Мұғалімдер күні бүгін, күні ұстаздың шаттанған,
Шәкіртіне дем бергізген жеткізеді деп баққа арман.
Ұстаздардың күні бүгін бар тілегі өмірде
Сол шәкірттің өрге жүзген еңбегімен ақталған.«Мұғалімдер күні бүгін» өлеңінен
«10 «А» класына – математика, 3-кабинетте, 10 «Б» класына – әдебиет, 5-кабинетте». Бұл 80-жылдар ішінде өзімізге физика пәнінен сабақ беріп, №25 мектепте 90-жылдардың ішінде де сабақ беріп барып, құрметті демалысына шыққан оқу завучымыз Сәбит Жалғасбаев ағайдың даусы. Сәбит Жалғасбаев ағай мектеп радиосынан оқушыларға сабақ кестесін хабарлап жатыр. Осымен бірге электр қоңырауы да үсті-үстіне безілдеуде. Соның арасында Сәбит Жалғасбаев ағай оқушыларды сабаққа кіруге қоңырау соғылып кеткенін айтып асықтыруда.
«...Мұғалима есікті ашып, сыртқа беттей берген сәтте-ақ, тентек қоңырау ақыры өз дегенін жасап үлгереді. Оның ортасындағы ұзынша тілі қабырғасына барып соғылады. Бар болғаны бір-ақ мәрте соғылуының өзі жеткілікті. Дауыс тым алысқа кетеді.
Осы кезде сыртта тұрған оқушылар ішке қарай лап қояр еді. Себебі шәкірт санасы қоңыраудың әмірлі үніне бағынып үйренген». Сайт бетінде бұдан бұрын жарық көрген «Қоңырау» әңгімесіндегі бұл көрініс 90-жылдар ішіндегі №25 мектептің өмірінен алынып жазылған болатын. Өтпелі кезең аталған осы бір уақыттарда 80-жылдар ішіндегі мектеп маңдайындағы радионы былай қойғанда, электр жарығының болмауына байланысты электр қоңырауының өзі де үнсіз қалған еді. Сондықтан да әңгіме: «Электр жарығының уақытша шектеліп тұруына байланысты үстел үстінде жез қоңырау тұрар еді. Жез қоңырау – осы қалпында моп-момақан» деп басталатын еді.
80-жылдар ішінде өзімізге география пәнінен сабақ беріп, 90-жылдардың ішінде де №25 мектепте сабақ беріп барып, құрметті демалысына шыққан география пәнінің ұстазы Балжан Нұрпейісова апай бірде сабақ үстінде оқушыларды «Біз оқыған мектепте үзілісте вальс ойнап қоя беретін еді» деп қызықтырғаны бар. Сірә, ол кісі Алматының мектебінде оқыған болса керек. Өйткені Балжан апайды үлкендер Алматының қызы деп сөйлейтін. Қожабақыға келін. Балжан Нұрпейісова апай – қазақтың атақты күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының төл шәкірті болып, өзі де қазақ музыкасына толағай музыкалық шығармалар қалдырып кеткен атақты күйші-композитор Дина Нұрпейісованың туған немересі. Күйшінің Жұрынбай деген ұлынан туған. Сондықтан Балжан Нұрпейісова апай өзінің өткен өмір жолында қазақтың атақты күйшісі, күй анасы атанған Дина Нұрпейісова әжесінің тәрбиесінде болған адам. Бұл тақырып жаңалық емес, қазақ баспасөзінде сан рет айтылған тақырып.
Қожабақыдағы Максим Горький мектебінің (қазіргі №25 орта мектебі) 1955 жылғы түлегі, мектептің күміс медаль иегері, профессор Алмас Жаманбаевтың 2013 жылы жергілікті «Қазалы» газетінде осы Қожабақыдағы М.Горький мектебінің тұңғыш медалисі, 1954 жылғы түлегі, күміс медаль иегері, Қожабақының перзенті, Қаражал қаласының басшылық қызметтерінде істеген азамат, инженер-экономист, Қаражал қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» ордені, «Еңбек даңқы» белгісінің және бірнеше медальдардың иегері Әби Дәулеткерімов жайында жазылған «Қажымас қайрат иесі еді» атты естелік мақаласында сол кезде (мектептің күміс медаль иегерлері Алматыда Қазақ мемлекеттік университетінде оқыған) Алматыда жора-жолдас боп жүрген бір топ қыз-жігіттердің арасында Балжан Нұрпейісова апай мен оның жолдасы Ақылбай Жақсыбаевтың есімдері де айтылады. Бір кезде Алматы қаласынан жоғары білім алған Қожабақы топырағының перзенті Ақылбай Жақсыбаев ағамызды да ел білімді адам деп айтатын. №25 мектептің тарихында есімі айтылатын Алматы қаласында ғалым болған Шапай Жақсыбаев – осы Ақылбай Жақсыбаевтың інісі. Ал Балжан Нұрпейісова апай өзін зиялы жандарша ұстайтын жан еді. Ол кісі кітапты өте көп оқыған ұстаз ретінде ерекшеленеді. Сол оқыған кітаптарын өзі оқып қана қоймаған, алдында оқытқан шәкірттерін де сол оқыған кітаптарымен таныстырып отырған. Әсіресе өзі сынып жетекшілік жасайтын сыныбын көп таныстырды. 66-жылғы аға-апаларымыз. 2017 жылдың қараша айында сайт бетінде жарияланған «80-жылдардағы ұстаздар» мақаласындағы сол кезгі №25 мектептің директоры Есетов Амангелді ағай туралы «Амангелді ағай сабақты күшті береді!» деп жүрген де осы 66-лардың математиктері ғой. Олар мектепті 1983 жылы бітіріп, 2013 жылы өздерінің мектеп бітірулерінің 30 жылдық мерейтойларын тойлады. Мектептің 34-түлектері. Сонда осы айтылып отырған Сәбит Жалғасбаев ағай да, бір кезгі сынып жетекшілері Балжан Нұрпейісова апай да олардың сол мерейтойлық дастарқандарының басында болған. Ал «80-жылдардағы ұстаздар» мақаласындағы бір кезгі сынып жетекші ұстаздары Байманова Айнаш апайдың математика сабағына қайтадан іздеп келіп, қатысып жүрген мектепті 79-жылы бітіріп кеткен 30-түлектері – 62-нің жігіттері болатын. Олар №25 мектептің елеулі түлектері болды. Олардың арасынан үш бірдей алтын медаль иегерлері шыққан. Сондықтан №25 мектептің термесіндегі «Шәпеш, Айнаш, Балжандар балаға келген бағынан» деген сөздер де бекерден-бекер айтылмаса керек.
Қожабақыда 20 жылдыққа бастамашы 63-тер болса, ол жөнінде «Қыр басына шыққан түлек» мақаласында айтылған, ал 66-лар 10 жылдыққа бастамашы болған еді. 2013 жылы олардың 30 жылдығы кезінде осы жолдардың авторы осынау 30 жылдық иелерінің Қожабақыдағы №17 «Айгүл» балабақша тәрбиеленушілерімен кездесуіне арнап «Үзілмесін ешқашан достар әні!» атты балабақша тәрбиеленушілерінің атынан өлең-тақпақ жолдарын жазған болатын. Сол кезде он үш түлекке арналған бұл өлең жолдары бірінші Астанадан келіп отырған қонақтан басталған еді:
З0 жыл, көңіл бүгін досқа алаң,
Серпілді ел дәл осындай бастамадан.
Осынау кездесуге келіп отыр,
Еділхандай ағамыз Астанадан.
Ол басқарған құрылыстың ұжымы, әне,
Қуаныш сыйлайды елге Бас қаладан.
Азаттық боп сананы қамшылар мың
Тарихымды тозаңнан аршып алдым.
Оңталаптай ағамыз алып білім,
Мәдениетін игерді парсылардың.
Елшілікте елеулі қызметкер,
Сырын біледі көрші ел, қоңсылардың.
Достар барда көңілді кір шала ма,
Әрқайсысы жауапты бір салаға.
«Судың да сұрауы бар» дейді қазақ,
Нұржан аға – инженер бұл салада.
Көңілдер шаттық күйге алаң бүгін,
Өмірден тапты орнын олар бүгін.
Кеңшілік ағай – құрылыстың инженері,
Игерген білікпенен мамандығын.
Жетті олар биіктерге асқаралы,
Бәрі де шәкірт күннен басталады.
Тұлғабек ағай – құрылыстың директоры,
Ақтөбеде ұжымды басқарады.
Өмірден олар анық білім ұқты,
Елі де дәл осындай ұлын ұқты.
Жолбарыс аға – әскери қызметкер,
Сарбаздық өмірдің ол сырын ұқты.
Оларды шаттық өмір тасытты мың,
Сырласты достар басын қосып бүгін.
Ертай ағай – кәсіпкер, өмір жолда
Үйренген жалықпастан кәсіп сырын.
Әрқашан кір шалмайды жан сандығын,
Өмірден өз орныңды алсаң бүгін.
Мейірбике Ғазиза апайымыз,
Ойлаған адамдардың тән саулығын.
Түлектердің талабын қошта дара,
Тек ізгілік байқалар доста ғана.
Нұртуғандай ағайымыз – оператор,
«Алау» атты стадион – Астанада.
Дариды ұлға қасиет бесіктен мың,
Ғибратын қашанда есітті елдің.
Ақан ағай нарықтан алып тәлім,
Өзіне тән сырын ұқты кәсіпкердің.
Ана мектеп түлекке алаң бүгін,
Ізгіліктің кеудеге тағар гүлін.
Айнагүл апай мектепте ұстаз болып,
Игерген мұғалімнің мамандығын.
Түлекке арман асу көрінер мың,
Кездесер сол мақсатқа бәрі де елдің.
Болатхан ағай өмірде игеріп жүр,
Мамандығын қалап ап дәрігердің.
Шырқалсын көгімізде достар әні,
Талай түлек бұл әнді қоштар әлі.
Галина апай педагог болды дағы,
Бұл күнде балабақша басқарады.
«Айгүл» атты ұжымын өмір жолда,
Жетелер биіктерге асқаралы.
Осындай ағалар мен апалардан,
Үлгі алып өседі талай жастар әлі.
З0 жылдық мереке болсын құтты,
Ұзілмесін ешқашан достар әні!
Егер география пәнінің үздік ұстазы Балжан Нұрпейісова апай сол кездегі өзі оқыған кітаптарымен өзінің алдында оқытқан шәкірттерін де таныстырып отырған болса, онда Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі, ұстаз өзінің шәкірттерін география әлеміне, мүмкін, әдебиет әлемі арқылы жетектегісі келген шығар, кім білсін? Себебі кеңестік математик ғалым Моисеевтен мектеп қабырғасында оқып жүрген оқушылардың арасынан болашақ физик, математик балаларды қалай дайындап шығару керек дегенде, ғалым Моисеев оның бір ғана жолы бар: нағыз математиктер мен физиктерді дайындап шығару үшін мектеп қабырғасында өтілетін әдебиет пәнінің сағаттарының санын көбейту керек деп жауап беріпті. Бұған таңданған көпшілікке Моисеев әдебиеттің миды дамытуға әсерінің көп екендігін айтады. Сондықтан жастар міндетті түрде классиканы оқуы керек екен, ал классикалық шығармаларды оқу арқылы адам ғылымда көптеген жетістіктерге жете алатын көрінеді. «Ғылыми ойлауда әрқашан поэзия элементі болуы тиіс» депті ұлы физик А. Эйнштейн. Біз бұл деректерді О. Жәутіков атындағы физик, математик балаларды дайындап шығаратын мектептің директоры, тәжірибелі орыс тілі мен әдебиетінің ұстазы Гүлшәрбан Сабурованың мақаласынан алып келтіріп отырмыз. Татьяна Сергеевна атты орыс тілі пәнінің ұстазы арқылы Пушкин, Есенин, Чехов, Блок шығармаларына деген құштарлығы оянған шәкірт кейін өзі О. Жәутіков атындағы мектепте орыс әдебиетінен сабақ берген кезде Пушкинді оқыта отырып Абайды, Лермонтовты оқыта отырып Мағжанды, Қадырды, Есенинді оқыта отырып Мұқағалиды да салыстыра оқытады. Бұрын-сонды осы ақындардың әлемімен жеткілікті таныс болмай келген оқушылардың өздері енді олардың поэзиясына қаныққаннан кейін, ақындардың өлеңдерін музыкаға қосып орындай бастаса керек. Бұрын-сонды музыкалық аспап ұстап көрмеген оқушылардың арасында өз беттерінше гитара, домбыра сияқты музыкалық аспаптарды үйренуге деген құштарлық пайда болады. Осылайша тәжірибелі орыс тілі мен әдебиетінің ұстазы болашақ физик, математик боламын деген балалардың санасына поэзиямен бірге музыканы да қатар егіп шығарып салып отырса керек. Қазақтың белгілі ақыны Тынышбай Рахимов әдебиет пен музыканың бірлігі жөнінде былайша жырлаған еді:
Музыканы сөйлетем деп өлеңмен
Осы күнде болдым әбден өлермен.
«Әннен өлең – бөлек» дейді бір «білгіш»,
«Жоқ! Екеуі бір, егіз!» деп келем мен.
Тамсантардай көктем-көрік, жаз-елес, –
Музыка боп төгілген жыр – аз емес!
Мұқағали өлеңдерін шын ұқсаң –
Түседі еске Огинский – «Полонез»!
Егер география пәнінің мұғалімі Балжан Нұрпейісова апай Алматыда өзі оқыған мектебі туралы оқушыларды «біз оқыған мектепте үзілісте вальс ойнап қоя беретін еді» деп қызықтырса, онда 80-жылдар ішіндегі ауыл мектебінің маңдайындағы радиодан сабақ кестесін хабарлап саңқылдап жататын физика пәнінен сабақ берген ұстазымыз, мектептің оқу завучы Сәбит Жалғасбаев ағайдың даусы да өзімізге ешбір вальсіңізден, ешбір музыкаңыздан кем соқпаса керек. Кем соққаныңыз не, қайта жылдар өткен сайын жаңғырып, жасаңғырып, әлгі БАҚ беттеріндегі шәкірттік күндерді еске алып жиі жарияланатын мақалалардағы шәкірттік күндердің құндылығы іспетті саналатын ақ бантик, күміс қоңырау үні деген сөздерден бағасы ешбір кемімеген күйі қатарласа тұрып алатыны бар: «10 «А» класына – Әдебиет, 5-кабинетте, 10 «Б» класына – математика, 3-кабинетте». Физик-ұстаз Сәбит Жалғасбаев ағай әдебиетші-ұстаз Жанділда Сүндетов ағай екеуі мектептен құрметті демалысына 1994 жылы бірге шықты. Осы жылдың Мұғалімдер күні мерекесінде ұстаздарды құрметті демалысына шығарып салу рәсімі өткен еді. Оған осы мектеп ұстаздарының тәлімін көрген – №25 мектептің 70-жылдардың ішіндегі түлегі, сонан соң осы мектепте Сәбит Жалғасбаев ағайдың жасы кіші физик-әріптесі болған – №25 мектептің 80-жылдардың ішіндегі ұстазы, енді 90-жылдардың ішінде Қазалы аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары болып қызмет істеген Деменбай Әмірашев келіп қатысып, қос ұстазға Қазалы аудандық білім бөлімі басшылығының тарапынан жүрекжарды құттықтау лебізін айтты және мектеп есігін ашып отырғанына енді ғана бір ай болған жас ұстаздарға да осы жолда табыс тіледі.
***
Бүгін – Ұстаз күні. Осыдан бір ғасыр бұрын, яғни XX ғасырдың басында ғылым мен білімде халқының келешегіне сеніп, Европа сияқты мәдениеті мен білімі өскен халықтардың қатарына теңелуді армандаған сол кездің көзі ашық, көкірегі ояу, зиялы азаматтары қырда жатқан қазақ баласы үшін әсіресе білім мен мәдениетке ұмтылу жолында ел ішіндегі ашылған мектептер мен оқу үйлерінің алатын маңызы ерекше екендігіне ден қойған еді. Осы тақырыпта жазылған сол кезгі мақалалардың бірінде бұрынғы өкіметтің егер бәрі бірдей білім алса, көздері ашылып, сол білімімен өздеріне қарсы жол ашылады деп қазақ баласы сияқты халықтарды қараңғылықта ұстағысы келгендігін, орысқа сіңдіріп, дінін жойғысы келгендігін, енді мына орнап жатқан жаңа өкіметтің қазақ баласына өзіңнің ана тіліңде білім ал, көзіңді аш, ағар, оқы, біл деп отырғандығын, осы мақсатты жүзеге асыру жолында елдің ішінде бұқараның баласын тәрбиелейтін мектептер, көптің көңілі ағаруға себепші болатын оқу үйлерін ашып отырғандығын, орыс ауылдарында ашылған сондай оқу үйлерінің жемісті жұмыс істеп тұрғандығын, ендігі жерде қазақ ішіндегі халықтың саяси, мәдени деңгейін көтеріп, ағарту мақсатында ашылған сондай оқу үйлерінің алатын маңызы, ондағы істелетін жұмыстары туралы айта келіп: «Бұл жұмысты ел ішінде істейтін ауылдағы көзі ашық, көкіректері таза, анық халыққа қызмет істеймін деген азаматтар болуы тиіс. Мұның ішінде көбінесе білек сыбана кірісетін мұғалімдер болуы шарт» деп, ең алдымен қазақ мұғаліміне үлкен үміт арта сөйлейді. Бұдан сол кезгі мұғалімнің қоғамда атқарған ролі, алатын орны анық көрініп тұр. Бұл – кешегі ұстаздың білім мен мәдениетке ұмтылған қазақ баласы үшін оқу-ағарту ісінде көтере алған үлкен бір жүгі.
Табыстарың табыспенен жалғасты,
Әр шәкіртің ғылымменен сырласты.
Сен оларға білім нұр боп ашылдың,
Ұстазысың алға апарар ғасырдың.
«Жас – іске» деп, білім жолға сен келдің,
Жаңа заман бағдарын тез меңгердің.
Ғасырыңның құралы да шындығын
Саған ашты – қолыңда ойнап тұр бүгін.
Бұл – бүгінгі ұстаздың бейнесі. Жоғарыдағы айтылған мақаладағы ойдан бері уақыт керуені жылжыды, білім саласы жаңалықтармен толықты. Бірақ білім беру мазмұны жаңарған, оқу мазмұны компьютерленген бүгінгі қоғамда да өзгермейтін бір нәрсе бар екен. Ол – мұғалімнің ішкі ұстаздық бейнесі. Бүгінгінің мұғалімінің де ішкі ұстаздық бейнесі – сол жоғарыдағы айтылған мақаладағы ойдан алшақ емес, үндес: «көзі ашық, көкірегі таза, анық халыққа қызмет істеймін деп жүрген азаматтар».
Мұғалімдер күні бүгін, күні ұстаздың еленген,
Ұстаз жүрек сырлас әр кез білім атты өнермен.
Олар шәкірт кеуделерге сол білімнен нәр құйып,
Өмір жолда ізгілікті еңбегімен еленген.
Бүгін — Ұстаз күні. Бала жанының бағбаны болып, халыққа қызмет істеп жүрген — Қазақстан Республикасының Ұстаздарына төл мерекелері құтты болсын!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі