Өлең, жыр, ақындар

Жүктілік және іш қату

Жүкті әйелдерді мазалайтын көп жағдайлардың бірі ішектің физиологиялық тұрғыда қидан өзіндігінен тазаруының кешеуілдеуі болып табылады. Бұл жағдай жүкті әйелдердің үштен екі бөлігінде, босанғаннан кейін үштен бір бөлігінде кездесетін көрінеді. Физиологиялық жағдайда ішекке түскен тағам жиырма төрт сағаттың ішінде тасымалданып сыртқа шығуы тиіс. Егер үлкен дәретке отырмау үш күнге және одан да ұзаққа жалғасса, іш қату болып саналады.

Жүкті әйелдерде іштің қатуы жатырдың ішекті қысып, оның тасымалдау қызметіне бөгет болуы, сондай-ақ әйел ағзасында бөлінетін простагландин деген биологиялық белсенді заттың көптеп бөлініп, ішектің өзіндігінен жүйелі түрде қозғалу жұмысын төмендетуіне байланысты. Көп ғалымдар жүктілік кезінде тұрақты түрде көбейіп отыратын прогесторон деген биологиялық белсенді зат ішектің өздігінше жүйелі түрде қозғалысына кері әсерін тигізеді деп санайды. Ішектің қалыпты жағдайдан тыс қозғалуы жатырдың жиырылуына әкеліп соқса, бұның бәрі мерзімінен бұрын босануға да себепкер. Ал ішектің белгілі мөлшерде физиологиялық қалыпты жағдайда жиырылып тұруы жатырдың қалыпты жағдайда болуына бірден-бір демеу.

Бастапқыда жүкті әйелдер іш қатуын жасырады, тек ішектің қалыпты жұмысы қиындап, іштің кебуі, үлкен дәретке отыра алмау, іште ауырсынудың пайда болуы, ауызға және тілге ащы дәм келу, т.б. белгілер пайда болғанда ғана дәрігерге жүгінетін көрінеді. Іш қатудың жатырдағы шаранаға тікелей әсері жоқ. Дегенмен жүкті әйел іш қатуға жол бермес үшін күніне 4-5 рет тамақтанып, сұйықты жеткілікті мөлшерде ішуі, іш кепкен жағдайда ішектің жұмысын жақсартатын шөп тұнбаларын (түймедағы тұндырмасы), белсендірілген көмір (активированный уголь) ішкені жөн. Тағамның құрамында көп мөлшерде тағамдық талшықтар, целлюлозалар болуы керек. Сәбіз, қызанақ, қияр, қызылша, асқабақ та мол болғаны дұрыс. Төменгі сұрып ұнынан даярланған тағам, қышқылтым сүт өнімдері, айран, өсімдік майы және қара өрік пайдалы.

Қара өріктен жеміс шырынын даярлауға болады. Ол үшін 100 гр қара өрік, 2 құты қайнаған су, 40 гр қант қосып қайнатасыз. Бұл сусынды тамақ алдында 50 грамнан күніне 2-3 рет ішеді.

Таза ауада жүру, жеңіл гимнастика іш қатудан сақтайды. Какао, шоколад, қою шай, кофе, ақ ұннан пісірілген тағам ішек жұмысын ауырлатып, іштің қатуына себеп болады. Жүкті әйелдің іші қатып, жоғарыда айтылған амал-тәсілдер көмектеспесе, ішектің қозғалу жұмысын жақсартатын дәрі-дәрмек қолдануға тура келеді.

Сонымен, іш қатудың алдын алу үшін:

1 .Тамақтану тәртібін сақтау;

2. Дене жаттығуларын орындау;

3.  Жеткілікті мөлшерде сұйық ішу (тәулігіне 1000-1200 мл).
 
Н. Б. ЛИ, жоғарғы санатты дәрігер


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер