Төркіні жақын қыз дамыл таппайды. Өзің тұратын қаланың тап іргесіндегі демалыс үйіне тынығу соған ұқсайды екен. Қаншама алаңсыз боламын дегенімен бола алмайсың, екі күннің бірінде сары портфельді салақтатын, қала қайдасың деп, тартып бара жатқаның.
Сенбінің кешінде үйге кетіп, мұнда бүгін оралсам, биллиардшы достарым ұясын аю талқандан кеткен арадай гу-гу етеді.
— Ойбай, осында тынығуға жалғыз қолды біреу келіпті, биллиардты ғажап ойнайды! Ұтпаған адамы қалған жоқ...
Жай ғана мықты биллиардшы келіпті десе, мен әрине, таңырқамас едім. Ал мынау өзі жалғыз қолды, өзі мықты биллиардшы. Жалғыз аяқты керемет жүйрік біреу келіпті деген секілді құлаққа сөкеттілеу естіледі. Кім екен деп, көріп - білгенше ынтық болдым.
Сөйтсем, жұрттың өрепкіп, әңгіме етіп жүргендері өзім жақсы танитын, ағарту мекемесінің бірінде үп - үлкен қызмет атқаратын биязы әсем жігіт Халел болып шықты. Meн, бірақ, оның биллиардшы екенін білмейтін ем.
Амандасып болысымен:
— Ау Халел, сені жұрт керемет биллиардшы дейді ғой? Сондай да өнерің бар ма? Мұндағы ойыншыларды жайпап салған көрінесің? — дедім.
Өзінен шашы бұрын қартайған буырыл бас Халел сыпайы ғана күлімсіреп:
— Е, біздікі деген жай ермек қой, — дейді.
— Ермегің мынадай болғанда, ермек емесің қандай? Мүмкін екеуміз ойнап та жіберерміз?
— Еркің білсін.
Міне, біз биллиард ойнайтын бөлмедеміз. Осында тәуір екі ойыншы болса, біріміз деп жүргеннің өзімін. Халелмен күш сынасып көруге ынталы - ақпын. Бірақ жалғыз қолды адам биллиардты соншалық ғажап ойнайды дегенге іштей сене де қоймайтын тәріздімін.
Халелдің оң қолы иық түптен жоқ, бары тек сол қол. Екінші дүние жүзілік соғыспен ол есепті солай айырысқан. Соғысқа бір қолын садақа етіп берген де, шыбын жанын аман алып қалған.
Халел ки таңдап алып жатыр. Жүзінен ұтам ба, ұтылам ба деп толқығандық байқалады. Әуелі киді салмақтап көріп, сосын сығалап түзулігін байқайды. Жалғыз қолдың қимылы еркінде, епті - ақ.
Қырықты мол еңсерген Халелдің жалпы тұлғасы спортшылардай жинақы. Кеңсе қызметіндегі бұл құралпылас адамдардың талайы жігіт кездегі сымбаттарынан мәңгі бақи айрылып қалып, қиқы-жиқы бола бастайды ғой: теңкиген бөксе, салпиғaн қарын жамап алады, мойнының терісі қатпарланып, қалыңдай түседі. Ал Халел осының бәрінен де ада. Жарау аттай қашан көрсең де сергек, самдағай. Соған орай ол киімді де қатып киінеді: қашан көрсең де аппақ ақ жейде, галстук, костюмі магазиннен қазір ғана алып киген тәрізді, елі бір де бір қыры сынбаған, шаң - тозаң қонып үлгермеген. Meн ойынның әдейі қиындау түрін атап:
- Пирамида ойнаймыз ба? — деймін.
Халелге бәрібірі
— Болсын.
Oйнап келіп жібердік.
Кім ұтты, кім ұтылды, әңгіменің мақсаты тіпті де ол емес. Ал егер оқушы қажет етсе, оны да айтып берейін: бірде Халел ұтты, бірде мен ұттым. Жалғыз қолды болса да шынын айту керек: Халел биллиардты көп жұрттан жақсы ойнайды екен. Ойыншылық мәдениеті де, сезімталдылығы да күшті. Бір қолдың жоқтығы оған тіпті кемдік етпейтін тәрізді, шарды кез - келген жағдайдан соғады. Қатырып дәл соғады, қапы жібермейді. Сақа биллиардтың ернеуіне жақын тұрса, кидің үшін жағаға сүйеп қойып, періп келіп қалады. Сақа ернеуден алыс жатса, екінші шолақ иығын бұлт еткізіп алға тосады да, киді енді шайқамастай етіп соған тірейді. Жапырақ кемтар иыққа мм іздегенім сен дегендей жабыса кетеді. Соққының салмағы, түзулігі екі қолдап соққаннан бір кем емес.
Халелдің ойыншылығына қарап тұрған жұрт та риза болды, мен де риза болдым. (Тең түспей, ойсырап ұтылсам, риза бола қояр ма едім?! )
Ойын біткен.. Халел екеуміз сыртта сейілдеп жүрміз. Менің әңгімем Халелдің ойыншылығы жайлы.
- Жалғыз қолымен биллиардшы болам деген ой менде о баста жоқ еді ғой. Бұған бір қызық жағдай себеп болды,— деді Халел.
Ол қандай қызық жағдай?
- Көкейдегі архивін жайып сала бермейтін Халел жай бір егес себеп болды деп, әуелі онша шешілмеді. Мен қадалып болмаған соң мына әңгімені айтты:
- Соғыстан төртінші жылдың көктемінде оралдым. Бір қол болсын, болмасын, жоқ. Аудан орталығындағы үйге келдім. Енді менің әскерге қажетім жоқ та, әскердің маған қажеті жоқ. Көңілім қалған бір қызметке орналасып, жұрт қаралы жан бағып, күнелтуім керек.
Соғысқа Алматы мұғалімдер институтының бір курсын бітіріп, екінші курсын оқи бастағанда кеткен едім. Үзілген оқуды жалғай жатар кез емес қазір. Кейін соғыс біткен соң көре жатармын, әзірше реті келсе бір мектепке мұғалім болайын дедім.
Асан дейтін жігіт орта мектепте менімен бірге оқыған. (Ол кезде, әрине, бала), Екеуміз тәуір жолдас болатынбыз, бірге жүріп, бірге тұратынбыз. Тоғызыншыны бітіріп, мен қалаға оқуға кеттім. Асан оныншы бітірді, сосын аупарткомға қызметке тұрды. Оның бір ағасы аупарткомда орынбасар, және бір ағасы колхоздың председателі болатын. Тұқым -тұқиянымен пысық, өмір сүрудің тәсілін күндік жерден болжайтын ысқаяқ епті жандар еді. Сол Асан осы кезде аудандық оқу бөлімінде меңгеруші екен. Әлгіндей ептілігінің арқасы болуы керек, әскерге алынбаған. Біз саз кешіп, солдат болып жүргенде, мінекей, бір мекеменің төбесіне қодиып шыққан да алған.
Сол Асанға келдім, жағдайымды айттым.
Ол кезде мұғалімнің де, басқа да қызметкерлердің де жетіспейтін уақыты. Асан мені қуанып қарсы алды. Екі сөзге келместен орта мектепке әдебиеттен сабақ беруге қолыма бұйрық жазып берді.
Осындағы орта мектепте бізбен бірге Ғайша атты қыз оқыған еді. Байқаған боларсың, буданның көбі сұлу келеді ғой. Ғайшаның әкесі қазақ та, шешесі татар - тұғын, Екеуінің ортасынан киіктің лағындай боп, мөлдіреп түскен де қалған. Ой, сұлудың сұлуы еді – ay! Орта бойлы толықша, дене дегенін аппақ, көз дегенің ботаның көзіндей. Аудандағы сылқым жас бозбалалар көшеге шықса, Ғайшаның жолын бөгеп, жүргізбейтін. Институт бітіріп келген жас жігіт мұғалімдер сабақ оқытып тұрып, Ғайшадан кездерін ала алмайтын. Сұлулық, әдемілік турасында сөз болғанда, Ғайшаны мысалға алатын. Біз, Ғайшамен бірге оқитын ер балалар, одан аулақ жүріп, ол үшін бірімізбен біріміз қырық пышақпыз. Ғайшаны бірімізден біріміз қызғанамыз.
Сол Ғайша сұлу ол - дағы осы күні орта мектепте мұғалім екен Тағдыр мені онымен тағы әкеліп тоқайластырды — қызметтес етті. Ғайша әлі күйеуге тимеген, нағыз кемеліне келіп, толған шағы. Бұрын, мектепте оқып жүрген кезде, ара қатынасымыз тәп-тәуір жылы болатын. Сүйем, күйем деген сөздер, әрине, айтылған жоқ - ты, бірақ көз қарасымыздан бірімізді біріміз іш тартқандық сезіліп, байқалып тұратын.
Ғайша жалпы, мінезді, өнерлі де қыз еді. Көркемөнер үйірмесіне қатысып, ән айтатын, би билейтін. Тамаша қазақша әндерді тамылжытып айтқанда, тыңдаушы жұрт жібермей, қол соғып, тұрып алатын.
Соғыстың алды, ел арасында ойын - сауық молайған кез еді ғой. Қазір енді оның бірі де жоқ тым - тырыс. Оқта - текте aнa үй, мына үйге сумаң етіп қара қағаз келіп қалады, сонда ғана төбелеріне жай түскендей шұрқан болып жатады.
Дегенмен жастар жүрген жер үн - түнсіз болсын ба? Мұғалімдер төс - байлау дейтін әдет тауып алыпты. Қазіргідей қыстыгүні, колхоздағы қарбалас жұмыс тыншып, саябыр болған кезде, кейде бір жеті, кейде екі жетіде бір үйге жиналып, көңілдерін солай көтереді екен. Кеш әбден тарар кезде сол күнгі сойылған малдың піскен төсін лайық көрген тағы бір адамға байлап жібереді. Бұл оған: келесі тамашаны сен жасайсың деген сөз. Өстіп, кезек қуалап кете барады. Бүкіл қысқа әрі ермек, әрі көңіл көтеру.
Төс байлаудың белсенді бір мүшесі менің Асан досым екен. Енді міне мен де қатынатын болдым. Бәрі дерлік өзіміздің ауылдың жігіт - қыздары, жатсынатын орта емес.
Төс байлаудың және бір мүшесі Ғайша. Бойжеткен Ғайша сұлу. Байқасам, Асан Ғайшаның соңына өңмендеп түсіп алған. Ғайша оған онша көп илікпейтін, бойын тік ұстайтын тәрізді. Асаннан гөрі маған деген ілтипаты молдау, меніменен үйір - шүйір тез сөйлесе кетеді, мені кәріп, жүзі жайнап сала береді.
Бірақ жалпы топ үшін Асанның салмағы менен гөрі ауырлау, өйткені ол бәріміздің бастығымыз. Сондықтан беделділеу. Сауық кеште Асанға орын төрден ұсынылады, алғаш қойылған рюмка оның алдына қойылады. Әдейі басшылыққа, төрде отыруға жаратылғандай Асан өзін керемет маңғаз ұстайды, сөзді әлде кімдерге еліктеп ойлап, кесек етіп сөйлеуге тырысып тұрады.
Соғыс арақ шарапты да құртып жіберген, оңайлықпен табылмайды. Дүкенге ағаш бөшкемен, зубровка деген сарғыш ащы арақ әкелінеді. Ішетініміз сол және қолдан ашытқан қоймалжың қант сыра.
Әлгі зубровка ақшаға және сатылмайды, астыққа, картопқа сатылады.
Сауық кешке жиналатындардың көпшілігі жастар болғандықтан ойын - сауық жағы мол болады. Жартыбай дейтін қыли кез гармоншымыз бар. Қыза келе бүкіл денесімен бұлғаңдап, өзі де гармонь болып кетеді, Маңдай алды бишіміз Ғайша, әсіресе, жеке биді одан мықты билейтін адам . жоқ. Аяқты тарс - тарс теуіп билегенде, тақтай еденді опырып, тесіп жібере жаздайды. Көйлегінің қысқалау етегінен аппақ ақ саны жарқ - жарқ етіп көрініп, тып-тығыз толық кеудесі дірдек қағып, екі беті алаулап еліріп билегенде сол үйдің бар шанын аспанға шығарады.
Екеу болып билейтіндер тіпті аз. Асан билейді. Ол биге әменде Ғайшаны шақырады. Мен биден марқұммын. Асанның Ғайшаны құшағына қысып, тақалып алып, шыр көбелек айна лып алып билегеніне ішім қыз - қыз қайнайды. Осыған дейін үйренбегенімді өзімнің ең зор кемшілігім деп санаймын.
«Ерінбеген етікші, ұялмаған өлеңші болады» дейді қазақ. Асан баяғыда, мектепте оқып жүргенде, би көрсе, білсін - білмесін, қойып кететін. Биші қыздардың соңынан қалмайтын үйрет деп. Әне, соның пайдасын көріп жүр осы күні. Мен болсам Асандай емес, бұйығымын, көңілім қалап тұрған нәрсенің өзіне аяғымды тартынып әзер басам. Сөйтіп, жұрттан кейін қалып қойғанымды соңыра бір - ақ біліп, өкініп жүрем.
* * *
Төс байлаудың кезегі бір күні Асанға келді. Шақырды бәрімізді: қой сойған, жақсылап дайындалған. Ауыл қонағының сырын өзін білесің — лақ етіп бірден келе қалмайды бәрі. Үздік - создық боп, үй иесін біраз тостырып жиналуды өздерінің дәреже көреді. Шақырылған қонақтар жарым - жартылап қана жиналған кез.
— Кел, шахмат ойнап тұрайық — деді Асан маған.
Екеуміз шахмат ойнауға кірістік.
Соғысқа дейін мектепте шахмат үйірмесі болған. Оған Асан да, мен де қатысатынбыз. Тәуір ойыншылардың қатарында екеуміз де бармыз. Одан бері арада екі-үш жылдай уақыт өтіп кетті...
Біздің шахмат ойнағанымызды тамашалап, қарап тұрғандардың арасында Ғайша да бар. Ол маған болысып, ананы алай жүр деп, кеңес беріп қояды. Менің ұтуымды қалайтыны көмейінен белгілі.
Асанға бұл ұнамайды, айтпай жайыңа тұр дегендей болып, ол Ғайшаға сызданып қарап қояды. Ғайша бірақ тыңдамайды, мен ұтсам қолын шапалақтап қуанады. Асанды бір түрлі келеке еткендей болады.
Мен Асанға бір рет мат қояйын. Екі рет мат қояйын. Міне, енді ерегісіп, екеуміз үшінші рет ойнап отырмыз. Ыза болғаны сонша, Асанда сұр қалмаған, екі бетінің жүні үрпиіп, қабағын қарс түйіп алған. Біресе астыңғы ернін, біресе үстіне еркін қымқырып тістелей береді.
Масқара болғанда мен оны үшінші рет ұтайын.
Дәл осы кезде Асан күтпеген оқыс мінез көрсетті. Шахмат тақтасын үстіндегі фигураларымен қоса алдынан сырып тастап, ұшып түрегелді. Сұқ қолын менің кеудеме қадап тұрып:
— Мен сенімен биллиардта кездесем! — деді. Соны айтты да, ол кісі өлтірген адамдай қап - қара боп, сыртқа шығып кетті.
Мен отырған күйімше қалдым. Асаннан мұндай мінез шығады деп, тіпті де күткен жоқ едім.
Басқа мұғалімдер де бір сәт жым-жырт болды, кемтарсың деп, қор санап айтқаны - ау »? Сен енді мүгедек, жарым - жансын! Неменеге мәз боласың? Шахматтан ұтқаның мен енді сенің өмірде ұтылар да, қатардан шығып қалар да кезің көп! Соны біліп қой, мүгедектігімді бетіме басып, қорлағаның ғой.
Асанды мен де басқалар да тап осылай ұққан едік, және дәл ұққан едік. Жұрттың әуелгі сәтте тым-тырыс тына қалуы да содан болатын.
Қорланғанда мен жаман қорландым. Орнымнан тұрып, кетiп қалайын деп бір ойладым да, кетпедім. Өзімді өзім тежеп, шыдап бақтым.
Жасы үлкен біреулер ыңғайсыздық жағдайды жуып - шайған болып жатыр:
— Осы балалар қызық, ойынға да сонша күйіп-піседі.
— Құрдас емес пе? Құрдас болған соң бұлар аямай қалжыңдасады. Бірінің бірі көңіліне келіп қалар - ау демейді.
* * *
Соғыстың алдында осындағы аудандық клубқа шары үлкен әдемі биллиард алып келген. Соның басы - қасынан кетпей, қызығып ойнаушылардың бірі мен едім де, бірі Асан еді. Шахмат секілді онда да, кебіне кеп, тең түсетінбіз: бірде Асан ұтады, бірде мен ұтам.
Сол биллиард қазір де бар екен. Мен әскерден келгелі бері жігіттердің дуылдап ойнап жатқанын бірнеше рет көргем. Қастарына барып, бір кезде езім де тәуір ойнағаным есіме кел ішім қыз - қыз қайнап, қарап та тұрғам.
Әдемі биллиард бұл кезде тозып бітіпті. Шарының көбі кетіліп, сынып, қожыр - қожыр болыпты. Кей шарлар мүлдем жоғалған, орнына басқа бөтен шарлар қосылған. Әдемі төрт киі болушы еді, бұл күнде екі ғана кидің шолтиған тамтығы қалған.
Асанның әлгінде айтқан «Мен сенімен биллиардта кездесем» деген сөзі өңешіме сүйек болып кептеліп тұрған да қалған. Күндіз - түні ойлаймын, тыныш таба алмаймын.
Содан бері ол да үнсіз.
Келіп, ағат кеткен бір ауыз сезім үшін кешір деп, жуып - шаяр түрі байқалмайды.
«Мен сенімен биллиардта кездесем!» Және нығарлап, сұқ қолын кеудеме қадап тұрып айтты – ау! Ант еткендей шегелеп, барша жұртқа естіртіп, серт етіп айтты.
О лай болса, неге кездеспеске?!
Соғыстан жалғыз қолмен қайтқандардың талайын мен білем. Солардың кейбірі екі қол атқаратын жұмыстың көбін істейді: ат ерттеп мінеді, ағаш та жарады. «Комитерн» колхозында Ысқақ дейтін шолақ бар, ол тіпті жалғыз қолмен көкпар да тартады. Биллиард сонда, содан қиын болып па?
Топар дейтін завклубымыз бар, көксау, Көксаулығына қарамастан, арақты табылса, шелектеп ішеді. Сол Топардың көңілін таптым да клубтың кілтін алын алдым. Клуб сіздің үйге жап - жақын, көшенің арғы бетінде ғана. Күнде кешқұрым жалғыз өзім келем де, есік - терезені бітсе тастап, шамды жағып, жалғыз қолмен биллиард ойнауға жаттығам. Әуелгі кезде, шынын айтсам, қиындау болды, үйренбеген адам киді бір қолмен жөндеп ұстай да алмайды екен. Бара - бара төселейін дедім. Ең кем дегенде күніне екі сағат жаттығам, Одан да көп ойнап, үнемі тік жүруден екі аяғым сырқырап, үйге қалжырап қашар кездерім аз болмайды. Қолым ертеңіне көтертпей қалады. Оның үстіне клуб және суық, от жөндеп жағылмайды. Пальтодан гөрі ыңғайлырақ болсын деп, үстіме мақталы қалың фуфайка киіп барам.
Сонымен қойшы, бас - аяғы екі жетінің ішінде биллиардты бір қолмен еркін ойнайтын халге жеттім.
Баяғы сол төс байлау, қашан жаз шығып, тарамайынша ол тоқтамайды. Бір күні сауық кешін өткізуі кезегі маған келді, яғни төс маған байланды. Жақсы. Жұрт қатарлы менің де бір думан істеп беруге шамам келеді.
Мен жұртты әдейі демалыс күнге күндізгі сағат бірде шақырдым. Мұғалімдер біреулеп, екеулеп келе бастады. Олар асықпаса, мен де асықпаймын. Жасалып дайын тұрған дастархан әлі көрінбейді.
Жұрттың бас - аяғы түгел келген шақта қонақтарыма аса сыпайы үнмен:
— Сіздер кешіріңіздер, — дедім, — апам жалғызгілікті болып, асты үлгере алмай жатқан көрінеді. Қазір дастарқан жасалғанша одан да клуб жаққа барып азырақ биллиард ойнап келейік» Анада Асанның сенімен биллиардта кездесем деген серті бар еді, сөзі жерде қалмасын.
— Несі бар, ойнасақ, ойнаймыз, — деп Acан күліп, менің сөзімді ойынға айналдырып, іліп әкетті.
Анадағы уақиғадан кейін ол менімен тосырқап жөнді сөйлеспейтін.
Қонағымның бәрін ертіп, клубқа келдім. Кілт қалтамда, аштым. Биллиардты тазалап сүртіп, таяқтарын жөндеп дайындап қойғам.
Асанның жүзінде ceзім туып қалды.
— Ал таңдаған киіңді – дедім. Алды,
—. Бұз.
— Сен бұз.
Мақұл. Киді билляардтың ернеуінен сүйеп тұрайын да, шарлардың қақ маңдайынан аямай періп келіп қалайын. Тым-тырақай болды, бір шар бұрыштағы тесікке зып ете қалды. Және бірі даярас болды.
Асан мұны күтпеген менен. Екі кезі атыздай болды. Даярасты және салып қалдым.
Менің бір ұрып, екі шар салуым қарап тұрғандарға да ғажап әсер етті. Кейбірі таңырқасып, кейбірі мәз болысып жатыр. Асанның анадағы сөзі менің ішімде әлі күнге шемен болып жатыр деп, олар, мүмкін, ойламас. Дегенмен көпшіліктің тілеуі бір дегеннен мен жаққа ауды. Ғайша бастап мені мақтап, мені қолпаштаушылар көбейіп кетті.
Асанның еңсесі тағы да түсе бастады.
Бірінші ойынды мен ұттым. Екіншіні Асан ұтты.
Miнe енді үшінші — ең шешуші ойынды бастадық. Қазір кім ұтса, сол бәрін ұтқан болады.
Мен ұтуым керек, қалай да. Өйткені, соңынан Асанға мықтап тұрып айтар сөзім бар. Сол сөз айтылмайынша тарқамайтын, кетпейтін шеменім бар ішімде.
Ойын екі жақтан да аса сақтықпен шиеленісіп басталды. Meн бір шар салсам, Асан бір шар салады. Мен екеу, ол екеу. Үзеңгі таластырып шапқан аттар тәріздіміз.
Сөреге кім бұрып жетер екен!
Мен жетеу, Асан жетеу! Стол үстінде қалғаны екі-ақ шар.
Жалғыз қолдың аты жалғыз қол, кемшілігі болады екен. Ана жағалауда жатқан шарды мына жағалауға соғамын деп мүлт жіберіп алдым. Штраф! Менде енді алты-ақ шар қалды.
Асанның түйіліп алған қабағы ашыла түсті. Оған енді бір шар салса, болғаны.
Мен ұту үшін екі шар салуым керек. Міндет ауыр.
Бірақ, жігерімді жасытпаймын. Қалай да ұтамын деп, ішімнен тістеніп, егесе түсем.
Тесікке жақын жағалауда екі шар жатыр. Сығымдап қатты ұрса, алдыңғысы кетіп қалуы ғажап емес. Үру кезек Асандікі. Кидің үшін ол тым ұзақ барлап, шарларға көз қиығымен ойлана қарайды. Ұрар, ұрмасын білмейді.
Ұруға бел байлап, шүйіле түсті. Менің жаным мұрнымның үшіне келді.
Ұрды. Бір адамдай сығып, қатты - ақ ұрды. Бірақ шар түспеді. Тесікке кептеліп, даярас болып, тұрып қалды. Өзінің ұрған шары анадай ашыққа шығып кетті.
— Қап!—деп, санын ұрып жатқандар бар.
Даярасты салып алу мен үшін оп - оңай. Ашыққа шыққан шардың төбе тұсынан алып, өңмеңдете періп қалып ем, екеуі бірдей тесікке күмп бергені.
Бірден сегіз болдым. Ұттым!
Жұрт у-шу! Асан екеуміздің ойынымыз тек әзіл үшін емес екенін олар мана - ақ ұққан. Бізбен бірге күйзеліп, әркім іштерінен әр қайсымыздың тілеуімізді тілеп тұрған. Ғайша балаша мәз болып, менің келіп бетімнен сүйіп алсын.
Ішімдегі бомбам бұрқ етіп бірден жарылды. Киді стол үстіне лақтырып тастап, Асанның бетіне тіке қарап тұрып:
— Опасыз! — дедім, — немене, сен мені өмір бойы қор болып кем болып қалады деп ойлап па едің! Қателесесің! Төрт мүшем түгел қырқылған күнде де мен саған кеудемді бастырмаймын! Ар-намысымды таптатпаймын! Бар осы тойғанымен!
— Тағы не айтасың?
— Айтарым жоқ.
Асан ләм демеді, киінді де, кете барды. Мен оған токта деп айтқан жоқпын. Міне менің жалғыз қолыммен биллиардшы болуына осындай бір жағдай себеп болған еді деп, Халел сөзін аяқтады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі