Өлең, жыр, ақындар

Бір кем дүние

Жеңешемнің жауабы

Менің аталас ағам майдангер Мақанбет Дембайұлы Роза (Разия) деген татар қызына үйленді. Разия жеңгеміз тоғыз (9) бала тапты.

Абысындары:

— Байғұс-ау, тағы біреуін тусаңшы, сонда «Батыр Ана» атанар едің, – дейді ғой.

Разия:

— Құдай берсе, тастамаймыз, Бермесе қақсамаймыз, – дейді.

Құдай бергенде тағы біреуін табар ма еді, бірақ Алла Тағала Разияның өзін ертерек алып кетті. Асығыс алып кетті.

Абайсызда тағы біреуін туып қоя ма деп асықты ма, кім білсін.

Бір кем дүние.

Дуананың жирен қасқасы

Қасиеттi қарт Қаратаудың қойнында, Қарағай деген байдың тоқсан тоғыз (99) жирен қасқа тұлпарлары болыпты. "Қанша дәулет бiтсе де, бай қуанар егiзге" дегендей, байекем сол сәйгүлiк жирен қасқалар жүзге жетсе екен деп армандапты. 

Бiрақ, Құдайдың құдiретi, биелерi қайтып жирен қасқа құлын тумай қойыпты.

Сондай күндердiң бiрiнде бай ауылына ел кезген бiр дуана келе қалады. Қараса, астындағы аты Жирен қасқа! Бай жiгiттерiн жұмсап, дуананың атын тартып алады. Бұдан асқан қорлық, бұдан асқан зорақылық бола ма?! Сөйтсе, дуана жай дуана емес, қызыр шалған әулие кiсi екен, таудан арқырап аққан асау өзендi бөгеп тастап, Жирен қасқамен өрге шапшып, бай ауылын қарғап кетiптi. Бай дәулеттен айрылып, қайтып мал-мүлiк құтаймай қойыпты. Тоқсан тоғыз Жирен қасқа хикаясын айтқан Өмiрбек Байгелдi. Бiреуi-ақ жетпеген. Дуананың қарғысынан Қарағай елi, Еңбек Ерi Байгелдiнiң тұсында ғана арылған.

Нысап

Кедей — бай, бай Құдай болсам дейді.

Нысапсыздық жаман.

Бір кем дүние.

Құдірет

Бидайын алып, сабанын қойған Құдай,

Жақсысын алып, жаманын қойған Құдай...

Бір кем дүние.

Қайдан...

Кедейді бай, азды көп қылған патша данышпан.

Бір кем дүние.

Қалтай айтқан

Журналист — это Қаранар,

Но мизерный гонорар.

Бір кем дүние.

Асқанға – тосқан

Толдым деген төгіледі,

Жеттім деген жығылады.

Бір кем дүние.

Құнықпа

Алтын өзі тотықпайды,

Адамдардың жанын тотықтырады.

Бір кем дүние.

Тым... тым...

Патшаға тым жақындама,

Тым алыстап та кетпе.

Ол да от сияқты:

Тым жақындасаң — күйіп өлесің,

Тым алыстасаң — үсіп өлесің.

Бір кем дүние.

Маймыл құрлы жоқсың ба?

Жазушы Дидахмет Қалтайға:

— Машина сатып алайын десем, айдай білмеймін. Правам жоқ, – дейді.

Сонда Қалтай:

— Ей, циркте маймыл да велосипед теуіп жүр ғой. Маймыл құрлы жоқсың ба?! – деген ғой.

Дәнек

Кейбір бастар ішінде дәнегі жоқ жаңғаққа ұқсайды.

Ондайлар көп қой.

Бір кем дүние.

Өгей шеше

Краткость – сестра таланта, мачеха гонорара.

Ойшыл қарға

Түнімен — жаңбыр.

Таңертең — қар.

Жалаңаш ағаш мүлгіп тұр.

Төбесінде — қарға. Ойланып отыр. Не ойлайды?

Қарғаның тілін білмеймін. Әйтпесе сұрар едім:

— Оу, Қареке, ертең не болады? — деп.

Ол көп біледі. Жүз жасаған ғой. Ол Мұсаның оқыстан өлетінін білген. Көп шуылдап, көп қарқылдаған.

Оны біз түсінбедік.

Бір кем дүние.

Өлтіру оңай, тірілту қиын

Соттар қателесіп, кінәсіздерді өлімге бұйырады. Кінәсіз екені анықталғанда қайтадан тірілте алмайды. Не істеу керек?

Бір кем дүние.

«Халық жаулары» дегендердің көбі солай өлтірілді.

Әңгі есек

Алтын артқан есектің шықпайтын шыңы жоқ.

Кейбір әкімдер, байлар сондай.

Бір кем дүние.

Ақымаққа шапалақ

Серік Үмбетов Жамбыл облысының жаңа әкімі болып келгенде, ең алдымен Қарахан күмбезіне барып, дұға оқытты.

Содан кейін Мыңбұлақтағы Бауыржан Момышұлының музейіне барып, тағзым етті.

Ауыл әкімі:

— Мен Бауыржанның туысымын, — деп таныстырды өзін. Сонда:

— Туысы болсаң, мына музейдің төбесінен неге тамшы ағып тұр?

— Айналасы неге лас? — деді облыс әкімі.

Бір кем дүние.

Дауыл

Астананың желі күшті. Біз тұрған он алты қабат үйдің шатырын дауыл ұшырып әкетіп жатыр.

Ең сапалы деген үй.

Бір кем дүние.

Аңсау

— Ах-ау, Гүлдерайым, Күн мен Айым, ұшуға қанатым жоқ, неғылайын...

— Қос қанат құсқа біткен, маған бітсе, бармас па ем қалқатайға әлденеше...

Бір кем дүние.

Сталинге не жетпеді

Басқа — басқа, Сталинге не жетпеді десеңші, Жоғары Кеңеске сайлау кезінде ылғи да 99, 09% дауыс алушы еді, 100% -ға жетпей-ақ қойды.

Бір кем дүние.

Хрущевтің екі беті

Сталиннің көзі тірісінде оған бір ауыз қарсы сөз айта алмаған Хрущев ұлы көсем өлгеннен кейін оны жерден алып, жерге салды.

Сөйтіп, Хрущев өлген соң Неизвестный деген суретші оның моласының басына қойған ескерткішті бір беті ақ, бір беті қара бояумен бояпты.

Бір кем дүние.

Сарыала қаз

Жазушы Оралхан Бөкей:

Елімнің бір жайлауы Құрымбай саз

Жайлаған алты ай жазға сарыала қаз.

Шолпандай таң алдында туып батқан,

Қайтейін, о, дүние, ғұмырым аз,

— деп ән салушы еді.

Бір кем дүние.

Ұятсыз болма

Адамға бала жастан ең керегі — Ұят деген қасиет. Ол туа бітеді. Бірақ кейбіреуі өсе келе, үлкейе келе ұяттан жұрдай болады.

Бір кем дүние.

Имансыз болма

Біреулерге Құдай бәрін береді. Байлық та бар, алтын, гауһар, інжу-маржан — бәрі бар. Төрт құбыласы сай.

Бірақ Иман жоқ.

Ең сорлы адам сол.

Бір кем дүние.

Қисық заң

Заң дегеніміз – өрмекшінің торы: әлсіздер тұтылып, әлділер құтылып кете береді.

Бір кем дүние.

Жоғалған тіл

«Болашақ» деген шығып, бай балалары шет елде оқып, бірсыпырасы сол жақта қалады. Бірсыпырасы елге қайтады. Білімі жақсы, істі біледі. Бірақ тек орысша, иә ағылшынша сөйлейді.

Қазақшасы жоқ.

Бір кем дүние.

Ақсақ Темірдің аманаты

Жалған дүниеден өтер алдында жарты әлемді жаулаған Әмір Темір жанындағыларға аманат айтты:

— Мен өлген соң жылап-сықтап, дауыс көтермеңдер. Оның түкке қажеті

жоқ. Ажалды біреу айқайлап,қорқытып қуады ма екен? Киімдеріңді жыртып, жынды адамша жүгіргеннен гөрі Алладан «Аллаһу акбар» деп маған мейірім тілеңдер. Жүрегімді жылыту үшін «Фатиханы» оқыңдар.

Жарты әлемді жаулаған Әмір Темір де мейірімге мұқтаж.

Бір кем дүние...

Құр алақан

Жарты әлемдi жаулаған тағы бiр жаһангер — Александр Македонский — Ескендiр Зұлқарнайын өлген соң табыттан қолы шошаңдап шыға берiптi.

Бiр данышпан алақанына бiр шөкiм топырақ салған соң ғана қолы сылқ етiп табытқа түсiптi.

Сөйтсе, Ескендiр тiрiлерге:

— Ей, жарандар, мен дүниенiң жартысын жаулап, алтыннан тау тұрғызсам да, о дүниеге ештеңе алып бара жатқан жоқпын. Мiне, қараңдар, — деп алақан ашып көрсеткенi екен.

Қайран дүние, тiршiлiкте кiм тойған...

Адамның ашқарақ көзi топыраққа ғана тояды.

Бiр кем дүние...

Мұрагерсіз патша

Баяғыда бір патша, өзі Құдай емес, Құдайдан былай емес бола тұрса да, бір ұл балаға зар болыпты.

— Ұлым болса, мұрагерім болар еді-ау, — деп армандайды.

Сонда бір уәзірі ақыл айтады.

— Бұл өмірде армансыз әйел болса, сол әйелдің дамбалын өз жұбайыңызға кигізсеңіз, Құдай бұйыртса, ұл бала табады, — дейді.

Содан соң патша жер-жерге шабармандар шаптырады.

Бірақ еш жерден армансыз әйел табылмайды. Бәрінің әйтеуір бір арманы бар.

Шабармандар салдары суға кетіп, бастары салбырап қайтып келе жатса, әріректе бір қатын отын арқалап бара жатыр екен. Шабармандар:

— Бұл байқұста арман жоқ деймісің, – деп бұрылғысы келмесе де, – кім біледі, мүмкін, жолымыз болар, – деп әлгі әйелді атқа мінгестіріп ала кетеді.

Патша алдына келгенде, патша сұрайды:

— Шыннан арманың жоқ па? — деп. Сонда әлгі отын арқалаған қатын:

— Е, арманым да жоқ, дамбалым да жоқ, қараң қалғыр! — деп қойып қалыпты.

Бұл да бір кем дүние.

Ай мен Күн туралы

Бұлар туралы ақын Гете жазып кеткен. Ол да біреуден естіген.

Біз де елден естігенімізді, оқығанымызды жазамыз.

Аспанда Ай мен Күн бір-бірінен ажырап, адасып қалғанда, жердегі пенделерге не жорық?!

Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш — Баян сұлу, Ләйлі — Мәжнүн, Жүсіп — Зылиха, Сейпілмәлік — Жамал — қайсы бірін айтасың, бір-біріне қосыла алмай кеткен, шын ғашықтар ғой.

Дүние жаралғалы бері Ай Күнге жете алмай келеді. Олар о басында ерлі-зайыпты екен, екеуінен жұлдыздар туған. Әзәзіл ажыратқан.

Бір-біріне шын ғашық болып, қосыла алмау дүниедегі кемдіктің ең ұлысы.

Қанағат қарын тойдырады...

Араны ашылған, ашқарақ тойымсыздар — адалдықтың қазығынан ажырап қалғандар.

Адалдықтың қазығы — қанағат.

Бір кем дүние — зор кем дүние.

Жекеннің орманы

Журналшылар да түйе сияқты: арқалағаны — алтын, жегені тікен.

Газетте істеп жүргенде ЦК-дан талай таяқ жедік.

«СҚ» - да Жекен Жұмақанов деген жазушының қарамағында біраз болдым.

Жарықтық, газеттің келесі нөміріне кезекші болғанда, бетті оқып отырып:

— Шіркін, бір асыранды ақ тышқан болса, газеттің бетіне жүгіртіп жібергенде иіскеп-иіскеп, қатесі бар жерде екі аяғын көтеріп, шыңғырып-шыңғырып жіберсе, қатені түзетіп, редактордан сөгіс алмас едік, – деп армандап отырар еді. Әлі күнге дейін ақ тышқан жоқ.

Бір кем дүние.

Жарық астау

Араб нәсілді Александр Пушкиинің Алтын балық туралы інжу-маржандай әдемі ертегі бар. Балықшының ауына Алтын балық түспей ме. сөйтсе, Алтын балыққа тіл бітіп, балықшы шалға:

— Мені босат, не тілейсің, соның бәрін орындаймын, — дейді ғой.

Балықшы:

— Кемпірімнің кір жуатын ағаш астауы жарылып қалып еді... — дейді.

Алтын балық:

— Үйіңе қайта бер, тілегін орындалады, — дейді ғой.

Кемпір шалына риза болудың орнына, бас салып ұрсады. Араны ашылып кетеді. Жердің бетін қойып, су астының патшасы болғысы келеді. Ең соңында баяғы жарық астаудың қасында қалады.

Тойымсыздық.

Бұл да бір кем дүние.

Шөлдеген жұлдыз

Шілде айында Қазан шаһарда да күн ысиды. Сондай бір кезде атақты ақын Ғабдолла Тоқай қатты шөлдесе керек. Сыраханаға кіріп, бір кружка сыра сұраса, сатушы:

— Отыз бес тиын, — депті.

— Сонда Тоқай қалтасын қағып, тиын санап тұрып:

— Пиво тура отыз бес тиын, қалғаны тура бес тиын, и-и, дүние-ай... — деп қиналса керек.

Өзін Пушкин, Лермонтов сияқты алыптардың қатарына қосып:

«Три звезды в небе — Пушкин, Лермонтов и Токай», — деп жүрген Тоқайдың қалтасы тесік екен.

Бір кем дүние...

Жүзді азырқанған жазушы

Ертеректе, Жазушылар одағының үйінде бір жазушының мерейтойы өтіп жатты. 90 жасқа толған той иесі көпшілікке алғыс айтып, мінберде сөз сөйлеп тұрғанда, арт жақтан біреу:

— Әлеке, Әлеке! Жүзге жет! Жүзге жет! — деп айқайлады.

Той иесі қаһарланып:

— Ей, найсап! Жүзден артық сан білмейсің бе?! — деп ренжіді.

Сөйткен Әлекең жүзді азырқанып жүргенде, тоқсан алтыға келіп, дүниеден өтті.

Бұл да бір кем дүние.

Әттең, қанаттың келтесі-ай

Құладын деген құс бар. Жыртқыштар әулетіне жатады. Бірақ өзінің аталас туыстарына қарағанда салақтау ма, әлде олақтау ма, әйтеуір, қопал құс. Оның қасында кішкентай тұрымтай, жағалтайлар әлдеқайда пысық. Қырғи, қаршыға, лашынның шаңына да ілесе алмайды.

Бірақ Құдайдың оған шақтап берген несібесі бар. Сонымен күнелтеді. Тышқан аулайды, күзде, тары піскенде, бөдене аулайды. Тіпті кейде асыранды тауықтардың балапандарына да түсетін кездері бар.

Сондай бір мезгілде үйдің маңайында балапандарын ертіп, құрқылдап, балақайларын шегіртке, шыбын-шіркейлерді ұстауға баулып жүрген шұбар тауық байқамай қалып, бір балапанын құладын іліп алып кетеді. Шұбар тауық байқұс бар даусымен ойбай салып, әлгі құладынды қуып жетпекші болып, аспанға атылып барып, қайтадан қара жерге топ ете түскен. Қанаттары қысқа, ұшуға жаратылмаған. Әттең, қанаттың келтесі-ай...

Бір кем дүние.

Мұндайда:

Құйрығы жоқ, жалы жоқ,

Құлан қайтіп күн көрер,

Аяғы жоқ, қолы жоқ,

Жылан қайтіп күн көрер,

деген мұңды өлең еске түседі.

Бұл да бір кем дүние.

Шыңғыс ханның моласы қайда

Жарты әлемді жаулаған Шыңғыс хан Таңғұт елінде әлдеқандай жұмбақ ажалдан кеткен дейді тарих.

Ең жақын адамдары Шыңғыс ханның денесін қара жерге көміп, үстінен мың жылқы айдатып, таптап тастаған дейді. Оны көміскен адамдардан тірі куә қалдырмай, бәрін өлтіріп тастаған.

Бұл, сірә, Бұрхан тауының бір сілемі көрінеді.

Енді бір аңызда Орхон өзенін басқа арнаға бұрып жіберіп, соның табанына терең қазып, Шыңғыс ханның сүйегін тоғыз қабат табытқа салып, Орхонды қайтадан өз арнасына бұрып жіберген.

Шыңғыс ханның сүйегі өзеннің табанында жатыр деседі.

Таяуда бір «көріпкел» қазақ Шыңғыс ханның қай жерде жатқанын мен білемін деп, баспасөз арқылы бөсіп еді. Әлі ештеңе жоқ.

Шыңғыс хан бұл фәниден өткелі мың жыл болайын деп қалды.

Жаңа техникамен қаруланған жапондар да іздеп жүр. Нәтиже жоқ.

Бір кем дүние деген осы.

Кенесарының басы қайда

Сөйткен Шыңғыс ханның көкжал ұрпағы — Кенесары хан Астананың қақ ортасында, Есіл өзеннің жағасында оңтүстік-батысқа қарап, алмауыт аттың үстінде шіреніп отыр.

Скульптура авторы — Нұрлан Далбай деген азамат.

Тұғыр салғыш — кәдімгі өзіміздің Шота Уәлихан.

Кенесары ханның басында айырқалпақ. Қалпаққа кейде шымшық қонып отырады.

Ал шын өмірде Кенесары өз жасақтарымен Ақмола атты патша қамалына қарсы беттен, яғни, оңтүстік-батыстан солтүстік бетке қарай шабуыл жасаған.

Сөйтіп, патшаның зеңбірекпен, мылтықпен мұздай қаруланған қорғаныс қамалына найзамен, қылышпен, дойыр қамшымен, шоқпармен қаруланған қолды бастап, Ақмола қамалын басып алған.

Бәрі дұрыс. Бірақ кейін-кейін патшаның сансыз әскеріне, зеңбірегіне қарсы тұра алмай, оңтүстікке, Қырғызияға қарай бет алды. Қырғыздың шонжарларымен мәмілеге келіп, патшаға қарсы одақ құрмақшы еді. Бірақ патша губернаторлары қарап жатпай, қамданып, қырғыз манаптарының аузын алып, зеңбірекпен, мылтықпен қаруландырып, Кенесары қолына қарсы шығуға дайындап қойған екен.

Келелі істің аяғы кері кетіп, Кекілік таудың тұсында, хан Кене қолға түсіп, жауыздар оның басын кесіп алып, патшаға тарту ретінде Омбыға, одан соң Петербургке жіберген дейді. Бірақ сол бас әлі табылмайды.

Ал Астана қаласының қақ ортасында, Есіл өзені жағасында алмауыт атқа мінген Кене хан шіреніп отыр. Басында айыр қалпақ. Бұл тас бейне.

Ары-бері ағылып өтіп жатқан адамдар. Ескерткішті айнала қойылған скамейкаларда отырғандар.

Көбісі хан Кененің өз басы әлі табылмағанын білмейді.

Бұл да бір кем дүние.

Өкінішті дүние.

Соғыс жетімі

1998 жыл. 9 май еді. Жеңіс күні. Алматы. Панфилов паркіндеміз. Мереке күнімен бір-бірімізді құттықтап жатырмыз. Өзі бір «кампанбыз». Қалың қарағай түбіне шағын дастархан жайылды.

Әсіресе жазушы Бек (Совхозбек) Тоғысбаев көңілділеу. Мен сөз кезегінде Бекке қарата:

— Әкең сенің осындай азамат, жақсы жазушы болғаныңды көрмей,

— Майданда қаза тапты, әттең... – деп едім, Бек кенет еңкілдеп жылады. Алпыстан асты ғой. Әлі бала. Әке үшін. Ес білмей, жастай қалған жетім, соғыс жетімі жылады. Міне, бұл ұлы сезім, жүрегі жібіп, елжіреді. Жүрегі елжіремейтіндерден қорқу керек. Ондайлар жазушы бола алмайды.

Алпыс жылдан кейін әкесі есіне түсіп жылаған жетім.

Соғыстан қалған жетім.

Бұл да бір кем дүние...

Ауыл иттері

Ахмет Байтұрсынов:

— Қинамайды абақтыға жапқаны, қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрiнен өз ауылымның иттерi үрiп, қапқаны, — деп едi-ау.

Әттең, дүние-ай, 1937 жылы бiздiң әкейдi де өз ауылымыздың шолақ белсендiлерi нақақтан жала жауып, ұстатып жiбердi де, жоқ қылды ғой. Обалы кiмге? Қорлықты көп көрдiк қой.

1937 жылы "халық жауы" деп ұсталып, атылған, айдалған, асылғандардың бәрi кейiн ақталды.

Бiрақ жазықсыз жапа шеккендер қайта тiрiлген жоқ. 

Бiр кем ғана дүние ме екен? Орны толмас орасан обал дүние.

Баукең солақай емес

Тараздағы драма театрының жанында Бауыржан Момышұлына ескерткіш қойылған.

Бұл өте бір Иманды іс болды.

Тұла бойы сыйдиған еңселі ескерткіш.

Бәукеңдей батырды алмауыт тұлпарға мінгізіп қойса да болар еді, бірақ бір бастық ескерткіштің бәрі аттылы болып бара жатыр депті.

Мейлі ғой. Бірақ мына тұла бойы тік тұрған Баукеңнің қылышы оң қол жағына тағылыпты. Оны суырып алатын Бауыржан солақай емес еді ғой!..

Сызып тастап түзететін жазу емес, қисық-қыңырын түзете салатын бояулы сурет емес, шойыннан құйылған ескерткіш.

Әттең, бір кем дүние.

Тасбақаның көз жасы

Дүниеде бір армансыз, қамсыз, уайымсыз жан иесі бар болса, ол Тасбақа шығар деп ойлаушы едім. Мейір шөпті тауып алып, соны тістеп жатып, жүз жыл жасай беретін, Құдайдың сүйген бір мақұлығы сияқты көрінуші еді.

Сөйтсем, кинодан көрдім, Тасбақадан қасіретті жәндік жоқ екен. Теңіз тасбақасын айтамын.

Теңіз тасбақасы баласын жұмыртқадан шығарады. Бірақ жұмыртқаны суда туа алмайды. Теңізден шығып, жағалаудағы құмды қазып, жұмыртқаны туып, құмға көміп кетеді екен.

Кетерінде көз жасы көл болып, іштен шыққан тұқымды қия алмай, құрлықта ұзақ уақыт қала алмай, амалсыз теңізге оралады. Міне, сұмдық сол сәттен басталады. Тасбақа жұмыртқасына алдымен адамдар әуес, тіпті жерік десе де болады.

Адам сондай болғанда, басқа жыртқыштарға не жорық? Олар да жұмыртқа жегіш.

Ал енді жегіштерден аман қалған жұмыртқалар құмның қызуымен ай-күніне жетіп, балақай болып, жарық дүниеге шығады ғой. Әне, содар сойқан сонда басталады. Енді оларды аулауға аспандағы жыртқыш құстар да шүйлігеді.

Тумай жатып, жарық дүниеге келмей жатып, ажал аранына түсетінін Жаратқанның берген түйсігі арқылы сезетін балақайлар сол сезім жетектеп, дереу теңізге жетуге асығады.

Теңізге жеткені – жетті, жетпегені желкесі үзіліп, қорқаулардың құлқынына түседі.

Бұл да бір кем дүние, арпалыс әлемі.

Оспанханның «ңөңі»

Баяғыда Оспанхан марқұмның бір әңгімесін жариялап едік. Ұмытпасам, әңгіменің аты «Ңөң» болатын.

Содан, енді ойлаймын жарықтық Осекем әулие екен-ау деп.

Қазіргі мына заманда «ң»-ға тілі келмейтіндер көбейді. Теледидарды тыңдап, қарап отырсаң, «жанағы, жанағы» деп сөз арасына «арам» сөз қосып сөйлейтіндер жиіледі.

Басқаны былай қойғанда, осы замандағы қоғадай көп партиялардың дөкейі «ң» -ға тілі келмейді екен. «Жанағы, жанағы» дейді. Және екі сөзінің бірі «жанағы».

Ерте-ерте большевиктер көсемі Ленин жарықтықтың «р»-ға тілі келіңкіремеуші еді. Бірақ оған бұл сақаулық біртүрлі жарасып тұратын.

Енді қазіргі көсемдердің бірі: «Жанағы женістен женіске жете берейік!» — деп соғады.

Бір кем дүние деген осы.

Жамбылдың жолбарысы

Жарықтық Жамбыл — Жәкеміздің жолбарысы бар екені рас-ау. Оны бұл дүниеден өтерінде өзі де айтқан ғой. Үлкен баласына:

— Тезекбай, қамдана бер, менің жолбарысым маған қарамай, тау жаққа кетіп қалды. Кешікпей мен де кететін шығармын, — деп еді-ау.

Тоқсан асқанда Сталинді мақтау керек болды. Жағдай солай еді. Тапсырма солай еді.

Мақтауын мақтады. Шын түсінген адамға ол мақтау емес еді. «Күндіз бар да, түнде жоқ» күн де орнында. «Түнде бар да, күндіз жоқ» ай да баяғыдай.

Ал Сталин баяғыда өлген. Лениннің қасына қатар жатқызып еді. Хрущев оны сүйретіп алғызып тастады.

Бір кем емес, орасан кем дүние.

Итаяқтың кесірі

Шiлденiң шықылдаған ыстығында күншығыстан қарасаң, күнбатыс жақта Келiншектау ағып жатқан асау алтын өзен сияқты.

Күннiң аптабы қайтып, кешкi салқын түсе Келiншектау анық көрiне бастайды.

Сонда Келiншектау туралы ерте-ерте ертедегi аңыз еске түседi.

Отыз күн ойын, қырық күн тойы болып, байдың қызы ұзатылады. Қырық түйеге артылған жасаудың бәрi алтын, күмiс, гауһардан екен дейдi.

Ұзыннан ұзақ созылған дәулетжар көштiң алдында келе жатқан қыз әкесi қызынан:

— Қалай қызым, жасауыңа көңiлiң тола ма? — деп сұрапты.

Сонда ұзатылып бара жатқан қыз:

— Ризамын, әке, тек итаяғым алтыннан болмады-ау, — дептi.

Мұндай тойымсыздыққа не айтарын бiлмеген әке байғұс қос қолын терiс қарата жайып жiберiп:

— О, қанағатсыз мұндар, қаратас болып қатып қал! – деп, қатты қарғапты. Қарғыс Құдайдың құлағына шалынып, бүкiл асыл көш лезде қаратас болып қатыпты да қалыпты.

Қанағатсыздыққа, тойымсыздыққа Құдайдың қаһары осылай тиiптi.

Қарап тұрсаң, мына қазiргi заманда да, сол бейшара қыздың абайсызда айтып қалған айып сөзiн кешпеген Жаратқан ие мына қазiргi заманда түйенi түгiмен, кеменi жүгiмен жұтып жатқандарды қалай көрмейдi — ғажап!

Бiрақ Құдай асықпайды: бұл дүние болмаса, о дүние бар; зауал әйтеуiр бiр соғар.

Бұл тек бiр кем дүние емес, екi дүниеде де кешiрiлмес мол кем дүние.

Бір тал шаш

Шіркін, қазақтың қара өлеңі! Неге бірақ «қара өлең»? «Қара» деген сөздің әртүрлі мағынасы бар. Мысалы, қара мал – ірі мал, Қаратау – ұлы тау, Қара хан — атақты хан, қара жер, т.б.

Қара өлең де сондай шығар. Ірі шығар.

Сонау соғыс жылдарында азынаған аштықта, күннің шуағы тым сирек кезде, қақаған қыста, анда-санда адамдар бір бас қосқанда, майданға ондап кеткен азаматтардан ілуде біреу жараланып қайтқанда жетім ауылда бір азғантай той-мереке болар еді.

Сол тойда екеу-екеу ән салып, сағынышты әуендер айтатын. Әсіресе есімде қалғаны, көкірегімде өшпестей жатталғаны, әрдайым қырау шалған жүрегімді жылытатыны екі-ақ ауыз мына шумақтар:

Ауылыңнан ары да өттім,

Бері де өттім-оу,

Үкіңді шекеңдегі бермей кеттің-оу.

Сол үкің, көп болғанда,

Жүз теңгелік-оу,

Қалдырдың көңілімді

Мың теңгелік ай...

Қара көз қарай берді дүркін-дүркін-ай,

Көзімді қарықтырды сенің көркің-ай.

Шашыңнан бір-бір талдап сүйер едім-ау,

Қайтейін, жетпейді ғой өмір шіркін-ай...

Қазір бір-бір талдап сүйетін шаш қайда? Ондай сүюдің қадірін білетін бас қайда?

Әттең, бір кем дүние!..

Има Сумак

Сонау жиырмасыншы ғасырдағы алпысыншы жылдардың басы еді. Мен «Социалистік Қазақстан» газетіндегі әдеби қызметкермін. Бөлім бастығы айтулы әңгімеші, шешен Жекен Жұмақанов.

Жаздың бір айында Алматыға Има Сумак келді. Оның отаны — жердің арғы бетінде жатқан Перу деген ел. Има Сумак — көне «қызыл терілі» кечуа тілінде «Сұлу келді» дегенді білдіреді.

Он жасында керемет әнші атанған осы ғажайып қыз той-томалақта жиналған көпшіліктің арасында келе жатқанда жұрттың бәрі:

— Има Сумак! Има Сумак! — деп аса зор құрметпен қарсы алады екен.

Американы бұдан бес жүз жыл бұрын жаулап алған еуропалық басқыншылардан аман қалған инктер тұқымынан тараған тұяқ.

Оның дауысы әлемде сирек кездесетін ерекше дауыс екен. Яғни ол төрт дауыспен ән сала алады: колоратура, меццо-сопрано, сопрано, тенор.

Ал «Күнге табын» атты кереметті орындағанда Има Сумак көмейінен «бас» дейтін дауыс та шығады-ау деп қалдым.

Алматыда Има Сумакка жолығып, сұхбаттасқан жалғыз мен болды десем, мақтаншақ демеңдер.

Есікті оның күйеуі, продюссер Мойзес Биванко ашты.

— Сіз біздің кечуа-индеецтерге ұқсайды екенсіз, — деді сонда маған ғажайып Има Сумак, — басқа ешкімді қабылдамаймын.

Сөйтіп, Има Сумак концерті туралы «Социалистік Қазақстан» менің айқара қос бет очеркімді басты. Содан кейін Има Сумак туралы хабар зым-зия. Арғы тағдыры, өмірі не болды – ары-бері сұрастырып, іздестіріп, ешқандай дерек таппадым.

Кім біледі, «Күнге табыну» әнін айтқанда ол қос қолын көк аспанға қарай созып жіберіп, шырқау биікке самғап ұшқандай көрінуші еді, Күн көзіне қарай ұшып кетті ме... Әлде колонизаторлардан көп қорлық, зорлық-зомбылық көрген өз нәсілінің, қырылған-жойылған өз ұлтының әруақтарына барып қосылды ма...

Бір кем дүние.

Нағыз Төлеген осы еді

Жуырда ғана қорапта жатқан қағаздарды ақтарып отырып, «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 31 мамырда шыққан нөмірі көзіме түсті.

Тақырыбы — «Сембин», авторы Қали Сәрсенбай екен. Тор көз сауыт сияқты тоқыма жемпір киген сұлу жігіт — сол Сембиннің өзі, қырын қараған сұлу сурет.

Қали Сәрсенбай менің Амангелді Сембин туралы кезінде жазған бір ауыз сөзімді келтіре кетіпті.

Мен: «Кезінде сондай бір әнші болған, сондай бір жұлдыз жарқырап туған. Сол жұлдызды жабылып жүріп өшіргенбіз», — деп жазыппын.

Енді арада жылдар өтіп кеткен соң ойлап қарасам, дұрыс айтқан екенмін.

Мұны Қали Сәрсенбай мына «Егемен Қазақстандағы» көлемді мақаласында, мақала емес-ау, аса ірі дарынды жоқтау-эссесінде еске сала кетіпті. Рахмет. Иә, менің Амангелді Сембинді Алматыдағы Опера және балет театрында «Қыз Жібек» спектаклінде көргенім рас.

Сол спектакльде Сембин Төлеген рөлін ойнады. «Қыз Жібек» операсын сан рет көріп жүріп, осы жолғыдай тебіренген емеспін.

Төлеген болып ойнаған басқа мықтыларды мансұқтағым келмейді. Қанабек Байсейітов, әрине, классик! Ешқандай талас жоқ. Бірақ ол кейін-кейін жуан тартып, егде болған кісі еді.

Ал мына Төлеген ғасырлардың тіріліп келген, әлі өлмеген, Бекежан жауыздың қанды қанжары да жүрегіне дарымаған, өмірдегі Төлегеннің дәл өзі сияқты еді-ақ.

Тұла бойы тұнып тұрған талантпен қоса жаратылыстан бірге жаралған бекзаттық қасиет оның бар болмысын асқақтатып тұратын.

Қали Сәрсенбай жазады: «АҚШ-та талантты қорғайтын этикалық бас басқарма бар екен», — деп.

Ондай мекеме бізде әлі күнге дейін жоқ. Ондай мекеме болса немесе аса дарынды адамдарды ала көзден, бәле көзден, сұқ көзден, театрдағы, өмірдегі дарынсыз Қотыраш, Батыраштардан, өзге де жақтың өзеуреген өсекші, бәлеқор, жалақорларынан қорғайтын заң болса, кім біледі, Сембин бәйшешектей ерте солмас еді.

Бәйшешек байғұс қаһарлы қыс шығар-шықпастан, көктем әлі келер-келместен, күнәсіз пәк періштедей күлімсіреп шыға келеді де, жер бетінен лезде көшіп кетеді.

Қали Сәрсенбай Сембиннің анасының сөзін келтіреді: «Дүниеге сыймай кеттің-ау, құлыным», — депті анасы.

Дүниеге Сембин сыймай кеткен жоқ, қотырғыштар сыйдырмады ғой. Бірақ ақпейіл ана ешкімді кінәламайды.

Күншіл қотыраштар таспаға жазылған даусына дейін қалдырмауға тырысқан.

Сембиндей асыл талант теңіз түбіндегі інжу-маржандай ғасырларда ғана бір-ақ кездесетін сирек қазына.

Жүз жылда бір-ақ туатыны өкінішті.

Босқа қоразданба

Айғыр кісінегенмен, байтал буаз болмайды.

Бір кем дүние.

Жалғыз

Атадан алтау тусаң да — бір жалғыздық.

Бұ да кемшілік.

Неге алдайды

Ұлытау орталығына барар жолда, жартаста шамамен:

«Бұл жерде қасиетті Ұлытау бауырында халық бірлігі мен мемлекет тұтастығын айғақтайтын ескерткіш орнатылады», — деп жазылғалы талай таң атып, талай күн батты. Жылжып жылдар өтті. Жазу өше бастады.

Уәде орындалмайтын ретте тасқа қашап жазбау керек еді ғой.

Бір кем дүние.

Сорлы

Өзгенің көлеңкесінде тұрғанның өз көлеңкесі болмайды.

Өз көлеңкесі болмаса — өлгені.

Күн-құдірет

Егер адамның жүрегіне мұз қатып қалса, көркем кітап соны жібітуге тиіс. Егер еріте алмаса, ол осал шығарма.

Бір кем дүние.

Әулие құс

Тұмаудан құлантаза айыға алмасам да, бүгін далаға шығып... О, жарықтық! Жақсылықтың жаршысындай болып көзге оттай басылған көгілдір Наурызкөкті көрдім. Ол жылда мені көктемнен көктемге дейін жетектеп келе жатқан әулие құс. Көрісер көктеміміз көп болсын, әулие Наурызкөк!

Сен көрінбей қалсаң — сол қиын.

Нағыз кем дүние сол болар.

Көреген көсем

Мен енді Астанада, Әлихан Бөкейхан көшесінде тұрамын. Үйдің бірінші қабатындағы магазин «Алтын Орда» аталады. Іргемізде – Конгресс-холл, алдымызда — түрік шайханасы.

Түстікте бір үйден кейін — Есіл-өзен. Оған төніп тұрған — Кенесары ескерткіші.

Әлихан Бөкейхан — Алашорда көсемі. Соның атындағы көше — айбын.

Сонау 1910 жылдың өзінде Петроградта басылып шыққан «Қазақтар» деген еңбегінде Әлихан Бөкейхан былай дейді:

«Крестьяндарды қазақ даласына үйіп-төгіп қоныстандыра берсе, тың жердің түгел жыртылары хақ. Ал қазақ даласы тыңынан айрылған соң, тұлдырсыз бедеу қалады да, егін өспейтін болады... Қазақ даласының тамаша шүйгін жайылымдарының топырағы көкке ұшқан соң, дала шөлге айналады, сөйтіп, крестьян айтақырға отырып қалады, ал жайылымнан айрылған қазақ әбден азып-тозып, ақыры жаңа тұрмыстың жағдайымен пролетариат қамытын киіп, тау-кен заводтарына, қалаға кетеді».

Арада елу жыл өткеннен кейін орыс жазушысы Чивилихин «Земля в беде» деген шығармасында Әлихан Бөкейханның көріпкелдігін растап берді.

Сөйткен көсем Әлихан Бөкейханды Сталин жауыздары атып тастады.

Имансыз жауыз заман, залым дүние.

Алла жар

Патшалар заманынан бастап қазақтарды өз жерінен бірте-бірте ығыстырып, шұрайлы жерлерді иемдене беруге құмарлықтың сыры неде? Мұны 1907 жылы ІІ Думаның депутаты Марков деген ашықтан ашық былай деп жайып салды:

"Киргизы (қазақтар дегені - Ш. М) потомки орд Чингизхана и Тамерлана и что с ними надо поступать так, как поступали с краснокожими в Америке".

Жағына жылан жұмыртқалағыр Марковтың айтқаны келе жаздап барып, қазақтарға Алла жар болып, әйтеуір, мемлекеттілігін сақтап қалды.

Бірақ толық тәуелсіздік әлі де түгел емес.

Бір кем дүние.

Бір уыс топырақ

Смағұл Сәдуақасов ерен ақыл-ойдың және батыл әрекеттердің иесі болған екен. Туған халқы үшін, өз ұлты үшін шын күрескер. Мұндай адам сол кездегі Мәскеуге ұнамайды-ақ. Ақыры Сталин өкіметі оны Ростов на Дону деген жаққа жұмысқа жіберіп, сол жақта белгісіз жұмбақ өлімге тап болады. Мәйітін Мәскеуге жеткізіп, крематорий дегенге салған ғой, күлі ғана қалды.

Смағұл әйгілі Әлихан Бөкейханның күйеу баласы еді. Әлекеңді сол жолы крематорийден Тұрар Рысқұлов, тағы бір қазақ, сірә, Нұрмақов, сүйеп алып шығады.

Сөйткен Тұрардың өзі де 1938 жылы көктемде Сталин тізімімен атылды.

Әлихан Бөкейханға да Сталин оғы атылды. Сүйегі қайда қалғанын білмеймін.

Есіл ерлерге, сөйтіп, туған жерден топырақ та бұйырмаған ғой.

Әттең, бір кем дүние.

Өз үйіңді қорлама

Адам да құстар сияқты өмірбақи алып бәйтеректің бір бұтағын паналап тіршілік етеді. Сөйте тұра, сорлылар, сол өзі паналайтын бұтақты балталап шаба береді.

Бұтақ құласа, өзі де құлайтынын сезбейтін қандай мақұлық?!

Кейде адамдар жасампаз бола тұра, өркениеттене келе өз құйрығын өзі жалмайтын айдаһар сияқтанады-ау деймін.

Құмырсқа екеш құмырсқа да өз илеуін қорғайды. Ал адамдар өз үйін (табиғатты) қорлайды.

Ойсыраған орны толмас бір кем дүние.

Дүлей күш

Карл Маркс, әрине, ақылдан кенде емес. Кейбір айтқандары — шын данышпандық. Мысалы, оның: "Надандық — дүлей күш. Сол надандық әлі талай сойқанның сойылы бола ма деп қорқамын" дегені — көрегендік. Содан бері де талай қырғын болып, талай қан төгілді.

Надандықтан.

Орасан кем дүние.

Инкубатор балапаны

Біздің ауылдың жаңа салынған жап-жақсы мешітінің азан шақырғаны — инкубатордан шыққан бала қораздың дауысындай жарықшақ әрі беймезгіл.

Діни мектептердің шалағайлығы. Дүмбіл молдалар дайындайды.

Бір кем дүние.

Матриархат деген не

Қайран қазақтың қара өлеңі!

Керегенің басында оймақ тұрар,

Кедейшілік жігітке қой бақтырар.

Алған жары жігіттің жақсы болса,

Атын байлап, алдында жайнап тұрар...

Ондайлар қазір бар болса, бар шығар. Әй, бірақ көбісі сол күйеуінің өзін ерттеп мініп алып, басына жүген салып, екі тізгін, бір шылбырды қолға алып, қалаған жағына қарай бұрып отырар.

Әйелдер қауымының қатын бастығы қоқаңдап:

— Гендерлік саясат!

— Гендерлік билік! — деп қақсап жүр ғой. Көресіні сонда көрерсің.

— Наступает матриархат!

Бүкір дүние

Бiрiншi Петр патша солтүстiктiң Балтық дейтiн теңiзiнiң бiр қолтығына, батпақтың үстiне қала салдырды. Сол қала батпаққа батып өлген мыңдаған адамдардың сүйегiнiң үстiне салынды. Атын Санкт-Петербург деп қойды.

Кейiн ол ат лезде өзгерiп, Ленинград болып шыға келдi.

Опасыз дүние. Жетпiс жылдан кейiн Ленинград аты өшiп, бұрынғы есiмi қайта оралды.

Сталинград Волгоград болды.

Қаланың, елдi мекендердiң әуелгi атын өзгерте берген жақсы емес.

Ақмола едi... Целиноград болды... Астана болды...Әлдекiмдер шошаңдап, тағы да өзгертемiз деп жүр.

Кешегi Кеңес өкiметi тұсында жер-су аттары қопарыла өзгерiп: Андреевка, Алексеевка, т.б. толып жатқан колонизаторлар атымен тоғытылды.

Содан не береке шықты? Қайтадан Күреңбел, Қызтоған, Қошқар-Ата, Түктiбай, Сұрым, Кәрi-Қорған болып, баяғы қалпына келдi.

Бiрақ, әсiресе, бiр кезде Хрущев пен оның губернаторлары Соколов, Бородин, Демиденко дегендер "Целинный край" деп өзгерткен Солтүстiк Қазақстан тарапы сол патша заманынан, Хрущев дәуiрiнен қалған аттарға тұнып тұр: Киевка, Малиновка, Александровка, т.т.

Киевка дегенi Нұра өзенi бойындағы елдi мекен. Әйгiлi ғалым, халқының ардагер азаматы Кәрiм Мыңбаев туған жер. Киевканы қойып, Кәрiм Мыңбаев қояйық десең көнбейдi. Баяғы отаршылдық қамшысы қарғыс таңбасындай басылып қалған байғұстар, "Киевка" атынан айрылса, арам өлетiндей өзеурейдi.

Мiне, бұл бүкiр дүние.

Баласағұн дауы

Ерте, ерте, ертеде Баласағұн шаһары болғаны рас. Ол Шу өзенінің бойында тұрған екен.

Ал дауласып жүрген қазақ пен қырғыз оқымыстылары.

Қырғыздар айтады: "Баласағұн қаласы біздің жерде", — дейді. Қазақтар: "Жоқ, біздің жерімізде", — дейді.

Шу өзені екеуінің де аумағында жатыр.

Сонда Баласағұн сол Шудың қай тұсында тұрған?

Қырғыздар айтады: "Шудың бойында Тоқмақтың тұсында Бурана деген мұнара тұр. Әне, сол Баласағұн", — дейді.

Оны да көрдік. Мұнара бар екені рас. Бірақ Баласағұн егер де кәдімгідей қала болса, қала тұрмақ, кішігірім ауыл сиятын жер жоқ. Бір жағы – жар, бір жағы – Шу.

Ал профессор Шалакенов айтатын Баласағұн Ақсу дейтін өзеннің Шуға құятын қиылысында құладала жерді алып жатыр. Айналасы ат аптырым қазылған ордың сұлбасы да көрінеді.

Қазақтың әл-Фараби атындағы мемлекеттік университеті тарих факультетінің студенттері жылда жазда осында қазба жұмыстарын жүргізеді. Көне қаланың толып жатқан белгілері табылған.

Бұл жайдың басы қашан ашылады?

Бір кем дүние.

Намыс қайда

"Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, іс-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн" (Ататүрік).

Ал бізде, қазақтарда қалай? Басқа-басқа, тіпті Парламенттің өзінде, Сенаты бар, Мәжілісі бар, дауысқа салғанда тоқсан пайызға жуығы қазақ тіліне қарсы дауыс берді.

Ал дәл осы Парламент қазақ тілін мемлекеттік тіл деп шешім қабылдаған болатын.

Бұл толқу сонда не толқу? Депутаттардың басым көпшілігі кешегі өз шешіміне қарсы шыққаны қалай?

Жоғарыда Ататүрік айтқан ұлттық қасиеттердің мүлде ада болғаны ғой. Ұлттық қасиет, ұлттық намыс өлген ғой.

Міне, бұл нағыз қасірет!

Бір кем дүние.

Ойлан, қазақ

...Түрік ұлтының мінезі асқақ.Түрік халқы еңбекқор.Түрік халқы зерек халық. Өйткені, түрік халқы ұлттық тұтастықтың және бірліктің арқасында басқа күштерді жеңе білді.

"Мен – түрікпін! " деген адам қандай бақытты (Ататүрік) .

Ал бізде, қазақтарда қалай? "Мен — қазақпын! " деп бәрі де қасқайып тұрып мақтанышпен масаттана айта ала ма? Ай, білмеймін. Қазақтардың жартысына жуығы өз ана тілінде сөйлей алмайды деп жазып жүр ғой газеттер. Ол рас шығар. Оған өзім депутат ретінде Парламентте жүргенде көзім жеткен. Қазақша сөйлейтіндер некен-саяқ болатын.

Президентіміз Нұрсұлтан мырза: "Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін", – деп айтқан.

Бірақ...

Зор кем дүние. Амал қанша?!

Ұмытпа

9 мамыр — Жеңіс күні. Жылда тойланады. Газеттер N-лерін осы Жеңіске арнайды. Өте дұрыс. Ал осы Жеңіс тек әскер күшімен келген жоқ. Ауыл, қала еңбекшілерінің де үлкен үлесі болды ғой. Бірақ Жеңіс күніне арналған TV хабарларында не газеттерде тыл ерлері туралы ештеңе айтылмайды.

Әділетсіз әлем.

Тылсыз Жеңіс келер ме ед? Ұмытшақ заман.

Бұл бір кем дүние. Сол жаман.

Қанатты адам

Соғыс жылдарының бірі. Жазғы шілде еді. Жұмыстан келе сала Айша қатты құлады. Тек үрейлене қорыққан маған қарлыққан дауыспен:

— Аққыз... Аққыз апаңа жет... — деді.

Түсіне қойдым. Біздің үйден кейін екі сайдың ар жағында әскерге кеткен Поштақұлдың үйінде... егер басқа жаққа кетіп қалмаса, Аққыз әпкеміз сол үйде. Есіктен кіре бере:

— Айша... апам, — деп демім жетпей, әйтеуір, ишара беруім сол екен...

Аққыз әпкем көз алдымда лезде жоқ болды. Сірә, терезеден ұшып шығып кетті ме, білмеймін.

Мен үйге қайтып келсем, Айшаны айнала зікір салып жүр екен.

Аққыз әпкеміз мүлде өзгеріп кеткен, нағыз бақсы, баяғы шамандықтан қалған шын сарқыт осы болар. Аққыз дүниеден өткен соң біздің Мыңбұлақта бақсы болған емес. Аққыздың орны ойсырап қалды.

Бір кем дүние.

Бір тамшы жас

О, Сүйiнбике! Алтын Орда хандарынан қалған тәбәрiктей асыл жан.

Сен жасыңда дәуiрледiң.

Қазан халқының ханы болдың. Қазанды билеген әйел затынан шыққан тұңғыш хан.

Сенiң сорыңа орыс патша Иван Грозный замандас болар ма?!

Қазанды сол қиратты.

Қазан қамалын зеңбiректен атқылап құлатып, сенi тұтқынға алды.

Сен Қазанмен қоштасарда көзiңде жалғыз тамшы жас тұрып қалды.

Кейiн тамаша суретшi Бақи Орманшы (Урманче) сенiң суретiңдi ағаштан ойып салғанда, кiрпiктерiңнiң астынан сол бiр тамшы жас ерекше көрiнiп тұрды. Сол тамшы жас болмаса, суретте жан болмас едi. Сол тамшы жас болмаса, бiр кем дүние – шын кем дүние болар едi.

Пәруана

Тоқсанбай бабадан тараған төртеудің біреуі Жылтыр ата, одан Төлетай, одан Сұлтан деген ағамыз еді ғой.

Шыр бітпеген қу сирақ кедей. 1932 жылғы Голощекиннің ашаршылығында, "асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын" деген ұран шыққан заманда, ауданнан келген уәкіл, ауылдан шыққан белсенділер үй-үйді тінтіп, бір түйір дән табылса, кәмпескелеп келе жатып, Сұлтан көкеміздің құжырасының тұсынан өтіп бара жатады.

— Бұрылмаймыз ба? — дейді ауданнан келген уәкіл.

— Бұл байғұс битін сығып, қанын жалап отырған қу кедей, — деп ауылсовет бұрылмайды.

Бұларды көрген Сұлтан жертөлесінен шығып:

— Оу, мырзалар, мә, мынаны ала кетіңдер, бір тостаған арпа... ала кетіңдер, — дейді.

— Ой, байғұс-ау, өзің аштан өлесің ғой, — деп жаны ашығансиды ауылсовет.

— "Көппен көрген ұлы той" деген, — депті Сұлтан көкеміз.

Сол Сұлтан қыстың күні жүні шыққан жаман көрпесін жамылып жүруші еді. Басқа киер лыпасы жоқ.

Сөйткен Сұлтанды, бір ауыз орысша білмейтін, әліпті таяқ деп танымайтын, өмірі мылтық ұстап көрмеген тақыр сауатсыз Сұлтанды әскерге алып, Совет өкіметі Ұлы Отан соғысына салды-ау. Сталинград қасапханасына.

Моласы белгісіз, ешкім оған арнап дұға да оқымайды. Еске де алмайды.

Бір кем дүние.

Құмырсқа ғұмыр

Ұйықтап жатқан құмырсқаны көрмедім. Бәрі қыбырлап-жыбырлап жем тасып бара жатады.

Біз ғой түске дейін ұйықтаймыз. Түстен кейін қыдырамыз.

Бай баласы байға ұқсайды,

Байланбаған тайға ұқсайды, — деген осы. Жалқаумыз.

Бір кем дүние.

Қылыш пен қалам

Қылыш ел шауып, қазына құрайды.

Қалам қазына тауып, қайыр сұрайды.

Мұны Жүсіп Баласағұн баяғыда жазып кеткен. Қалам ұстаған міскіндер әлі сондай...

Бір кем дүние.

Жекеше көне ме

Өз пайдаңды ойлама,

Ел пайдасын ойла!

Өз пайдаң соның ішінде.

Бірақ бәрі солай ойламайды ғой.

Бір кем дүние.

Не істеу керек

"Сұлу әйел алған адам өмір бойы қарауыл болып өтеді. Бай әйел алған адам өмір бойы құл болып өтеді", — депті Баласағұн бабамыз.

Бір кем дүние.

Шұғыланың назы

"... Бірақ кейде көңілге ауыр алатын жағдайлар да бар. Кеудесін қуаныш кернеп, алып-ұшып келген қандастарды орыс тілін білмегені үшін кінәлап, кейбір мемлекеттік мекемелерде дұрыстап жауап та бермеген сәттері болып жатады" (Шұғыла, "Астана хабары", 16. 12. 06 ж.).

Кейбір жерлерде шошқа бақтырып қорлайтынын қайтерсің?!

Бір кем дүние.

Тарих қашан түзеледі

31 қаңтар. Президент мәдениет орталығында "Байтақ дала" атты конференция өтті. Мырзатай Жолдасбеков кіріспе, Әбіш Кекілбай сөйледі. Ал Өмірбек Байгелди : "Қазақ тарихы 500 жылға сыймайды. Қазақ тарихын Керей мен Жәнібектен бастау обал", – деді. Өмекең Сақ дәуірін меңзеді.

Тарихшы ғалымдар осы уақытқа дейін қазақ тарихын дұрыстап, анықтап жаза алмайды.

Бір кем дүние.

Туған жерің

Тілші менен сұрайды:

— Жұрттың көбі қалада тұрады. Сіз неге ауылды аңсай бересіз? – дейді.

Мен:

— Наурызкөк, қарлығаш, т. б. құстар ерте көктемде сонау жердің түбіндегі Африкадан біздің елге мыңдаған шақырым ұшып жетеді. Немене, сонда Африкада ұя салатын жер жоқ па? Құс екеш құс та туған жеріне жер түбінен ұшып жетеді. Ал мен адаммын ғой.

Кейбіреулер туған жерінен жерісе, бұл да бір кем дүние.

Тұғырына саңғыған сұңқар оңбас,

Үйірінен безінген тұлпар оңбас.

Адасқан қаз

Қатарың сиреген сайын адасқан қаздай боласың.

Нағыз жетімдік, шын жалғыздық осылай келеді.

Зор кем дүние осы. Әйтпесе, Өсер қайда? Жолдасбек қайда? Кеңес қайда? Әуесхан қайда?

Шын шығарма

"Соқыр музыкантты" көп жылдан кейін қайта оқып бітірдім. Көзімнен сараң жас шығып, кірпігіме ілініп қалды.

Жаның жаннатта болсын, жазушы Короленко!

Жазсаң, осылай жаз.

Марқұм Мүсірепхан туралы мен де жаздым. "Жарамазан".

Бірақ менің әңгімемді оқыған адам жүрегі елжіреп, көзінен жас шыға қоя ма?

Мәселе қайда?

Обалы кімге

Жер — адамзаттың анасы. Сол жердің елді асырайтын құнарлы қыртысы қанша? Егер Жер шарын дарбыздың үлкендігіндей десек, сол дарбыздың қабығындағы жұп-жұқа жасыл ніл қанша болса, жер құнарлығы (гумус) да сондай жұқа.

Жазушы Чивилихиннің "Земля в беде" деген очеркін оқысаң, жер құнарының құнын түсінесің. Бірде Чивилихин Таулы Алтайдағы орманшы досының үйіне түнеп шығады. Таңертең далаға шықса, айнала-төңірек қап-қара түнек. Ормандағы ағаштар да қап-қара.

— Бұл не? — деп сұрайды жазушы орманшыдан.

— Земля в беде, — дейді орманшы. — Мынау дауыл көтерген Қазақстан тың жерінің топырағы.

Эрозияға ұшыраған жердің гумусын қалпына келтіру үшін 700 жыл керек.

Әне, жаппай жыртып тастаған қазақ даласының тың "эпопеясы".

Құнарлы қыртысынан айрылған жер – бедеу. Ештеңе шықпай қалады.

Бұл да бір дәуір.

Бір кем дүние.

Кім сақ

Лұқпан Хакімнен сұрапты:

— Сақтықты кімнен үйрендің? — деп.

— Соқырлардан, — депті Лұқпан Хакім.

Мыңбұлақта Мүсірепхан соқырды марқұм Жолдасбек ұдайы құйрығынан түрткілеп ойнаушы еді. Сірә, құрдастар ғой.

Бірақ Жолдасбектің келе жатқанын Мүсірепхан алыстан сезіп қойып, таяғын ыңғайлап тосып тұрады. Жолдасбек жақындай бергенде таяғын дәл тигізіп, жон арқадан періп кеп жібереді.

Жоқаң байғұс қан-қақсап қалады.

Сонда Құдай кімді кем жаратқан? Жоқаңды ма, Мүсірепханды ма?

Жандарын жаннатта қыла гөр, Алла!

Асату

Көне түрiк сұлтандарының салты:

Сарай ақынының өлеңдерi ұнаса, аузы толғанша алтын тiллә асатады.

Ұнамаса, аузы толғанша жылқының тезегiн асатады.

Қазiргi ақын-жазушыларға да осы әдiстi қолданса, әдебиет шыңға шығар едi.

Бiрақ "ералаш" қой.

Бiр кем дүние.

Түйені түгімен

Көне Мысырдың "Марқұмдар кiтабында" мынандай жазулар бар екен:

« — Мен ағын суды бөгемедiм.

— Мен ешкiмдi өлтiрген жоқпын.

— Мен таразыдан жеген жоқпын.

— Мен әлсiздердi жәбiрлемедiм.

— Мен ешкiмнiң көз жасына қалмадым».

Осы өлшеммен келгенде, қазiр бiзде қалай?

Майлы сүйек

Итті майлы сүйекпен ұрсаң, қыңсыламайды.

Кейбір адамдар да сондай.

Озбырлар көбінесе осы әдісті қолданады.

Бір кем дүние.

Қисалаңдай береді

Тәңірдің құдіретіне таң қаласың. Құдірет әлемді әділ, сағат тетігіндей мінсіз жаратты.

Бәрі тәртіпті: Күн де, Ай да, Жер де тек өз жолымен жүреді. Сансыз жұлдыздар да бәрі тура жолмен жүреді.

Ал адамдар ше?

Пайғамбарлар, сахабалар, аса бір данышпандар болмаса, көбісі қисалаңдай береді. Бұралаң жолдарға түседі. Адасады, сүрінеді, құлайды.

— Е, Құдай, не жаздым?! — деп жылайды.

Құдай жолымен жүрсең, жыламайсың.

Бірақ соны ұмыта береді.

Бір кем дүние.

Аздың маңдайы тар

Жолда өзiнен үш есе үлкен тезектi домалатқан көң қоңызын әлдене басып кетiптi. Шымалдар соған жабылып жатыр.

Шымал - құмырсқаның ергежейлiлерi. Мыңы жиналып, қоңыздың үлкендiгiне жетпейдi. Бiрақ мыңы жиналып, әлгi өлiктi жылжытып барады. Қайда апарады? Әлде азық қыла ма? Әлде арулап, көмгiсi келе ме?

Сiрә, азық шығар. Қу тамақ. Ал әлгi қоңыздың өзi де қу құлқынның құрбаны болған.

Дүниенiң кепиетiне қарап тұрсаң, тiршiлiктiң бәрi осындай.

Көпшiлiк азшылықты аямайды. Тiптi, жеңiмпаз Құбылайдың өзiн қытайлар кезiнде лек-лек түмен әскерiмен түп-түгел жұтып жiбердi. Жеңiмпаздардың өзi қытайланып кеттi.

Сонда ақырғы жеңiмпаз кiм?

Бұл қай сипатты дүние?

Дар мен даңқ

Өлтiру оңай. Тiрiлту қиын. Сталин дәуiрiнде небiр марқасқалар атылды.

Бас айыптаушы прокурор Вышинский.

СССР Жоғарғы Сотының бастығы В.Ульрих.

Атылды:

Бухарин, Рыков, Ходжаев, Икрамов, Рысқұлов, Сейфуллин, Майлин, Жансүгiров, Нұрмақов, Мағжан Жұмабаев... тағы басқа аса iрi қайраткерлер.

Сталин өлгеннен кейiн солардың бәрiн ақтады. Ақтағаны былай тұрсын, мақтады.

Бiрақ одан не пайда? Моральдық, адамгершiлiк жағынан пайда бар шығар.

Бiрақ зорлықпен өлтiрiлгендердi қайтып тiрiлте алмайсың ғой.

Бәлкiм, кiнәсiзден "кiнәлi" болғандардың жағдайы о дүниеде жақсы шығар. Бiрақ жалған дүниеге қайтып оралмайды ғой.

Мiне, бұл бiрегей кем дүние.

Шымшық пен адам

Таңертең балконға бір уыс тары шашып тастап, іш жақтан қарап тұрдым.

Әуелі бір шымшық келіп қонды да, тарыларды абайлап шұқып көрді. Көрді де, шыр-пыр болып шықылықтап, өзінің туыстарын шақыра бастады.

Балкон лезде шымшықтарға толып кетті.

"Өле жегенше, бөле же" деген осы.

Ал айталық, адамдардан әлдекім бір сандық алтын тауып алса, шымшық сияқты өз жақындарын айқайлап шақырып алып, бөлісер ме еді?

Бұл жөнінде марқұм Оралхан Бөкейдің бір әдемі әңгімесі бар еді. ... Кәдімгі дуана "Аллауху ах!" деп келе жатып, жолда бір дорба алтын тауып алады. Олжа тапқанын жұртқа жарияламақ болып:

— Уа, жарандар! — деп айқайлайды.

Ұдайы айқайлап жүретін дуананың бұл айқайына ешкім назар аудара қоймайды. Сонда ол ішінен сыбырлап:

— Алтын тауып алдым! — депті.

Күнәдан пәк болды.

Жалған дүниеде мұндай да алдампаздық болады.

Қылмыстан қылмыс

Елде қылмыстың көбеюіне жоғары-төменді жемқорлар, парақорлар кінәлі. Олар қарапайым адамдардың несібесін озбырлықпен жеп қойғандықтан, адал азаматтар амалсыз түрлі қылмысқа барады.

Бір қылмыс келесі қылмысты тудырады.

Бір кем дүние.

Туысқан қандай

Кісіге бірге туыспау керек. Туысқан соң, сөз қуыспау керек. Сөз қуған пәлеге жолығады. Жол қуған олжаға жолығады (Әйтеке би).

Пенделер бұл ақылды тыңдамайды.

Пәленің бәрі содан.

Ашу мен ақыл

"Ашу бар жерде ақыл тұрмайды", — депті Төле би.

Адамдардың көбі ашушаң. Ақыл қайдан болсын.

Бір кем дүние.

Қылтанақ

Тоқсан тоғыз жастағы Британия Королевасы Елизавета І балық аулағанды ұнатады екен. Бірде тамағына қылтанақ тұрып қалады. Операция алдында Королева айтты дейді:

— Талай балықтың тамағына қармақ салып едім, енді балық менен өшін алды, — депті.

Патша басымен қақалғаны ұят болған екен.

Бұл да бір кем дүние.

Кім қарыздар?

43-ші жылғы қаһарлы қыс. Есік алдындағы күлтөбе. Шымшықтар күлден тамақ іздейді. Күлде қандай тамақ бар?

Шымшықтар аш. Біз де ашпыз.

Күл үстіне қыл тұзақ қоямыз. Тұзаққа түскен шымшықты отқа қақтап жейміз.

Обал. Қазір күнде балконға жем шашып тастаймын. Шымшықтар, баяғымды кешіре гөр деп.

Бірақ сол шымшықтар біз тоқымдай жерге тары еккенде жеп қоятын.

Сонда кімнен кім кешірім сұрау керек?

Бір Алла біледі.

Кәусар жыр

Баяғыда ақын Дулат:

— Кеудеме қайғы толған соң, кәусар жырмен жуынам, — деп жазып еді.

Ал, кәусар жыры жоқтар не істейді?

Бір Алла біледі.

Аз сөйле, көп тыңда

Адамда бір ауыз, екі құлақ бар. Демек, аз сөйлеп, көп тыңда деген белгісі шығар Жаратқанның.

Бір Аллаға аян.

Оқымайтын бастықтар

Таңертең емхананың алдына шығып, аяқ-қолымды ербеңдетіп, зарядка жасап тұр едім, қасыма домалаңдаған кішкентай кемпір келді:

— Дұрыс. Қимылда! — деді.

Танитын сияқтымын. Шырамытамын. Жыға танымадым. Өзі ашық, әңгімешіл екен. Кезінде Совнаркомның орынбасары болғанын сездіртті.

Сонда барып есіме түсе кетті: Зәуре Садуақасқызы Омарова.

— Аяғым ауырады. Жас кезімде сонау Днепрдің суын кештім. Қарағанды шахталарының астына түстім… — деп қолындағы таяғымен сирақтарын түрткілеп қойды.

Сенің “Даттарыңды” Камалға жазған хаттарыңды қалдырмай оқимын. Тұрар Рысқұлов туралы жазған романыңды түгел оқыдым, — деді.

Ал қазіргі бастықтар оқымайды.

Бір кем дүние.

Бүлік неден

Адамның жүрегінен от көрініп тұратын болса…

Жақсы адамдікі жұлдыздай жарқырап тұрса…

Жаман адамдікі күңгірт, қарайып тұрса…

Сонда айыру оңай болар еді.

Жақсыға жақындар едің, жаманға жоламас едің.

Өкініш: ондай белгі жоқ. Тану қиын.

Дүние содан бүлікшіл.

Жалғыздық жаман

Жасың ұлғайған сайын құрбы-құрдас, қатарың кеми бастайды.

Өз қатарың болмаса тойға барма деген.

«1950 жылы мектепті менімен бірге бітіргендерден кімдер бар?» – деп сұрастырсам… көбі жоқ. Сақал-шашы аппақ қудай болып Әбдіуәлі Данаев, төбе шашы түсіп қалған Исатай Үмбетбаев жүр. Махан молда, бозкөз Манап…

Әбдіуәлі күміс медальмен бітірген. Ленинград теміржол институтының түлегі. Көп жыл Жамбыл теміржолының бастығы болды. Қазір де студенттерге сабақ береді.

Соның барына да шүкір.

Мектепті бірге бітірген Қаратай Тұрысов еді. Көп жыл қатар жүрдік.

Соңғы жылдары Парламентте депутат болып, бірге отырдық. Жетпіске толар-толмас дүниеден өтіп кетті.

Тараз шаһарында сол 1950 жылы мектепті бітіргендер суретіне қарап отырып:

— Апырай, мен әлі тірі жүрмін, ә, — деп қоямын. — Мүмкін, Алла менің қиянаттан қырыққа жетпей қайтыс болған әкемнің жасамаған жасын маған қосқан шығар?

Бір Алла өзі біледі.

Дегенмен, жалғыздық жаман.

Бұл да бір кем дүние.

Мәңгілік ешнәрсе жоқ

“Егемен Қазақстан” редакциясы зейнеткер мені шолушы қызметіне алды. Кейбіреулерге күлкі: кешегі бас редактор бүгін сол редакцияның босаға жағында отыр.

Ал, мен ойлаймын: заманында осы газеттің бас редакторлары болған Смағұл Садуақасов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов сияқты алыптар басқарған мекеменің босағасында отырсаң да жарасады.

Мәңгілік ешнәрсе жоқ.

Мәңгі тек Құдай ғана. “Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек” (Абай).

Кім ойлайды?

Қазақ республикасындағы қазіргі таңда ең зәру мәселелердің ең біріншісі демография деп мойындаған жөн.

Біз күнбе-күнгі тіршілік қамымен әуреміз. Ол қажет. Бұл бүгінгі күннің қамы.

Ал, ертең не боларына көз салсақ, көңілмен болжасақ жағдай қандай болмақ?

Ұлан-байтақ Қазақстанда небәрі 15 миллион халық тұрады. Оның 8 миллионы қазақтар деп жүрміз.

Халқымыздың өсімі тым төмен. Бала туу мөлшері осылай кете берсе, алдағы 10-20 жылда қазақ саны кеми бермек.

Бір кезде қазақ ауылында әр отбасында 10-12 бала тапқан “Алтын алқалы” аналар көп болды. Олардың тізімі ұдайы баспасөз беттерінде жарияланып тұрды.

Қазір ондай оң тізімдер көрінбей кетіпті.

Ал, дүниеде жері бай, кені бай елге ие өз елінен табылмаса, жат жұрттықтардан табыла кететіні ежелден белгілі.

Сонда демография ашаршылығынан қалай құтыламыз?

Әрине, әр мемлекет өзінің көрпесіне қарай көсіледі.

Халықтың әлеуметтік күн көрісі мәз емес екені бесенеден белгілі. Мемлекеттің тақыр кедейлігінен емес, жемқорлардың тойымсыз жемсауына түсіп кеткендіктен.

Жемқорлық, парақорлық жалпақ тілмен айтқанда, коррупция залалы халық өсіміне, ұлт өсіміне Голощекин ашаршылығынан кем түскен жоқ сияқты.

Рас, мұның бәрі таяудағы өткен шақ. Бірақ әлі түзеле қойған жоқ.

Дегенмен, қанша талапайға түскенмен, экономика біршама түзеле бастады.

Ендеше мемлекет ендігі жерде демографияны да мықтап ойлайтын мезгілі жетті.

Қазір әйелдер зейнетке 58 жаста шығады. Ол қай уақытта бала туып, қай уақытта оны өсіріп, тәрбиелей алады?

Ендеше 4-5 бала тапқан ананы еңбектен босатып, зейнетақысын берекелі етіп төлеу керек. Әр балаға жарытып жәрдемақы беру қажет.

Бұл өте жауапты, тағдыршеш проблеманы Парламент, Президент мықтап қолға алсын.

Әйтпесе, орасан кем дүние осы болады.

Жалған дүние

Арқаның таңы ағарып атқанда, Құдайдан жақсылық тiлеп жатқанда, қайран тiлек керi кетiп, қаһарлы сұп-суық хабар жеттi: сұм дүниеден жампоз Камал өттi.

Қайран, Камал! Бiз екеумiз бiр-бiрiмiзбен хат жазысып, бiр-бiрiмiзге ұдайы да жақсылық тiлеушi едiк. Елдiң, қазақтың арманы мен аңсарын айтып, ол хаттар "Егемен Қазақстан" атты аға газетте жарияланып жатушы едi.

Ендi не болды?

Заманның дидары мен кепиетi туралы сырларымды ендi кiммен бөлiсемiн?

Сен тым ақкөңiл, адал едiң ғой, Камал! Қоғамда болып жатқан толайым кемшiлiктердi мен ашына жазғанда, сол қоғамдағы зәредей жақсылықтарды тiзбелеп, маған басу айтушы едiң. Заманның, қоғамның алдағы күндерде жақсылыққа, ақжарқын күндерге жететiнiн дәлелдеп, ұдайы да үмiт отын жандандыратынсың.

Екеумiз бiр-бiрiмiзге жазған осы хаттар кейiн, "Елiм, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда!" деген атпен кiтап болып шығып, сол кiтап халықаралық абыройлы сыйлыққа ие болып едi.

Кiм ендi менiмен сыр бөлiсiп, армандар, тiлектер айтысып, кiм ендi маған хат жазады?

Әттең, дүние... Екеумiз жұп жазбай Ұлытауға барып-қайтып жүретiн заман-ай...

Сен, Камал, осы заманның Баубек Бұлқышев ағаңдай батыры әрi қара сөздiң ақыны едiң. Сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан берi жұп жазбай, жұп жазсақ та, көз жазбай, қатар келе жатқан бiр жылдың төлдерi едiк.

Жатқан жерiң жәннат болсын! Аллаһу-Тағала о дүние қызығын берсiн, қанаттас, қаламдас асыл дос!

Сенсiз дүние — бiр кем дүние.

Мектептің тұғыртасы

Ұлттық кеңес жиналысында: Бiлiм тұжырымдамасын талқылау.

Президент резиденциясы.

Мен:

— «Байқоңыр қорлығы. Байқоңыр намысы деген ұғым туды. Унизительный и оскорбительный Байқоңыр.

Байқоңырды өзiмiз игере алмайды екенбiз, тетiгiн, техникасын бiлмейдi екенбiз. Бұған бiлiмiмiз жетпейдi екен. Ендеше, несiне кекiрейемiз?!

Ауыл мектебi. Бастауыш мектеп. Тұғыртасы мықты болса, үй құламайды. Бастауыш мектепте тұғыртас жоқ. Бар бәле содан.

Бастауыш мектеп — уыз. Уыз орнына — көкшалап.

Мұғалiм қайыршы. Одан бедел бола ма? Қаржы жоқ дейдi.

Бюджет салықтан тұрады. Ал бюджетке мұнайдан мұнша, мыстан мұнша, хромнан, молибден, бокситтен мұнша түседi деген статья бар ма? Жоқ!

Қазақстан қайыршы болатындай сорлы емес. Оны сондай болуға мәжбүр еттi.

Ұлы ұрлық дәуiрi. Сөз бiттi».

Әбiш Кекiлбаев қолдады. "Байконурский синдром", — дедi. (6.08.1995 ж)

Бұл қай, қандай кем дүние?!

Абылайдың түсіндей...

Батырдан — барымташы,

Барымташыдан — ұры,

Ұрыдан — қары,

Қарыдан бәрі туады.

Әсіресе соңғысы көп.

Бір кем дүние.

Заманбектің 54 пәтері

Түн ішінде “Елтінжалды” қайталап оқып жатқанда Заманбек Нұрқаділов телефон соқты.

— Кеше Сізді телевизордан көріп, сәлем беріп қояйын деп едім, – дейді.

— Еске алғаныңа рахмет. Екеуміз елге рахметі жоқ жақсылық жасадық. Алладан қайтсын.

Радио, телевидениеге бірден берген 54 пәтерлі үй еді. Сол үшін жазаландық…(6.08.1995 ж.)

Сөйткен Заманбек жауыз кезеңнің құрбаны болып кетті.

Алла о дүниесін берсін! Жауыздардың жазасын берсін!

Айуан артық

Бауыржан Момышұлының Кеңсайдағы ескерткіші тоналды. Мыспен қапталған шинелін “шешіп” әкетіпті. Мыс қымбат.

Адам — адам болудан қалды.

Айуан артық. Ол зиратты тонамайды.

Бір кем дүние. (21.08.1995 ж.)

Ешкінің тоңған майы

Республика сарайында Абайдың 150 жылдығына арналған салтанат ашыларда Елбасы маған:

— Халіңіз қалай? — деді.

— Бірде жылқының қысыр тайын жеп, бірде ешкінің тоңған майын жеп жүріп жатырмыз. Рахмет!

Бір кем дүние.

Опасыз алтын

Жүз жасаған теректi арқалап, балталап жатып алып кеткен. Томары қалып қойған. Кедей кемпiр самаурынға деп, күнде барып, томарды шетiнен кемiре бередi.

Бiр күнi балтасы тасқа тигендей болды. Қазып қараса, шағын сандық екен. Ашып көрiп едi, iшiнен киiзге ораған алты кило алтын шығады. Милицияға хабарлайды. Өкiмет кемпiрге алтын құнының 25 процентiн бередi. Баласы ұрсады:

— Балам-ау, осыған да шүкiр де. О баста өз иесiне опа қылмаған алтын ғой. Осыған да қанағат. Қанағат қарын тойғызар. Қанағатсыз жалғыз атын сойғызар. Саған қатын алып беруге осы да жетедi, — дептi кемпiр.

Баласы дүрдигенiн қоймапты.

Бiр кем дүние.

Бас пен мұрын таласы

Панфилов паркіне таңертең шығатындар “Жалаңтас” командасы деп аталады. Соның бір мүшесі Бек Тоғысбаев:

— Сіздің мұрныңыздан менің мұрным үлкен, — деп мақтанды.

— Әттең, мұрның үлкен болғанша, басың үлкен болсашы, — деймін мен. — Мысалы, Платон тайпақ болған. Басы үлкен екен. Бірақ Платон (Тайпақ деген сөз) тайпақ деп тарих оны менсінбей қойған жоқ.

Беке, Құдайдан мұрын емес, бас тілеген жақсы (31. 05. 1995 ж.).

Қайран Бек! (Совхозбек) дүниеден о да өтті. Құдай оған шоң мұрын бергенше, ұзақ өмір бергенде жақсы болатын еді…

Бір кем дүние.

Шын сөз аспанда

Жұлдыздар — аспандағы жазулар. Құдіреттің жазуы. Не жазғанын түсінбейміз. Түсінсек, оқи алсақ, албастылар аласталып, шын Адам болар едік.

Құдіреттің шын сөзі аспанда.

Біз түсінбейміз. Бір кем дүние…

Кімдікі дұрыс

Мен Президентке:

— Бабаларымыз жүздеген жылдар бойы қызғыштай қорғап, ұрпағым үшін деп сақтап келген жерді сату қалай болады?

Президент маған:

— Сатсақ, ол жерді біреу қабына салып, топырақты арқалап кетпейді ғой. Жер қалады! (1994 ж.)

Ақыры Жерді сату туралы Заң шықты.

Байлар байи түсті.

Не боларын Құдай біледі.

Бір кем дүние.

Тұмар-иіс

Отырып-отырып, Өмекеме (Өмірбек Байгелдиге) телефон соғайын. Мың болғыр орнында отыр екен.

— Өмеке, Оразаңыз қабыл болсын! Мен ескі жазбаларымды ақтарып отырып, Манастың 1000 жылдығын тауып алдым. Есіңде ме сол той?

Өмірбек:

— Есімде. Тараздан 170 үй апарып тіккенбіз.

— Әп бәрекелде-е-е! Ал, сонда деймін-ау, бізде Манас тұлғалы қайраткер болмаған ба? Әлгі Кирдің басын кесіп алып, қан толтырған меске сол басты салып: — “Кир! Іздегенің қан еді, іш енді тойғаныңша!” – дейтін біздің Тұмар анамыз емес пе?

Өмірбек: — Тұмар-иіс

Мен: — Е, еуропалықтардың Томирис деп жүргені сол екен ғой. Ал енді содан бері қанша жыл?

— 2500 жыл.

— Манас оның қасында бала екен ғой.

— Сонда деймін-ау, Тұмар-иіс анамыздың 2500 жылдығын біз неге атамаймыз? Мұны білетін тарихшылар жоқ па?

— Жоқ.

— Бұдан мыңдаған жыл бұрын гректерден шыққан Геродот болмаса, Тұмар-иіс анамыздан хабарсыз қалатын екенбіз ғой.

— Солай. Тұмар-иіс анаң өз алдына. Зарина апаңды айтсаңшы.

— Ендеше неге жазбайсың, ойбай?!

— Ертең кел, сөйлесейік.

— Құп болады, мақұл.

* * *

Сонда деймін-ау, бұрын бейшара қазақ зиялысы дегені қазақтың тарихын 1917 жылғы ұлы Октябрь революциясынан бастаушы еді. Ендігі қол жеткізгені ХV ғасырдағы Керей мен Әз Жәнібек құрған қазақ хандығы. Одан арыға құлашы жетпеген.

Ал, Өмекемнің құлаш сілтесі мынау… Кәсіби тарихшылар жолда қалды.

Ғылымдағы, тарихтағы бір кем дүние. Зор кем дүние.

Ықтият бол!

1972 жылдың жазы еді. Жазушылар одағының бастығы Әнуар Әлімжанов Еңбек тақырыбына арналған Пленумды ашты.

Ол Пленумға еңбек ардагерлері шақырылды.

Кейбіреулер көсіле сөйлеп, көп мылжыңдады. Сонда қалай сөйлеудің үлгісін атақты күрішші Ыбырай Жақаев көрсетті-ау, жарықтық.

Қойшы таяғына,

Дихан кетпеніне,

Жазушы қаламына

Ықтият болсын!

Бар айтқаны осы-ақ.

Зал күңіренте ұзақ қол соқты.

Езбе мылжыңдарға — шапалақ!

Бірақ Ыбырай Жақаевтар ілуде біреу ғой.

Бір кем дүние.

«Ұлтшылдардың ұлтшылы»

«Караван» деген газет мені «ұлтшылдардың ұлтшылы» деп жазды.

«Қазақстан халқы» дегенге қарсы депті. Талай айттым: «Өзбекстан халқы» деген халық жоқ, «Өзбек» деген халық бар, «Татарстан халқы» деген халық жоқ, «Татар» деген халық бар, т.б.

Сол сияқты «Қазақстан халқы» деген халық жоқ. «Қазақ» деген халық бар. Ендеше «Біз, қазақ халқы және Қазақстанды мекендейтін басқа халықтардың өкілдері немесе диаспора» (1993 ж.).

Айдан анық шындықты бұрмалайтын тоңмойындарға не дерсің.

Бір кем дүние.

Халық қалай көбейеді?

Шаңырақ болмаса,

Шарана да болмайды.

Құс ұя салмаса,

Балапан шығармайды.

Қалада үй-жайдың жоғынан мыңдаған бойдақтар сабылып жүр. Көбісі сүр болды.

Қыздар кәрі атанып бара жатқан соң: «Кәрі қыз бай таңдамайды», дегеннің кері бойынша шет жұрттықтарға кетіп жатыр.

Қазақтың саны содан да ұлан-ғайыр жеріне сай емес.

Содан да Айдаһар мен Аюдың ортасында отырған көжек сияқтымыз.

«Аз халықтың маңдайында бақ тұрмайды» деуші еді.

Бір Алла қашанғы жар болады.

Бір кем дүние.

Тозақтан құтылмайтындар

«Параны беретіндер де, оны алатындар да тозаққа барады». (Хадистен).

Әсіресе қазіргі парақорларды түгел жазаласа, тозаққа сыймай, орын табылмай, бәле бола ма, қайдам...

Бір кем дүние.

Кесепат неден?

Шақырған жерден қалмаңдар.

Шақырмаса — бармаңдар.

Өзі болған жігіттің

Аяғынан шалмаңдар!

(Мыңбұлақтан шыққан Жұмабек ақын)

Жоғарылап бара жатқан адамның етегінен тартып, кедергі жасайтындар, көре алмайтындар алдымен өз ағайының емес пе? Өз жұртың күншіл, қайын жұртың сыншыл. Шын жанашыр нағашы жұрт, — дейді. Кім біледі, рас шығар.

Бір кем дүние.

Адал мен арамның таразысы

(Мешiтте айтылған уағыз)

Бiр кедей пенде жалғыз сиырын сауып, соның сүтiн сатып динар ақша жинайды екен. Бiр қалта динар жинаған әлгi кiсi кемеге мiнiп, бiр жағдаймен жолға шығады.

Кемеде келе жатып ұйықтап кетедi. Сонда бiр маймыл оның динар салған қалтасын ұрлап алып, кеме желкенiнiң ұшар басына шығып кетедi.

Жолаушы оянып, ары-берi қараса, динар салған қалта жоқ! Ары iздейдi, берi iздейдi. Ақыры желкеннiң ұшар басында отырған маймылды көредi.

Қараса, маймыл бiр динарды алып мұның қолына лақтырады. Келесi динарды алып теңiзге лақтырады. Сөйте-сөйте қалтаны босатады.

Мәнiсi: әлгi мiскiн сиырын сауып, сүтiн сатарда аздап су қосады екен. Иесiне лақтырған динар — адалдан. Теңiзге лақтырған динар — арамнан. Яғни судың үлесi — суға, сүттiң үлесi — иесiне.

Әр заманда адал мен арамның арасын анықтап тұратын осындай таразы болса ғой, шiркiн.

Бiрақ ондай құрал жоқ қой...

Бiр кем дүние.

Ғарыштағы ақыл-ой

Біздің Талас Алатауында (Тәңіртау) Манас атты шың бар.

Қырғызда Манас батыр бар.

Өткен ғасырдың аяғында Манас батырдың 1000 жылдығы тойланды.

Астана шаһарында Манас есімді үлкен көше бар.

Сонда бұл есім не мағына береді екен?

Кітапта: “Космический разум — Манас”, дейді. Яғни ғарыштың ақыл-ойы.

Демек Жаратқан Құдіреттің шексіз ақыл-ойы, қап-қара қараңғы түнде қап-қара тақтайдың үстінде жорғалап бара жатқан қап-қара құмырсқаны көріп отыратын көзі бар, сыбырлағаныңды еститін құлағы бар Жасаған Ием шығар.

Ақиқатын білмейміз.

Бір кем дүние.

Қайда

Тұрар Рысқұлов 1938 жылы атылды деп жазылатын. Қабiрi Москва түбiндегi Бутова деген деревнядағы зиратта дейтұғын. Бiрақ кейiн iздеушiлер сол Бутовадан таппады.

Кейбiр басылымдар Тұрардың өлген жылы «1943» деп жүр.

Тұрар Рысқұлов туралы "Служение народу" атты қомақты кiтап жазған москвалық профессор В.М.Устинов: – Өте құпия құжаттар бар. Ол тек генсектiң рұқсатымен ғана көрсетiледi. Бiр сөз бар: Тұрар Рысқұлов Солтүстiк Қазақстанда өлген, – дейдi-дағы, сыбырлап: – Аштан өлген, 1943 жылы, – дейдi.

«Ақыр байдың баласы аштан өлген». Тұрар, миллиондарды сталиндiк-голощекиндiк аштық ажалынан (геноцид) арпалыса арашалаған Тұрар Рысқұлов ақыр соңында өзi аштан өлген?! Әдiлет қайда, атасына нәлет!

Тым болмаса моласы да жоқ.

Шыңғыс ханның моласын осы уақытқа дейiн толып жатқан зерттеушiлер таба алмай келедi.

Ал халықты аштық қырғыннан сақтап қалған Рысқұловтың моласын кiм iздейдi?!

Бiр кем дүние.

Салауаттың арманы

Салауат неше жасында,

Жасыл кәмшат бөркі басында.

Дұшпанды қырған сол Салауат

Ақ Еділ, Орал тасында.

(Башқұрт халық жыры)

Баяғыда патша Пугачев көтерілісін басып, оның басын дөңбекте шауып тастады ғой.

Пугачевтің бас көмекшісі, бас сардары Салауат Жолай баласы да қолға түскен. Патша әскерін ойсырата қырған Салауатты өлім жазасына кесуге көзі қимай, әйел патша Эстонияның ар жағындағы, Балтық теңізіндегі Палдиск деген аралға айдатып жіберген (әкесі Жолаймен бірге).

Сол аралда Салауат өле-өлгенше (аяқ-қолы кісендеулі) тас тасып, шведтердің шабуылынан сақтайтын қамал соқты.

Әрі жас, әрі көркем, әрі ақын Салауаттың сонда туған жерін, Орал тауын, Ақ Еділін аңсап шығарған жырларын Бас қасқыр (Башқұрт) елі осы күнге дейін сүйіп айтады.

Қайтар едім, жолым жоқ,

Сулар буған менің жолымды.

Жұлдыздардан көпір салар едім,

Бұғаулады тағдыр қолымды...

Пугачевтан генерал атағын алған, аса дарынды қолбасшы, сегіз қырлы, бір сырлының құлжасы — Салауат арманына жете алмай, туған жерден алыста, Балтық теңізіндегі аралда мәңгі қалды.

Бір кем дүние деген осы да.

Туған халқы қанша заман өтсе де осы күнге дейін:

Жайлауда жүрген жылқының

Аласы көп те, бозы жоқ.

Дұшпанды қырған сол Салауат,

Аты қайтты, өзі жоқ... —

деп жырға қосып, жоқтау айтқандай болады.

Шын бір кем дүние.

Кестелі қалта

Алматыдағы Қонаев ескерткішін айналдыра скамейкалар қойылған. Ғабең (Мүсірепов) сол жерде демалып отырады. Кейде мен қасына барып отырамын. Ғабең «Космос» деген сигаретті тұтата бастайды.

Мен:

— Бұл темекіні қай уақыттан бастадыңыз? — деп сұраймын.

Сірә, 18 жастан, — дейді. — Бір қыз маған моншақтап, кестелеген кисет

(қалта) тігіп сыйлады. Кисетті қалтаға бос салып жүрмейсің. Саратов махоркасын толтырып, жұқа шылым қағаз сатып алып, соған орап, «козья ножка» жасап тартамын. Түтінді ішке тартпаймын. Қос танаудан түтінді жарыстыра шығарсаң, қыздар қызығатын сияқты.

Әне, бұл «дос» содан басталған.

Бұл кезде Ғабең 84 жаста еді.

Ал темекіні 18 жаста бастаса, шынында да «ескі дос» болған.

Бірақ бұл да бір кем дүние.

Мен:

— Өкпеге зиян шығар, — деп едім.

Ол:

— Ысталған ет көпке шыдай ма, әлде жас ет көпке шыдай ма? — деді.

Бір жылдан кейін, 85-те қайтты.

«Қаламгерде»

Мың да тоғыз жүз жетпіс жылдың он бірінші қазаны еді.

Ғабең (Мүсірепов) маған ақша беріп, бір шөлмек коньяк алдыртты.

— Қазір Шәкір Әбен деген шал келеді. Өзі дәстүрлі халық ақыны, философ ақын, — деді Ғабең. — Семейден...

Кешікпей Шәкір ақын келді. Басында дөңгелек құндыз бөрік. Сақалы аппақ. Қолында таяқ.

Шағын стол басында үшеуіміз отырмыз. Сөзді Шәкір ақын бастады. Ғабеңе қарата:

— Сені бір көрсем деп едім. Басқа арызым жоқ. Жасым сексен екіде. Құжат бойынша — жетпіс алты, — деді Шәкір ақын.

— Е, келесі жылы мен де жетпіс беске келемін. Менен бір жас үлкен бола ғой. Кісінің жасын туған күнімен емес, қай шақта, қандай қайратта, соған қарап есептеу керек, — деді Ғабең.

Сол жетпіс беске мен (Ш. М.) биыл (2007 ж. 28 қыркүйек) келдім. Шәкір ақын мен Ғабит Мүсірепов о дүниелік болғалы қай заман...

— Жасты қайратыңа қарап есепте, — деп еді Ғабең. Кім біледі...

Бәрібір бір кем дүние.

Талант сатылмайды

— Бәрін де сатып алуға болады, — деді Ғабең бір жолы. —

Ақшаң болса қалтаңда,

Талтаңдасаң талтаңда!

Бәрін де — атақты да, ар-ұятты да, әйелдің махаббатын да...

Ал бірақ талантты сатып ала алмайсың. Ешқашанда. Талантты адам бермейді, Құдай береді.

Біздің Союздың (Жазушылар одағын айтады. — Ш. М) есігі айқара ашық: халтураға да, дарынсыз сүмелектерге де. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сол. Білдің бе?

Мен, әрине, білемін.

Бұл да бір кем дүние.

... Қазіргі Жазушылар одағы — біздің Мыңбұлақтың егіс даласындай: еккен арпа-бидай арамшөптің, есекмияның, кекіренің арасынан көрінбейді.

Жетпіс бес

Осыдан біраз жыл бұрын әйгілі әдебиетші, сыншы, үлкен ғалым Шерияздан Елеукенов 70 жасқа толып, Алматыдағы Ғалымдар үйінде мерейтойы өткенде өзі айтып еді.

— Жетпіс деген екі сөзден тұрады: «жет», «піс» деген, — деп еді.

Ал мен болсам, жетпіс бесті тойлап тастадым. Енді сол Елеукенов айтқан сөз есіме түсе береді. «Жет» дегені дұрыс-ақ. «Піс» дегені... Қатерлі. Пісіп тұрған жемісті әркім-ақ жеп қойғысы келеді. Әсіресе, жауыз торғай шоқып-шоқып жерге түсіреді. Жақсы емес, уылжып піскен шақта өзі-ақ үзіліп түседі. Нені меңзейді?

Жеткенің жақсы.

Піскенің қиын.

Бір кем дүние.

Кітап қасиеті

Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады.

Адамды аздыратын жаман қылықтар да адамның өзінен шығады. Ол да тат. Оны сабындап жуып кетіре алмайсың.

Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап.

Ең бірінші – — Құран!

Екінші — хадистер!

Ұлы классиктер.

Қазақтың ұлы ақын-жазушылары.

Кітап жем, су сұрамайды. Кітап — ғажайып қазына.

Кітап — өмірсерік.

Кітапты сүймеген Құдайды да сүймейді.

Бір кем дүние.

Бағындырғыштар

Теле ұялмастан оттап тұр. Альпинистер Хан Тәңірінің бір шыңын бағындырды дейді.

Хан Тәңірі жау емес бағындаратын. «Бағындыру» деген етістік басқыншы, зорақы отаршылдардың кекірік сөзі.

Петр бірінші заманынан, Иван Грозный заманынан бері келе жатқан жаман сөз. Иван Грозный дәуірінде Ермак деген қаңғыбас қарақшы байларға жалданып, «тас белдіктің» аржағында не бар екен деп, Орал таудан өтіп, жүздеген қайық, кемемен Ібір-Сібір патшалығына басып кіріп, Көшім хан патшалығын күшпен жаулап алды.

Қандыбалақ қарақшы Ермак Ертістің бір саласы Бағай өзеніне батып өлді. Патша соңынан Сібірді жаулап, бағындырды.

Тіпті, патшадан соң совет дәуірінде «тыңды бағындырушылар» шықты. Хрущев мақтанды: патшалар жүздеген жылдар бойы әстей алмағанды мен бір-ақ жылда істедім деп.

«Бағындыру» — оңбаған, жексұрын сөз. Хан Тәңіріні бағындырдық деп қақсайды.

Теле — тентек.

Не деген надандық?!

Бір кем дүние.

Кәрі шынар

Елге барған сайын Зиратсайға сәлем бермесем, әлдене жетпей тұрғандай болады. Кейде жалғыз, кейде немерем Илиго екеуіміз екі атқа мініп, ата-бабалар жатқан мекенге қарай желе-жортамыз.

Терең сайдың шығыс жағын қалың қамыс, қызыл изен, жусан басқан. Ара-арасынан көне төмпешіктер білінеді.

Міне, бұл ата-бабалар зиратының жұрнағы. Аттарды қаңтарып қойып, білгенімше шын беріліп дұға оқимын. Бұл зиратта әкемнің әкесі Бердімбет баба жатыр. Бұл зиратта ұлы ана Күнікей жатыр. Дұрысы: олардың сүйегі жатыр. Жандары, Алла қаласа, аспанда, жұлдыздардың бірінде шығар. Жандары жаннатта болғай!

Терең сайдың батыс жақ беткейінде бұтақтары тарам-тарам, аспан астын көмкергендей бай шынар тұрады. Ол мына ата-баба зиратының күзетшісіндей.

Жарықтық, сол бай шынар менің бала кезімде бар еді. Әлі тұр. Ал мен жетпіс бестен асып барамын. Бай шынар әлі баяғыдай. Тек үлкен үйдің тұрқындай діңгегі ғана қатпар-қатпар әжімді. Бір бүйірі тесік. Әлдебір қарғыс атқыр бүйіріне балта шауып, үңгірлеп, ішіне от қойып, күйдірген. Көлемі бір адам сыйып кетердей. Ішімнен: мен өлгенде денемді осы үңгірге салып қойса, қарсы беттегі бабам Бердімбеттің, ұлы анам Күнікейдің бейіттеріне қарап жатсам деп қоямын. Бай шынардың жапырақтары жамырап, күндіз-түні ғарыш әнін айтып тұрса...

Қай жерде, қай сағатта ажал жетіп, сүйегіңнің қайда қаларын бір Құдай ғана біледі.

Біздікі тек қиял ғой.

Бір кем дүние.

Ас пен тас

1944 жыл. Көктем. Өте ауыр болды. Қыстан сирағымыз сіңірімізге ілініп, әрең шықтық.

Қылтиып жаңа шыққан көкті жұлып жедік. Айша анамыз:

— Күн күркіремей жуа жұлып жемеңдер, уы бар, — дейді.

Күн қашан күркірер екен деп аспанға қарап, алақан жаямыз. Аспан алақанға ештеңе тастамайды. Аспан соқырдың ақшел басқан көзіндей бедірейеді де тұрады.

Бір күні қарындасым Құрмаштың қолынан жетектеп, екінші ауылдағы Қайырқұлдың үйіне бардық. Бір үзім нан, бір уыс талқан берер ме екен деп.

Қайырқұл бастық:

— Кет, айда! — деп қуып жіберді.

Жұдырығым томпаяды.

Бұл не екен деп қарасам, тас екен.

Қайырқұл ас орнына тас салып жіберген бе?Аң-таң болып тұрып, әлгі тасты Қайырқұлдың үйіне қарай құлаштап тұрып лақтырып жібердім.

Тасты жерден қашан, қалай алғаным есімде жоқ.

Бір кем дүние.

Бір тостаған жасымық

Жаның жаннатта болғыр, Жолболды деген кісі өтті дүниеден.

Мен Шанышқылы ауылынан жаяу келе жатқанымда, артымнан атты біреу қуып жетті. Жолболды атам екен.

— Қайдан келе жатырсың? – —

— Әдия әпкемнің үйінен... Үйінде жоқ. Қырғыз жаққа кетіп қалыпты, — дедім.

— О, дүние жалған, — деп қойды Жолболды ата. — Әдия әпкең Күнікей апаңа тартқан ғой. Ай, бірақ Күнікей апаңды сен көрген жоқ шығарсың. Ұлы апаң Күнікей бүкіл ауылды асырады ғой. Бердімбет бабаң қайтыс болғаннан соң бүкіл мал мүлік Күнікей апаңның қолында қалды. Жарықтық, «бай бәйбіше» атанды. Малы жоқтың алдына мал салды. Қатыны жоққа қалың малын төлеп, қатын алып берді. Әулие апаңның жақсылығын мен де көріп едім, — деп Жолболды ата ауылға жеткенде мені аттан түсіріп, көйлегімнің етегіне қоржынынан бір тостаған жасымық салып берді.

Үйге жеткенше бір уыстайын шикідей жеп қойдым. Қалғанын огородқа егіп тастадық. Күзде содан бір қаптай дән алдық. Аштықта жеген құйқаның дәмі таңдайдан кетпес.

Осы есіме түскенде Жолболды есімін дұғаға қосып қоямын. Менен басқа еске алар кім бар?

Бір кем дүние.

Бастан сипау

Қай жыл екені нақты есімде жоқ, әйтеуір, соғыс жылы еді. Мектеп балаларын бидайдың арасындағы арамшөпті отауға алып келген. Бастығымыз Қайрақбай дейтін делқұлылау шал кісі.

Бізге өзінше командир болады.

— Айт-дуа, жайратыңдар жауды! — деп бұйрық береді. Бидайдың арасында өскен мияны, кекірені отай бастаймыз.

Әбден сілеміз қатқан кезде Қайрақбай командир:

— Демал! — деп бұйрық береді.

Тақтаның басына жете бере көгалға құлай-құлай кетеміз.

Бір кезде қасымызға әңгі есек мінген, жаздың күні басына ескі тұмақты баса киген, бурыл сақалды бір кісі келді. Қайрақбай «командирмен» амандасып болып:

— Осында Мұртазаның баласы бар ма? – деді.

— Бар, — деді Қайрақбай «командир». Сөйтіп, мені әлгі әңгі есек мінген кісіге алып келді. Қараторы жүзін әжім басқан, оң көзінің алдында бұршақтай қалы бар қартаң кісі мені құшақтай алып, басымнан сипалай берді де:

— О, жетімек! Жетімек! Әлі-ақ сен де жетілерсің. Аман бол, есіл ердің тұяғы! О, жетімек! Жетімек, жетілерсің... — деп есегіне мініп, көзінің жасын жеңімен сүртіп, Шанышқылы ауылына қарай кете барды...

Артынан білдім, Шанышқылыдағы Әдия әпкемнің қайынағасы Кәлен деген кісі екен.

— Шашымнан сипағаны есіме түссе, әлі күнге дейін елжіреп, жылағым келеді.

Шала құрсақ, жарым көңіл жетімге басыңнан сипаудың өзі де үлкен бақыт.

«Жалғыз бала» уайымы

Алматы. Мұқан Төлебаев пен Қонаев (бұрынғы Карл Маркс) көшелерінің арасы...

Алаңқайда субұрқақтар, айнала шыршалар. Ортада Дінмұхаммед Қонаев бюсті.

Скамейкада Ғабең — Ғабит Мүсірепов және мен.

Ғабең маған:

— Сонымен, «жалғыз бала» проблемасын жаз дейсің ғой. Қиы-ы-ын. Біз көбеюіміз керек. Біз жиылсақ – көппіз. Жайылсақ – жоқпыз.

Жер кең. «Жалғыз бала» мәселенің бір жағы. Ал баласы бар-ау деген ең зиялы адамдардың арты қандай? Қаныш, Мұхтарлардың есіктері жабылып қалды. Мен өлген күні... Менікі де... Сондықтан бардың өзі тіл, психология жағын қайтеді. Баласы көп Қапан еді (Бадыров), сұрасам:

— Балаларым, немерелерім қазақша сөйлемейді, — дейді. — Тіл жүрген жерде ұлттық сана-сезім жүреді. Ал сана-сезім теңдікке ұмтылады.

... Фонтан жаны. Бюст түбі. Қараңғылық қоюланып, салқын тартты. Қолтықтасып, біз қайттық. Уайым көп.

Бір кем дүние.

Генералды сөйлетпеді

Парламенттің Мәжіліс палатасы. Қорғаныс министрі, келбеті келіскен генерал Мұхтар Алтынбаев мінбеге көтерілді. Қазақша сөйлей бастады. Бұл өзі әдейі жоспарланған кездесу. Сөйте тұра, зал гу-гу. Екеу-екеу, топ-топ болып сөйлесіп отырған депутаттар. Ары-бері, ерсілі-қарсылы жүргендер де бар.

Генерал зал тынышталар ма екен деп біраз үнсіз тұрып еді, гу-гу тыйылмады.

Сонда генерал:

— Ал ендеше, мен орысша да сөйлей аламын, — деп орысшаға көшіп еді, зал құлаққа ұрған танадай тынды да қалды.

Құдай сорлатқанда, сол депутаттардың басым көпшілігі қазақтар еді.

Осының бәрін өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естіген мен едім. Өкініштен өртеніп кете жаздағаным есімде.

Е, Құдай! Біз бейбаққа өзің сана-сезім бере гөр!

Бір кем дүние.

Хұсни сәуле

Басына бес бастаудың

Сылаң қағып,

Келуші ең, Хұсни сәулем,

Су алғалы...

Осы бір әнді Рамазан Стамғазиев асқақтатып, айбындатып айтады.

Кімнің әні? Қай заманның туындысы?

Бірақ көкейге қонып алып, көпке дейін көкірегіңнен кетпей қояды. Ән де күшті, әнші де құдіретті.

Қай заман?

Хұсни сәулем,

Дидарың ғайып болды...

деп аяқталады. Ғайып болғаны несі, қайда кетті?

Сұрақ көп. Жұмбақ көп. Ал әуен естен кетпейді. Қайта-қайта тыңдай бергің келеді. Шөп те өлең, шөңге де өлең мына заманда осындай асылдардың анда-санда бір-ақ айтылып, жұмбақ болып қалатыны өкінішті.

Бір кем дүние.

Әбдездің әуіті

Жазда ауылда жүргенде Әлихан мені көрші мекендегі Әбдез деген азаматтың әуітіне алып барды.

Әуіт дегеніміз өзен-сайды бөгеп, плотина жасаған, яғни бөгет. Су толған. Жан-жағы тал-дарақ.

Балықтың ұрығын жіберген. Ол көбейген. Енді қалмақ салып аулай бер.

Содан бері біздің Мыңбұлақтың бір бұлағы — Бердімбет сайындағы бұрынғы ескі әуітті жөндеп, табанын тазартып, су толтырып, балық өсірсек деймін ғой, баяғы.

Сонда Бердімбет баба сайының қос қанаты ну орманға айналса, айдында балықтар тайдай тулап, тоғайға қаздар қонып, үйрек ұшса деймін ғой, баяғы.

Кім біледі, тірі жүрсек, ондай күнді де көрерміз.

Мыңбұлақта баяғы-баяғы бағзы заманда ит мұрыны өтпес қалың орман болған екен. Сол дәурен қайтып оралса дейсің ғой, баяғы.

Бір кем дүние.

Тұнжыр тұман

Таң азаннан дала тұнжыр тұман. Көшеде адамдар бүрсеңдеп бара жатыр.

Ал майда құстар құйқылжыта ән салады. Әсіресе қара торғай. Әлде олар тоңбай ма? Әлде олар адамдарға қарағанда оптимист, үлкен үміткер ме?

Тоқ болатын да жағдайлары жоқ. Айнала аппақ қар. Құрт-құмырсқа шыға қоймаған кез. Құстар өміршең. Тірмізік.

Бәлкім, олар бір-біріне жамандық, қастандық ойламайтындықтан болар. Бірінің үстінен бірі арыз жазып, бірін бірі даттап, боқтап, бәле жауып, соттатып жатпайды ғой құстар.

Сол пейілдеріне қарай Құдай оларға қуат беріп, қуаныш беріп қойған да болар.

Әйтеуір, ән салады. Жылауық, зарлы да емес, көңілді.

Біз неге осылардай емеспіз?

Бір кем дүние.

Жайнамаз

Әкемiз Мұртаза марқұмның қызғылтым шырайлы, әдемi гүлдерi жайнаған жап-жаңа жайнамазы бар едi.

Алдымен мешiт бұзылды. Оның үйiндi болып қалған кiрпiштерiнiң үстiнде байғыз дейтiн құс сұңқылдап, зарлап отыратынды шығарды.

Көп ұзамай Мұртаза рахметiлiк "халық жауы" ретiнде ұсталды. Бұл 1937 жылдың, сiрә, желтоқсан айы едi.

НКВД үйге тiнту жасады. Мен ол кезде 5 жасар баламын. Бәрi есiмде. Тiнткенде бәлендей байлық табылған жоқ. Тек бiр милиционер төрде iлулi тұрған жайнамазды жазып көрдi де: "Е, мынау шұлғау болуға жақсы екен. Аяғым тоңып жүр едi", – деп Алланың аты жазылған жайнамазды бүктеп-бүктеп, қойнына тыға салды...

Арада алпыс жыл өткенде жолым түсiп, Кереку қаласына барып, мешiтiне кiрiп, дұға оқығанда, Тәңiрi жарылқағыр бас имам маған Қағбадағы мешiттiң суретi салынған сұлу жайнамазды сыйлады. Сонда баяғы милиционерге шұлғау болып, қорланған жайнамаз ғайыптан құс болып келiп, қолыма қонғандай ғажайып хал кештiм. Мұны марқұм Мұртазаның әруағы сездi ме... бiлмеймiн.

Бiр кем дүние.

Наполеон мақтаншақ па

«Құдай қанша жасаса, менің есімім де сонша жасайды», — депті Наполеон І.

Наполеон үстіңгі ернімен көк тіреп, астыңғы ернімен жер тіреп, даңқы әлемді тітірентіп тұрғанда, қыз құрып қалғандай, Жозефина деген жесір әйелге үйленіпті. Бұрынғы байынан туған Евгений деген ер жетіп қалған ұл бар екен. Өгей баланы Наполеон өзі бағындырып алған бір мемлекетке патша қылып жіберіпті. Өгей бала: «Әке, мені қоластымдағылар тегіс жақсы көреді», – деп Наполеонға хат жазыпты.

Сонда Наполеон:

— Е, балақай, онда патшалығынның жолы болмаған екен, — депті дейді.

Сөйткен Бонапарт Ватерлоо деген жерде ағылшындардан күйрей жеңіліп, қолға түсіп, Қасиетті Елена атты аралда тұтқында тұрып, рак ауруына ұшырайды. Сонда айтты дейді.

— Рак — менің ішіме түсіп кеткен Ватерлоо, — деп.

Наполеонның табыты Парижде, «Мүгедектер үйінде» жатыр.

Оны көру үшін еңкейіп, құдықтың түбіне үңілуің керек.

Өлгеннен кейін де адамдарға бас идіріп қойғаны ғой...

«Құдай қанша жасаса, менің есімім де сонша жасайды» дегені осы ма? Сірә, данышпан шығар?..

Қайтсе де, бір кем дүние.

Ағару

Самайға ақ кіріп еді, мұрт та ағара бастады. Ұялған ұрыдай болып қастың бір талы да ағарыпты.

Сөйте -сөйте... Сүйек те ағарады-ау...

Несіне тырбаңдаймыз.

Бәрі де өтеді.

Өтпейтін тек уақыт қана.

Адамдар: «Уақыт өтіп барады», — деп өкінеді. Шынында өтіп бара жатқан уақыт емес, өмір өтіп барады.

Ал уақыттың басы да жоқ, аяғы да жоқ.

Уақытты жылға, айға, сағатқа, минөтке, секөнтке, ғасырға бөліп жүрген адамдар ғой.

Уақыт — мәңгілік. Мәңгілік басталмайды да, аяқталмайды да.

Бәрін бір Алла біледі.

Алла білімі шексіз.

Білімі шектеулі адамдар.

Бір кем дүние.

Қазақ көп пе, аз ба?

Алыптардың бiреуi Ғабит Мүсiрепов айтты:

— «Бiз жиылсақ — көппiз, жайылсақ — жоқпыз», – деп.

— «Бiз мына кең далаға сыймай жүрген жоқпыз, сыйыспай жүрмiз», — деп.

Соңғы санақ бойынша 8 миллионның ар жақ-бер жағы. Содан берi, бәлкiм, 9 миллион болған шығармыз. Шет елдерде, шамада, 5 миллион бар дейiк.

Шығыстағы айдаһар елi — 2,5 миллиард. Батыс пен терiстiктегi Аю елi — 150 миллион.

Тiптi iргемiздегi өзбектер 20 миллионнан артықпыз деп мақтанады.

Ғасырлар бойы соғыс-сойқан, ашаршылық, жоңғарлар, патшалар, Сталин, Голощекин, Хрущев...

Қытай көптiгiнен бала тууды шектейдi. Бiз неменеге жетiсiп шектеймiз?! Бiздiң ханымдар бiр-екi баламен қақайып қалады. Үкiмет көп баланы лайықтап қолдамайды. Тiптi халқы көп деген Ресейдiң өзi көп балалыларды қошеметтеп, көмектесiп жатыр.

«Аз халықтың маңдайында бақ тұрмайды» деушi едi. Алла өзi жар болсын!

Бiр кем дүние.

Арша бесік

Ұлы Мұхтар Әуезов: «Бесігіңді түзе!» — деді.

Ел болу үшін, ұлт болу үшін, ұлы болу үшін ә дегенде бесігіңді түзе.

Әуелгі тәрбиенің анасы — бесік, әрі-беріден кейін, бесік ананың құрсағынан басталады. Америкалық атақты биші Айседора Дункан:

— Мен билеуді анамның құрсағында жатқанда үйрендім, – дейді екен.

Өйткені анасы шампан ішуге құмар екен. Шампанның уыты құрсақта жатқан сәбиге де әсер еткен ғой.

Мұхаң айтқан «бесігіңді түзе» деген сөзде терең мағына бар. Соның бірі – бесік ағашының таза, сапалы болуы. Ал сапалы бесік – арша ағашынан жасалған бесік.

Арша аса қасиетті ағаш. Қасиетті болатыны – оған анау -мынау ауру-сырқау жоламайды. Түрлі микробтарды, құбыжықтарды өлтіретін күші бар. Арша бесікке қызамық, қара шешек сияқты бәлелі аурулар дарымайды.

Мен туған 1932 жылы сәбилер қара шешектен қынадай қырылды. Бұған алдымен Сталин мен Голощекиннің қолдан жасаған геноциді, ашаршылығы, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сұрқия саясаты себеп болды.

Алланың құдіреті екен, жарық дүниеде тататын дәм-тұзым бар екен, сол қырғыннан мен аман қалыппын.

Кім біледі, мені ажалдан арашалап қалған арша бесік шығар.

Бірақ арша бесік жұрттың бәрінде болмаған да шығар.

Шамаң жетсе, арша бесік тап. Аршаны көп өсір. Тұқымын құрта берме. Арша бесікке құт құйылады.

Шіркін, сол арша бесікке бөленетін нәресте көп болса ғой.

Әй, бірақ аз ғой.

Бір кем дүние. Зор кем...

Жаңғақтың қабығы қатты...

Жаңғақ ағашын әдетте қарт кісілер тігеді. Жастар отырғызбайды. Ырым солай.

Жаңғақ ағашын отырғызып жатқан қарт кісіден біреу:

— Оу, оны несіне отырғызасыз? Енді елу жылдан кейін жеміс береді екен. Оны бәрібір сіз жемейсіз ғой, — депті.

Қария кісінің жауабы:

— Бұдан жүз жыл бұрын өткендер тігіп кеткен жаңғақтың жемісін жеп жүрмін ғой. Енді елу жылдан кейін немере, шөберелеріме керек емес пе?! — деген екен.

Ал енді жаңғақтың қабығы қатты, дәнегі тәтті ғой.

Кейбіреулер немере, шөберелері тұрмақ, жалғыз-жарым баладан басқа ұрпақ көрмейді. Онда болашақ бар ма? Оның өз қамын ойлаған өгізден несі артық?

Бір кем дүние.

Бәрі Бельгерше білсе...

Бір тойда мен былай деп сөйледім:

— «Егер Қазақстанды мекендейтін көп ұлттың әрбір азаматы Қазақстанды, қазақты, оның тілін, салт-дәстүрін, мінез-құлқын, жер-суын Бельгерше түсініп, Бельгерше біліп, Бельгерше сыйлап, құрметтесе, онда бұл елде Құдай сүйгендер ғана тұрып, жұмақ орнар еді...».

Өкінішті-ақ, Бельгерлер некен-саяқ. Есіктен кіріп, төр менікі дейтіндер көп. Сол жаман және бұған көнбіс, құлақ кесті құлдар қазақта көп. Сол жаман. Бұл бәрінен де жаман.

Бір кем дүние.

Қорқыттың қобызы

Қорқыттың қобызы сарнап тұрғанда ажал оған жолаған жоқ. Аулақ жүрді.

Қорқыт әлдеқалай қалғып кетіп, қобызы тартылмай қалып еді, жылан шағып өлтірді.

Демек, өнер, әдебиет — рухани дүние тоқтаса, асағаны ақ май болса да, қоғам өледі.

Осыны әсіресе қазіргі атқамінерлер ескере бермейді.

Қоғамның ең кедей тобы жазушылар, журналистер, суретшілер, композиторлар, әртістер, яғни мемлекеттік бюджеттен аластатылып тасталғандар.

Әсіресе нағыз таланттарға қиянат. Дарынсыз арамшөптерге бұл тәсіл керек те шығар.

Бірақ құммен бірге алтын түйіршіктерін де лақтырып тастау — имансыздың ісі.

Бір кем дүние.

Пифагор біліп айтқан

«Жақсы заңың болғанша, жақсы әдет-ғұрпың болсын».

Пифагор біліп айтады. Заң әділ болса жақсы. Бірақ көбінесе сол заң арбаның оқтығы сияқты. Қалай бұрсаң, солай кетеді.

Ал атадан қалған әдет-ғұрып бұзылмас. Тәуке ханың тұсында туған «Жеті жарғы» сондай. Жетеу-ақ.

Ал біздің Парламент шығарып жатқан заңдардың санына жете алмайсың. Саны бар да, салмағы жоқ.

Қандай сандар шығарып жатқанын депутаттар өздері ұмытып қалады.

Парламент өзі шығарған заңның орындалуын қадағаламайды. Сондай да бола ма екен?!

Бір кем дүние.

Сәуле әкесін іздейді

Сталиннің тізімі бойынша Тұрар Рысқұлов тұтқындалып, қол-аяғына кісен салынып, Кисловодскіде демалып жатқан жерінен Мәскеуге, Лубянка түрмесіне жеткізілді.

Жендеттер бір сәт ұйқы бермей, ұдайы ұрып-соғып, қабырғасын сындырып, әп-әдемі бұйра шашын жұлып, тозақтан жаман азаптап, ақыры атып тастап, Мәскеу түбііндегі Бутово деген деревняға апарып, көміп еді ғой.

Арада алпыс жыл өткеннен соң үлкен қызы Сәуле Бутовоға барып, әкесінің моласын іздеп-іздеп таппай қайтты. Туған жерінен бір уыс топырақты орамалға түйіп алып барып еді, қай төмпешікке төгерін білмей, бүкіл зиратқа құлаштап тұрып шашып кеп жіберді.

Сәуле әкесін Бутоводан бекер іздейді. Тұрар Рысқұлов сол 1938 жылдың 10 ақпанында-ақ ғарыштағы Шолпан-Кебіс жұлдызын мекендеп алып еді ғой.

Бірақ таң алдында туып-бататын Шолпан-Кебіс жұлдызына жету қайда? Мүмкін, таң маһшарда болмаса...

Бір кем дүние.

Мұса пайғамбардың амалы

Бір заманда еврей халқы Мысыр перғауындарының құлдығында болғаны тарихтан белгілі. Оларды сол құлдықтан құтқарған Мұса (Моисей) пайғамбар ғой.

Перғауынның тұтқынынан қашып шыққан еврей елін Мұса пайғамбар 40 жыл бойы шөл дала – құмның ішімен ары-бері алып жүре беріпті.

Мақсат: құлдықтың қамытын кигендердің тұқымы таусылып болсын деген ғой. Құлдық психологиясынан азат, жаңа тәуелсіз ұрпақ өссе, соны Иерусалимге алып бармақ. Ол сол мақсатына жетті де. Жаңа ұрпақтың тұяғын Палестина топырағына тигізсе – арманына жетеді.

Ал 300 жыл бойы Ресей бодандығында болған қазақтардың ескі көзі әлі де сол баяғы құлдық психологиядан арыла алмаған, жасқаншақ. Құлаққа ұрған танадай шыр айнала береді.

Тарих жаңа буыннан, жалтақтамай, жасқаншақ болмай өсіп келе жатқан ұрпақтан үміткер.

Бірақ ескіні естен шығартатын Мұса пайғамбар қайда? Жоқ қой...

Бір кем дүние.

Гегель

Осы жұрт философ Гегельді біле ме екен?

Оқығандар ғой, білетін шығар. Білсе, сол кісі айтыпты: «Өз ана тілін менсінбейтіндер — өз ұлтын үш рет өлтіргендер», — деп.

Орысшасы: «Трижды убивает свою нацию тот, кто игнорирует родной язык».

Ол философ Гегель қазір тірі болса, біздің Қазақстанның, өз отанында айдың-күннің аманында өмір сүріп жатқан қазақтардың , әсіресе қала қазақтарының, оның ішінде билік басында отырғандардың хал-жағдайын білсе, әлгі айтқаны – айтқан ба!.. Не деп айтарын, не нәрсеге теңерін де білмей қалар еді-ау.

Қайран Гегель! Сенің шәкіртіңбіз деп жүрген философсымақтардың өзі дәл қазір де ана тілін сен сияқты қорғай алмай, көкезу болып жүр-ау.

Бір кем дүние.

Төсектегі намаз

Шариғат бойынша денсаулығы жарамсыз мұсылман намаз парызынан азат.

Ал баяғының болысы, бүгінгінің төсек тартқан кеселдісі Мақұлбек бес мезгіл намазын үзбейді. Оны мен өз көзіммен көрдім.

Ертеректе, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары еді-ау. Мен қазыналы Қаратаудың Жаңатас деген қаласына қайта-қайта барып, кеншілер арасында болып, жаңа кітап жазып жүрген кезім.

Қаратау қаласы мен Жаңатас қаласының арасы жүз шақырымдай жер. Жолдың орта кезеңінде Көктал деген жер бар. Асфальт жолдан жоғарырақ Сүңгі дейтін шағын өзенді бөгеп, су қоймасын салған. Әне, сол су қоймасының қарауылы болады. Үйі қойманың қасында.

Баяғы болыс Мақұлбек сол қойманың қарауылы. Қазір төсектен тұра алмайтын кеселге ұшыраған. Бірақ арқасын қос жастыққа сүйеп қойып, намаз оқиды. Жаратқан Құдіреттен не тілейтіні өзіне ғана аян.

Ұзын жолдың үстінде ары өткенде, бері өткенде Мақаңа жолығып, сәлем беруді ұмытпаймын.

Мақұлбектің қара аты

Мақаңның атағын болыстықтан гөрі Қара ат көбірек шығарса керек. Қара аттың даңқы алысқа-алысқа кеткен. Ерен жүйрік, алдына қара салмаған, жүздеген шақырым жерден жеке-дара жететін алмауыт тұлпар атанған ғой.

Адамзат баласында қызғаныш деген «қызыл ит» бар. Ол сонау Адам Ата мен Хауа Ана заманынан бері қарай өмір сүріп келе жатса керек.

Адам Ата мен Хауа Анадан Қабыл мен Абыл деген екі ұл туады. Олар ер жетеді. Қабыл егіншілікпен, бау-бақша өсірумен айналысады. Абыл мал асырайды.

Бір күні Жаратқан Құдірет осы екі немересінің ер жеткенін көріп, еңбектерінің жемісінен дәм татпақшы болыпты дейді.

Қабыл жеміс-жидегін алып барады. Абыл бағлан қозы жетектеп барады. Құдіретті Баба қозының етін сүйсініп жепті дейді. Қабылдың жеміс-жидегіне аса назар сала қоймапты.

Абылды арқасынан қағып мақтапты. Қабыл ондай ықыластан құр қалса керек.

Қабыл мен Абыл қайтып келе жатқан жолда қызғаныштан жарылып кете жаздаған Қабыл Абылды таспен ұрып өлтірген ғой.

Әне, содан бері Адамзат арасында қызғаныш деген қызыл ит пайда болған.

Мақұлбектің Қара атының даңқы алысқа кеткенін естіген сайын, азуы алты қарыс айбарлы Керімбай болыс сол жүйрікті қолға қалай түсірудің амалын ойлайды. Ақыры, Қара ат құлын күнінде Керімбай болыс ауылынан әлдеқалай Мақұлбектің қолында кеткен екен деген лақап тарайды.

Керімбай болыс қол жинап барып, Мақұлбек болыстың қол-аяғын байлатып тастап, Қара атты тартып әкетіпті.

Бірақ Құдайдың құдіреті, Қара ат әлдекім арбап қойғандай, шабыстан қалып қояды.

Қара атқа бола жауласқан аталас екі болыс екеуі де бұл жалған дүниеден өтіп кетті. Екеуіне де опа бермеген Қара аттың да сүйегі қурап қалды.

Тірілерге олар туралы әлгіндей әңгіме ғана қалды.

Баянсыз бір кем дүние.

Байзақ датқа мен Өгізбай датқа

Тәңіртау мен Қаратаудың арасында жатқан елді ол кезде Қоқан деген билейді екен. Қоқан хандығының қол астындағы жергілікті басшыларды датқа дейді екен.

Қазақияның Ресей билеген жағындағы жергілікті басшыларды аға сұлтан дейді екен.

Біздің Мыңбұлақтың датқасы Байзақ деген кісі болады.

Ал Қаратау жағының датқасы Өгізбай деген екен. Екеуі бақталас па, қалай...

Байзақ Қоқан хандығының шексіз зорлығы мен қорлығына шыдай алмай, қарсылық көрсете берсе керек. Қоқан басында шашы жоқ таздарға дейін салық салады екен.

Ойма тазға — он теңге.

Қырма тазға — қырық теңге...

Мал салығы, дүние-мүлік салығы, қыл аяғы «қыз салығы» деген шығыпты. Кәмелетке толар-толмас қыздарды Қоқан шабармандары зорлап алып кете беріпті.

Әне, сонда Қоқанның ханы өзінің Шымкенттегі орынбасарына пәрмен береді:

— Байзақты жазала! — деп.

Шымкенттегі орынбасар Байзақты өзі емес, Қаратау датқасы Өгізбай арқылы шақыртады. Өгізбай Байзаққа:

— Құрылтайға бірге барайық, деп амалын тауыпты.

Байзақ сеніп қалып, Шымкентке барғанда, қоқандық жендеттер оны ұстап алып, зеңбіректің ұңғысына таңып қойып, атып жібереді.

Күл-талқан болған денеден жалғыз шынашақ саусағы ғана табылыпты. Сол саусақ Әулие — Ата күмбезінің жанына көмілген.

Өгізбай датқаны Қоқан ханы шекпен кигізіп, марапаттаса керек. Қу дүние деген сол. Күндестік, қызғаныш деген қызыл ит тіршілікте не істетпейді.

Ұрпақтар Байзақты ұмытпайды. Қазір оның атында аудан бар.

Ал Өгізбайды ешкім білмейді.

Бір кем дүние.

Қисайғанды түзету

Хрущевтің дәурені еді. Қазақстанды қақ бөліп, солтүстігін «Целинный край» деп атады. Крайком Соколов деген. Крайкомға қарайтын Көкшетау облысын Қасым Тәукенов деген азамат басқарады.

Бір күні Қасым аэропортқа келе жатып, жол бойында қисайыңқырап тұрған бағанды көреді. Қараса, «Кокчетав» деген жазуы бар.

Қасекем шоферге:

— Тоқта! — дейді дағы, машинадан түсіп барып, әлгі бағанды ырғап -ырғап суырып алып, лақтырып тастайды.

Бұл әрекет үлкен бастықтарға жетеді. Қасым Тәукенов қызметінен босатылады.

Оның бюрода айтқан түсіндірмесі бойынша: «Кокчетав» емес, «Көкшетау» болып жазылуы керек екен.

Қазір, Құдайға шүкір, солай жазылады. Бірақ орысша болып, өзгертіліп кеткен жер-су аттары бұрынғы «Целинный крайда» әлі тұнып тұр-ау, тұнып тұр.

Бір кем дүние.

Түзететін Тәукеновтер жалғыз -жарым. Көпшілігі қорқады. Құлдық психология...

Бір кем дүние.

Отарлау озбырлығы

Басқыншылардың қорқау тәсілі — басып алған жер-судың ежелгі атын лезде өзгертіп, ел-жұрттың есінен шығарып жіберу.

Сондай мысалдың бірі — Медео.

Алматыны Верный дегенін әрең өзгерткенде, Медеу шатқалын көпке дейін түзете алмай -ақ қойдық.

Марқұм Тельман Жанұзақов «Правда» газетінің меншікті тілшісі бола салысымен ең үлкен газеттің бетінде осы оспадарсыздықты әшкереледі. Сөйтіп, Медеу қалпына келтірілді. Бұл ретте Тельман Қасым бауырының батылдығын қайталады.

Енді қазір Астанадан аттап шықсаң, айнала -төңіректе колонизатордан қалған атаулар әлі қаптап тұр.

Соның біреуі Сталин заманында АЛЖИР атанған, «Халық жауларының» әйелдері отырған мекен — аудан орталығы Малиновка. «Не жизнь, а малина» деп тұтқындар кекетіп қойған атау.

Бір кем дүние.

Шошқа тікен

Жылт еткен жақсылық хабар бар ма? Үлкен қаланың түнгі аспанындағы сирек жұлдыздардай жыламсырап әрең-әрең көрінеді.

Сонда бұл дүние, өзің бес-ақ күн қонақ болсаң, несі қызық?

Қызық ету, сірә, аса дарынды сирек адамдардың ғана қолынан келетін болар.

Мысалы, мына Нұрғиса сияқты жарқылдап өтсең дүниеден.

Бірақ ол қиыншылық көрмеп пе? Тағдыр қиыншылығының көкесін көрген шығар. Оған мойымаған, қайғыны да, мұңды да көріп-біліп жүріп бүгілмеген адамнан анандай сұрапыл да сұлу күйлер, әдемі әуендер төгілер.

Олар – Құдай сүйген құлдар.

Таланттар раушан гүлі сияқты жан-жағына жұпар шашады, көңіл ашады. Тікені, азабы өзіне.

Талантсыз топастар тікен сияқты. Гүлдемейді. Сүйкімсіз. Азабы өзгеге. Жамандық солардан.

Мұндайлар біздің әдебиетте бар ғой.

Бір кем дүние.

Жүген алып жүгірген бала

Ұлы Абайдың 150 жылдық тойы еді. Тойдың ең бір сүбелі тұсы ат жарыс қой. Республиканың түкпір-түкпірінен небір сәйгүліктер жиналған.

Бәйге басталды. Жарыс жолының ең арғы шетінде будка сияқты бірдеңе қараяды...

Әне, әне! Соңғы айналым. Қарагер тұлпар қара нөпірден оқ бойы озып шығып, алда келеді, жануар. Кенет тіп-тік шаншылған құйрығы сылқ етіп салбырап, дәл қалың халық отырған тұсқа жете бере Қарагер омақаса жығылды. Үстіндегі бала оның басынан аса ұшып түсіп, тез түрегелді де, аттың басындағы жүгенді сыпыра бастап еді, ауыздығы шықпай, әлгі бала тізгінді жұлқып-жұлқып әрең шығарды да, мәреге қарай тұра жүгірді. Бұл кезде оның тұсынан қылаң боз зу етіп өте шықты. Оның соңынан бала да мәреге жете бере жығылды-ау... Өзі сәл-пәл жетпеген мәреге жүгенді лақтырды. Жүген дәл мәре сызығының үстіне барып түсті. Бұл кезде қылаң боз да сызықты кесіп өтіп еді.

Артынша дүрмек қаптап кетті де, бала көрінбей қалды.

Жарыстың аяғы дауға, тіпті жанжалға айнала жаздады.

Озып келген қылаң боздың иесі мен оның жақтастары мәре сызығына лақтырылған жүгенді есепке алмау керек деп кергіді.

Зорығып құлаған Қарагердің жанашырлары мәреге жүйріктің орнына жүген барғанын ата-баба салты деген уәж айтып қасарысты.

Сөйткенше, бәйге жарыстың бас бақылаушысы микрофон арқылы, қылаң боз жарысқа сонау будканың тасасынан соңғы айналымда қосылғанын айтып, не керек, бірінші бәйге жүген лақтырған балаға берілсін деп жариялады.

Бұл кезде ерен жүйрік Қарагердің өлі денесі жол үстінде әлі теңкиіп жатыр еді.

Бір кем дүние.

Үрей әфсанасы

Еуропалықтар Авиценна деп кеткен атақты Әбу Әли Сина айтқан мына бір әңгіме:

Егіз қозы. Екеуі емген емшек, жеген жем, ішкен су бірдей. Бірақ біреуі қасқырдың қарсы алдында байлаулы. Екіншісі — аулақта, қорада.

Енді бір қараса: қасқырдың алдындағы құр сүлдесі қалған. Қорадағы сеп-семіз.

Бірінші қозының күнін Құдай басқа бермесін.

Кейде ойлайсың, бірінші қозының хәлі менің басымда емес пе деп.

Кейде мен өзімді айдаһардың алдында отырған көжек сияқты сезінемін. Айдаһар талай-талай күштілерді жұтып жіберіп еді-ау.

Ақын мен ақбөкен

Екеуі де қорғансыз.

Екеуі де тағдырлас.

Ақынның аты — Бауыржан. Бірақ атақты батыр емес, ақын еді. Ол да Жуалыдан. Бетбақтағы ақбөкен қырғыны. Ол соны өлеңмен жазды. Ақбөкенді әуелі төртаяқты қасқырлар қырды. Оларда нысап бар екен — бес құралайды құлатып, сонымен тынды.

Ал енді жерде — машина, көкте тікұшақ мінген қасқырлар ақбөкен табынын қынадай қырып салды.

Үрейден Бетбақ дала жұлды шашын,

Жел тұрды солқылдаған құмды шашып.

Жаралы жалғыз қалған текті теке,

Құламай, арт жағына бұрды басын.

Өр сезім мүмкін оны ырыққа алды,

Құламай қалт-құлт етіп тұрып қалды.

Адамдар қуып жеткен, оқ шығармай,

Мылтықтың дүміменен ұрып қалды.

Пенделер, көздеріңді құйын басқыр,

Тоймасаң, тағы қырғын ұйымдастыр.

Бес бірдей құралайды қанағат қып,

Қап қойған сері екен ғой үйір қасқыр.

Болмадың қасқыр ғұрлы өр тоятты,

Басыңа ойнатар ма еді сол таяқты?!

Бұл сөзді теке бірақ айта алмады,

Серпіді, құлап түсіп, төрт аяқты.

Қырғынға куә болып құм жылады,

Аспанда Ай да жылап, қынжылады.

Қасқыр да ішін тартты бұл сұмдыққа,

Пана етіп ұйықтап жатқан бір жыраны...

Бауыржан Үсенов Бетпақдала қырғынын осылай жазды.

Ажалдың оғы оған да тиіп, өмірден жарқ етіп, лезде өтіп кетті. Ал өлеңдерінің өмірі, сірә, ұзақ болар.

Ал аңды, табиғатты қорғау қоғамы ақынның осы өлеңін өз мекемесінің маңдайшасына жалаулата іліп қойса ғой... Бірақ сол қоғамның өзі алдымен атып жүрмесін құралайды...

Ана жылдары Сарыағашқа барып жүргенде, сондағы залдан қабырғаға ірі жазумен ілулі тұрған «Хош, Сарыағаш, нәрлі су» деген Тұманбай ақын өлеңін көріп едім. Естен шықпайды.

Ал табиғат, аңдарды қорғау мекемелері Бауыржан Үсенов өлеңдерін білсе ғой, шіркін.

Бір кем дүние.

Таскекіре

Баяғы-баяғы, соғыс жылдары, бала күнімде (егер бала күн деуге келер болса) таскекіремен талай шайқасқанбыз.

Мектеп балаларын сабақты қойғызып, арпа-бидайдың арам шөбін отауға айдап шығушы еді ғой. Сондағы таскекіре ғой. Тасмия сияқты бұл да жау...

Сол таскекіремен мына Мархабат Байғұттың әңгімесінде тағы кездесейін. Арада алпыс жыл өткеннен кейін.

Мархабаттың таскекіресі — символ. Меңзеу.

Басқалардың әйел сүюі — ләззат. Ал Мархабаттың геройы Қалыпбек сегізінші класты бітіре салысымен — қойшының көмекшісі. Өмірі қой бағумен өткен. Жұрт сияқты ойнап-күліп, жастық шақтың қызығын көре алмай, томаға тұйық күн кешкен жан.

Оған үлгі көрсетіп, «көзін ашқан» колхоз бастық. Оның әні: «Ләді-лүккі-Ләйлім». Төрт баласын, әп-әдемі әйелін тастап, қаланың бойдақ қатынына үйленген «Ләді-лүккі-Ләйлім».

Ал содан көргенін істемек болған қойшы Қалыпбектің «жегені» таскекіре – ащы, улы, кермек кекіре.

Бір кем дүние.

«Сталинге хат» Москвада

«Сталинге хат» пьесасын жарыққа шығарып, бағын ашқан режиссер Райымбек Сейтметов еді. Алматыда, спектакль Жастар театрында үзбей ұзақ уақыт жүрді.

1987 жылы Жастар театры осы спектакльді Москваның театрлар білімін жетілдіру институтына апарып қойғанда, сондағы ұстаз Михаил Новожихиннан бастап, барлық артистер, көрермендер – бәрі жылағаны-ай.

Жастар театрынан Райымбек қалай кетті, сол-ақ екен басқа «данышпандар» сол спектакльді репертуардан алып тастады.

Райымбек Түркістанға барып, жаңа театр ашып, «Домалақ Ананы» қойды.

Есіл азамат жалған дүниеден ерте кетіп қалды.

Оның рухын Домалақ ананың, Тұрардың әруақтары қолдай жүрсін, Алла о дүниесін жұмақтан берсін.

Тарлан Тахауи

Алматыда, «Горный гигантта» жазушыларға арналып шығармашылық үй салынды. Сонда жатып Ғабит Мүсірепов «Ұлпанды», «Жат қолындағыны» жазды.

Тахауи Ахтанов «Шырағың сөнбесінді» жазды.

Мен «Қызыл жебенің» соңғы кітабын бітіріп едім.

Алмай-бермей, Тахаң мені іш тартты. Інісіндей сырласты. Мен оның 60 жылдық мерейтойына арнап «Айға шағылған найза» деген эссе жаздым.

Әңгіме құмар кісі еді, жарықтық. «Ант» атты атақты пьесасын жазғанда тарихты қалай қопарғанын айтады.

Жалаң тарих көркем пьеса болмайды ғой. Тарихқа жан бітіру керек. Әбілқайырдың Әбілқайыр екеніне, Фатиманың Фатима екеніне көрермен шыннан сенуі керек.

Ал бұл шаруа тек хас таланттың қолынан келеді.

— Әбілқайыр — трагическое лицо, — дейді Тахаң. — Ақылды. Нағыз қолбасшы. Бірақ заманы — трагедия. Тағдыр оны орыс қатын патшаға тәуелдер еді.

— Ал Әбілқайыр ханның баласы Нұралы, міне, бұл дундук, — дейді Тахаң. — Дундуктің қайдан шыққанын білесің бе?

— Жоқ, — деймін мен. — Әйтеуір, орыстар дундук деп жатады ғой.

— Ол қызық, — дейді Тахаң қыза түсіп. Қасы кейде керіліп, кейде екі қастың арасы жиырылып кетеді. — Ол былай. Анау Еділдің ар жағында қалмақ бар ғой. Сол қалмақтың Аюке деген ханы болған. Кәдімгі қиссалардағы Аюке ше?

— Иә.

— О, Аюке коварный. Біресе орыстармен дос болады. Біресе башқұрттарға жақындасады. Енді бірде башқұрттарды орыстармен бірге шабады. Қырым хандығымен де дос болады. Тіпті Осман-түрік сұлтандарымен де септеседі.

Сол Аюке өлгеннен кейін, оның ұрпақтарының бірі Дундук таққа отырып, Еділ қалмақтарын Түркияның қоластына қаратпақ болады.

Ондайды орыстар оңдыра ма? Содан кейін орыстар есалаң шатыстардың бәрін «Дундук» деп атап кеткен.

Тахаң сигарет тұтатады. Оймақтай рюмкелерді қағыстырып, аздап-аздап коньяк ұрттап қоямыз.

— Нұралы хан, оның туысы Айшуақ сұлтан орыстардың шен-шекпеніне,

сыйлықтарына мәз болып, естектерге көп обал жасады.

— Естек кім?

— Біздің жақта башқұрттарды естек дейді. Башқұрттарда Қарасақал,

Батырша деген көсемдер болған. Орыс патшасына қарсы көтеріліс көсемдері.

— Салауат, — деп қаламын мен де бірдеңе білген болып.

— Ол кейін, — дейді Тахаң сөзді бөлме дегендей тыжырынып. — Патша

аясын ба, естектерді қырып жіберді. Естектер бас сауғалап қазақ даласына қашпай ма? Орыстардың айдап салуымен Нұралы, Айшуақ босқын башқұртарды әбден азаптады.

Әңгіме «Анттың» қалай жазылуымен басталып, аяғы Аюке, Айшуақтарға жалғасып кеткенін байқамай қаламыз...

Бір кем дүние.

Бауыржан мен Тахауи

Бәукең айтты:

— Осы күні «менің бабам батыр болған. Менің бабам пәлен болған, түген болған» дейтін дуайпаттар көбейді. Жарайды, болса, болған шығар. Ал сол ұлының ұрпағы бабасының тырнағына тати ма? Енді оның келер ұрпағы онымен мақтана ала ма? Соны неге ойламайды?! — деп қаһарланады.

... Ал ұрпақтары ұялмай Тахауимен мақтануына болады.

Баукеңе жағымпаздар, екіжүзділер, мақтаншақтар ұнай бермейді. Ал Тахауи десе:

— О, ол Көтібар көкемнің тұқымы ғой. Ұқсайды бабасына, – деп қоятын.

Шынында да, аты қиын бабамыздың батырлығы, адалдығы, аңғалдығы, турашылдығы Тахаңның тұла бойында тұнып тұрғандай еді.

Бауыржан Момышұлы дүниеден қайтқанда, Тахауи қабір басында, жандүниесін ақтара, хас шешендігі еселей ашылып:

— Бауыржан мына ноқталы дүниеде ноқтаға басы симай кеткен адам, – деді ғой.

Тахаң өзі де сондай еді-ау.

Қайтыс болардан біраз бұрын көңілін сұрап, үйіне бардым.

— Мына жүрекке жәрдем беретін стимулятор Германияда бар екен. Жете алмаймын. Қаржы керек. Терещенкоға хат жазып едім, жауап жоқ, – деді.

Дәл сол тұста үкімет Қазақстан қазынасын талапайға салып жатқан шақ еді.

Қазақ әдебиетінің бәйтерегі құлайын деп тұрғанда соған тіреу болуға жарамаған үкімет кімге опа береді. Келді – кетті.

Тура келген ажалға амал жоқ. Ал көпе-көрнеу сол ажалды тежей тұруға болатын сәтте қол ұшын бермеу – тасқұдайлық!

Тірі болса, биыл сексен беске толар еді.

Бетеге кетіп, бел қалар,

Бектер кетіп, ел қалар.

Ел аман болса, Тахауи естен кетпес.

Ақындардың пырағы

Әуелі пырақ туралы. Пырақ — Мұхаммед пайғамбардың ғарышқа ұшқанда мінген аты.

Ғафу ағамыз ақындардың ішіндегі нағыз пырағы еді.

7 ноябрь. Мереке. Қарашаның қара суығы. Демонстрация. Опера және балет театрының іргесіндегі трибунаның алдынан өтуге тиіспіз.

Ұзыннан-ұзақ жалаулатқан, көсемдердің портреттерін көтерген тізбек. Жазушылар, баспагерлер, редакция қызметкерлері – Дзержинский мен Калинин көшелерінің қиылысында тұрмыз.

Күн суық. Арақ алып, жылынайық десек, магазиндер жабық. Осындай бір «қиын» сәтте «Простор» журналының бас редакторы Иван Шухов бір жуан теректің тасасында теріс қарап тұра қалып, шалбарының артқы қалтасынан әп-әдемі күміс флягін суырып алып, тығынын бұрап ашып, ішіндегіден қылқ-қылқ еткізіп, жұтып-жұтып алып, қайтадан қалтасына салып қойды. Дөңес көзілдірігін көтеріп, аузын сипап, жөткірініп алды. Сонда ап-аласа бойы ұзарып кеткендей көрінді. Соның бәрін байқап тұрған ақын Ғафу Қайырбек табан астында:

Иван Шухов дегенің мына кісі,

Көтенінде салпаңдайды флягісі.

Иван ішіп, сен ішпей тұрған кезде,

Кісінің келеді екен жылағысы, -

деп саңқ ете қалды. Бүрсеңдеп тұрғандар жарқырап, қыран күлкіге батты.

Иван Шухов түкке түсінбей:

— Чо-чо? — дей береді.

Оған біреу Ғафудың өлеңін аударып, түсіндірген болып жатыр. Бірақ өлеңнің соңғы жолындағы «кісінің» дегенді «қазақтың» деп өзгертіп жіберді. Жалғыз сөзден мән-мағына мүлде басқа сипат алып, сайқал саясатқа бұрылып кетті.

Қайран Ғафекем, ерен жүйрік еді ғой. Ертерек кетіп қалды.

Бір кем дүние.

Тасмаңдай балықтар

Тараз шаһарында жүр едім. Жігіттер:

— Балық аулап қайтайық, — деді.

— Билікөлден бе?

— Жоқ, Сеңгірбайдан, — дейді.

Қаладан онша алыс емес (шамада, Әкім Тарази туған ауыл тұсы).

Балықшы Мамырдың айтуы бойынша, жорыққа тас қараңғы, айсыз түнде шығуымыз керек екен. Желсіз түн болса, тегі,жақсы.

Тәуекел деп қайыққа міндік.

Мамырдың маңдайында — фонарь шам. Тереңге жеткенде маңдай шамды жарқ еткізіп жағып жіберді.

Сол-сол екен, судың астынан дәу-дәу балықтар шоршып, шапшып, секіргені-ай. Мамыр найза-таяқпен шаншып-шаншып, қайықтың ішіне тастап жатыр. Есірген балықтардың кейбіреуі қайықтың ішіне өздері құлап түсіп жатыр.

— Бұл қай балық? — деймін.

— Тасмаңдай. Твердолобик, яки Толстолобик.

— Сазаны жоқ па?

— Сазан жарық түсіргенде тереңге кетеді.

— Балықтар да адамдар сияқты екен ғой. Ақылдысы бар, ақымағы бар.

Ақымағы көбірек пе, немене?..

Бір кем дүние.

Ұлттық рух

«Жаһандану! Жаһандану!» деп жалаулатқан ұран сияқты үндер үдей түскен заман.

Жалаулатқан жаһанданудың ар жағында не бар?

Үңіліп қарайын десем, бойым жетпейді. Ойым да жетпейді.

Мен білсем, бұл Жаратқан Құдіреттің әміріне кәпірстан-қарсылық.

Жаратқан Құдірет Табиғатты сан алуан етіп жаратты. Гүлдерге қараңызшы: сан алуан қызыл, жасыл сары, көк... Шұғыла-кемпірқосаққа қараңызшы: бояулардың сан түрі бар. Жан-жануар, аң құстар ше... Әрқайсысының өз үні, өз тілі бар.

Бәрін бір келкі, бір бір қалыптан шығарамын десе, Құдайдың Құдіреті жетпей қалған жоқ шығар.

Адамдар да сондай. Әр ұлттың өз тілі бар.

Ал енді Жаһандану деген «жаңа Құдайды» қолдан жасап алып, адамдар бір-ақ тілде сөйлемекші ме?

Күні кеше ғана болған сондай бір сорақы талап шығып, Советтер Одағы деген елде барлық ұлттарды бір-ақ тілде, орыс тілінде сөйлетпекші болған.

Құдай сақтап, ол Одақ тарады да, әр ұлт өз тілінде сөйлеуге еркіндік алды-ау.

Бірақ қатерлі кесел атпен келіп, жаяу қайтатын көрінеді. Орысша болып кеткен тіл әсіресе кеңселерде, үкіметте, парламентте, министрлікте әлі сіресіп тұр.

Арктиканың мұзы сияқты десе де, Мұзды мұхит та еритін көрінеді.

«Ана тілі» атты газет таяудағы бір нөмірінде елден сүйінші сұрап: «Алқа мәжілісі қазақша өтті» — деп айқайлайды. Бірақ артынша «Алайда мемлекеттік тіл биліктің күнделікті ең маңызды міндетіне айналмай отыр», — деп сыбырлады. Бұған да шүкір.

Сірә, қатерлі ауру батпандап кіріп, мысқалдап, грамдап шығатын шығар.

Бір кем дүние.

Елдібай Либай Ли Бо

«Егеменнің» кешегі, 5 ақпанда шыққан санында «Қытайды қайран қалдырған қандасымыз Елдібай ақын туралы не білеміз?» деген тақырыппен Мұхтархан Оразбайдың үлкен мақаласы жарияланды.

Материалды оқып шыққаннан кейін, бір кезде көне қытай поэзиясын оқығаным есіме түсті. Сол жинақтың ішінде Елдібай — Либай ақын өлеңдері бар сияқты еді-ау деген мазалай берді. Ақыры, 1956 жылы Москвада басылып шыққан әлгі жинақты жат та кеп іздейін.

Таптым. Бірақ онда Елдібай — Либай жоқ, Ли Бо бар екен. Туған жылы 701 деп тұр. Бұл мақалада айтылған жылмен дәл келеді. Дүниеден өткен кезі де Мұхтархан туындысында көрсетілген датамен бірдей — 762 жыл. Ал Елдібай — Либайдың қытай тілінде Ли Бо болып кетуі әбден мүмкін. Өлеңдерінің сипаты газетте жарияланған мақалада келтірген мысалдармен сарындас.

Осы арқылы айтпағым: көне заманда өмір сүріп, қытай классиктерінің қатарында жүрген қандас бабамыздың өлеңдерін өз ұрпақтары қазақша оқыса, Құдай тілекті бергені емес пе?! Білсін әлем қазақ тегінің ұлылары қайда жатқанын.

Өнер ұзақ,

Өмір қысқа.

Azt longo,

Vita vrevis.

Искуство долговечно,

Жизнь коротка.

«Төзім тамаша сипат. Бірақ шексіз ұзақ төзуге өмір тым қысқа ғой» (Мұхтар Әуезов дәптері).

Түгел мен тұтас

Тараздан шығып, Шақпақтан асып, Түркібас орталығына кіре бергенде жол бойында қасиетті жазу тұр:

«Түркі елі, түгел бол!

Түркістан тұтас бол!»

Авторы Тұрар Рысқұлов екен. Сірә, ол кісі Түркістан Республикасының Төрағасы болып тұрған кезінде айтылған ұран шығар.

Сол Түркістан Республикасының құрамына Қазақстанның оңтүстігі, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан кірген еді.

1924 жылы Сталин біртұтас Түркістанды бөліп-бөліп тастады.

Рысқұловтың арманы үзілді. «Бөліп ал да, билей бер!» деген сұрқия саясат белең алды.

Ал бөлінгенді бөрі жейді деуші еді.

Кім біледі.

Бір кем дүние.

Жалғыз ұл...

Жалғыз ұлы бар кісінің

Шығар-шықпас жаны бар.

Екі ұлы бар кісінің

Өкпе, бауыр, жалы бар.

Үш ұлы бар кісінің

Бұхарада малы бар.

Төрт ұлы бар кісінің

Аспанға салған жолы бар.

Кешегі жоқ-жітіктеу, қиын-қыстау кездің өзінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» таққан аналар тізімі газеттерде жиі-жиі жарияланып тұрушы еді. Соңғы он-он бес жылдың көлемінде көрінбей кетті.

Бала туудың алтын бесігі ауылдың өзінде қазір нәресте саны қасқалдақтың қанындай азайды. Бала табу жалғыз-жарымнан аспайтын болды.

Не себеп? Тұрмыс-жағдай бұрынғыдан гөрі біршама тәуірленген сияқты еді. Не көрінді? Әлде өркениеттің «өкірігі» ме, әлде гендерлік саясаттың сипаты ма?

Біз тым-тым азбыз ғой. Аздың маңдайында бақ тұрмайды деуші еді ғой.

Кейбір елдер сияқты бізге жер жетпей жатқан жоқ.

Шыннан болашақты болжай алмайтын, бір күндік қарынды ғана ойлайтын бейқам елміз бе?

Үкімет, Парламент құр кекірік атып отыра бере ме?

Кәрі қыздар мен Сүрбойдақ жігіттер көбейді.

Ойлан, Үкімет!

Шаңырақ болмай, шарана да болмайды.

Бір кем дүние.

Жеті күлше құдайы

Алматыда Масанчи деген көшеде тұрушы едік. Көрші үйдегі Ұлжан есімді қарт апай бүкшиіңкіреген белін қос қолымен тірегендей арқасына салып алады.

Сол кісі бір күні аулаға шығып, айқайлап жүр:

— Құдайы нан! Құдайы нан!

Аулада ойнап жүрген балалар жиналып, қызық көргендей болады. Қарт кісі оларға жалынғандай болып:

— Айналайындар, келіңдер, құдайы нан жеңдер, – деп әрқайсысына күлше ұсынады.

Бар болғыр балалар мұрындарын шүйіріп, нанды алмай, шегіншектеп кетеді.

Қайран тоқшылық-ай десеңші.

— Айналайындар, алыңдар! Әукен ағамыз жазылып кетсін деп жеңдер!

Сөйтсе, кейуананың жалғыз ұлы қатты ауырып жатыр екен. Оны түсінетін балалар қайда? Тоқшылық қой.

Сөйткен қайран Ана байғұсты қар еріп жатқан кезде, көктемнің көк өзегінде, бес қабат үйдің төбесінен құлаған мұз сүңгі дәл басына түсіп, мерт қылды.

Далада жаназасын шығарып жатқанда, әлгі балалар состиысып қарап тұрды.

Енді оларға:

— Айналайындар, алыңдар, құдайы күлше, алыңдар! – деп кім соңдарынан жалынып жүрер екен?

Дүниеден ескінің соңғы көзі өтті-кетті.

Бір кемдүние.

Кәрі құлжа жалғыз жайылады

Мың да тоғыз жүз отыз екінші жылы туғандар...

Сол жылы тумай жатып қырылғандар...

Обалдарың Голощекин — Қу Шеке деген имансызға. Сталиннің Қазақстанға жіберген жендеті.

Голощекиннің шын аты-жөні Шая Ицкович. Голощекин — псевдоним, революционер болғандағы аты. Онысы да оңып тұрған жоқ. Шынында да, Қу Шеке болды. Ашаршылықты қолдан жасай келді.

Ұраны: «Лучше пересолить, чем недосолить!».

Нәтижесінде халық қынадай қырылды.

1932 жылы туғандар өте аз. Соның бірі — мен. Менен басқа, мен білетіндерден әйгілі Әзірбайжан Мәмбетов бар. Ақын Кәкімбек Салықов бар. Жазушы Нұрғожа Оразов бар. Менімен орта мектепті 1950 жылы бірге бітірген Әбдуәлі Данаев бар.

Ірі тұлға Камал Смайылов бар еді. Ол қазір жоқ. Құдай о дүниесін берсін.

Айтпақшы, Шыңғыс хан тұқымынан қалған тұяқ — Шота Уәлиханов бар. Өмір-жасы ұзақ болғай!

Жиын-тойға, көпшілік бас қосқан жерге барғанда бата қылып, дұға оқитын кәрісі мен болып қалыппын.

Бірақ көбінесе жалғыз қаласың. Жұрттың бәрі жұмыла жұмыста. Менің жұмысым — жалғыздың жұмысы. Қаруым — қалам. Өрісім — қағаз.

Енді қанша жарық сәуле бұйырады — бір Жаратушы Құдірет біледі.

Жалғыздың жары — Құдай деген.

Бір кем дүние.

Мектеп қартаймайды

Баяғы Мәмбет батырдың, оның ұлы Байзақ датқаның ұрпағы Нәби мырза ана бір жылы мен депутаттыққа түсіп, сайлаушылармен кездесіп жүргенде, менің сенімді өкілім болды.

Сайлаушылармен келесі бір кездесу кезінде мен оқыған мектеп туралы айта келіп:

— Мектеп қартаймайды! — деді. Өте бір тауып айтылған сөз — қанатты сөз

десе де болады. Мектеп мұхит толқындары сияқты. Жылда жаңа толқын бітіріп шығады. Мектеп бітіргендер қартаяды. Ал жаңа толқындар келе береді.

Мектеп қартаймайды.

Мектеп бітіргендер қартаяды.

Бір кем дүние.

Багира қара қабылан

Астанаға көшетін болып, Алматының вокзалында пойыз күтіп тұрмыз.

Көп күттірмей, көгілдір вагондар тізіліп келіп тұра қалды. №7 вагон. Купесі екі кісілік.

Асығып-үсігіп, Жеңіс бажа мен қайынбикем Ақтамақ жетті. Бажаның қолында қатырма қағаз қорап бар. Торт екен деп қалдым.

Сөйтсем, мысықтың мәулені — жұдырықтай ғана балақай. Қап-қара. Көзі моншақтай жасыл-сары.

— Атын не деп қойдыңдар, — деймін бажама.

— Аты жоқ, — деп күлді Жеңіс бажа. Жақсы ырымға баладым да:

— Мұның аты Багира болады, — дедім

— Сол Багира сегіз жыл жасады. Үш рет балалады.

Багира — ағылшын жазушысы Редьярд Киплингтің «Маугли» деген романындағы қара қабыланның аты.

Көне Египеттегі перғауындар пирамидасындағы суреті салынған мысық.

Хазреті Мұхаммед пайғамбар алдына алып, арқасынан сипаған мысық.

Мұхаммед пайғамбардың шекпенінің етегіне мысығы жатып ұйықтап қалыпты. Хазреті пайғамбар намазға тұрайын десе, мысықты оятуға қимай, шекпенінің етегін қайшымен қиып тастап, түрегеліпті. Аса қадірлегені ғой.

***

Түсімде вокзал басы екен деймін. Жүк пойызы кетіп барады. Соңғы ашық вагонда — Багира! Шақырсам, қарамайды. Жүгірсем, жете алмаймын. Багира неге қарамайды? Өкпелі ме деп ойлаймын.

Бұл түсім еді.

Біраз күн өткенде Багира қатты ауырып өлді.

Ақылды мысық еді. Менің ауру жүрегімді жазбақшы болып кеудеме жатып алушы еді. Алдыңғы екі аяғымен ішіме массаж жасауды оған кім үйретті?! Өзіне туасы біткен қасиет.

Қайдағы бір мысықты жазғаны несі деп қалмаңдар.

Ол — Пайғамбардың сүйіктісі.

Қабылан әулетінің жұрнағы.

Бар еді — жоқ болды.

Бір кем дүние.

Ауылды аңсау

Бір жол бар жақын,

Жақын да болса алыс.

Бір жол бар алыс,

Алыс та болса жақын.

(Халық айтқан)

Тараздан шыққан жолаушы пойызы Борандыға бір сағатта жетіп қалады. Оған жеткенше жолда Тескентаудан өтеді. Тескентаудың түнелінен шыға бере сол жағыңнан Тәңіртау жарқ ете қалады. Түтін сасыған қараңғы түнектен шығып, жаннаттың жарық әлеміне шыға келгендей боласың.

Пойыз да осы пейіш келбетін кие тұтқандай кісінеп-кісінеп алып, жүйтки түседі. Әне-міне дегенше Күркіреусудан өтіп, Сұрым станциясына жетіп, 111-бекетке бет алады.

Енді мен тамборға шығып, тәуекелге бел байлаймын. 111-бекеттің бұрынғы аты — Қазбастау. Ар жағы — тауға қарай біздің ауыл жап-жақын.

Егер Борандыдан түсіп қалсам, ауыл алыс. 111 — жап-жақын. Жексенбі – бір-ақ күн демалыс, ертең кері қайтуым керек.

Пойыз 111-ге тоқтамас. Сондықтан тамбордан секіруге тура келеді. Есіктен тура секірсең, екпін пойыздың астына тартып кетуі мүмкін. Сондықтан пойызбен жарыса алға қарай секіру керек.

Жол жағасы шағыл тас. Өткір пышақ сияқты.

Жүрексінемін. Пойыз 111-ге таяп қалды. Тәуекел деймін. Жүрек сорлы атқақтайды. Тіпті пойыздың дүрсілінен де қатты. Бірақ 111-ден өтіп кететін болды ғой! Секір!

Шекем тыз етіп ауырғандай болды. Сипап едім, алақаным қан-қан. Үсті-басымды қаққылап қарасам, сау сияқты. Тек сол жақ шекем қанапты.

Бастан құлақ садақа!

Ауылға қарай тіке тарттым. Жолсыз. Былай шыға бере аяққа оралып, шөп қалыңдай берді. Изен, жусан, алабота, шошқа, тікен, кәріқыз, әсіресе шырмауық жаман. Сиырқұйрық гүлдеген екен, соған сары торғай қонып алып, құйқылжыта сайрап отыр. Маған сәлемдескендей, бірақ мен жақындасам ұшып кетеді.

Енді бірде соқамен айғыздап тастаған күздікке тап болдым. Айдауға аяғым тобығыма дейін батып кетеді.

Сөйте-сөйте Жайсаңға да жеттім-ау. Айналасын жалбыз көмкерген қайнар көз бұрқ-бұрқ етіп, құм атқылап жатыр екен, жарықтық. Етпетімнен жата кетіп, тастай бұлақтан сімірдім-ай, дәурен!

Содан, не керек, қалың шырмауық, сүдігірлік айдау, шошқа тікен әбден діңкелетті ме, жоқ әлде мына нәрлі су буын-буыныма түсіп кетті ме, әйтеуір, сол бұлақтың басында, жұпар иісі аңқыған жалбыздың арасында балбырап ұйықтап кетіппін...

— Тұр! Тұр! — деп әлде бір самал ұйытқып өткендей болды ма, көзімді

ашып, жан-жағыма қарасам, күн сәскеге көтеріліп қалыпты. Атып тұрсам, Тәңіртау аспандап тұр екен. Жап-жақын жерден иттер шәуілдейді. Әңгі есектер ақырады.

Ауылдың іргесінде екенмін.

Сонда «тұр-тұрлаған» кім? Әлі күнге дейін білмеймін.

Әлде Домалақ-Ана?

Әлде Күнікей-Бәйбіше?

Әйтеуір, Ана дауысы құлағымнан кетпейді.

Кім екенін айта алмаймын. Енді бір сәт үсті-басыма зер салсам, интернат жаңа берген шалбардың балағы батпақ, кәріқыз тікен тұтасып қалыпты. Аяқтағы туфли... өкшесі қисайып кетіпті...

Бір кем дүние.

Оспанханның жауабы

Қаңтардың қақаған аязды таңы. Оспанхан ерте тұрып, малақайын баса киіп, көшенің келесі бетіндегі гастроном алдында ары-бері теңселіп жүреді.

Қарсы алдынан қалың қара тон киген, аяғында пимасы бар кезекші милиционер шыға келеді. Миллиционер Осекеңе одырая қарап, ары өтіп кетеді. Осекем кері қарай жүргенде милиционер тағы алдынан шығады.

Осылайша үшінші рет бетпе-бет кездескенде, милиционер:

— Неғып жүрсің? – деп арс ете қалады. Осекең лезде:

— Е, адам болғаннан кейін жүреді, ит болғаннан кейін үреді, — депті дейді.

***

Сөйтсе, гастроном әлі ашылмаған екен. Осекем өткен түнде ішіңкіреп қойған ба, таңдайы кеуіп, бір шөл әкетіп бара жатқан соң, көшенің қарсы бетіндегі «алқаштардың ақ үйі» атанып кеткен жазушылар үйінен ертерек шығып, магазиннің ашылуын асыға күтіп жүрген сәті екен де.

Сөйтіп тұрғанда, бірте-бірте таныс (бөтелкелес) жолдастары жинала бастайды. Бәрінің бастығы Хизмет Абдуллин деген жазушы. Магазин ашылған соң, Хизмет-ака жиналған топқа:

— Қане, ақша салыңдар, кімде не бар? Міне, менде атаңның басы бар, — деп алақанын ашса, Лениннің суреті салынған ап-ауыр бір сомдық шақа екен.

Хизмет-аканың алақанына біреу бір сом, біреу үш сом, әркім барын салып жатады.

Хизмет-ака Оспанханға қарап:

— Сен не саласың? — дейді.

Осекең қынжылған кейіп танытып:

— Маған бір жолға қарызға бере тұрыңдар. Үйде үш сом ақша бар еді, қатыны түскір, мебель сатып алып қойыпты, — деді.

Хизмет:

— Кет, сандалма, үш сомға кім мебель береді? — деп ажыраяды.

— Оқтауды айтам, оқтау, — депті Осекем аянышты үнмен.

Жиналғандар мәз болып күледі, сонда Хизмет-ака мырзалық жасап:

— Мен қазір бір нәрсені көрсетемін. Шын ақын болсаң, соған табан астында, экспротом, бір ауыз өлең шығарасың. Келісесің бе? Келіссең, сені топқа қосамыз.

— Құдай аузыма не салады, көрейін енді, — дейді Осекем ыршып тұрып.

— Міне, — дейді Хизмет витринаның сатпақ-сатпақ шынысының аржағында жатқан, екі көзі ағып кеткен, кеуіңкіреп қалған балықты нұсқап.

Осекем үңіліп қараса, астында өшіңкіреп қалған «ставрида» деген жазу бар екен. Сонда ақын арқаланып, бойын тіктеп, сұстанып тұрып:

— Ассалаумағалейкум, ставрида! Әлі өтпей жатырмысың, мыстан рыба?! депті ғой.

— Әй, ерім-ай, әй, бөрім-ай! — деп жұрт риза болып, уралап тұрып, портвейн деген шарапты бөліп ішкен екен дейді.

Бір кем дүние.

Тесіктен алақандай...

Жаның жаннатта болғыр Мәди ақын:

Ішінде абақтының біз жатамыз,

Көңілді құмалақпен жұбатамыз.

Алыстан іздеп келген ағайынға

Тесіктен алақандай жұбатамыз,

деген екен. Құдайдың құдіреті, дәл осы хәл бес жасымда менің басымнан өтті.

Әкем Мұртазаны, ауылдағы тағы бес-алты кісіні 1937 жылдың желтоқсанында бір түнде тұтқындап, Борандының түрмесіне апарып қамап тастады.

Қамалғандардың жұбайлары жиналып, Борандының абақтысына барсын. Анам Айша мені де ілестіріп алған.

Барсақ, түрме есігінің алдында мылтығын шошайта ұстап, шошақ бас бөрік киген, көзі іріңдеген, ұзын бойлы қарауыл тұр.

Ешкімді есік жаққа жолатпайды.

Айша маған сыбырлап:

— Анау есіктің алақандай тесігін көрдің бе? — деді.

— Көрдім.

— Ана қарауыл теріс айналып кеткенде, сол тесікке жүгіріп бар да, «Жәке, Жәке» деп айқайла.

Қарауыл түрменің темір торлы терезелеріне кете бергенде, мен есікке құлдыраңдап жүгіріп жетіп:

— Жәке! Жәке! — деп айқайлайын.

Іш жақтан әлдекімдер:

— Ей, Мұртаза, балаң келді, балаң келді, — деп жатты.

Жәкем тесікке келіп, тесіктен шиыршықталған бір қағазды маған ұсына берді.

Сол сол екен, бір алып күш шапанымның желке тұсынан бүріп ұстап алып, шиіріп тұрып лақтырып кеп жіберді.

Басым үйінді қарға кіріп кетіпті. Айша мені қардан суырып алып, үсті-басымды қаққылады.

Жұдырығым қатты жұмылып қалған екен, алақанымды әрең ашып, әлгі шиыршықталған қағазды анама бердім.

Былай шығып, қағазды ашып қараса, «Зингер» тігін машинасының төрт инесі екен.

Бұл не сонда? Ненің белгісі? Содан бері де жетпіс жылдан асып кетті. Әлі күнге дейін сол жұмбақ шешілмейді. Шығыс Сібірдің Зея деген өзенінің жағасында қалған Мұртаза не айтпақ болды?

Бір кем дүние.

Құран сөзін құрметте

«Ішіп, жеңдер. Бірақ ысырап қылмаңдар»

(Қасиетті Құран. «Ағраф» сүресі. 31-аят)

Бұл әңгімеге арқау болған «Ислам және өркениет» газетінде жарық көрген «Айтта телеэкрандар қанға боялды» атты мақала.

Авторы Кеулімжай Құттиев деген азамат қасиетті Құрбан айттағы құрбандық шалу кезінде «асыра сілтеу» жағдайын жазған екен.

Құрбандыққа мал сатып алу мақсатымен Астананың Артем базарының маңына барғанбыз. Сондағы көрініс: қоршауға қамалған қора-қора қой. Малдың аузым ашып, арқасын басып, қой таңдап жүрген адамдар. Таңдаған малды қасапшыға көрсетсе болды, табанда сол жерде қол жайып, бата қылып, құрбандық шалынады. Бұлақтай болып ағып жатқан қан.

Құттиев жазғандай, лақтырып тасталған ішек-қарын, кесілген бастар. Айнала қан-жын сасиды.

Құрбан айт — аса құрметті мереке. Мұның арғы тегі Ыбырайым пайғамбарға барып тіреледі. Пайғамбардың екінші әйелі Ажардан туған Ысмайыл есімді ұлы болады. Алла Тағаладан үкім келді:

— Ей, Ыбырай, ұл балаңды құрбандыққа шал! — деді.

Ыбырайым пайғамбар Алланың әмірін екі етпей, Ысмайылды құрбандыққа шалмақшы болып жатқанда, Алладан тағы хабар келді:

— Ей, Ыбырайым баланы босат. Оның орнына мына қошқарды шал! — деп аспаннан көк қошқар түсірді.

Заманның қыспағынан Құрбан айтқа тыйым салынған кездер де болған. Енді еркіндік орнаған кезде, «құрбандық шалғанның» реті осы екен деп, малдың қанын судай ағыза берудің жөні жоқ секілді. Бәрін де Құранда айтылғандай: ысырап қылмау керек шығар. Асыра сілтеу әр заманда да зиян.

Бір кем дүние.

Отқа оранған қырғауыл

Жаратушының құдіретімен дүниеге келген адам баласы Табиғат-Ананың аясында күн көріп, өніп-өсіп еді.

Енді сол Анасын қорлап, зорлауды шығарды. Орманды, сексеуілді даланы өртеп, ойрандайды.

Сол сексеуілдің түбінде қырғауылдар ұя салып, жұмыртқалап, балапан бастырады.

Темірқанат балапан әлі ұша алмайды. Ана-қырғауыл оларды бауырына басып жатады. Имансыз әлдекімдер сексеуілді даланы өртеп кетеді.

Балапан басып жатқан қырғауылға өрт жақындап қалады. Орасан қызу жан-жағын шарпи бастайды. Қырғауыл әлдекімді көмекке шақырғандай, жанұшыра қақылықтайды. Қоразы күйіп жатқан мекиенінің үстіне төніп, тұмсығынан су тамшылатып тұрғанда, қанаты күйіп, құлап түсті.

Қырғауылдың мекиені — асыл Ана балапандарын оттан қорғаймын деп отқа оранды.

Ұрпақ үшін жаралған пәруаналар!

Бірақ жалмауыз от аямайды.

Бір кем дүние.

«Алтын жүректің иегері»

«Айқын» атты газет «Жиырма төрт жылдың ішінде жиырма төрт баланы дүниеге әкелдім» деген үлкен сұхбат жариялады (15 ақпан, 2008 ж).

«Баланы жоспарлау» дегенді қайдан шығарғандарын білмеймін», — дейді «Алтын жүректі» Ана Камаш Сейітжанова.

Бала тууды тұншықтырып, біреуден асырмау, жарасса, Қытай сияқты миллиардтаған халқы бар елдерге жарасатын шығар.

Ал біз қазақтар, неменеге жетісіп бала тууды қолдан шектейміз?! Жер жетпей жатыр ма? «Қой егіз тапса, шөптің басы айыр шығады» дейді даналар.

Қазақ баланы көптігінен асырай алмай, алақан жайып қайыр сұрап жүрген жоқ бұл заманда.

«Бала тууды жоспарлау» дегенді шығарып жүргендер — табиғат заңына, Құдайдың құдіретіне қарсылар.

Ондай «белсенділер» түптің түбінде Жаратқан Құдіреттің қаһарына ұшырайды.

Одан да Камаш Сейітжанова сынды «Алтын жүректі» Ананың асыл сөзіне құлақ түргендер мұратқа жетеді:

«Бала туыңдар!

Қазақтың санын көбейтіңдер! Сонда ұдайы жасарып жүресіңдер!» — деді ғой «Алтын жүрек» Ана.

Құлақ асқан қор болмайды.

Құлақ аспаса, сол жаман.

Бір кем дүние.

Әдебиет жас таңдамайды

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында бір жиналыста Ғабит Мүсірепов былай деді:

— Соңғы он жылда әдебиетті екіге бөлу әрекеті шықты: шалдар, жастар деген. Әдебиет — орман. Қайыңы да, емені де бар. Жел тұрса, құлайтыны да бар.

Содан бері де ширек ғасырдан астам уақыт өтті. «Шалдар», «жастар» деп әдебиетті екіге бөлу өрши түскен сыңайлы.

Бірақ өмірдің өзі көрсетіп келе жатқандай, әдебиет жас таңдамайтынын дәлелдеп келеді.

Сол Ғабит Мүсіреповтің өзі сексеннен асқанда «Ұлпанды», «Жат қолындағыны» жазды. Тахауи Ахтанов алпысқа таянғанда «Антты», «Шырағың сөнбесінді», Әбдіжәміл Нұрпейісов «Соңғы парыз» романын тәмәмдады.

Әдебиетке «шалдар», «жастар» деп шекара қою қолайсыз болар.

Әдебиет арбасына екеуі де жегіледі.

Бөліп-жару — бір кем дүние.

Мәңгі, мәңгі...

Осы аса қымбат, аса қасиетті сөзді кейбіреулер жөн-жосықсыз, орынсыз қолдана береді.

Бір әдемі әуенде:

Таңғы елес, таңғы елес,

Бұл өмірде ештеңе де

Мәңгі емес...

делінеді. Шындық осы.

Бір Алладан басқа мәңгі ешнәрсе жоқ.

Ұлы Абай айтқан: «Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек».

Бір кезде Ленинді, Сталинді мәңгі-мәңгі жасайды деп қоғадай жапырыла мадақтадық.

Енді ескерткіштерін талқандап, құлатып тастадық.

Мәңгі өлмейтін тек Жаратқан Құдірет, Жасаған Ием!

Мәңгілік деген Күн де бір заманда сөнбекші.

Бір кем дүние.

Алақандай аралда...

Өздерінің алақандай аралын жапондықтар «Ұлы Жапония» деп атайды. Бесіктегі балаларына дейін осы ұғымды олардың миына құйып өсіреді.

Ал Жапониядай талай мемлекет сыйып кететін Қазақстанды «Ұлы Қазақстан» деп атап, мақтана аламыз ба?

Жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, «біз жиылсақ — көппіз, жайылсақ — жоқпыз» ғой.

Қасиетті кітапта «адамдарды шашырататын мезгіл бар, жинап алатын мезгіл бар» деп жазылған.

Біздің қазақты тағдыр талай рет шашыратты: жойқын соғыстар, отаршыл қорлықтар, қолдан жасалған ашаршылық (геноцид), т.б.

Енді, Алла қолдаса, шашылғанды жинайтын, қирағанды жаңартатын, қисайғанды түзететін кезең келді. Ол үшін өсім керек. Бірақ өсім аз.

Бір кем дүние.

Өгей жандар

«Өзге ұлттың орыстанған өкілдері шовинистікке келгенде орыстардың өзінен асып түседі» (Ленин).

«Қазақша сөйлемейтін қазақтар — анасын буындырып өлтіргендер». (Жабал Ерғалиев, «Көкшетау» газетінің бас редакторы)

Ұят-ай!

TV-дан бір журналист:

Елу жылда — ел жаңа,

Қырық жылда — қазан, –

деп соқты. Масқара! (26. 12. 2007ж.)

Ұзақ жасаушылар

Көктемнің көкөзегі. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы.

Солтүстікте қыс ұзақ.

Оңтүстікте көктем кемеліне келді.

Астананың қысы созылыңқы. Кешке қарай қарғалар қаланың терістік жағынан оңтүстігіне қарай қаптай ұшып, Есіл өзенінің солтүстік беткейіндегі парк орманына барып қонақтайды.

Бұл көріністі мен Кенесары ескерткішінің жанында отырып байқаймын.

Бір қарға көп қарғалардан бөлініп, ескерткіштің тұғыртасына әлдекім шашып кеткен бидайды байқап қалып, екі шоқып, бір қарап, қу құлқынның қамымен отыр.

Екі шоқып, бір қарағанда, күдіктісі мен, маған қарайды. Мен оған тиіскім келмейді. Қайта онымен сөйлессем деймін. Қарға тілін білмеймін. Құданың құдіреті, сонда әлгі қарға адамша сөйлеп тіл қатады:

— Қарр-қарр, неғып жалғыз отырсың?

— Жай отырмын. Сен басқалардан бөлініп қалғаныңа таң қаламын.

— Оның несіне таң қаласың? Кейінірек барсам да, бір бұтақ бұйырады. Ал мына жемді қалай қиып кетесің?!

— Басқалар байқамағанды сен көріп қойдың.

— Басқалар көбісі сары ауыз балапандар ғой. Мен бәрінен үлкенмін.

— Қаншадасың?

— Қарғалар үш жүз жылға дейін жасай береді. Мен соның екі жүзін жасадым. Мен әлі жас кезімде мына батырдың соғысын көрдім, – деп кәрі қарға ұшып барып, Кенесарының иығына қонып отырды.

— Шын айтасың ба?

— Қарғалар өтірік айта алмайды. Мен көрген Кенесары сонда сонау Қараөткелдің тұсынан арғы беттен шабуылдап, Ақмола қамалын басып алған. Қалың қолдың талайы Есілге батып кетті. Орыс қамалынан Кенесары әскеріне қарсы зеңбірек пен мылтықтан оқ жауды. Ал Кенесары әскерінің қаруы – найза, қылыш, дойыр қамшы...

Зеңбіректің гүрсілінен шошынған біз, қарғалар, анау қалың орманға барып тығылып, соғыс сойқанын байқап отырдық. Солай...

Қарға үндемей қалды.

— Одан әрі не болды?

— Не болғанын өзің де білесің. Несін сұрайсың? Мылжың болма.

Мен бұйырса, әлі жүз жыл жасаймын. Ал мына Кенесары мың жыл осылай тұра береді.

Осыны айтты да, кәрі қарға арғы беттігі орманға қарай қалбаңдап ұша жөнелді.

Қараөткел

Қыстай мұз құрсанып жатқан Қараөткел енді толқын атып қалыпты. Соны көріп еске түседі.

... Мәдидің әні. Оны Қараөткелдің түрмесіне қаматқан Қақабай бай. Қараөткел. Қажымұқан, Иман Жүсіп, Балуан Шолақ... Ғалия...

О да бір дәурен. Енді сол Қараөткелдің тұсынан екі бірдей көпір салынған. Қазіргі байлардың небір сәндеп салдырған үйлері.

Есіл өзен. Тас атқа мінген Кенесары.

Тұғыртасының гранит қаптауын әлдекімдер бүлдірген. Кімдер?

Кімдер болуы мүмкін? Ескерткішті күндіз-түні қорғап тұратын қарауыл жоқ. Жүз жыл, а, бәлкім, мың жыл қалай қорғап тұра аласың. Жаулары кезінде Хан Кененің басын алып еді. Енді тас бейнесіне дейін тыныштық бермейді.

Мәңгілік өшпенділікпен өтер бір кем дүние.

***

Араға қырық күн салып, ескерткіш түбіне қайта барып едім...

Бұл екі арада Түркібасқа барып, надан жауыздың қолынан тым ерте қаза тапқан бейкүнә жас өркенді жерлесіп, қырқына қатысып келген бетім.

Ескерткіштің қаптал гранит тастары ала-құла болып қалыпты. Кенесарының жаулары әлі таусыла қоймаған, тұқым қуалап келе жатқан жауыздар екен — ескерткішті жаралап, бүлдіріп тастапты.

Мектеп бітіргендер мерекесі болар, жастар көп. Бірақ тұғыртасы бүлінген ескерткішті ешкім елемейтін сияқты.

— Ей, әруақ сыйламайтын имансыз ұрпақ! Неге ашынбайсың?! – деп айқайлағым келді. Мәз-мейрам болып, шала мас жүргендердің айқай-шуынан даусым құмығып, тұншыға берді.

Қасіретті бір кем дүние.

Кенгру мен күнкөру

Жаздың бір жайдарман күнінде жолып түсіп Тараз қаласына барып, Жамбыл қонақүйіне бұрылып едім, сыртқы есіктен астаналық әртістер шығып келе жатыр екен.

Сірә, гастрольде жүрген болар. Арасынан таныс бейне көргендей болдым. Батыс облыстардың бірінен келген, Президент оркестрінің айтулы әншісі екен.

Емшектегі баласының бетін өзінің омырауына қаратып, беліне орамалмен таңып тастапты.

— Оһо, кенгру! — дедім мен әрі сүйсініп, әрі таң қалып.

Аса қадірлі әнші:

— Жоқ, кенгру емес, күнкөру! — деді.

Кенет тосылып қалдым.

«Е-е», — дедім ішімнен.

Президент оркестрінің әртістері күнкөріс қамымен жүрсе, жағдайлары мәз болмағаны ғой. Әдебиет, өнер адамдары қашанғы күнкөру уайымымен өмір сүруі керек?!

Бір кем дүние.

Ақшадағы алақан

Жаман ырым. Алақан жайған жақсы емес. Игі тілек болса, бір жөн.

Мемлекетте теңге әлсін-әлсін өзгеріп жататыны белгілі жай. Ақшасының өңі өзгермейтін, мен білсем, тек АҚШ па деп ойлаймын.

Кешегі Кеңес дәуірінде біздің елде жалпақ қағаз ақшада Лениннің суреті болушы еді.

Еліміз егемен болған кезеңде теңгеміздің өңі өзгеріп, әл-Фарабидің, Абылай ханның, Әбілқайыр ханның, Абайдың, Жамбылдың, т.б. ұлы қайраткерлердің суреттері басылып шығып жүруші еді.

Енді сол теңгеге көз үйреніп болмай жатып, ақшаның өңі өзгеріп шыға келді.

Ақшаға жаюлы алақан пайда болды. Не тілейді? Ненің нышаны? Бұл не құбылыс? Кімнің қиялы? Теңгеден суреттері алынып тасталған ұлы әруақтардан кешірімді не деп сұраймыз? Не бетімізбен?

Бір кем дүние.

Полигон

Арманшыл ақын Ақтанберді:

— Бетбақтың ен бір шөлінен төтелеп жүріп жол салып, шөлең бір жерді көл қылсам... — деп еді...

Бұл қай заман? Сірә, зар заман.

Қайраткер оқымысты Кәрім Мыңбаев:

— Бетбақ даланы Бақ далаға айналдырайық! — деп еді...

Бұл қай заман? Сәрі, тар заман.

Академик Уфа Ахметсафин:

— Бетбақтың асты телегей теңіз, — деп еді.

Бұл қай заман? Сөзі жетім қор заман.

***

Ақтанберді ақын айтса, айтатындай жөні бар. Оның жырлары өн бойы, тұла бойы тұнып тұрған арман.

Бетбақтың шөлін көл қылсам дейді. Жағалай жайлау, ақбоз үйлер тігілсе дейді. Түгел тоқшылық, ит басына іркіт төгілген жұмақ заман.

Иә, бұл арман. Бұл тұрғыдан Ақтанберді ақын сонау бір қиырдағы Махамбет ақынмен үндесіп жатыр.

Кәрім Мыңбай кешегі Кеңес дәуірінің ғалымы. Ол баяғы революция кезінде-ақ Нұра бойынан үдере көшіп, Бетбақты төтелей кесіп, Шу бойына жеткен кезде елдің көшін бала күнінде көрген. Сол бала дәуірдің көрінісі өскенде де есінен кетпей, Бетбақтың ажарын өзгертуді армандаған азамат.

Осы арманды республика басшыларының алдына арқалай барса... о басында Кәрімді қуаттап, қолдаған басшылар мүлде өзгеріп қалыпты. Мәскеуге Бетбақ басқа мақсат үшін керек екен.

Ал Уфа Ахметсафин болса, үлкен ғалым. Көп зерттеудің нәтижесінде Бетбақтың асты телегей теңіз деп кетті.

Шіркін, сол теңізді зор насоспен тартып, жер бетіне шығарса... О, сонда Ақтанбердінің де, Кәрім Мыңбайдың да армандары орындалар еді...

Бірақ анау Балқаштан бастап, алыстағы Азғырға дейін мыңдаған шақырымдарға созылған Полигон жатыр. Соның улы зардабынан мың-мыңдап жайылған ақбөкен там-тұм ғана қалды. Тіпті, Кәрім Мыңбай ақбөкенге айналып, полигонның оғынан өртеніп кетті.

Түптің түбінде Бетбақ Бақ далаға айналар. Оған дейін құрбандар...

Бір кем дүние.

Көгершіннен ұят болды

Шағалалардың күнкөрісі жаман емес. Есілдің суында әзірше майда шабақтар бар. Ерінбегендер қармақ салып, шынашақтай шабақ ұстаса, қуанып қалады. Судың бетіне ойнақтап шыққандарын шағала көкпар ілген шабандоздай қақшып алып, қайқаң қағады.

Ал көгершіндер балық ұстай алмайды. Кенесары ескерткішін айнала отырғандарға жақындай береді. Азын-аулақ нәпақаны адамдардан дәметеді.

Біреуі скамейкада жалғыз отырған маған жақындап келіп, ары-бері жүріп алды. Көгершін сырын білгендер қалталарына нан, шекілдеуік, тары сала жүреді. Құс баласы соған дәніккен.

Ал менің қалтамда тамақ жоқ, не беремін? Көзін қылиландыра қарап, басын қисайтады. Әлі дәметеді. Қалтамда тиындар бар. Бірақ көгершін ақша тілемейді. Оған нан керек, дән керек. Ол үшін алтын, күміс нәбары тас сияқты.

Қалталарымды қаққылаймын. Нан да жоқ, дән де жоқ. Көгершін көзі қылилана қалады. Мені мазақтайтын тәрізді. Ұят-ай...

Бір кем дүние.

Иман Жүсіп

Балуан Шолақ. Қажымұқан. Иман Жүсіп. Қараөткел.

О да бір дәурен. Қараөткелдің бойындағы Ғалияның қымызханасы. Ирелең аққан Есілдің бойы баяғы Қыпшақ ауылдары. Күйгенжар, Талапкер, әріректе Қажымұқан туған жер.

Ерейментау мен Ақ Мешіт жақтағы Шиелінің арасында ат артқан сол Иман Жүсіп, кешегі Кеңес заманында колхоздастыру кезеңі келіп, Созақта сайқал саясатқа қарсы көтеріліс болғанда, сол көтеріліс көсемдерінің біріне айналған ғой. Көтеріліс күшпен басылғанда, Әулие-Ата маңында большевиктердің қолына түсіп, қала шетіндегі Қарасу бойында «халық жаулары» атылған орда есіл ердің сүйегі қалды.

Басына барып, дұға оқитын белгі жоқ: Қарасу бойы қаптаған үйлер. Қай үйдің астында қалғанын бір Құдай біледі.

Бір кем дүние.

«Келі» дейді. Қай «келі»?

Бидай түйетін, тары түйетін, арпа ақтайтын келі болушы еді. Келі мен келісап баяғы қазақ ауылының үй шаруасындағы басты құралдарының бірі еді.

Дәл осы заманда газеттер «келі», «келі» деп жазады. Қай «келі» десең, кәдімгі орысшадан келген «кило» екен. Яғни килограмм.

Ал енді оның «келі» болып кететін қандай қисыны бар? Күні кешегі келі — келісап қазір қолданыстан шығып қалды деп, оның негізгі мағынасын өзгерте береміз бе?

Өткенін ұмытып кетпеу үшін, жарықтық Аяз би бабамыз:

Аяз би, әліңді біл,

Құмырсқа, жолыңды біл!

деп қаудырақ тонын босаға жаққа іліп қойған екен.

Бұл заманда келі мен келісап үйіңде болмаса да, музейде тұр.

Алдыңа қарап тірлік ет.

Өткенге қарап шүкірлік ет.

Шіркін, бір кем дүние.

Ұмытшақпыз.

Көпір

Арыстан өтіп, Түркістаннан өтіп, Шымкентке жетіп, Борандыға келіп тірелген шойын жол құрылысы тоқтап қалды.

Ойлау жерден орғытып, қырлау жерден қарғытып келе жатқан темір тұлпар қаңтарулы.

Әулие-Атада төңкеріс. Патшалық өкіметтің соңғы тірегі құлап, тағы төңкеріліп, Кеңес өкіметі орнаған шақ.

Жаңа өкімет бастығы — Тұрар Рысқұлов.

Жаңа өкімет темір жолдың Әулие-Атаға қашан жететінін сұрастырады.

Сөйтсе, Боранды Бекет темір жолынан көпір салынуы керек екен.

Көпір дегенде, көз алдыңа жолдың үстінен өтетін өткел елестейді. Ал мынау темір жолдың астынан өтетін көпір.

Мәселенің шиеленген түйіні — Тәңіртаудан бастау алып ағатын бұлақ суы сол көпір асты арқылы өтуі керек. Ал ол судан машина, арба өтер, атпен, есекпен өтерсің, ал жаяуды қайтерсің?

Көпірге қарама-қарсы жарлауыт үстінде аласа үйлердің бірінің тұсында Орынбай шал аласа орындықта отырады. Екі жағында екі балдағы жатады.

Алдында жайдақ үстел үстінде темекі, папирос. Саудасының түрі сол.

Көксайдағы қырғыз жездеміз Нұралы қарт біздің үйге бір қап темекі әкеліп тастайды. Оны Айша анамыз осы Орынбай қайнағасына жеткізіп береді. Орекең өткен-кеткендерге осы «товарды» стакандап сатып отырады.

Сол Орекең бір күні бір оқиғаның куәсі болады. Біздің ауылдан жоңышқа артқан дәу сатылы арба Орекең отырған көшемен өтіп, төмендегі темір жолдың астындағы көпірге таяп қалады. Бау-бау жоңышқаның үстінде шоқиып «Қосбас» Байжұман жәкеміз отырады. Жоңышқа артқан сатылы арба биік қой.

Көпірге жақындай бергенде ат айдаушы бала:

– Ата! Ата! Жат! Жат! – деп жанталаса айқай салады.

Байжұман жәкеміз биік арбаның үстінде қаздиып отырған жеріне бүк түсіп жата қалады. Арба су аққан көпірдің арғы шетіне өткенде ат айдаушы бала қараса, Байжұман жәкеміз безілдеп жатыр екен. Рельстің астындағы көпір жәкеміздің жон арқасының терісін сыпырып алып қалыпты.

Соны естіген Орынбай шал:

— Әй, Байжұман! Сол көпірдің сенің басыңды алып қалмағанына шүкір де! — дейді ғой. — Жата қалмағаныңда басыңды қақшып түсетін еді. Құдай сақтады.

Еңіске қарай сатылы арба жылдам жүріп кеткенде Байжұман ата өзінің замандасы Орынбайды байқамай, сәлемдеспей өте шыққан ғой.

Бастан құлақ садаға деген. Бас аман. Жон арқасы жазылар.

Бір кем дүние.

Қымыз

Ақтанберді жырау айтты:

Арудан асқан жан бар ма?

Жылқыдан асқан мал бар ма?

Сары қымыздан асқан дәм бар ма?

деді. Әулие ғой. Иманы бар әр азамат, әр әкім осыны ойлап, жылқы малын жей бермей, көбейтіп, қымызбен жұрттың шөлін қандырса, халықтың тоқсан тоғыз пайызының денсаулығы жақсарар еді.

Жарықтық Жамбыл жәкем айтты:

Үйірілген қышқыл-тәтті сары қымыз,

Ауруға ем, сауға қуат, дәрі қымыз,

деді. Сол қымыздың қуаты шығар, Жамбыл жәкең жарықтық жүз жасады.

Егер біздің елде әкімдердің бәрі Серік Үмбетовтей болса, Қазақстан тұтас дүние жүзіндегі ең дені сау мемлекет болар еді.

Серік Үмбетов Жамбыл облысын басқарды. Тараз шаһары түгел қымызханаға айналды.

Серік Үмбетов Алматы облысын басқарып еді, Талдықорған қымызға молықты. Басқалар қайда?

Бір кем дүние.

Серік Үмбетовтей тағы бір азамат — Дархан Мыңбай Оңтүстік Қазақстанның Түркібас ауданының әкімі болып жүргенде Күмісбастау мен Кемербастау баурайында керемет қымыз фестивалін өткізді.

Кейін облыс әкімінің орынбасары қызметіне көтерілгенде, Қымыз мерекесін Шымкенттің өзінде өткізді.

Қазір ол Мәдениет министрінің орынбасары болып, Астанаға келді.

Енді ерке Есілдің бойында баяғы Балуан Шолақ, Қажымұқан, Иман Жүсіп заманындағыдай Ғалия арудың қымызханасы ашылар ма екен?

Әттең, бір кем дүние.

Тасаттық

Тышқан жылы — құрғақшылық. Мыңбұлақта құлпырып өсетін асыл қызғалдақ биыл шықпай қалды. Құтырына гүлдеген өрік пен алманы бір түнде қырғын үсік ұрып кетті. 10 градусқа дейін суық болып, қалың өскен көгеріштің бәрін жайратты.

Тәңіртаудың Ақсу-Жабағылысын қалың бұлт бүркеп тұрып-тұрып жаумай кетеді.

«Эпоха водолея» дегені осы ма? Бірақ әлем ала-құла. Мұзды мұхит еріп жатыр дейді. Америкада, Европада ту тасқындарынан зардап шеккендер көп деседі.

«Табиғаттың бермесін тартып аламыз!» деген большевикшіл ұранды Құдай жазалаған сияқты.

Ендеше, Құдайға құлшылық ет. Мешітте құран оқытқызып, тасаттық бергіз.

Кім біледі, Алланың рахымы түсер.

Құдайға сыйынған құстай ұшады. Адамға сыйынған мұрттай ұшады.

Тәңіртаудың басында будақ-будақ бұлт бар. Бірақ бедеу сияқты, тамбайды. Иә, Жаратқан Құдірет, бұлттарды идіре гөр!

Бір кем дүние.

Әзәзіл

Арақты о басында адамдар дәрі ретінде ойлап тапқан екен. Шипа болған соң, оны бір-бір тамшыдан ғана пайдаланған.

Бара-бара, келе-келе, әсіресе ормандағы халық арақты рүмкемен, стаканмен ішетін болған.

Ал арақпен ауызданбаған, қымыздан артық қызулы сусын ішпеген біздің халық, кейін-кейін, әсіресе екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, араққа бой алдырғаны сонша, арақты «атасының асындай» көретіндерден озып кетіп, шіркінді кесесімен ішетінді шығарған жоқ па?!

Ата-баба қанында болмаған зәһарға бой алдырғандар ажалынан бұрын баудай түсіп жатты. Көз алдымызда қаншама боздақтар, қаншама таланттар өкпе-бауырлары іріп-шіріп өлді. Олардан туған ұрпақ шалажансар мүгедектер.

«Өмір деген өмірбойы әзәзілмен арпалыс» деген екен бір данышпан.

Әзәзілдің ең үлкені — арақ!

Бір кем дүние.

Ұстаз

Оны сол кездегі Қазақстан Үкіметі сонау Ленинградта оқып жүрген жерінен, оқуын бітірткізбей Алматыға шақыртып алып, Жазушылар одағының бірінші бастығы етіп тағайындап қойып еді.

Бұл қандыбалақ 1937-ші зұлмат жыл болатын.

Ленинградтан шақыртып алып, ай-шай жоқ, лезде бастық етіп қойған азаматтың аты-жөні Мұхамеджан Қаратаев еді.

Сөйтсе, Үкіметке көсек керек екен. Жап-жас бастыққа сол кездегі қазақ әдебиетінің марқасқаларына қарсы қаралап мақала жаздыру керек екен. Оны орындамаса, Мұхамеджанның өзі атылып кетер екен.

Ақыры, соның қолымен от көсеп алып, Мұхамеджан Қаратаевтың өзін он жылға итжеккенге айдатып жіберді ғой.

Он жылдан кейін Қаратаевты айдаудан босатып, Жамбыл қаласына мұғалім етіп жібереді. Ол сонда Жамбыл қазақ орта мектебі мен педагогика училищесіне қатар сабақ беріп жүреді.

Астанамыз Алматыда тұруға рұқсат жоқ.

Бірақ бір жарым жылдан кейін КГБ тарапынан қайтадан тұтқындалып, каторгаға айдалады.

Баяғы патша заманындағы Сібірге айдалған декабристердің әйелдері сияқты, Мұхамеджан Қаратаевтың жұбайы Мархума күйеуінің соңынан итжеккенге іздеп барған ғой.

1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін, «жылымық» кезең келіп, «халық жаулары» елге қайта бастағанда, Мұқаң Алматыдағы қазақтың көркем әдебиет баспасына қатардағы редактор болып жұмысқа орналасты.

Дәл сол жылы мен де университет бітіріп, дәл сол баспаға жұмысқа келдім. Бір кездегі ұстаз бен шәкірт бір столдың басында қатар отырдық.

Бұл да бір кем дүние.

Қираған мешіт, зарлаған байғыз

Мен ес білмейтін сәби кезде ауылдағы тәп-тәуір мешітті белсенділер-құдайсыздар қиратқан.

Кейінірек, ойын баласы болған кезде, қираған мешіттің үйіндісіне барып, басқа балалармен бірге жасырынбақ ойнайтынбыз.

Сонда бір байғыз сұңқылдап, жағы талмай зарлап отырушы еді. Әсіресе кешке қарай, одан әрі түні бойы зарлап шығады.

Оның қайғы-мұңын түсінбейтіндер: «О, өз басыңа көрінгір!» – деп қарғаушы еді. Бекер қарғаған. Сөйтсе, оныкі заман зары екен ғой.

Мешіттің молдаларын зорлап, қорлап, азаптайды екен. Атылып кеткен дамолланың әруағы байғыз болып келіп, жылап отырады екен да.

1937-ші зұлмат жыл келіп, естияр, ақылы бар, қасиеті бар, иманы бар, ескіше оқуы бар пенделерді қырып ұстап әкетті, атты, айдады, тоз-тоз қылды. Бастары шабылған құр денелер қалды. Бассыздардан залымдар шықты.

Міне, біздің көріп өскеніміз.

Бір кем дүние.

Қаралы Қарасу

Кие қонған Әулие-Ата (Тараз) шаһарына қыбыла жақтан кіреберісте Қарасу дейтін бір бұлақ су ағып жатады. Не көрмеген Қарасу. Кімдер кешіп өтпеген дейсің.

Екі мың жылдық тарихы бар Тараздың күнбатыс жағында қазір жаңа мөлтек аудандар орнап, дендропарк, аэропорт салынып, қала келбетін өзгертіп жіберген.

Ал Қарасу өткеліне көпір салынып, бары-жоғы білінбей, елеусіз жатыр. Тымырайған тарих. Сол тылсым тарихты сәл-пәл қопарып жіберсең, ар жағынан қаңқа сүйектер азынап, жамырап қоя бермекші.

Жазықсыз жазаланғандар!

Жауыздарға лағнет жаудырыңдар. Жаһаннамда жатсын!

Қарасу қапасында қалғандар үндемейді. Оларды ешкім ескермейді. Олар ұмыт болған. Ақылы келте адамдар күні кешегі опат дәуірді елең де қылмайды.

Ал мұндай ортақ молалар бұрынғы СССР-да, оның ішінде әсіресе Қазақстанда өте көп. Қырғыздарда да бар екен.

Осы 2008 жылдың маусымында, сексенге қараған жасында Германия жерінде адамзаттың Айтматовы атанған жазушы Шыңғыс дүниеден өтті. Оның денесін Бішкекке әкеліп, Қырғыз Алатауының белуарында жатқан «халық жаулары» зиратының іргесіне жерледі.

Өйткені заманында Тұрар Рысқұловтың қолдауымен үлкен қызметте жүрген Төреқұл Айтматов 1937 жылы «халық жауы» ретінде атылып, 170 адамның бірі болып осы таудың белуарында «ортақ» зиратта қалған.

Бергі бейбіт заманда Қырғыз үкіметі сол зиратты сәулеттендіріп, адамдар зиярат ететін мекенге айландырған.

Енді Шыңғыс Айтматов өз әкесінің іргесінде, басқа да «халық жауларымен» қатар жатыр.

Ондай ортақ зираттар Астананың іргесінде де, басқа қалаларда да бар. Бірақ олар имантаразыланып, ретке келтірілген.

Ал Тараздағы азап шеккендер зиратына әзір ондай ишара көрсетілген жоқ. Әйтпесе, дәл осы мүрделі орда Қадір, Қасымбек, Пірнә сияқты біздің ауылға іргелес Шанышқылы ауылының да азаматтары жатыр.

Одан да бір ерекшелігі: осы Қарасу бойындағы «ортақ» орда көмілген азапкерлер арасында атақты ақын, композитор, хас батыр Иман Жүсіп жатыр деген болжам бар.

Ол отызыншы жылдардағы Созақ көтерілісінің басшыларының бірі болған. Көтеріліс күшпен басылғанда, Иманжүсіп НКВД қолына түсіп, атылып, Қарасу бойында қалған деген еміс-еміс дерек бар.

Жаратқан Құдірет имандарын берсін.

Бір кем дүние.

Балақтан кірген аш биттер

Қайран Алматы. Сонау Верный атанған кезеңде Колпаковский есімді генерал-губернатор осы шаһардың бас архитекторы сияқты болған екен.

Көшелері түп-түзу, Тәңіртаудан аңқылдап соғатын самал желге бөгет жоқ. Қаланың табиғи желпуіші.

Арықтары түп-түзу. Салқын су күндіз-түні сылқ-сылқ күліп ағып жатады. Жаныңды жадыратады. Арықтардың жағасында алма, алқоры, алша ағаштары жамиғатқа жеміс сыйлап, құт-береке бесігіндей жайнап тұрады.

1950 жылы мен Алматыға оқу іздеп келгенімде осындай астананы көріп едім. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтіп кетіпті. Қала халқы миллионнан асып жығылды. Қала келбеті өзгерді. Үйлер көбейді. Көшелердің бастары тұйықталды. Енді самал жел қаланы аңқылдап желпімейді. Арықтарда су сылдырап ақпайды. Арықтар бойында жалпы жұрттың несібесіндей болған жеміс те өспейді.

Самал жел орнына — көк түтін.

Сылдыр орнына — шексіз машина ағыны.

Тау бөктерінде қалың қарағай орнына — шыңға өрмелеп бара жатқан коттедждер...

Балақтан кіріп, басқа өрмелеп бара жатқан аш биттер сияқты.

Бір кем дүние.

Тамшы

Қарның ашса — қайғырасың. Тамақ іздей бастайсың.

Ұйқы басса — қалғисың. Ұйықтап аласың.

Шаршасаң — демаласың. Тынығасың.

Ауырсаң — емделесің. Сауығасың.

Осының бәрін сезінесің де, әрекет жасайсың. Әйтеуір, өлмеудің амалы.

Ал енді көзге көрінбейтін, тіпті еш уақытта еленбейтін бір нәрсе бар. Бірақ онсыз өмір жоқ. Сөйте тұра, елеңсіз, ескерусіз.

Әйтпесе, бір минут дем алмай шыдап көрші!

Жүрегің бір-екі минут тоқтап қалсыншы. Не болар екенсің!

Мені емханаға жатқызып қойды. «Система» дегенді салып жатыр. Ол бір-екі жүз грамдай сұйық дәрі. Білегіңе ине шаншып, сол ине арқылы тамырыңа әлгі дәріні тамшылайды.

Тамшының жиілігі медбикенің қалауына қарай: кейде жылдам, кейде баяу.

Тамшылаған дәрі жүрекке шипа дейді. Тамырлар арқылы осы тамшы жүрекке де жететін көрінеді. Нәр беретін көрінеді. Ондай шипадан айналып кетсең болмай ма! Ондай емнің зекеті болғың келеді. Жасасын тамшылар!

Бірақ сол тамшылар да таусыла бастайды. Өлшеулі ғой. Бұл ғұмырда бәрі де өлшеулі.

Әне, соңғы тамшы! Жеке жылжып барады. Соңғы тамшы! Шынымен бәрі біте ме?! Жеке жылжып барады. Жылжиды. Соңғы... Жоқ! Тоқтап қалды. Жылжымайды. Орта жолда тоқтады.

Ол менің ойым. Менің қиялым. Әйтпесе, соңғы тамшы тоқтаушы ма еді?! Тоқтамайды. Өтеді. Бәрі де өткінші.

Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек! (Абай)

Солай.

Бір кем дүние.

Жан алқымда

Шыжырылған шілде айы.

Қалада күн 40 градус.

Тау алқымы имантаразылау. Сонда да ыстық аптап өртеніп тұр. Арпа, бидай пісігі әбден жеткен. Енді орақ кешіксе, төгілейін деп тұр.

Орайын десе, комбайн жоқ.

Баяғыдағы қол орақ, бел орақ дәурені өткен. Комбайн керек!

Керек, керек! Керек қайдан табылады. Шаруаның жаны мұрнының ұшына келді. Шаруа зарыға-зарыға аспанға қарайды. Алдыңғы күні оймақтай бұлт шыға келіп, лезде аспан асты түнеріп, жарқ-жұрқ етіп найзағай ойнап, қойдың құмалағындай бұршақ ұрды да кетті.

Шаруаның жаны алқымға келіп тірелді. Тағы да долы бұршақ ені екі километр қасқа жолақпен жосылып өтіп, лезде тыйылды. Соның өзінде жолындағы арпа мен бидайдың масағын қылжитып кетті.

Мейлі ғой. Дихан байғұс оған да шүкір дейді.

«Қырықтың бірі — Қыдыр деген, қырықтың бірі — зекет деген» деп өзін өзі жұбатады.

Ал сонда енді қанша шыдайды?

Үкімет айтты: жекеше бол деді. Мейлі. Жекеше болды. Біреудің тракторын, біреудің соқасын, біреудің тырмасын әке-көке деп сұрап алып, әрең-әрең егін салды.

Пісігі жетті. Енді комбайн жоқ!

Ал сол Үкімет осындайда неге қол ұшын бермеске? Қалай? Қалайы сол, бір кездегідей МТС (машина-трактор станциясын) ұйымдастыр!

Диханның тілегін қанағаттандыр. Тиісті ақысын ал. Құда да тыныш. Құдағи да тыныш.

Үкімет! Жеке байлардың қолжаулығы бола бермей, халықпен бірге бол! Сонда береке табасың.

Әйтпесе, бір кем дүние.

Тікен басқан тіршілік

Бір әңгіме жазбақшы болып, терезенің алдындағы үстелге отырамын.

Терезе Тәңіртаудың Манас шыңына, Ақсай мен Көксай алқымына, қыбыла жақ Ақсу-Жабағылы қорығына қараған.

Қарсы алдымда — көк мұнаралы мешіт. Төңірегі соқамен жыртылған. Қопарылған топырақты ақ киімді молда кетпенмен өңдеп жүр. Бұл молданың сыбағалы жері. Азан шақырып болып, жерді баптап жүр.

Ал осы жұрт молданың айтқанын істе, істегенін істеме дейді.

Енді егер молданың дәл мына істегенін істесе, жерден жеміс терер еді. Олай емес, тиесілі жерлеріне егін екпейді. Шошқа тікен, шоңайына басып кеткен.

Ортасында бір әңгі есек қасасын шығарып, жатып ішер жалқауларға, маскүнемдерге:

— Мені есек деп қорлайсыңдар, өздерің кімсіңдер?! — деп мүлгіп тұрған сияқты.

«Елге күлкі, есекке таң» деген сөз осыдан қалған.

Бір кем дүние.

Сүмелектер

Тәңіртаудың шыңдарынан ақ жанартау атқылағандай будақ-будақ бұлт көтерілді.

Егер Шақпақтың тентек желі қуалап кетпесе, жақсылап бір жайсаң жаңбыр жаумақшы. Жер-Ана имекші.

Құдай, тілекті бере гөр дейміз. Алдыңғы күні мешіттің түбінде Құдайы тамақ берілген.

Алла қаласа, аспаннан нұр жауса, жерден алтын өніп шықпақшы.

Арақ ішіп, мас болып ұйықтап қалғандар несібесінен құр қалады.

Қураған таяқ тіксең, шынар өсіп шығатын жаннатты жерден жеміс жемей, жатжұрттық алманы, өрікті, картопты, сәбізді базардан қымбатқа сатып алады.

Жібекті түте алмаған жүн қылады.

Жерді күте алмаған сұм болады.

Бір кем дүние.

Қызғалдақсыз көктем

Тышқан жылы (2008) сәуір тәуір болмады.

Жас келіндей жасанған өрік ағаштары ақ гүлден бұтақтары көрінбей есіре гүлдеп еді, бір түнде үсік ұрып кетті (13 сәуір). Қарайып кеткен діндері қалды.

Далада жауқазын жоқ. Қызғалдақ шықпай қалды. Мұндай жағдай бұрын болмап еді-ау. Тәңіртаудың қызғалдағы дүние жүзіне даңқы шыққан. Қазір Голландия өсіріп, дүние жүзіне таратып, қымбатқа сатып жүрген гүлдің түпатасы осы Тәңіртаудың «Грейг» аталып кеткен біздің елдің қызғалдағы.

Құдай рахым етіп, мейірім төкпесе, бұл жыл жұтаң. Тасаттық беріп, құдайы тамақ үлестіріп жатқан мұсылмандар баршылық.

Итқызғалдақ (мак) көріне бастады. Итқызғалдақтың өмірі өте қысқа. Қыз дәурен сияқты өте шығады.

Көк көтерілмей қалды. Қыс қиын болар. Жұрт күні бұрын малын матап сатып жатыр. Асырай алмайды.

Бір кем дүние.

Шыңғыс шыңы

Біздің ауыл Мыңбұлақта. Оның оңтүстік-шығыс жағында, жиырма бес шақырым жерде Тәңіртаудың ең биік шыңы Манас тау асқақтап тұрады.

Бүгін Манастың аспанға шаншылған асқақ шыңын қалың қара бұлт орап алыпты.

Етегіндегі Шекер-айыл да қара жамылған.

Бұл — адамзаттың Айтматовының ауылы.

Осыдан отыз жыл бұрын Шыңғыс Айтматов елу жасқа толғанда, Алматыдан алты жазушы екі машинаға мініп, сол Шекерге барып едік: Тахауи Ахтанов, Зейнолла Қабдолов, Қалтай Мұхамеджанов, Сейдахмет Бердіқұлов, Асқар Сүлейменов және мен — Шерхан Мұртаза.

Сонда Қалтай тау жаққа қарап тұрып:

— Ана Манас шыңымен тетелес қатар жатқан еңселі шың — Шыңғыс шыңы,— деп еді.

Сол айтқаны келді-ау деймін. Шын дүниеде Шыңғыс енді Манас бабасымен табысқан шығар.

Бұл Шыңғыс бұдан шамада 900 жыл бұрын жасаған Шыңғыспен де табысар. Ол Шыңғыс жарты әлемді қылышпен жаулап алса, бұл Шыңғыс бүкіл әлемді қаламмен баурап алды.

Рухтары мәңгі сөнбейтін алыптар екі дүниеде де жарқырайды.

(11. 06. 2008).

Баға қайда барасың?

— Солярканың литрі 100 теңгенің үстіне шықты, — деп келді «Нива» айдап жүрген немерем.

— Сонда орталыққа жеткенше қанша керек?

— Ары 5 литр, бері 5 литр — 10 литр — мың теңге ғой.

— Одан да баяғыдағыдай есек мініп бармаймын ба, — деймін мен, не көрмеген басым.

Егін пісіп тұр. Енді орақ түспесе, төгіліп қалайын деп тұр. Қалың бұлт төніп-төніп келіп, әйтеуір, жел айдап кетеді. Комбайн жоқ, трактор жоқ, машина жоқ. Бәрін жалдау керек.

Шаруа байғұс кәйтіп күн көрер.

Үкімет бәрі керемет деп қояды.

Обалы кімге?!

Бір Алла біледі. Жазасын береді.

Бір кем дүние.

Жел

Бір апта болды. Шақпақтың желі азынайды да тұрады.

Жауынсыз, қызғалдақсыз көктем өтті.

Егін, қорлықпен, азаппен егілген егін, мия мен кекіре, қамыс басқан егін пісті.

Әсіресе арпа осал. Азынаған желден жығылып, масағы қиылып түсіп жатыр.

Еңбегің еш, тұзың сор.

Азынаған жел.

Түптің түбінде бәрін де жел жеңеді.

Бәрі де Мақтымқұлының өлеңіндегідей.

Тек азынаған жел ғана қалмақ.

Бірақ бәрін Алла біледі. Дүние әлемді әдемі қалпына келтіремін десе — бәрі де Алланың алақанында. Ашса да, жұмса да өзі біледі.

Адамда бәрі де бар болуы мүмкін. Әйтеуір, бірдеңе жетпей тұрады.

Бір кем дүние.

Қош, Сарыағаш, нәрлі су...

Қош, Сарыағаш, нәрлі су,

Дертім болса, шипа бол!

Өмір деген алысу,

Еркелетпес сипап ол.

Тұманбай.

Радио қайта-қайта қақсады:

— Сарыағаш суы сарқылып бара жатыр, — дейді.

Тұманбай ақын Сарыағашпен уақытша қоштасып еді-ау. Жыл құсындай айналып келем деп еді ғой.

Ал мына радио сөзі... Салқын ғой. «Табиғаттың бермесін тартып аламыз!» — деп әкіреңдеуші еді сонау Совет кезіндегі найсаптар.

Енді «жаңа байлар» — жабайы капиталистер Құдайдың күллі халыққа арнаған несібесін бас-басына жекешелендіріп алып, нәрлі суды сүліктей сорып жатса, нәрлі су таусылмағанда қайтеді?!

Ақырзаман боларда су тартылар,

Қарап тұрған жігітке қыз артылар, — деп еді баяғыда бір ақын. Сол айтқаны келді ме?! Әулие екен ғой, жарықтық.

Әй, ұқсайды, ұқсайды.

Бір кем дүние.

Ұрпақ

Жаманнан жақсы туады,

адам айтса нанғысыз.

Жақсыдан жаман туады,

бір аяқ асқа алғысыз.

Халық даналығы.

Оның аты Сапарқұл еді. Енді оған «шолақ» деген анықтама қосылды. Өйткені бұл ауылда тағы бір Сапарқұл бар болатын.

— Ой, Сапарқұл туралы газетке жазыпты, — дейді біреу.

— Қай Сапарқұл? — деп сұрады енді біреуі.

— Шолақ Сапарқұл.

О басында ол шолақ емес еді, ұлы жаһан соғысы кезінде, Ленинград түбінде жаудың снаряды оң қолын топшысынан жұлып кетіп, содан бері «Шолақ Сапарқұл» атанды.

Жарықтық жақсы кісі еді, мүгедекпін деп жатып алмай, аянбай жұмыс істейтін. Колхоздың қойын бағатын. Майданда ғана емес, еңбекте де батыр еді.

Сол Шолақ Сапарқұл бір күні маған келіп:

— Інішек, сенің орысшаң бар ғой, маған орысшалап арыз жазып бере қойшы, — дегені ғой.

Сөйтсе, Шолақ Сапарқұл о басында І топтағы мүгедек ретінде ақша алады екен. Соңғы кезде қайтадан комиссияға салып, сол комиссия оны ІІ топқа түсіріп тастапты.

Содан отыра қалып, сол кездегі СССР Жоғарғы Кеңесінің бастығы Ворошилов жолдасқа Шолақ Сапарқұл атынан арыз жазайын.

Тәңір жарылқағыр, сол хат Ворошилов жолдастың қолына тиіп, І топтағы мүгедектігін қалпына келтірген ғой.

Бұл заманда Ворошилов жолдас та жоқ, Шолақ Сапарқұл да о дүниеде.

Шолақтың немересі бар. Құдай сорлатқанда, маскүнем. Және мен тұратын үйдің іргесінде, көрші. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деуші еді. Мынау ондай болмай шықты. Өзі ылғи мас болып алып үйінде жатады.

Тура менің жазу жазып отырған бөлмемнің тұсына әупілдетіп, арсылдатып есектей итін байлап қояды. Ол ит көбінесе аш болады. Есі дұрыс-ау деген келін көрінбейді. Ит аз болғандай, байлаулы есек ішегін тарта ақырады. Жемі таусылған тауықтары қақылықтайды да жүреді.

— Шырағым-ау, мал-жаныңа қарасаңшы, мазаны алды ғой, — десем:

— Мазаңды алса, көшіп кет,— деп дүрсе қоя береді.

Көше салу оңай ма, қайда сиясың? Баспадан, шартқа отырып, азын-аулақ тиын-тебен алып едім, кітабымды бітіре алмай қиналдым.

Бір күні таң құланиектене далаға шықсам, әупілдек төбетті жетектеп, әңгі есекке мініп алып, ақ киімді кісі кетіп бара жатыр екен, ақ шапанының оң қол жақ жеңі желбірейді.

— Апыр-ай, мына кісі баяғы Шолақ Сапарқұл емес пе?— деп аң-таң қалып, қасына жақындай бергенім сол еді, әлгі ақ киімді кісі лезде ғайып болды.

— Сенің мазаңды алмасын деп едім, — деген дауыс шықты. Жан-жағыма қарасам, ешкім жоқ. Күн жұма еді. Үйдегілерге айтып, шелпек пісіртіп, бір тоқтыны сойғызып, көршілерді шақырып, құдайы тамақ бергізіп, мешітке барып әруақтарға арнап дұға оқытқызып, Шолақ Сапарқұлға деп бір рәкат намаз оқып, көңілім жай тапқандай болдым.

Бір кем дүние.

Диоген

Баяғыда Диоген есімді атақты оқымысты, философ кісі өмір сүріпті. Бір қызығы, ол теңіз жағасында бөшкенің ішіне кіріп алып, құйрығын күнге қыздырып жатады екен. Сондай бір кезде оның атағына тәнті болған, жарты әлемді жаулап алған жаһангер Александр Македонский — біздіңше Ескендір Зұлқарнайын сол Диогенді әдейі іздеп келіп, сәлем бермекші болыпты.

Сөйтсе, Диоген әдетінше бөшкенің ішінде құйрығын күнге қыздырып жатыр екен. Александр Македонский өзінің Буцефал деген тұлпарының үстінде тұрып:

— Диоген! Саған сәлем беріп тұрған Ескендір Зұлқарнайын! — депті.

Сонда Диоген бөшкенің ішінде теріс қарап жатып:

— Ескендір Зұлқарнайын болсаң кәйтейін. Күннің көзін көлеңкелемей, былай тұршы, — деп айтты дейді.

Атағы жер жарған Ескендір Зұлқарнайын не дерін білмей, абыржып қалса керек.

Қант пен қораз

Атақты философ Кант Шығыс Пруссияда бір кісінің үйін жалдап, өзінің даңқты еңбектерін жазып жүрген кезі екен.

Бәрі жақсы-ау, бірақ әлгі үйдің айдары қып-қызыл қоразы бар екен. Қожайыны сияқты қораз да тиянақты. Мекіштерін ренжітпейді. Таңсәріде, күн сәскеде, бесін кезінде, намазшамда, не керек, өзінше тиесілі мерзімінде зор даусымен айқайлап тұрады екен.

Бірақ бұл дауыс философ Канттың мазасын май ішкендей қылады. Жазу жазып отырғанда, яки өмір туралы терең ойларға кеткен кезде ойын бөле береді ғой.

Кант қораздың иесіне жалынып:

— Мына бәленің көзін құрт. Маған жұмыс істеткізбейді, — дейді ғой.

Бірақ қожайын неміс емес пе:

— Жазығы жоқ қоразды қалай құртамын, — деп көнбей қойыпты.

— Онда не мен тұрамын, не қораз тұрады, — дейді философ.

— Өзің біл, — дейді қожайын.

Атақты философ қоразға бола басқа жаққа көшіп кетіпті.

Бір кем дүние.

Біздің ауылдың келіндері

Үйдің балконы Тәңіртау жаққа қарайды. Сол балконда келесі әңгіменің жайын ойлап, қарлы шыңдарға қарап, қаперсіз отыр едім... Көшеде ақ орамалды, қызыл көйлекті бір келіншек өтіп бара жатып, маған иіліп сәлем салды.

— Рахмет, айналайын, Құдай тілеуіңді берсін, — дедім. Бейтаныстау екен:

— Кімнің келінісің? — дедім.

— Аллаберген атамның, — деп жарқылдап жауап берді.

Мен ойланып отырып қалдым.

«Қай Аллаберген? Бұл ауылда Аллаберген деген бар ма еді?»

Отырып-отырып, ондай адамды таба алмадым. Кейін білсем, өзіміздің аталас ағайын Құдайберген екен.

Қазіргі заманның келіндері қайын ата, қайын аға, қайын ене, абысын-ажын дегендерді сартылдатып, бадырайтып өз аттарымен атай беретініне құлақ үйреніп кеткен.

Ал мынау тосын жаңалық. Бұл заманның белсенді қатындары «гендерлік саясат» деп басыңнан асыра дүңкілдейтін дәуірде... Бұрынғылар еске түсе кеткені...

***

Ауылдың сыртынан шырылдаған дауыс естіледі. Құлақты елең еткізеді.

— Ата, ата! — деп айқайлайды әлгі дауыс, — Ата, ата!

Сылдыраманың бер жағында,

Сарқыраманың ар жағында

Маңыраманы ұлыма жарып кетіпті.

Жаныманы білемеге жанып-жанып, тез әкелсін біреу, — деп шырылдайды әлгі жаңа түскен келіншек.

Қазіргі қазақ мұны түсінуі үшін мынандай сөздік керек:

Сылдырама — қамыс,

Сарқырама — өзен,

Маңырама — қой,

Ұлыма — қасқыр,

Жаныма — пышақ,

Білеме қайрақ.

Сонда бұл жаңылтпаш неге керек болған?

Сөйтсе, әлгі жаңа түскен келіннің:

Қамысбай деген атасы бар екен,

Өзенбай деген қайнағасы бар екен,

Қойбағар деген қайнысы бар екен,

Қасқырбай деген тағы бір қайнағасы бар екен,

Пышақбай деген атасы бопты,

Қайрақбай деген тағы қақбас бар болса керек.

Міне, баяғы заман келіншегі солардың ешқайсысының көңілін қалдырмай, әдептен озбай, әруақтан аттамай, салт-дәстүрді сақтай білген адал жан ғой.

***

Ал әлгі «Аллабергеннің келінімін» деген айналайын сол баяғылардан аман-есен осы заманға жеткен құтты құс болар, сірә. Құдай тілеуін беріп, алдынан әрдайым ақ күн туа берсін.

Сірә, жаңадан түсетін басқа да жас келіндер осындай шығар.

Қайдам-ау, қайдам...

«Гендер! Гендер!» деп дүрсілдеседі...

Бір кем дүние.

Он екі айдың сұлтаны

Ораза — денсаулық кепілі.

Ораза — рухтың тазалығы.

Ораза — тозақтан қорғайтын қалқан.

Ораза — тілектің қабылдануы.

Оразада — ауыз берік.

Ауру — астан, дау — қарындастан.

Ораза — аштықтың не екенін білу.

Ораза айында дау-дамайдан, ұрыс-керістен, қиянаттан, зорлықтан, дөрекіліктен, ұрлық-қарлықтан тыйылған жөн. Әлдекім киліксе: «Аузым ораза», — де.

Ораза тек ашығу емес.

Ораза — жақсы мінез қалыптастыру. Тәрбиелі тақуа болу.

Бір кем дүние.

Аш бала мен тоқ бала

Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды.

Ол рас. Бала күнімде, әсіресе соғыс жылдары көп ашықтым. Соның салдары әлі күнге дейін білінеді. Ішек-қарныма гастрит дей ме, холецистит дей ме, әйтеуір, өңшең «иттер» толып кеткен. Мұның бәрі сол соғыс жылдағы ашқұрсақтықтың кесірі.

... Бастықтар кейде бір уыс, жарым уыс талқан береді. «Бірақ итке сүйек тастағаның қайырымдылық емес. Өзің де аш отырып итпен сүйек бөліскенің қайырымдылық» (Дж. Лондон).

«Қайыр берген қол бата берген ауыздан артық» (Ингерсолл).

Құдықтың басында бір ит шөлден өлейін деп жатыр. Жеңіл етек, жезөкше әйел туфлиіне жіп байлап, құдықтан су алып беріп, итті өлімнен алып қалады. Осы жақсылығы үшін Құдай оның барлық күнәсін кешеді.

Сонда да бір кем дүние.

Ақсұңқар қайда

Қарақұс жемін басып жейді. Ақсұңқар жемін шашып жейді.

«Ухуд тауындай алтыным болса, алдымен қарызымнан құтылар едім. Қалғанын жанымда үш күннен артық ұстамас едім», — дейді Пайғамбар хадистерінде . Рас па, жоқ па, бір Алла біледі.

Ал қазіргі байлар – аждаһа, түйені түгімен, кемені жүгімен жұтса да тоймайды.

Мұнай теңізі жұтылып жатыр.

Темір мен мыс, алтын, күміс...

Төбеден төмен қарай төгілген байлық мұртты жағалай ағады, ауызға түспейді.

Түспесе түспесін. Халық аман болсын. Ел бар болсын.

Бір кем дүние.

Ұрпақсыздар ұмытылады

Ұрпақсыздар ұмытылады. Өмір заңы солай.

Мен ес білетін кезден бері ауылда талай адам ұрпақсыз қалып ұмытыла бастады.

Мысалы, жақын ағам Нәметқұл. Темір ұстасы еді. Зергер еді. Екінші жаһан соғысының жауынгері. Жалғыз ұлы Байбосын ерте кетті.

Нәметқұлдан ұрпақ қалмады. Ауылдағы үйде ол соққан темір қысқаш қалған еді. Қазір бар ма, жоқ па білмеймін.

Бегалы деген туысқанымыз тал-дарақ өсірген орманшы екен. Соғыс жылдарында орман таусылды. Жалғасы жоқ. Аты ұмытылған. Оның ағайыны Мәмбетәлі де сондай. Енді өзім ше? Жалғыз ұл 50 жасқа келді. Баласы жоқ. Сонымен тұқым үзіле ме? Құдай Батырханнан тараған ұрпаққа ғұмыр берсін! Сонда Мұртаза аты өшпейді.

Ал менен кітаптар қалар. Олар ұрпақты жалғастыра ала ма?

Бір кем дүние.

Күміс қоңыраулы еліктер

Бұл әңгімені жазу үшін алдымен Санжар Асфандияровпен сөйлесу керек. Ал оны табу қиын. Тағдыр оны қай жұлдызға апарып қоныстандырғанын оның өзінен басқа кім біледі? Аспан әлеміндегі рухтар ішінде Сталиннің оғынан о дүниеге аттанғандардың санын біліп болмайсың.

«Қай жұлдыздасың Санжар аға? Ертедегі қазақ тарихын қалай жазғаныңды білейін деп едім. Соның ішінде менің туған жерім – Мыңбұлақ туралы да айтыпсың».

Санжар аға тіл қатпады. Іздеп жүріп ол жазған кітапты әрең таптым.

Батыс Түрік қағанаты туралы айтылған еңбекті табу қиын. Қазір ондай құнды кітапты қайта басып шығаратын баспа да жоқ па, білмеймін.

Әйтеуір, іздеп жүріп, сұрап жүріп, жалынып жүріп әрең оқыдым-ау… Қасиетті, күн дидарлы Мыңбұлақ туралы, ондағы күміс қоңыраулы еліктер туралы… Бар екен!

… Біздің осы күнгі Түлкібас деп жүргеніміз шынында Түркібас. Батыс Түрік қағанаты кезінде Хан ордасы болған.

Сол Хан жаз жайлауын Мыңбұлақта (яғни қазіргі Жуалы) қоныстайды екен.

Санжар Асфандияров өз кітабында ерте замандағы, жетінші ғасырдағы Қытай саяхатшысының әңгімесін келтіреді. Саяхатшы, монах Сюан Цзин Тараз шаһарының оңтүстік-батысында, алпыс фарсах жерде Мыңбұлақ деген өлке жатыр. Ит мұрны батпас қалың орман. Ханның күміс қоңыраулы еліктері жайылып жүреді екен. Оларды өлтірген адам дарға асылады екен дейді…

Қазір сол Мыңбұлақта ол орман жоқ. Ең соңғы қалдығы өткен сұрапыл соғыс жылдарында отқа жағылып кеткен.

Сол Мыңбұлақтағы менің жерлестерім, кім біледі, сірә, сол қара орманды қалпына келтірер…

Кім біледі, біздікі арман, қиял ғой. Ал бәлкім, ондай есті ұрпақ табылып та қалар.

Бір кем дүние

Бостандықтың атына мін!

«Алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ер құлдықтан, әйел күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие болмайды!»

Бұл халді Әлихан Бөкейхан “Қыр баласы” деген бүркеншік атпен баяғыда жазып кеткен. “Қазақ әдебиеті” газеті оны 1996 жылы көшіріп басқан.

Сол Бостандықтың атына шындап міндік пе екен? Онда неге Балқаштың жағасынан сонау батыстағы Азғыр, Капустин Ярға дейін созылған полигондар әлі күнге дейін тұр? Бүйірден қадалған қанжар емес пе?!

Бір кем дүние.

Киелі кіндік

Ертеректе қазақтар мемлекеттің орталығын, яғни астанасын кіндік қала деп атаған. Демек, ол бас қала деген сөз.

Ал адам кіндігінің маңызы қандай?

Анасының құрсағында жатқанда бала кіндік арқылы шешесімен жалғасып жатады. Әулие ақын Шәкәрім:

Кіндігімді кесіп қинағанда

Анамнан кеттім алыстап, — дейтіні сондықтан.

Адам организміндегі ең асыл мүше. Оны жалаңаштап жүру — әсіресе, бойжеткен қыз балаға, болашақ анаға шексіз күнә.

… Автобус лық толы. Орындықта отырған сақал-шашы аппақ қудай қария кісінің қарсы алдында тұрған бойжеткен… Жалаңаш кіндік… Адамдар лықсып итергенде әлгі қарттың ауызына барып тірелді. Сонда ақсақал әлгі қызды дәл кіндігінен түйіп кеп жіберді.

Не болды?!

— Найсап! — деді. — Бала көрмей өтесің! — деді.

Сірә, айтқаны келетін шығар.

Мұндай қасіретке ұшырайтын әлгі байғұс қана ма екен?

Көп қой! Батыстың имансыз қылығына еліктеген ессіз көбелектер! Тозақ отына күйеді-ау…

Соны сезбейді ғой.

Қоғам қайда?

Ата-ана қайда?

Мектеп қайда?

Обал болды ғой.

Бір кем дүние.

Иман байлығы керек

Кедейді бай ету — сауап. Осы соңғы жиырма жылда талай-талай түсініксіз нәрселер, яғни жоқтан бар болып, кедейліктен бір-ақ секіріп бай болғандар көбейді.

Ал, бірақ байлығына сай иман көбейді ме? Өте сирек. Ілуде біреу. Олар ертегідегі бақа сияқты. Бастарына бақ қонады. Құс патшасы бүркіттің өзі барып оларға сәлем береді.

Сөйтсе де кедей бай болсам дейді. Бай құдай болсам дейді. Кесір-кесапаттың түбірі осы жерде жатыр.

Бізде дәл қазір осындайлар көп. Имандылар аз.

Ал енді азды көп қылу… Біз, қазақтар, әлі азбыз. Көбейетін ретіміз бар ма? Патша айтты, таяу жылдары жиырма миллионға жетеміз деп. Әлі сегіз миллионбыз. Шетелдегілерді қосқанда он екі миллион сияқтымыз.

Өсіп-өнудің бал-бұлағы ауыл еді… Ауыл да ақырзаман амалын үйреніп алды. Баланы құрсағында жатқанда құртады.

Абортқа тыйым салатын заң керек. Ол да адам өлтірумен бірдей. Жазасын алсын!

Ертеректе бойдақ салық деген болушы еді… Қазір жоқ білем. Бірақ бойдақтың да бойдағы бар. Әуелі себебін анықта.

Азды көп қылудың амалы: әуелі халыққа жағдай жаса. Көп жастар үйсіз-күйсіз.

Көп балалыны барынша көтермеле. Он бала, одан да көп табатындар бұрын көп еді. Заман өзгерді, өмір өзгерді. Халықтың басынан неше алуан зұлматтар өтті. Көп қырғыншық, ашаршылық, геноцидтер болды.

Дәл қәзір бейбітшілік, біршама түзік заманда, дана халық болсаң көбеюге тырыс.

Кім біледі, алдымызда әлдеқандай заман бар.

Алладан рахым тіле!

Әйтсе де Жасаған ием жақсыларға иман мен данышпандық қасиет берсін.

Бір кем дүние.

Асыранды кірпі

Батыстың телехабарларына қарап отырсаң — не жоқ, бәрі бар. Соның ішінде жабайы аң-құстар, жан-жануарлар туралы арнайы бағдарлама, арналар да бар.

Біз үйренер бір қасиеті – үйсіз, күйсіз қалған ит, мысық сияқты мақұлықтарды қорғайтын қоғамдық ұйымдар жұмыс істейді.

Ал енді біздің жақта тәртіп сақшылары көшеде бұралқы ит көрсе атып тастайтынын көргенбіз.

Ертеректе, Мәскеуде оқып жүргенде, Виктор деген курстас жолдастың үйінде асыранды кірпіні көріп таң қалғаным бар. Сөйтсе кірпі қандала, тарақанға қырғидай тиеді екен. Қабырғасы қарағайдан соғылған ескі үйлерде қандала, тарақан көп болады. Кірпісі бар үйге ондай қансорғыштар жоламайды екен.

Тікенектері тікірейген кірпінің сол Виктордың үйінде тәрелкеден сүт ішіп жатқанын көріп едім.

Кірпіні киелі деуші еді, рас шығар. Қандала, тарақандар тасыраңдап кетсе, ол да зиян.

Бір кем дүние.

“Хассақ” дейді…

Бала кезімде естігенім есімде. Біздің Мыңбұлаққа көршілес, Күркүреу су бойындағы қырғыздарға бара қалсақ:

— Иә, хассақ бала, — деп қарсы алар еді.

Кейін-кейін, жол түсіп Моңғолияға барғанымызда:

— Хассақтар келді! — деп құшақтасты.

Ал біздің тарихшылар, оқымыстылар әлі күнге дейін “қазақ” деген сөздің төркінін дөп басып айта алмай, әр саққа жүгіртеді.

Ау, сонда бізді бір заманда “сақтар” “сақ” дегені рас қой. Ал енді “хас” деген сөздің мағынасы “нағыз”, “анық”, “шын” дегенге саяды. “Сақ” сөзімен біріксе – хас+сақ!

Мына бізбен ежелден аралас-құралас қырғыздар, моңғолдағы дүрбіт, ұрыңқай, халха, ойрат, бұйрат, маңғыттар бізді “хассақ” десе, солар өтірік айтпайтын шығар.

Ақиқатын бір Алла біледі. Әйтсе де ежелгі көршілер бекер сөйлемес.

Сондықтан аузы түкті қазақтармен шатаса бермей, хассақ болған абзал шығар.

Бір кем дүние.

Тұңғыш тамшы

Көп кешікпей көктем де келіп қалар.

Есінетіп, есіртіп, ерікті алар.

Азан-қазан аспанның қоңырауы,

Жақсылықтан тұрса игі беріп хабар.

(Мұқағали).

Жаңбырдың тұңғыш тамшысынан жасыл жапырақ ді-і-ір-р ете қалды. Тығыншықтай томпақ, періште кеудесіне бозбала жігіттің қолы тұңғыш рет тиген қыз сияқты. Ді-і-ір-р…

Содан балконның жақтау теміріне тиген тамшыдан бір нәзік қоңырау зың-зың-зың деп ызыңдады да тұрды.

Жұбанбас, жылауық жауын. Қайта қуанбай ма… Жаңбыр басылып, күн ашылып, дүн-дүние жарқырап-жайнап шыға келуші еді… Зың-зың-зың…

Дүниеге адам баласы бір тамшыдан жаралып келген дейді. Тұңғыш тамшы. Бәріміз сол тұңғыш тамшыдан тарағанбыз. Қасиетті тамшы. Азбыз.

Бір кем дүние.

Еш пен кеш

Ұрылардың ұсағы түрмеде жүр,

Ұрылардың үлкені мінбеде жүр.

(М. Тазабеков).

Аса ірі айтыс ақыны Мұхамеджан балам дұрыс айтады: ұрылардың ұсағы бар, үлкені бар. Мысалы, өрмекшінің торына ұдайы шіркей ілінеді, ал сона, ара сияқтылар торды үзіп шығып кете береді.

Осыдан он бір жыл бұрын, 1997 жылы, «Егемен Қазақстан» «Шерханға хат» айдарымен Камал Смайыловтың «Өтпелі кезең өкіндірмесін» атты мақаласын жариялады. Оған мен жауап ретінде «Жемқорлық, ұрлық-қарлық, парқорлық, қылмыстың бір түрі бар жалақорлық» деген хатты жарияладым («Егемен Қазақстан», 1. 10. 1997).

Содан бері де он бір жыл өтіп барады. Өкімет жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлықпен күресті енді-енді бастап жатқан сияқты. «Қойын алдырып, қорасын бекіткенсіп» жатқан сыңайы бар.

«Ештен кеш жақсы» деген-ау.

Бір кем дүние.

“Ов” пен “ев”

Осыдан он жеті жыл бұрын “Егемен Қазақстан” газетінде менің фамилиям “Мұртаза” болып жазылды, “ев” алып тасталды.

Дәл осы амалды Парламент мәжілісі енді қолға алып, заң қабылдап жатыр. Қара: “Айқын”, 8 қазан 2008 жыл.

Бұған да шүкір.

Әлі де “ов” пен “ев”, “ин”, “ич” дегендер маңдайларына тушьпен жазылғандай, өмірі кетпейтін таңбалар көп. Арада ұрпақ өтер. Келер ұрпақ тазаланар.

Баяғыда еврей халқы перғауынның құлдығына түсіп, одан әулие Мұса пайғамбар құтқарып, құлдықта болғандар өмірден өтіп таусылғанша, еврейлерді қырық жыл бой шөлдің ішімен алып жүрген.

Жаңа, жас ұрпақ дүниеге келгенде Мұса пайғамбар оларды Палестина жеріне қоныстандырып, Израиль мемлекетін құрған ғой. Бәріне төзім мен ақыл керек.

Бізге де таза, құлдық көрмеген ұрпақ келер.

Бір кем дүние.

Жарымжан жалған дүние

Міне, сарыала күз келіп, кәрі құдаң қыс та таяп қалды.

Әскери мекемелер күзгі маусымда жасы жеткендерді әскер қатарына шақырып жатыр. Біздің тұқымның таразыға тартылар шағы бұл. Оған дейін ірілі-уақты аралас дүниеде сезіле бермейтін кем-кетік осы жерде әшкереленеді.

Әскерге шақырылған жастардың 80 пайызы жарамсыз. Көбісі жарымжан, бойы аласа, ергежейлі ұрпақ өсіп келе жатыр. Салмағы бір тоқтының салмағына да жетпейді.

Кешегі өткен Махамбет батыр-ақын:

— Өтемістен туған он едік,

Онымыз атқа қонғанда,

Жер қайысқан қол едік… —

демеп пе еді?!. Қайда қазір “адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, атқан оғы Еділ-Жайықтан тең өткен” ерен ерлер?!

Біздің Айша бибі ауылында кешегі ер Байзақ датқаның ұрпағы, ерен көкпаршы Нәби бауыр жергілікті көкпаршылар командасын құрып, талай жерде жарыстар ұйымдастырып, сайдың тасындай батыр, балуан жастарды тәрбиелеп жүр. Дүниежүзілік олимпиада ойындарының жеңімпазы Мұхтархан Ділдәбек батыр көкпаршылар жарысын бастап, жақсы үлгі көрсетіп, тағы бір ерлік жасап жүр.

Үміттің оты осыларда. Олар аз.

Жақында баспасөз сонау Канададан таза тұқымды бұқалар жеткізілгенін хабарлады. Малдың тұқымын тазартқан жақсы.

Ал азыңқырап бара жатқан адам тұқымын, ұлт генофонын қалай жақсартуға болады? Денсаулық сақтау деген сала осыны ойлай ма? Ойлайтынын білмеймін, айтады. Бірақ дәрменсіз.

Қалай болғанда да мемлекет тұғыры мызғымастай бекем болуы үшін өкімет те, үкімет те, жалпы әлеумет қазіргісін, болашағын ойлап, ұрпақ тазалығын ерекше қолға алғаны абзал болар еді.

Оны ойлап, отан сүйер әрекет қылатын қайраткерлер қайда?!

Бір кем дүние.


Пікірлер (1)

Маржан

Шерхан атамыздың жаны жәннәтта болсын! Артында қалған ұрпаққа осындай керемет үлгі-өнеге тастап кеткен

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар