағыңмен қысып қалсаң, заматта үгітіліп, сусылдаған топыраққа айналып кетеді. Егер осы құрғақшылық бұдан ары қарай созылар болса, неге апарып соғары Хасенге аян. Жаз шыға аңызақ жел көтерілсе егіннің құрығаны. Әсіресе жел эрозияға ұшыраған егін-жайларға өте ауыр тиеді. Мұндай жағдайда ең қажеті Жаңбыр...
Рас, жаңа тәсілмен жыртылған «Ақсеңгір басқа жерлерге қарағанда қауіпсіздеу жағдайда... Бірақ бұл, біріншіден, осы жердегі алғашқы тәсіл, жер қыртысын қопармай жыртылған егістік болатын, қандай шығым берері әлі екіталай. Екіншіден, ойдағыдай өнім берген күннің өзінде де, Ақсеңгір біреу-ақ қой, ал совхозда мыңдаған гектар егістік дала бар.
Мәселе тек қана «Алтын арай» совхозында емес. Өткен жазда Украинада және Россияның қара топырақты облыстарында құрғақшылық болды. Елімізді астықпен қамтамасыз еткен шын мәнінде Қазақстан тыңы мен Сібір жері еді. Ал биыл ше?.. Тын совхозының жас агрономы Хасенге биыл «Алтын арай» егініне, оның дәнді дақыл себілген егіс даласына бүкіл Совет халқы қарап отырғандай көрінді. Эрозиямен күрес — деп ойлады Хасен,— агротехникалық шаралар, жерді қыртысын қопармай жыртып өңдеу, тұқым себуді дұрыс ұйымдастыру, шөп танапты жүйені кеңінен пайдалану. Ол Угрюмов екеуі, қазіргі ғылым жетістігіне негізделген осы бір шаруашылық шараларды жүргізуді қызу қолға алмақ болған. Ал Тілеуқабақовтың айтқан дәлелдерін есепке алмады. Оны Хасен совхоз директоры ретінде сыйласа да, өмірден кенже қалған, өз бетімше шешім қабылдай алмайтын, тек «жоғарыдан» келген нұсқауды ғана орындап отыра алатын жан деп ойлады... Бірақ Хасен Тілеуқабақов жайында не ойласа соны ойласын, ал шын мәніне келсек совхоз директорының да айтқандары орынды еді. Елімізге мол астық керек. Ал шөп танапты енгізу, келешекте әр гектардан егін өнімін өсіргенмен, әзірге егістік жердің көлемін азайтады...
Көктем басталғалы, ішінде бір сыр сақтап келген Хасен Есіл бойының сол жағасындағы алапқа көз тігіп, қарай берді. Ол жақта ат тағасындай иіліп өзеннен бөлінген, кішкене төбелер тізбегі үш жағынан қоршаған жазық жер жатыр. Бұл егіске жарайтын көптен бері бос жатқан жер еді. Бірақ оны пайдалану оңайға түспейтін. Алапты қысы-жазы соққан желден төбелер қорғай алмайтын, жері негізінен көктемде еріген судан ылғалданып, қар аз жылы кеуіп, тастай боп шақылдап қатып қалады. Есіл өзенінің көктемгі тасқынын осы тыңайған жерге жібермей, табиғат тосқауыл болып тұрған, батыс жағындағы қырқаларды бульдозермен алып тастау керек деген ойға бекінген. Сонда Есіл өзенінің көктемгі мол суы алапқа жайылады да, жер ылғалға кенеледі. Істің көп егжей-тегжейіне қарамай, ол өз ойын Губановқа айтты. Губанов мұның ойымен әрқашан да санасатын, оны сол жағаға алып келді. Порфирий Михайлович қырқаны жағалай жүрді. Бірнеше рет жердің топырағын шұқылап қарады. Ақыры он шақты күшті бульдозер үшін бұл араның жұмысы бір айға жетпейтінін шамалады.
Бірақ Хасен бұл жерді пайдалану жайында совхоз басшыларыма хабарлауға асыққан жоқ. Оған себебі де бар еді...
Осы қырқа үстінде құлазыған, кейбіреулері құлаған, ал кейбіреулерінің балшықтары опырылып түскен қазақтың ескі қыстаулары мен зираттары тұрған. Бұл зираттарда былайша айтқанда жеті атасынан бергі өздерінің ата-бабалары жерленген-ді. Мұндай молалы жерді қазақ қасиетті жер деп санайды. Ал сол қасиетті жерге бульдозерлер жіберу керек пе? Хасен осыны ойлаған.
Көшпелі қазақ халқында ертеден-ақ кісі жерленген қорым-мазарларды күту, сақтау дәстүрі болмай келгенді. Олар египеттіктер сияқты асқақ, алуан, берік пирамидалар тұрғызған жоқ, римдіктерге ұқсап пантеондар салған емес. Тіпті өз бабаларының қабірлері үстіне көне қыпшақтар сияқты таудай етіп топырақтар үйіп, қорғандар да тұрғызған жоқ. Бүкіл қазақ даласының өн бойында төбесінде айшығы бар балшықтан соққан күмбезді мазар, зираттар толып жатыр. Көшпелі ел оны күтіп, әлсін-әлсін түзеп отыра алмайды, бірақ қастандықпен біреу-міреу оны бұзса, не зират басына қияңқылық істесе, ондай адамға лағнет айтады, жазасын тарттырады, кейде тіпті елден аластайды...
Осындай ескі зират-мазарлардың Есілдің суына тосқауыл қырқалардың үстінде болуын қарашы!
Бір күні аудандық партия комитетінен қайтып келе жатқан Угрюмов осы жағада Хасенмен ұшырасып қалды. Ол жалғыз жүрген Хасенді көріп машинасын тоқтаттырды.
Жас агроном парторгке ертең жел тұрса мына жаңбырсыз жаздың қандай қауіпті екенін, онда келесі жылы тың жатқан егіс жерін іздеу керек екенін айтты. Сонау алғашқы сөйлескен күнінен бастап Хасен Угрюмовты жақсы көріп кеткен. Сенгендіктен сырын ашып айтатын. Угрюмовтың да бір әдеті ешкімнің сөзін бөлмей, бар ынтасымен тыңдай алатын. Содан кейін өз ойын да бүге-шігесін қалдырмай ашық жайып салатын. Хасенге қазір бұның сөзіне парторг жетік түсіне қоймайтындай көрінді. Ескі ғұрыппен санасатынын әжуа етіп күле ме деп ойлады... Сондықтан да ол жел эрозиясы, шөп танабы және ескі молалар арасында кенет пайда болған қайшылықты, әдейі қалжыңға айналдыра, сықақтаған боп айтып берді.
Бірақ Хасен қалжыңдаған болғанмен Угрюмов мәселенің қайда жатқанын тез ұқты. Ауылға «газикпен» қайтып келе жатып ол, құлап жатқан бейіттердің қасында басталған әңгімені қайта қозғады.
— Мұндай мәселені бірден шешіп тастау қиын... «Күшің барда ақылдың керегі жоқ» мұндай мәселеге жүрмейді. Бұған ақыл қажет. Ал ақыл бізде көбінесе жетіспей жатады. Тікелей келсек, сенікі дұрыс. Жаңа жер игеруіміз керек. Су жіберу үшін бейіттерді де күндердің күнінде қирату керек болар, бірақ... иә, бауырым, сен менің алдыма оңай шешетін мәселе қойып отырған жоқсың...
— Бар пәле бұл мәселенің оңай еместігінде ғой, Федор Иванович, деді Хасен екеуінің ойының бір жерден шыққанына қуанып.- Есіл суып бұру оңай, ал халық ойып бұру қиын...
— Сөйтсе де тын игеру — қазақ даласына келген екінші төңкеріс деп жұрт босқа айтпаған болар. Ал төңкерісті халықтың өзі жасамаушы ма еді, Хасен! Бүгін болмаса ертең, әлгі зираттарды да егістік жер үшін құрбан ету керек екенін де халық өзі түсінеді.
3
Бұл неткен таңғажайып таң еді!
Бар табиғат, әрбір шөп сабақтары, шоп сабақтарындағы шырыл қаққан әрбір шегіртке, оянып келе жатқан өмірге қуана ән салып, масаттанғандай еді.
Жарқыраған күн сәулесімен құлпыра түскен дала. Дүние жасыл нұрға бөленген. Қыр да, ой да жап-жасыл. Тек алыстағы белдер ғана көгілдір тартады. Олардың үстерінде ойнаған бұлдыр көктем сағымдары, жағасынан шыға жүгірген мөлдір көлдің көк толқындары тәрізді. Сайраған бұлбұл, көк шөпті аралап жүгірген бөдене... Осы бір сұлу көктем әлемінің ортасында Алшынбек Айдынғалиев тұр. Көйлегінің жағасы ашық, жеңін түріп алған. Иығында бос жаба салған пенжегі. Одан бірнеше адым кейіндеу, қолына қысқан үлкен сурет альбомы бар, гүлі төгілген әдемі көйлек киген Меруерт. Профессор кенет алыстағы көкжиекке кез тастайды. Әсіресе көктеп келе жатқан жас бидайға қарап қояды. Көзінде таңғажайып қуаныш ойнайды. Көктемдей құлпырған көңілі аласұрып, мәз-мәйрам...
— Осының бәрі менікі. Әрбір талшығы да, әрбір сабағы да...— Дейді күбірлей.— Ал ана жақта, қалада, төрт қабырғалы аудиториялар мен лабораторияда басқа өмір, басқа дүние... Бәрі де мұндағыдай емес! Неге мен бұл жерде емес, со жақтамын? Неге мен төрт қабырғалы лабораторияда өз өмірімді өткізуім керек? Мен осы егіс даласына қызығам, Меруерт.
Алшынбек енді жүгіре басып таяу тұрған төбенің басына шықты. Алдында шетіме көз жетпес кең алқап егінжай жатыр. Дәл ортасында екі жағасын жасыл шалғын көмкерген көгілдір Есіл өзені көрінеді. Тек осы жағадан бөтен даланың бәрінде егіндік. Қай жаққа қарасаң да көгеріп келе жатқан бидай, арпа, сұлы. Алшынбек өзенге қарай бет алды. Өзен жағалауымен келе жатыр. Басқан жері жасыл кілем тәрізді. Жылы лепті көктем желі оның ақ кіре бастаған ұзын шашымен ойнап, кенет дударлай жөнелді. Көптен бері даланы, осындай ғажап егіндікті көрмей, әбден сағынып қалған профессордың көңілі қуанышты, жайдарман. Кенет сәл жуандау қоңыр дауысымен бір кезде студенттер айтатын ескі күлдіргі өлеңді бастап та жіберді.
Жер айналуын ашамын деп адамға,
Қырық жыл бойы Коперник шал еңбек етті.
Мас болсайшы арақ ішіп одан да,
Сонда айналған көрер еді кереметті!
Профессордың түріне қарап Меруерт өзін-өзі ұстай алмай күліп жіберді. Анау тына қалды. Меруерттің сыңғырлаған күлкісін сүйсіне тыңдады. Енді ол ұшан-теңіз кең далаға, аспандағы күнге, кездескен әрбір бұтаға, гүлге қуана көз тастады. Көктем шаттығы көңілін тербетіп жүрегін қытықтап, күлгісі, айқайлағысы, тіпті қуаныштап жылағысы да келді.
Алшынбек бірнеше қадам аттады да, тағы тоқтай қалды. Ойпатта, көгал шетінде кілем тәрізді қызғалдақтарды көрді. Бұл әлдеқалай қауызын ерте жарған көктем гүлдері еді. Жасыл шөптер арасында жанып жатқан шоқтар секілді... Алшынбек намаз оқитын адамдай, тізерлеп отыра қалды. Сонсоң қолын созып, жақын тұрған бір гүлді ептеп сабағынан үзді. Сосын екіншісін... сосын үшіншісін... Одан әрі қарай, таңдамай-талғамай, асығып-үсігіп, мас адамдай құштарлана гүл біткеннің бәрін үзе берді. Құшағы қызғалдаққа толса да, өзін тоқтата алмады. Әлден уақытта іші күйгендей, әлсін-әлсін артына жалтақтай қарады. Құшағы толған қып-қызыл қызғалдақ, дәл бір от құшақтап келе жатқан тәрізді. Жұпар аңқыған гүлдердің иісінен мас болғандай, аяғын тәлтіректей басады. Тағы да даланы басына көтерген оның қоңыр даусы шығады:
Жер айналуын ашамын деп адамға...
Алшынбек кенет кілт тоқтады. Меруерт қайда? Ол жан-жағына алақтай қарады. Түсі сұрланып кетті. Жүзіндегі жаңағы жарқылдаған жайдарылықтан із-түз қалмай, аяқ астында түнеріп сала берді. Еңсесі түсіп, енді ол өзенге қарай жүрді. Жағаға келіп жан-жағына тағы да көз жіберіп тұрды да, бір сәт суға телміре қарады. Мөп-мөлдір су түбінде, сары құмқайырға біткен жыландай ирелеңдеген тырбиған ағаш бұтақтары көрінеді. Солардың арасында ұсақ шабақтар тобы үйіріліп қозғалмай тұр. Жан-жақтарындағы ұп-ұзын шаландар созылып, ақырын тербетіледі...
Алшынбек селк ете қалды. Күтпеген жерден, өзен түбінен қыз кескіні бұған қадала қарай қалыпты... Сондай таныс... Бірақ оның алақандай үлкен көздерінде өмір сәулесі жоқ, тіршілік оты сенгем, боп-боз...
Бұл Меруерт еді. Ол ұрлана басып профессордың қасына келіп, жар басынан күле қарап тұрған-ды...
Алшынбек көңілі орнына түсіп, қызға жауап қайырғандай ақырын күлімсіреді. Бұл су түбінен көрінген кім екен? Іздеген Меруерті ғой. Талдырмаш денесі бұралып тіпті қалықтап кетер әсем әуендей қасында тұр. Шығыс поэзиясынан хабары бар Алшынбек, оны кенет перінін қызына теңеді. Көзі жайнап сала берді.
— Неткен ғажайып қызғалдақтар!— деген сөз Меруерттің аузынан еріксіз шығып кетті.
— Сізге арнап үздім...
Гүлдерді қызға ұсынды.
— Өзіңізді алғашқы көргенімде, алдыңызда осындай қызғалдақтар болатын... Есіңізде ме?.. Олар стол үстінде тұрған-ды, бірақ сіз солардың қайсысынан болса да сұлу едіңіз... Осындай гүл шоғын бір күндері мен де сізге ұсынармын деп ойлағанмын сол кезде... Осы күнге дейін сәті түспей, сол тілегімді орындауға көпке дейін күтуге тура келді...
Меруерт қызғалдақтарды кеудесіне ұстап, бетіне басты.
Қыз профессор өтінішін қабылдап, кеше серуенге бірге шығуға келісімін берген еді. Бүгін ерте тұрып, фермаларды аралап, асығыс шаруаларының бәрін істеп бітірген-ді. Алдында — ұзақ жексенбі күні бар. Ол үйіне келіп, қайта киініп, терезеден қарады. Алшынбек оны тосып тұр екен. Әлде көгілдір бояуға малынған мөлдір аспанды, таза ауалы таңның әсері ме, әлде жүресінен отыра қап, өзіне арнап профессордың үзіп берген қызғалдақтарынан ба, әлде сонау бір өткен күн лекцияларын есіне түсіргендіктен бе, әйтеуір Алшынбек өзінің көз тоярлық сымбатты тұлғасымен, Меруерт үшін қандай қиындыққа болса да дайын екенін сездірер толқи шыққан даусыменен қызға бір түрлі сүйкімді көрінеді. Аңқау, ақ көңіл Меруерт! Профессордың бүгінгі таңертеңгі осы бір кенет кеудесінде оянған қуанышының өзегі, тек өзімде ғана деп ойлады ол... Ал, Айдынғалиев болса — қыздың бал-бұл жанған бетіне қызғалдақ шоғын қалай басып тұрғанын көріп, жүрегі алып ұшып шаттана түсті. Өзінің көкейкесті бір арманы әрдайым орындалып отыратын, құдай жаратқан ең бақытты адаммын деп санап қуанышы қойнына сыймай насаттанады...
Тағдыр ойыны басқаша болуы мүмкін .бе еді?..
Бірінші май кешіндегі Угрюмов пен Зікірия отырған стол басына Варвара Михайловна мен Глаша келген кезден бастап-ақ, Алшынбектің өн бойында бір дөрекі, жан-тәнін оттай күйдірген, құштарлық асау сезім оянған. Оның мұндай жағдайға келуіне Глашаның сымбатты дене бітісіне, көтеріңкі төсіне, қыпша белінен төмен жұмырлана түскен толық сандарының жаратылысына бір рет көзі түскені жеткілікті болған. Әйелдің толықша келген ақ білегіне қолын бір тигізудің өзі оған жетіп жатқан... Алшынбек тағам тасушы әйелді саусағымен ымдап шақырып алды. Сол-ақ екен, стол үстіне ине шаншым жер қалдырмай, шампан, коньяк, шоколад, конфеттер, буфеттегі жеуге жарайтын түрлі тағамдар қаптап кетті. Оның үстіне ас тасушы әйел де «Алтын арайдың» еңбектеген баласына дейін атақ-даңқына қанық осындай қонақ алдымда ұятқа қалғысы келмей, буфеттің барын әкеп, бәйек қақты.
— Өзімді қошаметпен қарсы алған сіздердей қонақжай жандарға аз да болса ниетімді білдіргім келеді,— деді Алшынбек абыржып қалған Федор Ивановичке.— Бүгін күн қандай!.. Ғажайып күн десеңдерші!—Ол шампан тығынын да алып үлгірді. Глашаға қарай конфет салған тарелкені де жылжытып қойды. Профессордың өзіне көрсеткен құрметінен Глаша ұялып, алдындағы шарапқа ернін тигізді де қойды, тек соңынан барып түбіне шейін бір-ақ көтерді.
Алшынбек сөзге шебер екені белгілі және осы жасқа келгенге дейін баспаған тауы, бармаған жері жоқ. Совет қалаларын да аралады, шет елде де болды. Оған қандай топты болса да аузына қарату қиынға түспейтін. Оның үстіне өзінен екі көзін алмай, қасында ынтасы құрып отырған Глаша Алшынбектің делебесін қоздырып, шабыттандыра түсті... Тек бір-ақ нәрсе оның мазасын ала берді: мас бола бастаған Качан бұлардың жанына кеп отырып алды. Әйелінің «қайтайық» дегеніне құлақ ілер емес. Егер армянның алтын сырлы коньягін өзінің нысапсыз көмейіне үсті-үстіне құйып жай отырса бір сәрі ғой! Алшынбек бұны қанша ұнатпаса да шыдап бақты. Ал Качанға бәрі аз көрінді. Ол қайдағы жоқ дөрекі қалжың сөздер айтып, Глашаны көрсетіп профессорға көз қысып қояды... Бұнысы несі? Әлде бірдемені сезіп отыр ма?..
Қолайлы бір кезді тауып, ол Алшынбек пен Глашаның ортасына қыстырыла кеп отырды.
— Доктор...— деді ол тілі күрмеле,— Доктор... әлгі өзіңді қалай деуші еді... Профессор... көкейіңе түйіп қой. Глаша — сенің аузыңа лайық бүлдірген емес... Түсіндің бе?— деп ол Алшынбектің иығынан қатты қысып жіберді. Анау айқайлап қала жаздап, әзер шыдады,— Ал сен бұның алдында керілме, көзіңді сатпа...— деп Качан Глашаға оқты көзімен қарады.— Олардың анау әлгі... оранжереяларында... өздерінің бүлдіргендері бар...
Ақыры бұл жағдайға Угрюмов араласуға мәжбүр болды. Ол Качанды оңаша алып шығып, бірдемелерді сыбырлап еді, анау әйелінің сүйемелдеуімен Глашаны зілді, ауыр көз қарасымен бір шолып, өз бетінше кете барды...
Ыңғайсыз болған осы бір көрініс кештің қалған уақытын көңілді өткізуге кедергі болған жоқ. Әрі-беріден соң Угрюмов пен Варвара Михайловна үйлеріне қайтып кетті. Ал Алшынбек Глашаны шығарып салуға шықты. Егер бұлар тік жолмен жүргенде Меруерт пен Хасен Айдынғалиев пен Глашаға ұшырасып қалуы мүмкін еді... Бірақ Айдынғалиев өзінің жаңа танысын әдейі кісі көзіне түспейтін, сырт жолмен алып кетті...
Сол кештен бері екі апта өтті. Олар біресе Есіл жағасында, біресе совхоз жанындағы тоғай арасында кездесіп жүрді. Кербез, қасына жан жуытпай келген Глашаға совхоздың қанша жігіті көз салмады десеңізші! Ақырында профессор Айдынғалиевке ілікті... Бұдан кейін ол профессор өзін қалай құдайдың еркесі санамасын!
Алайда қазір, осы таңертеңгілік мезгілде, өзі үшін Алшынбекке дүниеде жалғыз ғана Меруерт бар секілді көрінді.
Оның көңіл күйі қызға да ауысқандай. Айналаның бәрі гүлге бөленіп, жасыл жапырақ жамылып, өмір шырыны, тас бұлақтай, сылдыр қағып ағып жатқандай. Көктем аспаны да сондай мөп-мөлдір, сондай тұп-тұнық...
Әрине бақытты бұл екеуі, бақытты. Өйткені жан-жақтарында жалынның сүйір ұшы тәрізді жайнаған қырмызы қызғалдақтар, төбелерінде қанша қарасан да көз жетпейтін мөлдіреген көк аспан. Ең тамашасы — осынау изен араласқан көк балаусалы өзен жағасында екеуден-екеу-ақ. Олардың дәрт ойнаған көздерін, жалынды, жарасымды қимылдарын ешкім де көрмейді. Жас балаша секіруге, жүгіруге болады. Тіпті қуаныштан кең даланы бастарына көтеріп, айқай салса да сөкет санап, әжуа ететін тірі пенде жоқ.
Меруерт біресе қуанышы зипа бойына сыймай, дауысы қоңыраудай сылдырлап күледі, біресе опық жеген жандай кенет томсырая қалады. Не болмаса жел үрген жапырақтай тұрған жерінен жүгіре жөнеледі, немесе тоқтай қалған кинофильмнің лентасындай, кілт тұра қалады. Құшағындағы алқызыл қызғалдақтар, кенет от болып тұтанып кеткендей қызарып сәуле шашады.
Алшынбек Меруерттің әр қимылынан көз алар емес. Меруерт гүлге қараса — бұ да гүлден көзін алмай қатал қалады. Қыз бетінде сәл опық көлеңкесі пайда болса — Алшынбекті қараңғы түн басқандай. Қыз күлсе бұның екі езуі құлағына жетіп ыржияды...
Меруерт бір мезет күн сәулесі қыздырған тас үстіне отыра кетіп, альбомын ашты. Алшынбек те қатарласа отырып, қыз иығынан аса альбомдағы суретке көз тастады.
— Адамның бақытты болуы әрқилы, — деді ол, Меруерттің бойын билеп ойына алған қуаныш сезімін оқыс сөзбен үркітіп алам ба дегендей жылы үнмен,— міне біз қала тұрғындары, өмірді үлкен категориялармен шеңберлеп өлшеуге дағдыланғанбыз. Мұз жаратын кеме ойлап шығарсақ, жаратылыстың дүлей күшін ауыздықтасақ, не болмаса атом күшін дұрыс пайдаланар жолын тапсақ, өзімізді зор бақытты санаймыз. Бірақ біздің сол үлкен категориямыз, мына сіздің шашыңызға түсіп тұрған күн сәулесімен салыстырғанда не тұрады?.. Мына сіздің көйлегіңізге жабысқан кішкентай ғана шөппен салыстырыңызшы?..— Ол қызға өзінің бағдарын аңғартуға мүмкіндік бергендей, жан-жағына асықпай қарап алды.— Дүние шексіз-шетсіз кең бірақ сол кең дүниеде шын мәнінде қымбатты тек өмір, тіршілік... Сіз ең қымбат дүние-жазирасы бар үйге бір шумақ гүл қойсаңыз, бөлме қандай құлпырып кететінін байқағаныңыз бар ма? Неге олай? Бар болғаны гүлдердің жаны бар, олар біздің айналамыздағы өмірді еске салады... Ал жан-жағыңызға қараңызшы. Өзіңіз тұрған осынау дала қандай таңғажайып сұлу... Бірақ осы сұлулықты екінің бірі сезіне біле ме? Көбі тіпті аңғармайды да... Ал енді өзіңіздің суретіңізді салыстырып көріңізші...— Ол ептеп қолымен қыз бетін жайқалған жасыл далаға бұрды.— Әне... Ана жаққа қараңызшы, сіз менімше сол жерді суретке салғансыз... Қараңыз. Әне. Анау көгілдір белдерге де, сіздің суретіңіздегідей, күн сәулесі түсіп тұр. Бірақ күн сәулесі құр ғана түсіп тұр ма? Ол сонау көгілдір белдердің төбесін құшақтап сүйіп жатқандай жарқын, шұғылалы. Ал мына гүлдер ше? Сіздің суретіңіздегідей жасыл, қызыл, сары емес, олар мың сан бояудан құрылған, бүкіл әлем гармониясын өз бойына сіңіріп алғандай...
Осы күндегі үйреншікті табиғат көрінісін Меруерт тұңғыш рет көріп отырғандай қарсы алдына қарап сілейіп қалған.
— Ғажап, сіз қандай тамаша айттыңыз! Шынында да айналамыздың бәрі сондай сұлу! Бәрінде жан бардай...— Қыз өзінің салған суретіне көнілсіз қарады. — Ал менің суретімде... Қандай жалған... жансыз өлік тәрізді!..—Меруерт альбомның бірнеше бетін жұлып алды. Аздан соң оның алақанында тек қағаз қиқымдары ғана қалды. Қыз орнынан ұшып тұра кеп, қағаз қиқымдарын елге қарай шашып жіберді де, қара тасқа қайта отыра кетті.
Бетінің бір тамыры бүлк етпей, Алшынбек Меруертті аңдуда. Оның сығырайта қараған көзінен қайдағы бір жарақаттың сазын байқауға болатын еді; қазір ол Меруерттің кенет ашына қалған, ызалы, жас баланың түріндей абыржып, қиналған түрінен ләззат алып тұрғандай.
— Жерді тек сүйе білу аз, — деді ол қыздың төмен түскен басып алақанымен сипап,— жерді, ең алдыменен түсіне білу керек... Мен сізді осыған үйретемін... Өмірді түсінуді, бағалауды үйретем... Тұтас бар өмірді ғана емес, сол өмір құрылатын әрбір секундты, әрбір жалт етіп жоқ болар мезгілді бағалай білуді үйретем... Біз өмірдің сондай көзді ашып-жұмғанша етіп кететін қызығын, рахатын бағалай білмейміз... Біз үшін, әдетте кешегі өткен нәрсе мен ертең болатын нәрсе ғана бар, тек сол еткен мен болашақты байланыстыру үшін өмір сүреміз. Ал шынында өмір, тек сол рахат мезгілінде ғана, бүгінгі мен қазіргіде... Мұны түсіне білу керек, Меруертжан, мұны бар жан жүрегімен түсіне білу керек... Сонда ғана сізге осы шетсіз-шексіз дүниенің, бар әдемілігі ашылады. Әттең, шіркін-ай, бұл дүние жалған әрқайсымызға да уақыт тұрғысынан қарасаң шегі бар. Бар әлем де, адамзат та бұл дүниеден етеді де кетеді... Осылай деп бір ғұлама кітапта жазылған.
Алшынбектің даусы Меруертті әлдилей тербеп, бір ғажайып сыр ашып жатқандай тынымсыз шығады. Қыз түс кергендей күлімсірейді де Хасенді есіне алады. Профессорға ол қандай жауап берер еді? Хасеннің айтар сөзін ойлап көріп еді, бірақ қолынан келмеді. Алшынбек оған жақындай түсіп, қолын сипады, ақырын бауырына қарай тартты. Екеуінің ерні бірін-бірі іздеп тапты. Меруерт көзін жұма берді.
Дәл сол сәтте жол жақтағы тебе астынан ат тұяғының дүсірі естілді. Меруерт есін жиғандай, көзін ашып алды да өзінен Алшынбекті итеріп жіберді. Жоқ, салт атты әрі қарай, совхоз жаққа етіп кетті... Егер салт атты Хасен болғанда, қыз бірден таныр еді...
Профессор тағы құшақтағысы келіп, қолын қыз иығына апарып еді, анау ыңғайына көнбеді, сипағанына жауап қайырмады. Енді қызуы басылып қалды. Меруерт есін жиғысы келгендей, айдалаға мелшие, суық қарады. Енді қыз Алшынбекке көз салғысы келмеді. Осылай екеуі біраз уақыт отырып қалды. Алшынбек, бір тал шепті аузымен тістей, Меруерттің неге былай тез өзгергеніне таң қалумен болды. Меруерттің кенет берген сұрағы да оған жат, түсініксіз керінді.
— Айтыңызшы, Алшеке, өзіңіз сүйгенменен, бірақ сізбен бірге тұрған күнде өзін бақытсыз санайтын қызға, сіз үйленер ме едіңіз?
— Несі бар...— деді ол,—мен үйленер едім де және менің бақытым оның бақытына айналатындай істер едім.
Меруерттің де күткені осы мөлшердегі жауап-тын. Ол орнынан тұра беріп, тағы Хасенді есіне алды... «Ал Хасен не деп еді?» Хасеннің берген жауабын сөзбе-сөз есіне түсірмек боп ойлана қалды.
Бірақ Меруерт Хасеннің сөзін еске түсіріп, көйлегін қағып, сәл жұмарланып қалған етегін жазып үлгіргенше, қайдан шыққаны белгісіз бір суық жел кеп бетіне ұрды. Меруерт басына жамылған орамалын ұстай алды, жел кеулеп жоғары қарай көтерілген көйлегінің етегін екі тізесінің арасына қыса қойды.
Жел ішін тартып, еселей соқты... Аспан бұрынғысындай мөп-мөлдір, ап-ашық еді. Күн көзі де сол қалпында шақшиып тұр. Бірақ жел толастамады. Ол жасыл желекті жермен-жексен етіп, ысқыра соқты. Жағалаудағы жас үйеңкілер жан-жағына жапырыла тербеліп, бүктетіле жоғарғы ұшымен жерді соққылады. Жағалауды жауып кетердей, өзен бетін ақ толқын басты.
Меруерт пен Алшынбек желмен жарысып айқайласып сөйлескілері келмеді. Ауыздарынан әлдеқалай шыққан сөздерді жел әлдеқайда қуып әкетті. Тыныстары тұншығып, олар бірін-бірі ести алмады. Сүзуге ыңғайланған бұқа тәрізді, басын төмен түсіріп жіберіп профессор келеді. Оның соңында бетін қос қолымен жауып алған Меруерт, қос бұрымын асау жел ала-ала қашады. Қарсы алдынан соққан сұрапыл, енді болмаса, сабағынан үзілген жапырақтай шыр көбелек айналдырып, аспанға тік көтеріп әкететіндей ысқыра соғады.
Поселкаға олар әрең жетті.
Кешке қарай аспан күңгірт тарта бастады: айналаны қара бұлт тұмшалап алды. Әлемді жұлдызсыз, айсыз түн басты. Бірақ жерге бір тамшы жаңбыр тамған жоқ, бірде-бір рет найзағай ойнап, жауын жаршысы күн күркіремеді, тек солтүстік-шығыс жақтан сүйектен өтетін, ызғырық жел толастамастан соқты да тұрды. Түні бойы құтырына ұйтқып, ұлып ызылдаумен болды.
Ертесіне совхоз поселкесі де, айналадағы егін даласы да, үстіңгі жағында құм дауылы тұрған алып қазан түбіне ұқсады. Дауыл құйындата, үйіріп ұйтқи соғып, көкке дейін көтеріліп, он аттам жердей ары қарай, сұрқай шүберек тұтып қойған терезедей, ешнәрсе көрсетпеді. Көше бойларымен түйе қарын қаңбақтар бірімен бірі тіркесе ұшып барады. Жағын алған шамына қарамастан, шаңқай түсте машиналар әрең жылжиды. Тек жалғыз Зікірия ғана өз отарын қорадан айдап шықты да, қойлардың біріне-бірі ықтап, сүріне-қабынғанына қарамастан, дауылдан таса отты жерге қарай қуа жөнелді... «Алтың арай» үстінде жел толастамастан жеті күн қатарынан соқты. Ақыры, дәл өзінің басталғанындай, аяқ астынан тына қалды. Сол күні ертеңгілікте Меруерт фермада еді. Осынау қырсықты дауыл кезінде байлаудағы мал біршама жақсы жағдайда болды, дегенмен, жем-шөп тасу оңайға түскен жоқ. Апта бойы дауылмен алысқан жұмысшылар мен шоферлер әбден қалжырады. Меруерт те шаршады. Оның ұрт еті суалып, бет сүйегі үшкірленіп кетті, ал қарақаттай көзінің айналасы көгілдір тартып, бұрынғысынан да үлкейгендей көрінді...
Сиыр қорадан шыға салысымен ол қабырғаға сүйеніп, тыныштық тылсымын тыңдағандай сілейіп тұрып қалды. Тыныштықты әбден ұмытып қалған екен. Құлағы шулап, жел мен шаңнан жасқанып үйренген көзі өзінен өзі жұмыла берді. Мал қораның жанында құм төбелер үйілген. Үй үстері, бау-бақша, жол бойы сарғыш-сұр макта жамылғандай.
— Шынымен қырсықтың келгені ме?.. Иә, қырсық дәл осылай келеді. — Меруерт ойлана қалды. Ол көшпелі құмға көміліп, солып-семіп қалған, кеше ғана жап-жасыл болып жайқалып тұрған егін сабақтарын көз алдына елестетуге тырысты. Қазір «кеше сондай болып еді-ау» деудің өзі қиын. Хасен жайын ойлағанда жүрегі кенет қысылып кетті.
Оның көңілсіз ойының көрінісіндей, ауыл шетінен келе жатқан Хасеннің төбесі көрінді. Астындағы әбден болдырған аты әзер ілбиді, аяғын әрең алады. Хасен тұп-тура кеңсеге беттеді. Оны көре салып, Меруерт те солай қарай жүрді. Хасенге терезеден көзі түскен Угрюмов та қарсы алдынан шықты. Оның етігінің жалпақ ізіне іле-шала құм толып, сопақша келген шұңқырлар пайда болып жатыр. Хасеннің өне-бойы топырақ, сауыт кигендей, баттасып шан. басқан. Жүзі түтігіп, ерні көнтиіп жарылған, әшейінде жарқырап тұратын жайдары жанары көңілсіз, үміт оты өшкендей.
— «Қарасор» жотасындағы егіннен тамтық қалған жоқ,— деді ол қарлыққан дауыспен.
— Сен «Қарасорға» да бардың ба?—деді Угрюмов.
— Екі күннің ішінде егіс біткенді тегіс аралап шықтым...— Құмды дауылдың соғуына да, «Қарасордағы» егін біткеннің құруына да, совхоз басына түскен бар ауыртпалыққа да Хасен өзін кінәлі жандай сезінді.
Ол Угрюмовтің де, Меруерттің де бетіне қарай алмай, көзін төмен түсіріп жіберді.
Меруерт кеудесін біреу қылышпен осып өткендей сезінді. Оның жүрек түкпірінен, ақылдан емес, дала қызының табиғатына тән бір сезім туды. Ләм деместен салт аттының қасына барды да, бұрынғы қазақ әйелдерінің әдетінше, Хасенді қолтығынан үстап жерге түсірді.
Хасен бұған риза болып, әрі таңырқай езу тартты.
БЕСІНШІ ТАРАУ
1
«Жер сыры тірі жандай таңғажайып. Оның құнарлы қыртысы, яғни бетіндегі топырағы негізгі анайы жынысқа биологиялық даму заңының әсер етуінен туған. Топырақтың жаралуына геологиялық қозғаушы күштер себепші, олар: ауа райы, уақыт, өсімдік, бар-бар тіршіліктер. Алайда оған тек табиғаттың құбылыс қуаты ғана емес, адамның әрекеті де әсер етеді.
Егер бағып-қақпаса жер тозып, істен шығып қалуы мүмкін. Ауа мен су сияқты ол өзін-өзі қорғай алмайды. Оған жел де, су да, жер сілкінуі де, күтуші адамның орашолақтығы да зақымын тигізеді. Егер жер екі-үш сантиметрдей бет топырағынан айрылса оның орнын толтыру үшін жүздеген, керек десеңіз, мыңдаған жылдар қажет болар еді.
Украина мен Россияда басты пәле судың бүлдіруінен, яғни су эрозиясынан келеді, су миллиондаған гектар құнарлы қара топырақты жердің шөп өнетін қыртысын жуып кетеді, ал қазір жаппай жыртылып егіндікке айналдырылған. Қазақстанның ұшан-теңіз иен даласы үшін зор апат — жел эрозиясы.
Жазғы кездегі құрғақшылықта ылғал жетіспеген жер жел өтіне шыдай алмай, тез бүлінеді. Алайда көктем айларында да қауіп зор: көктемде, яғни жер жыртылып жатқан шақта ескек жел ұзақ, өктемірек соққыш келеді. Сол кезде топырақтың беті өсімдіктен жұрдай панасыз, көпсіп жатады да жел көтерілсе бүтіндей түтеп шаң-тозаңға айналады. Оны жел көтеріп құйындар иіреді, сөйтіп аққан тозаңды дауыл бірінің артынан бірі айдап, жаңа өсіп келе жатқан әлжуаз бидай мен басқа дақылды сөгіп күйретіп кетеді. Ал қыста жел жайдақ далада қар тұрғызбайды, оның, әрине, егін шығымына зор әсер ететіні өз-өзінен белгілі...
...Далалы жерде жел шаң-тозаңды боратады. Мұндай күлдей ұсақ топырақтар аспанға көтеріліп, мыңдаған километр жерге ұшады. Немесе жер бетімен бұрқасындап, өңделген жер мен егінжайларды басып қалады. Егер жел эрозиясымен жалықпай-талмай күрес жүргізіп отырмаса, шаң-тозаң дауылы жерге орасан зиянды апат келтіріп, күйретіп кетуі мүмкін. Ал кейбір жерлерде олар жыл сайын қайталап тұрады.
...Павлодар облысында 1963 жылы шаң-тозаң бораны миллион гектар егіндікті құртып кетті, келесі жылы алты жүз мың гектар құнарлы жер істен шығып қалды.
...1962 жыл мен 1965 жылдың арасында төрт миллион гектарға жуық егіндік қарап болды. Сонда бұл ең аз дегенде жетпіс миллион пұт астық жоғалып кетті деген сөз.
...Шаң-тозаң бораны Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Қостанай облыстарының егін жайларына қауіп тудырды. Соңғы он бес жыл ішінде Қазақстанда үш миллион гектар жерді ұсақ құм басқан.
...Егер эрозияның еліміздегі ауыл шаруашылығына келтірген зиянын есептесек, орасан көп санды ауызға алуға тура келер еді. Оған төрт миллиард сомдай шығын шығады екен».
(Академик А. И. Бараев, жазушы В. Чивилихин, тың жердің әйгілі қайраткері, агроном Ф. Т. Моргунның мақалалары мен кітаптарын оқығанда жазған студент Хасеннің конспектісінен).
2
Он күннен кейін «Алтын арайда» шаң-тозаң дауылы қайталай соқты.
Дала үстіне масайрап күн сәулесі нұрын төгіп тұрған. Аспан шайдай ашық, көкпеңбек, тұп-тұнық, бір жапырақ бұлт жоқ. Шеп сәл ғана сыбдырап, бетінде самал жел ойнайды. Күн нұрына көмілген Есілдің мөлдір суы жайымен толқи ағып жатыр. Таза ауа көкіректі кернейді. Күн райында өзгеріс бола қояр деген ойдан жұрт аулақ. Ауа райын болжайтын станция жақын арада күн ашық, айтарлықтай еш өзгеріс болмайды деп хабарлады.
Алайда тал түс шамасында күн көзі жұқа перде тұтқандай кілт бұлыңғырлана бастады. Ұзамай, түс ауа, бұлт шеттері жырым-жырым бір күңгірт сары теңбілдерге айналды. Бірақ жаңбырдың да, дауылдың да еш нышаны сезілген жоқ. Дала үстінде байырғысынша күміс қоңыраулатып бозторғай сайрап, шөп ішінен бөденелер бытбылдықтап жатты. Қақпа түбінде керенау қалғып совхоз иттері мызғып дем алып жатыр. Аралар гуілдейді... Күн райы тағы бұзылар деп ешкім де ойлаған жоқ.
...Егер жер екі-үш сантиметрдей бет топырағынан айрылса, оның орнын толтыру үшін жүздеген, мыңдаған жылдар қажет болар еді... Хасен дауыл астан-кестеңін шығарып, жаралап кеткен алдындағы егінжайды көргенде жердің қалай, ауруынан ыңырсып, мінажат етіп, медет тілеп жатқанын естігендей болды... Ол осы жерде туған, осы жердің төл баласы еді, ал жер болса дәрменсіз, одан мынау керемет пәледен құтқаруға көмек сұрап жатқандай көрінді...
Алайда шаң-тозаң дауылы тек «Алтын арайда» ғана сүргін соқты ма екен? Және бұл апат жылдан жыл сайын буырқанып, күшейе түсіп келе жатқан жоқ емес пе?.. Осыдан он бес жыл бұрын осы жерде игерген тыңды игілікті етуге ұлы айқас басталды. Ол кезде Хасен жас еді, бұл айқасты ол сырттай ғана еститін. Ал енді оны мына апаттан, мына күйреуден құтқару үшін қолданылатын әрекеттің қиындығы Хасеннің баяғы естігендерінен ешбір кем емес еді. Оған, оның құрбыларына, жаңа күрес ашып, өздерінің қолынан не келетінін көрсетулері керек, бұл оңай іс пе?
Хасеннің ойлағаны да, толғағаны да осы жағдай болды. Ол бұл жерде тиіп-қашып, жарым-жартылай шаралар жасау, не әредік ең соңғы агротехниканы қолдану, немесе бидайдың жақсы түрлерін егу сияқтылармен қанағаттану жеткіліксіз деп білді. Ал жеңем десең жел эрозиясына ауыл шаруашылығы ғылымының бар құдіретін қарсы қою керек, бүгінге дейін жиған-терген тәжірибесін түгелдей пайдалану қажет деген жалғыз ғана пікірге тоқтады.
Хасеннің былтыр бітірген институтының ең үлкен аудиториясында Карл Маркстің мынадай сөзі жазулы тұратын: «Жер өнімділігі бара-бара, жылдан-жылға сондай биік сатыға көтеріліп, ақыры қазір біздің түсімізге де кірмейтін дәрежеге жетуі мүмкін». Хасен бұл сөздің мағынасының тереңдігін енді ғана сезінді. Бұл сөз, әрине, коммунизм кезіне арналған ғой. Ол кезде адам басқаша өмір сүріп, басқаша қам, басқаша харекет жасамақ. Ал жер ше?.. Жер сол қалпында тұра береді, бірақ коммунизм адамдарына бүгінгі тірі жүрген жандардан қалады ғой. Сонда олардың қолына қандай жер тиеді? Карл Маркс айтқандай біздің тек түсімізге ғана кіретін өнімділігі сондай жетілген, топырағы — торқа, суы — сүт, құдіретті жер тие ме? Әлде... Ал егер сол жерді эрозия күйретіп кетсе қайтесің? Егер қыстың күні жер мен қар аралас қара түтекті долы боран үйіріп, құнарын аспанға көтеріп жатса не істейсің? Егер жаз кезінде жерді, күнді басқан тозаңды қара дауыл бұрқыратып жатса не қыласың?.. Мұндай жағдайда жер құнарынан мәңгі бақи айрылады. Бұған жаңа ғана институт бітіріп шыққан жас агроном, ауылға шаруашылығының маманы пе демек — өсіп-өніп келе жатқан болашақ, ұрпақтарға қандай бетімен қарамақ?
Ол Угрюмовпен екеуі қыс кезінің өзінде-ақ жел эрозиясымен күрестің жан-жақты жоспарын ойласқан болатын. Екеуі де егер бұл апат келсе қандай қауіпке апарып соғарын және ол қауіптің мөлшерінің қанша боларын білген. Бірақ олардың бұл білуі кітап арқылы, совхоздың өткен жылғы ақпарлары арқылы, «қара дауылдың» не екенін көрген-білген, тәжірибесін алдарына салған жергілікті адамдардың айтуы арқылы еді. Міне, сол қатерлі жаумен Федор Иванович пен Хасен енді ғана бетпе-бет келіп отыр...
3
Угрюмовтың ұсынысы бойынша, совхоз директоры оқудан қайтып келісімен дереу мәжіліс шақырылды.
Алдағы бес жыл ішінде бүкіл совхоз егістік танабын қорғайтын ағаш алқабы отырғызылады. Ол ағаштар араларына төрт жүз — бес жүз метрдей жер салып егіледі. Егіндікке минералдық жер тыңайтқыштары молынан енгізіледі.
— Бұл «тілектеріңнің» қандай қиындыққа апарып соғатынын білесің бе?— деді профессор Айдынғалиев жаны ашығандай кекете күлімдеп.
— Әбден білемін,— деді Хасен салмақпен кесе жауап қайырып,— және бұл «тілек» емес, нағыз іс. Мем ғылыммен ойнағалы жүрген жоқпын...
— Жарайды, мұның бәрін кейін ойластырармыз,— деді Айдынғалиев тағы сол байырғы күлімсіреген пішінмен, сонсоң кенет тына қалды. Отырғандар жым-жырт. Бұл тыныштықты совхоз директоры бұзды.
— Мұның бәрі жақсы ғой, мұның бәрі ғылым көзқарасынан дұрыс та шығар,— деді түнере Тілеуқабақов.— Алайда бұл егіс көлемін қысқарту деген сөз ғой, және қысқарту болғанда қандай... (Хасен оның осыдан бастайтынын жақсы білетін, бірақ өзінің көңіліне әлі қона қоймаған Есілдің теріскей жағасын пайдалану мәселесін ол әзірше ашпауды ұйғарған). Егіс көлемін қысқартуға кім бізге рұқсат береді?— Тілеуқабақов енді сәл қыза түсті.— Бұрнағы жылы бірінші сентябрьге дейін жиырма мың гектар зябь жыртудың орнына біз жеті-ақ мың гектар жыртқан едік. Ал бесінші сентябрь күні менің алдыма облыстық ауыл шаруашылық басқармасының сөгісі кеп түсті. Сол кездегі бас агрономды жұмыстан алды. Ол біздің Глашамыздың күйеуі Матвеев... Оның орнына жас, тәжірибесіз агроном Нұржанов келді, ол да зябь көтеруге асыға қойған жоқ, бұрынғыға не бәрі екі-ақ мың қосты. Облыс оның да маңдайынан сипамады. Ол да Матвеевтің кебін киді. Және өзінің ісін дәлелдеуге тырысқаны үшін партиядан шығып қала жаздады.
— Менімше Нұржановтікі дұрыс...— деген Губановтың даусы гүр етті.— Беталды тәуекелге бармай, ол ақылға салған тәрізді. Өйткені бұрнағы жылғы көктемде қара боран жыртылған барлық зябьті аспанға ұшырып әкеткен жоқ па еді?
— Ол әлдеқалай соға салған қара боран болатын. Оның болмауы да мүмкін еді,— деді қарсыласып Тілеуқабақов. Ал дауыл соқпаған күнде біз елімізге, әрбір гектардан екі-үш центнер астықты артық берген болар едік. Порфирий Михайлович, сен қалай ойлайсың, онда жаман болмас еді ғой...
— Бірақ біз ондай өнім берген жоқпыз ғой...
— Беруіміз мүмкін еді. Жоқ қазір астыққа еліміз сондай саһат болып отырғанда, біз бидай егістігінің көлемін қысқарта алмаймыз. Ендеше басқа бір жолын іздеу керек.
— Қандай жол?—Хасен директордың сөзіне тап берді. Ондай жол өзіңізге мәлім шығар... Айтыңыз, біз тыңдайық, құлағымыз сізде!
Бұл жерде ол тым тік кеткенін өзі де аңдап қалды, бірақ оның бұлай сөйлемеске амалы жоқ еді. Өйткені Хасеннің көз алдында әнеукүнгі құм басып қалған, егін танабының сұрықсыз әлпеті елестей берді...
Оны айту қиын емес,— орнынан Айдынғалиев түрегелді. Әрине, не деуге болмайды, ауызға түскен сөздің бәрін де айтуға болады... Агрономия ғылымынан менің жас әріптесім тамаша бір көркем суреттерді алдарыңызға жайып салды, — бұл көркем суретті сөзбен өрнектеу де онша қиын емес екен оған. Сәл өсіруі де, сәл ойдан қосқан қиялдары да бар... Бірақ біз дұрысын қарайтын, шындықты жақсы көретін адамдармыз ғой. Ағаш отырғызу дейсіздер ме?.. Тамаша нәрсе. Алайда сол ағаш алқабы бар жердің өзінде де, бізді ол қара
Бораннан толық сақтап қалып отыр ма? Мәселен, орталық қара топырақты облыстарды алайық. Ол фактімен айғақталған зат. Шөп егу ме?.. Бұл да пана емес. Минералды жер тыңайтқышы ма?.. Әрине өкінерлік іс — оны біздің ауыл шаруашылығымыз әзірше тым шағын пайдаланады. Жерді қыртысын аудармай жырту әдісі дейсіз ғой?.. Оған дербес құрал керек. Және ол үшін барлық жұмыс процесін қайтадан құру қажет. Сондықтан, шынына келгенде, менің жас досым, әлгі айтқандарының бәрі сіздің суреттемеңізден гөрі анағұрлым қиын істер...— Айдынғалиев қамқорсып, Хасенге ішінен: «Мен аяймын, қайтейін, мұны менің қызмет борышым айтқызып тұр...» дегендей алақанын жайды.
Япырм-ай, ә...— Угрюмов саусағымен маңдайын ысқылады да, сәл езу тартты, мұнысы профессорды ажуалағаны ма, әлде өзінің абыржығаны ма, түсініксіз еді.— Ал өзіңіз не ұсынасыз?
— Оған асықпалық, қымбатты Федор Иванович, әр істің өз оңтайы болады,— деп күлді ақ жарқын ишарат көрсететін профессор, — сөйтсе де сыпайылап айтқанда, Василий Робертович Вильямстің жүйесі қазір біраз ескіріп қалды ғой...
— Жоқ ол дұрыс емес!— Хасен өзін-өзі ұстай алмай кетті.
— Жарайды, солай-ақ болсын делік, — деді Алшынбек Хасен сөзіне ренжімегендей түр көрсетіп.— Бірақ шөп егу, ағаш отырғызу дегендердің бәрі толық шаралар емес қой. Совхоз директоры дұрыс айтады, біздің қазіргі жағдайымызда олардың, біріншіден, қазір пәлендей пайдасы бола қоймайды, біз шөп егеміз деп дәнді дақыл егістіктерін қысқарта алмаймыз, оған қақымыз жоқ. Екіншіден, бұл жұлыс бұлаң құйрық ұзақ жылдарды тілек етеді. Егер нәтижелі болған күннің өзінде де оған дейінгі жұмсалатын қаражат сондай көп шығады, совхоздың құр тақырға отырып қалу қаупі күшті...
— Иә, солай, солай,—деп күңк етті Тілеуқабақов.
— Біздің қолымызда бұлардан басқа да шаралар, тәжірибелер бар,— профессор кафедрада студенттер алдында тұрғандай маңыздана түсті. Ол енді алдында отырған жұрт бұл айтып тұрған ғылыми ұғымдарға түсіне қоймайды ғой дегендей оларға сәл мейір көрсетіп, үйлесімді тілмен сөйлеуге тырысқандай мінез білдірді. Бірақ ондай тіл оның аузына түсе қоймады.— Біз ұлы мұхиттар ар жағындағы диқандардың да табысын, тәжірибесін еске алуымыз керек, мысалы американдықтардың, канадалықтардың делік. Федор Иванович көктемде маған Канада фермерлерінің жел эрозиясымен қалай күрескендерін әңгімелеген еді. Ол күрес отызыншы жылдары болған. Оған қоса айтатын тағы бір факті, ол кезде АҚШ-тың жел эрозиясынан келетін шығыны үш миллиард шамасында болатын. Оған қарамай, ол жақ бұл апаттың бетін қайтарды. Бұған себеп: американдықтар агротехника ережесін қатаң қолданды.
Американдықтар егістікті көлденеңінен жырта бастады, топырақтың бетін тығыздап жабуға тырысты, қыр жоталарына баспалдақтай атыздар тартты, қазынды жасап шалғын өсірді, егістік топырағын жел қумайтындай ғып жерді сала-сала етіп жыртып, эрозияға қарсы толып жатқан шаралар қолданды. Оларға химиялық жер тыңайтқыштар, қыршуыш жалпақ тіс машиналар, топырақты оңдауыш-культиваторлар көмектесті. Мұнымен қатар, жерді қорғаудың қатаң заңдары қабылданды...
— Қандай заң?—деп сұрады механизаторлардың біреуі — Оны да білелік.
Айтайын, - профессор тағы күлімсіреді.
Меруерт өз-өзінен толқып отыра алмады. Хасен баяндамасын дайындағанда профессормен неге ақылдаспады екен? Айдынғалиев қай жағынан болса да білімді кісі ғой — өсімдіктану, агротехника... ол білмейтін не бар? Міне, енді Хасеннің аузын аштырмай, інге тыққандай тырп еткіздірмей отыр ғой!.. Меруерт жас жігіттің сұрланған жүзіне, түнерген отты көзіне қарады, сонсоң көз жанарын Алшынбекке аударды. Ол байырғы, сымбатты, жинақы, мейірбан кішіпейілді қалпында отыр. Япырм-ай, екеуінің ара күші тіпті тең емес екен-ау деп ойлады ол. Бірақ олардың айтқан сөздерін есіне түсіріп, Меруерттің көзі бөтен бірдемеге жетті. Айдынғалиев Хасенді неғұрлым кемітуге, оны бір жеңілтек, қиялшыл жігіт етіп көрсетуге, тіпті жұртқа түкке түсінбейтін надан адам етіп танытуға тырысты... Бүйту оған неге керек еді? Жоқ, профессор жер туралы емес, қазіргі талас мәселесін шешуді емес, басқа бірдемелерді алға қойып отырғандай көрінді Меруертке. Сөз төркіні де соған құрылған...
— Бірақ, оларда басқа да заңдар бар!—деді сәл дауыстап қап Хасен.
— Қандай?..— Профессор оған жалт қарады.
Мәселен, мынадай...— Хасен орнынан тұрды да, Айдынғалиевке тесіле қарап сөйлеп кетті.— Канада фермері өз жерін өзінің қалауынша өңдейді, тек ол бұл жағдайда екі жүз метр сайын ағаш алқабын жасап отыруға міндетті, ені он бес метрден кем болмауға тиісті, мұнымен қатар ол өз жерінің төңірегіне жағалай ағаш отырғызады. Көресіз бе, профессор жолдас, ағаш отырғызу мәселесінен олар да қашпайды!..
— Жарайсың, жігітім! Хасенді қоштаған дауыстар шықты, оңай жеңілсін бе!..
— Онысы дұрыс-ақ,— деді біреу,—Канаданың өз заңы өзіне. Оларда жер жеке меншік, біздікі жалпыға бірдей. Кімге айып салмақшымыз? Өзімізге өзіміз бе?
— Бізде де сондай тәртіп болса жаман болмас еді! Бүлдірген екен — жауап бер, және өз қалтаңнан теле... Қарапайым тракторшы болсын, директор болсын, кім болсаң — ол бол...
— Министр болса да!..
— Неменесі бар, егер дұрыс нұсқау бермесе министр де жауап берсін!..
— Ондай министрге облыстық ауыл шаруашылық басқармасының өзі ара түседі ғой!
Жұрт қайтадан ду күлісті.
— Жер қорғаудың қатаң заңын мен де қолдаймын, — деді Угрюмов, елдің күлкісі басылғаннан кейін.—Бір кезде мұндай заңды бізде де қабылдауға тиіс. Дегенмен де, басты мәселе басқа жақта жатыр. Бізде жер жалпыға бірдей екені рас, демек, өзіміз сол жердің иесі болып үйрене білуіміз керек. Әркім тек өз жерінің ғана емес, барлық жердің қамқоршысы болып үйренсе, міне сонда жер мәселесі шешіледі.
Профессор Айдынғалиев соңғы айтқандарының мұндай додаға түсіп кеткенінен сәл қысылып қалды.
— Сіздің сөзіңіз ете дұрыс,— деді ол Угрюмовті жақтай.— Мен тек жер үшін күрестің сан алуан тәсілдері бар екенін атап айтайын деген едім. Сол тәсілдердің ең тиімдісін іздегенде де, кеше жеке адамға табынушылық кезде мақұлданған шараларға жармасуымыздың қажеті жоқ... Және ағаш отырғызу қымбатқа түседі, тікелей пайдасы тигенше ұзақ жылдар етеді... Оны жүзеге асыру үшін арнап дайындалған мамандар керек. Ондай адамдарды табу да қиын... .
Профессор қайтадан орнына отырды.
Бір жас дауыс таңдана:
— Жеке адамға табынушылық кезде мақұлданған, ол қандай шаралар еді?— деп сұрады.
— Ә, бауырым, өзіңнің өткеніңді білуің керек қой,— деді оған бір жуан дауыс, бүкіл залға естірте.— 1948 жылы табиғатты жаңарту туралы сондай қаулы болған, онда бүкіл жерімізге ағаш отырғызу мәселесі қаралған.
— Ондай қаулы болып па еді? — деп сұрады тағыда әлгі аңқау дауыс,— ал оны бұзған кім?
— Волюнтаризм!..'
— Ол қалай...
— Иә, ол солай! «Шөпшілерді» жиналыста өзің қалай күл-талқанын шығарғаныңды ұмыттың ба?..Шөп егу деген — егістік жерді босқа ысырап ету, одан да жерді жырт та бидай сеп! Минералдық жер тыңайтқыш оны өсірмей қоймайды!—деген кім еді? Есіңде бар ма?
— Ол кезде газет атаулыда солай деп жазылған болатын. Менің қандай жазығым бар? Газетте не жазылса, соны айтқам...
Солай де... «газеттен» де... Немене, сенің өз басың бар ма еді, жоқ па еді?..
Зал көңілден түсті.
— Күлістік, қалжыңдастық — жетеді енді,—деп ескертті ол түксие, залдың тыншығуын күтіп.— Егер совхоздың бас агрономының бар ойлағаны егіс көлемін қысқарту болса, бұнда күле қаларлықтай ештеңе жоқ.
Енді орнынан Угрюмов түрегелді.
Біздің жас агрономымыздың ұсынысын заңды деп білемін,— деді ол асықпай, әр сөзін ойлана сөйлеп.— Кеше біз ертеңгі күнімізді аз ойлаған екенбіз, бүгіп егістік даламызға қандай пәле боп тигенін көріп отырмыз. Бұл қатені тағы қайталау қылмыс болар еді. Иә, біз ертең әр гектардан екі-үш есе артық алу үшін, бүгін ұтылуға мәжбүрміз. Менің бір айтайын дегенім, біздің агроном мен профессор Айдынғалиевтің арасынан, жаңағы сөздерінен кейін, пәлендей қайшылықты көрмедім. Біз, әрине, Канада фермерлерінің ең құнды деген тәжірибелерін түгелдей пайдалануымыз керек. Бірақ эрозиямен күресу жөніндегі өзіміздің Қазақстан ғалымдарының көп жылдар бойы зерттеген, сыналған ұтымды әдістері бар ғой, мәселен, Шортандыдағы егін шаруашылығы институтының еңбектері... Совхоздың бас агрономы, академик Бараевтың ұсынған әдістеріне сүйенеді, онысы өте дұрыс деп білемін. Жерді қыртысын аудармай жырту — Ақсеңгір алқабында өзінің тиімділігін көрсетті, ол шаң-тозаң боранынан айтарлықтай бүліне қойған жоқ. Шөп егу тәсілі де біздің жағдайымызда дұрыс нәтиже беріп келеді. Егіндікті сала-сала етіп бөлу секілді агротехникалық тәсілдердің көпшілігі Канадада іске асырылып отыр. Ендеше таласатын не бар?.. Менің ұғымым бойынша, талас тек ағаш отырғызу мәселесі туралы ғана сияқты. Бұл мәселеде, менің ойымша, екеуінікі де дұрыс. Иә, желден жасқантын ағаш алқаптарын жасау арзанға түспейді және келтіретін нақтылы пайдасы да көп жылдардан кейін көрінеді, бұл жағынан профессор Айдынғалиевпен келіспеуге болмайды...— Ол сәл тоқтады. Профессор оған ризашылығын білдіріп басын изеді.— Ал бұдан бізге ағаш алқаптарын жасаудан бас тартуға болмайды. Бұл жерде ғалым қонағымыз қателесіп отыр.
— Қатем неде?— деді Айдынғалиев қабағын түйіп.
— Түсіндіріп көрейін,— Угрюмов байсалды да ойлы пішінмен, асықпай-саспай сөзін одан әрі жалғады.— Канадалықтардың да, американдықтардың да табиғи тоғайы ұшан-теңіз. Алайда жеке меншікті шаруа көпшілігінің бөгеттеріне қарамай олар эрозияға қарсы агротехниканы қолданғанда ағаш өсіруден қашпайды. Ал біз үшін ол одан әрмен қажет, Қазақстанның жүздеген километр жайдақ жерін желден жасқауымыз керек. Ал қазір қандай жағдайдамыз? Мәскеуден жүрер алдымда, осының бір тамырын ұстап көрейінші деп мынадай мәлімет алдым...— Угрюмов қалтасынан шеттері жемтіктелген блокнотын алды да, беттерін парақтап тұрып ашып, керек жерін тауып алды.— Мінеки, егіндікті қорғайтын орман алқабын жасау жоспары Қазақстанда 1950 жылы 73 процент, 1954 жылы 44, 1956 жылы 23, 1959 жылы 12, 1962 жылы 3 процент орындалыпты, ал кейінгі жылдарға келсек, мүлдем түк жоқ...
— Мәс-саған!— деп күрсінді біреу.
— Ал оның себебі неде дейсіздер?— деп сұрады Угрюмов, бірақ оған жауап бергенше залдан:
— Тағы волюнтаризм де!—деген дауыс шықты.
Сықылықтаған күлкі естілді.
Жарайды, жалпы алғанда дұрыс жауап.— Бірақ сол мерзімдерде партияның кірісуімен өте дұрыс жасалған істер аз ба? Оны неге мансұқтаймыз? 1943 жылы Орел қаласының түбіндегі әскерде едім. Ол кезде Курск доғасында айқас бастала қоймаған. Қиян-кескі ұрыс жүріп жатты, еліміздің ұлан-байтақ жерінің біразы әлі де жау табанының астында еді. Тап осы кезде орман мәселесі туралы қарар қабылданды. Және қарар болғанда қандай! Судан топырақты қорғайтын қарар. Осы қарар бойынша аса құнды тоғайлардың миллиондаған гектары ерекше қатаң бақылауға алынды. Бұл қарарды шығару үшін көптеген ғалымдар мен орман шаруашылығының беделді адамдары еңбек етті. Солардың еңбегін біз неге бағаламаймыз? Өйткені олар сол кезде Сталиннің келісімінсіз, мақұлдауынсыз өз бетінше ештеңе істей алмағандықтары үшім бе?.. Осы бір керемет фактіні еске алғанда, маған бір басқа ой келеді. Бұл не деген күш, жеңіп шығуымызға көзі жеткен неткен сенім, болашағымызға қандай талпыныс десеңізші!... Жұрт майданда, қазылған орда, оқ астында жатыр, ал еліміз келешек ұрпақтардың қамын ойлайды!
Угрюмовтың сөзі өзегін өртеп жіберген Хасен өзінің не дегенін де білмей:
— Ал бұл кезде кейбіреулер басқаның әйелін азғырып алумен шұғылданып жүрді ғой!—деп салды.
— Не дейсің?— Айдынғалиев орнынан ұшып тұрды. Оның жүзінде әшейіндегі сабырлылығы мен профессорлық паңдылығынан із де қалмады. Ызадан өні бұзылып, түсі түтігіп қап-қара болып кетті.— Ақымақ бала!.. Тым болмаса шешеңнің қасиетті әруағы үшін мұндай сөзді айтуға ұялсайшы!
Зал құлаққа ұрған танадай жым-жырт. Бұл жағдайды Хасеннің өзі де күткен жоқ еді. Ол төмен қарап бүкшиіп құрысты да қалды...
Меруерт Хасеннің ызалы сөзінен де, профессордың оған қайтарған жауабынан да ештеңе ұқпады, тек екеуінің арасында ежелден бері алысып келе жатқан қырғи-қабақтық көзқарас бар екенін сезінді. Оның түйіні неде екенін білмесе де, іштей Хасен жағында болды. Бірақ Хасеннің өзін-өзі ұстай алмай тым балаша сөйлеп қалғанына қынжылды. Меруерт ернін қатты тістеп алып, енді Хасен жаққа қарамауға тырысты...
Демек, енді жиылысты қалай жүргізу керек!.. Угрюмов қанша тәжірибесі мол, көпті көрген адам болғанымен де қысылып қалды. Не деуге білмей, сөзін доғара қойды. Тек өзін-өзі мықтап ұстап қалған жалғыз ғапа адам — совхоздың директоры Қазыбай Тілеуқабақов еді. Ол Хасеннің тарихын да, оған профессор Айдынғалиевтің қандай қатысы барын да жақсы білетін.
Тілеуқабақов партия ұйымдастырушысына бұрылды:
— Сіз сөзіңізді бітірдіңіз бе, Федор Иванович!
— Бітіп те қалды,— деді Угрюмов ойланыңқырап. Содан кейін ол:—жақын арада эрозиямен күрес шаралары жайында біз ұсыныстарымызды дайындап, аудандық партия комитетіне жіберуіміз керек деп білем...— деді де орнына отырды.
— Осымен бұл мәселені әзірше тоқтата тұрайық, — деп тұжырып, директор мәжілісті жапты.
4
Хасеннің басына ауыр күндер түсті.
Ол қайда барса да, қолына қандай іс алса да, өткен мәжілістен қалған зардап еңсесін басып, ойынан шықпай қойды. Ол Алшынбек туралы ойлаудан қашты, бірақ оның ақымақ бала, фантазер, қиялшыл деген сөздері көкейінен кетпеді. Шынымен-ақ солай ма? Сонда Хасеннің бар ұсынысы аңғырт жасалған құрғақ қиял болып шыққаны ғой?.. Келесі жылға деген жер айдау жоспары да келіп қалды: биылғы жылдан бес мың гектар артық өсірілген. Бүйткен күнде директормен сөйлесудің не қажеті бар? Өйткені ол жоспарды орындаймыз деп отырып алады ғой! Директордікі де өзінше дұрыс. Жоспарда «Арман» немесе «Ертеңгі күнді ойлау» деген жолдар жоқ қой. Оның орнына гектар, центнер, зябь айдау, егін ору деген сөздер тұр...
Хасеннің осындай бір дел-сал боп, көңілін күдік басып жүрген шағында кенеттен әкесі келіп қалды.
Атымтайдың бұл өлкені көрмегеніне көп болған. Оны білетін адамдардың бәрі де көп жыл бойы туған жеріне келмеген қонағын құшақтарын жая қарсы алды. Төріне отырғызып асын берді. Дегенмен де әкесінің келгеніне ерекше қуанған, әрине, Хасен болды. Оның кішкентай кезінен жүрегінде қалған бір сурет: үйге балалар бақшасынан жүгіріп кіргенде есік алдындағы орындықта, үстіне шинель, қолтығында балдағы бар бөтен адамның отырғаны еді. Ол осы Атымтай еді ғой. Хасен сонда омырауындағы ордендері мен медальдарына қызыға көз жіберген, осы «бөтен адамның» көзінен домалаған меруерттей жасқа таңдана қараған, сонсоң өзіне жат «әке» деген сөзге үйрене бастаған... Демек, оған ол тез үйреніп кеткен болатын. Міне, сол күннен бастап, майданнан қайтып келген әкесі ол үшін тек әке ғана емес, жер жүзіндегі ен бір батыр, ең бір ерекше күшті адам болып көрініп кеткен... Осы балалық сезім Хасеннің бойына мәңгі-бақи орнап қалған-ды.
Тағдырдың ағымы екеуін сирек кездестіріп жүрді. Әлде сағынып кездескендіктен бе екен, екеуінің арасындағы жақындық, әке мен балалық сезімнен гөрі, еркек пен еркектің достығына, жолдастығына, өзара сыйластығына айналып, жылдан-жылға нығая түскен...
Қазір Хасен туған әкесі — осы бір қарапайым, қажырлы, ашаң жүзді, жас адамдай ширақ, тұлғалы, сөзді сараң сөйлейтін, бірақ өз ойын жасырмай айтатын адамға жат кісідей сынай көз жіберіп тұр. Көз жіберген сайын әкесін Хасен шынында да табанды, сирек кездесетін қайратты жан деген ұғымға келді. Көп жылдар өтсе де ол әлі үйленбеген-ді. Сірә, ол Хасеннің шешесін өте жақсы көрген болуы керек, сондықтан да, оның опасыздығына қарамай, әлі де сол жақсы көрген қалпында қалған тәрізді. Қасірет оны күйретпеген, опасыздық ашындырмаған, адам баласына сенімпаз қасиетінен айырмаған. Жалпы бағдарға қарағанда, Қаратауда оның адамгершілігін, білімін, тәжірибесін жақсы бағалай білгендері сөзсіз. Бір кезде кішкентай Хасен сипап көрген ордендері мен медальдарына Еңбек Қызыл Туы ордені қосылған.
Атымтайдың бала кезінен бері өзіне таныс дала қазір мүлдем өзгеріп кеткен: ұшы-қиыры жоқ егін, қаз-қатар тізілген совхоз жұмысшыларының әдемі үйлері, ортасында арнаулы жобамен жасалған Мәдениет сарайы тұр.
Атымтай өзінің баласына іштей көңілі толды. Оның кейбір қимылдарында, жүріс-тұрыстарында, сөйлеген сөздерінде өзіне тән, не Бибіғайшаға ұқсас қасиеттерді аңғарды... Сонда да Хасеннің өзі қанша жасырғанымен де, оның көңілінің бір нәрсеге алаң екенін, әлденеге уайымдайтынын байқап қалды.
Бір күні екеуі Есілдің жағасына кеп отырды. Күн батып бара жатқан кез еді. Өзен суы жым-жылас, біртұтас әйнектей бүлк етпейді. Биік жарқабақты жанай ұшып, қанаттары су бетіне кейде тиіп кетіп қарлығаштар жүр.
Мен бәрін де білгім келеді, қарағым, сенің жүрегіңде бір ауыр ой жатыр ғой,— деді Атымтай бір кезде,— мүмкін менің қолымнан бір жәрдем келер, құр ішқұса болғаннан гөрі, сыртқа шығарғаның жеңіл тиер... Басымыздан өтті ғой, дүниеде сырыңды ішке сақтап, бітеу жара болғаннан жаман нәрсе жоқ...
Осы сөзді өзі де күткен Хасен, әкесінен еш сырын жасырмай, бәрін жайып салды. Қазіргі совхоздағы жағдайға Хасеннен бұрын жұмыс істеген адамдар кінәлі ғой, бірақ бұдан арғы күйге ол жауапты. Құр Хасеннің тырысқанынан қандай пайда? Мәжіліс өткізілді, одан не шықты? Хасеннің даусынан, өзін ұққысы келмегендерге қарсы, біресе ашынған, әбден ызаланған жан күйі сезілді.
— Осыдан кейін мен не қылған агрономмын, әке?— деді Хасен күйіп-пісіп,— одан да Зікірияға қойшы болып барамын, сонда жұртқа пайдам тиеді!..
— Бұ да дұрыс, жақсы шопан, жаман агрономнан анағұрлым артық,— деп Атымтай езу тартты.— Бірақ шопанның да өзіне тән қиыншылықтары бар. Ал енді ол қиыншылықтар алдыңнан шықса, сонда қайда барасың, Хасенжан?
— Мен бой тартып, тығылып қалғым келмейді, күрескім, төбелескім келеді.
— Міне, бұның дұрыс... Қырық бірінші жылы майданда: «Шегінерлік жер жоқ, артымызда Мәскеу тұр» дегенбіз. Ал қазір сен өзің «шегінерлік жер жоқ, тұрғанымыз өз жеріміз» деп отырған жоқсың ба. Сонда ол жеріңді кімге тастап кетпексің? Басқа бір агрономға ма?..
Екеуі де үн-түнсіз отырып қалды.
— Дегенмен, әке, не істеуім керек?
— Соны ойлап отырмын... Менімше, сендердің партия ұйымдастырушыларың дұрыс айтады: облыстық ұйымдар мен министрліктен көмек сұрау керек... Алайда іске, сенің сөзіңе қарағанда жатпай-тұрмай тез кірісу қажет... Сенің орныңда болсам, тұп-тура Асылбек Ахметжанұлының өзіне хат жазар едім, қабылдауын өтінер едім...
— Бірден қабылдауын сұрап па?..
— Оның несі бар? Сен өз басыңның қамы үшін сұрап отырған жоқсың ғой, солай емес пе?.. Ауылдарыңдағы сендер де, Қаратау комбинатындағы біз де, Алматы қаласының Ленин алаңындағы үлкен үйде отырған Республика басшылары да — бәріміздің илеп жатқанымыз бір терінің пұшпағы, бір тілектің ісі. Асылбек Ахметжанұлы сені түсінуі даусыз. Иә, айтқандайын, «Алтын арайда» ол кісінің өзі де болған көрінеді ғой, Қазекеңмен де таныс деседі — бір кезде о да Асекеңнің қабылдауында болыпты.
— Тек сұрағанымыз ыңғайсыз болып жүрмесе?.. О кісінің алдында бүкіл республика көлемінің мәселелері шешіледі ғой...
— Ал сен оның бүкіл республикаға жататын сол үлкен-үлкен мәселелерді қалай тез ұғатынын, түсінетінін білесің бе?.. Иә, бұның да өзінің негізі бар. Асылбек Ахметжанұлы басшылыққа келгенде, сенен жеті жас үлкен, отыз екіде ғана болатын. Содан бері республикамызда Асекең қатысып, көз алдынан өткермеген өзгерісі жоқ. 1942 жылы Қазақстан қандай күйде еді, білесің бе?.. Бар болғаны жүз қырық миллион пұт астық беру үшін республика бар күшін салған. Ал қазір ше?.. Миллиард пұт — өзің салыстырып қарашы! Миллиард пұт!.. Бір кезде біз Шымкенттегі бір ғана цемент заводын салу үшін бес жыл еңбектенген едік, ал енді сондай құрылыстарға күн сайын жиырма бес миллион сом қаржы жұмсалып отырады!.. Мен өзімізше саяси үйірменің санын жүргізгендіктен, мұндай санды жатқа білем... Бұл ақпарлардың бәрі де басымда сайрап тұр, әрине, бұларды сен өзің де білесің... Менің айтайын дегенім соңғы жылдары тап осылай қарыштап келе жатқан халқымыз, сенің эрозияңның күл-талқанын шығаруға қалай күші жетпейді?.. Міне, сондықтан айлаң таусылып бара жатса, тікелей Асылбек Ахметжанұлына тарт деймін... Мүмкін оған да сенімен кездескені пайдалы болып шығар. Сенің білетінің тек өз совхозың, ал оның білетіні — бүкіл республика. Мүмкін бүкіл республика көлемінде эрозияға қарсы бір шара қолдану қажет деп табар. Өйткені қазірдің өзінде-ақ үлкен үй текке жатпаған болар...
Хасеннің бойы босағандай, көңілі ашыла түсті:
— Жарайды, әке,— деді,— мен де ойланайын...
— Енді сенің көңіліңді алаң қылып жүрген екінші мәселеге келейік... Ол зират, мазар жайында... Міне, көріп отырсың ба, мен партия жиналысындағыдай бірінші мәселені бітіріп, екінші мәселеге кірістім... Иә, сен екеуіміз, сірә, бір қызық жандар болуымыз керек: әкелі-балалы болып дастарқан үстінде жайласып әңгіме шертіп отыру орнына, ана жұмыс, мына жұмыс, деп тек жұмысты ғана қазбалап жатырмыз... Иә, Хасенжан, мен сені онша түсіне қоймаймын. Сенің алдыңда, замандастарың алдында қандай әлі шешілмеген мәселелер тұр, соны білесің бе? Сендер жассыңдар, бірақ та батыл адамсыңдар, солай емес пе?.. Сөйте тұрып өткен кездің дәстүр-ғұрпына жасқана қарайсыңдар... Ондай әдет мына бізге, мәңгі қараңғылықтан жаңа оянған, отызыншы жылдардың жастарына лайық. Бізге бұлар қиын мәселе болатын... Ал сендерге ше?.. Сен Саттар Ерубаевтың «Менің замандастарым» деген кітабын оқыдың ба, ол біздің қолдан-қолға түсірмейтін кітабымыз болған.
— Әрине, оқыдым.
— Есіңде ме, сол кітаптың бас кейіпкері Дәуір шахтаны бабасының моласы жатқан жерден өткізу керек пе, жоқ әлде одан бас тарту керек пе деп көп ойланады. Онда жағдай түсінікті, өйткені Дәуір ауылдан шыққан жас, былайша айтқанда, бүгінгі сендердей коммунистік академияны бітірмеген адам еді... Ал сендердікі не?
— Біз де солай ойлаймыз, әке,— Хасен де бой көтерді,— зияны жоқ, ғасырлар бойы жұрттың сана-сезіміне сіңіп қалған ұғымдарды қалай болса солай харақаттағымыз келмейді... Ақылға салмай әдет-ғұрыпты бұзып, халықтың ар мен намысына тиюдің қанша қажеті бар.
— Ар мен намыс...— Атымтай екшей қайталады.— Ал егер ол ар мен намыс қате түсінікке құрылған болса ше?.. Ал егер ол керегі жоқ, әдет-ғұрып болса ше?!
— Сөйткенмен де...
— Жарайды, ақсақалдармен өзім сөйлесіп көрейін...
Бұл кезде совхоздың бас агрономы Есілдің сол жағындағы ескі зираттарды күйреткелі жатыр деген хабар тарады. Қазақ тұрғындары, әсіресе шал мен кемпірлер жағаларын ұстады. Олардың делебесін Қарабай қоздыра түсті. Ол өзінің қоқан-лоққысын орындамаған, совхоздан кетпеген, сол Губанов бригадасында қалған. Тек жолдастарының алдында өзінің кінәсін мойындағандай, жүні жығылып тым-тырыс бон жүрген. Тіпті өзінің адыр мінезімен артық-кем сөйлеп қалатын тілінің дөкірлігін сылтау етіп, кешірім де сұраған... Мүләйім, сүмірейе сұранып тұрған соң жұрт қайтсін,— күнәсін кешірген-тін... Алайда, агрономның ниетін білген соң, ол сыбырлап, кейде құлағы мүкістеу қарттарға өкіректей дауыстап осы хабарды жеткізе бастады.
Ақсақалдар аһ ұрды, бастарын шайқап: «Сен Қарабай, біздің бірінші тракторшымызсың ғой... Мынаған да бастаушы болып жүрмесең игі еді...»— десті күдіктеніп. Әккі Қарабай оларға: «Мен мұндай іске бастаушы бола алмаймын... Киелі ескі молаларға бульдозерін бірінші салған адамды құдай атады. Көрші ауылдағы молла солай деп жүр...»—деп жауап беруден танбады. Қарабай өзіне бұлтарыс тастау үшін көлгірсіп, қулық жасады: бастаушы болып зиратқа Қарабай бармады, өйткені барған адамды құдай атады, ал екіншісі болып... Екінші адам жайында молла ештеме деген жоқ...
Сонымен Атымтай бір күні, алдымен Угрюмовпен келісіп алды да, Мәдениет сарайының оқу залына шал мен кемпірлерді жинады. Бұған Қарабай да келіп, газет тігіндісін қараған боп, залдың бір бұрышына отырды.
Атымтай сөзін бітіргеннен кейін ақсақалдар төмен қарап ұзақ отырысып қалды. Бәрінің де қабағы түскен, ашулы еркектері сақалдарын сипап, әйелдері бірінің бетіне бірі қарай алмай, ақ жаулықтарын көзіне түсіре, көшпелі елдің томшаланған бұзауындай, ләм-мим деп ауыздарын ашпады.
— Бұл үндемей қалғандарың қалай, қариялар?—деді Атымтай. - Жасқанбаңыздар, айта беріңіздер. Сіздердің рұқсаттарыңсыз бейіттерге ешкім де тимейді...
— Жарықтарымның молалары кімге зиян келтіріп отыр!.. деп күрсінді қамығып бір кәрия.— Баяғыдан бері тұр ғой, әлі де тұра берсін...
— Бұрын ешкімге зияндары жоқ еді, ал қазір...— Атымтай біреуді ренжітіп алмайын дегендей абайлап сөйледі. - Жел эрозиясы... Шөп егу, егістік көлемін ұлғайту... Егін даласын өңдеу керек,— деп ол қара терге түсе, жұрттың көңіліне қондыра, саусағымен санап, бос жатқан далаға су жіберу керек екенін дәлелдеп бақты, бірақ қариялар онысына көнбей отырып алды.
— Ата-бабамыздың моласын қирату деген сұмдық қой, құдайға күнәкар болар жайымыз жоқ...
— Құдайға күнәкар болудан басқа жұрт неге қорықпайды?— деп қарсыласты Атымтай.— Сіздер немене, орыс, украин, белорус қарттарынан артықсыздар ма?..
— Олар ата-бабасының моласын қиратып жатыр деген сөзді естісем құлағым керең болсын!
— Егер халық мұқтажына қажет болса — қиратады! Қолдан жасаған теңіздердің қаншама моланы басып қалғанын білесіздер ме! Мола былай тұрсын, қанша шеркеу, қанша киелі орындар су астында кетті!..
— Мүмкін солай да шығар... Олардікі бір сәрі ғой...
— Сонда, немене, басқа ұлттар күнәға бата берсін, ал біз қазақпыз, әулиеміз, бізге тек құдайдың рахметі жауа берсін дейсіңдер ме?..— Атымтай мүлдем шыдамай кетті,— Солай болып шығады ғой?.. Жоқ, бірге өмір сүреді екеміз, нанды бірге бөлісіп жейді екеміз — ендеше біз олармен күнәні де тепе-тең бөлісіп алуымыз керек!..
Шалдар көп салғыласты... Ақырында Зікірия қарт:
— Ата-бабамыз бізді кешірер деп ойлаймын,— деді.
— Ал құдай ше?— деп шаңқ етті бір кемпір.— Құдай бар болса кешірмейді!..
— Құдай да кешіреді, бәйбіше,— деді Зікірия.— Біз өзіміздің ырзығымыз, жейтін нанымыз үшін келісім беріп отырмыз ғой... Бүкіл жер жүзінде наннан қасиетті, наннан үлкен нәрсе жоқ... Құдай сөзі — құран сөзі, сонда нанды жерге тастау немесе былғау — асқан күнә деген. Және сол құранда: «Егер нан қол жетпейтін биікте тұрса, оны алуға басқа амал табылмаса, аяғыңның астына құранды да қоюға болады»,— депті... Нан дегеніміз міне, сондай құдіретті зат. Тек бар елде молая берсін де оны...
— Құдай өзі солай десе, амал қанша, біз көндік,— деді ең қарт ақсақал. — Тек кім бірінші бон трактормен зираттарды бұзар екен? Қарабай айтып тұр ғой көрші ауыл молласының сөзін... Бірінші боп зираттарды басқа жақтан келген жігіттердің бірі бұзсын. Оларға мұсылман діні жүрмейді ғой... Ал қазаққа...
— Ә, ол әділетке жатпайды!— деді басын шайқап Атымтай.— Біз молдалардың әзәзіл сөздеріне құлақ қоюға тиісті емеспіз. Олар кейін, басқа жақтан келгендер қазақ молаларын қиратты деген суық хабар таратулары мүмкін. Мұндай істі өзіміз бастауымыз керек!— Ол жиналыстың бас кезінде-ақ Қарабайдың бір бұрышта отырғанын байқаған-ды,— Меніңше тракторшы Қарабай бұдан бас тарта қоймас деп ойлаймын...
— Тапқан ақыл!— деп қоштады жұрт ойын-шындары аралас.— Онда Қарабайдың өз әкесі де жатыр. Баласына нұқсан келер күн туа қалса, әкесі құдай алдында оны қорғай алады. Өйткені Қарабайдың әкесі де молла болған... Құдайға бір табан жақын жүрген адам ғой.
Ертеңіне, бүкіл даланы басына көтере дырылдап екі бульдозер Есілге қарай бара жатты. Біреуіне Қарабай мінген, екіншісін — Атымтайдың өзі жүргізіп келеді, бір уақытта ол трактормен де істес болған, енді мынау уақиқаға байланысты сол кәрі атына қайта мінген түрі бар.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
1
Алшынбек пен Хасен бетпе-бет кеп жұлыса түскен мәжілістен кейін, Меруерт профессормен кездескісі келмеді. Оны жек көргені соншалық, бұлбұлдай сайраған тілі құр ділмарлық, егінжайды, гүлді көріп шабыттануы — шын жүректен емес, көзді бояу, ал сүйдім деп күйіп-жанғаны,— тек алдап өзіне қарату деп тапты. Айдынғалиевпен қыдырғанын, бұған арнап жиған қызғалдақ гүлдерін, дүниеде қызық көру үшін, тек дер кезінде ғана рахаттана, қуана білу керек деп бұны, сонау бір таңертеңгі шалғында, махаббат құшағына шақырғанын, Меруерт енді ұяла есіне алды.
Сол бір сәтте, сонау салт аттының дер кезінде көрінгені қандай жақсы болды!
Профессор мен Хасен, бір-бірін соншама неге жек көреді? Бұл екеуінің арасындағы өшпенділік көптен келе жатқанын Меруерт іштей сезінеді.
Хасенді ол бір күні совхоз жанындағы төбеде отырған жерінен тапты... Күн батып келе жатқан кез еді. Күні бойы бүкіл даланы күйдіріп тұрған аңызақ қайта бастаған, Есіл жақтан болмашы самал соғып тұрған. Екі тізесін құшақтап, қалың ойға берілген Хасенді Меруерт дәл сол төбенің арғы бетінен кездестірді. Қыз жанына кеп қатарласа отырды.
Қайғылы жігіттің Меруерт көңілін ашқысы келді. Ең болмаса бетінен ауыр ойдың ізін қашыртып, езу тартқызсам деп ойлады. Ол сояулана бастаған ұзын қауды алып жігіттің құлақ түбін қытықтады. Хасен былқ еткен жоқ.
— Саған не болды, Хасен?
— Жай, әшейін...
— Сен мені көргін келмей ме?
— Сені көрсем, қуанып қалам, Меруерт.
— Түріңнен ол көрінбейді... Не ойлап отырсың?
— Жаңбыр жайында. Күн көзі күйдіріп барады, ал әлі бір тамшы жауып жауған жоқ. Егер тағы жел тұрып...
Хасен арғы жағын айта алмай тоқтап қалды.
— Хасен,— деді Меруерт, сәл үндемей отырып,— бұрын... профессор екеуіңнің араңда не болған, түсіндірші.
Хасен бұрынғыдан бетер тұнжырай түсті.
— Қажеті бар ма?.
— Білгім келеді.
— Неге?
Қыз жауап берген жоқ. Қолын Хасеннің иығына салып, кішкентай алақанымен сипады. Хасеннің тастай қатты иығы, қыздың ыстық қолының ыңғайына қарай, кенет жұмсай қалды...
Хасен Меруертке Алшынбек жайында көргенін, естігенін, бар білгенін айтып берді. Рас, өзінің есінде қалған уақиғаның кейбір әлі де жанын удай ашытатын жерлерін жасырып қалды. Балалық шағы өтті, бұл күндер! жігіт болған кезі, енді оны біреудің аяғаны, есіркегені оған қазір тіпті ерсі көрінген болар еді. Сол себептен де Меруерт Хасеннен өшпенділіктің тек негізгі жағын ғана естіді. Бірақ жігіт шешесі Бибіғайшаның жазған хатындағы сөздерін теп-тегіс айтып бергенінде, қыздың көзіне еріксіз жас келді.
Әкесінің солдат белбеуін буынған, үстінде ұзын шапаны бар жас баланы, оған жақын келуге батылы бармай, тек ең болмаса бір қарайын деп, қазақтың тұқыл төбелі шым үйлерінің арасымен ұрланып келе жатқан ананы қыз көз алдына елестетті. Ол тағы әлгі ананы профессордың жайнаған жиһазды үйінде, күйеуінен жасырынып, өзінің ең ақырғы хатын жазып отырғанын көрді...
Қорқынышты адам екен,— деп ойлады Меруерт Алшынбек жайында. Осындай адаммен сол пәтерде өзі бетпе-бет кездескен болса... Қызға Алшынбек бұрынғысынан да қорқынышты боп алыстап кетті. Әйтеуір кездеспеді, кездесуіне қара жолда кенет пайда болған салт атты бөгет болды. Қыз енді осы салт аттыға шын жүректен тағы алғысын айтты!
Ал Хасен ше? Ол бір кезде осы арада сұрапыл боран соққанын, сол боранда шопанның үлкен тонына оранған ауру профессордың атын жетектеп, оның қымбатты ден саушылығының күзетшісі болғаны туралы да Меруертке бір ауыз сөз айтқан жоқ.
— Қалай болғаны бұның өзі, қалай болғаны...— дей берді, абыржып қалған Меруерт сөз таба алмай,— ол бір қаншелек, зұлым адам емес қой. Профессор, жұрт қадірлейтін, ғылымға еңбегі сіңген оқымысты емес пе.. Жастарға ақыл айтатын, тұрмысқа жөн сілтейтін адам... Иә, иә, Хасен, ол кафедраға шығып, ақындардың өлеңдерінен үзінді келтіріп, туған жер туралы өз ой-пікірін айтқанда, біз оған осылай қарайтын едік... Осы туған жердің ұл мен қыздары, сендер оны бұдан да сұлу, бұдан да бақытты етуге тырысыңдар дейтін ол бізге... Ал өзі ше? Менің түсінбей тұрғаным осы арасы, Хасен. сонда... бөтен адамның өмірін күйретуге болғаны ма?.. Әйелді... Әйелін... Ананы туған баласынан айырып, өмірін бақытсыз етіп, ал соңынан қалай ол күнәсіз адамдай, жер басып жүре алады? Қалай істегеніне қиналып, жүрегі өртеніп, опық жемейді? Ар-ұяты қайда?.. Қайда кеткен, Хасен, онысы? Есіңде ме, сен: «біреуге опық жегізіп тұрып өзін бақытты бола алмайсың!» дегенің? Бұл сенің сөзің еді ғой. Ал іс жүзінде мұндайда да бақытты бола алады екен-ау, ә? Бұ да тан қаларлық іс емес. Таң қаларлық іс жүрегі орасан қиянатшыл бола тұрып, адам қалай ғылымды гүлдендіре алады? Мысалы, Алшынбек еккен тәжірибе бидайын алайық... Егер ол шыға қалса... Сонда қалай болғаны? Зұлым адамдар да жақсылық істей білген боп шыға ма?
— Жоқ,— деді Хасен.— Өмірде ондай болмайды.
— Неге үйдейсің?
Хасен жауап берген жоқ.
Ол жауап бере алатын еді.
Әлі бала кезінде ауылшаруашылық институтына баруды жаңа ойлап жүрген шағында, Оңдасын қарт бір күні дүние жүзін алғалы тұрған топан су, данышпан Нұх пайғамбар мен жалғыз баласы үшін кішкентай былғары дорбаға бидай тұқымын сақтаған кемпір-шал жайында әңгіме-аңыз айтып берген...
— Бұл оқиға баяғыда болған,— деген Оңдасын қарт.— Ал сен енді өз көзіммен көрген әңгімемді тыңда...
Соғыс кезінде Оңдасын отын қоймасының күзетшісі боп Қарағанды шахтасында жұмыс істеген. Бұның кезекшісі де өзі секілді шал, Сарыарқаның бір колхозынан болатын. Шалдың ауылында тек жалғыз кемпірі қалған. Кемпірі анда-санда Қарағандыға келіп тұратын. Біресе аздаған ет-май, кейде дорбаға сап үн, бидай әкелетін. Ақ көңіл, қолы ашық шал, кемпірінің әкелгенін ортаға салатын, бәрі бөліп жейтін. Өзіне тіпті ештеңе де қалдырмайтын. Оңдасынның білері, шалдың кішкентай былғары дорбасы болатын. Ішінде не бар екенін ешкім білмейтін. Шал тек осы дорбаның ішіндегісін ортаға салмайтын. Көзінің қарашығындай сақтайтын.
Бір күні кемпір шалына майданнан келген «қара қағазды» әкелді. Бишаралардың жалғыз баласы үлкен ерлікпен жау қолынан қаза тауыпты. Сол күннен бастап шал да, енді бұл дүниеде өзі де көп тұрмайтынын сезді білем, жұртпен бұрынғыдай сөйлеспейтін болды, тұнжырап отыра береді. Кемпірі тағы келді. Оның да өлмеген құр сүлдесі. Шал кемпірінің осы келгенінде, Оңдасынның көзінше, баяғы кішкентай тері дорбасын берді. «Бір сенімді адамның қолына тапсыр» деді кемпіріне. Сосын бұл дорбада не бар екенін Оңдасынға түсіндірді.
— Біздің Тоқырауында бидайдың екі түрі өседі,— деді ол,— бірі өзен сағасында, ол бармақтай үлкен, аппақ болып келеді, оны жұрт «Тоқырауынның ақ бидайы» деп атайды. Ал екіншісі — қырат жағында өседі. Ол ападан гөрі кішірек, және сәл қызғылт, бірақ бұның өзен сағасында өсетін ақ бидайдан артық бір қасиеті бар, қуаңшылық жылдарда сол ылғалы аз қырат далаға да өсе береді. Ал біздің ауданымыз негізінде мал шаруашылық ауданы, егін екінші орында, сондықтан мынандай бидайлардың тұқымын сақтауға ешкім көңіл бөлмейді... Қазір бұл тұқымдардың өзі құруға айналды. Соғыс басталған жылы мына қыратқа шығатын бидайды бүкіл колхозға жалғыз мен еккен едім. Бар шығымын астыққа үкіметке өткіздік. Қарағандыға жүріп бара жатып кемпіріме бір-ақ қабын қалдырып кеткем, ал бір дорбасын, өзің көріп жүрген мына тері дорбадағыны, өзіммен бірге ала кеткем. Өрт, су, тышқан, бидайдың толып жатқан жауы бар, тұқымның екі жерде сақталғаны жөн ғой. Өткен жолғы кемпірім әкелген бір дорба ұны сол өзіңдегі жалғыз қапшықтың ең соңғы, қап түбінде қалған бидайдан қол диірменге тартылғаны екен... Міне, енді сол қуаңшылықтан, жаздың ыстық аңызағынан да қорықпайтын тоқырауын бидайының ең ақыры осы,— деп шал сөзін бітірген.
Шал өлетінін сезген екен, көп кешікпей қайтыс болды. Көктемде кемпірі келді. Кемпірдің де күні жақындап қалған тәрізді екен, аяғын әзер-әзер ілбіп басады. Шалының бейітінің басына барып, көзінің жасын көл етіп коп жылады, ұзақ қайғырды. Сосын Оңдасынға келіп жолықты. Қарт оған шалынан қалған жамаулы шапаны мен әр жерінің жүні түсе бастаған ескі тымағын тапсырды. Көңіл айтып болғаннан кейін Оңдасын кемпірден шалының берген тұқымын не істегенін сұраған.
Кемпір, өздері сол бір күндері жейтін наны болмай қиналып отырғанмен, білетін адамдардың ақылын алып, тұқымды қалаға алып барып, астықтың тағдырын шешетін ең үлкен адамның қолына апарып бергенін айтқан. Қазақ әйелдері мен шалдарының әдеті, адам атына, руына зирек келеді, кемпір тұқымды апарып бергем адамының аты Алшынбек деген.
Соңынан, Айдынғалиев «Алтын арай» жерінде бидайдың қуаңшылыққа шыдамды жаңа түрін сынамақ дегенде, Хасеннің ойына осы Оңдасын атасының айтқан әңгімесі түскен. Кейбір қасиеттеріне қарағанда, профессордың бұл еккені сол тоқырауын бидайы екені хақ еді. Бұл бидайды көзінің қарашығындай сақтаған шал да, өзінің аштығына қарамай қалаға апарып берген оның кемпірі де, бұл әңгімені айтқан Оңдасын атасы да бұл жалғанда жоқ, әлдеқашан о дүниеге сапар шеккен. Енді бұны тексеріп, кімнен нені анықтай аласың? Және тексерудің, анықтаудың қажеті бар ма деп ойлаған, соңынан Хасен, мәселе сайып келгенде, Алшынбектің жаңа бидайды ашып» атақ алуында, үлкен дәрежеге жетуінде емес қой, мәселе жері жазғы аңызаққа ұрынғыш, қуаңшылықтан зиян көріп шаршап отырған кейбір ауданның осындай жаңа тұқымға қолы жетуінде ғой деген. Халықтың мұқтажы Хасенге біреудің атақ алуынан, тоқырауын бидайын өз атына көшіруден жоғары көрінген.
Қазір міне, Меруертпен сөйлесіп тұрып, ол өткен күн ісін қайтадан қопарғысы келмеді. Оның бүйтпеуіне тағы бір себеп бар-тын. Ол себеп — бұл оқиғаны айтып, профессорды әдейі қаралағысы келіп тұр деп ұқпасын Меруерт деген ой еді. Сондықтан ол Айдынғалиевті Меруерттің көзінше тағы бір қылмысымен, мүмкін ен, ауыр қылмысымен қаралағысы келмеді. Егер қыз бұл оқиғаны ести қалатын күн туса, мейлі ести берсін, тек менен естімесін деп ойлады Хасен...
Жігіт бұл сырды ашқан жоқ. Айдынғалиев жайында қазіргі білгенінің өзі де Меруертке жетіп жатқан. Естігені есінен тандырған, өзін-өзі жоғалтқан адамдай отырып қалды ол. Енді есін жиып, ақылы сабасына түскеннен кейін, Хасенге көп-көп сырын ашқысы кеп кетті.
Бірақ кенет Алшынбек бұлбұлдай сайраған шешендігі есіне түсіп кетіп, сөз қандай адал көңілден айтылғанмен, қандай әдемілікпен безенгенмен, оған деген жүрегінің түбінде бір жеркеніш сезім туды...
Ол жай ғана Хасеннің қолын ұстады. Саусақтарымен қатты қысып, жібермей ұзақ отырды. Қыздың бұл қимылы Хасенге ең қымбатты сөзден артық көрінуі де мүмкін...
Ал бұл кезде Алшынбек не істеп жүр! Күтпеген жерден өзіне жанжал боп тиген, әнеугі мәжілістен кейін ол өзін қандай жағдайда сезінуде? Меруерттің өзінен күннен-күнге алыстай бастағанын ол көрмей жүр ме?
Өзінің тәжірибе даласына келсек, Алшынбек бұл саладағы жұмысына көңілі риза еді. Егін дер кезінде көктеп шыққан. Аңызақ жел де, жаңбырдың болмағандығынан жер ылғалының аздығын да бұл бидайға зиян келтіре алмады. Тіпті жетілеп соққан қара дауыл да бұны бәлендей бүлдіре қоймады. Өйткені профессор тұқымды қырқаның етегіне сепкен. Қырқа күнгей-батыстан келер желге қарама-қарсы. Қара дауыл да осы жақтан соққан. Қысқасын айтқанда тәжірибе даласы жағынан әзірге профессордың бағы әдеттегісіндей жанып тұрған.
Ал Меруерт жайына келсек... Профессор жеңіске тез жетем деп сенген. Бірақ оңай жеңістің қанша қызығы бар? Әсіресе, бұл жеңіс әйелмен байланысты болса? Сондықтан тым күйіп-пісудің қажеті жоқ, өз ойыңа жету үшін табандылық, мұндай ойында күнә деп саналмайтын аздаған қулық керек деп шешкен Алшынбек... Мұндайда, тәкаппар қыздың намысына тию үшін ол көрмеген қасиетіңді көре білетін басқа әйелдердің де табылатынын, бұл түсіп кетер бөтен де жолдардың барын қызға аңғартқан да жөн емес пе? Әрине, жөн.
Алшынбек Глашамен кездескенде, Меруерт жайында, міне, осындай ойларда болатын. Әрине, профессорды тек алдағы күндер ғана қызықтырған жоқ.
Тек бір қыз туралы ғана ойлайтын ол тұғырынан түсіп отыр ма? Ал тұғырынан түспесе «өмір әр мезеттің қызығына құрылады» дейтін өзінің негізгі пәлсапасы қайда қалғаны? Жұмыр санды, толық кеуделі, дене бітісі жаратылған бедеудей, бетінен қаны тамған Глаша сол «әр мезеттің қызығының» бірі емес пе? Бұдан артық дүниенің, сол бір көзіңді ашып-жұмғаныңша өтіп кетер дүниенің, қуанышы болар ма?
Ал Глаша ше?.. Глашада қандай жазық бар... Оған Алшынбек алыс және таңсық өмірдің, таныс емес басқа өмірдің адамы... Астана ғалымы, профессор, әйгілі кісі... Сол бір Бірінші май мейрамы күні Глаша өзіне-өзі сенгісі келмесе де, профессордың бұдан көзін алмай қызыға қарағанын, өліп-өшіп отырғанын аңғарған...
Профессордың бұл қылығы жүрегін қытықтап, жанына жылы тиген. Бірақ бір жағынан көңілін күпті етіп, әбігерін алғандай болған. Егер салыстыра қалса, мұндай атақты адамның көңілі кетер бұл өзі кім сонда? Бар болғаны жай әшейін сауыншы... Сонсоң ол Глашаны үйіне шығарып салды, жолай оның сөзін тыңдаудың өзі Глашаға бір керемет қызық көрінді. Сол күні түнде ол ұйықтай алмай шықты. Төсегінде әлсін-әлсін аунақшып, профессормен тағы кездесуді ынтыға күтті...
Алшынбектің сыпайы-сылқым мінезі де, астаналық кербездігі де, көп тәжірибелі профессорлық мәнері де, бәрі-бәрі Глашаны таң қалдырған, таңсық көрінген.
Бірақ ол екі есе үлкен ғой? Онда не тұр? Өзге әйелдерден гөрі бұны таңдаған болса, онда Глашада, өзгеде жоқ, профессор қызығарлық қасиеттер табылғаны ғой... Ақыл тоқтатқан байсалды адам, көрінген әйелдің соңынан жүгіріп кетер жел өкпе жас емес. Осының бәрі Глашаның басын айналдырды.
Оның үстіне профессор өз дегенінен қайтпайтын, әйелге мәпелеп қана сөзін өткізетін адам боп шықты. Ақырында, Глаша оның дегеніне көнді, айтқанын істеді. Алшынбектің құшағында ғана өзінің әйел екенін сезінді, денесі ләззат дегеннің ие екенін таныды. Осылай күтпеген жерде оның жүрегінде махаббат оянды, қуаныштан не істерін білмей басы шыр көбелек айналды. Ол енді күні бойы сарғайып түнді күтетін болды. Ал жаздың ынтыға күткен қысқа түндері, бақыттың мейірі қанып болмаған шаттығында тез өтіп кетіп жатты.
Әлдеқалай ол Алшынбекке өзінің алғашқы күйеуге қалай шыққанын айтып берді.
— Мен солтүстіктен, Архангельскінің жанынан тыңға келген кезім еді. Әлі ақыл тоқтатпаған жас шағым. Оны институт бітіргеннен кейін біздің совхозға жіберген екен. Сондай үстіне шаң жұқтырмайтын тап-таза, тып-тиянақты,— клубқа келсе, орындықты алдымен қолындағы газетімен шаңын сүртіп барып отырады. Ол уақытта бізде Мәдениет сарайы жоқ еді, клубта қызыл күрең сурик бояуымен боялған жай орындықтар тұратын... Міне осы клубта мен оны алғашқы рет көрдім. Кино басталып, залда шам сөнгенше, кітабын қолынан түсірмей оқиды да отырады. Біздің өзге жігіттерге тіпті ұқсамаған — қызық жігіт болатын. Қыздардың кейбіреулері мазақ етіп қалжыңдаса, кейбіреулері одан кет әрі емес-тін. Маған ол ұнайтын. Мен-мендігі жоқ, қатты сөз айтуды білмейтін. Оның үстіне үнемі қолынан жуан кітаптар түспейтін...
Сөйтіп, мен оған күйеуге шықтым. Күйеуге шыққаннан кейін, әрине, өзгелердікіндей үйің, күйің, дүниең болғаны жақсы ғой. Шаруашылығы да болуы керек. Ал ол маған: «бұның бәрінің дымға керегі жоқ. Мен жаратылысымнан романтикпін» деуді шығарды. Мен төсекке жатам, оны күтем, ал ол шамын қасына қойып қолына кітабын алады...
Әйтеуір не керек, оның айтуы бойынша кітапта бәрі дұрыс, бәрі солай болуы керек, ал тұрмыста бәрі бұрыс, бәрі олай емес. Мен оған: «Митя, кітап біткеннің бәрі жалған айтады. Ол үшін қайғыратын, қамығатын ештеңе жоқ» деймін. Ал ол маған: «Сен ештеңе де түсінбейсің» дейді. Сөйтеді де шындық туралы, адамның ар-ұяты туралы, қызына, тынбай сөйлей жөнеледі... Мен онымен азғантай тұрдым, дұрыстап тани да алмай қалдым. Бірақ жамандағым келмейді, адал адам болатын, өзі үшін емес, жұрт үшін күйіп-пісетін, жұмысынан да жан-тәнін аямайтын. Бірақ одан қайдан бас агроном шықсын! Мұндай жұмыста керек жерінде тамақпен, сөзбен алу керек. Кейде тіпті өзгелер тыңдасын десең, столды да ұра біл, жұмырығыңды да көрсете біл! Ал менің Митямда мұның бірі де болмайтын. Күресетін күші де жоқ, табан тіресер мінезі де биялайдай жұмсақ. Шынын айтсам оған жұртқа тек лекция оқу ғана келісімді, не болмаса кітапханада оқырмандарға кітап таратып қана отыруға жарайтын... Онда ол өз орнын тапқан болар еді. Әнеукүні Қазекең мәжілісте Матвеевті есіне алды. Зябь көтеру жұмысын орындамады, сол үшін орнынан босатылды деді ғой. Бірақ ол Матвеевтің де қара дауылдар туралы сөйлегенін, жерді бағып-қағып ұстау керек дегенін, шөп егуді талап еткенін, осыдан оның аудандық, облыстық бастықтармен келісе алмағанын айтпады.
Ол бастықтармен бір рет ұрысты, екі рет ұрысты, мүмкін содан кейін сенімін жоғалтты ма, әлде өзінің дегенінде тұрып қалуға батылы жетпеді ме, о жағын білмеймін... Ал егерде жұрт бір адамның осал жерін біліп қалса, оны аяу дегенді ұмытады. Ол әбден жүдеп кетті, түрінен түр қалмады, тіпті кітап оқуын да тастады... Бұның бәрі, шамасы, менің қолымнан келмейтін іс екен,— деді ол бір күні, сөйдеді де жұмысынан босанып, қалаға жүріп кетті. Кетер алдында маған бар айтқаны: «Романтика ауруынан жазылдым, маған со да жетеді» болды. .
— Ал сен ше? Неге сені өзімен бірге алып кетпеді?
— Жүр деді, жалынып та көрді. Хат та жазды. Мем өзім бар.май қалдым.
— Көңілің суыды ма?
— Аяуды қойдым. Жақсы көрген адамыңмен жердің түбіне де барасың ғой. Мен оны сүйген емеспін, тек бар болғаны аяйтынмын. Ал совхоздан кетпекші болғанда, мені ашу билеп кетті. Егер саған біздің тұрмысымыз ұнамайтын болса, бар, тартып отыр, қалада езіңе ұқсас бөген қатын да табарсың, екеуің бірге отырып кітап оқырсыңдар, әділеттік туралы әңгімелесерсіңдер, дедім...
— Сөйтіп қоржын торсық сиырларына күйеуіңді айырбастаған екенсің ғой? Көнілсіз емес пе?
— Кіммен? Жоқ, көңілсіз емеспін...
Глашаның ыстық денесі Алшынбекті күйдіріп жібергендей болған. Қолы әйелдің аппақ, көкірегіне қалай барғанын өзі де білмеп қалған. Ал ерні, әйелдің әлде жаңа сауған сүттің дәмі татыған, әлде таңғы шық жапқан жас көгалдың иісі аңқыған еріндерін барып тапқан...
— ...Сонда қалай... Содан бері сен ешкімді жақсы көрген жоқсың ба?.. Мұнда саған көз тіккендер аз болмағам шығар?..
— Қатын іздейтіндер қайда болса да жеткілікті, маған адам керек-ті...
Бір күні Глаша:
— Біздің совхозда Качан деген бар, ферма басқарады,— деді.
— Білемін, есімде...
— Менің соңымнан көп жүрді. Көндіргісі келді... Өте қауіпті адам, әсіресе мас болғанында... Кеп жыл абақтыда отырған, содан шыққан соң бізге келген дейді...
— Немене, одан қорқасың ба?
— Қорқуына қорықпаймын. Ал сенің жүретініңді білсе, бауыздап кетеді.
— Бауыздап кетеді дегенің қалай?
— Оп-оңай. Пышақпен бір-ақ орады. Не балтаменен шапқылап өлтіреді.
Терезеден түскен ай сәулесі бөлме ішін әжептәуір жарық етіп тұр. Алшынбек қасындағы Глашаның бетін көріп жатыр. Кенет төсектен түрегеліп, ұзын жүнді аяғын кроватьтан жерге салбыратып жіберіп отыра қалған Алшынбектің жүзінен Глаша шошынғандықтың, абыржығандықтың сазын аңғарғандай болды.
— Қорықпай-ақ қой,— деді әйел күлімсіреп,— ол сені емес, мені бауыздайды ғой... Сенің жүріп кеткеніңді күтіп тұрып, бір қараңғы бұрышта...
— Не болса соны естисің,— Алшынбек аяғына жұмсақ түкті башмағын киіп, үй ішінде ойлана ерсілі-қарсылы жүре бастады,— пышақпен бауыздайды, балтамен шапқылап өлтіреді. Сөз-ақ... Милиция бар емес пе?
Бірақ көңілін тоқтатқысы кеп:
— Мен сені өзіммен бірге ала кетем, — деді.
Глаша кенет жылап қоя берді.
Әйелдің сорғалай аққан көз жасы ойламаған жерден Алшынбектің көңілін орнықтырды. Өтірік айтқан екен,— деді ол ішінен,— әйел атаулысының бәрі осындай... Ойларында не жататыны белгілі...
— Иә,— деді ол қайтадан.— Сені бұл араға қалдырмаймын! Өзіммен бірге алып кетемін! Естіп тұрсың ба? Қасыңда мен барда ештеңеден қорықпа!..
Кенет терезенің ар жағынан бірдеме сыбдырлады, профессорға біреу өткендей боп көрінді. Денесі мұп-мұздай боп кетті. Терезе ар жағындағы қараңғылықтан оған қадала қарап тұрғам, мастықтан бұлдырап кеткен Качаиның қанды көздері елестеп кетті.
Профессор кейін шетіне берді, дәл осы мезгілде терезенің сәл ашық саңылауынан, үлкен қара мысық секіріп жерге түсті.
2
Глаша сол күнгі түнде Качанды босқа есіне түсірмеген-ді...
Тың игеру жұмысы басталған кезде қазақтың cap даласына тек еңбек майданымда ерлік көрсеткісі келген, Отанымызға астық, керек деген жұрттың бәріне бірдей қағиданы түсінген алдыңғы қатардағы жастар, коммунистер, жұмысшы, диқаншылар емес, алтын байлығы ашылған кездегі «клондайк безгегінің» ауруына ұшыраған жандарға ұқсас, «оңай жатқан ақшаны» көбірек табуды арман еткендер де судан төгілген. Көп кешікпей бұлардың біразы қайтып кеткен, не бөтен жаққа ауысқан. Тыңда келешегіне дұрыс жол тапқандары да аз болған жоқ. Ал Игнат Фролович бұлардың алдыңғысына да, соңғысына да жатпайтын, өзіне арнаулы зерттеуді тілек ететін кісі еді.
Качан туралы өткен өмірі тым қараңғы екен деген өсек-аяң сөз көп болатын. Тыңға келместен бұрын Магаданда ұзақ жыл сот кесімін өткізіпті-мыс деушілер де табылған. О жаққа Игнат Фролович бендеровшілермен байланысты болғаны үшін, соғыстан кейін айдалыпты-мыс дегендер де шыққан. Дұрысын айтқанда ешкім оның сырын айтып бере алмайтын. Ал өз өмірі жайында, көптеген айтуға жарайтын сыры бола тұрса да, Игнат Фролович тіс жарып ештеңе демейтін.
Егер ол сырын аша қалар болса, әрине зұлым тағдыр ұршықтай үйіріп ақыры әкеп Бендераның бандасына қосуынан анағұрлым ерте бастар еді...
Игнаттың әкесі төртпақ келген, капустаның түбіріндей үлкен дөңгелек басты жан еді. Сондықтан да ол Качан деп аталған. Фрол Петрович ауқатты, шаруашылығын мықтап жеңге қойған кісі саналатын. Ол әсіресе, НЭП кезінде әбден байып алды. Бір мың тоғыз жүз жиырма жетінші жылдар қарсаңында оның шаруашылығы бұғағын жайған кәрі емен ағашы тәрізді, тармақталып бұрынғысынан да көркейе түсті. Соқа сүйрейтін, жүк таситын бірнеше пар шаңырақ мүйізді өгіз, таба тұяқты «битюги» аттары, көрші неміс шаруаларынан сатып алынған асыл тұқымды шошқалар Качан байлығын аңғартатын. Оның үстіне, ақ көбігін көкке атып, күндіз-түні бір тынбай бұрқырай ағып жатқан ашулы Кубань өзенінің жағасында сегіз шара тасты үлкен су диірмені тұратын. Барлық аймақ бидайын осында тартатын. Фрол Петровичтің байлығы, әсіресе жерінде болатын. Оның қара топырақты құнарлы жиырма гектар егіс даласы, көк майсалы, шұрайлы шалғын алқабы ешкімде жоқ байлық еді. Осының бәрі қызыл шатырлы, көк қабырғалы Качанның тас үйінің тірегі, ырысы. Бұл байлықтың барлығын Фрол Петрович жалғыз баласы, мұрагер Игнат үшін, соның қызығы үшін жинады. Бірақ ол өте қатал адам болатын, сондықтан да Игнатын он жасынан бастап жұмысқа үйретті. Әрине, оның бұл үйретуі «сен күніңді маңдай теріңді шығарып еңбек істеп көр» деу емес, «әрбір тиынның қадірін біл, әрбір тиынға тиын қоса алатын бол, баю жолының оңайға түспейтінін түсін» деу. Фрол Петрович баласын осыған тәрбиеледі. Ол үшін керек жерінде Игнаттың қаққанда қанын, соққанда сөлін алды. Бірақ Качан мұрагерінен байлығын да аяған жоқ. Станицадағы ең жүйрік ат, ең әдемі қазақ-орыс киімі соныкі болды. Надан қалмасын деп бір жағынан хат-қағазға да үйретті. Әке байлығының арқасында станицада «Качанның жалғызы» деп жұрттың бәрі алдында бас киімін алып шұлғып тұратын жасөспірім тәкаппар, сараң, ешкімді аямайтын жан болып өсті. Бұл мінездері әсіресе көршілес черкестерге дегенде өте қатыгездене түсті.
Бірақ өмір құбылысы сан түрлі. Кенет аспанды қара бұлт торлады. Сонан соң күн күркірей жөнелді. Сырттан ешбір дыбыс енбейтін Качанның тас үйіне сан түрлі қобалжулы қорқынышты үндер кіре бастады... Көп кешікпей Игнаттың қуанышы, бақыты — бәрі тегіс бір-ақ күнде быт-шыт болды. Кенет шаңырақ мүйіз өгіздерден, ошақ тұяқ битюгтерден де айрылды. Кедейлер комитетінің секретарына арнаулы оғын ата алмай арманда жүрген Фролды бір күні, азғантай ғана мүлік беріп үй ішімен Оралдың ар жағына жер аударды. Жолай Игнат күзетшілерді алдап, поездан түсіп қалды. Осы күннен бастап ол әкесін де, шешесін де көрген жоқ. Соңынан халдерін білейін деп оларды іздеген де емес. Осы күннен бастап ол қайда болған жоқ? Кама өзенінде ағаш та ағызды, Атырау теңізінің ойпатымен Астраханьға қой да айдады. Алтын іздеуші старательдермен бірге бүкіл Қиыр Шығыс тайгасын кезіп Уолэн жарты аралына дейін барын қайтты. Шаштараз да боп істеді. Охот теңізінде балық та аулады, қойманы да меңгерді, аспазшының да міндетін атқарды... Аштықты көрген жоқ. Өзгеге қарағанда тұрмысы анағұрлым артық болды. Бір сомдап жинап, жүз сомға жеткізіп «қара күнге» деп құмыраның ішіне сап, аузын тығындап жерге көміп жүрді. Егерде сонау өткен өкініш, алыстағы бұлдыр сағым жүрегін өртеп, кезіне шел қаптатпағанда, кім біледі, бұдан да артық өмір сүрер ме еді, қайтер еді. Ал Игнаттың жатса да, тұрса да, көз алдынан бір-ақ сурет кетпеді. Ол: әкесінің темір төбелі ағаш үйі, шаңырақ мүйіз өгіздері, таң сәулесі жуғандай қызғылт терілі торайлары мен желмен жайқалған уыс басты егінжайлары еді...
Істеген зұлымдықтарына жауап беретін күн туғанда, өзі тікелей қылмысты болмағандықтан, Игнат Фролович өзгелерге қарағанда жеңіл құтылды... Сот кескен жылдарын өтеп ол қайтып келді. Қайтып келісіменен, желдің қай жақтан соққаны пайдалы екенін білетін Качан, енді Тыңға беттеді. Бұл Тыңға адамның өте көп керек кезі еді. Бұны ұққан Качанның тасы тез-ақ өрге домалады. Қайтадан бағы жанды! Шаруашылықты ол білетін. Качан ұйымдастырған шошқа фермасы совхозғa пайда бере бастады. Бұл пайданың біразы Качан қалтасына түсіп жатқанын ешкім аңғарған жоқ. Тыстан келген мұндай пайданы есепке алмаған күнде де, шошқа ферма бастығының табысы онсыз да мол болатын. Үй дүниеге толы, бастықтардан сенім зор «енді «қара күндер» артта қалды, алдын, жарқыраған сәуле, қайғырмай қызығын көр өмірдің, Качан» деді ол өзіне-өзі.
Бірақ көп кешікпей, Игнат Фролович қайтадан түнере бастады. Қайтадан көңілін шер биледі. Ал бұл жоллы қара бұлт оның басына совхозға Глаша келген күннен бастап теңді. Үлбіреген жас сауыншыға көз салмау, көшеден өтіп бара жатқанында тоқтай қап, бұрылып соңынан қарамау қиын еді. Ал сымбатты сұлу, денелі, патшаның тәжіндей басына үйіп қойған кендір түстес сарғылт шашты Глашаның түпсіз аспандай үнемі күлімдеп тұратын көкпеңбек көзіне көзі түссе, жүрегі өртеніп кететін кеселге ілікті Качан. Цыган әйелдеріндей қара көз, жүріс-тұрыстары еркін, оттай жанып тұрған Кубань қыздарына Глаша ұқсамаса керек-ті, бірақ Качан, кенет әкесінің бұның жас кезінде өзіне айттырған қалыңдығын есіне түсірді. Сол сәтте-ақ біреу Качанның жүрегіне пышағын сұғып алғандай болды:—Өмір шіркін, өтіп кеткен екенсің ғой?— деді ол.— Қашан? Қайда жүріп?
Ия, ол өмірінің өткенін байқамай қалды. Бақытын іздеп жан таласын, құмыраға жүз сомдап ақша тығып, үй салып, шаруашылығын күшейтіп жүргенінде ең қызық кездері өтіп кетіпті.
Осыдан кейін Игнат Фроловичқа — кешегі күні де, бүгінгі өмірі де дымға тұрмайтын, құр бос әуре боп көрінді. Үйі де оған кенет сұп-суық бола қалды. Айтқанынан шықпайтын Качанның бар озбырлығына көне білген, дүниеде көп мехнат шеккен, шыдампаз әйелі де, өмір бойы өз сырын жасырып келген, жан-жағындағы еңбектес адамдар да, солардың маңдай терімен алтын дәнге бөленген осынау ұшы-қиыры жоқ дала да—тегі бүгінге дейін өзіне өмір сүруге себеп боп жүрген арман да, тілек те — бәрі-бәрі де оған енді жексұрын, жат, өзіне қас боп елестеді. Қазір ол жұрттың бәрін өлердей жек көріп кетті. Қазір ол жұрттың бәрін өлердей күндеді. Біреулерін — бар қызығы алдында жатқан жас болғандары үшін, екіншілерін — соңынан ерген балаларына қуана қарағандары үшін, ал үшінші біреулерін — кеуделерін ашып тастап, алдағы мақсаттарына батыл ұмтылғандары үшін... Оған барлығы бақытты, қуанышты, тек өзін ғана Бұл дүниедегі ең бақытсыз, ешкімге керегі жоқ адам деп тапты!
Бұрын Игнат Фролович анда-санда, мейрам күндері ғана арақ ішетін. Ал қазір — соң оянған қайғысын, өкінішін баспақ боп стакандап ішуді шығарды. Ішкен сайын, құтырған қасқыр тәрізді, қауіпті бола түсті...
Бір күні Качан «өзінің романтигінен» Глаша айрылғаннан кейін, оны адам жүрмейтін бір қараңғы жерде ұстап алды. Глаша жұлқынып, қолынан босанып кетті. Екінші рет — әжептәуір қызып алған Игнат Фролович — Глашаның алдында ішін жегідей жеген сырды жайып салмақ болды, бірақ, тәкаппар сауыншы әйел, тостағандай көздерімен үрке қарап, бұның сөзін тыңдамай қойды. Жұрт көзінше Глаша кейде, Качанның әйелін бетіне басып, қалжыңмен жауап қайтарып жүрді. Бұл Игнат Фроловичті бұрынғысынан бетер ашуландыра түсті. Бір күні ол Глашаға егер өзіңді басқа біреумен көрер болсам, бауыздап өлтірем деді. Ызадан шыны тәрізденіп кеткен көзінен Глаша, оның шынымен бауыздап кететініне сенді...
Бірақ ауылдық жерде құпия сыр тұра ма?.. Біреудің тауығы бүгін түнде басқа адамның қорасында қонып шықса, ертеңіне бүкіл көше біледі... Көп кешікпей түн баласына Глаша үйінде болмайды екен, бір жаққа барады екен деген хабар Качанға да жетті. Шу дегенде ол директормен шатысып жүрген жоқ па екен деп ойлады. Бірақ сене алмады. Глаша Алшынбекке соңғы кеткен түні, Качан түнімен сауыншы әйелдің үйін күзетумен болды. «Міне қазір шамын сөндіреді, сосын үйінен шығады. Қалай қарай беттейді, мен оны өз көзіммен көремін деп» ойлады. Бірақ таң атқанша Глашаның шамы сөнбеді. Тек таң саз беріп келе жатқанда ғана қора түкпіріндегі кішкентай есік сықырлап ашылып, аздан кейін Глашаның өз есігінің тарс етіп жабылып, содан соң барып шамның сөнгенін көргенде, Глашаның бұдан қулығын арттырып кеткенін Качан бір-ақ білді. Глаша бұны алдап соқты, көшеге шығатын қақпадан емес, қора сыртындағы бақшаға баратын кішкентай есік арқылы барып келгенін білді. Және шамның да неге түні бойы бір сөнбегенін түсінді. Әдейі алдаған екен!—деді.
Кенет терезені топсасымен жұлып алып, үйге кіріп, Глашаны қан-жоса етіп өлтіре сойғысы келіп кетті. Ал Глашамен Қазыбайдың өзі шатысып жүрген болса қайтесің? Игнат бастықтарға қарсы келуден үнемі аулақ жүруді өзіне әдет еткен. Бұл жолы да сол сезім биледі.
Ол үйіне ызалы, ашулы қайтты. Кім біледі, бұл жолы да ол бар ашуын үндемейтін жуас әйелінен алар ма, қайтер еді, айту қиын. Өйткені қолы қышып, Игнат дүлейлене кірді. Бұл ашуы сыртқы кішкентай есіктің ашық жатқанын, одан кейін өз үйінің есігінің де жабылмағанын көргенде, тіпті қоза түсті. Есікті аяғымен теуіп ашып үйге кірді. Жылдам басып ұйықтайтын бөлмесіне барды, кроваты жиюлы тұр, үйде тірі жан жоқ... Ал столдың үстінде кішкентай ақ қағаз жатыр:
«Сенімен бірге тұруға енді күшім жететін емес. Қош!»
— Жау қуғандай асыққан екен,— деді ол,— атын жазуға да ұмытып кетіпті... Жарайды, дұрыс істеген екенсің. Кеткенін дұрыс болған...
Кенет ол әбігерлене қалды. Жүгіріп ауыз үйге шықты да, балтасын тауып алып үйге кірді. Балтасын салып жіберіп, дереу терезе алдындағы тақтайды жоғары көтерді. Жоқ, бәрі орнында тұр. Терезе тақтайының астындағы қуысқа тыққан ақшаларына ешкім тимеген, сол қалпында тұр. Качан тақтайды орнына қойды да, шошайып тұрған шегелердің бастарынан балтасымен періп-періп жіберді.
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
1
Бүгін таңертең Меруерт Беков Сұлтанды екі рет кездестірді. Алғашқысында әкесі күздің қара суығына дейін қой жаюға болады деген Есілдің арғы бетіндегі талды аралды көруге таңның салқынымен бара жатып ұшыратты. Меруерт поселкадан шыға бергенде, жанынан үстінде ақ майкасы, бұтында көк трико тоқыма шалбары бар жігіт қиғаштай, алдын кес-кестей жүгіріп өтті. Беті дала жақта. Жігіттің арыс кеудесін кең тастап, демін еркін ала, шынтағынан иілген екі қолын кезек-кезек сермей, біркелкі адыммен секіре жүгірген түріне қарағанда, жүз километр жерді алмай тоқтайтындай емес. Әрине, егер жолын әлдеқалай біреу-міреу бөгемесе...
Меруерт жүгіріп бара жатқан жігіттің түрі әдемі, жігерлі сәл қошқар мұрындау, ұйысқан қою қара шашты екенін аңғарды.
Біреу әдейі майлап қойғандай, күнге теп-тегіс боп қара қошқылдана күйген денесінің бұлшық еттері, аяғының қимылдаған әуеніне қарай, жоғары-төмен ойнап барады... Жасы жиырма жеті — жиырма сегіздер шамасында-ау деді ішінен Меруерт,— таңертеңгі денешынықтыру жасап жүрген түрі болар.
Кеше Меруерт облыстан уәкіл келіпті деп естіген болатын. Нұсқаушы ма, әйтеуір бір жауапты қызметкер— қыз облыстық қызмет орындарының әлі күнге дейін қайсысы үлкен, қайсысы кіші екенін білмейтін, сондықтан да бұл келген адамның қандай дәрежеде отырған адам екенін жадына алмаған. Есінде қалғаны жалғыз ғана Беков Сұлтан бұрын Айдынғалиевтің оқушыеы болыпты, қазір ең жақсы көретін адамдарының бірі деген сөз ғана еді. Осы себептен де Беков Сұлтан Алшынбек тұрған үйге түскен болуы керек.
Қайтып келе жатқанында Меруерт енді екеуін бірдей кездестірді. Екеуі де сұңғақ бойлы, сымбатты, жастарының әжептәуір айырмасына қарамай, екеуі де біріне-бірі ұқсас, әлденені қызына әңгіме етіп, көше бойлап келе жатты. Кеше естіген сөздерінің Меруерттің есіне тағы бір жері түсті. Жұрт Глашаның күйеуі Матвеевті, одан кейін болған бас агроном Нұржановты жұмыстан осы Беков босатты деген. Біреу өзіне жамандық істегендей, Меруерттің көңілі бір түрлі жабырқанып қалды. Бұрылып кетейін деп еді, үлгіре алмады. Бұны көріп қалған профессор, қонағымен қызға қарай бұрылды. Алшынбек екеуін таныстырды, қонағының кім екенін айтып берді. Беков Сұлтан Меруертті, бір көрмедегі затты қарағандай, басынан бастап аяғына дейін қарап шықты. Меруерт ұялып, қызарып кетті. Жігіттің ілтипатты ұмытып, бұған осыншама батыл қарағаны Меруерттің намысына тиді. Және оның көзінен тек өзінің көркіне қызыққандық сезім ғана емес, өзіне-өзі сенген, әрдайым ойымдағым орындалады деген менмендіктің бір өрескел ишаратын аңғарды. Меруерт қолының бос емес екенін, фермаға асығып бара жатқанын айтып, екеуімен де суық қоштасып өз бетіне жүре берді.
«Хасенді тауып алып, айтып қою керек еді. Сонда не туралы? Қайдағы жоқ көңіліне келген бір күдікті айтудың қандай себебі бар — бәрібір еркек адам мұндайға түсінбейді».
Ал түстен кейін, бесін кезінде, бұл қонақпен Меруертке тағы кездесуге тура келді. Бірақ бұл жолы Тілеуқабақовтың кабинетінде кездесті.
Беков Сұлтан Хасенді директордың кабинетіне шақырттырғанында, жас агрономның ойында ешбір қауіп болмайтұғын, көңілі секем алмаған. Керісінше, ауыл шаруашылығымен таныс, облыстық басқарманың адамы келгеніне ол бір ретте қуанып қалған-ды. Сөз жоқ, бұл екеуі тіл табады, соның арқасында іске де жәрдемдері тиеді. Бұндай сенімге себеп болған, жастарының азғантай айырмасы барлығына қарамай, екеуінің замандас, бір ұрпақтың адамы екендігі еді. Бұлай болған күнде екеуінің ойы да, өмірге деген көзқарастары да бір жерден шығуға тиісті. Беков, әрине, айтқанға көнбейтін Тілеуқабақов емес. Және Хасен Беков жөнінде аздап хабардар да еді. Институтты бітіргендердің кешінде Бековты ұстаздарының үмітін ақтаған, институттың атын көтерген дарынды агрономдардың бірі деген мақтаныш сөзді естіген. Мұғалімдері оған сенің жолың үлкен ғылымда—десе, ол: жоқ, жоқ, әзірге менің жолым ауылда, ғылымға сосын, әбден тәжірибе алған соң келемін,— деп жауап қайырған. Отанымызға үлкен астық керек. Ал сол үлкен астық келешегін шешетіндердің бірі осы Беков. Сол себептен де ол Алматыдағы аспирантураны тастап, қазақтың егістік даласына келген.
Институтты бітіргендер кешінде, олар туралы баяндамасын істеген адам Беков жайында жоғарғыдай дәріптеу сөздерді айтқан. Сол кеште ол өзі де президиумда отырған. Үстінде әдемі тігілген өте қонымды қара костюм. Баяндамашы бұған қарап сөйлеген кездерде, тым мақтап жібердіңіз ғой дегендей қысыла қалып, бірақ айтқаныңыз дұрыс деп мақұлдап басын әлсін-әлсін изеп қойған...
Өзінің жас әріптесі совхоз қиыншылыққа ұшырап жатқанын естіп жолдастық жәрдемін беруге облыстан әдейілеп келуі Хасенге табиғи іс болып көрінді.
Бірақ Тілеуқабақовтың кабинетіне кіріп келген бойда ақ Хасеннің көңілінде күдік туды. Мұнда Угрюмов, Қазекеңнің өзі, Айдынғалиев отыр екен. Совхоз белсенділері - бригадир, механизатор, ферма бастықтарының бірде-бірі жоқ. Неге? Мұндай мәжілістерге әдет бойынша олардың бәрі шақырылатын... Бұрышта ауыр қаракүрең түске боялған темір сейф пен күңгірт шкафтың ортасындағы қуыста Меруерт отыр. Түрі әбден шаршаған, көңілі тым жүдеген адам тәрізді. Оған не болған?
Төрде директордың орындығындағы Беков Сұлтан да Хасенге біртүрлі жат көрінді. Әйтсе де, облыстан келген қонақ ауыл адамдардай бірден қайдан әкей-үкей көріне қалсын? Жоқ Хасенге жат көрінген Бековтың өзі емес, отырысы... Өзі отырған мынау жабайы орындық, стол, бәрі бұған лайықты емес, ол бұлардан анағұрлым сәнді орындықтарға отырып үйренгенін аңғартқандай, оның отырысы бір түрлі сұсты... Ал өзінің жүзінен пәлендей ерекше паңдықтың, өзгелерге немқұрайды қараудың не менмендіктің ерекше белгілерін байқамады.
Сөйтсе де, бірдеме тырнап алғандай, Хасен тітіркеніп кетті. Әлденені күткендей, іштей тына қалды.
Беков жас агрономмен тек басын изеп амандасты да, ұзын столдың өзіне қарсы қойылған жағындағы орындықты көрсетті.
— Мен сізбен сырттай танысып та алдым,— деді жұрт сезер-сезбес суық үнменен,— енді жоққа уақыт өткізудің қажеті болмас. Оның үстіне менің де уақытым аз, әлі екі совхозға соғып үлгіруім керек.— Осындай әдемі қыз отырғанында өзінің ресми сөйлегеніне кешірім сұрағандай Меруертке бір қарап қойды,— баяндай беріңіз, Атымтаев.
Беков өзімен бұлай сөйлеседі деп Хасен ойламаған. Бірақ бұлар шынын айтсақ, дастарқан басында отырған жоқ қой. Істің аты іс. Кенет оның есіне атасы Оңдасынның айтқан ақылы түсті. «Егер өзіңнің ойыңды дәлелдегің келсе тыңдап отырған адамның саған қалай қарайтынында шаруаң болмасын. Сенің сөзіңдегі шындық өзін-өзі қорғай алады, тек ойыңды дұрыстап жеткізе біл».
Хасен сөзін бастап та кетті. Асықпай, саспай, керекті сандарды, ақпарларды келтіріп, ауа райына, жер құнарының қандай халде екеніне тоқтай, ол егістік жайын толық баяндауға кірісті. Әсіресе совхозда болашақта қандай шаралар істелуге тиісті деген мәселеге ұзағырақ тоқтады .Ешкім оның сөзін бөлген жоқ. Біртіндеп Хасен шешіле бастады, даусы енді сыңғырлай шықты. Оның қазір көз алдында қара дауылдар құммен жапқан дала, тамырымен жұлынып көкке ұшқан егінжайлар тұрғандай болды. Терезенің ар жағынан жарқыраған күн сәулесі емес, қара түнек қаптап, дәнді бидайдың үстінде, дүниені әлем-тапырық етіп, жын ойнап жатқандай көрінді. Мұның бәрінен құтылуға болады деген Хасен, ауру жерді жазып, мұндай дауылдар ештеңе істей алмайтын ету біздің қолымыздан келеді. Жерге өзінің құнарын қайтарып беру ғана емес, оның халқымызға берер өнімін де өсіру біздің ұлы міндетіміз...
Хасеннің бұл сөздерінің бәрін өзіне атам заманнан таныс, агрономның не дегісі келеді, бәрін де айтпай-ақ білемін дегендей, Беков Сұлтан, сыпайы күлімсірей, селсоқ тыңдап отыр... Тыңдамасқа амалым жоқ, қызметім содай, дегендей болады, жарайды, солай-ақ болсын, тыңдап шығайын...
Жалғыз-ақ рет, «Қарасор» қырқасына тәжірибе ретінде екі гектар тары еккендерін және ол жерде тарының жақсы шыққанын Хасен айтып келе жатқан кезінде ғана агрономның сөзін бөлді.
Қолымен ақырын ишарат етіп Хасенді тоқтатты.
— Білем, білем, о жерде болдым. Ал ұмытпасам, сіздерге сол араға екі гектар емес, елу гектар егілсін деген секілді едік қой? Ақиқатына келсек, сізге қазір табысымыздан гөрі, мемлекетке қанша дәнді дақыл бермей қалдыңыздар соны санағаныңыз, бәлкім, дұрыс болар. Не шығар екен, санап көрелік.— Әр түсті бояулы өзі жазатын қарындашымен блокнотына бірдемені тез-тез жаза бастады,— әр гектардан... жеті мың пұт шамасы? Көрдіңіз бе, халық шаруашылығына қанша пұт астық бермей қалғаныңызды?
Беков Сұлтан Хасеннің бетіне қадала қарай қалды.
— Облыс бұл жердің бәріне бидай себіңдер деп еді ғой? Ал біз аты-жөнсіз еңбекті ысыраптамай, алдымен бұл ара неге жарайды екен, соны білгіміз келді.
— Бұны біз естідік қой. Өз білгендерін бойынша тары сепкеннен кейін, оны аяғына дейін істеу керек еді. Біз жергілікті жердің өз еркімен мәселені шешкеніне қарсы емеспіз. Қырық сегіз гектар жердің бос қалып, үкіметке бәлен мың пұт астық берілмегеніне қарсымыз!
— Жер бос қалған жоқ. Ол арада көктемнен бері Еділбай қойлары жайылуда. Бұны есепке алу керек.
— Есепке алмайды деп кім айтты? Әрине, есепке аламыз. Бірақ бұл сіздің еңбегіңіз емес қой!—Беков Сұлтан Меруертке қарап күлімсіреді,— бұл туралы біз жеке сөйлесерміз. Мүмкін, бұл ақылды бастаманы қолдау үшін совхоздың бірер адамын облысқа шақырып тыңдармыз... Ал қазіргі әңгімеміз астық жайында ғой. — Әңгіме осымен бітсін дегендей қолымен столды сипады, жалғай беріңіз.
Облыстық бастық бөліп жіберген ойына Хасен қайта оралды. Жас агрономның әрбір сөзін далаға жібермей Меруерттің бар ынтасымен тыңдап отырғанын Бeков байқап қалған, сол үшін ананың беделін түсіргісі кеп, сөзін әдейі бөліп жіберген. Бұған Хасен қараған жоқ. Угрюмов екеуі алдағы уақытқа белгілеген агротехникалық шараларды тізбектеп айта бастады.
— Егіс даласына тек бүгінгі күн тұрғысынан ғана қарамауымыз керек,— деді өз сөзін қорыта келіп,— көптеген уақыт, қаржы керек ететін, жергілікті жердің жағдайына қарап, біз көптеген, бірімен-бірі байланысты шараларды іске асырмақпыз. Бұл шаралардың нәтижесін осы бір-екі жылдың ішінде-ақ көруге тиістіміз.
Осы сөздермен өзінің баяндамасын бітірді де, Хасен орнына барып отырды. Беков езу тартты.
— Әрине, келешек бәрімізді де қызықтырады. Ұзақ жылдарға созылатын жоспар, болжау, ақыл-ойлар, шаралар — бәрі жақсы. Дегенмен Отанға астық керек қой. Және ертең емес, бүгін керек. Сіздер биылғы жылдың жоспарын орындайсыздар ма? Алдымен осыған жауап беріңізші...
— Біздің егісіміздің қандай жағдайда екенін езіңіз көрдіңіз. Ал дәл қазір бізге облыстың алдын ала жіберген жоспарын орындап шыға аламыз деу қиын. Тек бір-ақ нәрсеге тікелей уәде бере аламыз.— Хасен Бековтың көзіне тікелей қарады,— совхоз егінінің бір тал дәнін қалдырмай жинаймыз.
— Бізге мундай уәде аз!
Хасенді ашу қысып кетті.
— Сізге уәде керек пе, әлде астық керек пе?
— Бізге астық керек, астық, бас агроном жолдас. Бірақ осы уақытқа дейін соны түсінбеген түріңіз бар ғой!
Стол үстіне тастай салған темір қарындашы домалап жерге түсті. Бірақ ешкім оны еңкейіп көтерген жоқ.
Кенет үй іші тағы тына қалды. Хасеннің бетіне қарауға Меруерттің батылы бармады. Әңгіменің бұнымен бітпейтінін жүрегі құрғыры сезіп отырғандай.
Облыстық бастық не айтар екен деп жұрт күтіп, тына қалған. Жұртты тағы да қобалжыта түсейін дегендей Беков те жұмған аузын ашар емес.
— Сендердің совхоздарыңа бір жөні дұрыс агроном келмей-ақ қойды,— деді әлден уақытта Беков Тілеуқабақовқа қарап,— біреуі құр сөйлеуді ғана білетін, екіншісі өзі пішіп, өзі тігетін жан боп шықты... Ал үшіншісі...
Ол «үшіншісіне адам түсінер емес» дегендей екі жаққа қолын жайды.
— Совхозға тәжірибесі бар мамандардың орнына өмірден алыс кісілерді жіберуде, әрине, ең алдымен біз, облыстық қызметкерлер айыптымыз... Бұл жолы да... әйтсе де бұл қатені жөндеуге әлі де болса кеш емес деп ойлаймын...
Сөзіне қолдау іздегендей, ол бір мезет жан-жағына қарай бастады. Кенет өзіне шанышқыдай қадалып тұрған Меруерттің көзіне көзі түсіп кетті.
— Түсінікті,— деді кенет жұмсара түсіп Беков Сұлтан, — жақында ғана институт қабырғасынан шыққан жас адамдарға істі бірден қиратып жіберем деу әдет қой. Бұдан қиялды мүмкіншілікпен қабыстыра алмау пайда болады. Ал ол іске бөгет...
Ол кенет сөзінің аяғын солқылдатпай кесіп айтты.
— Атымтаев жолдасты бас агроном қызметінен босатуды дұрыс деп табамын. Біз оны, жақында осындағы бір ауданда ашылатын үлгі-тәжірибе шаруашылығына ауыстырамыз.
Тағы үй іші тым-тырыс бола қалды.
Хасен Беков сөзінің мағынасына әлі түсінбегендей. Ол қазір айқасқа шығатын адамдай, қос жұдырығын столдың үстіне қойып, үн-түнсіз қатып қалған.
Үй ішін үрейлендіре түскен тыныштықты бірінші бон Угрюмов бұзды.
— Мен дұрыс естімедім бе, әлде дұрыс түсінбедім бе, Хасен Атымтаев туралы сіз не дедіңіз?..
— Қайталап айтуыма болады: Хасен Атымтаев жолдас жұмыстан босатылуы керек.
— Не үшін?
— Өзінің негізгі міндеттерін орындамағаны үшін.
— Жер үшін, астық үшін күрестен бөтен бас агроном да тағы қандай негізгі міндет болуы керек?
Мемлекетке асты тапсыру міндетке жатпай ма?
— Ғафу етіңіз... Ғафу етіңіз...— Угрюмовтың үнінде кенет бір ызғар пайда болды, биылғы біздің жағдайымыздың нашар екенін өзіңіз көрдіңіз. Сөйтсе де астық тапсыру жайында айып тағу әлі ерте. Және үкіметке тапсырылатын астыққа тек бас агроном ғана жауапты емес. Оған біз бәріміз, совхоз басшылары тегіс жауаптымыз. Оның ішінде директор да, парторг мен де. Сосын егер негізгі себепті еске алсақ...
— Иә, иә, айтыңыз, ол қандай негізгі себеп?
— Сіз о мәселені тіпті аузыңызға алғыңыз келмейді ғой. Мен жел эрозиясын айтамын. Біздің жеріміздің қара дауылға ұшырауына кім айыпты? Бұл мәселеге дұрыстап қарайтын уақыт жетті, Беков жолдас! Ал қазір әңгіме Атымтаев жайында. Оның қара дауылға еш қатынасы жоқ! Біле білсеңіз, осы Атымтаевтың бастауымен біз сол пәлемен күреспек болып жатырмыз!..
— Айтып болдыңыз ба?
— Әзірге болдым.
— Неге Атымтаевты орнынан алу керек екенін, онда сізге мен айтайын.— «Кім айыпты?» деген Угрюмовтың сөзінің төркіні кімге барып тиетінін Беков бірден сезген, бірақ бұны түсінбеген адамдай сыңай көрсетті. Оның даусынан өзінің әділеттігін білетін адамдай бір тәкаппарлық естіледі,— сонымен... Совхозда қиын жағдайдың тууына себеп болғанның бірі ерте шыққан көктем. Егін егуден сәл түсінігі бар агроном, ең алдымен жер ылғалын көбірек ұстауға шара қолданған болар еді. Бұл ең болмаса егіннің дұрыс көктеуіне жәрдем берер еді. Кезінде көктеген егін — егіннің аңызақтан бұрын көтерілуінің мыңда бір себебі. Ал бұл жайынан Атымтаев қандай шара қолданды? Еш шара қолданбау, мамандығы тұрғысынан қарағанда, ең барып тұрған қылмыс. Енді әрі баралық. Ақсеңгір алабымда Атымтаев жердің құйқасын аудармай жыртудың тәсілін қолданыпты. Дұрыс. Бұл тәсілді бізге Шортанды дән институты қолданыңдар деген. Қазір Ақсеңгірде ойдағыдай болмағанмен, әйтеуір шығым бар. Ал осы тәсіл өзге егістікке неге қолданылмаған? Техника жетпейді демексіңдер ме? Ондай жағдай туған күнде бізге, облысқа хабарлау керек еді...
— Атымтаев агротехникалық шаралар жөнінде сөйлеп жатқанында, мен шыдап бақтым, айтқандарын бар ықыласымды салып тыңдадым. Бірақ оның аузынан егістің өнімін өсірейік, бидайдың шығымды жаңа түрін пайдаланайық деген сөз шықпады. Әсіресе, өздеріңнің совхоздарыңызда профессор Айдынғалиевтің қуаңшылыққа төзімді жаңа бидайы егіліп, сыннан өтпек болып жатқанында, мұндай үлкен іске көңіл бөлмеуін немен түсіндіруге болады? Маған бұның себебі белгісіз. Осыншама қателерден кейін, білместігін болашақ агротехникалық шаралармен бүркеудің қандай дұрыстығы бар? Жоқ, сіздердің совхоздарың тәрізді, үлкен шаруашылықта әлі атылмаған құстың етінен сорпа ішкісі келетін, бос қиялшыл агрономдардан гөрі, сіздерге тәжірибесі бар, астық үшін күресе алатын нағыз мамандар керек!
Беков Сұлтан көзін сәл сығырайта Угрюмовке қарады.
— Атымтаев жолдас неге бұл совхоздан босатылуы керек екені сізге түсінікті ме?
— Сіздің мықты деген дәлелдеріңізге, мен одан да мықты дәлелдермен жауап қайырар едім,— қайсарлана жауап қайтарды Угрюмов,— бірақ қазір әңгіме түйіні мұнда емес.
— Неде?
— Атымтаев жаңа ғана іске кірісті. Құлашы кең жігіт. Бұл жерде, шыны-өтірігі аралас қателіктің бәрін оған жауып, Атымтаевты қызметтен босатамын деп мәселе қоюға сіздің қақыңыз жоқ.
Угрюмовке Беков күлімсірей жауап берді.
— Совхоз агрономдарын қойып, алу менің жұмысым. Егер қателескен болсам, менің қатемді жөндейтін орындар бар... Ал бастауыш партия ұйымы өз шаруасын білсін!
— Қателесесіз!— Угрюмов дауысын сәл көтерді.— Волюнтаризмнен кейін, Брежнев жолдастың үлкен еңбегінің бірі партия ұйымдарына өндіріспен де, оның адамдарының тағдырымен де шұғылдануына молынан жол ашты. Сол себептен біз сіздің айтқаныңызды істетпейміз.— Угрюмов сәл күлімсіреді.
— Сонда... «бізіңіз кім?».
— Біз — ол біздің жағдайымызбен өте таныс аудандық партия комитеті, мына мен, парторг және совхоз директоры Тілеуқабақов. Сосын сіздің жағыңызға шықпайтын совхоздың жұмысшылары, қызметкерлері.
Беков Тілеуқабақов отырған жаққа бұрылды да, «сен не айтасың?» дегендей үн-түнсіз қадала қалды.
— Мен Угрюмов жолдасты қостаймын,— деді Тілеуқабақов өзінің әдеттегі тік мінезіне салып,— өзім жауап беретін кемшілікті жас агрономға жаба алмаймын...
Беков қызарып кетті. Бірақ ол бір түрлі қызық қызарды. Ең алдымен, сүттей көйлегінің жағасынан көрініп тұрған мойыны қызғылттана бастап, содан кейін құлағы, маңдайы, сосын барып екі беті қып-қызыл боп кетті. Кенет жұрттың көзінше, өзгенің тағдырын шешетін, жауапты адамнан, істеген тентектігі үшін қандай жауап беруді білмей сасқан баладай, абыржыған күнәкарға айналды.
Көзі жан-жағына жүгіре бастады, кенет бағанадан бері, бір оба тастай, үн-түнсіз қозғалмай отырған Алшынбекке кеп тоқтады. Енді өзінің оқушысын құтқармақ боп Алшынбек қозғала бастады.
— Мамандарды алу, қою мәселесіне кірісу, әрине менің шаруам емес. Ол сөзін сақтықпен алыстан қозғап, ал сіздердің совхоздарыңның гүлденуіне тілектес адам ретінде, әрине, бұл совхозға тәжірибесі көптеу маман керек болар дер едім. Хасен Атымтаевты үлгі-тәжірибе шаруашылығына ауыстыруда да Бековтың ойы дұрыс қой деймін. Таныстығым аз, уақытым тығыз болғандықтан Атымтаевты бас агрономдық қызметінде қандай екенін, дәлдеп айта алмаймын, бірақ білетінім Хасен жерді жақсы көретін, жұмысты жақсы көретін, бақа да қасиеттері бар адам. Егер Беков жолдас айтқандай үлгі тәжірибе шаруашылығында мектеп өтсе, түбі одан жақсы маман шығуы даусыз...
Алшынбек сәл тоқтап, ақ жарқын көзбен үйде отырғандарды бір қарап шықты.
— Сонымен қатар Атымтаевты дәл қазір босата қою дұрыс бола қоймас. Мәселені асықпай, көптің ақылына сап облыста қарау керек. Жоқ, жоқ, құр ғана Хасеннің босауын емес, совхоздың бар шаруасын, болашағын... Содан кейіп барып бір-ақ қаулы алу керек. Ал өз тарапымнан сендердің істеріңе қолымнан келген жәрдемімді беруге уәде берем...
Айдынғалиев сөйлеп болғанша Беков те өзінің әдеттегі қалпына келді. Бетінің қызылы қайтып, мойны да жағасының ішінде еркін қимылдай бастады. Дауысында да өзіне тән қажырлылық, еркіндік пайда болды.
— Жақсы,— деді ол,— бұл мәселені біз облыстық басқармада қаралық. Әзірге өз орнында істей бер,—« Бұл сөзді ол Хасенге қарап айтты.— Бірақ бұл совхоздан кететініңізге іштей дайындала беріңіз. Ісіңіз қашан қаралады, өзім хабарлаймын.— Енді ол Меруертке бұрылды,— сіздің де облысқа келгеніңіз дұрыс болар деп ойлаймын...— Жаны ашыр адамындай Меруертке қарап тағы күлімсіреді,— сіздің бос жатқан даланы жайылым етіп Еділбай қойларын өсірудегі бастамаңыз біздің қолдауымызды керек етеді. Сіздің бұл бастамаңызды біз бөтен совхоздардың үлгі етуіне қарар алар едік...
Меруерт кенет ашулана қалды.
— Мен бармаймын!
Беков қасын кере қарады.
— Оныңызға жол болсын!
— Бұл мәселеде еш бастама жоқ. Және менің бұған еш қатынасым да жоқ. Бар болғаны, менің қойшы кәрі әкем, өзінің өмір бойы істеп келген жұмысы — қой бағуды қайтадан бастағанында. Сізге тағы бір жұртқа жол көрсететін «шырақ» керек болса, со кісіні алдыртыңыз. Оған қоса менің шешемді де шақыртыңыз. Астық колхозында — байлаулы мал керек пе, әлде жайылым малын ұстаған жөн бе, өзіңізге қандай айтыс керек болса, сондай айтысты бастап береді, ақыл керектері болса, ақыл да айтып бере алады...
Сырт қарағанда биязы, үзіліп кетейін деп тұрғандай нәзік көрінген қыздан Беков мұндай өзін састырар қарсылық күткен жоқ еді...
— Несі бар,— деді ол,— сіздің әке-шешеңізді де шақыруға болар. Әрине өзіңізбен бірге,— деді ол өзінің сөзінен қайтпайтынын білдіріп.
Беков түрегелді. Өзгелер де орындарынан тұрды. Ол тек Угрюмов пен Тілеуқабақовқа қолын берді.
— Басқармада кездескенше қош болыңдар,— деді аналарға «басқармада» деген сөзді әдейі баса айтып.
Жерге домалап түсіп, енді бір жақ шеті жылтырап жатқан қарындашына қандай қарағысы келмесе, Хасенге де сондай қарағысы келмеді. Ол бұл үйде бар ма, жоқ па, онда бұның шаруасы жоқтай түр көрсетті...
2
Қайсарлана қалу... Хасеннің қазіргі көңіл күйіне бөтен ат табу қиын болар...
Қара дауылдар бұл жазда аянған жоқ. «Алтын арай» егіс даласының үстінен тағы бірнеше рет соқты. Құм мен шаннан жаралған әр жерде құйын тәрізді пайда болып, көрпедей тұтаса көкке жете көтерілген, баттасқан қоңыр сарғылт кірлі топырақ түсті қара дауылдардың арасынан Хасенге Алшынбек пен Бековтың зымиян жүздері, өзін табалай қарап тұрғандай боп елестейді.
Ал түн баласына жел екпініменен поселке үйлері солқылдап, әлемді үрей басқан шақта Хасенге олардың даусы естілгендей көрінді. Әлі ана сүті аузынан кетпеген бала, болмайтын істі болады деп түсінетін қиялшыл, аспандағы айға ойламай қол созған Хасеннің үстінен олар секіре таптай, мазақтап, біресе қарқылдап күліп, біресе ысқыра келемеждеп жатқандай...
Бұлар Хасенді есеп шотының тасындай, санақтан шығарып тастадық деп бекер ерте қорытындыға келді, тым ерте осылай деп ойлады!..
Совхоз аз уақыт тыныс алды. Көп кешікпей, шілденің сарша тамызының қызуынан кем емес — қызулы шөп шабу басталды. Хасеннің жұмысы бұрынғыдан да көбейді. Оның таң атқаннан бастап, үлкен-кіші демей, шешуі күтпейтін толып жатқан жұмыстан қолы бір босамады. Осыншама жұмыстың ағысы қалай оны біржолата өзімен бірге алып кетпей жүргеніне адам таң қаларлық жағдай. Бірақ Хасен жұмысқа мұндай жан-тәнімен берілген көзін өзі де білмейді! Кіріспейтін ісі жоқ, бармайтын жері жоқ, бар күш-қуаты тек совхоздың күнделікті жұмысына арналған, және бір ғажабы, Хасен қолына не алса, сол өзінен-өзі біткендей, тез-ақ бітіп жатады!
Бұған таң қалуға да болмайтын еді. Сыбырлағанды құдай естімей ме дегендей, Беков Сұлтанның неге келген сыбысы шығысымен, жұрт бірден Хасен жағына шықты. Олардың шын жүректен айтылған әр жылы сөзін, болмашы болса да бас агрономға деп көрсеткен көмегін, Хасен әр адымын басқан сайын кездестірді. Және өзімен қатар, иығына иығын тигізе, әрқашан да сабырлы, өз ісіне сенімді Угрюмов тұрды. Қазыбай Тілеуқабақов та күн күйдіріп, жел сорып Хасеннің күреңденген бетін, бір сәулеге бөлегендей, аппақ тісі ақсия күлгенін көріп, өзінің жас шағы есіне түсіп, жігітті мақұлдай жымың қақты...
Хасеннің бұл жолғы ойлағанынан ештеңе шықпайтындай көрінді. Совхоз осы уақытқа дейін мардымды жер тыңайтқышын алмайтын. Бас агроном осы тыңайтқышты көбірек беруін сұрап, әдейі Қаратауға кісі жіберді.
Комбинат бастықтары тың совхозының өтінішін жаны аши тыңдағанымен, өздерінің жоспарларының тым үлкен екенін және оны орындауға өндіріс қуатының әлі жетіспей жатқандығын сылтау етіп, бәлендей уәде бере қоймады. Егер бес-алты жылдан кейін болса бір сәрі, бір сендердің совхоздарың емес бүкіл Қазақстан егін даласын жер тыңайтқышпен қамтамасыз ете алар едік деді.
Әкесінің ақылы бойынша, ол тікелей рудникке, рудниктің парткомына барды. Жедел шақырылған жастар ұйымының мәжілісінде шығып сөйледі. Сұлтан Бековке емес, өзі тәрізді жұмысшы жастарға, егер дереу шара қолданып, жер тыңайтқышы арқылы құтқармаса, «Алтын арай» совхозы егістік даласының қандай апатқа ұшырап жатқанын, қара дауылдардың әлегінің бұларды осы жазда қандай күйге жеткізіп кеткенін айтты. Бұл не еді? Баяндама ма? Жел эрозиясы жайындағы лекция ма? Әлде жәрдем сұрағаны ма? Тау-кен жұмысшыларының ішінде ауыл шаруашылығымен жете таныстары шамалы еді, бірақ олар Хасеннің айтқанын бірден ұқты.
Бір апта өтіп болмай «Алтын. арайға» телеграмма келді. Бұл телеграммада жері жел эрозиясына іліккен совхозға қанша тонна жер тыңайтқыш және қай мезгілде дайын болатыны хабарландырылған екен. «Бұл жоспардан тыс өндірілген кеннен...» депті телеграмманың аяғында және жастар бригадасы мүшелерінің аттары бар.
Жер тыңайтқышың пайдаланғаннан кейін, келесі жылдары егін өнімі бір гектардан екі-үш центнер өсетініне ешкім күмән келтірмеді. Бұл құнары кете бастаған біраз жерге бидайдың орнына көп жылдық шөп егуге мүмкіндік береді... Енді Тілеуқабақовтың өзі де Федор Ивановичтің ақылды сөзі мен Хасеннің қарыса қалған мінезіне қарсы келе алмай, біртіндеп көне бастаған.
Жер тыңайтқыштың аздаған бөлегін күзді күні егістікке ағаш отырғызғанда пайдаланбақ болған.
Міне, осы жерде барып Хасеннің ойлаған жоспарының қолдарынан тақа келмейтін бір қиын жері табылды. Ол ағаш отырғызу еді... Біріншіден, қиыр-шеті жоқ егістік даласын қорғайтын ағаш отырғызу үшін осыншама түпті қайдан алады? Екіншіден, ағашты қалай отырғызу керек екенін білетін адамдарды қайдан табады?.. «Шықсаң шық, шықпасаң қой» деп құрдан-құр түпті жерге тыға салмайсың ғой, бұның да өзінің, әрекеті, өсу жолдары бар... Ал өзі институтта өткен, жазық далада ағашты қалай егу керек деген арнаулы сабақ, оқушыларға тек жалпылама ғана ұғым беретін, қандай жерге түпті қалай отырғызу керек деген сұраққа тікелей жауап бермейтін...
Өзінің ойлаған істерінің қаншалық қиын-қыстау жағдайларға апарып соғатыным Хасен енді білді. Бірақ бұл істе Алшынбектің айтқаны шынымен дұрысқа айнала ма деген («Қандай іске құлаш ұрғалы тұрсың, Хасен») бір ғана күмәнді ойдың өзі оның мазасын алды. Алшынбектің мазағына қалмас үшін ол күндіз күлкі, түнде ұйқысын ұмытып, жердің түбіндегі ағаш түптерін әкелуге барды.
Хасен дүниенің бар қызығын ұмытты, түнімен ағаш отырғызу жайындағы оқулықтарды қараумен болды. Бір жақсысы бұл істе ойда жоқ жерден, өзіне көмекші табылды. Ол әр өнерден-ақ хабары бар тағы бәз-баяғы Губанов еді.
Поселка тұрғындары тегіс ағаш отырғызудың «техникумын» өтсін деген Губановтың ұсынысына Хасен жабыса кетті. Көп кешікпей Порфирий Михайловичтің басқаруымен Мәдениет сарайының қасынан ересектерге деген ағаш отырғызу үйірмесі ашылды. Осындай үйірме жоғарғы класс балалары үшін мектеп жанында да ұйымдастырылды. Бұл үйірмені бір кезде өзінің оқушыларымен бірге мектеп бақшасын отырғызған биология мұғалимасы Валентина Сергеевна Голикова жүргізді. Бұл екеуіне өзінің білгенімен, Алшынбектің тәжірибе жерін бақылауға келген бір бала жігіт — Алматы институтының студенті де жәрдем берді.
Көп кешікпей поселкада «өрнекті қатар», «сирек өрнекті қатар», «жалғыз қатар», «екі қатар», «шахмат саласы» деген ағаш отырғызудың меншікті сөздері естіле бастады...
Жалпыға бірден келген қиындықтан, қауіптен артық жұрттың басын бірге қосар не бар? «Алтын арай» совхозында жұрттың бәріне бірдей келген қауіп, қорқыныш ол қара дауылдар ойнағы еді. Бұрын не істерін білмей келген осы ескі жауымен халық енді күресетін жолын тапты, айқасқа шығуға күшінің жететінін сезді.
Үйірме оқуын бітірер кезде жұрт енді күзге қарай отырғызса қандай түптің шығатынын, оған қандай өңдегіш зат салуын, арам шөпті құрту үшін не керек екенін біліп қалды. Бұл тек істің басы екенін олар жақсы түсінетін. Қуаңшылығы мол, төрт жақтан бірдей соққан желге еш қорғанышы жоқ мидай далаға ағаш егіп, оны өсіру қаншалық қиын, ауыр жұмыс еді. Бұған шыдамдылық пен көптеген жылдар керек-ті. Бұны жұрт білетін.
Бұған керек шыдамдылыққа, табандылыққа, ізгі тілекке халықты жердің өзі үйретті. «Адам бір мезеттің қызығы үшін» жаратылмайды, мәңгілік өмір сүру оның табиғи үлесі. Бұл қағиданы адамға ең алдыменен жер-ана айтқан...
Осы бір жан таласта өтіп жатқан апталарда Хасен адамзат қызығының мәңгілігі туралы ойлаған жоқ. Өзіне Меруерт келетін кеште ол кабинетінде ертең аудан орталығына алып кететін қағаздарын жинастырып жатқан. Ауданға барған соң, орман-ағаш басқармасымен «Алтын арайға» керек түптерді қайдан алатынын, қанша алатынын сөйлеспек..
Біреу есік қаққанда, Хасен ескі шкафтың ішіндегі көп жылғы қағаз бумаларының бірін алып, бірін салып, әбігерленіп жатқан. Есікті тақылдатқанды естіп, басын көтерместен «кіріңіз» деді.
Үйге самал жел енгендей, қадамының жеңіл басуынан бұл Меруерт екенін бірден білді. Меруерттің жүрісін ол мың қыздың ішінен таныр еді.
Әрине, бұл кірген Меруерт еді. Қызғылт былғары белбеумен белін қынаған үстіндегі ақ жібек көйлегі күнге күйіп сәл қоңыр тартқан сымбатты денесіне келісіп тұр. Қолында сұрғылт мұқабалы қалың кітабы бар.
— Амансың ба?—деді ол аяғындағы «жалаң тұмсық» ақ туфлиінен, басындағы шашын басқан қызыл жібек лентасына дейін таңдана қарап шыққан Хасенге, сәл еркелей күлімсіреп,— танымай қалдың ба?.. Рас, біз тым сирек кездесеміз ғой...
— Жоқ, жай, әшейін... түрің... Тойға барардай киініпсің,— деді Хасен міңгірлей сөйлеп. Кенет:—шынында, қайда бара жатырсың?—деді даусын көтеріп.
— Сізге келе жатқан бетім, бас агроном жолдас! — Меруерт те салмақты пішін көрсетті.
— Маған ба?
— Иә, және бір тығыз шаруамен.
— Отыр. Ал айт...— Хасен сасыңқырай қимылдап, Меруерттің қасына орындық қойды. Өзі қарама-қарсы отырды,— не болып қалды?
— Болып қалды ғой..,— Меруерт ауыр күрсінді. Ұзын шнурға байланған электр шамына басын кеките көтеріп сәл жүдеп отырды да, кенет, жетеді осы ойнағаным дегендей, сыңғырлай сықылықтап күліп жіберді, — болғаны сол,— деді ол сол күлген қалпында,— сені қайткен күнде де бүгін көргім келіп кетті!..
Хасен көзін жыпылықтата қарап, мыңқ етті де, кенет бұ да қарқылдап күліп жіберді.
Екеуі осылай күлісе, бір-бірінен көздерін алмай сәл отырды.
— Рас ау, — деді Хасен, — ақырғы рет қашан кездестік? Негр қызындай боп күйіп кетіпсің. Шаруаң қалай?..
— Ал сен... бүкіл совхозды өзің арқалап жүргендей жүдеп кетіпсің...— Меруерт Хасеннің сыртынан сынай көз тастады. Ананың шын жүдеп кеткенін көріп, нағыз бір анасындай, әлде қарындасындай жаны ашып кетті.— Шаруаң қалай дейсің бе?.. Қазір шөп шабудан басқа қандай шаруа бар. Бір жақсысы, әкем қай жерде шабуға жарайтын шалғын шөп бар, бәрін біледі. Біресе қалық тал арасындағы алаңды алады, біресе шөп басып кеткен Есіл қойнауындағы саға, аралды көрсетеді... Әйтеуір, шөбі бар бір жерді қалдырмайды... Айтпақшы, жақында мен тағы бір іс істедім.
— Қандай іс?
— Өзін де бұрын естіген шығарсың... Бұл ара, бұрын жылқылы болған. Жылқылы болғанда қандай! Кілең Біржан салдың мақпал қарасы!.. Тың совхоздары, жылқымен емес, астық шаруасымен ғана шұғылдану керек деген кездерде, аудан біздің совхоздың бар жылқысын құрттырып жіберіпті. Ат құлын-тайдың ойнағынсыз, жылқы жарықтықтың кісінеуінсіз, даланың көркі бола ма...
— Япырм-ай десеңші! Жылқының еті мен қымызының өзі не тұрады! Қазір холосталины жоқ жылқы етінің, қандай дертке болса да мың да бір шипалы қымызының қадірін Европаның өзі біле бастады. Мысалы Франция...
— Дұрыс айтасың. Алыстағы қазақ колхоздарына сатылып кеткен совхоздың екі үйір жылқысын қайтарып алдырдым. Қазекеңді көндіру де оңайға түскен жоқ. Қазақтың кейде тырнақ астынан пайда тапқысы келетінін білесің ғой... Тіпті құнсыз бағаға алғандары естерінен шығып кеткен, қайта сатуға келгенде колхоздар он есе қымбат сұрап отырып алды. Біз сатып алмағанда сендер бұларды әлдеқашан колбаса етіп жеп қоятын едіңдер, бақтық, қақтық, бәлен тонна шөп шығардық, өздеріңнен бәлен сомға жемшөп алдық деп, шығарған ақшаларын шотқа қаққанда не деріңді білмейді екенсің... Ал бар шыққандары екі жылқышының жаз жайылымда, қыс тебінде ұстағаны ғана екені естерінде жоқ... Әйтеуір, келістік-ау. Федор Ивановичке көп рахмет, үйтіп-бүйтіп Қазекеңді көндіріп берді...
— Сөйтіп үйірлеген жылқымыз болады екен ғой!
— Бұған сен де қуаныштысың ба?!— Меруерттің жүзі жайнап сала берді.
— Бұл біздің совхозымызға үлкен сыйлық қой!
— Ал саған ше?
— Маған да!
— Онда тіпті жақсы болды!— деді Меруерт,— ал мынау саған тағы бір тарту.— Аты жазылған бетін төмен аударып, тізесінің үстінде ұстап отырған жаңағы сұр мұқабалы кітабын Хасенге ұсынды.
Хасен ештеңеге түсінбей, кітапты қолына алды. Аударып, атын оқыды. Бұл Леонид Леоновтың «Орыс орманы» деген романы екен.
— Бұл былайша айтқанда, сенің өміріңдегі орман-тоғаймен шұғылданған кезеңіңнің ескерткіші десең де болады...— деді Меруерт, Хасеннің бұл кітапты неге бергенін әлі де түсінбей отырғанын көріп, ол бірінші бетін өз қолымен аударды.
— «Сенің жиырма беске толған күніңе арнап...» — Хасен даусын шығарып өзі оқып шықты. Меруерттің бүгін неге осыншама сәндене киініп келгенін және өзімен дәл осы кеште неге кездескісі келгенін, Хасен енді ғана түсінді. Хасен қызға іштей ете риза болып қалды. Туған күнін өзі ұмытып кеткенін Меруерт қайдан білді? Қайдан білді?
Ал Меруерт Хасеннің есін жиғыздырмай:
— Мә, мына телеграммаларды оқы... Почтада болып едім, саған берем деп сұрап алдым,— деді.
Телеграмманың біреуі әкесінен, біреуі өзімен институтты бірге бітірген жолдастарынан екен.
Хасен телеграммаларды оқып шығып, жүдей қалды.
— Жиырма бес...— деді ол әлденеге өкінгендей ойлана сөйлеп,— жиырма бес... Бір жылдан кейін жиырма алтыға шығам... Ал жиырма алты жасында Наполеон бірінші консул боп, Европаның теп, жартысын өзіне қаратқан...
Наполеон дүниеге өлім әкелді ғой, ал сен астық әкелмекшісің. Қайсысы жақсы?..— Меруерт қызулана сөйледі.— Қайсысы адамға лайық? Әрине «Францияның бірінші консулы», «Алтын арай» совхозының бас агрономы деген сөзден әдемі естіледі, бірақ адамзатқа келтірер жақсылық жағынан қарасақ...
Меруерттің Хасенді жақтай сөйлегеніне қарасақ, егер өзіне таңдауын берсе, сөз жоқ, «Францияның бірінші консулынан» кері, «Алтын арай» совхозының бас агрономын қалайтыны ап-айқын...
— Ал сенің сонда... Мені жиырма алтысында да бас агроном болып отырады деген сенімің бар ма?
— Саған олар тие алмайды, Хасен, тие алмайды!— Қыздың жүрегінен осынау сөз қайнай шықты.
Ол кенет орнынан атып тұрды. Демін әзер алады. Кішкентай жұдырықтары түйіліп кеткен. Тұрған тұрысы, қобалжыған, қауіптенген сыңай көрсетсе де, Хасенді керек болса көлеңкесіне ап, жалғыз жаңқасы қалғанша қорғайтын адамның тұрысы!
— Жоқ, олар саған тие алмайды, тие алмайды!
Хасеннің сәл езу тартып мысқылдай күлімсірегенін қыз байқап қалды.
— Тие алмайды дейсің бе? Жоқ, Беков Сұлтан секілділер кімге болса да тие алады. Бірақ қолдарынан келе ме, міне, мәселе қайда...
Хасен Меруерттің қарсы алдына тоқтай қалды. Иығынан ұстап, ақырын тартып, қыздың сұп-сұр боп кеткен бетіне, өзінен әлденені күтіп жаудырай қалған қарақат көздеріне қарады.
— Жоқ, оп-оңай берілмеймін. Әлі көреміз кімді-кім жеңгенін!—деді. Сәл тоқтап қалды да қайта сөйледі.— Апа жолы әкем: егер қиын болып бара жатса, Асылбек Ахметжановтың, өзімен байланыс деген соң, хат жазғам. Әлі жауап жоқ. Асылбек Ахметжанов хатымды аяқсыз қалдырмайды деп ойлаймын...
— Өзің дұрыс жауап келеді деп сенесің бе?
— Биыл ма, әлде арғы жылы ма, әйтеуір қара дауылдардың құритынына сенемін. Неғұрлым тез құрыса, соғұрлым жақсы болар еді...
— Қара дауылдарды ауыздықтау, Наполеонның Европаның жартысын жаулап алуынан осал тимес...
— Сол үшін де мен бас агроном емеспін бе?—Хасен қалжыңдай сөйледі,— ал әзірге...
Ол Меруерттің белінен құшақтады. Қас қарайып бара жатқаны терезеден анық керінді. Меруерт Хасеннің кеудесіне басын салып, бүкіл денесі дірілдеп, жігіттің құшағына кіре берді...
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
1
Қашап шақырар екен деп бір үлкен сеніммен алаңдап жүрген Хасен Асылбек Ахметжановпен август айының басында кездесті.
Сол күні Алматыда, дәл жаздың басындағыдай, күн қатты күркіреді. Кенет құя салған жауын, көп ұзамай тына қалды. Жаңа ғана аспанды торлаған бұлт тарап, жарқырап күннің көзі көрінді. Жаңағы жаңбыр алдындағы қаланы басқан қара көлеңке ызбар сөніп, дүние заматта ақ жарқын түрге енді. Күн сәулесі, жаңбыр жауған жасыл жапырақ пен жалтыраған асфальт үстінде ойнады, зырылдай аққан машиналардың, шыныларымен шағылысып, қатар тұрған заңғар үйлердің қабырғасына тиіп жоғалып жатты. Алматы, жас күйеуімен неке қию сарайынан шыққан сұлу қыздай жаңбыр жуып жасарып, кенет сымбаттана, сәндене қалды. Сәл салқын тартқан ауада, адамды мас еткісі келгендей, жас гүлдердің жұпар иісі аңқыды. Тек, күзетте тұрған жасыл шинельді солдаттардай, көше бойлай біткен, Тянь-Шань тауының зәулім биік қарағайлары, өзінің ежелгі тәртібін сақтағандай, қаз-қатар тізілген қалпынан мызғыр емес... Жарты сағаттай еткен кезде жаңағы бүкіл дүниені тітіреткен күннің күркіреуінің, құя салған қалың жаңбырдың куәсі боп, тек тас арықтарды қуалай, лайлы тау сулары ғана ақты...
Хасенді Асылбек Ахметжанов өзінің қабырғасы қоңырлау ағашпен көмкерілген, орындықтары қоңырқай жасыл сафьян былғарымен тысталған, ұзындау келген кең кабинетінде қабылдады. Түрегеліп, күлімсірей қарсы жүріп, қолын кәдімгі таныс адамындай қатты қысып амандасқанмен, Хасенге Ахметжановтың түрі бір түрлі шаршағандай ма, әлде аз ұйықтаған адамның түріндей көрінді. Көз алды сәл шалбарланған, иығы сәл түсіңкі. «Жұмысты тым көп істей ме екен, әлде түнде кітапты көп оқитын шығар» деді ішінен Хасен, үлкен жұмыс столының үстінде жатқан кітаптарды көріп.
— Кәне, жігітім, мына жерге отыр да әңгімеңді бастай бер, - деді Ахметжанов қарапайым пішінмен,— хатыңды оқыдым, мазмұнына түсіндім, бірақ өз аузыңнан естігенге не жетсін,— ол кабинеттің ортасында тұрған, мәжіліске келген адамдарға арналған ұзын жалпақ столдың есік жақ шетіндегі орындықты нұсқады. Өзі Хасеннің жанына, бірнеше басатын тетігі бар жылтыр қара телефон мен ұзынша сауытқа салып қойған бірнеше қарындашы бар столдың басына отырды. Екеуінің арасында столдың тек бұрышы ғана.
Бұрын Хасен, мейрамдарда студенттер қатарында Ленин алаңында өтіп жүріп, мінбеде тұрған Асылбек Ахметжановты тек алыстан көретін. Ұзын бойлы, өзгелерден иығы биік. Ал қазір, осы жұрт сыйлаған кісімен қатар отыруға келгенде, қысылып қалды.
Ахметжанов Хасеннің күйін түсінді білем:
— Айтпақшы,— деді анау өзіне-өзі келсін дегендей, - осы Қаратау руднигіндегі сіздің әкеңіз бе?
Хасен басын изеді.
— Біз о кісімен аздап таныспыз. Адал, бір бетті, айтқанында тұратын коммунист. Аздап мінезі қызба секілді ме, қалай.— Ахметжанов әлденені есіне түсіргендей ойлана күлімсіреді.
Хасен әкесін есіне алды, кенет ол дәл осы кабинетте үшінші адам боп отырғандай, баласының көз алдында ап-анық боп елестеп кетті.
— Біздің совхоздың жағдайын менің әкем де біледі, сізге хат жаз деген со кісі ғой,— деді ол Ахметжановтың ақылды жүзіне қарап. Әлгідей емес, ол бойын жинай бастады,— Әрине, тіпті қиын боп бара жатса жаз деді.
Көңілденгендіктен емес, жай әшейін жаны ашығандықтан Ахметжанов жымиып күлді.
— Сөйтіп, шын қиын болуға айналды ма?
— Иә,— Хасеннің қабағы түсіп кетті.
Бұдан әрі қалай сөйлеп кеткенін Хасеннің өзі де байқамай қалды. Минут сайын, жаңағы қысылғаны тарап, даусына да күш кіріп, ойындағысын ашық, кең түрде айта бастады. Тек өзіне қас адамдарға Ахметжановтың алдында ол жәбір көрген адам секілденіп уақтанғысы келмеді. Өзінің де ең қорыққаны шағым айтуға келген адамға ұқсап кетпесем жарар еді деген қауіп еді. Ол жел эрозиясы, қара дауылдар жайын сөз етті. Әңгімесінің бәрі жер тағдыры жайында болды... Жер тағдырына қарағанда өзінің, не әлгі Беков Сұлтанның тағдыры не тұрады?..
Ол көптен бері ойлап жүрген, жолай самолет үстінде, тінті түнде таң атқанша көзін іліктірмей, мазасын алған, төсегінде әлсін-әлсін аунақшытқан, ұмытып қалмайын деп жаттап алған тілегін, арманын, ойын — бәрін-бәрін Ахметжановқа айтып шыққандай болды. Расында да ол айтам дегенін айтып шыққан. Тек бір сөз ғана жүрегін өртеп, тілінің ұшында тұрды да қойды...
— Иә, иә, айта беріңіз,—деді Ахметжанов ананың сөзін қостай. Ол жас агрономның сөзін бөлмей бар ықыласымен тыңдады. Ал Хасенге Ахметжанов бұның сөзін әлденемен салыстырып, қатар қойып отырғандай көрінді.
— Тоқтамаңыз, айта беріңіз,— деді Ахметжанов тағы да,— ойыңызда не бар, бәрін айтыңыз.
Хасен енді тәуекелге бел буды.
— Маған бір нәрсе ғана түсініксіз,— деді ол,—Расымен, осы мен айтқандарды республика басшылары білмей ме? Жарайды, бүгін біздің «Алтын арай» ғана осындай жағдайда делік. Ал ертең, іске осылай немқұрайды қарайтын болсақ, бүкіл тың бұдан да сорақы халге ұшырауы мүмкін ғой?.. Осы сұрағыма жауап алғым келеді.
Хасен, өзі солай болсын демегенмен, берген сұрағы Ахметжановты ашуландырып тастар, ең болмағанда ренжіп қалар деп ойлаған. Ол енді Ахметжанов не айтар екен деп сабырсыздана күтті, бірақ көңілінің түкпірінде бәлендей қауіп тумаған-ды. Бар ынтасымен, ойлана тыңдағанына қарағанда, Асылбек Хасенді дұрыс түсінер деген үміт жас агрономды сендіре берді.
Хасеннің ойлағанындай болды.
Ахметжановтың бет құбылысына қарағанда, Хасеннің берген сұрағы да, өзі де оған ұнаған тәрізді. Ол енді Хасенге бір түрлі сынай қарады. Ал жүзінде пайда болған жымың, жас жігіттің өз сұрағын Ахметжановтың бет-жүзіне қарамай, жастық қызуымен бергендігіне риза болғандығынан туғандай.
— Мінезіңіз әкеңізге тартқан тәрізді,— деді ол жас жігіттің сұрағын мәймөңкелемей, тікелей айтқаны есіне түсіп. Мүмкін, бұл сөзді ол бөтен бір тек өзіне ғана белгілі ұғымнан шығарып айтқан болар, ол арасы белгісіз еді.
— Жергілікті жерде не боп жатқанын, сірә, сіз білмейді дейсіз ғой? Екі қолдарын алдына қойып, бос отыр деп ойлайсыз, әрине? Әлде сіз бұдан екі жыл бұрын алған қаулы, қарарларымызбен таныс емессіз бе? Ол қаулылар жел эрозиясына қарсы және жер құнарын өсіру үшін бір ғана тыңда емес, бүкіл Қазақстан бойынша агротехникалық шаралар мен жаңа тәсілді молынан қамтамасыз ету жөнінде алынған...
— Таныспын. Қаулы алу бір сәрі де, оны орындату — екінші іс. Екеуінің арасы жер мен көктей.
— Дұрыс айтасың, қандай іс болмасын, оны бақылап отыру керек. Демек, сайып келгенде істің нәтижелі болуы кімнен! Кім бұл іспен тікелей байланысты, бұл солардың жүзеге асыратын шаруасы емес пе? Ал жұрттың көбіне ескі ұзақ қисық жол жаңа түзу жолдан анағұрлым артық көрінетін әдеті.— Ахметжановтың даусынан ренжігендік үн естілді.— Беков Сұлтанның өзі де біздің қаулыларымызды бір жолын қалдырмай талдап, басынан аяғына дейін оқып шыққан шығар. Бірақ ол бүгінгі күнмен ғана өмір сүреді. Жаңбыр көп болып, егін өнімді шықса, ол жел эрозиясында несі бар, көкірегін көтеріп, аяғын мардамси басады. Ал жауын аз болып, аңызақ жел тұрып, егін өнімі шамалы болса, оның тағы ұнжырғасы түспейді, келесі жылға сенеді. Былтыр астықты мол бергеміз, биыл болмаса, алдағы жылда болады дейді... Ал келесі жылы да жауын болмаса ше? Арғы жылы да даланы қара дауылдар билеп алса ше? Сонда ғана барып Беков Сұлтан төбе шашын өзі жұлады, қаулыны есіне алады, жіберген қателерін мойындап, жаздым-жаңылдым деп кешірім сұрайды, өткен кезде алдыңғы қатардағы адам болғанын алдыңа тартады. Ал жер ше? Жерге одан келер қандай пайда бар?—Ахметжанов қабағын шытты,— бізде мұндай адамдар жоқ емес. Қазақ мұндайларды «қойын қасқыр жемей, бөрінің бөрік астында екенін білмейді» дейді...
— Онда кеш болады ғой...
— Сондықтан да мұндай шаруада бір қаулымен, бір қарармен ештеңе істей алмайсың. Қандай қиындықты болса да ойлайтын, жұртты бастай білетін, өз көзқарасын іске асыра алатын адамдар жеңеді. Солар шешеді. Өткен жылы Тың өлкесінде күз өте ауыр болды. Үкіметке астық тапсыру жоспарын орындамау қаупі туды. Көкшетауға Брежнев жолдастың өзі келді. Рыбачьеде Тың қайраткерлерінің мәжілісін өткізді. Міндеттер қоюмен қатар, сол міндеттерді орындау жолдарын көрсетті. Леонид Ильич кеткеннен кейін, райком секретарьларымен бірге есеп-шотқа отырдық, басқа мүмкіншіліктерімізді анықтадық, тіпті сол жылғы жоспар түгіл, алдағы жылдары астық өнімін өсіру шараларын белгіледік..; Ақырында, бір кезде отыз миллион пұт әзер беретін Көкшетау қазір үкіметке бес есе артық тапсырып отыр. Егер өз ісіне берік, жігерлі азаматтар болмаса мұндай табысқа қалай жетер едік? Мәселені әрқашан да білетін және сол білетінін іске асыруда қиындыққа қарсы тұра алатын адамдар шешеді.— Ахметжанов орнынан түрегеліп, сәл ары-бері жүрді.— Мысалы сізді алалық. Директормен тіл тауып, мәмлеге келу үшін, өзіңіз бастаған ісіңізді тастай алар ма едіңіз? Облыстың айтқанына көнер ме едіңіз? Жұртпен жанжалдасып қайтем деп ойлауыңыз мүмкін ғой. Ал сіз өйткен жоқсыз, бұларың дұрыс емес дедіңіз...
Дәл осы сәтте Хасен «Мені сол үшін қызметтен босатпақ» дей жаздады. Бұл ойынан тез қайтты. Осынау әңгіме болып жатқан үлкен істерге қарағанда, өзінің тағдыры оған ойыншық тәрізді көрінді.
— Демек, етектен тартатындар да бар,— деді ол.
— Ә, сіз қалай ойлап едіңіз!.. Бар іс, сіз ойлағаннан, аяғыңыздан шалмай, етегіңізден тартпай өте қояды дейсіз бе?—Ахметжанов томсара күлімсіреді, бірақ көзінде бір ерекше жылылық пайда болды.— Өмірде олай болмайды. Сол үшін де бізде Коммунистік партия бар. Ол бәрін өзінің орнына қояды. Ал мәселенің негізі, біздің арамызда сіздейлер көп. Олар әр нәрсеге мемлекет көзімен кең қарай алады. Сіз Павлодар облысында жел эрозиясының ықпалын қалай тоқтатқанын білесіз бе?. Тек жалғыз Павлодарда ғана емес...
Ахметжанов жатқа толып жатқан сандар мен адамдардың атын келтіріп, бұл жұмыс қалай жүргізілгенін егжей-тегжейін қалдырмай, айта жөнелді. «Алтын арайда» жер үшін күрес жаңа қолға алынса республика бойынша әлдеқашан басталған.
Кенет телефон шылдырлады. Ахметжанов телефон трубкасын алып құлағына тосты. Амандасып болып сәл тыңдады да: «Қазір мен бос емеспін, тыңнан келген жолдаспен сөйлесіп отырмын» деп телефон трубкасын орнына қойды.
— Сонымен тікелей айтсақ...— Ол үзіліп қалған ойын қайтадан жалғады,— қиындық кімде жоқ?— кенет ол сәл кідірді де, қырын отырған Хасенге ойлана қарап ақтарыла сөйлеп кетті.— Сен әлгі қиындық менде болмайды дейсің бе? Болғанда қандай! Кейде түнімен кірпік қақпай шығасың!
Бір кезде «Алтын арайда» болғанын айтып, Ахметжанов енді ондағы адамдарды сұрай бастады. Жаңа парторг — Угрюмовтың кім екенін, тыңды алғашқы жылдарында бірге көтеріскен Қазыбай Тілеуқабақовтың қандай күйде жүріп жатқанын сұрады.
Жоғарыдан нұсқау күтіп отырмай «Алтын арайда» қосымша тың көтергендерін мақұлдады. Сонан соң құнары кетіп бара жатқан жерге шөп еккен кезде, егіс көлемінің кішірейетінін, бұдан үкіметке беретін астықтың да кемитінін ескерте кеп, мұндай жағдай болмас үшін әр гектардан алынатын астықтың өнімі өсуінің үлкен маңызы барын әдейілеп түсіндірді.
Совхозда жүргізілетін шараларға жәрдемі тиер деп, Хасен ертең бармақшы болып отырған Ауыл шаруашылық министрлігіне тағы бөтен мекемелерге, Асылбек Ахметжанов әңгімесінің аяғында өзі телефон соқты.
— Сізге жәрдем береді,.— деді ол Хасенмен қоштасып тұрып,— алан болмай жұмысыңызды істей беріңіз. Тек есіңізде болсын, біз егіс көлемін азайтуға онша бара бермейміз, өйткені елімізде жылдан-жылға халық саны көбейіп келеді, ал халықаралық сауда-саттықта астықтың бағасы алтынмен тең. Бірақ сіздің сұрағыңызды біз қабылдаймыз. Тек, егерде үш-төрт жылда жеңіске жетпесеңіз...
Ол Хасеннің бетіне сынай қарады. Жайшылықта мұндай жағдайда «өзіңізден көріңіз» деудің орнына:
— Ал сіздің жеңіске жететініңізге мен сенемін,— деп сөзін бітірді.
2
Бірнеше күнде Алматыдағы бар шаруасын бітірін, Хасен самолетпен өзінің облысына кеп түсті. Аудан орталығына баратын автобусты күтпей, шайханадан қоректеніп алды да, қолында ауылдағы дос-жарандарына деген сый-құрмет затқа толған кішкентай, жаңа шамаданы бар, «Алтын арайға» баратын үлкен жолға шықты. Соңғы кезде ойындағысының бәрі болып жүрген Хасен, үстінде Тілеуқабақов, Угрюмов, Губанов бар, директордың «газик» машинасы дәл қасына келіп тоқтай қалғанына да тіпті таңданған жоқ. Үшеуінің де түрі солғын. Хасенмен жай ғана амандасты, жақын адамдардың кездесе қалғандағы қуанышы әлдеқалай кейін шегінгендей.. Неге бұлай? Өзі жоқта совхозда бірдеме болып қалған тәрізді...
Иә, бұл жоқта совхозда үлкен қайғылы оқиға болған және бүгін. Осы түске дейін.
Есіл жағасындағы қалың қурай өртенген. Өрт ар жағындағы қурап тұрған өзен бойындағы қалың талға барып тиген. Жел үрлеген от көп кешікпей, бүгін-ертең Губанов бригадасы келіп ормақ боп тұрған егістікке қарай беттеген.
Демалыс күні еді. Бригада қос маңайындағы механизмдерді ертеңгі күнге дайындап болып, поселкеге кеткен. Қоста екі-ақ жігіт қалған. Бірі Рамазан еді. Ол әлі де комбайнның бірдемесін жөндеуге тиісті еді. Екіншісі Толя Щеглов деген бала жігіт оның кезекшісі-тін. Таңертеңнен бері екеуі комбайндарын айналдырды, түс ауа Щеглов, балық аулауға құмарлығы ұстап, Есілге қармақ салуға кетті. Жел мұрнына жанған шөптің иісін жеткізген кезде ол, қазір желбезектері қып-қызыл, арқалары қара күрең ала, шомбал келген алабұғаларды шетінен шытырлатып ұстаймын деп қиялдана, Есілдің жағасында ыстық күнге онсыз да қара қайыс болған арқасын күйдіре тосып отырған-ды. Иіс қай жақтан келіп тұр деп басын көтеріп алғанда ол ең алдымен егіске қарай жылжыған түтінді, сонан соң түтін арасынан жыландай ирелеңдеп сумаңдаған қып-қызыл жалындарды көрді.
Қармағы мен алабұғаны заматта ұмытқан Щеглов кейін қарай жүгірді. Рамазан екеуі дереу бос тұрған тракторға соқаны тіркеп жіберіп, Алшынбек Айдынғалиев еккен егінжайға қарай жүргізді. Бұл тәжірибе егіс жері бұдан бұрын да, әлдеқалай өрт шыға қалса деп, соқамен қоршай жыртылған-ды. Бірақ қазір қатты жел тұрып, жапырақсыз талды шытырлата, қурап қалған қамыстың жалынын көкке шығара егіске екпіндей жақындап келеді. Пісіп тұрған тәжірибе бидайына бұл долы өрттің ең болмағанда ұшқыны түсуі сөзсіз. Онда бітті! Егінжай көзді ашып-жұмғанша жоқ болады. Жалғыз жол — егіндіктің жел жағындағы жыртылған қара жердің көлемін кенейте түсу керек.
Рамазанның өзінің үстіндегі курткасы от тиіп жана бастағанда, кеңітіліп жыртылмаған жер азғантай қалып еді. Үстіндегі киімі қызара бықсып, түтіні бұрқырай денесін күйдіріп, әкетіп бара жатса да Рамазан қайткен күнде де қалған жерді жыртып тастайын деп тракторынан түспеді. Ананың өртеніп бара жатқанын көрген Толя Щеглов өз тракторынан секіріп түсіп Рамазанның жанына жетті, бірақ осы сәтте өзінің үстіндегі әбден бензин сіңген комбинезоны лап етті.
Щеглов үстіндегі комбинезонды шешуге шамасы келмей, жыртылған жерге құлап түсті. Енді тракторынан Рамазан секіріп түсті. Жанып жатқан жолдасының киімін жалаңаш қолымен, кепкісімен, жаңа ғана жыртылған жерменен сөндіре бастады.
Бұлардың дәл осындай күйінде Прокофий Михайлович та келіп жетті. Осы бүгін таңертеңнен бастап, неге екені белгісіз, бір жамандық болардай, жүрегі лүпілдеп мазасы кетті де тұрды. Енді үйінде отыруға шыдай алмай, егіс басына келген. Және дер кезінде келді...
Толя мен Рамазанды қалалық ауруханаға алып келді. Дәрі жағып, мұндайда ең керекті жәрдемдер істелгеннен кейін, дәрігердің өзі шықты.
— Мықты жігіттер, мықты...— деп бірнеше рет қайталап сөйлен, маңдайындағы бұрқыраған терінің буын сүртті, сосын сәл жүдей езу тартып Губановқа қарап. Біреуі... сізден өзендегі қармағын жинап алуды сұрайды,— деді, содан кейін директор мен парторгке бұрылды.— Екіншісі, сіздерге күдерін үзбесін дейді... Әлі қайтып келіп оркестр барабанында жаңа маршты қағып беремін дейді...
Ауыр хабарлар еді. Хасен жол бойы сұраумен болды. Оның көз алдында жерді жалай, жүз басты айдаһардай ысылдай жылжыған мың сан қып-қызыл тілді жалын, айдалада иесіз қалған екі трактор, жер аунап жанталасып жатқан екі жас жігіт тұрды да қойды. Және Меруерт екеуі алғаш рет совхоз алаңында билегенде, Рамазанның таяқшасын лақтыра, барабанды секірте ойнақтата ұрған өнерпаз қос қолының қазір ақ марлымен таңылып тырп етпей жатқаны әлсін-әлсін елестей берді... Ал Толя Щеглов ше?.. Сөзуар емес, жұрт көзіне көп түсе бермейтін ұяң бала жігіт болатын. Бидай сабағындай сары шашты, көзі Есіл өзенінің суындай көкпеңбек, мөп-мөлдір... Өзге құрбыларынан бір-ақ айырмасы бар-тын. Жұмыстан бос уақытында қолынан қармағы түспейтін, балық аулауға құмарлығы соншалық, қит етсе Есіл жағасына баруға асығып тұратын. Хасен Алматыға жүрер алдында, өзге жолдастарының ананы-мынаны тапсырып жатқанын көріп, бұ да қысыла, неміс не жапон жалтырауық қармағын әкелуін сұраған. Ең жұқасын, ноль бір, не ноль екісін... Жұмыстан басы қатып жүріп, әрине Хасен жалтырауық қармақты тіпті ұмытып кеткен... Қазір есіне түсіп ұялғанынан жерге кіре жаздады. Ал сонда жалтырауық қармақта не тұр? Дым да тұрған жоқ, бұл әшейін еріккеннің ісі және Хасен ұялса, толып жатқан жұмыстың соңынан жүгіріп жүріп жалтырауықты ұмытып кеткендігінен, «Спорт заттары» дүкеніне бара алмағанынан ұялып келе жатқан жоқ, ол ұялса, өзінен өзі қысылса онысы тек өзінің замандастары отқа күйіп жатқанда, бұның солармен бірге бола алмағандығынан, дер кезінде жәрдемін бере алмағандығынан туған күйік еді. Егер бұл сол кезде ер жігіттермен бірге болса, мұндай қайғылы оқиға болмас еді!
Енді міне Угрюмов иен Губановтың ортасында, секеңдеген «газикте» отырып, Тілеуқабақов машинаны жүргізушімен қатар алдында отырған, Хасен, өзінің дені cay, терісін өрт шалып бүлдірмеген, қолы, аяғы бәрі мықты, бүтін, ал сана-сезімінде әлі де Алматының жұмсақ, мөлдір судай таза ауасымен дем алып келе жатқандай халде екенінен, болған оқиғаға дәл өзі айыптыдай, өзінен-өзі қысыла түседі... Мұнда болған оқиғамен салыстырғанда өзінің басынан өткен жайлар, жүрек толқындары, Алматыда қанша жүргені, шаршағаны, мәселелер шешкені — бәрі-бәрі өзінің қызыл бояуын жоғалтып, дымға тұрмайтындай боп қалды...
Ал совхоздың бар ісіне қанық Угрюмовты, Тілеуқабақовты, Губановты, мәселе Алматыда қалай шешілгені қызықтырған. Енді жолдың екінші жартысында бұлар осыны сұраумен болды. Хасен бұлардың сұрақтарына жауап бере келе жатып, ол сол күні Ленин алаңындағы үлкен үйге бара жатқанда қобалжығанын, жолай қалтасындағы бар бақыр ақшасы біткенше, әр автоматқа бір тоқтап, күміс көбік атқан, мұздай газ суын стакандап ішкенін қайтадан есіне түсіріп бір толқып алды. Хасен ақырын жымиды. Сол күні түнде ол жаман ұйықтап шыққан. Түс көрген. Түсінде Ахметжанов оны қабылдамайтын боп, ол ауыз үйінде отырған биязы мінезді, кәртаң тартқан сары хатшы әйелге өзінің кіруге тиісті екенін айтып, дау шығарып, өңештеп көнбей жатқанында,— номердегі көршісі, сөйлейсің бе, әлде кімге өкпелейсің бе, әйтеуір ұйқы бермей қойдың деп оятып жіберген... Бұның бәрі, әрине, уақ нәрселер еді. Хасен жай әшейін есіне түсіргені болмаса машинадағыларға өзінің Ахметжановпен не сөйлескенін айтып берді. Бір ғажабы, қазір даңғыл жолмен діріл қаққан машинаменен ағып келе жатып, сонда сөйлескен Мәселелерінің қаншалық маңызды екенін өзі де жаңа ғана толық ұққандай.
Хасенді әрқайсысы әр түрлі тыңдады. Федор Иванович әңгіменің ең түйінді жері ғана қызықтырды. Агрономды тыңдап отырып, бұрын да мәселенің дәл осылай шешілетініне күмәнданбағанын сездіргендей басын изеп қояды. Губанов бұдан кейінгі күндерде не шығады, қандай жоспарлар құрылуы керек, соны ойлайды. Ал, Тілеуқабақов бұл кездесудің әр минуты, әр қимылы қымбаттыдай, ештеңесін қалдырмай айтуын сұрайды. Қалай отырдыңдар? Қатар ма, әлде қарама-қарсы ма? Бір столдың басында ма? Өзі жүдеу емес пе екен? Ол не деді, сен не дедің? Сөзінің астарын түсіндің бе? Қабағын шытты ма? Ә, бұл жерінде күлген шығар? Бәрін-бәрін сұрап жатыр. Ахметжановтың түрінің шаршаған адамның түріндей жүдеу екенін естіп, Қазыбай тұнжырай қалады. «Жұрт ананы, мынаны сұрап мазасын ала беретін шығар!» Ал Ахметжановтың өзін ұмытпағанын, «Алтын арайға» келгенін естігенде, төбесі көкке жеткендей, мәз боп қалды. «Қойшы? Расымен сөйдеді ме?» Және Ахметжановтың «қойына қасқыр шаппай, кейбіреулер бөрік астында бөлтірік барын ұмытып кетеді» деген сөзін бірнеше рет қайталай айтып:
— Дұрыс, дұрыс...— деді ол,—Бастықтар нұсқау бермей, өз көзіне өзі сенбейтін, қойға қасқыр келе жатқанын білгісі келмейтін адамдар бізде аз емес...
Ол бұл сөзін айтқанында Беков Сұлтан туралы ойлады ма екен? Әлде Угрюмовпен, Хасенмен талас кездеріндегі өзінің қатесін мойындағаны ма? Екеуі де Қазекеңнің намысына тигілері келмеді, және оның мінезі де өздеріне белгілі еді. Бір беткей, ескі тәртіп адамы. «Отқа түс!» деп бұйырса отқа түседі. «Өлсең де көнбе!» десе — өліп кетуге бар, көнбейді. Ал анық, тура бұйрық жоқ жерде Қазекең өте сақ, ой, қандай сақ десеңші! Егер жоғарғы жақтан бұйрық болмай, іс төменгі жақтан басталатын болса және оған «жоғарғы жақтың» қалай қарайтыны белгісіз келсе,— мұндайда Қазекең жүз рет тексереді, жүз ретінде де өз тексергеніне сенбейді, қарсы ондаған дәлел табады, әйтеуір не керек «жоғарыдан жарлық келмей ешбір жаңа іске аяқ баспайды. Ал егер бұл бұйрық келер болса, тіпті бұйрық емес-ау, осылай болсын деген ишарат істелсе де жеткені, онда Қазыбай кереметті көрсетеді — жұрт тек таң қалумен болады! Онда Қазыбайда ақыл да, айла да табылады, шаршауды білмейді, от боп жанады, өзгені де оттай жандырады...
Иә, солай, Қазыбай,— деп ойлады іштей күліп Федор Иванович, құдай өзі сені осылай жаратқан ғой, кім сені өзгерте алады?... Өзгертудің де керегі жоқ шығар! Әркімнің өзінің мықты жағы болады,— Тілеуқабабақов та өзгелерден өзгеше емес шығар... Ал қазір біздің ойымызды жоғарғы жақ мақұлдап, ештеңеге алаң болмай жұмыстарыңды істей беріңдер деп отырғанда, Тілеуқабақов енді өзін көрсетеді. Жасы келгеніне қарамайды, жарысқа түсіп әккі болған кәрі тарлан әлі бәйгені сап алар!
«Адамның кемшілігі — оның қасиетін толықтырады дейді ғой деп ойлады Угрюмов,— Қазекең де дәл солай. Оқасы жоқ, мәселені егер коллектив шешсе... Сайып келгенде бәріне де қожайын коллектив қой..»
Угрюмовтың не ойлап келе жатқанын Хасен білген жоқ. Бірақ, зырылдап келе жатқан «газиктен» екеуі бірдей, ұшы-қиыры жоқ егіс даласына қарағанда, екеуінің де ойы бір жерден шығып жатқаны сөзсіз. Желмен ойнаған тұлпардың жібек жалындай, алтын дән теңселе толқып, ақырын қозғалып тұр. Батып бара жатқан күн бүкіл әлемді қып-қызыл нұрына шомылдырып жатқандай. Осы алқызыл алтын сәулеге бөленген егіс даласы да кенет күн нұрынан тұтанып, қып-қызыл өртке айналып кетердей ақырын теңселеді. Бұл егіс даласы. Ертең осында алтын дән үшін ұлы күрес басталмақ. Сол күрес басталар ма екен? Әлде бүгіннің өзінде-ақ басталып кетті ме? Иә, иә, сонау Есіл жағасында екі жас тракторымен өртке қарсы шыққаны сол күрестің басы емес пе еді?..
3
Егін ору басталды. Биылғы жаздың «Алтын арайға» жеңіл тимегені бәрімізге мәлім. Бірақ «Алтын арай» тың өлкесіндегі ең үлкен совхоздың бірі еді. Оның егіс даласы он мыңдаған гектар жер алатын. Жел эрозиясы бүлдіре алмаған кей алқаптарында бидай тақа жаман шыққан жоқ-ты. Ақсеңгір егіс даласы да жұрттың үмітін ақтады. Өткен жылдан қалған бидай сабағының он бес жиырма сантиметрдей қалдығы, жер құйқасын аудармай жыртудың топырақты арқасында топырақты жел эрозиясына ұшыраттырмады. Жаздың орта кезінде әдейілеп осы араға арнап жаудырғандай, кенет пайда болған өткінші жауындар да бидайдың дәнденуіне себеп болды. Қысқасын айтқанда Ақсеңгірде әжептәуір егін шықты.
Ендігі міндет — осы астықты күзгі жауын-шашынға ұрындырмай, бір дәнін қалдырмай жинап алуда еді.
Егер күзге қарай ауа райы бұзылмаса Тың өлкесі үкіметке берер астығын дер кезінде жинап үлгіреді деген үміт мол еді. «Астығым жақсы шықты деп қоймаңа түсіп болғанда мақтан» дейтін ескі диханшылар. Бұл мақал әдейі Тың игерушілерге арнап айтылғандай еді. Кенет жаңбыр басталып, суық ерте түссе, — жер бетін қар басады, егін қардың астында қалады. Ондай дәні үсіп кеткен бидайдан қандай пайда? Міне, сондықтан да бүкіл совет елі боп Тың өлкесінің астығын аз мезгілде жинап алуға тырысатын. Күздің бас кезінде ашық күндерді өткізіп алмау егін орағының ен керекті міндетінің бірі. Украинадан, Кубаньнан, Белоруссиядан, тағы Отанымыздың егін орағын бұрын бітірген жерлерінен он мыңдаған автомашиналар, комбайндар тиелген эшелондар үсті-үстіне келетін. Бұл кезде студенттер, жұмысшылар, қызметкерлер, қаладағы аудитория, цех, мекемелерін уақытша ұмытып «Тың шақырады!» деген ұранға құлақ қоятын. Өйткені Тыңға жұмысшы қолы керек! Тың астығы ұзақ күте алмайды!
Бұрынғы жылдардың әдеті бойынша, «Алтын арайға» биыл да көптеген техника мен студенттер келуі керек еді. Студент кезінен Хасен тың астығын сырттан келер көмексіз жинап алуға болмайтынын білетін. Өйткені ұшан-теңіз алып далада шегіне көз жетпей шайқалған қалың егінді дер кезінде жинап алу оңай жұмыс емес. Бірақ бұл көмек совхоз, колхоздарға үш есе қымбат түседі...
Ал егін ору кезінде қаладан далаға көп адамның келуі — үйреншікті әдет. Астығы мол қай ел болмасын, мысалы Канада, Америка Құрама Штаттары, егін оратын кезде, мезгіл жұмысшы деп аталатын, қала адамдарын пайдаланады. Бірақ ондағы жұмысшы мен біздің тыңға келетін адамдардың арасында жер мен көктей айырма бар екенін Хасен жақсы білетін. Біздің адамдар, егер Отанға керек болса, ештеңеге қарамайды, халқы үшін, халқының жақсы тұрмысы үшін қандай еңбектен болса да қашпайды, Отан шақырса болғаны лек-легімен ағылады. Ал шетелде, әсіресе Канадада жұмысшы қолын олай пайдаланбайды, әр фермер тек өзіне керегін ғана жалдайды. Осындай экономикалық көзқарастың арқасында о жақта күзгі егісті жинаудағы шығын біздікінен көп төмен келеді. «Неге бұлай, деп ойлайтын Хасен, кейде бір совхозға соншама адам жіберіледі, көбін қайда пайдалануға білмейсің... Ақша алғаны болмаса мұндай қаптаған адамнан, кейде бос тұратын ауыл шаруашылығы машиналардан еш пайда жоқ. Пайда орнына зияны бар. Олардың бар шығыны совхоз кассасынан төленеді. Кейде бұған совхоздың үкіметке астық өткізіп тапқан табысының тең жартысы кетеді. Егер қаладан жіберілген жұмысшы, қызметкерлердің өздерінің жұмыс орнындағы жалақылары, ал студенттердің стипендиялары да өздеріне берілетін болса, үкіметке қанша зиян келеді, қанша қаражат босқа шығады!»
Осы арадағы совхозға деген астық жинау техникасы мен студенттер, оның ішінде «Алтын арайға» арналған көмектер де ертең Атбасар станциясына келеді екен деп Угрюмов пен Хасенге Тілеуқабақов айтқан-ды, жұртты совхозға әкелуге станцияға Хасен өзі бармақ болды.
— Биыл бізге жылдағысынан көмек анағұрлым кем керек деді ол. — Егістің шығысымен санассақ екі жүз адам, он комбайн, отыз астық таситын машина жеткілікті... Солай деп Беков Сұлтанға телеграмма берсеңіз... Әйтпесе, ол келген жұрттың бәрін үйіп-төгіп «Алтын арайға» жіберіп жүрер. Мұндай қастығын ол достығым деуден қашпас.
— Әлгі айтқандарың аз болмай ма?—деді Қазыбай.
— Керегіміздің бәрін есепке алдым. Тілеуқабақов «сіз не айтасыз» дегендей Угрюмовқа қарады.
— Мен де осы жетеді ғой деп ойлаймын,— деді парторг. Өз күшімізді пайдалануымыз керек. Дұрыс бөлсек, жетіп қалады. Бұл күнде сан емес, сапа шешеді, Қазеке, істі дұрыс ұйымдастыру — біздің міндет.
Айтқандарың дұрыс тәрізді. Биыл агротехника мен ағаш отырғызуға көп қаражат шыққалы тұр ғой. Әр тиынды қадағалап жұмсаған жөн. Бековке телеграмма берудің қажеті болмас. Ертең өзі Атбасарға келеді. Хасен со жерде келісер. Ал алда-жалда ол көне қоймаса, аудандық партия комитетіне барар... Хасен езу тартты.
— Жақсы, Бековпен тіл табармын...
Әйтсе де Бековпен кездесетініне ол бәлендей қуана қойған жоқ.
Ертеңіне Хасен келген станцияда, той болып жатқандай, жұрт қарақұрым екен. Жол біткеннің бәрінде эшелондар тұр. Ашық вагондардан түсіріліп жатқан егін комбайны, жүк таситын машина, тағы басқа техникалар. Бұлар сол вагоннан түскен қалпында, станция алдындағы алаңға тізіліп кеп тоқтамай, бірден Сарыарқаның түкпір-түкпіріндегі совхоздарға кетіп жатыр. Ал студенттер, жер көруге шыққан саяхатшылар тәрізді, кигендері тылтиған джинсы шалбарлары, арқаларында рюкзактары, қолдарында, үнемі өздерінің серігі, гитаралары, бүкіл вокзал алаңын жайлап алған. Күлкі, қалжың, өлеңнен құлақ тұнады. Бұл у-шу топтарда кім жоқ. Байсалды қараған кубаньдықтар да, қою мұрт молдавандар да, сұңғақ, мықты денелі Еділ бойының жігіттері де, көздері қулана күлімсіреген Полтава украиндері де бар... Бұлардың бәрі де, тыңға бірнеше келген, ыстық күндерді де, суық жаңбырларда да бастарынан талай өткізген, балшықты тайғақ жолдарға үйренген, қара дауылдарға да қарсы тұра алатын әбден шыныққан жандар.
Хасен әзер дегенде Беков Сұлтанды аудандық атқару комитетінің жанынан тапты. Бұл тексеру ретінде Атбасарға бір-ақ күнге келген. Анандай жерде жылтыраған қара, жап-жаңа «Волга» машинасы көрінеді. Өзі жанында бір топ қоршаған адамдары бар, әдеттегі бастықтың кейпін сақтай, әлдекімдерге бұйрық беріп тұр.
Хасенге көзі түсіп кетіп, сөзін бітірмей тоқтай қалды. Әдемі, тәкаппар жүзінде кенет сасып қалғандай белгі пайда болды да заматта сөнді. Беков қайтадан өзінің ызбарлы түріне енді.
— Міне, алтынарайлықтар да келіп қалды,— деді ол Хасенге қолын бере, мықты, аппақ тістерін көрсете күлімсірей,— сіз машиналарыңызбен келдіңіз бе?
— Сегіз машина әкелдім.
— Неге аз?— Таңдана сұрады Беков,— сендердің совхоздарыңды адаммен, машинамен толық қамтамасыз етеміз деп біздің жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүрсе...— Беков «жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүр» деген сөзді әдейі мысқылдай айтты. Бұны Хасен де түсінгендей,— сіздің совхозға деген астық жинайтын машиналар әлі жолда. Кісілерді қазір әкетуіңе болады...
— Бізге екі жүз адам жетеді. Жаңа Алматы ауылшаруашылық институты студенттерінің түсіп жатқанын көрдім. Өткен жылы олар біздің совхозда болыпты. Көбі машина да, комбайн да жүргізе біледі. Соларды берсеңіз болады. Ал комбайннан керегі он, машинадан отыз...
— Бар болғаны сол-ақ па?
— Иә. Бізге сол жетеді.
— Тағы не ойлап таптың, Атымтаев?—деді иығын сәл көтеріп — Бірдеме ойлап тапқансың ғой, тапқансың ғой...— деді, сол «бірдеменің» ар жағында не жатқанын білгісі келгендей әлсін-әлсін қайталап.
— Ештеңе де ойлап тапқам жоқ. Тек өз күшімізді дұрыс пайдаланғымыз келеді. Оның үстіне биыл астығымыздың қандай екені өзіңізге де мәлім ғой...
— Мәлім болмай!..— Беков агроном сөзін іліп әкетті,— Егіндеріңнің шығымы, шынын айтсақ, қотыр ешкінің жүніндей... Бір жерінде тұтасып тұр, бір жерінің құйқасы көрініп жатыр... Мүмкін егін машиналары сіздердің совхоздарыңызға тіпті керек болмас?
— Жоқ керегі бар. Шамамыз келгенше егінімізді ерте жинап алуымыз керек.
— Ұқтым... — деді Беков, сол бұрынғы қалпында тағы Хасенге сенімсіздене қарап,— Ұғамын. Жарайды,— ол жанында тұрған былғары тужуркалы адамға бұрылды. Атымтаев жолдасқа сұрағанын беріңіз. Бермейтін болсаңыз... қайдан білесіз, тағы Алматыға арыз етіп жүрер...
Хасен суық үнмен жауап қайырды.
— Енді өйтудің керегі болмас деп ойлаймын...
Хасен Ахметжановта болған күні, Алматыдан облыстық басқармаға Атымтаевқа жәрдем көрсетілсін деген телефон соғылған. Жоғары жақтың мұндай нұсқауды текке бермейтінін білетін әккі Беков Хасенді бөтен жаққа ауыстырудан бірден бас тартқан. Оның үстіне Угрюмовтың да сөзі есінде сақтаулы еді. Және осы күнге дейін облыс көлеміне абыройлы болып келгенмен де, обком бұны қатты ескерткен. Бұл ескерту оны іштей шамдандырып тастады. Өйткені совхоздың әлдеқалай агрономы емес, халық қазынасының күзетінде бұл тек өзім тұрмын деп санайтын.
— Айтпақшы, басқармада сіздің зоотехниктеріңіздің баяндамасын тыңдауға рұқсат етеді деп сенемін,— деді Беков біреудің қытығына тигісі келген әдеттегісіндей көзін сығырайта түсіп.— Алдыңғы қатардағы тәжірибелерді бөтен совхоздарға да таратуымыз керек... Оған менен сәлем айтуды ұмытып кетіп жүрмеңіз.
— Сіз оны тілеген уақытыңызда тыңдай аласыз,— деді Хасен,— оған бәлендей арнаулы рұқсаттың керегі жоқ. Бірақ біздің совхозға тиісті жәрдеміңізді көрсетпей тұрып, зоотехникті тыңдаудың қажеті болмас,— ол жымия күлімсіреді.— Бұны істемей алдыңғы қатардағы тәжірибе жайындағы жан ашуыңыз жұртқа бәлендей сенімді көрінбеуі мүмкін.
Беков жауап қайырмады, тек Хасенге ауыр көз тастады да қойды. Сонан соң кілт бұрылып қара машинасына қарай аяңдады.
Соңғы шыққан әдемі қара машина орнынан қозғалғанда барып артынан қарап тұрған Хасен:
— Ренжіп қалыпты... Жеке бастың намысы жұртқа ортақ істен қымбат емес екенін түсінгісі келмейді... Бірақ амал не, бәрібір түсінуге тура келеді, Беков жолдас!
Жанында былғары тужуркелі адамы бар Хасен енді станцияға қарай беттеді.
Егін ору басталған алғашқы аптада жаңбырсыз, желсіз, күн ашық болды. «Алтын арай» совхозында да жұмыс қызу жүріп жатты. Күні-түні егіс даласында комбайндардың дырылы, машиналардың дүбірі тынбады. Күн көзі қыздырған ыстық бидайды, самосвалдар бірінен соң бірі бригада токтарына әкеп төгумен болды. Бұл арада бидай үсті кернеулі басқа машиналарға тиеліп, мұндай машиналардың соңынан екіден, үштен қосымша ернеулі «тіркенділер» жалғанып, кәдімгідей жүкті құрама поезд істеп, элеваторларға жөнелтілді, Жұмыс күндіз-түні делінбеді, бір тоқталмады. Күні бойы істеген жұмысынан шаршағандай, ен ақырғы рет әлемге қызыл алтын сәулесін төгіп күн батып, салқын түн келіп, қара мақпал көк бетінде жыбырлап жұлдыздар пайда болған шақта да, комбайндардың тынбай шыққан дүрілі естіліп, жазық далада қаптаған жүк машинасы шамдарының жарқылдаған сәулелері жер бетінде ойнап жатты...
Түнгі салқын жел бүкіл Сарыарқаның үстін жусанның қышқылтым исімен жапты. Бұған бензиннің ашқылтым, қызған темірдің қаңсық, дүние жүзінде ең қадірлі иіс — піскен бидайдың иістері тәрізді қазақтың бұрынғы кең даласына таныс емес, жаңа иістер қосылды!
Әттең, не керек, егін жинау жұмысы бұндай қарқында ұзақ бола алмады. Аспанда сабалақ-сабалақ бұлттар пайда болып, біртіндеп көк бетін олар киіздей қымтап, жұрттың үрейлене күткен ақ жауыны басталды. «Алтын арайдың» бөтен қиындықтары аз болғандай, енді оған ерте түскен күздің әлегі кеп қосылды. Орылмаған егін жаңбыр сіңіп, ауырлап, жерге жатып алды. Комбайн біткеннің бәрі тоқтады. Астық тиелген, элеваторларға бара жатқан машиналар, жол бұзылып, айдалада тұрып қалды. Адам біткеннің бәрі егіс басындағы кішкентай вагондарға, шатырларға, қостарға тығылды. Бірақ ешкім де енді әнеугіден бергі ұйқысыз түндердің есесін алып, көсіліп бір жатайын деп қуанбады. Жұмыстың ең ауыр кездерінде, көзіңе тығылған ұйқыңды қашырған, не бойыңды сергітіп, тіпті бір шаршаған шақтарыңда көңіліңді көтерген студенттердің біресе ана жерде, біресе мына жерде шығатын көңілді, жарқын әндері, адамның қайғысын молайта түспейін дегендей, енді тіпті естілмейді...
Бірақ сәл бұлт тарап күн көрінсе, не жаңбыр тоқтап, жел бидайды кептіре бастаса болғаны — заматта жұмыс қайта басталады. Жаңбыр бітіп, күн қайта шығып кептірер деген үмітпен, ойпаттағы егінді сол қалпында орып, жерге сұлата құлатады.
Әйтеуір кенет жаңбыр тоқтап, аңсап күткен күн де жетті. Жер бетінде салқын жел тұрып, аспанда бұрынғыдай тақа қыздырмаса да, алтын күн шарықтай жүзді. Бірақ жақсы ауа райымен жоғарыдан тікелей бұйрық та келді: «Комбайн біткен енді егінжайға тікелей салынсын» деген.
Бұл бұйрық бөтен совхоздарға мүмкін дұрыс та шығар, ал егер әдеттенген жағдайына қарасақ «Алтын арайға» тым қолайлы емес еді. Тілеуқабақов дереу мәжіліс шақырды. Өздерің шешіңдер деді ол, бізде екі жол бар. Бірі — комбайндарды тікелей егінжайға салып, үкіметке су астықты өткізу. Екіншісі, егіннің кебуіне, пісуіне қарай бөлек ору. Су болса да дәні толған егінжайларды орып тастап, артынан күн шықса кептіріп, сосын айдап, үкіметке құрғақ бидай тапсыру.
Егінді былай орудың өзіндік жақсылық жағы бар: бидай жерде жатып кебеді, дәні толығады, үкіметке де, совхозға да тиімді; Ал қаупі де аз емес: егер күн ашылмаса мұндай бидай жатып қалып, көгеруі мүмкін, тіпті қыс түсіп кетіп, қар астында қалуы да ғажап емес.
Хасеннің сөзі Қазыбайды көндірген. Артынан бес-алты күн өткеннен кейін, облыстан ең алдыменен «астықты неге өткізбей жатырсыңдар» деген телефон қағылып, соңынан ызғарлы үндермен «тез бидайларыңды элеваторға өткізіңдер, өткізбейтін болсаңдар, тиісті шара қолданамыз!» деген сықылды бұйрықтар түсе бастағанда, Қазыбай бар ауыртпалыққа, соққыға өз кеудесін тосты.
— Енді бес күннен кейін өткіземіз!—деді ол.
Екі күн өткенде:
— Енді үш күннен кейін...— деп отырып алды.
Алыс жерден шаршап келіп, жерге қулай кеткен жасыл шинельді солдаттардай, әлі әбден пісіп болмаған көк егін, комбайнның соңынан жапырыла құлап жатты. Егін даласына енді поселкенің бар бас көтерер адамы шықты. Оқушы балалар, шеберханалардың жұмысшылары, пенсиядағы шалдар, бала бағып отырған қартаң әйелдер, бірде-бірі қалған жоқ. Бұлар ауыр жылдағы егін тағдыры далада шешіліп жатқанда үйлерінде отыра алмады. Олар комбайндардың соңынан жүріп, егін дымқыл жерде жатын қызып кетпесін деп көк бидайды шатыр ғып үйді. Тта тау-тау боп үйілген бидайларды студенттермен қатар тұрып күректерімен аударыстырды. Топ-топ болып жолда тоқтап қалған машиналарды саз балшықтан шығуға жәрдем берді. Жолдарды жөндеді, шұңқырларды таспен, топырақпен, сабанмен тегістеді, әйтеуір қолдарынан келер жұмыстың бәрін істеді.
Губанов өзінің механизаторларымен бірге, бір тәулікте жиырма сағат ұдайы комбайндарынан түспеді. Өзі ащы терден, бір тынбай соққан желден, ұйқысы қанып бір ұйықтамай, екі көзі қызарып, шүңірейіп, қара қошқылданып әбден жүдеп бітті.
Уақыты жетіп, орнына Юхань отырып, өзі жерге түскенінде оған жер, комбайнның үстіндегідей селкілдеп тұрғандай көрінді. Көзін жұмса, бәрібір ұшы-қиыры жоқ егінжай, толқыған теңіздей үкілі бастарын теңселтіп көз алдынан кетпеді...
Губановтың алып «Колосымен» қатар, Рамазан мен Анатолий Щегловтың «Сибирягі» егінді жайпай жүрді. Бұл комбайнды Прокофий Иванович Қарабанға беріп жатып:
— Әзірге осы комбайнда істейсің... Бірақ жалғыз өзің үшеуің үшін...— деген.
Қарабай сасып қалған. Өлім аузынан қалған Рамазан мен Толяның ерлігі жазылған аудандық газетті кеше ғана бригадада Юхань дауыстап тұрып оқыған-ды. Олардың комбайнына отырардай Қарабан сонша не істеп еді?
Ертеңіне «Сибиряк» егінжайға шыққанында, жұрт комбайнның ең көрінер жерінде, аудандық газеттен ойып алып, желімдеп жапсырған Рамазан мен Толя Щегловтың суретін көрді. Ал Қарабай кабинада, тақта отырғандай, кенет салмақтана қалған. Жан-жағындағы адамдардан ұялғандай кепкесін көзіне түсіріп, бар ықыласын алдындағы егіс даласынан еш жаққа аударар емес.
Бұл күндері Хасен ұйқыны да, асты да, шаршаудың да не екенін ұмытты. Бұл бірінші егін ору — жас агрономның өміріндегі ең алғашқы сыны! Жұрт оны күндіз де, түнде те тек токта, машина шеберханаларында, не егіс далаларында ғана көрді. Бірақ ол өзінен-өзі әбігерленіп, сасқалақтап жұрттың мазасын алмады. Айтқан сөзі орнықты, істеген ісіне ұқыпты, әрқашан да сабырлы екенін жұртқа танытты.
Ол ұйқыны да, асты да ұмытқанымен, Меруертті ұмытқан жоқ.. Меруерт астық тиейтін жерде санақшы боп істейтін. Бұларға, кейде әлдеқалай кездесіп қап, бірінің бірі аман екенін біліп, тек күлімсірей бастарын изесе соның өзі жеткілікті еді.. Тек бір-ақ рет маңайларында ешкім жоқта тілдесіп қалды.
— Сен сондай әдеміленіп кетіпсің, Хасен,— деді Меруерт байқап қалдым, сенен студентка қыздардың бәрі көздерін алмайды.
Бәйгіге шапқан аттай өзінен тер иісі аңқып, ерні жарылып, шашы ұйысып, әбден шаршап жүргендіктен ол қыз жай әншейін ойнап айтады екен деді.
— Жоқ сен бұрынғыңнан да әдеміленіп кетіпсің,— деді сенің көзің жұлдыздай жарқырайды...
— Мазақ еткің келеді ғой, деді Меруерт бұртиып.
Басында шаң басып сұрғылттанып кеткен орамал, аяғында өкшесі жымырайған туфли, шоферлермен үнемі айқайласа сөйлесем деп бұрынғы нәзік даусы да енді қарлыға шығып, құлаққа жұмсақ тимейді.
Меруерт өзін қазір адам көргісіздей сүйкімсізбін деп ойлайтын.
— Қазір менің қандай арманым барын білесін. бе,- Хасен, - деді ол,— егінді жинап болғаннан кейін, екеуміз екі жорғаға мінеміз де айдалаға тартып отырамыз. Онда. екеуімізден басқа тек ай ғана болады. Ай ақырын көкте қалқып, әлем бетіне күміс сәулесін төгіп жүзе берсін... Сен «қыз қуу» ойнап көргенің бар ма? Жоқ? Мен де ойнап көрген емеспін. Ал мен ең болмаса «қыз. қууға» қатысқым келеді!
— Солай ма?—деді Хасен.— Онда... Астықты жинап, ағаштарды отырғызып болысымен қайтсек те «қыз қууды» ойнаймыз.
— Ал күзгі жер жырту қайда қалады?— Күліп жіберді Меруерт,— ағаштарды отырғызғаннан кейін, сен ұмытып кеттің ғой, күзгі жер жырту бар емес пе!
— Мен ештеңені де ұмытқан жоқпын!— деді күліп Хасен,— сен өзің «қыз қууды» ұмытып кетіп жүрме!
Егін орылып бітіп, комбайндарды бидай айдауға салатын күн де туды.
Бірінші рет Қазыбай, іштей еш наразылық көрсетпей, телефон трубкасын қолына алды.
Телефон соғып тұрған Беков Сұлтанның өзі екен.
— Тілеуқабақов жолдас, сіз берген ақпарыңызда бірдемені шатыстырып алған секілдісіз?—деді ақпардағы санды қайталап айтып,— немене үш күннің ішінде осыншама астық тапсырдыңдар ма?
— Ақпар дұрыс!—деді Тілеуқабақов.— Ешкім ештеңені шатыстырған жоқ.
Ұзақ уақыт телефоннан үн шықпады.
— Жарайды, олай болса,— деді әлден уақытта Беков — Бұл мен күткеннен анағұрлым артық... «Алтын арай» адамдарына рахметімді айт...— Сәл тоқтап, қайта сөйледі,— Атымтаевқа да солай дерсің. Және оған екеуіміздің соңғы кездескенімізде мен сәл қызба мінез көрсеткендеймін, көңіліне ауыр алмасын... соны айт.
— Айтам,— деді Қазыбай,— сөзсіз айтам...
Беков емес, енді жаратылыстың өзі «Алтын арайға» деген ашуын кең пейілдікке ауыстырғандай. Көп күткен күздің жайма-шуақ күні келді. Орталы қырманда бидай тау-тау боп үйіліп жатты. Машиналар енді күндіз-түні демей алтын дәнді элеваторға тасумен болды. Элеваторға қарай тізілген машиналарға қарап тұрып, Хасен, егер көктемнің аяқ кезі мен жаздың бас шеніндегі қара дауылдар соқпаған күнде «Алтын арай» бидайы екі есе көп болатын еді деп ойлады.
Көп ай бойы әркімді үрейлендірген, қорқытқан, қобалжытқан оқиғалардан кейін, кенет «Алтын арай» совхозы душар болған жақсылыққа бірақ адам қуанбады. Егер оның қолында болса, анау алтын күн жер бетін өзінің жайма-шуақ нұрымен жаппас еді. Егер оның күші жетер болса, сонау егін орылған жерде масақ теріп у шу мектеп балалары жүрмес еді, аспанды қара бұлт қаптап, көктен құдайдың өзі жылағандай боп, жер жүзін әлем-тапырық ақ жауын алар еді. Бірақ совхоздың шошқа фермасының меңгерушісі Игнат Фролович Качанның қолынан не келеді? Бұйырғанды істеді: шошқаларын сойды, еттерін бригадаларға тасыды, күні бойы жұмыс істеп шаршаған адамдарды қошеметтеген боп, еріксіз езу тартып сөзге кірісті. Жұрт көзінше аспазшы әйелдерге:
— Жақсылап, жақсылап тойындырыңдар біздің батырларды,— деді,— тұздығы да сайлы болсын, ботқасы да майлы болсын...
Качан тілімен қалай жылпылдаса да, оның ойында не жатқанын, Качанды анда-санда кездестіріп жүрген, бұл күндері егіс басындағы асханада істейтін Глаша ғана сезетін... Качанның ойын басқа ешкім білмейтін... Омы Меруерт те білмейтін. Әрине, айлы түнде қос жорға мен күміс сәулеге бөленген алтын дәнді сары дал ада Хасен екеуінің серуендеуін арман етіп жүріп, ол қайдан Качанға көңіл бөлсін! Ал көңіл бөлуі керек еді, өйткені Качан деген сөз қазір аңдыған ажал деген сөзбен тең еді.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
1
Бәрі сол Меруерттің арман еткеніндей болды. Тұңғиық, қара көк аспан терінде ақырын жылжыған кербез ай да...
Сол айдың буалдыр-күміс сәулесімен кернеуіне дейін толған алтын кеседей боп көрінген кең дала да...
Сол ай сәулесіменен көгілдір тартқан, қазір бір-бірінің күзелген жалдарына бастарын қойып тынығып тұрған қос күрең жорға да...
Бәрі-бәрі Меруерт арман еткендей боп шықты. Махаббаттан әлсіреген, бір мезеттік рахаттан кейін құшақтары жаңа ғана ажырасқан Меруерт пен Хасен төбе етегінде, кепкен шөп үстіне жайып тастаған Хасеннің плащының үстінде жатыр... Хасеннің кеудесіне басын салған Меруерт, өзінің бақытынан ұялғандай күлімсіреді.
Алып даланы, алыстағы қарауытқан белестерді, бүкіл әлемді басқан тыныштықты, үнсіз түнді тыңдап екеуі тіл қатпастан ұзақ жатты.
Екеуіне до осынау маужыраған тыныштықта адам баласының барлық мехнаты, қобалжу-қорқуы елжіреп, езіліп жоқ болып, енді жер бетінен жүректі жалаған қайғы, буындырған көз жасы құрып кеткендей боп көрінді.
Осы бір махаббаттың ең алғашқы және ен. соңғы күнінде екеуі де өздерін орасан бақытты сезінді...
Алыстағы белестер көгілдір тартып, әлі батып бара жатқан күн қызылы тарамай тұрып, желден жүйрік қос күрең жорғамен Меруерт пен Хасен ен далада құстай ұшып келе жатқан-ды.
«Қыз қуу!» Осынау көне даладай кім екен осы бір ғажайып ескі ойынды ойлап тапқан! Маңайына жуытпай жүрген жас сұлудың күшпен ақ бетінен зорлап сүйгісі келген, махаббат отына күйген жас жігіт пе екен? Әлде жанындай жақсы керген ұялшақ жігітті, намысына тиіп жеткізбеген боп, артынан бүкіл жұрт көзінше оған өзінің дуылдаған ақ бетінен сүйгізгісі келген еркекшора жас сұлудың ойлап тапқан айласы ма?
Бұл ойынның қалай шыққанын кім білсін, әйтеуір, қазақтың ен даласында қыз бетінен сүйемін деп қызды қуған жігіт, жігіт қуып жетсе екен деп қашқан қыз, жүздеген жылдан бері шауып келеді!
...Екеуінің де мінген жүйріктері аяқтары тең түскен су жорға еді. Жету-жетпеулері тек үстіндегі адамдарының өнерімен ғана байланысты болатын. Сәл төтенше жол тауып бүйірлей шапқан Хасен, кенет Меруертпен үзеңгілесе кетті. Қыз жалт бұрылды. Өзіне төніп келе жатқан, ұзақ жорға шабыстан қызып, жүзі балбырап кеткен, көзі құмарлық ұшқыны атып, мәз болған Хасенді көрді, дауыстап жіберді, енді жігітті өзінің ләззатына шақырғандай бұ да шаттана, рахаттана күлді де, атының сауырын қамшымен тартып жіберді, Бірақ кешігіп қалды! Хасен еңкейе түсіп, атының басын қоя берді де, екі қолымен қыздың аш белінен құшақтап, ер үстінен біржолата көтеріп әкетердей өзіне қарай тартып, дірілдеген ерніне өзінің аңызақ сүйіп сәл жарылған қатты ернімен жабыса қалды. Қыз кенет босаңсып кетіп, сүйіскісі келмегендей ақырын ғана жауап қайтарды...
Енді екеуінің аты қатар жорғалады. Тең басқан қос жорға, біріне-бірі жабыса қалған қос албырт дене... Меруерттің әлі де екі аяғы үзенгісінде, бірақ ол сонау аш белінен ұстаған сүйкімді қос қол бір жеріңді ауыртып алмайын дегендей мәпелей көтеріп, әуеде әкетіп бара жатқандай сезінді...
Осылай олар, ұшы-қиыры жоқ жазық далада кешкі желмен алысқан қос күреңнің судай аққан жорға шабысынан көңілдеріне жел біткен, бір-бірімен құшақта жабысқан жақындықтарынан мас болған қыз бен жігіт ұзақ шапты. Бұл екеуі дүние біткеннің бәрін ұмытты, бұл жалғанның басқа қызық-думаны, талас-әрекеті бәрі естерінен шықты. Бұлар екеуі ғана еді, бүкіл әлемде екеуі ғана, осы екеуі үшін аспандағы ақырын жылжыған ай күміс сәулесін төгеді, күзгі жаңбырдан кейін қайта көтерілген қалың шөп желмен ойнап сыбдыр қағады. Есіл өзені де алыстан ағараңдап толқи бұраңдайды.
Тек болдыруға айналған жорғалары аян жорғаға түскенде барып, бұл екеуі құшақтарын жазды. Хасен, төбенің етегінде шабылған көзінен жатқан бір көпене шөпті көрісімен, секіріп атынан түсті. Ат үстінен жас баладай құшақтап Меруертті алдына алды. Плащы жатқан құрғақ шөпке апарды...
...Енді, міне, екеуі бірінің жүрегінің соққанын бірі тыңдап, бейкүнә жаратылыстың маужыраған тыныштығын үнсіз бақылап тына қалған. Әлдеқайдан, шөп арасынан бір бейтаныс құстың әлсіз шырылы мен ұзақ шауып, қазір емін-еркін дем алып тұрған қос жорғаны анда-санда баяу пысқырғандары ғана естіледі...
Хасен бетін Меруерттің қою қолаң шашымен жапты. Күздің бар әдемі иісін әр талына дарытып, сол түнгі түсе бастаған шықпен шомылғандай қолаң шаштан бір нәзік, жұпар иіс шығады. Хасен жұтына иіскейді. Соңынан, Хасен бұл минуттарын сан рет есіне түсіреді, өмір бойы жадында сақтайды! Ал өзінің жасыл-шалғын даласының жұпар аңқыған ауасын жұтып, гүлдерінің нәзік иісі мұрнына келген кездерде, оған иығына басын қойып қасында Меруерті жатқандай болады.
Сосын соңынан Меруертінің осы бір қуанышты мезетте айтқан әрбір сөзі, сыңғырлай күлген күлкісі, құмарлана өртенген денесін баяу сипаған жібектей жұмсақ алақаны — бәрі-бәрі дәл бүгінгідей жүрегін жандырады...
— Хасен,— деді ол шынтақтай басын көтеріп, ай сәулесі түскен алыстағы қара күңгірт төбелерге қарап,— сен білесің бе менің көптен бергі ойымды? Әрине білмейсің... Көптен бері мен мынадай бір сурет салғым келіп жүр... Алтындай сарғылт дала, күзгі шөптер, олардың басын ақырын жел теңселтеді... Күн көзі сәулесін құйып тұр. Бұл жаздың күйдіріп тұрған күні емес, жайма-шуақ күздің күні... Сәулесі өртендірмейді, ананың алақанындай, жаныңды жай тапқыза, нұрына шомылдырады... Дәл осы төбедей төбе. Төбе етегінде тау тастары тәрізді ақ, қарасы аралас қойлар жайылып жатыр. Қойлардың шетінде қарт шопан. Мүмкін ол менің әкем болуы да. Ол саған, маған, тіпті жайылып жатқан сонау қойларына ойлана қарап тұр. Бір үлкен жақсылық хабар күткендей. Түсіндің бе? Шынында да өмір деген алдағы үміт қой, үміт болғанда жай үміт емес, жақсылық үміті... Ал дала, даладағы қойлар, шалдың бетіндегі әрбір әжімі — бәрі алдағы бұдан да жақсы кезеңді күтіп тұрған мәңгі сөнбес үміттің бейнесін көрсетуге тиісті... Менің бұл суретімді көрген адам өзінің бақытты заманда туған бақытты адам екенін бірден ұғатын болса екен деймін... Осы суретімді ойлап тұрған кезімдегі дәл өзімдей бақытты екенін түсінсе деймін...
— Иә,— деді Хасен,— дәл осындай суретті салатыныңа шек келтірмеймін... Бірақ бұл суретке кішкентай бірдеме жетпейді... Мысалы, қойларды күзетіп тұрған қасқыр алатын ит... Жаңағы төбеңнің астында аңдыя жүрген қасқыр жоғын қайдан білесің...
— Жетеді!— Ол қолымен Хасеннің аузын жапты,— сен өзіңнің қасқыр алатын итіңмен бәрін бүлдірдің!— Меруерт күліп жатыр, бірақ дауысында өкпелеп қалғандай бір үн естіледі.
— Тағы,— деді Хасен,— бұл суретке мынадай бір қосымша жетпейді... Қарт Зікірияның жанында қозымен ойнап жүрген немересі болуы керек... Сен бұған қалай қарайсың?
Меруерт тағы күлді, тағы Хасеннің аузын жапты, бірақ бұл жолы алақанымен емес, ыстық еріндерімен.
Еріндері ажырасып, құшақтары жайылғаннан кенін, бұлар, осынау бір құмарлық қандарын сорып алғандай сұп-сұр боп, жер мен көктің ортасындағы ай сәулесінің құшағында жүзіп жүрген, нағыз бір ай сәулесінен жаралған жансыз заттардай тағы да үн-түнсіз ұзақ жатты,
— Адам баласы мұндай да өзін бақытты сезінеді деп бұрын мен ойлаған емеспін,— деді Меруерт,— Бұрын сақ әнді естігем, өзім де талай ән салғам. Ал қазір өлең айтар болсақ, бұрынғымнан басқаша айтатынымды сезінем... Тіпті бұрынғыдай емес, әсем, әдемі... Ертең мен көшеге шыға қалсам, адам біткеннің бәрі маған бұрылып, күндей: «Қараңдаршы, қандай бақытты қыз!»- дейтін шығар. Әнеу күні Глашаны көргенімде өзім де солай деп ойлағам. Жақында екеуміз бірге ағаш отырғызу бригадасында жұмыс істедік. Түрімізді көрсең адам жеркенерлік, үсті-басымыз қара топырақ, тек жылтырап көзіміз ғана көрінеді. Кенет жанымызға сен келдің. «Алшынбек келді, Глашаны іздеп жатыр» дедің. Сен сонда оның түрінің қалай құлпырып кеткенін байқадың ба? Ал ертеңінде бригадаға қайтып келгенінде ше?
Бала кезімде бір күні таңертең тұрып сайдағы қызғалдақтардың қауызын қалай ашқанын көргенім бар. Қызғалдақ гүлдері шырмауық ішінде жабықтың кенет шырмауық жарылып кетті де дәл ортасынан, шығып келе жатқан күнге қуанғандай, жалынның тілі секілді, қызғалдақтың қып-қызыл гүлдері оттай ойнап құлпырып қоя берді. Егер біреу маған гүл осылай атады десе сенбес едім, ал шығып келе жатқан күнмен таласа, заматта бүкіл сай бойын қызғалдақ, сарғалдақ гүлдерінің қалай жапқанын өз көзіммен кердім!..
Сол күні Глашаны көргенімді айтамын деп, мен қызғалдақтардың қалай гүл шашқанын есіме түсіріп жатырмын. Глаша сол күні маған жер бетінен келе жатқандай емес, ұшып келе жатқандай көрінді. Беті балбырап, көзі ұшқын атады... Егер дәл сол кезде күн сөне қалса, Глашаның көзінің нұрынан бүкіл әлем сәулеленіп тұрар еді деп ойладым мен сол сәтте.
— Соның бәріне себеп болған жалғыз Алшынбек дегенге таң қаласың! Сен қалай ойлайсың, Глашаның бақыты, қуанышы тым қысқа болмас па екен? Тіпті үйленемін деп уәде берген күнде де?
— Білмеймін...
— Ал мен білемін, түбі солай болатынына тіпті күмәнсізбін... Сенің орныңда мен болсам, Глашаға түсіндіріп көрер едім.
— Сенің ақылың дұрыс тәрізді... Өзім де сөйтіп көрсем қайтеді деп ойлап едім, бірақ... Сен менің мұнымды табансыздық, көңілшектік, жүрексіздік, тіпті тағы бірдеме деп ойларсың... Сөйтсе де мен оған бара алмадым! Оған сөзді айту да бір, жаңағы өзің естіген таңертеңгі жаңа ғана атқан қызғалдақ гүлдерін орып тастау да бір! Глаша әлі жас, сұлу, қолынан бал тамады, ал бақыт құсы басына қонған емес. Қанша күтсе де, қонбай келген! Ол маған әлдеқалай өзінің алғашқы күйеуі жайында сырын айтқаны бар. Жаман адам секілді көрінген, бірақ жүрекке бұйыра аласың ба? Ал сөйтіп жүргенде Алшынбек тап болды! Мүмкін бұл Глашаның қатесі де шығар, артынан өкініп те жүрер... Мүмкін қатесі де болмас. Бірақ мен сол күндері оның қатесі туралы ойлағам жоқ: оның көзіндегі шаттығын, ерніндегі күлкі-қуанышын сөндіруге күшім жетпеді... Мен оның тек бақытты болғанын ғана көргім келді!
Сол себептен мен оған Алматыға көш дедім. Бұл сөзді мен мал қорасының жанында айтып едім. Качан естіп қалды ма деп те күдіктенем...
— Бірақ Глашаға керек адам Алшынбек емес қой.
— Солай да шығар, мүмкін дәл солай да болар... Бірақ сол күні маған не болғанын өзім де білмеймін, Хасен... Жұрттың бәрінің де бақытты болғанын көргім келеді — мүмкін бұл өзім бақытты болғандықтан шығар... Өзің бақытты болып, өзіңмен қатар тұрған біреу бақытсыз болса, ұят емес пе, әлде мұным қате ме? Қайдан білейін, Алшынбек те өзгерген шығар? Уақыт пен тәжірибе босқа өтпейді ғой, сені көргеннен менің өзімнің де жүрегімде бірдемелер өзгеріп, көн нәрсеге жаңадан, басқаша қарай бастадым. Ең жаман деген адамда да біз білмейтін жақсы қасиеттер болады ғой. Мен бұған сенемін, Хасен! Сондай қасиеттерін іштерінде құртқан, күйреткен, жексұрын еткен адамдар маған өте аянышты!.. Айтпақшы сен Качанды жақсы білесің бе?
— Бәлендей жақсы білмеймін... Және білгім де келмейді.
— Мен де өзіңдеймін... Бірақ мәселе мұнда емес. Ол туралы да маған Глаша айтқан. Бірен-саран қауесет сөздерді өзім де естігем... Ол Глашаны жақсы көреді!
— Міне, естімеген жаңалығым!
— Саған бұл жаңалық... Сен еркексің, байқамайсың. Ал солай екенін поселканың тең жартысы біледі. Кейде мен оның бетіне қараймын, күлгеніне қараймын. Ерні күледі, ал көзі толған ыза, ашу, міз бақпайды. Соншама сені, мені, өзгемізді жек көрердей біз оған не жаздық? Кейде маған ол бетін бірдемемен бүркеп алған секілденеді. Күлгені, сөйлегені, әзілі — бәрі жалған, жасырын сырмен жауып алған тәрізденеді... Тек көзі ғана ашық. Ал сол ашық көзден басқасының бәрі өзінікі емес. Ал сол жасырын бейненің ар жағында не бар, ойлап қалсаң тіпті зәре-құтың қашады... Ал мен кейде оның бетіне қараймын да ойға кетем... Мүмкін бұл адам бақытсыз адам шығар? Мүмкін ол өз бақытына жанталасып, жаратылғалы қолын созып келген шығар. Мүмкін оған жеткен де болар... Бірақ артынан ол бақыт, өмір-бақи іздеген өзіне шын керек бақыт емес екенін білген болар? Ал бұны айлап, көзі жеткенше тіршілік шіркіннің өтіп кеткенін соң білген шығар.
Өтіп кеткен күндерін қалай қайтара алады? Міне, сондықтан ол ызаланады, жұрттың бәрін күндейді, жек көреді... Ал шынына келсек, ол еш уақытта нағыз бақыттың не екенін білмеген де болар... Осылай болуы мүмкін ғой? Осылай ойлап көріп едім, оны аяп кеттім...
— Сәбиім,..— Хасен Меруерттің басынан сипады.— Білген екенсің кімді аяуды... Качан жайында бірер сөзді мен де естігем... Оны көрген сайын төбе астында тығылып жүрген сонау көкжал қасқырсың-ау деген ойға келем... Сондықтан мен саған жаңағы суретіңе — тыныш жайылып жатқан отарыңның қасына қасқыр алатын арланды сал дедім ғой...
— Жоқ, Хасен, сен мені дым түсінбейтін сәби деп ойлама. Алшынбек екеуіңе ең дұрысы тезірек бұл арадан кету дегем Глашаға... Сен естімеген шығарсың, Качан Глашаны бауыздап өлтірем деп әнеукүні қорқытыпты...
— Тым асыра сілтеген екен! Сен соған сендің бе?
— Жоқ, менің айтып тұрғанымның бәрі рас. Жақында Глаша Алшынбекпен кететіні естілгенде, ол Глашаны ұстап алым ме дегенін білесің бе?.. Адамның аузы бармайды...
— Иә, бұл нағыз кісі өлтіргіш сұмдар жайындағы әңгімелерге ұқсас хикая екен... Айта бер, тыңдайын...
— Сен тағы күлкіге айналдырып жатырсың ғой, Хасен...
— Күліп жатқан ешкім жоқ... Бір күні қараңғы түнде, бүкіл «Алтын арай» ұйықтап жатқанда, қанішер Качан Глашаның үйіне ұрланып кіреді. Кенет қолындағы шошқа соятын ұзын пышағы жарқ ете қалады...
— Хасен!
— Жарайды, сосын?
— Жоқ, енді мен саған ештеңе де айтпаймын!
— Сүйші мені...
— Сүймеймін!
— Немене, өкпелеп қалдың ба?
— Өкпелемей!
— Онда мен өзім сүйейін...
— Сүймейсің!
— Кәне, енді татуласайық?
— Татуласпаймын!..
— Мен сені сүйдім, Меруерт!
— Ал енді Качан туралы қанды хикаяңды аяқта.
— Аяқтағым келмейді. Өзіңнен бөтен, ешкім туралы да ойлағым келмейді...
— Мен де...
— Қорқудың енді орны жоқ қой. Жақында Глаша мен Алшынбек Алматыға жүріп кетеді.
— Ертең жүреді деп естідім ғой?
— Глашаның бақытты болуын мен сондай тілеймін!..
— Мен де...
— Бірақ сен Алшынбекті жек көресің ғой?..
— Не үшін мен оны жақсы көруге тиістімін?
— Сен оған жамандық тілейсің бе?
— Жоқ мен оған жамандық тілемеймін...
— Сен ақ көңілсің, нағыз ақ жүрек сәби өзіңсің... Сен менен де артық мейірімдісің, Хасен...
— Жоқ бар болғаны мен сені сүйем, Меруерт... Мені мейірімді еткен өзіңсің...
Оның бекер, Хасен. Сен күштісің. Тек күштілер ғана мейірімді келеді...
— Мені күшті еткен де сенсің, Меруерт...
— Мен бала кезімде, ертегілердегідей ер жүрек, батыр жігітпен кездесуді арман ететін едім. Сонан соң қиялдана айға қарайтынмын. Ай маған батыр жігіттің айқаста жоғалтқан қалқаны тәрізді көрінетін... Қалқаны қалып, ал жауы балталап шауып өлтірген батыр жігіттің өзі ай далада қан-жоса боп жатқандай секілденетін... Ал сен менің ер жүрек, мейірімді батырымсың, Хасен... Ал ай ше? Ай расында да, сан ұрыста әр жеріне дақ түскен, мыстан құйылған батырдың қалқанына ұқсамай ма?
— Сыйла онда сен оны маған, Меруерт...
— Бердім аманат етіп мен саған оны, Хасен...
...Меруерттің шын жүректен айтып, сол сәтте сыңғырлаған күлкімен бітірген осы сөздерін, Хасен екі күннен кейін, таңертең көшеде шыққан айқайды естіп, далаға жүгіріп шыққанда есіне түсірді.
— Не болып қалды?— деді ол кенет үрейлене түсіп. Оған жүгіріп бара жатқан кісілердің біреуі жауап қайырды:
— Өлтіріп кетіпті! Біздің зоотехник қызды бауыздап кетіпті!..
Соңынан жер басып жүрген адам баласының бәріне бірдей бақыт тілеген, нәрестедей сенгіш, ақ көңіл, қиялшыл, мейірімді Меруерттің бұл сөзін ол сан мәртебе есіне түсірді.
2
Жер шары ғажайып үлкен! Бірақ оның ұшан-теңіз кең алабында жақсылық пен жамандықтың тату-тәтті қатар тұруына еш уақытта да жер жеткен емес. Алшынбек келгеннен кейін Глашаның құлпырып кеткенін тек Меруерт қана аңғарып қалған жоқ. Бұл жағдай Качанның да көзіне түсті. Ол сол күні Меруертпен, Глашамен бірге, бір бригадада ағаш отырғызып жүрген-ді.
Фермаларда тек қартаң әйелдер ғана қалған. Жас әйелдер, қыз-келіншектердің бәрі ағаш отырғызатын өңірге жұмысқа шыққан-ды. Губанов, соңында қос тіркеу бар үлкен трактормен ағаш түптерін алып келген, Оларды тиеп, түсіруге Качан көмектесіп жүрген.
Ағаш отырғызатын машиналар аз-тын. Барын алыстағы бригадаларға жіберген. Сондықтан бұл жердегі әйелдер жұмысты қолмен істеуге мәжбүр болды. Ағаш отырғызатын жерді де өздері қазды. Арам шөптердің тамырларын да өздері отады, өздері шұңқырларды топырақпен толтырып, аяқтарымен таптап нығыздады. Бұл күндері күздің ақ жауыны басталған. Жер лықылдап суға тойған. Жердің осыншама сулы болуы, қыс түсіп, өсімдік біткен өсуін тоқтататын мерзімге дейін пайдалы еді. Артынан бір-екі жетідей күн шықса жаңа отырғызған жас ағаш әбден тамырланып бекініп алады, әсіресе бұл күзгі отырғызылған қайыңдарға өте тиімді. Осылай күз бекіген ағаш келесі жылы жапырақ теуіп шыға келеді. Тақа бір аса құрғақшылық болмаса, қыс бойғы жерге сіңген қар дымқылынан нәр алып өсе бастайды.
Сол себептен де жаңбыр мерзімі бітпей тұрып ағаштарды отырғызып болу керек деп Глаша серіктерін асықтыруда еді. Солтүстік ағашты өлкенің қызы болғандықтан ағаш өсіруден Глашаның түсінігі бар-тын. Білетін адамды кім тыңдамайды, Глашаның айтқанын серіктерінің бәрі тыңдап, ол өзінен-өзі осы бөлімшеге бригадир саналып кетті. Глаша да жұртқа талап қоя білді. Бірақ алақандары ойылып қалса да, ешкім наразылық білдірген жоқ. Жұрт жандарын сала қимылдады.
Хасен келгенде, әйелдер оның алып келген брезент қолқаптарын таласа бөліп алып, өздері агрономнан ананы-мынаны сұрап қоршай қалған. Хасен Глашаға: совхоз кеңсесінде профессор Айдынғалиевті кездестірдім, сізді сұрады және тезірек келсін деп айтты,— деді.
Меруерт Глашамеи соңғы кезде тіпті жақындасып кеткен еді. Өздерінен бөтен ешкім білмейтін, екеуара әңгімелері де болған. Глаша екіқабат еді. Меруерт профессордың сауыншы әйелге қиылып жазған хаттарын да оқыған. Бірақ бұл хаттардың жұмсақ сөздеріне көп сенбесе де, Глашаның көңіліне қараған, өзіне күмәнді ойын айтып оның қуанышқа бөленген жүрегін сескендіргісі келмеген.
— Совхозға бара бер,— деген ол Глашаға,— сенің орныңа мен бола тұрармын... Қазір Прокофий Михайлович жүреді, сонымен бірге бар...
Глашаның Губановпен бірге кеткені ешкімнің де көңілінде сезік тудырған жоқ. Әрине, кейбір әйелдер Глашаның асығыс кетуінде себеп бар екенін іштей сезді. Оған күә сауыншы әйелдің Хасенмен сыбырласып сөйлескенінен кейін дереу күрт өзгеріп, екі беті құлпырып шыға келуі еді...
Глаша іп-ілезде шашын жөндеп, орамалын басына мықтап тартты да, баттасқан балшықты резинка етігін шұңқырдағы сумен жуып жіберіп, арттағы тіркеулікке міне бастады. Бірақ Губанов оған:
— Сенің орнын кабинада...— деді.— Тіркеулікке Игнат отырсын...
Трактор жанында тұрғандар күліп жіберді. Жұрт неге күлді — белгісіз еді. Шеркеудің қоңырауы тәрізді кен, су мен балшықтан тастай боп қатып қалған, тобығына дейін жеткен өзінің ұзын брезент плащын киген Качанның түрі адам күлерліктей еді. Мүмкін жұрт соған күлген болар, әлде, басындағы фуражкесін баса киіп, плащының жағасын тіп-тік тұрғызып алған Качан сондай ашулы, ызалы еді, мүмкін оның осынау құбыжық түрі жұрттың көңілін ашқан болар. Кейде бақшаны күзетуге қойған «үркіткіштің» сорақы түрін көрін жұрт күлмей ме? Мұнда да сондай жағдай болуы мүмкін ғой... Демек, жұрт неге күлсе соған күлсін, әйтеуір, трактор мен тіркеуліктерді қоршап алып, мәз-мейрам боп, қатындар Качанды біздің ұшындай өткір тілдерімен сықақтай мазақтап қалжыңдасып жатты. Бұл күлкі тек мотор гүрілі естілгенде ғана бітті.
Бұлар, Глаша менен Прокофий Михайлович кабинада, ал Качан ашу-ызадан қатулана қалған арқасын, тіркеуліктің» тозған, кетуленген қабырғасына тіреп, күздің көңілсіз даласын қуалай ұзақ жүрді. Качанға дәл осы минуттерінде өмір бойы осындай, басқалардың қуанышына, қызығына тіркеліп жүріп келе жатқандай көрінді.
Ал кешке таман ол Глаша мен профессордың бірге жүргенін көрді. Ешкіммен қымсынбай, ашықтан-ашық, поселкенің бос көшесімен екеуі, Игнат Фроловичке қарама-қарсы таяй берді. Профессордың үстінде тізесіне жетпейтін, толып жатқан темір шығыршықтары, түймелері, иығында погоны бар, қысқа пальто, аяғында лакпен жылтыратқан шет елдің бәтіңкесі. Өзі жасарып кеткен. Қасында Глаша — оның үстінде ақ джерси, көгілдір көзі көкшіл аспандай мөп-мөлдір, әлем біткенге қуана қарап күлім қағады. Алшынбек асхананың жанындағы шоферлер әбден миға айналдырып жіберген саз балшықты шылау судың үстіне тастаған тақтайдың ар жағында тұрып, Глашаға қолын беріп, балшыққа құлатпай, бері өткізіп алды. Әрине, Глашаға мұндай көмектің керегі де жоқ еді. Бұндай балшықтарға үйреншікті сауыншы әйел, өзі де аяғын суға тигізбей, бір-ақ секіріп өте алатын-ды. Бірақ оған әйгілі профессордың жұрт көзінше өзіне көрсеткен құрметі мақтаныш еді. Ал профессорға да, өзінің сүйген әйеліне, ілтипатпен көңіл аудару керек болған тәрізді. Бірақ бұл екеуі тақтай үстімен өтуге бірімен-бірі әуре боп жатып, ар жағында, тақтайдың босануын күтіп тұрған Игнат Фроловичті аңғарған жоқ еді. Глаша шылаудан өтіп, профессормен қатарласа қалғанында, кенет дауыстап жібере жаздады. Ол өзіне сүзіп жіберуге келе жатқан ашулы бұқаның көзіндей қанталап кеткен, қорғасындай ауыр жанарды, сүзе қараған Качанның көздерін көрді. Ол қорғаныш іздегендей үрейлене Алшынбекке тығыла берді. Бұны көрген Алшынбек те сестене, қабағын түйді, бірақ қорқып кеткенін сездіргендей, оның саусақ ұштары дір-дір етті...
Алшынбек пен Глаша көше бойлап әрмен қарай жүріп кетті. Качан олардың соңынан қарап, зілдене езу тартты да, тақтайды басты. Тақтай Качанның ауыр салмағын көтере алмай, орта тұсы бірден суға батты... Ол тақтай үстімен бір-екі рет аттады да әрмен қарай дағарадай үлкен етігінің тобығына дейін кіргізіп, саз балшықты шалпылдата басып, төтесінен ар жағына бір-ақ шықты... Кетіп бара жатқан профессор мен Глашаның соңынан түксие сәл қарап тұрды, кенет аяғының ұшымен теуіп қалып тақтайды шылау ортасына ұшырып түсірді де, кілт бұрылып балшықпен баттасқан дәу қара етігімен балпандай басып өз бетіне кете берді...
Ал түн келе ол, өзінің аңырап қараң қалған үйінде жападан-жалғыз отырып ойға кетті. Не үшін? Оның алдында төрт бұрыштап кесіліп, бірінің үстіне бірі қойылған нан, қабығын аршыған қол басындай үлкен сарымсақ, шыны сауытта түйіртпек-түйіртпек, дымқыл тартқан түз тұр. Столдың ортасында жартылық, шеттерінде шынысы жұп-жуан, ром құйылған екі рюмка. Біреуі өзінің, екіншісі бос тұрған, арқалы орындықтың алдында... Өз рюмкасын ішерінде Качан, бос орындық алдындағы рюмкамен соқтырады, сарымсақты иіскеп, кімге екені белгісіз көзін қысып қалады. Сосын сарымсақты орнына қойып, рюмкасындағы арағын бір-ақ қағып салады. Осылай оның түндері өтіп жатты.
Бұл түндерде Игнат Фролович көп нәрселерді есіне түсірді. Еске түсірген оқиғалары қандай десеңдерші! Жоқ, оларды ол ешкімге ұялғаннан емес, қорыққанынан айтпай келген. Ал қазір іштегі тұнып жатқан құпиясын ашар серік табылды. Соған бәрін актарады. Бұл серік столдың арғы жағындағы, бос орындық алдындағы шетіне дейін араққа лықылдап толған рюмка. Ол мылқау, ешкімге Качанның сырын жеткізбейді. Игнат Фроловичтің өмір бойы іздегені осындай серік емес пе еді?.. Иә осындай.
— Не үшін? — деген ол сол түні өзіне-өзі,— неге біреуге құдай бақыт береді, өмірде дегені болады, қатындар да оларға, балға құмар шыбындай, жабыса қалады, ал басқаға — өмір өгей анадай, тас қабағын ашпайды, ойлағаны болмайды, жарық сәуле де, қуаныш та көрмейді... нағыз бір ішіндегі қылы жанып кеткен электр шамы тәрізді: сыртынан қарасаң — бүтін, ал ішіне үңілсең, әбден бүлінген, жөндеуге де келмейді, жаңарта да алмайсың... Міне, мықтап салынған үй де, пайда берер шаруашылық та бар. Қат-қаттап тыққан ақша да «қашан жұмсайсың?» деп күтіп жатыр. Ал бірақ осының бәрі енді неменеге керек? Егер Глашаны тақтай үстінен саусақтарынан ұстап Качан емес, анау жалтыраған бәтеңке киген профессор өткізетін болғанда, бұның бәрінің енді қандай бағасы бар? Ал анау ақымақ қатын, Качан жапалақ тәрізді көзін жұмбай түні бойы оны терезесінің алдында алдын жүрсе, ақ төсін кере, қызыл еріндерін тоса профессордың құшағына кіре түседі, бұл дүниеде Качан бар ма, жоқ па тіпті есіне де алмайды... Не үшін осының бәрі?..
Профессор, әрине, құр өзінің бидайына ғана қарауға келген жоқ, ол Глашаны өзінің Алматысына алып кетіп, қатын етуге келді. Әйтпесе, әнеукүнгі әлгі зоотехник қыз оған Алматыға көш деп неге ақыл берді? Мал қораға әлдеқалай бара қалып, өз құлағымен естіді ғой. Сонда Качан осы сопиған қалпында, екі тізесін құшақтап қалуға тиісті! Осылай дейсің ғой, сен, зоотехник қыз? Глаша Алматыға кетсе, мұнда сен қаларсың, тұра тұр! Сенің үлесің, шошқа фермасы мен проценттер дейтін шығарсың! Құрысын өйткен өмір!
Түн ортасы бағана ауып кеткен, жартылық бағана ішіліп біткен. Бірақ қайдағы жоқ орындалмайтын бос армандармен өз жүрегін өзі тырнап Игнат Фролович әлі отыр. Біресе оған қара дауылдар тұрып, жайқалған егіс даласының бәрін пештің мұржасының биіктігіндей етіп құммен, топырақпен жауып кеткендей болады. Оның көз алдына өркеш-өркеш құмды барқандар, немесе бидай түбіріне дейін жұлынып, әлем-тапырық боп бүлініп жатқан қара қайыс тақырлар елестейді... Біресе соғыс болып, еркек біткеннің бәрі, кәрі, жасына қарамай, майданда қырылып, қатын атаулы жесір қалып жоқтауларымен жер мен көкті күңірентіп, зар жылап жатқандай көрінеді... Жарайды, соғыс оп-оңай бола қоймайды делік, дейді ол тағы да ішінен, ал үй біткенді, олармен бірге бар фермалар, үйлерді өрт алуына болады ғой! Шытырлап бәрі жанса, бомбы мен снаряд, миналармен күл-талқаны шыққан совет жерінде, қолында неміс автоматы бар бір кезде өзі келе жатқандағыдай, бүкіл әлем тітіренгендей болса, бұ да жаман емес дейді ол көзі бұлдырлана қызарып.
Тағы да арман, тағы да елес. Міне, қарсы алдында Глаша отыр. Аппақ қолдарын стол үстіне қойып, ішкен бір-екі рюмка арақтан екі беті қызара балбырап, Качанға мөлие қарайды. Иығына жапқан түбіт шәлісі төмен қарай сырғып түсіп кетіп, оның жұмыртқадай аппақ, сымбатты жұмыр мойны мен үштері сүп-сүйір торсиған қос емшегін ашып, шошқа фермасының бастығын қызықтырып, шақырып отырғандай...
Игнат Фролович, енді жағын сүйеп отырған қос қолын стол үстіне тастай салып, басын кекжите қатты да қалды. Жүрегі бұрынғыдан да жаман удай ашып кетті. Мұны әдейі мазақтап отырғандай, арқасы ілмиіп кеткен қарсы алдындағы орындық та бос, үй іші де қараң қалған, өзі сүйенген столдың үстінде де дым жоқ. Тек жартысы опырыла тістелген, ашқылтым иісі мұрынға сәл жеткен үлкен сарымсақ пен дымқыл тартқан шыны сауыттағы түйіршік сарғылт тұз ғана тұр...
Ал төсекке жатайын десе, төсекке жатқандай болмайды, әйел қолы мәпелеп жаймаған қап-қатты төсекке, жұмсақ болсын деп әйел қолы ұрмаған тастай жастыққа, ол опырылған қара тастай құлай кетті... Сөйтіп жатып ол дәл осындай төсекте Глашаның торсықтай ақ төсін аймалаған, жұп-жұмыр бура санын сипаған Алшынбекті көреді. Жылан шаққандай төсегінен атып тұрады. Қараңғы түнге сүзе қарап қатып қалады.
Шіркін, дүние-ай, бір кезде Игнат Фролович терең қазылған орда осы Алшынбектей азиаттардың, кавказдың өр көкірек азаматтарының, сарғылт шашты орыстардың, еврейлердің, Полтава, Днепрден шыққан украиндықтардың тыр жалаңаш, бірінің үстіне бірі қақталып жатқандарын талай көрген! Міне, бұл оған нағыз интернационалдық көрініс еді! Бұндай интернационалдық Игнат Фроловичтің көкейіне қопар болар. Ал бір төсектегі Глаша мен Алшынбектің жатуы.
Бірнеше күн өтті. Игнат Фролович сол бұрынғы қалпында Губановпен бірге даладағы бригадаларға ағаш түптерін тасумен болды. Ол сол бұрынғысындай, шұңқыр қазды, арам шөптен тазалады, жас ағаш өссін деп, тіпті өз қолымен жер тыңайтқыш та салды.
Бірақ күннен-күнге, осы уақытқа дейін өзі өмір сүріп келген тіршілігі, сұмырай, жексұрын көрініп, енді бұдан әрі бұндай өмірде тұра алмайтын күйге жетті. Неге керек бұған осы өзі отырғызып жүрген ағаш? Ол ағаш қорғайтын сонау егінжайдың бұған қандай қажеті бар? Неге керек бұған бұл совхоз? Осы жер? Ал сонда қайда кете алады ол бұл жерден? Бұл баратын жер қайда? Кім бұны ол арада күтіп тұр? Расымен осы қарғыс атқан жерде бұған басқа жол жоқ па, шыныменен жалғыз-ақ жол қалғаны ма? Бас киімін желкесіне қарай сырғытып жіберіп, Качан бұлт басқан, сұрғылт аспанға, сол аспаннан тынбай бүріккен ақ жауынға қарайды. Жоқ о жақта да бұл рахаттанар орын жоқ. Қайда барса да, өмір бақи налыған жүрегі тыныс тауып, демін алар жер таба алмайды.
Глаша өзінің профессорымен кететіні анықталып, онымен бірге өскен, бірге жүрген серік әйелдері — біреуі сәл.қызғану сезіммен, біреуі шын жүректен қуанып, Глашаға құтты болсын айтып, махаббатының да, бақытының да гүлдене түсуін тілеп, жәй әшейін әйелдік әр нәрсені білгісі келетін әдеттерімен, ананы сұрап, мынаны сұрап жатқандарында, жүзі қайғылы, ернінде қатып қалған күлкісі бар, көзінде ешбір тірі адамның белгісі жоқ Качан анандай жерде күрегіне сүйеніп тұрған. Меруерттің жүрегінде Качанның осы суреті өшпестей боп Орын алған. Качан жайында Хасенмен сөйлескенінде оның көз алдында осы сурет тұрған...
Мүмкін өзі де сенбеген болар, мүмкін естігенде үрейленіп кетіп оның түрінің қалай құбылғанын көргісі келген шығар, әлде оның қуанышын, бақытын осындай сөздермен аяғының астына сап таптағысы келді ме, кім білсін Качанды қандай сезім билегенін, әйтеуір ол Глашаны оңаша шығарып алды да былай деді:
— Мен сенің бақытыңа бөгет болғым келмейді. Бірақ сен де маған бүгінгі түніңді қи. Күтемін. Егер келіп жанымды жай тапқызбасаң, менің пышағым сенің профессорыңды жай тапқызады...
Глашаныц бетінен қаны қашып, ерні кенет сұп-сұр боп кезеріп кетті. Качанның күткені де осы еді.
— Онда не шаруаң бар? Онан да мені бауызда...
— Сенің өлігіңді қайтем, маған тірі тұрғаныңда керексің...
Сол түні Глаша кірпігін ілмей шықты. Ертеңіне бәрін Меруертке айтты.
Бұл сөздерге бәлендей мән бермеген Хасенге қарағанда, Качанның қандай адам екенім байқап қалған Меруерт, оның айтып жүргендері құр қоқан-лоққы бос сөз емес екенін ұқты. Рас, Качанның соңғы кездескеніндегі сөзі оның көңілін аздап орнықтырды. «Құдай сақтасын, деген Качан, жұрт мен туралы не демейді. Пышақпен бауыздау түгіл, Качан біреуді бармағымен шертіп көрер ме екен! Рас, кейде шошқа соятыны бар, бірақ бұ да өз еркімен емес қой, совхоздың керегі үшін...»
Шошқа фермасы бастығының сөзін тыңдап тұрып Меруерт сенерін де, сенбесін де білмеген. Ең ғажабы кенет оның жүрегінде бұл адамға деген бір аяушылық пайда болған. Неге аяйды? — өзі де түсінбеген.
Сөйтсе де, сол күні ол алыстағы егінжайда ағаш отырғызу жұмысын басқарып жатқан Тілеуқабақов пен Угрюмовты тауып алған.
Угрюмов:
— Качанның өткен өмірі маған аян,— деген, — сұрқия, сұм өмір... Осы уақытқа дейін бірақ ол өзгермеді деп ойламаймын...
— Ал сен жылан мен көлбақа туралы айтылатын аңызды естіп пе едің? — Тілеуқабақов қарсы жауап қайырды, — Естімесең, тыңда... Судың арғы бетіне алып шық деп жылан көлбақадан өтініпті. Көлбақа «шағып аласың ғой» десе, жылан «шақпаймын» деп уәдесін беріпті. «Онда арқама отыр» депті көлбақа. Жыланды арқасына отырғызып, көлбақа судың орта шеніне жете бергенде жылан: «шыдай алатын емеспін!» деп көлбақаны шағып алыпты. Екеуі де бірдей суға кетіпті.
— Мінез-құлық деген қызық дүние,— деп Угрюмов, күлді,— бірақ адам жылан емес қой, оның мінез-құлқы әр түрлі болады...
Дегенмен де бұлар Алшынбек пен Глаша жүріп кеткенше Качанның сыртынан үш күн бойы бақылау қойды. Әрине, Качан бұны білген жоқ.
Үшінші күні Глаша мен Алшынбек аман-есен жүріп кетті. Оларды бүкіл поселке боп шығарып салды. Глаша біресе жылады, біресе күлді... Сол сәтте ол алдында бақыт күтіп тұрғанына шек келтірмеді, сенді... Ең соңында Меруертті қысып-қысып сүйді де артына қайтып бұрылмастан вагонына барып мінді...
Кенет, ертеңіне, қауіп-қатер бітті ғой деп жұрт көңілі орныға бастағанында...
Сол күні Игнат Фролович түні бойы ішіп шыққан, Бірақ арақ оны мас ете алмаған. Әрбір рюмкадан кейін мас болудың орнына, сауыға, ақыл-ойы шыныға түскен. Өзінің осыншама ішсе де мас болмауынан және өмірінің аяғы қалай оп-оңай бітетініне көзі жеткен Игнат Фролович бір мезет қорқып та кеткен...
Өмірінің енді оп-оңай бітетініне көзі жетсе де, оған әлі де ойлағанының бәрін жүзеге асыру қиын еді. Асханада тұрып дымқылданып қалғандықтан ба, әлде Качанның дірілдеген қолы дұрыс тұтата алмағандықтан ба, сіріңкелер шырт-шырт етіп от беріп, бірінің соңынан бірі сына берді. Міне, ақыры тұтатты. Енді терезе алдындағы қоймадан алынған бірінің үстіне бірі тәптештеп қаланған будақ-будақ ақша бықсып барып тұтанып, кенет лаулап жана бастады... Бұл ақшаларды ол ұзақ жылдар бойы жинаған. Ешкімнің көзіне түспей, ешкім артынан білмейтін етіп бар айласын, қулығын, сұмдығын салып бір сомдап, он сомдап тыға бергек. Енді өзіне пайдасы тимейді екен, мейлі басқалар да қызығын көрмесін деді ол...
Әйтсе де өз қолымен жинаған ақшаның темір пеш ішінде лаулап жанып жатқанын бұдан әрі көруге дәті шыдамады, далаға шығып кетті. Бірақ ойлаған ісінің ең қиыны істелді, ақша алдымен қызыл шоқ боп, артынан сұрғылт текше күлге айнала бастады...
Ал бүгінгі тан, қандай таң еді! Күнде таңертең Есіл суына барып жуынуды әдет еткен Меруерт бүгін де шыдай алмады. Ерте оянып, киінді де, иығына орамалын салып далаға шықты. Аспанға қарап еді, көк мөп-мөлдір боп тұнып тұр екен. Үйге қайта кіріп сурет салатын альбомын алды да Есілге қарай беттеді...
Өмірде бітпейтіндей көрінген ақ жауын да біткен. Қазір күн нұры әлемді бір жайма-шуақ құшағына бөлегі, маужыраған тыныштық орнаған шақ еді. Бұл ұзаққа созыла ма? Меруерт қазір оны ойлаған жоқ. Қоңыр салқын жел ақырын есіп тұр. Бидайы орылған ен дала егіннің сарғылт түбімен күн сәулесі ойнап, сары алтындай жалт-жұлт етеді. Көзді шағылыстыра Есіл өзені жарқырайды. Ол енді қазір Меруерттің аяғының астында жатыр. Жаңбыр кезінде Есіл суы қара күреңдене қалатын. Ал қазір көгілдір тартқан. Меруерт осы ақырын теңселген мөлдір толқындарға, оның арғы бетіндегі бастарында күн сәулесі ойнаған көгілдір белестерге көз тастады, кенет, осынау бүкіл әлемді алып жатқан ғажайып сұлулықтан, бүкіл жер мен көкті билеген, маужыраған тыныштықтан, жұдырықтай жүрегі кеудесіне сыймағандықтан алас ұрып, ойнай жөнелді... Меруерт Есіл жағасында ұзақ тұрды...
Игнат Фролович оны осы жерде көрді.
Ол аспай-саспай, аяғын ауыр басып Есіл жағасына келген. Бір рюмка да арақ ішпеген адамдай, есі дұрыс, ақыл-ойы ап-анық. Бірақ, нұрын төккен алтын күн де, күн сәулесі ойнаған өзен жағасындағы сонау талдар да, ауыр етігімен өзі таптап келе жатқан мынау сұлу жер де, шөп үстінде жылтыраған күзгі шық моншақтары да — бәрі-бәрі қазір оған жат еді. Әлде жат дүниенің бәрі осы менікі болсын деген пиғылынан, қызғаншақтығынан туды ма, өмір бойы Качан бірінші рет, қазір өзіне жатпайтын, осынау табиғаттың, дүниенің қандай тамаша сұлу, қандай керемет әдемі екенін ұқты.
Міне, дәл осы сәтте ол Меруертті көрді...
Есілдің биік жағасында тұрған қыз оған сондай нәзік, сондай жіңішке, сондай жеңіл көрінді, егер арқасындағы қолаң шашымен ойнап тұрған жел, нағыз бір күміс жіптей, кенет көтеріп Есілдің ар жағына, сонау көгілдір аспанның ең төріне алып кетсе, таң қалмас еді...
Дәл осы сәтте, кенет, дәл бір алдындағы бөгетті бұзғандай, қаны басына шықты да, дірілдей лоқсып бойына тарай берді. Бір мезет Глашаның Алматыға көшуіне Меруерттің ақыл бергені есіне түсіп кетіп еді, сезімін, ойын бір соқыр ашу, топас қызу билей жөнелді. Енді ойына, өткен түні, терезесінің алдынан, кеуіп қалған жерді дүбірлете ай сәулесіне шомылған, қос жорға мінген екі салт аттының өтіп кеткені түсті... Жер дүбіріме қосылып, қыздың сыңғырлаған күміс күлкісі мен жас жігіттің қоңырқай қуанышты даусы шыққан.
Качанға дәл үйінің қасынан өзінің мәңгі қолы жетпе ғажайып бақыт құсы ұшып өткендей болып еді...
Ол Глаша үшін де, басқалар үшін де Меруерттен еш алуға бел байлады. Арт жағынан білдірмей аяғын мысықша басып келді де, жас қызды тарпа бас салды. Бастапқы ойы ару қыздың ақ төсінен мейлінше тояттамақ болатын. Бірақ асау қыз еліктей ыршып, ырқына көне қоймады. Аңдаусызда аузына түсіп кеткен оң жақ білегін қан қақсата қыршып алды...
Качанды енді оқыс бір айуандық сезім билеп кетті. Ашудан дірілдеген қанды шеңгелін қорғансыз жанның ақ торғын тамағына таяй берді.
...Меруерттің мойны сондай жіңішке, жұмсақ екен. Качанның аю тырнақты жуан саусақтары жеп-жеңіл кірді, тек қыздың тамақ тұсында ғана бірдеме сыртылдап үзілгендей болды, ол даусын шығарып та үлгірмеді, Меруерттің ең ақырғы діріл қаққан денесі мен қалың кірпігінің астында сөніп бара жатқан көзінің көгілдір ағына таңдана қарап Качан орнында қатты да қалды...
Хасен келгенде Есіл жағасына поселкенің тең жартысы жиналып үлгірген екен. Качан өлік тәрізді, қозғалмай жерде отыр... Жұрт, оған бір малғұнды көргендей, үрейлене қарай қалған.
— Хасен...— деді біреу сыбырлай.
Жұрт оған жол беріп қақ айрыла бастады.
Жұрт Меруерттің денесін жуып, табытқа сап үйінің, оң жағына қойғанда ол тағы келді.
Хасен ақырын бір тізерлеп отырды да, Меруерттің аппақ маңдайынан сүйді, кенет, буындары босап кетіп, жерге құлап түсті. Жас баладай еңіреп, кілем үстінде аунақши берді...
Зікірия бір күннің ішінде болбырап тоқсандағы шалдай таусылып қалды. Қолындағы ауыр таяғына сүйегін көзін жердей алмай, қызының табытының соңынан бірінші боп өзі жүрді...
ЭПИЛОГ
Үш жыл өтті.
Хасен әдеттегісіндей бір күні совхоз поселкесінің қасындағы төбеге шықты. Бұл осы араны жақсы көретін. Жан-жағының бәрі — көкжиегіне дейін жыртылған дала. Оң жағында салқын лебін үрлеп көк Есіл жатыр. Сол жағында — сонау көз ұшындағы белеске дейін созылған жас қайыңдар. Хасеннің құлағына желмен ойнаған сол жас қайыңдар жапырағының сыбдырымен жақында ғана жаңбыр жуған бидайдың шуы естілгендей көрінеді. Бидайдың ұшы-қиыры жоқ. Көгілдір сабақтары қауыса біткен дәнді көк желмен ойнап, ақырын теңселеді...
Бұл ара ойға шомуға ыңғайлы. Бұнда өмір, жер, оның тағдыры туралы ойға берілуге болады. Хасен осы араға келгенде, неге екені белгісіз, осыдан екі жарым мың жыл бұрын еткен Майя халқының тарихын есіне жиі түсіретін. Сонау көне заманда Американың солтүстік жағында өмір сүрген бұл халық, тамаша сұлу сипатты сарайлар соққан, кереметтілігі египет пирамидаларынан кем емес, ғажайып пирамидалар тұрғызған. Аспан дүниесінің қимылын, ғылым жүйелерін сондай жақсы білгендіктерін олардың бізге жеткен календарынан көруге болады. Бірақ Майя ғалымдарын жерден гөрі жұлдыздар қызықтырған. Олар архитектураның тамаша гармониясын ашқанмен, жерді жыртатын кәдімгі жалғыз тісті соқаны білмеген. Бидайды, ұшы өткір таяқтармен жерді шұқып, соған отырғызған. Жәй әшейіндегі өңдеуді көрмеген жер ақырында құнарынан айрылып, азып-тозған. Ақырында аштықтан қашып бұл халық өзінің ғажайып сарайларын, пирамидаларын тастап, күн көретін жер іздеп солтүстікке қарап ойысқан. Тарихта мұндай оқиғалар аз ба?
Егер бір күрделі мәселені шешетін, өзімен өзі кеңесетін жағдайлар туса, Хасен әрдайым осы төбеге келетін. Бұрын да осылай болатын, қазір де «Алтын арай» директоры болғалы да сол әдетін тастаған жоқ.
Соңғы кезде совхоз қайтадан күшейе түскен. Ауыр еңбектен, совхоз жеріне келген қара дауылдан, жер құнары кеміген апаттан құтылған. Жұмсалған бейнетті егіс даласы да ақтаған, жер құнары молайып, дәнді дақылдар жылдан-жылға енімін молайта бастаған... Қарт Оңдасын бір кезде жерге тірі жандай қарауды үйреткен. Жақсы қарасаң — жер де мейірін аямайды, жаман қарасаң — о да тас бауырлана қалады, өнімін бермейді дейтін. Қарт шындықты айтқан екен.
Соңғы кезде Хасен жерді суландыру жоспарын ойлай бастаған. Бұл жайында аудандық партия комитетінің жігіттерімен де кеңескен.«Алтын арай» жеріне ол көп еңбек сіңірді. Өзінің бар жастық жігерін, қиялын, үмітін жұмсады. Ол бұл арада жеңіс дәмін татты, жеңілмеудің де азабын шекті. Ең алғашқы махаббаты оянды, оның ең ауыр қайғысын да көтерді. Осының бәрі оған тым жақын, жүрегінен алып тастай алмайтын қымбат еді. Ал анау етекте толып жатқан қалың бидай болса, ол Алшынбек өңдеген, тоқырауынның ақ бидайы. Соғыстың ауыр жылдарына қарамай, тұқымын кішкентай дорбаға сап, бұл бидайды жоғалып кетуден алып қалған советтің қарапайым адамдары. Бұны Хасен жақсы біледі... Ал екінші рет бұл бидайды апаттан совхоздың жас тракторшылары Рамазан мен Анатолий құтқарған... Қазір бұл екі жігіттің біреуі бұрынғысындай сол Прокофий Михайловичтің бригадасында жұмыс істеп жүрген, екіншісі қалада техникумда оқып жатқан. Совхоз егіс даласына қараса-ақ, осы тамаша екі жігіт Хасеннің көз алдында әлсін-әлсін елестей беретін.
Сөйтсе де, әрине, Хасеннің есіне бәрінен де Меруерт көп түсетін... Хасен де, әкесі Атымтай тәрізді, бір сезімнің, бір махаббаттың адамы болса керек. Оған, осы төбе басында отырып, алысқа көз салғанында, сонау төмендегі желмен ойнап сыбдыр қаққан егін емес, Меруерт сыбырлап тұрғандай көрінеді. Меруерт бұның ойын естіп, ақыл айтып жатқандай...
Меруерттің өлімі тек Хасенді ғана күйретіп кеткен жоқ. Ол «Алтын арайға» Глашаның да қайтып келуіне себеп болды. Глашаның іштегі баласы мезгілінен ерте, өлі туды. Глаша шу дегеннен-ақ профессордың жайнаған қазыналы, толып жатқан қымбат кілем, айналы үйінде, өзін қартая бастаған профессордың қызығы үшін әкелінген, осындағы ойыншық заттардың бірі секілді сезінді. Ол кенет қайтадан сонау егіс даласын, емін-еркін өмірін, өзімен терезесі тең әкей-үкей қарапайым құрбы-құрдастарын сағына бастады. Сөйтіп жүргенде ол Меруерттің қаза тапқанын естіді. Енді ол бұл ажалға мен себепкермін деп есептеді. Качан мен Меруертті қарама-қарсы кездестірген өзі емес пе? Бөтен адамға шығып, Качанның, жүрегінде қызғаншақтық ыза отын тудырған өзі ғой? Осының бәрі Алшынбектен... Алшынбек болмаса Меруерт қаза таппас еді.
«Алтын арайға» жеткен күні Глаша Хасеннің аяғына кеп жығылды. «Бәріне айыпты менмін,— деді ол егіліп жылап,— мен болмағанда Меруерт өлмес еді...» Хасен оны орнынан қолтықтап тұрғызды да, көңіліне ұялаған шын өкінішті айтты.
— Бәріміз де айыптымыз. Меруертті сақтай алмадық. Бәріңнен де мен кінәлімін...
Бірақ Хасеннің сөзі Глашаны жұбаткан жоқ, ол ағыл-тегіл боп еңірей берді.
Глашадан кейін, көп кешікпей «Алтын арайға» Алшынбек те келді. Қабағы тастай қатыңқы, жүдеу, іштегі бір күйік жанын жегідей жеп бара жатқандай... Оның бұлай өзгеруіне не себеп? Қартая бастаған жасы ма? Әлде Меруерттің өлімі ме? Демек, Алшынбектің бұл өзгеруін профессордың өмір бойғы өзімшілдігімен байланысты ұсақ сезімдерінен емес, жүрегін өртеген бір үлкен ойлардан туғанын аңғаруға болатын еді... Ол «Алтын арайға» келген күннің ертеңінен бастап, ешкіммен сөйлеспей, ай далада ұзақ жүруді шығарды. Әлсін-әлсін Есіл жағасындағы, шылау басқан мөлдір судан Меруерт суретін көрген жерге кеп ұзақ тұрады. Содан кейін Меруертке деп сонау алқызыл қызғалдақтарды жинаған ойпатты тауып алып, тағы да қозғалмай қатады да қалады. Сондағы құшақтаған қызғалдақтары, бір мезет енді оған құшағында сусылдап төгіліп жатқан Меруерттің қызыл қаны секілденіп көрініп кетеді...
Алшынбектің осынау қапаланған түріне қарап, Хасен атасы Оңдасынның бір кезде айтқан сөзін есіне түсірді. «Адамның істеген күнәсінің азабы — жанының қиналуында» деген еді қарт ата. Иә, күнә азабы — жан азабы. Сондай қиналған бір күні Алшынбек Хасенге кеп, кешірім сұрағандай жасқана, өзі өсірген бидайдың атын Меруерт қоюын өтінгенінде, жігіт бұл бұрынғы Алшынбек емес, өзгерген, жаңа Алшынбек екенін түсінген. Сол себептен ол Глашаға ақыл айтып Алшынбектен айырылмауына себепкер болған. Хасен оларды, бір кезде Айдынғалиевті Меруертпен екеуі күтіп алған, баяғы кішкентай станцияға әкеп Алматыға баратын поезға өзі отырғызып салған.
Ол төбе басында ұзақ отырды. Ымырт үйіріле бастады. Қап-қара жер шетіне тие, бір кезде сонау қара мақпал аспан жиегінде, бір керемет үлкен шара табақтай, қып-қызыл боп ай шықты. Хасеннің есіне батырдың қалқаны туралы айтқан Меруерттің сөзі түсті.
— Маған сыйлашы оны...
— Бұл қалқанды саған сыйладым, менің батырым...
— Жоқ,— деді ол тағы ойға кетіп,— қара дауылдар тек жел көтерген құм мен топырақ па?.. Ал адам баласының жүрегінен әлі өшпей келе жатқан қара ниеттік пен зұлымдық не? Олар бүкіл дүние жүзіндегі жақсылық пен зұлымдықты құртуды арман етпей ме? Сол үшін қаһарын төгуге әрқашан да дайын емес пе?.. Иә, солай... Кімде-кім ол қара дауылдарды ұмытса, артынан опық жейді!
Ай жоғары көтеріле берді. Хасеннің көз алдында ол өзгеріп қызыл шоқ қалпынан ағара түсіп, көп кешікпей аппақ күміс түске енді...
— Осы қалқанды саған сыйладым, менің батырым...
— Алдым мен оны, Меруерт!..
Қыз сұрап, бұл жауап қайырғандай көрінді Хасенге...
Кенет оның құлағы Меруерттің жібек үні тағы естілді...
— Көлеңкеңмен қорғай жүр, Хасен, бәрімізді...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі