ҚАҺАР
БIРIНШI БӨЛІМ
I
Ай сәулесі жүдеп, қырқа үсті ақ шолаң тарта құлан иектеніп атып келе жатқан таңмен бірге шашақты сасыр, түйе жапырағы аралас, ат құлағы көрінбейтін көк шалғынды ылдидан қалың кеш көрінді.
Аздан соң көгілдір аспанды алтын сәулесімен шарпи, қызарып күн де шықты. Төңірек сандықтан суырған гауһар тастай жалт-жұлт ойнап ғажайып сәулетті түрге енді. Жаз ортасы ауған шақ еді. Даланың сәнге бөленген кезі өтіп, сұлу ажары кеми бастағанымен, күн сәулесіне бөккен жасыл шалғын семіз малдың түгіндей құлпырып тұр. Қалың шөп арасынан сыңсыған қып-қызыл қой бүлдіргенінен, сиыр бүлдіргенінен көз тұнады. Әбден саумалданып саяу бере бастаған қымыздық та шоғырлана кездеседі. Мезгілі өтіп бара жатқан қалың балауса, көк шалғынның хош иісі таңғы кіршіксіз таза ауамен араласып мұрынды жарады.
Күн сәулесіне шомылған кештің беті күнгей тұс. Көш басында тең үстіне қызыл ала масаты кілем жабылған күлсары атан жетектеген, солғын реңді кәрі шал. Астында тобылғы күрең ат, үстінде қоңыр түйе жүн шекпен, басында төрт салалы пұшпақ бөрік. Оның соңынан тізбектелген аттылы, түйелі қалың керуен. Кейбір қомды түйелерде ағараңдаған әйел кимешектері көрінеді. Шаңырақ доңғалақты екі аяқ шиқылдақ арбаларда кемпір-шал, бала-шаға... Қыз-келіншек, бозбала ат үстінде. Бірақ бұлар әдеттегідей ән шырқап, әзілдесе сөз қағысып, бірін-бірі қуып жарыспайды. Үн-түнсіз тұнжырап қалған. Көштің оң жағында қалың жылқы. Қырқаны бүйірлей тасыр-тұсыр жіті басып келе жатыр. Көш соңында қара мал, одан әрі жүре жайылған қотан-қотан қой-ешкі.
Көш жүрісі шұғыл. Пысқырған жылқы, анда-санда боздаған түйе. Үстіне қауырт келіп қалған мал тұяғынан сасып, қияқ пен ши түбінен пырылдай ұшқан бөдене мен жапалақ.
Асыға қимылдаған қыруар ел ылдидағы масағы кере қарыс қалың балқурай көмкерген айдын көлге қарай беттеді... Таң әлетінен жау қуғандай жөңкіген жұрт бір жаманатты аңғартқандай. Оларды қоршауға алып суыт келе жатқан сойыл-шоқпар ұстаған жүзден артық ер азаматтар тобы бар. Бәрінің де астында сүмбілдей сәйгүлік жүйрік, шайқала ырғалған жорға. Түстері суық. Шекпен-шапандарының етек-жеңі түріңкі. Бұлардың ішінде қайыңның безіндей берік, қазан тастай шомбал, төртпақ келген біреу ерекше көзге түседі. Астында есік пен тердей, ай табанды жайма жал қара көк айғыр. Тақымында келте шоқпар, қарына темір бауырлы қайың сойыл ілген. Үлкен өткір қара көзді, ұзын, қою қара мұртты адам. Таңмен бірге ашыла түскен қара сұр жүзі ақ сұпыдай. Бұл осы көштің осы көштің басшысы, Баянауылдағы Қаржастан шыққан Азнабай ұлы Сейтен. Қазіргі беті Балқаш көлінің маңындағы кең алқап. Ал арғы мақсаты осыдан үш жыл бұрын Алтын, Алтай, Тоқа, Уақ руларының қырық мың шаңырағын ертіп Қоқан Хандығы қарауындағы Сыр бойына өтіп кеткен Қасым төренің балалары Есенгелді, Саржанға қосылу.
Сейтенмен үзеңгілес түксиген қабақты, кескен томардай келте қара сұр жігіт келеді. Сары ала қынапты қисық табан келте қылыш тағынған. Кісі өлтірген адамдай түсі зәрлі. Бұл Қубет ұлы Ожар. Бір кездегі барымтаға да, жауға да қатар шапқан Сейтеннің үзеңгілес досы. Соңғы үш-төрт жыл ішінде Ақмола аға сұлтаны Құдайменденің Қоңырқұлжасының қасында болып, жақында ғана өз еліне қайтып келген.
Маңыраған қой, меңіреген сиыр, кісінеген жылқы үніне дабырлай сөйлеген адам даусы қосылып, таңертеңгі табиғаттың бейкүнә тамылжыған шырқын бұзып, кең даланы басына көтерді. Жасыл құрақ арасында бұйығып жатқан топ елік орындарынан үрпиісе түрегеліп, көл жағалай зыта жөнелді... Інінен жаңа ғана шығып, таң намазын оқыған молда тәрізді, шоқиып отырып алып, шақылдай жөнелген семіз суыр дабырлаған үнге сәл құлағын түріп тыңдай қалды да, кенет қалың ши арасына кіріп жоқ болды. Беймезгіл келген жұрттан сескенген көл үстіндегі құс у-шу, абыр-сабыр.
Көл жағасына дамылдаған көш түйенің қомын алмай, қазан көтеріп ас ішпей, сәл тыныстады да қайта көтерілді. Су маңайы бір әуенге түскен кезде шомбал қара Ожар қайтадан Сейтеннің қасына келді. Астындағы төрт аяғы тең жорға қара көктің тізгінін тежей түсіп, кеше тәмәмдай алмай қалған әңгімесіне қайта кірісті.
— Ата мекен Көкшетауын тастап, Қасым төре неге Қоқан хандығына қарай көшті?— деді ол сөзін алыстан қозғап,— Қазақта мақал бар емес пе «Бөтен елде сұлтан болғаныңша, өз еліңде ұлтан бол» деген.
— Қасым төре қай жерде жүрсе де сұлтан,— деді Сейтен жақтырмағандай алая қарап.— Бүлік басы бұзықта дегендей, пәле ақ патшаның Жылқы жылғы ұстабынан1 басталған жоқ па...
— Иә?
— Ұстап деген атының өзінен расында жан шошырлық... Ақ патшаның уысында ұстауға шыққан заң екен соның өзі... Осы ұстап бойынша Орта жүз сегіз өкірге бөлінді емес пе... Әр өкірге бір рулы елдің он бес-жиырма болысы кіреді. Әр болыста он-он екі ауыл. Әр ауыл Арқа жерінде, өзіңе белгілі, жүз қаралы үй. Ауылды үш жылға жұрт сайлаған старшын, ал болысты Шыңғыс тұқымынан шыққан сұлтандар басқарады. Өкірге үш жылға сұлтандар сайлаған аға сұлтан ие...
— Япырмай, ә, ақ патша өкірді қазақтың аға сұлтандарына басқартқандағы ойы: өз қотырын өзі қасып жатсын дегені ме екен?
Сейтен ақырын мысқылдай күлді.
— Ұшқалақтанбай тұра тұр. Ақ патша қазақ ісін екіге бөлген. Бірі — ауыл арасындағы жесір дауы, алыс-беріс секілді кәкір-шүкір. Мұны ақсақалдар мен билер өзі шешсін деген. Екіншісі — кісі өлімі, барымта, үкімет» - ке бағынбау тәрізді ауыр күнәлар. Мұны аға сұлтан басқарған өкірлік пірказ қарайды. Өкірлік пірказ екі патша қызметкері және екі жылға сайланған екі қазақ жәсиәтірден2 құралады. Бұлардың шешімін гүбірналық сот бекітеді. Онда бірде-бір қазақ жоқ. Сөйтіп біздің тағдырымыз бәрібір өз қолдарында...
Сейтен сәл үндемей қалды. Шұбырып келе жатқан көшке бұрыла бір көз тастай күрсінді де, қайтадан сөйлеп кетті.
— Сол ұстапта: «қазақ Мұхамбет пайғамбардың жолын берік ұстаған діншіл халық емес, оны шоқындырып алу оңай, тек ауылға уәкілдер жіберілсін» делінген.
Ожар күлгендей боп тісін ақситты.
— Және ол ұстапта ешкімді зорлау болмасын, әркім шоқынғысы келсе, өз еркімен шоқынсын деген де сөз бар ғой...
— Сейтен атының басын жедел тартып алды.
— Сен оны қайдан білесің?
Ожар екі ұшты жауап қайырды.
— Ел құлағы елу...
Сейтен атын тебініп қап, кенет қызулана сөйлеп кетті.
— Қасым төре біз секілді ақымақ емес еді. Арқа жерінде сегіз өкірігтің не үшін құрылғанын бізден бұрын түсінді. Тоқа, Алтын, Алтай, Уақты ертіп патша құрығы жетпейтін Бестаңбалы жеріне қарай көшті. Біз қалып қойдық. Қалғанымыздан не таптық? Он жылдың ішінде Талды өзенінің сағасында Қарқаралы өкірігі, Қызылжар бекінісінің жанында Көкшетау өкірігі, Семей бекінісінің тұсында Аякөз өкірігі, Омбы қаласынан төмендеу Ақмола өкірігі, Жәміш бекінісінің қасынан Баянауыл өкірігі, Аман қарағайдан жоғары Құсмұрын өкірігі, Омбының оңтүстік саласында Үшбұлақ өкірігі құрылды. Бүкіл Арқа жеріне темір тор жабылды, енді тырп етіп көрші! Қарамағыңдағы елің түгіл, туған ініңнің баласын арашалауға күшің жетпей қалды.
Сейтеннің соңғы сөзінің мәнісі бар еді.
Батыс Сібірдің тұрғын жұрты мен жер айдалып барған адамдардың арасында әйел жынысының өте жеткіліксіздігін еске алып, Бірінші Николай патша 1825 жылы 11 февраль күні, қазақша Тауық жылы ақпан айының он бірінде Сібір генерал-губернаторы мен Орынбор соғыс губернаторына Сібірмен шектес қазақ секілді «бұратана» ұлттардың жас қыз балаларын қолға түсіруге жарлық берген. Бұл жолда қандай амал болмасын қолдануға рұқсат етілген. Сатып алуға да, алдап алуға да болады делінген.
Осы жарлық бойынша қолға түскен қыз балалар шоқындырылып, әйел жынысына мұқтаж семьяларға тапсырылуға тиісті. Асырап алған адамдарға азық-түлік ретінде он бес жасқа толғанға дейін көмек көрсетіліп, ал қыз балаларды әкелген кісіге қолма-қол он бес сом сыйлық берілетін.
Міне осы жарлық Сейтеннің туған інісі Тайжанның жеті жасар қызы Алтыншашты да қармаққа түсірген еді. Тайжан патшаға қарсы ереуіл ұйымдастырғаны үшін бес жыл бұрын Омбы Орданс-Гаузе сотының үкімімен өлім жазасына кесілген. Оның ер жетіп қалған үш ұлы Сібірге Туринскіге айдалған. Белгісіз адамдар беймәлім жаққа әкетіп бара жатқан ағаларының соңынан қалмай шырылдап жүгірген жеті жасар Алтыншашты қарауыл басы офицер иемденіп, Омбыдағы бір сәудегерге сатқан-ды. Жас қыздың көркіне таң қалған Сібір корпусының штаб бастығы генерал-майор Фондерсон оны әлгі сәудегерден қалап алады. Алтыншаштан көз жазып қалған Сейтен, үш жыл өткеннен кейін оның әкесін өлтірушілердің бірі Фондерсонның қолында үй сыпырушы болып жүргенін естиді. Іздеп Омбыға келеді. Генерал-майордың сақ күзетшілері бөгет болып Алтыншашқа жолыға алмайды. Тәуекелге бел буып, түнде Фондерсонның үйіне шабуыл жасап, тартып әкетем деп жүргенінде, генерал-губернатор біліп қалып, өзі ажалдан әзер құтылады. Сейтеннің қазіргі айтып келе жатқаны осы бала жайы. Бұл оның көңіліндегі ауыр жара. Егер алда-жалда осы жараға біреу-міреу тиіп кетсе, Сейтен өзін өзі ұстай алмайды, бұлқан-талқан ашуға беріледі. Бірақ бұ жолы Сейтен өйтпеді. Бір кезде қанжығалас серік болғанменен, ол Ожардан аздап күдіктенеді. «Адам сыры — сандық ішіндегі қазына. Онда алтын жатыр ма, бақыр жатыр ма, бірден білу қиын. Кілтін іздеу керек». Сондықтан да ол енді Ожардан сыр тарта сөйледі.
— Сол ұстап бойынша біз қазынаға жүз қарадан бір қара жасақ төлеуге тиісті едік. Бірақ сол заңның езін кім дұрыс қолданып жүр? Аға сұлтандардың малы жұтқа ілексе — зекет төле. Жанаралдың пристаптың үйі өртенсе — үлесіңді апар...
— Ақ патшаның салық туралы қосымша әмірі шықты деп жүргендері қайда?— деді Ожар түнере.
— Иә, шыққаны рас. Бірақ одан қара қазаққа қандай пайда? Қоян жылы мамыр айында патшаның салықтан босатқан бес жылы өткеннен кейін, жаңа жарлық шықты... Бұл жарлық бойынша өкімет қызметінде жүргендерге, аға сұлтан, болыс, жәсиәтірлерге бірталай жеңілдік берілді. Олардың біраз малдары салықтан босатылды. Тек өздеріне меншікті төлеңгіттері үшін ғана салық төлейтін болды. Бұл жарлықтан ұтқан Сәмеке, Бөкей, Уәли ханның тұқымдары ғана. Патша ағзамға жаққан қызметтері үшін төре тұқымның шаңырақ ие сұлтандары мың жылқы, мың жарым қара мал, мың жарым сом ақшаға дейін өмір бақи жасақ төлеуден ада етілді.
— Жоқ, мен патша ағзамның бұл жарлығын айтып келе жатқан жоқпын...
— Енді қай жарлығын?
— Жасақ төленетін мал саны үш жылда бір саналғанмен, жұт жылы жасақты тек қолда қалған малға төлейді деп жүргендері қайда?..
— Оның рас. Бірақ қазаққа он ірі қарадан бір тұсақ төледі не, жүз тұсақтан бір ірі қара төледі не, бәрібір » емес пе? Байқаймын көмейіңде бірдеме тұрған іспеттес. Онда сен ақ патшаның бізге істеген жақсылығы болса соны айтшы?
— Көмейімде қара халықтың мұқтажына қиналған запыран тұр,— деді Ожар қабағын түкситіп.— Одан бөтен не болушы еді менде!?
Сейтен Ожарға жылы жүзбен қарады. «Мен осыдан бекер күмәнденіп келем-ау. Қанына тартпағанның қары сынсын демей ме қазақ, қанына тартып-ақ келе жатыр-ау бейбақ. Әкесі Қубет Қаржастың бел баласы еді...»
— Әйткенмен, қалауын тапса қар жанады,— деді Ожар қайтадан үн қатып.— Ақ патшаның да тілін таба білген жөн. Осыдан екі жыл бұрын көктемде Қараөткелдің аға сұлтаны Құдайменденің Қоңырқұлжасы қазақтар балаларымызды сыпайға — солдатқа алады деп сескенетінін арыз етіп Петрборға барғанында, патша ағзамның өзі қазақ жігіттері еш уақытта да сыпайға алынбайды деп бұзау терісіне мөрін басып уағдасын жіберген жоқ па?
«Осының өзі қай соқпаққа апара жатыр?»—деп Сейтен тағы да сезіктене қалды. Сөйтсе де:
— Бұзау терісі емес, бұзау терісінен істелген қағаз десетін. Қап-қалың болатын, өзім көргем,— деді ол жайбарақат.— Сол қағаздан кейін аға сұлтан Қоңырқұлжаның қадірі ұлан-асыр өсті. Соның арқасы ғой бұ күні қалың арғынды шашау шығармай ұстап отырғаны. Үйірін бермес осындай бір марғасқа айғырлар болатын.— Сейтен сәл үндемей қалды да, күрсіне қайта сөйледі,— жиырма мың жылқы айдаған Құдайменде баласы ондай қағазды алудың бір амалын тапқан шығар. Бірақ ақ патша әділетті болса Қасым төренің арызын неге тыңдамапты?
— Қандай арызын?
— Қасым төре қазақ жеріне бекініс салып, пірказ құруды тоқтатуын талап етіп осыдан он жыл бұрын қағаз жазған жоқ па? Одан не шықты? Жауап берудің орнына жерімізге әскер үстіне әскер төкті. Ақмола, Аякөз, Баян» ауыл өкірігінің кіндік ортасына Ақтау бекінісін сала бастады. Бұнысы енді бүкіл Арқаны қанды шеңберіме аламын дегені емес пе? Осыны сезген Қасым тере Қоқан хандығына қарай ауысты ғой. Ондағы ойы Сыр бойындағы қалың қазақты Абылайдың ақ туының астына жинап, діні бір Қоқанмен тізе қосып жұртымызды тыныш, алаңсыз ету емес пе еді.
— Бірақ Қасым төренің ол ойынан не шықты?— Ожар мысқылдай күлген тәрізді,— Ташкент құшбегінен Есенгелді мен Саржанның аман қайтуының өзі екі талай...
1824, яғни қазақша Мешін жылы Көкшетау приказы құрылды. Бұл — ақ патшаның Абылай ұрпағының ата мекеніне ауыз салуы еді. Осы жылдан бастап Қасым төре баласы Саржан сұлтан қол жинап патша әскері мен ұстапты жақтайтын Сәмеке, Бөкей, Уәли хандардың ұрпақтарына, Көкшетаудың аға сұлтаны Қара Тоқаның Зілқарасына қарсы күрес бастады. Кейде жеңіп, кейде жеңіліп, басынан сан айқасты өткізеді. Ақырында Қоқан хандығының қол астына еніп, 1834, яғни Жылқы жылы осы хандықтың бас күші Ташкент құшбегі, тәжіктің Қалпы руынан шыққан Мәмет Әліммен тізе қосып, қазақ жерін Россия империясынан бөліп алмақ болып, алты мың әскермен Ұлытау өңіріне келді. Осы өңірге Қорған атты бекініс тұрғызып, бізге қосылыңдар деп жан-жағына жар салады, аға сұлтан, ел билеген ақсақалдарға ат шаптырады. Бір жағынан шағын-шағын жасақ аттандырып, Қараөткел, Көкшетау жеріндегі қалың арғын елін шаба бастайды. Мұны естіген Сібір губернаторы Ұлытауға генерал-майор Броневский басқарған алты зеңбіректі! бір мың әскер жібереді. Броневский көп кешікпей Ұлытауға таяйды. Жақын қалған патша әскерінен қорыққан Ташкент күшбегі Қорғанға азғантай сарбаздарын қалдырып, Бетпақдалаға қарай қашады. Ал Қорған бекінісі көп соғыспай Броневскийге беріледі. Ташкент құшбегі Мәмет Әлім қазақ жерін Россия патшалығынан оңай ала алмайтынына көзі жетіп, күресті бірден тоқтатады. Одақтасының мұндай опасыздығын көрген Қасым төре балалары енді Сыр бойындағы қазақтарды жинап, Қоқан хандығының ықпалынан құтылмақ болады. Бірақ Ташкент құшбегі бұны сезбегенсиді, ақ патшамен күресуге қайта қол жиямыз, кеңеске балаларыңды жібер дейді Қасым төреге. Ал ол құрылған қақпанды аңғармайды, Ташкентке жиырма жігітпен қолбасшы балалары Есенгелді мен Саржанды, шұбыртпалы Ағыбай батырды, Саржанның жиырма жасар баласы Ержанды жолға шығарады. Бұлардың Ташкентке кеткені Арқаға да жетеді. Ожардың айтып келе жатқаны осы жәйт.
Сейтен бұл хабарды бұрын естісе де, мысқылдай сөйленген сөзден бір суық кекесін аңғарып қалды. Ожарға сескене қарады. Кенет есіне осыдан үш күн бұрын қойнынан жұлып алып тастаған шұбар жылан түсті.
Айдын көлді, жасыл белді, қарағай, қайың сыңсыған қатпар-қатпар жартасты Баянауылдан аттанған Сейтен Қараменді тауы етегін басып, Балқаштың теріскей тұмсығындағы Мың аралдың батыс жағына өтпек еді. Осыдан үш күн бұрын бұлар Қараменді тауының шұрайлы етегіне жеткен. Бір жетіден бері ат үстінен түспеген Сейтен, көш орнығысымен, жан-жағы анық көрінетін бір жартасты төбенің басына шығып, көз шырымын алдырмақ болған. Ұйықтап кеткен екен. Үстінен бір суық леп ескендей сезінді. Көзін ашып алды. Ештеңе де көрінбейді. Ел жым-жырт ұйқыда. Аспанда күміс ай ғана ақырын жылжиды. Мұны оятқан не? Сейтен қозғалмай үн-түнсіз сол жатты. Сол мезетте-ақ кеуде тұсында бірдеме жыбырлаған сияқтанды. Алақанын сәл жұма, оң қолын кеудесіне қойып ұйықтайтын әдеті бар еді. Кенет аш қарнына сұп-суық бірдеңе тиді. Сейтен жылан екенін бірден сезді. Қозғалуға болмайды. Таулы жердің жыланы уытты келеді. Жылан сырғып кеудесіне таман келе жатыр. Мұндай суық, мұндай ызғарлы болар ма! Талай ажалға қарсы ұмтылған Сейтен батыр, жүрегі аттай тулап демін әзер алды. Баяу сырғыған жылан бір кезде Сейтеннің сол жұмулы алақанының арасына басын сұқты. Лақа бас, білектей жуан, қайрақ тас түстес тау жыланының езі. Егер саусағының бірі дір етсе бітті, улы тілін салып алуы кәміл. Енді жылан басын алақан қуысынан өткізіп, әрі қарай жылжи берді. Сірә, тамақ тұсына келіп оралмақ. Сейтен бала жасынан жылан-шаянның қорқып көрген емес. Мұндайдың талайын табанына басып улы тілін суырғаны бар. Әдет қылған қолдың білектей жуан жыланның алқым тұсынан қышқаштай боп қалай жұмыла қалғанын Сейтен оны қойнынан алып шыққанда бір-ақ білді. Жылан иретіле, бұлқына білегіне оралғанмен, күшті қол алқымынан бір-екі рет мытып-мытып қысып жіберді де, бос бүйендей өлексесін солбаң еткізіп анандай жерге топ еткізді.
«Мынау Ожар да қойнына кіргелі тұрған сондай шұбар жылан емес пе екен?» Ожар қанша шомбал болғанмен Сейтеннің құрыштай қатты қарулы қолының бір мытығанынан қалмайды. Бордай опырылып ат үстінен құлап түседі.
Ожар Сейтеннің ашулы қабағынан бір сұмдықты сезді ме, жаңағы аңғырт айтып қалған сөздерін жуып-шайды.
— Қоқан құшбегілеріне сену қиын. Жеңілтек әйел тәрізді, өздерінің көңіл ауған жағына қарай жалт ете түсулері оп-оңай... Есіл ерлер аңғалдықпен мерт болып жүрмесе нетсін.
«Жоқ, Ожар баяғы Ожар. Мұнымен бірге бір қайыққа мінуге болады». Сейтен жан-жағына ойлана көз тастады. Күн кешкіріп қалған екен. Дала құмайт топырақтанып, жаз ортасы ауып сары балақтана түскен таспа жоңышқа мен жатаған, шеңгел кездесе бастаған. Әр тұста ойдым-ойдым қалың қарағай көрінеді.
Күн соңғы сәулесін адыр үстіне жайып салып, меңіреу даланы қызғылт сәулеге бөлеп, батуға айналған.
Аздан соң көш қалың қопалы, көкпеңбек ойпатқа енді. Бұл ара Қаржас руының ең шалғай жайлауы. Бұдан әрі Балқаш өлкесі, Сарысу алабы, Сыр бойы басталады. Самсай көшкен жұрт арт жақтарында бұлдырай қарауытқан Арқа тауларына алаңдай бастады. Қазір күн батады, жабылған ымыртпен бірге туған өлкенің ең соңғы селеуіті де өшпек. Арттарына бұрылып қараған сайын жүрегіне суық семсер тигелі тұрғандай көңілге мұң, көзге жас келді. Алда не күтіп тұр? Бақыт па? Михнат па?
Дәл осы сәтте батып бара жатқан күнменен бірге азалы, зарлы үн естілді. Ылдиға қарай ентелей құлаған көштің бір бүйірінен, жал-құйрығы күзеулі тайға мінген, екі бүйірін таянып алып, «Елім-ай» әнін салған он төрт - он бес жасар қара торы қыз бала көрінді. Табиғат қинаған бейкүнә еліктің баласындай жылап келеді.
Көшке ерген жұрттың көңіл күйін дәл шерткендігінен бе, тірі пенде оның әнін бұзар емес. Төмен қарап уһлей береді. Сейтеннен «тоқтат» деген бұйрық болмаған соң, жұрт әнді мұңая тыңдауда. Қыз бала шырылдай толқиды:
Туған жердің қия алмай тау мен тасын,
Біз келеміз тыя алмай көздің жасын,
Не жазып ек, жасаған, таптатардай,
Көрінгенге халқымның алтын басын.
Арман етіп жазылмас жан жарасын,
Ата-мекен тастадық кең даласын.
Өз жеріне сыя алмай барғанында
Өгей елден, қайран жұрт, не табасың?
Шықпай жатып бесіктен қайғы торып,
Сарғалдақтай жаңбырсыз қалған солып,
Қайда барсаң алдыңда Қорқыт көрі,
Неге тудың бақытсыз халық болып.
Қыз баланың әні Сейтеннің көкірегін тырнап жатқан тәрізді, қабағы салбырап тұнжырай түскен. Егер ән бұдан әрі созылса сонау артта қалып бара жатқан туған жеріне деген қасіреттен жүрегінен қан тамшылайтындай көрінді. Осы бір бұлқан-талқан болып келген күйікке шыдай алмаған Сейтен «тоқтат!» деп қолын көтерді, қыз әні пышақ кескендей үзілді.
Енді көш шұбалаңдамай, алды-артын жиып, көлді ығыстай таяп келеді... Алдарында жазық алаң, одан өтсе, арада қол созым жерде өздері қашып бара жатқан өгей өлке.
Сейтен бірдемеден сескенгендей атының басын тартты. Алдынан көлмен қатарласа созылған қалың қопа қамыстың өздері беттеген көз жетер-жетпес бір тұсынан, әлдене қараң ете түскен тәрізденді. Көзі қанша қырағы болса да не екенін анық айыра алмады. Аң дейін десе, кісі бойы қамыстан қалай көрінеді? Адам дейін десе елсіз қалың қопаның арасынан не таппақшы? Ұры-қары дерлік, бұл ара қара жолдан шалғай... Әлде бұлардың ізін аңдыған жау ма?
Сейтеннің көңіліне күмән кірді. Бірақ Ожар оны бұл күдіктен ада етті. Сейтен көргенді бұ да көрген екен.
— Сейтеке,— деді ол атын тебініп таяй түсіп,— көшті жинақы ұстамаса болмас. Бұл Мың арал қойнауы қорқынышты. Қабан да, жолбарыс та бар десетін. Жаңа байқадыңыз ба, әне бір тұстан жүгірген қасқырды?..
— Мен адам ба деп едім.
— Бұл араға адам қайдан келсін. Мен анық көрдім. Қасқыр. Сірә қоян қуып жүрген болуы керек, секіре жүгірген түрі сойқан.
— Қасқыр болса қасқыр шығар. Жассың ғой, анық көрген болсаң...
Енді көш бұрынғысынан жинақы жүрді. Сойыл, шоқпар ұстаған қарулы жігіттер жан-жағынан қоршап, мал біткенді ортаға ала, шашау шығармай, тұтаса түсті. Тек түн ортасы ауған кезде, жағасы атты кісі көрінбес қалың анақурайлы Баскөлдің тұсына келгенде ғана:
— Осы арада азырақ көз шырымын алдырсақ қайтер еді, Сейтеке,— деді Ожар.— Қатын, бала, әбден қалжырады, жігіттердің де кейбіреулерін ат соғып тастағанға ұқсайды.
— Әлі де жүре түссек... Қонуға бір қауіпсіз алаң таппасақ болмас.
Көшке бұл өңір мүлде бейтаныс. Жолды қан-сөлсіз сұр бетті, шілтиген Сәмен ғана біледі. Жөн көрсетіп келе жатқан да сол.
Ол Ожарға бір көз тастап, Сейтенге қарады.
— Мұндай жедел жүріске жұрт шыдар емес. Ат шалдыруға да осы ара дұрыс. Бұдан әрі шалғын азаяды да, қамыс-қурай көбейеді.
— Айтқандарың болсын...— Сейтен өзі бірінші боп аттан түсті.— Жұрт таң сыз бергенше көз шырымын алсын... Ал біз кезектесе күзетелік.
— Мақұл.
Түйелер шегеріліп, арбалар доғарылып, жұрт дабырлай орныға бастады.
Сейтен жанына топырлай жиналған серіктеріне:
— Әр қарауыл бір бие сауымдай уақыт көшті айнала жүреді. Алғашқы кезек өзімдікі,— деді.— Менімен бірге қайсың қаласың?
— Мен.
— Мен.
— Мен.
Зор денелі үш жігіт топтан бөлінді.
— Сізден кейінгі кезек менікі,— деді Ожар.
— Жата бер. Бір таңға шыдармын!
— Сіздің әрқашан да тың болғаныңыз жөн. Біз секілді жастарға түнгі күзеттің өзі де бір қызық дәурен ғой.
Сейтен жауап бермеді. Жұртқа:
— Ал ұйықтаңдар!— деп, қарауыл жігіттерін ертіп, бөлініп шыға берді.
Аздан соң жол соғып қалжыраған жұрт қатты ұйқыға кетті. Сайдың тасындай ер жігіттер шоқпарларын бастарына жастанып, сойылдарын жандарына жатқызып, жүйріктерін белбеулеріне байлап, көштің ішіне шашырай орын алды. Әрі-беріден соң әр жерден қорылдаған, пысылдаған дыбыстар естілді.
Дала тып-тыныш, тек анда-санда лүп етіп соққан желмен ойнап үкілі қурай мен қамыс бастары шуылдай жөнеледі де, лезде тына қалады. Оқтын-оқтын көл жағасындағы әупілдектің күмпілдеген үні мен өгіз шағаланың өкірген айқайы естіледі. Кенет аш түлкінің тырнағына іліккен жапалақ жерге құлаған баланың даусындай шар етеді... Тұяқ серіппей тыным алған көш. Әр жерде ұйқы білмес сиырдың мүйізіндей қақырайған төрт күзетші... Бұлар да жантайып азырақ демдерін алса ештеңе етпейтін сияқты. Туған жерінен шұбыра безген бишара жұртқа Жетісу мен Арқа түйіскен елсіз аулақта кім тимек? Кім аңдиды оны? Әйтсе де, үнсіз түн құрылған қақпан тәрізді, елең болған жөн...
Ай сәулесі кеми, аспандағы жұлдыздар бірінен соң бірі сөніп, таң жақындағанда, Ожар қасына Сәмен мен көш қозғалар алдында қосылған көршілес ауылдың екі бейтаныс жігітін ертіп Сейтеннің қасына келді.
— Сейтеке, таң да жақын... Азырақ көз іліндіріп алыңыздар,— деді ол.
«Сәл тынығып алған да теріс емес, тыныш секілді ғой, ертеңгі жол да ауыр»,—деп ойлады Сейтен ішінен, Сөйтсе.де:
— Жарайды, ұйықтамасам да белбеуімді босатып, сәл тыным алайын. Жігіттер де сөйтсін,— деді. Бірақ кетіп бара жатып тағы да тоқтап азырақ кідірді,— дегенмен сақ болыңдар, көл маңының қамысы тым үрейлі екен, қасқыр, қабаннан ада емес шығар.
Өзі өзгелерден оқшаулау барып, екі қолын басына жастанып үн-түнсіз жата кетті...
Күзеттегі төрт жігіт бірінен бірі көз жазбай көшті айнала жүр. Сырт бейнелері сақ құлақ, жіті көз қарауыл тәрізді.
Сейтеннің қобалжыған көңілі орнығайын деді. «Осылар секілді, «сен тұр, мен атайын» ер азаматтары бар жұрт қор болар ма... Мұндай жайсаңдарыңның мол жаралғанына құдайға шүкір...»
Алты күннен бері «қуғыншыға кездесіп, соңымнан ерген жұртты қырғынға ұшыратпасам етті» деп қобалжи шаршаған көңілдің орныға бастағанынан ба, әлде көптен бері ат үстінен түспеген денесі талмаусырады ма, Сейтен аспанда ақырын жүзген айға қарап жатып ұйықтап кетті.
Дәл осы кезде Ожар мен Сәмен көштің алдыңғы жағындағы қалың қамысты түбек тұсынан айнала өтіп бара жатқан-ды. Олардың құлағына қамыс арасынан:
— Ожар, біз дайын,— деген әлдекімнің дірілдей сыбырлаған үні естілді.
Ожар кілт тоқтап қалды. Бұрылмастан:
— «Қақпанды қоя білмеген қасасын қалдырар», әкеңнің аузын... Бағана күн батарда біреуің көзге түсіп, Сейтенге елең туғыздыңдар. Жаңа ғана жатты. Біз қазір оны байлаймыз. «Аттан!» деген ұран шыққанда, қапы қалмаңдар!..— деді ақырын ғана.
Ол көшті айнала жүре берді. Бүйірден қосылған Сәменге:
— Қазір Сейтенді аламыз,— деді.
— Ояу жатқанда ма?!—Сәменнің үнінен қорқыныш лебі аңғарылды.
— Ендігі ұйықтап кеткен шығар. Ұйықтамаса да алу керек! Жақып, сен Сақыпқа бар, шөккен түйелерді қалқалай аяқ жағынан келсін. Өзің құбыладан. Дыбысын шығартпай басайық.
— Құп.
Сейтен сергек ұйықтайтын. Үстінен құс өтсе де оянатын. Сыбырды сезіп, орнынан атып тұрмақшы болды. Бірақ кенет үстін албастыдай басып алқымынан қышқаштай жабысқан темір саусақтар үнін шығартпады. Кеудесіне мінген шойындай ауыр шомбал дене мен екі қолын ұстаған екі балуан жігіт бұны тырп еткізбеді. Әні-міне дегенше екі қолы артына қыл шылбырмен маталып, аузына орамал тығылды. Екі көзі су қараңғы болып байланды. Сейтеннің көкейінде: «Әттең! Әттең!» деген арман ғана булыға тулады.
— Бұның кебіні кигізілді,— деді өзіне таныс күңгірт дауыс,— Сәмен, сен осы арада бол. Ал сендер сарбаздарға жетіңдер. Белдеріне байлаған аттардың шылбырларын кесіңдер, ер-тоқымдарының оң үзеңгілерін шешіп алыңдар!
Сейтен қыл шылбырды білегіне батыра бұлқынып-бұлқынып түсті. «Япырмау, мынау дауыс кімдікі? Ожар ғой! Сорлы жүрек, бекер сес бермеген екенсің? Қап! Қап!» Ол аздан кейін өзінің жалғыз қалғанын аңғарды. «Жоқ жалғыз емес шығармын. Жаңа ғана Ожар «Сәмен, осы арада бол» деген жоқ па еді? Сонда бұл да жау болғаны ма? Шыққыр көзім, нені көргенсің!» Сейтен ауға түскен мекіредей жанталаса тулай берді.
Дегенмен, жау ниеті де өз дегенінен шыға қоймағандай. Ұйқыдағы сарбаздардың тең жартысының аттары босатылып, кейбіреулерінің оң үзеңгілері алынып қалған кезде, түсінен шошып оянған жас жігіттердің бірі сұмдықтың болғанын бірден аңғарды. Қараңдаған кісілерді көріп:
— Жау келді! Жау келді! Аттан! Аттан! Сейтен аға деп құлындағы даусы құраққа шығып жар салды. Барымта, шабуылға үйренген жұрт орындарынан атып-атып тұрды. Таң қылаң беріп қалған кез еді, қалың қамыстан қуғынға жіберілген қырық-отыз салт атты сыпайлар да шыға келді. Шаңқ-шұңқ еткен білте мылтықтың даусы естілді. Үрген ит, жылаған бала... Атылған мылтық... «А, құдай, өзің сақта» деп үріккен, қорыққан дауыстар жан-жақтан үрейлене жамырай, жаңа ғана ұйқыда жатқан бейқам көш азан-қазан болды да қалды. Кенет:
— Алға, жігіттер!— деген қатты үн шықты, Сейтеннің есік пен төрдей тоқпақ жалды қара көк айғырын ойната Ожар өзгеден бөліне берді. Басында орамал, білегін сыбанып алған. Қолында жалаң қылыш, шабатын қасқырдай екі көзі оттай жайнайды.
— Өлсек шәйітпіз, өлтірсек бәйітпіз,— деді ол тағы да күшті дауыспен,— кәне, еріңдер соңымнан!
— Ожар! Баста, Ожар!—деді аттарына мініп үлгірген кей жігіттер.
Ожардың қасына шоғырлана қалған, тастай түйілген шағын топ «А, құдай», «Аруақ!», «Айдабол!», «Қаржас!» деп біріне бірі ұрандаса жел беріп, сойылдарын көтере, қарсы жаққа лап қойды. Алдарында Ожар. Бірақ ол қарсы шепке жетер-жетпестен атының жалын құша құлады.
Мылтықтың суық үніне үйрене қоймаған есіл ерлер, қолбасшыларынан айрылған соң бөгетке келіп қарқыны басылған толқындай, жау шебіне таяй түсіп шашырана тоқтады. Кейбіреулері аттарының басын бұрып алып, кейін қарай шапты. Қылышын көтеріп үстіне төніп келген қуғыншы жағының екі жауынгеріне, жерде домалап жатқан Ожар зекіп:
— Түсіңдер аттан, иттің балалары!—деді.— Байлаңдар тез менің қолымды! Апарыңдар тез Сейтеннің қасына... Қалаға таянғанда босатарсыңдар, елден шыққанша бірге ұстаңдар!
Ожардың қолын артына байлап, у-шу болған жұрттың қақ ортасымен, бір шетте тұрған Сейтенге апара жатқанда ол әлдекімнің:
— Арманда кеттіңдер-ау, қос арысым!—деген күңіренген даусын естіді.
Ожар аңқау елдің бетіне қарауға жүзі шыдамай, аяғын шалыс басып өте берді... Таланған, шабылған көш, жүнін жұлған тырнадай боп бар сәнінен айырылды. Енді кейін қайтарылмақ болды.
Суық мылтықты, кәрлі қылышты әскер жасағын басқарып келген есаул Лебедев ысқыра қамшысын үйіріп, қасқыр шапқан қойдай ұйлығып қалған жұртты кең алаңға жинады да, жанында тұрған Қоңырқұлжа аға сұлтанның кіші баласы сары ала түймелі Шыңғысқа жирен мұртын тікірейте ежірейіп:
— Қайда қашып құтылмақ? Сұра мына шалдан,— деді бағанағы көш басқарған инабатты ақсақалды көрсетіп,— патша ағзам жарлығынан құтылу, ажалдан құтылумен бірдей.
— Біз айыпты емеспіз,— деп ақсақал жауап беріп, төмен қарады.— Үйірден саяқ қана бөлек жайылады. Өзен қайда құйса, тамшысы да сонда құяды.
Тілмаш ашуланып қалды. Сөйтсе де сыр білдірмей:
— Алтын, Алтай, Тоқа, Уақ босты деп сендер де босқыларың келді ме? Азғырғанға еріп азайын дедіңдер ме? Саржан сұлтан ту көтергелі, жұрт та ат үстінен бір түскен жоқ. Қанша ауыл қырғынға ұшырады. Тоқтайтын уақыттарың болған жоқ па, кілең есуас?
Шал ауыр күрсінді.
— Жақа өзің айттың ғой, Алтын, Алтай, Уақ, Тоқа ана жаққа кетті деп. Сынықтан бөтеннің бәрі жұғады ғой. Олардың үлгісімен өзгелер де киімін пішпесін қайдан білесіңдер?
— Сонда ақ патшаға, аға сұлтандарға қояр кінәларың қандай?
— Шырағым, ел тыныштығын жоғалтқан бір аласапыран заман болып кетті емес пе,— деді ақсақал уһілеп,— жылы-жылы сөйлесе жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесе мұсылман діннен шығады. Біз бір мал баққан момын елміз. Ауыл үстінен атылған мылтық тек қана жылқыны үркітпейді...
— Ол мылтықты атқыздырып жүрген өздерің емесіңдер ме?
— Сонда бізге қой болып қырыл демексің бе?
— Қолыңнан қой болудан бөтен келмесе, жаз жайылымыңды, қыс қыстауыңды біліп жайыңа жүрмейсің бе!?
— Жайыма жүруге қойып тұрсың ба?— Қария тілмашқа оқты көзімен қарады.— Қотан жанына қасқыр апанын қазса, қойда не ес қалады? Сыпайларының шошайған мылтықтары жеріме салынып жатқан анау бекіністер сол қасқырдың апандары емес пе?
— Өздерің үндеріңді шығармасаңдар, олар да мылтықтарын шошайтпайды.
— Ал үнімді шығарсам ше? Бауыздайын деп жатқанда ешкі екеш ешкі де бақырып өледі. Сен бізге сол ешкі құрлы болма дегенің бе? Жоқ, шырағым, жерімізді жыртып, өзенімізден балығын аулап жүрген мұжыққа қамшы көтерген бір де қазақ жоқ шығар. Ал қылышын сүйретіп есіктен кіріп төр менікі дегендерге...
— Иә, ондайларға не істей аласыңдар? Қолдарыңнан келері бүгінгідей босқа қырылу ма?
— Адал өлу де — абырой.— Қария тілмашқа алар бүркіттей сұстана көз тастады.— Шырағым, аяқ алысыңды байқадым, сен өзің Әбілқайыр, не болмаса Уалиханның ұрпақтарының біріне ұқсайсың... Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ деген, бір сұрайтын сөзім бар...
— Не сөз?
— Әбілқайырға да, Уәлиге де патша ағзам хандықтарымен бірге құндыз ішік, оқалы қоқыр, алтын балдақты алмас қылыш берді. Құндыз ішік пенен оқалы қоқырды беруі түсінікті, бекзадалар кисін деген шығар. Ал қылышыңа жөн болсын? Оны кімнің басына төндірсін деп сыйлады?
— Патша ағзамның дегеніне көнбегендердің!
— Дұрысыңды айттың, ер жігіт екенсің. Бірақ біз көппіз ғой. Қара да болсақ, қанымыз бір қазақпыз. Уәли мен Әбілқайыр ұрпағының бәріміздің бірдей басымызды ала беруге қалай жүрегі дауалайды?
Тілмаштың ақшыл жүзі күп-күрең боп кетті. Аталарың қазақ халқының қанішер қара ниет жендеті деп тұрған осынау тіл тартпас шалды ат бауырына алуға да дайын. Бағанадан есаул Лебедевке шалдың сөзін аудармай қойған. Енді шыдай алмай жіңішке еріндері дір-дір етіп:
— Есауыл мырза,— деді ашуын баса алмай, орысшалап,— мына қара сақал, патша ағзамды балағаттап тұр!..
— Иттің баласы!—деді есаул қызғылт мұрты ашуланған қанден күшіктің құйрығындай дір-дір етіп тікірейе қап.— Көрсетейін мен бұған патша ағзамға қалай тіл тигізуді!— Ол атын ойнатып Абзал ақсақалдың қасына жетіп барды да, мүсіндей қозғалмай тұрған ел ағасын бұзау тісті, қорғасын бауырлы тобылғы қамшысымен дәл басынан тартып, тартып жіберді,— Мә, саған! Мә, саған! Патшаға тіл тигізетін сабазсың ғой!
Құлаштай сілтеген қамшы ауаны кескілеп «ыс, ыс» етеді. Қарттың басынан қан жосып аға жөнелді, бірақ Абзал жартастай болып, үн шығармастан қозғалмай тұр.
Бұл сұмдықты көрген жұрт шегін тартып үрпиісе қалды. Енді ұрыс кезінен де бетер үрейленгендей. Бірақ қылыштарын жалаңдатып тұрған солдаттарды көріп, кейін жапырылды.
— Өлтірді ғой сорлыны!—деген әйелдің ащы даусы шықты.
Дала тағы да тына қалды. Ызалана соққан қалың жұрттың жүрегін теңіз толқып, қайық қалқып тыңдағандай, бар әлем көрген сұмдығынан шошып бұлқан-талқан болуға таяу.
— Мына едірейген мысық мұрттың ұрғанына өкінбеймін,— деді Абзал шал бетіндегі қанын сүртпей,— сары ала түймелі сұлтан ұрпағы, қаным бір қазағым едің, сенің араша түспегеніңе өкінемін.
Сөйдеді де Абзал ең ақырғы күшін жиғандай өздерінің келген жағына қарай аяғын ілби басып жүре берді.
Жұрт тағы да соның соңынан ерді.
«Ел көзінше шалды бекер ұрды-ау мына есалаң жасауыл» деді ішінен Ожар, көп тебінсе — жер сілкінеді, қиянатты көзімен көрген жұртты басу қиын. Бүгін Сейтенін ұстасаң, ертең басқа біреуін табады. Ел болып бірігіп патшаға қарсы тұруға тек ата салты, ел дәстүрі бөгет болып жүрген жоқ па. Әр рудың, әр болыстың өз көсемі бар. Біріне бірі көнбейді. Ал бәрінің басын қосатын көсем табылса не болмақ? Қазақ асау жылқы тәрізді, кім үйрете білсе, соны ғана ие тұтады. Сондай адамы табылса, мына жұрт соңынан шұбыра жөнелуге дайын...»
Бір арқанмен байлаулы тұрған Сейтен мен Ожардың тұсынан «қош, қос арыс!» деп шұбырған көштің ең соңғы шоғыры өте берді. Ожар тағы да ойлана қалды. Іштегі қуаныш сыртқа шығуға дайын тұр.
«Менің бұлай қолға түскенім дұрыс болды. Аз уақыттың қорлығы әлі-ақ ұмытылар. Ал қиянатымды білсе мына жұрт...»
Он шақты сыпай көшті айдап, Баянауыл жаққа кетті де, қалғандары байлаулы Сейтен мен Ожарды алып Омбыға тіке тартты.
Бұлар үш күннен кейін, Баянауыл округінің Сібірмен шектес Төрткөл болысының жеріне жетті. Қаз-үйрегі сыңсыған, әлі де шалғыны қурап сембеген бір ауылға келіп түнемек болды. Бұл осы маңның ел ағасы Бектас баласы Таймастың аулы екен. Таймас ұзын бойлы, денелі ақ сары кісі. Қаржас руына жиен. Айдалып келе жатқан Сейтен мен Ожарды көріп ауылдың құты қашып, әбігер болды да қалды. Түстері суық, қисық қылышты, шошайған мылтықты солдаттар ауыл үстінен ат ойнатып зәрелерін ала түсті. Бойын қорқыныш билегенмен жұрт ебін тауып, Сейтенге келіп амандасып жатыр. Көптен бері ұйқы көрмегендігінен бе Сейтеннің үлкен қоңыр көздерінде таусылмас қайғы-шер күлкілдеп тұр. Екі қолы артына мықтап байлаулы, үстіндегі ақ жібек мол көйлегінің жағасы дал-дал, әр жерінде баттия жабысқан қызыл қан... Қолға түскеннен кейін ұрған болулары керек, қомақты жұлынған омырауының ашық жерінен кеудесінің көк ала еті көрінеді.
Кешегі ел-жұртының қамын жеп ақ патшаға қарсы шыққан адамның бүгін мұндай сұмдыққа ұшырауы Таймастың жан сезімін өртеді. Оның мұндай күйге түсердей не жазығы бар екенін білгісі келді. «Барлық айыбы жұртына қамқор болғаны ма? Ақ патшаның тегеурініне көнгісі келмегені ме? Егер бар күнәсі сол болса онда мұндай мүсәпірлікке ұшырайтын жалғыз Сейтен ғана ма? Аң да, құс та өз інін, ұясын қорғайды. Адам неге өйтпеуі керек? Өз мекенін, өз жерін неге қорымасқа? Сондай бір әділ қылығың үшін де айыптысың ба? Жоқ, айыпты емессің».
Таймас Сейтенмен қанша сөйлескісі келсе де реті түспеді. Тұтқынды қалт етпей күзеткен сыпайлар жуытпады. Лебедев пен Шыңғыс екеуі ауыл төңірегіне де, Ожар мен Сейтен жатқан үйге де сақшы қойды. Өзге сыпайларын да алысқа ұзаттырмай сол маңайдағы көрші-қолаңдардың күрке, лашықтарына орналастырды.
Түн жылы еді. Лебедев Таймасқа өз үйінің іргесіне төсек салып жатуға рұқсат етті.
Түн тастай қараңғы. Үстіңнен түйе жүн қалың көрпе жауып қойғандай тымырсық ыстық сезіледі. Қобалжи тынышталған ауыл мызғымас бір өлік тәрізді, тек анда-санда қаңтарып суытып қойған сыпай аттарының пысқырғаны мен күзетшілердің еміс-еміс күбірі естіледі. Басын шырмаған алуан ой, қанды айқаста қолға түскен мынау Сейтен мен Ожардың аянышты халдары мазалап, Таймас көз ілмей дөңбекшумен болды.
Кенет құлағына бір күйзелген, күңіренген қоңыр дауыс келді. Таймас тыңдай қалып еді, бұл —«Елім-ай» әуенімен зар-өлең айтып жатқан Сейтен екенін білді. Таймас тына қалды. Енді Сейтен салған ән сөздері айқын естілді.
Қош аман бол, кең жайлау, өскен жерім,
Қайтқан қаздай қалың ел көшкен жерім.
Есіл қазақ есейіп ел бола алмай,
Ит пен құсқа таланып өшкен жерім,—
деп күңіренеді ол.
Сейтен тағы да айтпақшы еді, Ожардың сәл ашулы даусы оны бөліп жіберді.
— Сейтеке, ішке сыймай бара жатыр ма күйігіңіз?..
Сейтен қолға түсер сәтте көзі кермесе де, даусын шырамытып, езін байлағандардың бірі Ожар деп ұққан. Бірақ оның да мұндай күйге түсіп, езіменен бірге айдалынып келе жатқанына таң қалып ол ойынан қайтқан. «Япырмау, бұған даусы ұқсас кім болды екен!» деп басы қатқан. Әйткенмен күпті көңіл ырық бермеді, сөз тартып сыр ашқысы келді. Енді ол алыстан орағытып сөзге кіріскен:
— Ожар, айтылмаған өкпе — іште жатқан Ескендірдің қос мүйізімен тең...
— Шер тарқатар уақыт болар әлі.
— Уақытымның бітуге айналғанын біле тұра, кекетесің ғой,— деп Сейтен сәл ашулана күліп ақырын ғана күрсінді де сөйлеп кетті. — Боз торғайдай кішкентай болғанмен биік ұшар халқым бар еді, сол сорлыны бір құзғын іліп кетпесін деп, ана жылы жалғыз бауырым Тайжан ақ патшаға қарсы жасақ құрғанда сен де келіп қосылып едің...
Ожар жауап қайырмады. Тайжанның да қолға түсуіне Ожардың себепкер екенін Сейтен білмейтін. Сондықтан «Жазықсыз болса ренжітпейін» деп ақтарыла сөйледі.
— Жұртың үшін жан пида ете аларыңа сол кезде көзім жеткен тәрізді еді. Құмбелдегі ауылдан бастап, кәрлі қылыштың қаһарынан талай елді аман алып қалдыңдар. Есіңде ме, жау әскері сендерді Қаражал бұйратындағы жылғаға қуып тыққаны? Сендер онда Саржан төлеңгіттерін арғы бетке шығарып келе жатқан едіңдер. Сен жүздігіңмен кәрлі қылышты екі күндей бөгеген болатынсың.
Сейтен сонау бір алыс күнді есіне түсіргендей тағы ақырын күрсінді.
— Басар жерің көк мұзға айналып, қатын біткен Баян тауының өрлеуіне киіз төсеген. Сол жолы екі жүздей шаңырақты қорғап қалдыңдар... Әттең, дүние-ай, қияңқы қыс қаһарлы келіп, баспанасыз жалаң жұрт сол жұт жылы ажал тапты...
Ожарда әлі үн жоқ. Сейтеннің шаршап-шалдыққан даусы енді тіпті анық естілген:
— Сол жолы еді ғой, Тайжан қолға түсіп елім жазасына бұйырылғаны... Сені де сыпайлар ұстап алатын еді, ауылдың елуге таяу қыршын жасын жолыңа құрбан етіп мен араша түстім... Аман алып қалдық. Кәрі тарлан қанша шабады, бізден соң жұртты сен тәрізді жастар басқарады деп сенетін едім. Сондықтан да о жолы өзіңді көзіміздің қарашығындай сақтап қалдық емес пе?— Сейтен сәл бөгелді де, Ожардың жауап қайтармағанына қарамай тағы сөйлеп кетті:
— Сен жас едің. Бірақ асыл тастан, ақыл жастан, жұрт білмегенді сен білетінсің. Бүкіл Қаржас елу күн ертегі етіп бітіре алмас жәйтті, сен бір түнде айтып бере алатынсың. Бұрын ділмәр едің. Қазір көшпелі елдің тұмшалаған бұзауындай үндемейтін болыпсың... Өлсем шайт, өлтірсе қазы деген жанмын. Мойнымда шын қазақтың бір тамшы қаны жоқ. Өз қолыңнан ажал тапсам, өкінбеймін, арым таза. Ал сенің ше?
Ожар аунап түсіп еріне жауап берген:
— Менің де...
Сейтен үзіліп қалған ойына қайта оралды.
— Иә, сол жолы мен тірі қалдым. Бірақ одан не таптым? Жалғыз бауырымнан айырылдым. Ел-жұртымды талан-тараж еткіздім. Бар ұтқаным сол ма? Міне, соңымнан ерген жұрт қалған жоқ па тағы тотиып?
Ожардың шапшаң қимылмен түрегеліп отырғанын Таймас байқап қалды.
— Көрмес түйені де көрмес,— деген оның сәл ренжіген даусын естіді:— бар қазақты өзіңе балама... Сен ақ патшаға қарсы шыққанмен, оны құшағын жайып қарсы алғандар аз ба? Олардың ұпайы түгел. Ау, сен не айтып отырсың?
— Есітіп жатқан жоқсың ба?— Ожар кекете күлді,— әлін білмеген әлек деген... Айтшы кәне, қолыңнан не келді?
Таймас қалшия тыңдап қалған. «Япырмау, мына Ожар не дейді? Жүрек соғысы бөлек пе, қалай?»
Сейтен кенет күңірене үн қатты:
Жүрегім бір сұмдықты сезіп еді... Қателеспеген екенмін ғой...
Тағы да екеуі үн-түнсіз тына қалды. Енді сөздері бітті ғой деп Таймас жастыққа басын қайта қоя бергенде, Ожардың ашулы даусы шықты:
- Қазір жер қорғайтын заман емес, жан қорғайтын заман... Тағы құландай ру-ру боп жалпақ даласында шұбырған қалың қазақ ту тігіп ел болудан қалған. Осыны неге түсінбейсіңдер.
- Ел болуды ақ патша жендеттерінен үйренбексің ғой? — деген Сейтеннің ызалы күлкісі ап-айқын жетті.
— Үйренсе несі бар? Үйренем! Сен үйренбеймін десең де, ол күшпен үйретеді.
— Үйрен, үйрен...— деді Сейтен кекесін үнмен.— Сен секілділер барда оларға үйрету жеңілге түседі.— Ол енді күлкісін тыя қойды.— Жоқ, Ожар, оның болмайды,— деді,— сен құлан дейтін, мен қыран дейтін, екеумізге бірдей ортақ қазақ деген жұртың бар... Қарға баласын аппағым деп сүйеді, кірпі баласын жұмсағым деп сүйеді. Сен қазағыңды неге жек көресің? Ал мен...
— Иә, сен? Айт, айт...
— Мен оны халқым деп ардақтаймын. Сондықтан ол үшін ажалдан да қорықпаймын,— деді Сейтен сөзін жалғай,— Ата-ананы таңдауға болмайды, туған халқыңды да таңдай алмайсың! Оны әлжуаз де, тағы де, бірақ маңдайымызға жазылғаны сол халық, мен оны сен айт; қан әлжуаз қалпында да жақсы көрем. Кімде-кім сол қазақ деген қыранды қанатын кесіп, жем-құсына айналдырғысы келсе, ол менің қас жауым, туған балам болса да аш тамағынан ала түсіп, өз қолыммен бауыздауға бармын.
Ожар тағы да кекете сұраған:
— Онда мені неге бауыздамадың?
Сейтен кенет демі таусылғандай әлсіз жауап берген:
— Әттең, дүние, кеш білдім ғой!
— Жеңілген адам құсалы болатын әдеті. Өкіне бер, Сейтен. Бұл түнде екеумізден бөтен сөзімізді естір жан жоқ, сондықтан анығын біліп өт. Мен сендер секілді тұлыпқа мөңіреп бос жүрген жан емеспін...
— Иә, енді түсіндім, мені байлап берген де езің едің ғой...
Екеуі ұзақ уақыт үндемей қалды. Әлден кейін Сейтен:
— Адамға мың жасаса да аз болатын шығар, өйткені адам баласында арман көп қой...— деп аунап түсті:— Ал мен ұзақ өмір сұрамаймын. Шіркін-ай, бір сәттік қана еркіндік берсе!..
— Мені өлтіру үшін бе?
— Иә, сені. Елін, жерін, бауырлас туғандарын сатқан сен секілді қан ішерді өз қолыммен бауыздасам бұл жалғаннан армансыз өтер едім!
— Бірақ ол арманыңның орындалмайтынын өзің де білесің ғой, несіне таусыласың?
— Бар өкініштің өзі сонда ғой! Әттең, дүние-ай, сенің бізді ұстап бергеніңді бір қазақ білсе!..
— Үмітіңді үзе бер. Қараңғы түнге тіл бітпесе, менің сырым өзіммен бірге көріме кетер!..
Жоқ. Ожардың сыры ашылмай қалған жоқ. Оны күтпеген жерден Таймас естіді...
Таймас заты сабырлы жан. Сол түні қабыл-құбыл қимылдап Ожардан кек алуды жөн көрмеді. Қаптаған солдат тұрғанда өзінің орынсыз мерт болатынын да ойлады. Және жұртын тағы да бір қанды уақиғаға душар еткізермін деп қорықты. Бірақ Ожардың сонау жан түршігер қылығы, бұның да шыңырау түбінде мүлгіп жатқан ұйқылы-ояу сезімін оятты. Тыныш көңілін әлем-тапырық етті. Сейтен тәрізді ел-жұртының тілегін арман еткен аяулы жанның тағдырын есінен шығармасқа өзіне өзі ант берді.
Таң ата көп сыпайлар Сейтен мен Ожарды бірге матап тағы да жолға шықты. Ожардың Сейтенмен неге бірге байланып бара жатқанын Таймас әбден ұқса да, түндегі әңгімені естімеген пішін көрсетіп, екеуіне бірдей:
— Қош болыңдар!—деп теріс бұрылып кетті. Анандай жерге барып көзінен танадай боп домалап-домалап кеткен жасты жеңімен сүртті.
Бұл Сейтенмен жау көзінше ашық қоштаса алмаған достың көкірегіндегі ыза жасы еді. Таймас осы жасын өле-өлгенінше жүрегінде кек етіп сақтамақ.
ІІ
Шағын келген Елек өзені жыландай сумаң қағып тынбай ағып жатыр. Кейде қамысты, кейде ұсақ талды болып көмкерілетін құмайт жағаға жас баладай былдырлап әлденені айтып сылқ-сылқ күледі. Осы өзеннің сонар басына, Қандыағаш тұсына қаптаған қалың көш келіп қонды. Бұл Тіленші баласы Жоламан батыр бастаған Табын руының көші еді. Қатарлас қонғандар Жағалбайлы, Шөмекей, Шекті ауылдары. Табын көші сонау Елек өзенінің Ақ Жайыққа құятын жағасынан шығысқа қарай өрлеп келе жатыр. Өзге рулар бүйірден немесе Жайықтың жоғарғы сағасынан келіп қосылған.
Жоламан көші Сейтен көшіне мүлде ұқсамайды. Кигіз үйден бөтен, шоқшита тігілген қараша лашықтар мен ақ шатырлар көрінеді. Малдың дені түйе мен қой. Үйір-үйір жылқы да бар. Бұлардың да кейпі өзгеше. Алысқа талмай шабатын сүмбіл жалды қазақтың мықты жылқысымен аралас қаз мойын, сидаң аяқты, көтеріңкі кеуделі түрікменнің ақалтеке, текежаумыт тұқымдастары да көзге түседі. Көштің, малдың да сәні түйе. Шудалары сала құлаш желкілдеген қос өркешті буралармен бірге ор қояндай сидиған жаңа туған құлындай тықыр жүнді, арабы қызғылт нарлармен аралас, үстіне сегіз қанат үй тиесең де мыңқ етпейтін лөк тұқымдас аруаналар... Қой-ешкінің көпшілігі түбіт жүнді, арқар мүйізді теке, емшектері көнектей, мол сақалды тұқыл ешкі, топтан әлсін-әлсін бөліне жайылған бөрте лақ, жібек жүнді сек...
Адамдарының киімдері де Арқа өңірінікінен басқаша...
Бастарына кигендері кеуделеріне дейін жабатын түйе жүн далбағай, етек жағы айбалтаның жүзіндей қайқиып келген әшекейлене кестеленген оқшима қалпақ... Тымақтары да бөтен. Үстін барқытпен тыстап, етегін терімен көмкерген киіз. Шошайған төбесінің құлақ тұсынан бастап жоғары қарай алты салалы етіп оқа ұстаған. Жарғақ шалбар, түйе жүн шекпен, кең құлаш етік, ақ таңдақ арша не болмаса тобылғы түстес етіп боялған жұмсақ тонның, шолақ сәнді пешпенттердің етек, өңіріне оқалап зер салған...
Ал әйелдерінің киімі Арқа киімдерімен тектес. Оқалы қамзол, зерлі шапан. Кәмшат бөрік, күміс тізген үкілі сәукеле. Оқамен зерлеген, күміс теңге қадаған жер сүзген мол қос етекті барқыт, бәтес көйлек. Анда-санда шетіне ши барқыт тұтқан, белі қыналған, жібін жіңішке етіп иірген шекпен қамзол, пешпент. Күміс шолпы, алтын жүзік, меруерт алқа, сом білезік, сәнді сырға — бәрі де бүкіл қазақ, әйелдеріне жарасты дүние. Дегенмен, әйелдерінің де киімінде өзгешеліктер бар. Кіші жүзде кимешек орнына күнгейлік киеді. Жас келіншектер осы бір кестеленген сәнді жаулықтың кейде құлақ тұсына, төбесіне үкі де тағады. Ал қыздары Орта жүздің қыздарындай аш белін қынар күміс белбеу, үкілі тақияға әуес емес.
Қалың ел бұл араға кеше кешке таман келіп қонған, Түйенің қомын алып, қос шатырлар тігіп екі-үш күн тынығуды ұйғарған.
Алыс жолға түйеден гөрі қолайсызырақ жылқы малы, кешеден бері, өзен жағасындағы қурай аралас көгал шеп пен қырқа бетіндегі жусанды бозға тойынып, тез-ақ белі көтеріліп қалған.
Бұл көш те жайшылықтағыдай серуенді көш емес, дүрліккен, үрейленген, ата-мекен кең жайлауынан босқан көш. Ойдым-ойдым болып қонған ауылдардың етек-жеңі жинақты. Бұларды кешірген жаяу борсаң, жеңіл желкем дау-шар емес, бүкіл Жайық пен Елек, Жем бойын дүрліктірген, елге келген зор апат. Ер азаматтары жау басар жүйріктерінің ер-тоқымын алмай түнде қос маңайында оттатып отыр. Әлі жауға түспеген жігіттері де бейқам болмайық дегендей әлсін-әлсін күнбатыс жаққа көздерін тігіп, семсерлерін қыса ұстап қояды. Ал кейбір жүрек жұтқан батырлары күрке, лашықтардың қасында жіңішке найзағай меңзелдес көгілдір құрыш алдаспандарын қамсыз қайрауда... Жас балаларда да рең жоқ. Олар әдеттегісіндей асыр салып ойнамайды, топ-топ болып жиналып бұлар да әлденені өзара сыбырласа сөз етеді. Тобылғы күрең сұлуларында да ақжарқын бейне жоқ, әдеттегідей сүлделері құрып бота көздерін көңілдестеріне қадамайды. Қара су секілді тұнжыраған ауыл үстіне төнген ауыр қайғыны тек анда-санда сылдырлаған қыз шолпысының үні мен кек аспанда тізбектеле ұшқан қаз-үйректің сұңқылы ғана бұзады.
Расында бұл ауылдар сонау күнбатыс жақтан хабар күтіп тыпыршуда еді. Сондықтан ер азаматтар құбыла жаққа жиі қарайды. Әсіресе ана төбе үстіне жиналған қарттардың ішіндегі қапсағай денелі, қара сақалды, орта жасқа келіп қалған тұлғалы кісі дегбірсіз отыр. Құбыла жаққа қадалып қалған. Оның үстінде темір торлы шолақ сауыт. Басында темір тор далбағай. Сауытының жеңі шынтағына ғана жетеді. Білегін ішіне киген көк барқыт пешпентінің жеңі жауып тұр. Оюланған көк барқыт кең балақ шалбар. Аяғында күмістеген кең қонышты саптама етік. Сауытын ышқырланып алған. Күміс белбеуінде жез сағалы, қынына алтын жалатқан көк семсер. Сол қолының шынтағына ілген болат қалқан. Қазір қауіпсіз бір тыныштық шақ болғандықтан шетіне зер ұстаған көк барқыт шапанын иығына жамыла салған... Осы бір сұсты адамның айбынды түрінде қазір бір үлкен қобалжу бар.
Бұл — осы көптің қолбасшысы. Табын руының биі, мың жылқы айдаған сұлтан Тіленші ұлы Жоламан батыр еді.
Ол кенет қиядан қызыл түлкі көрген бүркіттей, оқыс қимылмен алға ұмтылып барып тоқтады. Ағына сәл қызғылт қан тараған үлкен қырағы көздерін көкжиекке қадап тырп етпей мелшиді де қалды. Өзге жұрт та солай қарай көз жіберді. Енді олар да Батыс жақтағы ақ шаңдақты көрді. Әрі-беріден кейін соңынан шаңға көме сызылта шауып келе жатқан салт аттыны бәрінің де көзі шалды.
Бұл кезде алтын сәулесін адыр, төбенің басында жамыратып күн де батып кеткен еді. Әйелдер шақпақ қудан от тұтатып қазан көтере бастаған. Көштің әр жеріне көк түтін көлбей ұшып, жұрттың көбі кешкі жабдыққа кіріскен.
Төбедегі шағын топтың көзіне түскен салт аттыны енді бар ауыл көрді. Барлық назар шаң шыққан жаққа ауды.
Көбінің жүзінде үміт нұры ойнап шыға келген. Кей көңілде күмән де бар. Әр тұстан үміт, жорамал аралас дауыстар естіле бастаған:
— О құдай, жақсылыққа болса игеді!
— Ақсарбас, ақсарбас!
— Тым күрт келе жатыр-ау!
— Артынан жау қуғандай!
— Жоқ, қуаныш әкеле жатқан жан тәрізді!
— Аузыңа май!
Астындағы сүліктей жараған қылаң бедеуі қара терге малынған кісі Жоламандар тұрған төбенің етегіне келіп тоқтады. Алыстан шапқан жүйрік екі бүйірі солқылдап, оқтын-оқтын дем шығарып, екі танауы желп-желп етеді. Үстінен шыққан ақ таңдақ көбік жерге үлпілдеп, үзіліп-үзіліп түседі. Ат үстіндегі қара торы, жас қайыңдай берік, шымыр денелі жігіт екі иінінен демін алады. Ұзақ шабысқа шыдамды болу үшін қара санынан бастап кеудесіне дейін бар денесін тұтастыра қыл арқанмен айқыш-ұйқыш шандып тастаған. Тек екі қолы ғана бос. Ерні кезеріп, күн шалған қоңыр жүзін ақшаңдақ сор топырақ жапқан. Бірақ отты көздері ұшқын атып жалт-жұлт етеді.
— Жарқыным-ау, жақсылық па, жамандық па?—деп Жоламан елегізе таяды.
— Жамандық, көке, жамандық!—деді жігіт тілі күрмеле әзер сөйлеп.—Бізді қуып Орынбордан қалың әскер шығыпты!
— О, тоба...
— Не қылмайсың дейді сонда бізге?
— Қай тұста екен шыққан қол?
Жоламан түнеріп кетті.
— Біздің хатымыздан не хабар бар?
— Әзір еш хабар жоқ.
— Тағы да баяғы әдеттеріне басқан екен ғой,— деп Жоламан жас жігітке қарады. Сүмбідей сұлу бедеуінің үстінде қорғасын құйған құлжа асығындай берік отырған осынау жас жігіттің сымбатына сүйсінгендей көзінде бір сәуле жалт етті де, кенет үрлеп сөндірілген білте шам жарығындай жоқ болды. Ол әлгіндегідей емес, ішкі ахуалын сабырға жеңдіргендей:
— Жә, енді атыңнан түс, шаңыңды қақ,— деді,— сосын бәрін тәптештеп айтып берерсің.— Жоламан жанындағы ақсақалдарға бұрылды. Сірә, бұлар ел бастаған ақылгөй, ізетті адамдары болуы керек.— Суық хабар сұрқымызды қашырар әлей болмай тұра тұрсын,— деді ол. Енді оның үні шиыршық атқан қажырлы шықты,— кеңескен жөн.
— Иә, мұндайда иек артпа жол табар ақыл керек.
— Ана, Шекті, Жағалбайлы, Шөмекейлердің де жақсыларын шақырған абзал.
— Дұрыс лебіз.
— Көппен кеңесіп шешкен тон келте болмас.
— Қайрат, Қанат, сендер ана Мұқаметәлі, Тайман, Жүсіпқали ақсақалдарға хабар беріңдер, Жетіқарақшы шөміштене осы арада табысайық.
— Мақұл.
Егіз қозыдай томпиған екі бала жігіт жұрттан бөлініп шыға берді.
— Сірә, Үркер тарар кезде көтерілерміз,— деді Жоламан қасындағыларға,— түн қатар алдында жұрт көз шырымын алсын.
— Жөн ғой.
— Шай-суларыңды ішіп қайта оралыңдар. Қатын-қалаштың үрейі ұшар, суық хабарды білдірмеңдер.
— Табылған ақыл.
Ақсақалдар тарай бастады. Жоламан хабаршы жігітке:
— Байтабын, әжеңнің көзіне көрін де менің қасыма қайтып кел. Әкелген хабарыңның мән-жәйін тегіс айтып берерсің,— деді.
— Жарайды.
Жоламан жалғыз қалды. Ымырт жабылып түн қараңғысы қоюлана түсті. Алыстағы көкжиек үстінен алабұртып табақтай боп қызыл жалқын ай көрінді. Жоламанның ішін өртеп бара жатқан қып-қызыл ашу шоғындай. Сұмдық хабар, ел басына төнгелі тұрған бүліншілік төмен тұқыртып жіберген Жоламан енді еңсесін басқан салмақты кейін серпіп тастағысы келгендей кенет бойын жинап алды.
— Ереуіл атқа тағы да ер салатын күн туды,— деді күйіне дауыстап,— халық кегіне суарылған ақ семсер жүзі мұқалмай бетімнен қайтпаспын.
Жоламан батырдың бұлайша серт беруінің ерекше себебі бар. Табын — аса бай ру емес. Көп жылдан қонар көлі де, ұшар көгі де Електің Ақ Жайыққа құяр сағасынан бастап, Рын құмы мен Үшөзеннің малға жайлы, бидайықты, бозды шалқар жағасы болатын. Бұл ара ежелден-ақ қазақ жері саналатын. Россия патшасының ана жылдардағы рұқсаты бойынша Кіші жүз Жайықтың арғы бетінде де мал жайып, шөп шабуға ерікті еді. Ал 1810 жылдан бері қарай бұл жай бұзылып, патша үкіметінің отаршылық саясаты Табын руының ежелгі мекені осы Елек бойына да қол сұғуға кіріскен. Елек сорындағы тұзды Россияға жеткізетін жана жол салудан басталған әрекет Жаңа Елек пен Орынбордың арасына жиырма тоғыз бекініс орнатуға дейін барды. Бірте-бірте Үшөзеннің бойы мен Рын құмының жағалығы да казак-орыстарға берілді. Бұл араларға бекіністер, қалашықтар салынып, Табын руы біртіндеп өзінің сегіз мың шаршы шақырымдай ең оңды мал жаятын жерінен айырылды. Міне, осы оқиғалар Жоламан батырдың атқа қонып қалың Табынды соңынан ертуіне себеп болды. Жоламан ең алдымен патша өкіметінен жерін қан төгіспей тату-тәтті келісіммен алуға ниеттенді. Осы үмітпен ол 1822, яғни Жылқы жылы Орынбордың әскери губернаторы Эссенге ата-мекенімізді қайтарып бер деп хат жазды. Бұған еш жауап келмеді. Эссен жауап орнына қазақтарды құмға қарай сырғыта түсу үшін есаул Падуровты бас етіп арнаулы жасақ шығарды.
Азғантай адаммен аттанған Падуров қолға түсті. Эссеннің қылығын қорлық санаған Жоламан Петербургтағы Бірінші Александр патшаның өзіне Әбілғазының Әрінғазы сұлтаны мен Сырым батырдың баласы Жүсіпті уәкіл етіп жіберді. Патша бұларды қабылдамады, әрі Петербургтен қайта шығартпай қойды.
Бір жыл өткеннен кейін Жоламан Эссенге тағы хат жазды, өзінің ата-мекен жері жайындағы өтінішін айта келіп, Әрінғазы мен Жүсіпті, Орынбор түрмесінде жатқан Құндақ баласы Төленбайды қоя берсе, есаул Падуровты босататынын білдірді. Бұл хат та жауапсыз қалды. Бір ай өткеннен кейін әбден күйінген Жоламан Эссенге үшінші хатын жолдады... Әскери губернатор бұл жолы да жөнді жауап бермеді, тек қолындағы тұтқындардың төлеуі деп үш жүз жиырма жеті сом ақша жіберді «және бұдан былай қарай арамыздағы келіссөз Серғазы хан арқылы жүргізілсін» деді сол сүлесоқ қалпында.
Бұл қорлыққа шыдай алмаған Жоламан ақырында атқа қонды. Соңынан сарбаздарын ертіп, үш жыл бойы Елек маңайына салынған бекіністер мен жаңа орнап жатқан қалаларды шабуылдаумен болды.
Бұған жауап ретінде патша үкіметі жасақ үстіне жасақ шығарды. Оқ-дәрілі мылтық пен көк құрыш қылышқа шыдай алмай Жоламан әскері сан жеңілді. Бірақ туған жердің кең даласы қорған болған жігіттер қашан да көп шығынға ұшырамай құтылып кете берді.
Жайықтың күншығыс жағына шеңгелді қолын мол сұғып желіккен патша үкіметі енді Ор мен Троицк қаласының арасына жаңа жол салды. Осымен байланысты Арғын, Алшын, Қыпшақ руларының он бес мың шаршы шақырымдай ең шұрайлы жерін басып алды. Бұл рулар енді кешегі өз жерінен бүгін шөп шауып, мал оттатуға рұқсат алу үшін патша қызметкерлеріне көп ақша төлейтін болды. Мал қайғысы — жан қайғысы дейтін қазақ кең жайлау, шалғынды даласынан айрылып, не істерін білмеді. Ақырында барып Ақ Жайық өзені мен Қараөткел ортасын жайлаған Арғын, Қыпшақ, Алшын, Найман, Уақ, Керей рулары ауық-ауық ақ патша отаршылық саясатына қарсы ереуілге шыға бастады. Әскер тұрған бекіністерді шауып, ақ патшаға берілген, Россия империясының қол астына кіріп алған Бөкей, Уәли, Сәмеке тұқымдарынан шыққан сұлтан-правительдердің ауылдарын талады. Алайда өзара бақастық, бәсеке, алауыздық сияқты дерт жайлаған бұл рулардың қоқан-лоқы ереуілдерін, қазақ даласының әр тұсына әскерлі бекініс оратып үлгірген патша губернаторлары басып тастап отырды. Жайық өзенінің күншығыс жағындағы Орта жүз бен Кіші жүз рулары өткен жылы ғана жаппай бас көтерген еді. Бұл 1835, яғни Қой жылғы ереуіл Қараөткел мен Жайық арасындағы ең үлкен ереуіл болды. Бірақ бұл көтеріліс те нәтижесіз аяқталды. Алайда қол бастаған батырлар енді жауды жеке шауып жеңе алмайтындарына көздері жетті. Бүкіл қазақтың бірігуі керек екенін түсінді. Бірақ үш жүздің қазағын тегіс кім басқармақ? Әр ру жеке отау тігіп өзі би, өзі қожа болғысы келді. Ортақ өгізден — оңаша бұзау. Бұл әр рудың баста адамдарына қолайлы. Сондықтан олар енді біріктіруден гөрі бытыратуға құмар. Әрине, әр рудан шыққан алуан-алуан қол бастар батыр, топ жарар шешен бар, бірақ бар рудың тақымы толар, ақылы мен ерлігіне бас ұрар бірде-бір көсемі жоқ. Қала берді, әр жүздің бас иер батыры да жоқ. Батыр дегендері тек өз рулары үшін ғана. Мұндай жағдайда бар қазақтың басын кім қосады?
Кім тұлғасы болады!? Сондықтан да көп жұрт Ақтабан шұбырындыдан соң қазақты ел етіп қайта көтерген Абылайханның ұрпақтарына кездерін тігуде еді. Қалмақтардың бетін қайырған соң, ұзақ жылдар бойы, Орта жүздің шын мәнісіндегі әміршісі болып келген Абылайды үш жүздің бас көтерер адамдары 1770 жылы ақ киізге көтеріп хан сайлады. Бірақ Екінші Екатерина патша өзінің 1778 жылы 24 майда берген Указында оны тек Орта жүздің ғана ханы етіп бекітті. Неге Абылайдың өтінішін қабылдамағаны жайында осы Указды Орынбор губернаторына жолданған сол жылғы жиырма бірінші сентябрьдегі сенат коллегиясының хатында көрсетілген. Онда бар қазақты бір ханға билетіп, басын қосудың қауіпті екенін ашып айтқан. Тағы осы хатта Абылайдың Россия императорына бағынғанына патша бекінісінің бірінде антын бергеннен кейін ғана оған хандық грамотасы мен құндыз ішік, түлкі бөрік, күміс қылыш тапсырылсын делінген. Бірақ Абылай патшаның бұл талабын орындамады. Указбен танысуға өзі келмей, ағасы Жолбарысты жіберді. Ол сендерге бағынамын деп Россия мен Қытай императорларын бірдей алдап, ал шын мәнісінде Үлкен Орда ханы болып жүре берді. Бірақ бұл кезде Әбілхайыр, Нүрәлі ұрпақтары басқарған елдердің көбі патшаға шын бағынған-ды. Ал Абылайхан өлгеннен кейін 1782 жылы хандыққа оның үлкен баласы Уәли бекітілді. Ол бірден Россия патшасының отаршылық саясатына мойынсұнды. Ал Абылайдың өзге ұрпақтары, әсіресе қалмақ әйелінен туған баласы Қасым төре бұған көнбеген-ді. Абылайдың үш жүзді бірдей аузына қаратқан хандық мәртебесін көксеген Қасым төре, оның үлкен балалары Есенкелді, Саржан алыс-жұлыстан бір күн тыйылмаған... Қалың бұқара Шыңғысхан ұрпақтарының мұндай шерменін қайдан білсін, өзінің тәуелсіздік тілеген, жерін қорғаған күресіне Абылай ұрпақтарының ежелгі арманы сәйкес келіп, басымызды осылар қосар деген үмітті көкейлеріне тұмардай таққан. Бұл кезде патшаның отаршылық саясаты шегіне жетіп, қазақ елінің қай тұсында болса да ереуілге шыққандар тобы көбейе түскен. Мың бұлақ қосылса өзен болады. Басқара білер кісі болса мына ру-ру боп көтерілген, тәуелсіздігін аңсаған халық бір тудың астында біріксе, дүлей толқынды теңіз тәрізді ғажайып күшке айналуы сөзсіз. Ал сол күшті кім басқарады? Қасым төре балалары сонау Қаратау маңында. Және қазір олардың тасы өрге домалайтындай халде емес екенін бүкіл Арқа, Жайық біледі. Қоқанмен тіл табысар күн бар ма? Тіл табысқан күннің өзінде оның өрісі ұзақ боларына кім сенеді? Былтыр жаздағы Ташкент құшбегінің қылығы тағы қайталанбасына кімнің көзі жеткен? Сауда адамында пәтуа жоқ, қазақ елін садақа етіп, өз пайдасын көздеп отырған сонау алыстағы Қоқан ханына сенгенмен не пайда? Сенбегенде не істеу керек? Россия патшалығымен біріктік дегенді сылтау қылып, ел-жұртын қанап жатқан қарға-құзғын сұлтандардың жемі болуға көне бересің бе? Көнбеске шара бар ма? Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ. Орға тірелген жеріміз осы шығар. Енді аяғыңды еппен баспасаң омақатқаның.
Жоламан батырдың бағанадан бері ойын шырмаған осылар. Өзі қатты сасқан күйде... «Жоқ, бір жолын табу іс-ақ. Таппасқа болмайды. Өйткені соңымнан ерген мынау қалың Табынның тағдыры үшін менен басқа кім жауап бермек? Жөн сілтей алмайды екем, о баста-ақ жұртты жел көтерген толқындай ұйқы-тұйқы етпеуім керек еді».
Жоламан әрі ойлап, бері ойлап бір шешімге келді... «Көп қорқытады, терең батырады». Бар қазақтың басының бірлігі бізге қорған бола алады. Бірақ ол оңайға түсе ме? Қазақ сонда кімнің соңынан ереді? Елге тұтқа бастысы кім? Абылайдың туын көтеріп жиырма жылдан бері Сібір губернаторымен, Қоңырқұлжа, Зілқара аға сұлтандармен алысқанда, Қасым төре, Есенкелді, Саржанның соңдарынан бар ерте алғандары Алтын, Тоқа, Уақ, Алтай руларының ауылдары ғана! Ал менің соңымнан ерген Табыннан басқа кім бар? Бар қазақтан жұртқа тұлға болар бір батыр ұл шықпағаны ма? Неге батыр ұл? Ақылгөй шешен болса да жетпей ме? Жоқ, қазақ құр ділмарға ермейді. Батырлықты сүйер жауынгер халық ел басқарар ақылдылығы мен жау түсірер ерлігі болмаса, басын имейді. Алты алашқа аян ондай кім бар? Осындай бір ұл табылса, намыс дегенді былай қоя тұрып, өзі де оның қол астына кіруден тартынбас еді.
Алдында қол бастаған әкесі мен ағалары болғандықтан Кенесарының бұл тұста бәлендей аты шыға қоймаған. Қазақта ол кезде не көп батыр көп, Кенесарының кейбір ерлігі ағалары айбарының тасасында қала беретін. Сондықтан Жоламан оған тоқтамады. «Кім бар?» деген арманды сұрағына жауап таба алмай басы әңкі-тәңкі болды.
Дәл осы сәтте оның жанына Байтабын келді. Бай табын үлкен апасынан туған Кіші жүздің Есентемір руындағы жалғыз жиені еді. Жанындай жақсы көретін. Әйтсе де ел қамын ойлаған Жоламан, қиын-қыстау қатерлі нар тәуекел іске көбінесе Байтабынды жұмсайтын. Өйткені Байтабын шексіз батыр, епті, айлакер, Тапсырған істі тап-тұйнақтай етіп орындап қайтады. Бірақ өзгеге сыр бермегенмен, Жоламан да Байтабын оралғанша жанын қоярға жер таппайтын. Тек жалғыз жиені қатерлі сапардан аман-есен келгенде ғана барын, жаңбырдан кейін ашылған аспандай жадырап сала беретін. Бүгін де осындай халде еді. Байтабынды көрісімен көңілі көтеріліп қуанып қалған. Міне, енді жанына келген жиенін маңдайынан иіскеді.
— Сен оралғанша мылтықтың аузында тұрғандай болдым ғой.
Жауынгер болып қалған жас жігіт нағашысының әлі де мұны бала көріп маңдайынан иіскегенінен қысылып:
— Түу, көке-ай...— деді күлімсірей қызарып.
Жоламан бойын тез жинап алды.
— Шыққан әскер көп пе екен?
— Екі топ. Бірі — жүзге таман кәрі қылыш. Елек бойымен жоғары көтеріліп келеді. Бәрінің мойынында бір-бір карабін мылтық. Басқарып келе жатқан қоржынды Қара Бураның өзі.
Қазақ ат қоюға қандай шебер. Адамның бойындағы бір жақсылығын, не кемістігін тауып алады да соған сәйкес не мазақтайтын, не кекесін, немесе мадақтайтын бір ат таба қояды. Байтабынның қоржынды Қара Бура деп тұрғаны хорунжий Карпов. Бұл өзі зор денелі, кеуде, білектерін жүн басқан ашушаң қара кісі. Әрине бұған Қара Бура деген ат дұрыс келеді. Ал қоржынды деген сөздің хорунжийден шыққанын қазақ әлдеқашан ұмытқан. Сондықтан қоржын артып жүрмейтін Қара Бураны неге қоржынды дейтіндерін өздері де білмейді. Сірә бұлар да руға бөлінетін шығар. Шұбыртпалы Ағыбай деген тәрізді, бұның да қоржынды делінуі содан болар дейтін де қоятын.
Карабин мылтықтың оқтауы жылдам болмағанмен, ол кездегі ең мықты қару. Жоламан сарбаздарында бұл мылтық атымен жоқ. Жігіттердің қолында сойыл шоқпар, садақ. Тек кейбіреулерінде ғана хиуа шеберлері істеген ұзын мойын білтелі мылтық. Сондықтан сарбаздардың жаумен қоян қолтық келгенше ең көп пайдаланатындары садақ. Ер басына ілген өрнекті кигіз жарғақ қорамсаларда бірнеше жебелер қатар тізілген. Сап жағы ғана көрінеді. Бас жағы төменде. Олардың кейбіреулерінің ұштары жылан уымен немесе аусыл болған сиырдың сілекейімен суарылған. Қолмен ұстауға болмайды. Бұл жебелер тиген жаудың тірі қалуы екі талай. Ежелден садақ тартып үйренген қазақ, осы атамзаманғы қарумен де зеңбірек пен карабинға қарсы шығуына қарағанда тәуелсіздік арманы ажалдан күшті болғаны да, әйтпесе...
Жоламан алдағы айқастың қаншалық қиынға түсетінін күні бұрын аңдап тұр. Ол беліндегі Қорасанда жасалған көк семсерін сәл қозғап қойды да:
— Зеңбіректері бар ма екен?— деді.
— Жоқ, онысы жоқ.
— Мұнысы жақсы екен.
— Бірақ, күкірт оқ-дәрісі көп деседі. Өзім көре алмадым. Көрген жігіттер қос ат жегілген артқы арбада қара кигізге оралған бір күбі оқ-дәрі бар дегенді айтады.
— Бұны да еске алған жөн. Білтелі мылтықты бір сарбазға тапсырармыз. Атары тек сол қара кигізді арба болсын.— Жоламан кенет бірдеме есіне түскендей Байтабынға бұрыла қарады.— Әлгі ақ көз Жебірейілі мен маңқа Әлексалдысы көзге түспеді ме?
Жоламанның ақ көз Жебірейіл, маңқа Әлексалды деп тұрғаны Елек бойындағы бекеттердің Гаврилло, Александр деген урядниктері. Ашуланғанда көзі ағарып кететін Гаврилло мен мұрнынан мыңқылдап сөйлейтін Александр, Елек бойының қазақтары арасында белгілі қан ішер, тас мінез қатал урядниктер. Көптен бері қазақ ереуілшілерімен айқасып әдеттенгендіктен, бұлар алаңғасарлау Карповтен көрі дала ұрысының тәсілін біледі. Елек маңымен әбден таныс. Айла, қулықтары да бар. Ереуілшілермен кейде итжығыс түсіп жүретін сұмдар. Жоламан оларды сондықтан да сұрап тұр.
— Екеуі де Серғазы ханның жасақтарымен бірге. Бұлар да жүзге таман кісі. Он шақты іштесерлері бар, өзгелерінде қисық қылыш, болат ұшты найза. Бұлар бізге Үшөзен тоқырауынан кеп тимек.
— Амалдары айқын. Қышқаштай екі бүйірден алмақ қой.
— Солай тәрізді.
— Дегендері болса игі ед-ті!..— Жоламан кенет Байтабынға тесіле қарады,— Ақбөкенді көре алдың ба?
Тегеурінді жігіт бұл сұрақтан иығын қара тас басқандай, әп-сәтте жүдей қалды.
— Жж-жоқ...
Ақбөкен Табын руының бір момын адамының жалғыз қызы. Бесіктен шықпай жатып нағашысы Жоламан оны Байтабынға айттырған-ды. Өзі аққудың көгілдіріндей әдемі болып өсті. Мал баққан ата-ананың осы жалғызына бір үлкен аста Серғазы ханның көзі түседі. Аста бәйгеден келген Табын руының аты шулы қара көк ақалтекесінен көрі, ханды осы атқа шапқан сегіз жасар бүлдіршіндей ерке-шора қыз таң қалдырады. Қыздың бой тұлғасы өзгеше еді. Анау-мынау бала жігіттер шыдай алмайтын алыс ат жарысына сегіз жасар Ақбөкен шыдады. Қыз тани білетін Серғазының қырағы көзі осы сұлу пішінді балдырған жасты бірден шалады. Түбі осы қыздан бір ғажайып көрікті, не өнері асқан әйел шығатынын айтпай ұғады. Содан кейін барып... ас бітпей хан Ақбөкеннің әкесіне өзін төлеңгіт етіп алатынын білдіріп «біздің ауылға көш» деді. Хан әмірі екі болған ба, үш-төрт күннен кейін момын Жантемір Серғазы ауылына көшті. Ханға төлеңгіт болған адамның өз бетімен қыз беріп, қыз алуға құқы жоқ. Бәрін хан шешеді. Жантемір де осы салтты сақтап азын-аулақ алған қалың малын Жоламанның туған апасы, Байтабынның жесір қалған шешесі Күнкейге қайтып берген. Ауылдас болып, езінің Байтабынға айттырылғанын білетін Ақбөкен оған деген отты сезімі оянбаса да, біртүрлі жылы тартып, іштей оны өзіндік санап, жақсы көре бастаған. Кенет тағдырының неге өзгергенін анық түсінбесе де, әйтеуір бір сұмдықтың болғанын сезіп, қимастықпенен жылай-жылай кете барған.
Бұл уақиға бір тайпы елдің биі, сұлтаны Жоламанға қатты батқан. Өр көңілді батыр, намысқа шауып өте қорланған. Бірақ амал не, іш қазандай қайнағанмен, ер намысынан көрі ел намысын жоқтар заманда ханға қол жинап қарсы шыға алмады. Әйткенмен іштегі ыза өшпейтін кекке айналған. Жоламан батырдың Серғазы ханға өте-мөте өшігуінің де бір себебі осы еді.
Сөйткен Ақбөкен үріп ауызға салардай асқан сұлу қыз болды. Жүйрік үйретер өжеттігі де жұрт аузындағы жырға айнала бастаған. Өмір деген теңіз де, адам желкен қайық тәрізді, тағдыр желі айдаса кездеспей тұрмайды. Кіші жүздің көп рулары кей жылдары бас қосып қалған қан жайлауларда Байтабын мен Ақбөкен де үш-төрт рет ұшырасқан. Бір кездегі балалық жылы сезім енді лапылдаған жалынға айналған. Бірақ жастар ашық қауышып кете алмаған. Екеуі осындай қайғы шешілмеген өре-шөреде жүргендерінде, Ақбөкен он алтыға жетті. Кәрі тарлан Серғазы алыстан болжаған екен. Бүкіл Жайық, Елек, Жем бойының жігіттеріне арманға теңелген Ақбөкенді Серғазы ханның өзі тоқалдыққа алады екен деген сыбыс бір күні елге жайылды. Ханның тоқал алуы жұртқа бәлендей қауесет хабар емес, бірақ осы суық сөзден Байтабын біреу қойнына жылан салып жібергендей ыршып түсіп, сенделіп барып жер бауырлап жатып алды. Бұл хабарды естіген Жоламан Байтабыннан қатты қиналды. Ыза мен кек, қорлық бәрі жүрегіне біздей қадалып, жанын қоярға жер тапқызбады. Үйінде жатқан жиенін шақырып алды да жұрт көзінше:
— Бізге қарсы Орынбордан солдат шықты деген сыбыс бар. Серғазы төбеттің аулына астыртын барып қайт, анығын біл. Және біздің губернаторға жазған хатымыздан не дерек бар екен, соны да сұрастыра кел,— деді.
Жұрт кетіп, Байтабын екеуі оңаша қалғанда:
— Қарашығым, бақыт деген бір қоңыр қаз, ер жігіт оған тұзақ сала ма, тор құра ма, ұстай білуі керек,— деп күрсінген.— Сен қос қылаңды ал да, Серғазының аулына жет. Ақбөкен көнсе алып қаш, көнбейтін түрі болса... Серғазы сұмырай қашан ұзатып алмақшы екен, соны біл, сегіз жүз жылқымды құрбан етсем де, ауылын шауып, құдай қосқан қалыңдығыңды тал түсте тартып әперем.
Қос қылаңы — Жоламанның ұшқан құспен жарысар бедеулері еді. Байтабын жұрт көзіне түспес үшін, қасына жігіт ертпей, сол түнде-ақ жүріп кеткен. Серғазы аулына жақындағанда, ханның бүгін-ертең Ақбөкенді алмақ болып жатқанын естіді. Оның үстіне Жоламан аулын шабуға осыдан үш күн бұрын екі жасақ шыққанын білді. Бұл жақта енді аялдаса аулының қан болатынын түсінді. Ақбөкен арманы қаншама жайын жегенмен, ел-жұртын апатқа қимады. Қос қылаңды кезектете ауыстырып мініп, кейін шапты. Біреуін зорықтырып жолға тастап, екіншісімен жеткен еді.
— Қалай жолыға алмадың?—деді Жоламан жиенін жұбатайын деген ойменен.
— Көке, ел қырғынға ұшырағалы тұрғанда,— деді Байтабын жүдей,— өз кеудеме қадаған шөңгені ойлағым келмеді.
— Айналайын құлыным, ел қамын ойлар азаматтың сөзін айтып тұрсың. Алайда өзіңе бекем бол, жазылмайтын жара жоқ...
— Жоқ, көке, бұл жара жазылмайды.
— Жазылмайды дейсің бе? Түсінбей келдім бе, жараң тым ауыр екен. Жарайды, осы айқастан сау шықсақ, турармыз Серғазының түндігін!..
Жетіқарақшы шөміштене, жұрт қорғаны ақсақалдар да жиналды. Бәрі дөң басында дөңгелене отырып кеңеске кірісті. Жоламан бар жайды айтып беріп, ақыл сұрады. Бие сауымындай кеңесіп үлкендер қауымының шешкені мынау болды: Табын көшіне енді бұл арада қалуға болмайды, бала-шағаны қырып алмас үшін, тоқ етер шешімге келгенше қалың ел осыдан күншілік жердегі Мұғажар тауының батыс саласындағы ну жыңғылға көшіп, әзірге бой тасалай тұрғаны жөн. Қазір найза ұстаған мың сарбаз бар. Бес жүзін саралап алып жауды осы арада қарсы алу керек. Ал қалған бес жүзі — заман қандай, заң қандай,— жау жасағы торып алдарынан шығар болса, төтеп беру үшін көшпен бірге аттануға тиіс. Жоламан ойынша солдаттар осы араға тан ата жетуге тиісті. Мүмкін ат ауыстырып отырса түнделетіп те келіп қалулары ғажап емес. Сондықтан көш қозғалысымен жауды жаңылдыру үшін, он шақты жігіт әр жерге көптеген от жағып, ауыл әзір қозғала қоймағанын аңғартар жалған көрініс жасауға осы арада қалғаны дұрыс...
Осындай шешімге келген ақсақалдар өздерінің көштеріне қарай беттеді.
Жоламан мен Байтабын жігіттерін бөлуге кірісті. Найза ұстаған, білте мылтық асынған сарбаздар алдарынан сап-сап болып өтіп жатты. Кейбіреулерінің арқаларына таңған қалқандарының дөңгелек күміс шұғымдары ай сәулесімен ойнап жалт-жұлт етеді. Жоламан оң қолын көтерген сап көшке бұрылып, сол қолын көтергені осы төбенің етегінде қалып жатыр.
Бие сауымы өтпей, қалатын жауынгерлер таңдалып алынып, көштің алды қозғала бастады. Үрейлі атүсті өмірге дағдыланған жұрт, үн-түнсіз шұбырып кете барды. Түйенің боздағаны, анда-санда ұйқысынан шошып оянған балалардың жылағаны, жылқының ауық-ауық пысқырғаны, оқыранғаны естілді...
Көш айлы түнде сырғып, бұлдыр белестен етіп жоқ болып кетсе де, ауыл әлі де осы арада тәрізді. Дәйекші жігіттер жаққан оттар жыпыр-жыпыр етеді. Қалың ауыл осы араға жаңа келіп қонып ас-суын дайындап жатқанға ұқсайды.
Жоламан қалған жауынгерін екіге бөліп, бірін тапал қарағаш тоғайлы ойпаттау келген сай бойына орналастырды. Екінші бөлегін қырқа тасасына қарай әкетпек болып тұрғанында кенет белесті өрлей шапқан ат дүбірлері естілді. Сарбаздар елегізе қалды. Тынық түнде шыққан дыбыс қандай үрейлі! Әсіресе дәл қазіргідей жау күткен шақта.
Көп кешікпей күнгей жақтағы белесті бауырлай ай астынан бір топ салт атты көрінді. Найза, сойылдарын көлденең ұстаған. Бұл Табын руының салты. Өздерінің арғы бетке қойған ертәуіл жігіттері екен. Олар орталарындағы біреулерді қоршай шауып келеді. Әне-міне дегенше түнгі даланы қақ жарып батырлар тұрған төбеге жетіп қалды. Иә, бұлардың қоршап келе жатқандары үш салт атты. Түрлері де анық көріне бастады. Біреуі қыз тәрізді. Ал қалған екеуінің киімдері тіпті өзгеше. Жайық қазақтарының киіміне ұқсамайды. Аласа төбелі екі елідей-ақ тері ұстаған бөрік, үстерінде мұжықтардың киетіндері тәрізді тоқыма қара шекпен. Аяқтарында мәсі ме, әлде жіңішке қоныш етік пе, айырып болмайды. Кім болса да жат адамдар, үшеуінің де қару-жарағы жоқ. Аттары да әбден болдырған. Тек жан-жағындағы жігіттердің сүйемелдеуінің арқасында ғана келе жатқан тәрізді. Шапты деген құр атағы. Төбе етегіне жетер-жетпестен, дәл бір салы суға кеткен адамдардай, бастарын жерге салбыратып, төрт тағандап тұра қалды. Гүрс етіп құлап түсуі де ғажап емес.
Ертәуілдер бастығы алып келгендерінің кім екенін түсіндіргенше Байтабын:
— Япырмау, мынау Ақбөкен емес пе,— деп дауыстап жіберді.
Қыз да таныды.
— Байтабынсың ба?— Ол енді өзгелерге иіле сәлем берді,— Армысыздар, ағалар?
Жоламан жауап қайтарды.
— Барсың ба, қарағым.
Расында да бұл Ақбөкен еді. Ақбөкен десе ақбөкендей әдемі екен! Ат жақтылау келген ақшыл жүзінде ай сәулесі ойнап, тостағандай мөлдіреген бота көздері түпсіз тұңғиық қара судай тұна қалған. Көтеріңкі қос алмалы кеудесі сұңғақ келген, аппақ жұмыр мойнымен тұтаса көз тартады. Ақ маңдайына үкілі кәмшат бөркі, қыпша беліме мықынын оя тіккен қызыл барқыт оқалы пешпенті жарасып-ақ тұр. Әсіресе көзге түсері, белдігіне байлаған жібек жібі шешіліп кетіп, арқасынан төмен қарай жерге төгілген қою қара шашы. Мұндай да ұзын шаш болады екен-ау! Тоқпақтай болып өріліп, үзеңгіден төмен ат тірсегіне дейін төңкеріле түсіп тұр.
— Қарағым, жол болсын,— деді Жоламан.
— Қол бастаған кемеңгер аға,— деді Ақбөкен тағы да басын иіп,— біз бір қара құзғыннан шошып ұясын тастап ұшқан әлсіз көгершін...
— Жігіттер, аруды аттан түсіріңдер!— деп Жоламан әмір берді.
Байтабын өзі барып, қазақтың көне салты ғұрпымен, Ақбөкенді ат үстінен жас баладай етіп бір қолымен мықынынан ұстап, бір қолымен шалбарлы қара санына тигізер-тигізбес етіп көтеріп лып еткізіп жерге қойды.
Ақбөкеннің шашының кереметтігін жұрт енді көрді. Нағыз қара толқын тәрізді төгіліп жерге тиіп жатыр. Қыз шашын бір қолымен ортаң белінен ұстап, аш беліне орай салды. Ол енді әдепті үнмен Жоламанға бастан кешкен хикаясын айта бастады.
Жанындағы серіктері патша қысымдарынан қашқан Әшірап, Дәулетші деген башқұрт жігіттері екен. Серғазының төлеңгіт аулында бас паналап жүреді. Осыдан үш күн бұрын Серғазы күйеу жігіт ретінде ұрын келеді. Ханның нөкерлері ауылда тығылып жүрген Әшірап пен Дәулетшіні ұстап алып, таңертең Орынборға қарауылмен жүргізбек боп, Жантемірдің үйінің жанындағы арбаға қыл шылбырмен байлап қояды. Бір-екі айдан бері бауырларындай болып кеткен қашқын жастарды ауылдың қыз, бозбаласы жаман аяйды. Бірақ қолдарынан ештеңе келмейді.
Түн ортасы ауған кезде қыздың жеңгелері Серғазыны Ақбөкеннің отауына алып келеді. Қазақ дәстүрін мүлтіксіз орындап, «күйеу балаға» қалыңдығының қолын ұстатып, аларын алып кетіп қалады. Ауру тазыдай имиген, қансыз-сөлсіз қатып қалған рабайсыз Серғазыдан қалай құтыларын білмей аласұрып отырған Ақбөкенге, төсекке жатар алдында:
— Қаным кеуіп барады, бір жұтым саумалың бар ма, бойжеткен,— деп Серғазы әзілдеген болады.
Ақбөкен түрегеліп барып, көрші үйден сырлы аяққа құйып қымыз әкеледі. Келе жатып, әнеукүні тісі ауырғанда басқан күшәланың бір бөлегі қалтасында екені есіне түседі. Ойланбастан сол күшәләні алады да тостағанның ішіне тастай салады. Бүкіл халыққа бүйідей тиетін, қатыгез Серғазыны ашу үстінде «өлмесе өлем қапсын» дейді.
Әбден сусаған Серғазы қалыңдығының өзі оң қолымен берген қымызды жұта береді. Сырлы аяқты босатып үф деп демін алып, екінші бір сырлы тостағанды сындырмақ ойымен киімін шешпек болады. Бірақ қымызға еріген күшәлә басын айналдырып құстыра бастады. Қалыңдығына барған ханзаданың қызығын көруге ешкімге рұқсат етілмеген, нөкерлері бірен-саран желіккен бала-шағаны отау маңынан бағана қуып жіберген. Өздері де әрірек барып тұрған. Нөкерлер де тірі адам ғой, алпысқа таяп қалған қарт он алты жасар қызбен, өрге қарай тас көтерген кісідей әуре боп жатқанда бұлар қалай шыдасын, күзетке саңырау, дүлей біреуін тастап, өзгесі өз қамын ойлап төлеңгіттердің алтыбақаннан қайтқан қыз-келіншектерін андып кетіп қалған.
Серғазының халының қиындағанын көріп, Ақбөкен Әшірап пен Дәулетшіні күзетіп отырған екі нөкерге хабар берген. Сөйтіп Серғазы үй ішінде домалап, ал әлгі нөкерлер не істерін білмей әбігер болып жатқанда, Ақбөкен арбаға байланған арқанды пышақпен кесіп екі қашқынды босатып алып сайға түсіп кеткен. Сайда қыз аңдып жоғалған нөкерлердің жайылып жүрген ерттеулі үш атын үшеуі мініп алып, қараңғы түнді пайдаланып Жоламан көшінің соңынан зытып отырады. Ақбөкен Табын руының қалай қарай көшкенін бұрын естіген. Бала жастан үйренген даласы емес пе, дұрыс тауыпты.
— Әттең не керек, күшәлә аз болған секілді,— деді Ақбөкен сөзін аяқтап,— мен шығып бара жатқанда Серғазы көзін ашты...
Жоламан ақырын басын шайқады.
— Серғазы өшін әке-шешеңнен алады деп ойламадың ба?
— Олардың қандай айыбы бар?
«Иә, олардың қандай айыбы бар? Бірақ бұл заман айыпсыз жанның айыпты болатын заманы емес пе? Әйтпесе соңымыздан қол шығарар біздің қандай айыбымыз бар? Жерімізге, елімізге тиме дегеніміз бе?» Жоламан ауыр күрсінді. Енді ол қатар тұрған дембелше, мығым башқұрт жігіттеріне бұрылды.
— Сендер енді қайда бармақсыңдар?—деді.
— Егер алсаңыз, сіздің сарбаздарыңыздың қатарында қалғымыз келеді,— деді қазақ тілін әбден біліп алған ақ сары Әшірап.
Жоламан екі жігіттің бетіне сынай қарады.
— Қолдарыңнан не келеді?
— Құрыш табылса зеңбірек құя аламыз,— деді бағанадан бері үндемей тұрған қалың қабақты қара торы Дәулетші,— кенді топырақтан қорғасын қорытып оқ та жасай аламыз.
— Рас айтасыңдар ма?
— Рас болғанда қандай! Бұрын екеуміз де Оралдағы Дмитриевтің қару-жарақ заводында жұмыс істегенбіз.
— Жақсы,— деді Жоламан ойын ашып айтпай,— әзірге біздің көшпен бірге болыңдар. Өзге жағдайды соңынан сөйлесерміз,— бір жігітке бұрылып,— жігіттер, ана тұсаулы аттарды алып, мыналарды біздің ауылдың көшіне жеткізіп сал,— деді. Енді ол Ақбөкенге көз тастады,— қарағым, сен де әзірге біздің үйде бола тұр.
— Мақұл, аға.
Байтабын сәл қозғалып:
— Көке, бұл кісілерді мен апарып келейін,— деді.
— Болады. Бірақ тез орал.
— Құп.
Байтабын қайтып келгеннен кейін Жоламан сарбаздарының қалғанын ертіп, алдыңғы жақтарында сұлай созылған белестің үстіне шығып бекінді. Арт жақтарында әр жерде жылтылдаған от көрінеді, қалың ауыл қонып жатқан тәрізді. Ай сәулесі жүдей, күншығыстан таң білініп келе жатқандай...
Жоламан сарбаздарын әбден жайғастырып болды. Күнгейден Терістікке қарай созылған қатпар тасты, ойлы-қырлы қырқада екі жүздей сарбазы орналасқан. Жігіттердің бәрі жерде жатыр, аттары қырқа тасасында... Бұл қырқадан күншығысқа қарай кең құшақты сай кетеді. Жазғытұрым оны қуалай шалшымақ су ағады. Түбі құмайт, уақ тас, жағасы сирек ши. Осы сай күншығыстағы бір шақырымдай жердегі тарам-тарам жылғалы қараған, жыңғыл қалың біткен, ойдым-ойдым талды ойпатқа барып тіреледі. Онда Жоламанның екі жүз жауынгері тұр... Жоламанның ойы: ең алдымен қоржынды Қара Бура, ақкөз Жәбірейіл, Маңқа Әлексалдыға қарсы үш жүз сарбазымен айқаспақ (оның жүзі ортадағы сай бойында), содан кейін екі жақ әбден қалжырады-ау деген кезінде артында тығылулы ұшқыр атты екі жүз жігітін жауып жібермек! Алдыңғы шепті өзі, артқы шепті Байтабын басқармақ. Өз тобының сарбаздары дені садақпен, біразы хиуа мылтықпен қаруланған. Байтабын тобы кілең сойыл, найза, шоқпармен сайланған. Бұл топ жауға атой беріп, қоян-қолтық шабуылға арналған. Екі топ бағанағы Қанат, Қайрат деген егіз жігіттер арқылы байланыс жасап тұрмақ...
— Сұңқарларым,— деді Жоламан бір тізерлеп отырып,— іштегі болмашы жара дертке айналған заман болды ғой. Қара бастың қамын жесек, дәулетім де, шен-шекпенім де бар, бір бүйірге жантая кетер едім. Өйткенде жерінен, елдік деген атынан айырғалы тұрған қыруар Табынның қамын кім жейді? Сол Табын деп атқа қондық, сол Табын деп жан қиярмыз. Кеше Хиуа ханына сатылып хан деген атаққа ие болып, бүгін таулы жердің қу түлкісіндей ақ патшаға құйрығын жылмаңдатып астына кіріп отырған Серғазы иттің жігіттері мен Эссен жанаралдың солдаттарына кездескелі тұрмыз. Дауды ақыл жеңеді, жауды батыл жеңеді.
— Сөз бар ма!—деп жігіттер қозғалып қойды.
— Мылтық даусы зор болса да бір-ақ адамға тиеді. Бұл зеңбірек емес. Ал келе жатқан қолдың зеңбірегі жоқ көрінеді.
— Онысы дұрыс болған екен.
— Карабін мен іштесердің оқталуының өзі бір қауым уақыт. Ал садақ дегеніңіз...
— Уа, бұл шіркіннің несін айтасың! Тек тарта біл.
— Екі туып бір қалмақ жоқ, мылтықтың даусынан құттарың қашпасын, жауға садақпен қан жұтқызып алайық та, содан кейін найза, сойылға жол берейік. Өздерің көріп тұрсыңдар, олар тек бізге жазық жермен ғана келе алады. Ең мықтағанда ши түптерін қалқан етеді. Садақ оғы әбден мазасын алған кезде, мен ақ орамалымды найза басына көтерермін. Сонда бәрің бірдей атқа қоныңдар.
— Құп, батыр.
— Ал енді орындарыңа барыңдар. Анау ақ тастан бастап, мына шоқ тобылғыға дейін біріңнен бірін алыстамай қатарласа жатыңдар. Тәңірі жар болсын!
— Айтқаныңыз келсін!.. Олар да біз секілді анадан туған болар. Көрерміз!
— Уа, алла, ақсарбас жолыңа!
Жігіттер орындарына жете бергенде, Жоламанның құлағы тағы бір дүбірді шалып қалды. ЬІнтыға тыңдап еді, ат дүбірі алыстап бара жатқан секілді. Және екі жақтан шыққан тәрізді ме, қалай. Бірі алдыңғы тұсынан, ал екіншісі солтүстіктен...
Расында да Жоламан қателескен жоқ-тын. Бағана көш көзден жоғалған кезде, Карпов пен Серғазы жасақтарының ертәуілдері де жеткен. Олар ойпатта жылтыраған көп отты көрді. Көш осы жерде екен, енді бізден құтылмайды, жарық түсе тиісеміз деп құр алыстан бақылаумен болды. Жасақтарына да осылай хабар берді. Шұғыл жүріспен әбден қалжырап келгендіктен жау таң атқанша ылдидағы бұлақ жағасында аттарын шалдырып, бір мезет көз шырымын алдырып алған соң, тыныш жатқан ауылды таң сәріден баспақ болды.
Жол соғып әбден қалжыраған ертәуілдері де кезектесе тыныға бастады. Енді біраздан соң құланиектене таң сыз берді. Олар сонда ғана барып өздерінің алданғандарын білді. Сарбаздар бұлар жатқан жерден бұрыстау орналасқандықтан, қара-күңгірт таңда қырқаның бергі қойнауындағы тұсалған аттарды көрмеген еді.
Жоламан жаңағы дүбір жау барлаушыларының дүбірі екенін айтпай түсінді. Ол енді қанын ішіне тартып қатты да қалды. Таң әбден атты. Күн де шығуға жақын екенін сезіп, бозаңда бір топ қара торғай әнге сала жөнелді. Оған шөп арасында жүгірген бытпылдықтың да бырылдай шыққан үні қосылды. Ақселеулене көгеріп келе жатқан аспанда жем іздеп қалықтаған бірен-саран қара лашын, ақ тұйғын да көрінді. Шығып келе жатқан күнді құттықтап құстар ән салып, оған шегірткелердің шырылдағаны дем беріп, жер-жиһан біртүрлі ғажайып шаттық үніне бөленді... Бұл шаттық қазіргі қан төгілгелі тұрған айқастан мүлде қаннен-қаперсіз, бар әлемді тек қана тыныштық, бейбітшілік қуанышы әлдилеген!
Аздан кейін қызғылт жалқынын көкке атып күн де шықты. Дәл осы мезетте Жоламанның қырағы көзі төменгі жақтан топтанған салт аттыны шалды. Сірә көштен айырылып қалдық, тез қуып жетейік деген ынта да болуы керек, олар үш бөлек боп жедел жүріп келеді. Алдарында сарт етіп қапқалы тұрған қақпан бар екенін сезбеген тәрізді. Жоламанның да күткені осы еді.
— Жігіттер, садақтарыңды дайындаңдар,— деді Жоламан,— тек таямай атпаңдар!
Сыпайлардың жемге байланған аттары оңалып қалған тәрізді, ауыздықтарын керіп, бастарын шұлғып тастап, алға қарай тарп-тарп ұмтылады. Көтеріле түскен күн сәулесімен шағылысып сары ала қылыш, көк темір мылтық ұштары оқтын-оқтын жарқ ете түседі. Бұл Карпов жасағы болып шықты. Шолақ құйрық күрең айғыр мінген хорунжий алдында келе жатыр. Ат үстінде қопақ-қопақ етеді, шынында да ашулы қара бура тәрізді.
— Қара Бурадан өзгесін көздеңдер,— деді Жоламан.— Ол менікі!
Долы, бір сөзге келмей тарпа бас салатын Карповке Жоламан аса кекті. Былтырғы бір ұрыста ол жалаң қылышпен ұрып, оң қолын жаралап кеткен. Жазылғаны да жаңада. Сондағы өшін қазір алмақ.
Әскер садақ оғы жететін жерге келіп қалды. Жоламан білтелі мылтық пен семсер жұмсауға үйренбеген. Ұрыс қаруының ішіндегі ең қолайлы көретіні шоқпар, сойыл. Найзаны да сирек қолданатын. Ал садақ тарту қазақ батырларының үйреншікті өнері. Жоламан да садақты жақсы тартады. Ол енді өзінің жас қайынның бүртікті ағашынан иіліп жасалған, адырнасы тоғыз қабат түйе таспадан өрілген, «Қайың ажал» дейтін садағын қолына алды. Ұшы оқ жыланның уымен суарылған, біз тұмсық «Тау тесер» сегіз қарыс ақ жебесін салып, сол қолымен садақ ағашының жебемен түйіскен жерінен айқара ұстап, адырнаны тарта бастады.
Көздеген жері Қара Бураның өкпе тұсы. Жау жасағы үзеңгілерін сартылдата тебініп, аттарын ауыздығымен алыстыра келіп қалды.
— Атыңдар!—деп бұйрық берді де, Жоламан садағын шірене тартып жіберді. Бірақ сәл кешіккен екен, жебе ентелей ұмтылып келе жатқан шолақ құйрық тор атымен Қара Бураның алдын көлегейлей берген жай сыпайлардың бірін жер қаптырды.
— Әттеген-ай!— деді ызаланған Жоламан тепсініп қалып.
Дәл осы сәтте жау жасағына садақ оғы қардай жауды. Тура тартылған жебе кеудесіне кірш еткен кейбіреулері аттың жалын құшты, енді біреулері әр жерден жеңіл жараланған сияқты. Бірен-саран білте мылтықтың да шаңқ-шұңқ еткен даусы шықты, ана бір құлаған солдат қорғасын пытырадан мерт болғандай, бозаң шөптің үстінде аунап-аунап түсті...
Ойда жоқта жасалған шабуыл әрқашан да қауіпті. Әп-сәтте Карпов жасағының быт-шыты шықты. Бірақ соғысқа үйренген тәртіпті солдаттар Қара Бураның әмірін тез орындап, он шақты өлігін далада қалдырып, кейін шегінді де, садақ оғы жетпейтін жерге келіп аттарынан түсті. Енді олар қалың шидің қорғалай, қатар түзеп, мылтықтарын бытырлата атып, жер бауырлай жылжып, алға ұмтылды.
Екі жақтан оқ қардай борады. Мылтықтың күшейе түскен гүрсілі жер жарып, сарбаздардың құтын қашырып барады. Жоламан қатарынан талай қыршын жас оққа ұшты. Бірақ ер жүректі жігіттер әрі-беріден соң мылтық дауыстарына да құлақтары үйреніп, табан тіресіп атыса берді. Аңдысып атқан садақ пен мылтық қоя ма, екі жақтан да адам шығыны көбейе түсті. Осындай қызу ұрыстың үстінде кенет Жоламанның оң қол жағынан:
— Ойбай, келіп қалды!—деген қатты дауыс шықты. Батыр жалт қарағанында қия тасты өрмелей, оқ жетер жерге жетіп қалған топ әскерді көрді. Бірден білді, бұл Серғазы адамдарының жасағы. Ішінде солдаттары да бар, ана бір қақырайған қалпақты ақ көз Жебірейіл, ана бір жатаған сарысы маңқа Әлексалды. Жоламан бірден таныды, бәрі өзіне таныс сұмырайлар.
Қара Бурамен атысып жатып, бүйірден келген жасақты аңғармай қалған Жоламан енді тез қимылдады. «Келіп қалды!» деген сөзді естіп дір ете қалған жасағына «Тез атқа қоныңдар!» деп, ақ жалау байланған сойылды басынан асыра әлсін-әлсін былғады. Бұл Байтабынға берген әмірі еді. Сөйткенше болған жоқ жыралы ойпаттан екі жүз әскер жүйріктерін ойната шығып «Табын! Табын!», «Тіленші! Тіленші» деп ұрандай ат қойды.
Бұл кезде Серғазы жігіттері де бекінісіп үлгерген-ді. Ойпатта қаптап келе жатқан сарбаздарға мылтық пен садақ аралас оқ жаудырды. Хорунжий Карповтың әскері шилерді тасалап қырқа басына таяй түсті. Бірақ Жоламан тобы көп шығынға ұшырамай аттарына қонып алды. Енді бұлар Байтабын жасағына қосылды. Қырқа төбенің басына бекініп алған Серғазы жігіттері мен Карпов солдаттары шыдатар емес, амал жоқ Жоламан бытырай ат қойған сарбаздарын жинап, сап түзеп шабуылға шығу үшін кейін шегінуге әмір берді. Лапылдап шауып келе жатқан жігіттер көзді ашып-жұмғанша аттарын бұрып алып жыралы ойпатқа кіріп жоқ болды.
Сарбаздарын сапқа тұрғызып, Жоламан тобы бірнеше рет жауға қарсы майданға шықты. Бірақ сәл тыныстың арасында мылтықтарын қайта оқтауға мүмкіндік алған жау жағы, қырқа төбелердің басында отырып алып, беттеттірмейді. Сойыл соғар жерге жете алмай Табын жігіттері әлсін-әлсін кейін шегінді. Әр шегіністе бес-алты адамы оққа ұшты.
Сойылшылардың ұрысқа деген әдеттенген тәсілі бар. Лап берген сойылшылар жұбын бұзбай жау шебіне тұтас кіріп, сойылдарын оңды-солды сілтеп, қарқындарын бәсеңдетпестен, сол шапқан қалпында қарсы шепті жайнап өтеді де, тоқтамастан орағыта шауып, жұбын жазбай тағы лап қояды. Мұндайда тасыған судай қалың қолға қандай жау болса да төтеп бере алмайтын. Соққан құйындай шауып өткен топқа қарсы келе алмай қалатын, ал жау кейін қарай орала шапқан жігіттерінің соңынан түре тиіскенше, Жоламан сарбаздарының алдыңғы тобын ұрысқа қайта салатын.
Көп мылтықты жау жағы, биігірек бекіністе отырып алып, сол жағдайға бір жеткізбеді. Бар қолдарынан келгендері, әлсін-әлсін шабуылдап, таяй түсіп садақ атып кейін шегіну болды. Мұнда да бірен-саран жау оққа ұшады, бірақ шабуылшы жақтың тастап кететіндері көбіректеу. Осындай бірнеше айқастан кейін, жау жағы өзінің күшінің басым екеніне көзі жетті ме, тегіс атқа қонды. Бірақ, орын тепкен адыр, төбелерін тастамай, бөлектене топталып, оқ жаудыра берді. Дәл осы сәтте Жоламанның есіне бағанағы Байтабын айтқан арбадағы оқ-дәрі түсті. Сірә ол қырқаның арғы бетінде болуы керек. Егер сол күбіні көкке ұшырса, оқ-дәрісіз қалған Қара Бура жасағының жеңілгені. Бетпе-бет сойылға түсуге солдаттарда қайрат жоғы өзіне мәлім.
— Байтабын, осы шабуылда бағанағы арбаның қайда екенін байқап қал,— деді Жоламан жиеніне тағы да жау шебіне ат қоярында.
Жоламан аналардың да атқа қонғанын көріп тұр, егер бұлар енді атой салса олардың да қарсы шабатынын біледі. Бұл ұрыс заңы. Осыны ескерген Жоламан қайтадан ұран тастап, сарбаздарын бастап лап қойды. Бұ жолғы ойы таяп келіп, садақ тартып кейін шегіну емес, қарсы топты бір жайпап өту. Лақылдап келе жатқан қалың сарбазға хорунжий Карповтың атты әскерлері де қылыштарын жалаңдатып қарсы шыға шапты. Бірақ Жоламанның әдісімен таныс Гаврилло мен Александр урядниктер өздерінің солдаттарын тырп еткізбей, ит үстінен оқ жаудырып орындарында тұра берді. Жоламан сарбаздары Карпов әскерлерін бір жайпап өтіп, қырқаны бауырлай орағыта кейін бұрылғанында, арбалы оқ-дәріні көремін деп өздері тұрған төбешікке шапқылай көтерілген Байтабынды қоршап қалды.
Осы сәтте қайтадан сап түземек боп кейін шегініп бара жатқан Жоламанның құлағына жау қоршауында қалған Байтабынның:
— Көке, көке!— деп айқайлаған даусы жетті.
Сарбаздарының көбі жыңғылды ойпатқа кіріп те үлгірген еді. Сап түзеп қайта шапқанша Байтабынның мерт болуы кәміл. Ал кейін шапса өзінің сау қайтары екі талай. Осы кезде Байтабынның:
— Қош, қош!— деген даусы тағы естілді.
Жоламан атының басын қалай кейін бұрып алғанын өзі де сезбей қалды. «Аруақ! Аруақ», «Тіленші! Тіленші!» деп Байтабынның даусы шыққан жаққа астындағы қамыс құлақ, бота тірсек, талай-талай топ жарған атақты күреңін құйындата ұмтылды. Батырдың ұранын естіген сарбаздары да аттарының басын бұрып алып «Жоламан! Жоламан!» деп кейін ұмтылды.
Құстай ұшып қырқаға шыққанда, ең алдымен көзіне түскені астындағы күрең бестісін бір орында шыр көбелек ойнатып, ұзын ырғақты қарағай шоқпарын жайпап сермеп тұрған тұла бойы тегіс қан Байтабын болды. Одан кейін Байтабынды тірідей қолға түсірмек боп жалғыз арланды қоршаған ұялы көкжалдардай жалаң қылыштарын ойнатып жиенінің жан-жағынан төніп келген көп солдатты көрді.
Жоқ жерден пайда болған батырдың түрінен шошып, абыржып қалған солдаттардың бір-екеуін сойылмен қағып түсіріп, Байтабынға «бас қамшыңды атыңа!» деп Жоламан топ жарып қырды бөктерлей өте берді. Байтабынның да бедеуі ала жөнелді. Қалған солдаттар мылтықтарын қайта оқтап атқанша бұлар сарбаздарын шұбырта жыңғыл арасына кіріп те үлгірді.
Таңертеңгі ұрыстан бері жасағы әжептәуір сиреп қалғанын Жоламан енді ғана анық аңғарды. Аттары да болдырғандай. Темірді темірге сала берсең, екеуінің де жүзі майыспай ма, сол тәрізді ажалға қарсы шабуылға шыға-шыға сарбаздардың да беттері қайтып қалғандай. Жауға енді салуға жасағының жарар емесін батыр анық түсінді. Бірақ сонда не істеуі керек? Жалғыз жол — кейін шегіну ме? Өйткен күнде қашқан жауға қатын да ер, қандай береке қалады?
Енді шабуылға қарсы жағы дайындала бастады. Өздерінің әлі де тың екенін демеу етсе керек. Сап түзеп, лек-легімен бері қарай қозғалды. Садақ оғы жетер жерге дейін ат қояр емес. Әзірге құр сұс көрсетіп, дабылын қағып ақырын сырғып келеді... Кезеген мылтық, жалаңаш қылыштың түсі қандай зәрлі, Жоламан тобындағы кейбіреулер сескенейін деді. Бірақ амал бар ма, «қоянды қамыс, ерді намыс өлтірген», бұлар қарсы шығуға мәжбүр болды.
Өштескен екі жақ енді бір-біріне қарсы тұрды. Жоламан іштей сезіп келеді, күш жүзден астам мылтығы бар жау жағында. Олар сойыл ұруға жеткізбей жігіттердің көбін жайратады. Әйтсе де мұндай ұрыста кім ажалдан қорықпаса сол жеңеді, әлі де болса сойыл соғар төрт жүзге таяу сарбазы бар, тағы да бір рет айқасып көрген жөн, тек белдесуге жағдай туса жарар еді.
Екі жақ садақ оғы жетер мөлшерге келген кезде кенет бір бүйірден ұрандаған дауыстар шықты.
— Қара Қыпшақ Қобыланды! Қобыланды!
— Дулат! Дулат!
Жоламан жалт қарап еді, оң жақ қапталдан жауына қарсы ағызып келе жатқан самсаған қолды көрді. Ең алдында есік пен төрдей ала аяқ күрең мінген батыр, үстіндегі сауыты күнмен шағылысады, одан кейін боз атты біреу. Алғашқысының қолында сойыл, екіншісінің қолында шоқпар. Боз аттағысы сонау тоғыз батпан шоқпарын таяқ сілтегендей үйірілтіп ойнап барады.
Ау, мынау Қыпшақ батыры Иман ғой!—деді Жоламан,— астындағы ала аяғы соныкі тәрізді.
— Иә, аяқ алысы соған ұқсайды.
— Соңындағысы бағаналы Қараменді!
— Бұлар қайдан жүр бұ жақта?!
Өздеріне қарай шапқан төтен қалың қолдан сескеніп патша жасағы жалт бұрылды. Бұны көріп Жоламан тобы да лап қойды.
Қысқа айқаста жазым болғаны, жаралысы бар жүзге таяу солдатын шығын еткен патша әскері жүзге жетер-жетпес солдатпен әзер қашып құтылды.
Ұрыс біткеннен кейін сарбаздар қаза болған солдаттарды құмайт ернеудің борпылдақ топырағын опыра құлатып жардың етегіне кемді. Өздерінің жүруге жарамайтын жаралы серіктері мен қаза болған жолдастарының сүйектерін төрт сойылды белбеулерімен торлап, жайма жасап жатқызып, кеткен көштің соңынан ала жүрді. Ұзын бойлы, қапсағай денелі, елуден асып кеткен Қыпшақ батыры Дулат ұлы Иманнан Жоламан өткен жылы ақ патшаға қарсы Ор мен Ұлытау ортасындағы Арғын, Қыпшақ, Найман, Керей, Алшын руларының көп аулының ереуіл көтергенін естіді. Ал биыл Торғай бойына көп әскер шығып, Иманның уақытша Мұғажар тауының ішіне сарбаздарымен тығыла тұруға мәжбүр болғанын білді.
— Қазір Арқаның көп жерінде ақ патшаға қарсы ереуілдер жиіленді,— деді Иман әңгімесін тұжыра,— жақында жеріме бекініс салдың деп Баянауылдағы Азнабайдың Тайжан, Сейтен атты балалары көтерілді. Әттең не керек, қос арлан мезгілсіз қолға түсті...
Ал қастарындағы балуан денелі, сом білекті, қара торы, қалың мұртты Құдайменді батырдың бұл жақта қайдан жүргенін Жоламан сұрағанда, Иман:
— Бағаналыдағы Жырықтың шонжары Сандыбайдың Ердені қалыңдығын тоқалдыққа тартып алып, аулына Қара Кеңгір мен Сары Кеңгірден қоныс бермей Сарысу жаққа қуған соң, бізге келіп қосылды,— деді.
Содан кейін Иман өздерінің Мұғажар тауында арқар атып күн көріп жүріп Табын руына солдат шығыпты деген лақапты естіп, бір кемеге мінгеннің тағдыры бір дегендей, бәрінің арманы бір жерден түйіскен соң, ағайын басына күн туған шақта көмек беруге келгендерін айтты.
— Бүгінгі жақсылықтарыңды өмірбақи ұмытпаспын,— деді Жоламан қалың қабағын дүр көтеріп.— Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді, деген осы. Үш батыр тізе қосып едік, көк темірге оранған жау шегінді.
Бүкіл Табын қан жылап, қара жамылып боздақтарын қойып, жетісін бергеннен кейін үш батыр қайта кеңесті... Енді ру-ру болып ақ патшаға қарсы шыққанмен мұраттарына жете алмайтындарын әңгіме етті. Елдігімізді сақтау үшін бүкіл қазақ бас қосып, бір туды көтеру ақ патшаға берілген сұлтандармен шайқасып келген Қасым төре балаларынан шығу керек деген тоқтамға келді. Осы тілекті білдіру үшін сонау Сыр бойындағы Қасым төре аулына әзірге соқа бас, содыр таяқ Құдайменді батырдың сапар шегуін жөн тапты.
Осылай уәделескен Иман батыр Қыпшақ руының басын қосып ақ патшаға қарсы дайындау үшін, Мұғажар тауында бас сауғалап жүрмей, енді сарбаздарымен өз еліне қайтпақ болды.
Әзірге жау бетін тойтарған Табын руы биылдыққа осы Елек бойының жоғарғы жағын қыстап шықсын делінді. Егер тағы да солдат шығып, күресуге дәрмені жетпейтіндей халге ұшыраса, Торғай, ЬІрғыз өзендерінің күншығыс өңіріне Қыпшақ жеріне көшетін боп уәделесті.
Иман батыр Қыпшақ жеріне қарай Табын қозғалса, құшақ жайып қарсы алатынын айтты.
Үш батыр осылай серттесіп айырылды. Бірақ әр руы өзіне бір тайпы ел саналған, жерге төгілген бидайдай шашыраған қалың қазақ, бір тудың астына жинала ма, жиналмай ма, бұған үшеуі де күпті еді.
ІІІ
Шым дуалды, күйген кірпіш мешітті, қалың жеміс ағашына бөленген Ташкент шаһары бүгін де әдеттегідей ыстық. Ақырған есек, шиқылдаған шаңырақтай қос дөңгелекті арба, шаң-шаң кешелерді қуалай аққан лай сулы арықтар да күндегідей. Науан базары да ежелгі қалпында. Қатар-қатар тізілген күрке тәрізді кішкентай дүкендердің алдына жайып қойған қызыл-жасылды жібектен, көк ала, сары ала, төгілдіре сан түрлі гүлмен, өрнекпен әшекейленген матадан көз тұнады. Тау-тау болып үйілген, сатуға арналған өрік, мейіз, хиуа мәуесі, ферғана алмасы, қытай жаңғағы... Ерте піскен әңгелек, қара көк күләбі, сары ала бұқар қауындарынан аяқ алып жүргісіз. Күміс жүзік, алтын білезік соққан ұста, қолында тәспісі, алдында төселген жайнамазына төгілген жеміс тәрізді сүйек құмалақтары бар қожа-молдалар. Отқа күйген семіз еттің иісі мүңкіген манғал жанында бүк түскен нашар киімді дәруіш пен кәлендәр. Тек осылардың ғана жүздері солғын. Ал өзге ала шапан киіп, ақ сәлде ораған өзбектің қайсысының ишан екенін, қайсысының диқан екенін айырып болар емес. Кімнің сатушы, кімнің алушы екенін де ажырату қиын. Мұнда бәрі де сатылады, байдың ары да, жарлының малы да...
Бұл қалада бәрі де әдеттегідей, анау бөдене соғыстырған топ та, әне, анау қорқор тартып, геджак тыңдап отырған мырзалар да... Бәрі де күндегі салтында. Науан базары да гу-гу, Ташкент көшесі де шаң-шаң, аспан айналып жерге түсердей күн де ыстық, күйіп тұр.
Тек Мәмет Әлім орнына болған Ташкент құшбегі Бегдербек рабатында ғана бүгін бір ғажайып өзгеріс бар секілді. Бірақ, құшбегінің бұлбұлдары сайраған, жұпар иісі аңқыған бау-бақшасында, есік пен төріне дейін Иранның жібек кілемі төселген, немесе қабырғалары Бұқардың гүлі төгілген сарғылт жібегімен көмкерілген салтанатты сарайларында ешқандай өзгеріс жоқ.
Қолдан жасаған күміс көлдерінде де сұңқылдап үн қосқан аққу. Шық моншақты жасыл төккен бақшаларында да сайраған бұлбұлдар. Мөлдір фонтан суларында да жуынған алқызыл қырмызы гүлдер...
Мұндағы өзгеріс тек салтанат сарайындағы мүрит, софы, уәзір, наиб бекзадалардың жүріс-тұрыстарында, сөйлеген сөздерінде...
Жоқ, бұлар сөйлемейді — сыбырлайды, жүрмейді — қыбырлайды, аяқтарының ұшымен басып үнсіз қозғалады. Жүздерінде қобалжудан көрі қорқыныш, бір-біріне ашық тілдесуден гөрі, сыр сақтау басым. Онсыз да құпияға толы қонақ сарайы — рабаты бүгін бұрынғысынан тылсым жұмбақ қапасқа айналған. Бір сәт жаңбыр алдында түнере түскен жәйтке ұқсайды. Қонақ сарайының мұндай күйге түсуіне себеп болған не екен?
Бүгін түнде ай бойы әр күні айдай созылып, әбден сары жамбас болып құшбегінің рабат сарайында күтіп жатқан Қасым төренің балалары Есенгелді, Саржан мен Шұбыртпалы Ағыбай бастаған жиырма жігіттің тағдыры шешілмек...
Және бүгін Қоқан даруғасы Ләшкәрдің ақылы бойынша құшбегінің арнаулы шақыруымен үш ақ пілге шатыр тігіп, кілең қара көк арғымақ мінген, қасында бір топ ешік — аға, муәдзин, наиб, геджағы бар Қоқан ханы Мәделіхан (Мұғамет Әлім) келген. Бұлар қалаға кірген кезде жұрт шырт ұйқыда еді. Сыз беріп келе жатқан таңмен бірге ұрылған дутар, ішін тарта барылдай шыққан зурна, танбур үндері бүкіл Ташкентті азан-қазан етті. Жұрт жау келіп қалған екен деп төсектерінен атып тұрды. Келген Қоқан ханы екенін білгенде жау шабардан бетер жанталаса есіктерін тарс бекітіп үйді-үйінде үнсіз жатты.
Күн шыға қаланың Мәделіхан кірген шетінен сәл қиыстау қақпадан екінші көш көрінді. Бұнда да тамаша салтанат бар. Жабық күймелі пәуескеге кесем салып үш ақбоз жеккен, алды-артында найза ұстаған сегіз салт атты нөкері бар көрікті керуен. Бұ да Ташкент құшбегінің арнаулы қонағы. Ұратөбе кентінде тұратын Ом арханнан он алты жасында қалған, қазір отызға келген, бүкіл Орта Азияға аты шыққан, алтын айдай толықсыған сұлу жесір ханша Ханпадшайым, Мәделіханның өгей шешесі.
Ташкент он сегізінші ғасырдың екінші жартысында, белгілі Әптуар шайқының кезінде үлкен шаһарға айналған. Мұнда жібек тоқу, алтын-күміс зерлеу, былғары илеу, темір қорыту, арақ-шарап қайнату тәрізді кәсіптер гүлденіп, қала бүкіл Орта Азияның Россия империясымен, Қашқария, Индиямен қарым-қатынас сауда жасайтын кіндігі болған.
Ташкент кентінің гүлдеуімен қатар оны өзіне бағындырғысы келгендер де көбейеді. Әсіресе оған көзін тігетіндер Бұхар, Хиуа, он сегізінші ғасырдың басында пайда болған Қоқан хандары еді. Он тоғызыншы ғасырдың басында Омарханның ағасы қанішер Әлімхан, Әптуар шайқының ұрпағы Жүсіп Қожаны соғысып жеңіп алады. Содан бастап Ташкент Қоқан хандығының бағынышты бір уәлаяты болып қалады, бірақ бағынышты деген аты болмаса оны ешкім баса-көктеп билемейді. Қоқан хандығына жататын Ұлы жүздің бір бөлек елі мен Сырдарияның орта ағысындағы Шу, Сарысу өзендерінің бойындағы қазақ жеріне салынған Ақмешіт, Жаңақорған, Желек, Қамысқорған, Шымқорған, Қосқорған секілді бекініс шаһарлардың бәрі Ташкент құшбегінің қарамағында қалады. Тек Ташкент құшбегі Қоқан ханына жылына екі жүз мың теңге салық төлеп тұрады.
Бұл салықты Ташкент құшбегі болған тәжік Мәмет Әлім, өзбек Ләшкәр, Бегдербек, Қыпшақ Нұрмұхамед өздеріне бағынышты қазақтардан он есе артық етіп өндіріп алып тұрды. Бұл жағына келгенде әсіресе осы кездегі құшбегі Бегдербектен асқан зұлымы аз-ақ. Ақмешіт хакімі Жақыпбек арқылы Қоқан хандығына бағынышты қазақ ауылдарының қаққанда қанын, сыққанға сөлін алды.
Есенгелді мен Саржан сұлтандар Ташкентке келген шақта оның Мәделіхан мен Ханпадшайым тоқалды шақыруында да үлкен кәп бар. Бірақ мұны әзір өзінен бөтен ешкім білмейді.
Құшбегі сыр сақтай алатын адам. Сондықтан да рабат, диуан сарайлары құпияға, ызғары суық сырға толы еді.
Осы құпия сыр бүгін ең биік шегіне жеткендей. Саржандардың келгеніне ай болса да құшбегі күнде бір сылтаумен оларды қабылдамады. Біресе аңға кетеді. Біресе үкім құрады. Біресе сырқаттанып қалады. Мұндай қорлыққа наразы Қасым төре балалары қолды бір сілтеп қайтып кетейін десе, аңдыған көз аяқтарын тыпыр еткізер емес. Бұлардың мұнда өрік, мейіз жеп жатқан жатыстары, қонақтан көрі тұтқын салтына жақын, Қазақ сұлтандары да аң-таң... Дос бүйтпесе керек еді, ал сонда Бегдербек қас па? Олай болса, өткен жолғы уәде, берген серттері қайда? Қас деуге қиын. Сонда бұларды бүйтіп ұстауға қандай себеп бар? Осылай жұмбаққа шешім таба алмай абыржыған, қобалжыған қыр бекзадалары құшбегінің бір уәзірінен жақында ғана жағдайды білді. Құшбегі Қоқан ханының келуін күтуде екен, бар шаруаны төрт көздері түгел отырып сөйлеспек көрінеді... Сол күткен Мәделіхан да бүгін келіп жетті. Қоқаннан алысқа шығып үйренбеген хан, жол соғып әбден қалжырап қалған екен, қазір әшекейлі диуан сарайының не бір салтанатты бөлмесінде дем алып жатыр. Кешке құшбегімен дидарласпақ. Сондықтан да хан тыныштығын бұзбайық деп демдерін ішіне жұтып жүрген бір жұрт... Құшбегі сарайында ұшқан шыбынның ызыңы естілердей тыныштық. Әрі қауіпті, қатерлі тыныштық. Ал Бегдербек өзі кісі қабылдайтын шатырында. Ханмен дидарласар алдында Қасым тере балаларының да ой-пікірлерін білу керек. Бұларға деген шешімі Есенгелді мен Саржанды шақырмастан бұрын өзіне әйгілі болғанмен, қазір өзін өзі басқаша ұстауда. Қайткенмен де сұлтандар әзір ештеңені сезбегені жөн...
Сондықтан да Бегдербек күле қарап, жымия сөйлейді. Қазір ол сүпіге жабылған жібек түгі бір елі, құс мамығындай жұмсақ, қырмызы қызыл Бұхар кілемінің үстіне төселген алты қабат шайы көрпеде, аққудың түбіт жүнінен жасалған қос мамық жастықты шынтақтай жатыр. Шеті жібек күлтелі мол дастарқанның үсті толған тағам, шарап, шәрбат...
Бегдербек алпысқа таяп қалған ат жақты, аққұба келген ұзын бойлы кісі. Қан-сөлсіз еріндері жұқалаң, қалың қабақтары тұтасып біткен, сақалының ағы басым. Сүзіле қарайтын сұрғылт көздері ысылдаған жылан іспеттес бір суықтық танытады. Беті күлсе де, көзі күлмейді. Алпысты алқымдағанмен бетінде әжім жоқ, тіп-тік таяқ жұтқандай сұңғақ денелі. Қытай жібегіне малына киінген. Тек иығында өзбектің көк ала шәйі шапаны, басында ақ маржанмен кестелеген қара барқыт ала тақиясы. Ақ жібек көйлегінің ашық омырауынан кеудесінің көк буырыл түгі шығып түр. Ұзын ақ саусақтары жыртқыш құстың тырнақтарындай әлсін-әлсін бір бүрісе жұмылып, бір жазылып тұрады. Білектері де жүн-жүн... Қол әлуеті бір түрлі сұсты. Оң саусағына салған қызыл алтын сом жүзігінің үстіндегі жалпита орнатқан жылан басындай қызыл лағыл тасы ұйыған адам қанына ұқсайды. Аяқ жағында түкті балтырларын сипап уыздай аппақ, қара көзді он бір-он екі жасар патша бала отыр. Бұл да жібекке малына киінген. Қарсы, дастарқанның бергі жағында, малдастарын құрып, құшбегіне қарай қалған Есенгелді мен Саржан.
Есенгелді етжеңді келген, дөңгелек, қара торы жүзді, қой көзді адам. Шиырылған сұлу мұртты. Саржан сұңғақ бойлы, қызғылт сары, өткір көзді, бәйгеге жараған жылқы тәрізді, қатып қалған, шапшаң қимылды кісі. Екеуі де елуді алқымдап тастаған. Есенгелді бірер жас қана үлкен тәрізді. Екеуінің басында да үстін төрт салалы көгілдір барқытпен әдіптеген, қырдың қызыл түлкісінің терісімен көмкерілген, қандай түрге болса да көрік берер Арқанын, сұлу бөркі. Үстерінде — жағаларына қара барқыт ұстаған, жібін жіңішке етіп иірген аппақ түйе жүн шекпен, аяқтарында — жарғақ мәсі, бұттарында — сала құлаш балақтары оюланған кек барқыт шалбар. Белдерінде—алтын жалатқан қарыс сүйем кіселі, қақтаған күміс белбеу. Саржанның беліндегі жез сақиналы күміс қында сабы сары мүйізден соғылған сегіз қарыс ақ семсер. Есенгелдінің белбеуінде кішкентай ғана күміс кездік, ай мүйіз, алтынмен зерлеген арқар шақша... Жанындағы ағасы Есенгелдіге қарағанда Саржанның жауынгер жан екені бірден білінеді. Екеуінің де көзінен құшбегін сынай қараған ұшқын сөнер емес. Отырғандарына әжептәуір мезгіл болса да қойылған тағамнан әлі татып алған жоқ.
Кісі сырына әккі болған Бегдербек те сұлтандардың бұл сыңайын байқап отыр.
— Алыңыздар, алыңыздар, — деді ол езу тартып күлген болып, ана екеуінің ортасында тұрған шыны тұрғауыштағы қыз емшектеніп сүйірлене піскен жүзімді меңзей.— Өзбектің жүзімі сый-құрметтің басы.
— Рақмет...— Саржан ернін жыбырлатты да қойды.
Сазарып отырған қонақтарының көңілін көтергісі келгендей құшбегі тағы да езу тартты.
— Бұл жүзім туралы қазақ пен өзбектің арасындағы қалжыңды естіген боларсыңдар.
— Ж... жоқ.— Бұ жолы Есенгелді ернін жыбырлатты.
— Естімесеңдер айтып берейін,— Бегдербек әлдекімді мысқылдай күлді,— бір қазақ пен бір өзбек дос болыпты. Аулына келген өзбекті қазақ қойын сойып, қымызын тосып әбден сыйлапты. Жолы түсіп, қазақ шаһарға келсе, өзбек досы сый-құрмет көрсетіп алдына бір тегене жүзім қойыпты. Бұрын жемісті жемеген қазақ таңсық көріп асай бастапты. Қомағай қазаққа не шыдасын, жүзімнің таусылып бара жатқанын аңғарған сараң өзбек:
— Алдыңыздағының атын юзім дейді, оны бүйтіп бір-бірлеп үзіп жейді,— деп аздап жеудің керек екенін ескертеді.
Сонда қазақ:
— Иә, мұны бізде жүзім дейді, бір жегенде жүзін жейді,— деп саусақтарын сала түсіпті.
Әңгіме ұнаған Есенгелді мен Саржан сыпайылық көрсетіп езу тартты.
Қонақтарымның көңілін көтеріп болдым ғой дегендей Бегдербек кенет қабағын сәл түкситті де, сөзінің бетін бірден бұрып әкетті.
— Иә, әңгіме бұзау емізер... дегендей, енді бітім-келісімге кіріскен жөн болар... Әнеугіден бері сіздерді қабылдамай жатқанымыздың себебін естіген шығарсыздар. Ханзаданы күтіп едік... Ол кісі бүгін келді, қазір саухат етіп, дем алып жатыр... Кешке менімен сөйлеспек... Құрметті Мәделіханға барар алдында сіздердің де тілектеріңізді білгім келіп еді.
— Біздің тілегіміз Мәделіханда емес, өзіңізде ғой,— деді Есенгелді байсалды үнменен.
— Иә, сіздердің тілектеріңіз менде, ал менің тілегім Қоқан ханында, сонда не болғаны? — Құшбегі аппақ тістерін көрсете күлді.— Аллатағала, дүниені домбыраның пернесіндей, бір үнді бір үнмен байланыстыра жаратса амал не? Алдияр тақсырдың не айтатынын кім біледі?
Саржан қабағын шытты.
— Бұл — бір сандықтың ішінде бір сандық, оның ішінде күйсандықтың көбі ғой...
— Иә, сол күй сандықтың кілті Қоқан ханының қолында емес пе?— Бегдербек те қабағын шытты. Оның қалың қабағы жабылып, қайта ашылды.— Қысыр сөзді қайтеміз, одан да не тілейтініңізді айтыңдар.
— Кімнен.
— Мәделіханнан менен.
— Біздің тілек өзіңізде, алдияр тақсыр құшбегі,— деді Саржан тікелей,— тілек біреу-ақ: сіздердің берген жауынгерлеріңіздің қандай ерлік іске бара алатынын біз ана жылы өз көзімізбен көрдік қой. Әрине айдалада жатқан қазақ елі үшін өзбек ағайынға жан қию оңай емес. Сондықтан қарамағыңыздағы Сыр бойын, Қаратау, Сайрам, Шу бойын жайлаған Қыпшақ, Қоңырат, Шымыр, Ысты, Сиқым, Сыбан, Жаныс ауылдарынан сарбаз жинап елімізді, жерімізді қорғауға мүмкіндік беріңіз.
Жылқы жылғы Арқаға Мәмет Әлім құшбегі қалың әскерді бастап барып, ар жағынан патша солдаттары шыққанда Ташкентке қарай қашқанын Саржанның сөз етіп тұрғаны құшбегіне ұнамады. Сол себептен ол қалың қабағын қарыс жауып Саржанға түйіліп отыр.
— Сонда ол күш кімге қарсы шығады?
— Ақ патшаға, алдияр тақсыр құшбегі.
— Жалғыз ғана ақ патшаға ма?
«Жоқ, мұндай күш жиналса қазақтар ең алдымен Қоқан хандығына қарсы шығады. Оны Бегдербек жақсы біледі. Өйткені Россия империясынан гөрі бұларға қазір Қоқан, Хиуа хандықтарының тегеуіріні батып отыр. Құшбегі мұны да біледі. Иә, Россия империясы әзірге қазақ жеріне бекіністерін салып, өкіріктер арқылы біртіндеп өз ықпалын таратып жатыр. Ал соңынан бүкіл қазақ жерін біржолата басып алмақ. Түбі өзінің меншігіне тиетін ел болған соң, қазір бірден салық жағынан да қан қақсатып отырған жоқ. Ол сондықтан да бір мың сегіз жүз жиырма екінші жылғы уставы бойынша Орта жүз өкіріктерінен алатын мал салықтарын да жинауды кешіктіріп келді. Ал Қоқан, Хиуа хандықтары болса, олар қазаққа қандай қиянат жасамады десеңші! Бір ғана Шымкент уәлаятынан өзі өткен жылы сексен мың сом күміс ақшамен зекет алған жоқ па. Ал хараж салығынан келетін пайданы қайда қоясың? Он бес, жиырма тақип жер бір қош болады. Бір қоштан жылына орта есеппен елу бес пұт бидай хараж алынады. Сонда әр уәлаяттан ең кем дегенде қырық мың күміс ақшадай пайда түседі. Бұл — бұл ма, Мұхамбет пайғамбардың діні бойынша әр қырық қойдан бір қой садақа алынатын болса, біз әр үйден жылына алты қой садақа алмаймыз ба? Ал шөптен, кемірден, сексеуілден алынатын хараждарды қайда қоясың! Хараж бен зекеттен басқа да пайда аз ба? Олар бекіністердің қабырғаларын, қақпаларын жөндеулері керек. Қоқан бектерінің бау-бақшасын, салған қауын-қарбыздарын қарап, ал соғыс бола қалса, өздерінің ат-көлігімен, қару-жарағымен төлеусіз-құнсыз қызмет істеуге міндетті.
Осы салмақтың бәрін де қарамағымыздағы қазақ ауылдары көтеріп келе жатқан жоқ па? Иә, көтеріп келеді... Бірақ үнін шығармай жүр ме?
Бұған:
Келі түбім деп алады,
Кеусенім деп алады.
Ұтыра зекет деп алады,
Қошақ зекет деп алады.
Арқадан келген сор Найман
Аң-таң болып қалады,—
деп Жанкісі жыраудың Қоқан ханы Әлімге айтқаны айғақ емес пе?..
Осылардың бәрін Саржан да, Бегдербек те біледі. Сондай қорлықты бастан кешкен қазақ әскер жинап басы қосылар жағдай туса ең алдымен ауызды Қоқанға салмағанда кімге салады? Бүгінгі күнге дейін шыдап келсе, онысы Қоқан Россия патшасына қарсы жәрдем берер деп сеніп келгені. Түбі ең күшті жауы Россия патшасы екенін Қасым төре балалары біледі. Егер оның отарлығынан құтыла алса, Қоқан хандығынан құтылуды оңай деп ойлайды бұлар. Сондықтан да жәрдем күтеді. Ал Қоқан хандығының берген жәрдемі ана жылғы... Мұндай жәрдемнен қазаққа келер пайда жоқ. Енді бұлар бізсіз бастарын қоспақ. Жоқ, басын біріктіре алған дұшпаның қайралған қылышпен тең, абайлап ұстамасаң қолыңды алып түседі. Іштегі шұбар жыланды асыраудың қажеті жоқ, одан дер кезінде арылған жөн».
Саржан сұраққа қарсы сұрақ қайтарды.
— Әлде сіз біздің Россия патшалығымен ұрысқанымызды ұнатпайсыз ба?
— Бекер үйдейсіз,— деді сөзін соза құшбегі.— Егер мынау ақ сақалым орыстың қанымен боялса арманым жоқ. Бірақ қазір мәселе онда емес...
— Енді неде?
Бегдербек Саржанға күлімсірей қарады.
— Қазақта мақал бар емес пе... «Өзім асыраған күшігім өзімді қапты» деген?
Саржан тұнжырап кетті.
— Қай күшік қай күшікті асырағанын анықтасақ нетті.
Құшбегі бұрынғысынан да күлімсірей түсті.
— Қазақта тағы да бір мақал бар емес пе, дастарқан қасында отырып қонақ аяғын алшақ көсілмес болар деген?
— Иә, сөзіңіз дұрыс, кей қонақ аяғы сонау Созақ, Сайрам, Ақмешітке дейін көсіліп жатқан жоқ па? Ондай масыл қонақ, масыл ағайынға аяғыңды тарт дейтін, әттең дүние-ай, күштің жоғы-ай!..
Бегдербек Саржанды сөзінен ұстады.
— Бас қосып, күш жинау дегендегі мақсатың сол екен ғой.
Қызу қанды Саржан абайсызда от басып алғанын түсінді. Айтылған сөз, атылған оқпен тең, қайтып алар дәрмен қайсы. Осы ағаттығынан іштей ызаланып, сазарды да қалды. Ал Бегдербек болса жауының түпкі сырын оңай ашқанына мәз болып, енді шындап күлімсіреді. «Бас қосып күш алса, өзіңе тарпа бас салайын деп тұрған жауды қалай босатып жіберуге болады? Жоқ, кешірілген жау — ең қауіпті жау».
— Алдияр тақсыр,— деді енді Есенгелді сөзге кірісіп,— жерді шұқылай берсең шұңқыр болады, денеңді шұқылай берсең жара түседі... Елімізден, жерімізден айырылып жүргенде не етесіз біздің жанымызға жара салып? Россия патшасына қарсы шығамыз деп сізбен бірге бір қайыққа мініп едік, сол қайықтың бір жағаға жетуі керек те еді. Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма дегендей, шын ойымызды айтайық. Ташкенттік өзбек ағайынға сонау Сарыарқаның жерін қорға деу қиын, ал ақ патшадан тартып әпер деу тіпті орынсыз. Сыбырлап сөйлегенді құдай естімей ме, орыс солдатын жеңетін Қоқанда да күш жоғы өзіңізге аян. Сондықтан біздің өтінішіміз...
— Жаңағы Саржан мырза айтқан ғой?
— Иә, мал ашуы — жан ашуы, жер ашуы — ел ашуы. Қазақ ел болып бас қосса, кім біледі, бір кемерге жетіп те қалар ма еді, қайтер еді... Алдияр тақсыр, жаралы жолбарыс жарасыз жолбарыстан ер келеді. Біз қазір жаралы жолбарыспыз. Жауымызға аямай шабуымыз заңды.
«Иә, мен де сендердің жаралы жолбарыстай пиғылдарыңнан қорқамын,— деді ішінен Бегдербек,— сондықтан да сендерді темір шынжырда ұстау ең тиімді әдіс».
Бірақ Есенгелдіге өзгеше сұрақ берді.
— Жарайды, Қаратау, Шу, Сыр бойының қазақтарының басын қосуға біз рұқсат берейік делік. Сонда қолдарыңнан не келеді? Ол күш тым жеткіліксіз емес пе?
Орта Сыр, Шу, Сарысу қазақтарының басын қосуға сіздер мүмкіндік берсеңіздер, Аяқ Сыр, Арал теңізі, Үстірт, Маңғыстау қазақтарының бізбен бірігуіне Хиуа ханы қарсы болмас деген үмітіміз бар. Хиуа хандығының Россия империясынан қорғаныс ететін алдыңғы шебі қазақтың жері емес пе?
Он тоғызыншы ғасырдың бас кезінде, Мұхамед Рахым ханның тұсында Хиуа хандығы үлкен мемлекетке айналған. Солтүстікте Сырдарияның аралға құятын сағасынан бастап Оңтүстіктегі Ауғанстан шекарасына дейін осы хандыққа бағынышты болатын. Бұған Мұхамед Рахым мен оның әкесі Елтезер қазақтың алауыздығын пайдаланып, Сырдарияның аралға құятын сағасын, Арал теңізінің маңайын, Үстірт, Маңғыстауды, сол жерлерде паналайтын Кіші жүздің біраз руын өзіне бағындырып алған. Хиуа ханының қарамағындағы қазақтардың көрген күні, Қоқан хандығындағы қазақтардікінен де сорақы еді. Қит етсе қырып-жойып, байлап-матап Ауғанстанға апарып, қатынын күңдікке, еркегін құлдыққа сататын. Бір ғана мың сегіз жүз жиырмасыншы Ұлу жылы Хиуа ханының әскері қазақ ауылдарын шауып, жүздеген адамдарын өлтіріп, алпыс бес мың қойын он бес мың түйесін, жеті мың жылқысын, мыңға жуық сұлу деген қыз-келіншектерін тартып алып кеткен. Кіші жүз ауылдары Хиуа хандығына қарсы талай рет бас көтерген. Бірақ жігері құм болып, дегендеріне жете алмаған.
Бір мың сегіз жүз жиырма бесінші, Тауық жылы Мұхамед Рахым өлгеннен кейін Хиуа ханының тағына оның үлкен баласы Аллақұл отырды. Табынды басқарып келген Айшуақ ұлы Серғазы сұлтан осы Аллақұлға жалғыз қызын беріп, Хиуаның қол астына кіріп, соның арқасында Кіші жүздің ханы аталған.
Бірақ бұл кезде Россия патшалығы Хиуаға да көзін тіге бастап еді. Өз хандығына қауіп төнгенін сезген Аллақұл екі мемлекеттің ортасында жатқан Үстірт, Маңғыстау, Арал теңізі, Сырдарияның аяқ шенін жайлаған қазақ ауылдарын Россия патшалығына қарсы қойып, өзіне қалқан етуді көздеген.
Есенгелдінің айтып отырғаны осы екенін құшбегі де түсінеді. Сөйтсе де сұлтандардың түпкі сырын аша түсейін деген оймен:
— Жарайды, Қоқан ханы мен Хиуа ханы қазақ ағайынның пайдасын жоқтап Ұлы жүз бен Кіші жүзге өз бастарын қосып жасақ жинауға мүмкіндік берсін делік. Бірақ бұ да аз күш қой. Қазақта сан жағынан Орта жүз басым. Біздің есебімізде Қараөткел, Семей, Торғай, Жайықтың солтүстік пен күншығыс шебінде, аздаған Кіші жүздің руларын қосқанда бір миллион сегіз жүз мың жан бар. Тегіс Орта жүз десеңіздер болады. Ал сол Орта жүз қайда қалады?
— Кіші жүз бен Ұлы жүз басын біріктірсе Орта жүз орта жолда қалмайды.— Есенгелді шын ойын айтты,— Абылай атамыздың үш жүздің басын қосып, ақ туын тіккен жер емес пе, күреске дайын тұр.
Құшбегі жымия езу тартты.
«Дәмелерің алыста екен! Әрине бар қазақтың басын қостырып қойсақ сендерге Қоқан да, Хиуа да төтеп бере алмас. Россия айдаһары да оңайлықпен жұта алмас. Жоқ, қымбатты сұлтандарым, біз сендер ойлағандай ақымақ емеспіз. Россия да, Қоқан да, Хиуа да сендерді майшелпек етіп асай бергісі келеді. Оған қазақтың малы да, жері де жетеді. Бізге сендердің бір болғаныңнан алауыз болғаның тиімді».
Алаяқ Бегдербек бұл ойын тағы да жасырып, күлімсіреген үстіне күлімсірей түсті.
— Бұған Серғазы хан қалай қарайды? Ортақ өгізден оңаша бұзау артық демей ме? Бүкіл қазақты біріктіргеннен гөрі Кіші жүзді өзінің бауырына басып отырғанын жақсы көрсе қайтесіңдер? Онда Аллақұл хан қайын атасының сөзін жерге тастай ала ма?— Құшбегі қиқылдай өтірік күлді.— Өзі жас тоқалын жақсы көреді дейді ғой. Кейде оймақтай дүниенің алтын аймақтан да артық құны болатын әдеті...
— Серғазы Кіші жүздің ханы емес. Аллақұл оған ондай ат бергенмен Серғазыға тек Табын мен Шекті рулары ғана бағынады. Бұның өзі екі ұшты жәйт. Табын руының көпшілігі қазір Жоламан сұлтанның соңында...
«Бәсе, өзім де ойлап ем, өзі қазақ бола тұра бір тайпы ел қалай бір ханға бағынып жүр деп... Жоламан дегендері де, осы Қасым төре балалары секілді, өз алдымызға ел боламыз, хан боламыз деп көксеген біреу шығар».
Бірақ құшбегі Жоламан жайын тез ұмытты. Ол сөзді кенет күлкі-сықақ арнаға бұрды.
— Әкесін бір тайпа елге хан етердей Серғазы мырзаның қызы қандай еді? Басы алтын, арты күміс пе екен?
Мұндай сұраққа жауап беруді ар көріп Есенгелді де, Саржан да үндемеді. Бұлардың ренжіп қалғанын аңғармағандай құшбегі күлімсіреген қалпында:
— Қазақ сұлтандары хан болудың жеңіл әдісін тапқан екен,— деп қалжыңдай түсті.— Мүмкін Қасым төренің де сұлу...
Саржан қолын семсер сабына қалай апарғанын аңғармай қалды. Есенгелді сабырлы қимылмен Саржанның қарын қысты. Бегдербек сұрланып кетсе де, ештеңе сезбегендей күлімсіреп сөзді бөтен жаққа бұрды.— Мүмкін Қасым төренің Серғазы секілді хандарды жақтырмауының бөтен де себебі бар шығар. Қызын беріп, хандықты сатып алу — сұлтандарға ұнасымды іс емес қой.
«Жоқ, жоқ, деді бірақ, ол ішінен, кенет бойын алып кеткен дірілін әзер басып, бұлардың көзін тез құрту керек... япырмай, кісі қабылдайтын үйге қарулы адамды кіргіздірмеуді бұрын қалай ойламағанмын? Бұны бұдан былай қарай қатты еске алу керек екен. Кім біледі, ашу үстінде Саржан секілді бір ноқай...»
Құшбегі өзінің ағат сөйлеп қалғанын бірден аңғарды. Намысқой Саржанның оқыс қимылынан іштей жаман шошыды. Енді ол бұдан әрі сұлтандармен әңгімелесудің еш қажеті жоқ деп тапты. Бәрі де айқын болды. Тек сұлтандар сес алып кетпесін деп бұрынғысынан да бетер күлімсірей түсті.
— Ел қамын ойлаған ер азаматтардың ашуын да, өкпесін де түсіне алмасақ қалай жұрт билей аламыз?— деді ол ана екеуінің бетіне ашық жүзбен қарап,— Саржан мырза, сіздің күйігіңізге де түсінем, сол себепті кейбір қызба сөздеріңізді де кешірем. Өзбек қазаққа дос ел. Дос болмаса Мәмет Әлім құшбегі алты мың әскерін ертіп Арқаға бара ма?— Ол енді ұялғандай жерге қарады,— қолынан келмеген іске ол айыпты емес. Мәмет Әлімнің күнәсін кешіріңдер. Ал сіздердің тілектеріңізді бүгін кешке хан иеме жеткізем.
— Егер ханзадасыз шешілмейтін болса,— деді абайлап сөйлеп Есенгелді,— біз өзіміз де о кісімен дидарласамыз ба, қайтеміз? Әрине, сіз рұқсат етсеңіз...
Бұл сөзге Бегдербек қуанып қалғандай ишарат көрсетті. «Өздерінің тілегін пайдалану керек. Қайткенмен де бұлардың тағдырын бүгін түнде шешкен жөн».
Ал сұлтандарға:
— Бұларың табылған ақыл,— деді.— Хан иеме сіздерді қабылдатуды өз міндетіме алайын. Тек о кісі ертең Қоқанға қайта жүріп кетеді. Сондықтан бүгін жолығып қалғандарың жөн. Мүмкін хан ием сіздерді кеш шақырып қалар, жігіттеріңіз жата берсін, ал өздеріңіз ұйықтамай менен хабар күтіңіздер...
Ташкент құшбегінің дуан сарайы қонақтар жататын рабаттан әжептәуір қашық болатын. Бұл екеуінің ортасында сыңсыған жеміс ағашы, гүлдер алаңы тынбай аққан лайлы сулы атжал жатыр.
Есенгелді мен Саржан Бегдербекпен әзірге қош айтысып диуан сарайдан шығып, құшбегінің ішкі, сыртқы есіктердегі күзеттерінен өтіп, өздері жатқан рабатына беттей беріп еді, оларды бір теректің жанында шұбыртпалы Ағыбай батыр мен Саржанның он тоғыз жасар ұлы Ержан күтіп тұр екен. Ержан әкесіне тартқан ат жақты, ақсары, талдырмаш келген бала жігіт. Әкесінен гөрі көзі шегірлеу, бойы шағындау. Арқа салдарынша киінген. Басында үкілі құндыз бөрік, үстінде жібек белбеумен қыналған оқалы мол жеңді барқыт шапан мен жарғақ шалбар, аяғында күміс зерлі биік өкше етік.
Шұбыртпалы Ағыбай Қасым төре балаларының соңынан ерген, кедейден шыққан батыр. Биыл отыз төртте, зор денелі, түкті қабақ, қара сұр, шүңірек көз кісі. Қолдары бақандай ұзын, саусақтары анау-мынау адамды маңдайынан бір шерткенде үнсіз қатыратындай салалы, жұп-жуан. Сақал-мұрттан ада дерлік, тек иек астында селдір ғана сақалсымақ бірдеңе бар. Құрдасы Кенесарыдан бастап үзеңгілес серіктерінің бәрі оны «көсе» деп атайды. Сырт бейнесі ызбарлы, бір көргеннен-ақ күш иесі екені танылады.
Үстінде мол тігілген қара шекпен. Басында да түйе жүн қара далбағай, бұтында қара құлын терісінен иленген жарғақ шалбар. Аяғында кең қоныш саптама етік. Белінде тізесіне тиетін қайқы қара қылыш пен қап-қара болат семсер. Тек арқасына үнемі таңулы жүретін болат қалқаны ғана бозғылт.
Ағыбайдың ең сүйікті қаруы тоғыз буынды, жез сақиналы жуан қайың найза. Атқа мінгенде құлан терісінен бұзау тіс етіп өрілген қайыспен қанжығасына байлап алады. Ал жай жүргенде қолына ұстайды. Бұл найзасын Ағыбайдың жақсы көретіні соншалық, ол күндіз қолынан бір түсірмейді, түнде басына жастанып жатады. Батырдың денелілігі соншалық, биіктігі кіші-гірім түйедей, атақты Ақылағына мінгенде, есекке мінген өзбектей, тізесі атының қолтық тұсын соғып тұрады.
Үсті-басы қара қоңыр, темір тор сауытты Ағыбайдың түсі орасан суық, сонау шүңет көздер қайтпас қайсарлық, таусылмас қайрат отындай жанады. Қандай жүректі жан болса да, Ағыбайды алғаш көргенінде алпамсадай ызбарлы түрінен сескенбей қалған емес. Ал әлдеқалай түнде кездескен адам, ертегінің дәуін көргендей жүрегі жарылып кете жаздайтын. Оның есінде батыр түн ұйқысынан шошып оятар бір құбыжық секілді өмірбақи қалатын.
Қарқаралыдан шыққан Ағыбайдың әкесі Олжабай батырға бір боталы түйе, жауға мінер бір ат, балаларына сүт болар жалғыз сиырдан бөтен мал бітіп көрген емес. Ал шешесі Есіл бойындағы Тарақты руының қызы еді. Бұ да адуынды, батыр мінезді әйел болатын. Олжабай балалары ер жетпей дүние салды. Шешесі Дәметкен Ағыбай, Манабай, Танабай, Мыңбай атты төрт баламен жесір қалды. Ең үлкені Ағыбай ол кезде онға жаңа жеткен. Балаларының аттары кілең «баймен» бітсе де Олжабай дүние салғанда бұлардың бар малы боталы жалғыз қара інген болды. Жоқшылықтан бөтен серігі жоқ қайратты Дәметкен, төрт баланың қамы үшін, ағайынның бермесін күшпен тартып алуға кірісті. Қолына сойыл ұстап өзіндей кедей адамдарымен бірігіп қараңғы түнде бай ауылдардың сояр соғымын барымта етті.
Балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі, осындай өжет ананың баулуында қанаттанған Ағыбай да батыр болып өсті. Он сегіз жасынан Қасым төре балаларының соңынан ерді. Отыз төртке келгенше басынан талай айқасты өткізді. Қазір Ағыбайдың суарылған көк темірдей әбден пісіп, мейлінше қайралған кезі.
Есенгелді мен Саржан асықпай аяңдап өздерін қобалжи күтіп тұрған Ағыбай мен Ержанның қасына келді. Ағыбай гүл бақшаның ортасына әлдеқалай тұра қалған қара жартас тәрізді. Анандайдан дөңкие көзге түседі. Саржандар келе жатқан жаққа тесіле көз тастауына қарағанда қобалжып тұрғаны айқын. Бірақ сырым сыртына шығармай, үн-түнсіз қатып қалған. Бұлар жақындаған кезде Ержан Есенгелдіге қарап:
— Көке, сөйлесе алдыңдар ма?— деді.
Есенгелді жүре жауап берді.
— Сөйлестік, қалқам... Енді Мәделіханның өзімен дидарласпақпыз...
Бұдан артықты сұрауға болмайды. «Мәделіханның өзімен дидарласпақпыз» деулеріне қарағанда құшбегімен жөнді бәтуаға келмеген ғой деді де қойды Ержан ішінен...
Рабатқа келгеннен кейін, өздерінің жатар бөлмелеріне кіріп алып, ағалы-інілі екі сұлтан ұзақ кеңесті. Құшбегі қанша жылы сөйлеп шығарып салғанына қарамастан, екеуі де бір сұмдықты сезген-ді. Кеңесе келіп, «есің барда еліңді тап» деген ақылды еске алып, Мәделіханмен сөйлескеннен кейін, бір сәт те кешікпей елге жүріп кетуді ұйғарды. Жан алайын деп тұрса да іші-бауырыңа кіріп жылы сөйлейтін өзбек бектерінің сайқал ұстамдылығы бұларға да аян. Бегдербек жайылып төсек жазылып жастық болған сайын, ағайынды сұлтандар сескене түсті. Бірақ өзгелерді шошытпайық деп өздерінің күдіктерін қастарына ерген төлеңгіттеріне ашпады. Тек Ағыбайды ғана шақырып ап:
— Батыр,— деді Саржан неге екені белгісіз кенет толқып кетіп,— біз Мәделіханнан оралғанша Ержанды қасыңнан тастама. Және аттарыңа сақ бол, өзбек бақташылары бөтен жаққа әкетіп жүрмесін.
Жігіттер мініп келген аттар көршілес керуен сарайдың ауласына қойылған-ды, ал ер-тоқымдары осы рабаттың шыға берісіндегі бір бөлмеге үйілген. Бағушылар өзбек адамдары, тек төлеңгіттер анда-санда барып қарап тұратын.
Ағыбай Саржанның неге бүй дегенін саралап сұрамады. Жалғыз-ақ ішінен бір сырды түйді де:
— Құп болады,— деп шығып кетті.
Күн бесінге таяп қалған. Босқа сарылып отырмайын деп Есенгелді қалың ойға шома, қалтасынан тәспиғын шығарып, сыртылдатып тарта бастады. Ал Саржан анандай жерде жатқан кілем боқшантайынан қол басындай қайрағын алып, белін шешті де, қынабынан ақ семсерін суырып, қанды айқас алдындағыдай әдетімен өткірлеп қайрауға кірісті.
...Есенгелді мен Саржан кеткеннен кейін құшбегі ұзақ уақыт үн-түнсіз отырды. Қанша ойланбайын десе де болмай-ақ қойды. Саржанның бағанағы семсеріне қолын салған қимылы көз алдына елестей берді. Тіпті кенет сол ақ семсер қынабынан жарқ етіп суырылып көкірегіне қадала түскелі тұрған тәрізденіп кетеді. Қанішер адамның тегі қорқақ келеді. Бегдербек қанішер де, қорқақ та еді. Осы гүлдене түскен дәулетті кентке қолы жетісімен Бегдербек Ақмешіттің хакімі Жақыпбекпен тізе қосып, ең алдымен Сыр, Созақ, Шу бойындағы қазақ ауылдарын бұрынғыдан да бетер қысымның астына алды. Өзінің тас жүректігімен Мәделіханға ұнап, Қоқан ханының бас қолбасшысы дәрежесіне дейін көтерілмек ойы бар. Бүгінгі қимылдары сол көтерілудің алғашқы сатылары.
Ал бұл — Бұхар ханының да Ташкенге көзін тіккен кезі еді. Бегдербек болса Бұхар елінен қатын алған. Оның үстіне болашақ — жер астынан жік шығарып, екі құлағы тік шыққан Қоқанда емес, ежелгі көне Бұхар әмірлігінде тәрізді. Бегдербек мұны да еске алды. Сондықтан сұм құшбегі Мәделіханды жар басына итере салуға дайын, өйткені Қоқан ханының біраз мінезі оған аян... Әсіресе қызба, нәпсі құмарлық қасиеттері. Ал Ханпадшайым — әйел жыныстысының күн мен айы. Оны көрсе періштенің де ақ жолынан таюы ықтимал. Адам Атаның жұмақтан қуылуына себепкер болған Хауананың көркі де осындай-ақ шығар. Бір көрген адамның Ханпадшайымға қызықпауы екіталай. Аппақ қардай ақшыл бетін аударып, тостағандай қарақат көзін күлімдетіп бір қарағанда, көңілдегі қайғысын ұмытпас бірде-бір еркек дүниеден табылмас.
Бегдербек осы Ханпадшайымның Мәделіханға тоқал шеше екенін де еске алды. Бар гәптің өзі осында еді. Нәпсіқұмар Мәделіхан осы сұлу тоқал шешесімен тіл тапса, екеу ара күлкі-қуанышы жарасса... Әрине, олардың сырын жасырар тас қабырғалар бар. Бірақ осы тас қабырғалар құшбегінің арқасында болған оқиғаны Бұхар әміріне жеткізсе... Құшбегінің бар арманының өзі сол емес пе! Ісләм дінін аяққа басып, өз әкесінің тоқалымен көңіл қосқан күнәліні кім қорғай алады? Мұхамед пайғамбардың салған жолы қатаң. Мұндай ханға бүкіл Ісләм әулеті қарсы тұрады емес пе? Әрине қарсы тұрады... Сөйтіп, Бегдербек Бұхараға Қоқанды жығып бермей ме? Жығып береді. Осы еңбегі үшін Бұхар әмірі де оны ұмытпас. Мүмкін бүкіл Қоқанды билетер?..
Бегдербектің Мәделіханның келуін асыға күткен тары да бір себебі бар. Ол Қасым балаларының тағдырымен байланысты. Әрине Қоқан ханының бұған тікелей қатынасы жоқ. Бірақ болғалы тұрған қанды уақиғаны соның әмірі етіп көрсетсе қайтер еді? Сақтықта қорлық жоқ, егер бұл істің өзінен шыққанын Абылайдың көкжал ұрпағы біліп қалса, әңгіменің аяғы неге барып соғарын кім біледі? Есенгелді мен Саржанға қадалар ақ семсер өзіне қадалмасына кім кепіл? Абылайдың отыз бір ұл, қырық қызынан тараған бықып жатқан бүкіл ұрпағының қаһарынан қалай құтылып кете аласың? Көптен кім шықпайды, олардан да бір Бегдербектің шықпасына кім куә? Ал егер күнәні Мәделіханға аударса, оған не істейді? Ташкент құшбегіндей іргелес ел емес, тоғыз таудың ар жағындағы дәу үйі тәрізді, Қоқан ханының салтанат сарайының тоғыз есігінен өтіп Мәделіге жеткенше кім бар, кім жоқ...
...Бегдербек күлімсіреді. Оның есіне бағана Мәделіхан мен Ханпадшайымға арнап берген таңертеңгі қонақасы түсті. Хан мен тоқал шешесі құшбегінің жомарт дастарқанының екі жағынан қарама-қарсы орын алған.
Шайды Бегдербек өзі құйған. Құшбегі ұсынған көгілдір фарфор кесені алып Ханпадшайым сыңғырлай күлді.
— Мұхамед Әлім еркем, сіз Қоқанға хан болғанмен маған баласыз ғой,— деді ол,— пәренжемді алып отырсам сөкет көрмейсіз бе?..
Хан жауабын күтпей Ханпадшайым бетінен пәренжесін алды. Қара бұлттың астынан жарқырап күн шыққандай, ел аузында ертегіге айналған Ханпадшайымның көркем ақ жүзі көрінді. Тоқал шешесінің сұлулығына таң қалған Мәделіханның қолынан кесесі түсіп кетті.
— Байқа, тентегім,— деді Ханпадшайым Мәделіханды еркелете күліп,— мүбәрәк саусақтарыңызды күйдіріп алмаңыз...
Бұдан кейін Мәделіхан шай ішіп отыр ма, у ішіп отыр ма аңғармайтын күйге жеткен, екі көзін алмай тоқал шешесіне қарай берген.
Шай құйып отырған құшбегі қайдағы жоқ бірдеңені сылтау етіп, далаға шығып кетіп, қайта оралғанында оңашада қалған өгей баласы мен тоқал шешесінің арасындағы тек қырағы көз ғана сезетін, бір тілсіз шаттықтың пайда болғанын аңғарған...
Бегдербек тағы күлімсіреді. Өзі құрған дұзаққа екі көгаршынның бірдей оп-оңай түскелі тұрғанына ол іштей мәз-мейрам. «Бәсе, ақылды адам қашан да болса ақымақтан құтылу жолын оңай таппас па! Бұхар әмірі бұған бүкіл Қоқанды билетпеген күнде де ұпайын түгел етпей ме! Қоқан ханына жылына төлейтін жиырма мың күміс теңгені, өз пайдасына қалдырса мұртын балта кесе ме? Жиырма мың жиырма сом емес қой, алты ұлына жаңадан алты шаһар салмай ма...»
Бұл кезде күн де батып кетті. Құшбегі жасыл бақшасында шақырған көкек үні естілді. Байғұс құс батқан күнмен бірге біреудің өшкелі тұрған бағын жоқтағандай тылсым білмей ұзақ шақырды.
Құшбегі кәрі белін уқалауға аяқ жағында отырған паша балаға түн ортасы ауа келуін әмір етті де, Мәделіханның дем алып жатқан бөлмесіне қарай аяндады.
Мәделіхан әбден тынығып қапты. Келе жатқан түнмен бірге өзін зор қуаныш күтіп тұрғандай екі көзі күлім-күлім етеді. Құшбегіні шақырғалы отыр екен, бұл келісімен-ақ екеуі құпия әңгімеге кірісіп кетті.
— Тентек төре бастаған ереуілден кейін қазақ ауылдары үнін өшірген тәрізді еді,— деді Бегдербек өз қарамағына жататын қазақтардың жалпы жағдайын сөйлей келіп,— ал қазір Ташкент уәлаятын тағы бір қауіпті қара бұлт қоршағалы тұр. Бұл бүлікті басқаруға дайындалып жатқан — Қасым төренің балалары. Қандай кесім айтасыз?
Мәделіханның әкесі Омархан кезінде де ауыр салық, орынсыз қиянатқа көнгісі келмеген Сыр, Сарысу, Шу бойының қазақтары сан рет бас көтеріп ереуілге шыққан. Соның ең үлкені Тентек төре атты кісі басқарған көтеріліс болды. Ол он екі мың атты сарбаз жинап алып, Қоқан ханының қарамағына енетін бірнеше қалаларды алған. Тентек төре Сайрамды босатып, сол жерге туын тіккен. Сайрамға Шымкент, Әулиеата қалалары қосылған. Бұларға қарсы Омархан қалың қол шығарған. Тентек төре әскерін екіге бөліп, Сайрам мен Шымкентке бекініп алып, ұзақ соғысқан. Ақырында азық-түліктері таусылып, амалсыз қарсыласуларын доғарған. Омархан ләшкерлері жеңілген елді қанға бояп, мал-мүліктерін талап ойына келгендерін істеп, екі жүзге таяу адамды дарға тартқан. Сайрам жерін қан сасытқан.
— Хан ием, ауруын жасырған адам өледі. Шыққалы тұрған бүлік жайлы ашық айтқанымды кешіріңіз,— деді құшбегі, ханның үндемей қалғанына ренжісе де сыр бермей.— Осы бүліктен құтылудың бір-ақ жолы бар. Ол — күні бұрын қимылдап, ұшқын өртке айналмай тұрғанда басу. Және аямай басу. Сіздің құрметті әкеңіз Омархан Тентек төрені қалай үйретсе, біз де Қасым төренің тентек сойыл балаларын солай үйретуіміз керек.
Бегдербектің көз алдына Саржанның бағанағы семсерге ұмтылған оқыс қимылы тағы елестеп кетті. Енді ол сол семсер суырылмай тұрып қимылдап қалайын дегендей тым жіті сөйледі.
— Есенгелді мен Саржанның басын алу өз қолымнан да келеді. Бірақ сіздің рұқсатыңызсыз әрекет істеуге дәтім бармады. Бұзық болғанмен олар да сіздің хандығыңызға жатады ғой.
Хан үндемеді.
Жоқ, хан жауап қайырудан қорқып отырған жоқ, оның ойы басқада. Құлағы анда-санда шалып қалған Тентек төре, Қасым төре... Есенгелді, Саржан деген сөздер тіпті миына кіріп те отырған жоқ. «Ол төрелерде менің қандай шаруам бар? Бәрінің құнын құшбегі жылда беретін жиырма мың теңге күміс ақшамен күні бұрын төлеп қойған жоқ па? Мейлі не істесе о істесін, тіпті сол төрелерді пісіріп жесін, қыңқ десем құдай соқсын»... Қазір Мәделіханның қиялы да, ойы да басқада. Оның бар арманы, бар көңілі сонау жас тоқал, бедеу шеше Ханпадшайымда!.. «Денесі де ақ жүзіндей аппақ па екен? Қос анары да қолға қатты, кеудеге жұмсақ па екен? Иә, солай шығар. Бала таппаған әйел ғой, әлі ең қымбатты жерінің таңы айырылмағаны, анау ақ шәйі көйлек жасыра алмай тұрған жұмыр сандарынан-ақ аңғарылмай ма? Япырмай, туған әкемнің кешегі жас тоқалы туралы былай ойлауым күнә емес пе? Жоқ жұрт көрмеген нәрсе күнә емес. Жұрт көрмейді деймін-ау, құшбегі ше? Бұл сұм бәрінде сезіп отырған жоқ па? Иә, сезіп отыр. Бірақ мені осы үшін шақырды ғой? Сонда қандай қулығы бар? Тоқал шешеме істегелі тұрған күнәм арқылы Есенгелді, Саржан сұлтандардың қанын сатып алмақ па? Мейлі. Жаныңды өртеген ләззатқа қарағанда айдаладағы түйе жүн шекпен киген қазақтардың басы неге тұрады? Бәрібір мен де өлемін. Есенгелді мен Саржан да өледі. Өлім туралы емес, өмір туралы ойлаған жөн. Ал Ханпадшайым шын өмір, шын арман...»
Бұлар сөйлескелі бірталай болған. Түн ортасы да таяу. Мәделіхан біресе Бегдербек сөзін тыңдайды, біресе тәтті қиялға кетіп үндемей ұзақ отырады.
— Хан ием, қандай шешім айтасыз?— деді құшбегі Мәделіханның тәтті ойын бұзғысы келмегендей жәдігөйлене күлімсірей сөйлеп.
«Қандай шешім? Иә, Мәделіхан қандай шешімге тоқтауы керек? Жоқ, Мәделіхан о дүниенің күнәсін бұ дүниенің қызығына айырбастауға міндетті. Жүрек соны аңсайды. Тоқал шешенің ақ денесін бүгін түнде құшу керек. Күйіп-жанып бара жатқан нәпсі тек соны тілейді... Ал таңертең Қоқанға қайтқаны дұрыс. Екі түнге қалуға болмайды. Сезіліп қалуы мүмкін. Ханпадшайым құшағы қанша қымбат болғанмен, хан тағы одан да қымбат. Әрине жүрегіңді өртеп бара жатқан сусыныңды тоқал шеше қандырса, оның көңілін мықтап риза еткен жөн. Досы бар, дұшпаны бар, Ташкентке келген бос пәуескесін сый-құрмет, тарту-таралғыға тиеп жіберу дұрыс. Бірақ сараң құшбегі қанша мүлік берер дейсің?» Кенет Мәделіханның көзі күлімдеп кетті. «Арқа сұлтандары қашан да болса жомарт келеді. Менімен жолығуға арнап шыққан болса, әкелген сый-құрметтері де бар шығар. Соның барын Ханпадшайымға берген жөн. Хан тек құшақтауға ғана құмар емес екенін білсін!» Осы ойға бекінген Мәделіхан енді Бегдербекке қарады.
— Қасым төренің балалары Қоқан ханына бастарын сый ғып тарту үшін ғана келді ме?— деді.
Есенгелді мен Саржан қазақ елінің дәстүрі бойынша Ташкент құшбегіне ер-тоқымы, жүген-құйысқаны күміс, жал-құйрығы төгілген, Арқадан келген тоғыз қара жорға, тоғыз боз жорға, әр ер басына байланған тоғыз қара құндыз, тоғыз қоңыр бұлғын әкелген. Арқаның аңқау батырлары қызыл тастап итті алдағандай, осы бір кәделі сый-құрметтерімен өздерінің түпкі ойын өткізіп кетпек болған. Бұлары ақ майды бауыр қосып асаттырғандары. Бірақ әккі тазы қызыл түлкінің қулығын алыстан сезеді, сұм құшбегі тарту-таралғыны қуана алғанмен, оларға терең орды қаза берді. Сол оймен ханнан сұлтандардың әкелген жорғаларын жасырып қалды.
— Қасым төре балалары сый-құрмет көрсетпек тұрмақ, Қоқан ханының басын олжа етуден үміті болмасын.
Тоқал шешеге Арқа сұлтандарының сыйлығынан ештеңе тарта алмайтынына ренжіп қалған хан қолын бір-ақ сілтеді.
— Өздерінің бастарын бағалай білмеген сұлтандардың құны жоқ не істесең соны істе, менен рұқсат.
— Бұйрығыңызға бас ием, алдияр ханым.
Мәделіхан енді есіней керілді.
— Түн ортасы ауып бара ма, қалай?..— Ол алдында тұрған тағамнан шұқылап бірер түйір жеді де, көгілдір жүзім шәрбатынан бір кесесін жұтып салды,— бүгінгі әңгімеміз осымен бітсін...
— Құп, тақсыр,— хан бетіне Бегдербек бүгіндікке алғашқы рет тікелей қарады.— Хан ием, Ханпадшайымның қонақ бөлмесі қасыңызда... Екі есік бір адызда... Күзетті екі есікке де қояйын ба, әлде тек адыздың сыртқы жағына ғана қояйын ба?
Хан оған сынай қарады.
— Өзіңіз қай жағына қойғыңыз келіп еді?
Құшбегі күлімсіреп төмен қарады.
— Тек сыртына ғана...
Хан да күлімсіреді.
— Онда... Сіздің айтқаныңыз болсын.
Құшбегі енді басын төмен иді.
— Сеніміңізге рақмет.
Мәделіхан енді өзін ұстай алмады. Құшбегімен келіскеннен кейін, бұдан арғы сақтықтың қажеті жоқ деп тапты. Ол бірден Ханпадшайым бөлмесіне қарай беттеді.
Сұлу тоқал шешесін көргенше асыққан Мәделіхан бұл сәтте өз ниетін ақыл елегінен өткізбеді. Бұл желік алты жыл өткен соң қандай қанды уақиғаға апарып соғарын ойламады.
Аяғын асыға басып сырлы есікке қалай таяп қалғанын білмеді.
Ал Бегдербек болса Мәделіхан кетісімен, бөтен адыз арқылы жесір тоқал жатқан бөлменің тұсына келді. Тек өзі ғана білетін жасырын тесік көзден ақ мамық төсектен ақ қайран санын жарқ еткізіп атып тұрып Ханпадшайымның кіріп келген Мәделіханға құшағын жая қарсы жүргенін, екеуінің ұмар-жұмар бола кеткенін көрді де, тесікті қайта жапты.
Ол дәл осы сәтте Есенгелді мен Саржанның өлімін Мәделіханға жауып, өзін Қасым төренің алдында айыпсыз етіп көрсете алатынына сенді. Бірақ бұл қанды оқиға осы түнмен ғана бітпеді. Ләшкәр мен Бегдербек құшбегі: «Сенің балаларыңның ажалына біз айыпты емеспіз, Мәделіхан айыпты, кел өзара келісейік» деп Қасым төрені алдап шақырды. Созақтағы Телікөл жағасында Ләшкәр өз қолымен басын кесіп Ташкентке алып келді. Бұл қан төгіс бір жылдан кейін болды. Ал қазір... Мәделіхан мен Қасым төренің балаларының бірдей қақпанына іліккелі тұрғанына құшбегі мейлінше шаттанды. Ол дым көрмеген адамдай аяғын асықпай басып қонақ қабылдайтын үйге қайтып келді. Бегдербек өзін күтіп отырған жендеттерге:
— Есенгелді мен Саржан мырзаларды хан шақырып жатыр деп ертіп келіңдер,— деп әмір етті.— Бірақ Саржанның беліндегі семсерді күні бұрын алыңдар. Ханмен кездесерде қару тағып кіруге болмайды деңдер.
Жендеттер келгенде Есенгелді, Саржан, Ағыбай, Ержан төртеуінен бөтен жігіттердің бәрі өздеріне берілген бөлмелерінде ұйықтап қалған-ды. Хан әмірін естіп, Есенгелді мен Саржан киіне бастады. Белбеуіне семсерін тағып жатқан Саржанға ақ сәлделі, қатқан қара ешік-аға:
— Ханзадаға қарумен кіруге болмайды. Сондай тәртіп бар,— деді жайбарақат,—Тастап кетіңіз... Қайтып келген соң тағарсыз.
Ешік-ағаның «қайтып келген соң...» деген сөзінен Саржанның көңілі сәл орнықса да, іштей, семсерін шапанының астынан бағана байлай алмағанына жаман өкінді. Сұлтандарды әрине ешкім де тінтпейтін еді ғой, ал алда-жалда қауіп туып қалғандай кез болса, қанды жүзді алмас семсер ең жақын серік емес ие...
Саржан семсерін баласына ұсынып:
— Беліңе тағып ал...— деді де бірдеңе айтуға оқталып барып кілт тоқтады.
Бұлар далаға шықса, аулада тағы алты адам тұр екен. Бәрі де қарулы. Бағанадан бері — үн-түнсіз жүрген Ағыбай кенет бірдемеден сескенгендей болды. Жау тиетінін жылқы ішіндегі жорыққа мінетін ат ең алдымен сезеді дейді қазақ, үнемі айқаста өскен Ағыбай бірдемеден сескенді ме, кетіп бара жатқан сұлтандарға:
— Біз де еріп барайық,—деп соңдарынан жүре түсті.
Бірақ, ешік-аға алдын кес-кестеп:
— Хан ием, тек Есенгелді мен Саржан мырзаларды ғана қабылдайды,— деді тағы да жайбарақат үнмен,— өзгелерің ұйықтай беріңдер.
— Әй, сен өзің...— деп Ағыбай ананы қолымен кейін сырғытып тастап, сұлтандардың соңынан жүре берем дегенде, Ержан қарынан ұстай алды да:
— Хан бұйрығы солай болса, жамандасып қайтесіз, Ағыбай аға,— деді қобалжып тұрғандарын жендеттерге сездіргісі келмей,— одан да ат жақты шолып қайталық.
Ағыбай бөгеліп қалды. Аналар ұзап кете барды. Батыр тісін қайрап тұр. Неге екенін өзі де білмейді, бір мезет анау Есенгелді мен Саржан мырзаларды қоршап кетіп бара жатқан ақ сәлделі, қанжар асынған адамдарды қуып жетіп, семсерін оңды-солды сілтеп, бастарын қағып алғысы келді.
Заты момын Ағыбайға мұндай ашу қайдан пайда болды, өзі де білмейді. Кенет көз алдына баяғыда өткен бір алыс уақиға елестеді.
Әкесі өлген жылы қыс қатты болды. Төрт баламен қалған Дәметкеннің бар күн көрері сүті бұлақтай боталы інген. Бір күні, үскірік соғып тұрғанда, ол кездегі Қарқаралы аға султаны Тәуке ұлы Жамантайдың шабармандары келіп, Олжабай үш жылдан бері ақ патшаға шаңырақ салығын төлемепті деп жалғыз інгенді ботасынан айырып тал түсте алып кетті. Даладағы үскіріктен де жаман ақырған, қылыш асынған кілең қаныпезерлерге жесір әйелмен төрт жетім бала не істей алады, жылай-сықтай қала берген.
Өмірде Ағыбайға деген ең ауыр сын содан кейін басталған. Енесінен айырылған жас бота боздаса, ең үлкені сегізге келген Манабай, Танабай, Мыңбай үшеуі ботаның жанына барып қоса боздайды.
Төрт бейшараның даусынан Ағыбайдың сай-сүйегі сырқырайды. Солардың көз жасын көрмейін деп үйден далаға қашады.
Мұндайда азапқа шыдай алмаған Дәметкен бір күні Ағыбайға:
— Қалқам, мына төртеуін бүйтіп еңіретіп қоймайық,— деді.— Ботаны сойып алайық, балаларға аз күн қорек болсын, күзгі жалғыз тайыншаның еті таусылуға айналды.
Үш кішкентай баласы ұйықтаған кезде, Дәметкен ауыз үйге ботаны жығып, төрт аяғын байлап, Ағыбайдың қолына үлкен лек пышақты берін:
— Құлыным, обалы ақ патша мен Жамантайға бауыздай ғой,— деп, өз қолымен бауыздатқан ботаның ажалын көргісі келмей үйден шығып кетті.
Ағыбай пышақты алып ботаның жанына барды. Бірақ ботаның мөлдіреген көзіне көзі түсіп кетіп еді, ал кәні бауыздауға қолы барсайшы!
Әлден уақытта «бауыздадың ба, құлыным!» деп үйге кірген шешесіне ол:
— Апа, ертең сояйықшы, бейшара бір күн болса да жүре тұрсын,— деді.
— Жарайды, қалқам,— деп Дәметкен көзіне келіп қалған жасын қолының сыртымен сүртті.
Ағыбай ботаны ертеңінде де бауыздай алмады.
Сөйткен Ағыбай, тіпті бейтаныс, жазықтары бары-жоғын білмейтін, сонау кетіп бара жатқан жасауыл жігіттердің бастарын шауып тастамақ. Бұл қайдан келген қанқұмарлық, жауыздық?
Жоқ, Ағыбай табиғатынан мұндай болып жаратылмаған. Оны жауды аямастыққа да, ерлікке де үйреткен өзіне істеген қиянат.
Сол жалғыз түйелерін алып кеткен күннен бастап «шаңырақ салығын» салған ақ патша мен сол «шаңырақ салығы» үшін жалғыз түйелерін шабармандарына алдыртып, жас ботасын боздатқан Жамантай сұлтанға деген өшпенділік он үш жасар бала жігіттің жүрегіне қара қан боп қатқан. Сол өшпенділік Жамантай мен ақ патшаға қарсы Саржан тобына әкеп қосты мұны. Сол өшпенділік сансыз айқастарға араластырып жауына рақымсыз болуды үйретті. Міне бір кезде жас ботаны бауыздауға қолы көтерілмеген Ағыбай, қазір сонау топ адамды қырып салуға бар. Олар өз елінің жауы. Ал елге жау Ағыбайға да жау. Ондайларды бауыздауға Шұбыртпалыдан шыққан тас жүрек батырдың қолы дірілдемейді.
Ержан ойға беріліп кеткен Ағыбайдың жеңінен ақырын тартып:
— Ағыбай аға, аттарды бір шолып қайтайық,— деді.
Бұлар жылқы жаққа бұрылған кезде, сегіз жендеттің қамауындағы Есенгелді мен Саржан қонақ қабылдайтын бөлмеге кіре берді. Төрде тәспі тартып тұрған құшбегіне бастарын ие сәлем берді. Дәл осы сәтте сұлтандардың екі жағында тұрған екі жендеттің жалаңаш өткір қылыштары жарқ етіп жоғары көтерілді де, сыр етіп төмен ақты. Төмен иілген екі бас көтерілместен домалап жерге түсті. Бастарынан айырылған екі дене екі-үш аттап барып сылқ құлады. Екі-үш аттап барып аунақшып барып тынды.
— Ел болып бас қосуды көксеп жүргендеріңде, өз бастарыңнан айырылдыңдар ма, сабаздарым,— деп құшбегі кекете күлді. Сөйтті де жерде жатқан Есенгелді мен Саржанның бастары мен денелерін көрсетіп: — бір-екеуін мыналарын зынданға апарып тастаңдар! Ал қалғандарың ұйықтап жатқан жігіттерін жайғастырыңдар,— деді.
Топ жендет әр бөлмеде алты адамнан жатқан үш бөлменің бірінен соң біріне кіріп он сегіз жігітті қойша бауыздап шықты. Тек Ағыбай мен Ержан аман қалды. Олардың бағына жендеттер ат қора жағына бармады. Ешік-аға сыртқы есікті күзетіп тұрған мосқалдау келген жасауылды шақырып алып:
— Сен барып әлгі екеуіне «сұлтандар келді» деп хабар бер деді.
Өздері есік алдында күтіп қалды. Қарулы Ағыбаймен кең аулада кездесуге жүрексінді.
Мосқал адам ерте кезде қазақ арасынан Қоқан хандығына сатылып келген құл болатын. Ағыбайды бауыр тартып, жасырын бір-екі рет тілдесіп те қалған. Ол көрші аулаға барысымен Ағыбайға болған уақиғаның бәрін айтты. «Алысқанмен құр қаза боласыңдар, тез аттарыңа мініп қашыңдар» деді. Ендігі айқастың орынсыз екенін түсінген батыр жендеттермен ұрыспақ боп қылышын суырып алып жұлқынған Ержанды еркіне қоймай соңынан ертіп, аттарға жайдақ міне сап ауладан шыға берді.. Ұйқысынан шошып оянып, шылбырына жабысқан күзетші жігітті, томардай аяғымен теуіп жіберіп, шалқасынан түсірді.
IV
Күншығыс жақты сынық тағадай қоршай көмкерген кәрі Қаратау алыстан қарақошқылданып көрінеді. Кей тұстары ат жалды, түйе өркештеніп ирелендеп жатыр. Селдір бу, жеңіл тұманнан ада, ашық аспанмен аймаласқан қатпар тасты қырқа, адыр үсті көгілдір тартады. Кешкі зауал шақ. Ақырғы сәулесін жартас басында ойнатып, күн де батып барады. Қаратаудың батыс жақ еңісінде иін тірескен қалың ауыл отыр. Аралары, ұрыс кезіндегідей, жақын. Қыз емшектеніп қатар келген жақпар тасты қос адырдың қойнауынан бұлқып атып мөлдір сулы жіңішке өзен ағып жатыр. Осы өзеннің сағасын құлдилай алқақотан қонған ауылдың үстінен бықси жанған шала тезектің түтіні көкке көтеріледі. Көл жағасына өлең қуа қонған көп ауылдың біреуі ғана кілең ақ үйден. Өзгелерінің дені көнетоз бозғылт, қараша үй, тозығы жеткен лашық, күркелер... Сырт көріністеріне қарап бәлендей бай деп айту да қиын. Кешкі жайылыстары бірімен бірі қосылып кеткен әр ауылдың тұсында ойдым-ойдым түйе, қара мал. Тек көгілдір далаға бұраң-бұраң шимай салып аққан жіңішке өзен бойында сонау төмендегі жалтыраған кел жағасында шашыраған тас тәрізді жамыратып жіберген қозылармен бірге бірталай қой-ешкі көрінеді. Одан әрі Қаратау қойнауына қарай бозаң, қылаң түсті үйір-үйір жылқы ала-құла болып еріп барады. Көбі жарау, құлынды жылқы аз. Шамасы олар алыстағы жайылымда тәрізді. Ал мынау құлын-тайлары ауық-ауық бүйірден бөліне шапқан шағын жылқы сауынға арнай ауыл маңына ұсталған тәрізді. Сойыл, құрық ұстаған он шақты жылқышының анда-санда құр-құрлаған айқайы тынық кеште сампылдап естіледі.
Бұл екі жыл бұрын ата-мекен Қаратау қойнауына, осы жақта қалған Қоңырат, Қыпшақ рулары мен Бестаңбалы жеріне көшіп келген Қасым төре мен Алты, Тоқа, Алтай, Уақ ауылдары еді. Сонау ортадағы бозаңынан ақшылы басым елу үй Қасым төренің аулы. Абылайханның бел баласының бірі болғанымен Қасым төре асқан шонжар емес, сондықтан бұл маңда өрген малдың да қарасы оңай-ақ көзге түседі. Уақ, Тоқа, Алты да Арғынның өзге руларына қарағанда шағын ауқатты рулар. Оның үстіне Арқаның көк шалғынына үйренген мал, Қаратаудың ши мен көкпек араласқан бозаңын жерсінбей, бәлендей өрбіп, өсіп кете алмаған.
Осы ауылдардың Қазықұрт жағындағы бір биік төбе басында бір адам тұр. Қой-қозысы маңырап, балалары жылап азан-қазан болып жатқан ылдидағы жұрттан қашып шыққандай.
Сонау көз ұшында ноқаттай болып көрінген көк тұйғындай қиялы әлдеқайда алыстап кеткен.
Бұл — орта бойлы, кең жаурын, арықтау тарамыс денелі, жатаған келген ат жақты сары сұр кісі. Сәл қызғылт тартқан қыран кезді, жуан балуан мойынды. Ашық жүзіне жараса біткен сәл келтелеу қыр мұрнының астында шағын ғана мұрты бар. Қою шоқша сақалы сүп-сүйір. Сақал-мұрты күңгірт сары. Басында жарғақ тысты құндыз тымақ, қара мақпал жеңіл құндыз ішігінің сыртынан бозғылт түйе жүн шекпен жамылған. Аяғында атқа мінуге ыңғайланып тігілген орта қоныш көк салмен өрнектелген саптама етік. Отырған отырысында, тұрған тұрысында ілтипаттық пен тәкаппарлық қатар аңғарылады. Сәл шегір тартқан өткір қырағы көзі қарағанда адамның ту сыртынан өткендей. Сараң қимылы, жұмыла біткен жіңішке еріндері, аз сөйлеп, көп тыңдайтын адамды сездіреді. Егер тұлғасына, көңіл райына қарасаң ішінде тұнып жатқан үлкен ақыл, бұлқынып сыртқа шыққысы келген жігер барын ұғасың.
Бұл Абылайханның немересі, Қасым төренің ортаншы ұлы Кенесары еді.
Кенесары осы төбеге шыққалы едәуір мезгіл өткен. Ол қазір қалың ойда. Есіне кешегі Нысанбай жыршының сөзі түсе берді. Ел аралаған әрі сыншы, әрі жыршы Нысанбай ақын, ақ кигізге малдасын құрып отырып ап, Қасым төренің алдында Шыңғыс шежіресінің біраз жерін қисса етіп айтып берген.
Ол монғолдармен іргелес Керөлең, Онон өзендерінің бойында кешіп жүрген Керей руының қалайша Шыңғысханның алғашқы жемі болғанын күңірене жыр етті. Бір мезет Орхон, Ом, Ертіс өзендерінің жағасындағы Найман, одан төмен, осы күнгі Сарыарқаның солтүстігі мен батыс өңірін жайлаған Алшын, Қыпшақ руларының Шыңғысханға қалай бағынғанын желдірте өтті. Содан кейін Арғын, Найман, Керей, Қыпшақ, Қоңырат, Алшын сияқты белді рулардың Шыңғысханның үлкен баласы Жошының Ұлысына бағынып, Батуханның Алтын Ордасының негізін қаласқанын, Сарыарқа мен Еділ, Жайық бойын еркін жайлағанын бір шолып кетті. Жетісудағы Үйсін, Дулат, Жалайыр руларының Жағатай ұрпақтарының иелігіне қалғаным да жыр етіп өтті.
Енді Нысанбай жыршы қарағайлы кәрі домбырасын екпіндете ұрып Жағатай мен Жошы ұрпақтары нешеме жүз жыл бойы осы ұшы-қиыры жоқ кең даланы билегенін мақтан етті. Алайда бірімен бірі хандыққа, баққа, жерге таласып рәсуа боп, Алтын Орда ыдырағаннан соң Жошыдан шыққан Керей, Жәнібек сұлтандар Шу бойында әлімсақтан бері келе жатқан Арғын, Қыпшақ, Үйсін тәрізді, көне тайпаларға бірте-бірте Уақ, Тарақты, Керей, Найман, Қоңырат, Дулат, Жалайыр, Бестаңбалы секілді түркі тілдес руларды қосып қазақ хандығын құрғанын мадақ етті. Содан кейін Жәнібектің баласы Қасым ханның кезінде қазақтың айбынды ел болғанын бір мақтаныш етіп берген. Нысанбай жыршы сәл дем алып шежіреге қайта көшкен. Бұл жолы Қасым ханнан соң қазақтар аз уақ тағы да быж-тыж болып келіп, тек Хақназар кезінде ғана қайтадан бас қосып, іргелі ел болғанын, Тәуекел, Есім, Әз Тәуке хандардың тұсында тасы өрге домалаған, сырт дұшпандар шеніме келе алмаған айбынды мемлекетке айналғанын көзі от шаша отырып жырға қосты. Кең байтақ жерді алып жатқан үш жүзден құралған елдің ауызбірлігі күшті болғанын, үнемі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отырғанын дәріптей келе:
Арғын болсаң Алтай бол,
Найман болсаң Матай бол,
Алшын болсаң Адай бол,
Бұл үшеуі болмасаң,
Қайсысы болсаң, сонысы бол,
Мейлің құдай бол!—
деп қазақ елінің ең жауынгер руларын шашпауларын көкке көтере бір шырқап, осы бірлестік Тәуке хан өлісімен тағы бұзылғанын, әр тайпа сұлтандары хандыққа таласып елдің шырқын кетіргенін айтып берді.
Содан кейін Нысанбай жыршы қарағайлы кәрі домбырасын еңкілдете жылатып, іле-шала Қаратау мен Шу, Сарысу мен Сыр бойын жайлаған қалың қазақты қалай Жоңғар ханы Сыбан Раптан шауып, «Ақтабан шұбырынды— алқа көл сұламаға» ұшырағанын мақам етті.
Ұлы жүз бен Кіші жүздің көп ауылдарының Арал мен Атырау теңізінің жағасына, ал Орта жүздің Есіл, Нұра, Тобыл өзендерінің жоғарғы саласына көшкенін әдейі тоқтай айтып кетті. Алдымен Кіші жүздің ханы Әбілхайырдың, бір жылдан кейін Орта жүздің ханы Сәмекенің Россия патшасына бағынғанын, сонан «Ақтабан шұбырындыдан» отыз үш жыл өткеннен кейін Қытай патшасы бір миллионға таяу қалмақты қырып Жоңғар хандығын құртқанын бір мәлім етті. Осы шақта Найман, Керей рулары бұрынғы өзінің ата-мекен жері Тарбағатай тауы мен Қара Ертіс бойына көшіп кеткенін мақұм әуеніне сала зарлана қалды.
Осыдан соң Нысанбай жыршы әр жүздің әйгілі хандары Әбілмәмбет, Барақ, Нұралыларға қысқа-қысқа сөз тастап, үш жүздің басын қосу жолында күрескен, кейін Абылай деген атпен хан болған Әбілмансұрға тоқтаған.
Әбілмансұрға келгенде Нысанбай жыршының екі көзі оттай жайнап, күре тамыры білеудей боп, кең тамағы торғай жұтқан қурай жыланның көмейіндей ісініп кетті. Домбырасын бәйге атына шапқандай сабалай ұрып, жыр шумағын құшақ-құшақ лақтырды. Енді Нысанбай домбырасын лақтыра ойнатып, Абылайдың Қоқанға қарсы шыққанын, Сайрам, Әзірет, Шымкент, Созақ секілді жеті қаласын алып, Ташкентті қалай бағындырғанын, өзіне сес көрсеткен қырғыздың қалың қолды манаптарын Қызылсу, Шәмсі өзендерінің Шуға құятын сағасында кездесіп, «Жәйіл қырғыны» деп аталатын ұрыста қалай жеңгенін айтқанда екі көзі қанталап, қоянға түскен бүркіттей шаңқылдай серпіп, тіпті долданып кетті. Әбілмәмбет сұлтанның есігінде жүргеннен бастап, торғауытқа көрсеткен ерлігі мен ел басқарар ақылдылығы арқасында Орта жүзге хан атағына ие болғанын жыр еткенінде шабар бурадай тіпті құтырынып алды. Ақын енді алпысқа келген Абылайды үш жүзден шыққан өңшең қасқа мен жайсаңдарының шешімі бойынша Телікөлдің жағасында жұрт ақ киізге көтеріп Үлкен хан сайлағанын толғағанда төбесі көкке тигендей екі көзі жайнап кетті. Бірақ Россия қатын патшасы қазақ елінің басын біріктірудің қауіпті екенін ойлап тек өлерінен екі жыл бұрын ғана оны Орта жүзге хан етіп указ бергеніне бір тоқтап, сол Абылайдың жетпіске келгенше ыңғайына қарай біресе Россия патшасына, біресе Қытай богдаханына икем көрсетіп, Түркістаннан бастап Есіл, Нұра бойына дейін көшкен қалың қазақтың еркінділігін жоғалттырмай ел ғып сақтап өткенін тағы да бір алуан жыр ғып шырқатты.
Бәйгеге шапқан жүйріктей, жыр желісінен маңдай тері бұршақтап аққан Нысанбай ақын, бір мезет Абылайға Атығай — Қарауыл рулары алты қызын беріп, оның үстіне Абылай қарақалпақтан бір, қалмақтан бір қыз алып, олардан отыз бір ұл, қырық қыз көргенін аса бір асқан жыр етіп толғатты.
Даусы қарлығып болдыруға айналған Нысанбай тек ел жатарда ғана Абылайдың қарақалпақ әйелінен туған Уәлидің Россияға қол шоқпар болып кеткенін, қалмақ қатынынан туған Қасым төренің әке жолын қуып, қазақтың басын қосамын деп бәйек болып жүргенін мадақтай келіп, кенет оқшау отырған Кенесарыға қарай:
Абылай жолы ауыр жол:
Батыр Кене, біліп қой,
Абылайдай берік бол,
Алам десең абырой, -
деп ұзақ жырын бітірген.
Үйдегі жұрт жетпіске жуықтаған Қасым төренің бетіне қарап тына қалған. Өйткені мұндай сөз төре бар жерде дәстүр бойынша тек қолбасшыға ғана айтылатын. Ал Қасым төренің соңынан ерген әскердің қолбасшысы Саржан сұлтан, Кенесарының ерлігі мен айлакерлігі жұртқа қанша аян болса да, даңқымен әзірге о тек батыр деген атқа ғана ие еді. Алдында ағалары болғандықтан өзі де «қолды мен басқарайын» деген ойдан аулақ-ты. Нысанбай жұрттан асқан сыншы. Бұны осы отырғандардың бәрі де біледі. Нысанбай қасиеті Қасымға да аян...
Қасым төре жолды әзірге Саржан мен Есенгелдіге бергенмен түбі Абылай жолын алып жүрер ортаншы улы Кенесары мен кіші баласы Наурызбай болар деп те үміттенетін. Нысанбай сөзінің өз ойынан шыққанына ол іштей «қателеспеген екем, мен аңғарғанды сыншы ақын да аңғарған екен» деп ойлады. Бірақ өзіне самсай қараған көзді байқамағандай, домбырасын қасына қойып терін сүртіп жатқан Нысанбайға:
— Көп жаса, ақсаңдақ жүйрігім,— деді,— көңілімізді бір көтеріп тастадың ғой.
Қасым төре Есенгелді менен Саржаннан бір айдан бері хабар ала алмай іші бітеу жараға толы еді. Суық хабар сумаңдап әп-сәтте-ақ тарайды ғой. Еш жаманаттың естілмеуі Саржан мен Есенгелді cay дегендей жұбаныш беретін.
Қасым төренің оқыс аталған Кенесарының атын хош көргендей болуы ортаншы ұлына үлкен сенім артатынын танытты. Жұрт та мұны аңғарса керек.
Қазір Кенесары осы жайларды әлсін-әлсін таразыға салуда. Әрине, қазір атасы Абылай ханның заманы емес. Ол кезде Россия патшасының әскері де Ақ Жайықтың арғы бетінде болатын. Қарт Қожақ шежірешінің бала күнінде, Абылай атаң хан болар жылы Қызылжар қорғаны, одан жиырма бес жыл бұрын Ескі Семей, сол жылдары Қараөткел, Баянауыл, Қарқаралы бекіністері салынды деп отыратыны әлі есінде.
Кенесары батыр қазақтардың өз тәуелсіздігінен айрылуының ең басты себебі —«ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп қарайтын ел ағаларының ауыз бірлігі жоқтығынан деп білетін. Сол қазақтың басын қосуға бола ма? деген сұраққа өзі де жауап бере алмайтын.
Тек соңғы кезде ғана бір жауаптың ұшығын тапқан тәрізді.
Ол ұшық Абылай атасының заманы мен қазіргі ел жағдайында жатқан секілді.
Абылайдың тұсында Россия патшасы Сарыарқаны төңіректеп бекініс салғаны болмаса, бәлендей ішіне кіре қоймаған-ды. Сондықтан атасы Абылай біресе Россияны еміндіріп, біресе Қытайды дәмлендіріп екі ортада бостандығын сақтап жүре берген. Ал қазір қазақта ондай мүмкіншілік жоқ. Бір жағынан әбден орын теуіп алған патша әскері болса, екінші жағынан қазақ жерінін бүкіл оңтүстігі мен Сыр бойын басып алған Қоқан мен Атырау, Арал тұсынан Үстірт, Маңғыстауға дейін өкімін жүргізген Хиуа хандықтары тұр. Абылай кезіндегіден қазір қазақ елінің басын қосудың қиындығы да, жеңілдігі де осында деп түсінеді Кенесары.
Ашынған жолбарыс ажалдан шошынбайды. Қазір қазақтың қалың бұқарасы осы ашынған жолбарыс тәрізді. Үш жақтан бірдей қадалған найза, қазақты да оятқандай. Кеше сонау Ұлытаудан Құдайменді батыр келген. Ол Жоламан мен Иман батырдың сәлемдемесін әкеліп, қазір Сарыарқаның қай қиырында болса да ақ патшаға қарсы шығатын жұрттың көп екенін айтқан. Бастайтын жан болса еретін жұрт бар деген. Ал Сарысу, Шу, Сыр бойы қазақтарының да күйі белгілі, ұран салып, ту көтерсең соңыңнан еруге дайын. Хиуа ханының қиянатына шыдамаған Адай, Тама, Табын, Шөмекей, Жаппас, Шекті рулары найзаларын жалаңдатып, қам жұтып ол отыр.
Қазір бас көтеруге ең бір қолайлы кез. Қиянат жанын жеген бұқара қураған шөп тәрізді, от тисе болды-ақ лап етіп бүкіл Сарыарқаны, Сыр бойын, Жайық, Маңғыстау, Үстірт даласын алып кетуі ғажап емес.
Абылай ханның қай қатынынан тараған ұрпағын алсаң да, тастай берік, ұйымшыл. Әсіресе Қасым төре ұлы-қызы: Есенгелді, Саржан, Күшік, Мұса, Кенесары, Наурызбай, Әбілғазы, Кенесарының апасы батыр Бопай, олардың балалары Құдайменді, Ержан, Иса, Қошқарбай, Әбілпейіз. Қасымның інісі Дайырдың балалары Тәті, Әті, Сатыбалды, оның баласы Қалдыбай, бәрі өзен қайда құйса, тамшы да сонда құяды дегендей, үлкені қайда бастаса, өзгесі соңынан еруге бар. Нағыз бір ұялы көкжал қасқырлар тобы дерсің. Тек аталас Күшік қана бозөкпелеу. Әкесінің айтқанына тек қатігез бауырларынан қорыққанынан ғана көнетіндей. Бір биеден ала да туады, құла да туады, бір шіріген жұмыртқа кімді бүлдірер дейсің дейді ішінен Кенесары.
Аға алдына түсу Қасым тере балаларының арасындағы дәстүр емес, сөйтсе де ағалары Саржан мен Есенгелдінің қылығына Кенесары түсінбейді. «Несіне Ташкент құшбегісінің алдына барып тізе бүкпек? Қас дұшпаннан тіленіп не табады олар? Қастың аты қас, сенің дос емес екеніңді Ташкент құшбегі білмей ме, басыңды име. Одан да өз керегіңді өзің көк найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен тартып ал. Сонда ғана жауың сеніменен санасады, ал қолыңды жайып, тізе бүксең, сені ол құл санайды. Құлдың тілегін кім орындаған? Жоқ, билік өзіме тиер болса, бұның бірін де істемеймін. Не болса да дұшпандарыммен алысып өлемін. Ағаларыма да соны айтам... Тек өздері cay қайтса екен!»
Кенесары тағы да ойға шомды.
«Абылайдың жолын қуу — бүкіл қазақтың басын қосып, үш жүзді билеу деген сөз.
Үш жүзді билеу — сұлтан атаулыны аяғына жығылтып, Әбілхайыр, Сәмеке, Нұралы, Бөкей, Серғазы, Уәли ұрпақтарын өзіне табындырып, барлық қазақты аузыңа қарату. Үш жүздің баласын қойдай өргізіп, қозыдай көгендеу. Сонда ғана Абылай ханның қалмақ әйелі Хочадан өрбіген ұрпақтарының ежелгі арманы орындалады. Қазақ елінің жаудан жерін, еркіндігін қорғау мен Үш жүзге Қасым төре балаларының үкімін жүргізу — қазір бір тілек, бір мақсат. Ал осы тілек, осы мақсаттың орындалуына ең қолайлы кезең бүгінгі кезең. Өзінің тәуелсіздігін қорғауға көтерілгелі тұрған халық, егер бастай білсең хандықты, Үш жүзді билеуді саған езі алып бергелі тұрған жоқ па?!»
«Бұдан былай қарай мұндай сәтті кезең тумауы мүмкін. Россия патшасы, Қоқан, Хиуа хандықтары тәрізді жауларымыз халықтың еңсесін мықтап тұрып бір түсіріп тастаса, қызба қанды қазақ қайтадан бас көтере алмайды.
Жоқ, бүгінгі күн — ең қолайлы күн. Тәуекел не болса да айқасты бастау керек! Бірақ айқасты қай тұстан бастаған жөн?! Үш дұшпанның қайсысының бізге салғалы тұрған шырғысы берік, ең алдымен соны үзу керек!»
Кенесары енді қабағы қарс жабылып, езінің қойған сұрағына шешім іздеп ой теңізіне біржолата сүңгіді. «Қоқан мен Хиуа хандары мейлінше тас жүрек, жеңілсең қанға бояйды, қарамағындағы азғантай қазақты түгелімен қырып тастаудан тайынбайды. Ал Россия патшасы ондай емес. Кейбір қанішер шенеунектері болмаса, қалың бұқараны аты-жөні жоқ қыра бермейді. Оққа байлап, Сібір айдаса тек бетке шығар жақсыларын ғана айдайды. Үлкен жұрт сөйтіп қашан да кең пейілін танытпай қалмайды. Ал Қоқан, Хиуа хандықтары ше? Бұлар қорқау қасқыр тәрізді. Жан кетіп өлексеге айналсаң, өлексеңді де талай береді. Тек қорыққандарын ғана сыйлайды. Оларға бой көтеріп, күш жинағанда ғана тиісу керек. Егер әлдеқалай ондай күн туса аянып қалуға болмайды. Қоқан мен Хиуа өздері қырған он мыңдай ер азамат үшін жауап берсін. Ауғанстанға, Персияға күңдікке сатқан қазақтың қыз-қатындарының қарғысының азабын тартсын.
Кенесарының соғысты ең алдымен Россия патшалығымен бастауды қалап алуына басқа да себептері жоқ емес. Патша солдаттарының бекініс, зеңбірек, карабин штуцерлері болса, қазақтың далиған жалпақ даласы бар. Егер тығылар жыңғыл, жықпыл сайы көп болса, қыр қоянын арлан тазы да ұстай алмайды. Арқаның жері мол, бір шеті Қарқаралыдан Ақ Жайыққа, екінші шеті Қызылжардан Бетпақдалаға дейін созылып жатыр. Қалай ойыссаң да жер жетеді, тек үзеңгің берік, қайтпас қажырың болсын. Ал зеңбірек сүйреткен патша әскерінің мұндай мүмкіншілігі жоқ. Оның үстіне Орта жүз көп ел. Бәрін бірдей көтере алмасаң да, соңыңнан еретіндер табылады. Әлін жетпей қуғынға түсер күн туса, батырлықты құрмет тұта білетін қазақ, кейбір ішіндегі әзәзілі болмаса, көрер кезге ұстап бермейді. Ен, болмаса Абылай ханның аруағын сыйлайды. Ал Қоқан мен Хиуа жерінде бұндай жағдай жоқ. Сыр бойы, Үстірт, Маңғыстау, Арал маңындағы көшіп жүрген қазақтардың шынтуайтқа келгенде басын қосу оңай іс емес. Қоқан, Хиуа хандарын жеңу үшін Жетісу, Алатау, Қарақалпақ өңіріндегі ағайындардың да бас көтеруі керек. Оған сену қиын. Үйсін, Дулат, Алатауды жайлаған көп қырғыз, Арал бойын мекен еткен Қарақалпақ сенің сөзіңді сөйлеп, жоғыңды жоқтай ма? Өз ошағының басы аман болса, сенің қан төккеніңде несі бар. Қоқан, Хиуа хандарының да күштілігі осында жатқан жоқ па, олар кімнің жүрегінің қалай соғатынын біледі. Қырғыз, қазақ, қарақалпақ бірігіп бас қоспайтынын сезеді. Бүкіл Жетісуды алып жатқан Үйсін, Дулат та дұшпаныңмен шын белдесіп қалғаныңда сенен бөлініп жауға тастап кетуі де мүмкін...
Жоқ, оларға сенуге болмайды. Үйсін, Дулат, Қырғыз, Қарақалпақ өз басына Орта жүз бен Кіші жүздің ауыр жағдайы түссе ғана атқа қонады. Ал оның бер жағында олардан не үміт, не қайыр!
Кенесарының Арқаға оралғысы келуіне тағы да бір себеп бар. Ол — кек. Сәмеке, Бөкей, Уәли тұқымдарынан шыққан аға сұлтандарды Қасым балалары өртеп жіберуге бар. Бұл ескіден келе жатқан ескі егес, ел билігіне таласудан шыққан бақастық. Әсіресе Қасым балаларының өші Құдаймендінің Қоңырқұлжасында, Уәлидің баласы Шыңғыс пен оның шешесі Айғанымда, Бөкей тұқымынан шыққан Тәукенің Жамантай, Құсбегі мен Жантөренің Ахметі мен Арыстанында. Бұл аға сұлтандар Кенесарының да ең аямас жаулары. Балық басынан шіриді, қазақ жерін ақ патшаға беріп отырған осы аға сұлтандар деп кектенеді Кенесары.
Егер Арқаға барса, ең алдымен осылардың ауылын шауып, ежелден келе жатқан ерегестің бір түйінін шешпек. Қызын күң, баласын құл қылып, табанына бір салмақ. Онсыз әбден қансырап алған көңіл жұбанар емес.
Бірақ олар Кенесарыға оңайлықпен бой бере ме? Олардың да соңынан ерген қыруар ел бар. Қолдарында қару-жарақты жүздеген жасағы, сарбаздары тұр. Оның үстіне қол ұстасқан ақ патша әскерлері де қастарында, Кенесарының бір тірелгені ең алдымен осы аға сұлтандар мен патша әскерінің арасына ши жүгіртіп көру.
Шамасы келсе Сібір мен Орынбор губернаторларын өзімен санасатын етіп алу.
Ол үшін Кенесары барысымен соғыс ашпайды. Алдымен губернаторлармен тіл табу жолын іздейді. Өзінің бірнеше тілегін қағаз жүзінде алдарына қояды. Егер губернаторлар сол тілектерді қабылдаса, Қоңырқұлжа, Ахмет, Жамантайлардың соңынан ерген жұрт та бұнымен санасатын болады. Ондай жағдайда, алты басты айдаһар болса да Қоңырқұлжа, Ахметтерден өш алу оңайға түседі.
Әрине, онымен Кенесары сүйек тиген төбеттей ұпайым түгел деп өз бетіне кетпейді. Абылай атасының жолын қуып үш жүздің ханы атанбай тоқтамайды. Ең болмаған күнде ата тағын алып, Орта жүзді билейді. Сондықтан бір тілектен кейін бір тілек талап етіледі, бәрібір өз дегеніне жетпей қоймайды.
Ал генерал-губернаторлар алғашқы қойған тілектерін қабыл етпесе не істейді? Онда шешінген судан тайынбайды, соғыс ашады. Және ол соғысты ең қас жауы Қоңырқұлжаның ауылын шабудан, Қоңырқұлжа приказы Қараөткел бекінісін алудан бастайды.
Абылайдың алдында ғана Орта жүз хан көтерген қырық мың жылқы айдаған Сәмекенің ұрпақтары Құдайменді балалары десе, Кенесары ұйқысынан шошып оянады. Аға сұлтан Қоңырқұлжа мен Кенесары арасында тек қана ежелден келе жатқан ел билеу, қоныс тебуден туған ата дауы емес, бастары көрге кіргенше кешірілмейтін уыты қанға сіңген өшпендік бар. Сол өшпендік, кешірілмес қастықтың енді ақ патша мен қазақ елінің арасындағы үлкен саясатқа да ықпалы тимек. Кенесары орнынан түрегеліп, сәл ерсілі-қарсылы жүрді де, қайтадан ой шумағын тізе берді.
«Хандыққа таласудың екі жолы бар. Оны сан айқастан өткен Кенесары жақсы біледі. Бірі саған хан билігін әперем деген халықтың артында тұрып басқара білу. Екіншісі соңынан ерген қолдың алдында жүріп ерлігіңмен өзіңе тартып алу.
Хандыққа жүз бен жүз, ру мен ру таласса, жұрттың арт жағында тұрып елді қырғынға айдап салып, ақыл-айламен, зұлымдық-жауыздықпен мұратқа жетуге болады. Ал бүгінгі таластай, қалың бұқараның тәуелсіздігін қорғау арманы мен сенің жұрт билігін қолға алам деген көкейкесті тілегің ұштасып жатқанда, соңыңнан ерген қолдың артында емес, алдына шығу қажет. Сонда ғана саған қара халық сенеді, соңыңнан ереді. Бұқара өз басыңның қамы үшін емес, халқың үшін алысып жүргеніңді көзбен көргені жөн. Сөйткен күнде ғана, арманыңа жетесің. Халық өзі арманыңа жеткізеді».
Осындай шешімге келген Кенесары, кенет тізесін бүгіп беліндегі Исфаған шебері соққан наркескенін суырып алып, қылшылдаған суық жүзінен сүйді.
— Анадан қорқақ болып тумап едім,— деді кенет даусы дірілдеп кетіп,— арманыма жеткенше қорқақтық білдірсем өз қанымды өзім ішейін, осы сертіме, түсі суық наркескен, сен куә бол!
Ол наркескенін қынына салып, енді көтеріле берем дегенде, арт жағынан сыңғырлай шыққан әйел даусы естілді.
— Төрем-ау, намаз оқып жатырсың ба?
Бәйбішесі Күнімжан екенін Кенесары қарамастан таныды. Түрегеліп, тізесін қақты да, қарсы жүрді.
— Жәй әшейін, семсерді тасқа салып дүзін сынап жатыр едім.
— Қас болатты жау жүрегіне салып сынамас па?
— Оның да жөн.
Кенесары әйелінің сөзіне риза болып қалды.
Күнімжан биыл жиырма алтыға шыққан. Оймақ ауыз, құмай көз, қара торының сұлуы. Екі бала тапқанына қарамастан, сұңғақ бойына жарасқан тіп-тік қос жұмырықтай қос анары алтын жамбылы алқасын тырсылдата керіп, аш белі үзіліп кетердей талып, мықынынан төменгі бура санды бөксесін мейлінше айқындап тұр. Үстінде шытырма ақ жібек көйлек, көгілдір торқа оқалы қамзол, оның сыртынан шетін құндызбен әдіптеген дүрия қызыл шапан, басында ақ меруерт өрген, алтын теңгелері көзіне түсе салбыраған қызыл барқыт сәукеле. Сыртынан ақ торғын шәліні көмілдіре жамылған. Құлағына таққан үш буынды сырғалары мен арқасына төгіле түскен тоқпақтай қалың шашының ұшындағы төрт қатар шолпысы патшаның, кілең бір сомдық алтын ақшасынан қиыстырылған. Батырдың алдында өзін-өзі қымсынбай ұстауы, былқ-сылқ басып қасына бұрала келуі, ерке бәйбіше екенін аңғартады.
Расында да «жазығы қатын демесең, қыздан артық салдығы» деп Жүсіп қожа ақын айтқандай. Күнімжан Кенесарыға ақылымен де, сұлулығымен де әбден ұнаған әйелі. Шыққан төркіні де Қасым төреден салтанаты мен байлығы кем емес, арғынның шонжарларының бірі Әлке Байдалы тұқымы.
Мынау үстіндегі торқа, дүрия киімдері мен алтын білезік, алтын шолпы, алтын жүзіктің бәрі де келіншек боп түскенде осы төркін берген жасауы.
Кенесары мен Қоңырқұлжаның бітіспес қас-жау болуларының да бір себебі осы Күнімжанда...
Кенесарының батыр атанып, атағы Сарыарқаға жаңа жайыла бастаған кезі еді. Ұлытауды жайлаған Жырық руының байы Сандыбайдың Ердені осы өңірге правитель болып тағайындалып, ат шаптырылып, балуан белдескен үлкен той болған. Осы тойға бір топ жігітпен Кенесары да келген. Ондағысы тар жол тайғақ күн туып, Көкшетауда бекініс салынып, көңіл қобалжи бастаған соң, Ұлытау маңын бір шолып қайту еді. Алты алаштың алғашқы басын қосқан хандарының бірі Алашахан да осы жерде қайтыс болған. Ұлы Жошы хан да осы тұсқа қойылған, Ұлытаумен іргелес Кішітаудың басында Едіге батырдың да қабірі бар, Ақмешіт әулие де осы арада жатыр. Ұлытау қазақ елінің атамекен кіндігі. Бұны көруді Кенесары да өзіне парыз санайтын. Бәйгеде сойылға ат жығылып, көкпарда кісі өлген ұлан-асыр осы тойдан қайтып келе жатып, Арғынның Алтай, Тортуыл рулары жайлап отырған Терісаққан өзеніне келіп, азырақ ат шалдыруға аттарынан түсе-түсе қалған. Астындағы сәйгүлік жүйрігін атқосшысына беріп, Кенесары қалың талды жағаға барған. Таң алдында ғана жаңбыр жауып өткен-ді. Сыңсыған тал арасы тымырсық бүк екен. Кенесары пысынап кетіп, азырақ салқындап алайын деп сылдырап жатқан суға таяғанында шағын келген Терісаққанның бергі ағымында көк толқынмен ойнап жүзіп жүрген екі қызды көрді. Ауыл көшіп жатқан кез, сірә көшжөнекей шомылып алғысы келген тәрізді, киімдері мен шідерлеп қаңтарып қойған аттары арғы бетте. Кенесары алғашқыда айдалада пайда болған бұлар перінің қыздары шығар деп ойлап қалған. Әсіресе алдыңғы қыз бір адамның аузының суы құрығандай сұлу көрінген. Қамшының тіліндей етіп өрілген қос бұрымы көк толқынмен ойнап жыландай иреңдеп, сымбатты денесі, су астында ақ сазандай бұлықсып, еріксіз көзін тартып әкеткен. Тек арғы беттегі аттары мен үюлі тұрған киімдерін көргенде ғана Кенесары есін жинай бастаған.
— Арсыңдар ма, арулар?— деген ол қыздардың арғы жағаға қарай бұрылғанын көріп, кетіп қалады екен деп қорқып.
Алдыңғы тана көз жапалақ сары қыз «Ойбай, көтек!»—деп дауыстап жіберіп, суды екі аяғымен сабалай арғы бетке қарай жүзе жөнелді де, соңғы қара торысы мойнын бұрып кейін қарап, жағада тұрған Кенесарыны көріп тоқтап қалған. Түрегеліп жүзіп, тек судан басын шығарып:
— Бар боларсыз, мырза,— деп сәлем берген.
Сөйткенше жағаға Кенесарының жолдастары да келген. Әдеттегі қалжың-әзіл басталған. Аш денесін жігіттерге көрсетіп судан шығуға ұялып тұрған қыздар, жағадағы Кенесары екенін естіп, не қыларын білмей сасқан. Кенесары тобы әзіл-қалжыңы аралас, егер тілегімізді орындамасаңдар, қазір арғы бетке өтіп, киім-кешектеріңді алып кетеміз деп қорқытқан.
Қыздар «ағатайлап» кетулерін сұрап жалынған. Қалжың құмар желөкпе жігіттер өздерінің тілегін орындамай кетпейтіндерін айтып тұрып алған. Су сорып әбден жаураған қыздар, бұлардың кетпейтініне әбден көздері жеткен соң, жігіттердің не тілейтіндерін білгісі келген. Қара торы сұлуы Кенесарыға қарап:
— Мырза, сонда сіз менен не қалайсыз?—деген.
— Қалағаным киын болса да сөзіңде тұрасың ба, қарындас?
— Сөзімде тұрмайтын қатын емеспін, айта бер.
Қыз аузынан шыққан «қатын емеспін» деген сөзді Кенесары өз мағынасында түсінді. Кенет жүрегі алып-ұшып, колға түскен торғайдай тыпырши жөнелді...
— Қатын болмасаң... Жарайды, біз кетейік. Тек соңымыздан қуып жетіңдер. Қалауымды сосын айтайын. Уәде ме?
— Уәде!
Кенесары тобы өзен жағалай кете барған. Аздан кейін қыздар бұларды қуып жеткен. Он алты - он жеті жасар уыздай екі жас қыздың суық жүрісті бейтаныс топ жігіттің қастарына қорықпай келгендеріне Кенесары таң қалған. Және берген уәделерінде тұрып алдап кетпегендеріне разы болған. Осы кездесуден бастап Кенесары мен Күнімжан бірін-бірі қатты ұнатқан. Жаңа туған айдай толықсыған арқаның жас сұлуы Кенесарыға бірден құлап түскен. Шөлмек күнде сынбайды, бір-ақ сынады. Сол түнде бір шөлмек сынды. Жұрттан аулақ дөңгеленген қараған түбінде даланың өжет қызы батырдың бір тілегін орындады.
Күнімжан өкінбеді, өйткені осыдан екі жыл бұрын қос қатынының үстіне тоқалдыққа алмақ боп сасық құрт, бұзау тұмсық Қоңырқұлжа құда түсіп, үш үйір қара көк жорғаны қалың малына төлеп кеткен. Оның үстіне Қарақойын Қашырлыға ел жайлауға шыққан шақта ұрын келем деп жақында хабар берген.
Таңертеңіне Терісаққанның ойпаттау жағасына қонған Байболат ақсақалдың ауылына Күнімжан мен жапалақ сары қызды ерткен Кенесары нөкерлерімен келіп түсті. Күнімжанның осы түнде Кенесары батырмен көңіл қосып шыққанын ең алдымен жеңгелері, одан шешесі естіп, суық хабар бірте-бірте жыландай жылжып Байболат ақсақалдың өзіне барып жеткен. Абылайдың аруағынан Қасым төренің қаһарынан сескеніп, не істеуді білмей, оның үстіне абыройы айрандай төгілген қызының күйігі де арқасына аяздай батып отырған Байболат ақсақалға Кенесары көп кешікпей «Күнімжанды маған берсін» деп кісі салған.
Байболат ақсақал бұл тілекті шұғыл ақылға сап, қолма-қол шешімін айтқан:
— Үш жүзге хан болған Абылай атасына Арғынның Қарауыл, Атығай рулары алты қызын бергенде, сол Абылайдың батыр немересіне біздің жалғыз қызды қимағанымыз болмас, алсын,— деген.
Бір апта өткеннен кейін Әлке Байдалы, Аққошқар Сайдалы боп үш бозды көсем жеккен күмістеген қара пәуескемен, жасау артқан тоғыз нарды бір көш етіп Күнімжанды ырғалтып-жырғалтып Көкшетаудағы Қасым төренің аулына ұзатқан.
Мұны естіген Қоңырқұлжа намыстанып бұлқан-талқан болған. Жасақ жіберіп Байболат ауылын шауып алуға да оқталған. Әйтсе де, байлығы өзінен артық Арғынның шонжар руы Әлке Байдалымен жанжалдасуға батпаған. О баста Күнімжанды тоқалдыққа сұрағанда да Қоңырқұлжа тек қатын санын көбейтпек емес, Арқаның осы шынжыр балақ шұбар төс руымен жақындаспақ ойы да болатын, ал сол ойдың бұзылғанына қатты қынжылса да, тайпа рулы елді өзіне жау етудің қатерлі екенін ұқты. Сондықтан Байболатқа берген қалың малына үш тоғыз айыбын қосып алды да, ұпайым түгел дегендей, көкіректегі ызаны ішке түйіп қала берді.
Бірақ Қоңырқұлжа енді Қасым балаларына әбден өшігіп алды. Ебін тауып, езуін қалай жырам деп жүргенде Көкшеден Жабайы өзенінің сағасында отырған Тарақты еліне ұзатылып бара жатқан Саржанның үлкен қызы Күнікейге жасағымен кездесіп, оны бір түн иемденіп қоя берген. Аға сұлтан Қоңырқұлжа мен Қасым төре балаларының арасындағы осы бір намыс ызасы енді бір-біріне мәңгі кешпес қанды кекке айналған. Бақ таласы, жер таласы, ру таласы, ар таласы, қатын таласы бәрі келіп, әбден шиеленіскен қыл түйін болып қатып қалған.
Мұны тек алмас семсер, өткір қылыш қана кесіп бере алатынын екі жақ та жақсы білуші еді.
Осы таластың бас себепкері Күнімжан сұлу шыққан жері де, түскен жері де мықты болған соң өзін-өзі тым еркін ұстайтын. Күйеуіне де айтқанын істететін, мейлінше ерке...
Күнімжан қазақ әйелдерінің салты бойынша Кенесарыны күйеуім, ерім демей тек «төрем» деп қана атайды. Бұнысы бір жағы күйеуінің төре тұқымынан екенін дәріптеу болса, екінші жағынан «төрем» деп өзіне билігінің мол екенін ескертіп еркелетуі еді. Сол әдеті бойынша ол:
— Төрем, сен Құдайменді батырдың атама естірткен сұмдығынан хабардарсың ба?— деді сәл жүдей.
— Жоқ, қандай сұмдық?..
— Азнабайдың балаларын білесің ғой...
— Қай Азнабай? Баянауылдағы Қаржас Азнабай ма, әлде өзіміздің Көкшедегі Ақсары Азнабай ма?..
— Қаржас Азнабай. Біз Арқадан кешпей тұрып Тайжан деген баласын патшаға қарсы шықтың деп Омбыда атып өлтіріп еді ғой, соның ағасы Сейтен батырды да өлтіріпті...
— Топырағы торқа болсын. Есіл ер ерте кеткен екен! Менің ажалым Қоңырқұлжадан келеді деуші еді. Сол иттің өшпенділігінен мерт болды ма екен?..
— Иә, солай көрінеді. Азнабай аулымен Балқашқа қарай көшіп келе жатқанда, Мың Арал төңірегінде Қоңырқұлжаның әлгі шоқынған кіші баласы жол көрсетіп әкелген әскер қарсы шығып ұстапты...
Кенесарының күлгінденген сарғыш түсі қара қоңырланып кетті.
— Қырылғандары көп пе екен?
— Қарсыласуға мүмкіндіктері болмапты. Ойда-жоқта қолға түскен көрінеді. Бір-екі жігіт сойылға жығылыпты.
— Топырақтарың торқа болсын, есіл азаматтар. Арқаға оралар күн туса алармыз әлі өштерін.
— Сейтенмен бірге Қубеттің Ожарын да ұстапты. Ол сол Омбыда абақтыда жатқан көрінеді.
— Қай Ожар? Ана Қоңырқұлжаның шабарманы Ожар ма? Ол Азнабай аулынан ат құйрығын кескендей еді ғой?
— Қоңырқұлжамен келісе алмай, Қараөткелден қайтып өз еліне барыпты. Қанына тартпағанның қары сынсын дегендей, қанына тартқан ғой. Жер-суынан айырылған Қаржастың қайғысы жеңіп Сейтенге қайта қосылған екен.
— Бір көргем... Қайсар, иілімге келмейтін жігіт тәрізді еді. Қиянат оны да дұрыс жолға салған екен. Әттегене-ай, ол бейшараны да итжеккенге айдайды ғой.
Дәл осы кезде бұлардың жанына Наурызбай келді. Бұл жиырма екіге жаңа шыққан келбетті жігіт. Бір әке, бір шешеден туса да, бітімі Кенесарыға мүлде ұқсамайды. Сұңғақ бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей құлаш жаурын, тіп-тік келген, ат жақты, екі бетінен қаны тамған аққұба түсті. Мұрын, көз, қас-қабақтары қазақ жігіттерінікінен көрі мол пішілген, танадай жалтыраған сопақтау келген үлкен қоңыр көздері адамға ілтипатпен қарайды. Қызылды-жасылды меруерт өрілген айдары самай тұсынан салбырап түсіп тұр. Жаңа тебіндегі келе жатқан қоңыр мұртты. Басында қызыл барқытпен тыстаған құндыз бөркі, үстінде құйыршықтары мен тырнақты аяқтары салбыраған қара қасқа күзен ішік. Ішігінің жағасына, жеңіне, шетіне қара қоңыр құндыз ұстаған. Беліндегі күміс белбеуіне былғары қынды селебе таққан.
Наурызбай ұрысқа да осы киімімен шығатын. Білегіне дейін сыбанып түріп алған оң қолында бауыры қорғасын, бес батпан зілдей ауыр қара найзасын тудай көтере ұстап, астындағы сарғылт қылшықты ақбоз атын ойнақтата «Абылайлап!» шапқанда, жан қарсы келе алмайтын. Және зілдей қара найзамен ешкімді қос қолдап шаншып көрген емес. Оң қолында төрт жігіттің күші бар дейтін жұрт. Наурызбай асқан найзагер, заманында бұл соғыс қаруынан өзіне пара-пар келетін жан кездестірмеген. Және жауға шапқанда қабағы қарс жабылып, жүзінде ерекше қаһар пайда болатын. Ал жайшылықта Наурызбайдан ақ жарқын жан жоқ. Ол мұндайда әрі әнші, әрі әзілқой. Ал қазір Наурызбайдың қалың қабағынан қынжылған рең байқалады. Көзі тереңдей, қас-қабағы кіртие қалған.
Оған себебі де бар еді.
Наурызбай соңғы кезде өзі туып өскен Көкшетау туралы көп ойлайтын болған. Мұндай кездерінде Арқаның жасыл шалғынды, көк майсалы даласы, жақпар-жақпар құз тасты, өн бойы өрби біткен қалың қарағай басқан түйе өркеш шағын таулары, көк толқыны жар кемерін тынбай соғып жатқан шалқар көлдері, мол сулы өзендері оның көз алдында елестейтін. Кенет Бурабайдың көз жасындай көгілдір толқыны шулағандай, кереге қанат қыран бүркіт қалықтай ұшқан Оқжетпестің басында ойнаған ерке жел жылағандай, дымқыл иісі аңқыған Кенесары үңгірі күңіренгендей құлағына бір қайғылы үн келетін. Сол үн өзін шақырғандай болатын. Наурызбай мұндай кезінде көктем сәнін, жұбайы әнін аңсаған жыл құсындай, іші-бауыры елжірей, туып-өскен Көкшетауын сағынатын. Өйткені асыр салған балалық шағы, жігіт болып махаббат дегеннің не екенін білген алғашқы бақытты түні, бәрі де осы Көкшенің көгілдір құшағында өткен. Наурызбайға Көкше деген құр ғана туған жер емес. Ол кейде өзінің жыл құсы болып жаратылмағанына өкінетін. Егер жыл құсы болса сол Көкшені әр көктемде бір шарлап ұшпас па еді! Мұндайда Наурызбайдың жүрегі удай ашып, жанын қоярға жер таба алмайды. Сол бақыттан, сол қуанышынан айырған сонау темір киген дұшпандарымен алыса түскісі келеді. Әттең не керек, Наурызбай да бір, тұғырда тұрған бала бүркіт те бір, ұшарға қанаты бар, бірақ аяғындағы жібек бау жібермейді, құр қайрат мезеп шаңқ-шаңқ шақыруға ғана дәрмені келеді.
Қаратаудың жыңғылы мен баялышы Көкшенің тобылғысы мен қарағанына жетпес, бозы менен көдесі, жұпар аңқыған көк шалғынына пара-пар келмес. Сонда неге жүр бұлар Сырдың сұрғылт даласында? Жан сақтау ма, әлде хандық па көксегендері? Егер жер кегі болса, таласпай ма сол жер үшін сол туған жердің өзінде? Сырда жүріп Арқаны қалай алмақ? Наурызбай осы жәйттерді ойласа, ештеңеге түсінбейді. Әкесі Қасым төре, ағалары Есенгелді, Саржанның бұл жөнінде ұстаған жолы оған жұмбақ.
Наурызбайға мың Қоқан хандығынан Сарыарқасының бір жайлауы артық. Осы қайғы кеше Құдайменді батыр келгеннен бері тіпті үдей түсті. Қазіргі қабағының қатуына да себеп осы. Аға, жеңгесінің төбе үстінде оңаша тұрғанын көріп, сөйлесуге әдейі келген. Наурызбайдың реңінен көңілінің қапалы екенін аңғарған Күнімжан оған күле қарап:
— Кіші төрем, неден жүдей қалғансың?— деді,— бір жерің ауырғаннан саумысың?
Наурызбай қапалана жауап қайырды.
— Ауру екенім рас, жеңеше... Жаным ауырады, көкірегім ауырады, жүрегім ауырады...
Інісінің немен дертті екенін көптен бері сезетін Кенесары үндеген жоқ. Күнімжан енді жігер бере сөйледі.
— Қара бұлттан күн де шығар, бұл аурулардан айығар заманың да келер.
— Қашан?!
— Оны жүйрік аттың шабысы, ер жігіттің намысы біледі.
— Намысқа шабар алысымыз болып тұр ма? Біз қазір апан-апанға келіп тығылған бөрі тәріздіміз. Қанша бәрі болсаң да, тығылған жерің құр түкпір...
Кенесары кенет інісіне қарады.
— Апаннан атылған бөрі жауына қауіпті екенін білмейтін бе едің? Қол-аяғыңды бауырыңа жинап атылуға дайындала бер, Науанжан...
— Жоқ, Кене аға, апанынан бөрі тек ажалына ғана атылады.
— Кейде жауын да мерт етпей ме?
— Маған ондай ит-жығыстың керегі жоқ,— Наурызбай ағасына кішілік мінез көрсете ақырын сөйледі,— маған жауымды аңдып басар Көкшенің ыңғыл-жыңғыл жартасы, соңымнан жел де қуып жете алмас ұшы-қиыры жоқ Арқаның кең даласы керек.
Кенесары інісінің өзімен пікірлес екенін бұрын да білетін, бұ жолы да ойлаған жерінен шыққан соң іштей қуанып қалды. Сөйтсе де қатты мінезіне салып:
— Ұясынан ерте ұшқан қыран тез қартаяды,— деді,— алдында ағаларың барда жол таңдамай тұра тұр.
Наурызбай Кенесарыны өзге ағаларынан артық сыйлайтын, сондықтан қарсы сөзге келмей:
— Құба-құп,— деп төмен қарады.
Дәл осы кезде күншығыс тұстағы белестен ойдағы ауылға қарай көтерілген шаң көрінді. Әрі-беріден соң тау ішінен екі салт атты сытылып шықты.
Қырағы көз Кенесары тесіле қарады да:
— Ойпырмай, мынау Ағыбай болмаса етті,— деді кенет қобалжи,— астындағысы Ақылақ тәрізді...
Наурызбай да тесіле қарады.
— Ие, Ағыбай көкем! Ал жанындағысы кім? Ат жалына жабысқан түрі Ержанға ұқсайды.
— Иә, солар.
Сөйткенше құйындата шапқан екі атты жетіп те қалды. Енді олардың «ой бауырымдаған» айқайы да естілді.
Кенесары сазарған қалпынан қозғалған жоқ. Наурызбай мен Күнімжан шыдай алмай келе жатқандарға қарсы жүгірді.
Ағыбай пұшпағына дейін терге батқан атынан қарғып түсіп, белбеуін мойнына салып, қазақтың жамандықты естіртетін көне дәстүрі бойынша, екі қолын көкке көтере, тізерлей отырып ағыл-тегіл жылаған қалпы суық хабарды естіртті.
— Батыр Кене, қос боздағымыздан айырылдық, он сегіз асылдан айырылдық. Ташкент құшбегі қолынан Есенгелді, Саржан ағаларың қаза тапты. Қыршын жігіттерімізді де тегіс бауыздады.
Кенесарының түрі күреңітіп, ерні бозарып кетті.
— Қашан? Қалайша?
Ағыбай бетінен сорғалаған жасын сүртпестен, ауызы кемсеңдей:
— Осыдан екі күн бұрын. Жауыз құшбегі бізді алдап шақырған екен, Мәделіхан келген күні түнде Есенгелді мен Саржан сұлтанды диуан сарайына шақыртып алды. Сендердің Қоқан хандығына қарсы шығатын ойларың бар екен деп бастарын алдыртыпты. Ержан екеуміз төрелердің жарлығы бойынша керуен сарай ауласындағы аттарды қарауға кеткенімізде рабатта ұйықтап жатқан өзге жігіттерді жендеттері келіп бауыздапты. Біз әзер құтылдық.
Әлсіреп қалған Ержанды Наурызбай мен Күнімжан сүйеп тұрған. Суық хабарды естісімен Күнімжан басындағы үкілі сәукелесі мен күлгін торғын шәлісін жұлып алып, қара шашын жая, екі белін таянып жоқтау айта жөнелді.
Қапыда кетті қос арлан,
Жау сөзіне бос нанып.
Аямады қас дұшпан
Батырып қанға кек алып...
Жамандық хабар соққан желмен бірдей, іп-лезде бұл сұмдықты барлық ауылдар да естіді. Шаштарын жұлып, беттерін тырнап боздаған ана, егіл-тегіл еңіреген бала, үй-үйдің қасында жоқтау айтып топтанған қатын-қалаш, көзінің жасын сүртіп күрсінген шалдар, ашулы көздері оттай жайнап кіжінген жігіттер. Ойпатта отырған бар ауыл көл үстінде тып-тыныш жүзіп жүрген қаз-үйрекке ителгі тигендей әп-сәтте азан-қазан болды да қалды.
Қанды уақиға әбігері тек ертеңіне таң атып келе жатқанда ғана басылды. Ағыбайдан Есенгелді, Саржан қалай қаза тапқанын толық естіген Қасым төре бір түннің ішінде у ішкендей боп жүдеп шықты. Үлкен мұрынды сарғылт жүзі көгілдір тартып, қою қызғылт сақалы қырау басқандай бозарып, жайшылықта қанды балақ қасқырдың көзіндей білеулене қызарып тұратын шегір көздері кенет жасып ағара түскен. Жетпіске келсе де, тіп-тік қапсағай денесі айдалада жел өтінде өскен жалғыз ағаштай тез-ақ бүкірейе қалған. Бұл кейін «Наубай — Ханшайым» қиссасында:
Қасым хан өзгелерден асып туған,
Көңілін дұшпандардың басып туған.
Қарнында анасының қан шеңгелдеп,
Қызарған екі көзін ашып туған, —
деп бесігінен қанқұмарлығы, аяусыздығы дәріптелген, аузынан жалыны шыққан сотқар, ұрда-жық, қатігез Қасым төре емес. Иленген терідей жұмсарып, үстіндегі жүні уыс-уыс түсіп қызыл шақа болған көтерем қойдай әлсіз кәрі-құртаң шал. Тек көзінде ғана ыза, ашу қалдығы бар.
Ол сәске көтеріле Кенесары, Наурызбай, Ағыбайды және аулында қонып жатқан Құдайменді батырды шақырып алды.
Аз уақыт үндемей отырып басын көтерді.
— Жас кезімде, есер кезімде Көкшетауды мекендеген тағы ақ бураны садақпен атып өлтіріп едім. Бұл қылығымды естіген аузы дуалы ақсақалдар «Шырағым, Абылайдың ақ бурасы Көкшетаудың иесі еді, киесі ұрып жүрмесе нетсін!»— деп еді. Көкшетауымнан айырылғанымды сол қылығымнан көруші едім. Есенгелдім мен Саржанымды да сол ақ бураның киесі атты ма? Олай болса алла тағала жолыңа ақсарбас айтып, мойныма бұршақ салып тілеймін: қаһарыңды, өзге балаларымнан аулақ ет!..
Қасым төре көкке көтерген қолын төмен түсіріп ұзақ уақыт отырып алды. Өзге жұртта да үн жоқ. Тек «Ақсарбас! Ақсарбас!» деп іштерінен күбірлейді. Әлден уақытта барып Қасым төре басын қайта кетерді. Кенет көзінде сөніп бара жатқан оттың қызылындай бір әлсіз ұшқын пайда болды.
— Қыран қартайып өлмейді, қайғырып өледі,— дейтін еді Бұқар жырау. Сол күй маған да жеткен екен. Не болса соны айтып кеттім білем.— Кенет ол бойын жинап алды.— Ендігі кезек сенікі,— деді ол Кенесарыға қарап, содан соң алақанын жайып батасын берді,— әумин!
Қасым төре түрегеліп, күміс қынды сапысын белінен шешіп Кенесарының алдына қойды да, керегеге сүйеулі тұрған киік мүйіз мосысы бар, білтелі құлдыр мамай түрке мылтықты алып:
— Бес жүз қадамнан жаңылмай тиетін әкем Абылай ханнан қалған мұра еді. Өзге ағаңа бермей келіп едім, енді саған бердім. Ие бол,—деді.
Қасым төренің бұнысы ендігі билік сенде, қолды, Кенесары, сен басқар дегені еді.
Кенесары мылтықты жанында тұрған Наурызбайға беріп, бір тізерледі де, қынынан қылшылдаған сапыны суырып алып маңдайына тигізді.
— Осы сапының алмас жүзіндей дұшпандарымды аямасқа ант етемін.
Қасым төре тағы да бір тілегін айтты.
— Екі ағаң мен он сегіз төлеңгіттің кегін қайтар. Бүкіл Қоқан хандығына шамаң келмегенмен, Ташкентті алуға күшің жетеді. Ертең сарбаздарыңды жина. Арғы атаң Тәуекел хандай Ташкенттің шаңырағын ортасына түсір. Сонда мен риза!
Кенесары басын төмен иді.
— Ташкенттен алатын кекті Ташкенттен бастау керек пе, әлде бөтен жолы бар ма, ақылға сап ертең жауабын берейік.
— Мейлің.
Кенесары сол күні өзінің он екі қанат ақ ордасына Ағыбай, Наурызбай, Құдайменді батырлар мен Нысанбай жыршыны шақырып алып ұзақ кеңесті. Ертеңіне жанына үш батырды ертіп Қасым төреге келді.
«Ташкентті шап» деп ашу үстінде айтып қалдым ба, егер Сыр, Шу, Сарысу бойының ер азаматтары ермесе, аз ғана Алтай, Тоқа, Алшын, Уақ руларының Ташкентті алуға күші жете ме деп, Қасым төре де ақ мамық төсегінің үстінде түні бойы кірпік қақпай дөңбекшіп шыққан. Кенесарылардың келгенін естіп, бүк түсіп жатқан жерінен басын көтерді.
— Көке,— деді Кенесары әкесінің алдына тізесін бүгіп, басын иіп,—«Көппен кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей біз ақылға салып, Ташкентті шабуға әлі ерте деп таптық.
— Сонда не істемексіңдер?
— Күз түспей Көкшетауға көшкенді жөн көрдік.
Қасым «Көкшетауға неге көшесіңдер?» деп сұрамады. Басын шайқап үндемей ұзақ отырды да, әлден уақытта барып:
— Бөлтіріктерін қалдырған қасқырдың апанына аңшылар әрдайым қақпан құрады. Көкшетауда бізді күткен үлкен қатер бар, ол ара енді сендерге қоныс болмайды,— деді,— Арқаға кешкен жөн, онда да Ұлытауға... Үш жүздің қақ ортасы, бірі болмаса біріне иек артуға қолайлы.
— Ұлытау—Бағаналы жері. Патшадан шен алған Сандыбайдың Ерден, Дүзені қоныс бермесе қайтеміз? Келмей жатып тағы да сойыл, шоқпар қақтығыстырамыз ба?
— Иә, өзің бүлініп келе жатып, тыныш жатқан елге бүлік салсаң, сені жұрт бүйіден кем көрмейді,— Қасым ауыр күрсінді.— Сонда Абылайдың ақ туын көтерген Сарыарқадан енді бізге барар тау, басар жер қалмағаны ма?
Үйге кіргеннен бері үндемей отырған Құдайменді батыр тізесін бүкті.
— Сандыбай тұқымынан жақсылық күтуге болмайды,— деді ол — Егер көшсе Терісаққан бойына, Қарақойын Қашырлыға көшкен жөн. Бізге ерген ой Алтай азаматтары болса, ол ара Жанайдар, Төлебай батырлар шыққан қыр Алтайының жері. Туыс туысты табады. Және Арғынның ардагер руы Абылай ханның ұрпағына бір қысқа қоныс беруі күмәнсіз. Ал жаз шыға Ұлытау төңірегінен орын тепкен келісімді. Сандыбайдың қос бөрісі Ерден, Дүзенінен Ұлытау, Кішітау маңын, Қаракеңгір, Сарыкеңгір бойын берсе қолынан, бермесе жолынан, алты қарыс азуларын көк құрышпен тілгілеп отырып тартып алу керек.
— Бұл табылған ақыл,— деді Қасым,— Терісаққаннан Күнімжан келінінің төркін жұрты да алыс емес.
— Онда Қарақойын Қашырлыға күні бұрын шабарман жіберіп хабарласқан жөн болар,— деді Кенесары.
Қасым иек қақты.
— Бұ да табылған ақыл.
Қарақойын Қашырлыны жайлаған қыр Алтайы елімен сөйлесуге қос атпен Құдайменді батырдың өзі жүрмек болды. Қалған жұрт Ташкент құшбегінің қолынан қаза тапқан ұлдарының жетісін берісімен Арқаға қарай көшуді уәделесті. Ер азаматтар, шал-кемпір, бала-шаға туып өскен cap даласын сағынып-ақ қалған екен. Бұл хабарларды қуана мақұлдады. Кешеден бері елегізіп жүрген жастар енді белдерін бекем буып, ат құйрығын түйіп алыс сапарға дайындала бастады. Қорамсақтарынан екі қырлы өткір ұшты сауыт бұзар, төрт қырлы қозыжауырын жебелерін алып, тартылар жеріне жаңадан күшігеннің қойлық жүні, тазқараның тайлақ жүні деп аталатын күшіген мен тазқараның қауырсындарын қондырды. Ал кейбіреулері болат ұшты қос құлаш қайың найзаларының ұштарын өткір қайрап, ат құйрығынан жасалған шашақ тағып жатыр. Бағзы біреулер беліндегі сүйек сапты бұйда пышақтарын қылшылдата қайрап, бөтен қарулары болмағандықтан жуандығы білектей сай бойына біткен тапал қарағайдың түзулерін тауып алып, жұмыр түбірімен суырып, кеспелтек шоқпар жасауға кіріскен. Арқа жеріне қайтқанмен де тыныштық болмайды дегендей жауға арналып жөнделген қару-жарақ, алыс жолға деп дайындалған ер-тоқым, жүген-құйысқан мінер ат...
Қаратау қойнауындағы ауыл біткен қаза болған сұлтандардың жетісін берісімен бірден көтерілді. Қайтқан қаздай тіркеліп, сыңсып көшіп бара жатқан жұрттың ту сыртынан қарап дөң басында Кенесары тұр. Бір тілегінің орындалғанына іштей қуанса да, алдымызда қандай күн бар деп қобалжығандай...
Қалың ел екі аптадан кейін Бетпақдаланы көктей өтіп, Сарысудың құмға сіңіп жоқ болар етегіндегі Қызыл жыңғылда отырған Бәтеш ауылына жеткен кезде алдарынан Алтайдың жүрек жұтқан батыры, аталары Сеңгірбай, Жанұзақ Абылайдың үзеңгілес серіктері болған. Соңынан Жеке батыр атанған, Төлебай қарсы шықты. Қастарында ел билеуші екі-үш ақсақалы мен он шақты сойыл көтерген жігіттері бар. Астарындағы жұпыны аттары мен үстеріндегі елтірі тымақ, түйе шекпен, сірі етік, бұлардың кедей ауылдан екенін аңғартады. Төлебай батырдың да кигені бәлендей мәз емес, әйтсе де ол ерекше көзге түседі.
Төлебай көлденеңі мен ұзындығы бірдей төртпақ келген, қою қара мұрты құлағына дейін жеткен үлкен қара көзді, қара сұр адам. Тақымындағы бұзау тіс шоқпары да өзіндей шомбал, астындағы мінген қара көк аты да ұзақ шабысты, ошақ тұяқ, төрт таған, құлаш кеуделі, жалпақ жаялы мықты қазақы жылқы.
Төлебай батыр Кенесары тобымен көштен ұрын кездесіп, Арқаға қайтқан ағайынды құшақ жая қарсы алатындарын білдірді.
Көш қозғалғалы көңілі қобалжып келе жатқан Кенесарының енді еңсесі көтеріле бастады.
ЕКIНШI БӨЛIМ
І
Күн сәулесі түндіктен төгіле түссе де, Қараөткелдің аға сұлтаны Қоңырқұлжа әлі тұрған жоқ. Ақ мамық құс төсектің үстінде қос жастыққа көміліп қалың ойға кеткелі көп болған. Бір мезет Қоңырқұлжа аунап түсіп шалқасынан жатты. Енді мойылдай қап-қара кішкентай көздері дәл тұсындағы сырлы уыққа қадалып, мысықтың мұртындай түксиген сирек қасы едірейе қалды. Қамшының алақанындай жалпақ келте мұрны пысылдап, кебежедей жуан қарны дем алған сайын көтеріле түсіп ырқ-ырқ етеді. Салпы ерінді аузын қисаңдата шайнағанда саршұнақтың құйрығындай жіңішке ұзын мұрты едірең-едірең ете қалады. Бұл жатқаны кіші тоқалы Зейнептің жеті қанат ақ отауы. Үй іші салтанатты: жерге төгілдіре төселген қырмызы қызыл түкті кілем, төрде қызылды-жасылды қаңылтырмен өрнектелген әшекейлі қос сандықтың үстіне керегені сірестіре жинаған шәйі көрпе, құс жастық... Есікке таман оюлы сырлы кебеже, екі жақ босағада сәндік үшін іліп қойған тоғыз қара құндыз, тоғыз қара түлкі. Табалдырықта қара қылшықты екі қасқыр терісі жатыр...
Аға сұлтан қазір көйлек-дамбалшаң. Дамбалының кең балағы тізесіне дейін түрілген. Ышқыры мен көйлегінің салпылдаған етегінің әр жерінде кеуіп қалған қан көрінеді. Оған қымсынар Қоңырқұлжа жоқ, тышқан көзін кейде жұмып, кейде ашып қалың ойға шомуда.
Аға сұлтанның аяқ жанында оның бүйендей жуан жүнді жұп-жұмыр балтырын сипап, былтыр ғана түскен, торқа мен жібекке малынған бүлдіршіндей жап-жас, бөкселі, тығыршық кеуделі, кіші тоқалы Зейнеп отыр.
Ол күміс жүзік, алтын сақина салған мыртықтау саусақтарымен байының борпыл бұлшық етті балтырын шымши уқалайды. Шымшиды деген құр аты, бір жерін ауыртып алмайын дегендей жәй әшейін бұрай сипайды. Бетінде не қуаныш, не реніш белгісі жоқ, бір тамыры бүлк етпей тұнжырап қалған. Тек найзадай сүйір ұзын кірпіктерін көтеріп, Қоңыр төренің етегі мен ышқырындағы қанға көген көзі түсіп кеткенде ғана, барқыт қабағы сәл шытынап, піскен бүлдіргендей томпиған еріндері бұртия қалады. Бірақ жас тоқалының қандай күйде отырғанына көңіл аударар Қоңырқұлжа жоқ, шытырман ойға шомып кеткен.
«Абылай ұрпақтарынан менің нем кем, дейді ол ішінен, атағым ба, бағым ба, дәулетім бе? Олар сияқты мен де Шыңғыс ханның әулетімін. Ұлы бабам орта жүздің ханы Сәмекеге қырық мың жылқы біткен. Бұдан жүз жыл астам бұрын Кіші жүздің ханы Әбілхайыр Россия патшасына бағынам деп хат жазғанда сол жылы Орта жүздің ханы менің атам Сәмеке де хат жазған. Тек патшаның қарамағыма алдым деген Указы шыққанша дүние салды... Орта жүз содан кейін барып Түркістаннан келген Сабалаққа — Әбілмансұрға ауған жоқ па? Өз әкем Құдайменді сұлтанға да отыз мың қара көк пен күрең бітті емес пе... Әбілмансұрмен хандыққа таласуға қуаты жетпесе оған ол айыпты ма? Менің әкем Құдайменді қабылан болса, Әбілмансұр — Абылай айдаһар еді. Айдаһардың қабыланды жеңуі ғажап па? Бірақ Абылай айдаһар болса да Құдайменді қабыланды жұта алмады. Сәмеке ханның ұрпағы деп Омбы генерал-губернаторы үнемі араша түсті. Соның арқасында ата мекен жерімізді де, қарамағындағы қалың арғынды да Құдайменді ешкімге берген емес-ті.
Бақ деген күйкентай құспен пара-пар, қай жерде жем болса, соған қонады. Әкеме бітпеген дәреже маған бітті. Бүкіл Қараөткелге аға сұлтан боп Абылайдың балалары емес, мына мен, Құдаймендінің Қоңырқұлжасы сайландым! Ал дәулет десең, менің дәулетім кімнен кем? Жиырма мың қылаң мен бараным бар. Тек салықты аз төлеу үшін қағазға он екі мың деп көрсеткем. Сегіз мың жылқымды жасырып қалдым. Бүкіл Россияның қазынасын иемденген патша ағзамға сегіз мыңнан түсер пайда мақтағанда бір күнгі салтанатты қонағасына жетер. Ал маған... Сексен жылқы сегіз ауылдың игі жақсысын сатып алуға жарайды».
«Әңгіме сексен жылқыда емес, елді билей білуде ғой.
Менің қызметіме ақ патша да, Омбы генерал-губернаторы да риза. Ал халық ше? Халық деген бір кеще жас бала, оны алдай алсаң болғаны, соңыңнан ере береді... Менің сол қасиетім ғой, осы уақытқа дейін жұртты уысымнан шығармай келгенім?»
Қоңырқұлжа бұқара алдында өзінің қадірін көтеретін істерін ойына түсіргелі сықсита жұмған көзін ашып алды. Жүзінде тәкаппарлық пайда болды. Кенет көзі аяқ жағында отырған тоқалына түсіп кетті. «Қалай қызықпассың, деді ол ішінен, әбден піскен бүлдіргендей ғой мына тоқалдың түрі... Бала таппағандықтан ба екен, дене бітімі әлі былтырғы жаңа түскен қалпындағысындай. Тек бөксесі шығыңқырап, кеудесі көтеріліңкіреген бе, қалай... Түнде менің кетіп қалғаныма өкпелегендей де кейіп бар ғой өзінде... Ой, тәйірі, қатын өкпесі бие сауымға жете ме, бауырыңа басып, бір умаштасаң... Әлде соны күтіп отыр ма?.. Онда...» Қоңырқұлжаның бойында қызу сезім кенет жарқ ете түсті де, әп-сәтте сөне қалды. «Иә-иә, деді ол тағы да ішінен, мен жұртқа аз жақсылық істедім бе? 1834, Жылқы жылы Мамыр айының он тоғызында-ақ патшадан бұзау терісіне мөр бастырып, қазақтан солдат алмаймын деген ант қағазын әкелгенімді былай қойғанда, патша ағзамның менің өтінішім бойынша биылғы Тауық жылы Көкек айының бесінде жіберген Указының өзі не тұрады?!»
Өткен Мешін жылғы қыс қатты болып, Балқаштың арғы бетінде малын айдауға көшіп келе жатқан Кенесарыдан жасқанып, Арқада тебінге қалған Ақмола өкірігінің жүз қырық мыңдай қарасы шөп жетпей жұтқа ұшыраған. Оның үстіне ақпан — қаңтарда Ташкент құшбегісінің қарақшылары жүдеп отырған біраз ауылды шауып, Есіл, Нұра қазақтарының шаруашылығы әбден күйзелген.
Жаңа устав бойынша Ақмола өкірігі қазақтары осы биылғы Тауық жылынан бастап жасақ төлеуге тиісті болатын. Жұрттың күйін көрген Қоңырқұлжа, салық жинау қиындығынан қашып, бар халықтың атынан салықты Көкшетау, Қарқаралы өкіріктерімен қатарласа, екі жылдан кейін төлеуді өтініп қағаз жазған. Бұл қағазбен қоса кешкі серуеніне мінсін деп Бірінші Николай патшаның өзіне арнап мойны қудай иілген алты ақбоз арғымақ жіберген.
Арғымақтың сұлулығына риза болған патша, Ақмола өкірігінің қазақтары қырқыншы жылға дейін салықтан босатылсын деген арнаулы Указын шығарған. Бұл Указ жүдеп қалған жұрттың көңілін көтерумен қатар аға сұлтан Қоңырқұлжаға өзге сұлтан, билердің алдында үлкен абырой әперген. Қоңырқұлжаның осал кісі емес екенін өзге жұрт та түсінген. Бұрын қыңыр қарап жүрген кейбір ауылдар енді қара суықтан ықтаған көтерем қозы-лақтай Қоңырқұлжаның қолтығына кіре түскен. Аға сұлтанның міндет етіп отырғаны осы жайт.
«Япырмай, деді тағы да ішінен Қоңырқұлжа, өткен жылғы қыстың орасан қатты болғаны есіне түсіп, қыстың осындай боларын есепші Жарқұлақ қарт айтқанда неге құлақ қоймадым? Қара малды алысқа айдай алмағанмен, жылқыны Баянауыл жағына өткізіп жіберуге болатын еді ғой. Есепші Жарқұлақ қарт алдына малта тәрізді өзен жағасының жылтыр сұр тастарын жәйіп қойып: «Міне көрдіңіз бе, аға сұлтан деп еді ғой, егер де Маусым мен Қараша айларында Мерген Қауыс жұлдызы мен Егіз Зауза жұлдызы қатарласа көрінсе қыс ауыр болады. Қазір Қараша, Маусымда Мерген мен Егіз қатар көрініп отыр. Сен Тұяқтың қызы Қайнысаны алар жылы да осындай болған. Ол жылы Жылан еді ғой, қазір Мешін... Мұндай ауыр қатаң қыс отыз жылда бір соғады. Қапы қалма деген еді ғой. Артынан жауырыншы Дәкір білгір де меңсіз қара қойдың отқа күйдірген қу жауырынының сызықтарына қарай отырып, «жеті халықтың тағдырын, сол жеті халықты басқаратын жеті патшаның ажалын, күні бұрын болжай алатын қара басты қара қойдың қу жауырыны айтуына қарағанда биылғы жыл Мешін жылы, Мешін жылы күні қаһарған, бораны ақырған ауыр жыл, — биыл жұт жылы болар» деген.
Қоңырқұлжа мұртынан күлді. «Жарқұлақ есепші мен Дәкір жауырыншының тілін алмағаным қандай дұрыс болды. Олардың дегенін істеп, жылқыны тау тасалаған шығыстағы елге айдағанымда, ел мұндай апатқа ұшырап, патша Указы шығып, абыройым көтерілмес еді ғой. Жаратқан алла бұныңа да шүкір, жүз қырық мың мал қырылса, биылғы жылы жүз қырық мың төл туар. Ал жұрт көзінше қадірімді көтеретін мұндай патша ағзам Указы әр жылда шыға бермес. Бұл атақ — менің абыройыма тағылған бір жаңа алтын теңге емес пе».
Қоңырқұлжаның қабағы кенет тікірейе қалды. «Апат демекші, апат келе жатқан тәрізді ғой, айлакер болсаң, құтылып көрші енді осы апаттан?!»
«Иә, шешелерінің жатырынан найза ұстап туған, Абылайдың қанды балақ ұрпақтары бір жағынан бастары алынып жатса да, тәубе етер емес.
Бегдербек құшбегі былтыр Есенгелді мен Саржанды өлтірсе, биыл Ләшкәр паруаншы алдап шақырып Қасым төренің өзінің басын алды. Ал бірақ бұдан кейін тоқтаған қайсы бар? Жараланған қасқырдай Қасымның Кенесары, Наурызбайы тіпті долданып алған жоқ па? Былтыр бес жүз үй болып ел шетіне келгеннен бері кең даланы күңірентіп жатыр. Бұлардың жеткені өзге елге қырсық болып тиді-ақ қой. Патшаға қарсы шығуды осы жұрт Қасым балаларынан үйренеді, осы уақытқа дейін кейбір қоқан-лоқысы болмаса, негізінде тыныш жатқан қалың Арғынның арасына да іріткі мықтап түскен секілді. Өзі де шығуға таяу тұрған көз еді дегендей, Кенесарының қайтқаны кесір болды. Қазірдің өзінде Ақмола өкірігінің Байдалы, Қойлыбай — Шағыр, Жанай — Қалқаман, Темеш, Тыналы болыстары бас көтеріп отырған жоқ па? Оған сонау Азнабай балалары шоқ салып кеткен Қаржас руын, Бектастың Таймасы жел беріп отырған Төртқара ауылдарын, Қарқаралы өкірігінің атқа қона бастаған Жеңбай — Шаңшақ, Қара — Ақтымбет, Қорсын — Керней, Қояншы — Тағай болыстарын, алты жүз отыз бес үй қырғызды, былтырдан бері ереуілдеп атқа мінген Кіші жүздің Табын, Тама, Жағалбайлы, Алшын, Жаппас, Шекті, Төртқара руларын, Дулаттың Иманы желіктіріп отырған Торғай бойының қалың Қыпшағын қоссаң не болды? Россия патшалығымен шектескен жердің бәрі қазір лапылдап жанған өрт тәрізді. Бұған Ақмола өкірігінің Қыпшағы мен Керейі де қосылады деген сыбыс бар. Сонда бұ жұрт қайда бармақ? Бүкіл Арқаны қалың өртке айналдырмақ па? Сол өрттің көрігі биыл Ұлытау маңына, Қарақойын, Қашырлыға көшіп келген Кенесары. Жер дауын, салық дауын пайдаланып қалың қазақты патшаға қарсы өшіктіре түспей. Жұрттың өшігуі әсіресе мына Ақтау бекінісі салына бастағаннан бері тым өрши түскен тәрізді. Ақтау бекінісінің салынуын да Кенесары өз пайдасына жаратпақ, оған мүмкіндігі де бар: Ақтау, Қарқаралы, Ақмола, Аягөз өкіріктерінің тоғысқан жерінде тұр. Және оның болашақта атқарар борышы да зор...»
Ақтау бекінісінің неге салынып жатқанын есіне түсірейін дегендей Қоңырқұлжа бас жағындағы кілем боқшантайына қолын созып қызыл сафьян мұқабадан қалыңдығы бір елі, екі басты самұрық құстың суреті салынған қағаз алды. Бұл осы жылы он бесінші Маусым күні Бірінші Николай патша қол қойған Ақтау бекінісін салу жөніндегі жарлық еді. Қоңырқұлжа көз жүгіртіп оқи бастады:
«Омбы облысына жататын сырт округтердің Ақтау деген жерінде бекініс салынсын. Бұл бекіністің бастығы-коменданты етіліп полковник не подполковник шеніндегі адам тағайындалсын. Комендант мынандай міндеттер атқарсын:
Ақмола, Қарқаралы, Аягөз округтерінің ішкі тыныштығын бақыласын.
Осы үш округ ауылдары оңтүстіктегі Бетпақдалаға дейін көшкенінде, солардың қорғаншысы болсын.
Шекараны үнемі бақылап тұрсын. Қазақтарды шекарадан әрі қарай бөтен жаққа өткізбесін. Басқа жұртты да шекарадан бері қарай кіргізбесін.
Осы үш округтің жерімен көшкен керуенді ұры-қарыдан, шапқыншылардан қорғасын.
Осы төрт міндетті орындау үшін жоғарғы аты аталған үш округтің әскерлері Ақтау комендантына бағынатын болсын. Және комендантқа біздің бекіністерімізге, не қоластымыздағы қазақ ауылдарына шабуыл жасайтын қастар табылса, оны Шу өзенінің бойына дейін қуып, қару қолданып тыйым салуға рұқсат етілсін».
Қоңырқұлжа Указды оқып шығып, оның маңызына жете түсінейін дегендей сәл үндемей жатты. Аздан кейін ғана барып тағы да сәл күлімсіреді «Асықпаңдар. Тек осы Ақтау бекінісі салынып болсын. Сонда көрерміз қайсыңның қалай тырп еткендеріңді!»
Жанында отырған тоқалын Қоңырқұлжа адамға санар емес, Указға риза болып кетіп, қос басты самұрық құс салынған жерін шөп еткізіп сүйіп алды да орнына қойды. Енді осы Указбен бірге Омбы генерал-губернаторына жазған патшаның екінші жарлығын оқуға кірісті. «Ақтау бекінісіне шіркеу салынсын. Шіркеуде бір поп, екі дьякон, бір күзетші ұстауға рұқсат етілсін. Поптың жылдық жалақысы мың сом болсын, мүриттерге, дьякондарға алпыс сомнан, күзетшіге — тоғыз сом елу тиын жылына жалақы берілсін. Ал попқа, Ақмола, Қарқаралы, Аягөз приказдары бойынша жолға шыққанында, заңға сәйкес жол құны төленсін және одан бөтен арақ-шарап секілді керектеріне жылына тағы екі жүз елу сом ақша қосылсын».
Қоңырқұлжаның мұрты ұйқыдан оянып керілген мысықтың құйрығындай тікірейе қалды. «Бұл қалай, деді ол тағы да ішінен, Абылайхан Қалдан Сереннің Шарша деген баласын өлтіріп, енді орыс патшалығына бағынам деп Тұғым деген баласын жібергенінде, қатын патша оған хандық құрмет қағазымен, жылына үш жүз сом ақша, екі жүз пұт ұн төленіп тұрсын деген жарлық берген еді ғой, ал мына попқа... Иә, сонда қалай болғаны? Патша ағзамның қазір байығаны ма, әлде үш жүздің ханы саналған Абылайға жылына үш жүз сом төлеп көңілін өзіне аудармақ болғанда, бар қазақтың бостандығын бір поптың жалақысы құрлы көрмегені ме?»...
Қоңырқұлжа өз ойынан өзі шошып кетті. «Түфа, түфа» деді патша ағзам үш жүз сом түгіл, бүкіл қазақты босқа неге алмайды? Қыңқ десем жаным шықсын. Тек Құдайменді тұқымын көлеңкесімен қорғай жүрсе болғаны! Иә, иә, көлеңкеңнен айналайын ақ патша, сенің жақсылығың аз тиді ме? Мен де сол жақсылығыңды ақтап жүрген жоқпын ба? Қолымнан келгенін аяған жерім бар ма? Омбы облысының бастығы генерал Талызинның бұйрығы бойынша, Кенесары жағына шықпақ болған руларға қасыма үш сұлтан ертіп өзім бардым, көшпеңдер дедім. Талызинның жұртты қорқытқан, үркіткен, маңдайынан сипап алдаған қағаздарын да тараттым, тіпті болмаған соң ереуілді елге Омбы облысының мұсылман мешітінің басы Габдырахман ұғлы Мұхаммед Шариф имамды да шақырттым, бірақ көтерілісті басу менің маңдайыма жазылмаса не істеймін. Ақ патшаға қарсы желіккен қазақ Наурыздағы шабынған бура тәрізді, мауқын баспай, бетінен қайтпайды. Қой десең өзіңе қарсы ұмтылады. Кенесары отырған елдің ортасына баруға, маған да жан керек, бәлелі тесікке бармағымды тығып не жыным бар, бар қолдан келгенім сол болды.
Ал Кенесары дегеніңіз кекілікті ілуге әккі болған кезқұйрық тәрізді, сотқар әкесі мен тентек ағаларының соңынан жүріп әбден шынығып алған, ұрысқа бірден кіріп кетпей, Чириков есаул секілділер басқарған кішкентай жасақтарды қағып тастап, күш жинауда...
Омбы генерал-губернаторына «Есіл, Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Қарқаралыдан Жайыққа дейін ата-бабамыздың жері еді, сендер соларды тартып алып, бекініс салып жатырсыңдар. Мал бағып, күн көретін бізге де жер керек»,— деп әлсін-әлсін хат жазып, жұртты дүрліктіре түсуде. Ақтау бекінісі салынады дегеннен бері тіпті өшігіп алды. Қан төгіспейік, Ақтау бекінісін салмаңдар дейді. Ал атамекен Көкшетауы мен Қараөткелдің арасына орнатылған бекеттерге маза беруді қойды...
Бірақ ақ патшаға Кенесары кім? Ай далада ұлыған бір аш қасқыр. Жазған хаттарына жауап қайтармақ түгіл осы хатты әкелген адамдардың өзін ұстап алып шетінен Сібірге айдауда. Ал сонда Кенесары не істемек? Бізде жазық жоқ, өтіндік, құлаққа ілмеді, ал енді атқа қонайық деп қалың бұқараны көтермек... Сондықтан да жерінен айырылып ақ патшадан түңілген жұрт Кенесарыға қосылуда. Омбы генералдары мұны неге түсінбейді? Көктемде көтерілген дария түгіл кішкентай өзен де бір күні шеңберінен шығып тасиды. Ал Омбы бастықтары қалың қол шығарып, Кенесары күшеймей тұрғанда, қырып салудың орнына, біздің өзімізге ереуілді тоқтат, немесе тың тыңда деп бұйрық беруден басқаны білмейді».
Қоңырқұлжа кілем боқшантайға тағы да қолын созды. Бір қағазды алып тесіле оқыды. Бұл полковник Талызинның ең соңғы жарлығы еді. «Осы жарлықты алысымен көтерілген ауылдардың мақсатын білу қажет, райларынан қайтпаса, қан жұтқызып басу үшін жиырма төрт сағаттың ішінде сол ауылдарға өзіңнің балаларыңды жіберуіңізді ақырғы рет бұйырамын. Бұл жарлықты сіз бұлжытпай орындауға тиістісіз»,— деген сөзді оқып шықты.
Қоңырқұлжаның онсыз да қара қоңыр жүзі енді тіпті қошқылданып кетті. Қараөткел бекінісіндегі бәйбішесі Қайнисаның үйінен әдейілеп арнап тоқалының аулына да осы жарлықтың әлегімен келген. Аға сұлтанның Омбыдағы кадет корпусында оқып жүрген Жәнәділ, Шыңғыс деген екі баласы бар. Қоңырқұлжа бұларды патша қызметі үшін қауіп-қатерлі Кенесары ауылдарына жібермек түгіл, аждаһаның апанына да жұмсауға шімірікпейді, тек... балалары айтқанын орындай ма, гәп сонда. Жәнәділ үлкен бәйбішесі Қайнисадан, Шыңғыс екінші әйелі, Уәлиханның немересі Аққағаздан туған. Жәнәділ ынжық, қорқақ, бірдеңеге берілсе тез ат құйрығын кесе алмайтын босаң. Ал Шыңғыс шаш ал десе бас алатын қатал, әрі өжет, әрі батыл. Жәнәділ салпы ауыз қара. Шыңғыс нағашы жұртына тартқан ақсары, шегір көз. Төре тұқымының жанжалшыл, ұр да жық мінезінің бәрі де бойына біткен. Жастығына қарамастан ел арасындағы дау-жанжалға да араласа бастаған. Былтыр есаул Лебедев Балқаш көлінің тұсында көшіп бара жатқан Сейтенді қолға түсіргенде тілмаш болып барған да осы Шыңғыс. Ал Жәнәділде бұл жігердің бірі де жоқ. Бір биеден ала да, құла да туады деген міне осы. Аға сұлтан екі баласын да жек көреді. Өз қолымен ажалға айдап салуға бар, бірақ төркіндері мықты, адуынды әйелдерінен ғана именіп жүр...
Қоңырқұлжаның көзі қайтадан жас тоқалына түсті. Бұл жолы бағанағыдай емес, шүңірейген кішкентай көзінің түбінде бір қияпат ашу ойнай жөнелді. Жас тоқалының бетіне тесіле қарап, ішіп-жеп барады. «Мынау тығыршық төс, бөлек бөксе кімді болса да қызықтырар... Осы сұлу тоқалы баласы Шыңғыспен көңілдес дегенді бәйбішесі Қайниса көптен бері құлақ-қағыс ететін. Ақ қағазды жек көретін, күндес қатынның шері ғой деп Қоңырқұлжа бұл сөзге бәлендей көңіл қоймайтын. Алайда тоқалының қасына бір жансызын тыңға қойған. Сол жансызы жақында мұның өсек емес, шын екенін айтқан. Бұл суық хабарды естіген шақта қанша бұлқан-талқан болып ашуланғанмен, өш алуға келгенде айлақор, үндемей бас салатын сабырлы аға сұлтан табанда шу шығармай «тұра тұр бәлем!» деп іштен тынған да қойған. Сөйтіп ызаға үнсіз жанып жүргенінде екінші бір сұмдықты тағы естіген. Үлкен баласы Жәнәділ осы кіші тоқалының аулындағы бір төлеңгіттің қызына ғашық екен. Қыз да мұны жақсы көреді-міс. «Егер әкем айттырып бермесе, осы қызды нағашым аулына немесе Омбыға алып қашам»,— дейтін көрінеді Жәнәділ...
Бұл хабарды естігенде Қоңырқұлжа тіпті күйіп кетті. Аға сұлтанның баласы қарашының қызын алмақ деген не сұмдық! Қоңырқұлжа кіші шешесінің қойнына барып жүрген Шыңғысқа да мұндай ашуланып көрген жоқ, ал бұл жолы... Жәнәділді жедел шақыртып алдыртты да:
— Сенің қарашының қызы, Әбдіуақит төлеңгіттің Күмісін алам дегенің рас па?— деді екі көзі қанталап.
Жайшылықтағы ынжық, қорқақ Жәнәділ сірә Күмісті шын жақсы көретін болуы керек, күтпеген жерден табандылық көрсетті. Әкесіне тіке қарай алмаса да, қызға берген уәдесінен таймады.
— Рас.
— Ал сен бүкіл Ұлытау, Қара Кеңгір, Сары Кеңгірдің қожасы Ерденнің кіші қызын саған айттырғанымды білмейсің бе?
— Білемін. Ол қызды Шыңғыс алсын...
— Ей, не малтаңды езіп тұрсың өзің? «Шыңғыс алсының» қалай?! Қатынды саған айттырамын да, алатын Шыңғыс болғаны ма?
Жәнәділ төмен қарап міңгірледі.
— Әкесінің жас тоқалына барғанда, ағасының қалыңдығын ала алмай ма?.. Алсын. Мен Күмістен бөтен ешкімді алмаймын. Алдырмасаң бауыздалып өлемін.
Қоңырқұлжа күйіп кетті. Жәнәділді бас салып тепкілейін десе, Зейнеп пен Шыңғыстың арасын жұртқа жаяр деп қорықты. Ашудан өзін өзі әзер ұстап:
— Шық үйден!—деуге ғана мұршасы жетті.
Осыдан кейін төсек тартып үш күн жатып алды. Қалың ойға шомды. Шешімге де келді. «Зейнеп пен Шыңғыстың арасы жұртқа тарамасын. Ағайын-туған естісе абыройымның айрандай төгілгені. Бұл екеуінің тартар жазасын тек өзім ғана білуім керек. Ал Жәнәділді қарашының қызы Күмістен алыстатқан ақыл. Сандыбайдың Ердені өзіммен терезесі тең шонжар. Онымен құдандал болу — он екі қанат ақ ордама тағы да бір жаңа тіреу қосылды деген сөз. Нағашысы Тұяқбай қарадан шыққан қыңыр еді, көрдің бе жиенінің қалай қарай тартқанын? Қайткен күнде де Күмістен ажырату әдісін табу қажет, нағашысы секілді тоң мойын ит айтқанға көнбесе...»
Бүкіл Қараөткелді бір шыбықпен айдаған Қоңырқұлжа өз басына түскен ауыртпалықтан осылай күбідей ісініп, не істерін білмей жүргенінде, Талызинның әлгі хаты келген.
Қоңырқұлжа қуанып қалды. «Ау, туған балаларыңды көрер көзге ажалға айдағаның ба, деген іштей сұраққа:—үш жүз бірдей мадақтаған Абылай өзін Хиуа ханының құлдығынан алып қашып, еліне аман-есен әкелген Ораз құлды ер жеткен кезінде «Басымнан өткен қашқындық, құлдық қаралы күнімнің куәсі болады»,— деп өз қолымен бауыздаған жоқ па еді?! Жамандық ісіңнің айғағы болар адам тірі жүруге тиісті емес. Бұл салтты Абылай балалары берік ұстағанда Сәмеке ханның ұрпағы неге қашады? Аға сұлтан Қоңырқұлжа өзінің тоқал шешесінің қойнына барған баласы Шыңғысты ерлік көрсетер сын сапарға жұмсауы күнә ма?»—деп мырс-мырс күлген.
Енді осы шешімін айтпақ боп іздеткенінде, Омбы кадет корпусынан жазғы демалыстарына келген Жәнәділ де, Шыңғыс та аулында болмай шыққан. Кенет бойын қызғаншақтық ашу билеген Қоңырқұлжа оларды іздетіп шақыртып алуға шыдай алмай, қасына он бес баскесер нөкерін ертіп, өзінің әлі түнейтін кезегі жетпеген жас тоқалының аулына түсіп кеткен. Бірақ Жәнәділ мен Шыңғыс мұнда да болмай шыққан. Сірә әкелерінің келе жатқанын естіп, көрші ауылға кетіп қалған тәрізді. Бір нөкеріне «тауып әкеліңдер» деп бұйырып, өзі тоқалының үйіне түскен. Мезгілсіз келген байының түксиген қабағынан Зейнеп сескене қалса да сыр бермеген. Сұлу денесінің еркектерге алдымен көзге түсетін ерекше жерлерін күзгі семірген тоқты қойдай әдейі бұлтылдата, көзін жерден бір алмай, аяғын ұшынан басып қызмет істеген. Жас бағланның тез піскен етін тұтасымен бір өзі жеп, бір шара қымыз ішіп ықылық ата бастаған Қоңырқұлжа қырмызы қызыл түлкідей құлпырып өзінен әлденені дәметіп монтиып отырған тоқалға сонда ғана қараған. Жеген еті мен ішкен қымызы бойға тарап, денесін кенет бір алуан қызу сезім билей жөнелсе де, «тоқалым, сенің көңіліңді соңынан табармын» деп далаға шыққан. Ел жата бастаған кез еді. Жәнәділ мен Шыңғыс әлі келмеген екен. Қоңырқұлжаны бөтен ой билеген.
— Әбдіуақит төлеңгіттің үйі қайсы?— деді ол қасында тұрған нөкеріне.
— Мынау шеткі қараша үй.
Қоңырқұлжа ешкімге тіл қатпай сол үйге қарай жүре берген. Аға сұлтанның ізін басып оны күзетіп жүрген топ нөкері де соңынан ерген.
Қоңырқұлжа «Ассалаумағалайкүм» деп кіріп келгенде, ең алдымен қараша үйдің дәл ортасында қып-қызыл боп жайнаған тобылғы шоғын керді. Одан кейін қара көлеңке үйдің оң жағында құрама көрпенің үстінде шашының ұшын еріп отырған бой жете бастаған жас қызға көзі түсті. Бөтен жан жоқ. Бейсауат келген аға сұлтанды танып қыз не істерін білмей тыпырлаған да қалған.
— Әбдіуақит қайда?— деді аға сұлтан, қыз бетіне сүйсіне қарап.
Қыз бұрынғыдан да саса түскен.
— Әлгі көрші ауылдағы нағашым үйі шақырып еді... Кіші баласын сүндеттетеді екен. Апам екеуі соған кеткен... Көп кешікпей келіп қалар...
— Ә-ә... Атың кім?
— Күміс...
Шешім табанда келген. Қоңырқұлжа мінезіне әккі болған нөкерлер үйден шығып кеткен.
Аға сұлтан қызға қайта қараған. Күміс десе күміс екен. Маңдайы қақтаған күмістей кең, өзі жұмыртқадай аппақ, сазды жерге біткен сары ағаштай сұңғақ бойлы, уылжыған бір керемет. «Жәнәділ де текке құмартып жүрген жоқ екен!»— деді ішінен кенет бойы балқып кеткен Қоңырқұлжа, сөйтті де сыртына жамыла салған қара пұшпақ ішігін иығынан сілкіп түсіріп, көйлекшең қалды да, сабадай кең жарғақ шалбарының ауын шешіп жатып, Күміске қарап:
— Балам, ана бір кеседегі сусынды бері әкелші,— деді.
Аңшы қуып жеткен еліктің лағындай зәресі ұшып, тостағандай көзі шарасынан шыға жаздай жаутаңдаған Күміс бір сәтте далаға қаша жөнелгісі де келді, бірақ сыртынан есікті ұстап тұрған жігіттерді аңғарып, «ештеңе ете қоймас. Сусын сұрап отыр ғой...»—деп дірілдеген буынын әзер басып, майыса түрегеліп аяқ жағында тұрған саумал құйылған, қаңылтыр сыммен шандыған ескі кесені ұстап, арбаған жыланға таяған торғайдай, Қоңырқұлжаға жақындай берді.
— Мінекейіңіз...
Сол-ақ екен Қоңырқұлжа Күмістің ақ білегінен шап беріп ұстай алды да, өзіне тартып алды. Қыздың тек «ойбай» деген даусы ғана шықты. Ар жағында жағалтайды ілген қара бүркіттей Қоңырқұлжа Күмісті қозғалтпастан балдырған жас денесін шөккен бураша алпамсадай кең бауырының астына алып, әлі әбден қатпаған қабырғасын сындырардай қыса, умаштай жөнелді...
Қанша бұлқынғанмен аузын кеудесімен тұншықтырған алып күш қоя ма, аздан кейін Күміс талықсып кетті. Бірақ аға сұлтан оған қараған жоқ. Елуге келсе де, әлі күші қайтпаған, бағлан қозы еті мен уыз қымызға тойынған Қоңырқұлжа енді жас Күмістің абыройын қызыл қан етіп ағызды.
Қоңырқұлжа мауқын басып, маңдай терін сүртіп жатқан кезінде сырттан:
— Сұлтан, қайтесіз қызуланып, сізге кіруге болмайды, онда аға сұлтанның өзі бар,— деген бас нөкерінің даусын есітті. Қоңырқұлжа баласы Жәнәділдің келгенін білді.
Дүлей күшке қарсы тұра алмай ақ жүзін мөлдір жасы жуып талмаусырап жатқан «жас иісті» тағы да бие сауым мезгіл әурелей, аға сұлтан әлден уақытта орнынан тұрды.
— Әкесі қатын қылған қызға үйленсін енді Жәнәділ!— деп есіней күлді де, ішігін иығына іліп, жарғақ шалбарын қолтықтай үйден шығып кеткен.
Тоқалының отауына жақындай беріп, анандай жерде, көген қасында екі бетін қолымен басып, екі иығы бір көтеріліп, бір түсіп үнсіз жылап отырған Жәнәділді көрді. Қайырылып қараған да жоқ. «Әкеңнің тоқалына ініңнің барғанын бетіме салық ететін сабазсың ғой, ал енді не айтар екенсің?»— деді ол күбірлеп, өзінің туған баласын табалай, сөйтті де ақ отауға беттей берген.
Бір нөкері соңынан асыға қуып келіп:
— Алдияр аға сұлтан, әке-шешесін қайтеміз, көрші ауылдан келе жатқан бетінде қол-аяқтарын байлап сайда ұстап тұрмыз?—деп еді, Қоңырқұлжа:
— Қоя беріңдер,— деді де ақ отауға кіріп жоқ болған.
Қоңырқұлжа шаңырақтан түскен күн сәулесінен бетін сәл әрірек қозғады да, қайтадан тоқалына қарады. Одан бетін аударып босағаға көз тастады. Босағада керегеге жібек бүлдіргісінен ілінген сегіз қарыс, өрімі қос саусақты ырғай сапты қамшы тұр.
Өз балаңмен ойнас болатын патшағарсың ғой, алсам қайтер еді ана қамшының астына, деп ойлады ол бір сәтте. Бірақ ол ойынан тез қайтты. Зейнеп осал жердің қызы емес. Қарқаралы аға султаны Жамантайдың кенже қарындасы. Бұ да Тәуке сұлтанның қызы. Сұлтан қызын ұруға дәстүр жоқ. Ұнамаса, немесе дәм-тұздары жараспастай кектессе сұлтандар ғұрып бойынша ондай әйелді ұзатып әкелгеніндей, бір көш етіп ырғалтып-жырғалтып төркініне апарып салуы керек. Күнәсін өз әкесі тартқызады. «Иә, бұл қамшы саған емес, бөтендерге арналған, анау қорғасын сымды төрт таспа, осы Қоңырқұлжаның өз қолымен-ақ талай құл мен күңнің арқасында ойнаған».
Аға сұлтан қайтадан тоқалының бетіне көз тастады. Таң ата Қоңырқұлжа үйге кіргенінде Зейнеп, ұйықтамай күтіп жатыр екен. Тоқалға нәпсіқұмар сезіммен көңіл қосқан жүйрік дөнендей Шыңғыстан гөрі азбан жылқыдай ауыр денелі Қоңырқұлжаның жөні бөлек тәрізді. Аға сұлтан төрге келіп жантайып көзі ілегіп кеткенше, Зейнеп болыскей кереуетті сақырлатып, «жаныма келсейші» деп шақырғандай әлсін-әлсін дөңбекши берген. Бір шапса ұзақ шабатын әбден қалжыраған кәрі мәстек, жас байталдың ойнағысы келгенін білсе де, шаршағандықтан жастыққа басы тиісімен қор ете қалған. Содан сәске кезінде көзін ашса, аяқ жағында тоқалы отыр екен. Ызалы жастан бұлауланған екі көзі Күмістің абыройы қан боп қатқан Қоңырқұлжа көйлегінің етегіне қадалған....
Қоңырқұлжа қымсынар емес. «Өзіңнің көп істегеніңнің бірі ғой менің түндегі бозбалашылығым»,— деп қанды етегінен именбестен жүнді балтырлы аяғын созып:
— Уқала,— деген. Содан қайтып тіл қатқан жоқ. Ал Зейнеп сол сәскеден күн көтеріліп, түске таяғанға дейін әлі қозғалмай отыр. Ұзын жібек кірпіктерін анда-санда бір көтеріп, қара көздерін Қоңырқұлжаның кіндік тұсынан төмен бір қадап қояды да, қабағын сәл шыта көйлегінің етегіне аударады. Ақырын ғана күрсінгендей боп демін алады да байының жүнді жуан балтырын қайтадан уқалай түседі.
Қоңырқұлжа тынығып қалған екен. Әлі де болса бірдемені дәметіп мөлиіп отырған тоқалды кенет аяп кетті.
— Қамзолыңды шешіп, ана есіктің тиегін салып кел,— деді Қоңырқұлжа өзі ыңғайлана беріп. Қуанып кеткен жас тоқал орнынан асыға тұрып ырғала басып барып есіктің тиегін салды. Дәл осы кезде сырт жақтан біреу есікті тартты. Зейнеп босағадан сығалап жіберді де:
— Сұлтаным, Шыңғыс пен Жәнәділ,— деді,—ашайын ба?
— Жандары шығып кетпес, күте тұрар, өзің бері кел...
Тоқалдың ұпайы түгенделіп болғаннан кейін, әлден уақытта барып, есік ашылып, үйге Шыңғыс пен Жәнәділ кірді. Түстері солғын. Әсіресе Жәнәділ. Екі ұрты суалып, көзі кіртиіп, бір түннің ішінде сүзектен тұрғандай ілмиіп қалған. Күнәні әкесі емес, өзі істегендей, Қоңырқұлжаның бетіне қарай алмады, басы төмен салбырап кеткен. «Бәсе, нағашыңа тартқан боз өкпе боларсың деуші едім, дауыс көтеруге жарар түрің жоқ қой. Күмістің де енді маңайынан жүрмессің»,— деді ішінен аға сұлтан. Жәнәділ расында да әкесінің айтқанындай боз өкпе, босаң бел, жігерсіз жігіт еді. Бар махаббатын түнде жылап тауысқандай Күмістен де күдер үзген, әкеге де қарсы сөз айтар дәрмені жоқ, қазіргі тұрысы қажырсыз, салы суға кеткен адамның кейпі еді.
Ал Шыңғыс болса сусыны қана умашталған тоқал шешесінің жайраңдаған түрін көріп, жанжалдың жеңіл біткенін түсінді. «Татуласқан екенсіңдер. Бәсе, қара ниетті кәрі қорқау, жүзге істеген қиянатының өзіне қайтарылған бірін кешірсе керек етті. Енді әкеден келер қауіп жоқ».
Әкесінің сырын осы күнге дейін анық түсінбеген Шыңғыс, оның баласына өлмей кешпес кек сақтап қалғанын қайдан білсін!
Қоңырқұлжа боқшантайынан Талызинның бұйрығын қайта алып, балаларына оқып берді де:
— Сендер ақ патшаның офицерлерісіңдер. Бұйрықты орындау — борыштарың. Әрқайсың жүз сыпайдан алып, ереуіл көтерген елдерге жүріңдер. Айтқандарыңа көнсе көшкен жұртты кейін қайтарыңдар, көнбесе бастарына ақыр заман орнатыңдар,— деді.
— Егер күшіміз жетпесе қайтеміз?— деді әкесінің сөз төркінін аңғарып қалған Шыңғыс,— Кенесары сұлтан осал жау емес.
— Ақ патша офицерінің сөзі емес айтып тұрғаның, қарғам. Құдайменді ұрпағының атына кір келтірмеңдер!—деді аға сұлтан келте қайырып.
Көрер көзге өлімге айдап салғанынан Шыңғыс қатігез әкенің өз күнәсін кешпегенін ұқты. Аға сұлтанға енді сөз қайтармай екі баласы үн-түнсіз үйден шығып кетті.
Аздан кейін олардың Қараөткел бекінісіне қарай шауып бара жатқан дүбірі естілді.
Қоңырқұлжа сәл тыңдап тұрды да:
— Қашанғы тоқал шешесінің етегіне жабыса береді, Шыңғысқа да өзін көрсетер мезгіл жетті,— деді.
Зейнептің жүрегі мұздай боп кетті. «Бәрін де біледі екен. Мезгілсіз келгенінің де себебі сол болды. Анау етегіне жабысқан қан да соның есебі екен. Қарамағында кісі жоқтай, туған балаларын өлімге айдап салуы да соның өші. Көкжал болсаң осындай бол».
Кәрі тарлан Қоңырқұлжаға Зейнеп сүйсіне қарады. Айыпты екені есіне түсіп кетіп, аяғына жығылып кешірім сұрағысы да келді. Бірақ оны істемеді, әйел болса да түбі Бөкейханның ұрпағы екенін ұмытпады. Сол сазарған қалпында:
— Ал Жәнәділдің жазығы не?— деп сұрады.
— Жазығы баласы мен шешесінің қылмысын біледі. Және сұлтан басын қарашының қызына қор етпек болды.
— Бәріне де түсіндім. Енді мені төркініме қашан апарып тастайсың?
— Баланы өзім таптырдым, өзім жазалаймын. Ал қатынды қырық тоғыз төлеп сатып алғам, қалың малымның құны қайтпай бостан-босқа неге апарып саламын?— деді қабағын түксите, сөйтті де сәл жібіп,— қымызың болса әкелші, шөлдеп кеттім,— деп теріс бұрылды.
«Арам қолдан қалай адал қымыз ішуге дәті барады»,— деп Зейнеп сәл таң қалып тұрды да, өзін-өзі жұбатты: «Жарайды, хан тұқымында бұдан да сорақы күнәлар болған. Өзі кешсе, маған не сор?»
Ол енді жорғалай басып, босағада тұрған күміс піспекті қара сабаға қарай беттеді.
Осы кезде үйге біреу кірді.
— Ассалаумағалейкүм.
Қоңырқұлжа сәлем берген адамның бетіне бұрыла қарады да, кенет жүзі жылып сала берді.
— Ау, Ожар сабазсың ба?
— Иә, аға сұлтан, өзімін.
— Жарқыным-ау, тірімісің, қайдан жүрсің? Жоғары шық.
— Омбыдан. Және жалғыз емеспін,— деді Ожар төрге таман отырып жатып.
— Қасыңда кім бар?
— Қатыным.
— Кімнің қызы?
— Тайжанның.
— Қай Тайжан? Әлгі патшаға қарсы шығып атылған... Азнабайдың Тайжаны емес пе?
— Иә, сол кісінің қызы...
— Онда қыз бар ма еді?
— Өзі ұсталғанда... Алтыншаш деген қызы қалған екен. Тайжанның үй-ішін Туринге айдағанда Омбының бір бай саудагері сол Алтыншашты сатып алып, генерал Фондерсонға тарту етіпті... Биыл он алтыға шықты.
— Әңгіме сенде екен ғой!.. Иә, сен оған қалай үйленіп жүрсің?.. Өзі қайда... Үйге неге кір демейсің...
— Көрші ауылда... Қалай үйленгенім ұзақ жыр...
Ожар қымыз сапырып жатқан Зейнеп жаққа көз тастады да, сөзін тыя қойды. Аға сұлтан бірден түсініп әйеліне:
— Тоқал-ай, сыртқа шығып қонаққа шай қойғыз, қой сойдыр...— деді.
Зейнеп: «Менен жасырасыңдар ғой сырларыңды»,— дегендей кекете езу тартты да үйден шығып кетті.
Ожар Сейтенмен қалай серік болғанын, оны қалай ұстап бергенін, өзінің тұтқын болып неге бірге жүргенін бастан-аяқ баяндап берді де:
— Омбыға барған соң да екі жетідей абақтыда жатуға тура келді.— Сейтенді бөлек, мені бөлек «соттамақ» болды,— деп күлді.— Бір күні Фондерсонның езі келді. Генерал дегенді жақын жерден бұрын кім көрген, сары ала түймелі, қайқиған жирен мұртты, түсі суық кісі екен. Сейтен мен Тайжанды ұстап бергеніме рақмет айтып, не тілегің бар, сұра деді... Омбыға былтыр бір жәрмеңкеге келгенімде Алтыншашты көргенім бар... Сонда аузымнан сілекейім ағып құмар боп кеткем. Тәуекел деп генералға: «Маған қатындыққа есігінде жүрген қырғыз қызын берсең болады»,—дедім.
— Жиырма бесінші жылғы заң бойынша қыздың кімге тием десе де өз еркі. Біздің зорлауға хақымыз жоқ,— деді генерал.— Қыз көнсе...
«Байқаймын генералдың Алтыншашты маған берер түрі көрінбейді. Заңды өздері қолдан жасап алып жүрген жоқ па... Темір торлы абақтысы бар қала түгіл, жалпақ жатқан қазақ жерінің өзінде де қыздың еркін кім сұраған. Әйтсе де мен:
— Қызды көндірудің міндетін өзім алайын,— дедім.
Генералдың көзі шарадай болып кетті.
— Әкесін ұстап берген адамға ол қалай көнеді?— деді.
— О жағын өзіме жіберіңіз,— дедім.
Генерал айтқан сөзін қайтып ала алмады. «Жарайды» деді.
Бұрын бізде күзетте жүрген бір шоқынды татар уряднигінен естігем: «Фондерсон үйіндегі малай қыз сізді екі-үш рет сұрады. Егер тамақ берсем тапсырасың ба?»— дейді деген.
Әрине, әкесінің ағасымен бірге абақтыға түскен соң мені солардың адамы екен деп ойлап жүргенін бірден ұқтым. Жемін сезсе жиырылған кірпі бауырын жазады, азырақ ақша беріп, әлгі урядниктен мені қызбен бір жолықтыруын сұрадым. Өз дінін сатқан урядник, патша қызметін де сатты, бір кезекте тұрған күні Алтыншашты маған әкеп жолықтырды. Қыз кісендеулі Сейтен екеумізді генерал үйінің жанынан абақтыға айдап апара жатқанда көрген екен. Жаны ашып түнімен жылап шығыпты. Байқаймын, шет жақта өскенмен, өз тумаластары десе үзіп жанын беретін түрі бар. Оның үстіне мен оған елінің азаттығы үшін күресіп жүрген бір батыр жігіт боп көрінген тәріздімін. Қысқасы, біз шу дегеннен тіл таптық. Сөйтіп, бір-екі кездескеннен кейін, екеуміз қол ұстасып елге қашпақ болдық.
«Біздің осылай уәделескенімізді Фондерсонға айтып едім, ол шу дегенде жаман ашуланды. Бөлтірікті қанша асырасаң да тоғайын аңсайды» деген осы деп бір сәтте Алтыншашты жазаламақ та болды. Дегенмен ақылды адам ғой, аздан кейін сабасына түсіп «Сенің мұның дұрыс екен. Алтыншашты алып еліңе жет... Халқының азаттығы үшін күрескен кісінің қызын алып қашып келсең, саған жұртың сөзсіз сенім көрсетеді. Ал бізге қазақ арасында, әсіресе Кенесары жігіттерінің арасында сендей жансыз көз-құлағымыз болғаны өте қажет»,— деді. Сөйтіп мен қазір Алтыншашты қатын етіп алып, Кенесарының аулына бара жатырмын,— деді сөзін аяқтап Ожар.
Қоңырқұлжа риза болып қарқ-қарқ күлді.
— Жігіт болсаң міне осындай бол! Қой да аман, қасқыр да тоқ, қатын да бар.
Ожар төмен қарап күлімсірегендей езу тартты.
— Заманың түлкі болса, тазы боп шал деген ғой біздікі.
— Дегенмен екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді, сақ бол. Әсіресе Кенесары аулында... Сұлтанның көзі қырағы, қате бассаң бірден сезеді. Және ол ауылда жалғыз ғана Кенесары емес қой.
— Қасымның ұрпағынан басқа қасында тағы кімдер бар екен, хабардарсыз ба?..
— Қазір көп жұрт солай қарай бет бұруда ғой. Жақында сол жақтан бері өткен бір мәліш сәудегерінен естідім, атақты батырлардан бүгін таңда Шұбыртпалы Ағыбай, Алтай Төлебай, Бестаңбалы Бұқарбай, Бағаналы Құдайменді, Қыпшақ Иман бар көрінеді, ал Табын руының батыры Тіленшінің Жоламаны біз де сендермен біргеміз деп жақында Байтабын деген жас батыры мен Серғазы хан тоқалдыққа алайын деп жүрген Ақбөкен атты батыр қызды жіберіпті...
— Қатын құтырған заман болды ғой осы кез... Сырымбет қырқасынан байын, малын тастап алты баласымен Кенесарының қарындасы Бопай да барып қосылды деген де рас па?
— Рас. Қасымның ұлдары арлан қасқыр болса, қыздары қаншық бәрі емес пе. Бопай қазір қолына найза алып бір топ жігіттерді басқарады деседі. Күйеу жұрты, Уәли ханның ауылын шабамын деп тісін қайрап жүрген көрінеді.
— Бопай келіп ағасының тобына қосылса Жанайдар батыр да со жерде десеңізші...
— Неге?
— Жанайдар мен Бопай жас кездерінде Қозы Көрпеш пен Баян сұлудай болған жоқ па еді? Тек Қасым төре Жанайдарды қара қазақ деп Бопайды оған бермеген. Алты бала тапса да Бопай Жанайдар десе ішкен асын жерге қояды деген өсек бар. Екеуінің басы Кенесары ордасында қосылған болар.
Өзің ана жылы Байгөбектің асында көргенім бар, ағасы тәрізді көзінен қаһар шашқан ақ сары қатын екен. Астына боз жорға мініп алып сайысқа түсті. Бірде-бір еркек шыдатпап еді...— Ожар бірдеме ойына түскендей Қоңырқұлжаға бұрыла қарады,— жаңағы айтқан батырларыңыздың бәрі, Жоламан сұлтаннан өзгесі, кілең ашық кеуде, жалаң төс кедей сарбаздар екен... Ел билеген бай, манаптан ешкімнің аты естілмей ме?
— Малымды шауып алар деп қорыққан жүз-жүз елу шаңырақты Шорманның Мұсасы, Жақыптың Елемесі, Асылғазының Бабатайы секілді мыңды айдаған азғантай байлар болмаса, ел ағалары «түбі қалай болады» деп артын күтіп отырған тәрізді ғой. Әзірге қосылғандар Қарқаралы өкірігінен Қазының Құдаймендісі мен Баянауыл өкірігінен Бектастың Таймасы. Қазының Құдаймендісі патша үкіметіне бұрыннан наразы. Ана жылы оны болыстықтан түсірген. Ал Бектастың Таймасы...
— Бектастың Таймасы дейсіз бе?— деді Ожар сәл қобалжи.— Япырмай...
— Неге шошыдың? Қастасқан жерің бар ма еді?
— Жоқ... Дегенмен...— Ожар сырын айтар-айтпасын білмей сәл отырды да, сөзін қайтадан бастады.— Таймастың Кенесары қасында болуы... Маған қауіп туғызып отыр,— деді ол күбірлей,— былтыр Сейтен екеумізді ұстап Омбыға апара жатқанда біздің тоқтаған ауылымыз тек осы Таймас аулы ғана болды. Бірдемемді сезіп қалды ма деп күдіктенетін едім...
— Басқадан күдігің болмаса Таймастан әзірге қорықпай-ақ қой... Ол осыдан бір апта бұрын Жоламан мен Иман ауылдарына жүріп кетіпті. Жұрт ыңғайына қарай Ырғыз бен Торғайдан да әрі барады деседі. Шамасы Кенесары ереуіліне Ақ Жайық, Ор бойының ауылдарын да қоспақ ниеттері бар тәрізді. Таймас о жақтан күзсіз қайта алмайды. Балта көтерілгенше, ағаш жал табады дегендей, сен де тірі жансың ғой, оған дейін сенімге кірерсің.— Қоңырқұлжа ырқылдай күлді.— Тақа болмай бара жатса «адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деп қатыныңды алдыңа тартып, мойныңды ұсына берерсің. Өзі ұсынған мойынды қылыш кеспейді.
— Таймас алыста болса... жөн екен. Бөтен бәлендей қауіптенерім жоқ. Омбыға жеткеннен кейін, Сейтенді атқанға шейін тірі жанға жолықтырған жоқ. Екеуміздің арамыздағы сырды ол өзімен о дүниеге бірге алып кетті. Оған менің көзім кәміл жетеді.— Ожардың қайтадан еңсесі көтерілді,— әзірге Кенесарының қасына тек ақ патша жерін тартып алған рулар ғана шоғырланып жатқандай ғой. Мұндай жағдайда астындағы оты күшті болса, қазан тез қайнағанмен тез суалатын еді...
— Әй, білмеймін,— деді Қоңырқұлжа,— бұ жолғы көтеріліс өзге уақыттағыдай лап етіп жанып, сөне қалатын жалынға ұқсамайды. Кенесарының осыншама қол жинап үндемеуінен сескенем. Және қасында жалғыз қазақ емес, басқа ұлттан шыққан ақылшылары да бар дейді жұрт. Бұ да еске алатын жәйт.
— Қойыңызшы?
— Иә, жиырма шақты орыс пен башқұрт жігіттері бір топ деседі. Іштерінде зеңбірек ата білетіндері, оқ-дәрі жасай алатындары да бар көрінеді... Бас ақылшыларының бірі деп Бұқараға сыймаған Сидақ қожа мен өз елінде ереуіл істеп айдалып келген болыскей офицер Жүсіп деген біреуді айтады тыңшылар. Кілең қарақшы бас қосқан тәрізді.
— Япырмай ә... Жақсы,— деді кенет Ожар бір шешімге келгенін білдіріп,— не болса да барған соң көрермін... Ал енді жұмыс тәртібін сөйлесейік. Омбы сізге Кенесары ордасында не болып жатқанын хабарлап тұруды тапсырды.
— Хабарды қалай бермексің?
— Сейтенді ұстасқан Сәмен, Жақып, Сақып деген сенімді екі-үш жігітім бар. Олар қазір Кенесары жасағында. Хабар солар арқылы болады.
— Келген жігіттердің сенікі екенін қайдан білем?— Қоңырқұлжа тағы ырқылдай күлді,— көп қойдың ішіндегі тартылған қошқар секілді көзге түсетін бір белгісі бола ма?
— Белгі біреу-ақ, сізге келгенде мына белбеудің оң жағында тұратын құты, оқшантай, қыны сол жағында тұрады.
— Кісесі ше?
— Белбеулерінде кісе болмайды. Жас жігіттерге келіспейді. Біреу болмаса біреу сезіп қалуы мүмкін.
— Ойпырмай, өзің мұндай іске әбден жорға болып алған екенсің. Жаңағыларың адамның ойына келмейтін белгілер ғой. Ұмытып қалып жүрмесем нетсін...
— Кенекең тірі тұрса, ұмыттыра қоймас,— Ожар күлімсіреді де сәлден соң орнынан түрегелді,— Ал көріскенше бар болыңыз.
— Ac ішіп кетпейсің бе?
— Жұрт көзіне көп түсуге болмайды. Қатыныма осы ауылдағы бір қарашыға жолығатын шаруам бар деп кетіп едім, енді оралғаным жөн болар...
— Онда жолың болсын.
Қоңырқұлжа төрт күн емін-еркін жас тоқалын жайлап, бойы сергіп Ақмола бекінісіндегі бәйбішелерінің үйіне қайтты. Бұл келгенде қорған қақпасының алаңында жасақтарымен жаңа ғана оралған Шыңғыс пен Жәнәділ отыр екен. Талызинның жарлығын орындаймыз деп бұлар ереуілге көтерілген Тыналы, Қарпық, Темеш болыстарына дейін барыпты, бұнда ат құйрығын шарт түйіп, қолына түкіріп отырған қалың жұртты көріп, әрі қарай жүруге қауіптеніп кейін қайтыпты.
Қоңырқұлжа балаларын көргенде, мыстан кемпірдің алдындағы алтын сақасын қотыр тайымен алып келген тазша бала өгей шешесінен кем ренжіген жоқ. Әсіресе Кенесарыға қараған елден Шыңғысының сау қайтқанын кешер емес. Екі беті дорбалана күреңітіп, қамшысымен жылтыр етігінің қонышын сабалай, үн-түнсіз отырған екі баласының алдында ерсілі-қарсылы жүре бастады. Бұларды тағы қандай «Барса келмеске» жіберуді ойлап іштей әлем-тапырық.
Дәл осы кезде бекіністің күзет мұнарасында тұрған солдат:
— Бір салт атты көрінеді. Жүрісі тым асығыс, қақпаны ашайын ба?—деп дауыстады.
Қоңырқұлжа бұрылмастан жауап берді.
— Аш!
Ашылған қақпадан, қара терге малынған кер төбел қазақы аттан, көйлегінің оң иығы жауырынына дейін қан боп қатқан, ұзын сары солдат «Беда! Беда!» деп құлай-мұлай жерге түсті. Жақын тұрған казарманың есігінен қылышын сүйрете, қазақ атаулысы «Қарапұшық Иван» деп атайтын, келте мұрын, деңбелтек қара, көк көз, осы Қараөткел бекінісінің коменданты войсковой старшина Иван Карбышев жүгіре шықты.
— Не болып қалды?— деді ол солдатқа түйіле.
— Беда, войсковой старшина,— деп солдат ауырған иығын бір қолымен баса, ыңқылдай сөйледі,— біз хорунжий Котовтың басқаруымен елу солдат, он урядник Петропавлдан Ташкентке бара жатқан Строганов купецтің керуенін шекараға дейін апарып салмақ боп шығып едік. Салынып жатқан Ақтау бекінісінен өте бергенімізде кілең сойыл, найза ұстаған Кенесары жігіттеріне кездестік. Солдаттардың байланыспайық дегеніне қарамай, хорунжий Котовтың бұйрығы бойынша екі-үш есерсоқ мылтық атып, бір-екі адамын оққа ұшырып еді, ылғи жүйрік мінген жігіттер лап қойып отрядтың быт-шытын шығарып, тегіс сойылға жықты. Астындағы жүйрік атым қуғандарға жеткізбей тек мен ғана құтылдым...
Бұл кезде солдаттар да жиналып қалған-ды, бәрінің де жүзінде қобалжу, қорқу...
— Өздері қанша?
— Бес жүз адамдай.
— Кенесарының өзі ме басқарып жүрген?
— Жоқ, інісі Наурызбай. Мен оны бұрын Көкшетауда көргем.
— Солдаттардың қаншасы тірі қалды?
— Білмеймін... Қолға түскен солдаттарды және керуенді бар мүлкімен өздерімен бірге алып кетті. Қайта оралып кеп, сайдан көрдім...
— Беттері қалай? Бізге бұрылған жоқ па?
— Жоқ. Әрі қарай күнбатысқа кетті.
Солдаттың жарасын қарап болған жас фельдшер оған:
— Ағай, лазаретке жүріңіз,— деді өзі жаралы болғандай аяншақтап.
Жаралыны қоршаған солдаттар енді гуілдей сөйлеп кетті.
— Осылай айдалада жүріп қырыламыз да бір күні!
— Айдалаң не? Бұ да Россия жері ғой...
— Иә, саған осы далиған «Россия даласынан» өлгеніңде ғана екі метр жер бұйырар:
— Онда да тереңдігі бір құлаш...
— Бізді осы жаққа қандай сор айдап әкелді.
— Өзі келгендей сөйлеуін қарашы! Менің еркіме салса, бұл желі азынаған қу даланы о дүниеде де көрмес едім.
— Қысқартыңдар сөзді!— деді кенет ақырып жіберіп Карбышев,— Кенесары қарақшылары бізге соқпай кетпейді. Ертеңнен бастап, бекіністің бар солдаты, жұмысқа жарайтын еркек-әйелдері ор қазуға шығады! Таң сәріден!
Расында Кенесары ереуілшілері Қараөткел бекінісіне соқпай кетуі мүмкін емес еді, өйткені қазақ даласына Россия патшасының отаршылық саясатын жүргізуінде Ақмола бекініс қаласы ерекше қызмет атқарған.
Бұл түні Қоңырқұлжа ұйықтамай шықты. Кенесары әскері бекіністі алса, ең алдымен ат құйрығына аға сұлтанды байлайды. Ежелден ала алмай жүрген кегі бар. «Ал Кенесарының Қараөткелге келуі сөзсіз. Мынау Ақтау төңірегін шарлауы — Қараөткел бекінісі есігінің қалай жабулы екенін білгісі келіп тартып көруі... Әлде Кенесарыға кісі салсам қайтер еді? Бәріміз де Шыңғыстың үлкен ұлы Жошыдан тарадық қой, мүмкін райынан қайтар?.. Жоқ, жоқ, өйтуге болмайды. Ол өзгені кешкенмен мені кешпейді, Қасым балаларының атадан балаға мирас боп келе жатқан кегі бар. Не болса да табан тіреп ұрысып көру керек. Ендігі менің сиынар құдайым да, табынар аруағым да Омбы... Содан жәрдем сұрайын, қорға дейін. Ал мына Қара пұшық Иваннан не қайыр, не үміт, өзі маған ала көздеу, мені жау қолына беріп, бекіністі тастай қашудан да тайынбас.
Қоңырқұлжа таң сәріден түрегеліп Талызинге хат жазды. Хатын: «Қасым ұлы Кенесары Россия империясына берілгенімді кек санап мені аяйтын түрі жоқ. Алдымен менің басымды алып, бүкіл бала-шағамды, туған-туысқанымды құртпақ. Кенесарының бұл ойын маған қас өзге рулар да қолдауда. Сондықтан осындай тар кезеңде қол ұшын жалғап, тезірек Ақмола бекінісіне ереуілшілерге төтеп бере алатын әскер жіберуіңізді өтінем»,— деп бітірді.
Хатты жазып болып, тез Омбыға жеткізуін Карбышевқа тапсырды да, өзінің басқа шаруасына кірісті. Ең алдымен бекініс сыртына көкорайлы Есіл жағасында отырған екі әйелінің ауылын көшіріп алмақшы болды. Бұл істі орындауды Жәнәділ мен Шыңғысқа тапсырайын деп шақыртса, тағы да екеуі бірдей бекіністе болмай шықты. Терісіне сыймай ашуланған Қоңырқұлжаға бәйбішесінің «жазғы демалыстары бітуге айналды. Омбыға қайтар алдында ел қыдырып, бой көтерейін дегендері шығар, несіне ренжисің»,— деген сөзі ауру жарасының аузын тырнап алғандай әсер етті. «Қандай бой көтеру екенін білмеймін бе? Түні бойы көзімді іліндіре алмай шыққанымда, оңбаған ит Шыңғыс жатқан ғой Зейнептің торсықтай қос анарын құшып!»
Әбден ашуына мінген Қоңырқұлжа тоқалының ауылына нөкерлерімен өзі бармақ болып, шарт киініп алды. Қолына тобылғы сапты қамшысын ұстай далаға шықты. Дәл осы сәтте оның көзі бекініс қақпасына ойнақтай кірген қара жорғасына түсті. Мойнында дорба секілді салақтаған бірдемесі бар. Қара жорға жемге үйренген мал. Бекініс ішіндегі құдықтардан су ішпейді. Көк Есілдің көк толқынын жүзіп жүріп сусындауды әдет еткен. Қорған сыртындағы өзенге өзі барып, өзі келеді. Қоңырқұлжадан бөтен жанға ұстатпайды. Ол бекініс қақпасына оқырана кіріп, дағдылы жем жейтін астауына қарай төрт аяғын шалыс тастап, ырғала ағып келе жатыр. Міне аға сұлтан есігінің алдындағы жем астауға келіп тұра қалды. «Мойындағысы не сұмдық» деп Қоңырқұлжа ауыр денесін іркілдете қозғап, қара жорғаның жанына жетіп барды. Кенет өн бойы дірілдеп кетті. Атының мойнындағы үлкен кенеп дорбаның ішінде қарбыз секілді домаланған бірдеме бар, қаны сыртынан сорғалап жерге тамып тұр...
Қоңырқұлжа беліндегі лөкет пышағын суырып алып, дорбаның жібін кесіп жіберді. Дорба жерге гүрс етті. Денесі дірілдеп кеткен Қоңырқұлжа дорбаның бір бұрышынан ұстап сілкіп жіберді. Топ етіп одан адамның басы түсті. Көзі шарасынан шыға аларып, тістері ақсия қалған. Бір ұртынан қап-қара болып кеткен тілінің ұшы көрінеді. Сірә балтамен шапқан болу керек, мойын омыртқасы шорт үзілген. Қызыл қан әр жерде бетін алып, жаңа туған қозының елтірісіндей қара қошқыл бұп-бұйра шашына ұйыса жабысқан... Қоңырқұлжа аң-таң боп тесіле қарап еді, тани кетті, баласы Шыңғыстың басы екен.
Болған уақиғаға енді ғана түсінген Қоңырқұлжа көзі қарауытып құлап бара жатып:
— Тұра тұр, Кенесары, сенің Сыздығыңның басын дәл осылай алдыңа тартпасам, атым Қоңырқұлжа болмасын!—деуге ғана тілі келді.
Жоқ, Шыңғыстың басын кескен Кенесары да емес, оның сарбаздары да емес, Күмістің әкесі Әбдіуақит шал еді. Қоңырқұлжа жалғыз қызын қор еткен түні, бар шоқпытын қара лашығының ортасына үйіп, астынан от қойды да, таң ата Күмісі мен әйелі екеуінің қолынан ұстап ауылдан беті ауған жаққа қашып шыққан. Іс бұлай бет алар деп күтпеген Қоңырқұлжа нөкерлері соңдарынан қуғанша бұлар қамысты көл жағасына жетіп, таптырмай кеткен. Әбдіуақит әйелі мен қызын Кенесары жасағына көшіп бара жатқан бір шағын ауылға қосып жіберіп, өзі кейін қайтқан. Жүрегін удай ашытқан ашу, ыза, қорлану көзін қарауыттырып, денесін оттай өртеген. Ақыл-ойын, бар сезімін тек «Кек! «Кек алу!» деген арман ғана билеген. Шерменде жан осыдан бөтен шешім таба алмады. Ыза үстінде оғаш бұдан артық әділетті, дұрыс шешім жоқ тәрізденді. Қоңырқұлжаны өлтіріп, өшін алса арманынан шығатындай болды. Осындай тәуекелге бел бұған Әбдіуақит итіне шейін өзіне таныс Зейнеп тоқалдың аулы сыртын торлай бастады. Бірақ күзеті мықты тоқал үйіне таяй алмаған. Бесінші күні, күзет кеткен түні — тағы аңдыған. Ойда жоқта ауыл сыртында екі салт атты пайда болған. Біреуі Шыңғыс еді. Әбдіуақит бірден таныды. Жанындағы серігін Зейнептің отауына жіберіп, Шыңғыс өзі хабар күтіп, сай түбінде жатып қалды. Сірә, әкесі кетісімен тоқалдың үйіне тікелей баруға жүрексінген болуы керек... Бұның бәрін Әбдіуақит көріп отырды. Бес күннен бері қолынан дым келмей, ызадан әбден көзі қарауытқан, әкесі мен баласының баласы мен тоқал шешесінің арасындағы кәпті білмейтін сорлы, «Қоңырқұлжаның баласы менің баламнан артық па, ол менің баламды қан қылғанда мен оның баласын неге аяймын» деп, көзі ілініп кеткен Шыңғыстың қасына сыбдырын шығармай келіп айбалтамен мойын тұсынан қос қолдап кеп ұрған.
Сол күні таңертең енесінен жетім қалып, құлынынан өзі еміздікпен асыраған қара жорғаны Есілден с у ішуге келген кезінде еппен құр-құрлап ұстап алып, Шыңғыстың басы салынған дорбаны мойнына тағып қоя берген. Өзі Кенесары еліне қарай асыға жөнелген.
Қоңырқұлжа үш күн жер құшып жатып, баласының денесін ел-жұрты боп қабірлегеннен кейін бір-ақ тұрды. Әйтсе де Шыңғыстағы өшін жауының алып бергеніне ол іштей риза еді, бірақ ағайын-туғанға сыр бермей, қара жамылып қайғы тартқандай жетісін берді де, Кенесары қолымен кездесу әрекетіне кірісіп кетті.
II
Кенесары бір қиын мәселені шешерде қалың қабағын қарс жауып, бір қолымен исфаған семсерінің сабынан ұстап, темір торға қамалған жолбарыстай ақ орданың ішін кезіп, ерсілі-қарсы жүре, көп ойланатын. Мұндай кезінде сұлтанның сырт бейнесі шынында да, жолбарысқа ұқсас қаһарлы болатын, желкесі күдірейін, өткір көздері әдеттегісінен гөрі қызара түсіп, тірі жанға тіл қатпай, сұстана қалатын: Осындай ашулы-ойлы шағында оның үстіне ешкім батып кіре алмайтын, өйткені ол бұл кезде жайшылықтағыдай емес, адам көңіліне қарамайтын қатал келетін...
Кенесары бүгін де осындай жағдайда еді. Полковниктің погоны тағылған оқалы көгілдір мауыты шапанын желбегей жамыла салып, екі сағаттан бері ақ орданың ішін адымдай ерсілі-қарсылы кезіп жүр.
Кеше Сыр бойынан хабаршы келген. Ол «Мәделіхан өзі өгей шешесі Ханпадшайыммен көңілдес екен, осыдан бір бәле тумаса нетсін» деген. Және Бегдербектің Әулиеатаға ауысып, уақытша Ташкент құшбегі боп Ләшкәрдің өзі тағайындалғаннан бері, о жақтағы қазақтардың күйінің бұрынғыдан да нашарланып кеткенін айтқан. Кенесарыны толқытқан осы хабарлар ма? Жоқ, олар емес. Бұл хабарлар сұлтанды қанша өлеңдеткенмен, әзірге тек шығып келе жатқан шиқан тәрізді. Жарылатын кезін шыдай күтуге бар. Оның бар ойы осы арада, өзінің бүгін шешетін мәселесінде. Егер оны дұрыс шешсе, бағының жанғаны, абыройы көтерілгені. Қазір соңынан ерген елу мың шаңырақтың үстіне, ертең тағы елу мың тіпті жүз, жүз елу мың шаңырақтың қосылуы кәміл... Ал дұрыс шеше алмаса былтырдан беpi жанын салып жинаған жұртының көз алдында үмітін ақтамағаны... Онда ертеңнен бастап, соңынан ерген елдің тарай бастамасына кім кепіл? Қазақ топырлап шауып келе жатқан жылқы тәрізді, егер жау алдынан шығып үркіте қалса кейін қарай лап беруден тайынбайды. Онда оны ақыл да, сойыл да тоқтата алмайды...
Сондықтан соңынан ерген жұртты ондай күйге ұшыратпау керек, айқай сап делебесін қоздырып, шапқан үстіне шапқызып, кездескен ор, ойпаттан секіртіп өткізіп, қарсы келген жауды жапыртып кеткізу керек.
Кенесары жігіттері осы уақытқа дейін, Ташкент пен Қараөткел, Қызылжар арасындағы керуендерді талап, ырқына көнбеген кейбір сұлтандардың аулын шауып, Чириков пен Карповтың жасақтары секілді патша әскерлерінің шағын топтарымен ғана қағысып келді. Ал ертеңнен бастап үлкен айқасқа шықпақ патша әскерлері мен Россияға берілген қазақ сұлтандарына қарсы майдан ашпақ. Ол сөйтуге міндетті, өйткені соңынан ерген жұрттың көкейкесті арманын, мүддесін еске алатын мезгіл жетті, әйтпесе жер-суымызды, еркіндігімізді қорғаймыз деп маңына топталған бұқара елдің көңілі суи бастауы мүмкін. Қара қазақтың бұдан күткені ел шабу, керуен тонау емес, үлкен іс, халықтық іс.
Кенесары бұл майданды ашпастан бұрын, патша әскерімен таласты соғыссыз шешпек боп қолдан келген амалын аяған жоқ. Маңайына ақ патшадан зәбірлік жеген жұртты жинаумен қатар, мүмкін, күннен-күнге көбейіп жатқанымызды көріп бізбен санасар деген үмітте де болды. Омбы бастықтарына хат үстіне хат жолдады.
Ең ақырғы хатын ол Шу мен Сарысуды қыстап шығып, Сарыарқаның бел ортасы Қарақойын Қашырлыға көшіп келген соң Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков князьға 1838, яғни қазақша Ит жылы, мамыр айының басында жазған. Оны Тоқтының Табылдысы мен Қазанғаптың Көшінбайы деген өзінің екі сенімді адамы арқылы жолдаған, Хаттың мазмұны мынадай еді:
«Мәртебелі ұлуғ господин жанарал-губернатор хазратләріна.3
Абылай ханның ұрпағы Кенесары Қасым ұғылынан ғарызнама.
Сіздің ағзам хазрәтларыңызға мағлұм қыламыз, шунки менің тілегім екі патшалықтың халқы да тыныштықта өмір сүру еді, бірақ та сіздің адамдарыңызды өз жағыма шығарып алды деп сіз мағач күмәнданатын көрінесіз. Менің айтып отырғаным мынау: біздің бабамыз хан Абылайға тиісті жерлерде сіз дуан салдырдыңыз және қазақ халқынан алым-салық аласыз, сөйтіп бізді қыспаққа салып отырсыз. Біз бұған риза емеспіз және алым-салық төлеп сіздің қарауыңызда тұра алмаймын, Біздің басымызға туған күн Ресейдің басына туса сендер қандай күйде болар едіңдер? Сондықтан біздің жай-күйімізбен санасуларың керек.
Әрине, мен Баянауыл, Қарқаралы һәм Ақмола қазақтарын өзіме қосып алдым, әлі де болса халқымды өз жағыма қоса берем деген ниетім бар; алайда қазақ халқы бұрынғыша өз алдына ел болып өмір сүрсе тіпті жақсы болар еді, сонда ғана сіз де, біз де тыныш өмір сүре алар едік.
Менің естуімше, сіздер бізді Қоқан һәм Бұқар хандығынан айыруды көздейтін көрінесіздер. Бірақ олар мұсылман заңы бойынша бізді қорғауға міндетті.
Екі ел тынышы, бейбіт өмір сүрсе бәрінен де сол жақсы болар еді. Бірақ дуанбасылары ел аралаған кезінде сиязға деп сылтауратып қазақтың жақсы ат, жақсы киім-кешектерін алатын көрінеді. Біздің мүлкімізді талан-таражға салуға тыйым болсын деген патша ағзамның заңы бола тұрса да, дуанбасылары қазақтардың айтқан арызын құлағына да ілмейді. Жуырда ғана Тортуыл болысының қазағы Азнабай мырзаның әйелін, екі келінін, қызын Һәм бір жесір әйелді жаулап алып кетті. Бұлардың қайда екені әлі белгісіз.
Сізбен әрқашанда достық қатынаста тұруды көздеп мен мына төмендегілерді талап етемін:
1) Ақтау қорғанысы жойылсын;
2) Ақмола дуаны жойылсын;
3) Біздің жерімізге салынған сондай мекеме орындары тегіс жойылсын;
4) Қамауға алынған біздің адамдар һәм Қоңырқұлжа сұлтанға жіберілген екі адам босатылсын.
Ұшпуны иландырмақ үшін мен сұлтан
Кенесары Қасым ұғлы мөрімді бастым».
Бұл хатта Кенесары Қоқан, Бұхар хандығымен еш уақытта да бірікпейтінін біле тұрса да, генерал-губернаторға сұс көрсету үшін олар жәрдем береді деген сөзді әдейі көрсеткен.
Бұл хатына да Кенесары үш ай бойы еш жауап ала алмады. Хатты апара жатқан Табылды мен Көшінбайды Қоңырқұлжа жағындағы Көшеннің балалары ұстап алып, Омбыға жаяу айдап жеткізеді. Көп кешікпей оларды соттап Сібірге жүргізеді-міс деген хабар Кенесарыға да келеді.
Өзінің бірнеше хатына жауап ала алмаған Кенесары енді әбден ызаланады. Дұшпандарының қарулы айқассыз теңдік бермейтініне көзі жетеді. «Енді маған қалған жол — не патша үкіметіне, Қоңырқұлжа, Уәли балаларына бас иіп бағынып, қалың қолды тарату. Не майдан ашып айқасып, күшпен өз айтқаныма көндіру»,— деп ойлайды ол. Осының екіншісін қалаған Кенесары бұл айқасты қазақ даласын өзіне бағындыруда Солтүстік пен Шығыстағы Россия империясының ең мықты кіндігі болған Ақмола бекінісін алудан, онымен қатар ата жауы Уәлиханның қатыны Айғанымның Сырымбет саласындағы ордасын шабудан бастамақ болды. Кей батырларының «шабуылды Көкшетаудан бастасақ» дегеніне сұлтан көнбеді. Өйткені Көкше жері ат баурын жазып шаба алатын жазық емес және ар жағында Омбы жақын, патша әскері тез жетуі мүмкін. Оның үстіне әкесі Қасым Көкшенің киесі ақ бураны атқан деген лақап бар, Кенесары ел қарғысынан да сескенеді.
Ал Ақмола бекінісін алып өзінің мықтылығын көрсетсе, абыройының өршігені. Біреуді мақтаса айын аспанға шығарып, жер-көкке сыйғызбай көтермелейтін қазақ Кенесарының даңқын алты алашқа таратады. Серкеге ерген қойдай соңынан ереді. Осылай болатынына сұлтан кәміл сенеді. Оған тағы бір себебі бар. Кеше ғана хабар алған. Осы бүгін-ертеңдер арқа өкіріктерінің қазақтарынан жаңа устав бойынша биылдан бастап салық жиналсын деген патша жарлығы шықпақ. Бұл жарлық бойынша жүз қарадан бір қара салық алынып, егер ол ақшадай төленетін болса, жылқы басы 35 сомға, өгіз жиырма сомға, қой екі сомға бағалансын делінбек. Бұл жарлық шықса, дәтке қуат, онсыз да патша үкіметінен қыспақ көріп жүрген қазақ, Кенесары жағына қойдай тоғытылады...
Патшаның Көкшетау мен Қарқаралы өкірігінің қазақтары жайындағы бұл Указы Кенесары көтерілісінің қызу шағында Қарашаның жиырма сегізі күні сол Ит жылы шықты. Бірақ ұзын құлақ бұны қазақ аулына екі ай бұрын жеткізді. Кенесарының да дәтке қуат көріп отырғаны осы Указ...
«Ал Ақмола бекінісін ала алмаса? Соңындағы. бес мың атты әскерін қырғынға ұшыратса? Онда Кенесарының артынан кім ереді? Бірден тауы шағылған жұрт, басқа ұрған мал секілді шегіншектей бермек. Жауын жеңе алмайтын батыр — құр батыр, ел қорғаны емес.
Сондықтан осы ең алғашқы үлкен айқаста Кенесары өзінің қамал бұзар ер, ел бастай алатын кемеңгер екенін жұрт көзіне көрсетуі керек. Өйтпесе ол жұртты соңынан ерте алмайды, ойлаған мақсаты — хан тағына да жете алмайды. Ал мұны істей алмаса?»
«Жоқ, жоқ, қайткен күнде де Ақмола бекінісін алу абзал. Бірақ бес жүзге таяу жасағы, зеңбірек, карабин, іштесер қаруы бар, биіктігі бес сажын қорғанды, жан-жағын қоршай қазған терең орлы бекіністі Қоңырқұлжа мен Қарапұшық Иван оп-оңай бере сала ма? Айлаң жетсе, бермеймін дегеніне қоясың ба, аласың!.. Башқұрт Әшірап айтқан бекіністі алу айласы Кенесарының бұрынғы ойына ой қосты емес пе? Иә, сөйтті. Әттең, дүние-ай, Әшірап екі күн өтпей жоқ жерден мерт болды. Бірақ айтқан ақылы көкірегімде сайрап тұрған жоқ па? Ай, Қараүлек-ай, қолың гүрзіден де ауыр-ау, сорлы башқұрттың мойын омыртқасын бірден үзіп жіберіпсің. Сәл жеңіл қимылдасаң нетті, жазығы қамал алуды үйреткені ме? Нойыс неме, менің ойымды дұрыс түсінбегенсің ғой. Саған Әшірапты ертіп жібергендегі ойым қарамайды дұрыс қайнатуды үйретсін дегенім еді ғой. Ал сен менің бұрынғы тәсілімнен шыға алмапсың... Өлтіріп жіберіпсің. Өлу — өмір заңы. Енді оқасы жоқ. Өлтіргенін дұрыс та. Қарашының ақылымен қамал алғанымды жұрт білсе, менде қандай абырой қалады? Енді ол әдісті... Жоқ, жоқ, ең алдымен бар батырымнан бекіністі қалай алу керек екенін сұраймын, әрине әрқайсысы әрқилы жолға сілтейді... Ең соңында барып, өз ойымды айтамын. Ел бастайтын қаһарманның аузынан шығатын сөзді айтуым керек. Бұның өзі маған ерген жұрттың бірден көңілін көтеруі сөзсіз. Содан кейін мен айтқан әдіспен Ақмола бекінісін алсақ, одан артық абырой болар ма?! Соңымнан ерген жұрт құрмет тұтса, хан тағының да жақындай түскені.
Осыдан үш күн бұрын Ақмола бекінісін қалай алуды ойлап, ордада жалғыз отырғанында Кенесарының үстіне Жоламан батырдың жасағынан Байтабынмен бірге келген Әшірап деген башқұрт жігіті кірген. Дәулетші екеуі зеңбірек құя біледі дегеннен кейін, Кенесары осы башқұрт жігіттерімен жиі кездесіп тұратын. Өзінің ордасына да әлсін-әлсін шақырып, зеңбірек құю жайын әңгімелесетін. Сөйлесе келгенде зеңбірек құюды білетін Дәулетші, ал Әшірап — Салауат Юлаевтың көтерілісіне қатынасқан, белгілі жауынгерлердің бірінің баласы боп шыққан, әкесінің айтуы бойынша бекіністерді алудың әдісінен хабардар екенін аңғартқан. Кенесары зеңбірек құйғызамын деп бірнеше ауылдың қазан ошағын жинатып, Дәулетшінің қасына қазақтың асқан шебер бес ұстасын қосып, Қорғасынды дейтін жерден көрік ашқан. Ал Әшірапты жанына алып қалған Кенесары оған Ақмола бекінісінің қандай бекініс екенін айта келіп, осындай қамалдарды Салауат Юлай қалай алды екен деп сөз тастаған.
— Өздеріңіздің қандай ойларыңыз бар?—деген Әшірап.
Кенесары жасырмаған.
— Қалың әскер жүздік, мыңдық саппенен кәдімгі жарды ұруға келе жатқан толқындай лек-лек боп, барынша айқайлап уран сап, бірінің соңынан бірі қамалға шабады,— деген ол.— Мұндай жағдайда гуілдеген, шуылдаған, атой қойған қалық топты көріп, қамал қорғаншылары шыдай алмайды, қарадай зәре-құты қашып, қамалды қорғамақ түгіл, бекініс үстінде де отыра алмай, көбіне-ақ қаша жөнеледі. Бұл әдісті ата-бабаларым ежелден қолданып келеді.
— Мұндай ескі әдіспен зеңбірегі бар, жақсы қаруланған әскерге толы Ақмола секілді қазіргі заман бекінісі алынбайды,— деген Әшірап.
— Неге?— деп Кенесары оған тесіле қараған.
Әшірап түсіндіре жауап берген.
— Жаңа өзіңіз айттыңыз ғой, Ақмола бекінісін қоршап қазылған ор бар деп. Лақылдап келе жатқан сарбаздарыңыз сол орға келгенде амалсыз тоқтайды. Алдыңғы қатарын артындағы шауып келе жатқандары итеріп, кейбіреулері орға құлап, қалың қол іркіліп қалады. Дәл осы кезде қорған үстіндегі жауларыңыз төрт зеңбіректі бірдей атып, мылтық біткеннен жаппай оқ жаудырып, бар әскеріңізді жусатады да салады. Сондықтан бұл әдіс қазіргі жағдайда бекініс алуға келмейді. Басқа жол табу керек...
— Қандай жол?
— Бекіністің ішінде ағаш үйлер көп... дедіңіз ғой. Салауат Юлай ұлы бір амалды осы жағынан ойлаған болар еді...
Әшірап мұндайда Салауат Юлай ұлы менің әкемнің айтуы бойынша былай істер еді деп өзінің ойын айтып берген. Оның айтқаны Салауат Юлай ұлы ғана емес, көне сақтардың беріректегі қыпшақтар мен моңғолдардың қамал алу әдісі еді.
Башқұрт жауынгерінің ақылы Кенесарыға өте ұнаған. Шындап қимылдаса Ақмола бекінісінің алынатынына көзі анық жеткен. Еңсесі көтеріле бастаған. Бірақ көңілінде жанын жегідей жеген бір күдік туған. «Сонда қалай болады, деген ол ішінен, Ақмоланы алуда... мен қарашының ақылынан аса алмағаным ба?»
Үш күннен кейін дүлей, мылқау, алпамсадай зор денесіне қарап жұрт Қараүлек деп атап кеткен Кенесарының бас жендетімен бірге тоғай ішінде қарамай қайнатып жатқан Әшірап «ағаш құлап» ажал тапқан. Ел болып аққа орап Әшірапты құрметтеп жерлеген. Зират басында сұлтанның өзі де болған. Күйзеле «топырағың торқа болсын» деп ең бірінші боп қашқын жігіттің жас қабіріне бір уыс топырақ тастаған. «Кешір, азаматым, Қараүлекке ойымды анық түсіндірмегендіктен сенің ажалыңа мен айыптымын»,—деген ол ішінен. Әшірап ажалы жайында Кенесары одан әрі қынжылмаған. Қалай қынжылсын, «қанішер Абылай» атанған қанды көйлек арғы атасы кісі ажалы мен қой бауыздағанды тең көрген. Бергі атасы хан Абылай құлдық кезімнің куәсі болып, бетіме шіркеу келтіреді деп, ажалдан аман алып шығып, ерлік жолға қайраған Ораз құлды өз қолымен бауыздаған. Өз әкесі Қасым төре анасынан қолына қан шеңгелдеп туған. Осы үшеуінің ұрпағы Кенесары кімді аяйды? Ел билеймін деген адамға кейде жазықсыз ажал жазықты ажалдан құнды. «Адамды аяу — әлсіздіктің белгісі» деп ұғады ол.
Қазір Кенесары Әшірап туралы ойлап тұрған жоқ. Сол Әшіраптың айтқанын қалай пайдалануды ақылға салуда, оны толықтыра түсуде...
Кенет сықырлап есік ашылғандай болды. Кенесары жалт бұрылды. «Ойымды бұзған қандай жүрек жұтқан жан?!.» Бәйбішесі Күнімжан екен. «Бәсе, бөтен адам батып кіре алмаса керек еді». Ой үстінде отырғанда өзі шақырмаса тірі пенденің Кенесары ордасына кіруге қақы жоқ. Бұл — әлі хан болмаған сұлтанның осы бастан өзін өзгеден ерекше ұстай бастаған дәстүрі. Бұл салтты Күнімжан ғана бұза алады.
Ерінің түнерген қабағынан оның ашулы екенін аңғарған Күнімжан, еркелей күліп:
— Төрем-ау, әлгі... қалай деп атап ең...— деді.— Кеңес деп пе ең батырлар бас қосатын жиынды... Сол Кеңеске келген батырларыңның өзіңді күтіп отырғанына бие сауымдай мезгіл болды... Бармайсың ба?
Кенесары ойын бөлместен басын изеді.
— Барайық...
Кенесары мен Күнімжан тіркестіре тігілген «Ереуіл кеңес үйі» деп аталатын қос ақ боз үйге кіргенде, сұлтанның батырлары мен ақылгөй серіктері тегіс жиналған екен. Мұнда Наурызбай, Ағыбай, Құдайменді, Кіші жүздің Сыр бойындағы Табын тарауынан келіп қосылған бойсапат тобылғы күрең ұзын мұртты Бұқарбай, Атығай руынан шыққан алшақ кеуделі балуан Басықара, Алтай руының атақты батырлары Жанайдар мен Төлебай, Кіші жүздің Есентемір руынан шыққан жас Байтабын батырлар бар. Олардан басқа қарындасы Бопай, Кенесарының өзімен тетелес інісі Әбілғазы сұлтан, Нысанбай ақынмен дізелес есікке таман қойылған қазақы дөңгелек столдың жанында қолына қауырсын қалам ұстап бұқарлық қожа, ұзын бойлы, арық, қошқар мұрын Сидақ Оспанұлы, Польшада ереуілге қатысып жер аударылып келген, қазақтар Жүсіп деп атап кеткен ақсары, көгілдір көзді Иосиф Гербурт деген ақын жігіт отыр. Соңғы екеуі Кенесарының хатшысы болып қызмет істейтін. Бұлардан жоғарырақ тұрған кең маңдайлы, ақ құба келген ойлы көзді мыңбасы татар жігіті Ягуда ұлы Әлім. Босағада, төренің қырық адамнан құралған қарауыл жасағын басқаратын, ауыл Батырмұрат деп ат қойған, қазақтан әйел алып қазақ болып кеткен башқұрт Мәлкет баласы Кішік пен Наурызбайдың шабарманы қашқын орыс солдаты Николай Губин тұр. Үйдегі адамдардың ішінен Ереуіл Кеңесінін мүшесі емес тек Жүсіп, Бопай, Батырмұрат, Николай. Бірақ бұл төртеуі де ереуілге шын берілген адам болғандықтан Кенесары оларды мұндай үлкен мәжілістің біреуінен де қалдырмайды.
Кенесары кіріп келген кезде үйде отырғандардың бәрі қол қусырып орындарынан түрегелді. Сұлтан тәжім етіп амандасты да өзінің жасыл туының астында тұрған, үстіне жібек түкті сәнді бұқар кілемі жабылған төрдегі үлкен сандыққа барып отырды. Өзгелер де малдас құрып жастарына қарай алқа-қотан жайғаса бастады.
— Үш жүздің ардагер батырлары,— деді Кенесары жұртты сынай көз тастап,— қолымызға найза ұстап, атқа қонғаннан бері бір күн тыныштық көрген жоқпыз. Соңыңнан ерген жұрт та сондай. Ал елім, жерім деп көтерілген біраз қазақ баласы қазір жазғытұрымғы тасуға дайын дариядай кемеріне жетіп, дұшпанға қарсы шабуға тұр. Бұл — жаудан өш алуға ең қолайлы шақ. Енді соңымыздан ерген жұртты уақ-түйек айқаспен әуре-сарсаңға сала берсек, абыройсыз қалатын түріміз бар, «Жау қайда?» деп қолына түкірініп отырған ерлердің көңілін суытуымыз күмәнсіз. Сондықтан халық мүддесінен шығу үшін біз Ақмола бекінісіне қарсы аттануды шештік.
— Дұрыс,— деп отырғандар сәл қозғалып қойды.
— Шабуылға шықпастан бұрын, бір-екі ауыз сөзбенен жалпы жағдайымызға үңіле өтелік.— Кенесары аспай-саспай мойнын Иосиф Гербуртқа бұрды,— Жүсіп, мына батырларға жаудың биыл жазда бізге қандай қиянат жасағанын қысқаша ғана естіртіп өт,— деді.
Жүсіп орнынан түрегеліп қолындағы қағазын оқи бастады.
— Біздің бұл көтерілісімізді ақ патша генералдары бұзақылық, ел тонаушылық деп есептейтін көрінеді. Омбы болысының бастығы генерал Талызин өзінің берген нұсқауында шекарада тұрған басты бекіністердің бәріне де күрделі жасақтар шығарылсын дейді. Және бұл нұсқауында: «Сендердің бар міндеттерің Кенесары қарақшыны құртып, көшіп кеткен болыстарды кейін қайтару» деп бұйырады. Осы нұсқауды орындау үшін бізге қарсы бірнеше арнаулы жасақтар шықты.
— Олардың істеген басты-басты қылмыстарын айт,— деді Кенесары.
— Атаман Лебедев бастаған бес жүз солдатты жасақ осы жылы маусым айында Торғай өзені мен Жәнтөре-Керубе бойында көшіп жүрген Қарпық, Темеш руының ауылдары мен Саржан сұлтанның ауылын шауып, төрт жүз адамды өлтіріп, жүз адамды ұстап әкетті. Оның ішінде Баянды би бар.
Кенесарының көзі сұрғылттанып, қабағы түксиіп:
— Тағы?— деді.
— Аға сұлтан Қоңырқұлжа мен войсковой старшина Карбышев басқарған бес жүз кісілік жасақ шілде айында Айырқұмда көшіп жүрген Күшік сұлтан мен Сидақ мырзаның ауылдарын шауып, жиырма бес еркек, сегіз әйел, жиырма бір қыз баланы оққа ұшырып, сексенге таяу адамды тұтқын етіп алып кетті. Оның ішінде...
Кенесары жауар бұлттай түнеріп кеткен.
— Жетеді,—деді ол ашуын әзер басып,—ал біз қандай қайрат көрсеттік?— Сидақ мырза, соны айтыңыз.
Сұлу мұртты, биязы қимылды Сидақ қожа орнынан асықпай тұрды да:
— Біз де есемізді жіберіп жатқан жоқпыз,— деді қолындағы қағазына қарап тұрып:— Ақтау коменданты войсковой старшина Симонов шығарған бірнеше уақ отрядтарын құрттық, көптеген қару-жарақты қолға түсірдік! Войсковой старшина Симоновтың өзі бізбен бір айқасқанында он тапанша, тоғыз мылтық, он үш қылыш, жеті найза, төрт жүз тоқсан бес мылтық оғын, төрт жүз тоқсан тапанша оғын тастап қашты. Қазір біздің қолымызда осындай ұрыстан түскен жүз елу мылтық тоқсан тапанша, екі жүз он қылыш бар. Кенесары батыр бастаған қолдың қаһары әсіресе халқын сатқан сұлтан, билердің ауылдарына тігілулі. Биылғы жылдың жеті айының ішінде орта есеппен мұндай жағдайда қолға бір миллион сомнан астам мал-мүлік түсті.
— Соның бәрі тек сұлтан ауылдарынан ғана тоналған ба?
— Жоқ, бұның ішінде ұсталған керуендердің мүлкі мен патша қызметіндегі тілмәш, пристав, урядник секілді шенеуніктердің және Ақтау бекінісіндегі адамдарының да мал-мүлкі мол.
— Орыс қарашекпендерінен қанша ақша кірді?— Кенесары тесіле қарады.
— Азғантай. Бар болғаны жүз сомға жетер-жетпес, онда да Қарқаралы маңынан....
— Дұрыс,— деді Ағыбай Кенесарымен құрдастығын пайдаланып, еркін сөйлеп,— жазығы жоқ орыс мұжықтарын шабудың қажеті қанша. Бұдан бізге зияннан басқа түсері жоқ, бұқараны босқа өшіктіріп аламыз.
— Жөн,— деп екі-үш батыр басын изеді.
Кенесары үндеген жоқ.
— Негізгі үлес халқын сатқан аға сұлтан, ел тонап жүрген саудагер, патша қызметкерлерінікі,— деді сөзін қайта жалғап Сидақ қожа.— Бір ғана Құдайменді балаларының аулынан жиырма мың жылқы қуып алдық. Қазір сәйгүлік жүйрік мінбеген бірде-бір сарбаз қалмады.
Кенесарының иіні көтеріле түсті.
— Қоңырқұлжа Омбыға жазған хатында бізден он екі мың жылқы алынды депті ғой...
Сидақ қожа мұртынан күлді.
— Енді не десін? Қоңырқұлжа қазақтың қара бұқарасы түгіл, генерал-губернаторлардың өздерін де алдап жүрген саудагер, патша қызметкерлерінікі,— деді сөзін бес мыңнан асса аға-сұлтандарға да салық салатын болған соң Құдайменді балалары барымыз он екі мың, жылқы деп көрсеткен. Ал біз тайлы-таяғына дейін айдап алдық десек, арғы түбекте әлі де үш мыңдай кілең ақ шағала асаулары қалыпты. Ағыбай батыр сол жылқыны қуып әкелуге Кенекеңнен қашан рұқсат болады деп күнде сұрайды...
Кенесары байсалды жауап берді.
— Арғы түбек бізден шалғай... Әзірге оны қоя тұрыңдар, қазір басқа шаруалар да жеткілікті. Тағдыр жазса алысқа кетпес.
— Япырай,— деді шын таңданған жалғыз атты Бұқарбай батыр,— адам баласының да Қоңырқұлжадай байы болады екен-ау!..
— Ақ патшаға жағынып, жаны шығып жүргенінің өзі де сол емес пе?— деді Бопай сәл қабағын шытып,— патша жанаралдары бекініс салып, келімсектеріне аздаған үлес бергені болмаса, жердің шұрайлысы әлі де Сәмеке, Нұралы, Бөкей, Уәли хандардың ұрпақтарында ғой. Мал үшін олар қазақтың жері түгіл, жанын берер. Бірі бүкіл Есіл, Нұра бойын жайласа, бірі сонау Сырымбет тауының Құсмұрын мен Шұбарға дейінгі кең алқабын алып жатыр. Ал өзгелері бір Уәли ханның ана Айғаным қаншығы жайлап отырған бөктерге үш болыстың малы сыяды,— Бопай кенет ағасына ашулана қарады.— Қашанғы ол қаншықты басымызға шығарып қоямыз? Қоңырқұлжадай оны да шабатын мезгіл жетті, жібермейсің бе бір батырыңды.
Кенесары қасқыр көрген бүркіттей түйіле қалды.
— Қатын аулын батыр шаппас. Қайын атам жұрты демесең, өзің шап!
Табылған сөзге үйдегілер шу ете қалды.
— Жөн.
— Тапқан ақыл.
— Қатынды қатын шаппаса, батыр шапқаны ерсі.
— Уәлиханның аулына жолай соғасың,— деді Кенесары аз сөйлей,— ең алдымен арғы беттегі Аманқарағай приказының малын бері айдап өтесің.
Қуанғаннан Бопайдың екі көзі жарқ етті.
— Мен дайын. Қарамағымдағы алты жүз адаммен мен бүгін түнде жүруге бармын.
— Жөн,— деді Кенесары, сөйтті де Сидақ қожаға қарады,— солай деп жарлық берілсін. Аманқарағай приказына жетуге бес күн керек. Бір күн төмендегі тоғайда тынығуға мұрсат берілсін. Жетінші күні приказ шабылсын.— Сұлтан бірдеме ойланғандай сәл бөгеліп қалды да, жұртқа бурылды.— Аманқарағай приказы шабылғаннан іле-шала біз де Ақмола бекінісіне ат қоямыз.
— Дұрыс,— деді күндікке үндемей отырған келбетті, ақсары жүзді Жанайдар батыр,— Аманқарағайды Кенесары әскері шауыпты деген лақапты естісімен Омбыдан Ақмолаға шыққалы жатқан әскер солай қарай бұрылады. Дәл осы кезде, алла жазса, біз Қоңырқұлжа мен Қарапұшық Иванның да сазайын тартқызармыз.
— Менің де ойлағаным осы,— деді Кенесары.
Батырлар тары да қошеметтеді.
— Ақыл.
— Жөн.
— Құба-құп.
Кенесары енді Ереуіл Кеңесінін бүгінгі жиналған себебіне тікелей кірісті.
— Ал Ақмола бекінісін алу оңайға түсе ме?— деді ол отырғандардың әрқайсысының бетіне сәл тоқтай қарап,— қорғанының биіктігі әжептәуір, және оны жүз қадамдай жерден қоршай қазылған ордың кеңдігі он құлаш, тереңдігі бес құлаш. Тек қорғанға кірер екі қақпаның алдында ғана төрт салт атты қатар өте алар жіңішке жал бар...
— Сол жал жетпей ме бізге?— деді Наурызбай,— жау етер жерден біз де өтерміз.
— Қоңырқұлжа мен Қарапұшықтың қарамағындағы бес жүз карабін мылтықты солдат пен төрт зеңбірек бізге құр қарап тұрады дейсің бе, Науанжан? Олардың да аңдығаны осы екі жіңішке жал менен ордың жағасы болар. Ордан өткенменен қорғаннан өте алмайсың. Көптігімізге сеніп топырлап шапсақ құр қырғын боламыз. Сонда Ақмола бекінісін қалай аламыз? Кімнің қандай ақылы бар? Бірден он адамның ақылы артық, кеңеселік.
Жиһазды, дүниелі ақбоз үйдің ішінде өлік жатқандай, жұртта үн жоқ. Бастарын салбыратып, төмен қарап, көбі жер шұқылай береді. Әркімнің ойы әр тарапта. «Қол болып жиналуына жиналдың ғой, ал енді жауды қалай жеңеміз? Бәсе, қалай жеңеміз? Ақмола бекінісі — алғашқы қамал. Ал бізге деген мұндай ондаған қамал бар... Төрт зеңбіректі, бес жүз карабінді бекіністен осыншама абыржығанда, бұдан әрі күйіміз не болмақ? Ал ақ патшада мыңдаған зеңбірек, жүз мыңдаған карабін бар... Осы біз көл үстіндегі қаз-үйректей бір мылтықтың даусынан зәреміздің кетерін білмей тым босқа еркінсініп жүрген жоқпыз ба?»
Жұрттың еңсесі түсіп кеткенін Кенесары көріп отыр. «Қамалға шабуыл жасамай жатып қас батырлардың түрі мынау, ал қамалды ала алмасақ күйіміз не болмақ?»
Кенесары тұнжырап түсті.
— Әлде «жеткен жеріміз осы болды» деп Қараөткелден бас тартамыз ба?—деді ол сәл қабағын шытып.— Сондай да күйлерің бар ма, қалай?
— Жоқ, төре,— деді басын көтеріп алып Ағыбай,— бүйірден қадалған тікендей болып отырған Ақмола бекінісін қалай да алуымыз керек.
— Қалай «алу керек?»
— Ел бастаған дана емеспін, қол бастаған батырмын. Демек, қыран жете алмас қия жоқ, жаужүрек өте алмас мия жоқ, маған салсаңдар Ақмола бекінісін қоршап алып сыртқа, жан шығармай аңду керек. Қорған үстінде көрінгеніне садақ оғы жалынсын...
— Тағы қандай ой бар?— Кенесары қолын сәл көтерді,— көсе ақылы жақсы ақыл, бірақ онымен Қарапұшық пен Қоңырқұлжаны жеңе алмайсың... Біз қоршағанмен, сырттан келер көмек бар, тұзақ құрып ұзақ күтер жай жоқ. Бекіністі алар болсақ, шапшаң, тез алуымыз керек. Ақмола маңында бір күннен артық аялдау күнә. Өзге бекіністерден жәрдем келулері сөзсіз.
— Бекініске түнде шапқан жөн бе деймін,—деді Бұқарбай батыр,— Тентек төре Сайрам мен Созақты алғанда қалың қолмен түнде кірген екен.
— Түн сөзсіз жау, екі жаққа бірдей,— деді Кенесары.— Созақ пен Сайрамда Тентек төренің бекініс қақпасын ашқан адамдары болды. Ал біздің кіміміз бар? Қарапұшық пен Қоңырқұлжа тек өздерінің сенімді нөкерлері мен сыпайларын ғана қалдырып отыр. Қарасу бойындағы балықшы мұжықтарға біздің тимейтінімізді біліп, бекініс ішіндегі аздаған келімсек қатын-балаларды сонда жіберіпті деген сыбыс бар.
— Төре,— деді есік жақта отырған өзгелерден анағұрлым шоқтығы биік, еңгезердей Басықара батыр,— алдымен құдай, содан кейін өзің деп соңыңнан еріп едік, ақылын өзің тап. Салған жеріңнен алып түспесек айып бізде, сала алмасаң кінә сенде! Сыбырлағанды құдай естімей ме дегендей, Ақмола алынбайтын күйде болса, оны ашып айт!
Кенесары сәл кідіріп отырды да, алдына ақ дастарқан жайғызып, үстіне уыстап тәспінің қара, ақ бұршақтарын төгіп салып, Ақмола бекінісін қалай алу керек екенін тәптіштеп айта бастады. Кенесарының айтып отырған әдісі отырғандарға бірден ұнады. Бекіністі алатындарына енді алдын ала көздері жеткендей, иықтары көтеріліп, жүздеріне жігер енді.
— Мақұл десеңдер осы тәсілдерге тоқтайық,— деді Кенесары жайбарақат пішінмен сөзін аяқтап.
— Тоқтадық,— деді үйде отырғандар бір дауыспен,— еншалла, жолымыз болар.
— Іске сәт!
— Олай болса...— Кенесары сәл кідірді де тағы да Сидақ қожаға қарады.— Жаз. Бұл біздің екінші жарлығымыз болсын. Ертеңнен бастап мың басылар, жүз ба» сылар әлгі айтқандарды бұлжытпай орындау үшін әскер ойынына кіріссін. Бір жетіден кейін аттанамыз.
— Мақұл.
«Дана шешім, деді Ақмола бекінісін қалай алмақ болғанын айтқан Кенесарының ойларына таң қалған Жүсіп, әліпті таяқ деп білмейтін қазақ... Қандай ақылды айла тауып отыр. Заты сұлтан болса да, халық өзінің көсемін дұрыс тапқан екен».
Үйдегілер енді тарай бастаған кезде, кенет сырттан шу естілді. Батырмұрат пен Николай беліндегі тапаншаларын суырып алып үйден ата жөнелді. Аздан кейін Батырмұрат қайта кірді.
— Арыстан ақын ұсталған екен. Қараүлек пен жаңа келген қашқын жігіт әкеп тұр. Қатын-қалаш өшімізді өзіміз аламыз деп тап-тап береді. Шу соныкі екен.
— Алып келіңдер!— деді Кенесары қысқа бұйырып.
Арыстан деген Атығай руынан шыққан кедей ақын.
Бір кезде Саржанның жасағына да ерген. Тілге шешен, сөзге бай, әсіресе қазақтың қисса, дастандарын жақсы білетін, түні бойы жыр айтуға болдырмайтын қарадан шыққан дарын. Кенесарыға жоқ жерден өкпелеп, аға сұлтан Қоңырқұлжа жағына шығып кеткен. Соңғы кезде қазақ ауылын шабатын патша жасақтары мен қазақ жерін картаға түсіретін орыс саяхатшыларына жол көрсетіп әбден байып алған. Өз арасынан шыққан опасызды өте жек көретін жұрт, Арыстанға әбден тісін қайрауда еді. Шабылған ауылдардың обалы да, жылаған кемпір-шалдың, қатын-баланың көз жасы да осының мойнында деп ойлайтын. Адамы оққа ұшқан кейбір ер жүректі жігіттер Арыстаннан кек алатын күн болар ма екен деп кіжінетін. Бірақ үнемі патша жасағымен бірге жүретін Арыстан олардың қолына түсе қоймайтын. Ал расында Арыстанда жер көрсетуден басқа еш жазық жоқ еді. Ол бірде-бір адамның қанына ортақ еместі. Сондықтан өзін бәлендей айыпты санамайтын. «Біреу малымен, біреу жеріменен күн көреді. Ал менің күн көрер нем бар? Жалғыз атты кедеймін. Мейлі, жұрт қалай ойласа олай ойласын, есек құйрығын жусаң да мал тап дегендей, земтемірлерге жол көрсетіп күнімді көрсем оның несі айып. Мен істемесем мұны басқа біреу істейді» деп ойлайтын ол. Арыстанның мұндай жолға түсуіне өзі кінәлі болса да, Кенесары оны сатылған санап, егер қолыма түссе басын алармын, өзгелерге үлгі болсын деп әлдеқашан шешкен.
Үсті-басы қан-қан болған шоқша сақалды тұрымтайдай кішкентай қара кісіні екі адам екі жағынан қолтықтап үйге алып кірді. Оң жағында Қараүлек — Кенесарының бас жендеті. Бұл әр саусағы жаңа туған баланың білегіндей, сала құлаш кеудесінің жүні көдедей, салпы ерін, кірпік қақпайтын мысық көз, аяушылық дегенді білмейтін қатыгез, алпамсадай қара кісі. Ұрлық істеп қолға түсіп, Созақтың бір байы дарға аспақ болып жатқан жерінен Кенесары сатып алған. Құнына бір қарақшыдан тартып алған жетектеп келе жатқан қара үлегін берген. Мылқау ұры аты-жөнін айта алмаған соң, жұрт оны өзінің құнына берілген түйенің атымен байланыстырып Қараүлек деп атап кеткен. Үлек десе үлектей. Шуда көкіректі, түйе тірсек бір алып. Атына денесі сай. Оның үстіне өзін ажалдан аман алып қалған Кенесарыға жан-тәнімен берілген. Иесі шаш ал десе, бас алады. Айтқанын екі етпейді және сұлтанның әмірі дұрыс па, бұрыс па ол жағында шаруасы жоқ, «қожам айтты мен дайын» бір ноқай. Кенесарының ымынан ойын түсінеді.
Таяқтан аяғын әзер сүйреткен Арыстанның сол жағынан қолтықтаған Ожар. Бұл келгелі де айға таяп қалған, Сейтеннің үзеңгілес серігі, Тайжанның жалғыз қызына үйленіп, абақтыдан қашып шыққан Ожарды Кенесары құшағын жая қарсы алған. Отау тігіп, алдына мал салып берген. Бұл жақсылықтың есесіне ол келгеннен соң күн өтпей жатып... жылпық сары Сәмен арқылы Қоңырқұлжаға Кенесарының қарамағында қанша сарбаз барын хабарландырған. Бүгін таңертеңнен бері де Кенесары ордасында болып жатқан мәжілістің жайын біле алмай әбден мазасы кеткен. Мың басы, жүз басы батырлардың тегіс келгенінен, бұл мәжілістің тегін мәжіліс емес екенін іштей сезген. Қанша білгісі келгенмен, алыстан торлағаны болмаса, жақын баруға біреу-міреу кім екенімді сезіп қалар деп көңілі дауаламаған. Осындай күйде жүргенінде сойылға жығылып қолға түскен Арыстанды ауыл адамдары бір қараша үйге қамап қойғанын естіді. Ол енді өшіктіре сөз тастап, жұртқа Арыстанды Кенесары ордасына апарудың керек екенін айтады. Ондағы ойы Кененің көзіне түсумен қатар, ыңғайы келсе, мәжіліс жайын аңдау. «Кім біледі, біреу болмаса біреу абайламай бір сөз айтып қалар. Зерек жанға о да жеткілікті». Арыстан Кенесарыны көрісімен, ең соңғы күшін жинап, еңірей аяғына жығылды.
— Жаздым, жаңылдым, Кенесары. Күнім үшін жер зерттеуші земтемір орыстарға жөн көрсеткенім рас. Бір жолға кешір. Өмір бақи құлың болып өтейін.
Кенесары сазарған қалпынан өзгерген жоқ. Қанын ішіне тартып, тіпті сұрланып алды. Ол аяғына жығылып жатқан Арыстанға қарамастан:
— Елін сатқан адам, жылқы ішіндегі маңқамен тең. Өзге жылқыны сау алып қалу үшін оған аяу болмасқа тиісті. Үкім біреу-ақ — өлім!
«Халқыңның қамын ойлар болсаң, ең алдыменен оның бірлігін ойла» деді ішінен Жүсіп, «опасызға Кенесары дұрыс үкім айтты».
«Қатал, әйтсе де әділетті».
Бірақ бұл не? Өзге батырлар әдеттегідей Кенесарының шашбауын көтеріп неге «дұрыс» деп бастарын шұлғымайды? Бәрі бірдей неге төмен қарап қалған? Ағасының айтқанын тұмар тұтатын Наурызбайдың өзі де неліктен тұнжырап кетті?
Жүсіп таңданғандай үйдегі адамдардың бетіне тағы бір көз тастады. Ешкім басын көтерер емес. Өздері өлім жазасына бұйырылғандай қабақтары түсіп кеткен.
«Ғажап халық, деді ішінен тағы да Жүсіп, майданда кездессе жаудан қорқу, немесе оны аяу дегенді білмейді. Ал айыбын мойнына алып аяғына жығылса, қанды кекті қасы болса да кешіргісі келіп тұрады. Қандай үлкен, абзал жүректі жұрт. Бұрын атуға оғы жоқ боп жүрген Арыстан қолдарына түсіп еді, оның сақалды басымен жасын сорғалатып кешірім сұраған түрін, кенет аяп, ажалға қиғылары келмей тұр. Үкімін өзге жұрттың қостамағанын Кенесары да сезген тәрізді. Енді не істер екен?»
Кенесары тұнжырай қалған батырларының бетіне көзін бір салып өтті де, қабағы бұрынғысынан да түксие түсіп, қолымен Арыстанды меңзеп:
— Қазір, осы арада ал мынаның басын, Қараүлек!— деді зілді үнмен.
Жұрт бұрынғысынан бетер тұнжырай қалды. Бірақ Кенесарыға үкімің дұрыс емес деуге ешкімнің де батылы бармады. Қостамағандықтарын сазарған түрлерінен ғана аңғартып отыр. Ал сұлтан серіктерінің ойына түсінсе де, бір айтып қалғаннан кейін, өзінің абыройын сақтап, кесімінен қайтар емес.
«Дұрыс, дұрыс,—дейді ішінен Жүсіп, осылай қатал болсаң қарамағыңдағыларың да тәртіпке, әдепке үйренеді. Айтқанынан қайтпайтын қолбасшы қашанда жауынгерлері алдында абыройлы».
Кенесарыдан үміт үзген Арыстан ақын енді басын көтеріп, тізесінен отырды. «Өлсем де адамдығымды жоғалтпай өлейін» дегендей бойын жинап, үстіндегі киімін жөндеп Кенесарыға қарады. Үлкен бұйда пышағын жалақтатып, тамағынан орып жіберейін деп, жанына келіп, сақалынан ұстай берген Қараүлектің қолын қағып жіберіп:
— Менің қаныма жерік болсаң ішерсің әлі-ақ, сәл шыдай тұр,— деді. Сөйтті де Кенесарыға тағы да қарады.— Дат, тақсыр! Бас кеспек болғанмен, тіл кеспек жоқ деген. Төре, бір ауыз сөзге мұрша бер.
— Айт датыңды.
Қараүлек те түсініп кейін шегінді. Арыстан қанатын сілкіп қомданған ұшар құстай, сәл бой түзеп алды да, екі көзі жаудырап Кенесарыға қарап ән шырқап қоя берді.
Кенеке, жақсы көрсең қарашыңмын,
Жек көрсең де өзіңнің алашыңмын.
Атаңа алты қатын алып берген
Атығай Қарауылдың баласымын.
Кенесары «болды» дегендей қолын көтерді.
— Аталы сөзге арсыз тоқтамас. Абылай атама бабаларының істеген жақсылығын алдыма тартты ғой, қоя беріңдер,—деді.
Бағанадан бері үндемей тұрған батырлар кенет жадырап, бір дауыстан:
— Уа, пәле, міне аталы сөз!—десіп шулап қоя берді.
«Қандай ақылгөй жан еді, деді ішінен тағы Жүсіп, ел билейтін серіктерінің де көңілін таба білген жөн. Ағылшындар «патшаны патша істейтін патша емес, жанындағылары» деп тегін айтпаған ғой».
Бірақ Жүсіп Кенесарының мейлінше рақымсыз жан екенін білмейтін. Қазір босатылып тұрған Арыстан ақын, сұлтанның бұйрығы бойынша, үш күннен кейін «ат теуіп өлтіріпті» деген лақаппен Қараүлектің қолынан қаза табатыны дәл осы сәтте оның ойына мүлде алмаған іс еді. Сондай-ақ Кенесарының қолға түскен солдаттарға да бірден қатты келмейтіні өз жағына шығару саясаты екенін Жүсіп көп ай өткен соң барып бір-ақ түсінді. Ал алғашқы кезде мұны сұлтанның кең пейіл, ақ көңілдігінен деп ұққан-ды.
Төре шешіміне риза болған батырлар сыртқа шықты. Әрқайсысы өзінің атқосшысы ұстап тұрған атына қарай беттеді.
Байтабын мен Ақбөкен сонау Елек пен Ырғыз өзенінің бойынан Қарақойын Қашырлыдағы Кенесары әскеріне келіп қосылғалы, Байтабын Наурызбай жасағына, батыр қыз Ақбөкен Бопай тобына берілген. Байтабын мен Ақбөкен қосылады екен деген сыбыс болатын, бірақ неге екені белгісіз, бұл сыбыс сол сыбыс қалпында қала беретін. «Біз қосыламыз»,— деген сөз қыздың, немесе жігіттің аузынан шыққан емес, екеуі ағалы-қарындастай сыпайы сөйлесіп қана тілдеседі. Мұндай мінездеріне қарап кейбір жұрт «бұлары несі?» деп таңданса да, ақылға салған бағда біреулері «Бөтен елде жүрген соң қымсынатын шығар, өз елдеріне барған соң да уақыт жетер»,— дейтін де қоятын.
Наурызбай үйден шыққанда ең алдымен апасы Бопайдың атын ұстап тұрған шашақты найзалы, еркекше киінген қызды көрді. Ақбөкен еді бұл. Ол батыр Бопайдың әрі қасындағы серігі, әрі атқосшы нөкері. Наурызбайдың жүрегі кенет дүрсілдей соға жөнелді. Ақбөкенді алғашқы кездестірген күннен бастап кіші сұлтан осындай бір ауруға шалдыққан-ды. Наурызбай ауруының өрши түсуіне Ақбөкеннің өзі себеп болған. Патша әскері шабуылынан ауылдың бір тыныш күні Көшек сұлтанның Айғанша атты тоқалы ұл тауып, жұрт ұлан-асыр тойға жиналған. Жастар жүрген жерде көкпар, балуан күресі ежелгі салт. Осы қан базар қырғын мерекеде Наурызбай мен Байтабынға күресуге тура келген. Өзінен екі жас үлкен Наурызбайдың күші басым болды ма, әлде ел аузына ілінген жас батырдың мысы жеңді ме, бие сауымындай мезгіл алысқаннан кейін Байтабын жығылған-ды. Наурызбай бас бәйгіге тігілген сүліктей қара су жорғаны өзі алмай, бөтен елдің қызы еді, жанындағы жолдасын жыққан айыбым деп, Ақбөкенге тартқан-ды.
— Батыр, бұл айыбың ба, әлде құрметің бе?—деген Ақбөкен қара жорғаның шылбырынан ұстап жатып.
— Айыбым.
— Бәсе,— деген Ақбөкен тостағандай көзі жарқ ете күліп,— ауылыңызға келген бауырыңызға күш көрсететіндей өкпеңіз жоқ секілді еді...
Ол кезде әзілге әзіл қайтару жастық салты.
— Өкпешіл үніңізге қарағанда, менің жығылғанымды тілегендейсіз ғой, қарындас,— деді Наурызбай күлімсірей,— ондай тілегіңіз болса күні бұрын құлағыма неге сыбырлап қоймадыңыз?
Ақбөкеннің қарақаттай қара көзі күлімдей түскен.
— Сыбырлағанды орындайтын болсаңыз, әлі де кезі келер.
— Уәде,— деген Наурызбай қолын беріп.
Ақбөкен екі беті дуылдай қызара, ұзын ақ саусақтарын қымсына ұсынған. Неге екені белгісіз Наурызбай оның қолын алып жатып, қыздың саусақтарының дірілдеп кеткенін сезген.
Шынында Байтабын Наурызбайдан күші жетпей жығылған жоқ еді. Бие сауымындай алысқанда Наурызбайдың күшінің он, жамбасы мен оң қолында екенін аңғарып қалған Байтабын, егер шынтуайтқа келсе онымен пара-пар түсетініне көзі жеткен. Бірақ жоқ жерден аяғы көде шөптің үстінен тайып кетіп, ерлік намысын сақтай алмай жығылған-ды. Бірақ мұнысына ол пәлендей қорланған жоқ. «Наурызбайдан мендей көп батырдың бірі жығылғанына жұрт күлді де қойды. Менен қолбасы Наурызбай жығылса, абыройы айрандай төгілер еді»,— деген ол ішінен.
Ал Ақбөкенге Байтабынның жығылуы үлкен әсер етті. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған», жиырмадан аспай жатып атағы алты алашқа жайылған, әрі әнші, әрі сал, өзі төре Наурызбайды Ақбөкен жақын көруге құштар еді. Оны Байтабынды жыққан жеңіс үстінде көрді, және Наурызбайдың өзінің шеттен келген жас балуанды жығуын «айып» санаған кең пейіл мінезі, ерлікті, адамгершілікті дәстүр етіп өскен қазақ қызына үлкен ой салды. Махаббат деген күн сәулесінен құрылған алтын тор секілді емес пе, Ақбөкеннің жүрегін сол тор кенет шырмай бастады.
Бұл не сезім? — Ақбөкеннің өзі де бірден ұқпады. Ал Байтабынға деген жүрегі бұрынғыдай лүпілдемей, күннен-күнге баяу соға түскендей. Мұны қыз анық түсінеді. Бірақ бұл не? Бір кезде жақсы көрген Байтабынын ұмытуға айналғаны ма? Бір мінезді, уәдеден айнымас қазақ қызына лайықты қылық па бұл? Әрине, лайықты емес, әсіресе жас кезінде көңілің шын кеткен болса... Бірақ соның өзі рас құлай берілу ме еді? Әлдеқалай соққан жастық желі емес пе екен? Кәрі Серғазыдан құтылудың жолын іздеп арпалысқан жас көңілдің қолдан жасап алған махаббаты болып жүрмесе нетсін! Шын сүйген жүрек бөтенге бұрылмаса керек еді, мұнысына қарағанда Байтабынға деген сезім, махаббаттың шын отынан тумаған жай әшейін балалық сезім тәрізді. Ақбөкен шын махаббатты енді ғана түсінгендей, сондықтан да оның қиялы көкке шарықтап, жүрегі лүпілдеп, жиі-жиі соғады...
Осыдан бір ай бұрын Байтабын жорықта жүргенінде Наурызбай мен Ақбөкен бір шілдеханада кездесіп қалған. Екеуі қарама-қарсы отырып шаршы топ алдыда айтысқан... Сол айтыстың аяғында бәсекелесіп тобық алысқан. Қазақ дәстүрінде қыз бен жігіттің тобық алысуы құр ғана ойын емес, мұнда екі жастың өздері ғана түсінетін бір терең сыр да бар...
Осының бәрін Байтабын біле ме? Білсе қорланбай қалай шыдап жүр? Бұндай іске шыдау үшін қандай жүрек, қандай ұстамдылық керек? Әрине, Байтабын өзіне төнген жамандықты сезбей жүрген жоқ. Бірақ «ел басына бұлт түнеріп тұрғанда, бір қыз үшін әлек болуымның реті келмес» деп өртенген жүрегін ақылмен басуда, Наурызбай мен Ақбөкеннің арасында басталған ойынның аяғын күтіп, өзіне өзі сабырлық айтып шыдай беруде еді.
Ақбөкенге ордадан шыққан Байтабынның да көзі түскен. Бірақ кіші сұлтанның қызға қарай беттегенін көріп орнында тұрып қалған.
Ал қызба көңілді Наурызбай өзін өзі ұстай алмай Ақбөкеннің жанына жетіп келді.
— Арсың ба, қарындас?
— Барсың ба, батыр?
Наурызбай қалжыңдай күлді.
— Ақбөкеннің бір қапы кезіне кездескен-ақ шығармын, тобығымды бер!
— Сіз секілді арыстандар Ақбөкеннің қапы кезін үнемі аңдиды. Бірақ Ақбөкен оңай қолға түсе қойса жарар еді.— Қыз күлді де тілінің астынан тобықты алып берді,— мінекейіңіз...
— Япырмай, тым берік жерге сақтайды екенсіз...
— Қадірлі адам берген соң...
Осы кезде ақ ордадан Бопай шықты. Ол анандай жерде тұрған Байтабынға бірдеме деді. Екеуі бұлардың қасына келді. Байтабын сыпайы ғана амандасты.
— Арсың ба Ақбөкен?..
— Барсың ба, Байтабын...
Байтабын Бопайдың желдей жүйрік атақты кербестісінің айылын босатып, ер-тоқымын жөндеп қайтадан ерттеді. Бопай Ақбөкенге көз қиығын тез аударды да Наурызбайға қарап:
— Байтабын батырды менің жасағыма берсең қайтеді, Науанжан?— деді күлімсірей.
Наурызбай қабағын шыта қалды.
— Неге?
— Керегі бар.
— Жақсы,— деді Наурызбай апасының өтінішін жерге тастаудың ретін таба алмай,—Ақмола бекінісін алғаннан кейін Байтабынды сіздің жасағыңызға мүлдем берейін, оған дейін қинамаңыз. Байтабынның менің жасағымдағы орны бөлек...
— Болады.
— Қашан аттанбақ ойыңыз бар?
Бопай ері түзелген кер бестісіне еркектерше жеңіл мінді.
— Бүгін түнде.
— Жолдарың болсын.
— Айтқаның келсін.
Бопай мен Ақбөкен жөнеле берді. Олардың соңынан анандай жерде тұрған төрт салт атты қарауылы желе аяңдай ерді.
Наурызбай мен Байтабын:
— Қош болыңдар,— деді кетіп бара жатқан әйелдердің соңынан дауыстап. Бірақ ана екеуі жауап қайырмады. Шашақты найзаларын желкілдете, ауылдан шыға өздерінің жасақтарына қарай құйындата шаба жөнелді.
— Батыр, Ақтастағы қолға барсақ қайтеді?—деді кетіп бара жатқан әйелдердің соңынан әлі қарап тұрған Наурызбайға Байтабын.
Наурызбай тез бұрылды.
— Неге?
— Алтайдың бір жас мергені келді. Екі жүз қадам жерден лақтырған тымақты садағымен қағып түсіреді. Соны көрсетейін деп едім.
— Жоқ, Байтабын,— деді Наурызбай,— мерген мен жүйрік ат, қыран бүркітті тамашалап серуен құратын уақыт енді бізде жоқ. Бір жетіден кейін Қараөткелді алуға аттанатынымызды өзің естідің. Қарамағымыздағы мыңды соған дайындауымыз қажет. Күні ертеңнен бастап қамал алу тәсілін үйренуге кірісеміз.
— Ұқтым.
— Ал бүгін Миколай екеуің бар әскерді сасырлы ойпатқа көшіріңдер. Таңертең қару-жарақтарымен дайын тұрсын.
— Миколайдың өзі қайда?
— Әне келе жатыр.
Наурызбай мен Байтабын Николайға қарсы жүрді. Бірақ жетер-жетпестен бір қараша үйдің есігінің алдында тұрған Алтыншашты көріп екеуі бірдей кілт тоқтай қалды. «Адам баласының да мұндай әдемісі болады екен!» деді ішінен таңданған Байтабын. Ойламаған жерден жүрегіне оқ тигендей аяғын баса алсайшы енді ол. Жуан қос бұрымы жерге шұбатылған, аппақ бетінің ұшы сәл қызара үлбіреген, танадай көзі қарасудай қап-қара боп тұна мөлдіреген Алтыншаш есік алдында сәл тұрды да бұлт астына қайта кірген күміс айдай жоқ болып кетті. Ар жақтарынан Николай келіп жетті де үшеуі аттарына қарай аяңдады.
Байтабынның кенет өзгере қалған қалпын сезген Наурызбай езу тартып күлді де:
— Алтыншаш десе Алтыншаш екен әлгі келіншек!— деді Байтабынға қарап.
Байтабынның қабағы кенет салбырап кетті. Ол Алтыншашты басы бос қыз ғой деп ойлап қалған еді.
Үш жігіт енді өзара сөйлесе ауылдың шетіне шыға берді.
...Бір жеті өтісімен алты жүз жасақ ерткен Бопай алдымен Аманқарағай приказын, содан кейін Сырымбет тауындағы Уәлиханның бәйбішесі Айғанымның ауылын шапты. Кенесары қолы Көкшетау жақты шауыпты деген хабар келесі күні-ақ бүкіл Сарыарқаға жамырай тарады. Бұл хабармен бірге войсковой старшина Симонов басқарған Ақтау бекінісінен шыққан екі жүз солдат Бопай алып келе жатқан малды алып қалмақ боп алдынан кетіпті және Омбыдан Ақмола гарнизонына көмекке аттанған жүз солдат та Көкшетауға қарай бұрылыпты деген хабар ұзын құлақтан дереу бар елге тарады. Кенесарының күткенінің өзі де осы еді. Ақырғы екі-үш күннің ішінде ол суыт жүріп, әскерінің тең жартысын Қорғалжын көлінің төменгі саласына әкеп қостатқан. Ал қалған жартысын Атбасар жақтан орағытып, Есілді жағалата Қараөткелге иектете орналастырған. Күніне жүз жиырма-жүз отыз шақырым жерді жай алатын қазақы жылқыға енді Ақмола бәлендей алыс емес-ті. Кенесары осы ат тынықтырып жатқан жерінен тамыз айының алтысы күні сәскеде көтерілді де, ымырт үйіріле Ақмоланың маңына шоғырланды. Қоңырқұлжа мен Қарапұшық ертеңіне таңертең төсектерінен тұрғандарында кеше ғана тып-тыныш жатқан кең даланың бүгін құжынаған қол екенін көрді.
Кенесары Ақмола бекінісіне шабуылды осы тамыздың жетісі күні таңсәріден бастады. Ең алдымен бекініс оңтүстіктен солтүстікке дейін иілген тағадай үш шақырымдай жерден қоршалды. Бекіністің күншығыс жағы бос — жарты шақырымдай жерде Есіл өзені. Содан кейін барып қолдың сегіз тұсында сегіз батыр тұрып алған. Оң жағында Кенесарының өзі, одан кейін Ағыбай, Ағыбаймен үзеңгілес Бұқарбай. Қолдың шаңқай ортасында Басықара. Басықарамен қатарлас Төлебай. Төлебаймен үзеңгілес Құдайменді. Құдаймендіден солырақ Жанайдар. Сол қанатта Наурызбай. Таң құланиектеніп келе жатқанда бес мың атты әскер «Абылайлап» бекініске лап берді. Бір ғажабы қалың қол үзеңгілесе ат қоймай, дорбадан шашып жіберген бұршақ секілді, әр салт аттының аралары он-он бес құлаштай тым-тырақай шауып келеді. Екінші ғажабы, шапқыншылардың алдыңғы қатары зеңбіректер нысаналанған орға жақындамай, садақ оғы жетер жерден оқтарын ата сала кейін қарай бұрылып шаба жөнеледі. Бекініске тіпті ұмтылмайды. Көкпар, сайысқа үйренген қазақ бірі кейін шапса, бірі алға ұмтылып, оқты қардай боратты. Алдыңғы қатары орға жетпей кейін шегінгенде, көк жиектен лықылдап көрінген артқы жағындағы бытырай шауып келе жатқан қалың қол ұшы-қиыры жоқ құмырсқаның илеуі тәрізді. Мұның тағы бір кереметі, қамалдағылар қол бастаған батырларды жекелеп нысанаға алайын десе, төгілген тарыдай жер қайысқан жанның қайсысының басшы, қайсысының қосшы екенін ажырату қиын. Бәрі бірдей киінген. Әр топ өз батырларын тек өздері ғана біледі. Қорған басында тұрған Қоңырқұлжа мен Қарапұшыққа Ақмоланы қоршаған мынау қара нөпір қол — бес мың емес (солай деп Ожар күні бұрын хабар берген), бес жүз мың адамдай боп көрінді.
— Япырмай,— деді таңданған Қоңырқұлжа,— мына Қасымның көкжалы үш жүздің бас көтерер жігітін тегіс жиған ба?
Қарапұшық аға сұлтаннан да бетер сасуда еді. Оның ойынша Кенесары сарбаздары лықылдап келіп алдыңғы қатары орға тірелгенде, артқы қатары оларды орға құлата-мұлата өздері амалсыз топырлап тоқтауға тиісті еді. Сол сәтте төрт зеңбірек бірдей оқ жаудыруы керек. Қарапұшық күні бұрын зеңбіректерді де әдейі осы ордың арғы қабағына көздетіп қойған.
Ал Кенесары сарбаздары оның бұл ойынан шықпады. Орға келіп тірелмек түгіл, тіпті оған жуымай, анандайдан садақтарынан жебе қарша боратқан қалыптары жалт береді. Бір қызығы, сарбаздар оқты қанша атса да, бірлі-жарым солдатқа ғана тигені болмаса бәрі бірдей асып кетіп, бекіністің ішіне түсіп жатыр. Егер қолдарынан келері осы болса, мейлі, оқтарын жаудыра берсін! Әйтсе де Қарапұшық өте сасуда еді. Бұл оның кермеген соғысы. Ол қазақты зеңбіректің аузына байлап атып үйренген. Ал мына қу Кенесары оны істетер емес. Зеңбіректі сонау тым-тырақай ерсілі-қарсылы шауып жатқан сарбаздарға атқаныменен қаншасын қирата алады? Әр салт аттының арасы он-он бес құлаш, көп болса екі-үш адамды оққа ұшырады. Ал зеңбіректі оқтап, білтесіне от беріп атудың өзі қаншама уақыт алар бір қияпат іс!
Қарапұшық Кенесарының сарбаздары осылай құр текке шауып жүрген жоқ-ау деген ойдан да күдікті еді. Көп кешікпей бұл күдігі де анықталды. Кенет Қоңырқұлжаның:
— Ойбай, үйлер жанып жатыр!—деген үрейлі даусы шықты. Осы сәтте Қарапұшықтың дәл қасына кеп қорған ернеуіне бір садақ оғы шаншыла түсті. Қарапұшық қолын созып суырып алды. Қауырсынына қара майлы білте шүберек байланған. Заматта білте шүберектегі кіп-кішкентай қызыл шоқ пысылдай жана бастады. Қарапұшық енді түсінді! Жүрегі бір сұмдықты текке сезбеген екен! Кенесары сарбаздары бағанадан бері садақты босқа беземепті.
Олардың атқандары мынау оқ тәрізді, әдейі бекініс ішіндегі ағаш үйлерге өрт салуға арналған оқ боп шықты. Қарапұшық бекініс ішіне қарап еді, әр жерден көкке лаулай көтерілген өртті көрді. Халдерінің қиынға айнала бастағанын енді түсінді. Өрт молайса оқ-дәрі, азық-түлік қоймасын да алады, онда бұлардың шаруасы біткені! «Зұлым Кенесары қулығын асырды! Бірақ тұра тұр әлі, көресіңді көрсетермін!»
Қарапұшық бағанадан бері Кенесары сарбаздарына оқ жаудырып жатқан солдаттарының қырыққа таяуын амалсыздан өрт сөндіруге жіберді. Қалғандарына жолдастарын жоқтатпауды бұйырып, зеңбірекшілерге:
— Зеңбіректеріңді ордың ернеуінен алып, анау қалың қолдың дәл ортасына меңзеңдер,—деп ақырды.
Бес минут өтпей зеңбірекшілердің:
— Дайынбыз!—деген дауыстары естілді.
— От!— деді ызаланған Қарапұшық қолын төмен сілтеп.
Аралары елу метрден қойылған төрт зеңбірек, бірден күндей күркіреп гүрс-гүрс етті.
— Солай ма екен!—деді қуанып кеткен Қарапұшық.
Түс кезі болып қалған-ды. Ортадағы зеңбіректің оғы дәл тиген бір атты сарбаз ат-матымен көкке ұшқанын Қарапұшық анық көрді. Екі-үш жігіт шет жақтан лап түсті. Өз тұсынан да екі жігіт ат-матымен омақата оққа ұшып қаза болды. Қарапұшық зеңбіректерді тағы да аттырды. Бірақ бұ жолы оның оғы далаға кетті. Өзі де түсінбей қалды, бұ не ғажап! Зеңбірек даусы шыққаннан кейін, сарбаздар қорқып кейін қашудың орнына, кенет бес қатар боп бірінің соңынан бірі тізбектеліп, араларын тағы да он-он бес құлаштан салып, бекініске лап қойды. Бұ жолы олар нағыз бір шыр көбелек айналған құйын тәрізді көпшілігі ордың арғы қабағын қоршай шауып, қауырсын жебелерді тағы да қардай боратты. Жақын жерден көзделген мерген оқтары қорған үстіндегілердің басын көтертер емес.
Ал Басықара, Төлебай басқарған әскердің бір тобы, зеңбіректерді солдаттар қайтадан ордың қабағына меңзегенше, оңтүстік пен солтүстіктегі қақпа алдындағы жіңішке жолдардан бері өтіп, қорғанның іргесін айнала шауып, бекіністің үстінде тұрған солдаттарға қыл арқан-бұғау лақтырды. Қорғанның әр жерінен басын қылтың еткізіп көтерген бес-алты солдатты лақтырған бұғау іліп те әкетті. Екі жақтан бірдей атылған мылтық, тартылған садақ, әлем-тапырық бір қияпат. Дәл осы кезде айқай-шу, жан таласқан айқасты пайдаланып, бекіністің солтүстік жақтағы шойын топсалы, шананың табан темірімен шандылған, шынжыр құлыпты қарағай қақпаның сыртынан бір топ сарбаз шелектеп қара май жағып, түбіне қара маймен ысталған қызыл тобылғыны үйіп, өрт қойып жатты. Бықси жанған тобылғының үстіне бірнеше шелек қара май тағы құйылды. Жалын алғашқы рет лап етіп көкке көтерілген кезінде, ор қабағына қайтадан меңзелген зеңбіректердің де жер жарған гүрсілі естілді. Бұ жолы да жиырма шақты жауынгерді оққа алдыртып жарлық бойынша Кенесары сарбаздары кейін шапты. Бірақ бұл кезде бекіністің іші қалың өртке айналған еді. Қоңырқұлжа мен Қарапұшыққа енді бар әскерін екіге бөлуге тура келді. Өрт сөндіруге жіберген жауынгерлерді қоспағанда, бекіністі қорғауға жарайтын не бары екі жүздей ғана солдат қалды. Оның үстіне екі зеңбірекшіні Кенесары сарбаздары арқанмен тартып әкетіп, бұлардың күші тіпті азая түсті. Қоңырқұлжа мен Қарапұшық халдарының мүшкіл бола бастағанын сезіп не істерге білмей әбден сасып тұрған кездерінде солтүстік қақпаның лапылдап жанып жатқанын көрді.
Бесіннен өте өртене бастаған қақпа ағашы екіндіге жетпей жанып болды. Енді темір қоршаулар саудырап жерге түсіп, қорғанның солтүстік жағының жиырма құлаштай жері үңірейе қалды. Қауіп қай жақта екенін көздері көрген Қоңырқұлжа мен Қарапұшық осы қақпаның қарсысына дереу құм салған қаптардан кедергі істетіп, отыз карабін мылтықты солдатты сол қаптардың тасасына отырғыздырды.
Бағанадан бері құр садақ тартып, мылтық атып, алыстан тиіп-қашып жүрген Кенесары сарбаздары да, енді қамалға кірудің мүмкіншілігі барын кәрді. Бәрі бірдей лап қоюға қақпаның алдындағы жол жіңішке, жау бар зеңбіректерін, қаруын осы араға меңзер болса, топырлап шапқан жұрт босқа қырылады. Осыны ойлаған Кенесары, ұрыстың түйіні шешілетін жерге өзі келіп:
— Қайсың барсың жүз адамменен бекініске кіретін?—деп айқай салды.
Атын ойнатып Басықара батыр шыға келді.
— Жолың болсын!—деді Кенесары. Өзге батырларға да: жау көңілін бұру үшін, сендер де бекіністің жан-жағынан оқ жаудырыңдар деп бұйырды.
Басықара батыр Кенесарының ризалығын алысымен өзінің мың әскерінен таңдап жүз сарбазды бөліп алып, жау қамалына қарай лап қойды. Өзі ат жалын құшып, ер үстіне еңкейе жатып алды. Астындағы кер төбелі қалың шөпті бауырлай ұшқан құс тәрізді. Соңынан құйындата шұбырған жүз сарбазы. Басықараны мұндай шапшаң қимылдайды деп солдаттар да ойламаған болуы керек, мылтықтарын оқтап кезенгенше, Басықара сарбаздарын соңынан шұбырта, бекіністің ішіне кіріп те үлгірді. Қақпаның дәл қарсы алдындағы үйілген қапшықтан кер төбелін секірте өтіп, қарама-қарсы келіп қалған бір-екі солдатты кеспелтек сойылмен доптай қағып қайта оралғанында, ұзын бойлы қара бұжыр солдат орнынан ұшып тұрды да, мылтығын шапшаң кезеп Басықараны дәл көкірек тұсынан дәлдеп атты. Аңғал батыр сауытсыз еді, «қош бол елім» деп ат үстінен сүйретіле біраз жер барды да, сылқ етіп құлап түсті.
Қол бастаған батырларының оққа ұшқанын көрген жүз жігіт кейін қарай шаба жөнелді.
Қашқан жауға қатын да ер, соңдарынан атылған оқ бұлардың да он шақтысын алып қалды.
Шегінген тобырдың соңынан иесіз ойнақтап шыққан. Басықараның кер төбелін көргенде Кенесары шыдай алмай:
— Тастамаңдар! Басықара батырды жау қолына! — деп тұлғасы бөлек көк буырыл бестісін ойната әмір беріп, ешкім шықпаса өзім шабайын деп ыңғайланғанша, қамыс құлақ, бөкен сан, бүкіл Арқаға әйгілі «ортеке» аталған сәйгүлігімен Төлебай батыр, жұрттан сытылып шығып жеке сала берді. Бұл кезде Кенесарының қасында өзге батырлардың ешқайсысы да жоқ еді. Наурызбай да, Ағыбай да, Бұқарбай да бөтен шепте болатын. Екі жүз қадамдай жерде жеке кетіп бара жатқан Төлебайды көргенде Кенесарының өзі де шыдай алмады. Көкбурылдың үстіне тік түрегеліп тұра қалып «Абылайлап» қамалға қарай құйындата жөнелді. Көкбурылдың үстінде ажалдан қорықпай түрегеліп шауып бара жатқан Кенесарыны көргенде өзгелері де орындарында тұра алмады. «Абылай!», «Ағыбай!», «Атығай!», «Қабанбай» деп ұрандап бекініске лап қойды. Айқай-шудан жер сілкінеді. Күн батып қара көлеңкеленіп бара жатқан кез еді. Таң сәріден нәр татпай күні бойы Кенесары сарбаздарымен екі жақтан алысқан ер жүрек солдаттар да, енді шыдай алмады, біріндеп шегініп үй-үйді тасалап атысуға мәжбүр болды. Әйтсе де белдесіп келгенде қаптаған сойыл, сыңсыған найза қоя ма, түн ортасы аумай Ақмола бекінісінің әскері жеңілді. Тек қара түнді пайдаланып азғантай әскерімен Қоңырқұлжа Қарапұшық бекінісінің Есіл жақтағы қақпасынан қашып шықты.
Жеңіске мастанған қатігез жауынгерлер қорғансыз қалың қойға тиіп қанға құныққан аш қасқырлардай, жұрттың жазықты-жазықсызына қарамай, түні бойы ойран салды. Таланбаған мүлік, былғанбаған абырой қалмады. Қандай ұрыс болса да ең алдымен бүліншілікке ұшырайтын халық. Бұ жолы да солай болды. Жыламаған бала, боздамаған ана жоқ. Бұл қырғын тек таң ата ғана толастады.
Сөйтіп Кенесары сарбаздары Ақмола бекінісінің үйлерін тегіс өртеп, қорғанын құлатып, жермен-жексен етіп, орларын топырақпен бітеп, кешегі Шығыс Сібірдің отаршылық қамалы тұрған жерді тып-типыл етіп, ертеңіне қайтадан Ұлытауға қарай шегінді.
Осы жолы Ақмола бекінісін алуда еткен қаһармандық қайраты үшін Кенесары Төлебайды Жеке батыр атады. Көп кешікпей Ағыбай, Наурызбай, Бұқарбай, Жеке батыр бастаған Кенесары сарбаздары Ақтау, Ортау бекіністерін алды.
Зеңбірек пен карабинді, аға сұлтан мен старшинды жеңуге болатынын көрген, әзірге үндемей келген кейбір рулар енді Кенесары ордасына қарай ағыла түсті. Кенесарының абыройы да, қадірі де артты. Бірақ жан аямас қаталдығы көп елді өзінен үркітті. Алайда соңынан ерген батырлары оны ұлт қаһарманына айналдыруға тырысты. Ал Кенесары өзі болса «Аяз, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл» дегендей, әлі де ақ патшамен шын белдесіп күресуге күшінің жеткіліксіз екенін жақсы түсінді. Енді ол бұлаң құйрық түлкі қулыққа салып патша солдаттарымен жата-жастана ұрысып, қазақтың ереуілге қосылмай жатқан басқа руларын өзіне тартуға кірісті.
III
Ақмола бекінісінен айрылған түні Қоңырқұлжа Қарқаралы өкірігімен шектес Есілдің Ертіске қарай бұрылар түбегіндегі Зейнеп ауылына беттеген. Кенесарының көтерілісі дами бастағаннан-ақ оған дәт беріп отырған, жер-суынан айырылған қалың елдің қаһарынан сескеніп, шын көңілмен қосылған Азнабай балаларынан басқа да Едігенің Шоңы, Күшіктің Шорманы, Шорманның Мұсасы, Сандыбайдың Ердені, Дүзені, Сайдалының Аққошқары секілді Арқаның мыңды айдаған бірнеше шынжыр балақ шұбар төс байлары Кенесарыға «Біз сендер жағындамыз» деп жалған ниет білдірген. Тіпті сол патша отаршылығына мойын ұсынып, шен алып, шекпен киген сұлтан тұқымдарының кейбіреулері Кенесарыға қосылып кеткендей болды. Уәлиханның екінші баласы Әбілмәмбет (Мәмке) Кенесарыға еріп, жорықта қаза тапты. Тұрсынханның Сарманы «Қара қазақтан шыққан Көшеннің Тұрлыбегін аға сұлтан қойдың» деп ақ патшаға қарсы көтеріліп, Қасым балаларына келіп қосылған. Абылайдың туған ағасы Жолбарыстың баласы Қошай, Уәлиханның туған інісі Шыңғыстың баласы Сартай секілді Абылай тұқымынан шыққан бірнеше сұлтандар Кенесары жағына бірден ауған... Осындай аласапыран кезде, артында сөзін тыңдар елі бар, Арғынның биі Шегеннің Мұсасы, Қыпшақтың биі Жаңбыршының Балғожасы секілді табанды бай, би, сұлтандар болмаса, «Кенесары малымды айдап алады» деп қорыққандары, уақытша болса да ереуілшілерді жақтағандай көрінген, Арқадан Ақмола аға сұлтаны Қоңырқұлжаға сүйеніш болар тек Қарқаралы аға сұлтаны Жамантай, Аманқарағай аға сұлтаны Уәлиханның Айғанымнан туған баласы Шыңғыс, Баянауыл аға сұлтаны Абылайдың Маманы орнынан алынғаннан кейін, қарадан шығып осы Баянауылға аға сұлтан болған Тұрсынбайдың Боштайы, Көкшетаудың аға сұлтаны Атығайдың Аңғал руынан шыққан мыңды айдаған Қаратоқаның сотқар Зілқарасы мен Құсмұрын тұсындағы Ашамайлы Керейдің баукеспе ұрылар ұстаған, бықыған бай Есеней.
Бұлардың ішінен әсіресе арқа сүйері, жері жақын және Қоңырқұлжаның қайын-жұрты Тәукенің Құсбегі мен Жамантайы. Бұлардың түбі — Арқаға сіңіп кеткен Орақ ханның баласы Бөкей сұлтанның немере-шөберелері. Құсбек пен Жамантай жайылымға, билейтін елге, аға сұлтандыққа таласып өзара күнде қырылысып жатқанменен азуы алты қарыс Қоңырқұлжаны күйеу санап екеуі бірдей жақын тұтады. Жас Тоқал Зейнеп Тәукенің ең кенже қызы. Ақмола өкірігіне Қоңырқұлжаның қандай беделі жүрсе, Қарқаралы өкірігіне Тәуке балалары Жамантай мен Құсбектің де сондай беделі бар. Сондықтан да Қоңырқұлжа Зейнеп пен баласы Шыңғыстың арасындағы оқиға жанына қанша батса да төрелердің ескі дәстүріне салып, жас тоқалын төркініне көшіре алмаған. Өз басына қауіп төнген осынау аласапыран кезде Тәуке балаларымен шатысуды қажет деп таппаған. Қасым төре көкжалдарын жеңіп алсам, со да менің тақияма тар келмес деп өзіне-өзі жұбату айтқан. Оның үстіне төре тұқымы бір әке-шешеден туып, бір емшектен сүт ембесе, бірінің қызын, қарындасын бірі алып, күйеуі өлсе оның әкесіне немесе ағасына тиіп шатысады да жатады. Қара қазақтай әйел мәселесінде «ұят», «обал», «ата жолы» деп ар-намысты сылтаулап төрт тағандап жатып алмайды, қашан да болса бос белбеу, көйлек етегі жеңіл, сыпырма, босаң келеді. Сондықтан да қалың қазақ арасына Бұқар жырау айтқан:
Қатын алма төреден,
Қатын алсаң төреден:
Еркегі болар жау жанды,
Ұрғашысы — ер жанды,—
деп басталатын өлең кең тараған. Төре тұқымынан шыққан сұлу әйелдің «ер жанды», «еркек құмар» салтына еті үйреніп кеткен сұлтандар, егер ел билеу, мансап сақтау тілектеріне шипасы тиер болса, қатын, қыздарының үй арасындағы бозбалашылығына мән бермейтін, көргенін көрмегендей боп, жауырды жаба тоқып жүре беретін.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», Қоңырқұлжа да тұқымының ауызданған салтынан аса алмаған. «Мың жылқы суарылғанда лайланбайтын көз бір тентек баланың ыш еткенінен бүліне қоймас»,— деп, еркек жанды тоқалдың қылығын баласы Шыңғыс қаза тапқаннан кейін, тіпті ұмытуға айналған. «Кенесарының ойы Ақмола бекінісін шабу секілді»,— деген Ожардың алғашқы хабары жеткен күні-ақ Қоңырқұлжа тоқалының аулын төркін жұртының жерімен шектес Есіл өзенінің төменгі жағына көшірген. Өйткені Кенесары жалғыз Қоңырқұлжаға ғана емес, Жамантайға да өшігулі, тек Қарқаралы шалғай болып, әзірге сондықтан ойран сала алмай жүр, ал реті келсе жақын жердегі Тәукенің кіші қызының аулын ең алдымен шабары анық. Осы жағдайды ойлаған аға сұлтан Зейнепті өзінің еншісіне тиетін үш мың жылқымен төменгі түбекке көшіріп тастаған. Бұл жер Құдайменді балаларының анда-санда көшетін тың жайылымы болатын.
Әлі ыстығы толарси қоймаған Желтоқсанның аяқ кезі еді. Қызғалдақ сарғалдақ, бақбақ, лала, жаушымылдықтар гүлденіп бітіп, бетеге, көкпек сарғылт тартып, ит мұрын, жуа, қарабауыр, жалбыз, қара қарақат, қызыл қарақаттар қата бастаған. Арқа жерінде сирек кездесетін түйе тікеннің жапырақтары түсіп, сабы серейіп, басы домалана ербиіп, шытыр, қарабауыр, шырғанақ тарамыстана түскен. Есіл өзенінің жағасында ойдым-ойдым боп бітетін тал, шетен, сары ағаш, қайың, аршалардың жазғытұрымғы жасыл жапырақтары сарғылттанып, ал кейбіреулері үнемі соққан желдің екпініне шыдай алмай сидия қалған. Соңғы екі жылдың ішінде Құдайменді балалары Ақмола бекінісінен ұзап көшуден қорқып, бұл араға қонбағандықтан күзгі шөп әлі тың. Оның үстіне Есіл өзені жазғытұрым тасығанда кішігірім көл болып қалатын қамысты қарасулардың беті мен жағасы құсқа толы. Бұл арада кішкентай көкторғай, бөдене, көксерке, жағалтай кекілік, балтатұмсық, шілден бастап, үлкендігі анау-мынау қозы-лақтан кем емес, қарақаз, бірқазан, дуадақ, қарабай, қырғауыл мол болатын. Қазақ даласының өзге жерінде сирек кездесетін жайра, тағанақ, сақалта, алақұмай, көк қарға, қодас қоңылтырды да іздеген адам табатын. Көлдерінде қаз-үйрек, аққу, қарақу тыным алмай сыңсып ән салатын.
Қазақ даласында жайшылықта мол кездесетін қоян, қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, суыр, ақтиін, күзендерден басқа, бұл арада ақкіс, қарағанның қара түлкісі, қырдың қызыл түлкісі, көл, өзендерінің жағасында сусар, құндыз, бұлғын да ұшырайды. Кейде әлдеқалай жем іздеп келген сілеусін мен шиебөрі де кездеседі...
Осы араға Зейнептің аулы келіп қонған. Қоңырқұлжа ұры-қарыдан тоқалының мал-мүлкін қорғау үшін, сойыл сүйреткен елу жігіт күзетші берген. Қарындасының көші Қарқаралы шетіне келіп тоқтағанын естіген Жамантай «Кенесарының сарбаздары аш қасқырдай жортқан мезгіл ғой, ел шетіне келіп қонған қарындасымды шауып кетсе, Құдайменді тұқымының бетіне қарай алмаспын»,— деп Зейнептің аулын күзетуге тағы да жүз жігіт жіберген. Жамантайдың сескенетін де қисыны бар. Осының алдында ғана Кенесарының көк бөрілері Есеней аулын шауып кетті деп естіген.
Осындай бір жағы қорған, бір жағы аңдушы жүз елу жігіті бар жас тоқал ойын-сауығын құрып, көк Есілдің жағасында қаннен-қаперсіз жата берген. Оған жан-жағындағы екі елдің қыз-бозбалалары да жиі қатынасуда еді. Зейнепке «Пәленшенің болыс баласы сені бір көруге құмар екен», «Түгеншенің Бұқарға керуен айдатып жүрген мырзасы, бір түндік ұйқыңды қиюың үшін төрт тай шәйі, бес бас қант жіберіпті»,— деп бой жете бастағаннан-ақ сөздерін жеңіл өткізіп үйренген жеңгелері де келіп-кетіп жатқан-ды. Бәрі де жас құлынның етін жеп, сары қымыз бен қою шайын ішіп «Еркежан-ау, бөксең әбден толып, өзің Төлегеннің қырық күн шапса болдырмайтын көк жорғасындай жалпақ жаурын болыпсың ғой»,— деп қалжыңдап, не болмаса «төрт түлігің түгел, тек енді аға сұлтан байыңа бір ұл тауып беріп, оның тізгінін мүлде қолыңа ал»,— деп ақыл айтып көңілін көтеретін. Бұрынғыдай «Еркем-ау, бәленшенің аузының суы құрып жүр, бір түнге көңіл бөлсең нетеді?» не болмаса: «Жас кезде қызық көргенге не жетеді, ағаңның көзіне шөп салмай, етегіне намаз оқып жүр дейсің бе бізді. Сен де құр қалма»,— деген секілді Зейнептің жанына майдай жағар сөзді бірде-бірі айтпаған. Ал ауыл ішіндегі көз тоқтайтын төлеңгіт, не болмаса өзін қорғауға берген сарбаздардың бірде-бірі не күндіз, не түнде Зейнептің ақ отауының есігін ашпайды. Ал есігін ашар болса, іштерінде нелер боздақ, нелер саңдақ бар. Оны Зейнеп сырттай аңғарып қалған. Кім біледі, ол жайсаңдардың ішінде де «шіркін-ай, оңашада қолыма бір түсер ме еді!»—деп Зейнепке сыртынан құмартып өліп жүргендер де аз емес шығар, бірақ Қоңырқұлжаның көрінен қорқады. Жамантай да, Қоңырқұлжа да жігіттеріне «ауыл ішіне кіруші болмаңдар, қостарыңды далаға тігіп, тыныштықтарын сырттан барлаңдар» деген.
Бұл шартты бұзғысы келген, Зейнепке қызыққан кейбір өжет жігіттер, Қоңырқұлжаның сақ құлақ тыңшыларынан сескенетін. Түн жасырғанды тыңшы көреді, жас тоқалдың ебін табамын деп жүріп, кеудесіне қанжар қадауға кім құмар...
Ал күнде сан мезгіл жас қуырдақ пен балбыраған уыз етке тойынып, балқаймақ пен сары қымызға ғана сусынын қандыратын Зейнеп, күйеуге шыққалы еркексіз үш күн жатып көрмеген жас денесінің күйіп-жандырған қызуын баса алмай, құшырлай қысқан жүнді кеуде, бура сан жігіттерді аңсап, өліп-өшіп барады... Оған мауқын басар еркек құшағы болмаса, мынау үлде мен бүлдеге бөленген ақ қозы жүнінен бастырған алтын қанат ақ отау, кел жағалай жусаған үйір-үйір көк ала көп жылқы, құрметтеп бас иген қыз-келіншек, төлеңгіттердің бірде-бірі қызық емес. Барлық ойы, тілегі, мейлі соқыр болсын, ақсақ болсын тек құмарлық айызын қандырар еркекте ғана... Мауыққан мысықтай көзі тұманданып, ал қызыл бүрте ерні кеуірсініп кеткен.
Ақмолада болып жатқан уақиғадан Зейнеп бейхабар. Шабарман ертең келмек. Әрине, ол байы Қоңырқұлжаға тез жетсін деп әмір жібереді. Кәрі тарланның кей қимылы, жас тұлпарға бергісіз. Сондықтан да Зейнеп оны аңсай түскендей. Бірақ Қоңырқұлжа келгенше де шуда жіптей созылған ұзақ екі-үш күн бар алдында... Зейнеп ызадан құшақтап жатқан ақ мамық жастығын түйгіштеп-түйгіштеп жіберді. Сәске болып қалған кез еді. Енді ол орнынан тұрмақ боп аяқ жағындағы кебісін киіп көтеріле бергенде, кенет үй сыртынан ат дүбірі естілді. Жүрістері өктем емес, баяу. Жай ауыл адамдары секілді. «Бұл кім болды екен?» деп Зейнеп сәл ойланды да, әдеті бойынша есігінің сыртында отыратын күңді шақырды. Есікті ақырын ашып үйге кексе қара бұжыр әйел кірді.
— Төре қызы,— деді күң,— жиеніңіз келіп түсіп жатыр.
— Қай жиенім?
— Масан би ауылындағы.
— Қойшы?!
Зейнеп орнынан атып тұрды, Масан Қарқаралыға аты шыққан би, Қаракесек қаз дауысты Қазыбектің ұрпағы, Жамантайдың ақылшысы. Масанның аталас ағайыны, арғы бабалары «жалғыз көз» Орақ, Қияқ, Тұяқ батырлардың жауынгері болған, Атығай Құсбектің немере қарындасы Гүлбаршынды алған-ды. Осы келіп тұрған сол Атығайдың баласы Есіркеген еді. Баянауылда орыс мектебінде оқып жүрген он алты - он жеті жасар бала жігіт. Зейнептен төрт жас кіші.
Зейнептің Есіркеген атын естігенде төсектен атып тұрмасқа амалы жоқ. Зейнеп он беске шығып, Қоңырқұлжа биыл ұрын келеді екен деп жүргенде Құсбек ауылына барған-ды. Сол жылы Есіркеген де нағашысының ауылына келген. Үріп ауызға салғандай аппақ жүзді, үлкен қой көзді он бір жасар баланы нағашы апалары қызық көріп, бірінен соң бірі үйлеріне шақырып қондыратын. Ол кезде әлі әжетке жарамаған еркек баланы бой жеткен, немесе бой жете бастаған қыз балалардың бір төсекте жанына алып жатуы ерсі емес. Тіпті әке-шешелері бой жеткен қыздарына қорған болсын деп ондай баланы әдейі жатқызады. Есіркегенге Құсбек нағашысының үйіне қонған күні оң жақтағы кең болыскей керуетте екі апасының ортасына ұйықтауға тура келді. Бір апасы осы бой жетіп қалған Зейнеп. Екіншісі Атбасар дуанының бір сұлтанына ұзатылған, енді төркіндеп келіп жатқан Құсбектің үлкен қызы Қадиша деген сұлу келіншек. Қысты күні еді. Үйде сол күні қасқыр қуып, аттары болдырып қонып қалған бір-екі бекзадалар да бар болатын. Құсбек төренің өзі үйде жоқ. Бозбалашылықты басынан талай өткізген сарықарын бәйбішесі, үйінде жатқан қонақтарынан қауіптенді ме, әйтеуір екі қызының ортасына жиен баласын жатқызған. Қыз ояту ол күнде дағдылы әдет. Шам сөнген соң біраздан кейін қара сақалды қонақтың ертегісін тыңдап жатып Есіркеген ұйықтап кеткен. Қанша ұйықтағаны белгісіз әлден уақытта оң жағындағы Зейнептің Есіркегенді «сен былай жат» деп құшақтай іргесіне салғанында ғана оянып кетті. Болыскей керует ақырын қозғалып, түйіршік-шиыршықтарының күміс қоңыраудай әлсін-әлсін шылдырлағандарына қарағанда төсектеріне үшеуінен бөтен тағы біреу келген секілді. Мұның нендей мәні барын білетін бала кенет ызасы келіп, қызғаншақтығы ұстап «бұл кім-ай?» деп айқай салып жібермекші де болды. Өйткені бағана төсекке жатқызар алдында үлкен нағашы апасы ойыны-шыны аралас «байқап ұйықта, апаларыңды біреу-міреу ұрлап әкетіп бара жатса, айқай сал»,— деп күлген. Бұнысы «байқа, күзетшің бар», - деп қыздарын қорқытқаны еді. Осы сөз есіне түскен Есіркеген бірден айқайлауды ерсі көріп «бұл кім-ай?» деп қолын созғанда, алақаны ертекші қонақтың қара сақалына барып тиген. Баланың бір сойқан шығарарын сезіп қалған Зейнеп дереу Есіркегенге бұрылып, тентек жиенін бауырына қысып, бетінен сүйе бастаған. Дәл қасында жатқан келіншек апасының қуанышы қызықтырды ма, әлде ұзақ созылған кереует дірілі, қауызын ашуға жаңа жеткен гүл жайнаған жас денесінің сезімін оятты ма, Зейнеп «біз де сөйтейік» деп Есіркегенді бұрынғысынан да құшырлана бауырына қыса түскен. Нағашы апасының сөзін жыққысы келмеді ме, әлде оның ыстық лебі өн бойын қытықтап, бұрын білмеген бір ғажайып дүниеге бөледі ме, Есіркеген әйтеуір Зейнептің қолын қақпаған, дегеніне көне берген.
Ертеңіне Есіркеген апаларынан ұялып үйден таң атпай зытып отырған. Тіпті аулына кеткенше бұл үйге енді қайтып басын да сұқпаған. Содан бері нағашы апасы Зейнепті көргелі келгені осы. Арада алты жыл уақыт өтіпті. Алты жыл жас баланың ер жетіп, ал ер жеткен қыздық дүниенің нелер ыстық-суығын басынан өткізіп үлгіретін уақыты. Зейнеп тез киініп, шымылдықты түрді. Сөйткенше болған жоқ, қамшысын бүктей ұстап Есіркеген «Ассалаумағалайкум» деп үйге кіріп келді. Бұл баяғы ешкінің асығындай кішкентай Есіркеген емес. Булығып өскен денесі сұп-сұңғақ. Бозғылт беті сәл сопақтанып, ет жеңділеу мұрны шеміршектеніп, қырланып, жоғарғы ернінің үстінде азырақ ұлпа жүнді мұрт та көріне бастапты. Қалада оқып жүрсе де ауыл жігіттерінше киінген. Басында — сырты көгілдір пайы, қара көк елтірі бөрік, үстінде — жағасы көгілдір барқытпен көмкерілген, ақ ботаның түбітінен өрмектеп тоқылған қысқа етекті шапан, шалбары да осындай ақ бота түбітінің ермегінен. Кең балағына екі елідей, бөркінің тысы мен шапанының жағасы тәрізді, көгілдір барқыт ұстаған. Белінде патсайыдан ызған шашақты белбеу, қисық жаға қара атлас көйлегінің азғантай ғана өңірі көрінеді. Аяғында шоңқайма қара былғары етік. Есіркегеннің он жетіге жаңа шықса да кәдімгідей қыз қызығар жігіт болып қалғанын Зейнептің ойнақы көзі бір көргеннен-ақ таныды. Ол құшағын жайып қарсы жүрді. Жиенін бауырына қысып екі бетінен кезек-кезек сүйді. Нағашы апасының ыстық ерні, апалық ылтипаттан гөрі ыстығырақ тигенінен қысылып Есіркегеннің екі беті дуылдай жанып қызарып кетті. Әлде бұдан алты жыл бұрын өткен оқиға есіне түсті ме, ол әйтеуір Зейнептің құшағынан қымсына қимылдап тез босанды.
— Ауыл-аймағың, әке-шешең аман ба?— деді Зейнеп жайраңдай,— өзің де үлкен жігіт болып қалыпсың!— Сірә мұның да есіне баяғы түн түскен болу керек, ол сылқ-сылқ күлді,— оқуда деп еді, қала қыздары өздерінің өнегелеріне үйреткен шығар?
Нағашы апасының салған жерден әзілдесе сөйлегені Есіркегенге ұнаған жоқ. Сөйтсе де жылы жауап қайырды.
— Оқуда екенім рас, бірақ қыздардан емес, мұғалималардан өнеге алып жүрмін.
— Қойшы? Олардың өнегесі біздердікінен өзгеше болады ма екен?
Қой сойылып, самауырын қойылды. Қыстан шыққан сүр қазы салынған, таң асқан уыз қымыз ішілді. Ет пісер кезде ауылдың бір-екі ақсақалдары шақырылды. Ет жеп, қымыз ішіп, аз уақыт әңгіме құрып олар да кетті.
Оңаша қалған жиенінен қаланың жайын сұрап нағашы апасы өліп барады. «Қатынды қаладан аласың ба, даладан аласың ба?»—деп қояды сөз арасында. «Қала қыздары біздей емес бапты келетін шығар, көрдің бе өздерін»,— деп сылқ-сылқ күледі. Есіркеген ұялғанынан жалтара жауап береді. Он жетіге келіп қалды деген аты болмаса, ол әлі де қауызын жарып шашылмаған гүл тәрізді, қалжыңдаған боп көңіліне шоқ сала сөйлеген нағашы апасына кейде ренжіп қалғандай өкпелей қарап, әзіліне көз жасындай таза мөлдір бұлақ сезімімен жауап береді. Ал Зейнеп болса... бала жігіт ыңғайына көнбеген сайын, бұрынғысынан да өршелене түседі. Тор алдында шәйі көрпе үстінде мамық жастықты шынтақтай сұлаған оқыған жиеніне әлденені дәметкендей әлсін-әлсін телміре қарап, оны отты көздерімен ішіп-жеп барады. Ірге жақта көлбей, ақ жастықты бауырына қысып етпетінен жатқан күйі, кейде екі аяғын кезек-кезек көтеріп қояды. Аяғын көтерген сайын тығыршық аппақ балтыры әлсін-әлсін жарқ етіп көрінеді. Әлденені сылтау етіп, ақ саусақтарымен басына басы таяй түскен жиенінің біресе бетінен сипап, біресе ойнағансып тамағынан қытықтайды.
Нағашы апасы мен жиенінің оңаша шүйіркелескенін қазақ қашан ерсі көрген, ешкім бұл екеуінің күні бойы ақ отаудан шықпай әңгімелескеніне көңіл бөле қойған жоқ. «Бейшаралар бауырлас емес пе, бірін-бірі сағынып қалған ғой»,— деді де қойды. Ал ақ үйдің ішінде әңгіме тіпті бөтен түрде. Еріккен жас келіншек, оқыған жас бала жігіт. Бірі арсыз нәпсі қызығын ойласа, екіншісі бөтен ойдан мүлде аулақ. Зейнеп пен Есіркегеннің арасы ересек қаншық иттің жас күшікпен ойнағанындай. Ойлары мен тілектері шалғай жиені мен нағашы апасы ананы-мынаны әңгіме етіп, ит тартыста отырғандарында екінді әлеті де болып қалды. Есіркеген атасы Масан бидің «Нағашы апаңа сәлем беріп қайт» деген ақылымен келген еді, енді еліне жүрмек болды. Бірақ Зейнеп жібермеді. «Сағынып-сарғайып, күтіп жатқан қатының жоқ, бір күн қонып кет»,— деп елердегі сөзін айтып жалынды. Есіркеген сыртқа шығып, ағайын-туыстарының үйлеріндегі өзге серіктерімен ақылдасып еді, жас шіркіндер көңілдерін жықпас құрбы-құрдас тауып алған ба, тегіс осы ауылда бір түнеп кетуді мақұлдады. Амал жоқ, бала жігіт те қонуға көнді. Зейнеп Есіркегеннің өзге серіктері мен бір-екі ауыл кісіні үйіне шақырып кешкі қонақ асын берді. Олар біраз уақыт әңгіме-дүкен құрысып, түн ортасы ауа тарқасты. Енді төсек салатын мезгіл де жетті. Нағашы апасы жиенінің үстіне қызыл жібек түбіт көрпе жауып, астына ақ мамық жұмсақ бөстек жайып, төрге жатқызды. Сегізінші шамды күндегісінен кеш сөндіріп, Зейнеп шымылдығының ішіне кіріп шешіне бастады. Жалғанда нәпсісі қозған жас әйелге, қара тастай мызғымас еркекпен бір үйде оңаша жатқаннан артық азап бар ма екен, Зейнепке де бұдан артық азап болмады. «Ат соғып тастаған екен» деп ойласын деп басы жастыққа тиісімен жорта қорылдауға айналған бала жігітке не дерін білмей, іші алай-түлей жанып барады. Неше бүгін қара бет болса да «жаныма келіп жат» деп үйіне келген жиеніне қалай айтсын, койнына өзі кіріп баруға тағы да дәті шыдамады. Ал дәл қасындағы жігіт оған қолға түспес жұмақ ішіндегі рахаттай, жүрегін удай өртеп маза берер емес. Үстіндегі көрпесін аяқ жағына сырып тастап, ақ мамық төсегінде әрі аунады, бері аунады. Түн де бүгін әлдеқалай тымырсық ыстық бола қалар ма, іштегі жалын мен сырттағы ыстық леп бірге қосылып жас әйелдің еркек құмар денесін оттай өртеп қоярға жер таптырмады. «Бұл күшік еркек кіндікті емес пе!» деп біресе жиеніне ашуланады, бір ретте «жаныңда жатқан қуанышты көрмейді екенсің, несіне еркекпін деп жүрсің»,— деп оны үйінен де қуып шыққысы келді. Көз қиығын аударған жігіті көңілдегі мүддесін орындап әбден дағдыланған жас қатын, Есіркегеннің мұны тіпті әйелге санап былқ етпегеніне біресе намыстанды, біресе алдында тізесін бүгіп жалынбақшы болды. Бірақ әйелдің мұндай жағдайына көңіл қояр жігіт жоқ, ол енді пысылдап шын ұйықтауға кірісті.
Шешім ойда жоқтан өзі келді. «Бәлем тұра тұр, еркек болсаң мықтылығыңды көрейін!»—деді ішінен Зейнеп. Ол шапанын жамыла салып тысқа шықты. Теріс қарап, ұйықтап бара жатқан Есіркеген «бұл не істеп жүр» деп аунап түсіп, көзін ашты да қайтадан ұйықтамақ болды. Сол екі ортада ересек баланы шомылдыратын үлкен жез легенді көтерген күңді ертіп Зейнеп үйге қайта кірді. Күң легенді үйдің ошақ тұратын орта тұсына қойды да, сыртқа шығып, жез құман мен бір шелек су алып келді. «Не істер екен бұл?»— деп жігіт енді таңдана бастады. Ұйықтаған боп көзінің астымен қарап жатыр. Зейнеп кенет иығындағы қара мақпал шапанын жерге лақтырып тастады. Тырдай жалаңаш екен. Семізінде жаратылған байталдай жұп-жұмыр аппақ денесі, шаңырақтан түсіп тұрған ай сәулесімен шағылысып, жарқ ете қалды. Қою қара шашын толқындата жайып, бір тізерлей легеннің ішіне барып отырды. Күңі жез құманмен үстінен су құя бастады. «Бәлем қалай екен? Енді де қызықпайсың ба», — дегендей Зейнеп, көлге шомылған аққу қаздай, қолтығын, екі санының арасын, мықынын, жұпар сабынның иісін бұрқырата баптай жуына бастады. Әдейі көр дегендей баланың басындай толық, тып-тығыршық сүйір ұшты қос анарын біресе оңға, біресе солға қарай сипай итеріп, немесе қолымен жоғары көтеріп-көтеріп қояды. Қолаң шашын біресе алдына, біресе артына түсіреді. «Бәрібір сен көрмейсің, ұйықтап жатырсың ғой»,— дегендей ернінде кекесін күлкі пайда болып, біресе теріс қарап жотасы мен бөксесін қимылдата ойнатып, біресе бері қарап, аппақ қара санын балтырына дейін ақ көбікпен сылап, қымсынар емес. Жалғанда әлі бала таппаған әйелдің жалаңаш денесінен сұлу не бар, Есіркегенге де солай көрінді. Зейнептің аппақ денесі бір ғажайып сурет тәрізді, балтыры да, кеудесі де жұп-жұмыр.
Енді Есіркегеннің көзінен ұйқы біржола қашып, тамағына бір жылы, тәтті толқын келіп тірелгендей болды. Жас әйелдің бағанағы азабы енді бала жігітке ауғандай. Ол өзінің қалай ыңырсығанын білмей қалды. Оғының көздеген нысанасына дәл тигенін сезген Зейнеп, дереу легеннен шығып, күңіне бәрін алып кет деп ишарат етті.
Күң легенді көтеріп, заматта далаға шығып жоқ болды.
Зейнеп жез құман мен шелекті табалдырықтың арғы жағына шығарды да, есіктің тиегін салып қайта келді. Енді үй ортасында тұрып алып жалаңаш денесін үлкен түкті орамалмен сүртуге кірісті. Бұрын мұндай суретті көрмеген Есіркеген аң-таң... «Бұл періште ме, әлде басын айналдырғалы тұрған перінің қызы ма? Пісмілда, пісмілда, деді ол ішінен, адал жолыңнан адастыра көрме, құдірет! Кет, шайтан, кет, шайтан!» Есіркегеннің жүрегінде екі дай сезім тайталаса кетті, бірі Масан ақсақал баулыған әдептілік, ақ жүру сезімі, екіншісі мынау жан дүниесін оятқан ғажайып көріністен туған жастық күш. Бұл екі сезімнің қайсысы жеңерін бала жігіт дәл қазір өзі де білмейді, тек ақыл мен сезім жанталасып арпалысуда. Есіркеген осылай не істерін білмей жатқанында кенет ауыл сыртынан ат дүбірі естілді. Кім болса да жедел жүріп келе жатыр, ит біткен арсылдай үріп заматта ауыл іші дүрліге қалды. Зейнеп сып беріп шымылдық ішіне кіріп кетті. Сөйткенше болған жоқ, көп салт атты тыныш даланы дүрліктіре үй сыртына келіп те қалды. Дабырласа сөйлесе, аттарынан түсіп жатыр. Аға сұлтан аулына жау болмаса, бүйтіп түн ортасында жұртты оятып ешкім келмесе керек еді, шошынған Есіркеген үрпиіп төсегінен басын көтеріп алды, дәл осы сәтте сарт етіп есіктің тиегін жұла-мұла үйге Қоңырқұлжаның өзі кіріп келді.
— Тоқал, барсың ба, әй?—деді ол түтіге.
Келген байы екенін білген Зейнеп, шымылдықтан басын шығарып еркелей:
— Бармын ғой,— деді.— Немене соншама түн ортасында жұртты үркітіп...
— Ер өліп, Есіл бұзылып жатқанда, бұл қай ұйқы сенікі?
Байының ашулы үнінен шошып кеткен Зейнеп төсегінен ұшып тұрды.
— Не боп қалды?
Қоңырқұлжа жауап берген жоқ. Иығында подполковник погоны бар сары ала оқалы сүртігін шешіп жатып, не қыларын білмей төсегінің үстінде көйлекшең шошайып отырған Есіркегенге көзі түсіп кетті. Дереу қабағы түксие қалды.
— Мынау үрпек басың кім?— деді. Оның дауысында тағы бір қосымша ашулы дыбыс пайда болды.
— Масан би аулындағы жиен ғой...
— Әй, осы сенің жиен, нағашың-ақ бітпейді екен... - деп тоқалының сыры өзіне мәлімдігін бетіне басқалы келе жатты да кілт тоқтады,— әлгі Жамантайдың қарындасының оқудағы баласы емес пе?..
— Иә, сол Есіркеген ғой.
— Ә... онда жата бер. Таң атқасын сөйлесерміз.— Аға сұлтан төсегінің шетіне отырды да, аяғындағы шпор тағылған қара хром етігін созды,— тоқал, мынаны тартып жібер...
Зейнеп байының етігін аяғынан суырып алды да, анандай жерге қойды. Содан кейін ғана ананың қап-қара боп түтігіп кеткен түріне қарап:
— Өзінде өң жоқ қой. Не болды, айтсаңшы?—деді жаны ашығандай пішін көрсетіп:
Қоңырқұлжа қабатын төбеттей арс ете қалды.
— Әй, не болғанын қайтесің? Өзіңе керегіңнің аман келгеніне қуан! Саған со да жетпей ме! Одан да қымызың болса бер...
Зейнеп үлкен сырлы аяқпен мөлтілдете тоңазыған сары қымызды төсегінің үстінде көйлекшең отырған байына әкеп берді.
Қоңырқұлжа сырлы аяқты ала беріп:
— Сыртқа шығып келші,— деді тоқалына,— жігіттер жайғасты ма екен?
Қоңырқұлжа қымызын ішіп бола берген кезде Зейнеп үйге қайта кірді.
— Ауыл сыртындағы күзетшілерден бөтен ешкім көрінбейді.
— Жұртты дүрліктірмей тез жайғасқандары дұрыс болған екен. Жә, біз де жаталық.
Қоңырқұлжа қисая беріп шымылдықты түсіріп, қасына таяған тоқалын білегінен ұстай алып, бір жері ауырып қалар-ау деп аямастан, жанына құлата тартты. Үйде жатқан жиен-миенге мән бермей, көжекті бас салған арлан төбеттей, жұмыртқадай жұп-жұмыр жас тоқалын алпамсадай бауырына қысып умаштай жөнелді.
Аға сұлтанның күні бойы қанды ұрыста боп, ажалдан тек қараңғы түсе ғана аман құтылғанын тоқалы білмейді, тек ананың жайшылықтағысынан гөрі ашулы, екпінді қимылына риза болып «бейшара-ай, әбден шөлдеп қалыпсың ғой» деуге ғана мұршасы келді, әр жағында үніне үн қосып, байының бабын тауып аймалаумен болды.
Жұрт таңертең тұрғанында Ақмола бекінісін Кенесары әскері алғанын біле тұрды. Қапаланған да, қайғырған да бар. Қуанғандары да жоқ емес. Бұл ауылдың жігіттерін Қоңырқұлжа бекіністі қорғауға алмаған, тоқал тыныштығын күзетуге қалдырған. Қазаны бөлектің — қайғысы бөлек. Өз жігіттері сау қалғандықтан, нелер жақсы менен жайсаң қаза тапқан кешегі қанды ұрыс, сырт қараған адамға, бұл ауылға соқпай өткен сұрапыл дауыл секілді көрінді. Қайғысы, қуанышы болса да жұрт сыртқа лақылдатып шығармай, іштен тынды.
Қоңырқұлжа таңертеңгі шай үстінде тоқалына қарап:
— Ақмола құлады деп қан жылар жайым жоқ,— деді.— Бекініс керек болса, ана Қарапұшық кетті ғой қалған солдаттарымен Омбыға, Талызин өзі қайта салар, менің өз шаруам да жетеді.— Сөйтті де Есіркегенге бұрылды,— Сен орысша оқи білесің бе?
— Білем.
— Менің қатшым кеше Ақмолада оққа ұшты. Патша адамдары Омбыға кетті. Кісі тауып алғанымша сен осында бол.
Зейнеп жорта сөз тастады.
— Оқуынан қалып қоймай ма? Одан да үлкен баланы шақыртсайшы.
Зейнептің «үлкен бала» деп отырғаны Жәнәділ еді.
— Кіші балаңды құртып едің, енді үлкен балаңа ауыз салайын дедің бе? Жә, сөзді бөлмей, артыңды қысып жайыңа отыр. Қатыныңның ақылымен қоңсы қонсаң, көршің жау шығады. Жәнәділ де алысқа кетпес, оған да шаруа табылар.— Қоңырқұлжа қайтадан Есіркегенге бұрылды,— қаласың ба?
— Қалайын...
— Онда мына қағазды оқып, не дейді екен аударып берші. Омбыдан алдыңғы күні келіп еді, әлгі қанішер Кенесарының әуресіменен ашуға да қолым тимеді... Өзім оқуға түндегі ұрыстан кейін көзім ауырып отыр...
Бар жылқысын Кенесары айдап әкеткеннен кейін Қоңырқұлжа жәрдем сұрап Омбы облысының бастығы Талызинге хат жазған.
Бұл сол хатқа жауап екен. Бұл күндері өзінің Кенесары көтерілісін басу жайында үлкен жоспар үстінде отырғанын айта келіп, ол хатының аяғында: «Қазір тартып алған малыңды қайтартып беретін еш күш жоқ, болған шығынды қарамағындағы қазақтардан өндіріп алуға рұқсат етемін»,— депті.
Талызинның мұнысы қара қазаққа қосымша салық салып, Кенесарыға кеткен малыңды солардан өндіріп ал деген сөз еді. Есіркеген хат сөзін аударып берді. Қоңырқұлжа тұнжырай қалды. «Бір Кенесарыға күші жетпесе, Омбыда кілең сары ала түймелі жанаралдар не бітіріп отыр? Салық сал дейді. Айтуға оңай. Биыл Көкшетау, Қарқаралы дуандары жиырма екінші жылғы ереже бойынша жүз қарадан бір қара жасақ жинай бастап еді, мал ашуы — жан ашуы дейтін қазақ Кенесарыға қарай ағыла түскен жоқ па? Жау қолында кеткен он жеті мың жылқыны қайтарып алу оңай ма? Оның үстіне ел биыл қыстан жүдеп шықты. Жұрт маған малын оп-оңай бере қоя ма? Рас, Қараөткел қазағын қырқыншы жылға дейін патша салығынан өзім құтқардым. Жақсылыққа — жақсылық дегендей мүмкін өздері түсінер, жауға кеткен малымның орнын толтырар. Ал түсінбейді екен... Өз обалы өзіне, қолынан бермесе жолынан алармын. Бірақ дәл қазір бүйтуіме бола ма? Неге болмайды? Қоңырқұлжа жылқысын Кенесары алғанда, қара қазақтың жылқысын Қоңырқұлжа алмайтын не жыны бар. Аламын. Алғанда шырылдатып отырып тартып аламын. Бермей көрсін. Кенесарыға әлім жетпегенмен, қарамағымдағы бастары бірікпей талан-тараж болып жүрген қара қазаққа әлім жетер!»
Қайда барса да сорлайтын халық. Айналып келгенде Кенесарының Қоңырқұлжадан шапқан жылқысының ауыртпалығы тағы да қара халыққа түспек.
«Малымды тартып алды десе қазақ обалын Кенесарыдан көрсін! Оны қолпаштап, дем беріп отырған өздері ғой, тартсын жазасын. Бұл шаруаны бір ыңғайлағаннан кейін Омбыға өзім баруым керек. Жанарал-губернатор Горшаковпен ауызба-ауыз сөйлесуім қажет. «Баянауылдың қазақтары Кенесарыға қосылмақ, мені қабылдаңыз, деп өтінгенде, аға сұлтан мен түгіл қара қазақ Тұрсынбайдың Боштайын да қабылдап, керемет құрмет көрсетіп, Баянауылға арнаулы кәрлі қылыш-жасақ шығарған жоқ па еді? Менің Боштай құрлы бағам бар шығар. Горчаковтың өзімен сөйлеспесем, мына Талызин дегені, асықпай ұшатын мамырлап қалған бірқазан секілді, арты ауыр бір сорлы көрінеді»...
Осындай шешімге келген Қоңырқұлжа шайдан кейін Есіркегенді оңаша алып Ақмола өкірігінің он сегіз болысынан Кенесарыға ермей, аға сұлтанның қарамағында қалған тоғыз болысқа он жеті мың жылқыны салық етіп бөлді. Жетеуіне екі мың жылқыдан қойды да, Кенесарыға қарай иек көтеріп қобалжи бастаған Атбасар мен Қорғалжын болысына мың жарым бастан белгіледі. Ол бұл салығын «Төтенше салық» деп атады. Және болыстарға берген бұйрығында бұл малдар құлынды бие, үйірге салуға жарайтын айғырдан бастап, тек құнажын дегенге дейін ғана алынсын. Және асыл тұқымнан болсын. Қыршаңқы, маңқа жылқы алынбасын деп анықтай тапсырды.
Поштабайларын шақырып алып, мөрін басып қолын қойған осы бұйрықтарды тез болыстарға жеткізуді міндеттеді де өзі кенет Омбыға жүрмек болып дайындала бастады.
Қоңырқұлжа Омбыға жүргенше он шақты күн өтіп кетті. Осы екі ортада үлкен баласы Жәнәділ келіп, Қайниса мен Аққағаз бәйбішелердің де ауылдарын бері қарай, осы Есілдің төменгі жағына көшіруге бұйрық алды. Қоңырқұлжа: «Омбыға жүремін. Маған жолығып кетсін»,— деп Қарқаралының аға сұлтаны Тәукенің Жамантайына, Көкшетаудың аға сұлтаны Қара Тоқаның Зілқарасына, Аманқарағайдың аға сұлтаны Уәлидің Шыңғысына ат шаптырды. Ондағы ойы кілең мықты қол қойып, Омбы генерал-губернаторынан қазақ даласына зеңбіректі мол әскер шығар деп өтіну еді. Ал егер Омбы шын қол ұшын бермейтін болса, амалын тауып, уақытша Кенесарымен келісімге келмек. Түбі жауласып өтетінін Қоңырқұлжа жақсы біледі, бірақ басқа жол қалмаса қалай жол табады? Кенесары шыдатар емес. Бостан-бос қырылғанша, беттің арын белге түйіп, бас иген боп, оны алдай тұрып жан сақтаған жөн. «Жаздым, жаңылдым» десе, Кенесары тимейді. Қоңырқұлжа мұны да жақсы түсінеді. Өйткені Кенесарының бар тілегі қазақтың басын қосып ақ патшаға қарсы шығу деп түсінеді. Ақмола аға сұлтаны. Бұл тілектің ар жағында бақ құмар Қасым баласында қандай ой жатқанын дөрекі Қоңырқұлжа қайдан сезсін. Ол тек мақсатына қарсы шықпасаң, Кенесары қандай күнәң болса да кешеді деп болжайды. «Ер шекіспей бекіспейді деген, шекістім — сен жеңдің деймін,— дейді ішінен Қоңырқұлжа,— міне қолым». Ал реті келген күні Құдаймендінің қанішер ұлы шімірікпестен Кенесарыны сол қолымен өзі бауыздамақ. «Аллатағала,— дейді ол тағы да ішінен жалбарынып,— сол күнге жетер болсам, сол сәтте жанымды алсаң, арманым жоқ!»
Қоңырқұлжа жол дайындығын тез бітірсе де, аға сұлтандарды күтіп көп кідірді. Ақырында олардан да хабар келді. «Ел арасы бүліншілік, қазір орыс солдаттары қорғап тұрған приказдардан тыс шығу қауіпті. Келмеді деп өкпелемесін. Бізден жалғыз тілек: «Омбы тез әскер шығарып Кенесарыны құртсын. Ал Кенесарыны құртуға ең ыңғайлы кез қыс. Қыста ол жаздағыдай алысқа бара алмайды. Және бар сарбаздарын таратып, тек ең жақын батырларымен, қарамағындағы үш жүз үй төлеңгітімен ғана қалады» депті. Ауыздарына түкіріп қойғандай бәрі бірдей осы сөзді айтып жіберіпті. Патша солдаттарының артына тығылып, приказдарынан шыға алмай отырған аға сұлтандардың сөздерін естігенде Қоңырқұлжа Кенесарының қаншалық күш ала бастағанын анық сезінді. Енді шын қорқайын деді. Сөйтсе де өзінің қайсарлық мінезіне салып:
— Кілең қоян жүректер,— деді жанында қағаз жазып отырған Есіркегенге,— суыр секілді інімізге кіріп алып, көзге түспей тығылып жатсақ жанымыз қалады деп ойлайды ғой. Мен білетін Кенесары болса, қасқыр соққан аңшыдай әрқайсысын жекелеп соқпаса қара да тұр!
Кенесары батырларының ерлігі соңғы кезде жұрт арасында аңыз болып тарала бастаған. Жас жігіт атаулысының батырлықты, ерлікті даңқ тұтатын әдеті емес пе, Есіркеген де мұндай әңгіме-жырларды ұйып тыңдайтын. Оның үстіне үлкен атасы Масан ақсақалдың да бір бүйірі Кенесарыға тартып тұратынын сезетін. Шүу дегенде Кенесарыға қарсы шыққан аға сұлтан Жамантай осы кісінің ақылы арқасында соңғы кезде ереуілшілерге қарсы келмей, бұғып қалуға көше бастаған. Масан ақсақал туған немересі жас Есіркегенге де осындай тәлім-тәрбие беретін. «Не болсаң да жұртыңмен бол, егер жұртың Кенесарыға еріп кетсе, айдалада қаңғып қалған жалғыз қаздай не қызық көресің? Одан да су ішсең де, суан ішсең де өзің үйіріңнен айрылма!»— дейтін. Осындай рухта тәлім-тәрбие алып жүрген бала жігітке Қоңырқұлжаның аға сұлтандары «Кенесары аш қасқырдай біртіндеп соғады»,— дегені өте ұнап қалды. Бірақ сыр берген жоқ, жәй әшейін күлімсіреді де қойды.
Қоңырқұлжа да дәл осы сөзді айтып отырған кезінде екі жылдан бері ғана орысша оқи бастаған Есіркегеннің өсе-өне келе қазақ деген елінің ұлттық туын көтеретін ең алғашқы оқығандарының бірі болатынын білген жоқ. «Бұл неге күлімсірейді?» деп оның бетіне ожырая қарады да, аға сұлтан бір шабарманын шақырып алып, өзімен бірге Омбыға жүретін он жігіттің жолға дайындалуын бұйырды.
— Күн түске аумай жүріп кетеміз,— деді ол.
Бұл таңертеңгі кез еді. Күн ашық, Сарыарқаның күзгі салқын желі тұра бастаған. Кейде аспанды қалың сұрғылт бұлт та шырмайды. Бірақ күзгі қалың жаңбыр мезгілі әлі келе қоймаған уақыт.
Шабарман шығып кетті де қайта оралды.
— Аға сұлтан, сізге жолығам деп бір бейтаныс жігіт келіп тұр.
— Қайдан екен?
— Онысын айтпайды. Тек аға сұлтанның өзімен ғана сөйлесем дейді.
— Кіргіз. Тек қару-жарағы болса, алып қал...
Баласы Шыңғыс өлгеннен бері Қоңырқұлжа бейсауат адамнан қатты сескенетін. «Кім біледі,— деп ойлайтын ол,— Кенесары бір жындысын жіберіп, ол қарнына қара пышағын сұғып алса не істейсің? Маған өшіккен адам аз ба?» Сондықтан да Қоңырқұлжа беймәлім біреу-міреу жолықпақшы болса нөкерлеріне ең алдымен оның қару-жарағын алуды тапсыратын.
Үйге шегір көз, бетінде қан жоқ, сол жоқ, қатқан сары жігіт кірді. Түрі кісі өлтірген адамдай сұсты екен. Есіркегеннің бойы әлденеге дірілдеп кетті.
— Ассалаумағалайкүм, аға сұлтан.
— Уағаликум ассалам. Сөйле, жігітім:
Қоңырқұлжа мен Есіркегеннің көзі бірдей жігіттің белбеуіне түсті. Киімі нашар болғанымен, белбеуі әсем екен. Оның үстіне оң жақта тұратын құты, оқшантайы сол жағына шығып кетіпті.
— Өзі қайда?— деді Қоңырқұлжа кенет алдында тұрған — Ожар жіберген адам екенін түсініп.
— Өзі Байтабынның жасағында. Келе алмады. Кенесары...— деп келе жатты да ол «мынаның көзінше сөйлеуге бола ма» дегендей Есіркегенге қарады да, тына қалды.
— Айта бер. Бұл бала өзіміздің адам.
Кенесары екі топ жасағын аттандырды. Бірін Ағыбай, екіншісін Байтабын бастап келеді. Ағыбай тобы қазір Қаражар шатқалында. Ертең Қарқаралыға өтпек! Аға сұлтан Жамантайдың ойдағы жылқысын айдап әкетпек! Кене оған ақ патша жағына шықты деп өте ашулы.
— Ал Байтабын қолы қайда? Оның беті қай түс?
— Мен Ағыбай жасағындамын. Батыр алдымызды барлап кел деп жіберді... Ал Байтабын жасағы кейінірек. Шамасы бүгін түнделетіп жүріп, таң ата осы араға жетпек. Беті сіздің ауыл. Кенекең оны Қоңырқұлжаның қалған малын айдап кел деп жіберді.
Қоңырқұлжа күп-күрең боп кетті.
— Өздері қанша адам?
— Әрқайсысында жиырма бес сойылдан.
— Бар болғаны сол ма?— Қоңырқұлжа қаһарлана қалды.— Басынған екен әбден! Көкелерін танытармын мен әлі? Ағыбай жасағы Қаражар шатқалында дедің бе?
— Иә, бүгін түнде сол арада ат тынықтырып алмақ. Ертең Қарқаралы аспақ...
— Жарайды,— деді Қоңырқұлжа, сөйтті де сыртта тұрған шабарманына дауыстап,— Асылкерейді шақыр,— деді. Ол қайтадан сары жігітке бұрылды.— Байтабын менің жылқымның қайда екенін біле ме?
Есіркеген әңгіменің түп нұсқасын бірден түсінді. «Ана кісісі кім екен? Байтабын тобында Қоңырқұлжаның көз-құлағы болған ғой». Әйтсе де, «ана кісілерің кім?» деп сұрауға бата алмады. Үн-түнсіз тыңдай берді.
— Сонда, менің жылқымды қай тұста деп жорамалдайды Байтабын?— Қоңырқұлжа өзінің түбектегі тығулы жылқысын ешкім білмейді деп ойлаған болуы керек.
— Есілдің Ертіске қарай бұрылатын жерінде деседі...
— Алда әкеңнің аузын ұрайындар-ай, бәрін біліп отыр екен ғой!
— Ана кісі өзі жасақтан бөліне алмайтын болған соң маған сізге айт деген тағы бір құпия сыры бар...
— Оның тағы не сұмдық?
— Осы ауыл маңайында сізді торып Әбдіуақит деген Кенесарының бір кісісі жүр. Оған сіздің басыңызды алу тапсырылған.
Қоңырқұлжа енді тіпті шошып кетті.
— Қай Әбдіуақит?
— Бұрынғы өзіңіздің төлеңгітіңіз. Күміс деген қызын...— Сәмен ыржия күлді,— бозбалашылық етіп... нетіп жіберген көрінесіз...
Ел құлағы елу, Күміске істеген Қоңырқұлжаның жауыздығын Есіркеген де естіген. Туған қарындасын қорлағандай, іштей өте қынжылған. Өйткені ол былтыр оқуға бара жатып, мал басында отырған Әбдіуақиттың үйінен сусын ішкен. Сонда Күмісті де көрген. Жас қызбен бір-екі ауыз сөзге де келіп, тіл қатысқан. Оның көркіне риза болып кеткен. Сол Күміске Қоңырқұлжаның істеген қорлығын естігенде, Есіркеген аға сұлтан дәл сол сәтте қолына түссе ішке тепкілейтіндей боп ашуланған. Сол Қоңырқұлжасы мынау. Оны ішке тепкілемек түгіл, өзі оған хатшы болып жұртқа істемек қиянатына көмектесіп отыр. Есіркеген Қоңырқұлжаны балағаттап жібере жаздап өзін-өзі әзер басты.
Қоңырқұлжа бірдеме айтпақшы болып келе жатыр еді, үйге аға сұлтанның жасағының бастығы, ұзын бойлы, қара мұртты Асылкерей кіріп келді.
Аға сұлтан Сәменнің сөзін оған тегіс айтып берді де, ойын тұжыра бұйрық берді.
— Ағыбайды Қарқаралыға өткізбей, жатқан жерінде күн бата басу керек. Біздің істеген жақсылығымызды мына жігіт Жамантайға айта барар. Бұ да қазір жүріп кетеді.— Ол Есіркегенді нұсқады.— Елінің шетіне жау жеткенін хабарлар. Сосын сен бар сарбаздарыңмен Байтабынды түбектің аузында күт. Біреуін жібермей қырып сал. Оны жайғастырған соң осы ауылдың маңын тегіс сілкіп шық. Мені өлтірмек боп торып жүрген Әбдіуақит құлды қайтып келгенімше ұстап алып, кісендеп қой. Жазасын келген соң өзім берем.
— Ел шетіне жау келіп жатқанда...— Асылкерей күмілжи сөйледі,— мүмкін сіз жүрмессіз...
— Жау ел шетіне бүгін келіп тұр ма?— Қоңырқұлжа жасақ бастығының сөзін жақтырмай қалды.— Жиырма адамға күштерін жетпесе, несіне ат мініп, қару асынып жүрсіңдер? — Ол «Әбдіуақит аңдып жүр» деген сөзден сескеніп қалған-ды. «Мен келгенше ол итті жігіттерім ұстап алар, оған дейін бой тасалай тұрған жөн болар»,— деген ойға келген. Сол себепті аға сұлтан Омбыға тез жүріп кетіп, қалың орыс арасына жетуді дұрыс көрді.— Біз Омбыға тез баруымыз керек,— деді ол жасақ бастығына.— Онда бізді бұдан да зор іс күтіп тұр.
Барлық жауапкершілікті Асылкерейге жүктеп, Қоңырқұлжа аттанып кетті. Жол бойындағы әлі Кенесары құрығы түсе қоймаған бай ауылдардан ат ауыстырып мініп, суыт жүріп үшінші күні таң ата Омбыға жетті.
Қоңырқұлжа бұл қалада бірнеше рет болған. Бұрын мұнда нелер ақжарқын күндері өткен. Патша ағзамның ең жоғарғы сатыда тұрған мәртебелі адамдарының талайымен кездескен. Аға сұлтанның есінде осындай кездесулердің екеуі мәңгі ұмытылмастай сақталған еді. Бірі 1829, яғни қазақша Сиыр жылы, осы Омбы қаласындағы тілмаштар мектебінің қырық жылдық мерекесіне арналған салтанатты кеш. Онда Сібір қазақтары жайындағы ережені шығарған патшаның оң көзі Сперанскийдің өзі бар. Кең залда ойнаған оркестр, би, ойын-күлкі... Қоңырқұлжаға ең алғашқы рет орыс офицері — штабс-капитан аты берілгені осы жолы еді. Содан бері тоғыз жыл өтіпті. Қазір ол подполковник. Екінші есте қалған күн — алдыңғы жылғы күз. Бұл күні бір шегімен бір шеті тай шаптырым төрт қабат ақ үйде Омбының кадет корпусы ашылды. Бұл тойға да қазақтың аға сұлтан, асқан байлары шақырылды. Тойды князь Горчаковтың өзі басқарған. Өзге аға сұлтандардан гөрі князь Қоңырқұлжаға ерекше көңіл бөлген. Тіпті би біткен кезде, зәулім биік залда ерсілі-қарсылы әңгіме құрып жүрген аққу-қаздарша сылаңдаған орыс дворяндарының әйелдері мен сыптай боп сәндене киінген орыс офицерлерінің алдында Горчаков оны қолтықтап өткен. Өзге аға сұлтандар қызғанғаннан іштері жарыла жаздаған. Сол жолы ғой Горчаков оған:
— Әрі кетсе бір жиырма бес жылда қазақтың ұл-қыздары да мыналардай болады,— деген жан-жағындағы әйелдер мен офицерлерін көрсетіп.
Сары далада көшіп жүрген қазақтар жиырма бес жыл ішінде мыналардай болады деген князь сөзіне Қоңырқұлжа таң қалған. Ол ойын жасырмай:
— Егер қазақ бұлардай болғысы келмесе не істейсіз?—деп сұраған.
— Онда,— деп Горчаков ойланбастан жауап берген.— Аюға ақыл үйреткен таяқ деген мақалды естігенің бар ма? Жерінен, билігінен айрылған қазақ айтқанға көнбей қайда барады? Күшпен көндіреміз. Арқасына қамшы ойнатып, соқа жегіп, жер жыртуды үйретеміз. Қол-аяғын матап шіркеуге кіргізіп, Иисус Христосқа шоқынуға мәжбүр етеміз.
Горчаковтың осы бір адуынды тік жауабы Қоңырқұлжаға ұнаған. «Өз басымды хан етсе, мейлі, қара қазақты пісіріп жесін. Одан менің нем кетеді? Ал сонда...» Аға сұлтан ойлана қалды. «Сол күштеуден не шықты? Арқа қазақ атаулысының жартысына таяуы осы күштеуге көнбей қарсы көтеріліп отырған жоқ па? Жақсы. Кенесарыны жоярмыз, бірақ қазақ Горчаковтардың айтқанына көніп, айдауына оп-оңай жүре қояр ма екен?»
Қоңырқұлжаның есіне тағы да бір уақиға түсіп кетті. Ол кезде Қоңырқұлжа жас. Тобыл қаласында 1789 жылы тілмаштар дайындайтын мектеп ашылған. Он бесінде соған кеп түскен. Оның алдына әкесі Құдайменді шоқынған бір татарды жалдап Қоңырқұлжаға әзер-мәзер орысша хат танытқан. Сол шоқынған татар мұғалімі қызық адам болатын. Құдайменді байдың баласынан кім шығатынын қайдан білсін, күйген томардай қарақошқыл, дөрекі Қоңырқұлжаның басынан сипап: «Оқы, оқы, қазақ малайы. Рус языкысыз жить булми. Қазір пушкасы килсә, соңынан Пушкині килә, бізге күн рус культурасымен шыға»,— дейтін.
Әрине, Қоңырқұлжа ол кезде пушканың зеңбірек екенін ұқса да, Пушкиннің кім екенін түсінбеген. Бес жыл өткеннен кейін ғана барып Пушкинді де білді. Бірақ бұл кезде ол қазақ даласында өз үкімін жүргізу үшін оған Пушкин емес, пушка керек екенін ұқты. Сондықтан да ол Горчаковтың «Аюға ақыл үйреткен таяқ, қазақ елін де күшпен көндіреміз»,—деген сөзіне намыстанбаған. Өзінің тілегі мен Горчаковтың тілегі бір екеніне көзі жеткендіктен қазақ даласына пушканың көбірек келуін мақұл көрген.
«Міне қазір өзі де осы тілектің айдауымен келе жатқан жоқ па?» Аға сұлтан ауыр күрсінді. «Иә, иә, Қараөткел бекінісіне сол пушкалардың көбірек жетуін тілек етпек. Ал сол тілегін губернатор орындар ма екен? Орындауға тиісті. Өйткені екеуміздің де арманымыз бір, жолымыз бір».
Расында да бұл кезең осы екі сұмырай тілектің аса бір ұштасқан кезеңі еді.
Қоңырқұлжаның есіне кенет әкесі айтқан бір ескі аңыз түсіп кетті. «Дүниеде не қызық?» деп сұрапты Шыңғысхан бір күні өзінің нөкер, нояндарынан. Бір батыры: «Дүниеде бүркіт салып, түлкі ілген қызық». Екіншісі, «ғашық болған сұлуыңды құшқан қызық». Ал үшіншісі, «алтын тақта отырып жұртқа әміріңді жүргізген қызық»,— депті. Сонда Шыңғысхан: «Жоқ, білмедіңдер. Қастасқан жауыңды алдына салып айдап, қатын, қызын бауырына басып құшып, мал-мүлкін талан-тараж етіп тартып алғаннан дүниеде қызық ештеңе жоқ»,— деген екен. Осы аңыз есіне түсіп кеткен аға сұлтан атын тебініп қалып кенет күбірлеп жіберді: «Ата жауым Кенесарыны табанымның астына салып, Күнімжан бәйбішесін бауырыма бір бассам, бүгін өліп кетсем де арманым жоқ».
Екі жағы бірдей ұйыса ағаш өскен даңғыл жолмен Қоңырқұлжа қала шетіне жеткенде қайда түсерін ойлап сәл кідірді. Қарсы алдында минарет, Омбы мұсылмандарының мешіті, оның ар жағында Ғабдырахманұлы Мұхамед Шариф ахонның қызыл кірпіштен салған кең сарай үйі. Жолдың кіре беріс сол жағында ғажайып салтанатты, төрт күмбезді, бастарында алтын жалатқан кіресі бар зәулім шіркеу, одан солырақ, алаңның ар жағында қасына азырақ тал еккен генерал-губернатордың екі қабат ақ үйі — салтанат сарайы. Көк темір төбесінде татар қыздарының басына киетін тақиясы тәрізді, жіңішке терезелері төрт жаққа бірдей шыққан, төрт бұрышты, губернатордың жұмыс істейтін бөлмесі... Төменде бірнеше жұпыны келген, ағаштан салған жатақ үйлері. Одан әрі шіркеумен жалғаса тастан, күйдірген кірпіштен қалаған сәнді-салтанатты екі қабат, үш қабат үйлі үлкен қала жатыр...
Қоңырқұлжа ахондікіне түсуді ұйғарды. Мұхамед Шариф үйінде екен. Құшағын жая қарсы алды. Сол күні-ақ Қоңырқұлжа ахоннан Омбы облысының бастығы Талызиннің ауырып жатқанын естіп, генерал-губернатормен жеке сөйлеседі екенмін деп қуанып қалды.
Қоңырқұлжаны ертеңіне генерал-губернатордың өзі шақыртып алдырды. Ақмола бекінісін Кенесарыдан қорғай алмағанын айып көрген аға сұлтан кенет жүрексініп, губернатордың салтанат сарайына Мұхамед Шарифті ерте барды. Бірақ Горчаков тек Қоңырқұлжаны қабылдады. Генералдың атұлтанты4 — ұзын бойлы корнет «кіріңіз» дегеннен кейін, қабылдау бөлмесінің қара былғарымен қапталған есігін аға сұлтан қобалжи ашты. Бөлме өзіне бұрыннан таныс. Қырық құлаш кең биік зал. Сары сафьян былғарымен тысталған, арқа ағаштары оюланған жұмсақ орындықтар. Ең түбінде, жасыл шұғамен жапқан, өрнекті, зілдей стол. Қабырғасында Бірінші Николай патшаның полковниктік дәрежеде түрегеліп түскен суреті. Әшекейленген төбеден төмен салбыраған жалтыраған жез баулы шам қоятын аспалар... Стол үстінде алтын жұмыртқа тәрізді сия сауытын тұяғымен басып тұрған, қос қанатын кере жайған қара мрамор тастан жасалған екі басты самұрық құс. Келген адамның сұсын алайын дегендей генерал самұрықты есік жаққа қаратып қойыпты. Егер қарсылық етер болсаң, тырнақтары қанжардай, қанқұйлы, айбынды қыран «шаңқ» етіп көтеріліп, бас салғалы тұрғандай. Кең залдың іші қандай ызғарлы болса, құс түсі де сондай ызғарлы. Иесі осал кісі емес. Россия патшалығының Сібірдегі аузынан от бүріккен қанды балақ жендеті.
Бөлме иесі князь Горчаков — Батыс Сібірдің генерал-губернаторы. Кірпідей тікірейген қысқа шашты, едірейген жирен мұртты, ақ боз, түсі суық кісі. Ол Қоңырқұлжаны столының ар жағындағы Бірінші Николай суретінің аясында тұрып қабылдады. Өзі де отырған жоқ, Қоңырқұлжаға да отыр демеді. Басын изеді де қойды. Аға сұлтанға ол бірден «қазақ даласында болып жатқан бүліншілікке сен де айыптысың», дегендей сұс көрсетті. Қоңырқұлжа іштей әбігерлене қалды. «Бәсе, мені келмей жатып неге іздетіп жатыр деп едім-ау, ұрыспақ екен ғой, тек ұрсып қойса ғана жарады...»
— Подполковник Құдаймендин,— деді Горчаков бірден ресми сөзге кірісіп,— Омбыға жай келмегеніңді біліп әдейі шақырттым. Қазақ даласында болып жатқан бүліншіліктің жәйі бізге әбден мәлім. Хорунжий Карбышев Ақмола бекінісінен қалай айырылғандарыңды баяндаған. Патша ағзам алдында борыштарыңды ақтай алмағандарың үшін сендерді сотқа беру керек еді, бір жолға кешірдік. Енді бізден не тілейсің, соныңды айт. Және қысқа түрде. Ұзақ жырды тыңдауға уақытым жоқ.
Князь дәл қазір шынында да асығуда еді. Генерал-губернатор ит құмар жан болатын. Былтыр Лондоннан әдейі алдырған ағылшын сеттері тұқымдас қаншығы кешеден бері ауырып қалған. Томскіден арнай шақырған дәрігері Омбыға жаңа ғана жеткен еді. Оны итіне өзі апарып көрсетпек. Князь соған асығулы. Сүйікті қаншығы ауырып жатқанда, қазақтың бір аға сұлтанымен мылжыңдасып, уақыт өткізуді жөн көрмеді. Сондықтан генерал-губернатор әңгімені тікесінен қойды. Мұндай келте қабылдауды күтпеген Қоңырқұлжа сасып қалды. Горчаков тіпті сөйлеспей кетіп қалар деп қорқып:
— Генерал-губернатор мырза,.— деді аға сұлтан келген шаруасының тоқ етерін айтып!— Кенесары күннен-күнге күшеюде. Биыл қыс оны құртпасақ, келесі жаз бой бермей кетуі мүмкін.
— Қалайша?
— Торғай бойын жайлаған қалың Қыпшақ пен Ырғыз, Елек, Ембі өзендерінің маңындағы Кіші жүздің көп руларының оған қосылып кету қаупі туып тұр. Бүйте берсе бар қазақ Кенесары туының астына жиналуы мүмкін.
— Мұндай ақымақ халықты көрсемші,— деді Горчаков мысқылдай күліп,— Россия патшалығы қазір қазақ жерінде мықтап тұрып орын теуіп алған жоқ па? Маңызды деген аудандардың бәрінде де біз өзіміздің бекіністерімізді, форпостарымызды салып болдық. Енді патша солдаттарын бұл арадан бір Кенесары түгіл, мың Кенесары да қуа алмайды. Абылай кезіндегідей емес, қазір қазақ еліне деген Россия патшалығының саясаты өзгерген. Осыны ақымақ қазақ білмей ме? Ал сенің Кенесарыңда ақыл болса, қазақ халқына емес, Россия патшалығына қолайлы жол іздеп, бізге бас ұрмас па! «Россия патшалығына протекторат ретінде бағынуға қарсылығымыз жоқ, бірақ біздің елдігімізді сақтап, саяси бостандығымызға, жерімізге тимейтін болсаңдар екен» деп ол маған бірнеше мәрте хат жазды. Бұндай есалаңды көрсем бұйырмасын! Патша ағзамға бағыну деген сөз — саяси бостандығымды жоғалттым деген сөз емес пе?! Сондықтан да мен біздің тыныштығымызды бұзған адаммен келісім сөз жүргізуді өзіме ұят көріп және патша ағзамға үн-түнсіз бағынудан бөтен басқа шарт қоюына ешбір үміті қалмасын деп әдейі хаттарына жауап бермей қойдым.
— Дұрыс еткенсіз, губернатор мырза.
Горчаков алдында тұрған Қоңырқұлжаны адамға санар емес. Сүзетін бұқадай басын төмен тұқыртып, өз ойын ашық айтып жатыр.
— Біз қазақ елін тек отарымыз деп қана санаймыз. Кімде-кім бұған көнгісі келмесе, оны қарудың күшімен көндіреміз. «Азаматтармен келісімге келудің ең дұрыс әдісі — оларды қорқытып ұстау». Бұл пікірді соғыс министр! Чернышев мырза да мақұлдайды.
— Біздің де тілегіміз сол емес пе? Тек қарулы күшті тезірек шығарсаңыз дейміз.
— Кенесары көтерілісін түп тамырымен құрту жөнінде қазір арнаулы соғыс жоспары жасалып жатыр,— деді Горчаков,— көп ұзамай қарулы күш те шығарылады. Қазақ даласы Кенесары қарақшыларынан да тазартылады,— Кенет генерал-губернатордың есіне ауру қаншығы түсіп кетті, ол енді асыға бастады.— Өзге шаруаңызды облыс бастығы Талызин мырзамен сөйлесіңіз. Қош болыңыз.
Қоңырқұлжа салы суға кетіп үйден шықты. Ауырып жатқан Талызинның пәтеріне барып жолығып, үш күннен кейін еліне қайтты.
Аға сұлтан бұ жолы Талызиннен көмекке небары жүз солдат алғанымен, келесі жаз Кенесарыны біржолата құртатын қалың әскер шығатынын естіп, көңілі сәл орнығайын деді. «Қыс болса келіп қалды, ал Кенесары қыста шабуылға шықпайды. Бірен-саран жасаққа мына жүз солдат пен өз күшім де төтеп бере алады». Бірақ ол ел шетіне жетер-жетпестен-ақ әнеукүнгі Ағыбай мен Байтабынның ауылды шауып, түбектегі бар малын айдап әкеткенін естіді.
Оқиға былай болған еді.
Есіркеген жас та болса санасы ерте оянған жігіт еді. Қалада орысша оқып, хат танып, көзі әжептәуір ашылып қалған. Өзімен бір мектептегі кей балалардың «жайлауымызға биыл солдаттар бекініс салыпты, енді ауылымыз әрі қарай құмға көшетін шығар»,— деген сөздерін естіп, түбі патша отаршылық саясаты еліне қолайлы тимейтінін түсіне бастаған. Оның үстіне Кенесары мен оның батырлары жайында естіген ерлік әңгімелері де бала жігіттің көңілін еліктіретін. Әсіресе Шұбыртпалы Ағыбай батыр жайындағы аңыздар кәдімгідей қанын қыздырып, қиялына от тастайтын. Ағыбайдың сондай жау жүрек батырлығын мақтаныш ететін, өйткені Шұбыртпалы оған аталас ру. Енді сол Ағыбайдың басына қауіп төнгенін біліп, не істерін білмей, әбден күйінген-ді. Әйтсе де, нағашы апасының аулында бұдан әрі жата берудің жөнсіз екенін біліп, Қоңырқұлжа Омбыға аттанысымен бұ да серіктерін ертіп, өз еліне жүріп кеткен-ді. Бұлар ауыл шетіне шығар-шықпастан-ақ алдарынан бір қоян ойға қарай зыта жөнелді. Кілең есерсоқтау жас жігіттер әлгі қоянды қуып берді. Есіркегеннің аты өзгелерінің атынан ұшқырлау болғандықтан, серіктерінен озып кетіп, қоянды жеке қуды. Ақырында қоян Есіл жағасындағы бір қалың талдың ішіне кіріп жоқ болды. Бірақ Есіркеген қояннан айырылғанмен, шоғыр талдың түбінде түні бойы Қоңырқұлжаның аулын торып, қазір тынығып ұйықтап жатқан Әбдіуақиттың үстінен шықты... Тарсылдатып келіп қалған ат дүбірінен Әбдіуақит шошып оянып жанындағы шоқпарына жармасты. Кілт тоқтаған Есіркеген сәлем беріп өзінің жау емес екенін айтты. Әбдіуақит жас жігітті шырамытып, танығандай секілденді. «Ә... Масан бидің ұрпағы тәріздісің... Асылдың сынығы, шұғаның қиқымы екенсің ғой, алдамассың»,— деді. Бұл кісінің кім екенін білген Есіркеген өзінің таңертеңгі жылпық сарыдан естіген сөзін, Ағыбай тобын Қаражар шатқалында жатқан жерінде басыңдар деп нөкерлеріне Қоңырқұлжаның бұйырғанын жасырмай айтып берді. Сөзінің аяғында: «Жанымда жолдастарым бар. Маған бұрылуға болмайды, сіз Ағыбай батырға жетіңіз. Және Байтабын жасағында Қоңырқұлжаның адамы бар, соны да құлағына салыңыз. Өзіңіз де сақ болыңыз, ауыл торып жүргеніңізді Қоңырқұлжа жігіттері біледі»,— деді. Есіркеген естігенін айтып бола берген кезінде ойпаттан жолдастары да көрінді. Бала жігіт Әбдіуақит аналардың көзіне түспесін деп, серіктеріне қарай тұра шапты.
Қоңырқұлжаға барған жігіттің түсін сұрауға үлгірмегеніне өкініп, Әбдіуақит Есіркеген кетісімен-ақ көп кешікпей, қалың тал ішіндегі байлаулы атына міне сала Қаражар шатқалындағы Ағыбайға жөнелді. Ағыбай сол күні алды-артын барлауға төрт адам жібергендіктен, қайсысының Қоңырқұлжамен хабардар екенін ажырата алмай, амалсыз Қаражардан жедел көтеріліп, күн бата Байтабынның жасағына келіп қосылды.
Ат құлағында ойнаған елу жігіт таң сыз беріп келе жатқанда түбектегі аға сұлтанның жылқысына тиді. Ақылағын ағызған Ағыбай мен Серкесанын секірткен Байтабынға кім шыдасын, қос батыр алғашқы айқасқанда-ақ сойылды оңды-солды сілтеп, қарсы шапқан Қоңырқұлжаның жүз нөкерінің он шақтысын бірден түсіріп кетті. Сөйткенше шұбатыла артындағы елу жігіт те жетті. Тек суыр ініне аяғын сұғып алып, астындағы аты ақсап Ожар ғана кейін қалды. Кенесарының ұрысқа әбден шыныққан жігіттеріне жеме-жемге келгенде аға сұлтандардың нөкерлері шыдап көрген емес. Бұл жолы да солай болды. Бетпе-бет кеп қарсы шапқанда Ағыбайдың мысы жеңді, Асылкерейдің бірнеше қайратты нөкерлері сойылға жығылды. «Ә» дегенше болған жоқ бірнеше ат ойнап шыға берді. Сұлтан нөкерлерінің алыспай жатып-ақ берекесі кетті. Көп кешікпей олар тым-тырақай қаша жөнелді.
Өз жасақтарынан тек он шақты сарбаз ғана жараланған Ағыбай мен Байтабын Түбектегі көк аланын тайлы-таяғын қалдырмай айдап елдеріне бет алды. Жасынан аға сұлтан Жамантайға өшпенді Ағыбай бұ жолы Қарқаралыны шаба алмайтынын біліп, амалсыздан Байтабын жасағымен бірге кейін қайтты.
Бар малынан айырылған Қоңырқұлжа жаман қиналды. Оңашада ат жалын құшып жылап та алды. Малсыз аға сұлтан боп ұзақ отыра ала ма, әсіресе осы қауіп жүрегін удай ашытты. Тек айқаста Әбдіуақит төлеңгіттің сойылға жығылып қайтыс болғанын естіп, көңілі орнықты.
IV
Ақмола, Ақтау, Ортау бекіністерін алғаннан бері Кенесарының көңілі көтеріңкі тәрізді еді. Оның үстіне асығы алшысынан түсіп, Ағыбай мен Байтабын батырлар қас жауы Қоңырқұлжаның ең соңғы үш мың жылқысын айдап әкелді. Ескі кек қайтқандай. Ал батыр қарындасы Бопай Сырымбет саласындағы Уәлиханның жесірі Айғанымның кең сарай алты ағаш үйінің күлін көкке ұшырып қоймасындағы басулы кигіз, иленген терісіне дейін қалдырмай барын сыпырып әкеп, ата кекті бір қайтарды. Енді Кенесары көңілденбегенде кім көңілденбек? Құдай абырой беріп Ақмола, Ақтау бекіністері де тез алынды. Осы жеңістердің арқасы ғой, енді Қараөткел, Қарқаралы, Көкшетау, Баянауыл өкіріктерінің кей ауылдары бірден Кенесары жағына шыға бастағаны. Әрине, осыдан. Кенесарыны әсіресе қуантқан Кіші жүзден келген хабар. Жақында екі айдай уақыт жүріп Елек, Ембі, Ырғыз, Жем бойын аралап Таймас қайтқан. Ұрыс десе жаны кіретін Кіші жүздің Жоламан батыры бастаған Тама, Табын, Шөмекей, Шекті, Төртқара руларының көп ауылдарымен Иман, Жәуке батырлар соңынан ерткен Торғай өзенінің жағасын жайлаған қалың Қыпшақтың Кенесары көтерілісіне қосыламыз деп дайын отырғанын айтып келген. Және Орта жүз бен Кіші жүзді біріктіріп ақ патшаға қарсы шығу үшін, Кенесарының бері қарай, Торғай өзенінің бойына көшіп келуін өтінгендерін де жеткізген. «Егер Қоқан хандығына қарсы Сыр бойында жеке алысып жүрген Нұрмұхамедтің Жанқожасы басқарған Кіші жүздің бір қауым қарашысын, Атыраудың күнгей қапталындағы Адайды, әлі де Шеген бидің қарамағынан шыға алмай келе жатқан Арғынды өз жағыма тарта алсам, бар қазақтың басын қосқаным емей немене»,— деп ойлайтын Кенесары... Таймас жақсы хабар әкелгелі бұл ойынан өзі де үміттене бастаған. Сол себепті ол соңғы кезде тас қабағы ашылып, дүниеге сәл күлімсірей қарауды шығарған. Тек соңынан ерген рулардың кейде қонысқа, жайлауға, мал өрісіне таласқан бірен-саран реніш-жанжалдары ғана көңіл күйін аздап бұзатын. Бірақ бұ да ұзаққа бармайтын. Қысқасын айтқанда, қазіргі жағдайда Кенесары жабығардай ештеңе жоқ секілді еді. Әйткенмен олай болмай шықты. Ел басы бір үлкен қауіп-қатерге тірелгендей, соңғы кезде Кенесары түнере түсті. Оның бұлай өзгеру себебін хатшысы және ақылгөй серігінің бірі Жүсіп-Иосиф Гербурт қанша ойласа да таба алмады. «Әлде жақында өткен Наурызбайдың тойында бір сыр жатыр ма?» деп ойлады ол. Осыдан бір жеті бұрын, Байтабын Қоңырқұлжаны шабуға жүріп кеткен шақта Наурызбай мен Ақбөкеннің қосылу тойы болған. Тойды Кенесарының өзі басқарған. Ақын айтысында да, балуан күресінде де адал төрелік істеп, жұрттың көңілін өзіне бір аударып тастаған. Сөйткен жағасы жайлау, төсі қыстау Кенесары күрт өзгерді. Төренің көңіл райының құбылғаны түрінен сезіліп тұр... Өйткені сұлтан бірдемеге ренжісе, қапаланса, не шешім таба алмай қиналса, еш адаммен сөйлеспей қабағын қарс жауып сыр шашпай қара судай тұна қалады, не болмаса қауіп-қатер басына төнген қорқынышпен ойнай бастайды. Мұндайда ол ажал сыннан тек өз басын ғана емес, соңынан ерген қарашысын да, қасындағы батырларын да, ағайын-туысқанын да сақтап қалмайды, ешқайсысын аямайды. Бұл Кенесарының жүрек толқынының қобалжуының, жанына батқан ауыр сырдың шешуін таба алмай қиналуының ең анық белгісі. Кенесарыда мұндай жағдайда мәймөңкелеу, біреудің көңіліне қарау деген болмайды, тік кетеді. Ол бүгін де осы әдетіне көшті.
Күн батып бара жатқан кез еді. Малдың у-шуымен ауыл үсті күндегісіндей азан-қазан. Ауыл сыртында тартқан қурай күйі, белестен аса күрсіне салған жылқышы әні, батып бара жатқан алтын күнге жоқтау айтқандай біртүрлі мұңлы, қасіретті еді.
Жапар, Тайшық, Ахмет, Омар, Оспан, Әубәкір, Сыздық, Жәкей атты сегіз ұлының бірі бес жасар Сыздықты ертіп Кенесары ақ ордасынан шықты. Үстінде түйе жүн жеңіл шекпен, кішкентай кездікті былғары қыналы белінде күміс белбеу. Сыздық тұрымтайдай шапшаң, Кенесарының аузынан түскендей ақ сары бала. Әкесі бұны өзге ұлдарынан жақсы көреді. Тентек, кішкентайынан жау жүрек, пышақ таяққа үйір-ақ.
Есік алдында анандай жерде тұрған Жүсіпті көрді де:
— Жүсеке, жүріңіз, ауыл сыртына шығып азырақ серуендеп қайтайық,— деді Кенесары қой мініп ойнағысы келіп тұрған Сыздықтың білегінен ұстап жібермей.
— Мақұл.
Жауға аттанғанда болмаса, Батырмұрат ауыл арасында Кенесарыны күзетпейтін, мұндайда сұлтанды бақылаушы, күзетуші Қараүлек. Ол ауыл сыртына қарай кетіп бара жатқан ана үшеуді көрді де, үн-түнсіз соңдарынан ерді.
Кенесарының баласының білегінен ұстап жібермей келе жатқанын аңғарған Жүсіп арт жақтарындағы бас жендетті көріп кенет абыржи қалды, жүрегі аттай тулай жөнелді. «Япырмай, мына жас баланың бір жазығы болмаса нетті?.. Қараүлек бостан-бос ермесе керек еді...»
Бұл үшеуі қара шұғадай майлы топырақты сайдың жағасындағы бір адырдың үстіне кеп тоқтады. Кенесары кейінірек қалған Қараүлекті қолын бұлғап шақырып алды да, беліндегі күміс кездігін суырып:
— Ұшын жоғары қаратып мынаны ана жерге көм, — деді.
Құл айтқанындай етіп алмас кездіктің ұшын ғана қылқитып тегіс топыраққа көмді.
Кенесары енді баласына бұрылып:
— Батыр болғың келе ме, Сыздық?— деді.
Баланың жүзі жайнап кетті.
— Наурызбай көкемнен де асқан батыр болам.
— Онда жүгіріп келіп, мына өткір кездіктің үстіне кеудеңді төсей құла! Егер қорықпасаң батыр боласың.
Бала көзінде сәл сескенгендік бір сезім жарқ етті де, заматта сөне қалды.
— Кеудеме кіріп кетпей ме кездік?
— Батыр болар адам кеудеме кездік кіреді деп қорқа ма?
Сыздық теріс бұрылды да, жүгіріп келетін жерге қарай жүре берді. Жүсіп терлеп кетті. «Япырмай, мұндай да тас жүрек әке болады екен-ау! Бес жасар баланың батырлығын жалаңаш кездікке құлатып сынай ма екен кісі? Жазым болса қайтеді?.. Жоқ, баланың көңілі дауаламас!»
Сыздықтың жүрісі сылбыр, әлі жерден басын бір көтерместен кетіп барады. Кенесары кенет тез қимылдап кездікті суырып алды да, орнын кездік тұрғандай томпайта қойды. Жүсіп енді ғана «уф» деп демін алды. «Бәсе, неше бүгін тас бауыр болса да, әке деген көрер көзге өз баласын пышаққа жығар ма! Енді түсінікті. Әйтсе де балаға бұл үлкен сын екен. Әкенің қатігез мінезін біледі, расымен жүрегі дауалап кездікке құлар ма екен? Құламаса, әрине, Кенесарыға бұл баланың еш қадірі қалмайды. Ондай баланы ол балам деп санамауы мүмкін. Сұлтан тұқымы қасқыр тектес деп жұрт неге айтатынын енді ұқтым. Бұлар қатарларында тек күштілерін ғана сақтайды екен...»
— Жетеді, Сыздық,—деді дауыстап Кенесары,—Кәне жүгір!
Бала дереу бұрылды да, жүгіре жөнелді. Тоқтар емес, жайшылықта серіктерімен жарысқандай ағып келеді. Жүсіп байқап тұр, тек таяй беріп, кездік шаншылған томпиған жерді мөлшерлеп қараған кезде ғана көзінде сескенгендік бір сезім пайда болып сәл жұмылып кетті де, өзінің осы бір болмашы қорқақтығына ызаланғандай, екі көзі қайтадан шоқтай жайнап алға қарай атыла түсті. Сол жүгірген бетінен тоқтамастан томпайған жердің үстіне дәлме-дәл жетіп көкірегін төсей құлады. Құлағаны аз болғандай бір-екі рет аунап-аунап жіберді де түрегелді. Кенесары баласының ерлігіне риза болғанын жасыра алмай, жанына барды. Бірақ сүйген жоқ, тек ұзын саусақтарымен маңдайынан бір-екі мәрте сипап:
— Апаңа бара ғой,— деді.
Сыздық нағыз бір желіден босанған құлындай ауылға қарай ойнақтай жүгіре жөнелді. Кенесарының ымына түсінген Қараүлек те енді ауылға қарай беттеді. Төбе басында тек сұлтан мен хатшысы ғана қалды. Жүсіп өзін-өзі ұстай алмай:
— Нағыз көкжал болады!—деді зымырап жүгіріп бара жатқан Сыздықтың соңынан қарап.
Кенесары мырс етіп күліп жіберді.
— Неге күлдіңіз?
— Өзім де Сыздықтан көп үміттімін. Өзге балаларым бір төбе де, Сыздығым бір төбе. Ал күлген себебім: Абылай атамның түсін жорыған Бұқар жыраудың сөзі есіме түсіп кетті. Сенің Сыздықты көкжал бөрі болады дегенін сол кісінің айтқанына дәл келіп тұр...
Жүсіп—Иосиф Гербурт қазақ арасында сан алуан ертегі, ұлағатты сөздің көп екенін бұрыннан білетін. Және оларды құмарта тыңдайтын. Реті келсе жазып та алатын. Бұ жолы да сондай бір жәйттің шеті көрініп қалғанына қуанып кетті. Төре тұқымы өздерінің құпиясын басқа жұртқа кеп айта қоймайтынын білсе де:
— Қандай түсті айтасыз? Бұқар жырау не деген екен?— деді сұлтанды сөйлеткісі келіп.
Кенесары бәлсінген жоқ, әңгімесін бастап кетті.
— Атамыз Абылайды үш жүздің игі жақсылары боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге орап, хан ғып көтерген күнінің түнінде ол бір ғажайып түс көріп шығыпты. Бұқар жыраудан жоруын сұрапты...
«Астымда Жалынқұйрық жүйрігім бар. Сарыарқада серуендеп келе жатыр едім,— депті хан Абылай, алдымнан бір арыстан тұра қашты, қуып жетіп, алдаспаныммен ішін жарып жіберіп едім, арыстанның ішінен бір жолбарыс шықты да тұра жөнелді. Жолбарысты да қуып жетіп аш бауырынан орып жіберіп едім, ішінен бір көкжал қасқыр шыға келді де тұра қашты. Көкжал қасқырды да қуып жетіп, ішін тіліп жібергенімде, одан бір қызыл түлкі ата жөнеді. Қызыл түлкіні де қуып жетіп қарнын осып қалғанымда ішінен құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке ақтарыла түсті... Бірақ бұлар менен қашпады, бәрі быжынай келіп, атымның сауырына, жалына жабыса бастады. Шошынғанымнан айқайлап жіберіп, оянып кеттім. Жоруын айтшы осы түсімнің, жырауым»,— депті Абылай хан.
Сонда Бұқар жырау былай деп жорыған екен:
«Жалынқұйрыққа мінгенің — хан тағына мінгенің. Ал алдыңнан арыстан қашса, сенен арыстандай айбарлы ұл туады екен. Одан туған бала да жолбарыстай қайратты, жүректі болады екен. Жолбарыстан туған шөберең де көкжал қасқырдай жүректі жаратылады екен. Ал көкжал қасқырдың баласы, төртінші ұрпағың, қызыл түлкідей заманына қарай қу, тәсілқой келеді екен. Ал қызыл түлкіден әрі қарай тараған тұқымың бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесіртке секілденіп уақтанып кетеді екен»,— депті.
Егер Абылайдан туған арыстан менің әкем Қасым төре болса, одан туған жолбарысты өзім десем, менен туған көкжал қасқыр әлгі Сыздық емес пе? Жаңағы қылығы Сыздықтың көкжал бөрі болатынын көрсетпей ме? Өзін де соны аңғарып қалған жоқсың ба?
Кенесары әлденеге көңілі бөлініп кенет тоқтай қалды. «Ал көкжал қасқырдан түлкі тууға тиісті ғой, түс жоруы дұрыс болса, солай тәрізді... Өзіңіз соған сенесіз бе?»— деп сұрауға Жүсіптің батылы бармады. Ол әрине дәл осы минутте Сыздықтан туған Жүністің қызыл түлкідей қу келетінін қайдан білсін, тек Бұқар жыраудың Абылай түсін әлгідей жорығанына таң қалуда еді. «Түс жоруы дұрыс. Қасым төре — арыстан, одан туған Кенесары жолбарыс, ал бұл Жолбарыстан туған әлгі Сыздық шын көкжал болғалы тұр. Одан кім туады? Шыныменен Бұқар жырау айтқандай күнін көру үшін заманына қарай бейімделген, жалтарма бір қызыл түлкі дүниеге келер ме екен?» Жүсіптің ойын тағы Кенесары бұзып жіберді.
— Жә, Бұқар жыраудың әңгімесін қоя тұрайық, — деді ол кенет, көптен бері көңілінде жүрген бір сырды қозғағысы келіп, төбе үстіне жантая жата беріп,— сен де отыр, Жүсіп,— деді. Сөйтті де әңгімесіне қайта кірісіп кетті.— Сен бөтен жұрттың баласысың, Жүсіп... Жасың кіші болғанмен көпті көрдің... Ақ патшаның таяғын Бөлше халқы қазақтан бұрын жеген тәрізді. Сондықтан сендер бізден көрі білгірсіңдер... Білгір болмасаң Россия патшасы сені сонау ит өлген жерден мынау қу далаға айдар ма еді...
— Күш қолында тұрғанда, өзіне қарсы адамды патша неге аясын...
— Иә, ол солай ғой... Ал мен сенімен кеңескім келеді. Шын дос болсаң ойыңдағыны жасырмай айт.
— Сұраңыз. Жалған айтпауға ант етейін.
— Жоқ, антыңның керегі жоқ. Мен саған онсыз да сенемін. Өйткені екеуміз де Россия патшасынан қорлық көрген жандармыз. Тілегіміз бір, ниетіміз бір, бірімізді біріміз алдауға тиісті емеспіз. Ал сұрайын дегенім... Өзің көріп жүрсің, Жүсіп, от сала білсең патшаға қарсы қазір бүкіл Сарыарқа көтерілуге бар... Ереуіл жалыны бұдан да өршіп кетуі мүмкін...
— Дұрыс айтасыз.
— Ал біз де ширыға түсеміз. Егер Орта жүз тегіс көтеріліп, оған Кіші жүз қосылса... Бұның өзі қыруар күш қой. Сөйтсе де...— Кенесары ойын айта алмай тағы да үндемей қалды. Тек аздан кейін ғана барып қинала,— осынымыздың бәрі түбі босқа қан төгу болмай ма?—деді,— жарайды бар қазақ бірлестік делік, сонда ақ патшаға айтқанымызды істете аламыз ба?
Кенесарының бұл күмәндануы бос күмәндану емес екенін Жүсіп бірден түсінді. Әрине осы биылғы жаздағы жеңістерден кейін басқа адам болса, лепірген үстіне лепіре түсер еді. Ал Кенесары... Жоқ, жоқ, бұл жай қазақ емес, бұнда бір елге аға боларлық ақыл бар. Әттең! Әттең! Елі кішкентай жұрттың ардақты ұлдарының даңқы да кішкентай. Дәл осы шоқша сақалды, шегір көз қазақ, Европа елдерінің қолбасшыларының қайсысымен салыстырсаң да, батырлық, айлақорлық жағынан кем соқпас еді, бірақ кішкентай халықтың ұлы... Ал жері көп... Сол көп жерді осынау азғана жұрттың басып отыра алмайтынын білмей ме бұл? Бұлардың ажалдарының өзі де осы қорғап жүрген жерлерінде емес пе? Бүгін үйтіп-бүйтіп аман алып қалғанмен, ертең бәрібір сол жерден айырылады. Өйткені бұлар саны аз халық... Осыны неге түсінбейді бейбақ? Дос жылата айтады, дұшпан күлдіре айтады. Шын көңілден сұрап отыр ғой, не болса да шындықты алдына ашып салайын».
— Ақ патшаға,—деді Жүсіп Кенесарының сөзіне жауап беріп,— бәрібір айтқандарыңды істете алмайсыңдар.
— Неге?
— Қазіргі Россия бұдан жүз жыл бұрынғы Россия емес. Қазір ол қазақ жеріне әбден бауыр басып алған. Қаруы да, әскері де көп. Қазақ халқы қанша ер жүрек халық болғанменен, Россия патшалығына қарағанда аждаһа алдындағы көжек тәрізді, қалай жұтам, қашан жұтам десе де қолынан келеді. Сенің ереуіліңе қарсы айына бес жүз солдат шығарып, он жыл күресу, де, әлде бір жолы он мың әскер шығарып бір айда құрту да — оған бәрібір. Сендер көгендеулі қойсыңдар, қай уақытта сойып жегісі келсе ақ патшаның еркі. Дәл бүгін Россия патшасы сенің көтерілісіңе шын мән беріп отырған жоқ, тентек бала әрі ойнайды, бері ойнайды, сосын қояды деп ойлайды. Сені ол шын қауіпті жау, санамайды. Сондықтан хаттарыңа да жауап бермейді. Бәрібір түбі жеңетініне оның көзі анық жетеді.
— Өзім де солай ойлаймын...
— Онда неге ұрыс аштың?
Кенесарының көзі кенет жарқ етті.
— Сонда сен маған бауыздағалы тұрған қой тәрізді үн-түнсіз өле ғой дейсің бе? Жоқ, мен олай өле алмаймын. Жолбарыс қой емес. Ең болмаса жауына шауып ажал табады. Егер мен Айшуақ, Құдайменді, Жантөре, Уәли балалары секілді үн-түнсіз Россия патшасына мойын ұсынсам, ертең үрім-бұтағым не дейді? Мені де сатылған көп сұлтанның бірі еді демей ме?— Кенесары кенет шаршап кеткендей көзін жұмды,— қазір жеңіліп ажал табуға бармын, бірақ ұрпақтарым алдында атымды адал сақтағым келеді.
Жүсіп мырс-мырс күлді.
— Үш жүздің басын қосып қазағымды жеке мемлекет етемін деген арманыңыз үшін ұрпақтарыңыз алғыс айтады деп сенесіз бе?
— Сенемін. Сол үшін жан беруге бармын. Әлде менің мұным қате ме?.. Менің ерлігіме ұрпақтарым қарғыс айтады деп ойлайсың ба?
Жүсіп тіке жауап қайырмай ақырын күрсінді.
— Меніңше Абылай ханның түсін Бұқар жырау дұрыс жорыған тәрізді.
— Жоқ,— деді Кенесары кенет түнере түсіп, Абылай атам үш жүздің басын қосып, қазақтың еркіндігін сақтап, жеке ел етемін деген хан. Оның түсіне де осы халық тұрғысынан қарау керек.
— Иә, сонда?
— Абылай ханның алдынан қашқан арыстан — ол баласы Қасым төренің кезіндегі халық. Оның ішінен шыққан жолбарыс — ол мынау менің кезімдегі батыр жұрт. Бұл жұрттың жолбарыстай жүректі екені бәріңізге де аян... Бұдан кейін, әлгі Сыздық тентегімнің ер жетіп, жауымен алысқан кезінде де қазақ халқы елдігін де, ерлігін де жоғалта қоймайды... Көкжал қасқырдай жауына талай шабады. Бірақ, қасқыр арыстан да, жолбарыс та емес, қанша көкжал болса да ауыл-аймақтан ұзай алмайды... Одан кейінгі өлім «сабасына қарай піспегі, сақалына қарай іскегі» дегендей заманының ықпалына қарай түлкі болмасқа амалы бар ма? Ал ол түлкі қулықты өлімнен кейінгі ұрпақ бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесіртке тәрізді кәкір-шүкірге айналады. Ол ол ма, Абылай ханның осы бесінші ұрпағы кезіндегі осы құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке секілді жұрт, ертең осы менің ісіме қарсы шабады. Сондықтан қазір халқымның уақтанбай тұрған жолбарыстай қажырлы кезінде армансыз қимылдап қалуым керек!
Кенесарының көзі қанталап, ақ сары жүзі күреңітіп кетті. Жүсіп баяу жауап қайырды.
— Бұқар жырау Абылай ұрпағының бесінші буыны уақтанып кетеді десе, ол бір сәрі. Хан ұрпағы десек те, ол болжау бір тұқымға ғана жатады... Ал бүкіл қазақты сондай болып кетеді деуге қандай себебіңіз бар? Егер себебіңіз жоқ болса...
Кенесары өзіне қарсы келген қашқын сөзіне ашулана қалды.
Ал ашу үстінде Кенесарыға қан төгу оңай шаруа екенін Жүсіп жақсы біледі. Әйтсе де Кенесарымен біраздан бері талай тар жол, тайғақ кешуді басынан бірге өткізген нәсілі ер жүректі жігіт тақа саса қоймады. Сабырмен сөйлеп:
— «Болғанда ашу пышақ, ақыл таяқ. Сол таяқ кеми берер жонған сайын», батыр ашуды ақылға жеңгізіңіз! Мен тұтас бір халық уақтанып, ер жүректігі жойылып, илеген терідей болбырап кетеді дегенге сенбеймін... Тікенек шыққан жерге тікенек шығады, гүл өскен жерге гүл өседі.
— Ал гүл жайылымын арам шөп басып кетер болса не істеу керек?
— Онда... отау керек.
— Дұрыс айтасың. Өзіме ермеген ауылдарды шапқанымда мен де сол арам шөптерді отап жүрмін деген ойдамын. Бірақ өз саусағыңды өзің тегіс кесе аласың ба? Оның да бір жауабы бар емес пе?
— Әрине.
Кенесары күрсінді.
— Ал жауаптан қорықсаң, жеріңді арам шөп басып кетеді.
— Әйтседе,— деді Жүсіп.—Алмас наркескенді қанша бөлшектесең де әр бөлшегі сол алмас қалпында қалады. Батыр елден батыр ер туады. Бірақ әңгіме онда емес, басқада. Көп қорқытады, терең батырады. Сол көптің қорқытатынын алдын ала болжаған қарт Асан Қайғы да түсінген. Қол бастаған ақылды, батыр Кенесарының қалай ұқпайтынына таң қалам. Россия империясы қазір Қытай, Қоқан, Хиуа, Бұқардан анағұрлым күшті. Және қазақ жерінің дені қолында. Түбі, әрі кетсе бір елу жылда бүкіл Сарыарқа, Сыр бойы, Маңғыстау, Үстірт, Жетісудың бәрін бауырына басатыны сөзсіз. Сонда не дейсің? Кім күшті болса, жұрт соның сөзін сөйлейді. Ал күшті кім? Ақ патша! Ол өзіне қарсы сойыл көтерген Кенесарыны мақтай ала ма? Әрине, мақтамайды, жамандайды. Патша жамандаған адамды Абылай ұрпағының бесінші буыны да жамандауға мәжбүр болады. Өйткені кімнің қолында күш болса, өзгенің соның сөзін сөйлеуі өмір заңы, қоғам заңы. Тек бұл қасіреттен құтылудың бір-ақ жолы бар. Ол жол — уақ халықты қанаушы патша үстемдігін Россияның өзінде жою. Ал ол күн қашан келеді? Міне әңгіме қайда! Оған дейін Абылай хан атаң тәрізді патшаға бағындым деген сөзбен көз бояп, қазақ елінің тәуелсіздігін сақтатып, жеке мемлекет етемін деуің, құр бос қиял. Ондай еркелікті қазіргі заман көтермейді.
Кенесарының ашуы сәл тарағандай, бірақ әлі де қабағы қатыңқы.
— Дегенімізге жете алмайтынымызды біледі екенсің, бізге неге қосылдың? Далаға тастай алмай жүрген жаның бар ма?
— Әрине, тастай алмай жүрген жаным жоқ,— Жүсіп ақырын күрсінді,— тәуелсіздік үшін күресудің не екенін мен жақсы түсінемін. Өз жұртымның басынан өткен қайғылы хал... Ал сендерге жаным ашиды. Қолымнан келсе ақылымды айтып, жәрдемімді беремін бе деп едім... Бірақ оным болар емес.
— Неге? Әлде біз дұрыс ақылыңды тыңдамадық па?
— Жоқ, айып сендерде емес. Көтерілістеріңе қосылғандағы ойым, екі ұлттың жақындасуына дәнекер болу еді. Жерінен, тәуелсіздігінен айырыла бастаған қазақ халқының қанының босқа төгілмеуін арман етіп едім. Бірақ ол ойым қолға түспес сағым екен. Батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаков та, Омбы облысының бастығы граф Талызин де сендермен бейбітшілік бітім жасар түрі жоқ. Олар қазақ даласын тек қана мылтықтың күшімен алып, бейшара елді табанының астына салуды көксеп отыр. Мұндай жағдайда талас қан төгіспей шешілмейді. Қазір қазақ халқының басына ең бір ауыр күн туғалы тұр. Ал мұндай жағдайда мен сендерді қалай тастап кете аламын? Бір кемеге міндік, өлсек бірге өлеміз.
Иосиф Гербурт Кенесарының сырын анық білмейтін. Оны сұлтан болса да ұлт бостандығы қозғалысының қолбасшысы деп қана ұғынатын. Кенесарының жан аямас қаттылығы, көзсіз ерлігі бәрі тек елінің еркіндігін аңсап патша отаршылық қиянатынан құтылу тілегінен туған ерекше қасиеттері деп түсінетін. Осынау шоқша сақал, шегір көз ақ сары адамның ел мүддесінен шығу арқылы жетпек болған жеке басының мақсаты да бар екенін аңғармаған. Ал Кенесары болса, тоқсан тілектің түйінінен жаралған адам. Оның мінезі де, ішкі дүниесі де сала-сала, онда Абылайдың ақ туын құлатпай ұстайын деген арман да бар, бір руды емес, бар қазақты билесем деген баққұмарлық та мол, атадан әкеге, әкеден балаға мұра боп қалған өзге сұлтандардан алмақ кек те жүректе сақтаулы, соңынан ерген жұрттың, құрметіне бөленсем деген сезім де күшті. Осының бәрі бір Кенесарының басында. Ал Иосиф Гербурт оны тек отаршылыққа қарсы күрестің қолбасшысы деп қана ойлайды. Ол Кенесарының жүрегінің қалай соғатынын кейде мүлде түсінбейді. Бұл түсінбестіктен Жүсіп-Иосиф Гербурт тек екі жыл өтіп, Кенесары өзін хан деп атағаннан кейін арылды. Оған дейін... Ол Кенесарыға езінің ойын ақтарыла айтып келді. Қазір де сол адал көңілін ашып отыр. Ал Кенесары болса тек тыңдауда.
— Жоқ,— деді Кенесары кенет басын жоғары көтеріп, Гербурт сөйлеп болған кезде,— болашақ ұрпақ кімнің айыпты, кімнің айыпсыз екенін өзі тауып алар, ал біз өз борышымызды ақтауымыз керек. Қазақта «Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол» деген мақал бар, зорлыққа мойын ұсынар жайым жоқ, өмірім жеткен жерге дейін алысып өтем!
Сұлтанның алған жолынан қайтпасын Гербурт анық сезді. Ішінен аяп та кетті. «Халқы үшін жан қиюға шешінген екен, күші жетпес аждаһамен алысып, елін де, өзін де қан етуге бел буынған екен. Мұны апаттан аман алып қалар қандай жол бар?»
— Батыр, бетіңізден қайтпауға белді бекем буынған екенсіз, алдыңыздан жарылқасын,— деді Жүсіп,— бірақ тағы да айтар бір кеңесім бар. Батыс Сібір губернаторы сіздің тілегіңізді орындамайды және өзіңізді жазым етпей тоқтамайды. Олармен арамыз тым әріге кетті. Жоламан мен Иман батыр шақырып отыр ғой, мүмкін Торғай, Ырғыз өзендерінің бойына ауысқан жөн болар?... Соңғы кезде Орынбор мұжықтары қатты толқуда, бізге ақ патшамен күресуге сол жақ қолайлы тәрізді. Оның үстіне өзімізге қаншама тың елді қосамыз. Арқа қазақтары бір жағынан ру бастықтарының дегенінен шыға алмай және патша солдаттарымен жиі алысып, қалжырап қалғандай... Бұ да еске алатын жағдай.
Жүсіп Кенесарының ойлаған жерінен шықты. Сұлтанның соңғы кезде күрт өзгеруіне де себеп болған осы бір тілектен туған ауыр ойлар еді. Наурызбай мен Ақбөкен қосылар кезде Бопай Аманқарағай приказын шабуға тағы да кеткен-ді. О жақтан жақында олжалы болып оралған. Сол күні Кенесарының ордасына келген Қараөткелді алар кезде, Тамыздың басында шабылған Шыңғыс, Кенесары сарбаздары енді жортуылға шыға қоймас деп бейқам жатқан екен. Бопай жоқ жерден қойға шапқан бөрідей астан-кестеңін шығарыпты. Қарындасы соны баяндап болды да «Науанжан мен Ақбөкенді бекер қосыпсыз. Ағаттық еткен екенсіз»,— деген. «Неге?» деп сұраған Кенесарыға Ақбөкеннің Байтабынға кішкентайынан айттырған қалыңдығы екенін, біріне бірі кет әрі еместігін, тек осынау аласапыран кезде жат жерде қосылудың ретін таба алмай жүргендерін айта келіп «жиенінің қалыңдығын ініңізге алып бергеніңізді Жоламан батыр қалай көреді? Бір шүйкебас үшін бір тайпы жұртты өкпелетіп алып жүрмесеңіз нетсін. Серғазы ханның зорлығынан қашып келген Байтабын бұ жақтан да қиянат көріп, бізден безер болса, бұған өзге жұрт не айтады? Жоламан батыр не айтады?» деп жауап қайырған тәкәппар Бопай.
Осы күннен бастап Кенесары күрт өзгерген. Орта жүз бен Кіші жүздің басын қосамын ба деп қатты үміттеніп тұрғанында көңіліне күдік кірген. Қазақтың қай батыры намысқа шаппаған? Әрине, ел басқарған сұлтан Жоламанның да қорлануы табиғи жәйт. Егер Байтабын Орта жүзден көрген қиянатын шағым етіп барса, бүкіл Табын болып Кенесарымен жауласып кетуі ғажап емес. Қазақ мұндайда үлкен тілекті, зор арманды жеке бастың мүддесіне де айырбастай салады. Сонда не істеуі керек? «Байтабынды әлдеқалай жазым болды деп біржолата көзін жойып жіберсе қайтер еді? Әрине, Қараүлек мұны оп-оңай орындар еді. Бірақ жаманшылық жата ма, бір күні болмаса бір күні шындық шығып қалса не айтам? Оның үстіне жесір дауы тағы бар. Бұл қазаққа ажалдан кем жоқтау емес».
Кенесары Жоламан бастаған Кіші жүздің белді руы Табыннан қол үзгісі келмеді, ал қол үзбеймін деп бір анадан туған, жанындай жақсы көретін Науанының қойнынан сүйген жарын тартып алуға көңілі дауаламады. Ел арасына бүлік салмау үшін Ақбөкеннің өзін бір түнде жоқ етіп жіберуге тағы да дәті шыдамады. Ал Кенесарының ойынша бұл қиындықтан құтқарар жалғыз жол — осы екі жігіттің арасындағы Ақбөкеннен құтылу... Бірақ ағасының сыры өзіне мәлім Науанын қалай жұбатады? Егер ол жұбанбай қойса не істейді? Наурызбай Кенесарының оң қолы, оң көзі — онсыз ол жарты жан емес пе? Ойлай-ойлай келіп Кенесары Байтабынның көңілін табу, соның дегенін істеу керек деген шешімге тоқтады. Сонда ғана екі ел бүлінбейді. Жоламан бастаған жұрт та Кенесарының жасыл туының астына кіреді. Сұлтан осы шешімге тоқтасымен енді Байтабынның оралуын күтуде болды. Жүсіптің мына ақылы да Кенесарының түпкі ойынан шығып тұр. Әрине бір қыз үшін екі елді алыстатпау керек және соңынан ерген Арқа елі мақұл көрсе Торғай, Ырғыз өзендері бойына қарай көшу жөн-ақ. Бүйту Кенесарының ақ патшамен алысу әдісіне де қолайлы. Бір жерде ұзақ тұруға болмайды. Ұзақ тұрсаң патша әскерінің өзіңді қоршап алуына мүмкіндік бересің... Ал қоршалдым дегенше шаруаңның біткені. Жоқ, жоқ, қайткен күнде де жеріңнің кеңдігін пайдалану керек. Қыс Есілде болсаң, жаз Торғайда бол, қашқан түлкідей, аңдыған жауға із тастап, әр жерден бір көрініп, қақпанына түспе...
— Сібір генерал-губернаторының қолы жетер төңіректен кету керек,— деді Кенесары,— бізді енді бұл арада зорлықтан басқа ештеңе де күтпек емес. Ел болып бірігер күн туса, түбі қайта бір соғармыз. Қоңырқұлжа, Шыңғыс, Зілқара, Жамантайларда қалған өшті сонда алармыз.
— Дұрыс.
Осы кезде бұлар ауыл жақтан өздеріне қарай беттеген үш-төрт кісіні көрді. Кенесары бір қарағаннан-ақ тани кетті.
— Байтабын батыр келген екен!
Көзінде қобалжығандай болмашы бір сәуле пайда болды да, кенет жоғалып кетті...
Ие, бұл Байтабын еді. Жанындағылары Жеке батыр, Құдайменді, Таймас. Бұлар қыр басына жетіп те қалды. Өзі жоқта Ақбөкенді Наурызбайдың алғанын Байтабын естіген тәрізді. Әзер жүріп келеді. Бетінде қан жоқ, сол жоқ, тістеніп алған. Ал Кенесары жаққа тесіле қараған көзінде бір ғажайып қайғы тұна қалған. Қарашықтары әдеттегісіндей ұшқын атып селт етер емес. Қабағы тастай түйілген. Оң қолында садағы. Жақ ағашынан, ортан белінен ұстап келеді. Бұлар Кенесарыға жете бергенде, кенет бір дүбір естілді. Жүсіп бұрылып қарап еді, аң аулап қайтып келе жатқан Наурызбай тобы екен. Олар да Кенесарыны көріп, тез аттарынан түсіп төбеге қарай беттеді. Алдарында Наурызбай, оның оң иығында тұғырға қондырған «Қанды көз» аталған бүкіл елге әйгілі аппақ сүттей жібек балдақты ақсұңқар...
Кенесары мен Жүсіптің қасына бұл топ та асыға жақындады. Наурызбай Байтабынды көрді де кенет тоқтай қалды. Байтабын Кенесарыға жақын келіп қалған еді, тізе бүгіп сәлем берді.
— Батыр, барып қайтқан сапарымның қиындығын айтайын ба, әлде елімнен алыс жерде жүргенімде көрген қиянатымды айтайын ба?—деді.
Кенесары жігіттің жүрек соғысын бірден түсінді. Бүркіт қанатындай жирен қастары көзінің ортасына түйіліп:
— Екеуін де тыңдайтын уақыт болар әлі,— деді ол жігіттің жүзіне тесіле қарай,— алдымен бір өзара талас жәйді шешін алалық... Байтабын, сені жұрт мерген деседі... Шын мерген болсаң жүз қадам жерден ана Наурызбайдың қолындағы ақсұңқарды атып түсірші!..
— Батыр, оқ ақымақ келеді, ақсұңқарға тимей...— Байтабын Наурызбайға жалт етіп бір қарады да сөзін аяқтамай тоқтады.
Кенесары кесімін пышақ кескендей тұжыра айтты.
— Ақымақ оққа сен айыпты емессің!
Наурызбай мен Байтабын арасындағы әңгімеге Жүсіп те қанық еді. Және Наурызбайды Кенесарының жанындай жақсы көретінін де білетін. Сұлтан сөзінен туған інісін қанша жақсы көрсе де, ел бірлігін одан жоғары бағалайтынын тағы да аңғарып қалды. «Ел бірлігі үшін соңынан ерген батыр інісін оққа байлау — құр ғана қатігездік емес, одан да жоғары, одан да биік қасиет. Байтабынға:«Ақбөкен үшін кеткен өшің болса, Наурызбайдан ал, кегіңді қайтар, бірақ Жоламан екеуміздің арамыздағы жаңа бірлесіп келе жатқан одақты бұзба деп тұрған жоқ па! Байтабын бұған не демек? Расымен Наурызбайды оққа қияр ма екен?»
Кенесарының ойын жалғыз Жүсіп емес, Байтабын да, Наурызбай да, қала берді, қоршап тұрған жұрттың бәрі де түсінді. Осындай ерлік кесіммен шешілмесе, Наурызбай мен Байтабын арасындағы жағдай екі елді жауластырар қанды жанжалға айналып кететінін болжаған батырлар ара түсіп ештеңе демеді. Өзге жұрт не айтарын білмей қысылып үн-түнсіз тұрған шақта Наурызбай кілт бұрылып, жүз қадамдай жерге барып «Қанды көзді» тұғырымен иығынан сол қолына қондырды да, қырындай қасқиып тұра қалды. Ажал дәл осы сәтте тепкелі келе жатқан қанды тұяқтай ыңғайлана берсе де, міз бақпады. Тек сұрғылт жүзі атып келе жатқан таң бозындай қуқылданып кетті.
Байтабын да ұзақ күттірген жоқ, қабағын шытып сәл бөгелді де, бір шешімге келген адамдай тез оң жақ белбеуіндегі түйе тері қорамсақтан қозыжаурын жебені алды да, оң қолындағы жақты кеуде тұсына көтере беріп садағына асыға оқтап ойланбастан тартып қалды. Сол сәтте... Наурызбайдың созылған қолының басында тұрған ақ сұңқар жалп етіп жерге құлады.
Ақбөкенінен айырған Наурызбайға қанша ашулы болғанмен, Байтабын бақастықтан, намыстан ел бірлігін жоғары көрді. Көкірегінің көзі ашық жас батырды Кенесары өзі келіп құшақтап баурына қысты да:
— Байтабыным, шын мерген екенсің!— деді.— Бүгінгі маған көрсеткен құрметін үшін қарамағымдағы елдің өзін таңдаған ең сұлу қызын ал.
Қайғы, ашу жүрегіне шаншардай қадалып тұрса да бойды алған қам көңілдікті ақылға билеткен Байтабын ілтипатпен басын иді де қойды.
Жаңа ғана кенет қара түн келіп, сұрапыл дауыл жерге ұрып кетердей қобалжыған Наурызбай айыбын кешірген Байтабынға қатты риза болып, жақсы көрген сұңқарды бір жігітіне сол өлген жеріне көмуді тапсырды да (соңынан осы төбе «Сұңқар өлген» төбе деп аталып кетті) өзі қыр басына көтерілді. Байтабынмен қол алысып амандасты. Қастары, түгіл, достарының қатты сөзін кешірмейтін өр көкірек екі батыр жігіттің арасындағы махаббат таласы мен намыс таласы осылай бітті.
Бірақ ел бірлігін сақтауды інісі Наурызбайдан артық ұғынған Байтабыннан Кенесары іштей кенет сескене қалды. «Қарашыдан шықса да хан тұқымына бергісіз ақылы бар екен. Бұл қасиетін еске алу керек. Және мұндай жанды өзіңе дос ете білген жөн. Ал алда-жалда қарашылығы жеңіп, жолымыз екі айырылатын күн туса тағдырын Қараүлек шешсін... Қасыңнан жау боп кеткен ақылды батыр шабайын деп тұрған қалың қолдан қауіпті».
Әйтседе Кенесары қатар тұрған інісі мен Байтабынға сүйсіне қарап:
— Байтабын батыр,— деді жылы шыраймен,— ал енді қиын-қыспақ, қауіп-қатерден аман қайтқан алыс сапарын жайын баянда.
Байтабын бастан өткен оқиғасының бәрін тегіс айтып келді де:
— Қоңырқұлжа жігіттерінен ұққаным, олар биылғы қысқа қатты дайындалуда: Омбыдан да қалың әскер шығады деседі... Қыс түсе сарбаздар ауыл-ауылдарына тарап, сіз қыстауда төлеңгіттеріңізбен қалған кезіңізде ордаңызды шаппақ көрінеді,— деп сөзін аяқтады.
Жылдағы әдеті бойынша ол қыс түсе бар әскерін елді-еліне таратып, жаз шыға қайта жинайтын. Биыл да сондай ойда еді. Бес мыңнан асып кеткен салт атты жауынгерлерді азық-түлікпен, аттарын шөппен қамтамасыз ету оңай ма? Қыс көзі қырауда, өздері де бұл маңайға келіп орналасқалы жылдан асқан жоқ. Жау ереуілшілердің әлсіз кезін дәл тапқан тәрізді. Егер Омбыдан солдат шығып бес жүзге жетер-жетпес төлеңгіті, батыры бар сұлтан аулын қысты күні қоршар болса, құтылып кету қиын. Арлан қасқырды аңшылардың омбы қарға қамап соғатынындай, патша генералдары да бұдан өш алар кезін дұрыс көздеген екен. «Жоқ, жоқ, олай оп-оңай қолға түсуге болмайды. Батыс Сібір генерал-губернаторы әскер шығарып қысты күні ұстаймын деп жүргенде біз Орынбор жаққа, Кіші жүз жеріне ауысып кетуіміз керек. Ойламаған жерден пайда болған ереуілшілерге Орынбор соғыс губернаторы не қылады? Ол қамданып бізбен айқасқанша қыс та өтер. Ар жағын тағы көрерміз. Мүмкін тіл табармыз. Ұлық атаулының бәрі Горчаков секілді қанішер емес шығар...»
Кенесары дәл осы арада жұртқа бұл ойын ашқан жоқ. Ол Байтабын шапқан малды Ағыбай айлап келе жатқанын, Ожар екеуінің көштен бөлініп жақсы хабарды айтқалы бұрын жүріп кеткенін естіп болды да, жадырай түсіп, тас қабағын қайта ашып:
— Біраз шаруа бітіріп қайтқан екенсің, көп-көп алғыс,— деді,— Ожар осында ма?
— Жоқ, ол жолдағы бір қарауыл аулына бұрылып кетті.
— Неге?
— Онысын айтқан жоқ. Маған жүре бер деді. Шамасы әлі де тың тыңдамақ тәрізді.
Ожардың атын естігеннен-ақ Таймас еліре қалған.
— Қай Ожар?— деді ол кенет сұрлана түсіп.
— Қубеттің Ожары.
— Ол сұм бұл жақта қайдан жүр еді?
— Омбы абақтысынан қашып шығып, Тайжанның қызымен бірге бізге келіп қосылған,— деді Кенесары.
— Марқұм Тайжанның қызы бар ма еді?
— Орыс қолында күңдікте жүрген қызы бар екен. Әкелерінің жолдасы деп Ожарға ерге шығыпты.
— Ә-ә!
— Ожарды неге сұм дедің?..
— Бұл бір ұзақ оқиға... Кенеке, соңынан айтармын,— Таймас Наурызбайдың жігіттеріне қарады.— Тайжанның қызы қайда?
Шеткерірек тұрған жатаған қара жігіт жауап берді.
— Осы ауылда. Анау шеткі ақ отау соныкі.
— Япырмай, ә?..
Бұл кезде күн де батып кеткен. Ымырт үйіріліп қараңғылық түсе бастаған. Кенесары әлденені ойлап сәл тұнжырап тұрды да:
— Байтабын мерген, алыс жолдан қайттың ғой, бір-екі күн демал, сосын маған соғарсың,—деді,— сөйлесетін шаруа бар.
— Құп.
Кенесары ауылға қарай беттеді. Өзге жұрт соңынан ерді. Тек Байтабын ғана орнынан қозғалмай тұрып қалды.
Кенесары ордасына келгеннен кейін Таймаспен екеуі оңаша отырып, ұзақ сөйлесті. Тайжанның жалғыз қызының әкелерін жауға ұстап берген адамның қойнында жатуын екеуі де сұмдық көрді. Кісі жіберіп Алтыншашты ордаға шақыртып алды. Таймас қинала отырып, уылжыған жас бала мінезді Алтыншашқа күйеуі Ожардың кім екенін айтып берді. Бір ғажабы, жас келіншек еңірей жыламады, «мені одан құтқара көріңдер» деп жалынбады. Тек суықтан қалтырағандай дір-дір етіп, тостағандай мөлдір көзінен екі-үш тамшы жас домалап кетті. Осылай қозғалмай ұзақ отырды да, әлден уақытта барып, керегеге көзін аудара шиедей қызыл еріндерін сәл ашып:
— Өзім де сондай бір сұмдықты сезіп жүр едім,— деді.— Ағажан, күмәніміздің бетін аштыңыз. Ал әкем мен Сейтен көкем үшін Ожар әлі маған жауап береді. Оған кегімді жібермеске алдарыңызда ант етемін!
— Қарағым,— деді бағанадан бері Алтыншаштың сұлулығы мен ұстамдылығына таң қалып отырған Кенесары.— Кек алу — еркектің ісі, ақ саусақтарыңды қанға малма! Тайжан мен Сейтеннің құнын өзіміз де аламыз.
— Жоқ,— деді Алтыншаш тіл тартпай,— Көкетайлар, бұл кекті өзіме қалдырыңыздар!
Талдырмаш жап-жас келіншектен Кенесары құр ғана қайсарлық емес, әкелеріне деген бір мөлдір таза сезімді байқап қалды.
— Мейлің,— деді кенет ол,— тек қапы қалып жүрме.
Ал Байтабын мана төбе басында үн-түнсіз отырып қалған-ды. Өткен-кеткенді елестетіп, қиялы көк бетінде жүзген айдай ұзақ кезді. Сұлтан тұқымы қараға қыз бермейді екен, Тіленшінің ерке қызы Дәметкенді Байтабынның әкесі Қожыға қалай бергенін кім білсін, әйтеуір осы ел аузына іліккен жау жүрек әкенің арқасында Байтабын да бұлаң өсті. Сол әкеден он жасында қалды. Содан бері не көрмеді? Он алтысында ат жалын тартып мініп, нағашысы Жоламан батырдың соңынан ерді. Қазір жиырма үште. Осы жеті жылдың ішінде ат үстінен бір түскен жоқ. Талай қанды ұрысқа қатысты. Сан мәртебе ажал деген аш арыстанның аузында болды. Сонда... Осыншама шыбын жанын жүлдеге тігердей бұған не жоқ? Әлде малын, дәулетін, бағын қорғаймын деп жан таласып жүр ме? Жоқ. Бар малы — астындағы жалғыз аты. Дүние-мүлік деген тіпті ныспысымен жоқ. Әкеден қалған қазына — шешесі Дәметкен паналап отырған жалғыз қараша үй. Сонда бұл әлділермен неге жауласады? Байтабынды алыс-жұлысқа айдаған екі арман. Бірі бота көз, оймақ ауыз Ақбөкен. Бүкіл Кіші жүзде ажарына жан тең келмес, айдай толықсыған сұлуды алу үшін Байтабынға құр Жоламан батырдың жиені болу жеткіліксіз. Хор қызын тек періштелер ғана құшады. Ал Ақбөкен секілді сұлуға қол созуға жұрттан асқан дәулетің, немесе көпке әйгілі атағың болу керек. Дәулет оңай қолға түспейді, ал атақ... Ол ер жігіттің өзінің қолынан келер іс. Бақ уысқа сыймағанмен, атақ уысқа сыяды. Жауыңнан жасқанбас батыр болсаң атақтың өзі келеді. Тек дұшпаныңмен алыса біл. Байтабынның әйгілі жан болуын Ақбөкеннің өзі де тілейтін тәрізді. Сол себептен емес пе, бұның қосылайық деген тілегіне Ақбөкен соңғы кезге дейін «Әлі ерте, сен ең болмаса жұрт аузына ілігетіндей халге жет»,— деп келген жоқ па? Қарадан шықса да Ақбөкеннің хан қыздарының арманын көксейтініне бұл жазықты ма? Бала жаста жақсы көрген албырт жүрек қыз көзіне қадірлі болып көріну үшін оны кейде көзсіз ерлікке де жетектеген жоқ па? Әрине сөйтті. Тек соңғы кезде ғана Байтабын қайнардай төңкерілген тұнық көзге көзі түсіп кеткендіктен туған бұл арманның орынсыз екенін, қыз үшін ерлікке ұмтылуы уақ әрекет екенін түсінді. Сол себептен де өзі соңғы уақытта Ақбөкенге өзгеше қарай бастаған жоқ па? Сүйген адамынан ерлік тілеген махаббаттың таза махаббат емес екенін аңғарды емес пе? Әрине сөйтті. Шын жақсы көрген адам бірін-бірі сол тұрған қалпында жақсы көреді. Ақбөкендікі өзгеше арман, өзгеше тілек. Мүмкін бала кезінде Ақбөкен мұны шын ұнатқан шығар. Серғазының ауылынан қашып шыққанында да Байтабын есінде болған шығар, бірақ өзгермейтін жан бар ма, ерлікті, атақты қадір тұтатын қазақ дәстүрі мұны да өзгерткен болар. Оны айыпқа санау қылмыс емес пе? Бұл жалған түсінік кейде жұрт қадірлер есімді ардақтар Ақбөкен түгіл өмір бақи құлдықта өскен, тек жоқшылықпен ғана көзін ашқан адамдарды да өзгертіп жатады. Ал сұлу жанды Ақбөкеннің сүйген жарының әйгілі болуын жақсы көретін Ақбөкеннің бала жастағы сезімнен өзгеруі күнә ма? Күнә деген күнде де оған ренжіп, оған ашуланып, өз өміріңді қор еткенде не түседі? Кім ренжиді, кім жылайды? Қасың қуанып, досың өкпелейді. Тек сені тапқан анаң ғана көз жасын көл етеді.
Ана! Атың қандай жақсы. Байтабынды батырлық жолға салған екінші себеп осы ананың сөзі ананың тілегі емес пе еді? Әрине, солай.
Ие, сол адуынды қара кемпір еді ғой, бұл он алтыға жеткенде, Қожының кәрі кертөбелін алдына тартып: «Қарағым, ел шетіне жау тиді, найза ұстар ер-азамат атқа қонып жатқанда Қожы баласының шешесінің жанында отырғаны келіспес, әкеңнің атын жоқтатпай нағашыңның аулына бар»,— деген. Ие, осы сөзді айтқан сол қара кемпір. Байтабынға осыдан кейін «ана», «ел», «туған жер» деген сөздер бір ұғымда болып кеткен. Оған туған жерін қорғаса — анасын қорғағанмен бірдей. Елінің тәуелсіздігін қорғағаны — анасының тілегін орындағанына пара-пар. Байтабын бертін келе, осы Кенесары тобына қосылғаннан бері ғана өзінің туған халқына, кір жуып, кіндік кесіп өскен жеріне қандай қауіп төнгенін анық білді. Бұл қауіптен тек ел болып тізе қосса ғана құтыла алатынын да түсінді. Ол енді осы ел біткен біріксек деген тілекке шыбындай жанын, бар тілегін бағындырды. Өзге сезімнің бәрін былай тастады. Соның арқасында да Байтабын Наурызбай екеуін жауықтыратын қиянатын кешті. Ер намысын ел намысына жеңгізді. «Қыз махаббаты деген алдыңнан қаша жөнелген қызыл түлкі емес пе, жете алмай қалсаң оған кім айыпты? Халқың зары жүрегіңе шаншудай қадалған шақта, өз ойымдағым орындалмады деп көңіліңді сезімге булықтырғаннан не түседі!?»
Байтабын қиялы енді Ақбөкеннен біржолата сусып, Алтыншашқа ауды. Алтыншашты екі-ақ рет көрген. Бірақ көз алдында пайда болған сурет қараңғы меңіреу түнде адасып жүрген шағында көрінген от тәрізді көңілін серпілтіп тастады. Әйтсе де біреудің қосағы туралы ойлаудың күнә екенін Байтабын жақсы біледі, сондықтан ойламайын деп Алтыншаштың бейнесін өзінен сан қуды. Бірақ онысына ақылға бой бермес қиял деген асау күш көнбей-ақ қойды. Жалғыз қалса-ақ Алтыншаш қасына жетіп келеді, сезімін еріксіз оятып, өзімен бірге бір ғажайып жастық-шаттық дүниесіне ала жөнеледі...
Қазір де Байтабын осындай жағдайда еді. Өзі жерде, қиялы көкте. Ай бағана туған, ел жата бастаған. Осы отырғаным жетер енді деп Байтабын орнынан түрегеле беріп еді, кенет Алтыншаш бейнесі тағы да көз алдына тұра қалды. «Мен келдім ғой, қайда барасың?»— деп күлкіге көмілген күміс тісін көрсете еркелей төбе басынан жібермеді. Байтабын кенет бойын билеп ала жөнелген көңіл дауылын баса алмай, сезім кемесіне мініп, шаттық теңізінде жүзе берді. Жас батыр осындай топ жарып ұлан-асыр қимыл етердей қуанышты жағдайда отырғанда түнгі салқын жел әлдеқайдан көкірегін күйдірген арманына шипа болар бір әдемі үнді жеткізді. Ынтыға тыңдай қалды. Қыз әні. Оқта-текте шыққан дауыстардан төменгі тұста қыз-бозбала алтыбақан теуіп жатқанын Байтабын бағана аңғарған. Бірақ қиялында пайда болған Алтыншашты айдалаға жалғыз тастап кетуге қимай, қыз-бозбала қуанышына мән бермей өзімен өзі болып отыра берген. Ал мынау ән, бұрынғы әндердей емес, жас жігіттің онсыз да лепірген көңілін ушықтырып әкетіп барады. Бұл «Төбе басында неге жалғыз отырсың, мен сені тастап кеттім ғой. Қазір алтыбақандамын, жет жылдам»,— деп бұйырған Алтыншаштың даусы тәрізді. Бұл үн май қарағай тастаған оттай, жүрегіне бір жалын лап беріп, енді отырғызар емес. Ол Алтыншаштың даусын әлі күнге дейін бір рет те естіген емес, ал мынау оған сол Алтыншаштың даусы секілді көрінді. Жүрек солай жорыды. Естіп тұрғаны Алтыншаштың әні екеніне жас батыр енді күмән келтірмеді. Соның үні деп бар сезімі, жаны, тәні ырық бермей «жүр-жүрлей» бастады. Әйтсе де Байтабын орнынан қозғалмай «тек ән бітіп қалмаса екен» деп тыңдаған үстіне құмарлана тыңдай түсті. Дауыс шынында да ерекше еді. Әнші қыздың көмейіне тоқсан бұлбұл қонып алып, толықси сайрағандай. Жалғыз шыққан ән қобыз, домбыра, қурай дыбыстарының бәрінің сұлу ырғағын бір сазға түсіріп тынық түнді әлдилегендей... Қыз үнінен біресе өзінің қызық дәуренімен қоштасқалы тұрғандай қайғы естіледі, біресе жаныңды алмас қылыштай кекке қайрар жігер, ал кей шақта көңіліңе сая болар қуаныш толқиды... Бір адам бүкіл әлемнің бар сұлулық бейнесін өз даусы арқылы өзгеге жеткізгісі келгендей... Ән бірде асқақтап, көкті шарықтай, бір мезет жел құлпыртқан көгал шөптің басындай құлпыра түсіп, немесе жарды ұрған теңіз толқынындай күшейе қарқындап, ал әлден уақытта барып, қара тасты әзер жарып шыққан тас бұлақтай ақырын ғана сылдыр қағып әлсірей, мың бұралып жүз құбылды.
Байтабын енді шыдап отыра алмады, алтыбақан жаққа жүре берді. Ән салған шынында да Алтыншаш еді. Ол бағанағы Кенесары ордасынан шыққаннан кейін, үйінде шыдап отыра алмай, алтыбақанға келген. Жастық деген бір лаулаған жалын емес пе, жүректегі қайғыны да, Ожарға деген кекті де, қорғасындай ерітіп, өзінің ыстық құшағына аймалай қысып, бөтен дүниеге ала жөнелген. Алтыншаш дәл осы сәтте Ожарды ұмытып, құрбы-құрдастарының қуанышына ере, алтыбақан тепті, ән салды. Қайғы көлкіген көңілді қызыл шоқ жастықтың қызуына жеңгізді.
Байтабын қыз-бозбалалардың жиынына жеткен кезде, Алтыншаш алтыбақаннан түсті. Айлы түнде айдаладан пайда болған жас батырды көріп Алтыншаш Байтабынның қасына келді. Ожармен бірге кеткен жігітті бірден таныды. Қуанып қалғандай.
— Сау-сәлемет қайттыңыз ба, батыр?—деді ол Байтабынға жақындай.
Күле қараған Алтыншаш Байтабынға хор қызынан бірде-бір кем көрінген жоқ. Жастық мерейін, сұлу көркін жас батырға әдейі арнап ашқандай, Алтыншаш та айлы түнде бозаңқы тартқан ақ бетін тақай, үлкен қарақат көздері күлім-күлім етеді. Байтабынның жүрегі лүпілдеп, бар денесі күйіп-жанып барады. Бойын билей жөнелген жалын сезімді әзер басып:
— Өзіңіз де амансыз ба, Алтыншаш,— деді,— Ожар аға бір шаруасы болып жолдағы ауылда қалды.
Келіншек сылқ-сылқ күлді.
— Ағаңыз туралы қам жемеңіз. Жолын тауып қайтар... Мен сіздің сау-саламат келгеніңізге қуаныштымын... Жүрегім тым алаңдаулы еді.
— Неге?—деді Байтабын сөз астарына түсінбей.
Бұл кезде Байтабынды қоршаған қыз-келіншектер қайтадан алтыбақанға қарай беттеді. Алтыншаш пен жас батыр аз уақыт оңаша қалды.
— Неге деріңіз бар ма,— деді күрсініп Алтыншаш,— жаныңыздағы серіктеріңіз маған қауіпті көрініп еді.
— Япырмай, сіз де солай ойлап па едіңіз...
Алтыншаш пен Байтабын сөйлесе келіп бірін бірі енді шын танығандай.
Бойды билеген асау сезім қоя ма, таң сыз беріп келе жатқан шақта, ауылға қайтқан қыз-бозбаладан ебін тауып бөлініп, бұлар кейін қалды.
Бір апта өте, шықтана бастаған қалың көденің арасында, екі жас бірін-бірі аймалай құшақтап, жастық мауықтарын басты.
Күміс кеседей боп жарқырай туған Шолпан жұлдызы, сендер де мен тәрізді әлем бетінде жарқырай түсіңдер дегендей, құмар құшағындағы екі жасқа алыстан жымың қағып қарап тұрды.
Байтабын бұл қылығын жүрегімді өртеген ләззат қуанышының қалауы десе, Алтыншаш қастасқан еріме деген кектің алғашқы қайтуы деп ұқты.
Осы бір бақыт түнгі кездескен екі албырт жүректің жібек жіптей нәзік сезімдері бірте-бірте үлкен махаббатқа айналды.
Ертеңіне, ел жатқан кезде Байтабын мен Алтыншаш осы арада тағы кездесті. Арғы күнгі түндері де осылай өтті. Ожар келе қоймады. Біріне бірі құмарта түскен екі жас, аңдыған көз бар екенін аңғармады. Күнде ел жата Алтыншаштың қара шапанын жамылып қара түнде сай бойына баратынын және оның таң сыз бере қайтатынын Ожардың оң көзі мен сол көзі Сәмен байқап қалған. Ләззат қуанышына беріліп, тас қайнардай ыстық қандары бұлқысып ойнаған екі жас мұны сезбеген. Күндегі кездесетін уақыттарын аңсай күтумен болған.
Сөйтіп жүргенде арада он шақты күн өтіп кетті. Байтабын бүгін де дағдылы әдетінше сайға барып Алтыншашты күтті. Бірақ келіншек келмеді. Түн ортасы да ауып кетті. Ожардың әлі қайтпағанын білетін Байтабын, таңға жуық қалғанда «Алтыншашқа не болды?» деп шыдай алмай ұрлана келіншектің үйіне қарай беттеді. Үй маңында суытқан ат, не болмаса түнде келген көлік көрінбейді. «Ожар әлі оралмаған екен» деп өз ойына сенген Байтабын ақ отаудың іргесіне етпеттей жатып, үй ішіне құлақ салды. Аздан кейін ол әйелдің талмаусыраған, қиналған даусын естіді. Бір сұмдықтың болғанын жүрегі бірден сезді. Атып тұрып, есіктің ішінен ілген тиегін жұлып түсіріп, үйге кіріп келді. Байтабынның бірден көргені, қара көлеңке үйдің ортасында теріс қарап тұрған Ожар болды. Білегіне дейін сыбанып алған. Оң қолында жүзі суық ақ қанжар. Анандай жерде тобылғы сапты жуан өрімді қамшы... Аяғының астында, үстіндегі көйлегі пара-пара болған, ұзын қолаң шашы үйдің тең ортасына дейін жайылып, аппақ денесі қан-қан боп етпетінен Алтыншаш жатыр...
Ожар әнеукүні Байтабындардан әдейі бөлініп қалған. Ол Таймастың бүгін-ертең келетінін білетін. Таймастың Сейтен екеуінің сөзін естіген-естімегеніне көзі анық жетпейтін-ді. Сондықтан бір сыбыс білінгенше бой тасалағанды жөн көрген. Хабардар болып тұруды Сәменге тапсырған. Көрші ауылдың қыстауында тығылып жатқан Ожарға сазды жердің сары жыланындай сыбдырын білдірмей жүрген сары жігіт әнеукүні Кенесары мен Таймастық Алтыншашты шақырғанын, Алтыншаштың олардан қатты жүдеп шыққанын, ал қазір Байтабынмен көңіл қосып жүргенін жеткізген. Ожар өзінің әшкереленгенін түсінген. Бірден Қоңырқұлжа аулына қайтып кетуге Алтыншашқа деген ашу тұсау бола берген. Жансыз келіп оны өлтіріп, Кенесары жасағынан біржолата қашуды ойлаған. Сол тілегін орындауға атын сайдың ар жағына тастап, ел әбден ұйқыға кіргенде ұрлана үйіне келген. Бұл кезде Алтыншаш жаңа ғана Байтабынға жетпекші боп киініп жатқан-ды. Қатыны оңашада қолға түскен Ожар, оған төсегінің ірге жағына тығып қойған қанжарын алуға мұрша бермей, іштен теуіп бірден есінен тандырып тастаған. Содан кейін Алтыншаш көзін ашқан кезде аузына орамал тығып үнін шығартпай, Тайжан мен Сейтенді қалай ұстап бергенін естіртіп, «Байтабынмен ойнас болдың» деп қамшының астына алған. Ол Алтыншашты енді қанжармен бауыздамақ боп тұрған мезгілінде үйге Байтабын кіріп келді. Мұны күтпеген Ожар, артында тағы кісілер бар ма деп қауіптеніп сәл кідіріп қалды. Осы кідіру Байтабынға жетті, ол атылған арыстандай секіріп барып, Ожардың қолындағы қанжарын жұлып алды. Содан кейін екі батыр жігіт арыстан мен жолбарыстай айқаса кетті. Байтабынның қолы Ожардың тамағына бұрын жетті. Ожар қанша бұлқынғанмен, құрыштай берік қарулы қол босатпады. Қос қолымен Ожардың өңешін қысқан қалпында Байтабын қатты да қалды. Тынысы тарылып, бойынан қуаты қашқан Ожар әлден уақытта Байтабынның кеудесінен итерген қос қолын босатып жіберіп, опырылған томардай дүңк ете құлады. Байтабын Ожардың өңешін сол қолымен қыса түсті де, оң қолымен жерде жатқан қанжарды алып, нақ жүрек тұсынан құлаштай ұрып сабына дейін кіргізді. Ентіге демін алып аздан соң орнынан түрегелді. Ол енді ұшып барып Алтыншаштың аузына тыққан орамалды жұлып тастап, кеудесіне қолын салды. Талықсып жатқан келіншектің жүрегі баяу соғуда екен.
Осы кезде адыр басына қызғылт нұрын шашырата төгіп көкжиектен күн шеті көріне бастады. Аздан соң өрісі кең, шалғыны мол дала тойға дайындалған қыз» келіншектей, қызылды-жасылды жаз аяғының гүліне бөленіп, салтанатты сәнімен шыққан күнді қарсы алды. Мөңіреген сиыр, маңыраған қой, оянған ауыл өзінің әдеттегі тіршілігімен жаңа ғана тыныш жатқан даланы у-шуға бөледі.
Енді Байтабын ауылдың үрейленген қатын-қалашын, мал өргізуге ерте оянған кәрі-құртаң кәрия-ақсақалдарын соңынан ерте, қанға боялған Алтыншашты жас балаша екі қолымен бауырына қыса құшақтап ұзын қара шашын жерге шұбалта, Кенесарының ордасының қасына келді.
Сергек ұйықтайтын сұлтан даладағы у-шуды естіп, сырттағы күзетшілердің хабарын күтпей, иығына қара құндыз ішігін іле сала асыға үйден өзі шықты.
— Батыр,— деді Байтабын тізе бүгіп, Алтыншашты қолынан түсірмей,— басымды алсаң мінекей, мен жаңа өз қолыммен Ожарды өлтірдім. Жазығы болды.
Кенесары сәл ойланып қалды. «Ожардың бөтен де жазығы бар. Өлтіргенің дұрыс болған. Бірақ, сен де маған борыштар болуың керек».
— Жақсы, Байтабын, кештім бір күнәңді,— деді сұлтан әлден уақытта.
— Егер ол күнәмді кешсеңіз,— деді Кенесарының бетіне тіке қарап, қуанышын әзер жасырып Байтабын,— Арқадан таңдаған қызыңды беремін деген уәдеңіз бар еді. Таңдағаным осы Алтыншаш болсын, қиыңыз маған.
— Қидық, Байтабын.
Адам баласының сан алуан киын жағдайына еті үйренген Кенесары, Алтыншаштың мұндай күйге қалай жеткенін сұраған жоқ, Байтабынның тілегін орындады да, қайтадан ордасына кіріп кетті.
Алтыншаш екі жетіден кейін жараларынан айығып, төсегінен басын кетерді. Терісаққан мен Ұлытау маңын жайлаған қалың Алтай, Қарауыл, Тарақты, Тортуыл, Қозған, Бағаналы болып жиналып Алтыншаш пен Байтабынды ұлан-асыр той жасап қосты. Ат шаптырылып, балуан күрес те болды. Бұл тойға жорықтан қайтқан Ағыбай, Жекебатыр, Жанайдар, Құдайменді, Бұқарбай — қатынасты. Тойды Кенесары өзі басқарды.
Кенесары кей жағдайдан «Көппен кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген ескі қағиданы ұмытпайтын. Бұл оған тек дұрыс шешім табуға ғана емес, алда-жалда түскен жолдары қауіп-қатерге апарып соға қалса, жалғыз өзі айыпты болмас үшін керекті еді. Бұл жолы да сөйтті. Той біткен түні жасырын кеңеске үзеңгілес серіктерін, өзіне бағынышты ру басшыларын шақырды, Оларға Кіші жүздің жеріне көшудің керектілігін айтты. Ақылдарын сұрады. Жиналғандар, қара бұқараға туған жерден кетудің қиын екенін түсінсе де, бөтен лаждары болмағандықтан, күз көшуге көнді.
Кенесары мәжілісті бітіріп далаға шыққанында таң құланиектеніп атып қалған екен. Бірақ той әлі тарамапты. Төменгі сайдан қыз-келіншектердің, бозбалалардың алтыбақан теуіп жатқан дабырлары, күлгендері, сөйлегендері тынық түнде сампылдап естіліп тұрды. Кенет бір қажырлы дауыс ырғақты әнді шырқай жөнелді. Кенесары тыңдай қалды.
Ұшар көлің, сағынып қонар көлің,
Әрқашанда, ер жігіт, туған елің.
Соның ғана жүрегін тебірентер
Қуанышың, шаттығың, қайғы-шерің...
Оны тастап кеткенде алыс жаққа,
Созған қолың жетер ме атақ, баққа?
Қанша жүйрік болсаң да, өгей жердің
Өз шабысы саналар арғымаққа...
Өлең дәл өзіне арналғандай, Кенесары кенет тұнжырап кетті. «Иә, өз еліңде, өз жеріңде сенің құның бөлек. Ал бөтен жақ бұны қалай бағалайды? Көсеміміз деп соңынан ере ме, жоқ па? Шақыруын шақырса да, бұларды әлі Жоламан қалай қабылдайды? Өз елі, өз жері...»
Демек, «Тәуекел, не болса да барған соң көрерміз!» дегендей, Кенесары қолын бір-ақ сермеді де, өз ордасына қарай беттеді.
Осы тойдан екі апта өткен соң, жапалақтап ең алғашқы қар жауа бастады. Дәл осы кезде оңтүстікке құлағы тігулі сұлтан Қаратауда ата-мекен жеріне ие боп қалған азғантай Қоңыраттан бір жылы хабар алды. «Мәделіхан өгей шешесі Ханпадшайым сұлуға үйленіпті. Ташкентке көзін тігіп жүрген Бұхар әмірі Қоқан ханының бұл шариғатқа жатпайтын күнәкар ісін шіркеу етіп Мәделіханға бүкіл мұсылман қауымын қарсы қоймақ әрекетіне кірісіпті. Сірә, бұл айқас түбі соғыспен бітетін шығар» деген. «Үр-рит соқ, үр-р-рит соқ, соқ! — деді екі өзбек төбелессе азбан қошқарлардай маңдайлары жарылмай тоқтамайтынын білетін Кенесары ішінен,— егер Бұхар мен Қоқан соғысар болса бірін бірі әлсіретпей қоймайды. Міне дәл сол кезде Қоқаннан бүкіл Сыр бойын бөліп алуға болады. Бірақ өйту үшін өзің де күш жинауың керек. Ал күшті Кіші жүзсіз жинай алмайсың».
Кенесары осындай шешімге келді. Ол маңайына жиналған қалың әскерін жаз шыға табысармыз деп ауылдарына таратты. Өзі үш жүз төлеңгіті мен қасына ерген бес батырын алып, күздің қар аралас қара суығында Торғай мен Ырғыз бойындағы Кіші жүз бен Қыпшақтың жеріне қарай көшті.
ҮШIНШI БӨЛІМ
I
Орынбор әскери губернаторы граф Василий Алексеевич Перовский, жұмсақ орындыққа шалқая түсіп, көгілдір көзін сәл жұмып, кең маңдайын ұзын саусақты сол қолымен сипай тағы да ойға кетті. «Батыс Сібір губернаторының қарамағынан көшіп келіп Кіші жүз ереуілшілеріне қосылған Кенесары сұлтанмен тіл табуға қалай мәжбүр болып еді?.. Ие, ие, ол кезде помещиктердің тепкісіне шыдай алмаған Орынбор өлкесінің басыбайлы қарашекпендері мен казак-орыстардың түгелдей патша үкіметіне қарсылық көрсеткен қозғалысы басталған еді ғой. Ол аз болғандай Арқадан Кенесары келіп Елек, Ырғыз, Торғай бойындағы қазақ ауылдары тегіс ереуілге шықты емес пе... Орынбор екі оттың ортасында қалмады ма. Екі отты бірдей сөндіруге күш жетпеген соң, амал жоқ, қазақ ереуілшілерімен тіл табуға мәжбүр болған жоқпыз ба?.. Онда да біз емес, алдыменен Кенесары сұлтанның өзі бітім сұрады емес ие? Ие, ие, өзі сұраған. Қалай деп жазып еді ол сонда хатында?» — Василий Алексеевич елуден асып кеткеніне қарамастан, жас жігіттерше орнынан ұшып түрегеліп, сұңғақ бойын тіп-тік ұстап, аяғын сыптай басып бұрышта тұрған темір шкафтан бір папканы алып ішіндегі қағаздарды қарай бастады... «Міне, міне осы қағаз... Бір мың сегіз жүз отыз тоғызыншы жылы яғни қазақша Доңыз жылының наурыз айы делінген». Перовский енді аузын жыбырлатып оқи бастады —«Атамыз Абылай ханнан бері біз орыс жұртшылығымен бір туысқан адамдай тату-тәтті өмір сүріп келе жатыр едік, тек Сібір губернаторының адамдары маза бермегендіктен, амалсыз соғысуға мәжбүр болдық... Ал сіздің жеріңізге келуімізбен еш уақытта да Россияға қас болмағанымды айтқым келеді, және менің осы сөзімді жоғарғы жаққа жеткізуіңізді өтінемін»... Граф қағазды былай қойып тағы ойлана қалды. «Россияға қазақтарды бағындыруда менің саясатым әуел бастан-ақ князь Горчаковтікінен өзгеше болатын... Өлке бойынша көтерілген орыс мұжықтарының қимылын еске алып, мен қазақтарды князь секілді қылыштың күшімен емес, бейбіт жолмен бағындырған жөн деп білгем, сондықтан да Кенесарының өткен күнәсына кешірім сұрап, жаңағы хатының көшірмесін Соғыс министрі Чернышев пен вице-канцлер Нессельроде мырзаға жіберген едім ғой,— Перовский алдындағы папканы тағы ақтара бастады.— Сол ресми хатым мына қағаз ғой. «Мәртебелі мырзалар, ереуіл ұйымдастырып бас көтерген Қасым ұлы Кенесары сұлтанның осы жіберіп отырған хатынан, егер патша ағзам оған кешірім істесе, Оның бізге мойын ұсынып бағынатынын өздеріңіз де көріп отырсыздар». Ие, осы хаттың аяғында бұдан былай қарай Орынбор жеріне көшіп келген қазақтардың ісіне Сібір генерал-губернаторының кіріспеуін өтінген едім мен. Солай деп князь Горчаковқа Соғыс министрі бұйрық та берген. Бірақ ол бұйрықты князь қалай қарсы алды? Князь ашуға мініп маған хат жазған»...— Граф ақырын езу тартып күлімсіреді де Горчаковтың хатын тауып алып оқи бастады.—«Орынборға жататын қырғыз-қайсақтарды басқару осы уақытқа дейін менің ойламаған ісім. Бар мақсатым Кенесарының қанқұйлы тобырынан өз генерал-губернаторлығымды аман сақтап қалу болатын. Қырғыз-қайсақтарға көне замандағыдай бостандықтарыңды қайтарып әперем деп сендіріп, өзінің ел тонаушылығын бүркей білген Кенесары бүліншілігінің қаупі күшті. Осы себептен, оңай мал табудан гөрі, ескі замандағы еркіншіліктерін қайтарып алуды арман етіп, оның соңынан ергендер көп».
Граф тағы ойлана қалды.
«Орынбор Омбы емес. Мұнда орыс оқығандарының демократшыл тобы бар. Көтерілген халықты Горчаковтай қанға батырсам, сол өзім сыйласатын, кейде пікірімен санасатын орыс оқығандары не айтады? Олардың да ойын еске алу керек. Түркістан тарихы жөніндегі еңбектерімен әйгілі болған, өзіммен бірге жұмыс істеп жүрген В. В. Вельяминов-Зернов, орыс түсінік сөздігін жасаушы В. Даль қазақтардың Россия империясының қол астына кіруі түбі прогресшіл жол, сондықтан оларды қарудың күшімен емес, ақылмен бағындыру керек деген пікірде емес пе... Бұл ойды осы Орынбор шекара Комиссиясының бастығы боп көп жылдан бері қызмет істеп келе жатқан генерал-майор В. Ф. Генс те қолдайды. Әйтсе де осы генерал-майор қызық адам, өзі Россия патшалығына бағынбадың деп қазақтарға қарсы соғысады, сөйтіп жүріп олардың жетім балаларын үйіне жинап жетімхана ашады. Және, жұрттан жасырып қазақтардың тарихы мен этнографиясы жөнінде еңбек жазады. Бұлар аз болғандай Орынборға айдалып келген поляктың белгілі азаматтары да халықты қырғаннан гөрі ақылмен көндірген жөн дейді. Осындай ойларын Мицкевичтің жан аяспас досы, Орынбор музейін ашқан Томаш Заң да, шекара комиссиясында қызмет істейтін дарынды ақын И. В. Виткевич те еткен жылы өзімен келіп ашықтан-ашық айтты...
Қарамағымдағы қазақ елін қанға батырып, ереуілін басқанда көңілдес сырластарым, Петербургтағы белгілі орыс әдебиетшілері не айтады? Өзімнің бауырым, белгілі жазушы Антон Погорельскийдің бетіне қалай қараймын? Бәрі де қан төгуді жек көреді, менен бірден безбей ме?»
Петровский тағы да тұнжырай қалды.
«Әйтсе де мен өз ойлағаныма жеткен едім. Россия патшалығы мен қазақ елінің арасындағы қайшылық қай түрде бітетінін Кенесары да, мен де анық білмегенмен, әзірге қан төгіс шабуылды екі жақ бірдей тоқтатқан едік қой... Батыс Сібір шекарасындағы анда-санда бұрқ ете қалатын жанжалды есепке алмасақ, Орынбор шекарасындағы бекіністер мен казак-орыс станцияларын шабуын Кенесары біржола тоқтатты десе де болады... Оның есесіне патша ағзам өткен қырқыншы жылы Кенесарының бар күнәсын кешіріп, амнистия берді... Және айдалып, сотталып кеткен туған-туыстарын тегіс қайтарды...»
Граф бірдеме ойына түскендей орнынан түрегеліп темір шкафтан екінші бір папканы алды.
«Ие, ие, патша ағзам менің тілегім үшін өзінің бұрынғы указын бұзған жоқ па еді? Ол указда...»
Перовский Указға көз жүгіртіп оқи бастады. Бұл Бірінші Николай патшаның бір мың сегіз жүз отыз сегізінші, қазақша Ит жылы мамыр айының бірінде берген Указы еді. Онда «Қылмыстары үшін арестант роталарына жіберілген қазақтар, мерзімді уақыттары біткеннен кейін де туған жерлеріне қайтарылмай, әскер қызметіне жарайтын сенімділері солдатқа беріліп, ал өзгелері Иркут губерниясына жер аударылсын»,— деген.
«Патша ағзам осы мейірімсіз Указына қарамай,— деді граф ішінен,— Кенесарының ұсталып кеткен туыстарын, Уәлиханның үлкен баласы Ғұбайдолладан бастап босатып берді... Бірақ Ғұбайдолла туған інісі — Құсмұрынның аға сұлтаны Шыңғыстың еліне бармай, Кенесарыға келіп қосылды. Неліктен? Патша ағзамның жақсылығын білмегендігінен бе, әлде өзінің тоқал шешесі, Шыңғыстың анасы Айғанымға деген өштігін ұмытпағаны ма?.. Айғаным демекші, оны осыдан жиырма бес жыл бұрын Петербургта көріп едім ғой... Марқұм Бірінші Александр патшаның туған күнгі тойында... Сол тойға арналған балда сұлулық жағынан Айғанымнан еш әйелдің аспағаны әлі есімде... Оған өзім секілді орыстың жас офицерінің бәрі ғашық болып қалған едік қой». Граф әлденені есіне түсіріп күлімсіреді. «Ие, сөйткен сұлу Айғанымды қасқырдың қаншығындай тас жүрек деп кім ойлаған. Хандыққа өзімен таласқан Уәлидің үлкен әйелінен туған Ғұбайдолланы да, Уәлидің туған ағасы Сартайды да Сібірге жер аудартқан жоқ па?— Перовский тағы күлімсіреді.— Алайда Бірінші Александр патшаның сол тойын өмір бақи ұмыта алмаспын... Жетпіске таяп қалған Уәли өзі секілді кілең ақ шашты шалдармен патша сарайының бір салонында карта ойнап отырғанда, бидің дәл қызу үстінде Айғанымды өз үйіме алып кетіп едім-ау! Ах, жастық шақ, жастық шақ, сен қазір алыстағы ай тәріздісің ғой, сәулең бар, қызуың жоқ...
Ал сондағы марқұм Бірінші Александр туған күнгі балмен, қорғанышым Бірінші Николай патшаның туған күніне арналған кешегі бал айырмасы қандай? Жер мен көктей! Алғашқы балда қылыштың жүзіндей қылшылдаған офицер едім, алдымда мен асатын сан қызық асқар белдер бар болатын, бар болашағым мені күтіп тұр еді ғой... Ал кешегі балда ше?.. Шын қызығы артында қалған кәрілікке бас ие бастаған жан секілді көрінген жоқпын ба, салтанатты сарай бикештеріне... Айғаным тәрізді жас сұлуды оңашаға алып кетпек түгіл, патша ағзамның көңілдесі жезөкше Нинаның әзіліне әзіл қайтара алмай қалдым ғой... Иә, иә, бәленің бәрі осы әзілден басталған жоқ па?.. Сөйтті ғой».
Василий Алексеевич тұнжырай ойға кетті. Расында ол ойланатын жәйттер көп еді. Перовский Қоқанға өзі басқарып барған Доңыз жылғы сәтсіз экспедициясының әуресінен құтылған соң, биыл азырақ дем алып көңіл көтерейін деп жазғытұрым патша ағзамның рұқсаты бойынша Петербургке келген. Жастық шақ еткен жердің ыстықтығы қандай, осы тамаша астанада үш-төрт ай серуендеп қалған. Енді қайтам деп тұрған кезінде патша ағзамның бір қызының туған күні болып, соның балына қатынасқан. Балда қыдырып жүріп Бірінші Николай императоры мен оның көңілдес әйелі, Петербургтың соңғы кезде ауызға іліне бастаған сұлуы Нина Макеевскаямен кездесіп қалған. Амандасып болғаннан кейін сайқал Нина:
— Ах, патша ағзам, сіздің маған берген уәдеңізді орындамауыңызға Василий Алексеевич те кінәлі ғой деп ойлаймын,— деп күлген.
Патша сарайы әйелдерінің мұндай сөзді астарсыз айтпайтынын білетін Перовский дереу:
— Ғафу етіңіз. Егер мәртебелі патша ағзам уәде берген болса, ол уәдені орындау үшін Орынбор өлкесінің әскери губернаторы граф Перовский өз жанын пида етуге бар,— деп басын иген.
— Онда қалай болғаны?— Сұлу Нина сиқырлана күлген,— патша ағзам маған осы тойға көйлектікке бұхар дүриясын алдырам деп арнаулы керуен жібереді. Ал ол керуенді Ташкент түбінде соғыс ашқан сіздің Кенесары сұлтаныңыз тонайды... Бұл айып емес пе?
— Ол мүмкін емес. Кеше ғана хабар алдым. Бесінші сентябрь күні Кенесары сұлтан өзінің Торғай өзенінің жағасындағы ордасында болатын.
— Орынбордан Арал теңізінің жағасына дейін екі ай жүретін тек орыс генералдары ғана,— деген Николай патша кекете, сәл қабағын шытып. Бұнысы Перовскийдің Хиуа хандығына қарсы отыз тоғызыншы жылы шығарған экспедициясының Арал теңізінің жағасына екі айда әзер барғанын бетіне салық ету,— ал қырғыз сұлтандары Торғайдан төрт мың әскермен жеті-ақ күнде Созаққа жетеді екен.
— Ғафу етіңіз, патша ағзам, мен сіздің қалжыңыңызға түсініп тұрғам жоқ.— Перовский басын ие түскен.
— Қарамағындағы қырғыздардың не істеп жатқанын патша генералдарынан емес, генералдары патшасынан білетін болған екен бұл бақытсыз Россияда.— Николай патша қабағын түйе түскен.— Білмесеңіз айтайын. Сіз қорған боп жүрген Кенесары сұлтан осы жылы жетінші сентябрь күні өзін хан деп жариялап, соның құрметіне бір жетіден кейін Қоқан хандығына қарсы Ташкент түбінде соғыс ашқан.
— Бекер болар...— деген Перовский сенерін де, сенбесін де білмей. Өйткені жақында ғана өзінің орнында қалған генерал-майор Генстен хат алған. Хатында ол адъютанты Герннің Кенесары ордасынан бірінші сентябрьде қайтқанын жазып «Ол жақта бәрі тыныш, Кенесары бітімнің ең соңғы шешімін күтіп жүр» деген.
— Бекер? Ғафу етіңіз, қадірлі Василий Алексеевич, бүгін ғана Қоқан ханы Шерәліден шабарман келді,— Николай патша соңғы кезге дейін өзінің сүйеп жүрген губернаторын біржолата жермен-жексен еткісі келмеді. Енді ол жүзіне сәл шырай берді,— осы уақытқа дейін князь Горчаковтан гөрі граф Перовскийді жақын санасақ онымыз Кенесарыны сіз хан етсін дегеніміз екен деп түсінбеңіз. «Бір патшалықтың ішінде екінші патшалық болуға мүмкін емес». Және Индия, Ауғанстан, Орта Азияда ағылшындар мен біздің тілегіміз қарама-қарсы келіп отырғанда, Бұқар, Қоқан, Хиуа хандықтарымен сауда-саттықты, қарым-қатынасты бұзу Россия империясының саясатына жатпайды. Мұны да ұғыңыз. Демек, Кенесары әңгімесін бітіретін уақыт жетті. Әр губернатор өз бетінше саясат жүргізуден ештеңе өнетін емес. Сондықтан мен бүгін Чернышев мырзаға Сібір мен Орынбор губернаторлары тізе қоса отырып, биыл жазда Кенесары қозғалысын біржолата құртатын болсын деген бұйрық бердім. Егер бұл міндетті орындай алмаймын десеңіз...
— Бәрін де түсіндім,— деп Перовский басын ие түскен.
— Түсінсеңіз, көп кешікпей Орынборға жүріп кетерсіз деп ойлаймын.— Патша ағзам басын изеп қоштасты да, енді кідірмей, қасындағы сұлу келіншекті қолтықтап кете барған.
Нина Макеевская Соғыс министрі Чернышевтың Николай патшаға жақындастырған әйелі екенін граф білетін. Ал сол Чернышевтың көптен бері Перовскийдің орнына артиллерия генерал-майоры Обручевті қойғысы келіп жүргенін де сезетін. Тек патша ағзамның өзі Перовскийді сүйейтін болғандықтан «ауыстырайық» деуге бата алмайтын. «Чернышев ойлаған мақсатына жақындап қалған секілді-ау» деді граф ішінен, патша ағзамның сөзінен өзіне көз қарастың өзгере бастағанын сезіп, «бір қатынға көйлекке деген торқаның мезгілінде келмегені үшін бір елдің тағдыры өзгеше шешілуі керек».
Перовский сол түні таң ата-ақ Орынборға аттанған да суыт жүріп кеше жеткен. Келген бетінде-ақ Генстен болған уақиғаның анығын білген. Бүгін қолданар шараны шешпек.
Кенесары қозғалысын басуды ақылдаспақ болған Перовский қарамағындағы аға сұлтандарға «тез жетсін» деп ат шаптырған. Ал барлық жағдайды толық баяндауды генерал Генске тапсырған. Әскери губернатор бұл баяндамаға бір тәулік қана уақыт берген. Қазір сол генерал Генсті күтіп отырған жайы бар.
— Әскери губернатор мырза,— деді есікті ашып хатшы-адъютанты аққұба келген бала жігіт,— генерал майор мырза келді.
— Кірсін.
Ұзын бойлы, қошқар тұмсықты, ойлы, үлкен көзінде алтын пенснесі бар, әскери адамнан гөрі оқымыстыларға көбірек ұқсас Генс үйге кірді.
Графтың кабинеті Горчактың кісі қабылдайтын бөлмесіндей далиып жатқан сұсты болмаса да, төрт бұрышты әжептәуір кең зал. Стол тұсындағы патша ағзамның суретінен бөтен әскери губернатор құрмет тұтатын Суворов, Кутузов секілді атақты орыс қолбасшыларының ғана бір-екі тас мүсіндері бар. Жұмсақ орындықтар, дивандар бәрі алтын түстес сары барқытпен тысталған. Қабырғада Орынбор өлкесінің үлкен картасы. Бөлме іші толған кітап. Бұрыштағы шкаф ішінде де, стол үстінде де кілең былғары тысты жуан шығармалар...
— Жақсы жатып, жәйлі тұрдыңыз ба, Василий Алексеевич,— деді Генс қол беріп амандасып, бұл екеуі көптен келе жатқан әріптес, серіктес адам болғандықтан араларында бәлендей ресми тәртіп сақтала қоймайтын,— жол соғып тастаған жоқ па екен?..
— Жол соққанмен төсекте рахаттанып жататын кез болып тұр ма?— Перовский езу тартып күлді де, тез орнынан түрегеліп, қабырғада картаның алдына барды.— Уақытты босқа өткізбейік, генерал мырза, сіз маған алдымен Кенесары сұлтанның қарамағындағы елдің қайсысы қай жерде, соны көрсетіңізші.
Генс бұрышта тұрған көрсеткіш таяқты алып сөйлей бастады.
— Бұл жаққа Кенесарының соңынан көшіп келген Ақмола және Қарқаралы округтерінің Әлке — Байдалы, Тыналы — Қарпық, Алшын — Жағалбайлы, Қаракесек, Айтқожа — Қарпық, Төбе — Темеш болыстары Қарақұм мен Аққұмның төңірегіндегі мына жайылымдар мен Жыланшық өзенінің Торғайға құятын сағасына орналасты. Ал Баянауыл округінен келген Қозған, Қойлыбай — Шағыр, Қаржас, Малай — Қалқаман болыстары мен Ақмола округінің Тыналы — Қарпық, Торайғыр — Қыпшақ болыстарының қалған ауылдары Бағаналы руымен қосыла, мына Қара Торғай өзені бойына жайласты. Осы Қара Торғайдың жоғарғы тұсында, жұрт «Орда тіккен» деп атай бастаған жерде Кенесарының өзінің аулы тұр. Отыз сегізінші жылы Кенесарымен бірге көтерілген Орта жүздің Атбасар дуанына жататын мына Арғынаты Ұлытау, Терісаққан, Қайрақты, Шойынды көл, Ақ көл маңын жайлаған қалың Алтай — Әлке, Алтай — Байдәлі, Төбет — Темеш, Тыналы — Қарпық, Айтқожа — Қарпық, Қойлыбай — Алтай, Алшын — Жағалбайлы рулары біздің жеріміздегі Алшынмен бірігіп кетіп отыр. Міне көрдіңіз бе, қанша жер екенін? Генс картаның дәл ортасын қомақты етіп бір ойып өтті,— бұған мына Жайықтың күншығыс жағындағы Жем, Елек, Ырғыз өзендері мен Жыланды, Мұғажар тауларының бауырын қоныс еткен Кіші жүздің Табын, Тама, Шықылық, Шөмекей, Шекті, Төртқара руларын қоссаңыз ереуілшіл сұлтан қарамағында Франция мен Италияға пара-пар бір хандық ел болады.
Перовский картаға ойлана көз тастады.
— Таң қалам,— деді ол сәл кідіре,— жайшылықта аулы бір қонып ететін жерге таласатын қазақ рулары, Сібірден қаптай кешкен осыншама елге қалай қоныс берді?
— Расында, бұл таң қалатын жағдай,— Генс ойлана жауап қайырды.— Кенесарының күші де осында емес пе? Ол Россия империясының отаршылық саясатын өмір бойы бытырап жүрген қазақ руларының басын қосуға пайдалана біліп отыр.
— Сондықтан да оны қазақтар хан сайлады демексің бе?
— «Кенесарыны жетінші сентябрь күні хан көтеріпті» деген хабарды үш күннен кейін мен де естідім. Сіздің атыңыздан арнаулы кісі жіберіп «бұл рас хабар ма?» деп сұрақ салғанымда Кенесары: «бекер деп жауап қайырды. Бұл сөзге мен сендім. Өйткені «Үш жүздің адамдары Кенесарыны ақ кигізге көтеріп хан сайлапты. Торғай бойында ұлан-асыр той болып жатыр», — деп Қоқан бейқам отырғанда ол төрт мың әскермен бір жеті өтпей Созақтан бір-ақ шықты. Сонысына қарағанда «Кенесары хан болыпты» деген сөз қулығы ма деймін. Не болса да анығын Герн мырза біліп келеді, ол алдыңғы күні жүріп кетті.
— Бар қазақтың басын қосатын ханың болдым демесе Созаққа неге барды?
— Торғай правителі Ахмет Жантөрин: «Кенесары Созаққа өз бетімен барған жоқ. Ташкент құшбегіне қарсы бас көтерген Сыр бойын жайлаған Шөмекей, Төртқара, Тама рулары оны Қоқан хандығынан құтқаруды сұрап шақырып отыр» дейді. Ал Сібір Таможный округінің бастығы: «Кенесары Қоқан жеріне соңғы аласапыран кезде көшіп кеткен Россияға бағынатын қырғыз ауылдарын қайтарып әкелуге өтті» дейді. Егер бұл хабарларға туған әкесі Қасым төрені Қоқан ханы мен Ташкент құшбегісінің өлтіргенін еске алсақ, Азия елінің дәстүрі бойынша Кенесарының жау жұртын шабам деуі таң қаларлық іс емес.
— Кенесарының туыстарын өлтірген Мәделіхан мен Ташкент құшбегі Бегдербек, Ләшкәрлар қазір жоқ. Онда Мәделіханның інісі момын Шерәліхан. Ол бізге дос.
Мәделіхан баяғы Ташкенде тоқал шешесімен кездескеннен кейін, бір жыл өтпей үйленген болатын. Бұнысын кәпір ісі деп «Қасапшы Нұрасулла» атанған Бұхар әмірі, биылғы жылы көп әскермен кеп Мәделіханды бауыздап, ал сұлу Ханпадшайымның күнтимесіне қорғасын құйып өлтірген-ді. Граф соны айтып тұр.
— Бұқар мен Қоқан хандығының арасындағы қастықты пайдаланып, Кенесары елін босатып аламын десе, осы кез ең ыңғайлы кез. Кенесарының қимылы осыны көрсетеді... Ал ол Бұхар, Қоқан, Хиуа хандарының бірінің де қол астына кіргісі келмейді. Олардың қазақ халқына жандары ашымайтынын, өзін «бізге кел» деп шақырса, хандықтарын Россиядан қорғайтын алдыңғы шеп етіп пайдалануды ғана көздейтінін Кенесары жақсы біледі. Сондықтан да алдыңғы жылы октябрь айында Мәделіхан көп сыйлықпен әдейі кісі жіберіп, Қоқан хандығына көш дегенінде, Кенесарының көнбей қалғаны өзіңізге аян. Ол Хиуа ханы Аллақұлға да көнбеген. Бұл жағдайлар туралы біз октябрь айында граф Нессельродеге арнаулы хат жазғанбыз...
— Бәрі дұрыс. Кенесарының Қоқан, Бұхар, Хиуа хандарының қарамағы түгіл, Россия империясының да қол астына кіргісі келмейтінін білемін. Оның ойы Россия берген тыныштықты пайдаланып, Қоқан қарамағындағы қазақтарды өзіне қосып алу. Сөйтіп барып қазақ хандығын құру... Шамасы келсе Хиуа ханына қарсы шығып жүрген Көтібардың Есетін де өзіне ерту. Бірақ Есет те, Сыр бойының батыры Жанғожа да Кенесарының қол астында болғысы келмейді. Олар «Ортақ өгізден, оңаша бұзауды» жақсы көреді. Кенесарыға Кіші жүздің бәрі бірдей қосылмай отыруына да осы себеп...
— Жанғожа бұл жолы Кенесарымен тіл тауыпты. Әйтпесе бес мың әскері бар Созақ секілді күшті бекіністі, Кенесары екі мың әскерімен қалай алсын...
Перовский Генстің сөзін бөліп жіберді.
— Патша ағзам төрт мың әскермен аттаныпты дейді ғой Кенесарыны?
— Онысы рас. Бірақ мынау Шұңқыр құдық түбіне ат шалдырған әскерінің арасында дизентерия ауруы пайда болып екі мыңдай жауынгері ұрысқа қатынаса алмапты. Оның орнына Жанғожа батыр екі мың әскерімен келіп қосылыпты.
— Сөйтіп олар Созақты алып па?
— Алуға таяу дейді. Бүгін ұрыс басталғанына он күн.
— Ғажап,— деді Перовский,— зеңбіректі, бес мың әскері бар мықты бекіністі Кенесары төрт мың атты әскерімен қалай алмақ?
— Қиянат көріп қорланған жұрт қашан да болса тәуекелшіл келеді. Бірі онға татиды. Оның үстіне Кенесары секілді тәжірибелі қолбасшысы болса...— Генс ойға шомғандай сәл кідірді,— Кенесарының Созақты алатыны сөзсіз. Бекініс қабырғасына шығатын жүздеген баспалдақ істетіпті. Ол баспалдақпен өрмелейтін батырлар қазақ жігіттерінің арасында қашан да болса мыңдап табылады.
— Сөз жоқ, батыр халық!— деді Перовский,— тек бастары бірікпейді. Ру-ру боп үнемі таласады да жатады. Көрінгенге бағынуларының бас себебінің өзі де осында...— Василий Алексеевич кенет картаға бұрылды. Есіне патша ағзамның Кенесары Созаққа бір жетінің ішінде жетіпті деген сөзі түсті. Ол картадан көзін алмай,— Орта жолда Бетпақдала, атпенен осынау жерді олар қалай бір жетіде алды?— деді.
Генс күлді.
— Бір жеті емес, бес күннің ішінде Кенесарының жетінші сентябрь күні Ұлытау маңында болғаны хақ. Оны хан сайлады ма, сайламады ма білмеймін, сол күні Алашаханның қабірінің жанында сұлтанды қолдайтын рудың бар ақсақал, билерінің жиналуы рас. Ал он екінші сентябрь күні ол аурудан сау қалған әскерімен Созақтан бір-ақ шықты. Кенесарының күшінің өзі осы шапшаңдығында, құлан, киік секілді туған даласының ой-шұқырын жақсы білетіндігінде...
— Әйтсе де бес күнде... Перовский кенет картаға қайта бурылды.— Сонда ол қай жолмен жүрген? Бетпақдаладан құс болып ұшып өтті ме? Қазақтың Сырға баратын ескі жолы мынау Балқаш көлі жағасы арқылы өтеді... Не болмаса Қарақұмды басып отырады. Бірақ оған ат емес, түйе керек.
— Кенесары бұ жолы Алашаханның бұдан төрт жүз жыл бұрын салған ескі сүрлеуімен жүріпті. Оны маған кеше бізге хат әкелген бір сарбазы айтты. Егер білгіңіз келсе...
Перовскийдің есіне ақ патшаның өзінің Арал теңізіне екі айда жеткені жайындағы кекесіні тағы түсті. Ол қабағын сәл шытты да, «көрсет» деп басын изеді.
— Біріншіден, ол бұл жорыққа басшы етіп Арқаның батырларын емес, құм кешіп үйренген Шөмекей, Табын, Төртқара руларының таңдаулы жігіттерін алған...— Генс картаның жанына келіп, оны ұзын көрсеткішпен шұқылай, сол жорыққа дәл өзі қатынасқандай тәптештеп сөйлеп кетті.— Олар мына Қара Кеңгірдегі Алашахан мазарынан шығып, Ұлытаудан жүз отыз шақырымдай жердегі Қара Жарға келіп түнепті. Одан Сарысудың құмайтты оң жағын жағалап отырып, жиырма екі шақырымдай жердегі Таймас батырдың моласын басып, қырық бес шақырым тұратын мына Қыз моласы деп аталатын тұсқа келіп азырақ ат шалдырыпты.
— Бұл ара шөпке кедей, суға жарымаған жер секілді ғой?
— Дұрыс айтасыз,— деді Генс,— қазақ жылқысы мұндай жерде де оттай алады... Сосын жиырма жеті шақырымдай жердегі мына Сарт моласынан сәл төменірек, Сарысудың Тасөткел деп аталатын тұсынан әскер арғы бетке өтіп бір түнепті... Таң ата қалың қол қайта көтеріліп Сарысудың сол жақ жағасымен жүріп отырып, отыз шақырымдай жерде тұратын Қара Қыпшақ бейітіне келіп тағы да ат шалдырыпты. Бұдан әрі көп кешікпей Көкжиде дейтін өркеш-өркеш құмды өңір басталады. Бұл арада тақыр сордағыдай емес, өркеш-өркеш шағылдардың арасындағы сай, ойпаттарда жүзген, жыңғыл, шеңгел, баялыш, сексеуіл өседі. Кей жерлерінде биіктігі бес сажындай жиде ағаштары да шоғырлана кездеседі. Анда-санда сұрғылт түстес кішкентай қояндар мен ирелеңдеген шағын сұр жыландар көзге түседі. Оқта-текте үйірімен айдаланы басына көтеріп сатырлай шапқан қара құйрықты да көруге болады. Осы шағылдардың арасындағы жерді құлаш бойы қазсаң, тұщы су шығады. Осы арамен Көкжиде қойнауынан отыз шақырымдай жердегі Жаман қорғанға жетесің.
— Бұл Қоқан хандарының қазақ жеріне салған алғашқы қорғаны ғой?— деді Перовский ойлана.
— Иә,— Генс әлденені есіне түсіргендей сәл кідірді де, қайта сөйлеп кетті.— Бұл биіктігі төрт, қалыңдығы бір жарым кездей, төрт бұрышты шым дуал. Көлденеңі жиырма бес сажындай, ұзындығы да сондай. Дуалды қоршай тереңдігі үш жарым, көлденеңі екі кездей ор қазылған. Бір кезде Қоқан хандары бұл қорғанды қазақтардан керуен жолын қорғау үшін салса, соңғы кезде қазақ ауылдарын шабу алдында тоқтайтын бекінісі еткен. Осы Жаман қорғанда бір түнеп Кенесары қолы әрі қарай жүріпті. Бархандар бұдан әрі кішірейе түседі, бірақ мал оты жоқтың қасы. Қазсаң әлі де тұщы су шығады. Жаман қорғаннан Сарысудың сол жағын жағалай Қызыл жыңғыл арқылы отыз бес шақырымдай жер өткеннен кейін Сандыбайға өштесіп Қара Кеңгірден көшіп кеткен Бәтеш батырдың Телікөлдегі қыстауының үстінен шығасың. Осы қыстаудан кейін, жазғытұрымғы қар суынан ғана пайда болатын, Сарысуға құятын, Боқтықарын деген жылға кездеседі. Егер соның құмайтты жағасымен жүріп отырсаң, қырық шақырымдай жердегі Айнамкөл деп аталатын көгал шөпті, қамысты Қарасуға кездесесің. Одан әрі қарай Бетпақдала басталады.
Генс сәл тоқтап, картаға қарады да:
— Ұмытып бара жатыр екенмін ғой. Жаман қорған мен Бәтеш қыстауының арасында мынау Шұңқыр құдық деп аталатын үш құдық жатыр. Бұл құдықтардың суы тұщы, мөлдір, бірақ ішінде шылау шөп көп. Оларда түрлі микробтар, инфузориялар бар. Байтабын батыр бастап келе жатқан қол ыстыққа шыдай алмай осы құдықтарға тоқтап су ішкен екен, шетінен ауырыпты...— Ауырған әскерінің көбін Қызылжыңғыл бойына қыстауға келген найманның Бағаналы еліне Кенесары қалдырып кетіпті.
Генстің жас кезінде жағрафиялық экспедициямен осы араны сан кезгенін білетін Перовский оның сөзін бөлген жоқ. Тек тыңдауда болды.
— Бетпақдала алыстан қараған адамға, жан-жағынан он бес сажындай биіктене көтеріліп бір тұтасқан қызыл күрең жар секілденіп көрінеді. Алғашқы көрген кісіге ол бір түрлі суық, сұсты...— Тек ішіне кіргенде ғана аздап көңілің орныққандай болады. Сөйтсе де ұшы-қиыры жоқ тақыр адамның зәресін алмай қоймайды,— деді Генс сөзін қайта бастап,—осындай ешбір өсімдігі жоқ құм мен тақырды басып жүріп отырсаң жетпіс шақырымдай өткенде Терісаққан деген суы құмға сіңіп кеткен сайға кездесесің. Одан жиырма шақырымдай жерде алдыңда Айдарлы құм сайы жатады. Бұл арада ошаған, түйе жапырақ секілді аздаған өсімдік кездеседі. Дәл осы жерде Шыңырау деп аталатын терең құдық бар. Суы мол. Бірақ Кенесары әскері бұл араға кідірмей, болдыра бастаған аттарына түркмендерше қойдың құйрығын жегізіп...
— Қу далада құйрықты қайдан алып жүр?— деді Перовский, — әлде бұл арада ел бар ма?
— Жоқ. Олар жүз атқа жүз қой таңып алып жүріпті... Содан Бетпақдаланы көктей жүз жиырма шақырымдай жер өткенде көлденеңдей кездесетін Шу өзенінің Бесқұлан деп аталатын өткеліне келіп тоқтапты. Ар жағында Сырдария жері. Бірақ әлі де құм, әлі де тақыр. Суы ащы, шөбі аз. Бесқұланнан он алты шақырымдай жерде Ақжайықтан көлі бар. Бұ да ащы көл. Одан Иней мен Құлан қабақ адырларын басып отырып он жеті — он сегіз шақырымдай жердегі мына Қосқұдыққа келесің. Бұның да суы ащы, шөбі мардымсыз. Қосқұдықтан отыз шақырым барханды құмды басып отырып, мына сусыз Шұбар деген сайдың бойындағы Жаманқұдыққа жетесің. Бұның суы сәл тұщылау, бірақ түйе болмаса жылқы ішуге келмейді. Бұдан жиырма бес шақырымдай жерде Берді би моласы бар. Бұл арада тұщы сулы кішкентай сай бар. Жағасында азын-аулақ өсімдік те жоқ емес. Кенесары қолы Бесқұлан өткелінен кейін кідірмей жүріп отырып, тоқсан шақырым құмды, шөлді жерді күннің ыстығына қарамай бір-ақ күнде алған. Осы кейде Берді би моласы, кейде Құл деп аталатын сайда ат шалдырып, өздері түні бойы тынығып, таң ата ар жағында жиырма бес шақырым жердегі Созақтың түбінен бір-ақ шыққан. Күн шықпай бекіністі қоршап алыпты. Созақ датқасы Бабажан тіпті қаннен-қаперсіз жатса керек, бір нөкері келіп «жау келіп қалды, тұрыңыз!» десе, «Созаққа Кенесарыдан бөтен жан бата алмайды. Кенесары қайда, Созақ қайда!» деп жауап беріпті. Нөкері: «Келген сол Кенесарының өзі!»— десе, «Шырағым, жылағысы келген бала әкесінің сақалымен ойнайды. Ұлытауда хандығын тойлап жатқан Кенесары құс болып ұшып келмесе, қайдан келеді, ойыныңды қой!»—деп ақырыпты.
Перовский езу тартып күлді.
— Ұлытаудан Созаққа дейін алты жүз шақырымдай құмды, шөлді жерді бес күнде етіпті деген сөзге Бабажан түгіл, мен де сенбес едім. Тек мұндай жүріске күніне жүз жиырма шақырым жер алатын қазақ аты ғана жарайды.
— Қазақ жігіттері ше?— Генс те күлді.— Алғашқы саяхатымда салт атқа мінемін деп менің де артым ойылып қалған.— Генерал-майор қазір қазақ өлкесін отарлауға келген жан секілді емес, қазақ жерін зерттеуге келген қарапайым ғалым тәрізді.— Бірақ сол жолы мен бұл халықтың көп этнографиялық материалдарын, ертегі, дастандарын өте көп жазып алдым...— Кенет ол Перовскийге күлімсірей қарады,— сіз Шу өзенінің мына өткелін Бесқұлан, ал мына төбелерді Иней, Қабан деп неге атайтынын естігеніңіз бар ма?
Орынбор шекара басқармасының бастығы генерал-майор Генстің соғыстан көрі, тарихи, этнографиялық жағдайды сүйе әңгіме ететінін білетін Перовский, іс жайында сөйлесуге асығып тұрса да, оның көңілін қалдырғысы келмей:
— Білмеймін,— деді,— бірақ білетін адамның сөзін тыңдауға бармын...
Қазір аңызын тыңдауға ықылас қойып тұрған осы жұмсақ мінезді көрінген граф Перовскийдің, осыдан он екі жыл өткеннен кейін, қалың қолмен келіп, қазақ даласын қанға батырып Ақмешітті алатынын кім білген! Генс жолдасының ықыласына риза болып Бесқұлан туралы бұдан отыз жыл бұрын жазып алған аңызын айтып берді.
— Алашаханның жақсы көретін баласын тағы құлан үйірі басып өлтіріпті,—деді Генс аңызды есіне түсіре,— қатты қапаланған әрі мейлінше ашуланған хан, құлан біткенді қыруды бұйырады. Кімде-кім оларды қырып бітірсе соған ғажайып көп сыйлық пен ең сұлу кіші қызын бермекші болады. Домбылақ деген батыр ханның тілегін орындаймын деп уәде береді. Өзінің Иней, Қабан деген жүйрік аттарын мініп құландарды қуады, қайда қашса да қоймай бейшараларды қырады. Ақырында бес-ақ құлан қалады. Олар Шу өзенінен өтіп құмға қашады. Осы құландардың Шудан өткен жерін Бесқұлан дейді. Құмға қуып шыққан батырдың аттарының жете алмай зорығып өлген жерлерін Иней, Қабан деп атапты. Ханның қызын алам деп құм арасында қаңғып өлген Домбылақ батырдың моласы деп қазақтар Шудың теріскей жағындағы моланы көрсетеді... Расында да бұл мола тым көне... Оған сенуге де болады.
— Қазақ жерінде не көп, мола көп. Және бәрінің де аты бар. Жақсы көрген адамын атаусыз тастамайды,— деді Перовский,— өлген соң бізге де жер атын қояр ма екен?— Кенет ол қолын сілтеді,— мейлі, өлгеннен кейін не десе о десін... Ал әзірге... тірі жүрген кезімізде патша ағзам алдындағы борышымызды дұрыс атқаралық.— Енді Перовский сөзін тұжыра сөйледі,— ең алдымен Бұхар ханы мен Қоқан ханының арасындағы соғысқа неге кірісті, сол жайында Кенесарыдан түсінік сұраңыз. Ал Кенесарының бұл ісі Россия империясының оңтүстіктегі сауда-саттық жұмысына орасан зиян келтіреді. Сондықтан біздің хатымызды алысымен Қоқан Хандығына қарсы ұрысын тыйып, Россия жеріне тез қайтатын болсын.
— Бұған Кенесары сұлтан ренжімей ме? «Өз бетіммен қимылдауға мүмкіндік бергілері келмейді екен», деп ойлап қалмай ма?
— Ойласа ойласын. Бүйту ең алдымен Кенесарының өз басы үшін керек. Россия патшалығына өз еркімен бағыну деген сөз, өз еркіменен жауларынан кек алу деген сөз емес. Россия патшалығына бағыну, тек Россия мүддесін ғана көздеп қана өмір сүру. Мұны Кенесары дұғадай жаттап алуға тиісті.
— Жақсы.
Генс сәл ойланып тұрды да, стол үстінде жатқан өзінің папкасынан бір қағазды алып Перовскийге ұсынды.
— Бұл не?
— Менің хатыма Кенесарының жауабы.
Перовский мен Кенесарының бітімге келгенін естісе де Батыс Сібір генерал-губернаторы шекарадағы Кенесарыға жататын ауылдарды шабуын тоқтатпаған. «Қасым төре қарақшылары Россияға бағындым деп құр алдап жүр, ал дұрысында патшаға қарсы әрекетін күшейтуде»,— деп соғыс министрі Чернышевке арыз да еткен. Әбден ызаланған Горчаков өзінің бір хатында Перовскийге: «Кенесарыны Сібір шекаралығынан мүлдем алып кет, не болмаса маған оны өзінің ұясында құртуға рұқсат ет»,— деп жазған. Бұған Перовский: «Сұлтанды кінәлі деген қорытындыға келе алмаймын, өйткені ол Орынборға қарағаннан бері, қол астымдағы жұртты ашуландырар ешбір іс істеп жүрген жоқ. Оны ел тонады деген сөз бір-екі қазақтың көрсетуіне ғана негізделген. Бұл дүдамал куәліктер Кенесарының айыпты екенін дәлелдей алмайды» — деп жауап берген. Бірақ Орынбор шекара комиссиясының председателі генерал Генс анығына жеткісі келіп, «Горчаковтың сізге тағып отырған кінәсі рас па?»—деп Кенесарыға түсінік беруін сұрап арнаулы хат жіберген.
Қазір Генстің Перовскийге берген қағазы сол хатқа қайтарған сұлтанның жауабы еді.
Перовский қағазды алып даусын шығара оқи бастады:
— «Патша ағзам берген манифестен кейін мен Россияға қарсы қол көтерген емеспін. Бұ жағынан адал екеніме бір құдайдың өзі куә. Жауларым мені сіздің алдыңызда қаралағылары келеді. Егер керек десеңіздер, үкімет алдында өзімнің тіпті кінәсіз екенімді дәлелдеп шығуға бармын. Жауларым мені өте жек көреді, менің сіздермен тату болғанымды көргілері келмейді»,— Перовский қағазды Генске қайтарып берді,— Кенесары шынын айтып тұрғаны сөзсіз. Бірақ жауы тым көп... Түбі оның жазығы болмаса да жазықты етеді. Бұны тек князь Горчаков қана емес, ең алдымен қазақ сұлтандарының өздері-ақ атқарып шығады.
— Сондықтан да Кенесары сегіз адамды өзіне өте қас санайды. Алғашқы жазған хаттарының бірінде солай деген...
— Кім-кім сонда олар?
— Батыс Сібір генерал-губернаторлығына жататын Құдайменді ұлы Қоңырқұлжа, Күшік ұлы Құлжан, Кішкентай ұлы Аққошқар, Жауғашар, біздің Орынбор губерниясына жататын Жантөре ұлы Ахмет, Жаппастың биі хорунжий Жанғабыл, Жағалбайлы биі Күкір, Созақ датқасы Бабажан... Бұларды ол тек қазақты Россия мен Қоқанға сатты деп жек көрмейді, өз бастарының қамы үшін елге тым қаталдықтарын да еске алады. Және өзге сұлтандардай, байлардай бұл сегізі Кенесары жағына шығып көрген емес, көтерілісшілердің шүу дегеннен-ақ табан тірескен жаулары. Әсіресе Қоңырқұлжа мен Ахмет.
— Бұл екеуінің жан аяспас жау болатындары да түсінікті, Кенесары Батыс Сібірдегі ереуілін Қоңырқұлжа аға сұлтан болып отырған Ақмола приказын шабудан бастаса, Орынбор жерінде сұлтан-правитель Ахмет Жантөриннің еншісіне тиген Торғай, Ырғыз өзендерінің бойына туын тігіп отыр.
— Кенесарының да тістескен жауы осы екеуі. Өзге сұлтандарды жек көрсе де, ел бірлігін сақтаймын деп, немесе өз жағына тартуға тырысып онша тие қоймайды. Ал бұл екеуінің атын естігенде...— Генс сәл езу тартты,— Кенесары өз ордасында отырғанның өзінде де, қылышын қынабынан суырып алады деседі көрген жұрт.
— Тым ашулы екен. Түбі Кенесары бұл екеуінің басын жұтпай тынбас!
— Мүмкін бұл екеуі Кенесарының басын жұтар?
— Ол мүмкін емес. Кенесары өлсе, біздің қолымыздан, не Қоқан, Хиуа хандығы секілді бөтен жұрттың қолынан өледі. Қара қазақ қазақтың Россияға бағынғаны тиімді екенін, түбі бұның прогрестік маңызы бар іс екенін қайдан білсін, тәуелсіздігімізді, елдігімізді құртты, жерімізді алып жатыр деп қана ұғады. Кімде-кім оның сол тәуелсіздігін, жерін Россияға, немесе Қоқан, Хиуаға әперуге көмектессе, сол — қара халықтың жауы. Қоңырқұлжа мен Ахмет сол жауының ең бастылары, реті келсе қазақтың екі жігітінің бірі оларды бауыздай салудан тайынбайды. Осы Ахметтің әкесі Жантөрені бір мың сегіз жүз он төртінші жылы Көтібар батыр бастаған көтерілісте, өзінің артында келе жатқан қарадан шыққан күзетшісі найзамен түйреп өлтірген.— Перовский сәл ойланды да қайта сөйледі,— ал Кенесары сол қара халықтың көбінің түсінігінше елінің, жерінің қорғаны. Оны көзінің қарашығындай сақтайды. Сондықтан да қашқын башқұрт Кенесары қарауылының бастығы...
Перовский оның атын есіне түсіре алмай сәл кідірді.
— Батырмұратты айтасыз ба?
— Иә. Сол Батырмұраттың сұлтанға төніп келген қылышты жалаңаш қолымен ұстай алуы — нағыз ерлік емес пе?! Бұндай жанқиярлық тек шын берілген адамнан шығады. Ал мылқау құлы Қараүлек Кенесарының жауырынына өрмелеп шығып қалған жыланды жалаңаш қолымен лақтырып жіберем деп, күптей боп ісіп кетіп, бір жеті жатыпты. Бір білгір балгердің емдеуінің арқасында әзер тірі қалыпты.— Перовский басын шайқады,—жоқ, Кенесарыдай батыр, Махамбеттей ақын адамын халық сұлтандарына оп-оңай бере қоймайды. Егер Кенесары жау қолынан қаза табар болса, оның ажалы басқа ұлттан келеді.
Осы кезде Перовскийдің адъютанты есіктен кіріп:
— Сұлтан-правитель Ахмет Жантөрин,— деді,— сіздің шақыруыңызбен келіп тұр.
Орынбор әскери губернаторлығына жататын Жайықтың күншығыс жағын басқаратын Жантөре ұлы Ахмет, Жантөре ұлы Арыстан, Айшуақ ұлы Баймұхамед сұлтан-правитель Перовскиймен ауыз жаласқан дос. Олар «Кенесарыны Орынбор жерінен қуу керек, егер өзіңіздің әскеріңіз жетпейтін болса, біз жәрдемдесейік» деп сан айтқан. Бірақ бұған Перовский көнбеген. Орынбор маңындағы мұжықтар көтерілген аласапыран кезде, қазақтармен қырылысуды дұрыс көрмеген. «Россия империясына қараған қазақтарды, Ахмет пе, Арыстан ба, Кенесары ма, қай сұлтан басқарса да, бәрібір, тек бізге бағынып тыныш жүрсе болғаны емес пе»,— деп ойлаған.
Патша ағзам сөзінен кейін Перовский кеше үш сұлтан-правительді шақыруға мәжбүр болды. Қандай генерал болғанмен патша ағзамның жарлығын орындамайтын құдіреті қайсы, егер соғыс министрі Чернышев «Горчаковпен қосылып Кенесарыны құртыңдар» деп шын бұйрық беріп қалса, қолында сол бұйрықты орындарлық қандай күш барын білгісі келген. Сұлтан-правительдің шақырылған себептері де осы еді.
— Арыстан мен Баймұхамед сұлтандар келген жоқ па?
— Әзір келген жоқ.
— Онда Ахмет Жантөрин кірсін.
Үйге Ахмет кірді. Бұл бойшаңдау келген, кең танау, сүзеген бұқаның көзіндей шатынаған үлкен көзді, қара сұр, орта жастан асыңқырап бара жатқан кісі. Иығында Россия әскерінің подполковниктік погоны бар. Орысша оқыған, кезінде Орынбордағы Неплюевтың әскери училищесін бітірген. Ол әскерше амандасып, қолын көтеріп есік алдында тұра қалды.
— Подполковник Жантөрин сіздің шақыруыңызбен келді, генерал мырза.
— Жоғары шығыңыз, сұлтан-правитель.
Бұлар қол алысып амандасқаннан кейін, Перовский бірден шақырған шаруасына кірісті.
— Сұлтан Ахмет, сіз Кенесарының қазір Қоқан жерінде соғысып жатқанын білесіз ғой?
— Әрине.
— Кенесары Қоқан ханымен неге соғысып жатыр? Сіз бұл жайында не естідіңіз? Мүмкін, Хиуа ханының өтінішін орындап, Бұхар ханын жеңіп бермек пе?
— Кенесары ондай ақымақ емес. Мәделіханды өлтіріп Нұрасулла Қоқанды өзіне бағындырғаннан кейін Кенесары Хиуа ханымен Қоқандағы қазақ жерін саған алып беремін деп астыртын сөз жүргізген. Ондағы ойы Бұхар ханы Нұрасулла тым күшейіп кетпес үшін Бұхар мен Хиуа арасын шатыстыру. Кенесарыға тартуға күміс ер-тоқымды арғымақ пен он бес мылтық жіберген Хиуа ханы Аллақұл, Кенесары менің жағымда болады екен деп Бұхарға қарсы соғыс ашты. Бірақ бұл соғыстың қызығын Қоқан көрді, Хиуа мен Бұхар қырылысып жатқанда, биыл Қоқан қаласының адамдары көтеріліске шығып, Қоқаннан бұхарлықтарды қуып, Мәделіханның туысы Шерәліні хан етіп көтерді. Мұны көрген Кенесары Қоқан хандығын қайтадан күшейіп кеткенше, Ташкент құшбегісінің қарамағындағы жеті мың шаңырақ қазақ аулын өзіме қосып алайын деп, осы айдың он бесінде төрт мың қолмен Ташкентке қарай аттанды. Менің хабаршымның айтуы бойынша, Кенесары қазірдің өзінде-ақ Жаңақорған, Жөлек, Ақмешітті басып алған көрінеді. Бұ күнде ұрыс Созақта жүріп жатыр деседі. Кенесары босатқан кей қазақ ауылдары бері қарай көше бастаған тәрізді.
— Бұдан бізге келер қандай зиян бар?— деді Перовский Генске қарап,— бір мың сегіз жүз отыз төртінші жылы Қасым төренің баласы Саржан Россия империясы қарамағынан қырық мың үйлік қыруар елді алып қашса, бүгін Қасым төренің екінші баласы Кенесары сұлтан сол қырық мыңнан Қоқан хандығының қарамағында қалған жеті мың үйді кейін қайтарамын деп соғыс ашуда. Бұл Россия империясының жеңісі емес пе?
— Жоқ, бұл Кенесары сұлтанның жеңісі,— деді кенет тұнжырап кеткен Ахмет,— қазір оның қарамағында Найман, Бағаналы, Арғын, Табын, Тама, Шекті, Шөмекей, Байбақты, Қыпшақ рулары бес мың ауыл, яки екі жүз елу мың шаңырақ болса, оған Қоқан хандығынан жеті мың шаңырақ көшіп келіп тағы қосылса қанша күш жиналғаны? Ал, Кенесары тірі тұрғанында Россияға дос болмайды.
— Неге?
— Оның көксегені Абылайдың заманы. Бар қазаққа өзі хан болмақ!..
— Жарайды,— деді Генс,— Кенесары хандықты көксесін, ал сонда...— генерал-майор қабағын сәл шытты,— жаңа өзің айттың ғой, оның қарамағында екі жүз елу мың үй бар деп, әр үйде төрт адамнан болсын...
Сонда бір миллиондай кісі бір Кенесарыны хан етеміз деп бізбен күреске шығып жүр ме? Осыншама адамды қорқытып соңыңнан ергізе алмайсың. Жоқ, Ахмет сұлтан, мұндағы әңгіме әлдеқайда тереңде. Әлгі миллион адамның ақ патшаға қарсы наразылығы мен Кенесарының хан болсам деген арманы ұштасып жатыр. Мұндай жағдайда біз Кенесарыны емес, әлде адасып, әлде шауып алады деп қорқып сол сұлтанның соңынан еріп жүрген жұртты еске алуға тиістіміз. Кенесарыны құртамыз деп миллион адамды құртуға болады ма?
— Болады! Неге болмайды?!—деді кенет Ахмет қаттырақ дауыстап жіберіп.
— Өзіңмен бір туған қазағың болса да ма?
— Мейлі. Қазағым болсын, шүршітім болсын. Айтқаныма көніп, айдағаныма жүрмейді екен, қырып тастау керек!..
Генс оған ренжи қарады. Алдында тұрған адам, кенет генералға адам емес, қан құмар қорқау секілді болып көрініп кетті. «Халықты босқа қырмау керек» деп ұлтымыз бөлек біз ара түскіміз келеді, ал мынау... Генс кенет Ахметке «Халық сендей сұлтандарды неге жек көретіні енді түсінікті болды. Әкең Айшуақ ханның баласы Жантөрені халық өлтіріп еді. Байқа, Ахмет, сенің де ажалың халық қаһарынан келмесін!»— дегісі келіп кетті. Бірақ, Перовский бұрынырақ:
— Жарайды, біз мына генерал мырза екеуміз Кенесарыны өзімізге қан төкпей бағындыруды жөн көріп едік,— деді.— Егер ондай мүмкіншілік болмайды екен, күш жұмсауға да бармыз. Сонда Кенесары жасағын талқандауға әлдерің жете ме?
Қуанғаннан Ахметтің көзі жарқ ете қалды.
— Әбден жетеді. Кенесарыда қазір сегіз мыңдай атты әскер болса, мына біз Жантөренің сұлтан-правитель екі баласы Ахмет пен Арыстан үш мың жауынгер қарсы қоя аламыз. Жантөренің інісі сұлтан-правитель Баймұхамед екі мың адам береді. Жаппас ұлы Жанғабылдан, Кенесарыға қосылмай қалған Op бойындағы Төртқара, Жағалбайлы руларының биі Күкір, Биғажаннан мың адамнан шығады. Кенесарының қасы Қыпшақ биі Жаңбыршының Балғожасы мың сыпай берсе... Сонда қанша болдық? Тоғыз мың ба? Бұған Орынбор әскери губернаторы екі мың солдат қосса, құлшынып отырған Батыс Сібір әскерісіз-ақ Кенесарыны биыл күзде жоқ етуге болады. Тек рұқсат етілсін.
— Жақсы,— деді кенет Перовский,— өзге сұлтандар келсін. Кешке кеңеселік. Жолдан шаршаған шығарсыз, әзірге тыныға тұрыңыз.
Ахмет шығып кеткеннен кейін Перовский:
— Көрдің бе, мәртебелі досым,— деді Генске,— қазақ жерінде феодалдық рулық дәстүрдің қандай мықты екенін? Әр сұлтан, би қарамағындағы руластарының жігітін өз солдаттарындай жұмсай алады. Қазақ та бір, қой да бір, тек алдарына түсетін серкесі болсын!
— Жоқ,— деді Генс қабағын сәл шытып,— қазақ дарынды халық, батыр халық, әттең бақытсыз халық.
Перовский жауап қайырғанша адъютант тағы үйге кірді.
— Генерал мырза,— деді ол әлденеге сәл қызарып,— қазақтың тамаша екі сұлу қызы келіп тұр. Кет десем, сізге кірмей кетпейміз дейді. Бірі орысша судай біледі.
Перовский мен Генс біріне-бірі қарады. Қазақ қызының орысша сөйлеуі екеуіне де таң дүние.
— Кірсін,— деді Василий Алексеевич.
«Қыз» деген сөз жас кезінде бозбалашылықты басынан көп өткізген Перовскийге жылы тиді ме, ол еріксіз жағасын жөндеп, тікірейген сарғылт мұртының ұшын сәл шиыршықтай әдеміледі. Генс пен Перовский біріне-бірі қарап күліп жіберді. Жүйрік ат шаппаса да қырындайды деген.
Осы кезде үйге сәндене киінген екі қыз кірді. Бірінің басында сәукеле, сонысына қарағанда жас түскен келіншек секілді. Үстеріндегі киімдері бай қыздарынікіндей торқа мен дүрия болмаса да, көз тартарлықтай әдемі. Қызыл шибарқыт қамзол, аяқтарында қызғылт кәкима етік, ақ патсайы шытырман көйлек. Келіншектің қасындағы қыздың басында қызыл түлкі үкілі бөрік, белдеріндегі күміс белбеу бұлардың Арқадан шыққандарын аңғартады.
— Сау саламатсыздар ма, мәртебелі генерал мырзалар,— деді сәукелелі, шашы жерге түскен келіншек. Қасындағы қыз орысша білмегендіктен ескі Арқа дәстүріменен екі қолын кеудесіне апарып, басын иді.
— Өздеріңіз де амансыздар ма, қарақтарым?— Генс бірінші болып амандасты.— Қайдан жүрсіңдер! Аттарың кім?
— Менің атым — Алтыншаш, жанымдағы қыздың аты Күміс. Кенесары аулынанбыз,— келіншек орыстың таза тілімен түсінік берді.
Қазақ қызының орысша осыншама әдемі сөйлегеніне таң қалған Генс:
— Орысшаны қайдан үйрендің?— деді.
Алтыншаш әкесі Тайжанды атқаннан кейін қалай орыс арасына түскенінен бастап, ең ақыры Кенесары батыры Байтабынға ерге шыққанына шейін жасырмай, бар өмірбаянын әдемі орыс тілімен айтып берді. Орысша сөйлеп тұрған кімнің қызы екенін енді ұққан Перовский:
— Бізде қандай шаруаң бар?— деп сұрады.
— Құрметті генерал, сізді әділетті жан деген соң келіп тұрмын,— деді ол кенет көзіне келген жасын сүртіп,— өткен жылы Кенесары сұлтанның айдалып кеткен бар туыс-жақынына патша ағзамның амнистиясын алып бердіңіз... Менің ондай үлкен тілекті сізден талап етер қақым жоқ, тек аяңыз деп өтінемін... Ең болмаса Туринскіге жер аударылған аға-інілерім мен апа-сіңлілерімнің амандығын білдіріп беріңіз...
Генс көзінен жасы сорғалап тұрған келіншекті аяп, теріс бұрылып кетті.
Ал Перовский:
— Жаныңдағы баланың қандай шаруасы бар?— деді Алтыншаштың өтінішіне бірден жауап бере қоймай, сылтауратып.
Алтыншаш Күмістің де басынан өткен уақиғаны жасырмай тегіс айтып келді де:
— Бұ да сіздерді әділетті дегенге, Қоңырқұлжа аға сұлтанның үстінен шағым айтып келіп тұр. Осындай озбырлық істеген адам ешбір жаза тартпай кете бере ме дейді. Әкесі Әбдіуақитты да сол Қоңырқұлжа сыпайлары өлтірді.
— Қандай айуандық!— деді Генс Күмісті аяп кетіп француз тілінде.
— Иә, дала заңы айуандықпен шектес келеді!—деді Перовский де французша жауап қайырып.
Алтыншаш елең ете қалды. Ол французша да білетін. Алтыншашты қызметші қыз етіп үйіне алған генерал-майор Фондерсон орыстың ақсүйектерінен болатын. Олар үй-іштері боп көбінесе французша сөйлесетін. Жетім қыз Алтыншашқа бес жылдың ішінде амал жоқ, жат тілді де үйренуге тура келген.
Алтыншаштың елең еткенін аңғарып қалған Перовский:
— Сен немене, француз тілін де білесің бе?—деді.
Алтыншаш генералдардың өзара сөздерінің куәсі болғысы келмеді.
— Жоқ...— деп төмен қарады...
— Онда неге елең ете қалдың?
— Сөздеріңізге түсінбеген соң, таңданғаным ғой...
— Ә...
Француз тілін білмеймін дегенінен Алтыншаш соңынан көп пайда көрді. Генералдардың сан құпия сырларын естіп, Кенесарыға қарсы қолданылмақшы шараларды күні бұрын біліп отырды.
— Бұлардың өтінішіне қандай жауап беруге болады?— деді Генс Перовскийге тағы да француз тілінде.
— Мына келіншектің әкесі жөнінде патша ағзамға жазып, не болмаса соғыс министрі Чернышев арқылы бірдеме білуге болар. Ал Қоңырқұлжаға не істейсің? Ол Горчаковтың қарамағындағы адам ғой... Қысқасы, өтініштеріңді ақылдасып көрерміз деп шығарып салу керек.
Бұлар екінші рет қайта келе ала ма?.. Біздерді де алдамшы жандар екен ғой деген ойда өмір-бақи кетпей ме.
— Алдамшы жандар екенімізді бірден білгеннен көрі, соңынан білгендері дұрыс емес пе?— Перовский езу тартып күлді.— Өйткені бізге де, оларға да жеңіл тиеді...
— Жоқ,— деді Генс.— Бұлар екеумізді орыс генералдары деп сенім тұтып келіп тұр. Мен бұларды сіз айтқандай алдап шығара сала алмаймын...
— Сонда не істемексіз?
— Азия ісі департаменті арқылы мына қыздың туыстарының қайда екенін білуге тырысамын, ал Қоңырқұлжаны жауапқа тартуларын талап етем.
Перовский тағы да күлді.
— Россия кеңселерінің мұндай істе асықпайтынына әлі көзің жеткен жоқ па еді? Бұл қыздар сенен жауап келгенше ауылдарында қартайып та өлер...
— Ауылға барғаннан кейін бұл қыздардың қайтып келуі екіталай... Көнсе осы жерде қалуларын сұраймын. Жауабын тездетуге тырысамын. Оның үстіне бұл екеуі де менің жетімханама керек.
Генс үйінде қазақтың жетім балаларына арналған баспана ашқан. Оларға орысша-қазақша сөйлей білетін тәрбиеші алуды көптен бері ойлап жүр еді.
Генерал-майордың ойына түсінген Перовский:
— Мейлің, өзің біл,— деп күлді.
Генс қыздарға қарап:
— Өтініштерің туралы тиісті кісілермен хабарласалық. Жауап келгенше ыңғайлы көрсеңдер менің үйімде болыңдар. Қазақ балаларына ашқан жетімханам бар, сонда қызмет істеңдер,— деді.
Алтыншаш сәл ойланды да, бірдемеге бел буғандай бірден:
— Жақсы,— деп жауап берді.
Келіншектің неге тез көне қалғанын Генс те, Перовский де түсіне қойған жоқ. Оның ойын жанындағы Күміс те аңғармады. Бірақ ол біраздан бері сырлас болып алған құрбысының көңілін жыққысы келмеді. Аз уақыт Орынборда бола тұруды теріс көрмеді.
Сол күні Генс қыздарды өз үйіне әкеп жетім балалармен таныстырды, кешке таман бұлардың ісі жайында департаментке хат жазды. Және Перовскийдің тапсыруы бойынша Кенесарыға да «Қоқан хандығына қарсы соғысты тоқтатып, Орынбор шекарасына қайтып келіңдер» деген бұйрық жіберді.
Кенесары бұл хатты он сегіз күн соғысып Созаққа кірген күні алды. Ол келесі аптада қалың қолмен Ташкентке аттанбақшы еді. Амал жоқ, айтқандарыңа көнем деген Орынбор бастықтарына уәдесі бар, сол себепті Қоқан хандығымен бітім жасап, кейін қайтуға мәжбүр болды. Бірақ Кенесары кейін қайтуын қайтса да, өзінің енді ештеңеге еркінің жоқтығына іштей күйініп, патша генералдарына кектене қалды.
II
Зиректік, ойшылдық, сезімталдық — ана сүтімен бірге бітетін қасиеттер. Мұны адам сатып ала алмайды, егер жүрегінде осы бір қасиеттердің ұшқындары болса ғана өмір, қоршаған қоғам оны не ұлғайта түседі, не өшіреді.
Жасынан өнер мен ғылымды өнеге еткен Есіркеген төрт жыл Семейде орысша оқығанда көп жағдайды түсінді... Әсіресе туған ел-жұрттың надандығы, қамқорсыздығы жүрегіне шоқ тастап, мазасын ала берді. Бұл жәйттер Есіркегенді құр қайғы, шерге бөлеп қана қоймай, еліне қамқорлық етерлік жол іздетті. Енді ол орыс халқының тарихына, мәдениетіне, өсу жолына үңіле қарады. Өз елінің бұл халықтан қаншалық кейін қалғанын ойлана түсті. Ойланған сайын, ортағасырлық мешеуліктен қол созуы қажетін, қыс қатты болған бір жұттан соң-ақ дәулеті сарқылып шыға беретін, мал соңында өткен көшпенділік тұрмыстан гөрі егіс салатын отырықшылық өмірге қарай икемденуі керектігіне көзі жете түсті.
Есіркеген өз сана-сезіміне азық болар тағы да бір сырлы дүние ашты. Ол сонау Орталық Россиядан қазақ жеріне жаңа қонысқа көшіп келген орыстың қарашекпен мұжықтары мен ақ патшаға қарсы қол көтергені үшін Семей секілді алыс бекініске жер аударылған декабристер — орыс офицерлері мен оқымысты адамдарының қазақ халқына деген жанашырлық, достық көз қарастары еді. Халық пен халықтың еш уақытта жауласпайтынын, оларды араздастыратын тек үстем таптың қанаушылық саясаты екенін түсініп, оның жүрегінің түкпірінде орыс халқына деген бір әдемі жылы сезім туа бастаған. «Халық пен халық тату болса, ақ патша не істейді? Ал Қытай, Қоқан, Хиуа, Бұхардан қорлық көріп басы қосылмай жүрген қалың қазаққа түбі тағдыры да, қайғы, қуанышы да бір, сүйеніш болар ел керек. Оған орыс жұртшылығынан жақын кім бар? Әрі мәдениетті, әрі қуатты. Достасса қорған бола алады? Бірақ сонда еліміздің тәуелсіздігі не күйге ұшырайды. Мүмкін ел тәуелсіздігі де сақталар. Кенесары, Ағыбайлардың түсінбей жүргендері бар шығар. Жоқ, сан айқастан өткен бұл батырларды ел күйін түсінбей жүр деуге менің қандай қақым бар?.. Бұл бір ақылға салатын жағдай».
Осындай күйде жүргенде Есіркеген Семейдегі орыс мектебін бітіріп, қыс келе Петербург кадет корпусына түсетін болды. Бұл бір мың сегіз жүз қырық бірінші, қазақша Сиыр жылы еді. Оқуға қар жауа баратындықтан ол жаз шыға өз аулына келген. Жүрегін көкейкесті арман торлаған, ел қамын ойлар жігіт — ойпат үстінде ерте шығып, ерте солатын сарғалдақ гүл тәрізді, ерте пісіп, ерте қартаяды. Сексеннен аттап селкілдей бастаған Масан қарт жиырмаға жаңа ілінген немересінің ой сорған бозғылт жүзіне қарап, оның жанын жеген бір кеселдің бар екенін бірден ұқты. Бірақ келген беттен тіс жарып бәлендей демеген.
Немересі туған жерінің жасыл шалғынына әбден аунап-қунап мауқын басып, құрбы-достарымен біраз ойын-сауық құрып, бабына келгендей кезде ғана бір күні оңашада:
— Қарағым, іште жатқан қайғы Ескендірдің қос мүйізі тәрізді, сыртыңа шығармасаң кеселге айналдырады,— деді байсалды үнмен,— қабағыңның шырынан ішіңе бір сарсудың байланғанын аңғарамын... Кәріге айтылатын сыр болса жасырма, қолымнан іс келмесе, тілімнен ақыл келер... аянбан.
Көпті көрген қарт атамен өзінің де сөйлескісі келіп жүр еді. Есіркеген бірден ақтарыла қалды.
— Қайғым бар екені рас, ата. Өз қайғым емес, ел қайғысы.
— Ел қайғысы? Лебізің жылы тиді. Ел қамын ойлар артымда тұяғым жоқ па деп қынжылатын едім. Құдай тағала, мүсіркеген екен. Мұныңа да шүкір. Ал сөйле.
— Төрт жыл қалада оқыдым, ата. Жас адамға төрт жыл төрт күнмен тең ғой... Ал маған... Әлде мен сондай сарыуайымшыл болып тудым ба, төрт жылым төрт жүз жылдай ұзақ соқты... Егер адам ойы теңізге айналар болса, менің ойымнан бүкіл дүниені қоршаған тірі пенде жүзіп өте алмас мұхит пайда болар еді...
— Иә, айта бер... сонша ұшан теңіз мұхитта жүзіп не көрдің?..
— Халқымның сол мұхит суына парапар көз жасын көрдім.
— Халқыңның көз жасын көру ғажап іс емес. Мен оны ес білгелі көріп келе жатырмын. Көру бар да, көмек беру бар. Сол көз жасты құрғатар не жол таптың?
— Жол біреу-ақ тәрізді. Тілі мен діні бөлек болғанмен, жері мен тағдыры бір орыс жұртшылығымен бірлеспей бізге жарық сәуле жоқ секілді. Сары далаға ие екенмін деп тағы құландай қысы-жазы көшіп жүре бергенмен ештеңе оңар емес. Бүйте берсе түбі надандық жеңеді. Біз де мәдениетке құлаш ұруымыз керек. Ал мәдениет орыс жұртшылығында.
— Оларда құр ғана мәдениет емес, қиянат та бар ғой, ұлым...— Қарияның көзі кенет жарқ етіп бір ұшқын көрсетті де, қайта сөне қалды. Ол енді жүдей, ойлана сөйледі,— әр жыраның өзінің бір күйкентайы болады. Сұрқия заман бізді осылай сұрқия ойлы етіп жаратқан шығар. Асыл тастан, ақыл жастан, мүмкін сенің айтып отырғаның дұрыс болар, бірақ ел-жұртың не дейді? Кәрі қыран көре алмағанды, жас қыран іледі, тек айтарым: қанына тартпағанның қары сынсын дейді қазақ. Аңшы қуған киіктей, сұм тағдырдан зәресі ұшқан азғантай халқың бар, тек соның қарғысына қалма...
— Халық кейде түсінбей де қарғамай ма? Кенесарыны біреу қарғайды, біреу ардақтайды...
— Дұрыс айтасың. Кенесарының жауы да көп, досы да аз емес. Кейде оның қылығына мен де түсінбеймін. Ал саған түсіну тіпті қиын.
— Әйтсе де сол Кенесары ойына мен түсінгім келеді.— Есіркеген сәл үндемей қалды да қайтадан сөйлеп кетті.— Жаз аяқталып келеді, қар түсе Петерборда болуым керек,— деді ол жерді шұқылай отырып,— Петерборға Омбы арқылы баруға да болады... Орынбор жағымен де жететін жол бар...
— Сонда осы арадан Орынбор аттанбақсың ба?
— Иә, Қараөткел дуанынан Атбасарға түсіп, ар жағында Қарақойын Қашырлы арқылы ЬІрғыз құласам... Жолай Кенекеңе жататын елдерді басып, ондағы жұрттың қандай күйде екенін өз көзіммен көрсем..
— Ел күйінен ер арманын білу қиын емес. Бірақ бұл жолың тым қауіпті жол. Петерборға оқуға бара жатқан Жамантай аға сұлтанның жігіті екеніңді сезіп қалса, Кенесары адамдары сені тірі жіберері екіталай.
— Ол қауіпті өзім де түсінемін, бірақ өз жолыңды таңдау үшін, әр тайпаның көңіл мұңын анық білген жөн ғой деймін...
— Әлбетте.
Орынборға Кенесары ауылдары арқылы жүруді Есіркеген оқуға барам деген күннен-ақ шешкен. Бұл жолды таңдауында ел күйін білуден өзге бір арманы бар. Ол арманы — Күміс. Әбдіуақиттың үй ішінің ол Кенесары жағына шығып кеткенін сол жазда-ақ естіген. Бірақ олар тірі ме, әлі ме хабардар емес-ті. Әсіресе Күміс жайын өте білгісі келетін. Қоңырқұлжаға ойда жоқтан ойыншық болған осы бір аяулы замандасқа деген аяныш әйтеуір көңіліне маза бермейтін. Кейде осы аяныш оны бір жылы тәтті сезімдерге де жетелейтін. Кенесары ауылдары арқылы жүрсем, сол Әбдіуақит үй іші туралы бір хабар естірмін деген үміт, бүліншілікшілердің қолына түсіп қалармын-ау деген қауіпке бой бермеді. Кәрі атасымен ел жайын, өзінін, келешек арман жайын ұзақ әңгіме ете отырып, ақыры Петерборға Орынбор арқылы жүрмек болып шешкен-ді.
Енді міне, мынау cap даланы кезіп келе жатқан үш салт аттының ортасындағы аққұба жігіт осы Есіркеген. Астында оқтаудай боп жараған күзен күрең. Басын шұлғып тастап, жіті басып аяңдағанда, екі жағындағы — шабдар байтал мен кәртаң тартқан қаракөк ат — желе түсіп, әзер еріп келеді.
Есіркеген ауыл жігіттерінше киінген. Басындағы пұшпақ бөркі мен үстіндегі бұлғын жағалы лұқпан шапаны ауқатты үйден шыққанын аңғартқандай. Жанындағы пұшық сары мен денелі ат жақты қара сұр жігіттің үстінде кедей қолы жұпыны киім. Кең жеңді көне шекпен, қырқыла бастаған жеңіл елтірі тымақ пен көне далбағай. Екеуінің сырт бейнесі, ортадағы ауқатты жігіттің жай атқосшы серіктері екенін сездіреді. Бұл үшеуі ауылдан шықпай жатып, Кенесары жасағы кездесіп қалса, сонау Ұлытау бойындағы Найман руындағы нағашыларына бара жатырмыз деп айтуды келіскен. Есіркегеннің жанындағы жігіттердің сырт пішіндері бәлендей көзге түсер болмағанмен, екеуі де өнері асқан жандар. Пұшық сары даусы кернейдің үніндей созылған әнші, қара сұры жамбасы жерге тимеген балуан. Екеуінің борышы біреу-ақ. Есіркегенді сау-саламат Орынборға жеткізіп салып, қыс түспей Қарқаралыға қайта оралу.
Қарқаралы жақтан шыққандарына бір аптадан асып кеткен. Қонақ десе құшағын жая түсетін қазақ ауылдары, алыс жақтан «нағашылап» бара жатқан жігіттерден қонағасын аяр емес, бір ауылға түстенсе, бір ауылға қонып, Арғынаты баурын да көмкерлеп қалды. Жол енді осы арадан күнбатысқа кілт бұрылады. Енді жігіттерге «нағашыларымыз» Жем, Ырғыз бойындағы Тама руы деуге тура келді. Тоқтаған ауылдары бұған сенеді. Өйткені түрлері де, астарындағы аттары да ұры-қарыға ұқсамайды және ағайын қуып жүре беретін қазаққа «Жем, ЬІрғызда нағашымыз бар еді»,—деген сөз майдай жағады. «Пәле, жиен болсаңдар, осындай алыстан іздейтін болыңдар»,— деп оларды қошеметтей түседі.
Жол күнбатысқа қарай бұрылысымен-ақ бірден өзгере бастады, жаз аяқталып, сарғылт тартып қалған. Арқаның көк шалғынының орнына қуаң тартқан бидайық пен бозаң шөп, ши мен шілең жиі кездеседі. Күн райы да өзгеріп, енді жолаушылардың беттерін салқын жел өбетін болды. Бірақ даусы қарлықпайтын пұшық сары жол қысқарсын дегендей жағы бір тынбайды. Біресе күлдіргі өлең айтады, біресе қайғылы зар төгеді. Ал Есіркеген өлең айтқан сайын атын тоқтатып қойып, қалтасынан қойын дәптерін алып әр өлеңнің сөздерін, кім шығарғанын, қандай жағдайда айтылғанын жазып алады.
— Қайтесің пұшық сарының айтқанының бәрін қағазға түсіріп,— дейді оң жағындағы қара сұр,— бұда не көп, өлең көп...
— Үрім-бұтаққа керек,— дейді Есіркеген,— халық мұрасынан қымбат қазына жоқ, бәрі қағаз бетіне түсірілуі қажет.
Пұшық сары Есіркегеннің сөзінен қанаттанып кетіп, кенет ер үстіне бір жамбастай қоқилана отырып алды да, тағы да бір әнді шырқап кетті.
Бүлдірді ала ауыздық ел арасын,
Найза мен сойыл шешті дау таласын.
Соншама өштескенде, бауырларым,
Тозудан, айтшы, басқа не табасың?
Ат төбеліндей аз қазақ
Бір-біріңді қырғанда
Қай мұратқа жетесің?!
Мойныңа бұғау онсыз-ақ
Түсейін деп тұрғанда.
Кімге ерлік етесің?
Есіркеген өлеңді естігенде түсі бір түрлі қуқылданып өзгере қалды.
— Бұл кімнің өлеңі?
— Атығай Ырым ақынның.
— Қай жағдайда шығарған?
— Ана жылы Атығай Қарауыл мен Алтын, Тоқа жерге таласып көп жігіттер сойылға жығылғанда...
Есіркеген одан әрі ештеңе сұраған жоқ. Өлеңді жазып та алмады. Кенет қалың ойға шомды. «Ырым ақын?.. Мен естімеген ақын екен... Сірә, бай мен батырды, би мен сұлтанды, ру бастықтарын мақтап күн кермейтін жан болуы керек. Ел арасында жүріп айтысқа түсіп жүлде алудан да алыс болар... қазақтың ала ауыздық зиян екенін түсінетін мұндай сөз шыққаны бір жақсы ырым екен... Осылай жұртты оята беру керек. Бар келешек халқымыздың оянуында. Бар өнерді соған салу дұрыс жол. Ел бірлігі — ел теңдігі. Бірақ «Мойныңа бұғау онсыз да түсейін деп тұрғанда...» деген сөзінде бір үлкен сыр жатыр-ау. Бұл сөзімен нені айтпақ? Ел болып бірігіп Кенесарыға қосылып, Россия патшасына қарсы шық демек пе?.. Иә, солай сынды. Бейшара, біздің келешегіміз Россияға қосылуда екенін білмей ме?»
Сары пұшық кенет Есіркегеннің ойын бөліп жіберді.
— Мінекей ауылға да жетіп қалдық,— деді ол дауыстап жіберіп,— бүгін осында түнеп шығалық.
Ауыл дегендері ылдидағы көл жағасында отырған отыз шақты үй болып шықты. Табын руының бір бөлегі екен. Жаз сонау Атырау теңізіне дейін көшіп, қыс осы маңды қыстайды екен. Биыл алысқа көше алмай, Кіші жүз бен Орта жүз жерінің ортасындағы Қызыл діңгек маңайын жайлап қалыпты. Себебін сұрағанда, қонып жатқан үйлерінің иесі қаба сақалды қара шал:
— Былтыр жаз құмда көшіп жүргенімізде малымыздың тең жартысын Хиуа ханының сарбаздары барымталап әкетті. Қалған жартысын қыс түсе осы арадан Қоқан сыпайлары шауып алды. Осы ауылда тіпті тігерге тұяқ қалмаған үйлер бар, алысқа көшуге бізде қазір жағдай жоқ,— деді. Сөйтті де өзінің қонақтарына айран мен ірімшіктен, басқа қонақасы бере алмай отырғанына қысылғандай төмен қарап,— бұл үйде де бір сиыр мен үш ешкі ғана қалды. Алыстан келе жатқан жолаушылар екенсіңдер, қой сою керек еді,— деп міңгірледі.
Есіркеген шалды аяп кетті.
— Қысылмаңыз, отағасы, барға мәзір, жоққа әзір... Біз ықыласыңызға да ризамыз...
— Иә, жоққа жүйрік жете ме,— деп шал ауыр күрсінді,— ренжімесеңдер болғаны... Шабыншылықтан кейін бұл ауылдардың көтерілуі де оңай болмас... Амал не, басқа түскен басбақшыл, құдай тән бергенге дән берем деген екен, бізді де өлтірмес.
Таңертең ертемен Есіркегендер жүрер алдында шал тағы да:
— Дұрыстап қонақасы бере алмағандарымызға өкпелемеңдер, қарақтарым, заман солай болған соң істерің бар ма,— деді мұңайып,— жедел жүріп отырсаңдар сәске болмай Қаражыңғылдағы Алтай руының бай ауылдарының біріне жетіп қаларсыңдар, біз бере алмаған қонақасымды сол ауылдан ішерсіңдер.
Есіркегендер жұпыны ауылды сырттай жүріп келеді. Кеше ымырт үйіріле жеткендіктен байқамаған екен, көл жағасында отырған осынау отыз үйдің ауыл деген құр аты екен. Бір-екі түйе, он шақты сиыр болмаса, көзге түсер мал жоқ. Ауыл иттерінің құйрығы қайқы болушы еді, бұлардың иттерінің де жүні жығылып, құйрықтары салбырап кеткен. Есіркегеннің іші удай ашыды. «Сірә балық аулап күн көреді-ау бұл ауыл»,— деді ол ойға шома беріп.
Қарттың түндегі сөзін естігеннен кейін, ол түні бойы көз ілмей шыққан. Қазір де сол ой шумағын жалғай түсті. «Жоқ, жоқ, қайткенмен де Россия қол астына тезірек кіру керек. Сонда ғана бұл халықтың жаны қалады. Хиуа, Қоқан құр малын ғана талайды ғой, ал Қытай ауына ілігер болсаң, еліңді біржолата құртып жібереді. Есіркеген енді тарихқа көз жібере ойланды.— Бір мың жеті жүз елу алтыншы жылы еді ғой, өзіме қарсы бас көтердің деп Қытай боғдыханы әрі айбынды, әрі айбарлы мемлекет құрып, бүкіл Жоңғар өлкесін билеп отырған Торғауыттардың миллиондай халқын қырып, Жоңғар мемлекетін тарихтан мәңгі құртып жіберген жоқ па еді. Сондай хал қазаққа келмесін, кім біледі? Ежелден өштескен Қытай боғдыхандары, өз елін аямағанда бізді аяр ма? Жоқ, жоқ, Россияға бас ию керек, сонда ғана өзге ел жандары бізді тонауды қояды».
Бұл кезде күн де көкжиектен көтеріле бастады. Ұшы-қиыры жоқ қау жапқан кең далада ұшқан құс, жүгірген аң көрінбейді, тек көде шөпті қуалай бірен-саран бөдене жорғалап, күн шыққанға қуанғандай шегірткелер ғана шырылдайды.
Сәске кезінде құбыла жақтан жел тұрды. Жолаушылардың мұрындарына бір жылымшы иіс келді. "— Бұл не?—деді қара сұр жігіт,— мал қырып жатыр ма біреу? Қан иісі тәрізді ғой мынау иіс...
Есіркеген жауап қайырған жоқ, атын тебініп қап, алдындағы адырға қарай шаба жөнелді. Серіктері де аттарына қамшы басты.
Бұлар адыр басына шыға келді де, алдарында пайда болған көріністен шошып кетіп, кілт тоқтай қалды. Дәл адырдың етегінде шие көмкерген тулай аққан жіңішке өзен жағасында ақ боз үйі аралас қалың ауыл отыр екен... Бірақ ауылдың сиқынан жан шошырлық. Дауыл соғып құлатқандай жапырая қалған лашық, күрке. Шаңырағы жерге түскен ақ отау, қараша үйлер. Әр жерде сұлаған елік, оны қоршап жоқтау салған топ-топ әйелдер... Жылаған бала, ұлыған ит. Бір топтан екінші топқа қарай өліктің басына құран оқуға бара жатқан бірді-екілі ақ сәлделі молдалар көзге түседі. Ауыл шетінде бір қауым топ күрекпен зират қазып жатыр. Кәрі, жасы аралас. Қазақ аулына таянғаннан-ақ елдің көркі боп көзге түсетін үкілі қыз, сәукелелі жас келіншектің бірде-бірі көрінбейді... Осыншама қалың елдің маңында мал дейтін мал да жоқ. Бірен-саран күлге аунап шегіп жатқан түйелер мен бұзауларын ерткен он шақты сиыр жүр. Ері мойнына кеткен екі-үш шідерлі ат оттауға қарай шоқаңдап барады. Ауылдың жалпы көрінісі түнде ғана жау шауып кеткенін аңғартады.
— Япырмай, бұл не сұмдық,—деді пұшық сары ішегін тартып,— мына ауылды да жау шапқандай ғой.
— Иә,— деді қара сұр күрсініп,— бұл ауыл да босағасы босаған ауыл болды ғой.
— Жоқ, шаңырағы құлап жерге түскен ауыл деңіз!— деді Есіркеген көзіне келіп қалған жасын серіктерінен жасырмай алақанының сыртымен сүртіп, сөйтті де кенет атын тебініп қап, қазақтың ескі дәстүрімен «ой, бауырымдап!» ауылға қарай шаба жөнелді. Серіктері де «ой, бауырымға!» басып соңынан ерді.
Есіркегендер бұл ауылда бір күн болды. Өліктерін қойысып келесі күні жүріп кетті. Ауыл ақсақалы қобызшы Кәрібай деген шал бұлар келісімен болған уақиғаны айтып берді. Бұл — Алтай руының Кенесарыға еріп Арқадан көшіп келген бір аулы боп шықты. Бұрын кәзіргі Атбасар дуаны салынып жатқан Есілге құятын Жабайы өзенінің маңын қоныс етіп келген екен. Ол араға бекініс салына бастағаннан кейін қоныс іздеп амалсыз Кенесарыға еріп, осынау Қыпшақ жерінің шетіне көшіпті. Кенесарыға ерді деген аты болмаса оған бәлендей жәрдем бермепті. Тек қол ұшынан жалғасып, әскеріне қыс соғымдарын, жаз қару-жараққа деген салығын төлеп тұрыпты. Биыл ғана біраз жігіттері Кенесары сарбаздарына қосылыпты. Соған өшіккен бе, әлде осы ауыл Кенесарының иек тірер тілектесі деп біреу-міреу көрсетті ме, әйтеуір Ор қаласынан шыққан ақ патшаның бір топ «кәрі қылыш» жендеттері кеше күн бата кегі ауылды шауыпты. Қаннен-қаперсіз жатқан ел, ауыл үстінен гүрсілдей атылған мылтықтан шошып, қарсыласа алмай қалыпты. Жендеттердің өздері екі жүздей адам екен, түні бойы істемегені болмапты. Әжетке жарайтын қыз балалардың бәрін шетінен абыройын айрандай төгіп, осы ажарлы-ау деген жас әйел, келіншектердің бірде-бірін сау тастамапты. Кеудесінде намысы бар арашаға түскен жігіттер мен «ау, буларың не?» деп ақылға салам деген ақсақал, қарасақал біткеннің бәрін бүкіл жұрттың көз алдында оққа байлапты, кейбіреулерін қылышпен шауып өлтіріпті. Мұндай қаза болған жанның саны отызға жуық көрінеді. Қан ішер жендеттер түні бойы дәрменсіз елге істерін істеп, тек бүгін күн шыға ғана жүріп кетіпті. Бірақ, құр кетпепті, ауылдың сұлу қыз-келіншегі мен түбекте жатқан бар малын айдап әкетіпті. «Барлық Кенесары жағына шыққандардың көретін күні осы. Бұл бұл ма, бүйте берсеңдер ендігі жолы біріңді қалдырмай қырып тастаймыз»,— деп кетіпті.
— Бұл уақиғаны Кенесарыға естірте алдыңдар ма?— деді қара сұр қанын ішіне тартып.
— Түнде ауылды шауып жатқанда кісі жібергенбіз. Жер арасы шалғай, егер шабарманымыз қолға түсіп қалмаса сұлтан аулына таяп қалған шығар,— деді Кәрібай шал,— бірақ оның қолынан не келеді? «Кәрі қылыш» жендеттері Орға қарай беттеді ғой, кездесе алмас... Тек Жантөре үрім-бұтағының аулын бөктерлей қуса ұшырасулары мүмкін.— Шал тағы күрсінді,— ой, білмеймін, ұшыраса қояр ма екен... Тым қиыс жатыр ғой... Және ол тұстағы ел Кенесарыға қарсы, жөн сілтемес.
Өліктерін қойысып ауылдан шығысымен түні бойы ұйқы көрмеген Есіркегендер бір сайға түсіп, аттарын тұсап отқа жіберіп, өздері қоржындарындағы азын-аулақ астарымен өзек жалғап, күн түс болғанша ұйықтап тынығып алды. Енді олар Солтүстікке қарай бұрыла түсіп Орынборға Кенесарының қарамағына жатпайтын ауылдардың үстімен жүрмек болды.
Есіркеген атқа қонысымен-ақ тағы сазара ойға шомды. Жанындағы серіктерінде де үн жоқ. Қалай үндесін, бағанағы ауылдағы көрген көріністері екі иіндерінен сегіз батпан ауыр жүктей жерге жанши түсіп, бастарын көтертер емес. Әсіресе Есіркегеннің қабағынан қан жауған. «Россияға бағыну керек деймін. Ондағы ойым ұлы халық мәдениетті халық, өзімен бірге мұратқа жеткізеді деп сенуімнен шыққан арман. Ал бағанағы ауылға істегені не? Мүмкін мен ештеңеге түсінбейтін болармын, ақ патшаның да, оның қарапайым солдаттарының да арманы біреу-ақ шығар. Тезірек қазақты құртып, жерін емін-еркін пайдалануға асығатын болар. Бірақ бір қолдағы бес саусағың да бірдей емес қой. Бір Абылайдан шыққан екі ұрпақ — екі бөлек жол ұстаған жоқ па? Уәлиге қарсы Қасым шықса, Уәлидің баласы Шыңғысқа Қасымның баласы Кенесары қарсы келіп отырған жоқ па? Сол тәрізді бір Россия патшасына бағынатын жұртта екі түрлі ой болуы мүмкін ғой»...
Әрине, Есіркеген өзінің осы ойынан кейін жиырма жылдай шамасында тарихқа келген Шыңғыстың баласы Шоқан мен Кенесарының баласы Сыздықтың да біріне бірі қарсы соғысатынын білмеді. Шоқан — орыс генералы Черняев жағында, ал Сыздық Қоқан хандығын қорғап шығатыны оның тіпті үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін жәйт. Сондай-ақ өзі секілді Шоқанның да Россия мәдениетіне қанат қағып, туған халқын сол Россияға тартқанын, бірақ артынан генерал Черняевтің әскері сол халықты Россия патшасына отар етемін деп қырғанда, не істерін білмей, қызметін тастап Тезек төренің аулына қашатынын қайдан білсін.
Есіркеген қазір шым-шытырық жұмбақ ойдың шешуін таба алмай шатасуда еді. «Расымен мен қателесіп жүрмін бе? Түбі жауынан құтыла алмайтынын білген жаралы жолбарыс тәрізді не болса да айқасып өлем деген Кенесарыныкі дұрыс па? Мәдениет, прогресс, Россиямен біріксек жарық күніміз шығады деп жүргенде, халқымыздың еркіндігі түгіл, өзінен айрылып қалмаймыз ба? Егер қазақты өзіне қосу әдеті, үнемі әлгі ауылға істегеніндей бола берсе өйткен мәдениеті де, келешегі де құрсын!.. Онда су ішсем де, суан ішсем де халқыммен бірге боламын. Тек соның күні көкте жүзсін, соның ғана сәулесі жарқырай түссін».
Осындай шым-шытырық ойда келе жатқан Есіркеген күннің екіндіге таяп қалғанын жаңа аңғарды. Ол енді бұрылып жан-жағына қарады. Әлі ұшы-қиыры жоқ кең дала, қау басын ақырын сипай ескен салқын жел, басты шырмаған сұмдық ой...
— Күн еңкейіп кетті, осы бір тұста ауыл болса керек еді ғой,— деді сары пұшық сол жақтарындағы көгілдір дөңестерден асыра нұсқап,— аттар да болдыруға айналды.
— Құр ғана аттар ма, жаны құрғыр да болдырған секілді-ау.
Бұл Есіркегеннің жолдастарына атқа қонғалы айтқан ең алғашқы сөзі еді.
Серіктері тіл қатқан жоқ. Жас жігіттің жүрегінде қандай ауыр кеселдің жатқанын түсінгендей ақырын күрсінді де қойды.
Бұлар енді солға, пұшық сары көрсеткен көгілдір дөңестерге қарай бұрылды. Әрі-бері жүрген соң күн бата, адыр-дөң, қоршай біткен жазық далада, Қарасуды жағалай қонып отырған ауылды көрді. Бұл ауылдың да сиқы таң қаларлық. Осы араға не жаңа келіп қонған, не болмаса үйлерін жығып кешуге ыңғайланып жатқан тәрізді. Әйтеуір түйелі жүктің жанында әбігерленген жұрт. Тек әлгі жығылмаған (әлде жаңа ғана тігіп үлгірген) үлкен үш ақ орданың есігінің алдында бұл үйлерде өлік бар екенінің белгісі ат құйрығына жалау байлаған сойылдар мен үй үстін айқыш-ұйқыш етіп таңған қара басқұрлар көрінеді (өлік бар үйді бұлай білдіру кей руларының ежелгі дәстүрі). Үрген ит, өрген мал көзге түспейді. Тек көшке арналған түйе мен бірен-саран. ырдуан, пәуеске байқалады. Бірақ ауыл іші жыпырлаған адам. Ауылды қоршай көп салт атты және тұр. Қолдарында найза, сойыл, шоқпар...
— Бұл ауылда да бір бүлік бар секілді,— деді қара сұр,— бұрылып кетелік.
— Өз еліңнің бүлігінен бұрылғанда қайда барасың?—деді Есіркеген,—Тәуекел, не болса да бара көрелік.
Бұлар ауылды қоршаған сыпайларға таяғанда алдарына еңгезердей қара мұртты жігіт өзгелерден бөлініп шыға берді.
— Ей, кімсіңдер?— деді ол астындағы ақбоз атын ұршықтай айналдыра ойнатып, аналардың сәлемін алмай.
— Өзіміз ғой,— деді Есіркеген, ананың кеудесіне таққан кек шұға белгісінен Кенесары әскері екенін біліп.— Көрмей тұрсыз ба?
— Көргеніме көрімдік берейін бе?— жігіт үні гүрілдей шықты, ашулы жан екенін бірден сездіріп алды,— өзіміз дейтін менің екі туып бір қалғаным ба едің? Қамшы көргің келмесе, одан да тезірек жөніңді айт.
— Амандық жоқ, саулық жоқ, берген сәлемімізді алмай жатып, мұншама түйілгеніңіз не, ағасы,— деді Есіркеген биязы үнмен,— Арқадан келе жатқан жолаушымыз, Ырғыз бойындағы Табынға нағашылап барамыз.
Арқаның қай тұсынан боласыңдар?
— Қарқаралы жағынан.
— Қаракесексіңдер ме?
— Иә...
— Кесіп алсаң қан шықпас, ел билейтін жан шықпас дейтін Қаракесек екенсіңдер ғой.
Есіркеген, шамдана қалды, бірақ өзін өзі ұстап сыр бермей тағы да биязы үнмен:
— Қаз дауысты Қазыбекті естімеген қазақта да жан болады екен-ау!—деді кекесін күлкісін жасыра қалжыңдаған болып.
Қара мұрт бұл жолы Есіркегенге зілдене қарады.
— Қаракесек ділмәр келетін еді, сен де ділмәр екенсің. Сірә, сол Қазыбек бидің ұрпағы болмасаң нетсін»...
— Жоқ, Қазыбек бидің емес, Масан бидің немересімін.
— Әлгі Жамантай аға сұлтанның ақылгөйі Масан бидің бе?
— Иә, дәл соның!
— Қармақ салып ала алмай жүрген алабұғам, аузыма өзің келіп түскен екенсің, жүр олай болса!
Мұрттының даусы бұл жолы өктем шықты. Кенесары елінің Жамантайға деген қастық көз қарастың енді өзіне ауғанын Есіркеген бірден сезінді, бірақ қара мұртпен сөз таластырмады.
Найзаларын қолдарына көлденең ұстаған он шақты салт атты жаяу үш жолаушыны қоршай, ауыл ортасына қарай жүрді.
Бұлар ауылға кіре шеткі қараша үйден қарлыққан кәрі дауысты жоқтау естіді. Өлік бар жерде бата оқымай өтпейтін қазақтың ескі дәстүрі, Есіркеген қараша үйге қарай беттеді. Қасындағы жендеттері де қарсы болған жоқ, сыртта тұрып қалды. Ол үйге кіріп келгенде ең алдымен көргені шоқпыт тымақ, жыртық шекпен, жылап-сықтап отырған кілең кедей болды. Сол жақта сұлайын қыр мұрынды, мұрты жаңа тебіндей шығып келе жатқан жас жігіт жатыр. Түрі өлген адам тәрізді емес жаңа ғана ұйықтап кеткен секілді. Басында екі бүйірін таянып, ақ шашын жайып; кәрі шандыр бетін жоса-жоса қылып тырнап тастаған шүйкедей қара кемпір:
Атаңа нәлет хан Кене,
Басыңа түссін ойран-ай,
Суалдырдың көзімнің
Қарашығын, ойбай-ай!—
деп қарлыққан дауыспен зар еңірейді.
Өліктің кеуде тұсында қарындасы ма, әлде жұбайы ма, бір келіншек отыр. Жүзі ақ шүберектей, жасқа толы тостағандай қара көзі шарасынан шығардай боп керегеге қарап қатып қалған. Есіркеген бата оқыды да шығып кетті. Бірақ әлгі сурет көз алдында тұрды да қойды.
Аздан кейін бұны қара мұрт ауыл ортасындағы алты қанат ақ үйге алып келді. Белдеуде кіші-гірім атан түйедей ақ боз ат тұр. Бәрі үйге кірді. Төр алдында жатқан қоңыр киінген, зор денелі кісі басын жастықтан сәл қозғады.
— Ағыбай аға,— деді қара мұрт,— мына жігіттерді ауыл үстінен ұстап алдық. Жамантай аға сұлтанның елінен көрінеді. Ырғыз маңындағы нағашыларымызға бара жатырмыз дейді.
Қапсағай қоңыр елең етіп басын көтеріп алды. Үй ішінде көлбей жатуына де себеп бар екен, енді ол малдас құрып отырып еді, басы керегенің ұшына тиер-тиместей зор денелі бір алып екен. Адамнан гөрі, ертегіде кездесетін дәулер тәрізді. Тек жалғыз көзді емес, екі көзді және сонау тас қабақты қоңырқай сұсты түсінде бір жылы шырайдың сазы білінеді. Бұл Кенесарының бас батырының бірі Ағыбайдың өзі еді «Ағыбай бұл жақта қайдан жүр» деді Есіркеген ішінен. Бұл маң Кенесарыға қарсы жақтың жері емес пе еді?» Әйтсе де бала жастан үлкенді құрметтеп өскен жас жігіт, сонау төрде отырған шүңірек көзді алыптың мысы жеңгендей, иіліп сәлем берді.
— Ассалаумағалайкүм.
— Алликімассалам, балам.— Ағыбай жас жігітке тесіле қарады.— Қанды балақ сұм Жамантайдың кімі боласың?
«Ә, Ағыбайдың Жамантайға деген бітпес өші бар деуші еді, рас екен. Үнінде қаңтарда қатқан мұздай бір мызғымас ызғар жатыр-ау!»
— Жамантай аға сұлтанның қарамағындағы елдің жігіттеріміз. Әзім Масан бидің немересімін, мына жігіттер ауылдан ертіп шыққан серіктерім.
— Ә-ә. Бағың бар бала екенсің. Жамантайдың жақыны болғаныңда бір жамандыққа ұшырауың кәміл еді.— Ағыбай енді түксиген қабағын сәл ашты,— Масан қарт әлі тірі ме? Ақ патшаның қолтығына кіріп алдыңдар ғой, ауыл-аймақтарың күйлі шығар?
— Күйсіз емес. Атам әлі тірі.
— Иә, солай болар,— Ағыбай әлденеге өкінгендей ауыр күрсінді,— отырған ел отырып қалды ғой... Жем іздеген аш қасқырдай тек мына біздерміз ғой cap даланы сары бауыр етіп кезіп жүрген...
— Сіздерге де көшпеу керек еді.
Ағыбайдың қабағы жауар бұлттай жабыла қалды.
— Сонда Жамантайша ақ патшаның құлы бол демексің бе? Масан қарттың немересімін дегенге асылдың ұрпағы ма деп қалып едім, алысқа ұша алмайтын сауысқан боп шығайын деп тұрсың ба, қалай? — Ағыбай тез ашуланса да, тез қайтты.— Жә, қышымаған жерімді қасымай жайыңа отыр!.. Ал қотан аңдыған ұялы бөрідей, тізе қосып қайда бара жатырсыңдар?
— Масан атам Бөкей тұқымымен құдандал ғой. Ырғыз бойындағы нағашыларымызға бара жатырмыз...
— Әрине, атаңның сұлтан тұқымымен ілік-шатыс болғанына сен кінәлі емессің,— деп келе жатты да Ағыбай кенет сөзін басқа жаққа бұрып жіберді.— Жолай Кәрібай қарттың аулына соқтың ба?
— Соқтым.
— Соқсаң болған қанды уақиғаны көрген шығарсаң?
— Көрдім.
— Көрсең.. Ол сенің Жамантайларың секілділердің тісі.
— Қалайша? Ол ауылды шапқан Ордан шыққан «кәрі қылыш» тобы деп еді ғой.
— Сонда жендеттерге жол сілтеген кім? Жамантай тәрізді елін сатқан Ахмет правитілдің адамдары. Осы ауылдың би, ақсақалдары.
Аздан кейін Ағыбай батырдың сөзінен Есіркегеннің түсінгені мынау болды: Кенесары Op қаласынан войсковой старшина Лебедев бір мың тоғыз жүз солдатпен Торғай бойына шығуға дайындалып жатыр деген хабар алады. Көп кешікпей сұлтанға тыңшылары арқылы Сібір мен Орынбор губернаторларының шекарасында отырған Кенесарыға тілектес ауылдарға екі жүз солдат шықты деген суық сөз жетеді. Кенесары «солдаттар осы арадан өтеді-ау» деген ауылдарға «егер олар көрінсе бізге хабар беріңдер»,— деп кісілерін шаптырады. Қазір өздері отырған ауыл, үстерінен Кәрібай қарттың жайлауларына қарай өткен қол туралы Кенесарыға хабар бермек түгіл, көп солдат қайта оралып осы ауылда тынығып жатқандарында «солдаттарды көрген жоқпыз» ден бұларды алдайды. Артынан анығын естіген Кене¬сары қаһарына мініп, бес жүз сыпайын өзі бастап келіп, осы ауылды шабады. «Бұларың не, әй?» — деп үйден жүгіріп шыққан әлгі бала жігіт, ат қағып кетіп өледі. Ал Кенесары орасан қатігездік істейді. Ауылдың бас көтерер сегіз ақсақал, билерін ат бауырынан өткізіп ұрып өлтіреді. Бар малдары мен отызға таяу қыз-келіншектерің елуге жуық жігіттерін байлап-матап алып кеше өзінің ордасына жүріп кетеді. Кектескен сұлтан, Ағыбай басқарған екі жүз сыпайына ауылдың қалған қатын-қалашын, шал-кемпірін тегіс осы арадан көшіріп өзінің қарамағына айдап әкелуді бұйырады. Үйлерін жығып, жұрттың көшуге ыңғайланып жатқаны осы бұйрықты орындау әрекеті болып шығады.
Есіркегеннің жүрегі тағы да удай ашып кетті. Оның көз алдына жаңағы қараша үйдегі сурет елестей қалды. Хиуа, Қоқан хандарынан, патша жендеттерінен шабылып, қан жылаған халқын көріп жүрегі бір өртенсе, қаны бір қазақтан қан қақсаған халқын тағы көріп, жүрегі екі өртенді.
— Кенекеңе хабар бермеген ел билеген ақсақалдар делік,— деді ол даусы кенет дірілдеп кетіп,— оларды жазалау бір ретте дұрыс та шығар. Бірақ, осыншама зар жылатар өзге қарапайым жұрттың қандай жазығы бар?..
— Кенекең олай ойламайды,— деді Ағыбай төмен қарап.— Бауырлас қазағын қыруға өтіп бара жатқан «кәрі қылышты» көре тұра бүкіл ауылдан хабар берер бір еркек кіндікті шықпағанына сенгісі келмейді. Бүкіл ауылды өзіне қас көреді. Сондықтан Кәрібай қарттың өшін Ахмет правительдің нағашы жұртынан алып отыр. Мен бұларды осылай шапсам, өзге жұрт кәрімнен қорқып екіншілей мұндай іс істемейді дейді.
— Сонда қайда барса да қырылатын бір қазақ екенін Кенекең ойламағаны ма? Бұл ел қамын ақылға салар кемеңгердің ісі ме?
— Кенекең жау қазақтың қырылғанын жау солдаттардың қырылғанымен тең көреді.
— Өзіңіз де солай ойлайсыз ба?
— Өз басым қан майданда бетпе-бет келмесе қарапайым елге қамшы көтеріп көргем жоқ. Ал бай тұқымы мен төре тұқымына деген мәңгілік өшпес өшім бар.
— Кенекең де төре тұқымы емес пе? Оған да өшіңіз бар ма?
— Жоқ,— деді Ағыбай сөзін созып.— Кенекең ел қамын ойлаған адам, оны төре тұқымы деп санауға болмайды. Ол жалпы қазақтың жоқтаушысы.
— Жоқтаушысы болса мына жазығы жоқ жұртқа істеп отырған қиянатына жол болсын!— Есіркегеннің көз алдына тағы да қараша үйдегі сурет елестеп кетті.
Ағыбай тұнжырай қалды. Өзіне ермеген елге деген Кенесарының қаталдығы бұған да, Байтабынға да бататын. Бірақ серіктікке опалы батыр «ісі қиындалып тұрғанында ала ауыздық көрсетуім сөкет болар» деп сұлтанның қай қылығына болса да көніп баққан. Ал Байтабын сырын білдіріп алған. Мұндайды кешпейтін Кенесарының қатыгездік өзіне аян. Ағыбай жас батыр үшін қобалжуда еді. Есіркегеннің сөзі бітеу жарасының дәл үстінен басты.
— Шырағым,— деді ол кенет күрсініп,— сен бір қиын сыр қозғадың ғой...
— Баланың сөзі дұрыс, хабар бермедіңдер деп бұл ауылға біздің істегеніміз қатыгездік,— деді бір бүйірден сәл қоңырқай дауыс,— мүмкін хабар бергілері келген де болар, бірақ қорыққан шығар? Кенекеңнен өлді не, өз билерінен өлді не, ажалдың аты ажал, кімге болса да қорқынышты.
Есіркеген дауыс шыққан жаққа жалт қарады. Ол енді ғана сол жағындағы көгілдір көзді ақ сары жігітті көрді. Киімі қазақша болғанмен түрі орысқа тым ұқсас. Бұл Жүсіп-Иосиф Гербурт еді.
Есіркеген Кенесары әскерінде қазақтан басқа орыс, башқұрт, татар секілді бөтен ұлттың адамдары да бар деген сөзге бұрыннан қанық болатын. Сондықтан ол:
— Сіз орыссыз ба?— деп сұрады таза орыс тілімен.
Ауыл жігітінің орысша таза сөйлегеніне енді Иосиф Гербурт таңданды.
— Орыспен бауырлас ұлттанмын,— деді ол күлімсірей.
— Ғафу етіңіз,— деді Есіркеген өзін өзі ұстай алмай,— егер құпия болмаса, қазақ арасында қайдан жүрсіз? Әлде тұтқын болып қолға түстіңіз бе?
Гербурт жымия күлімсіреді.
— Жоқ. Мені қазақ арасына өз ұлтымдағыдай ұлттық бостандық арманы әкелді.
Үй іші қазақ жігітінің Жүсіппен басқа тілде сөйлеп кеткеніне аң-таң. Ағыбай ішінен: «Бәсе, Масан қарттың орысша оқып жатқан бір немересі бар деуші еді, мынау сол болды. Дәу де болса тегін жүрген жоқ, ұстап алып өзін Кенекеңе алып барайын ба?»— деді ол бір реттен, бірақ бұл ойынан тез қайтты. «Жоқ, жоқ, өйтуім ағаттық болар. Жұрт сыйлайтын Масанның немересін ұстағаннан жақсы ат алмаспын. Алдынан жарылқасын, қоя берейін»,— деп шешті.
Ағыбай босатқанмен Есіркеген бірден жүріп кетпеді. Жаңағы орыс пішіндес жігітпен тілдескісі келді. Иосиф Гербурт та мұнымен сөйлесуге құмар екен. Жолаушылар ас ішіп отырғандарында өзі келіп Есіркегенді ертіп, ауыл сыртына шығып кетті. Ұзақ сөйлесті. Бірімен бірі әбден танысты. Тек Иосиф Гербурт езінің кім екенін айтқан жоқ, бірақ қазақ елінің шын досы екенін жасырмады. Есіркегеннің жолай көргенін естігенде, оның қам көңілін жұбатып:
— Қазақ халқының өзін өзі сақтап қалуда жалғыз ғана жолы бар. Ол Россияға қосылу,— деді.— Сенің көргенің Россия патшасының отаршылық саясатын жүзеге асыруға шыққан генералдардың ісі. Россияда тек қана ақ патша генералдары емес, сол ақ патшадан зорлық, зомбылық көрген қазақ халқы секілді ұлы орыс халқы бар. Түбі сол халықтың дегені болады. Ал ол халық бостандыққа ұмтылуда. Сондықтан Россия жұртымен бірігу бұл үлкен прогрестік жол.
Есіркеген кенет Гербуртке бұрыла қарады.
— Осы айтқандарыңызды Кенесарыға айтып көрдіңіз бе? Ол не дейді?
— Шет жағалап айтып көрдім. Мен оны алғашқыда шын ұлт күресінің көсемі ме деп ұғып едім. Сондай ойда келіп қосылғам. Бірақ сұлтанның ісі де, өзі де маған күннен-күнге жұмбаққа айналып барады... Шамам келсе тағы да бір рет сөйлесем, орынсыз қан төгудің қате жол екенін түсіндірем... Ал алда-жалда айтқанымды ұғар болмаса, амал не, жолымыз екі айрылады...
Есіркегендер Ағыбай көші қозғалардан бұрын жүріп кетті.
Гербурт сөзі көкейіне қонғандай болғанмен де, көз алдынан Қоқан мен Хиуа хандарының барымталаған, ақ патшаның жендеттері талаған, Кенесары шапқан үш ауылдың қан жылаған суреттері кетпей қойды. Хиуа, Қоқан, Россия ақ патшасы, қазақ сұлтаны — төртеуі төрт жақтан қанды шоқпарларын басына ойнатқан сорлы халқының құрып кетуге таяу тұрған тағдырын ойлағанда, өн бойы өртеніп, көкірегі қарс айрыла қайғы билеп, өзін өзі ұстай алмай толықсып ат үстінен құлап кете жаздайды. «Бұл дағдарыстан құтылар қандай жол бар? Кім қолын береді? Бағанағы жігіт орыс халқы дейді. Бірақ сол орыс халқы, сол жігіттің өзі айтқанындай, тендікке жетіп қол ұшын бергенінше, көрінген жендет топтар Кәрібай шалдың аулындай шаба берсе сорлы қазақтың несі қалады? Жарық күнге жеткенше жалыны түгіл, шоғы да сөніп бітпей ме?»
Осындай ауыр оймен Орынборға жеткен Есіркеген, Кенесарыға қосылып кеткен өз руының бір жігітінен Күмістің генерал Генстің үйінде екенін естіді.
— Бұл жанаралдың өзі қызық адам көрінеді,— деді әлгі жігіт,— солдаттары ауылды шабады, ал өзі жетім қалған қазақ балаларын үйінде асырап тәрбиелейді. Күміс солардың бақташысы.
Бұл жігіт Таймастың Алтыншашқа жіберген құпия адамы болатын, Генстің үйін жақсы біледі екен, Есіркегенге жол сілтеп жіберді.
Есіркеген келгенде Күміс үйде жоқ екен. Алтыншаш екеуі жетім балаларды ертіп қала шетіндегі орманға серуенге кетіпті. Жас жігітті генералдың өзі қарсы алды. Бұның Петербургке оқуға бара жатқанын естіп, тіпті еркін, ашық сөйлесті.
— Оқы. Білім алып тезірек қайт,— деді ол бір сөзінде Есіркегенге,— сендердей көзі ашық азаматын күтіп отырған елдерің бар.
— Петербург бізді кім етіп дайындайтынына кімнің көзі жеткен,— деді Есіркеген генералдың жылы сөзі көңілін тебірентіп,— мүмкін менен де войсковой старшина Лебедев секілді орыстың бір қаншелек офицерін істер...
— Жоқ, сен ондай жолға түспе,— деді шын ойымен генерал Генс,— Петербургте демократшыл, ақыл ой иесі кісілер көп. Соларға жақындай біл. Олар сені қанды жолға салмайды...
Есіркеген аң-таң. Орыс генералы. Айтып отырғаны патша генералына жат ойлар. Оның есіне бағанағы жігіттің «бұл жанаралдың өзі қызық адам...» деген сөзі түсті. «Рас қызық адам болуы керек... Бір ретте шын ақ жүрек жан... Әлде менімен жай қалжыңдасып отыр ма? Солай секілді... Ақ жүрек адам болса, Кәрібай шалдың аулын неге шаптырды? Сондағы жазықсыз төгілген қанда мұның да үлесі бар емес пе?!»
Кәрібай шалдың аулындағы көрініс көз алдына елестеп кеткенде Есіркеген өзін өзі ұстай алмады. Болған уақиғаны генералға тегіс айтып беріп, «бұған кім айыпты?» дегендей Генстің бетіне қарады.
Генерал үн-түнсіз ұзақ отырды да, әлден уақытта барып:
— Мексика, Перу жерлерін испандықтардың қалай билеп алғанын естігенің бар ма?—деді. Конкистадорлар жергілікті жұрттың бірін қалдырмай қырмақ болған. Тіпті қазіргі Америка, Англия отаршылдарының саясатын алсақ онда да сол қиянат. Бұлар да бір индеец, бір негр қалдырмай дүниеден жоқ етуге дайын... Индеец пен негрді біржолата құртып жіберуге тек қара жұмысқа, плантацияларға тегін пайдаланатын күш керек... сондықтан ғана оларды құл ретінде резервацияларда амалсыз ұстауда... Егер орыстың Горчаков, Скоблев секілді генералдарына салсаң осынау кең далада бірде-бір қазақ қалдырмауға бар. Бірақ бұлар орыс халқы емес, орыс халқы түгіл саналы оқығандарына да жатпайды, бұлар Николай Палкин секілді отаршыл патшаның ауыр күржілері. Қазақ басына төнген осындай ауыр күржілерді біз шамамыз келгенше жеңілдетуге тырысудамыз. Бірақ бірден бар ойыңды іске асыра алмайсың,— ол сәл тоқтап қайта сөйледі.— Әзірге біз азбыз, олар көп. Халық әлі оянбай жатыр. Сондықтан мұндай үлкен күресте жаңағы сен айтқандай уақиғалар болып тұрады. Бірақ қазақта мақал бар ғой: «Битке өкпелеп, тоныңды отқа салма» деген, ақ патшаға өкпелеймін деп орыстың демократшыл адамдарынан безуге болмайды. Сен де безбе, өйткені олар қазақ секілді кішкентай ұлттың үлкен қайғысына ортақ.
Есіркеген генерал сөзінен үлкен әсер алса да үндемеді, ауыр жарасына шипа тапқандай, тыңдаған үстіне тыңдай бергісі келді.
— Түбі,— деді генерал Генс,— қазақ халқы орыс халқымен достасады... Ал оған дейін патша ағзамның дегені болады. Қазақ жерінде оның отаршылық саясаты әрі кеткенде енді бір жиырма жылдың ішінде аяқталады. Күш қазір Россия патшасының жағында. Россия отаршылық саясаты дегеніне жетпей тоқтамайды. Ал өз мақсатына жету үшін ақ патша аянбай қан төгуге бар. Сондықтан осы жиырма жылдың ішінде қан неғұрлым аз төгілсе, соғұрлым бұл қиянат қазақ халқына жеңіл түседі. Бірақ мұны басы Кенесары боп ұқпайды. Олардың қимылы пілге үрген қанден күшікпен тең...
Дәл осы кезде Алтыншаш пен Күміс келіп сөз бөлініп кетті, бірақ, Генстің айтқандары Есіркегеннің жүрегінде құран сөзіндей жатталып қалды.
Күміс Есіркегенді туған ағасын көргендей көзінен жасы парлап, құшағын жая амандасты.
Амал не, ұзақ сөйлесуге мүмкіншіліктері болмады. Есіркеген ертеңіне Петербургке жедел баратын жәмшіктермен бірге жүріп кетті. Тіл ұшында айтылмаған сыр, көңілде шешілмеген жұмбақтар кете барды.
IІІ
Бір мың сегіз жүз қырық бірінші, қазақша Сиыр жылы, қыркүйектің жетісі күні, Алашаханның бейітінің басында үш жүздің ақсақал, билері жиналып Кенесарыны ақ кигізге салып, хан көтерді. Бұл кезде Иосиф Гербурт-Жүсіп Торғайда еді. Кенесары хан болды дегенді естігеннен-ақ Жүсіп қатты ренжіді. Қазақ елінің патша отаршылық саясатына қарсы күресін Кенесары өз арманына жетуге пайдаланғанын енді түсініп, көтерілістің келешегіне қауіптене қарады. «Кенесарының хан болуы, оның өз арманына жеткен жері, бірақ бұл халық ереуілінің біткен жері. Енді жұрт өзінің бостандығы, жері үшін емес, Кенесары көтерген жасыл тулы хандықты қорғаймын деп алысуға мәжбүр болады. Бұдан әрі соңынан ерген ел күннен-күнге азая түседі. Ақырында көкейкесті тілегіне жете алмайтынын ұққан халық одан біржолата безеді. Бұқара жұртқа бұдан былай қарай Кенесарыға еріп қырылғанша, жан сақтау үшін Россия империясының қол астына кірген жөн. Бәрібір Россия империясы Кенесарыны хан етіп қоймайды. Ертең қалың қолмен шабады. Халық мұны неғұрлым тез түсінсе, оған Россия патшалығына соғұрлым бағыну тиімді. Бірақ, осыны халық тез түсінер ме». Халық көтерілісінің түбі барып феодалдық, хандық тартысқа айналғанын көрген Иосиф Гербурт-Жүсіп енді Кенесары ордасынан кетпек болды. Бірақ он жыл өмірі өткен, жанындай жақсы көрген қазақ елін басына қатерлі күн туған кезде тастап кетудің ретін таба алмады. «Хан болып шыққан биігі — құлаған құзы екенін Кенесарының өзі түсінбеген күнде де оның жанында Таймас, Сидақ қожа секілді ақылды адамдар бар емес пе, олар неге түсінбейді? Ең болмаса солармен сөйлесейін, соңдарынан елін, жерін қорғап ерген қалың бұқара Кенесарының алдағанына көзі жеткенде бұлардан қол үзетінін айтайын. Мүмкін ақыл айтар төреге»,— деді ол ішінен.
Бірақ Жүсіп екі жағдайды еске алмады. Бірі Кенесары бес жыл ұрыс-айқастың ішінде, өз маңына тар жол, тайғақ кешу күн туса тастап кетпейтін, әйгілі батырлардан, төре тұқымы туған-туысқандарынан табанды серіктер жинап, оларды жұмылған жұмырықтай, тастай етіп ұстай білді. Бұл батыр, сұлтан, билердің әрқайсысының соңында аз болсын, көп болсын жеке аулы, руы бар. Рушылық әбден қанына сіңген қазақ, батыры, биі қайда бастаса сонда барады. Кенесарының қасында мұндай серіктері бар деген сөз — елі бар деген созбен теңдес. Хандыққа, мансапқа, баққа таласатын адамдардың ең алдымен маңайына өзін сатпайтын табанды кісілерді жинап алуы ежелгі әдеттері. Мұндай тіректерсіз қандай ақылды қайраткер болса да ойлаған мақсатына жете алмайды. Кенесары да бұл әдісті жақсы пайдалана білген адам. Оның бір мықтылығының езі де осында еді. «Тек Байтабын батыр ғана ши шығарғалы жүр ме, қалай дейді ішінен сұлтан, егер көзім шын жетсе...» Екіншісі: бұрын басқа үлгіде мемлекет болып көрмеген, әлі де феодалдық, рушылық сатыда жүрген қазақ еліне хандық деген ұғым — жеке ел болып, өзінің жерін, еркіншілігін сақтау деген ұғыммен бір. Қалың бұқараға хан сайлау деген ұғым, оның жеке ел болып көсемімізді сайладық деген ұғыммен ұштасып жатады. Осындай түсініктегі қалың бұқара, алғашқы кезде өзінің Россия патшасының отаршылық саясатына қарсы бас көтерген қимылын ақырында кеп бостандықтары үшін емес, Кенесарының хандығы үшін күресіне айналып кеткенін аңғармады. Шынында да Россия патшалығына бағындым деп бітім істей тұрып Кенесарының өзін хан көтертуі, ел қамын емес, өз қамын ойлауы еді.
Бұл баққұмар сұлтанның ғана трагедиясы емес, бостандықты көксеп алданған халықтың да трагедиясы еді. Осы трагедиясын түсінбеген ел Кенесарының соңына еріп тағы да бес жыл күресті, ақырында қанға батып қырылды...
Кенесары қозғалысының енді халыққа қаншалық қауіпті екенін түсінген Гербурт-Жүсіп Қасым баласының қандай күшті адам екенін де енді ғана ұқты. «Тарихтың әр сатысында, халық арманының бір тоғысқан түйінді кездерінде осындай адамдар туады. Олар өздерінің мақсаттарына жету үшін халықты да, тарихты да, бәрін де пайдалана біледі. Бұларда құр ғана қаныпезерлік, адамды аямастық қана емес, ақыл да, амал да мол келеді. Кенесары да соның бірі. Егер осындай адам миллиондаған халқы бар үлкен елге жаратылса қайтер еді? Азғантай қазақ халқын қанша қанға батырса, үлкен елді де сонша қанға батырар еді. Онда Кенесары қозғалысы кішкентай ел емес, үлкен ел трагедиясы болар еді. Халқының кішкентайлығынан бұл елдің үлкен трагедиясы өзге жұрттың көзіне кішкентай трагедия болып көрінеді. Сондықтан да кейде «Европа хабаршысында» ғана қазақ қозғалысы туралы қысқа-қысқа хабарлар шығады. Россияның шығыс бұрышында қандай айқастар болып жатқанын Европа елдері тіпті білмейді. Ал түсінген адамға бұл — кішкентай елдің трагедиясы. Қазақ жеріне енді бұрынғыдан да үлкен қайғы келді. Ол қайғы көзден жас, жүректен қан боп ағады. Кенесары жұртты Россия отаршылдық саясатына қарсы көтеріп, ақырында өзі хан болды. Енді сол тағымнан түспеймін деп халықты ажалға қарсы айдап салады. Ал оны әлі күнге дейін елінің қамын ойлаған кемеңгер деп түсінетін жұрт мұның соңынан тағы ере түседі. Мұндай жағдайды тарихта жалғыз Кенесары пайдалана білген бе? Жоқ, бұл талай қаһармандардың қайғылы үлесі. Наполеон да жаһанкездік ісін осылай бастаған жоқ па еді, Франция халқының революциялық рухын пайдаланып, Бурбондарды құртты, роялистерді Франция жерінен қуды. Бұдан артық сол кезде революциялық іс болар ма? Бірақ артынан өзі император болды. Өзіне жол ашқан революцияны өз қолымен тұншықтырды. Кенесары да сөйтеді. Ертең қазақ жеріне шын мағынада хан бола қалса, Горчаков пен Қоңырқұлжаның қазақ халқына істегенін бұ да істейді. Сонда Кенесарының қозғалысы қандай қозғалыс? Россиядан қазақты бөліп алып, феодалдық хандық құру үшін күрескен халық тілегіне сәйкес емес кертартпа қозғалыс. Бұдан қазақ еліне келер пайда жоқ. Одан да қазақ бұқарасына Россия империясының қол астына кіру керек. Россия қол астына кіру деген сөз — орыс халқымен бір болу деген сөз. Келешегі де, қайғысы да, қуанышы да бір. Патша қысымшылығына да қарсы тізе қосып бірге күресе алады. Мәдениетке де бірге жетеді. Ал Кенесары болса өзінің феодалдық-хандық бөлшектенуімен қазақ елін орыс халқынан ұзақ уақытқа бөлгелі тұр. Жоқ, бұл жағдайда санасы бар азаматтармен сөйлесу керек. Ел басына келгелі тұрған апатқа араша түсу керек».
Бірақ Гербурт-Жүсіп Таймаспен де, Әбілғазымен де, Сидақ қожамен де тез кездесе алмады. Жоқ жерден Кенесарының өзімен сөйлесуге мәжбүр болды. Бұлар бір мың сегіз жүз қырық екінші, Барыс жылының көктемінде кездесті. Кенесары өткен жылғы қара суық күзде Перовскийдің жарлығы бойынша Қоқан жерінен қайтып келген соң, жылдағы әдеті бойынша қалың әскерін елді-еліне таратты. Өзі азғантай төлеңгіт аулы мен төрт жылдан бері бауыр басқан Торғай өзенінің жоғарғы сағасындағы қыстауында қысты тыныш өткізіп шықты. Перовский мен Генске өкпелегендіктен қыс ішінде олармен хабарласа қоюды да жөн көрмеген. Бірақ осы Барыс жылының басында Орынборда Генстің үйінде жетім балаларға тәрбиеші болып жүрген Алтыншашқа жолығып қайтқан Байтабын суық хабар әкелді. Патша ағзам жақында Перовскийді орнынан алып Орынбор әскери губернаторы етіп генерал Обручевті тағайындапты-мыс. Байтабын: «Сірә, Генсті де босататын көрінеді, ісін тексеруге жіберіпті»,— деп келген. Бұл хабарды естісімен қыстан тыныш шығуға айналған Кенесары түсінен шошып оянған адамдай қобалжи бастаған. Қарамағындағы рулардың басшыларына ат шаптырып «әскерлерін жылдағыдан гөрі ертерек, қар кетісімен, көк шығуға қарамай-ақ, Қара Кеңгірдегі Алашахан моласының жанына жеткізсін»,—деп хабарландырған. Өзі де сұрапыл соғарын сезген шағаладай әлденеге мазасы кетіп, біртүрлі тынышсыздана түскен. Өйткені бұлармен тіл тауып, бітімге келгелі отырған Перовскийді патша ағзамның тегін түсірмегенін сезген... Және астыртын Орынборға жіберген кісі арқылы, Генстің үйінде анда-санда бас қосатын офицерлердің сөздерінен «Обручевтің Кенесарыға сенбейтінін» Алтыншаш та хабарлаған. Бұрын Перовскийдің тәк-тәгімен әзер жүрген Горчаковтың енді бұған шабуыл жасайтынын Кенесары бірден ұққан.
Осындай қобалжуда көкек айы өте бастаған кезде, Кенесары азырақ бой сергітіп қайтайын деп қасына өзінің батырларын ертіп Ақсақал төбедегі тоқал әйелі қыстауының маңындағы қалың жыңғылды қыратқа аң аулауға шыққан. Бұлар жоқта, Батыс Сібір генерал-губернаторы жіберген есауыл Сотников басқарған әскер Қара Торғайда отырған Күнімжан аулын шабады. Біраз малы мен екі баласын қоса, Күнімжанның өзін бас етіп, он адамды ұстап алып кетеді.
Бұны естіген сұлтан аңнан қайтып келіп, Күнімжанның аулын кім шапқанын біле алмай әуре болып жүргенде, арасына он күн салмай, есауыл Сотников енді Ақсақал төбедегі Кенесары тоқалы мен Есенгелді, Саржан ауылдарына тиеді. Абайсыз отырған елді қанға бояп, жүзге таяу адамды шауып өлтіріп, мың түйе, үш мың бес жүз жылқы, он мың қоймен бірге жиырма бес адамды тұтқын етіп айдап әкетеді.
Горчаковтың бұл қылығына Кенесары бұлқан-талқан болып ашуланады, өзіңе кісі қыру керек болса, мен де көрсетейін деп атқа мінеді. Міне осылай ызаға әзер шыдап жүрген күндердің бірінде, ордада қағаз жазыл отырған Жүсіпке:
— Ертең сарбаздарымыз бас қосамыз деп уәделескен Алашаханның моласына жүреміз, барасың ба?— деді.
— Барамын,— деп жауап берді қанды оқиғалардың таяп келе жатқанын онсыз да сезіп жүрген Жүсіп ойланбастан.
Ертеңіне өзін қорғайтын Батырмұрат басқарған жасағымен Кенесары Алашахан зираты тұрған Қара Кеңгірге бет алды. Өзге батырларына да тез жетсін деп хабар берді. Бұл көкек айының аяқ кезі еді. Жер жаңа кеуіп, көгал шөп жылдағысынан ерте ду ете қалған. Арқадағы әлі бекініс салынып, мылтық даусы аң-құсын үркітпеген Арғынаты, Ұлытау, Кішітау, Айыртаулар алыстан мұнарлана көрініп, қиялыңды тербеткендей. Оның үстіне кең дала биыл өте-мөте көркем еді. Жел соқса құлпыра түскен шалғын. Иісі жұпардай аңқиды. Бетіңнен сүйген көктем желі. Ойында да, қырында да, көлінде де, шөлінде де сыңсыған құс... Табиғаттың осыншама сұлу суретін көріп мас болғандайсың. Қиялың көктем желіндей cap далаңды шарлай кезеді.
Кенесары осы ғаламат жердей расымен айрылам ба дегендей жан-жағына қайғыра қарап келе жатты. Екі баласы мен Күнімжаннан айырылғаннан бері тіпті өзгеріп кеткен. Бөлтіріктерінен айрылған бөрідей әбден қанкөзденіп алған. Жұртпен де тіс жарып сөйлеспейді. Бар зәрін ішіне сақтап бетінен қан-сөлі қашып, ақ сары жүзі сұрлана түскен. Қимылы, жан-жағына қадала кез тастаған келбеті, қайғыдан гөрі Кенесарының жүрегін ашу-ыза, кек билегендей.
Кенесарының жанындай жақсы көретін әйелі мен балаларынан айрылғанынан да басқа жүрегін өртеген күйігі бар. Жүсіп оны да біледі. Ол күйік — сұлтанның Арқа мен Кіші жүздің ел билеген кейбір би, ақсақалдарын өзіне ерте алмағанынан туған күйік.
Орынбор әскери губернаторының қарамағындағы орыс станица, бекіністеріне тимегенмен Кенесары ереуіліне қосылмаған ауылдарды шауып, малдарын айдап алуды тоқтатпаған. Ондағы ойы ақылға көніп соңынан ермеген жұртты талаумен, сойылмен қорқытып ергізу болатын. «Өз еркімен теңдігін, жерін бермеген қазақ ауылдарын орыс генералдары солдат шығарып, қырып-жойып, қорқытып тартып алғанда, біз неге сөйтпейміз»,— деп ойлайтын ол. Кенесары осы қорқытуды өзінің ел билеудегі бір ыңғайлы құралына айналдырған. «Қорқа-қорқа батыр болдық» дегендей, сойылы тым батқан жұрттың түбі өзіне жауға айналатынын ол ескермейтін. Ескергісі де келмейтін.
Кенесарыға ермей жүрген ел билеген адамдардың бірі Орта жүздің биі Жаңбыршының Балғожасы еді. Ол өзіне жақын жерде салынып жатқан Торғай бекінісіндегі солдаттарға арқа сүйеп, сұлтанның бірігейік деген сөзіне тіпті құлақ ілмей қойған. Осыған ызаланған Кенесары өткен жылы биді әдейі қорлағандай аулына қарындасы Бопай батырмен үш жүз сыпай жіберіп, Балғожаның бар малын айдатып алған. Малын қайтарып берсем Балғожа енді соңыма ерер деген Кенесары биыл оған кісі салған. Хатшысы Сидақ қожаны шақыртып алып, бір жағы бұйрық, бір жағы өтініші етіп оған елеңмен хат жаздырған.
Кенесары хатында Балғожаны мақтай, түбі жеріңді, еліңді орыс патшасы алады деп қорқыта келіп:
...Арғын, Қыпшақ ағасы!
Жыртылмасын, жарқыным,
Еліміздің жағасы.
Қанғандай-ақ болды ғой
Бұл қазақтың таласы,
Ойда Қоқан, қырда орыс,
Әкім болды қаласы.
Кімнен таяқ жегендей
Біздің қазақ баласы.
Быт-шыт болып жүргені —
Аузының аласы.
Тізгін берсе Кемеге,
Қанат қосса жебеге,
Қырмақ түгіл жауыңды
Дал қылмасқа немене! —
деп өзіне қосылуға шақырған.
Бірақ күш Кенесарыда емес, мол әскерлі ақ патшада екенін білетін Балғожа Кенесарыға қосылғысы келмейді. Аулын еркек емес, қатын Бопай шапқанына ызаланған би, тоналған малын садақа қылып, Кенесарыға улы тілді өлеңмен ашулы жауап қайтарған. Ол жауабының бір жерінде:
Қапияда кенеттен,
Орға түсер боларсың,
Қайтып шықпақ зор болар.
Сенің сұлтан, дұшпаның.
Жалғыз орыс емес-ті,
Қайда барсаң алдында
Құрулы тұрған тор болар.
Райыңнан қайтпасаң,
Түбінде әділ басың қор болар.
Былай барсаң Қоқан бар,
Қоқаңдаған әкең бар.
Былай барсаң Үйсін бар,
Үйсін толған байсын бар,
Жүрекке түскен түйсін бар.
Былай барсаң Бұқар бар,
Жайын болып жұтарлар,
Тау жайлаған қырғыз бар!
Жүрекке түскен бір мұз бар,
Артында қалған орыс бар,
Байғұс-ау, мұнда саған қайда қоныс бар!..—
деп Кенесарыға сен түбінде қор болып өлесің деп қорқытқан.
Қатеңді досыңнан қасың көреген. Бұл хат Кенесарының ең жаралы жеріне тиген. Сұлтан бар сұмдық салмағын салғалы тұрған жан-жағын қоршаған жауы барын Балғожа бисіз де білетін. Кенесары бұған ашуланған жоқ. Жауының көп екеніне көне тұра, бәріне жалғыз өзі қарсы шыққан жоқ па? «Не ойлаған арманға жету, немесе сол жолда құрбан болу!»— Сұлтанда бөтен шешім жоқ. Оны ашуландырған, ызаландырған — ел ағасы деген Балғожа би сияқты адамдардың Кенесарының осындай қиын жағдайында, қол ұшын бермегені, Кене ханға бас иіп, Абылайдың ақ туын көтерісудің орнына, іргесін мүлде аулақ салып, Россия патшалығына бет бұрып кетуі.
«Жарайды, менің жанымды түбі орыс, Қоқан, қырғыз біреуі алады екен ғой. Балғожа би, сен соны дәтке қуат етіп қуанады екенсің, оған дейін мен сенің жаныңды алайын!» деп Кенесары сол күні түнде бидің аулын қайта шауып, өзін ат құйрығына байлап өлтіруге бес жүз сарбазымен Жанайдар батырды аттандырды.
Бірақ Жанайдар батыр сұлтанның арманын орындай алмады. Жорыққа кетіп бара жатып, жолай қыз күнінен көңілдес Бопай аулына бір түн түнеп, дер кезінде бидің аулына жете алмады. Кенесары ордасымен жасырын хабардар болып отырған Балғожа, аулына Жанайдар батырдың шыққанын естіп, қарамағындағы бес жүз үйді ертіп көтеріле көшіп, Ор қаласының ар жағына қашты. Бидің жұртын сипап қалған Жанайдар батыр өзіне қарсы шыққан Ахмет сұлтан-правительдің солдаттарымен атысып, одан соң Сырға қарай көшіп келе жатқан Күкір бидің аулын шауып, көп малын олжа етіп қайтты.
Балғожадан айрылып қалуының шын себебін білмейтін Кенесары Жанайдар батырдың бұл олжасына да риза болды. Бірақ жазған хат Кенесарының есінен шықпай-ақ қойды.
Сұлтанның соңғы кезде тым тұнжырап кетуіне себеп болған осы хат екенін Жүсіп-Гербурт те жақсы білетін.
Бұлар Алашахан моласы тұрған Кеңгір өзенінің жазық беткейіне жеткенде басқа жақтың батырлары әлі келмеген екен. Кенесары шатырларын тігіп, сарбаздарды осы жерде күтпек болды. Арада үш-төрт күн өтті. Азық-түлігін түйеге теңдеп, әскерлерін соңдарынан шұбатып батырлар да келе бастады, Торғайдан Иман батыр, Елек пен ЬІрғыздың ортасын жайлаған Табыннан Жоламан батыр, өзінің үзеңгілес серіктері Ағыбай, Бұқарбай, Жеке батыр, Құдайменді батырлар алдымен жетті. Көп кешікпей Жанайдар мен Бопай да келді. Бірақ Кенесары әлі ешкіммен тіс жарып сөйлескен емес. Жайшылықтағы ақылгөйлері, соғыс ісінде кеңес беретін, қанды көйлек серіктері Таймас пен Әбілғазы да тіл қатпай қойды. Екі көзі қанталап, жұқа ернін тістеніп, жалғыз сергелдеңге түсуіне қарағанда ол енді бір батыл шешімге келген жан секілді. Сол шешімін орындауға тек ыңғайын күтіп іштен тынғандай.
Кенесары жасақтарының бас қосар жері Алаша.Хан бейітінің жаны. Бұл ара, үш жүздің қазақтарына тең орталық. Есіл, Нұра бойын жайлаған Орта жүзге де, Елек, Жайық жағасындағы Кіші жүзге де, Балқаш пен Сыр, Жетісуды мекен еткен Ұлы жүзге де жер кіндігі. Оның үстіне Алашаханды қазақ өзінің ең алғашқы ханы деп білетін. Сол себептен Кенесары Абылай атасының сүйегі жатқан Түркістан көп руға қашық болғандықтан, еліміздің хандық туын тіккен ортасы еді ғой деп ырым көріп әдейі осы араны қалап алған.
Алашаханның моласы қазақ елінің ең алғашқы хандық туын тіккен он төртінші ғасырдың аса бір көрнекті ескерткіші. Жасыл төккен жазық далада көк отаудай алыстан көзге түседі. Бұл — тана көзденген өрнекті құмайт кірпіштен қаланған, биіктігі мен көлденеңі бірдей, зәулім төртпақ мола. Үстінде көгілдір сырмен бояған үлкен күмбезі бар. Күмбездің төрт жағында, моланың төрт бұрышына тұрғызылған ақ кірпіштен қаланған әшекейлі төрт шағын мұнара... Күмбездің астына тас баспалдақпен көтеріліп баратын кең далыз. Ал моланың өзінің іші кең бөлме. Ортасында Алашаханның қабірі. Томпиған қабір топырағының үстіне ескі шүберектердің қиқымдары мен жылқының қуарған қу бастарын, аттың жал құйрығын үйіп тастаған. Әр жерінде ағаш найзаның ұшы көрінеді. Топырақ үстінде де бірнеше атам-заманғы қарағай найзалар жатыр.
Алашаханның жанында тағы екі мола бар. Бірі биіктігі он құлаштай, шым кірпіштен құйған Әмбұлақ ханның моласы, одан әріректе Алашаханның моласына ұқсаған, тек кішірек Жошы мазары. Бұл үшеуі де қазақтың ең алғашқы хандық құрған дәуірінің мұралары. Үшеуі жайында да сан түрлі аңыздар бар...
Кенесары қазір осы бейіттердің күнгей жағымен келе жатыр. Соңынан ерген ит тәрізді анандай жерден Қараүлектің салбыр бейнесі көрінеді. Сұлтан ашулы. Қайда бара жатқанын өзі де аңғармайтындай, қабағын қарс жауып сылбыр аяңдайды. Кенесарының қазіргі көкиығы» деп аталатын биіктің Қостанай жағындағы көл жағасындағы жайлауға көшкен Балғожа бидің аулына бір топ орыс балықшылары шықты дегенді естіген. Орынбор губернаторын Балғожа биге өшіктіру үшін жаңсыз барып балықшы орыстарды қырып келіңдер»,— деп бір топ жігітпен Байтабынды жіберген. Бүгін сол Байтабын қайтып келген.
— Жарлықты орындадың ба?— деген Кенесарының сұрағына, Байтабын сазара тұрып «жоқ» деп жауап қайырған.
— Неге?—деп Кенесары қайта сұраған.
— Хан ием,— деген Байтабын тізе бүгіп,— Балғожа биге жала жабу үшін жазықсыз балықшыларды бостан-бос қыруға дәтім бармады, кешіріңіз.
Соңғы жылдары Байтабынның өзгере бастағанын Кенесары аңғарып қалған. Батырдың өзі де мұнысын жасырмаған. Дегеніне көнбеген бір ауылды шапқаннан кейін сұлтанның өзіне де орынсыз қан төгудің керексіздігін айтқан. Кенесары іштей кектенсе де «өз еліне жаны ашығаны-ау» деген де қойған. «Ал бұл жолғысы не? Кімге жаны ашыған?» Бағана көп жылдан бері еңбегі сіңген батырына «бұйрығымды орындамағаныңды бір жолға кешірдім»,— деп сыр бермесе де, қазір оңашада ашуға шыдай алмай келе жатыр. «Жоқ, жоқ,— деді ол бір кезде,— тағы да бір сынап көрем. Егер Кіші жүзім деп жауымды наркескендей алып түспесең өз обалың өзіңе». Осындай шешімге тоқтаған Кенесары сәл басылайын деді. Ол енді жан-жағына ойлана қарады. «Бағана осы жаққа Жүсіп кетіп бара жатыр еді ғой? Қайда екен?» Сұлтан енді кілт бұрылып теріскей жаққа қарай аяндады.
Ал Гербурт-Жүсіп қолы бос уақытта осы Алашаханның моласының жанына келіп отыруды жақсы көретін. Оған осы айбарлы мола бір ғажайып асыл мүлік болып көрінетін. Моланың оқ-дәрі бұза алмайтын кірпіштерінің қандай құм-топырақтан құйылғанын, бес жүз жылдан бері алғашқы күндегісіндей түсін әлі жоғалтпай тұрған күмбез сырының неден жасалғанын түсіне алмай таң қалатын. Көшпелі елдің жүздеген жылдар бойы cap даланың желі мен жаңбырына шыдап келген осындай әсем ескерткіштер жасағанына мәз болатын.
Жүсіп бүгін де осы мазарға келген. Бір төбешіктің басына отырып алып, өлең жазуға кірісті. Тағдыр жазып, сонау қадірлі Польшасына қайтар болса Алашахан моласы да есте қалсын...
Көз жетпейтін жасыл дала,
Көргені азап, қиянат...
Ортасында ақ шағала,
Тұр күмбезді бір зират....
Өлең шумақтары асау өзеннің көк толқынындай бірінен соң бірі туып, бірін бірі баса-көктей, жер кемеріне сыймаған дариядай Жүсіптің де тар кеудесіне сыяр емес. Біресе қиял оны ұшқыр қанатына отырғызып ап ақша бұлттар жүзген көгілдір аспаннан да жоғары ала жөнеледі. Біресе тынық су бетінде ақырын тербелген қайықтай жан сезімі сәл тыныштала қалады да, кенет дауыл ұрғандай астан-кестен боп жүрегін ашу кернейді.
Жүсіп бар әлемді ұмытқан: өзінің қайғылы халін де, Кенесары ереуілін де, қымбатты Польшасын да, теп өлең дүниесіне, шабыт дүниесіне кіріп кеткен. Осындай халде отырғанында кенет біреу иығына қолын салды. Жалт қараса Кенесары екен. Анандай жерде Қараүлек тұр. Жүсіп шошынайын деді. «Не жазып қалдым?» Енді өлең дүниесі де, қиял, шабыт, әсем сәнді сезім әлемі де бірден ғайып болды.
— Қорықпай-ақ қой,— деді оның ойын түсіне қалған Кенесары,— сенің еш күнәң жоқ,— сөйтті де Қараүлекке «кет» дегендей қолымен ишарат етті. Анау бөтен жаққа көңілі ауған жайылып жүрген атан түйедей аспай-саспай бұрылын, шатырға қарай балпаң-балпаң басып жүре берді.— Сені көрген соң әдейі бұрылдым. Сөйлесейін деп едім... Шыныңды айтшы, туған еліңді сағындың ба?
Жүсіп шынын айтты.
— Сағындым. Әттең алыс, қашып кетер едім...
— Қашып кетер едім? Бұрын бұндай сөз айтпайтын едің ғой, әлде біздің көтерілісіміз сені қызықтырмайын деді ме? Өзімнің туған жерімде қалған арманымды сендерден таптым деп едің ғой. Сол сөзің әлі есімде.
— Ол сөзді мен қазақ елі өзінің еркіндігі үшін күресіп жүрген кезде айтқам. Польша бұқарасы Россия патшасының отаршылық ісіне қандай қарсы болса, мен келіп қосылған шақта қазақ халқы да сондай қарсы еді. Сендердің күрестерің маған ұнаған. Польшада қалған арманымды, осында тапқандай болғам. Ал қазір...
— Иә, қазір?.. Әлде сен бізді түскен жолымыздан адасты деп ойлайсың ба?
Жүсіп не болса да шынын айтуды мақұл көрді. «Мүмкін менің сөзім ой салар»,— деді ол ішінен.
— Иә, Кенеке,— деді Жүсіп тікелей қарап,— сен өзіңді хан етіп ақ киізге көтерткізгеннен бері, ұстаған жолың да, алдағы мақсатың да басқаша... Сенің күресің енді байлардың үстемдігін қорғайтын хандықты сақтау күресіне айналып барады. Бұдан қалың бұқараға келер қандай пайда бар? Кедей жұртқа өз ханына бағынды не, орыс патшасына бағынды не, бәрібір емес пе? Бұрын өзінің күн көрісі болған шұрайлы жерін, балықты көлін орыстың князь, генерал, графтарынан қорғап, қолына сойыл алған ереуіл бір басқа да, Абылай заманын көксеп, қазақты орыстан бөліп алып, қанын жеке сорамыз деген сұлтан, би, ақсақал, хан үшін күресу бір басқа. Бұл күрес тіпті зиянды, ол орыс пен қазақ халқының жақындасуына бөгет болады! Ал екі бейнетқор халықтың бірігуінде, жақындасуында олардың бар болашағы, бар алдағы жарық күні тұр.
Жайшылықта сөзге сараң, ұстамды Кенесары кенет бұлқан-талқан боп ашулана қалды.
— Қаны басқаның — жаны басқа деген осы. Абылай атамның жолын қуып арпалысқа шыққанымда орыс пен қазақты біріктіру үшін шықты дейсің бе? Жоқ, Жүсіп, Россия — дария, біз кішкентай ғана мөлдір бұлақпыз. Мөлдір бұлақ суы дарияға құйғанда несі қалады? Дария суы ащы болса, бұлақ суы да ащы болады, дария суы тұщы болса, бұлақ суы да тұщы болады. Бұлақтың бар болашағы тек дарияның ғана еркінде қалады. Менің күткенім сондай өмір ме? Жоқ, бұлақ дария болмай-ақ өз бетімен аға берсін дедім. Біз Россия патшасына бағынсақ ел деген аттан айырыламыз. Жоқ, қазақ бұрын Абылайханға бағынса, енді оның немересі Кене ханға бағынады. Өзім билеймін...
— Қалай билейсің? Жерінен, суынан айырылған жұрт ертең қайтара алмайтынына көзі анық жеткен күні, сенің соңыңнан еруді қояды. Кенесарының хандығын сақтаймын деп бостан-бос қырыла бере ме?
Кенесары кенет шабатын барыстай жиырыла қалды, шегір көздері қанталап, оң қолы беліндегі наркескеннің сабын кенет қыса ұстады.
— Сенің дос екеніңді білмесем...— деді ол ентіге сөйлеп, сөйтті де қолын наркескеннің сабынан қайта алды,— еліңді қалай билейсің дейсің бе? Россия патшасы бізді қалай билемек болды? Зеңбіректің оғыменен, жалаңаш қылыштың жүзімен емес пе? Мен де сөйтем! Дегеніме көнбеген елді аттың сауырына, қамшының бауырына аламын. Кімде-кім айтқаныма көнбейді екен, Кенесарының жасыл туының астында жүргісі келмейді екен— ол менің жауым. Россия губернаторы қандай қасым болса, о да менің сондай қасым. Не оларды өз дегеніме жүргізем, не біржолата қырып, жоқ етем. Екі шешім болуы мүмкін емес. Жауын өзі аяған өзі мерт болады. Бұрын жұртты жер-суыңды алып беремін деп ертсем, енді хандығыңды қорғаймын деп ертемін. Күшпенен қорқытып ертемін! Дәл осы айтқанымды ертең Жаппас руынан бастаймын. Бір үйін бос тастамай түндігін қылышпен турап, тайлы-таяғына дейін қалдырмай айдап алам!
Қыс Сырды мекендеп, жаз Торғай бойын жайлап көшіп жүретін Жаппас руының билері Көбектің Алтыбайы мен Төлегеннің Жанғабылы көптен бері Кенесарыға екі жүзділік көрсетіп келген. Қолдан келер қуат жоқ, іш қазандай қайнайды, сондықтан амалсыз жүрген. Доспыз деп ауыздары айтқанмен, іс жүзінде қастықтарын көрсете берген. Ел басын біріктірем деген Кенесары бұл билердің өз руларында ықпалды екенін еске алып жеңіл-желпі күнәләрін кеше салатын. Ал бұл билер ауылдары Сыр бойын жайлап, Торғайды қыстайтын. Жылқысын Мұғажар тауының ығына тебінге айдап, қойларын Орынбор шекарасында казак-орыс жерінде ұстайтын. Кенесары Торғайға көшіп келгелі, жайылымымыз тарылды деп екеуі бірдей наразы болатын. Кейде зекет те төлемей қоятын. Осыдан барып Кенесары мен билер арасында қырбайлық күшейе түскен еді. Оның үстіне биыл Торғайды қыстап қалған Алтыбай аулының он шақты жігіті жер білмейтін Сотников жасағына жол көрсетіп, Күнімжан мен Ақсақал төбедегі Кенесары ауылдарын шабуға қатынасқан. Бұны естіген Кенесары билерге өшігуде. Сұлтанның қазіргі кіжінуі сол өштіктің салдары.
— Жаппас ауылдарының қандай жазығы бар?— деді Жүсіп Кенесарыны тым ашуландырып алмайын дегендей, қаймыға сөйлеп,— жазығы жазғы жайлауын Арқадан көшіп келген елдердің жайлағаны ма?
— Ал Арқа елдерінің қандай жазығы бар? Жерін орыс губернаторлары тартып алғаны ма? Күнімжан ханша мен Ақсақал төбедегі аулымды шапқан Сотников жасауылдың әскерін кім басқарып келді? Жаппас жігіттері екенін білмейсің бе?
— Басқарып келген бір он шақты жігіт шығар. Ал қатын-қалаш, басқа жұрттың қандай күнәсі бар?
— Өзгесі күнәсіз болса күнәкарларын өздері неге жазаламайды? Бәрі Алтыбай бидің адамдары. Серкесі қайда бастаса, жұрты соңынан ереді.
— Онда Алтыбайдың көзін жой. Өзге жұртқа тиюдің қандай қажеті бар?
— Алтыбайдың да Алтыбай болып отырғаны соңынан ерер елі болған соң емес пе? Егер соңынан ерер жұрты жоқ болсыншы, көрейін мен оны!
— Сондықтан жазықсыз елді құрту керек пе? Одан да Алтыбайдың өзінен алу керек өшті.
— Жоқ, елі де жазықты. Жазықсыз болмаса, Алтыбайдың соңынан неге ереді?
— Мүмкін қорыққанынан еретін шығар? Айтқаныма көнгісі келмейтін елді дегеніме қорқытып жүргізем деп сіз де айтып тұрған жоқсыз ба? Қайдан білесіз, Жаппас руының қарашысы сізге ергісі келетін шығар, тек Алтыбайдан қорыққасын, амалсыз оның дегенінен шықпай отырған болар.
— Алтыбайдан қорқып Жаппас Кенесарыға қосылмай отыр дейсің бе? Сенің айтқаныңды дұрыс делік... Шынында да қазақ қорыққанын сыйлайды. Бүгін Жаппас руын шапсам, ертең Шекті өзі келіп қосылады.
— Онда Жаңбыршы ұлы Балғожа би неге келіп қосылмады? Сіз ол ауылды бір емес, екі рет шаптыңыз ғой.
— Балғожа би қорқау қасқыр секілді қорқақ. Ол орыстан қорқып отыр, содан маған қосылғысы келмейді. Жалпы алғанда қара қазақ — қорқақ жұрт, Балғожа би де қарадан шыққан.
— Кене хан, бұныңыз қате секілді. Мен көрген қазақ батыр халық. Қорқытып соңымнан ертемін деп жүргеніңізде оларды өзіңізден қашырып алмаңыз.
Кенесары кенет тұнжырап кетті. Шықшыттағы күре тамыры бүлкілдей ойнап, демін әзер-әзер алды.
— Сен Таймастан да, Әбілғазыдан да ақылды екенсің,— деді Кенесары сәл булыға сөйлеп,— бірақ енді халықты қорқытып қосудан басқа қандай жол қалды? Биыл жиналатын он мың әскермен Россия патшасы түгіл, Қоқан ханын жеңе алмайсың. Қоқанның өзіндегі таңдаулы галабатыр әскерін былай қойғанда бір ғана Эрмазар қорғанында он екі мың жауынгері бар... Оған Наманған, Андижан, Ош, Тақты Сүлеймен, Шархия, Ангара, Құрама, Ходжент, Ұратөбе, Ташкент әскерлерін қосып көр. Біздің Сыр бойындағы жұртпенен бас қосқандағы күшіміз жетері бар болғаны Ташкент. Бұның өзіне де рұхсат беріп отыр ма, өзіңе белгілі. Орынбор бастықтары мені Аллақұл ханнан он бес мылтық, бір арғымақ алды деп кінәлап еді. Ол өліп еді оның баласы Рахманқұл ханнан ер-тоқымы алтындатқан үш арғымақ үш қылыш, он екі мылтық, екі бас қорғасын сыйлық келді. Маған жіберілген тарту-таралғыға қарап Орынбор бастықтары мені Хиуа ханын жақтамақ болып жүр дейтін көрінеді. Хиуа мылтықтары жақсы, үш жүз қадам жердегі құсты құтқармайды. Ал «Көктолғай» секілді ақалтеке арғымақтары тек жауға мінуге жаратылған. Бірақ жұрт Кенесарының кім екенін білмейді. Мен Хиуа ханының жұмсауына жүруден көрі, Хиуа ханының өзімнің жұмсауымда жүргенін жақсы көретін адаммын. Хиуаға ұзын ырға сенім білдірген болсам, оның маған сеніп Бұқар ханымен өштесе түссін дегенім. Қазаққа Бұқардың да, Хиуаның да, Қоқанның да күшейгені керек емес. Үш қасқыр бірін бірі таласын, мүмкін үшеуі бірдей әлсіреген кезде бізге де пайда түсер? Енді өзің ойлашы, он бес мың салт атты сарбазбен Россия патшасын да, Қоқан ханын да жеңе алмайсың. Ал Орынбормен қан төгіспей бітімге келеміз деген ниеттің неге апарып соққанын өзің де көріп отырсың. Күнімжан мен екі баламнан айырылғаннан басқа не таптым? Енді не істеу керек? Қой секілді үн-түнсіз аяқ серіппей бауыздала бер дейсің бе? Ең болмаса ешкі тәрізді бақырып өлген құрметті.— Кенесары кенет сұстана қалды.— Бірақ мен ешкі де, қой да болмаймын. Ажал табар болсам батырларша ажал табам. Көшіп-қонар жеріміз әлі де бар, әлі де алысам. Бұрын құр ғана ереуілшіл ел болсақ, енді хан билеген елміз. Жауымыз бізбен санасуға мәжбүр болады. Ал мұны істей алмасаң...
— Оны істей алмайтыныңызға көзіңіз әлі де жеткен жоқ па?—деді Жүсіп Кенесарыны кенет аяп кетіп.
— Көзім әлі әбден жеткен жоқ. - Ол кенет шаршап кеткендей болды.— Бірақ сен дұрыс айтасың... Жерін алып бере алмайтынына көзі жеткен қазақ әлі-ақ ертең тарай бастайды. Ал оларды таратпау керек.
— Қалай таратпайсың?
— Күшпен таратпаймын!— Кенесары кенет ызалана дауыстап жіберді.— Күшпен басын қосамын! Көнбеген ауылды шабамын, қарсы келгенінің басын аламын. Көнбей көрсін!
— Өйтіп жұртты қырып хандық құрудың қанша қажеті бар? Өз елін, өз жұртың емес пе...
— Кенесарының жасыл туының астына кіргісі келмеген жұрт жұрт емес!— Ол бұрынғысынан да сұрлана түсті.— Ондай елдің мейлі қаны судай ақсын, мейлі бәрі қойдай бауыздалсын, егер оған қабағымды шытсам, Абылай атамның аруағы атсын!
Жүсіп Кенесарының мұндай түрін бұрын көрген емес. Және оның нағыз шын сырын дәл қазіргідей шешіле айтуын алғашқы рет естуі. Кенесарының айтқанын орындайтынына Жүсіп күмәнданған жоқ. Өйткені төре тұқымдарының халықты қоймен тең көретінін, қаныпезерліктің арқасында қалың бұқара тағдырын ойыншық санайтынын бұрын да білетін. Ал Кенесарының ойлаған мақсатына жету үшін қара халық түгіл, өзінің туған әкесін де құрбан ете алатынына талай рет көзі жеткен. Мұндай жауыздық қаракетпен арманға жету әдісі Шыңғысханнан, Ақсақ Темірден қалған. Шыңғысхан қанішерлікте болат қанжар, болса, Кенесары. сол қанжардың кішкентай сынығы. Болат қанжардың қанға суарылған сынығы. Араларында алты ғасыр өтсе де қанқұмарлық түбі бір. Одан қайда кетеді? Жүсіп енді әбден ашынған Кенесарының ешкімді аямай, дегеніне көнбеген елді қанға бояйтынына шек келтірмеді.
Өзі де солай болды. Бұрын тек өшіккен аға сұлтандардың би, датқалардың аулын шауып, малын айдап алатын болса, енді солардың қарамағындағы жазықсыз елдерді де шабуға кірісті. Патша үкіметінің санағы бойынша Кенесары он жыл көтерілісінің ішінде жүз жетпіс бес ауылды тонап, бес жүз жазығы жоқ кісі өлтіріпті. Соның бестен төрті ақырғы бес жылына жатады.
Кенесарының шешімінен жаны түршігіп кеткен Жүсіп, ханды орынсыз қан төгуден тоқтатқысы келді.
— Алтыбай аулын шапсаңыз, өзіне берілген бидің өшін қайтарамыз деп патша үкіметі қатты шара қолдануы мүмкін, Олардың қолында қазір екі балаңыз бен Күнімжан ханшаның барын ұмытпаңыз. Егер Алтыбай аулында қан төгілсе...
— Аршабоқ пенен Обыріш менің де қатын-баламды өлтіреді дейсің бе?—деді Кенесары, ауыл қазақтарының қойған аты бойынша Горчаковты «Аршабоқ», Обручевті «Обыріш» деп атап.— Жоқ оны істемейді. Онда мен қолымдағы есірей орыстарды өлтірем. Және орыс жанаралдарына біздің бірімізді біріміз қыра бергеніміз тиімді емес пе? Жерлері кеңиді. Ал алда-жалда...
— Иә, алда-жалда?..
— Саған айттым емеспін бе, өз дегенімді істеу үшін ештеңеден де тайынбаймын деп?..
Жүсіп шошып кетті. Кенесары оған бір аяу, мүсіркеу, қиналу дегенді білмейтін тас мүсін тәрізді көрінді. «Иә, бұл тас мүсін, мұнда жүрек жоқ. Жүрегі болса өзінің жақсы көретін қатын-балалары жайында бұлай дер ме еді?.. Мұндай адамды түсіну қиын. Жоқ, бұл адам емес, қара тас. Ал мейірімсіз қара тасты қалай түсініпсің... Әлде осындай қара тас болуға ашынғанынан барып отыр ма?»
Кенесары тағы да оның ойын бөліп жіберді.
— Сен мені өз бөлтірігін аямас бір қорқау қасқыр екен деп тұрған шығарсың,— деді ол, даусы кенет дірілдеп кетіп,— олай ойлама! Менің де жүрегім бар. Әйелім мен балаларымды мен аясам да олар аямайды. Болар іске болаттай болу керек. Әйтпесе қайғы деген қашан да болса адастырады. Адаспас үшін қайғы дегенді біржолата жүрегіңнен қуу керек. Бүйі қысылғанда өзін өзі шағып өлтіреді. Мен сол бүйі құрлы жоқпын ба? Өзін аямаған кісі аузын қан етеді. Қатын-баламды да құрбан ете алатынымды жауым көрсе, менен бұрынғысынан да қорқады. Ал қорықпаған жерде сыйласу жоқ, хан деп санасу жоқ. Ал егер хандығымды берік ұстағым келсе, елге де, өз басыма да аяушылық етпеуім керек. Қаталдық жеңістің ең керек шарты.
Жүсіп енді Кенесарыдан шын шошынды. Кенет оның алдына осыдан үш жыл бұрын Сыздықты қалай сынағаны елестеп кетті. Жүсіп балажан болатын. Бірақ о жолы Сыздықты пышаққа түседі деп аяған жоқ. Аяған болса бұлай сынамаңыз деп Кенесарыға жалынар еді. Жүсіп оны істемеді ғой. Өзінің осы қылығын ол артынан сан рет ойлады. «Неге мен сонда Сыздыққа ара түспедім? Әлде Сыздықты мен бірдеңеден жек көрдім бе, немесе онда адамның ішін жылытпас бір мінез бар ма еді?»— деп шешуін таба алмай сан басы қатқан. Сол сұрағына кенет Жүсіп шешім тапқандай. «Ие, ие, дүниеде осы сұлтандар тәрізді қасқыр тектес жандар аз емес шығар. Адам олардың тірі жүргенінен өлгенін тілейтін болар. Жұрт тегі қасқырды немесе бөлтірігін өлтірдім деп опық жемейді. Менің де жүрегімді төре тұқымына деген өзім әлі аңғара қоймаған сондай бір сезім билеген екен... Сол күні Сыздық туралы соншалық қиналмауыма әлгі жасырын сезім себепкер болғандай ғой. Ал қасқыр тектес тұқымының Кенесары шын арланы. Арланы болмаса әлгі жан түршігерлік сөздерді айтар ма еді?»
Кенесарының әйелі мен балаларын қаншалық жақсы көретінін Жүсіп есіне түсіріп, ызаланған сұлтанды орынсыз қан төгіске барғызбас үшін тағы ақыл берді:
— Күнімжан ханшаны балаларымен қазір Ордан Орынборға әкелді деген сыбыс бар, қолымыздағы тұтқын орыс офицерлерімен айырбастайық деп әскери губернаторға хат жазсақ қайтеді?
Кенесары кенет елең ете қалды.
— Бұл табылған ақыл. Барон Уйлер мен есауыл Лебедевті былай қойғанда біздің қолымызда жиырмаға тарта есірей орыс офицерлері бар. Соның бәрін, Күнімжанды бас етіп біздің ауылдан алып кеткен отыз бес адамға айырбастасын. Солай деп хат жаз. Және...—Кенесары ойлана қалды.
— Тағы не айтпақ едіңіз?..
— Жанарал Обыріш келгелі арамыз шиеленіп бара; жатыр-ау... Орынбор әскері шықпағанмен Омбы солдаттары қояр емес. Әрине мұның бәрі Аршабоқ пен Обырішсіз болып жатқан жоқ. Орынбор бізбен әзір жауласпай отырса, ол ана Кеністің шаруасы. Ертең Кеніс келе қалса, басымызға әңгір-таяқ ойнайтыны даусыз. Сондықтан күні бұрын Обыріштің өзіне тағы бір хат жазайық. Ақырғы рет алдынан өтейік...
— Хатты не деп жазамыз?
— «Алдыңғы жылы Орынбордың әскери губернаторы мен жанарал Кеніс құрметті патша ағзамның атынан бізге мәнәпөс жариялап, бар күнәмізді кешкен. Мұндай қадірлі адамдардың сөзіне сеніп біз ақ патшаға қарсы мылтық ату мен қылыш жұмсауды тоқтатқан едік.. Ал биыл наурыздың жиырма бірінде, өзіміз аңға шығып кеткенде, Омбы қаласынан шыққан Сотников жасауыл басқарған жасақ аулымызды шауып, мал-мүлкімізді талап, Күнімжан сұлтаншаны бас етіп, бірнеше адамды ұстап алып кетті... Бұндай жағдайда жақсылықты бір құдайдан болмаса, орыс бастықтарынан күтуге болмайтынына көзімді жеткізді» де. Және жалынған адам секілді көрінбей, әлі де болса тігім-бітімге келейік деген көңіл білдір...
— Мақұл.
— Оған көнбесе өз обалы өзіне. Боса да бізді аямайды екен, біз де оларды аямаймыз.
— Түсінікті.
— Және осы уақытқа дейін бұлан құйрыққа салып бізге қосылмай алдап жүрген билердің бәріне де хат жазыңдар. Әсіресе Назар руының ақсақалдары Байтөре мен Қаракүшікке...
— Хатты не деп жазайық?
— «Мені ханымыз деп ұқсын. Айтқаныма көнсін, айдауыма жүрсін. Сөйтсе біз де оған қорғанбыз. Бұрынғы күнәларының бәрін кешеміз. Ал бұны істемесе... Отыз жыл жауабын күтемін, жауап ала алмасам, қалған отыз жылда өздерін жазалаумен өтемін» де... Осындай хатты бізге теріс қарап жүрген Жаппас руларының билері секілді өзге билерге де жазыңдар.
— Жақсы.
Күн де батуға айналған екен. Сөніп бара жатқан алтын сәулесі Алашаханның көгілдір күмбезінің үстінде ойнап, ерекше сәулеттендіріп түр. Кенесары әлдекімнің аяғының сыбдырын естіп артына бұрылды. Таймас екен.
— Кенеке, Орынбордағы балалардан жасырын шапқыншы келді.
— Жақсылық па, жамандық па?
— Жамандық.
Кенесары сол түсін өзгертпеген қалпында сәл кідірді...
— Қазір жақсылық күту қиын болар... Не дейді Алтыншаш келін?
— Жіберген хабарына қарағанда жанарал Кеніс пен әскери губернатор Обыріштің арасы нашар көрінеді...
— Жаман хабарың осы ма?
— Екі түйе сүйкенсе ортасында шыбын өледі. Екі жанаралдың келіспеуінен біздің қазақ мәселесі күйрейді. Граф Перовский кеткеннен бері біздің бар сенеріміз Кеніс емес пе?
— Қазақ мәселесі күйреп болған жоқ па? Енді олардан не күтесің?
— Үмітсіз тек шайтан ғана, Кене хан. Әлі де болса Орынборменен тіл табу керек.
— Мен тіл таппаймын деп жүрмін бе? Тіл тапқысы келмейтін өздері емес пе?
— Күштінің арты диірмен тартады, тіл табу біздің жақтан болу керек.
— Сонда, Таймас, тымағыңды алып алдына барып жүгін дейсің бе? Жүгінер де едім, тымағыммен бірге басымды қағып тастамасына көзің жете ме?
— Жоқ, олай жүгінуге болмайды. Қазақ дене болса, сен бассың. Бастан айырылып дене күн көре алмас. Мен тек қалауын тапса қар жанады, басқа жол іздеу керек деймін.
— Сонда қандай жол бар?
— Бұл ойдың түбіне өзім де жете алғам жоқ... Әбден иіскенінде алдыңа салармын.
— Жақсы, тағы қандай хабарың бар?
— Әскери губернатор бізді құртуға Петербордан тағы он төрт мың ақша сұрапты... Оның үстіне тағы үш мың сом.. Ол ақша... Кешіріңіз, Кенеке сіздің басыңызды әкелген адамға сыйлыққа берілмек екен...
Кенесары езу тартып күлді.
— Менің басымның төлеуін соншама арзан санағандары қалай? Өздері бір жылқыны отыз бес сомға бағалағанда, ең болмаса мың жылқы тұрмағанымыз ба? Аршабоқ Петерборға жазған қағазында Кенесары отыз жетінші, отыз сегізінші жылдары Россия патшалығының саудасына екі жүз сексен мың зиян келтірді депті ғой! Осындай Жанаралдармен қалай тіл тап дейсің?
— Тіл табу керек. Өйткені олар күшті, сенің басыңа баға қойып отырған солар ғой...
— Күшті екен деп қорыққанымнан тізе бүгем бе? Таймас, әлде сен Кенесарының мінезін білмейтін бе едің?
— Білемін. Білгесін айтып тұрмын. Қиындықта жол таба алмайды десек, хан етіп көтермес едік. «Ашу — жау, ақыл — дос». Бұны қазақ білмей айтқан ба? Көтерілісіміз шаңқай түсіміз еді десек, хандығымыз екіндіміз тәрізді, енді біржолата жер астына күндей батып кетіп жүрмейік, әлі де ойланалық...
— Жарайды, ойланайық. Тағы нең бар?
— Батырмұраттың жасағындағы Гаврилов деген қашқын сыпай... осында келіп жүрген саудагерлер арқылы сенің басынды алуға Орынборға уәде берген көрінеді. Мұны қысты күні істеу жеңіл депті. Обыріш егер Гаврилов бұны істесе, оның солдаттықтан қашқан күнәсін кешіртемін деп Петерборға қағаз жазыпты. Балалар осы сыпайдан сақ болсын депті.
Кенесары түнеріп кетті. Бағанадан бері үндемей тұрған Жүсіп:
— Гавриловтың өзінің басын алу керек,— деді кенет қатуланып кетіп,—және өзгелерге сабақ болсын, бұл үкімді осындағы қашқын солдаттардың көзінше орындаған дұрыс.
Кенесары ойлана жауап берді.
— Алдымен тексерген жөн... Арам ойы анықталса Қараүлекке тапсырармыз... Жұрттың бәріне сенбегендей, оның ажалын өзгелерге үлгі етудің керегі қанша?..
«Дегенмен бұл ақылды адам, деді Жүсіп ішінен, менікі ағаттық болды. Бір шіріген жұмыртқа үшін, өзгелерге де байқа деп сенімсіздік көрсетудің, әрине, қажеті жоқ...»
Таймас тағы да бірдеме айтқысы келгендей Кенесарыға қарады. Сұлтан оның ойын түсініп:
— Айта бер;— деді енжар,— тағы қандай сұмдығын бар...
— Дәулетші құйып болған зеңбірегін кеше сынаған екен... Заводтағыдай жасау қиын ғой... Әлде салған оқ-дәрі артық болды ма, от қойып атқан шақта күл-талқан бопты. Жанында тұрған Дәулетшінің өзін де мерт етіпті...—Кенесары тұнжырап кетті. Құйылып жатқан зеңбіректерден үлкен үмітті еді. Бұл үміт те құр дәмелендірді де жоқ болды. Ол:
— Топырағы торқа болсын,— деді күрсініп,— жақсы шебер еді, ардақтап көмілсін...
Бұдан кейін үн-түнсіз үшеуі қостарына қайтты.
Үш күн бойы батырлар, сұлтандар, ақсақал, билер жаңа хандықтың қандай болуын талқылап, төрт мәселе қарап мынандай қорытындыға келді:
Бірінші шешкендері әскер мәселесі. Бұрын Кенесарының қарамағында сегіз мың атты әскер болатын. Және бұлар жаз жиналып, қыс тарқайтын. Сұлтан маңында қорған боп қысты күні бес жүздей ғана сарбаз қалатын. Кеңес енді әскер санын жиырма мыңға жеткізуді жөн деп тапты. Және бұл әскердің бес мыңы қысы-жазы хан ордасының маңында болады. Әр жүзбасы, мыңбасы өздерінің қарамағындағы әскерін осы жаздан бастап орыс әскерлерінің тәртібімен соғысу әдістерін үйретеді. Мылтық атуды, найза, сойыл пайдалануды, жаяу соғысуды төгіс өтеді. Жүзбасылардан төменгі жауынгерлер кеудесіне үш қатар жасыл жуан жіп іліп, иығына тілдей жіңішке жасыл шүберек тағатын болады. Жүзбасылардан бастап одан жоғарғылары мұндай белгіні қызыл шұғадан етеді. Ал ең жоғарғы қолбасшы Кенесарының өзі үстіне көгілдір шапан киіп, иығына орыс полковнигінің эполетін тағады. Мыңбасына әйгілі батырлар мен атақты сұлтандар тағайындалады. Өзіне сенімді адамдардан мыңбасылар тағайындау ханның өзіне тапсырылады. Бұлардан бөтен жеке мың адамнан мергендер тобы құрылсын делінді. Оған мыңбасы етіп Байтабын белгіленді.
Әскерде бұдан былай қарай мықты тәртіп орналсын деп шешті жиналғандар. Тәртіп бұзушыларға Кенесары «шық» деп аталатын жаңа жазаны қолдануға рұқсат етілді. «Шық» тәртіп бұзған адамның бетіне қылышпен, не найзамен белгі салу. Мұндай белгісі бар жауынгер өзінің айыбын ерлікпен, немесе адалдығымен ғана жууға тиісті. Екі рет «шық» белгісі салынған адам — билер сотына түседі, малмен, не басқа ауыр шарамен жазаланады (үй ішінен бір жыл бөлек ұстау, не болмаса қой бақтыру тәрізді). Үш рет «шық» белгісін алған адам, Кенесары тобынан қуылады, ал жазығы ауыр болса, өлім жазасына бұйырылады. Жаңа хандыққа осындай тәртібі күшті әскердің керектігін айта келіп Кенесары, «қазақтың атақты ханының бірі Қасым соғысты жақсы кермесе де, қарамағындағы бір миллион жанның төрттен бірін атқа қондырып, найза ұстаттырған екен. Екі жүз елу мың әскері бар Қасым ханның айбарынан сескеніп, еш жауы оған қарсы соғыс аша алмаған. Ал біздің заман ондай заман емес, үш жағыңнан бірдей қаптаған жау. Оларға жем болмау үшін бізге айбарлы қол керек. Қазір қарамағымызда бала-шағаны қосқанда бір миллиондай адам бар. Бүгінгі бала ертең жауынгер. Миллионға таяу жаннан жиырма мың сарбаз шығар деп сенемін»,— деп сөзін бітірген. Ру басшылары, батырлары Кенесарының бұл ойын мақұлдаған. Және уәделеріңде де тұрды. Келесі жазда Кенесарының қарамағында жиырма мың әскер болды.
Екінші қаралған — қалың әскер жинаумен байланысты оны жабдықтау мәселесі еді. Кеңес бір ауыздан хандыққа жататын елден салық алынсын деп шешті. Салық екі түрлі болсын делінді. Бірі мал салығы «зекет». Екіншісі «егін салығы «үшір». Зекеттің мөлшері: қырық қараға дейін салық салынбасын, қырықтан жүзге дейін малы бар адам бір қара, ал жүзден артық малы бар адам, жүзден артық әр қырық қарасынан бір бас беретін болды. Ал «үшір» салығы жайында, осыншама әскерді асырау үшін әр егіншінің жылда алатын бидайының оннан бірін хандықтың қоймасына құйылсын деп шешті жиналғандар. Егін салығына келгенде кеңесте бірталай сөз көтерілді. Кенесары, қарамағындағы Торғай, Ырғыз, Сырдария, Іле өзендерінің бойы мен көптеген көлдердің жағасын жайлайтын елдерден бұдан былай қарай егін шаруашылығымен қатты шұғылдануын талап етті. Өйткені Орынбор әскери губернаторына қарайтын қазақ ауылдары көптен бері-ақ егін салуға құмарланған-ды. Бірақ бұған Перовский де, одан бұрынғы Орынбор әскери губернаторы граф Сухателен де қарсы болып келген. Екеуі де қазақтың тек мал шаруашылығынан аумағанын жақсы көрген. Сухателен: «Қазақтар еш уақытта да астық екпеулері керек, ешбір ғылым түгіл, тіпті бірде-бір кәсіп білмей, өмір бақи мал бағып қана көшіп жүрулерін бар жан-тәніммен тілер едім»,— деген пікірді мақұлдаса, ал Перовский егінді тек казак-орыстарға салдыртып, қазақтарды астықты солардан қымбат бағамен сатып алып тұруға мәжбүр етуді дұрыс көрген. Бұл туралы генерал Обручев өзінің соғыс министріне жазған баяндамасында: «Бұрын менің орнымда болған генерал-адъютант граф Перовский, қазақтардың егін егіп, отырықшылыққа айналуына өте-мөте қарсы болып келген. Оның бүйтуіне қазақтар өздері еккеннен гөрі, астықты бізден сатып алып, Россияға байлаулы бұзаудай тырп ете алмасын деген ой себеп болған»,— деп Перовскийдің ойын дұрыс жазған.
Сондықтан Орынбор шекарасында отырықшы қазақ поселкелері пайда бола қалса, оларды алдыменен граф Сухателен, одан кейін генерал-адъютант Перовский жойып отырған.
Өшпес барымта, жұт, оның үстіне Россия солдаттары мен өзінің сарбаздарының шабуылынан қарамағындағы елдің тіпті жүдеп кеткенін Кенесары жақсы білетін. Сол себепті кей қазақ ауылдарының егін егумен шұғылдануы олардың өз шаруасын көтерумен қатар, болашақ қалың әскерді астықпен қамтамасыз ететін ең тиімді жол деп тапты.
Бұл мәселені қарағанда тағы бір ойланатын жағдай туды. Ол — салықтарды кім жинайды және қалай жинайды деген мәселе еді. Бұрын патша салығы болсын, Қоқан хандығы салығы болсын, әр рудың, әр ауылдың басты адамдары жинайтын. Кеңес Кенесарының өтініші бойынша бұл тәртіпті де өзгертті. Зекет, үшір бұдан былай қарай әр ауылдан, әр рудан Кенесары өзі белгілеген жасауыл арқылы жиналсын делінді. Кенесарының бұндағы ойы, қазақ жеріндегі жоғарғы үкімет — ханның дәрежесін көтеру еді. Жиналғандар бұған да көнді.
Үшінші әңгіме — ел билеу, әкімдік жүргізу, билік айту жайында болды. Бұрын ел арасының дау-жанжалдарын, барымта, жесір дауын ру билері, ақсақалдары шешетін. Осы кеңестен бастап мұның бәрін әр рудан Кенесарының өзі тағайындаған билер шешсін десті. Бұндағы саясат тағы да хандықтың дәрежесін көтеру еді. Екі рудың болмашы таласы, жесір ісі, яки шабындық дауы секілді жеңіл шешілер жанжалды да, осы Кенесары бекіткен билер қарайды. Ал кісі өлімді барымта, ел шабу тәрізді ауыр қылмысты істі ханның өзі шешеді. Кенесары қарамағындағы ел мен Россия империясына жататын рулар арасындағы таласты аға сұлтандар қарайтын болады. Ал кейбір асқынып кеткен іс болса, Орынбор шекара комиссиясына хат жазылып екі жақ бірдей шешімге келуді дұрыс тапты. Кенесары қарамағына жатпайтын рулардың таласы, егер екі жақ бірдей келісіп ханға жүгінісе келсе, хан жарлығымен тағайындалған билер кеңесіп үкім айтулары мүмкін деп табылды. Осы мәжілісте Кенесары қазақ елінің бірлігін бұзады деп ру арасындағы барымтаны тыйдыру ісін әдейілеп: «Бұрын есікте жүрген құл өлсе қожасы құн төлемейтін. Құл да ел қорғауға жарайтын жан» деп өлген құлға құн төлететін еткізді.
— Төртінші және ең ақырғы мәселе — сауда-саттық жайында еді. Бұрын Кенесары қазақ жерін Россия патшасына Шығыспен сауда-саттық жүргізу үшін керек деп қана ойласа, енді салынып жатқан бекіністерге, көшін келіп орналасып жатқан казак-орыстарға қарап бұның бәрі отарландыру саясаты екенін түсінген. Бұрын керуендерді тонап, Россия мен Орта Азия хандықтарының сауда-саттық байланыстарын бұзып келсе, енді бұл саясатынан қайтты. Керуенді өткізбеудің орнына салық салынсын делінді. Бұл салық әр түрлі болуға тиісті. Өзіне дұрыс қарай бастаған елдерден, рулардан аз, ал теріс қарайтын жұрттан көп алынады. Мысалы, Жаппас руының әр қосынан үш түйе, жиырма төрт зат, татар саудагерлерінің қосынан бір ат, сегіз зат алса, бұқар саудагерлерінің қосынан тоғыз зат қана салық алынылып, ал арғын руларының керуендері тіпті тегін өтетін болсын деп бекітті.
Бұнымен қатар мәжіліс шекара орыс поселкелерімен орынсыз жанжалды тоқтатып, олардан астық сатып алу ісін жөнге қойсын деді. Сонымен қатар әскерге керек қару-жарақ, қорғасын, оқ-дәрімен қамтамасыз ету үшін Хиуа, Бұқарлармен де сауда-саттық қарым-қатынасының күшейтілуін талап етті.
Осындай шешімге келген ру бастары батыр, сұлтан, би ақсақалдардан Кенесары тағы да бір өзіне өте керекті билік алды. Ол Хандық Кеңесі жайында еді. Әбілқайыр баласы Нұралы кезінде Абылай тұсында жойылып кеткен хан жанындағы Хандық Кеңес қайтадан құрылған. Бірақ ол Хандық Кеңестің қақы үлкен болатын. Хан күрделі мәселені Хандық Кеңессіз шешуге тиіс емес-ті. Егер Хандық Кеңес дұрыс көрмесе, хан қандай ойлаған ісі болса да бас тартуы керек-ті. Кенесары жанынан да осындай Хандық Кеңес құрылды. Бірақ бұл Хандық Кеңес ақылшы ретінде ғана тағайындалып, барлық билік ханның өз қолында қалды. Оның шешімі кімге болса да заң, Хандық Кеңесте қолбасшы батырлар да, қарамағындағы ел де хан шешімін бұлжытпай орындауға тиісті делінді.
Көздеген арманына жеткен Кенесары, мәжіліс біткеннен кейін ең жақын серіктерімен тағы да біраз ақылдасып, кейбір әскер тобының ойын-өнерін көріп, бір жетіден кейін Қара Торғайдағы өз ордасына қайтты. Көп кешікпей хан төңірегіндегі жайылымға жасақтарын ертіп өзге батырлары да жинала бастады. Жаңа алған тұжырым бойынша әскери ойын қыза түсті.
Биліктің бәрін қолына алған Кенесары енді хандық әмірін жүргізіп, кектескен руларынан, тіпті кейбір жеке адамдардан өшін алуға кірісті. Ол Орынбор әскери губернаторына жататын орыс поселке, бекіністеріне тимей, бұл ісін Батыс Сібір генерал-губернаторының шекарасындағы бекіністер мен өзіне бағынғысы келмеген қазақ ауылдарын шабуылдаудан бастады... Енді екі жақтан бірдей қан төгіс күшейе түсті.
Кенесары жаздың ортасында Торғай бойына жаңа келіп жайлауына қонған Жаппас ауылдарын шапты. Алтыбай сұлтанды ат бауырынан өткізіп жаралап, қос к.ызын бірдей ат артына мінгізіп, аулына алып келді де осы айқаста көзге түскен екі сарбазына зорлап қосты. Мұндай қорлыққа шыдай алмаған Алтыбай көп кешікпей қайтыс болды. Өлер алдында немере інісі Жанғабылға «тірі жүрсе менің кегімді Қасым балаларынан алсын» деп аманат айтты. Бұрыннан да өш Жанғабыл, енді бар ызасын ішіне түйіп Кенесарыны мұқататын жол іздейді. Таба алмайды. Қол жинап аулын шабуға бата алмады. Бірнеше рет әскер сұрап Орынбор бастықтарына барды. Кенесарының айтқаны келді, өз бекіністерінің мазасын алмаған соң, Алтыбай үшін соғыс ашуды жөн көрмеген әскери губернатор «қоя тұр» деп Жанғабылды тоқтатты. Кенесары хандығын біржолата құртпақ болып дайындала берді. Тіпті Кенесары әзірге адаса тұрсын дегендей, Орынбордағы Күнімжанға бұрынғыдай қысым көрсетпей, қасындағы кішкентай балаларын орысша оқытуға рұқсат етті.
Бұл кезде Орынбор әскери губернаторының қарамағына жататын солдаттан бір-ақ адам өлді. Ол қашқын Гаврилов. О да өз ажалынан, немесе соғыста жүріп өлген жоқ, жақын жердегі шұбарға Қараүлек екеуі ағаш әкелуге барған жерде дәл желкесінен «діңгек түсіп» мойын омыртқасы үзіліп қаза болды. Гавриловтың өлімінен Орынбор бастықтары ойымызды сезіп қалған екен деп сезіктенбесін деп Кенесары, жерлеуіне өзі қатынасып, қашқын сыпайды аққа орап, ардақтап көмгізді.
Сөйтіп жүргенде қанды қылышты қырық үшінші жыл келеді. Мұнымен бірге қыс өтер-өтпестен Генс алынып, орнына генерал Ладыжинский тағайындалыпты деген сөз қазақ жеріне тағы жетті. Бұл сөз шын болып шықты. Кене ханға мұны көптеген маңызды хабарлармен бірге Генспен қоштасып айырылған Алтыншаштың өзі әкелді.
Тек Күміс қазақ жеріне қайта оралмады. Мінезімен, қызметімен Генске ұнаған қыз, Қоңырқұлжа қылығымен қорланып, генералдың үй ішімен Петербургке жүріп кетті. Қазір өш алуға қолынан ештеңе келмегенмен, төрт жыл өткеннен кейін осы Күміс Қоңырқұлжаның Ақмола аға сұлтандығынан түсуіне себеп болды.
IV
Бір мың сегіз жүз қырық үшінші, Қоян жылы, маусымның жиырма жетісі күні, Бірінші Николай патша Орынбор әскери губернаторына Кенесарыға қарсы жасақ шығарып, оның басын әкелген адамға берілетін үш мың сом сыйлық, ақшаны шаңырақ салығынан төлеуге рұқсат етті.
Осындай шешімге келетінін күні бұрын білетін Соғыс Министрімен тікелей байланысы бар Орынбор әскери губернаторы Обручев Кенесарыға қарсы соғысқа қыс басынан дайындалуда болатын. Ал Кенесарының қандай дайындығы барын білу үшін ол патша рұқсатын алысыменен шілденің оны күні Қара Торғайға қарай войсковой старшина Лебедев басқарған үш жүз солдатты жасақ шығарды. Кенесары бұл жасақпен ЬІрғыз өзенінің жоғарғы жағында кездесті. Күнде Батыс Сібір губернаторы солдаттарымен шалысып жүргендіктен, екі жақты соғыстың қиынға тусетінін ойлаған Кенесары бу жолы да сабырлылық істеді. Лебедевке Әбілғазы басқарған уәкіл жіберіп өзінің соғыссыз да Орынбор әскери губернаторына бағынатынын, керек десе шекараға жақын көшіп келіп қонатынын білдірді. Лебедев Обручевке ат шаптырады. Орынбор әскери губернаторы оған әзірге соғыс ашпай, сол ЬІрғыз бойында жасағымен қала тұруын бұйырады. Ал өзі бұрын патшаға Кенесарымен бітім жасаудың керек еместігін дәлелдеп, майдан ашуға рұқсат сұрағандықтан, енді сол сөзінен қайтпай Ырғыз бойында шағын қолмен тұрған Кенесарыны біржолата құртпақ болды. Сондықтан күні бұрын құрылған жоспар бойынша, Ырғыз бойындағы Кенесарыны қоршап алыңдар деп өзге әскер бастықтарына бұйрық берді.
Бұл жоспар бойынша Орынбор әскери губернаторына бағынатын сұлтан-правительдер Ахмет, Арыстан, Баймұхамед әрқайсысы бір мың адамнан жасақ құрып күні бұрын дайын тұруға тиісті еді. Әскери губернатордың бұйрығын алысыменен Ахмет Тобыл жағынан шығып, ал Арыстан мен Баймұхамед Сахарный бекінісіндегі үш мың солдатты полковник Бизановтың қарамағына еніп, Кенесарыны Оңтүстік пен Батыс жағынан қоршаулары керек еді. Ал Кенесары Батыс-Сібір губернаторына жататын Ұлытау, Арғынатыға қарап өтіп кетпес үшін Омбы, Қызылжар, Қарқаралы бекіністерінен, ереуілшіл елдің күншығыс жағынан, көк темірге мұздай бөленген ұзын саны мың мылтықты күшті жасақтар шықпақ болатын.
Ереуілшілердің тыңшылық жұмысын Таймас басқаратын. Ол Алтыншаш арқылы дәл болмағанмен де осындай жоспар жасалып жатқанының ұзын ырғасын білетін. Оның үстіне Бизанов полкіне жіберген тыңшысы Төлебай деген жас жігіт арқылы және сұлтан-правительдердің аулындағы қара құлақтарының жеткізуі бойынша бұл жоспардың қалай орындалып жатқанын, сұлтан-правительдер қанша адам жинағанын, қай кезде аттанысқа шықпағы — бәрінен қанық отырған. Осындай мәліметі бар Кенесары бұл айқасқа дайын еді. Войсковой старшина Лебедевтің әскеріне қарсы тек шағын қол — мың адаммен ғана шығуының себебі де осында болатын.
Кенесары бұ жолы соғыс әдісін тіпті өзгертті. Патша губернаторлары бұны енді біржолата құртуға кіріскеніне көзі жеткен сұлтан оңай берілгісі келмеді. Ең алдыменен ол әскерін бұрынғы әдеті бойынша бір жерде ұстамай, беске бөлді. Ондағы ойы, түбі жауына төтеп бере алмай қалатындай күн туса бар күшін біржолата құртып алмай, шамасы келгенше әскерін сақтау еді. Бизанов полкіне қарсы шығатын жасаққа мыңбасы етіп Наурызбайды, ақылшы етіп Ағыбай батырды тағайындады. Ал Батыс Сібірден келетін үш жасаққа қарсы мың адамнан құрылған үш жасақ шығармақшы болды. Біріне мыңбасы етіп Жеке батырды, оған ақылшыға (штаб бастығы ретінде) Құдайменді батырды, екіншісіне мыңбасы етіп Иман батырды, ақылшыға Жанайдарды, ал үшіншісіне Бұқарбай батыр мен Жәуке батырды тағайындады. Өзі Жоламан екеуі болашақ соғыстың дәл ортасы осы болар-ау деген Ырғыз өзенінің жағасында қалды. Бұл кезде он мың салт атты әскері бар Кенесары Байтабын басқарған мерген тобы мен қалған жауынгерлерін Мұғажар тауының арасына қарай көшкен ордасының төңірегінде ұстады. Бұл негізгі қолмен Кенесары ар жерге қонған бекет тәрізді шұғырымдар арқылы байланыс жасап тұрды. Қысылтаяң күн туса бірігіп кетерліктей жағдай сақтады. Кенесарының соғысқа былай дайындалуының екі себебі бар-ды. Бірі, патша әскері Ырғыз бойында бастарын қоса алмаса, оларды жекелеп ұруға жеңіл. Екіншісі, ұрысуға жері неғұрлым кең болса, Кенесары әскерінің тынысы солғұрлым кең, өзінің негізгі әдісі атты әскерінің шапшаңдығын пайдалана алады. Бүгін бір жерде тұрса, ертеңіне екінші жерге шығып, әр жерден із тастап, Жауына ұстатпайды. Кенесарының бар ойлағаны бар әскерімен өзі қоршауға түсіп, бар күшін харап етіп алмау. Ал мына қолданған әдісі ұшы-қиыры жоқ қазақтың кең даласына ең лайықты әдіс. Бір жерде жеңілген күнде де өзге жердегі әскері аман қалады. Әскерін сақтауы — хандығын сақтауы. Кенесарының бір ойлаған айласы — күші басым, зеңбіректі, мылтықты жаумен бетпе-бет келіп ұрыспай, тиіп-қашып, соңынан қудыра қалжыратып, шаршата ұрысу. Өз жерінде, өз елінде Кенесары сарбаздарына бәрі дос, азық табу да, ат ауыстыру да жеңіл... Бұлай алысу қуған жауының алдыңғы шебі Кенесары жасағына жетемін деп ентелей соңынан ергенде, бір топ сарбазы шұбалып келе жатқан жаудың артынан тиіп, азық-түлігін, оқ-дәрісін артқан көшін бөліп әкетуге де қолайлы! Патша әскері қуып, жете алмай қалжыраған сайын қазақ даласының жаңбырлы, суық күзі жақындай түседі. Кей жерде ат толарсағына дейін бататын батпақты сары дала патша әскерінің қолбасшыларына бораны қасқырша ұлыған ызбарлы қыстан кем емес. Күзі ақ жауын. Күндіз-түні бір ашылмай, сіркіреп құя берсе ешбір әскер шыдай алмайды. Айдалада қасқырша жортуларын амалсыз тоқтатып, бекіністеріне қайтуға мәжбүр болады. Ал Кенесарының күні со кезде туады. Бекіністерге тимегенмен жасақтары арып-ашып ауылдарына қайтқанда өштескен сұлтандарынан кегін қайтарады. Адамдарын шауып, қырып-жойып, малын айдап әкетеді. Осындай жағдайды ойлаған Кенесары, биыл ұрысудың жаңа әдісіне көшті. Және Лебедевпен шілде бойы берекесіз бітім сөз жүріп күннің өтіп бара жатқанына ол өте қуанышты да еді. Патша әскері тамыз шыға аттанса, бір ай - бір жарым ай айқасқа Кенесары жағы қайтсе де шыдайды, ар жағында қазан айы келіп, жаңбыр басталады!..
Кенесарының есебі тура шықты. Сұлтан-правитель Ахмет войсковой старшина Лебедевке шілденің аяғында әзер келіп жетті. Ал Арыстан бар болғаны бес жүз ғана жасақ жинады. Баймұхамедтің де қаруланған жасағы осыдан сәл ғана асты. Мұндай жағдайды көрген полковник Бизанов, Орынбордан қосымша әскер алдырып бес мың солдатпен тамыздың басында ғана Сахарный бекінісінен шықты.
Кенесарыға ең қауіпті күш осы Бизановтың әскері. Бірақ оған қарсы көп қол шығармай, қулық істегісі келді. Ол Бизановқа қарсы шағын жасақпен Наурызбай мен Ағыбайды жіберді.
Ең алғашқы айқасты да осы екеуі бастады. Тамыздың жетісінде күн өте ыстық болды. Бекіністен шыққандарына екі тәуліктен асқан бес мың әскер, ат соғып, күйіп тұрған күнге әзер шыдап келе жатты. Қол басындай жуантық келген, қара мұртты Бизанов, оң жағында подпұлқындық (подполковник) шеніндегі Ахмет сұлтан, сол жағында пұлқындық (полковник) Баймұхамед. Арыстан бұл маңай өзіне жататын өңір болғандықтан, бүгін таңертең жүз адаммен жолдарынан бұрыстау тұрған бір қазақ аулына бұрылған. Ондағы ойы осы ауылдан қосымша жігіт алу. Бизанов әскерін күн бата қуып жетпек.
Бизанов әскері жазық даладағы бір қарасудың жағасына тоқтады. Көл маңайында жақында қалың жаңбыр өтіп, қурап қалған шөбі қайта көгерген-ді. Көлдің суы да тұщы мөп-мөлдір. Қалжырап келе жатқан әскерге ат шалдырып, тынығуға қолайлы... Су бетінде жүзіп жүрген қалың құс қаптаған адамнан үркіп, қанаттарын сымпылдай қағып көкке көтеріле жөнелді. Бір-екі есерсоқ солдат мылтықтарын да атты. Құстар одан әрі үркіп, аздан кейін тіпті көрінбей кетті.
Мидай жазық дала, тек сол жақтарында өркештене біткен бұйратты адыр ғана бар. Он жағы сағымдала қара құмға қарай созыла жоқ болады...
Бизанов осы көлдің жағасына қонуды дұрыс көріп, қалың қолға «аттан түсіңдер» деп бұйрық берді. Жазық дала, жау келер болса алыстан көз түседі. Алдын ала жіберген барлаушылар бұл араның қауіпсіз екенін ай¬тып келді. Өйткені жан-жақтың бәрі бүдірі жоқ мидай жазық... Тек сол жақтарында ғана ұйысқан талды, жыңғылды Мұғажар тауының етегі. Бірақ әскер тоқтаған жерден ат шаптырым. Сондықтан барлаушылар ол жақты ат қинап зерттеген жоқ. «Алда-жалда бұл жақтан жау келер болса,. не тау етегі мен көл арасы қу дала, көзге түсер, не болмаса келе жатқан қолдың дүбірі естілер және егер жанынан құтыла алмай жүрмесе есі дұрыс қай қазақ осыншама қолға келіп тиіседі»,— деп ойлады олар. Расында да бұлар қауіптенетін ешбір себеп жоқ еді. Өйткені Кенесары бес мың мылтықты әскер түгіл, бес жүз патша солдаттарымен де қаша жүріп соғысады. Орыс кәрлі қылышына бетпе-бет келер оның құдіреті шамалы...
Қалың қол көл жағалай аттан түсіп, қос-қос боп шатырларын тікті. Жауынгерлер көл жағасынан қоға қиып әкеп от жағып шай қайната бастады. Мылтықтарын күрке етіп сүйестіріп, кейбіреулері су жағасына беті-қолын жууға кетті.
Сөйткенше күн батып, ымырт үйіріліп, қараңғылық та түсті. Әскерлер кешкі астарын ішіп болды да, жағылған оттарды сөндіріп, ұйықтауға ыңғайланды... Тек қолды қоршай барлаушылар мен шатырлар жанында күркеленіп қойылған мылтықтарды күзеткен қарауылдар ғана қалды.
Бірақ жұрттың көзі енді ұйқыға кете берген кезде кенет «Аттан! Аттан», «Кенесары! Кенесары!» деген ащы айқайлар шықты. Тып-тыныш боп мүлгіген далада бұл үн, қараңғы түнде күн күркірегендей қатты естілді, Сөйткенше болған жоқ, тынығып жатқан әскер шатырларының үстін мыңдаған салт аттылар басып кетті. Нағыз бір жер астынан қалың қол шыққандай. Сатыр-сұтыр ұрылған сойыл, шоқпар, жалаңдаған қылыш, айқай-шу, өкірген адам, шыңғырған жылқы. Жаңа ғана ұйқыға кетіп бара жатқан әскер үсті әлем-тапырық болды да кетті. Ақыры «Абылай! Абылай!» деп салған ұранға «Ағыбай! Ағыбай!» деген күшті үндер қосылып, тынық түнді жер жарғандай тітірентті. Шатырларынан атып-атып шыққан солдаттар мылтықтарын алып салт аттылармен айқасқанша, қайың сойыл ысылдап кеп көк желкеден тиеді. Әйтеуір осынау жан шошырлық айқас өткіншек сұрапыл секілді аз уақытқа ғана созылды. Солдаттар енді аттарына мініп естерін жинаған кезде, салт атты сарбаздар, ауыл үстін жайпап өткен құйындай, топтарын бұзбастан, сойылдарын онды-солды сілтеп заматта жоқ болды.
Тыныш жатқан әскерге құйындай тиген бұл топ Ағыбай мен Наурызбайдың сарбаздары еді. Олар Мұғажар тауының етегіне осыдан екі күн бұрын келіп бекінген. Төлебай тыңшы арқылы Бизановтың әскерінің осы жолмен шыққанын күні бұрын біліп отырған. Кенесарының үйреткен соңғы тәсілі бойынша, бұл жасақ Мұғажар етегінің жыра, жықпылын, жыңғыл, тобылғы, қарағай талдарын бетке ұстай тығыла жайғасқан. Кенесары әскері адамды жасыра алатын адыр, шатқал, тоғай, ши, қамыс тәрізді жаратылыстың өзі бейімдеген жер бетінің ерекшелігін пайдалануда әбден машық болып алған. Кенесары әскері ойда жоқтан, күтпеген жерден жауына шабуыл жасаса, көбінесе осындай бүдір, шилі сайдан, не жыңғылды, талды шатқал, шұбардан жасайтын. Ит жылы Ақтау бекінісінің қасындағы Тіленіш — Шет бекетін алғанда да, Кенесары сарбаздары әжептәуір қаруы бар патша жасағын қалың ши арасынан шыға келіп күл-талқан еткен. Мұны естіген генерал-губернатор Горчаков соңынан штаб бастығы генерал-майор Фондерсонға ашуланып «Егер қазақтар тығылып жатқан қамыс, қарағай, ши тәрізді кісі жасырынар жерлерді күні бұрын саралап шыққан болсаңдар, олар бүйтіп аңдаусызда біздің солдаттарды бас сала алмас еді»,— деп жазған. Патша әскері Кенесарының осы әдісінен талай аузы күйсе де, ылғи естен шығара берді. Бұ жолы да соның кебін киді. Алыстан қарайып көрінген Мұғажар тауының етегіндегі жыңғыл, талды ерініп тексермегендіктерінің сазайын тартты.
Ағыбай мен Наурызбай жыңғылды шатқалдың ішінде тығылып жатты да, күн батып қара көлеңкелене бастаған кезде сап түзеді. Әр сарбаз аттарының аяқтарына әдейі арнап кигіз кебістерін кигізіп, жедел жүріп кетті. Аттардың анда-санда осқырынғаны, кісінегені болмаса, келе жатқан дүбірлері тіпті естілмейді. Түн тастай қараңғы. Ал көл жағалай жұлдыздай жыбырлаған қалың от «біз мұндалап» бұларды шақырды да отырды. Ең ақырғы шоқ сөнгенде сарбаздар әскер жатқан маңға таяп кеп тоқтады. Ай шықпаған түн сол қалпында көзге түртсе көрінбес соқыр... Бұлар аттарының аяғындағы кебістерін алып, қайтадан мінді... Оң қолына тоғыз буынды шойын табанды найзасын ұстап, атақты Ақаузына мінген Наурызбай мен Ақылақты op қояндай секірткен Ағыбай мың сарбаздың алдына шықты. Қараңғы түнде жаумен бірге өздері де бірін-бірі сойылға жықпас үшін бұлар әр жүз адамнан он сапқа бөлінді. Осылай он толқын болып бірінің соңынан бірі кідірмей, сойылдарын оңды-солды сілтеп жау үстінен өте шығатын боп уәделесті. Бір сап пен екінші саптың арасы, жүз басы жүзге санап жеткенге шейін ғана кідіреді. Осындай тәртіптен мың санды қол он толқын боп жау үстінен ат ойнатып, сойыл соғып өте шығуы керек. Бірін бірі ұрып жықпас үшін ешкім кідіруге тиісті емес. Сол қалыптарымен шауып көлдің арғы сағасындағы құмайт алаңға жете қайта сап дүзейді. Естерін жинаған солдаттар қуар болса тоқтамай, әрі Айыр құмға қарай бет түзейді. Шабуылды дәл осылай өткізуді бұлар күні бұрын келіскен. Қараңғы түн екі жаққа бірдей. Тиген жау алдарында қос бар ма, жер ошақ бар ма, әлде әдейі арнап қазылған op бар ма, білмейді. Сондықтан Ағыбай мен Наурызбай ұйықтап жатқан жау үстіне аялдамай, жайпап өте шығуды жөн деп тапқан. Наурызбай бастаған алғашқы бес жүз бірінен соң бірі «Абылайлап!» ат қойғанда, жер сілкініп тау қозғалған секілді. Оған Ағыбай басқарған бес жүз «Ағыбайлап!» қосылғанда әскер жатқан жерде ақыр заман орнағандай болды. Соққан құйындай Наурызбай мен Ағыбай жігіттері ұрандасып, көл жағалап арғы бетке ауған шақта, әр жерге қоға, қамыс жағып естерін жинай бастаған солдаттар да таң асырып қойған аттарына мініп үлгірді. Дәл осы мезгіл де бес жүз сыпай ертіп Арыстан да келіп жетті. Полковник Бизанов Арыстанға жаңағы тиген жаудың соңынан қууды тапсырды. Өздерінің де ай туа қозғалатынын айтты. Енді ол жауынгерлерін түгендей бастады.
Көл жағалай қос-қос боп шашырай орныққандықтан шығыны жоқтың қасы екен. Әлгі шапқан жаудың айқай-шуы есті алғанмен бәлендей ештеңе істей алмапты. Дауылдай ойда жоқтан пайда болған жаудың айбарынан зәресі ұшып кеткен полковник енді есін жинап, шығын санауға кірісті. Жылқы баласы түнде де көреген келеді. Қоста жатқан солдаттарды тіпті баспапты. Қостан шыққан бірді-екілі адам ғана ат астында қалыпты. Оның үстіне сойыл да біреуге тиген, біреуге тимеген. Қысқасы, қаза болған солдат жүзге жетер-жетпес. Жараланғаны екі жүзге таяу...
Өлген жауынгерлерді ор қазып көмгенше, ай да туды. Жер беті сұрғылттана көріне бастады. Полковник өліктерді қойып болысымен, түн баласын үркіте аспанға мылтық атқызып суық жер құшағына кірген жазықсыз жандармен ең соңғы қоштасу ресімін істетті. Содан кейін атқа қонуға бұйырды. Қалың әскер лек-лек боп жаңағы өздерін жусатып кете жаздаған жауларының соңынан қуа жөнелді. Аттары тынығып қалған екен, ауыздықтарымен алысып, қарш-қарш шайнайды. Әлден уақытта барып таң да сыз берді. Сол мезгілде булар Арыстан жасақтарына келіп қосылды. Беттері дұрыс екен, пұлқындық Арыстан Кенесары әскерінің алда кетіп бара жатқанын айтты.
Бұлар енді алдарындағы жауы кейін қарай өтіп кетпесін деп балық сүзген аудай екі жаққа қанаттарын жая түсіп, бес жүз адам қатарласа сап дүзеп қуды. Ең ортасында полковник Бизанов, екі қанатында Жантөренің екі сұлтан-правитель балалары. Оң қанатында Axмет, сол қанатында Арыстан. Әскер соңында Баймұхамед. Қазақ даласында шабуылды бір уақытта хуннулар да осылай ұйымдастырған. Сырттан қараған адамға қазір әскер жер-көкті алғалы келе жатқан ұшы-қиыры жоқ теңіз тәрізді. Сұсты әм қорқынышты. Керегедей қанаттарын жая бүкіл кең даланы алған бар болғаны бес мың адам, бұндай сап түзеуде әлденеше бес мың боп елестейді...
Таң құланиектеніп атып қалған кезде алдарындағы Кенесары тобы да көрінеді. Бизанов тез қуып жеткісі келіп алға қарай ұмтыла түсті. Бірақ алдағы жау жеткізер емес. Қарасына көз жаздырмай зытып келеді. Тақа қара үзіп те кетпейді, тым жақындаттырмайды да. Біркелкі cap желіс. Беттері Айырқұм.
Қуу қызығына түскен Бизанов «Әне жетем, міне жетем» деп жан-жағына қарауды да қойды, екі көзі алда боп, сол жағында қалып бара жатқан сайды өрлей біткен қалың шиді де аңғармады. Үзеңгілер сартылдаған осындай жүріспен сәске түс те болып қалды. Кенесары жігіттері жеткізбейді де, жоғалып та кетпейді. Аралықты біркелкі ұстайды да отырады. Осындай жүріспен Бизанов әскері өздерінің азық-түлік, оқ-дәрі, артық қару-жарақтарын салған пар аттан жеккен жүз жеңіл ләкшеңке арбаларынан тым ұзап бара жатқандарын байқамай қалды. Әлі де байқамас еді, тек бұларды арт жағынан талмаусырай шыққан мылтық дауыстары токтатты. Қолдың соңында келе жатқан Баймұхамед жасағы кейін шапты. Бұлар бие сауымындай мезгілде ғана азық-түлік тиеген арбаларға жетті. Алдарында жау шапқан көш жатыр. Сойылға жығылған бірнеше арбакеш қазақ жігіттері... Жиырма шақты солдат оққа ұшқан. Жер бетін алып кеткен шашылған ұн, тары. Қираған арбалар, бауыздалған көлік...
Шауып келген Баймұхамедтің керуен бастығы жаралы мосқал адамнан білгені, бұларға тиген Ағыбай тобы болды. Олар қалың ши арасында тығылып тұрып азық-түлікті керуенге шабуыл жасапты, «Өздері екі жүз қаралы адам деді керуен бастығы, дайындалуға да мұрша бермеді, мына қалың ши арасынан лап қойды. Қимылдары сонша жылдам болар ма, күзетші солдаттар арбадан секіріп-секіріп түсіп мылтықтарын кезенгенше қаптады да кетті, жауған сойылдан жан сақтаудың өзі қиынға түсті..Тек екі-үш-ақ солдат мылтық атуға жарады, леп-лезде жосытты да салды. Кейбіреулері аттарынан түсе сала лөкет пышақтарымен қаптарды тіліп жіберіп, ішіндегі ұн мен тарыны шаша бастады. Өздерін құтырған қасқыр дерсің, «әу» дегенше бәрімізді қан-жоса ғып сабап, солдаттардың қару-жарақтарын аттарының алдына өңгеріп алды да көзден ғайып болды»..
— Қалай қарай кетті өздері?
Сойыл тиіп, бір қолы сынып, жанын қоярға жер таба алмай тұрған керуен басы cay қолын кейін сермеді.
— Мына жаққа!..
Бұларды шапқан расында да Ағыбай тобы еді. Артта келе жатқан азық-түлікті көшке тиіп, Бизанов әскерін кідірткеннен кейін Ағыбай қасындағы жігіттерімен кейін қайтып Кенесары әскеріне жетуге тиісті. Ондағы мақсат: бұларды қууға Бизанов амал жоқ жасақ бөледі, сөйтіп генерал полкін бөлшектеуге мәжбүр болады. Ал бөлшектенген әскермен алысу әрқашан да женіл.
Бірақ Бизанов өйтпеді. Қайта оралған Баймұхамед жасағын қосып алып, алдындағы жауын қуа беруді жөн көрді. Ол «алдымдағы Кенесары әскері, мынау болмашы қол тек бізді алаңдатуға жіберілген» деп ойлады. Сөйтіп Бизанов алдындағы қарасы әлі үзіле қоймаған жауын қуып жетуді ұйғарды. Аттары жараулы мың солдат алды да, өзге әскерін азық-түлік тиелген көштен қол үзбей жедел жүріп отыруға бұйырып, жүріп кетті. Бұл кезде Наурызбай бес жүз адаммен қалған. Мың сыпайдың екі жүзі бағана Ағыбаймен кеткен. Ал ұзақ шабысқа жарамайтын үш жүзі, түнгі айқастан кейін бірден солға бұрылып, Бизанов әскерін орағыта Мұғажарға беттеген. Ақырында кілең жүйрік мінген бес жүз ер жүрек сарбаздарымен өзі қалған. Кенесарының бұл топқа тапсырған міндеті: Бизанов әскерімен қоян-қолтық алыспай, қашқан түлкі тәрізді, алыстан қылаңдап, құмға қарай әкете беру. Бұл кезде Кенесары басқа батырларымен бірге патша шығарған өзге жасақтарға қарсы аттанады. Алға қойылған мақсат: шамасы келсе жеңіп, шамасы келмесіне көзі жетсе, қуғыншы жасақтарды соңынан шұбыртып Қарақұм, Қызылжыңғыл секілді қазақ жерінің түкпіріне дейін апару, сөйтіп әбден қалжыратып барып, күзгі жаңбырға соқтыру.
Осы әдістің бір тарауын орындамақ Наурызбай Бизанов әскерін соңынан ертіп құмға қарай жөнелді. Осы қуғынмен үш күн өтті.
Ал төртінші күні мүмкін соғысқұмар Наурызбай қаша беруді намыс көрді ме, әлде бөтен бір себебі болды ма, ол өзінің азғантай қолымен Бизановқа бетпе-бет келіп айқаспақ болды. Бірақ оның бұл көзсіз ерлігі өзінің түбіне жете жаздады.
Үш күн жүрістен әжептәуір қалжыраған Бизанов әскері төртінші күні жылап аққан кішкентай өзеннің жанына кеп түнеді. Осы қалың қолға таң сазарып атып келе жатқан кезде, қырқа белесті тасалай кеп, Наурызбай бес жүз жігітімен «Абылайлап!» ат қойды. Ақауыз көкбестіні көсілте салған, зілдей найзасын оң қолымен ойната көтерген Наурызбай өзі жігіттерінің алдында... Бұлар да жетті, гүрсілдеген мылтықтың да даусы шықты.Лагерь үстіне келіп қалған сарбаздардың бірнешеуі оққа ұшып, аттары ойнап шыға берді. Мұны көрген Наурызбай бір-екі солдатты найзасымен көтере лақтырып, жігіттерін соңынан ерте, оң жақтағы ойпатқа бұрыла шапты. Бірақ Наурызбайды нысанаға алған бірнеше мылтық даусы шаңқ-шұңқ етті. Наурызбай кенет Ақауыздың жалын құшып қалды. Артында шауып келе жатқан Николай Губин қатарласа келіп, оны құшақтай берді. Енді Ақауызбен үйірлес кер төбел қатарласа құстай ұшты. Бизанов солдаттары, жайылып жүрген тұсаулы аттарын тауып мінгенше, құйындатқан қазақ жігіттері жүзге таяу жолдастарын оққа ұшырып, бұйратты белес, өркешті адыр арасына кіріп көзден ғайып болып кетті.
Қасында ақылшы Ағыбай жоқ Наурызбай, бұ жолы қателескен еді. Бизанов әскерін әнеукүнгі қоғалы көл жағасындағыдай күтпеген жерден шабуыл жасап, тағы да талан-тараж етіп кетем деп ойлаған. Наурызбайда «көзсіз ер екен, бес жүз адаммен бес мың қолға шапты» деген жұрт таң қалар сөзге ілігу ниеті де жоқ емес еді. Бірақ онысы болмай қалды. Жүз жолдасын оққа ұшырып, ал өзі қара саны мен оң бүйірінен ауыр жараланып, ажал қақпанынан әзер құтылды. Егер атұлтаны Николай Губин дер кезінде жанына жетпегенде, көзі қарауытып, есінен танып бара жатқан Наурызбайдың аттан түсіп қалуы анық еді. Ерлікті мақсат, атақты арман ете бастаған Наурызбайға бұл айқас жеңіл тимеді, жауынан құтылса да келесі жылға дейін аттанысқа шығуға жарамай, төсек тартып жатып алды.
Бизанов қоғалы көл оқиғасынан кейін, солдаттарына мылтықтарын қос етіп күзеттіріп қоюды тыйған. Әр солдат түнде оқтаулы мылтығын жанына алып жататын болған. «Абылайлаған!» алғашқы айқай естілгеннен-ақ, қостарынан жүгіре шыққан солдаттардың келіп қалған жауға төтеп бере алуы да осыдан еді. Наурызбай тобынан өлгені, жаралысы бар жүздей адам шығын болса, булардың сойылға жығылып, найзаға түйрелгені жиырмадан аспайды. Бұдан артық қандай жеңіс болар!
Азғантай сарбазбен осыншама қолға шапқан жігіттердің ерлігіне таң қалған Бизанов, қолға түскен бір жаралы жігіттен бұл шабуылды ұйымдастырған Наурызбай екенін білді.
— Кенесарының өзге әскері қанша жерде?—деп сұрады полковник.
Жігіт расын айтты.
— Кене хан бұл арада емес, өзінің ордасының маңында, біз тек сендерді адастыруға жіберілген жасақпыз.
Полковник өзінің қателескенін енді ұқты. Ол бұдан әрі Наурызбай жасағын қуып құр әуре болудың керегі жоқтығын түсініп, Ырғыз өзеніне қарай кейін шегінуді ұйғарды. Бостан-бос өте керекті он шақты күнді жоғалтқанына қатты өкінді, бірақ амал қанша. Арып-ашып тағы екі жеті дегенде войсковой старшина Лебедев пен Ахметтің әскеріне жете алмай, ЬІрғыз бен Үлкенаяқ өзенінің жағасында тұрған Кенесары әскерінің оң жағынан шықты. Бірақ бірден соғысып кетпей, Лебедевпен байланыс жасамақ боп және ар жағынан келе жатқан Омбы генерал-губернаторының әскерін күтіп тағы бір жеті кідірді. Ақырында олармен тізе қоса алмайтынына көзі жеткен Бизанов, Кенесары қолымен тек өздері ғана соғысуға мәжбүр болды. Бірақ бұл кезде күздің ақ жауыны да басталды. Және айлакер Кенесары Бизановпен бетпе-бет келмей тағы да қаша соғысуға кірісті. Біресе Ырғыз өзенінің оң жағынан шығып, біресе Үлкенаяқтың сол жағасынан көрініп, оған ұстатпай әбден әбігерін кетірді. Сөйтіп жүргенде қазан айының қалың жаңбыры басталды. Ат үстінен екі айдан бері түспеген солдаттары түгіл, өзі әбден иттей боп қажыған Бизанов, Мұғажарға қарай көшіп келе жатқан Кенесарының аулын қумай, Ор қаласына қарай шегінді.
Бизановтың кейін қайтқанын естіген Лебедев пен Ахмет енді амалсыз Тобылға беттеді. Кенесарының күткені де осы кез еді. Ол аз уақыт аялдап, сарбаздарын сол тынықтырып алды да, қайтадан атқа қонды. Үш жүз елу жігітті өзі басқарып келіп, алғашқы қар түскен қарасуықта, Үй өзенінің бойындағы қыстауына келіп орналасқан қорғансыз қалған сұлтан-правитель Арыстанның аулын шапты. Кенесарының бұл шабуылы да сондай күтпеген жерден болды, Арыстан аулының адамдары Орынбор шекарасындағы әскерлерге хабар беруге де үлгіре алмай қалды. Кенесары Арыстанның үш жарым мың жылқысын, үш жарым мың түйесін, жеті мың қойын, мыңға жуық қара малын тал түсте айдап әкетті.
Арыстанға тек үш күннен кейін ғана бес жүз солдат көмек келді. Жанталасқан сұлтан-правитель Кенесары қолын Op өзеніне дейін қуып барды да, ештеңе шықпайтынына көзі жетіп кейін қайтты.
Сөйтіп полковник Бизанов басқарған Орынбор әскери губернаторының бір мың сегіз жүз қырық үшінші яғни Қоян жылғы аттанысы нәтижесіз бітті. Сондай-ақ осы жыл Батыс Сібір генерал-губернаторы бұйрығы бойынша Омбы, Қарқаралы, Қызылжардан шыққан жасақтарға Кенесары батырлары бетпе-бет айқасқа келмей, қаша ұрысып, әбден қалжыратып кейін шегінуге мәжбүр етті. Тек Иман батыр мен Жанайдар бастаған топ есауыл Лебедевтің әскерімен ашық майданда кездесті. Бұл айқас Терісаққан өзенінің төменгі сағасында өтті. Бұрын Кенесарыда тұтқын болған, Қарқаралыдан шыққан әскердің бастығы есауыл Лебедев өте қорлануда еді. Кек алатын күн болар ма деп іші мыс қазандай қайнауда болатын. Ол Қарқаралыдан Қараөткел келіп, одан жүз сексен шақырым Атбасарға үстірт жүріп отырып, екі-ақ күнде жеткен. Атбасар қаласынан бастап Ұлытауға дейін бірде-бір орыс поселкесі жоқ, мидай жазық көк шалғынды кең дала — Алашахан тұсынан-ақ қазақтың ата қонысы. Бұл араның дені Арғын, Қыпшақ азын-аулақ Найман бар... Көпшілігі Кенесары жағына шыққан. Тек Сандыбайдың Ерденіне жататын Найман руынан Жырық ауылдары мен Арғынаты, Қарақойын қашырлы төңірегіндегі Кішкентайдың Аққошқарына бағынатын Орта жүздің біраз аулы ғана көтеріліске қосылмай қарсы әрекет істеуде еді. Бай және белді рулар болғандықтан Кенесары да буларға бәлендей қаһар төге қоймайтын. Тек ыңғайлы кезін күтіп іштен тына жүре беретін. Осы екі шонжарға иек тіреген Лебедев Атбасардан өтісімен-ақ Кенесарыға тілектес ауылдарға қасқырдай тиді. «Мынау Кенесары жағында» деген адамдарын тал түсте жұрт көзінше атып, түнде қазақтың сұлу қыз-келіншектерін қорлауға шықты. Соны естіген қызу қанды Иман мен Алтай руының батыры Орынбайдың Жанайдары есауыл Лебедевпен кездескенше асықты.
Ақырында Арғынаты етегімен терістікке қарай құлаған Иман — Жанайдар тобы, Атбасардан күнгейді беттей келе жатқан есауыл Лебедевпен Терісаққан өзенінің төменгі сағасында бетпе-бет кездесті. Иман — Жанайдар қарамағында сойылды-найзалы мың жігіт болса, Лебедевте бес жүзге таяу әскер бар, бірақ олардың бәрінде аузында ажал ойнаған, қорғасын оқты мылтық мойындарында жүзінен қан тамған көк қылыш.
Егер Лебедев жасағы аттарынан түсіп, ыңғайлы жерге орналасып соғыс ашса, Иман мен Жанайдар дым да істей алмас еді: Бірақ бұлар есауылды ондай жағдайға жеткізген жоқ. Күн батып бара жатқан шақта қалың талды сайда аңдып жатып, Лебедевтің барлаушыларын алға қарай өткізіп жіберді де, қыр астынан шоғырланып шыға келген солдаттарға бір бүйірден лап қойды. Лебедев әскерлері иықтарындағы мылтықтарын алғанша бытырай шауып бұлар да жетіп үлгерді. Алдарында есік пен төрдей қара қасқа айғыр мінген, қисық бұқар қылышын басынан аса үйірген Иман батыр... Заматта сапқа тұрып үлгерген солдаттар мен қиқу сала жеткен қазақ жігіттері қоян-қолтық келіп қалды. Шақыр-шұқыр қағысқан қылыш, пәрменінше сілтеген сойыл, шоқпар. Көксүңгі ұшы адам кеудесіне қарыс кірген найза... Ат жалын құша құлаған қыршын жігіттер... Кәрі әке-шешенің жалғызы, қашан қайтады деп майданға телміре көзін тіккен аяулы жардың сүйгені, еңбектеген жас баланың әкесі, ардагер жанның інісі, ақкөңіл жастың ағасы.
Бұл қан төгіс жарты сағатқа созылды. Әйтсе де көздеп атқан мылтық, кезенген тапанша, шүйірілген болат қылыш шыдатпады, Иман — Жанайдар сарбаздары аздан соң «Кейін!» деген Иманның күшті даусымен қатар біртіндеп шегінді. Шабуылда тым-тырақай шауып келгенмен, шегінерінде топтарын жазбай, қоюланып келе жатқан түнді жамылып бірден жоқ болды. Бұларды қууға Лебедев солдаттары да жүрексінді. Қуаты жетпеді. Үй төбесі құлап түскендей, жоқ жерден пайда болған пәледен құтылғандарына қуанды. Екі жақтан да қаза тапқан адам аз емес. Екі қол екі төбенің басына орналасып, уәкілдер жіберіп, майданда қалған өліктерін алуға уәделесті. Түнімен әрқайсысы әр төбенің басына адамдарын көмумен болды. Бүгінгі соғыстағыдай емес, қанша қастасса да о кезде мұндай уәделесу, әлі де адамгершілік борышты ұмытпау тәрізді дәстүрлер мықты сақталатын. Қаралы жасақтар түні бойы қаза тапқан жолдастарының алдарында өздерінін соңғы борышын атқарды да, таң атысымен қайтадан жауласуға кірісті. Иман батыр енді Кенесарының жақсы көретін әдісі—қаша соғысу тәсілін пайдаланып Лебедевтің жасағын бір ай бойы Арғынаты жоталарының арасымен соңынан ертті де жүрді. Ақырында үш жүздей ғана солдаты қалған есауыл, күндіз-түнгі ат үстінде селкілдеуге шыдай алмай азып-тозып, күздің қалың жаңбыры басталған кезде Қарқаралы бекінісіне қарай бұрылды. Иман батыр ма Кенесары ордасы бекінген Мұғажар тауына беттеді. Орта жолға таяғанда бұларға екі жүз адаммен Жанайдар батыр келіп қосылды. Жанайдар батыр Лебедев жасағымен тағы бір айқасқан түні, Кенесарының бұйрығы келген. Сол бұйрық бойынша ол қасына екі жүз сарбаз алып, жұрт бұ жақта қырылысып жатқанда, Қоңырқұлжа аулын шаппақ болып Ақмолаға қаран аттанған. Оның бұлай тығыз аттануына Қоңырқұлжа тоқалының аулымен Атбасар шекарасына көшіп келіпті деген хабар себеп болған. Орынбай бидің жалғыз баласы Жанайдар да Қоңырқұлжаға көптен бері өш. Аға сұлтан Қоңырқұлжа оның жаз жайлауы — Есілдің сағасындағы «Керегетас» деген жерді өзінің туысы Жақыбайдың баласы Ыбырай сұлтанға алып берген. Соңынан Құсмұрын өкірігі жойылып, бір мың сегіз жүз қырық бірінші, яғни Сиыр жылы Атбасар өкірігі ұйымдасқанда осы приказға ЬІбырайды аға сұлтан етіп сайлауға да мейлінше ат салысқан. Осындай өшпенділікпен Қоңырқұлжадан кек алуға тісін қайрап жүрген Жанайдарға Кенесары бұйрығы майдай жақты. Екі жақ бірдей қан төгістен кейін у-шу боп жатқанда, Алтай руының екі жүз жігітін ертіп, Жанайдар Атбасарға қарай бір-ақ тартты. Жұрт айтқаны рас екен, тоқал аулы Атбасардың күншығыс жағындағы Бидайықты деген жерде отыр екен. Кенесары жасағы Торғай бойында патшаның қалың әскерімен соғысып жүр деп естіген ауыл, қаннен-қаперсіз еді. Үш күннің ішінде Жанайдар батырдың бұл араға келе қалатынын қайдан білсін, салынып бітуге айналған Қараөткел бекінісінің қасындағы қыстауына көшкелі дайындалып жатқан-ды. Жанайдар жалақтаған екі жүз жігітімен ауылды тал түсте шапты. Әттең не керек, Қоңырқұлжа бұл жолы да қолға түспеді. Ол кеше ғана Ақмолаға жүріп кеткен болатын. Қоңырқұлжаның күзетке тастаған солдаттары бұларға тек бес-алты рет оқ атуға ғана жарады. Сол оқтың бірі Жанайдардың балтырына тиді. Енді ол жараланған қасқырдай ауылды аямады. Тек кісі өлтірген жоқ, одан бөтенін бәрін істеді. Ақырында Қоңырқұлжаның жас тоқалы Зейнепті бас етіп, ауылдың бар мал-мүлкі мен отыз қыз келіншегін олжа етіп кейін қайтты. Осы олжалы көш еді Иман батырдың жасағына келіп қосылған.
Сұлтан-правитель Арыстан аулын шапқаннан кейін Кенесары Мұғажар тауына бекінген. Жорықтан олжалы оралған батырларын ол масайрай қарсы алды. Жасақты бастап келе жатқан Иман аттан түскенде, қазақтың ескі дәстүріменен құшақтарымен құшақтарын айқастырып, төстеріне төс тигізіп амандасқан.
— Сау қайттың ба, Айеке?—деді Кенесары. Сөйтті де жан-жағына қарап,— Жанайдар сұңқар көрінбейді ғой... Қаралы хабар бермеген секілді едің...— деп қобалжи күмілжіді;
Кенесары ақырғы үш жылдың ішінде, отыз тоғызыншы, яғни Доңыз жылы Омбы мен Орынборға бағынатын қазақ ауылдарының шекарасы етіп Телікөлге дейін қызыл діңгектер қағылған Қарынсолды, Торғай өзендерінің бас жағындағы бірнеше Сібір бекіністерін шапқан. Соның ішінде Көкала жар бекінісіне де тиген. Бірақ бұл бекіністі ереуілшілер көпке дейін ала алмаған. Осындай қиын кезеңде Иман батыр азғантай жігітпен бір қараңғы түнде бекіністің түкпір жағынан Көкала жарға кірген. Осы бір ерлігіне риза болған Кенесары Иманды содан кейін «Аяу батыр» — «Аякен» деп атап кеткен. Кене хан қазір де Иманды сол әдетіменен еркелете атап тұр.
Иман батыр келе жатқан көштің соңын көрсетіп:
— Жанайдар батырың да сау, тек балтырынан оқ тиіп, ат үстінде жүре алмаған соң, арқаға салып әкеле жатыр едім,— деді.
Кенесары хандығына қарамастан жүгіре басып Жанайдар жатқан арбаның жанына барды.
— Сұңқарым, қалайсың?— деді арба үстіндегі Жанайдардың бетіне үңіле.
Бірақ жауап қайтпады. Жанайдар бұл кезде ессіз еді. Күптей боп ісіп кеткен аяғының зардабы жүрегіне шауып, өлім халінде жатқан. Батырының мұндай күйін көрген Кенесары қасына келген Наурызбайға:
— Олжаны Әбілғазы мен Таймас жұртқа бөліп берсін,— деді де Жанайдарды тезірек өзінің ордасына әкелуді бұйырды.
Сабырлы, сөзге шешен, ақылды Жанайдарды Кенесары ерекше жақсы көретін. Өлім аузында жатқан батырын ажалдан қалай құтқарам деп түні бойы шақыртпаған бақсы-балгері қалмады. Үшкіру, ұшықтау, ісіктен қан жіберу секілді қазақтардың жайшылықта қолданатын емдерінің бірде-бірі қалған жоқ. Бірақ Жанайдардың халы нашарлай берді. Енді батырын құтқара алмайтынына көзі жеткендей болған Кенесары қалың қабағы түксиіп қайғыға енді. Ол қайғырса, не ашуланса адам баласына тіл қатпайтын, төмен қарап тұнжырай отырып алатын. Сұлтанның мұндай халін көрген бір кәрі кемпір:
— Кенежан, Жанайдар батырды «ақ жол» емімен емдеп көрсек қайтеді?— деді.
Бөтен амал қалмағанын білген Кенесары әлденеге күдіктенсе де:
— Сөйтсек, сөйтіп көрелік,— деді.
«Ақ жол» емі төре тұқымының әйел жыныстысын бозбалашылықтан, ерлерінің көзіне шөп салушылықтан сақтау үшін Абылайдың өзі шығарған ем болатын. Бұл ем бойынша сұлтан тұқымынан шыққан әйел жаралы адамның үстінен аттап өтеді. Егер әйел ерінің көзіне шөп салмаған адал жан болса, жаралы жазылады. Ал әйел ақ жолды дұрыс ұстамаған күнәкар болса, жаралы үстінен әйел аттаған мезгілге жетпей өледі. Бұл «ақ жол» емі жаралы адамнан гөрі, төре тұқымынан шыққан қатындарға үлкен сын. Әйелдері заты еркек жанды болып келетіндіктен сұлтандар бұл емді жұрт көзінше өздерінің қадірін төккілері келмей, көп қолданбайтын. Кенесары көңілі күдіктенсе де, қайғы үстінде «сөйтсек сөйтейік» деп қалған.
Ханның әмірі бойынша төре тұқымының біраз әйелі ордаға шақырылды. Бастығы Бопай болып келді. Кәрі кемпір «ақ жол» емінің негізгі шарттарын айтып, күнәм жоқ деген әйелдің Жанайдардың үстінен аттап өтуін сұрады. «Егер күнәң болса аттаған кезіңе жетпей.. Жанайдар өледі»,— деген сөзден қорыққан төре тұқымынан шыққан күнәлі әйелдердің бірде-бірі «батыр өліп кетіп, масқарамыз шықса, Кене ханның кәріне ілінерміз» деп Жанайдардың үстінен аттауға бата алмады. Орындарынан қозғалмай тұрып алды. Кенесарының түксиген қабағы бұрынғысынан да қатты түксие тусті. Үй ішінде отырған сұлтандарда жұртқа қарар бет жоқ. Бастарын төмен тұқыртып құр жер шұқи берді...
— Әттең Күнімжан келіннің жоғын-ай,— деді есік жақта отырған бір кәрі қатын.
Кенесары ауыр күрсінді. «Иә, Күнімжан болса... Ол сөзсіз аттар еді. Жоқ, кім білсін, екі жылдан асып барады ғой жат жерде жүргеніне...» Қатыгез, тас жүрек Кенесарының жүрегі кенет өртеніп кетті. Ол басын көтеріп алды. Орданың есік жағында тұрған жеңге, келіндерінің бетіне тесіле қарады. «Жоқ, бұлар күнәсіз болуы мүмкін емес... Анау оймақ ауыз дүниеде бір-ақ адамды сүю үшін ғана жаралмаған. Кәрі қақпастың «Ақ жолына» бекер көнген екенмін. Ешқайсы шықпаса, Абылай атамның ұрпағын мына сайқалдар масқара етеді-ау! Қалың қолға қарсы шапқанда мұндай қысылмаушы едім. Өлген жерім осы болды-ау!»
Кенесарының ойын кенет күміс қоңыраудай сыңғырлай шыққан дауыс бөліп жіберді.
— Рұқсат етсеңіздер, аға аяғын мен аттайын.— Бұны айтқан Ақбөкен еді. Кенесары басын көтеріп алды. Ақбөкеннің сұлу жүзіне тесіле қарады. «Наурызбай білмей алмаған екен. Бір адалдық шықса осыдан шығар». Бірақ Кенесарының қуанған көңілін қара кемпір тез суытты.
— Келін шырағым, саған болмайды,— деді ол жемтікті шоқып тұрып жан-жағына қараған кәрі қарғадай басын шайқап,— сен төре келіні болғанмен, төре тұқымынан емессің!
Кенесары қара кемпірге түйіле қарады да қойды. «Абылай бабасы осылай шарт қойса, Кенесары не істесін? Расымен-ақ ешкім шықпағаны ма?»
— Бопай, өзің аттап көрсең қайтеді?—деді әлдекім есік жақтан міңгірлеп сөйлеп.
Бопай жұлып алғандай:
— Былшылдамай жайыңа тұр,— деді,— күндіз-түні ат үстінде жүріп қалжырап, кейде қатты ұйықтап қаласың... Ер жүрек біреу ойындағысын істеп кетіп, оң қолдай батырдың ажалына себепкер болсам, жұртқа қай бетіммен қараймын?
Кенесарының басы енді тіпті салбырай түсті. «Бопай мен Жанайдар батырдың көңілдері жақын» деген бір сыбысты әлдеқалай Күнімжаннан естіген. Ол кезде қатынының сөзіне мән бермей «қойшы, қайдағы жоқты айтпай» дей салған. «Сол сыбыс рас болды-ау!» деді ол ішінен. Әйтсе де Кенесары қарындасы Бопайға риза, Абылайдың ұрпағы емес пе, күнәсі бар екенін жұртқа аңғартпай сылтау тауып құтылып кетті.
Артынан халық арасында:
Жанайдар артық туды жатырынан,
Оқ тиді Жанайдардың балтырынан,
Бір айла өлмес жанға бола ма деп,
Аттайтын қатын іздеді ата ұлынан.
Аттайтын бір де қатын табылмады,
Төрелер түңіліп тұр қатынынан!—
деген өлеңге айналған бұл оқиға Кенесарыны жаман ашулантты. «Мұндай қатындардан туған ұл қайдан батыр болады? Кімді көтереді? Расымен төре тұқымы бақа-шаянға айналғалы бара ма? Расыменен Абылай атамның түсі шын болғалы тұр ма? Бүкіл қазақ түгіл, өз ұрпағымды жөндеп түлете алмайды екенмін, қалай Үш жүзге хан болмақпын?»
Кенесарының ойын тағы бір дауыс бөліп жіберді.
— Кешегі алып келген тұтқын әйелдердің ішінде төре тұқымдас ешкім жоқ па екен?
— Бар. Неге болмасын.
Жасауыл Зейнепті бас етіп екі-үш жас келіншектерді алып келді. Қара кемпір бұларды неге шақырғанын айтты.
— Мен аттайын,— деді Зейнеп ойланбастан,— әкем де, байым да төре тұқымы.
Қоңырқұлжаның жас тоқалының бозбалашылық қылығы жайынан біраз жұрт хабардар еді. Бірақ көздерімен көріп, қолдарымен ұстамағаннан кейін «ел не айтпайды, мүмкін өсек шығар»,— деп үндемеді. Ал Зейнеп болса қара кемпірдің сөзін ойыншық көрді. «Күнәлі қатын үстінен аттағанға батыр өлсе — өле берсін. Мықтағаны Кенесары бір жайсаңының ажал тапқаны ма, өз обалы өзіне, тыныш жатқан елді шауып несі бар... Ал алда-жалда... Құдай менің артымды бағып жүр дейсің бе, сезбей, көрмей қалып, мына саңлағы жазылып кетсе, жұрт қызықты сонда көрсін. Менің адал емес екенім алты алашқа аян, жұрт мақтаған Абылай атамның да айлакер қатыннан ақылы аса алмағанын бүкіл халық білсін».
Дағдарған жұрт «аттасын, аттасын» деп Кенесарыға қарады. Хан мақұлдап басын изеді.
Бүйректей бұлтыңдаған Зейнеп, бүкіл қазақ дірілдеген Кенесарыдан қымсынбастан шытырма көйлегінің етегін екі қолымен жоғары көтерді де, ақ жібек ыстанының кестелі балағын көрсете, кешеден бері алғашқы рет өлімсірей көзін ашқан Жанайдардың үстінен «Ә, құдай!» деп ойнақши күліп аттай берді...
Ал Жанайдардың әлгі көз ашуы есінің кіре бастағаны еді. Үш күннен бері ісікпен алысқан алып дене, бір балгердің шөптен істеген шипалы дәрісінің арқасында кеселді жеңе бастаған.
Осы сәт Зейнептің өжет қылығына дәл келді. Жанайдар ісігі қайтып, ертеңіне тіл қатуға жарап қалды.
Бұны көрген Кенесары батырының сау қалғанына қанша қуанса, қарашылар көзінше төре тұқымының абыройының сақталып қалғанына сонша қуанды. Зейнепке әбден риза боп қалған сұлтан қас жауының тоқалы демей, бостандық бермек оймен, ертеңіне оны Ордасына алдыртты. Үйде Таймас пен Әбілғазыдан бөтен Ағыбай, Бұқарбай, Жеке батыр, Иман бар еді.
— Қоңырқұлжа қанды кекті жауымыз болса да әйеліне зәбір еткіміз келмеді,— деді Кенесары бостандықты Зейнеп өзі сұрасын деген ниетпен,— қандай тілегің бар, айт, береміз.
Хан болсын, қара болсын, еркек адамға тек еркектік жағынан ғана қарайтын Зейнеп, Кенесарыдан хан екен деп қаймықпады, оған жайраңдай қарап:
— Шын айтасың ба?— деді.
— Шыным. Хан екі айтпайды.
— Онда... Хан қайным, жалғыз ғана тілегім бар,— деді екі беті балбырап, қап-қара бота көзі күлімдеп,— мені Қараүлектен айырмаңыз.
Түсінбей қалған Кенесары:
— Не дейсің?— деді.
— Мені Қараүлекке қосыңыз деймін.
— Қай Қараүлек?
— Өзіңіздің құлыңыз.
Таймас пен Әбілғазы кеше Иман батыр мен Жанайдар Қоңырқұлжадан алып келген олжа мал-мүлікті жұртқа бірдей етіп үлестіріп берген. Ал тұтқын қыз-келіншектерді екі үйге бөліп, «бұларды кімге беруді ертең шешеміз» деп, бір үйді Батырмұрат жігіттеріне, екінші үйді Қараүлекке күзеттіріп қойған. Қараүлекке күзеттірген үйдегі Зейнеп, ел жатқан кезде «сыртқа шығар» деп күзеттегі құлдың мазасын алған. Мылқау Қараүлек «шаруасын бағана неге бітірмеді екен» деп ашуланса да, піскен бауырсақтай томпиған жас тоқалдың көңілін қимай, сайға алып барған. Шаруасын бітіріп болғаннан кейін Зейнеп, күздің суық түніне қарамай, үстіндегі мақпал шапанын жерге тастап, артында жар жағасында тұрған құлды адамға санамай ыстанын аяғының ұшына дейін түсіріп, жылып аққан бұлақтың мөлдір суына о жер, бұ жерін жуа бастаған.
Айлы түн, қарасанына дейін аппақ боп ашылған жас тоқалдың бөксе жағы... Қырыққа келгенше әйел көрмей, алып денесі құрысып мазасын алған Қараүлек әзер шыдап тұр. Еркектің мінез-құлқына әбден әккі болған жас тоқал оның халіне түсініп өзіне шақырып: «Әй, құл, бері кел, мына кебісімді аяғыма кигіз» деген. Қараүлек көзі қарауыта демін ентіге алып, әзер таяған. Ар жағында оны сезім жеңген. Талмаусырап кетіп, тек бие сауымындай кезде көзін әзер ашқан Зейнеп, дел-сал боп ұялап қалған денесін мақпал шапанының үстінен көтере алмай тағы біраз жатқан. Талай еркекті көрген Зейнеп Қараүлекке аса риза болды. Бірақ, бұдан әрі қуанышқа шыдай алмайтынын сезіп, аяқ жағында үн-түнсіз тізерлеп отырған Қараүлектің бұқадай жуан мойнынан құшақтап өзіне тартты. Содан кейін қолаңса сасыған бетін бетіне таяп: «мені үйге апарып таста» деді сыбырлай сөйлеп. Көн боп қатып қалған денесін қорғасындай балқытқан жас тоқалды Қараүлек жас қозыдай бауырына қыса құшақтап қараша үйдегі бөстекке апарып жатқызған.
Зейнептің нені тілеп тұрғанын жаңа ғана түсінген Кенесары ызадан қара күреңденіп кетті, бірақ тіс жарып, тіл қатпай төмен қарай берді. Кеше ғана төре тұқымының абыройын сақтап қалған Қоңырқұлжа тоқалына енді жеркене қарады. Төре тұқымынан шыққан әйелдің тіпті, қарашы емес, төлеңгіт емес, есікте жүрген құлға шығамын деуінен артық масқара бар ма! Хан Кененің ақсүйектік намысы жүрегін оттай өртеп, іштей апыр-топыр болды да қалды. Бірақ ханның ашулы жағдайын Зейнеп түсінсе де айтқанынан қайтпады.
— Хан екі сөйлемес болар,— деді Зейнеп енді екі көзі жалын атып,— мені Қараүлекке байға берсең, Қоңырқұлжадан да өшіңді қайтарасың, есігіңде жүрген құлыңның да сауабын аласың, айтқан уәдеңді де орындайсың.
Кенесары қанша намыстанғанмен, ашуын ақылға жеңдірді.
— Болсын,— деді кенет басын жерден көтеріп.
Бұл шешімге біреу намыстанды, біреу масайрады. Сұлтандар тұқымы іштей ызаланса, Кенесарының соңынан ерген қарашы, төлеңгіт, малы мен мүлкін баққан құлдар тек Кене хан ғана бізді адамға санайды деп әлдеқандай болды. Енді оған мүлдем беріле түсті. Сол риза болғандардың ішінде Зейнептің өзі де бар еді, бірақ ол әйелдік құмарын тарқатқан Қараүлегінің Кенесарыға қанша берілген жан екенін білмейтін. Және бүгін өзінің өтінішін орындаған хан Кененің бұның өшін қалай қайтаратынын ойламады. Ол Қараүлекті жанындай жақсы көріп кетті.
Жақсылыққа жақсылық деген ниетпен Зейнеп Ожардың жіберуімен аулына келіп жүретін тыңшы Сәмен мен оның екі серігі Жақып, Сақыпты ұстап берді. Кенесары бұл үшеуін бірден дарға асып өлтіртті.
Бірақ Зейнептің қуанышы ұзаққа бармады. Екі ай өткеннен кейін ол күні бойы әлденеге жылап жүрген Қараүлектің құшағында жатып «жастықтан тұншығып» өлді. Қыс бойы бұдан басқа бәлендей айта қаларлық оқиға болған жоқ. Кенесары жазғы айқасқа дайындалумен күндерін өткізді. Қолындағы жігіттерін жылдағыдай таратпай «ақ қала» салып, шатыр тігіп, күндіз-түні әскери ойынмен шынықтырды. Қарамағындағы елдің жауға қарсы тұра алар жас жігіттерінің бәрін шапа-бұйрық беріп сарбаздар қатарына шақырды. Осыншама әскерді ұстап тұру қиын болғандықтан, Кенесары өзіне бағынбайтын, бірақ іргелес отырған басқа руларға да салық салып, зекет, үшір жинады. Ханның бұл ісі біреуге ұнады, біреуге ұнамады, бірақ Кенесарының қаһарынан қорыққан жұрт оның әмірін бұлжытпай орындады.
Сөйтіп жүргенде бір мың сегіз жүз қырық төртінші, яғни Тышқан жылының жазы шықты. Қарамағында жиырма мың әскері бар Кенесары енді соғысқа дайындала бастады.
Кең даласында соққан желдей қыдырған Кенесарыны жеке жасақ шығарып құрта алмайтынына көзі жеткен патша үкіметі енді ереуілшілерді Торғай, Ырғыз өзендері бойында үш қол жіберіп, үш жағынан бірдей қоршап құртпақ болды.
Кенесары Ұлытау, Арғынаты жағынан келіп бекіністеріне шабуыл жасап үнемі мазасын ала берген соң, Горчаков өткен жылдың ортасында Россия империясының канцлері Несельродеге қағаз жіберген. Ол қағазында Ұлытау мен Арғынатыны басып алып, сол араға казак-орыстарды орналастырып, екінші Сібір полкынан арнаулы жасақ ұстауды өтінген. Канцлер генерал-губернатордың ұсынысын қабылдаған. Бірақ қайнаған қазандай бұрқыраған ереуілді қазақ жерінің тең орталығы Ұлытауға келіп орналасуға казак-орыстар көнбеген. Әйтсе де жаңа салына бастаған Ұлытау станциясына патша үкіметінің бұйрығы бойынша жеребемен үй-ішімен елуге тарта қазақ-орыс және бір рота солдат әкелінген.
Патша үкіметі жаз Торғай бойына жайлауға шығатын Кенесары ауылдарына осы Ұлытау мен Ор қаласынан және Тобыл өзені бойынан үш қол шығарып, ереуілшілерді үш бүйірінен қысып біржолата құртпақ болды. Бұдан басқа Орынбор әскери губернаторы сұлтан-правитель Жантөренің Ахметіне сенімді қазақ жігіттерінен арнаулы әскер жинауға бұйырған. Бұл әскерге өз еркімен кірген қазақ жауынгерлері егер майданда қаза болса оның үй ішіне патша үкіметі тарапынан пенсия беріледі деп жариялаған. Әскер жиналып болғаннан кейін Тобыл өзенінің жоғарғы жағында жарлық күтіп, тастай түйініп дайын тұруға тиісті делінген.
Күні бұрын құрылған жоспар бойынша войсковой старшина Лебедев басқарған бес жүз солдат мамырдың бесі күні Op қаласынан шығып, Камышовка бекінісіне беттеуге тиісті. Одан кейін Ырғыз өзенінің төменгі сағасымен жүріп отырып, мамырдың жиырмасында Кенесары ауылдарының жайлауы Торғай өзенінің жағасына жетуі керек. Ал Тобыл бойына жиналған Ахмет сұлтанның жасағы Қабырға, Үлкенаяқ өзендерінің бойымен түсіп, Тайпақ өткелінен өтіп, мамырдың осы жиырмасы күні войсковой старшина Лебедевтің әскеріне қосылуға міндетті еді.
Батыс Сібір губернаторы жағынан да екі жасақ құрылды. Бірі — есауыл Лебедев басқарған екі зеңбірегі бар екі жүз елу жауынгер. Екіншісі — сотник Фалилеев басқарған бір зеңбіректі жүз елу солдат.
Есауыл Лебедев басқарған жасақ мамырдың бірінен қалмай Ұлытау жағынан шығып, Кенесары ауылдарын бері қарай қуып, Торғай бойында Орынбор жасақтарымен ұштасуға тиісті. Ал Фалилеевтің жасағы Сарысу жағасында шеп ұстап, Кенесары әскері Орта Азия хандарының жеріне, немесе Ұлы жүзге қарай шегінер болса жолды бөгеп әрі қарай өткізбеулері керек. Өстіп Кенесары әскерін енді кең далада еркін қимылдауына мұрша бермей жан-жағынан қоршап, патша генералдары Торғай тұсында тұншықтырмақ болды. Бұл ойлары туралы князь Горчаков: «Егер Кенесары Торғай, Үлкенаяқ, Телғара өзендерінің бойындағы бекіністің ортасына түсер болса, екі жақтағы қамалдардан бір мезгілде соққы беріп, «Қолдан келер шараның бәрін қолданып, бірден құртып жіберу керек»,— деп жазды.
Осы әскерлердің бәрінің біріге қимылдауын басқару генерал-майор Жемчужниковке тапсырылды. Ол өзінің штабымен мамыр айының басында жаңа салына бастаған Ұлытау форпостысына келді. Войсковой старшина Лебедев басқарған Орынбор жасағы мамырдың бесі күні Ор қаласынан шықты. Қияпат қиындықпен, қалың жауынға қарамай, Ақкөл мен Жыланшық өзенінен өтіп, Ырғызға қарай беттеді. Лебедев жасағына қосылмақ боп дәл осы кезде көп жауынгермен Ырғыз өзенінің жоғарғы жағынан Ахмет сұлтан да қозғалды.
Кенесары ордасы бұл кезде Ырғыз өзенінің оң жақ беткейін жайлап отырған. Жау әскері өткен жерлердегі өзінің қара құлақ тыңшылары арқылы ол Лебедев пен Ахметтің бет-бағдарын күні бұрын біліп алды. Егер Орынбор мен Батыс Сібір жасақтары Торғай өңірінде ұшырасар болса, өзінің қақпанға түсетінін ұқты. «Кенесары кейін шегініп кетіпті» деген жалған сыбыс таратып, Лебедев пен Ахметті алдады. Ал Ұлытаудағы Жемчужниковке «Кенесары Ұлытауға келе жатыр екен» деген өтірік хабар жеткізді. Келе жатқан Кенесарыны Ұлытауда қарсы алмақ боп Жемчужников есауыл Лебедевке Торғайға емес, Ұлытауға қарай беттеуін бұйырды. Сөйтіп генерал-майор Жемчужниковтың айтуымен Лебедев дер кезінде Торғайға жете алмай қалды.
Бірақ войсковой старшина Лебедев Төртқара руының билерінен Кенесары Ордасының Ырғыз төңірегінде екенін естіді. Ол жауының алдауына түспей, Ырғызға қарай жүрді. Мамырдың жиырмасы күні Ахмет сұлтанның жасағымен Талды өткелінің аузында кездесті. Енді бұлар Кенесары Қарақұмға өтіп кетпесін деп күні-түні тоқтамай Торғайға жетті. Сөйтіп Кенесарының Қарақұм мен Борсық құмына баратын жолын кесті. Бірақ Торғай маңында Сібір жасағымен кездесе алмады. Ашуланған войсковой старшина Орынбор әскери губернаторы Обручевке ат шаптырып: «Мамыр айының отызы шенінде менің Торғай өзенінің жағасында болатыным Сібір бастықтарына белгілі еді. Ал қазір маған Сібір жасағының Ұлытау мен Торғай арасында жоқ екені мәлім болды. Егер Кенесары Ұлытауға қарай шегінсе, оны Сібір жасағы тоқтата алмайтыны анық»,— деп хат жазды. Генерал-майор өзінің алданғанын енді түсініп, Омбыдан онсыз да кеш шығып Арғынатыға жаңа таяған есауыл Лебедевтің әскеріне тез Торғайға бұрылуын бұйырды. Сөйтіп Ұлытаудың күнгей жағына баратын жол бос қалды. Кенесары осы жолмен кейін шегінді.
Жаздың бас кезі өте жауынды болды. Батпағы толарсақтан келетін қара топырақты сарғылт балшықты жерлерменен ауыр зеңбіректерін сүйреп есауыл Лебедевтің жасағы Торғайға әзер жетті. Бірақ войсковой старшина Лебедевтің әскері бұл арада болмай шықты. Ал бұл жасақ Ұлытаудың күнгей жағына қарай көше жөнелген Кенесары ауылдарын қуа түсті де, алдарында жау көшін тоқтататын Сібір әскері жоқ екенін біліп, Ор қаласына қайтуға мәжбүр болған. Жолай, Кенесары адамдарының «Кенесары жағында екен» деген әдейі таратқан жалған сыбысқа сеніп, Лебедев ақ патшаға берілген Байқадам бидің аулын тонады. Ахмет болса енді өзінің Ордасына қарай шегінді.
Войсковой старшина Лебедевтің Ұлытау жағынан келе жатқан генерал-майор Жемчужниковтың қолымен кездеспей, Кенесарыны қуа түсіп, дым бітірмей, тек жолындағы Байқадам бидің аулын шауып, Орға бос қайтқанын Орынбор әскери губернаторы да естіді. Енді ол терісіне сыймай, қаһарлана ашуланды. Обручев Лебедев Орынборға шақырып алды да, қызметтен босатып, сотқа берді. Лебедевтің орнына Орынбордың үшінші казак-орыс полкінің командирі полковник Дидиковскийді тағайындады.
Ал пар ат сүйреген жеңіл зеңбіректі, малына қаруланған сотник Фалилеевтің жасағы құмайтты тақыр Сарысу бойына белгіленген кезінде жетті. Кенесары әскері шегіне қалса құмға өтіп кетпесін деп бұлар шеп құрып осы арада жата берді. Мұны естіген Кенесары, түбі Ұлы жүздің жеріне қарай беттейтін күн туса, кедергі болмасын деп, бес жүз сарбаз беріп Фалилеевке қарсы Саржанның баласы Ержан мен Таймасты жіберді. Бұларға Фалилеевпен зеңбірек оғы жетпейтін жерден арбасып, қаша соғысып жауды қалжырату бұйырылған.
Бостан-бос құмайт далада зерігіп жатқан Фалилеев солдаттары оңай олжаға бата қалғысы келіп Таймас тобын көрісімен қуа жөнелді. Сарысу маңына келгелі тынығып қалған солдаттар қоя ма, екі күндей Кенесары жігіттерін өкшелей, соңдарынан қалмай-ақ қойды. Сарбаздар құмға беттесе, солдаттар да құмға беттейді. Адасып кетеміз деп қорықпайды, өйткені Фалилеевте бұл араны жақсы білетін Шөмекей руынан жалдап алған жол көрсететін он жігіт бар. Қос атты солдаттардан құтыла алмайтынын түсінді ме, әлде басқа ойы болды ма Таймас пен Ержан кенет Балқаш көлінің бергі құмды жағасына қарай беттеді. Кенесары әскерінің алыста екеніне қанық сотник Фалилеев «мына шағын топты тез құрта қояйын» деген оймен ереуілшілерді жалықпай қуып берді. Бірақ Шөмекей жігіттері жолды қанша жақсы білгенменен де Кенесары жігіттерінен көз жазып қалады. Өйткені жат жердің ой-шұқыры көп, бұл ара өздерінің үйреншікті Сыр бойы мен Сарысу алқабы тәрізді көш жолы емес, өгей өңір, өгей өлке.
Бұндай жағдайды сезген Фалилеев ат-жөні жоқ, бос қуа беруді тоқтатып, кейін шегінбек боп тұрғанда, өздері қуып келе жатқан жасақтан он жігіт түнде қашып шығып бұларға қосылды. Сотник жасағының көзі ашылды, жол көрсетушілер енді осы жігіттер болып алды. Алдағы топтың қайда түнеп, қалай қарай жүретінін күні бұрын біліп отырады. Өздері де Кенесарыға сондай өшіккен екен. Кешегі жолдастарын бүгін су түбіне жіберуге бар... Бұрынғы он жігітті бір-бірден серік етіп алған осы қашқын он жігіт Фалилеевке өте ұнады. Сұрастыра келсе бұрын бұлар Кенесарыға қорыққанынан ерген екен, егер ақысын төлер болса, орыс солдаттарын Мекеге дейін апаруға дайынбыз дейді. Фалилеев жасағы қай жерде келе жатыр, қай жаққа бара жатыр бірін де білмейді, тек сенері осы жиырма жігіт. Осылай тағы да бір жеті өтті. Әбден қалжыраған солдаттардың енді торсықтағы сулары таусылуға айналды. Фалилеев: «Қой, жетер енді, суы бар жерге қарай бастаңдар» деген күні соңғы он жігіт: «Таймас пен Ержан енді алға қарай жүре алмайды. Алдарында тек сусыз құм. Олар ертең кейін қайтады. Бұл арада бөтен жүрер жолдары жоқ. Әбден қалжыраған жігіттерді кәдімгі балшыққа қонған үйректей шетінен аспай-саспай атып аламыз. Тек бүгін осы арада әбден тынығып алалық. Су керек болса алыс емес. Осы арада мына теріскей жақта он шақырымдай жерде суы мөп-мөлдір тас құдық бар»,—деп ақырғы сырларын ашты. «Әнеугіден бері босқа қуып жүрміз бе бұл қарақшыларды, егер су жақын болса ертең-ақ барармыз»,— деп шешкен Фалилеев жігіттердің ақылын дұрыс көрді. Торсықта қалған суларымен шай қайнатып ішіп алып, аттарын тұсап тастап ертеңгі айқасқа құлшынып кіріспек боп ұйқыға кетті. Бір-екі-ақ күзетші солдаттар қалды. Әбден жол соғып қалжыраған күзетшілер «сендер аз дем алыңдар, біз күзетте турайық» деген тың қазақ жігіттеріне сеніп, сәл көз іліктірмек боп ерлерінің қасына жантайды.
Оңтүстіктің жазғы түні қандай қысқа, әбден қалжыраған солдаттар бірер сағат ұйықтап түрегелсе, таң да бозарып атып келе жатыр екен. Көкжиек алабұртып көп кешікпей күн де шығуға жақын... Керней ойналып, солдаттар орындарынан атып-атып турды. Бұлар түрегелгенде ең алдымен көргендері қан-қан боп бауыздалып қалған Шөмекейдің он жігіті болды. Кенесары жасағынан қашып келген сыпайлардың бірде-бірі жоқ. Фалилеев қашқындардың бүгінге дейін қастарына Шөмекей жігіттерін неге серік етіп жүргендерін енді түсінді. «Әттегене-ай!» деп санын ұрды. Расында да бұл қашып келген он жігіт Таймас жіберген тыңшы-барлаушылар еді. Олар әбден сенімге еніп алып, жауларына жол көрсететін қастарында жатқан серіктерін осы түні бауыздап, өздерінің жасағына тартып отырған.
Аздан кейін алабұртып жарқырап күн шықты. Күн көтеріле бастағаннан-ақ көкжиекте сағым да ойнай жөнелді. Әрі-беріден соң күн көк аспанда шатынай қызарып жерге жалындай күйіп тұрған нұрын төкті. Ұшы-қиыры жоқ қазақ даласында күннің қай жақтан шығып, қай жаққа барып бататынын бірде-бір солдат айыра алар емес. Қай жаққа қараса да ұшы-қиыры жоқ құлазыған ақ сортаң тақыр. Құс та ұшпайды, аң да жүгірмейді, тек Жалпақ даланы қоршап сағым ғана ойнайды. Кең даланың қай жерінде жатқандарын ажыратып болмайды, не су жоқ, не көлеңке жоқ, тек көріктен аңызақ леп үргендей бір тамұқ. Су табатын, жол білетін бірде-бір жан жоқ. Мұндайда ақтұмсық құмырсқаның үймелеген жерінен құдық қазып, екі-үш кезден кейін мұздай мөлдір суға жететін, ошаған бүршігінің қалай қарай жантаюынан терістік пен күнгейді айыратын қазақ жігіттері бауыздаулы жатыр...
Аңқаулығынан қайғылы халға душар болған Фалилеев жылап жіберді. «Алыс деп аулыңа бармайсың ба?» деп қазақ айтқандай, ол үрпие шошынған солдаттарын ертіп басы ауған жаққа жүре берді. Алты аласы, бес бересі жоқ, айдалада қойын бағып көшіп жүрген қазақты қырамын деп келген сотник, енді өз жанын сауғалап тірі қалуды арман етті. Сотник Фалилеевтің жасағы осылай қырылды. Тек жершіл қазақы ат мінген құр сүлдері қалған он шақты солдат қана, бес-алты күн өткеннен кейін Балқаш келін жағалай көшкен Ысты руының аулына келіп жетті. Таймас пен Ержан тобы он күн жүріп арып-ашып Кенесары әскеріне келіп қосылды.
Лебедевтің орнына тағайындалған Дидиковский жасағын өзінше басқармақ болды. Ол бірден войсковой старшинаның қазақтың кең даласына ыңғайланып істелген азық-түлік тиейтін арбасын жойып, жүкті түйеге артты. Сөйтіп ақырын жылжитын ауыр керуенмен шілденің бас кезінде Торғай өзенінің бойындағы генерал-майор Жемчужниковтың әскеріне қосылуды ойлай жолға шықты. Шөмекей руындағы бір тыңшысы арқылы Дидиковскийдің бет алысын, оның дала соғысында Лебедевтен тәжірибесіз екенін біліп отырған Кенесары бұл полкке қарсы тағы да жеңіл жасақ шығаруды ұйғарды. Ол жасақты басқаруды қайтадан ұрысуға жарап қалған Наурызбай мен Ағыбайға тапсырды. Бұл жасақтың бар міндеті баяғы бір сара жол, жау әскерін соңына түсіріп, бетпе-бет ұрысқа жеткізбей, тиіп қашып әбден қалжырату. Ал өзі Иман, Жоламан, Байтабын, Жеке батыр, Құдайменді, Бұқарбай бастаған ауыр қолмен кенет жауының күтпеген жағынан келіп қатты соққы беруге бел буды. Шілденің сегізі кезінде ЬІрғыз маңында жүрген Кенесары, екі күн өтпей кенет Тобылдың жоғарғы жағындағы Жантөре Ахметінің әскерінің дәл қарсысынан шыға келді. Ол шілденің жиырмасынан жиырма біріне ауысатын түні Ахмет шебіне шабуыл жасады. Осыдан екі-ақ күн бұрын Дидиковский полкімен шайқасып жатқан Кенесары әскерінің найзағайдай жарқ етіп дәл бұлай өзіне лап беретінін күтпеген сұлтан-правитель қорғануға да үлгірмеді. Кенесары бұл сұлтанға аса кекті еді. Алдыңғы жылы осы Ахмет Op қаласында балаларымен тұтқында отырған Күнімжанға барып, сұлулығына қызығып: «Кенесарыға бәйбіше болсаң, енді маған тоқал бол»,— деген. Оған Күнімжан: «Саған тоқал болғанша, Кене төремнің шұлғауы болайын»,— деп кішкентай болат кездігін көрсеткен. Бұл оқиға Кенесарыға жеткен. Содан бері хан өте өшігулі еді. Оның үстіне Ахмет те әлсін-әлсін қол жинап Кенесарыға қарсы шығуын қоймады. Ахметтен көп қиянат көрген Иман да оған тісін қайрауда болатын. Сұлтан-правитель әскеріне күтпеген жерден тиген кілең тас жүрек жігіттер ешкімді аямады. Бір түнде бар жасақты қырып салды десек шындыққа жатар еді. Ахмет жасағындағы қырық төрт сұлтанды сол түні өлтірді. Жаз ортасында тайыздана бастайтын Үлкенаяқ өзені сол түнгі төгілген қаннан қып-қызыл боп ақты. Дидиковский полкінің бір бөлігі бұл кезде осы Тобыл мен Үлкенаяқ өзенінің тоғысар сағасында жатқан. Ахмет сұлтанның жасағына жау тиіп, соққыға жығылған кей адамның ойбайлаған даусы құлақтарына келіп жетсе де «өзімізді қай тұстан Кенесары шабар екен!» деп қорқып, орындарынан қозғалмады.
Кенесары қолы сұлтан-правитель жасағын жайратып, таң ата кейін шегініп кетті. Бір түнде Кенесары қолынан қырық төрт сұлтан қаза тапқан бұл айқасты естігенде дос қуанып, қас күйінді. Болған оқиғаны жеткізген Дидиковский рапортына Орынбор әскери губернаторы генерал Обручев: «Масқара, жантүршігерлік хабар, мұндай оқиғаның болғанына сенгің келмейді»,— деп бұрыштама жазды.
Әйтсе де Ахмет султанның әскерінің қалдығымен Дидиковскийдің полкі Торғайға жақын Алакөл деген көлдің жағасында Сібір генерал-майоры Жемчужниковпен кездесті. Бірақ бұл кезде Кенесары өзінің бар аулын Талды мен Шет-Ырғыз өзендерінің маңайынан Мұғажар тауының күнбатыс етегіне өткізіп жіберген-ді. Сөйтіп Жемчужников басқарған Сібір мен Орынбор әскерінің қоршауынан Кенесары тағы құтылып кетті. Енді ол күр құтылып қоймады, жауға өзі шабуыл жасауға кірісті. Тамыз айының басында Кенесары қолы Орынбор шекарасындағы өзімен өш қазақ ауылдарының көк желкесінен шыға келді. Бу жолы жаздың басында Кенесары ауылдарын Ырғыздың оң жақ өңірінде көшіп жүргенін Лебедев пен Ахмет сұлтанға айтқан Төртқара мен Жағалбайлы руларын шапты... Қанға құныққан хан Кене бұл жолы да, досы мен қасын, биі мен қарашысын айырмай, заты Төртқара, Жағалбайлы деп қолдарына түскен ауылдардың үстіне ат ойнатып, кептеген адамды қанға батырды. Ор өзенінің бойында көшіп жүрген бір ғана Жағалбайлы руынан жеті жүз жылқы, үш мың қой, екі жүздей қара мал айдап әкетті.
Кенесары осылай жау шебінің желкесінде жүріп, көп кешікпей Наследница, Атаман станицаларын алды. Содан кейін ол Орынбор мен Троицкінің өзіне шабуыл жасаймын деп қазақ ауылдарының бәрінің өзіне қосылуын талап етіп жар салды. Біреулер Кенесарының күшіне сеніп, біреулер қорыққанынан оған қосыла бастады. Тамыздың орта кезінде ол кенет Екатерина станицасына ат қойды. Күтпеген жерден болған шабуылға тіпті станица солдаттары қарсыласа да алмай қалды. Кенесары станицаны өртеп, форштатын қиратып, жиырма шақты мылтықты олжа етіп, тағы да қазақтың кең даласының қойнына еніп жоғалып кетті.
Ереуілшілердің патша әскерінің көк желкесінен шығып шабуыл жасауы үкіметті таң қалдырды. «Еш жеңілуді білмес тас жүрек батырдай, соңынан аңыз-ертегілер қалдырып Кенесары тағы да ұстатпай кетті» ,— деп жазды артынан тарихшылар.
«Қайткен күнде де Кенесарының ауылдарын қуып жетіп құрту керек»,— деп патша үкіметі оған қарсы шығарған жасақтарына қанша бұйырғанмен, осы жасақтарды басқарушы генерал-майор Жемчужников сұлтанның өзі түгіл, ауылдарының қайда көшіп жүргенін білмейтін еді. Сібір мен Орынбор әскеріне енді Торғай өзенінің бойына Ырғызға қарай жүруге бұйрық берілді. Тамыз айының аяқ кезінде Жемчужников өзінің тыңшылары арқылы Кенесары ауылдарының оңтүстікке — Мұғажар тауына қарай көшкенін естіді. Көп әскермен ереуілшілердің соңынан қуып отырудың қиын екенін түсінген генерал-майор Мұғажар тауының арасында ұрысуға жарайтын арнаулы шағын жасақ бөлуді дұрыс көрді. Ол мұндай жасақты Орынборға жататын әскерден екі жүз сексен казак-орыс, Сібірге жататын әскерден жүз жетпіс таңдаулы солдаттан құрды. Бұл жасаққа екі зеңбірек берілді. Войсковой старшина Дидиковскийге өзге әскермен Кенесары тағы да арттарынан шығып шабуыл жасап жүрмесін деп Шет-Ырғыз бойына барып бекінуді бұйырды.
Генерал-майор Жемчужниковтың өзі басқарған арнаулы жасақ тамыздың жиырма екісі күні Мұғажар тауына келіп жетті. Бірақ Кенесары көшінің дені Ембі өзенінің жоғарғы жағына өтіп кеткенін, ал қалған азын-аулақ ауылдардың Мұғажар тауының арасына мықтап бекініп алғанын білді. Бұдан кейін генерал-майор енді Кенесарыны қуудың пайдасыз екенін түсініп, әскерімен кейін қайтуға мәжбүр болды. Осы кезде күздің суық жаңбыры да сіркірей бастады.
Күз тоқсанның бас кезінде Сібір жасағы Ұлытауға, Орынбор жасағы Ор бекінісіне қарай шегінді. Сөйтіп патша үкіметінің Кенесарыға қарсы бір мың сегіз жүз қырық төртінші, яғни қазақша Ұлу жылғы генерал-майор Жемчужников басқарған аттанысы да ешбір нәтижесіз бітті.
Кенесарының да күткені осы кез еді. Патша жасақтары қазақ жерінен кетісіменен, ол қанды шеңберін жан-жағына қайта сала бастады. Жоламан, Иман, Жеке батыр, Жанайдар, Наурызбай, Ержан басқарған шағын жасақтар Орынбор, Батыс Сібір губернаторлығы мен Кенесары билеп отырған жердің шекарасындағы патша бекіністеріне, казак-орыс станицаларына жоқ жерден тиіп тыныштық бермеді. Ал Бұқарбай, Ағыбай, Құдайменді басқарған жасақтар Қоқан хандығының шекарасына барып өзбек қыстақтарын тонаумен болды.
Кенесары осы жылы қараша айында Жаппас руынан зекет, үшір жинап қайтыңдар, егер қарсылық етсе аулын шабыңдар деп Байтабын мен Наурызбайды жіберді. Ондағы ойы бір жағынан Байтабынды тағы бір сынау еді. Кенесарының қанқұйлылығынан түңіліп, әне кетем, міне кетем деп толқып жүрген Байтабын бұ жолы бас тартпады. Ел болып бірігуге қарсы қыр көрсетіп жүрген Жаппас аулына құлшына аттанды. Жанғабыл би бұларды құшағын жая қарсы алды. Түн келе Кенесары жігіттеріне арнап ойын-сауық құрып, қойындарына қыз салды. Ал таң алдында өзі басқарып ұйқыда жатқан Наурызбай жігіттерін тегіс бауыздады. Осы түнде Байтабын батыр да өлді, Николай Губин қолға түсті. Тек жанында жатқан қыздың сырттағы шуды естіп «сені өлтіргелі келе жатыр» деген сөзінен сес алып далаға жүгіріп шыққан Наурызбай Николай Губин әкелген Ақауыз жүйрігіне мініп үлгірді. Соңынан қуған Жаппас жігіттерінің жетеуін және Әлмембет бидің баласы Көкір батырды найзамен қағып өлтіріп жалғыз өзі қашып құтылды. «Сұңқар өлген» төбесіндегі оқиғадан кейін алты жыл қызығын" көрген Байтабынның асқан ерлікпен, жалғыз өзі көп жігітпен атысып сорға қамалып өлгенін естігенде Кенесары қандай батырынан айрылғанын бір-ақ білді. Батырларымды қалай қадірлейтінімді көрсін деген сұлтан өзі жер бауырлай қайғырып, бар жұртқа үш күн қара жамылтып жоқтау айтқызды. Жетісін бергеннен кейін Байтабын өлген жерге барып басына құлпытас орнатып, бұл араға «Байтабын даңызы» деген ат қойды. Осы «жасауыл қырғын» деп аталатын уақиғадан кейін Кенесары желтоқсанның басында сарбаздарын өзі басқарып келіп Жаппас руын шапты. Жазықты-жазықсызына қарамай Жаппас руының көп аулын қанға бояды. Сан кедей алдындағы күн көрісінен айрылып, сан бейшара қан жылады. Тек осы қырғынның бас күнәкары Жанғабыл ғана қоймасындағы көп қомының арасына тығылып аман қалды. Сонымен бір мың сегіз жүз қырық төртінші, яғни Ұлу жылы, Кенесары жауын тағы тойтарды. Бірақ, ол іштей жаралы еді. Тағы да осындай ауыр бір жыл келсе, тынымсыз алысып, ат үстінде жүріп қажыған жұрт енді төтеп бере алмайтынын Кенесары жақсы түсінген-ді. Сол себептен де таяу қалған жауын сезіп, қайда қашарын білмей сасқан жаралы арлан қасқырдай қатты қиналуда еді. Қас пен досты айыра алмай, соңғы кезде бойын мейлінше билеп кеткен қатыгездік, қаныпезерлігі де осыдан шыққан-ды.
БҮЛІНШІЛІК ЭПИЛОГІ
Қазақ жерінде не көп мола көп. Ал мына біреулерді мола деуге де, құлпытас деуге де, серете деуге де келеді. Қазақ көбіне мұндайды оба дейді. Бұл тастан қашап істеген мүсін. Шомбалдай тас дененің көбі әйелге ұқсас. Кейбіреуінің алақанында кеуде тұсына дейін көтерген кесе-ыдыс, кейісінің қолында келте жуан таяқ тәрізді қару. Түрлері монғол кейіптес, кейісінің жуан мұрты салбыраған. Осы мүсіннің жанында тасты қырынан қалап салған зиратқа ұқсаған төрт қабырға бар. Ал бағда біреулерінің жанында кәдімгідей кіші-гірім тас қорған тұрғызылған. Мүсіннен күншығысқа қарай жүз елу, екі жүз қадамнан кейін, сопақ төрт бұрышты, биіктігі жарты құлаш тастар кездесіп отырады. Бұл тізілген тастар (балбалалар) екінші оба тасқа апарады. Одан әрі тағы осындай балбала тастар созылып кете барады...
Осындай бір төбе басындағы тас обаның жанында үш адам отыр. Бірі Кенесары. Қасындағылары Таймас пен Әбілғазы.
Қасым хан дәуірінен бастап қазақ жерінде таққа отырудың өзінің ерекше дәстүрі болған. Тақта отырған ханның оң жағындағы адамды Маймене, сол жағындағыны Майсара деп атаған. Маймене мен Майсара ең беделді рулардан, ханның оң қолы мен сол қолы тәрізді сенімді адамдардан сайланған. Қасым ханнан бастап Абылайға дейін қазақ хандарының Маймене орнына арғын, Майсара орнына Қыпшақтан шыққан беделді би, бекзадалары отырып келген.
Кенесары хан болғаннан бері, тек Абылайдың ала туын өзінің жасыл туына айырбастағаны болмаса, көбіне ата дәстүрін берік ұстауға тырысқан. Сондықтан Маймене мен Майсараны хандық, соғыс істерінде ең жақын, ең сенімді серіктері Таймас пен Әбілғазыға берген. Таймас арғын руынан болғандықтан оны Маймене, сұлтан тұқымынан шыққан өзінің немере інісі Әбілғазыны, нағашы жағынан Қыпшақ болғандықтан Майсара еткен. Бұл екеуі қай жерде жүрмесін, осы тәртіпті бұзбайтын. Міне қазір де Таймас ханның оң жағында, Әбілғазы сол жағында отыр.
Тамыздың бас кезі болса да, бүгін күн шілдедей тым ыстық еді. Қазір күн батуға таяп қалған кез. Кеш бола, тебе басында салқын жел соғып, оба қасындағы үш адам демдерін еркін алғандай. Төменде Ырғыз өзенінің өреме тұсында жаудан тасаланған хан аулы жатыр.
«Жалайырда қой көп, Жанғазыда ой көп» деп өзінің үндеместігіне сылтау тапқан Жалайырдың Жанғазы деген байындай емес, Кенесары шынында да сөзге сараң, тұйық, бірақ көп ойланатын-ды. Ал өткен жылғы жеңістерінен кейін тіпті аз сөйлейтін болып алған. Хандықты басқаруда ең жақын деген бір табақтан ет жеп, бір дастарқаннан шай ішіп жүрген Таймас пен Әбілғазыға да ол ақырғы кезде анда-санда ғана сырын айтатын. Таймас пен Әбілғазы хандарының бұл қылығын «тұтқындағы бәйбішесі мен балаларын сағынған шығар. Қайсар мінезіне салып бізге айтқысы келмей, құр іштен тынған түрі ғой»,— деп ойлайтын. Бірақ биылғы жылдың ортасында генерал Обручевпен жүргізілген келісім бойынша тұтқындар айырбасталып, Күнімжан балаларымен үш жылға таяу Орынборда болып, осыдан екі ай бұрын сау-саламат қайтып келген.
Алайда Кенесары бір-екі күн ақжарқын жүрген де, қайтадан қайғы теңізіне түсіп кеткен, түнере бастаған. Ханның бұлай ұзақ тұнжырауын екі ақылгөй түсіне алмай-ақ қойған. Кенесары қандай қайғы келсе де, үш күннен кейін ұмытатын. Ұмытпасқа өмірдің өзі де қоймайтын, күнде аттаныс, шабуыл, бір қайғыны күн салмай басқа қайғы жеңіп жатқан кез. Былтыр Байтабын батыр өлгенде де, ел арасын татуластырудың шешені Әлім Ягудин мен бүкіл кеңсе жұмысын, алым-салық Істерін басқарып жүрген Оспанұлы Сидақ Қожа қолға түскенде де үш-ақ күн қайғырған. Төртінші күні қайтадан көкбурылға мінген. Бұрынғысынан да қатулана түскен. Биыл Кенесары онша күйзелердей апат ел басына туған жоқ. Тек бұрынғы Елек өзенінің бойына көшіп барған руын иесіз тастамайын деп, жаз басында Жоламан батыр хан қасынан көшіп кеткен. Кенесары құшақтаса қол алысып қош айтысқан. Жоламанның еліне қайтуына өзі рұқсат берген. Ал жақында бөтен ұлттан жалғыз сырласы Иосиф Гербурт — Жүсіп үшті күйлі жоқ болып кеткенде, тұнжырай отырып: «Айдыныма келіп қонған аққуым еді, сірә көлім тайызданайын деген екен, жолынан жарылқасын. Ұлтым бір дейтін еді, тек Бесонтиінге барып қосылмаса болғаны»,— деген де қойған. (Бесонтиін деп қазақтар Сібір казактарының басқармасы бастығы, заты поляк, генерал-майор Вишневскийді айтатын).
Осындай жағдайда жүрген Кенесары бүгін ең жанашыр екі серігін алып оба қасына келген. Ертең осы араға Кенесарының қарамағындағы ел билеп отырған батырлары, билері жиналмақ. Алдағы уақытта не істеу керек, соны ақылдаспақ. Өздерін хан шақырғанда Таймас пен Әбілғазы сол мәжіліс туралы кеңеспек болар деп ойлаған. Бірақ Кенесары сөзін тіпті бөтеннен бастады.
— Мен кеше бір түс көрдім... Түс емес-ау, өзімнің ажалымды көрдім. Соның жоруын сұрайын деп едім,— деді ол басын көтермей, жерді шұқылап.
Әбілғазы жасы кіші болғандықтан Кенесары өзі сөйле демесе үндемейтін. Әдет бойынша мұндай жағдайда сөз Таймасқа тиетін. Ол сол әдетіне салып:
— Түс түлкінің боғы деген, хан ием, оны жорытып не қыласыз,— деді, Кенесарының «ажалымды көрдім» дегенінен шошып.
— Жоқ, түсім демеңдер, өңім деңдер...
— Жақсы. Айтыңыз.
— Біз, қалың қазақ осы арадан босып Балқаш барып, Қамал аралында қыс өткізіп, одан Меркені алған екенбіз. Қырғыздың манаптары Сарбағыш Орман мен Жантайға: «Ағайынды екі жұрт бірігіп, Қоқан ханын жойып, жеке ел болайық»,— деп хат жазыппын.
— Жөн ғой. Қырғыздар біздей Россия патшалығының қорлығын көрген жоқ қой әлі... Қоқан ханының қиянаттары болмаса, елі де, жері де сау, ақ патшаға қарсы келмейді...
— Орман өзі хан болғысы келеді екен, ол «сен маған бағын, сөйтсең бірігуім мүмкін, әйтпесе өзіңді ұстап берем. Сенің басыңа Бесонтиін үш мың сом күміс ақша мен алтын медаль бергелі тұр»,— дейді. Мен не дегенімді білмеймін, осы арада шым-шытырық бірдемелер басталды. Қалиғұл манап келіп, өзара татуласып, бір-бірімізге тимейтін болып бітім істеген тәріздіміз, бірақ ол бітімді, менің басымды сатып шен алмақ болған манағы тар уәдесін бұза ма, келісім сұрап барған Саурық батырды өлтіріп, Күнімжанның інісі мен Жанасты қолға түсіріп, көп төлеу сұрай ма, қалай, әйтеуір біз олармен соғысуға бел байлаппыз...
— Түсіңізге тағы соғыс кірсе қиын екен. Ел тым күйзелуде ғой.
— Иә, бұл тек түс болсын де. Содан қан төгіс басталыпты. Екі жақтан бірдей жазықты, жазықсыздар қырылып, жылаған бала, қатын-қалаштың ойбайынан жер түршіккендей...
— Япырмай, ә... Онсыз да төгілген қан аз емес еді ғой...
Сайып келгенде біз Орман манаптың әскерімен бетпе-бет келіппіз. Екі жақ Шу өзенінің бойындағы Қара Қоныс жазығының күншығыс шеті Кекілітау етегінде кездесіппіз. Кекілінің «әулие шыңы» аталатын басында Орман қолы. Ежелден қан жосыған жер деп саналатын Майтөбе адырының басында біз... Сол жағымызда қалың бұйратты Алмалысай жазығы. Одан әрі Шу өзені... Олар биікте, біз төмен. «Әулие шыңының» басындағы Пішпектің құшбегі Әлішер датқа мен Орман манапты өңімдегідей анық көріп тұрмын. Манаптар «бәлем, тұра тұр!» деп жұдырықтарын түйеді. Күншығыс жағымыздан, атын білмеймін, тағы бір қарлы биік шың елестейді. Оның басында Бесонтиін. Ол Орман мен Әлішерге қол былғайды, «Кенесарыны тез құрт. Жәрдемге бір атқанда мың адамды қыратын қаруы бар жүз әскерімді жібердім»,— дейді. Етекке қарасам Бесонтиіннің сөзі жөн секілді. Екі сыпай самаурынға ұқсас буы бұрқыраған бірдемеден оқты қардай боратып тұр.
— Күндіз не ойласаң түсіңе сол кіреді деген,— деді бағанадан бері үндемей отырған Әбілғазы,— есіңізде ме Жүсіптің әнеугі сөзі.
Жүсіп Орынбордан келген бір қашқын солдаттан өз елінде шығатын бір журналды сұрап алған. Сол журналда көп нәрсе жазылған екен. Оқты қарша боратып, бір атқанда мың сан адамды жоқ ететін болашақта ғажайып қарулар шығады-мыс ден Жүсіп Кенесарыға айтқан. Тыңдап отырған Кенесары «Шіркін-ай, сондай қарудың бір-екеуі менде болар ма еді»,— деп арман білдірген.
— Мүмкін сондай бәле ме, әйтеуір жантүршігер бір ғаламат,— деді сөзін қайта жалғап Кенесары,— соғыс әлі басталған жоқ, бірақ менің екі кезім Кекілітау жағында. Күндіз кезіме түсері тау басына жыра, сайы, қойнау мен шаңын бұрқыратып ағылып келіп жатқан қалың қол. Түнде бүкіл Кекілітаудың бойын қаптай жанған оттар... Мен шошынып, Әбілғазы, сенен: «Кекілідегі қырғыз көп пе, аспандағы жұлдыз көп пе?»— деп сұраймын.
Әбілғазы езу тартып күлді.
— Кене аға, бұныңызға мен жауапты қазір берейін. Сіз манаптардың өздерін көрдіңіз бе, әлде тек шаң мен отты ғана көрдіңіз бе?
— Шаң мен отты ғана көрдім. Манаптардан көргенім тек Орман, Әлішер, Қалиғұл.
— Онда бұл ескі қулық. Ескендір Зұлхарнайынға қарсы соғысқанда сақ, қыпшақ, үйсіндер осындай әдіс қолданыпты. Түнде қос басына емес, әр сыпайдың езіне жеке от жақтырып, ал күндіз екі сан қолды екі таудың арасымен шаңды аспанға шығара ерсілі-қарсылы жүргізе беріпті. Қазақтарды бұрын білмейтін Ескендір Зұлхарнайын «бұл не қылған көп қол еді» деп сескеніп, қазақ даласына аттанудан бас тартыпты. Қос мүйізді Ескендірдің біздің жерге келмеуінің бір себебі осында көрінеді.
— Бұл бір еске алатын қулық екен,— деді Кенесары. Сөйтті де түсіне қайта кірісті.— Қырғызға бірге аттанған Сыпатай батыр мен Рүстем төре бізді тастап кетіп барады. Ар жағында тағы да шым-шытырық бір пәлелер... Жекпе-жек шыққан батырлар, қарама-қарсы беттесіп келген қолдар. Орманға мен: «Шық жекпе-жек!»— деймін. Ол маған борбайын көрсетіп күледі. Қысқасы, бір кезде біздің қалың қол қоршауға түскен екен деймін. Бір жағында патша солдаттары, екінші жағында қисық қылыш қоқандықтар, үшінші жағымызда ала қалпақ манаптар. Жанталасып жан-жағыма қараймын. Қоршауды бұзам деп екі жүз жігітпен жауға шапқан Наурызбай... Ар жағында тары шым-шытырық... Дәл өңімдегідей: «Япырмай, бұдан да қиын кезеңдерде жол тапқан ақылым қайда деймін. Патшаның зеңбіректі бес мыңдаған әскеріне бой бермеген басым, мына тоғышар манапқа төтеп бере алмағаның ба?»— деймін өзімді өзім қинап. Бірақ төтеп бере алатын емеспін. Әсіресе сыпайларымның құтын алып, қырып бара жатқан екі бүйірімізден атылған әлгі самаурындай буы бұрқыраған ғажайып қару... Әлден уақытта Ақауыздың жалын құшып Наурызбай құлады. Тек қолды жарып Ақылағымен қамалай қуған жауға жеткізбей Ағыбай ғана құтылды. Қоршау таяған сайын тынысым тарылып, Батырмұрат бастаған серіктеріммен иірімді Қарасу өзеніне ат қойдым... Астымдағы атымды иірім ала жөнелді. Қай жағымнан келгенін білмеймін, біресе Батырмұрат, біресе Қараүлек, біресе сен екеуің, біресе Арғын, Қыпшақтың жас жігіттері суға жібермей мені жағаға алып келе жатыр...
Терлеп кеткен Таймас:
— Япырмай, түстегі су өңіңізде көрер азабыңыз ғой, әйтеуір жар жағасына шықтыңыз ба?
— Шықтым ғой. Бірақ алдымда Төрегелді манап басқарған Қалиғұл жасағы тұр екен. Қолға түстім.. Ар жағында тағы шым-шытырық, біреу жылап, біреу күлген тәрізді. Бұл уақытта қарасам сыңсыған жау ортасында тұрмын. Бұл бір үлкен той тәрізді. Ең ортада Қалиғұл манап, «иманыңды айта бер, қазір басыңды аламыз» дейді. Мен иманымды айтып, аллаға жалынғаннан гөрі, басымнан өткен өмірімді, ағайын-туысымды, қатын-баламды, үзеңгілес серіктерімді, туып өскен Көкшенің көгілдір тауларын, Сарыарқаның айдын шалқар көлдерін, жасыл орман, көк шалғын белдерін көз алдыма елестетіп ән салдым.
Кенесары бұл жолы да ел қамқоры ер болып көрініп отыр... Әбілғазы мен Таймастың жүйесін босата сөйледі.
— Сондағы қоштасуымның екі аузы қазір де есімде:
Қош аман бол, Сарыарқа өскен жерім,
Қайтқан қаздай қалың ел, көшкен жерім,
Тізе қосып бар қазақ ел бола алмай,
Ит пен құсқа жем болып өшкен жерім.
Сен де аман бол, Сарысу, Қаратауым,
Жеңе алмадым, Қоқанда кетті дауым,
Қорқыт көрі алдымда қазулы екен,
Ақырында, мінекей, жеңді жауым!...
Осы қоштасуымды айтып басымды Қалиғұлдың қолындағы қылышқа тоса бердім. Сұп-суық болат қылыш көк желкемнен кірш етіп кіріп, өндірімнен бір-ақ шықты, басым анадай жерге домалап түсті...
— Япырмай,— деді Таймас маңдайына шыққан суық терді орамалымен сүртіп,— қазақ түсінде өлген адам ұзақ жасайды дейтін еді, ұзақ жасарсыз, Кенеке...
— Қоя тұр, ұзақ жасар құзғын құс кімге тұлға боп жүр?— деді Кенесары Таймасқа,— қызығы артында...
— Түс десе түс екен, әлгіден кейін де бірдеме көрдіңіз бе?—деді Таймас «өлгеннен кейін» деген сөзді айтуға аузы бармай «әлгіден кейін» деп.
— Көптің бәрі осында боп тұр ғой. Соның жоруын сұрамақпын сендерден. Өзім өлсем де, бәрін естіп, көріп жатырмын. «Кенесары өлді» деп соңымнан ерген бір қауым жұрт аза тұтып күңірене жөнелді. Құлағыма сол қайғының ішінен Нысанбайымның жоқтауы дара естіледі. Тоқтай тұршы қалай деп жылап еді Нысанбай? Ие, бір-екі ауыз сөзін әлі ұмытқам жоқ:
Тұлпардан сайлап ат мініп,
Дорбадан жемін жегізген.
Жем орнына бал беріп,
Қысырдың сүтін емізген.
Басуға қалың жау келсе,
Алып шығар дегізген
Кенекемді қалдырып,
Көк бурыл, саған не болды?!
Кенекем менің кеткен соң
Заманым қалды тарылып.
Халық несі ханымнан
Екі бірдей қанатым,
Жетім қалдық айырылып!
Екі бірдей қанатым,
Топшыдан қалды қайырылып
Балдағы алтын ақ берен
Тасқа тиді майырылып!
Кемшілік түсті басыма,
Көрінгеннен қаймығып!
Нысанбайдың жоқтауы бітер-бітпестен, Орман мен Жанай Қоқан ханына достықтың белгісі етіп, екі арбаға тиеп көз алдымда сарбаздарымның бастарын ала жөнелді. Ішінде Наурызбай қалқамның, Құдайменді, Жеке батыр, тағы осы айқаста қаза болған екі балам мен он бес сұлтанның бастары бар... Бар басты Қоқан ханы «қырғыз манаптары Кенесарыдан қалай өшін алып бергенін көрсін»,— деп Ташкент базарының дәл ортасына ағашқа кигізіп іліп қойды. Амалым не, бәрін көріп жатырмын. Ал өзімнің басымды Қалиғұл манап қоржынға салып, Үйсін, Дулат рулары да заты қазақ қой, бүлік шығарып жүрер деп, Жасыл көлдің сыртымен орағытып, Жаркент арқылы Қапалдағы Бесонтиінға алып келді. Мұнда ең алдымен көргенім Кенесарының кегін аламыз деп манаптарға қарсы аттанып бара жатқан қалың Албан, Сыбан жігіттері болды. Олардың не істегенін көргенім жоқ, бірақ алыстан құлағыма келгені: мені өлтіруге қатынасқан кісілердің жазасын аямай тарттырыпты. Ал Төрегелді манаптың аулын шауып, өзін ат құйрығына байлап өлтіріпті. Мұны көре алмаған себебім менің басымды Аякөз, Семей арқылы Омбыға ала жөнелген. Омбыға келген соң Аршабоқ, шоқша сақалымнан ұстап тұрып: «Он жыл ұстатпап едің, енді міне қолымда тұрсың. Не істесем де еркім бар...» деп күлді. Мен де күлдім,—«Мықты болсаң тірімде неге кегіңді алмадың? Қу басқа қайрат істеп не қыласың»,— дедім. Ол «Кегімді тіріңде алған жоқпын ба? Саған Орман мен Жанай манаптарды айдап салып, сенімен қырқыстырып, ақыры солардың қолыменен басыңды кестірген мен емеспін бе?»— деді, сөйтті де жан-жағында тұрған кілең сары ала тонды жандаралдарға: «Кенесарыны құртуға қатынасқан қырғыз манаптарын тегіс Омбыға қонаққа шақырайық. Ал мына басты жуан мойнынан айырған Әлібек ұлы Қалиғұлға, Россия империясына көрсеткен адал еңбегі үшін, патша ағзам атынан, мойнына қарғы бау етіп тағып жүрсін, Георгий лентасына байланған күміс медаль берейік» деді. Сөйтті де менің бетіме қарап: «Міне, Кенесары, күштімен күрессең табарың осы болады»,— деп кекете күлді де, есік алдында күтіп тұрған шабармандарына басымды ұстатып: «Тез Петербургқа жеткізіңдер!»—деді. Олар мені қайтадан қоржынға салып ала жөнелді. Неше күн, неше түн жүргенімді білмеймін, әйтеуір шірітпейтін бір дәрі жаққан ба, күздің суығында кіші құдай — патша ағзамның езі туратын салтанатты қалаға жеттік. Менің сорлы басымды шоқша сақалымнан ұстап неше түрлі жандаралдар сан рет көрді. Ақырында бір күні миымды, бас терімді, кеңсірігімді сыпырып ап, маңдайыма күйдіріп «Қырдың қарақшы сұлтаны Кенесары Қасым ұлының басы» деген таңба салып, өзім секілді бастар, сан түрлі ғажайып суреттер, тас мүсіндер, патша ағзамдардың тамаша заттары тұратын кең сарайға апарып қойды...»
— Ойпырмай, Кенеке, қайдағы-жоқты айтып кеттіңіз ғой,— деді әбден абыржыған Әбілғазы,— түс деген сандырақ емес пе, қайтесіз соны еске түсіріп... Қалсын пәлекет сол бетімен түс болып.
— Ләйім айтқаның келсін... Бірақ қорыққанмен жан қала ма, түсімді аяқтайын, шешуін сосын айтарсыңдар.
— Аяқтаңыз.
— Иә, менің қу басым әлгі жұрт тамашалайтын кең сарайда тұра берді. Орысша білмеген соң атын да ұмытып қалдым, «өрім тәж» дей ме, «ерім тәж» дей ме әлгі үйді... Әйтеуір әркім келіп қу басқа бір қарайды. «Япырмау, мына қу бас әлгі дала сұлтаны Кенесары дегеннің басы ма?»—дейді кейбіреулер, ал кейбіреуі: «Мұның Россия патшасына көнбеймін деп істемегені бар ма, қанша жұрттың обалына қалды»,— десе, бағзы біреулер: «Елін отаршылықтан қорғаған ер еді, қас манаптары патшаға сатылып өлтірді»,— деп аяйды, ал енді біреулері: «Нағыз көзін шұқитын қанішер еді, қарашы, қандай қадірлі жерде тұрғанын»,— деп қу басыма кіжінеді. Тіріде бірін естімеген сөзімнің мыңын естіп тұра бердім. Ал бір қызығы әлгі үйде... Біз секілді қу бастарды әр жылда сәкіден алып,астыңғы үйге апарып, тым тез қурап қалмасын деп, дәрі жағып, азын-аулақ майлап қайта әкеліп жүреді. Мен өлгеннен кейін сегіз жыл өткен соң, осындай астыңғы үйге тағы бір апарғандарында сәкі үстінде тұрған Орман манаптың да басын көрдім. Қуанғанымнан ба, ашуланғаннан ба, кәдімгі өңімдей еңіреп жылап жібердім... Бақсам Сарыбағаш қырғыз бен Бұғы қырғыз жерге таласып Жасылкөл бойында өзді-өзі ұрысқанда, Бұғы қырғыз жағындағы біреу: «Талайдың қанын ішкен, жұртыңа бүйідей тиген сұм едің, өлу қалай болады екен көр»,— деп айбалтамен көк желкесінен шауыпты. Ақ патшаға еңбегі сіңген қырғыз ханы еді деп басын біз тұрған «ерім тәжге» әдейі әкеліпті. «Япырмай, тірімдегі қасымнан, өлгенімде де құтыла алмадым-ау»,— деп мен ыршып-ыршып түсіппін. Бірақ бір ақсақалды қарт адам Орманның басын қолына ұстап тұрып, астындағы қағазға қарап: «Патшаға еңбегі болғанмен, халқына енбегі жоқ мұндай бастардың бұл үйде тұруының қанша қажеті бар? Дүниеде не көп, мұндай бастар көп, әкетіңдер»,— деді.
Таймас езу тартып күлді.
— Бәсе, Кенекем тұрған жерде Орманға қалай орын болсын, ақсақал дұрысын айтқан.
— Асықпа, тұра тұр... Осы түсімнің жоруын айтпастан бұрын, Таймас, сенен екі сұрағым бар. Жауап бер, әрине, Жүсіп сенен гөрі тереңірек жауап берер еді, амалымыз қанша, көктемде келген жыл құсы күзде тұра ма...
— Айтыңыз, қандай сұрақ?
— Бірінші сұрағым: ақ патша адамдары менің маңдайыма «қарақшы сұлтан басы» деп таңба салды. Россия патшалығына көнбей өз жерімізде қазақ хандығын құрамын десем, оным қарақшылығым ба?
— Кім бұл іске қалай қарайды. Қоржынды қарабура сияқты жендеттердің көзімен қарағанда, әрине, сіз қарақшы қанішерсіз...
— Екінші сұрағым: ақ патшаға жағынып менің басымды алдырған Орман ханның басын әлгі алтын сарайға қоймай, өмір бақи қас болып кеткен менің басымды неге қойды, соны ойлашы?
— Орыс ұлы халық. Ұлы халық қашан да болса ұлылығын істейді, жаман достан, жақсы қасты айыра біледі.
— Ұлы халық. Ұлылығы қазақ секілді азғантай елді жәбірлегені ме?
— Жәбірлеген ақ патша ғой... Ал ол жәбірлемесін десең, сенің халқың да сондай көп, сондай ұлы болуы керек.
— Азғана асқа бақауыл, азғана елге бек болма деген осы да!
— Неге олай дейсіз, хан ием! Көктегі күнді күркірете алатын жай тасы едің, қазағыңның басы құм секілді бірікпесе амалың не?
— Иә, аз жұртты басқарсам да, көп жұртқа жараймын ба деуші едім, жаңа түсіндім: бұл Абылай атам заманы емес екен. Хан болып қаталдығыммен жеңем бе деп едім, о да алдануым тәрізді... Қазір қазақтың басын біріктіруден қасқырдың басын біріктіру жеңіл. Жә, болды. Ендігі әлгі түсімнің жоруын айтыңдаршы. Түсім, емес, өңім деп қараңдар. Егер болашағым дәл осы түсімдей болса қандай ақыл бересіңдер?
— Ақыл біреу-ақ: Арқа жерінен кетпеу керек. Не болса да Россия патшасының айтқанына көнген жөн,— деді Таймас.
Кенесары ренжіген жоқ, Майсара жағына бұрылды.
— Сен не айтасың, Әбілғазы?
— Менің де айтарым Таймас ағаның сөзі. Абылай ханның ұрпағы, туысымыз десеңіз де, Сүйік төре мен Рүстем сұлтанның келіңдер дегеніне сеніп, Ұлы жүздің жеріне көшуге болмайды.
— Неге?
— Сүйік төренің қарауындағы елу бес мың жанды қол астыңызға алыңыз деп Қоян жылы патшаға қағаз жазғаны өзіңізге мәлім. Ал Рүстем сұлтан өткен жылы біз мұнда қан төгісіп жатқанда, Қапалға барып Бесонтиінға мәңгі сендерлік боламыз деп шен-шекпен кигенін естідік емес пе... Сөйтіп отырып олар бізге қалай қоныс береді? Қоныс берсе де, ол қоныс Арқаның көп қазағына жете ме, амал жоқ Қоқан хандығындағы жеріміз үшін күресуге тура келді. Ал Хиуа мен Бұқар өзара қырылысып жатқанда, Қоқан қазір әлденіп алды. Жыланды үш кессең де кесірткедей күші бар. Қазір оны жеңе қояр бізде қуат жоқ. Амалсыздан қырғыздан жер сұрап, Қоқанға қарсы бірігейік деп өтінуге мәжбүр боламыз. Бірақ оған қырғыз көне ме?
— Көнбесе... Қоқанға әлім жетпесе де, қырғызға әлім жетеді, күшпен көндірем.
— Кене аға, өз жерімнен айырылдым деп, басқаның жерін тартып алу қиянат. Қазір бізге күштен көрі ақыл керек. Жаңағы түсіңіз маған ой салды. Егер Қоқан, қырғыз, орыс үшеуі бірігіп кетсе қайтесіз?
Кенесары жауап қайырмай ойға кетті. Ай туғалы әлдеқашан. Әр жерден Кенесарыны алыстан орағыта күзетіп жүрген Батырмұраттың атты жасақтарының селеуіттері көрінді. Қазақ Темірқазықтың екі жағындағы Ақбозат, Көкбозат деп атайтын жұлдыздардың қай жерде тұрғандарынан жер тусын айырады, жолды табады. Ал Жетіқарақшы мен Үркер жұлдыздарына қарап түннің кезеңін, жылдың мезгілін біледі. Қазақ түсінігі бойынша Жетіқарақшы Үркердің қызын ұрлапты-мыс. Үркер сол қызымды қалай қайтарып аламын деп Жетіқарақшының осал жерін іздеп оны айнала аңдиды-мыс. Сол Жетіқарақшының қай тұсына Үркер келіп тұрса, сол тұс түннің өзіне сәйкес белгілі мезгілді көрсетеді. Бағанадан бері әңгімеде отырып, қанша уақыт өтіп кеткенін аңғармай қалған Таймас түннің қай кезі болғанын білейін деп Жетіқарақшы мен Үркерге қарады. Дәл осы сәтте төбе тұсынан бір жарық жұлдыз аға жөнелді.
— Жұлдызым жоғары,— деді Таймас ақырын күбірлеп.
Қазақ түсінігінде жұлдыз ақса кісі өледі. Сондықтан жұлдыздың аққанын көрген адам өзі өлмес үшін «жұлдызым жоғары» дейді.
Кенесары мен Әбілғазы да ауыздарын жыбырлатты, Кенет әлдеқайдан тамылжыған ән естілді. Ән әуені де, оны орындау салты да Арқа жағыныкі. Көркем, ырғақты дауыс, біресе шың басына қалықтай көтерілген бүркіт тәрізді, біртіндеп жоғарылап шырқай түседі де кенет ойдағы ақкіске шүйілген ителгідей, төмендеп құлдырай жөнеледі. Кенесары мырс етіп күліп жіберді. Оның есіне ән туралы айтқан Бұқарбайдың аңыз ертегісі түсіп кетті.
Заты Кіші жүз, Табын руынан шыққан, он бес үйлі кедей болғанменен, зор денелі Бұқарбай батыр ат жалын тартып мінгелі бар өмірі жауынгершілікпен өткен, Ол әсіресе Қоқан хандығының зекетші, барымташы сыпайларына ерекше қас. Өйтуіне себебі де бар. Табын руы тәрізді, қыс Сырдария бойында көшіп жүрген Шөмекей аулының бір қызын азын-аулақ қалың малын төлеп, «әне алам, міне алам» деп жүргенінде Ташкент құшбегі Мәмет Әлімнің шабармандары «мал санын жасырып, зекетті аз төледің» деп сылтауратып Шөмекей аулын шауып жиырмаға тарта көрікті қыз-келіншектерін алып кеткен. Соның ішінде Бұқарбайдың қалыңдығы да бар екен. Осыдан кейін Бұқарбай да Саржан мен Кенесарыға еріп Қоқан шабарман сыпайларының талайын қырды, Мәмет Әлімнің жігіттерінің де бері шыққандарын есірей етті. Бірақ күштілерге деген кегі қайтпады. Өз басының өшпендігіне енді жер-суынан айырыла бастаған ел өшпендігі қосылды. Сол себептен Бұқарбай батыр өз өмірін бүтіндей жауынгершілікке арнаған. Қоқан шапқыншылары айдап бара жатқан малын соңынан қуып барып қайтарып беріп, Шекті руының Күреш деген байының қызын алған. Қызын қалыңмалсыз бермеймін деген байға, айдай сұлу қызы «Бұқарбай қайтармағанда Қоқанның бір бегінің күңі болып жүрер едім, осы батырға тием»,— деп безеріп отырып алған. Сараң әкесі қызын кедей батырға амалсыз берген. Жау десе қорқуды білмеген осы Бұқарбай батыр, баладай аңғырт, ақ болатын, әсіресе ол өлең-жырды жақсы көретін. Өзі де әрдайым, рабайсыз жуан даусымен ән салатын. Әсіресе құла дүзде келе жатқанда Бұқарбайды тыңдау бір ғанибет қызық дәурен. Қандай жыр-қисса болсын бәрін тек Ұлы жүз бен Сыр бойын мекендеген Кіші жүз елі айтатын «Бойым талдай» әуеніне келтіріп айтатын, Жырдың бұл әнге буыны жетпесе оны «әлеуләйләй» не болмаса «қалауләйләй» мен толықтырып, ал буыны артық болса, сөз ұйқасымын былай қойып, оны екі бөліп, әйтеуір «бойым талдай» сарынына келтіріп соға беретін. «Ау, осы «бойым талдыдан» бөтен әндерің жоқ па, бөтен бір әуенге салсайшы»,— деп серігі Ағыбай әжуа етсе, оған: «Елімнің бар білген әні осы болса қайтейін»,— деп қымсынбай жауап беретін.
Осы Бұқарбай бір күні Үйсін, Дулат, Алшында «Бойым талдыдан» бөтен әуен жоғы жайында бір ел арасында тараған аңызды айтқан-ды...
«Ән, деген Бұқарбай, құс тәрізді бүкіл жер-жаһанды кезіп ұшып жүріпті. Кей елдің үстіне тоқтап, ұзақ уақыт қалықтай шырқап әнін үйретсе, кей жұрттың үстінен қасқырдай ұлып өте шығып, ал кей ауылдардың төбесінен тіпті үндемей ұшыпты. Сол ән Жетісу, Сыр бойының тұсынан өткенде, жұмған аузын ашпапты, тек Арқа жеріне жеткенде ғана сан түрлі әуенге салып, ұзақ кідіріпті. Ұлы жүз бен Кіші жүз Орта жүздей әнші болмауының себебі әннің орнына, тек еміс-еміс сарынын ғана естіпті. Сол сарын «бойым талдай» деседі. Сондықтан да біздің білетініміз осы сарын. Ән ордасы — Арқа. Ал бірақ ән қонған Арқадан үйреніп, қазір біз де әжептәуір әнші болып қалдық»,— деп Бұқарбай ыржия күлген. Сондағы «Әнші болып қалдық» дегені де баяғы бір «Бойым талдай».
Кенесарының да езу тартқан себебі де осы аңқау Бұқарбай сөзі еді. Кенесары кенет, әнді де, Бұқарбайды да ұмытып, қайтадан ой теңізіне сүңги жөнелді. «Иә, Арқа жері құр ән жері ғана ма? Бұл мың жылқы суарылса лайланбайтын айдын көлді, көк толқынды өзенді, ұшы-қиыры жоқ жасыл шалғынды Жерұйық... Сол Жерұйықпен қоштасуға тура келіп тұр. Мүмкін бұл жолғы қоштасуымыз мәңгілік қоштасу болар», Хан Кене ауыр күрсінді.
Иә, Кенесары өткен қырық төртінші жылдың жеңісіне насаттанбаған еді. Алдағы күрестің қаншалық қиынға түсетінін ол енді анық түсінген. Қарамағындағы үнемі жорық үстінде жүрген елдің күйінің өте нашарлап кеткенін де білетін. Өзінің жайлауларының бәрінен айырылып, енді мал бағатын қоныстың да қалмағандығынан, басар тауы, барар жері тарыла түскен Қыпшақ, Арғын, Шекті, Шөмекей руларының басты би, ақсақалдарының арасында да күңкіл сөз шыға бастаған. Кенесары бұған да қанық. Оның үстіне өткен қыс қатты болып, Арқадан көшіп келген елдің көп малы жұтаған. Бұндай жағдайда соңынан ерген елдің қайтадан атқа қонып, жауына қарсы шығуы екіталай.
Әсіресе Кенесарының ұшар көлін, қонар көгін тарылтқан бір кесепат, ол — дәл хандық жерінің ортасында, Торғай өзені мен Ұлытауда патша үкіметінің үлкен бекіністер сала бастағаны еді. Бұл бекіністер салынып бітуі — қыл арқан аш тамақтан түсті дегенімен бірдей. Онда жаз жайлау, қыс қыстаудан айырылғаның. «Қит етсең дәл тұмсығыңның астында жау әскері тұрады, барар жерің, басар тауыңның біткені сонда болады». Оның үстіне Қоқан хандығы да биыл шабуылын үдете түскен.
Осындай ауыртпалық халін ойлаған Кенесары ең жақын ақылгөйлері Әбілғазы, Таймаспен кеңесіп, Орынбор әскери губернаторынан бітім сұраған. Бұл бітімінде баяғы Абылай атасының көксеген көкейкесті арманынан бас тартқан. Ол арманның енді қолына қайтып қонбас бақ құсы екеніне әбден көзі жеткен еді. Сондықтан о л патша үкіметі иемденіп, бауыр басып алған қазақ жерлерінен дәметпей, тек әлі әскер келіп бекініс салынып Россия қарамағына ене қоймаған бос жерлерді ғана өз қарамағына қалдыруды өтінген. Және бұл арадағы қазақ руларын да патша қол астына алуды сұрады. Кенесары Обручев пен Горчаковке жазған хаттарында, араларында жүрген Асатұлы Шорман, Жаманшыұлы Баймұхамед, Тұрлыбек сұлтан, Герн, Долгов офицерлер арқылы «Бізге Ақтау, Есіл, Нұрадан бастап Ақ Жайыққа дейін қалдырсын, осы күнгі көшіп жүрген жеріміз Торғай, Ырғыз Сарысу өзендері мен Ұлытау өлкесіне тимесін және Ұлытауда маған арнап приказ орнатса, бұдан былай қарай Бүкіл Россия императоры мәртебелі патша ағзам әскеріне өмір бақи қол көтермеске ант етемін»,— деді.
Дидиковский мен Жемчужников басқарған аттаныстан жарытымды ештеңе шығара алмағаннан кейін, орыс генералдарының ұшы-қиыры жоқ қазақ даласына жеке жасақ шығарып мардымды табысқа жете алмайтындарына көздері жеткен Орынбор мен Омбы бастықтары Кенесарымен бітім жайында сөз жүргізіп, араларындағы есірейлерді айырбастауды мақұл көрген. Бірақ бұл кезде қазақ жеріне дендеп еніп алған Россия патшалығы Кенесарының өтінішінің бірін де орындамауға бел бұған-ды. Бұған бір емес, екі себеп бар еді. Россия патшасының отаршылық саясаты бұл кезде қазақ жерін былай қойып, енді Орта Азияға ауыз сала бастаған. Бұл саяхат үшін қазақ даласын тегіс алу оған өте керекті еді. Ал Орта Азия мен Россия арасында өзіне әбден бағынбаған елді сақтау патшаның отаршылық саясатына тіпті қолайсыз жағдай болатын. Екінші себеп осы отаршылық саясатты басқарып, жол сілтеп отырған ақ патша — Николай Біріншінің өзінің көзқарасынан туған. Осыдан бір жыл бұрын ішкі Бөкей ордасының халы жайында граф П. Д. Киселевтің берген баяндамасына ол «Бір патшалықтың ішінде екінші патшалық болуы мүмкін емес» деп қол қойған. Осы қол қоюда қазақ жерінің кіндік ортасында Россия патшалығына бағынса да, әлі де болса елдің хандық бейнесін сақтағысы келген Кенесары өтінішінің де тағдыры шешілген-ді. Оның үстіне, «онсыз да шығайын деп тұрған көз еді» дегендей, арадағы жүріп жатқан бітімнің күрт тоқтатылып, Орынбор әскери губернаторы Обручевтің Кенесарыға қатал ұсыныс етуіне тағы да бір қанды уақиға себеп болды.
Атбасар дуанынан Сырдарияға дейін, ортадағы Қарақойын, Қашырлы, Есіл, Терісаққан өзендерімен Арғынаты, Ұлытау, Кішітау, Қара Кеңгір, Сары Кеңгір, Сарысу өзендері бойын жайлаған қалың. Арғын, Найманның патша үкіметіне жағынған атақты екі байы болған. Бірі Бағаналы Жырық руынан шыққан Сандыбайдың Ердені, екіншісі — Арғын, өр Алтай руының шонжары Кішкентайдың Аққошқары.
Ерден өзге жұрттан төбесі шоқтанып биік тұратын зор денелі, семіз, томпақ бет ақ сары адам болса, Аққошқар көнтек ерін, аузы-басын тырбиған келте сақал-мұрт жапқан, толық денелі қара торы кісі екен. Жаз жайлауы мен қыс қонысы шектес қатар отырған екі елдің қос шонжарының тілегі де, айласы да бір. Екеу де бықып жатқан бай.
Халық Ерден туралы:
Баласы Сандыбайдың Ерден, Дүзен,
Кигені қызыл түлкі, қарсақ күзен.
Біртіндеп санай алмай біткен малын,
Толайым қылған есеп бірден жүзден,—
десе, Аққошқар жайында:
Өрісім ердегі Алтай — Қуандық-ты,
Әркімге көрсетіпті жуандықты.
Аққошқар Сайдалының ауылынан
Бір көлден қырық мың жылқы суарылыпты.
Көлі бар Аққошқардың саумал атқан
Бір көлден қырық мың жылқы ішіп жатқан.
Байлығын Аққошқардың баян қылсам,
Бес жүз ат Орынборға бір күн сатқан,—
деп дәріптеген.
Осы екі бай Кенесары мен Обручев арасында бітім сөз жүріп жатқанда, егер Обручев Кенесарының тілегін орындап оған Ұлытаудан приказ құрып беретін болса, бауыр басқан жерімізден айрылады екенбіз деп қорқып, Қоқанның құшбегі Ләшкәрмен байланысып, мың жылқылы қысырақтың үйірлерін айдап беріп, бір түнде салынып, бітуге айналған Ұлытау бекінісін шаптырады. Әдейі «Абылайлап!» тиген Ташкент қарақшылары ешкімді аямайды, жақында ғана көшіп келген казак-орыстардың қатын-баласын, кемпір-шалын қырады. Ұлытаудың көк орай шалғынды етегін қан сасытады.
Ырғыз бен Торғайда көшіп жүрген Кенесарыны жоқ жерден бұл араға келе қояды екен деп күтпе.ген патша әскері қапыда қалады. Ал қоқандықтар бар істерлерін бір түнде істеп тайып отырады. Бұл хабар Орынборға жетеді: Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан, Кенесары бұл оқиға менің бұйрығыммен істелген жоқ дегенге Обручев пен былтыр Генстің орнына келген генерал Лодыжинский нанбайды. Қалай нансын, бүгін қарсы алдарында соғысып жүрген Кенесары ертеңіне желкесінен шығып бейсауат жатқан бекіністерінің талайын дәл осылай шапқан. Ең соңғы шабуылға шыққан. Ембі бекінісі де апатқа дәл осылай душар болған. Бірақ Кенесары ешқашан дәл мұндай шектен шыққан қанішерлікті көрсетпеген. Ал бұл жолы... «Жоқ, Кенесарының ауруы тым асқынған екен. Құтырған қасқырға тек ажал мен темір тор ғана қорған». Обручев пен Лодыжинский қаһарына мініп, жүріп жатқан бітім сөз бірден тыйылды. Көкек айының аяқ кезінде бітім орнына бұйрық қағазды алып ортада қырық бес күн жүріп офицер Долгов Кенесарының аулына келді.
Бұл бұйрықта былай делінген:
1) Қазақ даласында көшіп жүрген Орынборға қарайтын барлық қазақ ауылдары Россия империясының бөлінбес меншігі деп саналады. Әр шаңырақтан күмістей бір сом елу тиын салық алынылады.
2) Қазақ ауылдары патшаға салық төлейтін болғандықтан, олардан зекет жинауға сізге рұқсат етілмейді.
3) Ауыр қылмысты істер Россия империясының заңыменен сотталады. Ал елу сомнан асып түсетін алым-беріс істер шекара комиссиясында қаралады.
4) Орыс, татар, башқұрт қашқындарына пана беруге рұқсат етілмейді. Қазір күнде Кенесары қарамағында жүрген мұндай адамдар тез Россияға қайтарылуға тиіс,
5) Россия ақ патшасының билігінде болғандықтан Кенесарының ақ патша өзіне қас санайтын кісілермен яки мемлекеттермен ешбір қарым-қатынас жасауға қақысы жоқ.
6) «Сұлтан мырза, сізге, сіздің туыс, серіктеріңізге үкімет өзі бермеген дәреже, шенді өз беттеріңізбен алуға бұдан былай қарай ешбір рұқсат етілмейді» делінген.
Кенесарының қонысқа сұраған Ырғыз, Торғай, Ұлытау, Сарысу, Есіл, Нұраның орнына Орынбор шекара комиссиясының төрағасы генерал Лодыжинский: «Сізге, қоңсы-қоныстарыңызбен жаз жайлау, қыс қыстауға мен Қара Қоға бойын белгілеймін»,— деп жауап берген. Бұл бұйрықты алып келген Долговке Лодыжинский: «Кенесары мен қоңсы-қонысына берген жерімді ыңғайлы екенін түсіндірерсің, қыс ол бұл арадан сәл оңтүстік жаққа, жаз бері қарай көшуіне болады. Бірақ Ырғыз бен Қарғау өзенінің сол жағасына шығуға және Торғай мен Ырғыз өзенінің жоғарғы тұсын бойлай Шет-Ырғызға дейін көшуге қақы жоқ»,— деп арнап тапсырған.
Кенесары Орынбор бастықтарының бұл бұйрықтарын естігенде жүзі қуқылданып, бір орында отыра алмаған. Қайтадан «Абылайлап!» атқа қонбақ та болған, бірақ бұл айқасқа ерер елінің жоқтығы есіне түсіп, үн-түнсіз тұнжырай қалған, «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» деген міне осы! Дәл қазір жол таба алмайтынын түсініп «жауабын соңынан берермін» деп Долговты қайтарып жіберген.
Кенесары осы күндері тағы да қатты ойға кеткен. Орынбор бастықтарының айтқанына көну — сегіз жыл қан төгіп алысып, ақырында мойнын қыл арқанға өзі келіп ұсынумен тең. Ал көнбейін десе барар жер, басар тауы тағы жоқ. Торғай мен Ұлытауда салынып жатқан бекіністер бітуге айналған, Атбасарда Сиыр жылынан бері приказ бар, жорықтан қажыған елдің еруі де екіталай. Жалғыз жол Россия патшасының құрығы әзір жете қоймаған Ұлы жүздің жеріне көшу. Оның үстіне Наурызбай арқылы Сүйік төренің «көшсін» деген сөзі де дем берді. Бірақ Кенесары Ұлы жүз жерінде дәл осы кезде өзіне құрылып жатқан қақпан бар екенін білмеді.
Қақпан мықтап құрулы еді. Перовский мен Генс кезіндегідей емес, қазір Орынбор бастықтарының Кенесары ереуілін тек құртуға ғана бет алғанынан хабардар Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков енді Кенесарымен ең ақырғы айқасқа дайындалды. «Кенесары шын қабылан, жүрегіне қорғасын оқ қадалмай, алған жолынан тайынбайды. Ол оқты Орынбор генералдары емес, мен атуым керек»,— деп ойлады Горчаков «және ол оқ Кенесарының жүрегіне менің қарамағыма жататын жерде тиюі керек».
Әрине Кенесарының генерал Лодыжинский ұсынған шарттарға көнбейтіні кімге болса да айқын еді «Сонда ол не істемек? Айқасуға күші жоқ. Әрине Ұлы жүздің жеріне көшеді». Осындай шешімге келген Батыс Сібір генерал-губернаторы күні бұрын бар шарасын қолданған. Бұл кезде Россия империясының отаршылық саясаты кең қанат алып, Ұлы жүздің де жеріне ауыз салған. Қазір олардың алдыңғы қатарлы бекіністері Қапал, Лепсіге келіп тоқтаған.
Горчаков әмірі бойынша осы Лепсі мен Қапалға арнап келген генерал-майор Вишневский, жан-жағындағы Қарқаралы, Аякөз, Көкпекті өкіріктерінің аға сұлтандарымен күнде мәжіліс, күнде үгіт жұмысын жүргізумен болды. Бұл жиындарға үш өкіріктің аға сұлтандары мен шонжарлары Құсбек, Құнанбай, Барақ, Сүйік, Рүстем — бәрі тегіс қатынасты. Қырғыз манаптары Орман, Жантай, Қалиғұл да Қапалға жиі шақырылды. Осы сергелдең бітім сөздің қорытындысы ақырында Кенесарыға қоныс бермеу болып шықты. Бір жыл өткеннен кейін олар бұл шешімдерін қағаз жүзіне түсірді. «Бір мың сегіз жүз қырық алтыншы жылы жиырма үшінші июнь күні төменгі қол қоюшы Ұлы жүздің Дулат, Албан, Сыбан, Шапырашты, Жалайыр руларының сұлтан билері, Қарқаралы, Аякөз, Көкпекті өкіріктерінің аға сұлтандарымен бірге отырып, осы мәжіліске қатынасқан Сібір қазақтарының Шекара комиссиясының төр ағасы генерал-майор және кавалер Вишневскийдің алдында өзіміздің ант қағазымызға мөріміз бен таңбамызды басып, біздің жерімізге келген ақ патшаға қарсы бас көтерген Қасым баласы Кенесары сұлтанды қоғам тыныштығын бұзушы, өзіміздің қас жауымыз деп санап, онымен еш қарым-қатынас істемеуге келістік. Және Кенесары мен оның серіктеріне өзіңіз жайлап отырған қонысымыздан жер бермеуге, ал егер бүгінді-соңды тіпті Кенесары біздің жерімізден қуылған күнде де, оның Орта жүз, әсіресе бізге жақын тұратын өкірік қазақтарына істегелі жатқан қастығын естісек күні бұрын үкімет орындарына хабар етуге уәделестік»,— деп жазды олар өздерінің актісінде.
Кенесары қазақ елін талан-тараж етіп бөліп алып жеке билеуге үйренген аға сұлтан билердің, өзінің «елді біріктірем»— деген ниетіне қарсы екенін білсе де дәл Ұлы жүз бен қырғыз жерінде өзіне мұндай қақпан құрылып жатқанынан бейхабар еді. Ал хандығын сақтаудың бөтен жолын таба алмаған соң, ол биыл Ырғыз — Торғай жағасынан көтеріліп, Шу мен Іле бойына көшіп баруды жөн көрді. Батыс Сібір генерал-губернаторлығынан қауіп-қатер төнетін болса. Ұлы жүздің шетін ала қыс Балқаш көліндегі ұзындығы жетпіс бес, көлденеңі он бес шақырым, жан-жағын су қоршаған, тек өндірі ғана құрғақ, Қамал аралына бекінуді ұйғарған. Келесі жылы жаз шыға, Әулиеата, Мерке тұсына көшіп, Қоқан хандығынан жәбір жеген қырғыз елін, Сайрам, Шу, Сыр бойының қазақтарымен біріктіріп, қайтадан жауына қарсы шықпақ болған. Ол үшін Қоқан ханының тегеурінінен құтылып, Қытай мемлекетіндегі қазақ руларымен — тіпті қиын болып бара жатса солай қарай өтіп кетуді де сыр ғып түйген. Қол жалғаспақ-тын. Бірақ мұның бәрі әлі сыртқа шықпаған ой. Кенесары осы ойын ақылдаспақ болып қарамағындағы батыр, билерін шақырған. Кешеден бері Торғай өзенінің бойындағы белгісіз оба жанына шақырған адамдары жинала бастаған. Бұлардың ішінде өзінің батыр серіктерінен бөтен Кенесарыға соңғы кезде қосылған Бегімбет руынан Тәуке батыр, Арғынның Төлек руынан Жәуке батыр, Қарауыл руынан Баубек батыр, Керей руынан Қошқарбай батыр, Төртқара руынан Бигелді мен Әйгер батырлар, Берді руынан Сүгірбай батырлар бар. Әрқайсысы Торғай өзенінің бойына қостарын тігіп мәжілісті күтіп жатқан. Мәжіліс ертең басталмақ. Ал Кенесарының бүгінгі әңгімесі соның алдын ала ең жақын ақылдас серіктерімен кеңесу еді. Көрген түсін ортаға салуы да оның алыстан орағытқан айласы.
— Сонымен қырғыз, қоқан, орыс бірігіп кетсе қайтеміз, дейсің ғой, Әбілғазы?— деді Кенесары кенет шырқай шыққан әнді де, миын шырмай жөнелген ойды да өзінен қуып, манағы әңгімелеріне қайта оралып,— сонда Ұлы жүз бен Сыр бойында көшіп жүрген Кіші жүздің қазақтарын есепке алмайсың ғой?
— Алмаймын. Тұлыпқа мөңіреген аусыл қарадай болып жүрмесек нетсін...
— Сондықтан да алыстан арбалағанша жақыннан дорбалаған жөн,— деді Таймас.— Арқадан кетуіміз арманнан кетумен пара-пар..
— Сонда...— Кенесарының түксиген қабақтары көзін жауып жіберді. Бұл оның ашуланған белгісі,— ақ патша қаһары арқамызға аяздай батса да шыдай бер демексіңдер ме?
— Шыдамасқа амалымыз болып тұр ма?— деді Таймас күрсініп, Кенесарының топ қуғыншының ортасына түскен жаралы көкжал бөрідей қиын жағдайын жақсы түсінгендіктен, сөзін батыра айтып,— бізге жеткен ақ патша, Қоқанға жетпей ме? Тескен тау өтіп кетпесең қашып құтыла алмайсың... Одан да...
— Иә, одан да?
— Үлкен халық қой, бәрі бірдей Аршабоқ, Обыріш, Бесонтиін секілді шетінен бұзық емес шығар, еліне, жұртына сүйеніп тіл табу керек...
— Ие... Бірақ қараңғымен астарласқанда не өнеді дейсің. Құм жиылып тас болмас, құл жиылып ел болмас дегенді білмейтін бе едің?!
Таймас бір ретте «Сұлтандар жиылып ел болғанын да көрдік қой, енді құлдарға да кезек берейік»,— деп қала жаздады да, Кенесарының салбырап кеткен қабағына қарап, дер кезінде тоқтады. «Қанына тартпағанның қары сынсын дейді ғой халық, бүкіл қазақ елін әлде де хан тұқымының абыройынан төмен санап отырғанын қарашы, хан иемнің».
Таймас енді алыстан орағыта сөйледі.
— Түс жоруына қарасам, алдымызда күткен тек ажал бар. Әлі де болса ойлансақ, Кенеке...
— Арманыма жету үшін орта жолда ажалым тұрса, одан қорқып бас тартпан. Он сегізімде найза ұстап, жауға шапқанымда, түбі жау қолынан өлетінімді білгем. Несіне ойлан дейсің маған?
— Артыңызда ерген жұртыңыз бар ғой. Оның тағдырын қайтесіз?
— Мақсатына жете алмаған жұрт енді маған ермейді. Ал ере қалғаны мен не көрсем, о да соны көреді. Бір қайыққа мінсек, енді ажалымыз да, амандығымыз да бір болады.
Таймастың іші мұздап кетті, «Япырмай, бар халық қырылып қалса да Кенекең жартастай мызғымас. Мұндай да тастай қатты адам туады екен!» Бірақ Кенесары езінің сөзінен шықты. Осыдан екі жылдай өткен соң, Кекілітау баурында бар қолын қырғыз, қоқан, орыс әскері қоршап алып, құтылу жолы жалғыз ғана қоршауды бұзып шығу болғанда, ол: «Аттарымыз мықты, біз қоршауды бұзып шығармыз, ал аттары нашар өзге жұрт не істейді? Жоқ, соңымнан ерген серіктерімді тастап, ажалдан құтылмағаным-ақ болсын!»—деп өзі қолға түскенше әскерімен бір болды, оларды тастап бас cayғалап қашпады.
Дәл осы сәтте Таймас Кенесарыға көршілес елдерден де, соңынан ермеген қазақ руларынан да рақым болмайтынын анық түсінді. Оған кенет хан Кене жан-жағын тасқын қаптаған жалғыз бәйтерек тәрізді көрініп кетті. «Ұзаққа шыдай ала ма сол жалғыз бәйтерек? Бұл сұраққа жауапты тек уақыт қана бере алатын тәрізді. Таймас Кенесары басына төнген қара бұлтты еш дауыл сырғытып әкете алмайтынын тағы анық сезінді. ол жараланған қасқырдай неден болса да тайынғысы келмей тұрған қолбасшысын аяп кетті. Ең болмаса соңғы ақылын айтып жәрдем бергісі келді.
— Егер жұрт, туған жерінен айырылғысы келмесе қайтеміз?—деді Таймас.— Оларды сойылдың күшімен көшіре аламыз ба?
— Ондай қаталдықтың енді керегі қанша? Ергені ерсін. Ергісі келмегені қалсын. Халқымның жеткен жері сол болса, өкпелегеннен не табасың...
Ертеңіне мәжіліс ашылды. Кенесары бар жағдайды ашып беріп, Шу мен Іле бойына көшуден бөтен жол жоқ деп сөзін бітіріп: «Ал енді қандай кеңестерің бар?» деп, отырғандарға көз тастады. Отырғандар еш жауап бере алмай жерге қарады. Осылай бірталай мезгіл өтті.
Әлден уақытта барып Тәуке батыр:
— Атта жал, адамда қам жоқ,— деді ауыр күрсініп,— біз қозғалып Шуға жеткенше қыс болады... Қыс та бір, жау да бір, босып барып қырылғанша, ажалды ата-мекен жерімізде тосып алған жөн. Ең болмаса көмусіз қалмайық. Көшудің қажеті жоқ.
Тағы да ешкім үндемеді. Тек от тісті, орақ ауызды қызу қанды Қыпшақ Иман батыр орнынан атып тұрып:
— Не малтаңды өзің отырсың, Тәуке батыр?— деді даусы дала қыранындай шаңқ етіп,— жерінен, суынан айырылған халқына, Кенекең «әлі де болса жауыңа жеңгізбеймін, соңымнан ер» деп отырғанда, ел басына бүгінгі туған ауыртпалықтан қорқып, кейін шегінейін дедің бе? Атта жал, адамда қам жоқ, қыс көзі қырауда деп елдің қамын ойлаған боласың, Тәуке! Айдаһардай жұтайын деп келе жатқан жауыңнан соңынан ерген аз елін басқа жаққа әкетпек Кенекеңнің шешімі ел қамы емей, ненің қамы? Маған салсаң, қарамағымдағы елу ауылды ертіп Шуға қарай бүгін көшуге бармын. Туған жерім деп ақ патшаға кеткен қайырсыз қонысқа жабыса берер жайым жоқ.
Бұл мәжіліс екі күнге созылды.
Ақырында қарамағындағы елдің азғанасы ғана Кенесарыға еріп, қалғандары өздерінің тастап кеткен жеріне қайтпақ болды.
Күздің қара суығында бір тайпы ел екі бөлініп көшті. Қоштасқан найзагер достар, бірін-бірі қимай әзер айырылысқан сүйіскен жүректер, жылаған бала, жоқтау айтқан әйел, қайғы-қасіреттен адамның төбе шашы тік тұрарлық...
Ең алдымен Арқаға қайтпақшы елдер көтерілді. Бұларды қыстың аязымен бірге ақ патша аға сұлтандарының қаһары қарсы алды. Әсіресе Қоңырқұлжа қарамағынан қоныс алған жұрт қатыгез қанды балақ аға сұлтаннан зар жылады. Ол Кенесарыда кеткен өшін қайтып келген елден алды. Бірақ оның да аға сұлтандық өмірі ұзаққа созылмады. Қиянаты тыстан асқан кезде бұның қылмысын тексеруге Омбыдан комиссия шықты. Сол комиссияның ішінде әділетті арман еткен жас офицер Есіркеген де бар болатын. Ол былтыр ғана Петербург кадет корпусын бітірген-ді. Және өткен жылы сол қалада Күміске үйленген. Қазақ елінің келешегі тек ұлы орыс халқымен ғана бірге болса көгеретініне әбден көзі жеткен жас офицер Қоңырқұлжалардан құтылу керек екенін де ұққан. Сондықтан өзінің демократшыл орыс офицерлері арасындағы қадірін пайдаланын, комиссияның сатылған өзге мүшелерінің пікірін аяқсыз тастатып, Қоңырқұлжаны орнынан түсіртті. Сөйтіп аз да болса елі-жұрты мен Күмістің өшін қайтарды.
Ал Кенесары соңынан қуғыншы шықпасын деп отырған жерінен қыс түсе көшті. Кенесарының соңынан мың қаралы үй ерді. Қалған қалың бұқара қаны қарайған ханнан іргесін аулақ салып, өз қоныстарына тарады.
Көш алды қара құрымданып ылдиға түсіп кеткенде, Кенесарымен бірге төбе басында тұрған Досқожа ақын шыдай алмай, домбырасын қағып-қағып жіберіп, кезіндегі жасын іркіп алды да, қарлыққан дауыспен жыр тоғытып қоя берді.
Қалдың деп қайран елім, кең қонысым,
Қамығып тұрды Кене жұртын ойлап.
Кене хан енді көшті «я, құдайлап!»
Тұрған соң хан қамығып, ел жабығып
Досқожа толғай берді кегін қайрап....
Көш ұзаған сайын, жыр да ұзай берді.
Шыдай алмаған Кенесары алға қарай асыға шаба жөнелді.
Ағыбай, Бұқарбай, Жеке батыр, Иман, Құдайменді, Наурызбай, Бопай, Таймас, Әбілғазы, тағы бір топ кісі аттарын борбайлай қамшылап соңынан ерді. Осыдан жеті жыл бұрын, көтеріліс басталған сәтте-ақ Кенесарыға қосылған бұл батырлардың ішінде, ел билігін қайтадан қолына алған Жоламан сұлтан ғана жоқ еді.
Кенесарының бұл асыға көтерілуі ажалына асығуы болды. Екі жыл өтпей биылғы көрген түсі дәл өңіндегідей келіп, ол Кекілітауының бауырынан ажал тапты.
Ал мынау көш Шыңғысхан шабуылынан бастап, алты жүз жылдан астам өзінің жері, суы, тәуелсіздігі үшін күрескен қазақ атты көшпенді көкжалдардың ең соңғы ұлы көші еді.
СОҢЫ
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі