Өлең, жыр, ақындар

Жедел вирусты гепатит

Жедел вирусты "А" гепатиті ішек жұқпалы аурулары тобына жатады. Негізгі зақымданатын мүше — бауыр. Көбіне балалар мен мектептің бастауыш сынып оқушылары ауырады. Бұл 3-10 жастағы балаларда гигиеналық ережелердің толық қалыптаспағандығына байланысты. Ауру күз айларында көбейеді.

Таралуы

Жедел вирусты "А" гепатитінің қоздырғышы — вирус. Бұл вирус қоршаған ортаға төзімді болғандықтан, ұзақ сақталады. Аурудың жұғу көзі — сырқаттанған адам. Қоздырғыш қоршаған ортаға науқас адамның зәрімен, нәжісімен таралады. Сонымен жедел вирусты "А" гепатиті су, тағам немесе қарым-қатынас арқылы жұғады. Оның қоздырғышы тәнге ауыз арқылы енеді де ішек арқылы қанға түсіп, бауырға жетіп, жасушаларды зақымдайды. Соған байланысты клиникалық көрініс пайда болады.

Белгілері

Әлсіздік, ыстықтың көтерілуі, лоқсу, құсу, оң жақ қабырға асты сыздап, шаншып ауырады. 4-7 күннен кейін тері қабаты, көздің шырындары сарғаяды, зәр қоңыр түсті, ақшыл болып өзгереді. Жедел вирусты "А" гепатитінің клиникалық ағымы сарғаю кезеңімен жалғасып, айығу кезеңімен аяқталады. Вирусты "А" гепатитінің созылмалы түрі болмайды. Баланың денсаулығына қарай кейде ауыр түрде болуы мүмкін.

Нақтамалануы

Жедел вирусты "А" гепатиті нақтамасын эпидемиологиялық анемнезге сүйеніп, баланың науқас адаммен қарым-қатынаста болғанын анықтау қажет. Қандай су пайдаланғанын білу керек — ашық құбырдан, қайнатылмаған су ішкен болса, бұл да қауіпті. Клиникалық белгілерді бала терісінің сарғаюы, бауырының ұлғаюы, ауырсынуы, нәжісінің және зәрінің өзгеруіне қарап байқауға болады.

Лабораториялық зерттеулер арқылы қанның биохимиялық талдаулары — АлАт көрсеткіші, жалпы билирубиннің саны анықталады. Осы көрсеткіштер қаншалықты жоғары болса гепатит соншалықты ауыр деген сөз.

Емі

Бүгінде гепатиттің бес түрі бар: А, В, Д, С, Е гепатиттері. Солардың қай түрі екендігін анықтайтын серологиялық талдау жасалады. Сырқаттың орташа және ауыр түрлері ауруханада емделеді.

Сырқат адам, біріншіден, төсек режимін, екіншіден, емдәм сақтауы керек. Тамақтың бәрі пісірілген, қорытуға жеңіл түрде болуы шарт. Майлы, тұздалған, қуырылған тағам жеуге болмайды.

Алдын алу

Вирусты гепатиттің алдын алу үшін таза су ішіп, жеке тазалық ережелерін қатаң сақтау керек. Қолды үнемі сабындап жуу қажет. Баланың жеке сүлгісі, тіс щеткасы болуы шарт. Науқастармен қарым-қатынаста болған балаларға адамның донорлық иммуноглобулинін егу қажет. Сыныпта, мектептің асханасында залалсыздандыру тәртібін сақтап, хлорамин ерітіндісін қолдану ләзім. Вирусты "А" гепатитіне вакцина қолдану қажет. Вакцина арқылы пайда болған иммунитет он жылға дейін күшінде болады.

Г. Қ. КАРИМОВА


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз