Көкшетауда бір болған кісінің бұл өлкеге қайта айналып соқпауы мүмкін емес. Көргеннің көзін жаулап, есіткеннің құлағын елеңдетіп есіл-дертін алып ынтызар ғып бітетін өлке. Әне бір ілгері заманда Арқаның аң иығы — сал ақын осы өлкенің басы мен аяғын әнге елтіп, той-думанға қарық қып дәурендеп жүрген шағында: «Жер шоқтығы Көкшетау» деп, туған жеріне сонша сұқтанғаны тегіннен-тегін емес-ті. Адам баласы мекен еткен ай мен күн астында бір кезде салдар мен серілер думан құрған осы кербез сұлу Көкшетаудың қасына қысылмай барып иықтасып қатар тұрып, сәні мен сұлулығын салыстырар басқа бір өлке, әй, қайдам, табыла қояр ма екен? Табылса да ілуде біреу болар-ау! Сұлулықтың ел аузындағы аты біреу болғанмен әсері әр түрлі. Сұлулық та қысқа күнде қырық құбылатын көңіл шіркін сияқты адам болған адам бойында, ет пен тері арасында жүретін аумалы-төкпелі сезім. Қаршадайымыздан құлағымызға сіңген исі қазаққа белгілі бір қағидаға құлақ ассаң, тіпті «сұлу — сұлу емес, сүйген — сұлу».
Шынында да, сұлулық жөнінде бар кез, бар дәуірде барша жұрт түгел мойындаған ақиқат кесім бар ма? Не бір хас сұлудың жанынан шайтаны селт етпестен өтіп жүріп, кейде сенен басқа бір жан назар аудармайтын күйкентайдай ғана шүйкебас біреуге көзің түскенде тыныш жүрегің дір ете қалатыны не? Не қылса да нақсүйерде мін болмайтыны рас болғаны ғой? Бәсе, сен туған анаң сияқты туған жеріңнің мінін көресің бе? Үш ай шілдеде өрттей ыстық күні ертеден қара кешке дейін тас төбеңде күйдіріп тұрып алатын Арал өңірінің ағашсыз, сусыз ала тағанақ тап-тақыр даласы өзге жұрт үшін ит байласа тұрғысыз құба жон, қу медиен болса да, сол арада туып-өскен тел үшін осынау айдай әлемде онан асқан сұлу жер болуы мүмкін бе? Жаз бойы жұрттың зықын алып бітетін есірік жынды жел сел уф етсе де ала тағанақ жердің ақшаңдағы бұрқырай жөнелетін рахаты шамалы өңірдің, әсіресе, шілде айында шыжғырған ыстығы шекеңді шағып, ал қаңтардың ақ түтек бораны жан біткенді бүгежектетіп жіберетін қытымыр қаталдығына қарамастан, сен үшін сол шіркіннің жүзі неге шоқтай ыстық? Сыбағаңа тиген азғантай тірлікте тағдыр айдап сен қай жерде, қай ел, қай қырдың астында күнделікті тірлік қамын жеп күйбең-күйбең жүрсең де, өзгесі өзге, сіңірін созып шаршап талықсыған жалғыз атты жолаушыға таңдайын жібітер сыңар тамшы берместен безеріп жататын сол шаңдағы бұрқыраған сары бұйратты дала сәл есіңе түссе де құдды сен ана дидарын елестеткендей жүзің жылып, жанық жадырап қоя беретінін айт! Иә, қалай да, әйтеуір туған жерің түндігіне түтін исі сіңген ыстық ұяң сияқты ет бауырыңды елжіретіп тұратын бір қасиеті бар.
Қасиет демекші... жөн білетін кісілер сұлулықты көре білу де қасиет дейді. Демек сұлулық бар кезде құлын түгі сыртына теуіп: «Мені көр, маған қара, маған құмарт, қызықта, мауқыңды бас» деп, көзі бардың көзін арбап, көлеңдеп тұрмаған. Кейде о да кісіден жүзін жасырған ұялшақ ибалы қыздай тұла бойындағы көз жауын алар сұлулықты көзден тығып «мені таны, мені тап, ізде!» деп, сені әдейі шиырға салады.
Жөн білетін кісілер: «Жаман жер жоқ» дейді. Тек қай жердің де жақсылығын көре білу үшін кісі дәл сол арада туып-өскен перзенттің көзімен қарау керек дейді. Әрине, солайы солай. Ал, біз әңгіме еткелі отырған Көкшетаудың жөні басқа. Бұл ең бір енжар, салғырт кісіні де тұсынан өтіп бара жатқанда бір елең еткізіп, басын көтертіп алатын құдіретті жер, көлеңдеген көгілдір таулар бүл өлкеге қашан, қай кез, қай мезгілде келсең де тұла бойына көк торғынға малындырып алып, кісі қиялынан ғана жаралған тап бір хор қызы әлде аңыз, әлде ертегінің дәл өзінен сылаң беріп, жолаушы алдынан күлімдеп шығып тұрғандай. Бауырында мөлдіреген тұнық көл де тұсынан өтіп бара жатқан жолаушыға хас сұлудың қабағы астынан жарқ еткізіп тастаған жанарындай. Кірпік астынан қысқа бір қарап тартып алған қыз жанарындай, мына тұңғиық көлдер де жағалауында қол саласындай сыңсып өсіп тұрған бір қайың, бір қарағай, бір шыршаның ығына тасалана қалды. Сен қайран қаласың. Бірақ қайрылмайсың. Әлдеқандай бір асығыс шаруаң қамшылап, құйғытып ілгері тарта бересің. Көлеңдеген көгілдір тау да жуық арада қалыспайды. Қай заманнан бері жүрек түбінде саған арнал сақтаған сырын осы жолы қалай да айтып қалғысы келгендей. Белін жаңа ғана сіркіреп өткен жаңбыр суы шайған асфальтпен ағызып бара жатқан жолаушы көлігінің бір ана, бір мына жағына шығып, көпке дейін көз ұшында бұлыңдап отырады. Кейде, қырсық қылғанда, жолаушы алдындағы алақандай айнаға көгілдір бейнесін түсіріп, ту сыртыңды, ішіңді қыж-қыж қайнатып күлімдеп тұрып алғанда, қанша асығыс болсаң да, сен енді қиып кете алмайсың. Сылаңдаған сиқырына арбалып, жіпсіз байланасың да қаласың. Айдалада көлігің қаңтарылып, көзіңе түскен нәрсенің бәріне: көгілдір тауға, мөлдір көлге, сыңсыған жасыл орманға таңданасың. Түс пен өңнің арасында ақылың шатасып тұрасың. Түс дейін десең мынау тірлік болмыстың қолға ұстатқандай ақиқат бір шындығы. Өңіңде өз көзіңмен көріп тұрсың. Ал ақи-тақи өңім деуге... осынау көгілдір тау, күлімдеген көкшіл аспан, кілем түгіндей үлпілдеген көкмайса жер... Ең аяғы осынау иен дала үстін жаз бойы желпіп тұратын қоңыр салқын ескек желінде де кісі тәніне түрпідей тиетін бір қатқыл ызғар болсайшы.
Иә, маңдайында көзі бар кісі әсте таңданбай, тамашалап қарамай, сүлесоқ өте алмайды. Мен де осы өлкеге келген сайын ана жақтағы ақ соры бетіне шығып жататын алатағанақ Арал өңірін әрқашан есіме алып, адам мінезі сияқты табиғат мінезінің де бауырынан шыққанның бәріне бірдейлігі жоқ екен-ау деп ойлаймын. Адам сияқты табиғатта да алалық толып жатады. Табиғатта бір төлін шетқақпайлап ары итерсе, бір төлін бауырына тартып, барын соның аузы-басына тыққыштап тап болады. Мына қарашы, құдіреті күшті табиғат осы өлкеге ала-бөле ықыласы құлап, мейірленіп тұрып, Арал өңіріне тиесілі сыбағаны да қос шеңгелімен көсіп алып, түгелдей бере салғандай. Барын үйіп-төгіп беріп, қап түбін қағып алған табиғат сорлы Аралдың кезегі келгенде не тауып берерін білмей таз тақыр даланы ызғырық желі мен бұрқыраған будақ-будақ шаңдағының астында тұншықтырып кете берген сияқты.
Иә, шіркін, Көкше қандай сұлу! Бірақ сұлулықты тамашалау бар да, түсіну бар ғой. Салғырт көңіл, самарқау ойды жанына серік қып алған кісі сен табынған сұлулыққа тәйірі селт етеді дейсің бе? Тоғышарлықтың түйсіксіз кереңдігіне көңілі мен көзін тас қылып байлап алып, күнін де түн, түнін де түн ғып осы жарық дүниеде өзінің барын әлде жоғын біле алмай сүлесоқ жүретін самарқау. Оларға сөз шығын қылудың қажеті де жоқ. Тек осынау күндері ұлан-ғайыр Отанымыздың ойы мен қырында қара тері бұршақтап, күн-түн қатып жатқан осы заманның көзі қырағы, көкірегі ояу азаматтарына соңыра қауырт істен қолың босағанда Көкшенің күміс көлі мен көгілдір тауларына назар тіктеп, қайта бір қарашы демекпін. Сол өлкенің тілмен айтып жеткізе алмайтын сұлулықтың да жайшылықта жер бетіне жарыса шығып, сары тап қар астынан қылқан көбелек ұшыртып жіберетін бір құдірет күші бар демекпін. Рас, кісі көңілі қарлы қыстан қалжырағанда кейде көктем айының алғашқы жылт еткен шуағымен жер бетіне жарыса шығып, сары тан қар астынан қылтиып көрінетін нәп-нәзік балапан көкке де толқиды. Бірақ сен көзің шалған әлдеқандай гүлге, көбелекке желөкпе жасша таңырқай беруден тыйылын, Арқаның атақты әншілері, ақындары, сал-серілері аңызға, ертегіге айналдырып жіберген Көкшетаудың ғажайып көріністеріне сол Біржан, сол Ақан, сол Ыбырайдың көзімен тебірене бір қарашы. Сонда сен Көкшетаудың қалайша жер шоқтығы атанғанына түсінесің. Бұл жақтың тауларын кешегі шоқпарын сүйреткен заманда хан жиыны тараған сол анау Қаратау, Алатау сияқты атамай, құдды аққу балапаны — көгілдірше көз жауын алып, көк мұнар арасында көкшіл тартып тұратын осы бір хас сұлуларға ғана тән ерке сымбатты Көкшетауға бұнан басқа аттың дәл келмесіне көзіңді жеткізеді. Ал күн ашықта да, жабықта да көкшіл мұнарға оранған сәуле таулардың баурайында қарағай, қайың арасында мөлдіреп қана жататын тұңғиық көлдер, шынында да, күмістен құя салғандай. Бұнан басқа теңеудің қарағай арасында жанары жәудіреген көл келбетін дәл беруі мүмкін емес. Түбін аңғартпай тұңғиықтанып жататын шалқар көлдер шынында да «қырық мың жылқы су ішсе де лайланбасына » шек-күмәнсіз сенесіз.
Осыдан кейін жаз басында нөсерлеп төгіп өткен жаңбырдан соң осы өлкенің тас төбеңде шайдай ашылып, жарқырап тұратын көкшіл аспанына, шұғыла нұрын жер бетіне емірене төккен күніне, жұпар желіне, түу сонау алыс көкжиекте бір орында тапжылмай тұратын әлдеқандай үлпілдек аппақ бұлтқа да сіз әрқашан отты шабыт тұтанар алдындағы аруақты ақындарша тебіреніп, толғанып қарайсыз. Көкірегі қара тас боп қалған біреу болмаса хас сұлу ақындық өнерден құралақан кісіні де ақын жандандырып жіберетіні анық. Менің де осы өлкеге та лай келіп жүргенде тебіренбей қайтқан кезім болған емес. Қайта оралып келгесін де көп күндер бойына әлгі қиялдан ғана туғандай көгілдір таулы, күміс көлді сиқырлы сұлу өлке бір кездегі салдар, серілер өлкесі көз алдымнан кетпей көкірек түбінде шеріткен бір арманыңдай боп мұнартады да тұрады. Сосын жиі барам.
Былтыр барғанымда осы өлке көк егінге қақалып тұр еді. Жылдағы дағды бойынша биыл да басқа дақыл-дәндерден ерте пісетін арпа мен сұлыға орақ түсе бастапты да, ал Арқаның атақты ақ бидайының баданадай боп қауызын керіп тұратын дәні енді-енді толыға, мысық құйрықтана бастаған кезі-ді. Мезгілінің ертелігіне қарамастан масағы әлден ауыр тартып, алақанына салғанда анау-мынау емес, уысыңды керіп кететін қомақты екен. Бас алып қалған бидай дені әзір қауыз ішінде қоң жиып, бөккен көжедей бұртия бастапты. Біз жалғыз аяқ жолмен тіреліп тұрған көк егінді қақ жарып келе жатып, тұсымыздағы әйнектен оң мен солымызға көз саламыз. Бойында ылғал табы бар дала жолы шаңдамайды. Жел жоқ. Жеңіл машина астында зырқырап айналған рәзеңке дөңгелектер ғана іште үнсіз отырған кісілердің құлағына бал арасының ызылын әзер-әзер әкеледі. Арқа жақтың жаз бен күз айларының екі аралығында ғана өсетін дағдылы самал желіне сәл қимыл кірсе де, жаңағы дала жолының екі бетіндегі иін тірескен ұшы-қиыры жоқ егін суылдап шайқалып, теңіз бетін шалған ирек толқындай дән алған басы суылдап қоя береді. Ол былтыр еді. Ал, биыл келгенімде көгілдір таулар өлкесінің қай жерінде де егін орағы басталып кетіпті. Тек, әттең, күз басында он күн қатарынан құйып, жаңбыр жауыпты. Ұшы-қиыры жоқ егінге жаңа орақ сала бергенде көктен шүмектеп құйған жаңбыр жұрттың қолын жіпсіз байлап тастапты. Көзді ашып-жұмғанша миы шығып езіліп кеткен далада қыруар комбайндар белдеуде қаңтарулы аттай қаңқайып-қаңқайып тұрып қапты. Он күн, он түн үстінен сатырлатып жаңбыр ұрып бергенде соның алдында ғана жал-жал ғып жығып тастаған астықтар жерге жасталып қапты. Жылы жауын тездеткен күзгі көк жер бауырынан жеделдеп көтеріле бастапты. Енді бірер күнде құлатып тастаған әлгі егін астынан қаулап өскен көк шөптер шанышқыша түйреп тесіп шығып, сол бетімен кете барғанда, тіпті тістесіп алдырмауға қараған екен. Құдай оңдағанда қияңқы табиғаттың қырсығы тарап, күн ашылыпты. Жіпсіз байланып отырған жұрт жапырыла сыртқа шығады. Жердің дегдігеніне, су егіннің кепкеніне қарамастан астықты өңірге мың-мың комбайн, трактор, машинаны қаптатып жібереді. Сонан бері жанталасқан жұрт. Сонан бері бұл өлкеде бір де бір жан бел шешіп, дамыл алмастан астық үшін тағы бір ұлы шайқасқа білек сыбанып кірісіп кетіпті.
Иә, мынау шайқас! Нағыз ұлы шайқас! Бұнда да дәл бір ұлы мақсатқа бас тігіп, бақ сынаған жорық жортуыл үстіндегі сүргіндей халықтың арқа тірер азаматтары — ығай мен сығай ұл-қыздар екшеліп шығыпты. Самолеттен түскен бойда мен де астықты өлкенің осынау бір жан алып, жан бергендей қарбалас қимыл үстінде күйіп-пісіп жатқан шаққа кез кеппін. Олардың осы қазір өліп-тірілердей бон құйқылжып жүрген көңіл-күйі мені де арасына түскен бойда ағысына тартып үйірді де әкетті. Осыдан былай қарай қайда барсам да, кіммен тілдессем де, қайнаған еңбек майданында құйқылжып жүрген қыруар жандардың басындағы бір ой — астық, аузындағы бір сөз — астық. Арманы — астық. Үміті — астық. Күдігі де, қуанышы да — астық... астық... астық!..
Ара-арасында қырман басынан шыққан кісілерге кездесіп қаласың. Бұл күндері бетіне ұстара жүзі тимей, самайын сақал басып кеткен кісілер сөзге сараң. Ақтаған астықтың шаңы, қауызы басындағы үрпі-түрпі шашымен бетіндегі бар түгін қауып қалған. Кірпігіне дейін аң шаңылтақтанып, ұйқы қысқан көздің жанары әріден сығыраяды. Қырман басына әкеліп қойған мұздай суды мейір қандыра бір жұтып ап, арғы жағындағы астық ақтап, шаңдатып жатқан сарт-сұртқа қайта кіріп кетеді. Осы күндері қаладан келген кісіден олар сұрайтын бір нәрсе: ауа райы. Онда да осы айдың жиырмасына дейін жауынсыз ашық болады деген. Сол рас па?
Сен оның рас-өтірігін білмейсің. Бірақ өзіңнен жақсылық күтіп, жәудіреп қараған осы бір еңбекқор жандардың көңілін жұбатқың келеді де, «рас» деп бас изей қоясың. Ілгері күннің ауа райын алдын ала болжайтын кісілер жиырмасында жаңбыр жауады деп жұрттың жүрегін май ішкендей кілкілдетіп қойды. Күн әзір ашық болғанмен бұл жақтың ауа райында мәлім жоқ. Қазақ даласының зәрлі, суық бетінде, сонау Сібір жері шеткі отырған шопан үйінің іргесінен өтіп, малы, жаны аралас-құралас жатқан бұл өлкенің күзгі айлары тіпті қиқар. Жаз өтіп, күз кірді дегенше қыс ызғары үскірік демінен анық сезіле бастайды. Кей жылдары бұл өлкенің диқан бабасы жаз бойы жатпай-тұрмай жүріп, қара жерге қолдан егіп шығарған астықты орып алуға да мұрша бермей, қыс түсіп кететінін айт. Тегі, сірә, сұлу атаулының мінезін де (ол мейлі адам, мейлі табиғат болса да) келімге келе бермейтін тәкаппар қыңырлық болмай қоймайтыны ғой, ана қарашы, көгілдір таулар күлімдеген кербез өлкенің көк аспаны жаңа ғана қылау түспей жарқырап түр еді-ау. Бүгіндікке біртүрлі ерекше ықыласпен мейірлене нұр төккен күн де жер дүниесі Сібір жақта сирек ұшырасатын сары шуаққа кенелтіп тұрған-ды. Қырман басына бара жатып енді қазір қарасам... төбеден ауып бара жатқан күнге төменгі жағынан терліктей сұр бұлт шудасын созып барып қапты. Көңілге болмаса: әп-сәтте арқа беттен шығып ала қойған қатқыл жел де кісі денесіне ызғарлы тиеді. Көңілімдегі күдігімді басқа жұрттан анықтағым кеп, мен жалма-жан астық қызылдап жатқан қырманшыларға қарап едім. Олардың дәнеңемен ісі жоқ. Ертеден қара кешке дейін демалмастан сартылдап жатқан молотилка мен тау боп үйілген астықтың екі арасында күйіп-жанып жүр. Үсті-бастары шаң. Күнге күйіп түтігіп кеткен беті де шаң-шаң. Әсіресе, қасы-кірпігінен бастап, бетіндегі бар түгіне ақтаған астықтың қауыз-қабығы тұрып қапты. Тек менің көңіліме тікендей қадалып тұрған әлгі үрейді бөлімше меңгерушісінен байқағандай болдым. Екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей жігіт қарауындағылардың бір де бірінің ісіне ырза болмай ысқырынып жүр. Бір кезде ол астық тиеген машиналардың бұл арадан бірден жөнеліп кетпей, қырман басында әлденеге іркіліп тұрғанына ыза болды. Айқара ашып тастаған кабина есігінен сыртқа аяғын салбыратып жіберіп, бір-бір темекісін бықсытып, қаннен-қаперсіз отырған шоферларға қаны қайнап жүгіріп барды да, боқтап-боқтап ілгері жөнелтіп жіберді. Тырнадай тізілген машиналар ыңыранып тартып ұзай берді. Алдыңғы машина жоғарғы бұтақтарында қара қарғалар қонжиып отырып алған бір шоқ селдір орманның ар жақ басын айнала бергенде, бөлімше бастығы тағы айқайға басты. Бұл жолы кейінгі жақта кезек күтіп тізіліп тұрған бос машиналарға қолын сілтеп, бұйырып:
— Тұрмандар! Тез, тез тиеп алыңдар! Ана, қарғаларды қарашы... Осы шіркіндердің айналып-үйріліп ұшысы ұнамайды, — деді.
Біз бұған түсінбедік. Шеткерірек барып селтиіп-селтиіп тұрған бір топ кісі бір-бірімізге таңдана қарадық та, түкке түсінбеген соң ертеден бері астың қызылдап жатқан қырман үстінде қанаттары сатырлап, топ танып түйдек-түйдегімен ұшып жүрген қарғаларға көз салдық. Сыртымызға сөз шығармасақ та бәріміз де ішімізден: «қарқ-қарқ еткен беймаза сорлылар-ай! Сонша неге әбігер болады екен?» деп ойладық. Ана қарашы: өздерінің әншейіндегі ауыздары тыным таппайтын беймаза берекесіздігі. Қырман маңында ат айналым жерге дейін ағыл-тегіл боп жатқан астықты көрмей, мына берекесіз сорлылар бірінің аузында кеткен жалғыз түйір дәнге бәрі таласып, бақырып-шақырып, қылқындырғандай қарқылдап, сатыр-сұтыр қанат қағып, жер бауырлап ұшып барады.
— Бұлардың төбелеспейтін күні бар ма? — деді біреу. Байқаймын, бөлімше бастығының арғы жағында іркіп қалған бір сөзін түрткілеп сыртқа шығарғысы кеп тұр. Ал, бірақ... бөлімше бастығы басқа бір жайды ойлап тұрған сияқты. Суық сұр бұлт айнала бастаған аспанға қарап тұрды да, қарғалар ұшқан жаққа көз тастады. Қабағында қынжылған ажар бар.
— Өзім түйген тәжірибем бойынша, осы шіркіндер топтанып төмен ұшса, үш күннен қалмай жаңбыр жауады. Көре қал, үш күннен кейін жаңбыр жауады, — деді ол. Мен оған білдірмей аузымды басып күліп алдым. Кісі жаны қысылса — ырымшыл болады-ау, тегі. Түрі, тұлғасы қара жерге қолдан егіп астық шығарған диқан бабадан гөрі түйе балуанға келетін мына еңгезердей нар жігіт, Құдай біледі, былайғы кезде ырым-жырыммен ісі жоқ. Жұмыс кезінде қарауындағы кісілерге қатал, кейде тіпті тілі тиіп кететін өктемдігіне қарамастан, осы жұрт оны әділдігі мен адалдығы үшін жақсы көреді. Онымен аз ғана күн бірге болдым. Осы уақытта бір байқағаным: мына жігіттің көзге түсіп, ауызға ілігіп қалу үшін жұрт алдында жанын жалдап жатпайтын сабырлылығы. Егер сен осы жігіттен өзі жөнінде, өзі басқаратын бөлімшесі жөнінде білгің кеп, болмашы бірдеңені сұрай қалсаң болғаны, ол басын бауырына алып бір уыс боп жиырыла қалады. Сол кезде назарың басқа жаққа ауғанын байқаса, жып беріп тайып кетеді. Біз не сұрасақ та ол сүйегіне біткен сыпайылық па, әлде ынжық, жуастық па, кім білсін, әйтеуір бір ісінің шырайын шығармай кемітіп айтады.
Бұл күндері бізбен бірге болған совхоз директоры үнсіз тыңдап жүрді-жүрді де, бір күні шыдамады білем. Бірдеңені тағы да ықылассыз міңгірлеп келе жатқан бөлімше бастығының сөзін киіп кетіп, қолындағы машинкаға басылған бір бет ақпарды оның алдына жая сап:
— Я сен қателесіп отырсың. Я мына өз қолыңнан жасалған ақпарың қате! — деді.
— Кешіріңіз...
— Со да сөз бе екен. Жер түбінен келген кісіге шыныңды айтсаң қайтеді? Бұл да ойнап жүрмеген шығар.
Бөлімше бастығының сөзі осыдан кейін түзелді. Үнемі арғы жағында қырысы тарқамайтын бір ашу бойын буып, өз-өзінен бұлан-талан боп жүретін жігіт жаңағы сөзден кейін көрер көзге күрт өзгерді. Түйілген қабағы да жазылып, менің алдымда осыған дейінгі өзінің қылығынан қысылған кісіше көзін темен салып, күлімсіреп отыр. Үні де ұяң. Көзіне түсіріп киген көнетоз кепка астынан аңдаусызда бір қарап қойып, өздері үшін осы көздің ең қиын, ең ауыр көз екенін айтты.
— Әрине, біз де аяққа оралғы боп жатқан шығармыз?..
— Жо-жоқ, о не дегеніңіз. Сіздердің құйттай да салмақтарыңыз жоқ...Оны айтқанда... мен тек... тек..байқап жүрген шығарсыз, құрғақ күн аз. Қас қылғанда жиырмасында тағы да жаңбыр жауады деп тұр. Сол рас бола ма, қайтеді?.. — деп бөлімше бастығы қарғалар жаққа көз тастап қойып: — Жаңбыр мен жаңбыр арасындағы осынау азғантай ашықтарда жан аямай қимылдап, ағыл-тегіл астықты жинап алсаң деп жанталасып жатырмыз. Алдағы күннің ауа райы әлде қайтеді?.. Егін даласындағы астық көп болғанмен қашан оны орып, бастырып, тасып, қоймаға үйіп алғанша сенім шамалы. Сондықтан да, өз басым, осы бастан арық айтып, соңыра семіз шыққанды дұрыс көрем, — деді.
Біз ілгері жүріп кеттік. Басында мына дүңк-дүңк еткен томырық, дөкір жігітті ішім қаламаса да, түс ауа бере қоштасқанда оның уысыма сыймай, шеңгелімді керіп тұрған күректей қолын мен қатты-қатты қыстым. Аудан орталығына маңдай түзеп келе жатып, жол бойы жаңағы жігіт жайында ойладым. «Ат кісінескенше, адам тілдескенше» дедім ішімнен. Шынында да, орақ үстіндегі қарбаласта аттың жалы, атанның қомында асығыс-үсігіс жүріп, алым-берім тілдескеннің өзінде, бас кезде дөкірлеу көрінген жаңағы жігіттің бойында кісі сүйсінерлік қанша қажыр-қайрат, күш-жігер бар. Тірлік қамы үшін талпынғанда қолына іліккеннің бәрін бірдей тойымсыз өлерменденіп, қойны-қонышына тығып жүрген көрқап тоғышар емес. Мына жігіттің басында, шындасақ, сенің де, менің де тұтас қамымыз жатыр-ау. Ертеңгі күні еліміздің келешегін қапысыз ойлап, көсегесін көркейтер тірліктің тағдырын ұстайтын кісілер, міне осылар. Қайтсын, жасырған жоқ, барын - бар, жоғын - жоқ деді. Бір көрген бөгде кісіге бұдан артық не десін? Қиындығы мен күдігін де ашық айтты. «Балықшы — күнде арманда, егінші — жылда арманда» деген. Теңіз тірлігін аздап білем. Қысы-жазы көк теңізге тор жайып, толарсақтан су кешкен балықшылар күн сайын таңертең дара қайыққа мінгенде «бүгін балық талабы қалай болар екен?» деп ойлайды. Осы сауал жағада от басында ошақ бұтын ұстап қалған қатын-бала көкірегін де босатпайды. Сөйтіп балықшы бағын күнде сынаса, ал диқан баба жыл бойына сарылып, үздігіп жететін бір арманы — осынау көгілдір таулар елінің ойы мен қырын кернеп тұрған ұшы-қиыры жоқ астық.
Қара жерге қолдан егіп астық шығарған елдің кісілері құдды жас бала баққан ана сияқты екі қолы істен кетпейді. Күз басынан астығын орып, сыңар дәнін шашау шығармай жинап алғанша арман мен үміт екі жақтап омырауға алғанда, қай диқан түнде тыныш ұйықтайтын еді?! Тұңғыш рет дән шашуға шыққан күннен бастап, қашан қолынан әл кетіп, шөккен нардай от басында шоңқайып отырып қалғанша диқан бабаның қолы — істе, көкірегі — арманда, қиялы — көкте, үміті — жерде, жыл сайын көктем жылт етіп шығып, ала қанат қар жер сауырын жалаңаштай бастаған кезден жер шұқыған жандар биыл тағы дәнді дер кезінде шашсақ дейді. Сонан соң тыңайтқышты дер кезінде берсек дейді. Енді бір кезде көк егін жерден тышқан құлақтанып қылтиып көріне бастағаннан екі көзін көк жүзінен айырмай, бірде үміт, бірде үреймен еміне қарап күн ашық болса деп тілейді. Жаз бойы арам шөппен жағаласып жүргенде сирағы серейіп кісі бойына тетелесіп қалған егінді енді олар дер кезінде аман-есен орып алсақ деп тағы арман етеді.
Иә, диқанда арман көп. Қара жерге егін еккен халықтың ең үлкен арманы жаз ортасында жауған жаңбыр. Қашанда әр жылғы астықтың тағдырын июнь айында арасын ұзатпай, қатар жауған екі жаңбыр шешкен. Тап құлағым түбінен «Ғағақ!» дегендей болды. Жалт қарасам, бір топ қара қарға қанаты сатырлап жер бауырлап ұшып барады екен. Ақ сирақ сабандар түткен жүндей дода-додасы шығып шашылып қалған әудем жердегі астығы орылған аңыз үстінен у-шу боп ұшып өтті. Мына бәтшағарлар шынында да бір пәлені бастап жүрген жоқ па екен?!
Аудан басшысы Мәулет Каримовпен былтыр келгенде танысқан едім. Егін орағы басталар алдындағы толасқа тап келгесін бе, былтыр бұл кісі екеуміз бірнеше күн тақым жазбай бірге болып едік. Биыл бас изеп қана амандасуға мұршасы келді. Күн шығар-шықпаста ертелете келгеннің өзінде хатшы кабинеті кісіге лық толы екен. Бәрі асығыс бас сұғып қайта шығуға ғана кірген сияқты. Ас-суы, ұйқысы шала кісілер хатшы столына жан-жағынан ентелей төніп тұр. Қанша асығыс болса да хатшы сөзін бөле алмай, шарасы құрып, сағатқа қарай береді. Шыдамсыз біреуі: «Енді қайттік? Қырманда астық үйіліп қалды. Машина... машина жетпей жатыр», — деп күңкілдеді.
Мен бас сұқтым да, қайта шықтым. Хатшы соның арасында әлдекімге телефон соғып: «Комбайн дейсің бе?.. Алло, алло, комбайндарды бір сағат та кідіртуге болмайды. Жиырмасына дейін астық бастырғаннан басқа ештеңеге алаң болмаңдар», — деп жатты. Биылғы астықтың қиындыққа түсетінін басшы алдынан да ішім сезіп шықты. Қанша жүргенімізді кім білсін, бір кезде еңсемді тіктеп, сыртқа көз салсам астықты бір алқапқа кеуделеп кіріп қалыппыз. Біздің алдымызда астығын әлдеқашан орып алған аңызды қара қыртысын аударып, қайтадан жыртып тастапты. Қап-қара топырақтан бозақ бу ұшады. Біз ілгері тарта бердік. Володар ауданы алыс емес сияқты. Оң жағымыздан мұнартып бір әдемі тау көрінді. Тау мен біздің арамыздағы ылдида тұман ба, әлде ылғал алған шөптен көтерілген бу ма, әйтеуір ұйыған қатықтай аппақ бірдеңе іркілдеп тұр. Жол қапталында, зырлап аққан машинадан не қалып қоймай, не озып кетпей бір торғай ұшып-қонып шыр-шыр етеді.
Кенет көңілің сергіп, қарағаннан қарап келе жатып жүрегің жиі-жиі соғып, қуаныш күткендей боласың. Айнала төңірегіңе де сен енді сергек көз тастап, мына жарқыраған нұрлы күн, ашық аспан, көгілдір тауға ұзақ-ұзақ көз тігесің.
Кеше де самолеттен түсе сала Көкшетау аэропортынан машинаға отырып, тұп-тура осылай қарай келе жатқанда қашан арғы жағындағы көрші облыспен шектесіп жатқан шалғай шеттегі осы ауданға жеткенше небір жер шұрайын көрдім. Бетін су шайып, жылтырап жататын таспадай тартылған түп-түзу асфальт қандай. Машина төсін жазатайым бір кедір-бұдыр қақпай, мөлтілдеп ағады да отырады. Осыдан қашан Рузаев ауданына жеткенше мерзімі жетіп сарғайып піскен кісі бойы егінді құлатып тастап, қазір бүкіл халық жабылып, шетінен бастырып, шетінен тасып, қырман басы қып-қызыл бидай тауларына айналып, жұрт жан аямай жұлқынып еңбек істеп жатқан осынау ұшы-қиырсыз астық даласы сәт сайын өзгеріп, сіз күтпеген сұлу көрініс көз жанарыңды тартып алады. Бір таң қалғаным: осы өлкенің ең бір таңғажайып сұлу таулары мен көлдері асфальт жолдың үнемі сол жағынан ұшырасады да отырады. Қазақ жерге атты қызық қояды. Кейде құлқыннан шығып отыратын тапқырлығына таңданасың. Кейде күлесің: дәу де болса мына жерге атты әзіл-қалжыңы үзілмейтін күлдіргі бір қазақ қойды-ау деп ойлайсың. Көкшетау қаласының сырт жағындағы Бұқпа тауға тұсынан өте бергенде көзім түсіп еді. Шынында да, мына бәтшағардың бітімінде әңгүдік, аңқау баланың құлқы бар. Бой тасалайтын бұтасы жоқ, жап-жазық жерге жасырынбақ ойнаған баланың сөлекет бас бұққан аңқаулығындай мына Бұқпа тау жол жиегінде жон арқасы дөңкиіп қана жатыр екен. Оны артқа тастай бергенінде алдыңнан қыз емшек бір сүйір тау бой көрсетеді. Оның арғы жағында түйе өркеш - Айыртау бұлдырайды. Ал анау артта, алыста қалса да көк мұнар арасында көгілдірленіп тұрған атақты Көкшетау. Жон арқасын желкесіне дейін қайың-қарағай тас қып қымтап алған көгілдір таудың тұла бойында көз қарып, кісі сезіміне жазатайым қатқыл тиетін бір түрпісі болсайшы. Қыс бол, жаз бол, көзің түссе күн астында көгілдірленіп қана тұратын көкшіл реңіне көңілің тояттап, ширығып тұрған жұлын-жүйкең жазылып, арқа-етегің кеңіп қоя береді. Жалғыз Көкше емес, әлгі аталған таулардың бөрі де тұп-тұнық шербет суы мөлдіреген бір-бір әсем көлді жас жұбайындай бауырына алып, айнала төңірегіндегі ағайындас таулардан өз алдына оңашаланып отау тігіп алып жатқандай, жап-жазық жасыл далада оқшау-оқшау тұрып қалған сәнді әсем мүсін.
Жер шоқтығы атанған осынау көгілдір таулар өлкесінде өнерлі жастар, озық ойлы оқыған ғалымдар аз болмаған. Артта қалған Айыртаудың арғы жағында, Ақан сері әнге қосатын әйгілі Сырымбет бойында Шоқан Уәлиханов туып-өсті, жиырма үш жасында Россияның императорлық География қоғамына толық мүше болған қазақ халқының тұңғыш ғалымы — «Шығыс жұлдызы» — Шоқан аулына ол кездерде патша қаһарына ұшырап шетқақпай боп жүрген Дуров, Семенов Тяньшанскийлер жиі барып, сұхбат құрғаны белгілі. Ал, Сибирь айдауынан босанып қайтқан Федор Михайлович Достоевский еліне бара сала Петербургтен жазған хатында қиын кезде қазақ даласынан тапқан алыстағы жас досына: «Халқыңның көзі қарақты қамқоршысы бол», — деп берген ақылын жас Шоқанның осы Сырымбет бойында жүрегі дірілдеп тұрып оқығаны ақиқат.
Көгілдір таулар, мұнартқан осы мына астықты өлкеге қашан барсаң да, қанша барсаң да, әне бір ілгеріректегі кезі есіңе түседі. Бұл өлке қазір ағыл-тегіл астығымен, алтын дәнімен атағы шығып дабырайып тұрса, ілгері кездер, әнімен ажарлы болып еді. Иә, достар, он мен дән егіз қозыдай, бірінен-бірі жұбын жазбай халық аясында өсіп-өніп келеді. Ән мен дән — халық рухын аспандатып көтеріп, тарих бетінің биік қырқасынан құрметті орын әперетін ғаламат күш. Жә, жібін үзіп алған жаңағы ойымызға оралайық. Көгілдір таулар еліне келген сайын осы өлкенің өткен кездегі ұл-қыздары есіңе түседі. Әне бір кезде осы өңірде сұлу қыздар, сылқым жігіттер серілік, салдық құрды. Ел еркесі серілер — желмен жарысқан саңлақ жүйріктерді таңдап мініп, сәнді шапан киді. Көкшетауда — Біржан сал, Айыртауда — Ақан сері сияқты аты шулы ақын-әншілер со бір тұста Арқаның өнерлі жастарына ту болып, ел арасынан шоқтай екшеліп шығып еді-ау!
Анау Көкше, анау Айыртау, Сырымбет Арқа елінің ақын-әншілері «аққумен аспандағы ән қосып» өжет өр даусын көкке шапшытқан, жастың жәрмеңкесін дуылдатып өткізген жер. Ұлттың театры болмаған елге сал-серілер, үкілі Ыбырайлар рухани ұйтқы болып, көшпелі халықтың ылғи ән үстінде басын қосып, ойын-сауыққа қарың қылып тастайтын. Сол Біржан сал, Ақан сері заманында Арқа өн туын тіккен ел еді. Ұлан-байтақ қазақ даласына ән Арқадан тарады. Біздің жақтың көнекөз қариялары әлі күнге Арқадан естіп қайтқан әнін есіне алып, аңыз етіп айтып отырады. Арал өңірін жайлайтын біздің ел ол кездерде қыстың азығын күз басынан қамдап, балықшы ауылдың ер-азаматтары Қоңырат, Шымбайға, кейде осылай қарай бет түзеп Арқаға аттанады екен. Арқаға барған қалашылар түйе қомына теңдеп алып қайтқан қап-қап астықпен бірге Біржанның, Ақанның, Балуан Шолақтың, Ыбырайдың әндерін теңіз жағасына ала келетін еді дейді. Сонан бері қанша жыл өтті, ел жаңарды, жер жаңарды, бір ұрпақтың артынан құлқы, пейілі, тірлікке көзқарасы мүлде басқа тағы бір ұрпақ толқын-толқын боп келіп жатыр. Сонан бері бұл халықтың талғамы мен талабы өзгерді, санасына дейін жаңарып жатыр.
Халық ықыласы еңбекке ауып кеткен. Бір кезде ән туын тіккен Арқа елі енді міне, астықты бай алқапқа айналып, дүбірі алысқа естіліп тұр. Ол дүбір бұрынғы әннен де, бұрынғы даңқтан да қаттырақ та айбындырақ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі